Түркия Республикасында жарық көрген түрікшілдердің еңбектері


ӘӨЖ 94 [(470-560) Қолжазба құқығында
ВЕЖИХИ СЕФА ФУАТ ХЕКИМОҒЛУ
Түркия және Ресей мен КСРО-да түрікшілдіктің даму тарихы
(1900-1930 жылдардың басы)
07. 00. 03 - Жалпы тарих (шығыс елдері)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Жалпы тарих кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Есмағамбетов К. Л.
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Хафизова К. Ш.
тарих ғылымдарының кандидаты
Сманова А. М.
Жетекші ұйым: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Диссертация 2010 жылы «29» сәуір күні сағат 14. 30-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 55. 40. 03 Диссертациялық кеңесінің (050010, Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) мәжілісінде қорғалады.
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының кітапханасында (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы «29» наурызда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы Ә. Қ. Муминов
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғалы бергі уақытта отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы, оның сипаты, қазақ зиялылары мен қоғам қайраткерлерінің қызметі жайлы бірқатар ғылыми еңбектер дүниеге келді. Осыған қарамастан көптеген мәселелер, әсіресе түрікшілдік қозғалысы, оның шығу себептері мен алғышарттары, барысы мен нәтижесі, мәні мен мазмұны әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Осы орайда Түркия мен Ресейдегі түрікшілдікті теориялық-методологиялық жағынан, салыстырмалы түрде зерттесек қазақ тарихының жаңа қырлары ашылатынына күмәніміз жоқ. Сондықтан түрікшілдік мәселесін тек қозғалыс ретінде сипаттап қана қоймай, оны түркі халықтарының өзара ынтымағының дамуы және империалистік мемлекеттердің үстемдігіне қарсы бағытталған аса маңызды құбылыс қатарында қарастырған жөн.
Патшалық Ресей, оның орнын басқан Кеңес өкіметі жылдарында түрікшілдікті «империяның саясатына қауіп төндіретін әрекет» ретінде бағаланды, сол себепті ол құғын-сүргінге ұшырады. Кеңестік заманда бөлшектеу саясаты мақсатында түркі халықтарының тарихы бір-бірінен бөлек, жеке-дара зерттеліп келді, түрікшілдіктің мән-мағынасы бұрмаланып көрсетілді. «Түрікшілдіктің негізіне гуманизм мен мәдениет идеялары жатады, ол нәсілшілдікті уағыздайтын славяншылдықтан мүлдем бөлек ағым болып табылады . . . Түрікшілдік, исламшылдық ағымдары бір-бірімен өзара тығыз байланысты, бірі - түрік халықтарының, екіншісі - бүкіл мұсылмандардың басын біріктіруге, сол арқылы империалистік озбырлыққа қарсы тұруға тырысады. Одан шапқыншылық сипат іздеу шындыққа жанаспайды», - деп К. Л. Есмағамбетов түрікшілдіктің мақсат мұратын ерекше атап өткен [1, 346 б. ] .
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында отандық тарих ғылымы әлі де маркстік-лениндік методологияның ықпалында қалуына байланысты, түрікшілдік тақырыбы объективті өз бағасын ала алмады. Кейінгі жылдары ұлттык идеялардың дамуы нәтижесінде, түрікшілдік мәселелерін зерттейтін зерттеушілердің қатары арта түсті. Бүгінгі кезеңде бұл тақырыптың отандық тарих ғылымында өз орнын алуында Н. Ә. Назарбаевтың Түркия Республикасына сапарында тұтас түркі халықтарының тарихын зерттейтін академияның ашылуын егемен еліміздің күттірмейтін мақсаттарының бірі деп көрсетуі аса үлкен маңызға ие [2] .
ХІХ ғасырға дейін Османлы мемлекетінде жарық көрген жұмыстарда «түрік» сөзі «Анадолының надан ауыл тұрғыны» деп, халықты қорлайтын мағынада айтылатын [3, 24 б. ] Соған байланысты елде өмір сүретін бүкіл ұлыстың діни және этникалық өзгешеліктері есепке алынбай, азаматтық негізде «Османлы» деп аталатын жаңа бір ұлттың қалыптасуы жоспарланған. Дегенмен бұл мақсат Ататүріктің билік басына келуімен өз мәресіне жетпеді. Османлы мемлекеті мен Орта Азияда біраз жылдар өмір сүрген мажар түркологы Арминий Вамбери, түріктер мен монғолдар арасындағы тектік және тілдік байланыстарына тоқталып: «Ағылшын-саксон, славян және латын ұлттары бар болғаны сынды, ұлы Тұран қауымы өркениеті де бар, және ол қауымның өзегі - түріктер. Түріктердің болашағы көптеген ұлттарға қарағанда берік» деп, түрік халықтарының өзара мығым да, ықыласы күшті екендігін ашып берді [4, 74 б. ] . Сондықтан, ХХ ғасырдың бірінші жартысында Түркия мен Ресейдегі түрікшілдік қозғалысын жан-жақты қарастыру Түркия мен бүгінгі Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түрікменстан және Ресей Федерациясы құрамындағы түрік тілдес халықтар үшін де маңызды тақырып болып табылатыны сөзсіз.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бүгінге дейін Түркия мен Ресей, сонан соң Кеңес өкіметі құрылған алғашқы жылдарында түрікшілдік қозғалысының тарихы тұтас, салыстырмалы түрде зерттеле қойған жоқ. Түрікшілдік мәселесінің ұлттық тұрғыдан зерттелудің қарқыны КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзірбайжан, Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан, Башқұртстан т. б. елдерде күшейе түсті. Алайда көптеген ғалымдар оны біржақты, өз мемлекетінің идеологиялық ұстанымы тұрғыдан қарастыруда. Сол себепті тақырып тарихнамасын біз бірнеше сатыға бөліп қарастыруды жөн көрдік: біріншісі - түрікшілдікті жан-жақты қарастырған шетелдік тарихнама; екіншісі - Түркия Республикасында жарық көрген түрікшілдердің еңбектері; үшіншісі - революцияға дейін Ресей империясында отаршылдық мақсатта жазылған еңбектер; төртіншісі - Кеңес өкіметі жылдарында дүниеге келген және маркстік-лениндік принциптер негізінде жазылған еңбектер; бесіншісі - КСРО ыдырағаннан кейін посткеңестік ауқымдағы жұмыстар; алтыншысы - Қазақстандағы ғалымдардың жаңа тұрғыдағы ғылыми еңбектері.
Батыста түріктер тарихына қызуғышылық ХIX ғасырдан екі негізде бастау алған: біріншісі, “Turquerie” - түріктерге деген сүйіспеншілік, яғни Түркияда шыққан көркемөнер туындыларының еуропалық өнерсүйер қауымын қызықтырған, екіншісі, батыстық суретшілердің түріктерді бейнелеуі мен ақындардың, философтардың түрік этикасын дәріптейтін еңбектер. Олар Альфонс де Ламартин, Пьер Лоти, Клауд Феррер сынды ғалымдардың достық пиғылдағы түріктер туралы жазылған мақалалар [5, 5-6 бб. ] . Батыс зерттеушілерінің арасында Артур Люмлей Дэвидс тұңғыш түрік тілі грамматикасын жазған. Бұл еңбекті негізге алған Фуат және Жевдет пашалардың «Османлы тілі грамматикасы» («Kavaid-i Osmaniye») атты жумысын ерекше атауға болады. Али Суави, Дэвидстің жұмысынан әсерленіп, Парижде «Улум» газетінің бірінші санында «Түрік» атты мақаласын жариялайды. Леон Каэн болса, 1896 жылы Парижде «Азия тарихына кіріспе» («Introductional Histoire de l’Asie») еңбегінде батысқа өркениетті алып келген «Тұран» ұрпағы деген ойын жұртшылыққа танытқан.
Батыспен тығыз байланыс орнатқан Османлы зиялылары ХVIII ғасырдан бастап, қытай және араб-ислам деректеріне сүйеніп, исламнан бұрынғы түрік тарихы төңірегінде зерттеу жүргізген батыстық шығыстанушылардан әсерленеді. Олардың арасында Джозеф де Гинь және «Тұран» сөзін этникалық категорияға жатқызған Арминий Вамбериді атауға болады [6, 96 б. ] .
Орталық Азия аумағы стратегиялық жағынан империалистік мемлекеттердің қызығушылығын арттыратын аймақтарының бірі екендігі белгілі. Кезінде әскери-саяси мақсатта бұл аймақты зерттейтін түрлі орталықтардың ашылуымен қатар, батыс елдерінде арнайы зерттеу институттары да ғылыми ізденістерімен танылған. Кеңес өкіметі құрамындағы халықтардың тарихын зерттейтін институттардың бірі 1954 жылы Мюнхен қаласында ашылған. Онда эмиграцияға ұшыраған талай ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізген. Батыс елдерінің ізденістерінің көбі Түркістандағы ұлттық мәселеге арналғаны байқалады. Мәселен, Джэйкоб М. Ландау [7], Дэвид Кушнер [8], Уирел Хейд [9], С. А. Зеньковский [10], Франсуа Джоржон [11], А. Беннигсен және Ш. Лемерсье-Келькеже [12] Түркия мен Ресейдегі түрікшілдік қозғалысы мен ұлттық егемендігі үшін күресі туралы пікірлерін білдірген. Соңғы кездері түркі халықтарының ұлт-азаттық күресі жайлы зерттеу жұмыстарының қарқыны арта түсті. Орталық Азиядағы халықтардың қоныс аударуы салдары мен нәтижелері туралы жапондық ғалым Комацу Хисао жазған [13] .
Түрік тарихының түп тамырынан бастап жазған Дж. де Гиньнің, Артур Люмбей Дэвидстің және Леон Каэннің жұмыстары Зия Гөкалптің түрікшілдік ойының дамуына негіз болады. ІІ Абдулхамиттің басқаруының соңғы жылдарында жас ұрпаққа Леон Каэннің еңбектері елеулі әсерін тигізіп, батыстың мәдениетіне «Тұран» ұрпағының ықпалы болған деген ойы жалғасын табады [8, 14 б. ] . Осы тұрғыда Неджип Асым, Ахмет Вефик паша және Сулейман пашалардың ғылыми түрікшілдіктің негізін қалауында және оладың көптеген еңбектерді жазуына мұрындық болады [9, 104 б. ] .
Орталық Азия халықтарымен Османлылардың өзара бауырлас халықтар екендігі жайлы Мехмет Атыф «Қашғар тарихы» еңбегінің кіріспесінде атап өткен. Ахмет Митхат Эфенди болса, 1887 жылы жарияланған «Жаңа ғасырлар ауқымды тарихы» («Mufassal Tarih-i Kurun-u Cedide») еңбегінде османлылардың түрік тобына жататынын жалғастырған. Оның пайымдауынша түріктер тарихта терең із қалдырған. Жас түріктер (младотурки) қозғалысы жетекшілерінің бірі Мизанджы Мурат (1853-1914) «Жалпы тарих» («Tarih-i Umumi») еңбегінде түріктердің исламнан бұрынғы тарихына назар аударады. Бұл бағытта Шемседдин Сами «Түрік үлкен сөздігі» («Kamus-ı Türki») еңбегі арқылы «Османлы тілі» терминіне қарсы шығып, Османлы атауы - мемлекет лауазымы және, ал, халықтың «түрік» екенін, тілдерінің де «түрік тілі» екенін нық сеніммен айтқан [3, 79 б. ] . Аталған жұмыстардың барлығы Түркияда түрікшілдік ойының қалыптасып, дамуына негіз болады.
ХХ ғасырдың басында Түркияда Түрік ошақтарының ресми органы «Түрік жұрты» (Türk Yurdu) журналында түрікшілдікке байланысты көптеген мақалалар жарияланған. Онда Зия Гөкалп, Мехмет Эмин Юрдакул және Юсуф Ақшора т. б. түрікшілдіктің шығу себептеріне, оның мәні мен мазмұнына байланысты құнды мақалаларын жариялаған. Аталмыш журналдан тыс түрікшілдік мәселелерін жариялап отырған баспалардың қатарына Нихал Атсыздың «Орхон» журналын жатқызуға болады [14, 16 б. ] .
Зия Гөкалп пен Юсуф Ақшораны түрікшілдік бағытындағы аса ірі ғалымдардың қатарына жатқыза отырып, олардың еңбектері тікелей түрікшілдікке арналғанын атаған жөн. Олар әлемдік өзгерістер мен империалистік мемлекеттердің саясатына бірігіп қана төтеп бере алатындықтарына сенім артқан. Мәселен, Юсуф Ақшораның [15, 19 б. ] «Үш тәсілді саясат» мен Зия Гөкалптың [16] «Түріктену, исламдану және жаңа заманға сай болу», «Түрікшілдіктің негіздері» еңбектері бүгінгі таңда да құндылығын жоғалтпаған [17] .
Кеңес өкіметі құрылғаннан кейін ұлт-азаттық күресті басқарған қоғам қайраткерлері қысымға ұшырады. Олардың арасында Түркияға қоныс аударған башқұрт халқының көсемі Заки Уәлиди Тоғанның «Естеліктер» («Hatıralar») мен «Бүгінгі түрік елі және Түркістанның жаңа тарихы» («Bugünkü Türk İli ve Türkistan’ın Yakın Tarihі») және әзірбайжандық Мехмет Эмин Расулзаденің «Әзірбайжан Республикасы» мен әзірбайжан жетекшілірінің бірі Мирза Бала Мехметзаде «Әзірбайжан ұлттық анты» («Azerbaycan Misak-ı Millisi»), «Әзірбайжан ұлттық қозғалысы» («Milli Azerbaycan Hareketi») еңбектері тікелей түрікшілдік тарихына арналған. Бұл жұмыстарда Түркістанның сол уақыттағы әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы туралы жазылған. Әзірбайжандық зиялылар Стамбулда «Әзери Түрік» журналын шығарып, онда Кеңес өкіметі құрамындағы әзірбайжандықтардың тағдырына байланысты да құнды мақалалар жариялап тұрған.
Түрікшілдік мәселесін, соның ішінде жәдидшілдік әрекетінің өрістеуі мен оның Қазақстан мен көрші елдерге таралу тарихы туралы жазған Баймырза Хайыттың жұмыстары батыста, Түркияда жоғары бағаланады [18] . Баймырза Хайыттың жұмыстарының басым бөлігі Түркістандағы басмашы әрекетіне арналған, оны Б. Хайыт жалпы жергілікті халықтың жұдырықтай түйіліп, Ресей империясының озбырлық саясатына қарсы бағытталған күресі ретінде қарастырған.
Кеңес өкіметі шарықтаған жылдарда Түркияда түрікшілдік мәселесін зерттеу жұмыстары жалғасын тапқан. Түрікшілдік тарихы мен түрікшілдікті зерттеу бағытында құрылған ұйымдардың белсенділігін, сондай-ақ олардың баспа беттерінде жарияланған құнды мақалаларына сараптама жасаған ғалымдардың қатарына Хусейін Намык Оркунның жұмыстарын жатқызуға болады. Автор өз еңбектерінде Ресейдегі және Түркиядағы түрікшілдіктің негізгі басымдықтарын нақты материалдар незігінде қарастырған [19] . Соңғы кезеңдерде Түркиядағы ғалымдар түрікшілдікке қызу мән беріп, құнды зерттеулер жүргізуде. Олардың арасында Низам Өненнің [6], Юсуф Сарынайдың [3], Фусун Устелдің [20], Рыдван Акынның [21] еңбектері Түркия мен Ресейдегі түрікшілдік әрекеттер турасында маңызды пікірлерін баян еткен. Аталған зерттеушілерден тыс түрікшілдіктің негіздерін Ахат Андижан өз еңбектерінде нақты зерттей келе, Түркістан халқының тәуелсіздік үшін күресінің сәтсіздікпен аяқталуын, бірақ оның өзге елдерде де жалғасқандығын нақты құжаттарды пайдалана отырып зерделеген [22] .
Тікелей басмашы әрекетіне қатысып, кезінде Энвер Пашамен бірге қозғалысқа аттанған Абдуллах Режеп Байсун өз естеліктерінде сол заманғы жағдайды сипаттаған [23] . Басмашы әрекетінің соңғы уақыттарда атсалысқан және Түркістан халқының ұлт-азаттық күресіне куә болған Энвер Пашаның бұл күрестегі орны мен қызметі жайлы Шевкет Сүрейа Айдемир өз жұмыстарында нақты айқындаған [24] .
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Түркістан толықтай Ресей империясының отарына айналып, бұл жерде түрлі тәсілдермен орыстандыру және халқын шоқындыру саясаты жүргізіледі. Осы сәтте түрікшілдікке байланысты орыстық-шовинистік сипаттағы бірқатар еңбектер дүниеге келген. Олардың қатарына С. М. Граменицкийді, Н. П. Остроумовты, А. Е. Алекторовты, И. Н. Ильминскийді, А. Добросмысловты, И. А. Бобровниковты [25] жатқызуға болады.
Ұлт-азаттық күрес жолында және «Ұлы Түркістанды» құруды аңсаған қоғам қайраткерлердің қатарында М. Шоқайдың орны ерекше. Түркістандағы халықтың қиын жағдайға дұшар болғандығын, ондағы әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелердің өзара шырмауықтанып кеткендігі жайлы М. Шоқай 1927 жылдан бастап Стамбулда жарық көрген «Йени Түркістан» журналында мақалалар жариялайды. Сонан соң ол 1929 жылдан бастап өзі шығарған «Яш Түркістан» журналы арқылы батыс жұртшылығына Түркістандағы шынайы жағдайды танытқан. Бұл журналдарда түрікшілдік қозғалысына байланысты көптеген ғылыми мақалалар жарық көреді [26] .
Кеңестік дәуірде түрікшілдік және түрік халықтарының ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінің тарихы коммунистік идеология құрсауында қалғандығы белгілі. Осыған байланысты оның шынайылығы біртарапты, кеңестік концепцияның шеңберінде айқындалатын. Кеңестік дәуірде түрікшілдікке-агрессивтік экспансияшыл, буржуазиялық-ұлтшыл қозғалыс деген баға берілген, халқының азаттығы үшін күрес жүргізген көшбасшыларына болса «бүлікші» және «жікшіл» деген орынсыз айыптар тағылатын. Д. Л. Голинков Орта Азиядағы басмашылар қозғалысын ағылшындықтармен ауыз жаласқан, антикеңестік қозғалыс ретінде қарастырған [27, 276-290 бб. ] . Осы іспетті еңбектер Кеңес өкіметі жылдарында көптеп жарыққа шықты. Олардың қатарына А. И. Зевелевтің, Ю. А. Поляковтың, А. И. Чугановтың, Э. Ю. Юсуповтың, Б. В. Луниннің жұмыстарын жатқызуға болады. Бұл авторлар өз еңбектерінде басмашы сөзін «қарақшы», «зорлаушы» және «бандит» сөздерімен теңестіреді [28] .
КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанда ұлттық тәуелсіздік пен түрікшілдік мәселесіне байланысты заман талабына сай бірқатар құнды еңбектер дүниеге келді. Олардың арасында К. Н. Нұрпейістің [29], М. Қ. Қойгелдиевтің [30], Т. Омарбековтың [31], О. Қоңыратбаевтың [32], И. В. Минеевтің [33], К. Л. Есмағамбетовтың [1] еңбектері түрікшілдік қозғалысына байланысты құнды мәлімтетерді ғылыми айналымға тартқан. Тұңғыш 1920 жылы жарық көрген Г. Сафаровтың «Отарлық революция» атты еңбегі қайта басылып шықты [34] . Бұл ғалымдардың арасында К. Л. Есмағамбетовтың М. Шоқайдың түрікшілдік идеясын, оның бұл жолдағы қоғамдық-саяси және ғылыми күресін мұрағат құжаттары негізінде ашқан «Әлем таныған тұлға» монографиясын ерекше атауға болады. Ғалым М. Шоқайдың дүниетанымының қалыптасуынан бастап, тәуелсіздік үшін жүргізген күресін, Түркістан Мұхтариятын құру жолындағы сіңірген еңбегін, эммиграцияда жүрген кезінде «Түркістан Ұлттық бірлігі» ұйымының құрғанын жан-жақты қарастырған. Түркішілдік, соның ішінде эмиграциядағы Ә. Ибрагимовтың, Ю. Ақшораның, сондай-ақ Алашорда мен Еділ-Орал төңірегіндегі зиялыларының өзара байланыстарын С. К. Рүстемов өз еңбектерінде нақты мұрағат құжаттарының негізінде айқындаған [35] . Ол 1917 жылы Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылман съезінде башқұрт ұлттық саяси элитасы өкілдерінің Ресейдің болашақ мемлекеттік құрылысы мәселесін талқылаған кезде ұлттық-автономия идеясын қуаттап, Башқортстанның, Қазақстанмен және Түркістанмен бірлесе территориялық автономия құруын жақтайтындықтарын жазған [36] . Сонымен қатар қазақ халқының ұлт-азаттық жолындағы түрікшілдік қозғалысының орны мен роліне С. Шілдебай өз еңбектерінде оң баға беріп, осы жолда қызмет еткен халықтың егемендігі мен құқықтары үшін күрес жүргізген зиялы азаматтардың қызметіне ден қойып, зерделеген [37] .
Түрікшілдік мәселесімен Өзбекстанда да бір қатар ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Ресей империясының, сонан соң Кеңес өкіметі жылдарында империяның отарлаған аймақтарында тұншықтырушы саясат жүргізгендігі жайлы еңбектер шығарған. Олардың қатарына Х. Зияевтің [38], Р. Шамсутдиновтың [39] және Д. А. Алимованың [40] редакторлығымен Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Тарих институтында шыққан ғылыми жұмыстарын жатқызуға болады. Аталмыш ғалымдар Ресей империясының Түркістанда өз үстемдігін орнатудағы жасаған реформаларынан бастап, оған қарсы жергілікті халықтың ұлттық күресін сипаттай келе, Түркістанның жалпы ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтік-экономикалық және ұлттық күресінің алғышарттарын, себептері мен барысын айқындауға тырысқан. Бұл ғалымдардың арасында Р. Шамсутдиновтың еңбектерін ерекше атауға болады. Автор Кеңес өкіметінің түрікшілдікке қарсы күресінің қатерлі жәйттарын аша білген. Әсіресе, тәуелсіздік жолында құрбан болған өзбек көшбасшылары - Латифжан Садықов, Абдурахим Юсуфзада, Хаққұл Хусанбаев, Акбар Уразалиев т. б. өмір жолын мұрағат құжаттарының негізінде зерттеген.
Түркістанда ұлт-азаттық идеологияның қалыптасуы, 1917 жылдың ақпан айынан кейін Түркістандағы қоғамдық-саяси өмірдің өзгерілуі, Түркістан автономиясы идеясының қалыптасуы, Түркістан аймақтық мусылман кеңесінің қызметі мен бүкілтүркістан ұлттық қозғалысы және Түркістан мухтариятының құрылуы туралы С. Ағзамходжаев көлемді зерттеу жұмыстарын жүрген [41] .
Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін түрікшілдікке байланысты Татарстанда да елеулі зерттеулер жүргізілді. Р. Ф. Мухаметдинов тарапынан 1995 жылы Қазанда жарияланған «Зарождение и эволюция тюркизма» атты еңбекте Юсуф Ақшораның қызметі қарастырылып, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Ресей және Түркиядағы түрікшілдік қозғалысын, ХХ ғасырдың соңына таман Түркиядағы, Ресейдегі және ТМД шеңберіндегі түрікшілдік әрекеттеріне көңіл аударған [42] . Татарлардың ұлттық егемендігі үшін жүргізген күресі жайлы құнды жұмыстарды дүниеге әкелген татар ғалымы Р. Амирханов, революцияға дейін және Кеңес өкіметінің құрылуынан кейін татарлардың ұлттық күресі туралы мәселелерді қолға алып, жіті қарастырған [43] . Кеңес өкіметінің ыдырауының бастапқы кезінде татар ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілерінің бірі болған Аяз Исқақидің, Мұса Бигиевтің бірқатар еңбектерінде түрікшілдіктің негіздері, сондай-ақ татарлар арасындағы бұл идеяның кең таралуы, оның салдарлары айқын көрініс тапқан [44] .
Посткеңестік ауқымда түрікшілдікке нақты баға беру мақсатында көптеген халықаралық ғылыми-теориялық және практикалық конференциялар ұйымдастырылды. Мәселен, Әзірбайжанның Баку қаласында 1998 жылы «Әзірбайжандағы түрікшілдік және әзірбайжандық мәселелер» тақырыбында конференцияда Әзірбайжандағы түрікшілдікдің қалыптасуы мен дамуының негізгі аспектілері ортаға салынып, талқыланды [45] . Бұл сынды конференциялар кейінгі жылдары, 2003 жылы ТҮРКСОЙ тарапынан Анкарада «Ысмайыл Бей Гаспыралы және Зия Гөкалп» атымен ұйымдастырылып, оған Түркиядан тыс жерлерден, Қазақстан, Татарстан және өзге түрік халықтары өмір сүретін аймақтардан көптеген ғалымдар қатысты. Жалпы бұл конференцияда түрікшілдіктің негізін қалаған және оның кең қанат жайылуына ат салысқан көсемдердің қызметі зерделенді. 2005 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас мекенінде Тұрар Рысқұловтың 110 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Онда Тұрар Рысқұловтың қызметі және оның Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар түркі әлеміне сіңірген еңбегі жайлы баяндамалар жасалып, тұлғалық ерекшелігі дәріптелді.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Түркістанда ұлт-азаттық идеялардың қалыптасуында мұсылмандықтың рөлі мен қызметіне байланысты кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды [46] . Ресейдегі мұсылмандық пен мектеп, медреселердің және мешіттердің түрікшілдік бағытындағы қызметі туралы О. Н. Сенюткина зерттеу жұмыстарын жүргізген [47] .
Жалпы, түрікшілдік қозғалысы жайлы ғылыми, аналитикалық, саяси және естеліктер түрінде жұмыстар алуан қырлы. Оларды диссертациялық жұмыста барынша көрсетуге талпыныс жасалды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz