Екі белдеулі әлем жағдайында екі ірі мемлекеттің бір бірінің саяси ахуалына, сыртқы саясатына қызығушылығы - заңды табиғи құбылыс


Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы . Диссертацияда ХХ ғасырдың 60-90-шы жылдарындағы Таяу Шығыста орын алған соғыстар тарихына талдау жасалынады. Таяу Шығыстағы мемлекеттерге алып империялар тарапынан жасалған саяси қысымдармен қоса, соғыстардың шығу себептері мен барысы қарастырылып, оның нәтижелері мен қортындылары айқындалынады. Мұнда болған бірнеше соғыстар кешенді түрде тұтастай зерттеліп, олардың өзара байланыстарына баға беріледі, ұлттар арасындағы қарулы қақтығыстар мен жанжалдардың негізгі себептері ашылады. Зерттеу жұмсы 1967-ші жылғы араб-израиль соғсынан басталады, себебі бұл араб жерлері есесінен маңызды түрде Израиль территориясының кеңеюі басталғанын айқындайтын негізгі кезең болып есептеледі.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қуаныш пен қайғы, табыс пен жеңіліс кезектесе келетін адамзат тарихында әрбір соғыс өз ізінiң ұмытылмас беттерін, шешуші күрделі сауалдарын, түйіткілі көп мәселелерін қалдырып отырғандығы белгілі. Қазіргі кезеңде Таяу Шығыстағы мемлекетаралық қайшылықтардың өсуінің, ұлттық экономикалардың қарқынды дамуының және халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуінің маңызды көрсеткіші болып -аймақтың ірі мұнай қорларымен бірге жергілікті мемлекеттердің мұнай долларынан түсірген жоғары үстеме табыстары саналады. Бұл әрине, аймақтағы басымдылық бәсекесіне, жаппай қарулану жарысына итермелеп, саяси жағдай мен мемлекетаралық қатынастардың сипатына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Халықаралық қатынастарға өз әсерін тигізген басқа да маңызды көрсеткіштер болып осы мемлекеттердің саяси құрылымдарының әртүрлілігі (республика, монархия, диктатура т. б. ) ; мұндағы дінаралық қайшылықтар (сунниттер мен шииттер арасында) ; жергілікті басқарушылардың мансапқорлығы; шекара мәселелері бойынша қайшылықтар және т. б. саналады.
Мұндай қайшылықтардың бүкіл жиынтығы жергілікті елдердің өміріндегі саяси арнада ауыр жүк болып, 60-шы - 70-ші жылдары ол мемлекетаралық қатынастарды қалыпты жағдай аясында ұстап тұрды. Бірақ, көп ұзамай, 70-ші жылдардың соңында Орта Шығыстағы мемлекеттік құрылымдарда бұрын орнаған тәртіптердің бұзылуына әкеліп соққан оқиғалар да орын алып жатты (Ауғанстан мен Ирандағы революциялар, т. б. ) . Мұндай оқиғалар бұл кезде тек Парсы шығанағында емес, сонымен қатар Таяу Шығыста да ірі саяси зардаптар туғызуы мүмкін еді. Жалпы алғанда шығыс бөлік, яғни Орта Шығыс пен Парсы шығанағы - ең соғысшыл және қантөгісті аймаққа айналды деуге болады. Айта кететін бір жайт, бұл шиеленістер мен соғыстар тек қана осы елдердің өз ішіндегі мұсылман қоғамдарының арасында ғана емес, сонымен қатар мұсылман мемлекеттері арасында да болып өтіп, бұл олардың өз болашағына байланысты өзінің саяси тағдырының шешіміне өз аймақтық саяси мақсаттарын көздеген ірі мемлекеттерді еріксіз тартты.
Республикада Таяу Шығыс елдерінің тарихы мәселелерін зерттеу - Қазақстанның араб елдері және Израильмен тарихи байланыстарына арналған зерттеу жұмыстарында жүргізіледі. Алайда, аталмыш аймақта әскери қақтығыстар мен мемлекетаралық шиеленістер әлі де тоқтаған жоқ. Сондықтан ХХ ғасырдың 60-шы - 90-шы жылдары болған Таяу Шығыстағы соғыстардың тарихы мен оған қатысты көтеріліп отырған мәселелер жиынтығын арнайы дербес тақырып ретінде зерттеу ғылыми-танымдық тұрғыдан да, қолданбалы бағыты бойынша да өзекті болып табылады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қарастырылып отырған мәселе шетелдік және отандық зерттеушілердің еңбектерінде азды-көпті өз көрінісін тапқан. Сөз болып отырған мәселені көтерген, оқиғаларға өзіндік бағдарларын берген бірқатар ресейлік және кеңестік зерттеушілер бар. Олардың ішінде ең бірінші «Таяу Шығыс дағдарысының анатомиясы», «Отарлық жүйенің құлдырауынан кейінгі Шығыс», «Бір келісімнің тарихы: 70-80-ші жылдардың басындағы АҚШ-тың Таяу Шығыстағы саясаты» тәрізді ірі зерттеулерді жариялаған Е. М. Примаковты атап өтуге болады [1] .
Сонымен қатар, осындай іргелі зерттеулер қатарындағы У. З. Шариповтың [2] монографиясында халықаралық қатынастар мен Шығанақтағы болып өткен мемлекетаралық әскери қақтығыстарға салихалы талдау жасалады, дегенмен, ол аталмыш аймақпен ғана шектеледі. Сол себепті бүкіл Таяу Шығыстық шиеленістерді қамтитын бұл еңбек, біз үшін, аталған мәселеге тек бағдар беруші зерттеу ретінде ғана қызмет атқарады.
Сондай-ақ, Шығыстану институтының «Мұнай доллары мен Таяу және Орта Шығыс елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы» атты РАН мақалалар жинағы тек қана ХХ-ғасырдың 60-70-ші жылдарын сипаттаса да, аталған онжылдықта Таяу Шығыстағы алдыңғы қатарлы елдердің экономикалық және саяси дамуының, олардың сыртқы саяси аясының табиғатын аңғаруға көмектеседі [3] .
Тақырыпқа қатысты кейбір мәселелер А. И. Осиповтың [4], П. П. Тимохиннің [5], И. Д. Звягельскаяның [6], В. А. Соловьевтың [7], сонымен қатар тағы басқалардың еңбектерінде кездеседі. Айта кететін бір жайт, бұл ғылыми ізденістердің барлығында кеңестік идеология басымдық танытты. Сонда да болса, зерттеушілер Таяу Шығыстың кез келген мемлекет үшін маңызын, адамзаттың бұдан кейінгі даму тарихындағы орнын нақты көрсетіп берді. Парсы шығанағындағы араб елдерінің қазіргі кездегі саяси өмірінің өзіндік ерекшелігін, аймақтық қарым-қатынастарының табиғатын сипаттайтын Е. С. Мелкумянның [8] монографияларының да маңызы зор.
Аталған аймақтың тарихы бойынша бірқатар арнайы диссертациялық зерттеулерді де атап көрсетуге болады. Олардың ішінде В. И. Кузьминнің «Таяу Шығыстағы (1990-2002-ші жылдардағы) аймақтық қауіпсіздік», Э. А. Таировтың «Парсы шығанағындағы араб елдері мен Ирак арасындағы саяси қарым-қатынастар» атты еңбектерін атаған жөн.
Ресейлік тарихнама АҚШ-тың тарихына, оның сыртқы саясатына, сонымен қатар Джордж Буштың президенттік кезеңіне де ерекше көңіл бөледі. Екі белдеулі әлем жағдайында екі ірі мемлекеттің бір бірінің саяси ахуалына, сыртқы саясатына қызығушылығы - заңды табиғи құбылыс. Кеңес дәуірінде КСРО-да АҚШ-ты зерттейтін күшті тарихи мектеп қалыптасып, одан әрбір президент өзіне лайықты бағасын алып отырды. Президенттердің жүргізген саясаттары кеңестік Таяу Шығысқа қатысты мәселелерде ішінара көтерілді.
Ресейлік зерттеушілер президент Дж. Буш үлкенінің жеке тұлғасына, оны сайлау барысына, президенттің орынбасары Д. Куэйлаға, осы кезеңдегі американдық сыртқы саясат өкілдерінің негізгі тұлғаларының сипаттамасына зор көңіл бөлді. Иракқа, соның ішінде, Кувейттік дағдарыс кезеңіне қатысты АҚШ-тың сыртқы саясатының бағытын ресейлік ғалымдар жеткілікті түрде терең талдады.
«Шөлдегі дауыл» операциясының дипломатиялық тарихы жайлы В. Софрончуктың [9] еңбегі қызықты болып табылады. Мұнда автор дағдарыс барысын сипаттап, бұл ретте Иракқа қарсы көпұлтты күштерді құрудағы АҚШ дипломатиясының жетістіктері жайлы айтады.
Л. И. Медведконың [10] еңбегі елеулі түрде қызығушылық тудырып, мұнда автор Парсы шығанағындағы соғыс Вашингтонда саяси және стратегиялық салалар бойынша алдын-ала жоспарланып қойылған деген пікірге келеді. Бұған дәлел ретінде «Шөлдегі дауыл» операциясының басталысы жайлы нұсқауға Дж. Буш Иракқа қойылған соңғы ультиматум мерзімінің аяқталуынан үш күн бұрын қол қойған және өзінің шынайы ниетін жасыру үшін, Вашингтон ауқымды түрде теріс ақпарат беретін операциялар жүргізді дейді.
Қазақстандық зерттеушілердің арасында Таяу Шығыс тарихының мәселелерімен К. Қ. Қожахметов [11] сияқты ғалымдар мен А. М. Шыңғысбаев [12], А. К. Ізбайыров [13] және т. б. зерттеушілер айналысады. Таяу Шығыс соғыстарының мәселесін олар ұлт-азаттық қозғалыстар, Мысыр Араб Республикасының сыртқы саясаты және осы аймақтағы мемлекетаралық қатынастардағы исламның орны мен рөлі сынды проблемалармен астарстырып, салиқалы терең ой елегінен өткізіп қарастырады.
Бұл еңбектермен қатар, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қайраткерлерінің ізденістері де ерекше назар аудартады. Олардың ішінде, бірінші кезекте Н. Ә. Назарбаевтың [14], Қ. К. Тоқаевтың [15] еңбектерін атап өткен жөн. Олардың еңбектерінде Қазақстанның сыртқы саяси үдерістері талданып, кейбір аймақтардағы, оның ішінде, Таяу Шығыстағы халықаралық жағдайға баға беріледі.
Американдық зерттеушілердің еңбектерінен С. Коэннің [16], Дж. Найдың [17], Дж. Виланның [18], Р. Пайостың [20], М. Манделбаум [21] зерттеулерін атап өтуге болады. Американдық зерттеушілердің, мысалы «реалистердің» көзқарастары бойынша жаңа әлемдік тәртіптің енгені рас, ешбір күмәнсіз, бірақ ол Шығанақтағы соғыс кезінде енген жоқ деген ойға сайып, олар Иракқа қарсы соғыстағы жеңістен кейін, жаңа әлемдік тәртіптің енгені жайлы жазады.
Ал, «A Concise History of the Arab-Israeli Conflicts» монографиясының авторлары араб-израиль шиеленісінің қысқаша тарихын өрбітіп, ХХ ғасырдағы Таяу Шығыста орын алған жағдайды түсінуге талпыныс білдіреді. Авторлар хронологиялық бірізділікпен сионизм мен палестиналық ұлтшылдықтың тууының салдары, ірі соғыстардың зардаптары, ірі мемлекеттердің өзара бәсекелестігі және «бейбіт үрдістің» белгісіз мәні секілді аса маңызды проблемаларды түсіндіреді. Я. Биккертон мен К. Л. Клауснер [21] Таяу Шығыстағы соғыстардың діни, этникалық және идеологиялық негізін түсінудің ақпараттық қажеттілігін дәлелдеуге тырысады. Ал Ш. Перестің «Жаңа Таяу Шығыс» [22] және М. Аббастың (Әбу Мазен) «Ослоға сапар» [23] атты шығармалары Таяу Шығыс қайшылықтары шумағын бейбіт жолмен реттеу үрдісін ашуға тырысады.
Бұл мәселе бойынша араб елдерінің мерзімді баспасөз басылымдары да ерекше назар аударуды талап етеді. «Халықаралық саясат» атты журналдың беттерінде Махмуд Халиль [24], Мухаммад Хасанейн Хайкәл [25], Усама әл-Ғазали Харб [26], профессор Мұстафа Аләуи [27] сияқты және т. б. авторлар өз мақалаларын жариялаған. Араб зерттеушілері 1967-ші, 1973-ші жылдардағы соғыстардың алдыңғы кездеріндегі және бұл соғыстардың барысындағы саяси және әскери күштердің бөлінуіне талдау беріп, Таяу Шығыстағы тұрақсыздандырушы үрдістерге қатысты кінәлардың бәрін Израильдің мойнына таңады.
Бұл еңбектер мен мақалалар ХХ ғасырдың 60-90-шы жылдарындағы Таяу Шығыстағы соғыстар тарихының кейбір қырларынан мәліметтер бергеніне қарамастан, біздің тақырыбымызды тұтастай аша алмайды. Сондықтан да ол жан-жақты, кешенді түрде зерттеуді қажет етеді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты 1960-1990-шы жылдардағы Таяу Шығыстағы соғыстардың тарихына жан-жақты талдау берумен анықталады. Аталған мақсатқа жету барысында автор төмендегідей міндеттерді алға қояды:
- Таяу Шығыстағы мемлекеттердің ішкі және халықаралық қайшылықтарының пісіп жетілу себептерін айкындау;
- 1967-ші жылғы араб-израиль соғысына, оқиғалардың әскери шырмауындағы маңызды буын ретінде талдау жасау;
- 1973-ші жылғы араб-израиль соғысының тарихын қарастыру;
- ХХ ғасырдың 80-90-шы жылдарындағы Таяу Шығыстағы саяси жағдайдың өршуіне сипаттама беру;
- ХХ ғасырдың 80-90-шы жылдарындағы Парсы шығанағындағы АҚШ пен НАТО-ның әскери қатысының маңызы мен рөлін көрсету;
- Кувейттегі Ирак басқыншылығының тарихы мен «Шөлдегі дауыл» әскери операциясын қарастыру және т. б.
Зерттеудің деректік негізі болып ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Таяу Шығыс тарихы бойынша анықталған құжаттар мен материалдардан тұратын дерек көздер алынады. Ғылыми құндылығына қарай оларды бірнеше топқа жіктеуге болады. Бірінші топтағы дерек көздерді араб елдері мен ұйымдарының басшылары және жетекшілерінің көзқарастары мен шешімдері өз көрінісін тапқан материалдармен қатар, әскери әрекеттерге дейінгі және олардан соңғы кездегі Израильдің көзқарастары мен шешімдері қамтылған материалдар құрайды. Бұған байланысты келесі құжаттарды атап өтуге болады: Мысырдың ұлттық ассамблеясының мүшелері алдында Гәмәл Абдәл Насырдың сөйлеген сөздері (29-шы мамыр 1967-ші ж. ), Қауіпсіздік Кеңесінде Израильдің Сыртқы істер министрі Абба Ебаның соғысты жалғастырудағы Израильдің себептері жайлы шығып сөйлеулері (6-шы маусым 1967 ж. ), Израильдің премьер-министрі Ешколдың Мәлімдемесі (9-шы тамыз 1967 ж. ), Я. Арафат пен И. Рабиннің алысқан хаттары т. б. Бұл дерек көздер Таяу Шығыс үрдісіне тікелей қатысушылардың көзқарасын анықтайтын материалдар жиынтығын құрайды. Екінші топтағы дерек көздерге келіссөздер мен араб-израиль қайшылықтарының проблемалары қозғалатын халықаралық келісімдердің хаттамалары кіреді: Араб-израиль шиеленісінің деректі тарихы, Хартум конференциясының Қарары (1-ші қыркүйек 1967 ж. ), Уақытша өзін-өзі басқару үрдістері жөніндегі Мәлімдеме, 1994-ші жылғы Ғаза мен Иерихонның автономиясы туралы Келісім және т. б.
Дерек көздердің арасында Таяу Шығысқа қатысты аталған мәселе бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарларының белгілі бір маңызы бар [28] . «Халықаралық саясат», «Саясат», «Сұқбат», «Полис», «Жаңа заман», «Foreign Affairs» сияқты қоғамдық-саяси басылымдарда жарияланған материалдардың маңыздылығы сөзсіз.
Зерттеліп отырған мәселенің нақты маңызын ашуға елеулі әсер еткен - естелік-еңбектер. 1989-шы жылы Дж. Буш үлкенінің «Болашаққа қарайлап» атты автобиографиясы жарық көрді, онда Буш американдық-кеңестік қатынастардағы АҚШ-тың сыртқы саясаты жөніндегі өз көзқарасын жазады. 1991-ші жылы көрнекті ресейлік қайраткер, бұрынғы сыртқы істер министрі және премьер-министрі Е. Примаковтың «Болмауы да мүмкін болған соғыс» атты кітабы жарық көрді. Онда автор Кувейт дағдарысы жайлы айта келіп, Парсы шығанағындағы дағдарысты реттеу жайлы келіссөздерде Е. Примаков КСРО Президентінің арнайы өкілі болып, оның себептері, барысы, берген сабақтары жайлы үлкен ойға түсіреді. Автордың көптеген кездесулерден, сонымен қатар, басшылармен және АҚШ, Еуропа, Таяу Шығыстық көрнекті саяси қайраткерлермен жүргізілген келіссөздерден алған әсерлері кітаптың негізіне жатады. 2003-ші жылы Ресейде Клинтон президенттігі кезіндегі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының орынбасары Строуба Тэлботтың әйгілі аты шулы болған естеліктері орыс тілінде басылып шықты. Оның соңғы естеліктері «Билл және Борис. Президенттік дипломатия жайлы қысқа хаттар» деп аталып, егжей-тегжейлі түрде американдық-ресейлік қатынастардағы қайшылықтардың барлық проблемаларын, келіссөздерді және Дж. Буш үлкені дәуірін егжей-тегжейлі түрде көзге елестетеді. Негізінен, Дж. Буш үлкенінің президенттігі тұсындағы АҚШ-тың сыртқы саяси проблемалары Дж. Буш үлкені мен оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Брент Скоукрофтың «Дүние өзгеше болып кетті» атты естелігінде баяндалады.
Израильдің бұрынғы премьер-министрі Голда Мейрдің «Менің өмірім» атты автобиографиялық кітабы ерекше назар аудартады. Өз естеліктерінде Голда Мейр 1967-ші жылғы және 1973-ші жылғы соғыстар тарихына Еврей мемлекетінің өмір сүруі мен еврей халқының өз құқықтарын қорғау үрдісі арқылы талдау береді.
Диссертациялық жұмыстағы негізгі пайдаланылған және анықталған мұрағаттар мен дерек көздерге жасалған қысқаша шолу осындай.
Зерттеу жұмысының әдістемелік және теориялық негізін аталмыш ғылыми зерттеуде отандық тарих ғылымына тән осы заманғы дәстүрлі принциптер - тарихилық, жан-жақтылық, объективтілік және бұдан да басқа дидактикалық, тарихи-салыстырмалық және т. б. әдістер құрайды.
Бұл жерде тарихилық пен обьективтілік секілді маңызды әдістемелік принциптер мейлінше ескеріледі. Тарихилық принципі құбылыстарды, олардың нақты тарихи жағдайларына байланысты қарастыру мағынасын білдіреді. ХХ ғасырдың 90-шы жылдарындағы Таяу Шығыстағы соғыстар өзіне саяси, әскери, экономикалық, этникалық және конфессионалдық салаларды қамтиды. Сол себепті де зерттеудің осы принциптеріне басым бағыт берілді. Дәстүрлі түрде ғылыми зерттеулерде маңызды әдістемелік принцип ретінде оның ғылыми обьективтілігі мойындалады. Әрине, таным сол орта мен дәуірдің қалдырған ізі мен оны жеке өзіндік қабылдау өрісін көрсетсе, аталған принципті қолдануға талпыну сөзсіз ғылыми зерттеу табысының маңызды шарты болып есептеледі. Зерттеудің әртүрлі тарихи-салыстырмалы, проблемалы-хронологиялық әдістерін қолдану қарастырып отырған нысан жайлы, оның заңдылығы мен қызметінің ерекшелігі жайлы шүбәсіз ғылыми білім алуға өз септігін тигізеді.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі 1960-1990-шы жылдардағы Таяу Шығыстағы соғыстар тарихын қамтиды. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап, Таяу Шығыстағы әскери-саяси теңдестікке өзгеріс енеді. Өз ұстанымдарына беки түскен еврей мемлекеті, араб елдерінің алдында өзінің әскери басымдылығын пайдалана отырып, палестиндіктер мен арабтарды өз отырықшылдық жерлерінен ысырып шығарып, жаңа территорияларды басып алуға талпынды. Бұл қайшылық Таяу Шығыс елдері үшін тұрақсыз жағдай енгізізіп, 1967-ші және 1973-ші жылдардағы соғыстар тікелей араб-израиль қайшылықтарын көрсетеді. Бұның ізінше жүргізілген Кэмп-Дэвидтік келісімдер араб әлемінің күйреуіне, Мысырдың арабтар тарапынан саяси оқшаулануына әкеліп соқтырады. 1990-1991-ші жылдардағы соғыс АҚШ пен НАТО-ның осы аймақта белсенді іс-әрекеттер жасауына жол ашады. Бұл тарихи-мәдени өңірде орын алған соғыстардың тарихын дұрыс талдау үшін кейде хронологиялық шегіністер жасалынады.
Диссертациялық зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы қазіргі кезеңде қазақстандық тарих ғылымда бірінші рет тұтас арнайы түрде бұл аймақтың әскери-саяси жағдайын анықтаған ХХ ғасырдың 60-90-шы жылдарындағы Таяу Шығыста орын алған ірі соғыстар жайлы зерттеу жұмысы жүргізілгендігімен анықталады:
- тұңғыш рет Таяу Шығыстағы ХХ ғасырдың 60-90-шы жылдарындағы соғыстар тарихы өзара байланыстырылып қарастырылады;
- шетелдік тарихнамадағы осы соғыстар жайлы айтылған тұжырымдамаларға талдау жасалады;
- диссертацияда қарастырылған әрбір соғыстың шығу себептері, оқиғалар барысы мен қорытындылары талданады;
- соғыстарға қатысқан адамдардың, мемлекеттік қайраткерлердің естеліктері, мемлекетаралық жеделхаттар, әртүрлі деректік құжаттар ғылыми талдаудан өтеді;
- арабтар мен еврейлер арасындағы өшпенділікке, алауыздықтардың себептеріне пайымдаулар жасалынып, олар жаңа қырынан танытылады;
- Таяу Шығыста өз мүдделерін көздеген ірі мемлекеттер саясатының қыр- сыры анықталып, олардың аймақта болған соғыстардағы рөлі ашып көрсетіледі;
- Таяу Шығыста тоғысқан кеңестік және американдық екі жүйенің теке- тіресіне баға беріледі.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Қорғауға жұмыстың төмендегідей негізгі тұжырымдары ұсынылады:
1. ХХ ғасырдың 60-90-шы жылдарындағы кезең Таяу Шығыста араб-израиль шиеленісіне және арабтардың өз арасындағы қайшылықтарға негізделген тұрақсыздану кездерімен сипатталады;
2. 1967-ші, 1973-ші жылдардағы Таяу Шығыстағы соғыстар тарихы өзін-өзі таныту секілді күрделі үрдісті және бір-біріне қас болған араб ортасындағы еврей мемлекетінің мемлекеттік ұстанымдарын нығайту үрдісін сипаттайды;
3. ХХ ғасырдың екінші жартысы, әсіресе, 60-шы жылдардың бастапқы кезеңі әлемнің ұлы державаларының, атап айтқанда, АҚШ пен бұрынғы КСРО-ның белсенді сыртқы саяси ұстанымдарының және осы аймақтағы НАТО-ның әскери қатысының күшеюін айқындайды;
4. Саддам Хусейннің саяси режимі Таяу Шығыс аймағының әлсіз әскери-саяси әлуетіне тұрақсыздандырушы элемент енгізді. 1990-1991-ші жылдардағы соғыс араб әлеміндегі саяси күштердің өзара бөлінулері мен олардың сыртқы саяси бағдарын көрсетті. Бұл соғыс американдық мемлекеттің бұл аймақтағы әскери-саяси бақылауды біртіндеп өз қолына алған әскери басымдылығын сипаттайды;
5. 1967-ші, 1973 және 1990-1991-ші жылдардағы соғыстардың тарихи зардаптары араб әлемінің еврей мемлекетінің өмір сүруі және дамуын мойындауымен және палестина халқының өзін-өзі анықтауға және өз мемлекеттігіне құқығымен анықталады;
6. ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының аяғы Палестинаны азат ету ұйымының басшылығы мен Израиль арасындағы өзара қатынастардың орнығуындағы елеулі табыстармен және олардың бейбіт бастамаларын әлемдік қауымдастықтың қолдауымен анықталады.
Диссертациялық зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы. Ғылыми ізденіс Таяу Шығыстағы өткен ғасырдың 60-90-шы жылдарында болған бірнеше соғыстардың мәселелерін саралап, ақтаңдақ беттерін ашып, оны тың деректермен толықтырады. Сондықтан зерттелген мәселе, оның тарихнамалық талдануы, деректік құндылығы тек тарихшылар үшін ғана емес, басқа сала (саясаттану, шығыстану, психология, заң, т. б) мамандары үшін де аса қажет. Оның мәліметтерін, қортындыларын пайдалануға болады. Осы зерттеу бірнеше мемлекеттердің жарты ғасырлық сыртқы саясатын айқындайды, сол себептен жұмыс дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлеріне, сыртқы қарым-қатынасты зерттейтін ғалымдарға жаңа көкжиектер ашуда өз септігін тигізері шүбәсіз.
Таяу Шығыстағы соғыстар тарихы мәселелерін жалпы тарих бойынша арнайы курстар дайындауда, Таяу Шығыс елдерінің қазіргі заманғы тарихы бойынша оқу құралдарын дайындап жазуда пайдалануға болады. Көптеген араб, ағылшын, кеңестік және қазақстандық ғалымдардың еңбектерін талдаған бұл іденіс шығыс деректануы бойынша еңбектер дайындауда да пайдалануға жарайды және жұмыстан бірқатар мемлекеттік қайраткерлердің өмірі мен қызметінің белгісіз беттерін толықтыратын деректер алуға болады деген пікірдеміз.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz