Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 30 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 373. 5. 016:811. 512. 122 Қолжазба құқығында

ЖАМАШЕВА ЖАНАР РАХМаТуЛЛАҚЫЗЫ

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ІС ҚАҒАЗДАРДЫ ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

(ЖОО қазақ бөлімінің студенттері үшін)

13. 00. 02 - Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі

(бастауыш, орта және жоғары білім жүйесіндегі қазақ тілі)

Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Ғылыми жетекшісі:

педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Оразбаева Ф. Ш.

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2009

Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекшісі: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Ф. Ш. Оразбаева

Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Р. Ә. Шаханова

педагогика ғылымдарының кандидаты,

Д. Ж. Құсаинова

Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті

Диссертация 2009 жылы « 1 » шілдеде сағат 14-те Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, 2 қабат, кіші конференция залы) филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14. 09. 04 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2009 жылы « 30 » мамырда таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы,

профессор Г. Қосымова

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Еліміздегі білім жүйесіндегі өзгерістер мен жаңалықтар қазақ тілін оқыту мәселесін де жаңа қырынан дамытуды қажет етіп отырғаны белгілі. Жоғары білім беру жүйесінде әлемдік білім кеңістігіне кіру үшін іргелі реформалар жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі білім беру нормаларын мақұлдаған Лиссабон конвенциясын, жоғары білім саласы мен кұрылымындағы бірізділікке қатысты Сорбон декларациясын қолдап, белсенді араласуға талпыныс жасап жатқаны мәлім. Сонымен бірге еліміздің Болон үдерісіне қосылуы білім беру жүйесіне тың өзгерістер енгізіп, оқыту үдерісінде жаңа әдістерді қолдануды қажет етіп отыр .

Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесінде қолданылып жүрген білім беру технологиялары отандық білімнің жаңа талаптары мен республиканың саяси-экономикалық таңдауына сай қолданылып келеді. Осындай өмірдің өзі талап етіп отырған технологияның бірі - қашықтан оқыту технологиясы. Соңғы 10-15 жылдың ішінде телекоммуникациялық технологияның және гипермедияның қарқынды дамуына байланысты оқытуда компьютерді қолданудың тиімділігі артып отырғаны мәлім. Бүкіл әлемді қамтитын «Интернет» желілік байланысы қашықтан білім беру жүйесінің пайда болуына негіз болды. Ғылым мен техниканың дамуы білімді ақпараттандыру үдерісін жетілдіруді талап етті. Сонымен бірге әлеуметтік өмірдің барлық саласында қазақ тілінің кеңінен қолданысқа ие болуы қашықтан оқыту жүйесін іске асыруды қажет етіп отыр.

Қоғамның ақпараттандырылуы студенттерден жаңа ақпаратты құралдарды барлық салада қолдана алуын талап етеді . Жоғары оқу орындарының қазақ бөлімінде оқитын студенттерге іс қағаздарын қашықтан оқыту, біріншіден, мемлекеттік тілді оқытудың ғылыми-теориялық және әдістемелік жағының жоғары болуына, екіншіден, студенттің кәсіби құзіреттілігінің жетілуіне, үшіншіден, уақыт үнемдеуге, төртіншіден, алыста тұратын тыңдаушыларға білім алуға көмектеседі.

Қашық нысаны бойынша оқыту Қазақстан Республикасы Президентінің елде білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында «Білім туралы» Заңына сәйкес әзірленді [1, 66 б. ] .

Кәсіби құзіреттілікті жетілдіруді қажет ететін заманда өзінің арнайы мамандығына қатысты білімді жаңартып отыру, оқытудың тиімді де ұтымды түрін қолдану қажеттігі туып отыр. Еліміздің экономикалық және әлеуметтік, мәдени жағдайына сай, қоғам өмірінің барлық салаларында өзін-өзі жетілдіріп, дамытатын, барлық іс-әрекеттерде шығармашылық бағыт ұстанатын білікті де білімді маман тәрбиелеу - өзекті мәселе. Жоғары оқу орнының қазақ бөлімінде оқитын студенттерге іс қағаздарын қашықтан оқытудың зерттеу нысаны болмағандығы және заманның болашақ мамандардан іс қағаздарын жетік меңгеруді талап етуі қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың маңыздылығын, жұмыстың өзектілігін танытады.

Зерттеудің мақсаты . Жоғары оқу орнының практикалық қазақ тілі сабағында іс қағаздарды қашықтан оқытудың әдістемелік жүйесін ұсыну, оның тиімділігін эксперимент арқылы дәлелдеу.

Зерттеу нысаны - жоғары оқу орнының қазақ бөлімі студенттеріне іс қағаздарды қашықтан оқыту арқылы меңгерту үдерісі.

Зерттеу пәні - жоғары оқу орнының қазақ бөлімдерінде мемлекеттік тілдегі іс қағаздарды қашықтан оқытудың әдістемесі.

Зерттеудің міндеттері:

- қашықтан оқыту жүйесінің ғылыми-теориялық негізін анықтау;

- мемлекеттік тілде іс қағаздарды жүргізу курсының мазмұнын анықтау;

- қазіргі заманғы желілік жүйенің (интернет) ерекшеліктерін көрсетіп, іске асу жолдарын белгілеу;

- іс қағаздарды мемлекеттік тілде меңгертудің ұтымды жолдарын көрсету;

- іс қағаздарды қашықтан меңгертуде қолданылатын жаттығулардың түрлерін саралау;

- іс қағаздарды қашықтан оқыту арқылы өздік жұмыстардың, жаттығулардың, шығармашылық деңгейдің, тестілік тапсырмалардың әдістемелік ерекшеліктерін дәйектеу;

- жоғары оқу орындарында іс қағаздарды қашықтан оқытудың тиімділігін эксперимент нәтижелеріне сүйеніп дәлелдеу.

Зерттеу болжамы . Мемлекеттік тілде іс қағаздарды оқытқанда желілік технологияны(интернет) қолданса; студенттерге іс қағаздарды меңгерту арнаулы тақырыптар бойынша ұсынылатын кешенді тапсырмалар мен жаттығулар негізінде жүргізілсе, оқытудың нәтижелілігі мен тиімділігі артады. Кешенді жұмыс түрлері болашақ мамандардың қазіргі ақпаратты технологияны қоса меңгеріп шығуын қамтамасыз етеді. Кәсіби мамандарды дайындау барысында іс қағаздарды игеруге арналған тапсырмалар тілді сапалы және жан-жақты меңгертуге, жүйеленген терминдер студенттердің кәсіби сөздік қорын байытуға мүмкіндік жасайды.

Зерттеудің жетекші идеясы. Қазақ тіліндегі іс қағаздарды қашықтан оқыту ҚР азаматтарына мемлекеттік құжаттарды терең меңгеруге, сапалы білім алуға және олардың кәсіби маман болуына игі ықпал етеді. Іс қағаздарды қашықтан оқыту қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік рөлін арттыруға, студенттердің кәсіби бағыттылығының қалыптасуына әсер етеді. Іс қағаздарды қашықтан оқыту студенттердің іс қағаздарды сауатты толтыруына мүмкіндік туғызады. Құжаттармен жұмыс істеу барысында студенттердің адамдармен қарым-қатынас жасау этикасын жетілдіреді.

Зерттеудің әдіснамалық негізі. Зерттеуде қашықтан оқыту технологиясына қатысты, психология, педагогика, әлеуметтану, қазақ тілін оқыту әдістемесі, соның ішінде іс қағаздарды теориялық негізде меңгертуге арналған ғылыми-әдістемелік зерттеу еңбектері мен оқулықтар, оқу құралдары басшылыққа алынды.

Зерттеудің әдістері. Жұмыста теориялық талдау әдістері, баяндау, салыстыру, сараптау, модельдеу, жинақтау, жүйелеу, талдау, қорыту, тәжірибеден өткізу, бақылау әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының кезеңдері.

Бірінші кезеңде ( 2005-2006) зерттеу тақырыбына байланысты лингвистикалық, педагогикалық, психологиялық, әдістемелік еңбектер сараланып, талданды. Іс қағаздарын қашықтан оқытуды жетілдіру, студенттердің кәсіби шеберлігін дамыту бағытындағы жалпы тенденцияларды айқындау мақсатында оқытушылармен, студенттермен сауалнамалар жүргізіліп, оқытушылардың озық тәжірибелері сараланды. Студенттердің іс жүргізу барысында кездесетін құжаттарды меңгеру, оларды сауатты толтыру дағдыларын қалыптастыру бағытында сауалнамалар алынып, бақылау жұмыстары жүргізілді. Соңғы жылдары жарық көрген ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге, қазақ тілін оқыту әдістемесіне, қашықтан оқыту технологиясына, қашықтан оқыту технологиясы арқылы басқа пәндерді оқыту әдістемесіне байланысты ұсынылған әдістемелік оқу құралдарына, зерттеу еңбектеріне, оқулықтарға талдау жасалынып, олардың ерекшеліктері сарапталды.

Екінші кезеңде (2006-2007) М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті информатика, заң факультеттерінің қазақ бөлімі студенттеріне арналған қашықтан оқыту бағдарламасы жасалып, оқу-әдістемелік материалдар бір ізге түсірілді. Іс қағаздарды қашықтан оқытудың тиімді жолдары мен амал-тәсілдері қалыптастырушы эксперимент арқылы сынақтан өткізілді.

Үшінші кезеңде (2007-2008) зерттеу нәтижелері бір жүйеге түсіріліп, жинақталды, қорытындыланды. Жүргізілген педагогикалық эксперименттің нәтижелері тұжырымдалып, сараптаудан өткізілді. «Мемлекеттік тілде іс қағаздарды жүргізу» атты электронды оқулық әзірленді.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

- іс қағаздарды қашықтан оқыту курсының мазмұны айқындалды;

- студенттің дара тұлғалық қабілеті мен тілдік-қатысымдық дағдыларын қалыптастыру бағытында мемлекеттік тілде іс қағаздарды меңгертудің ұтымды амал-тәсілдері анықталды;

- коммуникациялық жүйені пайдалана отырып, іс қағаздарды мемлекеттік тілде оқытудың әдістемесі ұсынылды;

- студенттерге құжат үлгілерін үйретуге қажет және білім, білік, дағдысын жетілдіретін кешенді жаттығулар, өздік жұмыстар, тестілік тапсырмалар беріліп, оларды игерудің жолдары көрсетілді;

- ақпараттық құралдар арқылы іс қағаздарды қашықтан оқытуда сөйлесім әрекетінің (тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым, тілдесім) іске асу тиімділігі анықталды;

Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Студенттерді қашықтан оқыту

арқылы анықталған мемлекеттік тілде іс қағаздарды игертудің теориялық түйіндері мен ұстанымдары және жаңа ақпараттық құралдар арқылы жинақталған нәтижелері ЖОО қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылыми-теориялық негіздерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Зерттеу барысында жасалған тұжырымдар іс қағаздарды қашықтан оқытуда құжаттарды үйретудің қағидалары мен заңдылықтарын іске асырады.

Зерттеудің практикалық маңызы. Зерттеу қорытындыларын жоғары оқу орындарында оқулықтар мен оқу құралдарын құрастыру кезінде пайдалануға болады. Жұмыста ұсынылған әдістемелік жүйе іс қағаздарын меңгертудің сапасын жетілдіруге, жоғары оқу орындарында болашақ мамандарды даярлайтын арнаулы курстардың мазмұнын толықтыруға мүмкіндік береді. Қазақ тілін оқыту әдістемесін зерттеушілерге көмекші құрал ретінде қызмет ете алады. Іс қағаздары бойынша берілген тапсырмаларды оқу-әдістемелік кешен даярлауда, сабақ жоспарын жасауда қолдану мүмкіндігі оның практикалық маңызын аңғартады. Электронды оқулықты қашықтан оқыту орталықтарының оқытушылары қолдануларына болады.

Алынған ғылыми нәтижелердің сенімділігі мен нақтылығы зерттеу негізі етіп алынған теориялық қағидалардың әдіснамалық тұрғыдан сараланып талдануымен дәйектеледі. Зерттеу жұмысының мақсатына, алға қойылған міндеттеріне сәйкес қолданылған зерттеу әдістерінің ұтымдылығы мен қол жеткізген нәтижелер іс қағаздарын қашықтан оқытудың әдістемелік жолдары арқылы республиканың жоғары оқу орындарында қазақ тілін сапалы меңгертуге әсер етіп отырғаны зерттеудің сенімділігіне кепілдік береді.

Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:

- іс қағаздарды қашықтан оқыту арқылы студенттердің теориялық білімін, біліктері мен дағдысын жетілдіру арнайы іріктелген білім мазмұны мен жаттығулар, тапсырмалар кешені және осы мақсатта ұсынылған оқу әдістемелік жүйе негізінде жүзеге асырылады;

- қашықтан оқыту формалары материалдық-техникалық базаны кеңейтуге, кәсіби білім беру мазмұнын электронды жүйеге көшіруге негіз болады. Нәтижесінде мамандарды қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технология негізінде дайындау мүмкіндігі артады;

- қашықтан оқытудың түрлі нұсқаларын (варианттарын) (топтастыру, тығыз байланыс, кейс, кәсіби даярлық немесе қайта даярлау) ұсыну студенттердің ақпараттық құралдармен жұмыс істеу сауаттылығын арттырады;

- қашықтан оқытуда қолданылған кейс, корреспенденттік, желілік, іскерлік ойындар модельдері студенттің тілдік-қатысымдық біліктері мен дағдысын жетілдіреді, білімдік, пәнаралық, интеллектуалдық, тестілік, тапсырмалар студенттердің өзін-өзі басқаруын, ұжымдық өзара белсенділік әрекеттерін арттыруға, іс жүргізуге қатысты құжаттарды толық игеруге, сауатты толтыруға мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен нәтижелері халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Диссертациялық жұмыстың мазмұны бойынша республикалық басылымдарда 8 ғылыми мақала жарияланды. Барлығы ғылыми жұмыс бойынша материал баспадан шықты. Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасында және біріктірілген әдістемелік семинарда талқыланды.

Зерттеу еңбегінің құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшадан тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Жұмыстың бірінші бөлімі «ЖОО-да мемлекеттік тілде іс қағаздарды қашықтан оқытудың теориялық негізі » деп аталады. Бұл бөлімнің «Үзіліссіз білім беру жүйесіндегі қашықтан оқыту» атты бірінші тармағында қазіргі кезде адамзат дамуының ерекшелігі болып табылатын ақпараттық өркениетке көшу, адамдардың интеллектуалдық мүмкіндіктерін арттыратын есептеуіш техника мен ақпараттық технологиялардың жедел дамуы туралы сөз болады. Қазіргі білім беру үдерісінде де ақпараттық және телекоммуникациялық құралдарды пайдалана отырып, білім беру технологиясы даму үстінде. Соның бірі - қашықтан оқыту технологиясы.

Өткен ғасырдың 20 жылдарында қазақ тіл білімінің негізін салған көрнекті ғалымдардың еңбектерінде қашықтан оқыту мәселесі қарастырылған. Қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы Қ. Жұбанов 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне «Аулақтан оқыту» деген тақырыпта мақала жариялаған . Мақалада тілші-ғалым бүгінгі күні қолға алынып жатқан қашықтан оқыту мәселесін сөз етеді.

Арада ұзақ жылдар салып, ғылым мен техниканың жоғары жетістіктеріне орай Қазақстандық ғалымдар бұл идеяға үн қоса бастады. Р. Ә. Шаханова, Г. К. Нұрғалиева, Д. М. Жүсібалиева, Г. К. Ізтілеуова, т. б. ғалымдардың еңбектерінде қашықтан оқыту мәселесі қозғалған.

Р. Ә. Шаханова орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытуда қашықтан оқытудың тиімділігін жазса, М. Б. Есбосынов мектептегі қашықтан оқытудың тәсілдерін, материалды үйренудің жаңа жолдарын көрсетеді [2; 3] .

Қазақстанда қашықтан оқыту түрі жаппай жүзеге асырылмағанымен, кейбір оқу орындарында бұл іс қолға алынып, талпыныс жасалуда. Қашықтан оқыту қала мен ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге, сапалы білім алуға жағдай туғызатын оқытудың түрі екенін бүгінгі күннің талабы мен сұранысы дәлелдеп отыр.

Қашықтан оқыту - жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технология мен техникалық құралдар кең түрде қолданылатын, студенттерге мемлекеттік стандартқа сәйкес білім беретін, стандарттағы пәндерді еркін таңдауына жағдай жасайтын оқытудың түрі. Қазақ тілі сабағында іс қағаздарды қашықтан оқыту студенттің әлеуметтік жағдайын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік тілде іс қағаздарды қашықтан оқыту технологиясының мазмұны» атты екінші тармақта Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сай қашықтан оқытуды ұйымдастыру мен оның негізгі ережелері мемлекеттік тілде іс қағаздарды қашықтан оқыту технологиясының мазмұнын құрауға негіз болғаны дәйектелді [4, 10-18 бб. ] . Мемлекеттік тілде іс қағаздарды қашықтан оқыту мазмұнын сараптайтын білім беру бағдарламасы; іс қағаздарды қашықтан оқу процесін ұйымдастыру; қашықтан оқытудың технологиялары; іс қағаздарды қашықтан оқытудың дидактикалық құралдары сараланды.

Қашықтан оқытудың білім беру бағдарламасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен типтік бағдарламалар негізінде жасалады . Студенттер міндетті түрде қашықтан оқыту орталығының ережелерімен танысады. Ережеде қашықтан оқыту үдерісінде пайдаланылатын ұғымдар мен олардың анықтамалары қамтылады.

Қашықтан оқу процесін ұйымдастыруда оқытудың білім беру, тәрбиелеу, дамыту, дәйектілік, жүйелілік, ЖАТ құралдарының мақсатқа сай қолданылуы басшылыққа алынады. Пәннің жұмыс оқу жоспары мен студенттердің жекеленген оқу жоспары білім беру үдерісінің негізі болып табылады. Мемлекеттік тілде іс қағаздарды қашықтан оқытуда мультимедиялық дәрістер, компьютер модельдеріндегі сабақтар, гипермәтінді жаттығулар, гиперслайдтар, ЖАТ құралдары пайдаланылады. Студенттер электронды пошта немесе телефон арқылы кеңес ала алады.

Қазақ тілі сабағында іс қағаздарды қашықтан меңгерту ақпараттық технология; кейс технологиясы; желілік технология; теледидар технологиясы арқылы жүзеге асады.

Мемлекеттік тілдегі іс қағаздарды қашықтан оқыту гипер тілдегі жаттығу-

тапсырмалар; аудио бейнетаспалар, бейнефильмдер; компьютерлер; теледидарлық телеоқулар; электронды оқулықтар; тест тапсырмалары; интернет жүйесі; телефон т. б. құралдарды пайдалану арқылы іске асады.

«Мемлекеттік тілде іс қағаздарды қашықтан оқытудың лингводидактикалық жүйесі» деп аталатын келесі тармақта мемлекеттік тілде іс қағаздарды қашықтан оқытудың лингвистикалық және дидактикалық негіздері айқындалды. Іс қағаздар стилі қазіргі кезде студенттер үшін маңызды мәселе болып отырғаны мәлім. Заман талабына сай іс қағаздарын қазақ тілінде үйрету - бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Аталған мәселені оқытуда іс қағаздардың даму тарихы, өзіндік ерекшеліктері, құрылымы, грамматикалық сипаты толық танылуы тиіс.

Іс қағаздар тілінің замандар бойы қалыптасып, дамыған қоғам өмірімен біте қайнасқан тарихы бар. Еліміз егемендігін алып, өз алдына дербес ел болған кезеңнен соң, Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңында «жоғарғы және арнаулы оқу орындарының бағдарламасында «Қазақ тілдерінде іс қағаздарды жүргізу» пәні өткізілсін», − деп шешім қабылдады [5, 44 б] . Іс қағаздарды жүргізу ісіне үкіметіміз арнайы көңіл бөлгеннен соң, оқу бағдарламалары бойынша аталған пән барлық жерде оқытылып, ресми құжаттарды зерттеу, соған қатысты сөздіктер шығару, монографиялар жазу ісі қолға алына бастады. Т. Дүйсебаева, А. Алдашева, З. Ахметжанова, Э. Сүлейменова, Л. Дүйсембекова, Б. Шалабай, В. Салагаев, Ф. Оразбаева, Қ. Мұхамади, Ж. Макешовалардың т. б. еңбектері - осының дәлелі.

Дидактикалық үдерістің кезеңдерін айқындау, студенттерге мемлекеттік тілде іс қағаздардың түрлерін, үлгілерін меңгерту, өздік жұмыс орындату оларды құжаттардың түрлерін танып білуге, болашақ мамандықтарын жете меңгеруге жетелейді және оған әсер ететін механизмдерді анықтауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік тілде іс қағаздарды қашықтан оқыту арқылы меңгерту дидактиканың ұстанымдарын басшылыққа алу арқылы жүзеге асады.

Зерттеу жұмысында оқу материалын саналы меңгерту, оқыту материалының ғылымилығы, жүйелілігі мен сабақтастығы, дидактикалық материалдың студенттің қабылдауына сәйкестігі, жеңілден күрделіге қарай өту, теория мен тәжірибенің байланыстылығы ұстанымдары басшылыққа алынды. Мемлекеттік тілде іс қағаздарды қашықтан оқыту технологиясында тиімді болып табылатын аралық белсенділік ұстанымы, біркелкі ақпараттық қор базасын жасау ұстанымы, құжатайналымын электронды күйге ауыстыру ұстанымдары анықталды.

Аралық белсенділік ұстанымы. Қашықтан оқыту технологиясындағы бұл ұстанымның ерекшелігі - студенттердің оқытушылармен байланысын қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңа ақпараттық құралдар арқылы студент пен студент арасындағы қарым-қатынастардың заңды жүзеге асуы. Қашықтан оқыту үдерісі барысында студенттер арасындағы ақпарат алмасу қарқыны студенттер мен тьюторлардың (оқытушы-кеңесші) арасындағы байланысқа қарағанда әлдеқайда жоғары екенін көрсетті

Мәселен, барлық студенттердің қатысуымен телеконференциялар өткізіледі, онда студенттер іс қағаздар үлгілерінің құрамын, лексика-грамматикалық құрылымын зерделейді. Мұндай жұмыстар олардың арасындағы қарым-қатынасты арттырады .

Біркелкі ақпараттық қор базасын жасау ұстанымы. Қашықтан оқыту жүйесі жаңа ақпараттық технология құралдары арқылы жүзеге асырылатындықтан, барлық оқу материалдарын, кешенді тапсырмалар, өздік жұмыстар жинағын, тағы басқа да қажетті ақпараттарды бір жерде жинақтап, сақтау өте маңызды болып табылады. Себебі, студент кез келген тақырыпқа қатысты деректер іздеген кезде өзіне қажет материалды ақпараттар қорынан тауып алуға тиісті. Қашықтан білім алатын студент себепті жағдайлармен іссапарға кетуі, шетелдерге шығуы мүмкін. Сондықтан оған жөнелтілген білім көздері ақпарат қорында сақталуы қажет. Іссапардан келгеннен кейін студент өзіне тиісті тапсырмаларды осы ақпарат қорынан ала алады.

Құжатайналымын электронды күйге ауыстыру ұстанымы. Мемлекеттік тілде іс қағаздарды қашықтан оқыту арқылы меңгерту әдістемесінде арнайы қолданылатын ұстаным - құжат айналымын электронды күйге айналдыру.

Барлық құжаттар ағымы оқу үдерісі кезінде компьютер арқылы беріледі. Қажетті тапсырмалар, құжат үлгілерін толтыруға арналған жаттығулар, басқа да сұрақтар осы жаңа ақпаратты құралдар арқылы (компьютер немесе электронды пошта) жөнелтілетіндіктен, студенттер жауаптарын кері байланысқа шыға отырып, қайта жаңа ақпаратты құралдар арқылы жіберіп отырады. Қашықтан оқыту жүйесінде мұндай жағдайлар педагогикалық ұжымды, оқытушыны мақсатын нақты қоюға, табысқа қол жеткізу жолында шығармашылық жұмыстарды іздестіруге жетелейді.

«Мемлекеттік тілде іс қағаздарды қашықтан оқытудың әлеуметтік жүйесі» атты тармақ іс қағаздардың әлеуметтік мәнін анықтауға бағытталды. Қоғамдағы, күнделікті өмірдегі барлық қызметтер іс қағаздарымен тығыз байланысты . Мемлекеттік тілде іс қағаздарды қашықтан оқыту болашақ мамандардың қоғамдағы орнымен, әлеуметтік күйімен тығыз байланысты. Қоғам мен адам байланысы іс қағаздарды дұрыс толтыру мен пайдаланудан көрінеді. Адамның дүниеге келуі; мектеп табалдырығын аттауы; оны бітіріп шығуы; оқуға түсуі; еңбекке араласуы; басқа тұлғалармен өзара қатысымдық әрекеті; белгілі бір ұжыммен араласу қабілеті; қоғамда атқарар қызметі т. б тәрізді әлеуметтік жағдайлары іс қағаздар, құжаттар негізінде жүзеге асырылады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қоғамдағы гендер мәселесі: Отандық білім беру аясында
Кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудың ережесі
АКАДЕМИК С. ҚАСҚАБАСОВТЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГТІК МЕКТЕБІ
ШЕТ ТІЛІН ОҚЫТУДА ЕРТЕГІЛЕР МЕН ЖҰМБАҚТАР АРҚЫЛЫ ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІ ӘДІСТЕРІ
GEOGEBRA БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ АРҚЫЛЫ ФИЗИКА ПӘНІНЕН ҚОЗҒАЛЫС ГРАФИКТЕРІН КӨРНЕКІЛЕУ ӘДІСТЕМЕСІ
Болашақ мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің зерттеушілік құзыреттілігін lesson study әдістемесі арқылы дамыту механизмі
Жоғары сынып білім алушыларының салық мәдениетін қалыптастырудың педагогикалық шарттары
Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарының тарихи музейлері
Болашақ мұғалімдердің қыз баласын тәрбиелеуде даярлау мәселесі
Түркістан АКСР-дегі білім, ғылым мәселелері: (1918-1924 жж.)
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz