Жаңылтпаш - қазақ ауыз әдебиетінің шағын жанры


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   

Жұмбақ - адамның ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір зат немесе құбылыс тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр

Жұмбақ жанры дүние жүзі халықтары әдебиетінің көпшілігінде бар. Бұл жанрға Аристотель “Жұмбақ - жақсы жымдасқан метафора” деп анықтама берген. Жұмбақ әдебиеттің ежелгі үлгілерінде, ауыз әдебиетінде жиі кездесетіндіктен оны ғылымда “фольклорлық жанр”, “халықтық поэзияның шағын түрі” деп санау орын алған. Алайда, қазіргі заман әдебиеті өкілдерінің, әсіресе, балалар әдебиеті авторларының шығарм-ғында Жұмбақтар топтамасы жиі кездеседі. Сондықтан оны тек фольклорлық жанр аясында шектеуге болмайды.

Ғалымдар Жұмбақтың әуелгі тегі тыйым сөздермен және табумен төркіндес деп есептейді. Бағзы дәуірлерде адамдар айналадағы өктем күштерден сақтанғандықтан, өзара шартты сөздермен, астарлы тіркестермен тілдескен. Жұмбақ кейінгі даму барысында табу мен тыйым сөздерден жіктеліп, бөлініп шыққан. Қазақ Жұмбақтары ежелгі дәуірде туып, қазіргі кезеңге дейін ұзақ даму жолынан өтті. 13 ғасырдың 2-жартысы мен 14 ғасырдың басында құрастырылған қыпшақ тілінің сөздігі “Кодекс Куманикусте” көптеген Жұмбақтар берілген. Ондағы Жұмбақтардың құрылымы, табиғаты қазіргі қазақ Жұмбақтарына ұқсас. Мысалы, Сенде, менде жоқ, Сеңгір тауда жоқ, Өте берік таста жоқ, Қыпшақта жоқ (құс сүті) . Сонымен қатар Махмұт Қашқаридің “Түрік тілінің сөздігінде” де қазіргі қазақ Жұмбақтарының алғашқы үлгілері кездеседі. Қазақ халқы Жұмбақты адамдардың білім деңгейін, парасатын аңғартатын үлкен өнер деп есептеген, сондықтан жар таңдаған жастар, ақындар, ел ішіндегі шешен, би, т. б. данагөй, қадірменді адамдар бір-біріне Жұмбақ жолдап, ақыл-ой сынасып, таным салыстырған. Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де, ақындық айтыс түрінде де кездеседі. Жұмбақ бейнелі суретпен айтылады. Мысалы, “Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау” (жұмыртқа), “Отқа жанбас, суға батпас” (мұз) . Заттың сапасына (“Бауыздасаң, қан орнына су ағар” - қауын), қызмет-қимылына (“Жанды сағат айқай салад” - есек) қарай құрылатын Жұмбақтар көп. Кейде Жұмбақ тікелей ашық сұрау түрінде айтылады. Жұмбақ шешендік сөздермен де (“Ағат деген немене? Сағат деген немене?”), мақал-мәтелдермен де (“Сырты жылтырауық болғанмен, іші қалтырауық”) жанасымды.

Қазақ әдебиетінде ақындардың ауызша, жазбаша жұмбақ айтыстары көп кездеседі (мысалы, Жігіт пен қыздың жұмбақ айтыстары, Сапарғали мен Нұржанның айтысы, т. б. ) . Жұмбақтың композициялық құрылымы, әдетте, екі бөлікті болып келеді, бірінші бөлікті Жұмбақтың байлауы, екінші бөлікті Жұмбақтың шешімі деп атайды. Жұмбақта заттың түрі-түсі, көлемі, қасиетімен қатар, оның атқаратын қызметі немесе қимыл-әрекеті де айтылады. Жұмбақ - таным құралы, сондықтан бір құбылысты түрлендіре құбылту арқылы әр тарап, сан қырынан тануға болады. Кейде байламның барлық қасиеттері толық суреттелмей, бір ғана белгісі айтылуы мүмкін. Сондықтан Жұмбақ шешуін табудың ауыр-жеңілдігі нысан суретінің қаншалықты толық, дәл берілуінде. Жұмбақты шешу - сипаттамадан соң сыңар бейнеден байламды табу арқылы жүреді. Сипаттамада байламның белгілері айтылады, осы белгілерге қарап нысанды ойша кескіндеу, елестету, мәтінді ести отырып, ұқсастырылған нәрсе мен байлам арасындағы байланысты зерделеу процесі өрбиді. Жұмбақта белгілі бір өлеңдік қалып сақталмайды. Оның ырғақтық-ұйқастық құрылымы сан алуан жолдармен өрнектеледі. Жұмбақ жанрына тән басты ерекшелік - көлемі шағын, құрылымы жұп-жұмыр, шымыр болып, аз сөзбен көп нәрсені айта білуге бейімділік. Жұмбақ сөйлемдері көбінесе қысқа, жинақы келеді, кейде образбен өрілген кішкене ғана ұғымды білдіретін сөйлем, не сөз тіркесі түрінде кездеседі. Жұмбақтың ең басты поэтикалық құралы - метафоралық тәсіл. Жұмбақта тұспалдап айтылатын нәрселер дайын, ап-айқын күйінде көрінбей, емеурінмен елес береді. Тұспалдау арқылы байламның сыңар бейнесі сомдалады, оның бейнесі басқа құбылысқа көшіріледі. Жұмбақтар түрлі жағдайларды суреттеуді мақсат етпейді, оқиғаларды да баяндамайды, тек әр түрлі заттар мен құбылыстардан образдарға нақыш боларлықтай өрнектер табады.

Жұмбақтың тілдік өрнектерінде халықтың тарихи-қоғамдық өміріндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі өзгешеліктерді танытатын, солардан туындаған нақыш-өрнектер, ауыстырулар өте мол. Көбінесе көзбен көріп, қолмен ұсталған, тұтылған заттар тұспалдауға, жасыруға желі болады. Метафораларға ұйытқы, тірек сөздер алуан түрлі, олар сан-саналы табиғат құбылыстарына, тұрмыс пен шаруашылық, әдет-ғұрып, қоғамдық қатынастарға байланысты лексиканы қамтиды. Жұмбақ нысанасына айналған байламдар өмірдің барша құбылыстарын тақырып ете алады. Мысалы, аспан әлемі, табиғат құбылыстары, жер, хайуанаттар, құстар, жәндіктер, адам, үй жабдықтары, киім-кешек, тамақ-сусын, ыдыс-аяқ, өнер, шаруашылық, іс-құралдары, жол, қатынас, техника, оқу-білім, ойын-сауық, ән-күй, уақыт, дін, т. б. Сонымен қатар кейінгі кезде Жұмбақтардағы дәстүрлі тақырыптардың арнасы оқу-білім, ғылым мен техника дамуына байланысты толыға түсті.

Қазақ жұмбақтарын жинау ісі 19 ғасырдың 2-жартысында басталып, 20 ғасырда одан ары жалғасты. Қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетін жинақтап, алғаш рет жіктеп көрсеткен Ш. Уәлиханов, сондай-ақ, ағартушы Ы. Алтынсарин өз шығармашылығында Жұмбақтарға арнайы тоқталған. Ауыз әдебиетін зерттеуші орыс ғалымы А. В. Васильев, сондай-ақ қазақ ғалымдары С. Аманжолов, Т. Жанұзақов, Қ. Саттаровтардың құрастыруымен қазақ Жұмбақтары жинағы бірнеше мәрте кітап болып шықты. Өзінің бастау көзін, өсіп-өркендеу жолын фольклор қойнауынан алатын Жұмбақ қазақ жазба әдебиетінде жалғасын тапты. Жазба әдебиеттің көрнекті өкілдері Абай, Шәкерім, С. Торайғыров, т. б. Жұмбақ жанрында қалам тартты. Қазақ әдеби жұмбағының өсіп қалыптасуына М. Жаманбалинов, Ж. Смақов, М. Әлімбаев, Қ. Ыдырысов, Қ. Мырзалиев, К. Баянбаев, Қ. Шұғаев, Ә. Ысқабаев, т. б. ақындар қомақты үлес қосты. Қазіргі уақытта Жұмбақ қазақ әдебиеттану ғылымының арнаулы нысаны ретінде зерттеліп келеді.

Мақал - мәтелдер - әр халықтың өз даму тарихында басынан кешкен алуан түрлі оқиғалары, өзі аңғарған табиғат құбылыстары, қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатысы, мінез-құлқы, психологиясы жөніндегі жасаған қорытынды, тұжырымдарының түйіні, өмір тәжірибесінен жинақталған философиялық ойлардың ұтқыр да ұтымды, жатық та көркем көрінісі, фразеологиялық оралымдардың еңделіп, сырланып, әбден қалыпқа түскен тұрақты түрлері. Ол бір ғана емес ертеден бері қалыптасқан ой дәлдігімен, мазмұнының тереңдігімен ерекшеленетін ауыз әдебиетінің бір түрі. Ол айналадағы сыры мол дүние туралы білімнің сұрыпталған жиынтығы, халықтың өзінше шағын ауызша энциклопедиясы ғана емес, ұстаздық, тәлімгерлік роль де атқарады, адам бойындағы барлық жақсылықты асқақтатып, жамандықты жерлеп, бала тәрбиесінде ерекше орын алатын халық даналығы. Мұндағы ақыл-кеңестер қысқа да нұсқа, әрі тұжырымды болды. . Халық даналығы ата-анаға ұрпақ тәрбиесі жөнінде өзінен бұрынғылардың моральдық-психологиялық, медециналық-гигиеналық, өнер-сайыскерлік ой-пікірлерін де шоғырландырып, бүкіл халықтың тәлімдік тәжірибесін мирасқа қалдырып отырды. Көшпеліліердің сонау ерте дәуірінен-ақ бұларды көп біліп әрі оны ақылмен байыптай алатын адамды ерекше қастерлеуі тегін емес. Ондай адам ата-баба даналығының көзіндей саналатын. Мақал-мәтелдер белгілі бір шешіммен істің дұрыстығын анықтайтын логикалық қызметтің эталоны тәрізді адамның ой-әрекеттерінде маңызды роль атқарып отырады.

Абай мұрасы мақал, мәтелге айналған ақыл-нақылды өлең жолдарына бай.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Бақпен асқан патшадан мимен асқан қара артық», «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық», «Тамағы тоқтық, жүмысы жоқтық - аздырар адам баласын» деген жолдар осының дәлелі.

Жаңылтпаш - қазақ ауыз әдебиетінің шағын жанры. Жаңылпаш ойын-сауыққа жиналған жұртты күлдіру; жас ұрпақтың тілін ұстартып, әр түрлі сөзді шапшаң айтуға үйрету мақсатымен пайда болған. Жаңылпаштың сөздері адамды жаңылдыратындай қиын, көбінесе, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады, қара сөз немесе өлең түрінде болады. Жаңылпаш ойын-сауықтарда ән білмейтін, жатқа тақпақ айта алмайтын жастарға жаза ретінде де қолданылған. Мұндай ұятты жағдайға қалмас үшін әр жас жігіт пен қыз ән-жыр үйренуге талпынған. Қазіргі кезде Жаңылпаш жаңа мазмұнға ие болып, түрі мен мазмұны жағынан молыға түсті. Жас ұрпақты достыққа, бірлікке, адамгершілікке, ізгі қасиеттерге тәрбиелеудің маңызды құралына айналды. “Қамаштан көріп қалашты, Қалашқа Жарас таласты, Бөлінсін десең қалаш тең, таласпа Жарас Қамашпен” сияқты тәрбиелік мәні зор Жаңылпаштар бала бақшалар мен мектептерде жиі қолданылады.

Жаңылтпаш - қай халық фольклорында болмасын кең таралған жанрлық түр. Қазақ жаңылтпаштарына да зерттеушiлер ертеден назар аударып келедi. Оның тұңғыш хатқа түскен үлгiлерiн Ә. Диваев, М. Ф. Гаврилов жазбаларынан кезiктiремiз. Кейiнгi кезеңде жаңылтпаштар балаларға арналған мерзiмдi басылымдар да жиi жарияланып, жеке кiтап та болып басылып шықты. «Жаңылтпаш деген аты жаңылтудан шыққан. Қатарынан қайта-қайта шапшаң айтқанда, иә тiл келмейтiн, иә тiл басқа сөз қылып бұзып кететiн сөздердiң басын құрап, келiстiрген шығарма жаңылтпаш деп аталады», - деп дәйектейдi алғаш рет оның ғылыми анықтамасын А. Байтұрсынов. Жаңылтпаштардың ғылыми маңызына алғаш рет назар аударған адамның бiрi - С. Сейфуллин едi. «Жастардың, бала-шағаның жиналып ойын-күлкi «дүкенiн» құрған орында айтылатын айтыстың бiрi - жаңылтпаш. Бұл да - ертек, өлең, жұмбақ айтысу тәрiздi жастардың, балалардың тiл ұстауларына, ойнақы, қырлы сөздердi қақпақылша атқылап, билеп еркiн сөйлеуге төселулерiне өз әлiнше әдемi сабақ, тәжiрибе болатын ойын [109, 253 б. ], - деп жазады ол 1931 жылғы жазған «Қазақ әдебиетi» атты зерттеуiнде. Кiтапта зерттеушi жаңылтпаштың тәрбиелiк мәнi мен атқаратын қызметiн айқын аша отырып оның ойындық сипатына да назар аударады. Яғни, жаңылтпаш жеке баланың ермегi емес, ол - көбiнесе жұрт жиналған жерлерде балалардың тез де, жаңылыссыз, дыбыстарды анық сөйлеуiне дағдылануына үйрететiн өлең-ойын. Оның ойындық сипаты балалардың бiр-бiрiмен жарыса кезекпе-кезек айтысуында жатыр. Ол тiл жаттықтыру мақсатын ғана көздемейдi, жаңылтпаштағы сөздер дұрыс айтылмаса, құлаққа мүлде басқаша естiлiп, күлкi де туғызады. Мәселен: Ақ тай ақ па? Қара тай ақ па? деген сияқты жаңылтпашты интонацияны дұрыс сақтамай, жылдамдата айтса, Ақ таяқ па? Қара таяқ па? болып мағыналық жағынан мүлде өзгерiп кетедi. Ертеректе, жаңылтпаш балалар ғана емес, ересектердiң де ермегi болған. Бiрақ ол үлкендер арасында басқашалау қызмет атқарған. «Ерте кезде ойын-сауықтарда жаңылтпаш айтқызу қазақтың салты болған. Жаңылтпаш жиналған жұртты күлдiру, тiл ұстартуды көздеумен қатар, ол өлең, ән бiлмейтiн жастарға берiлетiн жазба есебiнде қолданылған», - деп жазады белгiлi фольклорист ғалым М. Ғабдуллин, жаңылтпаштың үлкендер арасындағы қолданысы жөнiнде. Дегенмен, жаңылтпаштар негiзiнен балаларға тән мұра. Ол жөнiнде қазақ балалар әдебиетiнiң бiлгiрi Ш. Ахметов: «Бұл жанр тек қана балалар әдебиетiне арналған, көбiне мектеп жасына дейiнгi балалар мен бастауыш мектеп оқушыларына лайықты. Олай дейтiнiмiз жеке дыбыстармен айтылуы қиын кейбiр сөздердi дұрыс сөйлеуге үйрету - көбiне балаға ғана тән нәрсе. Мұнда мiндеттi түрде оқыту арқылы ғана емес, баланы талғамы күштi қызық та көркем сөздерге әуестендiру, соған елiктiру арқылы жаттығу жүргiзу үшiн қолданылған шеберлiк бар», - дейдi. Бұл пiкiр жаңылтпаштың балалар фольклоры құрамындағы функциясын толық ашады. Бiрақ жаңылтпаштың шығу тегi мен оның алғашқы функциясы ғылымда жете тексерiле қойған жоқ. Егер жаңылтпаштың күрделi өлең құрылысына назар аударсақ, оны шығарушылардың ересектер екенiне күмән тумайды. Яғни, ерте заманда пайда болып, үлкендер репертуарында өмiр сүрген жаңылтпаш келе-келе балалар ортасына көшкен. Бұлай ауысудың өзi де жайдан-жай емес. Ертедегi халықтар баланың тiлiнiң тезiрек шығуы үшiн әртүрлi магиялық әдет-ғұрыптарды пайдаланған. Ол туралы Д. Д. Фрезер көптеген мағлұматтар келтiре отырып: «Орталық Азия түрiктерi көпке дейiн тiлi шықпаған баланы, әртүрлi сайрағыш құстардың тiлiмен тамақтандырады», - деп жазады. Бұған ұқсас әдет-ғұрыптар қазақ халқында бертiнге дейiн сақталған. Оның ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысындағы бiр көрiнiсiн Х. Хустанаев былай сипаттайды: « . . . дәл осылай қазақтар балаларын ең алдымен сөйлеуге үйретедi, ол үшiн оларды шешен сөйлейтiн адамдардың сарқытымен тамақтандырады, олар сарқытпен бiрге шешендiк қасиеттiң балаларға берiлетiндiгiне шек келтiрмейдi, одан соң бала жүйелi сөйлеуге жаттығу үшiн түрлi түсiнiксiз сөздердi тез айтуға асықтырады». Бұдан жаңылтпаштың бала тiлiн шығаруға байланысты функция атқарғандығын да байқаймыз. Жаңылтпаштың бала тiлiн жаттықтыруға байланысты қызметi - оның басты мiндетi. Бұл орайда, жаңылтпаштың тiлге ауыр оралатын дыбыстардан құралатынын ерекше ескерген жөн. Әсiресе: Ара, ара, аралар, Орманның бойын аралар. Гүлдерден сорып бал алар, Алысқа ұшып бара алар, Бал тәттi ғой, балалар! - деп келетiн «Р» дыбысына жаттығуға арналған жаңылтпаштар өте көп. Ендi бiр жаңылтпаштарда: Есiк алдындағы отынның, Шырпылырағынан ала кел, Томарлылығынан ала кел, Түбiрлiрегiнен ала кел, - сияқты айтуға өте ауыр көп буынды сөздерден құралады. Егер жаңылтпаштар тек тiл жаттықтыру үшiн ғана қолданылатын жанрлық түр десек бiр жақты кеткен болар едiк. Жаңылтпаш бойында сөз ойнатып, балаларды қызықтыра тартатын эмоциялық реңк, қисынды ұйқас бар. Шiлiктi шаптым, Жiлiктi астым, Шiлiктi жақтым, Жiлiктi шақтым, - дегендегi «шаптым, астым, жақтым, шақтым» сияқты толымды ұйқаспен қоса бұл өлеңде сөздердi мағыналық жағынан да ойнату бар, бала сөздi тез айтуды ғана емес, логикалық қисынды бұзып алмауды да жадында сақтайды. Жаңылтпаш мазмұнында халық өмiрiнiң түрлi қырларын таныстыратын танымдық детальдармен қатар, балаларды тағылымдық өнегеге баулитын ғибраттық сарындар да мол кездеседi. Қамаштан көрiп қалашты, Қалашқа Жарас таласты. Бөлiнсiн десең қалаш тең, Таласпа Жарас, Қамашпен, - тәрiздi кейiнiрек шыққан жаңылтпаштар бұл ойымызға дәлел бола алады. Жаңылтпаштардың өлең құрылысы тым шағын, қарапайым болып келедi. Дегенмен iшiнара: Жаңбыр жауып келедi қар аралас, Бiр топ қатын келедi шал аралас. Тауға қайың бiтедi тал аралас, Бiр топ сиыр келедi тана аралас, - сияқты қара өлең үлгiсiндегi шумақтар да кездеседi. Немесе: Айыр атанды жүк қартайтар, Семiз қойды май қартайтар. Күйгелек менiң атамды Жас қартайтпас, ой қартайтар, - тәрiздi нақыл деуге келетiндей жаңылтпаштар да бар. Жалпы, жаңылтпаштың ұйқасты, үйлесiмдi тiлмен келетiн өлеңдiк өрнегi де балаларға үлкен ләззат бередi. Жаңылтпаш - қазақ балалар өлең-ойындарының iшiнде салмақты орын алатын тәрбиелiк мәнi жоғары, көркемдiк кестесi де күрделi жанрлық түрлердiң бiрi.

Ертегі - фольклордың негізгі жанрларының бірі. Ертегі жанры - халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза.

Оның мақсаты - тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетик. әдеби қазына. ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті - сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды. Ертегінің композициясы бас қаhарманды дәріптеуге бағындырылады, сөйтіп, ол белгілі бір сұлба бойынша құрылады. Мұның бәрі ертегіге идеялық, мазмұндық және көркемдік тұтастық береді. Осы тұтастық бұл жанрға басқа да қасиеттер дарытады: композиция мен эстетикалық мұраттың бірлігі әрі тұрақтылығы, көркем шарттылықтың міндеттілігі, ауызекі сөйлеу тіліне сәйкестігі, тұрақты тіркестердің қолданылуы, т. т.

Ертегіде қиял мақсатты түрде пайдаланылады, сондықтан ол әсіреленіп, ғажайыпқа айналады және біршама өзінше дамып отырады. ертегідегі ғажайып қиял адамның күнделікті көріп жүрген заттары мен құбылыстарын саналы түрде басқаша етіп көрсетеді, өйткені бұл жанрда ғажайыптың көркем бейнелеуіш құрал ретінде қолданылады. Өмірдегі шынайы нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету - ертегінің өзіндік қасиеті болғандықтан, ертекші де оның мазмұнын барынша әсірелеуге, ғажайыпты етуге күш салады. Сонымен бірге ертегідегі оқиғалар мен іс-әрекеттердің қаншалықты әсерлі болуы ертекшіге ғана емес, сондай-ақ тыңдаушыға да, ертегінің айтылу жағдайына да байланысты. ертегіде қиял мен ғажайып әрі идеялық та мақсатта қолданылады, себебі классик. Ертегі адамның рухани азығы болуымен қатар идеол. та қызмет атқарған. ертегінің көркем баяндалуында сюжеттен де гөрі композицияның рөлі артығырақ.

Ертегінің поэтикасы мен композициясы көркем әрі жүйелі. Композициясы бірнеше бөлшектен тұрады: бастама - эпикалық баяндау - аяқтау. Бастама, әдетте, өлең немесе ұйқасқан проза түрінде бас кейіпкердің ата-анасы, оның дүниеге келуі туралы айтып, тыңдаушыларды бас кейіпкермен таныстырады. Эпикалық баяндау қаhарманның өсуін, үйлену тарихын, оның бастан кешкендерін әңгімелейді. Аяқтауда кейіпкердің сүйгенін алып немесе ойлағанын іске асырып, мұратына жеткені хабарланады. Бастама мен аяқтау, көбінесе тұрақты тіркес болып келеді. Өзінің ұзақ тарихында ертегі жанры әр дәуірдің, әр қоғамның болмысы мен түсініктерінің, нанымдарының әр түрлі іздерін сақтап қалып, біздің заманымызға жеткізген. Қазақ ертегілерінде хандық заманның шындығы, сол шақтағы әдеттер мен нанымдар, салт-дәстүрлер, тұрмыс кейпі көбірек көрініс тапқан.

Ертегілері жанрлық әрі сюжеттік құрамы жағынан әр алуан. Ол іштей бірнеше жанрға бөлінеді:

1) жануарлар туралы ертегілер;

2) қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер;

3) хикаялық ертегілер, сатиралық ертегілер;

Сюжеттері тек қазақтың өзіне тән ертегілермен қатар, басқа елдермен ортақ сюжетке құрылған ертегілер де бар. Олардың көбі тарихи-типологиялық жағдайда пайда болған, біразы тарихи-генетик., яғни туыс халықтарға ортақ болып табылады, кейбірі тарихи-мәдени байланыс нәтижесінде қазақ жұртына тараған. Сол себепті қазақ ертегілерінде таза ұлттық та, халықар. та, көшпелі сюжеттер де қатар өмір сүрген.

Негізгі кейіпкер мен мазмұны және қияли әдістердің қаншалықты пайдаланылуына қарай бұл салалардың әр қайсысы тағы бірнеше топқа бөлінеді. Бұлардың ішінде: хикая, өсиет, мысқыл, батырлық туралы ертегілер болады.

Ертегі жанрының пайда болып, қалыптасу тарихы өте ұзақ. Оның түп-төркіні - алғашқы қауымда туған көне мифтер, аңшылық әңгімелер, хикаялар, әр түрлі ырымдар мен аңыздар. Өзінің қалыптасу барысында ертегі осы жанрлардың көптеген белгілерін бойына сіңірген. Бұл жанрлардың кейбірі өз бітімін мүлде жоғалтып, толық ертегіге айналған. Солардың бірі - миф жанры. Мифтің ертегіге айналу процесі бірнеше кезеңнен өткен.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Таза сөйлеу - фольклордың шағын жанры
Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда қолданылатын халық ауыз әдебиет түрлері
Қазақ жаңылтпаштарының зерттелу тарихы
Бaлaлaр aуыз әдeбиeтi-бaлaлaр әдeбиeтiнiң aлтын қoры
ОРЫС СЫНЫПТАРЫНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫНАН САУАЛНАМА АЛУ
Мақал мәтелдерді, жұмбақтарды, жаңылтпаштарды оқыту ерекшеліктері
Мақал - мәтелдер, жұмбақ
Қазақтың аңыз ертегілері, жаңылтпаштары, нақыл сөздері
Жаңылтпаштың басқа жанрлармен байланысы
Халық ауыз әдебиеті арқылы бала тілін дамыту
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz