Коммунистік Кеңестік Партиясы Орталық комитеті


ӘӨЖ 902:323. 23 (574) «1956/1991» Қолжазба құқығында
МУСАГУЛОВА АЙГҮЛЬ БОЛАТОВНА
Қазақстандағы идеологиялық цензура тарихы
(1956-1991 жж. )
07. 00. 02 - Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертациясының
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистратура және докторантура PhD институты гуманитарлық пәндер кафедрасында орындалған.
М. Х. Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университеті
Диссертация 2010 жылы « 26 » мамырда сағат 14. 00 - де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14. 15. 09 Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады.
Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Жамбыл көшесі, 25, мәжіліс залы.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің кітапханасында танысуға болады.
Мекен - жайы: Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 35.
Автореферат 2010 жылы « 26 » сәуірде таратылды
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы,
профессор М. К. Тулекова
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Диссертация цензураның міндеттері мен қызметінің тарихын Хрущевтік «жылымық» атты кезеңнен осы уақытқа дейінгі мерзімді қамтыған кезін зерттеуден туындады.
Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі. Саяси - идеологияның ерекшелігіне орай «жабық есік» саясатын ұстанған кеңестік тоталитарлық жүйе тұсындағы қазақ тарихын қайта ой елегінен өткізу арқылы жан -жақты зерделеу, тәуелсіздік алған дербес ел мүддесіне сәйкес келетін көзқарастар қалыптастыру, бұрын айтуға, жазуға рұқсат бермеген тұстарын екшелеп, ақиқатын ашып көрсету зерттеу жұмысының өзекті мәселесіне айналды.
Сталиндік тоталитарлық модель Кеңестер Одағында билік құрып, ондағы халықтарды қорқытып-үркітіп, үрейлендіріп, ұлттардың табиғи бейнесін жоюға тырысқан казармалық социализмді өмірге әкелді. Бұл тәртіп кезінде идеология басты рөл атқарды. Тоталитаризм кезінде саяси институттар тарапынан өндіріс пен экономикаға дара билік орнатылады. Осындай билік мемлекеттің барлық саласын, ағарту білім беру, ақпарат құралдарының тетіктерін де, өз қол астарына қаратып мықтап ұстады, оларға қатаң бақылау (цензура) орнатты.
Жалған интернационалистік қағидалармен қаруланған әміршіл жүйе өз саясатын жүргізуге лайықты, оны қолдап-қолпаштайтын жасанды идеологияның қызметіне сүйенді. Кеңестер заманында қазақ халқының ұлттық бет-бейнесі жан дүниесі, психологиясы өзгертіліп алғашқы рухани байлықтарынан, болмысынан ажыратыла бастады. Қазақ халқының дүниетанымына жат пиғылға толы "жаңалықтар" енгізіліп зиян келтірілді. Ұлттың табиғи болмысын еріксіз өзгертетін, оны біртіндеп білдіртпей тоздыратын әккі саясаттың идеологиясының күшімен халық санасына улы сына қағылды. Қазақ ұлтының тұтастығына дәнекер болып келген тіл мен дінге шабуыл жасалды. Ғасырлар бойы өмірлеріне рухани азық етіп келген мұсылмандарды дінінен аластату мақсатымен Кеңес үкіметі "Құдайсыздар қоғамын" құрып бұрын - соңды тарихта болмаған қиянатқа барды.
Цензураның қызметінің тарихын зерттеу тоталитарлық жүйеден демократиялық кезеңге өту кезінде, әсіресе бұрынғы КСРО-дан шыққан мемлекеттер үшін ерекше маңызды. Қазіргі демократиялық қоғамның дамып өркендеуі үшін цензура мәселесін зерттеудің саяси - құқықтық тұрғыдан алғанда үлкен маңызы бар. Бұған дейін тарихшылар өз еңбектерінде еліміздің әдеби-ғылыми дамуындағы саяси басшылықтың жеке қырларын ғана зерттеп келді. Жалпы алғанда, цензурамен айналысатын мекемелердің қызметі Қазақстанда әлі жан-жақты зерттелген жоқ. Сондықтан да бұл тақырыпты жаңа құжаттар негізінде кеңінен саралай отырып еліміздегі цензураның қызметін, тарихын зерттеудің маңызы ерекше.
Зерттеудің мақсаты - мемлекет құпияларын сақтайтын цензураның қоғам дамуының субъективтік-волюнтаристік және тоқырау мен қайта құру жылдарындағы қызметінің мәнін ашу, цензураның Кеңестік тоталитарлық (әміршіл-әкімшіл) жүйенің идеологиясын жүзеге асырудағы басты тетік болғандығын саралау.
Бұл тақырыпты зерттеудің негізгі қиындығы «цензуралық мұрағаттардың жаппай құпиялануы». Бұған қоса баспасөз туралы заңға сәйкес «Главлит» цензуралық құжаттардың орасан зор көлемін жойып жіберуі. 1990 жылы «Бас Басқарманың (Главлит) мұрағаттары туралы» құпия бұйрығы бойынша «Республиканың (өлкенің, облыстардың) партиялық және мемлекеттік органдармен іс-қағаз алмасуға» байланысты барлық істі «тұрақты сақталуға тиіс істер тізімдемесінен» шығаруға рұқсат етіліп, мерзімі үш жылдан артық сақтамау туралы уақытша мерзім бекітіліп, жергілікті органдардың басшыларына бұл істерді өз қалауы бойынша жоюға құқық берілді [1] . Осындай әрекеттің кесірінен тарих пен әдебиетке байланысты көптеген құнды құжаттардың басым бөлігі жойылып кетті.
Кеңестік цензура басынан бастап екі жақты саясат ұстанды. Бір жағынан заң бұзып шектен шығып кеткен жеке адамдар мен мекемелерді сот-әкімшілік жүйесі бойынша тәртіпке салатын заңдық өкілетті жол арқылы әрекет етсе, екінші жағынан жеке тұлғаларға қарсы «аса шебер идеологиялық қысым мен күш көрсету арқылы» арандату мен адам құқығын аяқ асты ететін қылмыстық жол да таңдап алынды. Кеңестік дәуірдің 70-жылдарына дейін созылған «қудалау» болмаса нұсқауға «жүгіну» [2] дәуірі халықтың ой-пікір бостандығы мен баспасөз бостандығының тұрпайы түрде бұзылуына әкелді. Қазіргі уақытта цензура мәселесін көтерудің теориялық және саяси-практикалық маңызы ерекше екендігі кездейсоқ емес. Зерттеушілердің алдындағы ең басты міндет ғылыми - әдеби ойдың дамуына қажетті билік пен шығармашылық интеллигенция арасындағы қажетті жікті анықтап, ажыратып беру. Бүгінде халқымыз басынан кешірген заман тарихының қатпарларын қалт жібермей, келешек ұрпаққа жеткізу тәуелсіздікке ие болған еліміздің тарихшыларының басты міндеті. Кеңес дәуірінде қалыптасқан цензуралық жүйе тоталитарлық режимге қызмет етіп, партиялық, мемлекеттік элитаның бір ғана мақсатын - «өзінің өмір сүру кезеңін шексіз ұзарту және үнемі өсіп отыратын қажеттіліктерін» қанағаттандыруға ғана жұмыс істеп келді [3] . Әрине, мұндай қалыпты жағдайда шығармашылық өркендеу мен еркіндіктің болмауы табиғи құбылыс еді. Сондықтан да кеңестік кезеңдегі цензураның табиғатын айқындау үшін, біздің зерттеу үшін таңдап алған тақырыбымыз аса өзекті мәселенің бірі болып табылады.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі. Автор үшін негізгі әдістемелік бағыттар тарихилық, нақтылық және логикалық бірізділік қағидалары болды. Зерттеу әдістемесінің іргесі мәдениеттің гуманистік, ақпараттық байыпталуы және саясатты адамдар мен институттардың өмір сүруі мен өзара қызметін реттейтін күш ретінде ғылыми - тарихи тұрғыдан социум аясында түсіндіру тәжірибесінде қаланады. Бұл құбылыстың күрделілігін есепке ала отырып, жұмыс барысында жүйеліліктің, қызметтің, институттану мен феноменологияланудың жалпы ғылыми қырларынан келу әдісі пайдаланылды. Тарихи - хронологиялық әдіс цензураның кеңестік механизмін қалыптастырудың негізгі деңгейлері мен заңға сыйымдылығын нақтылауға мүмкіндік берді. Салыстырмалы - тарихи тәсілді пайдалану мемлекеттік бақылау жүйесі түзілген Кеңестер Одағындағы цензура институтының қалыптасуының жалпы үрдісін талдауға көмектесті.
Жоғарыда көрсетілген тәсілдердің жұмыс барысында кең қолданылуы зерттеуде алға қойған мақсаттардың сәтті шешілуін мүмкін етті.
Тарихи және объективтік принциптер, жалпы ғылыми және тарихи талдаудың жиынтығы ретіндегі жүйелі көзқарас болып табылады. Диссертант үшін идеологияны адами тұрғыдан зерттеу, басты бағыт болып табылды. Жалпы алғанда автор тарихи ғылымның және тарихи жүйелілік тәсілдерін қолдана отырып зерттелуге тиісті тақырыпты тереңірек ашуға тырысты.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Аталған мәселенің өзектілігін, ғылыми практикалық маңызын және отандық тарихта толық зерттелмегенін ескере келіп, автор алдына цензураның әлеуметтік саяси құбылыс ретіндегі қоғамдық құрылысқа ықпалын, жеке ақын-жазушылар мен ғылыми интелигенция өкілдерінің еркіндігін шектеген әрекеттерін саралай отырып, оның қалыптасу тетігін анықтауды міндет етіп қойды. Цензураны әміршіл-әкімшіл жүйе тудырған идеологияның қолшоқпары екендігіне, оның қызметін талдау барысында айқындап, тарихи баға беру. Сонымен қатар жалпы ғылымдағы зиялы қауым қызметіне әсерін әрі оның зардаптарын ашу, яғни 1956 - 1991 жылдардағы цензуралық қысым тетіктерінің зияндылығын фактілермен дәлелдеу. Дінге сенушілерге қарсы жүргізген ымырасыз атеистік саясатының шектен шыққан үлгісін көрсеткенін дәлелдеу болды. Осы мақсатқа байланысты төмендегідей зерттеу міндеттері қойылды:
- кеңестік цензураның Қазақстандағы 1956-1991 жылдар аралығындағы қалыптасу ерекшеліктері мен еліміздің рухани өміріне ықпалын саралау;
- цензураның қоғамдық өмірге тигізген ықпалын оның негізгі жұмысының мазмұнын ашып көрсету;
- цензураның іс-әрекеттерінің негізгі түрлері мен атқарған қызметтерін талдау;
- Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеологиялық бөлімінің әдебиет пен ғылым саласындағы жүргізген саясатының зиянын саралап көрсету;
- Орталық комитеттің, Дін істері жөніндегі уәкілдіктің дін қызметкерлеріне, сенушілерге қарсы жүргізген саясатына баға беру.
З ерттеу жұмысының нысаны - саяси цензураның қызметі - республика тарихындағы осы уақытқа дейін сыңаржақ көзқараста болып келген күрделі мәселе. Бұл зерттеу кеңес өкіметі жүргізген цензуралық қасаң саясаттың сырын ашуға арналған. Мемлекеттің цензуралық қызметін жүргізуде халыққа жасалған қиянаттар мұрағат деректері негізінде жан-жақты зерттелген.
Диссертациялық жұмыстың ғылыми зерттелу деңгейі. Тақырыпты зерттеу барысы бізді көбінесе мұрағат құжаттарын мұқият талдауды және оны үнемі өзара салыстыруды қажет етті. Мұрағатта қалған құжаттардың көпшілігі біз зерттеп отырған кезеңнің шынайы оқиғаларды айғақтайтын фактілерді "құпия" маңызын сақтап берілмей отырған жайты бар. Осындай деректердің тапшылығына қарамастан зерттеу, уақыт талабына сай болуы үшін тиісті міндеттерді шешуде тарихи оқиғалардың шынайы бет - пердесін ашуға көмектесетін тәсілдер арқылы, деректердің мол қоры кеңінен қолданылып, ғылыми айналымға енгізілді.
Дереккөзі ретінде еліміздегі ірі мұрағат орталықтарының материалдары, ғылыми зерттеулер, мемуарлар мен естеліктер жеке адамдардың күнделіктері, зерттеліп отырған кезеңдегі одақ және республика басшылығында жауапты қызметте болған адамдардың партия съездерінде, конференциялар мен пленумдарда сөйлеген сөздері пайдаланылды.
Көркем әдебиеттер, жеке авторлардың естеліктері, хаттары мен шығармалары, өлеңдері және т. б. осы кезеңге қатысты құжаттар пайдаланылды. Зерттеу жұмысында пайдаланылған деректердің бір тобын сол кездегі мерзімді баспасөз материалдары құрайды.
Республика материалдары негізінде жазған - тарих ғылымдарының докторы А. Қапаеваның, тарих ғылымдарының кандидаты Б. Каипованың ғылыми зерттеуін ерекше атап айтуға болады.
Кеңестік Қазақстанның саяси цензура органдарының қалыптасуы мен сталиндік кезеңдегі қызметін зерттеген Б. Каипова өзінің «Қазақстанның саяси цензурасының тарихы» (1929-1956 жж. ) деген зерттеу еңбегінде, [4] цензураның КСРО - дағы саяси жүйенің ажырамас бөлігі болғанын, сол кезеңдегі цензураның барлық басылым өнімдеріне, әдебиетке, өнер мен ғылымға жасаған науқандық «сауықтыру» шараларының қалай жүргізілгендігін ашып көрсетеді. Автор цензураның большевиктік үлгілерінің Қазақстанда 1920-1929 жылдары тәжірибе ретінде қолданылғанын көрсеткен. 1930-1956 жылдар аралығындағы сталиндік цензураның мемлекеттік билікті бір адамның қолына яғни әміршіл-әкімшіл жүйені қалыптастыруға қызмет еткені сөз болады. Бұл ғылыми зерттеуде біз мақсат етіп қойған мәселелер қарастырылмаған, өйткені біздің зерттеу объектісі болған мерзім 1956-1991 жылдарды қамтиды.
Қазақстандағы кеңестік цензураның 50-80 жылдардағы қызметін, ұлттық шығармашылық интеллигенцияның тағдырын, жалпы мәдениет саласында жүргізілген мемлекеттік саясатты ғалым А. Т. Қапаева «Саясат және мәдениет» атты монографиясында [5] жан-жақты зерттейді. Автор өзіндік ерекшеліктерге толы әдебиет, баспасөз, өнер, ғылым қайраткерлерінің қызметін мүмкіндігінше жүйелі, обьективті, сыни тұрғыдан саралайды. Кеңестік Қазақстандағы шығармашылық интеллигенцияның қиын тағдыры деректі мысалдар арқылы сипатталған.
Академик М. Қозыбаев «Тарих зердесі» атты кітабында цензураға баға бере отырып: «Ленинизм өзі үстем болған замана туралы жазғанды қадағалап отырды, большевизм рухы тарихшылар әулетін де, ғылымды да өзіне тәнті етті, өз идеологиясына бағындырды да табындырды» - деген тұжырым жасайды [ 6] . 1992 жылы алғашқылардың бірі болып жазған «Ақтаңдақтар ақиқаты» деген кітабында академик М. Қозыбаев қоғамдық ғылымдардың Кеңес өкіметі кезіндегі қызметіне тоқтала келе, жартылай шындықтың жалғасуына сол кездегі саяси биліктің ықпалы өте жоғары болғандығы туралы жазады [7] .
Патшалық Ресей тұсындағы яғни, 1865 жылы құрылған Баспасөз жөніндегі Бас Басқарма деп аталатын, отарлық империяға теріс пиғылмен қарайтындардың тіліне кісен салу мақсатында құрылған арнайы мекеменің жұмысын туралы Ж. Шалғынбаева мен Ш. Елеукеновтің «Ақтаңдақтар ақиқаты» монографиясы жарық көрді [8] . Аталған монографияда патшалық Ресейдің отар елдердің мың жылдық діни наным сеніміне қарсы, діни бағытта жазылған әдебиетіне қарсы жүргізген саясаты мен зорлап шоқындыру науқанының себептері мен салдарлары да деректік көздер арқылы көрсетілген.
Шетелдік авторлардың қазіргі заманғы зерттеулерінде бұрынғы құпия болған құжаттар кеңінен пайдалануда. Цензураның негізгі белгісі ретінде оның билікпен байланысын атай отырып, шетелдік авторлар бұл мәселеге саяси құқықтық тұрғыдан қарады. Цензураны зерттеудегі әлеуметтік бағытты ұстанғандар П. Бурдье [9], С. Коэн [10], А. Миллтс [11] еңбектерінде көрсетілген қоғамдық пікірдің цензуралық қызметі этикалық жағы және зор күшке ие, араласпайтын жері жоқ, барлығынан құлағдар цензура деп аталатын ерекше бағыттары қаралды.
Зерттеуде жаңа концептуалдық мазмұн берген, сыни көзқараста жазылған Ресей авторларының соңғы жылдары жарық көрген осы тақырыптағы еңбектеріне де жүгіндік. Цензураның әлеуметтік-мәдени табиғаты мен оның қоғамдық пікірдегі және идеологиялық саяси күрестегі орны К. С. Гаджиевтің [12], П. С. Гуревичтің [13], В. В. Дубиннің [14], Ю. М. Лотманның [15], Г. В. Жирковтың [16], және басқа да ғалымдардың еңбектерінде ашылып көрсетілген. ТМД елдеріндегі цензура тарихын түпкілікті зерттеген еңбектердің қатарында Т. М. Горяеваның «Кеңестік саяси цензура тарихы» (1917-1991 жж. ) [17] құжаттар жинағының маңызы ерекше.
Цензураның, Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясаты жайында белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы ғалым Мұртаза Бұлытайдың тарих, дін, мәдениет туралы жазылған еңбегін атап өтуге тұрарлық. Мұртаза Бұлытайдың «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?», «Дін және ұлт» [18] еңбектерінде Еуразияда ғұмыр кешкен, қазақ халқының қалыптасуына ықпал еткен қауымдардың наным-сенімдері, әдет-ғұрыптары, мәдениеттері сарапталады.
Осы секілді шетелдік және Ресей ғылымындағы көптеген материалдарға қарамастан, Қазақстан ғылымында цензураның өзіндік тарихи тұжырымдасы әлі қалыптаспаған. Сондықтан еңбек төл тарихымызға деген жанашырлықпен, отандық, ұлтшылдық рухта жазылып Қазақстан тарихнамасын толықтыра түседі деген сенім білдіргіміз келеді.
Зерттеу жұмысының негізгі нысаны - Қазақстандағы идеологиялық цензураның 1956-1991 жж. қызметі. Нақтылап айтқанда диссертацияда цензураның аталған мерзімдегі Главлит (Мемлекет құпияларын баспасөзде сақтау жөніндегі Бас Басқарма), «ҚКП Орталық комитетінің Үгіт-насихат бөлімі, Баспа бөлімі, Ғылым және мәдениет бөлімі, Еңбекшілер бұқарасының хаттары бөлімімен» және Ұлттық Қауіпсіздік Комитетімен бірігіп жасаған қызметі және «Қазақстан баспасы» «Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы», «Қазақстан Сазгерлер Одағы», Қазақ КСР Кеңес суретшілер Одағының, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы радиохабарлар және телевидение жөніндегі Комитетінің, Шелелдермен мәдени байланыс жасайтын Қазақстан қоғамының, «Дін істері жөніндегі Кеңес», «Каз ОГИЗ» (Қазақтың біріккен мемлекет баспасы) сол сияқты осы мекемелердің облыстық бөлімшелері қызметі алынды. Зерттеудің субъектілері - Орталық комитет хатшылары, мекеме басшылары, цензорлар, дін істері жөніндегі уәкілдер, қатардағы коммунистер мен қызметкерлер, партия және мемлекет қызметкерлері, жазушылар мен өнер қайраткерлері, ғалымдар мен ақындар, өнер қайраткерлері.
Зерттеудің жұмысының хронологиялық шегі 1956-1991жылдар кезеңімен анықталады. Зерттеудің уақыт шеңберін осылайша алудың себебі нақ осы 50-ші жылдардың басында кеңестік «партиялық - мемлекеттік элитаның» хрущевтік «жылымық» кезеңі басталып енді тұйыққа тірелуі жүрді, цензуралық қысымның түрлері мен тәсілдерінің алмасу үрдісі басталып, шарықтау деңгейіне жетті.
Осы мазмұндамадан шығатыны, зерттеудің негізгі нысаны КОКП-ның ХХ съезінен басталып, 1991 жылға дейінгі ықпал ету тетіктері болып табылады. Зерттеу тақырыбының негізгі нысаны идеологиялық цензураның қызметі мен құрылымының тарихы болғанмен бұл зерттеуде жалпы цензуралық үштіктің (Главлит, ҰҚК, КОКП Орталық комитеті оның ішінде үгіт - насихат бөлімі, Дін істері жөніндегі Уәкілдік, Кеңес) қызметтеріне де толық шолу жасалған.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертацияның басты ғылыми жаңалығы - цензураның тарихын кешенді түрде зерттелуі. Зерттеу жұмысының негізіне - Главлит (Мемлекет құпияларын баспасөзде сақтау жөніндегі Бас Басқарма), КОКП Орталық комитеті оның ішінде үгіт - насихат бөлімі, Дін істері жөніндегі Уәкілдік, Кеңес) құрылуы мен қызметінің тарихы ғылыми негізде талдауға алынып, мұрағаттық қорлардағы көптеген құжаттар сараланып, оның басым бөлігі ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отыр. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалықтарына төмендегі мәселелерді жатқызуға болады:
- цензураның белгілі бір кезеңдегі қалыптасуының негізгі белгілері анықталды;
- цензураның әкімшілдік-әміршілдіктен жариялылыққа көшу кезіндегі ауыспалылық тұжырымдамасы алғаш рет деректер арқылы айқындалды;
- Қазақстандағы Бас Басқарма қызметі арқылы Кеңестік цензураның қарама-қайшылықтары мұрағат құжаттары арқылы талдауға алынды;
- саяси цензураны атқару барысындағы 1956-1991 жж. аралығындағы жұмыс істеу тетіктері кезеңдерге бөлініп, тыңғылықты түрде, нақты мәліметтермен тұжырымдалды;
- Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мәдени-әдеби саладағы саясатының көлеңкелі жақтары деректік негізде терең талданып, ашылып көрсетілді;
- кеңес өкіметінің дінге қарсы саясаты, оның ішінде цензураның рухани өмірге қарсы әрекетінің зор саяси мәнге ие болғандығы деректер арқылы дәлелденді;
- шығармашылық интеллигенцияның-жазушылардың, ғалымдардың цензураға, партия саясатына қатысты көзқарастары құжаттар арқылы ашылып көрсетілді. Осы мақсаттарды орындау барысында мұрағаттық көздер, Отандық және шетелдік әдебиеттің материалдары кеңінен пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының қорғауға ұсынылатын тұжырымдары.
- 1956-1991 жж. аралығындағы Қазақстандағы Кеңестік дәуірдегі цензураның құрылымы мен қызметін мұрағат құжаттары арқылы ғылыми айналымға енгізіп, оның болашақ үшін сабақ болатынын ескерту;
- қоғамдағы қиын жағдайға қарамастан өздерінің шығармашылық жұмысын тоқтатпаған зиялы қауым өкілдерінің әрекеттеріне ғылыми тұрғыдан баға беру;
- шығармашылық - қайраткер интеллигенцияның қазақ кітабының, өнерінің, сақталып қалуына қосқан үлесін нақты мұрағат деректері арқылы айқындап, оның нәтижелеріне өзіндік тұжырымдар жасау;
- халықтың діни-наным сеніміне қарсы қолданған Кеңес өкіметінің күштеп жүргізілген саясатына баға беру.
Диссертациялық зерттеу жұмысының дереккөздері. Әдебиет саласында жариялауға рұқсат алынған не жарияланбай қалған мұрағат материалдары бойынша құжаттардың негізгі дереккөздері ретінде Республикалық Орталық Мемлекеттік Мұрағатындағы (ҚРОММ), Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатындағы (ҚРПМ) Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Главлиттің, Қазақстан Жазушылар Одағының және т. б. көптеген мәліметтері пайдаланылды. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатының 1740 - қорының 1-ші, 2-ші, 2-ші қосымша тізбесінде Мемлекет құпияларын баспасөзде сақтау жөніндегі Бас Басқарманың КСРО Орталық комитетімен, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетімен (КГБ) бірігіп жүргізген жұмысы жөніндегі құжаттар диссертациялық еңбектің негізгі дереккөзін құрайды. Осы мәліметтерден бұл мекеменің аталған уақытта үштік одақ арқылы қазақ мәдениеті мен ғылымының дамуына «қосқан» үлесін көруге болады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz