Зерттеудің мақсаты мен міндеттері



Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 32 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 94 + 32] (574) (092)
Қолжазба құқығында

Тұрғараева Гүлфара Махамбетқызы

Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі (
1872 – 1937 жж. )

07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы )

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

авторефераты

Қазақтан Республикасы
Алматы, 2009
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым
комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес
дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалды.

Ғылыми жетекшісі: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Мажитов С.Ф.

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Қойгелдиев М.Қ.

тарих ғылымдарының кандидаты,
доцент Жүгенбаева Г.С.

Жетекші ұйым: С. Торайғыров атындағы Павлодар
университетінің Тарих, археология
және этнология кафедрасы.

Диссертация 2009 ж. 26 қарашада сағат 14-30 да Қазақстан
Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих
ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01
Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы,
Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының
қолжазбалар қорында танысуға болады.

Автореферат 2009 ж.
таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғылыми хатшысы,
тарих ғылымдарының докторы А.Т.Қапаева
КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Еліміз егемендік алып, тәуелсіз
мемлекет құрғанымызда ел қамын ойлап, сол жолда өздерінің саналы ғұмырын
құрбан еткен азаматтардың ұлт-азаттық қозғалысының тарихын қайта қарап,
шынайы түрде ақтаңдақтардың бетін ашып жаңа заман талабына сай
зерделеудің маңызы зор.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Адамзат баласы өткен тарихын жадында
сақтап, одан сабақ алуы қажет. Еліміздің зиялы қауымының жиынында елбасымыз
қазақ елінің арғы-бергі тарихи жолын ой елегінен өткізіп, әрбір азамат
тарихтың өткеніне үңіле қарау арқылы өзінің ата-бабалары қалдырған кең
байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын деп, қоғамдық ғылым
салаларына, соның ішінде тарихшыларға зор міндеттің жүктеліп отырғандығын
атап көрсетті. Кеңес үкіметінің тұсында қалыптасқан саяси-әлеуметтік
жағыдай, қоғамда шектен тыс шыққан үгіт-насихаттың арқасында
зерттеушілерімізді қате пайымдаулар мен сыңаржақ тұжырым жасауларына
итермеледі.
Кеңестік тарих ғылымы төңкеріске дейінгі жекелеген ұлттық тұлғалардың
өмір жолдары мен азаттық жолындағы күресі мен ұлтына арнаған қоғамдық-саяси
қызметтерін өмірге жанаспайтын ұғымдар тұрғысынан қарастырды, зерттеуге
тыйым салды, ал зерттеле қалғандары сыңаржақ бағаланып, тарихи шындық
тұрғысынан бағалауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан да тарихтың бұл беттерін
қайта қарастырып, әлі де болса қолданбай келген мұрағат құжаттары арқылы
жаңа шынайылық көзқараспен сынай отырып, қазақтың қырық төресінің бірі
Ахмет Байтұрсыновтың Ресей патша үкіметі, Кеңес үкіметі тұсындағы
қайраткерлік өмірі мен қоғамдық-саяи және мемлекеттік қызметтері туралы
тарих саласында осы кезеңге дейін толық, арнайы түрде ғылыми тұрғыдан
зерттелмеген тұстарын кешенді түрде ашып көрсету тақырыбымыздың өзектілігі
болып отыр.
А. Байтұрсынов Қазақстан мен Орта Азия халықтарының ХХ ғасырдың 20-30
жылдарындағы тарихында ерекше орыны бар аса ірі саяси қайраткер. Ол өзінің
орасан зор ерік-жігерімен, ірі ұймдастырушылық қабілетімен, саяси
оқиғаларға көзқарасының тұрақтылығымен зор беделі мен құрметке ие болды.
Теориялық жағынан жетік болғандықтан, өз қызметінде таптық белгілерден гөрі
ұлттық ұстанымды ұстанды.
А. Байтұрсыновтың есімі Алашорда үкіметімен тығыз байланыста
болғандықтан, оның қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін зерттеудің
қиыншылығы да аз емес. Себебі зерттеу нысанасының ауқымы өте кең әрі тым
қайшылықты. Сол себептен қайраткердің өмір сүріп, қызмет еткен кезеңдегі
аса күрделі тарихи құбылыстар мен саяси оқиғаларға барынша терең үңілуге
тура келеді. А. Байтұрсынов 1905 жылдан бастап өмірінің соңына дейін (1937
ж.) саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді, сол үшін 1907 жылдан бастап
қуғынға ұшырап, бас бостандығынан айырылып, кейін Қазақ даласынан тысқары
жерлерге жер аударылады және оған саяси сенімсіз деген айдар тағылып
үнемі патша үкіметінің бақылауында жүрді.
1913 жылдан бастап Қазақ атты апталық газетін ұйымдастырып, осы
газет арқылы саяси үгіт-насихатқа өзі жетекшілік етіп, айналасына қазақ
зиялыларын топтастыра білді. Отарлық езгіге қарсы ірі саяси оқиғаның бірі –
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұсында қазақ халқын аман-сау сақтап
қалудың жолдарын іздеп, патша үкіметі мен халықтың арасында ымырагершілік
саясатын ұстанды. Саяси саутты, мол тәжрибе жинақтаған А. Байтұрсынов
осы тұста газет арқылы халықтың һәм құлағы, һәм көзі және нағыз
жанашырына айналды.
Қарастырып отырған тақырып отандық тарихымыздың күрделі саяси
кезеңдерімен және барлық саяси оқиғалардың арасында біте қайнасып жүрген А.
Байтұрсыновтың өміріне, сол арқылы саяси көзқарастары мен мемлекетте
атқарған қызметтерін ашуға арналған. Ол ХХ ғасырдың бірінші жартысында
өзіндік орны бар аса ірі саяси қайраткер. Ресейлік патша үкіметінің тұсында
саяси сенімсіз адамға айналса, ал Кеңес үкіметі тұсындағы тоталитарлық
жүйе қазақ мемлекет қайраткерлері мен зиялыларын оңшыл, ұлтшыл,
байшыл, пантюркист, төңкеріске қарсы шығушылар деп айыптап, қоғамнан
аластатып, халық жауы айдарымен тарих бетінен өшіргісі келседе, А.
Байтұрсыновтың өмір жолының тарихы, саяси күресі мен мемлекеттік қызметі
арқылы жеке тұлға ретінде қарастыру зерттеу жұмысымыздың басты өзектілігіне
айналды. Сол себептен де, зерттеу жұмысымызда ХХ ғасырдың басындағы саяси
ең өзекті мәселелерге белсене араласып, ұлт мүддесі үшін құрбан болған А.
Байтұрсыновты мемлекетіміздің аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері
сондай-ақ жеке саяси тұлға ретінде қарастырып, оның қызметінің тарихын
ғылыми тұрғыдан терең жан-жақты зерттеп, барлық қырынан толық кешенді түрде
баяндау арқылы ашып көрсетуді көздедік.
Сонымен қатар қарастырылып отырған зерттеу тақырыбы тарихи-танымдық
және тәжрибелік тұрғыдан да сұранысқа ие екендігі айшықталды.
Диссертациялық жұмыстың зерттелу деңгейі. Мемлекет және қоғам
қайраткері А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі
отандық тарихымызда ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеу нысанасына алынып
қарастырылған емес. Ұлт зиялысының өмірбаяны мен шығармашылығына, оның
қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне қатысты өз тұсында жарық көрген
мерейтойлық құттықтау мақалалар, өмірбаяндық очерктер, энциклопедиялық
баяндамалар, сондай-ақ библиографиялық басылымдарда тарихи тұлға туралы
қысқаша мәліметтер берілген. 1988 жылы 4-ші қарашада Қазақ ССР-ң Жоғары
Сотының шешімімен А. Байтұрсынов ресми ақталғаннан кейін көптеген мақалалар
қайраткердің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі мен шығармашылығына
арналған және содан бері көптеген диссертациялық зерттеулер мен жинақтар
жарық көрді.
А. Байтұрсыновтың қызметін зерттеуге арналған еңбектерді негізінен
бірнеше кезеңдерге бөлуге болады. Алдымен төңкеріске дейінгі кезеңге, яғни
1905 жылы Қарқаралыда Қоянды жәрмеңкесінде Ресей патша үкіметінің атына
хұзырхат (петиция) жазудан басталып баспасөз арқылы бұхараға мәлім болады,
патша әкімшілігінің арасында саяси сенімсіз адамға айналады. Бұл хат
қазақ халқының тарихындағы ең ірі, саяси маңызы зор құнды құжат болып
табылады. Ресей патша үкіметіне оппозициялық көңіл-күйде тұрған
Петербургтік халықшылдар тобы шығарған либералдық бағыттағы Сын Отечества
[2] газеті 1905 жылы 4 қазанда тұңғыш рет Қарқаралы оқиғасы туралы
көлемді мақала жариялады. Онда қайраткердің жазықсыз патша түрмесінде
отырғандығын мәлімдеп, Крыловтың 40 мысалын қазақ тіліне аударып және оған
4 қатар шумақ ретінде түсіндірме бергендігін баяндай келіп, түрмеден
босатуды талап еткен.
Кеңестік дәуір кезеңіне, яғни ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Кеңестік үгіт-
насихат арнасында жарық көрген тарихи-саяси әдебиеттерде, баспасөзде
А. Байтұрсыновтың қызметіне буржуазияшыл, байшыл, ұлтшыл деп
біржақты теріс баға берілді. Аталған ғасырдың 30-шы жылдардың басынан
бастап 80-шы жылдың аяғына дейін бұл тақырыпты нақты тарихи тұрғыдан
зерттеуге ресми үгіт-насихат қарсы болып, тыйым салды. Оның аты мен қызметі
тек тап жауы ретінде қарастырып, оны халық жауына айналдырды.
Қазіргі кезеңде, тек 1990 жылдың басында ғана тарихи шындықты қалпына
келтіруге бағытталған зерттеулердің жарық көре бастауымен ерекшеленеді.
А. Байтұрсыновтың тарихнамасы негізінен ХХ ғасырдың басында басталған
болатын Алғашқылардың бірі болып Байтұрсынов туралы мәлімет берген
еңбектердің қатарына М. Дулатов, М. Әуезов, Т. Шонанов,
С. Сейфуллин болды. Ал өзге ұлт өкілдерінің арасында А.Байтұрсыновтың
өмірбаяны мен ғылыми, шығармашылық еңбектерінен мәліметтер берген
А. Кононов және т.б. болды [1]
20 жылдың соңы мен 30 жылдың басында жарық көрген зерттеу еңбектері
қоғамдық-саяси оқиғаларды таптық көзқараспен бағалап, тарихи оқиғаларды
бұрмалауға кеңінен жол ашты. Тарихи танымдағы бағыттар кеңестік жаппай
ұжымдық тәртіпті орнатуымен мемлекеттік сипат алды. Солардың қатарына
А. Байтұрсыновтың саяси қызметін, ұлт мүддесін қорғаудағы ой-пікірлері,
ұсыныстары мен оны жүзеге асыру үшін жүргізген қоғамдағы саяси күресі -
байтұрсыновшылдық деп таңбаланды. Негізінен сол кезде байтұрсыновшыл,
рысқұловшыл, садуақасовшыл, ходжановшыл дегенді ең алғаш ресми түрде
қолданғандар – В.В. Куйбышв, И.Е. Любимов және Н. Төреқұловтар болды.
Жалпы, А. Байтұрсыновпен қызметтес болған замандастарының осы бір
байтұрсыновшылдық туралы жазбағаны кемде-кем. Солардың ішінде
А.Байтұрсыновтың қоғамдағы саяси қызметін барынша теріс түсіндіруге
тырысқан, байтұрсыновшылдық деп айыптаушылардың алғашқыларының бірі Ғ.
Тоғжанов болды. Ол О Байтурсунове и байтурсуновщине [2] атты өз еңбегінде
А. Байтұрсыновты Ресейлік патша үкіметінің үгіт-насихатшысы деп айыптап,
бүкіл еңбегін теріске шығарған.
ХХ ғасырдың 40-70 жылдары М.С. Сапарғалиев және А.С. Елагиннің [3].
зерттеген еңбектері ұлт зиялыларының қазақ қоғамын саясаттандырудағы іс-
шараларын Қазақстандағы Кеңес төңкерісінің жеңістерімен байланыстырып
салыстырмалы түрде көрсету арқылы, ұлт-азаттық қозғалыс, оның ішінде қазақ
мемлекетін құру мәселесіне арналған. Бұл жарық көрген еңбектердің
ерекшелігі пролетариат пен еңбекші бұқараның ұлт-азаттық қозғалысындағы
тізе қосуымен қатар панисламдық, тантүріктік мәселесі де қоса
қарастырылған.
1980 жылдың соңында басталған қоғамдағы демократиялық жаңарулар және
Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігіне қол жеткізуінің нәтижесінде
Отандық тарих ғылымы ескі методологиялық ұстанымдардан арылып, жаңа бағытта
дамуына мүмкіндік алды. Соның басты нәтижесі – кеңестік жүйе тұсында
бұрмаланып, біржақты қаралған тарихи әлеуметтік-саяси үрдістерге деген
көзқарас тарихшы-зерттеушілер тарапынан терең көңіл бөлініп, мүлдем жаңа
сипат алып, шынайы тұрғыдан қарастырыла бастады. Отандық тарихымыздың
ақтаңдақ беттерін жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеген еңбектер жарық көре
бастады. Соның айғағы, А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси, мемлекеттік
қызметі мен өмірі өз мәнінде зерттеле бастады. Баспасөз беттерінде
тарихшылар, тілшілер, әдебиетшілер А.Байтұрсыновтың қоғамдық болмысының бір
қырын ғана танытатын мақалалар жариялады. Олардың басым көпшілігі Р.
Сыздықова, Ә. Шәріпов пен С. Дәуітов [4] еңбектерінде қайраткердің әдеби-
шығармашылық мұрасы мен ағартушылық-ғылыми қызметіне, ақындығына арналған.
1990 жылдардың басында қазақ зиялы қауымдарының өмірі мен атқарған
қызметтерінің тарихын қайта зерттеу мәселесі көтерілгенде Қазақстандық
ғалымдар ұлт-азаттық қозғалысы, соның ішінде Алаш партиясы мен Алашорда
үкіметінің ұлттық мемлекеттік құрылым ретіндегі қызметін және ғасыр
басындағы ұлт зиялыларының тәуелсіздік жолындағы қоғамдық-саяси,
мемлекеттік қызметтерін талдап көрсететін іргелі зерттеулер жүргізіп,
еңбектер жазды. Олардың қатарына М.Қ. Қозыбаев, М.Қ. Қойгелдиев, С.Ф.
Мажитов, Д..Аманжолова [5] еңбектері жатады.
Әр саладағы ғалымдардың түрлі ғылым саласы бойынша кандидаттық
зерттеу жұмыстарының қатарына мысалы, филологиядан Б. Момынова,
журналистикадан Қ. Сақов, педагогикадан Б. Иманбекованың[6] еңбектері
жатады. Аталған еңбектерде қайраткердің педагогика, журналистика саласына
қосқан ой-пікірлері мен тәжрибесін жан-жақты зерттеп талдауға алғандығын
көрсетіп отыр. Тарих саласы бойынша Қ. Атабаев және А. Мұсағалиева [7].
зерттеу еңбектерінде мұрағаттық түп-деректерге сүйене отырып қайраткердің
Алаш қозғалысы тұсында өзге де зиялылармен қоса атқарған қоғамдағы саяси
және публицистикалық қызметін баяндай келіп, Халық Ағарту Комиссарларының
қызметін талдай отырып А. Байтұрсыновтың да қызметін мұрағат деректеріне
сүйеніп біршама қарастырған.
Философия ғылымы саласы бойынша Қ. Әшкееваның Ахмет Байтұрсыновтың
философиялық көзқарасы [8] атты еңбегі қайраткердің дүниетанымының
қалыптасуы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ философиясына қосқан үлесі мен оған
тигізген әсерін қарастырған. Жоғарыда аталған зерттеу жұмыстарының арасында
қайраткердің өмірбаянына, соның ішінде күні бүгінге дейін көп талас-тартыс
туғызып келген тарихи оқиға – А. Байтұрсыновтың шын мәнінде туылған жылы,
күні және айы болатын. Осы мәселеге байланысты Р. Имаханбетова [9] мұрағат
деректеріне сүйене отырып, бұрын аса көп көңіл бөлінбей, назардан тыс
қалған бірнеше мұрағат құжаттарын талдап, зерттеу жұмысында пайдаланып
оның ғылыми құндылығын арттырды. Бізде өз жұмысымызда сол мұрағат
деректерін пайдаландық және Р. Имаханбетованың жұмысы талдау жұмысымызға
тірек болды.
Тәуелсіздік жылдары зерттеуге алынған өзекті тақырып бойынша
халықаралық, республикалық дәрежеде зерттеулердің тәжрибелік негізгі
ұстанымдарын белгілеген ғылыми теориялық және тәжрибелік конференциялар,
пікір алысуға арналған дөңгелек столдар ұйымдастырылды. Оларда Алаш
қозғалысы қайраткерлерінің, соның ішінде А.Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси
қызметіне арналған мәселелерді қарастырды. Солардың нәтижесінде оның
қызметіне баға берілді.
Осылайша отандық тарих ғылымында А. Байтұрсыновтың өмірі мен
қызметінің жеткілікті түрде зерттелмегендігін көрсетті. Дегенмен
А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси қызметі бірқатар ғылыми
зерттеулерде қамтылған. Алайда, Алаш көсемінің қоғамдық-саяси және
мемлекеттік қызметі ғылыми еңбектерде толық көрініс тапппаған. Сондықтан
біз қарастырып отырған тақырып арнайы зерттеу нысанасына аланбағандығына
көз жеткіздік. Осыған орай зерттеуіміздің мынадай мақсат міндеттерін
айқындауға болады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси
және мемлекеттік қызметін жаңа тарихи көзқарас тұрғысынан қорытып, бұрын
тарихымызда белгісіз болып келген немесе әдейі бұрмаланған тұстарын тың
деректерге сүйене отырып тарихи шындық тұрғысынан зерттеу оның шынайы
келбетімен қайталанбас ерекшеліктерін ашып көрсету – зерттеу жұмысының
басты мақсаты болып табылады. Осыған орай зерттеу жұмысының алдына мынадай
міндеттер қойылады:
- А. Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі жайында бұрын жарияланбаған
құжаттар мен деректерді ғылыми айналымға енгізу;
- Қайраткердің қоғамдық, саяси, мемлекеттік және ғылыми қызметіне қатысты
барлық зерттеулерді, мұрағат құжаттары мен басқа да дерек көздерін жаңа
заман талаптары тұрғысынан саралап, ол туралы баға берген еңбектерді
талдап, қарастыру;
- Саяси көзқарасының қалыптасуына тигізген оның өскен ортасының әсерін
анықтау;
- Білім алған орны мен ағартушылық қызметінің саяси күрестегі орыс
зиялылары арасындағы арақатынасын салыстыру арқылы оның дүниетанымын, саяси
көзқарасының өсуінің ішкі мазмұнын, табиғатын ашу;
- Қазақ газетін ұйымдастырып, сол арқылы атқарған қоғамдағы саяси үгіт-
насихаттық күресін айқындау;
- А. Байтұрсыновтың қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық
көтерілісі мен Ақпан төңкерісі тұсында ұстанған саяси бағытын, оның себеп-
салдарын, майданға байланысты қара жұмысқа еріксіз алынған қазақ жастарына
көрсеткен қызметіне баға беру;
- Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін орнатуда, ұлттық тұтастыққа қол
жеткізу жолында жүргізген саяси күрестерінің бағыттарын ашу;
- Кеңестік билік тұсында атқарған мемлекеттік, қоғамдық-ағартушылық және
ғылыми қызметтерін бағамдау;
- А. Байтұрсыновтың тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргініне ұшырауын
деректер негізінде дәйектеу.
Зерттеу нысанасы. Кеңестік қоғам дамуындағы ұлт тұлғаларының тарихтағы
орнын анықтап мемлекет және қоғам қайраткері, ұлы ғалым А.
Байтұрсыновтың өмірі, қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін қарастыру.
Зерттеу пәні. А. Байтұрсыновтың өмірі мен қоғамдық-саяси және
мемлекеттік қызметін өзі өмір сүрген және қызмет еткен қоғамның дамуымен
байланыстыра зерттеу, саяси көзқарастарына талдау жасау.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Зерттеу жұмысының мерзімдік
шегі қайраткердің дүниеге келуінен бастап қуғын-сүргін құрбаны ретінде мерт
болған уақытына дейінгі, яғни 1872-1937 жылдар аралығын қамтиды.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдістемелік негізі. Зерттеу жұмысын
жазу барысында соңғы жылдары отандық тарих ғылымында болып жатқан
түбегейлі өзгерістерді негізге алдық. Танымдық мүмкіндіктердің көбеюі
зерттеу негізіне саяси, тарихи-мәдени, өркениеттілік тәсілді қолдануға жол
ашты. Әрбір өркениеттің өзіндік ерекшеліктерін тану, оның біртұтастығы,
өзіне тән мәнге ие тұрақты жүйе, өмірлік философиясы, құндылықтар жүйесі
және тарихи-мәдени дәстүрлерді, соған сәйкестендірілген халықтардың, жеке
тұлғаның өмірі, әлеуметтік және саяси институттары, ұлттық басымдылыққа ие
ұсыныстар мен құндылықтарын неғұрлым терең танып білуіне деген ұмтылыстарға
әкеледі. Міне, осындай тәсілдерді пайдаланудың нәтижесінде жарық көрген ұлт
зиялыларының өмірі мен қызметін зерттеу мәселелері бойынша қалыптасқан жаңа
ғылыми тұжырымдар мен ұлттық ғылыми мүдде ұстанымдар негізі болып табылады.
Зерттеу әдістемелік негізіне ғылыми танымның жүйелілік, салыстырмалы талдау
және тарихи шынайылық ұстанымдары қолданылды.
Зерттеу барысында әдістемелік негізі мен тұғырнамалық ұстанымдарын
қалыптастыруда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың
Қазақстан халқына (18 ақпан 2005 жыл) Жолдауындағы ғылым халыққа қызмет
етуі керек деген сөзі басшылыққа алынды. Сонымен қатар Орталық Азия мен
Қазақстан өркениетіне қатысты теориялық-дуниетаным, қазақ халқының
менталитетіндегі басты ұстанымдар, ұлттық тәуелсіздіктің даму стратегиясы,
кеңестік кезеңдегі таптық-партиялық әдіс-тәсілдерден бас тарту - зерттеу
жұмысының негізіне алынып, ұлт зиялысының шынайы бейнесін сомдау арқылы,
тарихи салыстырмалық, қазіргі заман төрінен баға берудің шынайылығына қол
жеткізуге мүмкіндік берерлік тәсілге жүгіндік.
Республикамыздың тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан
тарихында ұлт зиялыларын зерттеуде жаңа ізденістерді қолға алған М.
Қойгелдиев, С. Мажитов [10] және басқа да ғалымдардың монографиялық
зерттеулері дәлел болады. Олар көтерген ұлт зиялыларының қоғамдағы қызметі
мен орнын ашып көрсетудегі қолданылған тың зерттеу әдістері арқылы
өздерінің монографиялық зерттеулерінде отан тарихындағы әртүрлі кезеңдерде
өмір сүрген ұлт қайраткерлерінің қоғамдық бейнелеріне жан-жақты ғылыми
тұрғыдан баға берілген.
Міне, сондықтан зерттеу барысында жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікірлер
мен тұжырымдар, жаңа тарихи көзқарастар тұрғысынан жазылған зерттеулер
басшылыққа алынды. Диссертациялық зерттеудің әдістемелік және теориялық
негізін диалектикалық тарихи даму заңдылықтары мен жүйелілік әдістері
арқылы бердік. Сонымен қатар тарихилық, өркениеттілік пен тарихи ұстанымдар
мен концептуальдық ережелер, танымдық теория негіздері алынып, жасалған
тұжырымдар мен айтылған пікірлердің өзара үйлесілімділікте болуына басты
назар аударылды.
Зерттеудің деректемелік негізіне алынған мұрағаттық құжаттар, баспасөз
материалдары, жарық көрген деректер, естеліктер және
А. Байтұрсыновтың өзінің еңбектері кеңінен пайдаланылып ғылыми айналымға
тартылды. А. Байтұрсыновтың өмірі мен қызметіне қатысты деректерді мынадай
топтарға бөліп көрсетуге болады:
Төңкеріске дейінгі кезеңде, А. Байтұрсыновтың туып өскен ортасында
оның көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен Ресей патша үкіметінің қазақ
даласында тереңдетіп жүргізген отарлау саясатының нәтижесінде қоғамда
қалыптасқан ахуалды айшықтайтын мұрағат құжаттары Қазақстан Республикасының
мемлекеттік орталық мұрағатында (ҚР ОММ) сақталған қорлардың ішінде: № 25
қордың Торғай облыстық басқармасы атты істер тізбегінде патша үкіметі
әкімшілігінің көрсеткен әділетсіздігін көріп өскен А. Байтұрсыновтың
көзқарасының қалыптасуына тигізген ықпалы туралы мол мәлімет береді; № 95
қордың Орынбор қазақ мұғалімдер мектебі құжаттар топтамасында А.
Байтұрсыновтың патша үкіметі тұсында алған білімінің деңгейін айғақтайтын
ресми құжаттарда оның курстан курсқа көшірілген табелі, оқыған пәндері
бойынша тапсырған емтихан билеттерінің жауаптары мен алған бағалары, оған
берілген педагогикалық, психологиялық, физиологиялық мінездемелердің
мәтіндері, училищені бітіргендігін растайтын куәлігі мен алғашқы жұмыс
орнына жіберілген жолдамасы және А. Байтұрсыновтың
Аймақтық оқу басқармасына жазған арыздары сақталған. № 921 қорда Қырғыз
(қазақ) өкесі патша үкіметі тұсындағы ағарту салысын басқаруға қатысты
мәліметтер беретін құжаттар топтамасынан мол дерек алдық. Бұл құжаттар
бұрын-соңды талдауға түспеген тың деректер, А.
Байтұрсыновтың алғашқы ұстаздық жолға түсуін көрсеткендіктен, біз бұл
деректерді молынан пайдаландық; № 44 қор Семей облыстық Ішкі істер
Министрінің басқармасы № 64 Дала генерал-губернаторының канцеляриясы,
бұл аталған қорларда ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ
қоғамында отарлық езгіге қарсы саяси ахуалдың қалыптасуы және соның
нәтижесінде Алаш қозғалысына негіз болған қазақ зиялыларының саяси күрес
жолына шығуын көрсететін деректерді пайдаландық.
Кеңестік дәуір кезеңіне қатысты А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси
қызметінің тағы бір тұсын ашатын құжат деректерін № 14 қордың Қырғыз
(қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери төңкерістік комитеті
тізбектеріндегі құжаттардың хаттамаларында Қазақ мемлекетін құру, оның ішкі
саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен қатар ашаршылықпен күресуге
арналған іс-шаралары туралы молынан мәлімет беріп қоймай, сондай-ақ,
Қазақстандағы тұңғыш әскери төңкерістік комитетінің бірінші жауапты
орынбасары А. Байтұрсыновтың атқарған мемлекеттік қызметі
туралы толық мәлімет алдық; №18 қоры Торғай уақытша үкіметінің басқармасы
құжаттар топтамасынан Қазақстан аймағында құрылған Уақытша үкімет тұсында
атқарған А. Байтұрсыновтың қызметіне байланысты тың
деректерді алып, оны жұмысымызда кеңінен пайдаландық.
Осы мұрағаттың № 81 қорында КазАССР-ң Халық Ағарту Комиссариаты деп
аталатын құжаттар топтамасында Халық Ағарту Комиссариатының барлық
саласының жұмысына қатысты деректерді зерттеуде А.Байтұрсыновтың
баянхаттары, бұйрықтары мен ұсыныстары елеулі орын алады, солардың арасында
өзіне ерекше назар аудартатыны А. Байтұрсыновтың еңбектерін айқындайтын
құжаттар қатарына Халық Ағарту Комиссариатының негізін қалау жолында
кездескен әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар мен саяси кедергілерді
дәлелдейтін құжаттар топтамасымен қоса съездерде, басқосуларда жасаған
баянхаттарының мәтіндері, мерзімді басылым беттерінде оқу ағарту саласының
әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарын ашып, көпшілікке тастаған
үндеулерінің мәтіндері сақталған. Сондай-ақ Академиялық орталықтың құрылуы
және Халық Ағарту комиссариятының жанынан құрылған ғылыми комиссия қызметі,
осы қоғамның кітапханасы, мұражайы және басқа да құнды мәлімет беретін
деректер сақталған. А. Байтұрсынов ашқан мектептердің түрлерін көрсететін,
ағарту саласында көптеген пікірлерін ұсынып, қосқан жаңалықтарын растайтын
деректерді молынан пайдаландық.
Аталған мұрағаттың № 5 қорының тізбектерінде Қырғыз (қазақ) АКСР
Орталық Атқару комитеті; № 30 қоры Қазақ ССР Комиссарлар Кеңесі
құжаттарының хаттамаларында А. Байтұрсыновтың 1920-1930 жылдар аралығында
атқарған мемлекеттік қызметі туралы мол мәлімет беретін құжаттар
жинақталған. Мұндағы деректердің басым көпшілігі ғылыми айналымға алғаш рет
еніп отыр. Бұл құжаттарға қоса осы мұрағатта сақталған № 847 А.В.
Затаевичтің жеке қорынан А. Байтұрсыновтың мемлекеттік қызметінің тағы бір
қырын ашатын бұрын-соңды талдау жұмысына тартылмаған тың деректерді молынан
пайдаландық.
Бірқатар мәліметтерді Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатының
(ҚР ПМ) бірнеше қорларында: № 139 қор - РК(б)П-ң Қырғыз (қазақ) комитеті,
Қырғыз (қазақ) облыстық партия комитеті, № 140 қор- РК(б)П Қырғыз (қазақ)
өлкесінің облыстық партия бюросы, № 141 қор - РК(б)П Қазақ өлкелік партия
комитеті құжаттары ХХ ғасырдың басынан казіргі күнге дейінгі Қазақстанның
саяси өміріне байланысты, оның ішінде Алаш қозғалысына тікелей қатысы бар,
қазақтың ұлттық демократиялық зиялылары мен Кеңес үкіметінің ара қатынасын
терең түсінуге септігін тигізетін деректер берілген, ал № 811 қор Қазақстан
партия ұйымының тарихы жинағында А. Байтұрсыновтың Алашорда үкіметі
тұсындағы және азамат соғысы жылдарындағы, қазақ өлкесін басқару
төңкерістік комитетінде, оқу ағарту комиссариатындағы және Академиялық
орталықтағы қызметін көрсететін құжаттарды молынан пайдаландық.
Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағатына Ресей
Федерациясынан А. Байтұрсыновтың өмірі мен қызметіне байланысты бірқатар
мұрағат құжаттары әкелінді. Осы құжаттардың мәліметтері зерттеуде
пайдаланылды. Олар - Ресей мемлекеттік әлеуметтік - саяси тарих мұрағатының
(РМӘСТМ) № 17 қоры – РКП Орал губерниялық комитетінің Сібір төңкерістік
комитеті жанындағы Қырғыз ССР өкілеттілігі мен келіссөздері; Ресей әскери
–тарих мұрағатының (РӘТМ) № 400 қоры – Түркістан Өлкесі мен Жетісу
облысындағы жағдайлар; Ресей Мемлекеттік әскери мұрағатының № 39709 қоры –
Ішкі істер министрлігінің қырғыз (қазақ) Алаш - Орда ұйымының хаттары
туралы тың мәліметтер берген.
Деректердің келесі тобын мерзімді басылым материалдары құрайды. Ахмет
Байтұрсыновтың қайраткерлігін, қоғамдық-саяси, мемлекеттік қызметін ашып
көрсетуде, ол өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ, орыс тіліндегі баспасөз
материалдарын зерттеу жұмыстарымызда кеңінен пайдаландық, әсіресе Ресейде
жарық көрген Сын отечества, Современное слово, Жизнь национальностей,
әсіресе қазақ зиялыларының үнжариясы болған Қазақ, Ақ жол, Айқап
басылымдарының орны бөлек. А. Байтұрсынов ақталғаннан кейінгі уақытта жарық
көрген оның төл шығармаларын (саяси өлеңдері, аудармалары, мақалалары,
ағартушылық, ғылыми еңбектері) зерттеу жұмысымызда кеңінен пайдаланып, сол
арқылы қайраткердің дүниетанымын, саяси көзқарасын, қоғамдық-саяси және
мемлекеттік қызметін барынша толық сараптап ашуға көмегін тигізді.
М.Қ. Қойгелдиевтің Алаш қозғалысы атты іргелі зерттеуінде Алаш
қайраткерлерінің қызметіне қатысты бұрын-соңды жарияланбаған деректер
қосымша түрінде берілген. Алайда олар деректік тұрғыда талданбаған. Біз сол
деректердің ішінде А. Байтұрсыновтың Қазақ газетіндегі қызметіне
байланысты мәліметтерін пайдаланып, оларды талдауға талпындық.
Деректердің тағы бір тобын А. Байтұрсынов туралы естеліктер құрайды.
Диссертациямызда оның немересі Самырат Кәкішевтің ағасы туралы жазған
естеліктері айналымға түсті. С. Кәкішев өз естелігінде ағасы Ахметтің
бойындағы адамдық қасиетін, мінез-құлқын, азаматтық ажарын ұлт зиялылары
арасындағы беделін, қадір-қасиетін баяндау арқылы қайраткердің көпшілікке
беймәлім өмір қырларын жеткізуімен құнды.
Сонымен, А. Байтұрсыновтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы
деректер қатарының аз емес екендігі байқалды. Алайда олардың көпшілігі
деректанулық тұрғыда талданып, ғылыми айналымға ендірілмеген.
Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Жетпіс жылға жуық уақыт бойы А.
Байтұрсыновқа саяси сенімсіз, буржуазияшыл, ұлтшыл, халық жауы
деген айдармен, тарих көшінде тиісті орнын бермей келгені құпия емес.
Бүгінгі қазақ ұлтының ұрпағы үшін А. Байтұрсыновтың қандай ауқымды тарихи
міндетті орындағаны енді ғана белгілі болып келеді. Жарық көрген ғылыми
басылымдарда А. Байтұрсыновтың еңбегі ұлт-азаттық қозғалыспен байланысты
қарастырылып, қайраткердің көп қырлы қоғамдағы саяси, ағартушылық,
мемлекеттік қызметі мен саяси көзқарасына жете көңіл бөлінбеген.
Осы тұрғыдан алғанда, бұл зерттеудің ғылыми жаңалығы алға қойған
міндеттің өзектілігінен, тарихнамалық зерттеулерден, яғни отандық тарих
ғылымында А. Байтұрсыновтың қоғамдық – саяси және мемлекеттік қызметінің
тарихы осы уақытқа дейін арнайы тақырып ретінде шынайы кешенді тұрғыдан
зерттелмеуінен туындайды.
Мұрағат қорларындағы көптеген құжаттардың алғаш рет зерттеліп және
олар ғылыми айналымға алғаш енгізіліп отыруында. Сондай-ақ осы деректердің
негізінде А. Байтұрсыновтың өмірбаянына қатысты жаңа мәліметтер де
анықталды. Зерттеудің негізгі ғылыми жаңалығы тың мұрағаттық деректерді
ғылыми айналымға тарта отырып, А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси,
ағартушылық, мемлекеттік, ғылыми қызметтерін ұштастыра отырып қарастыруға
әрекет жасалынды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- А. Байтұрсыновтың туып-өскен ортасы, білім алу жолы, көзқарасының
қалыптасуы мен оның қоғамдық-саяси қызметінің басталуына ықпал етті;
- А. Байтұрсыновтың саяси қызметі Ресейлік патша үкіметінің қазақ
даласында орын алған қоғамдық-саяси өзгерістер ауқымында өрістеді. Соның
ішінде 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде қазақ зиялыларымен бас қосып, патша
үкіметінің атына хұзырхат жіберіп, онда өздерінің саяси талаптарын
тайсалмай талап етуде А. Байтұрсынов отарлау жүйесіне ашық күреске шықты;
- 1905-1907 ж.ж. бірінші орыс төңкерісінен кейінгі уақытта Маса, Қырық
мысал және басқа да шығармалары арқылы қазақ елінің ұлттық санасының
оянуына, саяси танымының өсуіне үлес қосты;
- Қазақ газетін шығаруға мұрындық әрі ұйымдастырушы болды. Сол алғашқы
жалпыұлттық саяси басылым арқылы ұлт-азаттық күрестің үгітшісіне,
насихатшысына айналды. Қазақ баспасөзін дамытуға зор үлес қосты;
- Алаш қозғалысының рухани көсемі, көрнекті басшыларының бірі, Алаш ой-
пікірін насихаттаушы-теоретигі және оны іске асырушы – тәжрибешісі ретінде
тарих сахнасына шықты;
- Кеңес билігі тұсындағы саяси, мемлекеттік, ағартушылық қызмет атқарды;
- Жаппай сауатсыздықты жою мақсатында оқу-ағарту саласында белсенді
қызмет етті.
- Қазақ мәдениетін, ұлттық өнерін өркендетуге сүбелі үлес қосты. Қазақ
мемлекетін құру жолында қажырлы еңбек етті.
Зерттеу жұмысының қолданбалы маңызы. Ғылыми талдау жұмысы барысында
бір жүйеге келтірілген зерттеу деректері мен ғылыми тұжырымдар А.
Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін ашып көрсету
мысалында кеңестік дәуірдегі зиялы тұлғаларының орны мен ролін анықтауға
бағыт береді. Ізденістер нәтижелері мен қорытындыларын, тұжырымдарын
зерттеушілердің қолдануына, Қазақстан тарихы бойынша көптомдық, іргелі
еңбектерді дайындауда пайдалануға болады. Сонымен қатар жоғары оқу
орындарында Алаш қозғалысы қайраткерлерінің өмірі мен қызметі бойынша
арнайы курстарда пайдаланған тиімді. Ұлт зиялыларының өмірі мен
шығармашылығы бойынша еңбектер жазуда да А. Байтұрсыновтың өмірі мен
қызметіне байланысты жасалған ғылыми тұжырымдар үлес қосады.
Қазақстан тарихында қазақ зиялыларының өмір жолы мен қызметтерінің
тарихын біліп-танығысы келгендерге, тарихшы мамандарға, жоғарғы оқу
орындарының аспирант, магистранттарына, тарих факультетінің болашақ
зерттеушілеріне де диссертацияның материалдары қомақты көмек көрсете алады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық зерттеу жұмысының
негізгі тұжырымдары 4 халықаралық ғылыми-тәжрибелік конференция
жарияланымдарында жарық көрді. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес 6
ғылыми мақала ҚР БжҒМ Білім саласын бақылау комитеті бекіткен тізімге
сәйкес республикалық ресми басылымдарда жарық көрді.
Диссертациялық жұмыс ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының Қазақстанның кеңестік дәуіріндегі тарихы бөлімінде
орындалып, талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылды.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден,
тақырыптың мазмұнын ашатын екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған
әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Жұмыстың Кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыптың өзектілігі, міндеті
мен мақсаты, методологиялық және әдістемелік негізде, мәселенің зерттелу
деңгейі көрсетелді. Зерттеудің мақсат-міндеттері, жаңалығы, теориялық және
практикалық маңызы, деректік негізі, хронологиялық шеңбері мен қолданыстық
аяны айқындалған.
А. Байтұрсыновтың патша үкіметі тұсындағы қоғамдық-саяси қызметі
атты бірінші тарауында Алаш көсемінің өскен ортасы мен саяси қызметінің
басталуы (1872-1913 жж.), Қазақ газетін ұйымдастырушы, редактор (1913-
1918 жж.) болып қызмет атқарғаны, Қазақ халқының азаттығы үшін күресі
(1916 – 1919 жж.) қарастырылады.
Қазақ халқының ұлы перзенті, ұлт-азаттық қозғалысының рухани көсемі,
Қазақ газетін ұйымдастырушы және оның бас редакторы, Алаш партиясының,
Алашорда үкіметінің негізін қалаушы қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет
Байтұрсынов 1872 жылы 5 қыркүйекте Торғай уезінің Тосын болысындағы 5
ауылында Сарытүбек деген елді мекенде дүниеге келген. Айта кету керек, осы
күнге дейін А. Байтұрсыновтың туылған жылы мен күні барлық ресми құжаттар
мен басылымдарда 1873 жыл 25 қаңтар деп көрсетіліп келеді. Алайда,
Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағат қорында сақталған
Служебный список сотрудника Наркомпроса КССР [11] және 1926-1927 жылдарға
арналған Личное дело председателя Академического центра Байтурсунова
Ахмета Байтурсуновича [11,1-6. -п.п.] атты құжаттар топтамасында Ахметтің
өз қолымен толтырған құжаттарда туылған жылым 5 қыркүйек 1872 жыл және өз
қолымен жазған Жизнеописаниесінде [12] де Туылған жылым мешін 1872 деп
көрсеткен.
А. Байтұрсыновтың азамат болып қалыптасуына бірқатар факторлар ықпал
етті. Алдымен, Ресей үкіметі реформаларының көпсалалы шешімдері іске асып,
халқымызды отаршылдардың боданына айналдырғаны; екіншіден, оны құқықпен
заңдастырған билігі, қазақ халқын әлеуметтік-саяси, экономикалық тұрғыдан
аямай езіп-жаншуы; үшіншіден, кең даламыздың жекелеген намысқой азаматтарын
жәбірлеуге, қорлауға жаппай әкімшілік құқық бергені.
А. Байтұрсыновтың отбасына түскен зор қасірет орысша оқуға түсуіне
басты себеп болғандығын былайша баяндайды: ... осы бақытсыздық менің
Торғай қаласындағы мектепке түсуіме себеп болды [11, 209-п.] деп өз
қолымен жазған өмірбаянында көрсеткен, яғни патша үкіметінің отарлау
саясатына қарсы күресу үшін, алдымен олардың тілін меңгеру керектігін
ұғынған А. Байтұрсынов орысша оқуға түскенін анық айтқан. Анасынан ең
алғашқы жазу-сызуды үйреніп, 1886 ж. Торғай қаласындағы уездік 2 сыныптық
орыс-қазақ мектебіне оқуға түсіп, оны 1891 ж. бітіріп шығады. Оның осы
мектеп қабырғасында оқығанда оқу үлгерімі туралы куәландыратын құжат
деректерді біз мұрағаттарда кездестіре алмадық. Дегенмен, А. Байтұрсыновтың
осы жылы оқуын әрі қарай жалғастыру үшін Орынбор училищесінің мұғалімдер
дайындайтын мектебіне оқуға түскендігін мұрағат құжаттары растайды.
Сол кездегі бұйрық бойынша жас мамандар жіберілген жұмыс орнына тамыз
айының 1-нен қалмай орналасып, онда 6 жыл қызмет етуге міндеттелген. А.
Байтұрсынов оқу бөлімінің Аймақтық Қамқоршысының атына өтініш жазып,
жолдамада белгіленген қызмет орнына жету үшін қаражатының жоқтығына
байланысты оқу Кеңесі есебінен 60 сом ақшалай қарыз беруін өтінеді.
Қарызданып Арынғазы ауылына жеткен А. Байтұрсынов жолдамада көрсетілген 6
жылды толық өтей алмады. Ахметкерей Қонысбаев деген байдың, кейіннен
Аманқарағай ауылнай мектебінде бір жылға жуық бала оқытады. Осы жердегі
Аманқарағай қорықшысының қызы Александра Ивановнаға үйленіп, Қостанай
уезіндегі Әулие көл елді мекенінде бастауыш мектепте мұғалім болады.
А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси іске ресми араласуы 1905 жылдан
басталады. Оны А. Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасы жөніндегі Қазақстан
Коммунистік Партия Орталық Комитетінің қорытындысында келтірілген
мәлімдемеде: 1905 жылғы төңкерістік оқиғалар тұсында ол Қарқаралыда шеруге
қатысқандардың қатарында болды [13]. Қайраткердің тікелей саясатпен
айналысуы 1905 жылы Қарқаралы оқиғасынан басталып, оған белсенділікпен
қатысқандығын дәлелдейді.
Ұлт зиялыларының тұңғыш рет баспа бетін көрген бағдарламалы ой-
пікірлер жиынтығы 1905 жылдың маусым айында Қарқаралыда Қоянды
жәрмеңкесінде өткен съезде қабылданып, оған 14500 адам қол қойған (екінші
деректе 12767 адам қол қойған) Қарқаралы хұзырхатын өмірге әкелді. Патша
үкіметі алдына хұзырхат түрінде қойылған бұл талаптар қазақ қоғамының сол
кездегі әлеуметтік-саяси деңгейінен туындаған жалпы демократиялық сипаттағы
талаптар болатын.
1905 жылдың қараша айының аяғында Орал қаласында Дала өлкесінің 5
облысының өкілдерінің басын қосқан съезі өтті. Съезді ұйымдастырушылар ұлт
зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов,
Ж. Сейдалин, М. Тынышпаев, Б. Сыртанов, Б. Қаратаев, М. Дулатов болды.
Дерек материалдарын талдай отырып, хұзырхат авторлары Ахмет, Әлихандар
қатарында сол кезде басқа да белсенді қазақ зиялыларының болғанын растайды.

Бірінші орыс төңкерісінен кейінгі уақытта ұлт зиялысының қоғамдық-
саяси қызметі саяси тақырыптарға арнап кітап бастырып, қазақ даласына
тарату арқылы қазақ халқының ұлттық саяси санасын ояту болатын. Сол
мақсатпен А. Байтұрсынов ХХ ғасырдың басында ұлт-азаттық бағыттағы
мысалдары арқылы насихаттаған өткір ойларын айқындай түсті. Өршіл, күресшіл
сарындағы өлеңдер жинағын 1911 жылы Орынбордан Маса атты жинақпен
шығарды. Ұлт зиялысы Ахметтің жұмсаған күш-жігерінің арқасында қазақ даласы
ояна бастады, қазақтар арасында демократиялық саяси ой-пікірлер таратылды
және отаршыл патшалық жүйеге қарсы тұруға өзінің өлең – жыр, үгіт –
насихатымен қазақ Даласын жігерлендірді. Қорыта келгенде, біріншіден, А.
Байтұрсынов Ресей патша үкіметінің қазақ халқына қарсы ұстанған отарлау
саясатын әшкерелеп, оларды қатаң сынап қана қойған жоқ, сонымен қатар қазақ
халқына саяси даму жолдарын ұсынды. Екіншіден, халқының ұлттық сана-
сезімдерін қалыптастыру үшін қазақ халқының сауатын ашып, білімге
жетектеді, оның саяси-экономикалық және мәдени жағынан жайғастырылып
жаңғыртылуы үшін күресті. Үшіншіден, қазақ халқының ғасырлар бойы
қалыптасқан шаруашылық жүргізу нысандарын жойып, тіршілік етуінің
экономикалық негіздерінен айыруға ұмтылған патша үкіметінің саясатына қарсы
тұрып, үкіметтің хұзырлы орындарына хұзырхат арқылы өз тілек-талаптарын
қойып, үгіт-насихатын күрес құралына айналдырды.
Тарихқа үңілсек, қазақтардың күнделікті мұқтажын айқындап отыру үшін
қазақ тілінде газет шығару қажеттілігі туралы айтып, үкімет алдына талап
қойған. Газетті ұйымдастыру, ашу қандай қиын болса, оны патша үкіметінің
қатаң бақылау жағдайында шығарып тұру одан да қиынға түскені анық.
Деректердің көрсетуі бойынша, Қазақ газетін шығаруға рұқсат куәлігі
А. Байтұрсыновқа 1913 жылдың қаңтар айында берілген. Куәлікте газеттің
шығуы, редакторлары жайында Орал облыстық әскери губернаторының 1913 жылы 5
қаңтарда Жоғары баспасөз басқармасына берген бұйрығынан анықталды.
Деректер Қазақ газетін ұйымдастырушы және редакторы
А. Байтұрсынов пен оның көмекші хатшысы М. Дулатов өз істеріне зор
жауапкершілікпен қарағандықтарын көрсетеді және олардың қажырлы
ұйымдастырушылық еңбегінің нәтижесі екендігін айқындап, бағалауға мүмкіндік
берді. А. Байтұрсыновтың газет бетінде жариялаған материалдарының ғылым
үшін құндылығы да, сол оның қоғамдағы орнын, саяси көзқарасын, өмірлік
ұстанымдарын, өзі көтеріп отырған мәселені жетік білуі мен жалпы білім
дәрежесімен тікелей байланысты. Демек, газет бетіндегі материалдардың
негізгі бөлімінің ғылыми құндылығы да соның атымен айқындалады.
А. Байтұрсынов пен М. Дулатов Азамат серіктестігін құрып, оны 1913
жылы 2 желтоқсанда ашады. Қазақ газетін осы Азамат серіктестігінде
бастырып тұрмақшы болады. Серіктестікті ашқандағы мақсатын, қосыламын деген
Алаш азаматтарының қаражатымен Қазақ газетін аяғынан тік тұрғызып, істің
ұлғаюына, қаражаттың көбейюіне байланысты қазаққа пайдалы кітаптар
шығармақшы екендіктерін қоса жеткізді. Серіктестікке байланысты шарт 1913
жылы желтоқсан айында орыс және қазақ тілінде Орынбор қаласындағы Каримов-
Хусаинов баспаханасында кітапша болып басылып шықты. Ол 12 беттен тұрады.
Орыс тіліндегі бөлімінде серіктестікті Ахмет пен Міржақыптың ашқандығы
туралы шарттың 19 бөлімінде көрсеткен. Шарт тармағының тағы бір көңіл
аудартар мәселесі, ол сол шартты растаушы нотариустың Серіктестікті
ашушылардың мекен-жайын тура көрсетуінде. А. Байтұрсынов Орынбор
қаласы, Гришковская көшесіндегі Дмитриеваның үйінде, ал М. Дулатов
Поцелуевский көшесінің бұрылысындағы Абрамованың үйінде тұрған деп мекен-
жайлары анық берілген [91, 389-б.].
1916 жылғы патша үкіметінің маусым жарлығына қарсы халық наразылығының
күшеюіне байланысты Қазақ газеті мен оның шығарушыларына деген қысым
күшейе түсті. Өршіген халық наразылығының басында Қазақ газетін
басқарушылары А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтың тұрғанынан еш күмәні
болмаған патша шенеуініктері олардың үйлерінде тінту жүргізген.
Қазақ газеті Қазан төңкерісіне дейінгі баспасөз тарихында ең шоқтығы
биік басылым болды. Оған апталықтың ұстанған жолы, мұрат-мақсаты шын
мәнінде халықтың көзі, құлағы һәм тілі бола білген қызметін айта келіп,
өзге басылымдарға қарағанда, барынша ұзақ мерзімді әрі жиі шығып тұрған
басылымға айналған. Сонымен бірге таралымы мол және таралым аймағының кең
болғаны оның құндылығын арттыра түскен. А. Байтұрсынов таза қазақ тілінде
ұйымдастырып ашқан газеті, қазақ баспасөзінің негізін қалады. Біріншіден,
Қазақ ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Педагогикалық зерттеулердің жалпы сипаттамалары
Ғылыми жұмыста мақсаттар мен міндеттерді тұжырымдаудағы қателіктер
Педагогикалық зерттеулердің логикалық құрылымы, зерттеу тұжырымдамасы (проблемалық дәріс)
Зерттелетін мәселенің жағдайын талдау
Педагогикалық тәжірибенің теориялық негізі
Ғылыми ізденістің кезеңдері
Педагогикалық зерттеулердің сипаттамалары
Ғылыми зерттеу әдістері пәнінің лекциялары
Арнаулы білімдерді пайдаланудың непзп нысаны ретіндеп сот сараптамасы
Зерттеудің мақсаты мен міндеттерін белгілеу
Пәндер