Міржақыптың Қазақ Алашбайұғлы бүркеншік есімі
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысы ХХ ғасыр басындағы қазақ
әдебиеті пен қазақ публицистика саласында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан
Бөкейханұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы және т.б. белгілі
публицист қаламгерлермен үзеңгілес келген Міржақып Дулатұлының әдеби
публицистикалық мұрасына арналады. Диссертациялық жұмыста қаламгердің
публицистикалық мұрасы алғаш рет монографиялық дәрежеде зерттелуі ғылыми
жұмыстың жаңалығын айқындайды. Міржақып Дулатұлының Оян, қазақ өлеңдер
жинағы мен Бақытсыз Жамал романындағы публицистикалық сарын мәселесі
талданып, ғылыми айналымға енгізілді. Қоғам қайраткері М.Дулатұлының әдеби
публицистикалық туындыларының пайда болған уақыт ерекшелігіне байланысты
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен бастап, кеңестік кезеңде жазған
шығармаларының тақырыбына, көркемдеу әдіс-тәсілдеріне, жанрлық жүйесіне
алғаш рет ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізіліп, баға берілді.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлттық
әдебиетіндегі қайраткер-қаламгерлеріміздің әдеби публицистикалық мұрасына
тарихи сабақтастық биігінен қарап бағалау, болашаққа ғылыми бағдар жасау
әдебиеттану ғылымының төл ісі болып табылады. Оны Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі 2000-2010 жылдарға арналған қоғамдық және
гуманитарлық ғылымдар саласында алаш жазушыларының концепциясын жасап
шығару және олардың шығармашылық мұрасын зерттеу мәселесін алдыңғы қатарлы
ғылыми бағыт ретінде анықтап отыр[1].
ХХ ғасыр басындағы қазақ публицистикасы өнерінде өз өрнегін сала
білген Міржақып Дулатұлының әдеби публицистикалық мұрасын зерттеу – уақыт
қажетінен туындаған міндет. Міржақып Дулатұлы қазақ елінің ұлттық санасын
ояту жолында 1907 жылы Петербургте татар тілінде шығатын Үлфат газетінің
қазақша қосымшасы Серке газетінің бірінші нөмірінде Жастарға атты
алғашқы тырнақалды өлеңі мен осы газеттің екінші санында жарияланған
Біздің мақсатымыз атты мақаласынан қаламгердің публицистік өмірлік
ұстанымы айқын көрінді. 1913 жылы 2ақпанда Қазақ газетінің алғашқы нөмірі
жарық көрген уақыттан бастап қаламгердің қазақ қоғамындағы жер, земство,
саясат мәселелері, тарихи зерттеулері мен әдебиет сыны тақырыбында жазған
шығармаларынан публицистік қолтаңбасы айқындалады. Ел басы Нұрсұлтан
Әбішұлы Назарбаевтың: Елдің экономикалық мүдделерінің дұрыс шешілуі үшін
де алыс-жақындағы мемлекеттердің бізді танығаны, сыйлағаны, мойындағаны
керек. Ал осынау дүбірлі дүниеде өзіңді мойындатудың сенімді жолы -
тағылымды тарихың, озық ғылымың, өрелі мәдениетің[2,15] деген ойлы пікірін
ХХ ғасыр соңында Қазақстанның егеменді ел ретінде жарияланып, ұлттық рухани
болмысының қалыптасқанын уақыт талабы айқындап берді.
Міржақып Дулатұлының әдеби публицистикасын ХХ ғасыр басындағы
идеология бедерінен ғана емес, ақындық, жазушылық, публицистік шеберлік
тұрғысынан зерделеп, зерттеу – бүгінгі уақыт талабынан туындағын маңызды
мәселе. Қаламгердің шығармашылық өмірі Ақпан төңкерісінен бастап, кеңес
дәуірімен біте қайнасып жатыр. Осындай ауыр кезеңдерде өмір сүрген
қаламгердің ел қамын ойлап, ұлттық мәселерді бірде ашық, бірде астарлап,
поэзиясы мен прозасына арқау еткен публицистикалық сарындағы туындылары
айналымға енгізіліп, жан-жақты қарастырылды. Қаламгердің шығармашылық
шеберлігі мен стильдік ерекшелігі, қоғамдық-саяси дүниетанымы мен азаматтық
көзқарасын анықтаудың теориялық және тәжірибелік мәні зор. Қаламгер
шығармашылығын уақыт өлшемінде қарастырғанда ғана өз заманында қозғаған
маңызды тақырыптары өзектілігімен, өткір де, көркем тілімен айқындалады.
Қаламгердің тарихи кезеңдерді сөз ететін әдеби публицистикасының жанрлық,
көркемдік сипатына үңілу – тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
ХХІ ғасырдың гуманистік талап-тілектерін қанағаттандыра аларлықтай
ұлттық сана-сезімімізді шыңдап, рухани мәдениетімізді Қазақстан 2030 ұзақ
мерзімді стратегиялық бағытына сәйкес қайта қалыптастыру барысында өткен
ғасырымыздың басында болашақ ұрпақ үшін бүкіл қайрат-жігерін жұмсап,
ұлтының бостандығының жолында жанын пида еткен арыстарымыздың әрбіреуінің
әдеби-мәдени-рухани мұрасы өте ыждағаттылықпен қайта қарауды, терең
зерттеуді қажет етіп отыр.
ХХ ғасырдың басында халық санасын оятуда, саяси көзқарасын танытқан
қазақ зиялылары барлық жанрда қалам тартты десек, осы кезеңдегі әдебиетке
баға берген академик Серік Қирабаев: ...қазақ халқының ояна бастаған
тұсында, оның ұлт-азаттық жолындағы күрес туын берік ұстап, халық өмірінің
шындығы мен алдыңғы қатарлы идеясын жырлаған қоғамдық сананың бір түрі –
қазақтың ұлттық әдебиеті болды [3,26] - деп айтар ойымыздың төркінін
түйіндей түседі.
Қазақтың ұлттық әдебиетінде публицистика қазақ зиялыларының қаруы
болып, өмірді кең қамтып, өз кезеңіндегі заманның күрделі әлеуметтік
мәселелерін баспа беттерінде жариялады. Публицистикалық шығармалардың
тақырыптық ауқымында саяси, экономикалық, әлеуметтік, денсаулық, оқу,
мәдени-рухани, тіл мәселелері толық қарастырылды. ХХ ғасыр басындағы
қазақтың ұлттық әдебиетінде публицистика алдыңғы саптан көрініп, қазақ
зиялыларының кемел ойлы көсемдік танытқан озық ойларымен халықтың санасын
рухтандырып отырды.
ХХ ғасырдағы публицистиканың көркемдік қуатын тануда публицистикалық
стиль қоғамдық талапқа сай қалыптасты. Публицистикалық шығармалар ХХ
ғасырдағы қоғамдық сананың өскенін, артқанын көрсетті. Публицистикалық
стиль - саяси тақырыпқа жазылған газет-журналдардағы мақалалар, памфлет,
очерк т.б. шығармалармен көрініс тапты.
Диссертациядағы тақырыптың өзектілігі қазақ публицистикасының
қалыптасу, нығаю және өзіндік әдеби даму жолымен зерделеніп, Міржақыптың
мерзімді басылымдарда жариялаған мақалаларын бүгінгі күн талабы тұрғысынан
арнайы сараланды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы өзінің
Қазақ қалай орыстандырылды деген кітабында бірінен бірі ажырамайтын және
бірін бірі заңды түрде толықтырып тұратын үш түрлі мәселені көтереді:
1. Ел қалай орыстандырылды; 2.Жер қалай орыстандырылды; 3.Сана қалай
орыстандырылды[4]. Осы мәселелер Міржақып Дулатұлы әдеби публицистикасының
негізгі тақырыптарында проблема ретінде көтеріліп, алаш зиялыларының
негізгі идеялық іргетасы болды. Бұл мәселелер кезінде Ахмет Байтұрсынұлы,
Әлихан Бөкейханұлы, Халел Досмұхамедұлы секілді т.б. қазақ демократтарының
еңбектерінде көтерілген еді.
ХХ ғасырдың басындағы ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға
тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін
өз мойнына алды [5,156] - деп жазды ел басымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
өзінің Тарих толқынында атты еңбегінде. Қазақ әдебиетттану ғылымының
қалыптасуы мен қазақ әдебиетіндегі ұлттық идея, көркемдік ізденісті толық
тануда Міржақып Дулатұлының әдеби публицистикасы зерттеу жұмысының нысанасы
болып отыр.
Диссертация тақырыбының зерттелу деңгейі. 1980 жылдардың соңында
ұлттық рухани қазынамыз ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің,
публицистикалық мәдениетінің қалыптасып, нығайып жетілуіне зор үлес қосқан
алып арыстарымыздың атымен қайта толықты. Олар білім-ғылымның, мәдениеттің
қай қырынан да көріне алатын талантты, халқына бірнеше түрлі қызмет етуді
мақсат тұтқан, сегіз қырлы, бір сырлы жандар[6] болатын. Атап айтқанда
Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан
Бөкейханұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы,
тағы басқалар еді. Дәл осы 1980 жылдардың соңынан бастап осы алыптардың
өмірі мен шығармашылығын және кейінгі жылдарға мұра болып енген 1920
жылдардағы тарихи, теориялық, ғылыми-педагогикалық, экономикалық, саяси,
әдеби көкейкесті мәселелерді зерттеуге бағытталған З.Қабдоловтың,
С.Қирабаевтың, З.Ахметовтың, М.Мырзахметовтың, М.Базарбаевтың,
Т.Кәкішевтің, Р.Нұрғалиевтің, Ш.Елеукеновтің, Ө.Әбдиманұлының,
Қ.Әбдезұлының, Ж.Тілеповтің, Қ.Мәдібайдың, Б.Әбдіғазиұлының, Д.Досжановтың,
Т.Қожекеевтің, М.О.Әбсеметтің тағы басқа да жазушы-ғалымдарымыздың алғашқы
монографиялары пайда болды. Бұл еңбектер ХХ ғасырдың басындағы қазақ
әдебиетіндегі қазақ зиялыларының әдеби мұрасын терең зерттеген еңбектер.
ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларының әдеби-публицистикалық мұрасын
зерттеген С.А.Жүсіповтың Ә.Н.Бөкейханның өмірі мен әдеби-публицистикалық
мұрасы (ғылыми жетекшісі филология ғылымдары ның докторы, профессор
М.Базарбаев), Р.А.Нұртазинаның Ғабит Мүсірепов публицистикасы (ғылыми
жетексіші филология ғылымдарының докторы, профессор Ф.М.Оразаев),
С.С.Ергөбектің М.Сералиннің әдеби-публицистика лық мұрасы (ғылыми
жетекшісі филология ғылымдарының докторы, профессор М.Мырзахметұлы)
филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған
диссертацияларды айта аламыз.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ публицистикасының өзекті мәселелеріне
арналған М.О.Әбсеметтің ХХ ғасыр басындағы тарихи-әдеби процестегі
Міржақып Дулатұлының шығармашылығы, Ж.Өміржанованың Міржақып Дулатұлының
прозасы, Р.Т.Әлмұханованың Халел Досмұхамедұлы - әдебиет зерттеушісі
атты диссертациялық еңбектері бар.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Міржақып Дулатұлының әдеби
публицистикасының тақырыптық ерекшелігі мен көркемділік құндылық шеберлігін
анықтау, әдеби тіл ерекшелігіне ғылыми талдау жасап, оған тарихи бойлау
зерттеудің мақсаты болып табылады. Жоғарыда аталған мақсатты айқындау үшін
алдымызға төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
- Міржақыптың әдеби публицистикасының шығу тегі, бастауына негіз
болған қоғамдық-саяси дүниетанымы мен азаматтық көзқарасына
көркемдік құндылық тұрғысына баға беру;
- М.Дулатұлының әдеби публицистикалық шығармаларына кезеңдік
сараптамалар жасап, публицистикасының әдеби-көркем құндылықтарын
айқындау;
- қаламгердің публицистикалық шығармаларының жанрлық сипаттарын
көрсету;
- М.Дулатұлы әдеби публицистикалық дарынының қалыптасуына ықпал
еткен нақтылы тарихи, әдеби, жеке дара шығармашылықтың әсерін
анықтап, өмірлік материалдардың көсемсөзге ұласу шеберлігіне
талдау жасау;
- М.Дулатұлының әдеби публицистикалық шығармаларының жанрлық,
тақырыптық ерекшеліктерін ашып, түрлерін айқындау;
- Міржақып әдеби публицистикалық шығармаларының көркемдік-
эстетикалық ерекшелігі мен публицистік шеберлік сырын ашу;
- ақынның Оян, қазақ! өлеңдер жинағындағы публицистикалық
сарынды тақырыптық тұрғыдан саралау;
- Бақытсыз Жамал романының публицистикалық сарын мәселесін
айқындап, сюжеттік-композициялық ерекшеліктеріне, образ жасау,
кейіпкер характерін ашу т.б. көркемдік тәсілдерді қолданудағы
жазушы шеберлігіне талдау жасау;
Зерттеудің дерек көздері. Диссетациялық зерттеу жұмысының негізгі
дерек көздері ретінде Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың Шындық шырағы
естелік кітабы мен алаш арыстарының шығармашылығына қатысты және ХХ
ғасырдағы баспасөздің тарихы қамтылған түрлі материалдар назарға алынды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының қолжазбалар мен сирек
кездесетін кітаптар қорындағы, Қазақстан Республикасының Ғылым
Академиясының Орталық кітапханасындағы сирек кездесетін басылымдардағы,
М.Әуезов атындағы әдеби және өнер институтының қолжазбалар қорындағы,
Қазақстан Мемлекеттік Орталық мұрағатындағы, Әуезов үйі ғылыми-мәдени
орталығы мұражайындағы деректер кеңінен пайдаланылды. Әр кезеңдегі ел
тарихына, алаш арыстарының шығармашылық ғұмырбаяндарына арналған зерттеулер
мен ХХ ғасыр басындағы баспасөз материалдары диссертация жұмысында
қолданылды.
Зерттеу жұмысының нысаны мен мәні. Диссертациялық жұмыста автордың
Оян, қазақ! өлеңдер жинағындағы және Бақытсыз Жамал романындағы
публицистикалық сарынның проблемалық мәселелері мен қаламгердің әдеби
публицистикасында айтылмаған тың ойлары орын алды. Екіншіден, М.Дулатұлының
әдеби публицистикалық мұрасын зерттеуде ХХ ғасыр басында жарық көрген газет-
журналдарда жарияланған мақалалары сараланды. Ақынның Оян, қазақ! өлеңдер
жинағы мен Бақытсыз Жамал романы зерттеудің негізгі нысаны болды.
Үшіншіден, қаламгердің әдеби публицистикасын идеялық-тақырыптық маңызды
мәселелерге байланысты топтастырып, көтеріп отырған өзекті тақырыптарға
ғылыми-теориялық талдаулар жүргізілді.
Зерттеудің теориялық, әдіснамалық негізі. Міржақып Дулатұлының әдеби
публицистикалық мұрасын талдап, тану негізінде біріншіден, публицистиканың
тарихы мен теориясын сөз ететін Т.С.Амандосовтың, М.К.Барманқұловтың,
Х.Н.Бекхожиннің, А.Г.Бочаровтың, Е.А.Блажановтың, Р.Г.Бухарцевтің,
В.М.Гороховтың, Б.Жақыптың, В.И.Здоровеганың, Е.П.Прохоровтың,
В.В.Ученованың, М.И.Фетисовтың, М.С.Черепаов тың, Т.Ыдырысовтың т.б. ғалым
зерттеушілердің еңбектері диссертациялық еңбектің теориялық және
әдіснамалық негізін құрады. Екіншіден, әдебиеттану ғылымындағы көрнекті
ғалымдарымыздың сын-зерттеу еңбектеріндегі сын-пікірлерін, тұжырымдары мен
ой-түйіндерін негізге алдық. Әдебиеттану ғылымының әдебиет теориясы,
әдебиет сыны, әдебиет тарихы салалары басшылыққа алынып, осы саладағы
ғылымның көрнекті өкілдері: А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Б.Кенжебаев,
Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, З.Қабдолов, С.Қирабаев, З.Ахметов, М.Базарбаев,
М.Мырзахметов, Т.Кәкішев, Р.Бердібаев, Р.Нұрғалиев, Ш.Елеукенов,
Ө.Әбдиманұлы, Қ.Әбдезұлы, Б.Ыбырайым, Т.Тебегенов, Қ.Мәдібай, Б.Омарұлы,
С.Негимов, Ж.Тілепов, Т.Рахымжанов, Б.Әбдіғазиұлы, Г.Орда сияқты көрнекті
ғалымдардың зерттеу еңбектері диссертациялық жұмыстың тақырыптық-идеялық,
көркемдік-эстетикалық мәселесін тереңдете түсті.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізінде Міржақып Дулатұлының
публицистикалық шығармаларының көркемдік, стильдік ерекшеліктеріне,
көркемдеу әдіс-тәсілдері мен жанрлық жүйесіне жүргізілген ғылыми-зерттеу
еңбектер басшылыққа алынды.
Зерттеу әдістері. Міржақып Дулатұлының публицистикалық шығармаларына
негізінен салыстырмалы талдау, жинақтау, тұжырым жасау, тарихи-генетикалық
талдау әдістері жүйесімен жүзеге асты. Автор публицистикасы жанрлық
даралану, тіл ерекшелігі, сюжет пен композиция, форма мен образ сипатынан
жүйелі-кешенді және тарихи-салыстырмалы әдістер аясында айқындалып,
хронологиялық жүйелеу, тарихи параллельдер, аналогия, нақтылы деректер
арқылы публицистикалық жинақтаулар жүргізілді.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыста Міржақып
Дулатұлы публицистикасының тақырыбы, идеялық-көркемдік, стильдік
ерекшеліктері, көркемдеу әдіс-тәсілдері мен жанрлық жүйесі анықталды.
- Міржақып Дулатұлының әдеби публицистикалық мұрасы алғаш рет
монографиялық дәрежеде зерттелді;
- Міржақып Дулатұлы әдеби публицистикасының теориялық сипаты
талданып, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі тарихи орны
бүгінгі тәуелсіз көзқарас тұрғысынан жаңаша қарастырылды;
- Жазушының ғұмыр кешкен ортасы, сол тұстағы қоғамдық-әлеуметтік,
саяси, тарихи, руханият жайттардың қаламгер шығармашылығына
тигізген әсер-ықпалына ғылыми және әдеби талдаулар жасалды;
- ХХ ғасыр басындағы қазақ публицистикасының қалыптасуындағы
қаламгердің өзіндік қолтаңбасы мен шығармалары хронологиялық
жүйемен сараланды;
- қаламгер публицистикасының поэтикасына алғаш рет ғылыми талдау
жұмыстары жүргізілді және қазақ әдебиетіндегі өзіндік болмысы
ашылды;
- М.Дулатұлының Айқап, Қазақ т.б. газет-журналдарда
жарияланған публицистикалық шығармаларының идеялық, әдеби-
көркемділік болмысы анықталды;
- М.Дулатұлы публицистикалық туындыларын пайда болған уақыт
ерекшелігіне байланысты 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне байланысты
жазылған публицистикалық шығармалары арнайы талданды;
- Ақпан төңкерісі мен Қазан төңкерісі кезеңіндегі шығармалары
сараланды;
- Қазан төңкерісінен кеңес өкіметі толық орнағанға дейінгі
кезеңдегі публицистикалық шығармалары қарастырылды;
- М.Дулатұлының кеңестік кезеңде жазған публицистикалық
шығармалары көркемдік белгілерімен арнайы талданды;
- Міржақып Дулатұлының әдеби публицистикасы көркемдік тұрғыдан
(жанрлық даралану, тіл ерекшелігі, сюжет пен композиция, форма
мен образ сипаты) талданып, оған тарихи параллельдер, аналогия,
нақтылы деректер арқылы публицистикалық жинақтаулар жүргізілді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. М.Дулатұлының публицистикалық
шығармаларының ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі орнын анықтап,
диссертациялық жұмыстың зерттеу нәтижесінде мынадай тұжырымдар ұсынылды:
- ХХ ғасыр басындағы қазақтың қоғамдық өмірінің шындығын танытқан,
М.Дулатұлының газет-журналдардағы публицистикалық шығармаларының
жанрлық, стильдік, көркемдік ерекшелігі айқындалды;
- Міржақып публицистикасының жанрлық ерекшелігі туралы ғалым-
зерттеушілердің еңбектері, ой-пікірлері, тұжырымдары басшылыққа
алынды;
- Автор публицистикасындағы әдеби белгілердің бірі –
публицистикалық стиль айқындалып, шығармаларының тақырыптық-
мазмұндық жағы жүйеленді;
- Оян, қазақ! өлеңдер жинағы мен Бақытсыз Жамал романындағы
публицистикалық сарын анықталды;
- 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен бастап, кеңестік өкіметі кезеңінде
жарық көрген публицистикалық шығармаларына баға берілді;
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Қазақ әдебиеті тарихындағы
алаш азаматтары мен қазақ зиялыларының өмірі мен шығармашылық мұрасына
байланысты жоғары оқу орындарында жүргізілетін ХХ ғасыр басындағы қазақ
әдебиеті, Алаш ұранды әдебиет, Міржақыптану пәнінен оқытылатын арнайы
дәрістерде пайдалануға болады.
Зерттеудің сарапталуы. Кемел ойлы көсемсөздің көрнекті өкілі, қоғам
қайраткері, ақын, жазушы Міржақып Дулатұлының әдеби публицистикалық мұрасын
зерттеу жұмысының бағыты бойынша Білім және ғылым саласындағы бақылау
комитеті бекіткен ғылыми басылым беттерінде 5 және халықаралық,
республикалық конференциялар жинақтарында 10 ғылыми мақала жарияланды.
Диссертациялық жұмыс Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісінде және Абай атындағы
Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында
талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы. Диссертация жұмысы кіріспеден, үш тараудан,
қорытындыдан тұрады. Жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі
берілген.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде ХХ ғасыр басындағы әдебиет пен публицистика саласында
Міржақып Дулатұлының Оян, қазақ өлеңдер жинағы мен Бақытсыз Жамал
романынының публицистикалық сарыны талданды. М.Дулатұлының
публицистикасының пайда болған уақыт ерекшелігіне, шығармаларының
тақырыбына, көркемдік әдіс-тәсіліне, жанрлық жүйесіне байланысты зерттеу
жұмысы жүргізілді. Көсем сөздің шебері, қоғам қайраткері, ақын, жазушы,
Міржақып Дулатұлының әдеби публицистикалық мұрасына алғаш рет ғылыми-
зерттеу жұмысы жасалынды. ХХ ғасыр басында жарық көрген Айқап, Қазақ
т.б. газет-журналдарда жарияланған Міржақып Дулатұлы әдеби
публицистикасының өзіндік қолтаңбасы мен көркемдік стильдік ерекшелігіне
тарихи параллельдер, аналогия, нақтылы деректер арқылы публицистикалық
жинақтаулар жүргізіліп, тақырыпты зерттеу принциптері айқындалды.
Дипломдық жұмыстың бірінші бөлімі Міржақып Дулатұлының өмірі мен
шығармашылық қызметі деп аталады.
Міржақып Дулатұлы 1885 жылы қараша айының 25 күні Торғай уезінің
Қызбел төскейі Сарықопа болысының үшінші ауылында дүниеге келген.
Міржақыптың әкесі Дулат айналасына танымал атақты шебер ұста болған. Оның
қолымен жасалған ат әбзелдері, саптама етіктері, әйелдердің жұмсақ мәсілері
бүкіл Сарыарқаға әйгілі екен. Міржақыптың анасы Дәмеш қарапайым жұмсақ
мінезді, алайда той-думандарда жан тебірентер әсем дауысы атақты әншілердің
таң қалдыратын. Қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым Тұрсынбек Кәкішев:
Міржақып Дулатұлы Ахмет Байтұрсыновтың поэзиядағы азаттыққа шақырған рухын
жалғастырушы ғана болған жоқ, Оян, қазақ! деп өз ұранын тастады [7], -
деп ой түйеді.
Міржақып 12 жасында тұл жетім қалады. 1897 жылы Міржақыптың үлкен
ағасы жаңадан қалыптасып қеле жатқан қазақ буржуазиясының жарқын
өкілдерінің бірі Асқар Дулатұлы (1865-1938) оны Торғайдағы орыс-қазақ
училищесіне оқуға орналастырады. 1990 жылғы ақталған құжатта сауатсыз деп
көрсетілгенмен Міржақыптың қызы Гүлнар апайдың айтуынша, Асқар ағасы ел
ішінде беделді, ақыл-ойы жетік, адал жанды, турашыл, өте парасатты адам
ретінде танылған. Міржақып бес жыл ішінде қазақ тілінің грамматикасын, орыс
тілі мен әдебиетін, араб каллиграфиясын, тарих, жағрафия, мұсылмандардың
дін ілімін, физиканы, арифметиканы оқып, дене шынықтырумен айналысады.
Міржақып Асқар ағасының кітапханасында Түркістан уалаятының газеті,
Дала уалаятының газеті атты мерзімді басылымдармен, әлем жазушыларының
шығармаларымен танысады. Кейіннен өз бетінше білімін жетілдіре жүріп,
классикалық философияны, орыс және әлем әдебиетін меңгереді. Міржақып
Дулатұлы шығармашылығындағы идеялық бағдарының қалыптасуына өмір жолында
үзеңгілес жолдас болған Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлының әсері мол
болған. Ол 1904 жылы Омбы қаласында жасырын ұйымға қатысады. 1905 жылғы
революция кезеңінде олар Қарқаралы ереуілшілерінің арасында болған. 1906
жылы Петербургте алғашқы қазақ зиялыларының бірі Ахмет Бірімжанов, Бақытжан
Қаратаев, Әлихан Бөкейханұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедұлы және
оқудағы қазақ жастарымен кездесіп танысады.
1905-1907 жылғы орыс революциясы қазақ даласындағы ұлттық қозғалыстың
бел алуына ықпал етіп, 1905 жылы 25 шілдеде Қарқаралы қаласына таяу Қоянды
жәрмеңкесінде Алаш көсемдерінің бастамасымен қазақ съезі өтті. Съезде
Ресей Министрлер Кеңесінің Төрағасына Қарқаралы петициясы ұсынылды. Онда
шаруаларды көшіріп әкелуді тоқтату, қазақтар үшін дербес діни басқарма
ұйымдастыру, цензураны жою, ресми іс қағаздарын қазақша жүргізу, қазылар
сотын енгізу, қазақ депутаттарын Мемлекеттік Думаға шақыру талаптары
қойылды [5, 159].
Міржақып Дулатұлының 1907 жылдан бастап өлеңдері мен публицистикалық
мақалалары кейде өз атымен, кейде Азамат, Алашұлы Азамат, Алакөз,
Алашбайұғлы, Арғын, Байқаушы, Қолқанат, М, Мадияр, М.Д.,
Мирякуб, (Мірякуб), М-яр, Тайбағар, Таймінер, Торғайлық,
Тургайский, Түрік баласы сияқты бүркеншік аттармен баспа беттерінде
жарық көре бастайды. Біздің бұл тізімге қосарымыз - бұрын енгізілмей келген
Міржақыптың Қазақ Алашбайұғлы бүркеншік есімі. Бұл атпен Міржақып 1916
жылы Обалы кімге атты астарлы өлеңін жариялайды.
1907 жылы Петербургте татар тілінде шығатын Үлфат газетінің қазақша
қосымшасы Серке газетінің бірінші нөмірінде 21 жастағы Міржақып
Дулатұлының қараңғы халық санасын ояту жолында Жастарға атты өлеңі
басылады. Серке газетінің екінші санында Біздің мақсатымыз атты
мақаласы мен қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің манифестіне
айналған Оян, қазақ! өлеңдер жинағындағы шығармалар қаламгердің өмірлік
ұстанымы болды. Оян, қазақ! алғаш 1909 жылы Уфадағы Кәримов,
Хұсәйіновтердің Шарк баспасынан жарық көреді. М.Дулатұлының
публицистикалық шығармалары мен алғашқы өлеңдерінен бастап өз ұлтына,
қазағына деген шексіз сүйіспеншілігі айқын көрінді.
1910 жылы жазушының Бақытсыз Жамал романы Қазан қаласында, 1913 жылы
Орынборда Азамат атты өлеңдер жинағы, 1915 жылы Терме кітабы басылып
шықты.
1913 жылы 2 ақпанда Қазақ газетінің бірінші нөмірі жарық көрді.
Газеттің редакторы Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы және жауапты хатшысы
Міржақып Дулатұлы, редколлегияның кеңесшісі Әлихан Бөкейханов, шығарушысы
Мұстафа Оразаев болды.
1914 жылы Москвадағы Лазарев институтында (Қазіргі Шығыстану
институты) басылып шыққан Әл-Шарқият атты антологиялық жинаққа қазақ
арасынан Міржақып Дулатұлының шығармалары ғана енді.
1917-1919 жылдары Міржақып Алаш партиясынын мүшелігіне енеді. Алаш
партиясына Міржақып Дулатұлынан пікірлес жолдастары Әлихан Бөкейханұлы,
Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім
Құдайбердиев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жаһанша Досмухамедов, Халел
Досмухамедов, тағы басқалар кірген болатын.
Міржақып Дулатұлы публицистикалық шығармаларында патша үкіметінің
қазақ даласын билеу ісін жүргізудегі саясатының кемшіліктерін, кертартпа
сипатын айқын аңғарды. 1916 жылғы оқиғаны, 1917 жылғы ақпан көтерілісі мен
Қазан төңкерісі, азамат соғысы кезіндегі саяси-әлеуметтік жағдайды көзімен
көріп, публицистикалық шығармаларында дұрыс бағалады. Осындай үлкен тарихи
оқиғалар болып жатқан кезеңдерде алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының, қоғам
қайраткерлерінің күресі елдің азаттығын сақтап қалуға бағытталды. Ұлттық
мемлекет болу идеясы қазақ интеллегенциясын ұлттық Алаш партиясын құруға,
Алаш орда үкіметін орнатуға әкелді. Бұл қазақ зиялыларының 1917 жылғы
ақпан революциясынан күткен үміті болатын. Одан кейін ...Қазан күндері
келіп жетті. Қазан төңкерісі партиясына кереғар көзқарастағы көп партияның
үлгісінде қазақ ұлтшыл ұйымының Алаш партиясын құрдық, партияның бір
мүшесі өзіммін. Езілген, тоналған, сіңірі шыққан ұлтымыздың қамынан асып
өзгедей әрекетке барған емеспін [8],- дейді М.Дулатұлы 1929 жылғы Ұрпаққа
хат атты шығармасында.
М.Дулатұлы публицистік еңбек жолында Оян, қазақ! (1909, 1911),
Азамат (1913, 1914), Бақытсыз Жамал (1910, 1914), Терме (1915),
Балқия (1922), Оқу құралы (1924) атты шығармаларын жазды. 1907-1927
жылдар аралығында түрлі басылымдар бетінде жариялаған мақалалары Міржақып
Дулатұлының публицистік жолындағы биік шығармашылық дарыны мен азаматтық
позициясын айқын танытты.
Міржақып Дулатұлының кеңес үкіметі тұсындағы публицистикалық қызметі
Ташкентте 1920 жылы 5 декабрьде Сұлтанбек Қожановпен бірлесіп шығарған Ақ
жол газетімен жалғасады. Қаламгер 1920 жылы Балқия пьесасын, Бүркіттің
кегі поэмасын, осы күнге дейін этнограф, тарихшылар мен әдебиеттанушылар
үшін құндылығын жоймаған Қазақ, қырғыздың ата-тегі туралы зерттеу
мақаласын жазып, балаларға арнап бірнеше пәннен оқулықтар дайындайды. 1926
жылы Еңбекші қазақ (кейінгі Социалистік Қазақстан) газеті редакциясында
жұмыс істейді. 1920 жылы газетте Міржақыппен бірге қызметтес болып, оны
жақсы бағалай білген әдебиетші-ғалым Б.Кенжебаев: ...мен көрген, білген,
түйген Міржақып Дулатұлы үлкен журналист, жазушы, ақын, не жөнінде болсын
жинақы, терең, алғыр да өткір, мірдің оғындай еді. Тұрған бір қайрат,
міржақ кісі еді[9],- дейді. Шынында Міржақып Дулатұлы ХХ ғасырдағы қазақ
халқының қоғамдық өмірінің өзекті мәселерін публицистикалық шығармаларында
көтеріп, терең де, алғыр өткір тілмен өрнектей алған көсем сөздің кемел
шебері.
Міржақып еңбегін Қызылордада жалғастырған кездерінде 1925-1926 жылдары
оған Шымкеттен Жүсіпбек Аймауытов, Ташкенттен Мұхтар Әуезов, Мағжан
Жұмабаев, өздерінің жазған жаңа шығармаларын орталық баспаға ұсынардың
алдында алдымен Жақаңның сынынан өткізіп, пікірін біледі екен[10,132].
Міржақыптың ағасы Асқардың қызы Ботакөз: Міржақып өзімен қызметтес
жазушылардың арасында өте беделді, ақылшы, әділ сыншы болды. Міржақып
пікірімен санаспағандарды көргенім жоқ. Ағаларын үлкен ілтипатымен сыйлап,
іні қарындастарын барынша еркелететіндігі жұртты лезде ұйытып аузына
қарататын... Әр кез дастарханы жаюлы тұратын. Сыртынан Сәбит Мұқанов:
Коммунизмді көргілерің келсе, Дулатовтың үйіне барыңдар дейтін[ 10,132],-
деп еске алады.
Міржақып Дулатұлы қазақ елінің ұлттық санасын ояту жолындағы күрескер
идеясы үшін тұтқындалып, Соловецк лагерінде 1935 жылы 5 қазан күні аурудан
қайтыс болады. Міржақып Дулатұлы ісі 1988 жылы Қазақстан Жоғарғы соты
алқасында қайта қаралып, 1988 жылы 4 қарашада толығымен ақталды. Ал 1992
жылғы 16 қыркүйекте ақынның сүйегі Карелиядан алынып, туған жері Торғай
топырағына қайта жерленді.
Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылық қызметі ХХ ғасыр басындағы
қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы мен әдеби мұрасын қалдырған ұлы тұлға.
Қазақ елінің ұлттық санасын ояту жолында публицистикалық жанрдың
қалыптасуына өнегелі өз өрнегін сала білген Міржақып Дулатұлы қоғам
қайраткері, кемел ойлы көсемсөздің шебері.
Диссертациялық жұмыстың екінші бөлімі Міржақып Дулатұлының
публицистикалық сарындағы шығармалары және автор ұстанымы деп аталады. Бұл
бөлім екі тараушадан тұрады. Міржақыптың публицистикалық сарындағы
шығармалары біріншіден, халық ауыз әдебиетінің кәусар бұлағынан нәр
алғандығы сөзсіз. Екіншіден, ХХ ғасыр басында жазба әдебиеттің түп тамырын
танытатын ерекше тіл қолданысын қалыптастырды. Үшіншіден, қазақ ұлттық
әдебиетінің өзіндік көркемдік сипатының айқындалуына игі әсерін тигізді.
Автор ұстанымы – өзі өмір сүрген қоғамның әлеуметтік жағдайына берген
бағасы мен дүниетанымдық көзқарасы Айқап журналы мен Қазақ газетінде
көтерген қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелермен сараланды. Міржақыпты көп
толғандырған жер, земство мәселесі, қоныс аударушылардың озбырлығы, әйел
теңдігі, болыс болуға ұмтылушылық, білім беру туралы өзекті өмірлік маңызы
зор мәселелер болатын. Осы бағытта М.Дулатұлының авторлық ұстанымы мен
саяси көзқарасы 1905 жылы Қарқаралы петициясынан бастау алып, 1907 жылы
Петербургте татар тілінде шығатын Үлфат газетінің қазақша қосымшасы
Серке газетінің бірінші нөмірінде Біздің мақсатымыз атты
публицистикалық шығармасынан көрініс тапты. Дегенмен, Міржақып Дулатұлы
қоғамдық-саяси көзқарасын публицистикалық ойларын Серке газетіндегі
шығармасымен тереңдеп ашып айту мүмкін емес-ті. Себебі, осы кезде Айқап
(1911 ж), Қазақ (1913 ж) газеті мен бір арнаға түскен идеологиялық жүйе
жоқ болатындықтан, автор ұстанымы Оян, қазақ! (1909 ж.)
өлеңдер жинағы мен Бақытсыз Жамал (1910 ж) романында толық көркемділікпен
көрініс тапты.
ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірінде өзекті
мәселе болып табылған жер, земство, денсаулық, саясат, оқу, оқыту, тәрбие,
діни мәселелер публицистикалық сарынмен Бақытсыз Жамал романында көркем
бейнеленді. Қаламгер Бақытсыз Жамал романының мазмұнында публицистикалық
сарын мен астарлы ойлар кейіпкерлерінің әңгімесімен, ішкі толғанысымен
айқын танылады. Шығарманың өн бойынан жақсы көрінетін әлеуметтік жағдайлар,
халықтың өмір-салты, адам тағдыры арқау етілген. Автор бақытсыздыққа душар
болған бір ғана қыздың тағдыры арқылы ХХ ғасыр басындағы бүкіл әлеуметтік
қоғам болмысын анықтап, халықтың санасын тәрбиелеуге шақырғанын айқын
көреміз. 1910 жылы тұңғыш қазақ романы аталған Бақытсыз Жамал романының
көркемдік құрылымындағы автор ұстанымы өте тиімді әрі шебер ойластырылған.
Оған дәлел шығармадағы автор ұстанымы мен авторлық тұлғаның сипаты көркем
стиль мен тілдік қолданыстағы сөздің өткірлігімен ерекшеленеді. Біріншіден,
шығарманың көркем мәтінінде оқиғаның драмалық өрбуін көзімен көрген адамның
атынан баяндалуы М.Дулатұлының – авторлық тұлғасын танытса, екіншіден,
шығармадағы кейіпкерлерінің ішкі дүниесін көрсетуге деген ұмтылысымен
байқалады.
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде публицистика қазақ халқының
қоғамындағы ұлт тәуелсіздігін, жер, оқу, денсаулық мәселелерін, қазақтың
мәдени-рухани өмірін, дінін, тілін ашып айтып, әрі оның орындалуын талап
етті. Міржақып Дулатұлының публицистикалық сарындағы шығармаларында ХХ
ғасыр басындағы қазақ халқының қоғамдық өмірінің жағдайы суреттелген.
М.Дулатұлы публицистикасы әдеби, мәдени-эстетикалық дәстүрлерге сәйкес
жанрлық болмысын сақтап, ХХ ғасыр басындағы ұлттық әдебиетімізде қазақ
халқының ұлттық сана-сезімін ояту мақсатында өз дәуірінің көкейкесті
мәселелерін көтеріп, ағартушылық идеяларын насихаттаушы қызметін атқарды.
М.Дулатұлының қаламынан туған публицистикалық сарындағы шығармаларында ХХ
ғасыр басындағы әлеуметтік өмір, экономика, мәдениет-әдебиет, тарих, дін
мәселелері қамтылған. Міржақыптың публицистикалық сарындағы шығармаларында
өте бағалы танымдық деректер беретін материалдар автордың терең
білімпаздығы мен өз тұлғасының талғампаз сараптаушылық қабілетін танытты.
М.Дулатұлы публицистикалық еңбектерінің ерекшелігі-тақырыптың
көкейкестілігінде, идеялық бағыттылығында, қайталанбас көркем мәнерінде
екенін аңғартады.
Оян,қазақ! өлеңдер жинағындағы публицистикалық сарын деп аталатын
тарауша Міржақып Дулатұлы әдеби публицистикасының идеялық бағыты мен саяси
көзқарасының қалыптасуына негіз болған Оян қазақ! (1909ж.) шығармасы
қарастырылды. Ақынның публицистикалық ойлары Айқап (1911ж.), Қазақ
(1913 ж.) газеттері мен ХХ ғасыр басында бір арнаға түскен идеологиялық
жүйенің болмағандығынан Оян, қазақ! (1909 ж.) өлеңдер жинағында толық
көрініс тапты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тарих толқынында атты еңбегінде: Қазақ
халқының ұлттық санасының оянуына Міржақып Дулатұлының Оян, қазақ!
өлеңдер жинағы ұшаң-теңіз ықпал жасады[5,162], - деп көрсетті. Шынында ХХ
ғасыр басындағы ұлттық әдебиетімізде Міржақып Дулатұлының Оян, қазақ!
өлеңдер жинағы қаламгердің қоғамдық және жазушылық өмірінің идеялық
тұжырымдамасы (концепциясы) болды.
М.Дулатұлының ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz