Төлеген сөз жоқ талант


Мазмұны
I. Кіріспе
- Ақынның шығармашылық ғұмырнамасына шолу . . . 2 - 3
- Ақын жайлы бір үзік сыр . . . 3 - 11
ІІ. Негізгі бөлім
2. 1. Төлеген Айбергенов шығармашылығының көркемдік ерекшелігі…. 12 - 16
- Өлеңдеріндегі көркемдік әдіс;
Образ мәселесі . . . 17 - 24
2. 3. Мазмұн мен пішін . . . 25 - 31
ІІІ. Қорытынды
3. 1. Төлеген стилі - текті өнердің жалғасы . . . 31 - 34
Сабақ жоспары . . . 35- 39
Пайдаланылған әдебиеттер . . . 40
Біз поэзияның тағы бір алтын тұтқасын аштық. Аштық та, Төлеген дүниесін көрдік!
Әбділда Тәжібаев
Төлеген өлеңдері халқына, ұрпақтарға рухани күш һәм ләззат беріп жасайды.
Ыбырайым Юсупов
Төлеген сөз жоқ талант. Дара талант, сара талант. Т. Айбергенов шығармашылығы - өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры.
Әбіш Кекілбаев
Әр түрлі гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның исі, таудың бұлағымен - өзімен -өзі тыныш жатқан поэзияның қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал - жая толқындарындай ағысты екпінімен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді.
Фариза Оңғарсынова
Амал бар ма, біз үш дарыннан ерте айырылдық. Олар - Абдолла, Баубек, Төлеген.
Ғабит Мүсірепов
Төлеген өмірінің де, оның ақындық шабытының да тым қысқа қайырылуы өте өкінішті. Бірақ бұндай ақынның екінші өмірі ұзақ болады. Оның өлеңдері халқына, болашақ ұрпақтарға рухани күш, һәм ләззат беріп, мәңгі жасайды.
Ыбырайым Юсупов
Төлегеннің ізденіп, өзінше жазуға, жаңа ой айтып, өлеңге түйін жасай білуге талпынған талаптары өлеңдерінде сәттілігімен сүйкімді.
Д. Әбілов
Төлегеннің жылы, тартымды, лирикалық өлеңдері болашақ өрісін байқатқандай. Жастардың жалынды жігері, достық - махаббаты, ізгі адамгершілік қасиеті оның лирикаларының негізгі идеялық мотиві.
Есмағамбет Ысмайлов
Кіріспе бөлім
1. 1. Ақынның шығармашылық ғұмырнамасына шолу
Төлеген Айбергенов (1937 - 1967) 1959 жылы Ташкент педагогикалық институтын бітірген. 1960 жылы Қарапалпақстанда Қоңырат ауданындағы орта мектепте мұғалім қызметін атқарады. 1962 - 65 жылдары Шымкент облысы Сарыағаш аудынындағы орта мектептің директоры, 1965 - 67 жылдары Қазақстан жазушылар одағында әдебиетті насихаттау бюросының ұйымдастырушысы болады. Алғашқы туындылары 1957 жылы Республикалық газеттерде жариялана бастады. Ақынның туған жерге деген ыстық сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы өлеңдері «Жас дәурен» атты жас ақын шығармалары жинағына енді. Көпшілік зердесінде мәңгі өлмейтін жастықтың жыршысы, романтикалық көңіл - күйдің ақ қанаты болып әсер қалдырған жырлары көп. Асау сезімге бай, бояуы қанық жырлары: «Арман сапар», «Өмірге саяхат», «Мен саған ғашық едім», «Бір тойым бар». Ақынның «Құмдағы мұнаралар» шығармасы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ие болды. Туған елінің ізгі тілегі мен ақ ниетін тебірене жырлаған ақынның орыс тілінде «Мир созвездий» деген атпен таңдамалы жырлары жарық көрді. Бірқатар өлеңдері «Поэты Казахстана», «Струны домбры», «Степновые ритмы» украин тілінде жинақ болып шықты. «Ақерке Жайық», «Жаңғырған Маңғыстау» «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Ақ қайыңдар» т. б. өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен танымал. 2001 жылы таңдамалы өлеңдер жинағы, «Біргемін мен сендермен», «Бір тойым» атты естелік кітаптары, жыр кітабы жарық көрді.
1. 2. Ақын жайлы бір үзік сыр
Cағындым жаным, мен сені!
Көркіңді жүрген қуаныш қылып,
Мендей ме екен бар ағаң,
Шын інім болсаң бас бұрма жаным,
өсек - ғайбатқа бораған.
Қажет жерінде қатігездік пен
қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын сен
сағынышымен есепте.
Онсыз сен тіпті тұлпар да болсаң,
қосыла алмайсың қатарға
Әуелі әбден сағынып алмай
шығушы болма сапарға.
Сағынбай барсаң теңіз де сенің
тебіренбес жастық шағыңдай,
Бұлбұлдың дауысын есіте алмайсың,
бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсаң таулар да сенің
алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен
екен деп тас қаптап . . .
Осы бір жырдағы алабұртқан екпін, тау суындай күркіреген қарқын, бірінен - бірі туындап, сытыла шапшыған бұла сөз толқын, буырқана бұлықсып атқыған сезім серпіні үзуге, іркуге келер емес еді, көнер емес еді. Жыр жүйрік. Апшы қуырған асау ағыс. Аяғына дейін жіберіп, ат басын ағытқан осынау бір тұлпар шабысты тек тамашалай бергің келеді. Тамсана бергің келеді. Ақын үніне үн қосып, сөз шығындап жатқың келмейді. Төрт аяғы тең жорға Төлеген жырларын, шашасына шаң жұқпас ақпа жырларға қара сөзбен түсініктер жазып, суреттеп жату - бір әурешілік. Қазақтың арнасы кең жыр дариясына сонау алпысыншы жылдар аяғында бір бүйірден апшып келіп, бір ақжал толқын ұрғаны есте. Төлеген - толқын. Арқырап ақжалданып шиыршық атып келген толқын. Суы тұмадан бастау алған бұлқынған бұла толқын.
Жазира белдер қуанышыңды болмасын
мәңгі шектемек,
Алдыңнан орман кес - кестеп шықса
сағынышыңмен көктеп өт.
Мен бұны саған жазып отырмын
арманымды орап сезімге,
Жан - жақтан түскен шұғыланың бәрін
сағынып жүрген кезімде.
Ақын інісі Мұхтар Шахановқа арнаған бұл толғау, сөз жоқ қазақ жыр көгіне шырқай көтеріліп барып, лап жанған өмірзая шайырдың ғана емес, жалпы өлең өнеріміздің тамаша бір соңы өрнекпен бір оқыс ашқан самғауы, шарықтауы болды. Бұл толғау сөз жоқ алпысыншы - жетпісінші жылдар поэзиясының шырқап бір салған әні, шауып бір шыққан шырқауы. Төлеген кейде шабыт қысқанда көкке парлай, самғай көтеріліп дүниенің тас төбесіне шығып алып, қиядан жүзіктей жұмыр жер, жалпақ әлемге назар салатын қыран көз, періште - қанат ақын. Ол ата - жұрт қазақ еліне қиырдан сағынып келді. Өле - өлгенше сол сағынышын баса алмай кетті. Алмағайып жылдарда айырылып қалған ата - жұртының әрбір тау мен тасына, көл мен шөліне шөліркеп, алыс тарихы сапардан оралған аруана - бауыр жанның іңкәр көзімен қарады. Кешегі кеңестік аласапыран жылдарда артта қалған ата - жұртқа деген сағыныш шеттегі қазақтардың бойына ана құрсағында жатқанда - ақ қанмен, зармен бірге дарыды. Дүниеге Қарақалпақ жерінде келген Төлеген тал бесікте тербеліп жатып - ақ, алыста қалған ата - жұртқа деген құтаймас сағыныш мұңына суарылған бесік жырымен көз ашты. Балалық шағы шығыс шайырлары шарлаған шайырлы, құнарлы топырақ Хорезмде өтті. Жас Төлеген Новаи, Мақтымқұлы, Бердақтардың рухы тұнған, ізі қалған қасиетті өлкені шарлады. Бала санасы қашан қалыптасқанша, үздіксіз де үзіліссіз күмбірлеген бабалар үні, жыраулар сарыны тербетіп тұрды. Ғасырлардан ғасырға көшкен жыр дәстүр осылайша бала құлағына, санасына ұя салды. Мектеп табалдырығын аттасымен Абай, Жамбыл, Махамбеттермен қауышты. Сөйтіп, бала сана, бұла сана өлең сөздің тума бұлақ, тұнбасынан жүзіп жүріп ішті, сімірді. Тереңге тамыр салды. Ата - салт, тіл, дін, діл қаймағы бұзылмаған қазақы орта Ұлы Тұран төрі оның бойына елдік пен ерлікке толы мыңдаған жылдық ұлы бабалар өсиетін, қасиетін екті. Жаратқан ие елпең - елпең жүгірген қағілез қара баланың маңдайына ақын болуды жазды. Бұғанасы қатая келе жас дарын күмбірлеген әулие бабалар әуезіне әуеленіп, өзі де күбірлеп тақпақ жаза бастады. Осылайша, тарихи жады шытынамаған Тұран топырағының төсін тесіп тағы бір қайнардың көзі ашылды. Төлеген ақын тамыр салған топырақ араб - парсы, түркі өркениеті әлімсақтан біте қайнасқан рухани шайыры шүйгін топырақ болды, оған далалық еркін ер қазақтың азаттық рухы атойлаған жыр, саз сарыны қосылып, бала санасында соны рухани элементтер құрап шйгін топырақ болды. Оған далалық еркін ер қазақтың азаттық атойлаған жыр, саз сарыны қосылып, бала санасында соны рухани элементтер құрап ию - қию араласты. Сана тұңғиығында болашақта атқылар жанартау - жыр негізі, жасушалары түзілді. Қанша құнарлы десек те Қазақстаннан шет өлке қазақы өршіл рухы көкірегіне симаған Айбергеновтей арқалы ақынға өсе келе тарлық ете бастады. Анау бір қиырда толықсып аламан бәйгелер мекені ұлан байтақ - Қазақстан жатыр. Қазақтың қалың елі тербетілген тал бесік. Шетте, жат елде жүрген қазақтың көз салар құбыласы, мәңгілік меккесі, мәңгілік сағынышы.
Аруана жаудың қолына түссе ботасын
шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа
бұрмастай халге келтіріп.
Жеріне тартып отырады екен моншақтап
жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып.
Апталап - айлап таңдайын мейлі тасбауыр
шөлдер құрғатсын,
Қазығын таппай тоқтамайды екен
мәңгілік тіпті күн батсын.
Туған жер төсін аңсаумен өткен
аруана - бауыр дүние,
Кеудемде жүреген, зердемде жүрген
ынтызар ықылас от өріп,
Сен мұны менен бетер ұқ!
Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау
құйттай жүректен
Келем мен бүгін қасиетті байтақ Қазақстанды көтеріп!
Төлеген толғауларындағы сағыныш сазына, сағыныш сырына терең бойлаған жан бұл жерде тек қана ақынның жеке бас иірімдерімен шектелмей, сол жеке бас тағдырға тайдай таңба басқан кешегі ел айырылған жылдардағы зар заман жаңғырығын аңғарған болар еді. Сол «балапан - басына, тұрымтай тұсына» кеткен кер заман дауылында қақпақыл болған қазақтың бір ботасының боздауын естігендей болар еді. «Боздаумен жасы моншақтап» туған жерге тартып отырған аруана - жүрек ақын бейнесі көз алдымызда көлбеңдер еді. Ақынның Мұхтар інісіне деген сағынышын бақсақ, ел мен жерге сағына қауышқан ақынның күллі қазақ ұлына деген жүрек - жарды тарихи сағыныш екеніне көзіңіз жетер еді. «Ботасын шайнап өлтіріп туған жеріне тартып отыратын аруана - бауыр дүние» ел мен жерден алыс кеткен алаштың ата - жұртқа сыңсып ағылған сағыныш көші екеніне көз жеткізер еді. Егер, ақынның ата - бабалары тоталитарлық тепкіге шыдамай, Ақтөбе жерінен Қарақалпақстанға жер аумағанда, балауса ақын ата - жұрттан алыс жүріп қалыптаспағанда, жүрегін алыс ата - жұртқа деген құтаймас сағыныш сормағанда кім біледі, мүмкін сағыныш туралы қазақ поэзиясының мәртебесін асырған осынау Төлеген толғаулары өмірге келер ме еді, кім білсін . . .
Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана - бауыр дүние,
Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың.
Бірақ мен оны жыр қылып қалай жаза алам,
Жетер ме адам сөзі оған!
Өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғың қас,
Туған жер, сен деп қайғыра алмасам, тағдыр да мені бай қылмас.
О бастан саған ынтызар аруана тектес ұл ем мен
Қазығын таппай қайырылмас.
Жас ақын шыңнан да қазығын таппай қайырылмады. Бір қолтығында Ташкент педагогикалық институтының дипломы, екінші қолтығында болашақ жары Үрниса, Төлеген ақын Қазақстанға бет түзеді. Алғашқы орын тепкен жері - Оңтүстік Қазақстан, рухани ұлт ордасы. Әлі елге белгісіз ақынның отбасын досы, жазушы, журналист Зәкір Асабаев құшақ жая қарсы алады. Зәкір Асабаевтың өзге де достарының арқасында жас ақын Сарыағашта кешкі мектеп директоры болып жұмысқа орналасты. Бірақ ақын аңсары Алматыға ауды да тұрды. Ақыры дегеніне жетпей қоймады. Жұмысың мынау деп отырған Астана жоқ болса да, ақын алған бетінен қайтпай, бәрібір көшіп келді. Алматының Ташкент көшесінің бойынан бір бөлмелі жер үй жалдады. Ташкент көшесінің бойындағы жұпыны ғана жатаған ақын көп ұзамай сол кездегі әдебиет есігін жаңа аша бастаған, бірақ та үйсіз, күйсіз Жұматай бастаған жас ақындардың тұрақты шұбыратын меккесіне айналды. Үй иесінің жұмыссыз, қаржасыз қысылып жүргеніне қарамастан бұл үйде күнде сауық, күнде той. Тіпті қона - жастана дүрілдетіп өлең оқып, керілдесіп әдебиет мәселесін осы үйде шешіп жатады. Үй иелеріне осының бәрі қызық. Қабақ шытпайды. Олар үшін дүниеге бір жақсы өлең келсе нағыз мереке сол тәрізді. Ақын көп ұзамай қарызданып жүріп Алматының тау жағынан бір арзан үй сатып алады. Жас ақындар тобы енді Алматының тау жағына қарай шұбыратын болды. Келушілер қатары молая түсті. Әйгілі Шәмші бастаған композитор, әнші, журналистер күн демей, түн демей осы үйге жиналады. Жаңа ән, жаңа өлеңдер осы үйде үздіксіз туып жатады.
Өмірінің соңғы жылдарында жанын паршалап, санасын сабылтып, сергелдеңге салған сезім өртінен өлең өруге асықты ма екен деген ой келеді.
Бірге қақ қанат қасымнан қалмай,
сағынып көрген қарағым,
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің,
жабылып кетсем егер мен
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын.
Тоқталмайды өмірде жаңбыр әні,
Жаңа толқын жаңғырып жарға ұрады.
Қоңыраулатқан осынау ұлы керуен
Ғасырлардың иығын талдырады.
Бір кездерде бұл күн де көшер менен,
Шеттерімді шулатып неше өрлеген.
Шаңқай түсте шатырлап тас төбемнен
Аласапыран ғасырлар нөсерлеген.
Шақтарда да азынап оқ бораған,
Бұл дарияның шабысы тоқтамаған.
Мен өтемін жолдардан әлі талай,
Жүрегімнен дүңкілдеп ақ барабан.
Көп ұзамай ақын туған жері Қарақалпақстанға қонаққа кетіп, ол жердегі жора - жолдастарының арасында бауыр сырқатынан дүние салды. Сүйегі Нөкіс қаласының зиратына қойылды. Жер бетіндегі сапары небары отыз - ақ жылға созылған ақберен ақын Айбергеновты қазақ баспасөзі жыл он екі ай жоқтады. Бұл қаза жақын - жуық, жора - жолдастарына қатты батты. Ақынды төбесіне көтере дәріптеген сол кездегі жас ақын, бүгінгі бас ақындарымыздың бірі Мұхтар Шаханов былай деп толғады:
Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр,
Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр.
Намысыңды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл.
Міне, содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп,
Сенің жырың шекарада әлі күнге сапта тұр.
Пайымдаймын, мойындаймын, сен данасың, мен бала,
Ұлтына кім жақын, алыс айқындайтын ел ғана.
Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала.
Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты.
Толғандырған, таң қалдырған Махамбет пен Сен ғана.
Адамдықсыз ақындық жоқ, тырмыссаң да жан сала,
Жомарттықсыз тағы алысқа шабамын деп шаршама,
Батырлығың қанша болса ақындығың соншама.
Тіпті өзіңді сыйдырмаған даңқтың тар төріне
Мені бірге ап шыққың кеп арпалыстың қаншама.
Заманының ыңғайына жүрмей кеткен іңкәрім,
Саф өнерде қызғанышты білмей кеткен іңкәрім,
Иығына бүтін бешпент ілмей кеткен іңкәрім,
Жер астынан сәлем жолдап жатырсың сен күн сайын,
Қазағымның маңдайына сыймай кеткен сұңқарым.
Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің,
Сондықтан да сенің даңқың, сенің салтың көгерсін.
Сайын далам жырыңды еске ап күлкісін сәл шегерсін.
Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шың бар
Ол - ақындық мәрттік шыңы, Айбергенов деген шың.
Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана,
Айбергенов шыңын көрсең, атыңнан түс, жас бала!
Айбергенов ақын жайлы бұдан асырып айту қиын. Асылдардың артын күту - азаматтық белгісі. Ерте кеткен ерлерді ескеру - елдік белгісі. Айбергенов ақын қазақ жырындағы жалпыұлттық құбылыс болса да оның соңын күту, осынау жұлдызды жыр жампозын ұлықтау осы күнге дейін жалпыұлттық сипат ала алмай келеді. Алайда алтынды жылтырауықтан ажырата білетін азаматтар Төлеген мұрасын дәріптеуді доғарған емес. Солардың бірі Төлеген ақынның өмірі мен поэзиясы туралы деректі фильм түсірген кинорежиссер Доктырхан Тұрлыбек, екіншісі Ақтөбелік кәсіпкер Базаркелді Ертуған. Бұл азамат өз қаржысына ақынның ата - жұрты Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Шұбарқұдық ауылдық мектебінің үздік оқушыларына соңғы жеті жылдан бері «Төлеген Айбергенов» атындағы ақшалай сыйлық стипендия беріп келеді. Төлеген ақын: «Бұл қазақта небір жігіттер бар марқасқа» дегенде осындай азаматтарды еске ұстаса керек. Егер жыр жұлдызы бүгінде тірі болғанда 73 жасын тойлар еді. «Бір тойым бар сөзсіз менің» деп басталатын алты алашқа мәшһүр өлеңінде арман еткен айтулы күнге ақын жете алмай кетті. Алайда өзінің өлең өлкесіндегі салтанатының «мәңгілік тарқамауы мүкін оның» дегені шындыққа айналды. Жер бетінде қазақ деген ел бар да, қазақ тілі мен жыры бар да жыр жұлдызы Төлеген Айбергеновтың өлең тойы мәңгілік тарқамасы анық.
2. 1 . Төлеген Айбергенов шығармашылығының көркемдік ерекшелігі.
Образдың қазақшасы - көркем бейне. Бұл - кеңірек ұғым. Біз осыған орай келе жатырмыз және кейін бұл мәселеге жеке тоқталамыз. Одан бұрын, образ деген терминнің мына бір қырын біліп алу шарт. Ең қарапайым мағынасындағы образ - суретті сөз.
Күлімсіреп аспан тұр,
Жерге ойлатып әр нені.
(Абай. )
Осы жолдарды оқығанда біздің маңымызда әдеттегі жансыз табиғат емес, әлдебір тіршілік тыныстап, әлдебір тіршілік тыныстап, көз алдымызда кәдімгідей қимыл, құбылыс елестеп кетеді. Аспан жай тұрған жоқ, езу тартып, «күлімсіреп» тұр. Жер жай жатқан жоқ, әлгі бір жадырап, жайнап күлген аспанның қылығына елтіп, бір түрлі «ойланып» жатыр. Осының бәрін біз көзімізбен, көкірегімізбен сезінетін секілдіміз. Аспан күлімсіреп тұр дегенде Абай, әрине, аспанның ашық, ңұрлы екенін айтып отыр. Бірақ аспан ашық деген сөздің әсері аспан күлімсіреп тұр дегендей болмас еді. Өйткені алдыңғысы әншейін, хабар, ауызекі айтыла салған сөз ғана да, соңғысы -сөзбен салынған сүрет. Бұл әрі нақты, әрі затты. Бұл -бедерлі бейне, көркем сөз арқылы бұлайша өрнек төгіп, айшық жасамаса, әдеби шығарма да тумас еді. Бұл ретте образ тіпті тар мағынасының өзінде әдеби тілдің жалпы сөйлеу тілімізден, сондай-ақ көркем әдебиеттің жалпы «әдебиет» атаулыдан айырмашылығын да қоса танынытып тұр. Әдеби шығарма, оның ішінде өлең арқылы жасалған көркем бейне болмаса, мысалы, даланың селеуі, шеңгелі мен шиі дәл мынадай тірлікте, әрекетке ие бола алмас еді:
Елсіз жер . . . еңіреген інгенде күй,
Селеулер жел оятқан билеген би.
Аулақта қорқақ қоян зар тындаған,
Тұқырып қала берген шеңгел мен ши.
(І. Жансүгіров. )
Жансыз табиғатқа жан бітірген ғаламат сурет !
Кең дала күйге толы. «Еңіреген іңгеннің» қасіретін, «зар тындаған қоянның» қайғысын өз алдына қойғанда, өлі ұйқыдан елгезек «жел оятқан селеудің биін», әрі назға, сазға елтіп, әрі ойға, мұңға батып, тым -тырыс «тұқрып қалған шенгел мен шидіі» күйін қараңыз . . .
Лириканы әркім өзінше ұғып, онаша тұшынбаса, оны ежіктеп түсіндіріп жату ағат. Өлеңге қара сөзбен комментарий беру келіспейді.
Тек мынаны білу керек: көркем әдебиетті оқыған адамды баурап алар, оның жан - дүниесіне әсер етер құдіретті күші осынау образдылығында жатады.
Образдылық - суреттілік, сөздегі сурет. «Әр сөз - өзінің поэтикалық шығарма қалпын бастан кешіреді», - дейді Потебня.
Сондай - ақ біздің көркемдеуіш сөздеріміздің көпшілігі баяғы бабалар дәуірінен бері қарай мың мәрте қолданылып келеді. Олар, әсіресе, ауыз әдебиетінде тұнып тұр. Мысалы, Қыз Жібектің портретін жыр сүйген жұрт жатқа біледі:
Қыз Жібектің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай,
Ақ бетінің қызылы
Ақ тауықтың қанындай,
Екі беттің ажары
Жазғы түскен сағымдай,
Білегінің шырайы
Ай балтаның сабындай,
Төсінде бар қос анар
Нар бураның санындай,
Оймақ ауыз, құмай көз
Іздеген ерге табылды - ай!
Ғажап емес пе? Мұндай керемет сұлу, жан тебірентер әсерлі сурет бүкіл дүние жүзінің фольклорлық туындыларын түгел шарласақ та сирек ұшырасады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz