Біржан салдың лирикалық өлеңдері


М А З М Ұ Н Ы
КІРІСПЕ . . . 3
І Т А Р А У
БІРЖАН ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
1. 1 Біржанның өмірі мен шығармашылығының зерттелу жайы . . . 5
1. 2 Біржан салдың лирикалық өлеңдері . . . 10
ІІ Т А Р А У
БІРЖАН ҚОЖАҒҰЛҰЛЫНЫҢ АҚЫНДЫҒЫ
2. 1. Біржан сал өлеңдеріндегі сыншылдық сарын . . . 14
2. 2. Біржан сал - айтыс өнерінің майталманы . . . 17
2. 3. Ақын өлеңдерінің тіл кестесі . . . 26
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 30
Пайдаланылған Әдебиеттер тізімі . . . 32
К І Р І С П Е
XIX ғасырдағы қазақ халқы мәдениеті тарихынан елеулі орын алатын ірі ақындардың бірі - Біржан. Әкесінің аты Тұрлыбай. Мәдениетіміздің тарихындағы орнын белгілейтін оның шығармашылығының әлеуметтік және адамгершілік салмағы - талант талғамының биіктігі, жан-жақты ауқымдылығы, еліне, жұртына деген адал ниеті, жемісті еңбегі.
Біржаннан қалған мұралар - салмағы, қадір қасиеттері, шынайы өнер туындыларына лайық, шын мәнінде ғажайып туындылар. Қандай күшті өнерпаз болмасын, ол өзін өнердің бірер саласында ғана тыңдата алса керек-ті. Ал қазақтың бұл тұстағы бірнеше өнер иелері дәуірі ұсынған өнердің барлық түрлерін игеріп, соның әрбір салаларынан өздерінің талант-күштерін көрсете біліпті. Табиғи талантты қомпозитор бола тұрып, алты қыр асар күшті дауысқа ие болу, оны музыка құралына икемдеп, асқан музыкант (сүйемелдеуші, орындаушы) солист рөлін атқару - ғажайып демеске болмайтын, өте сирек кездесетін өнер ұштасулары. Мүндайларды феномен деу орынды. Осындай, қазақ топырағында дүниеге келіп, жұртшылығын таңдандырған сегіз қырлы, бір сырлы өнер жұлдызы Біржан сал болған еді.
Ол қазақ поэзиясына зор үлес қосқан табан асты өлең нөсерін ағылтар ақпа ақын, халқымыздын ақындық өнерінің шебері (импровизаторы) .
Халық таланты - шексіз. Қазақ жұртшылығының шығармашылық қабілетін көздері көрген орыс халқының өнер зерттеушілері қазақ даласын тұнып тұрған ән мен өлеңге бай, құнарлы мекен деп жоғары бағалағандары әркімге мәлім. Мысалы, қазақ елін көп аралап, оның ән-күйіне жетік болған Г. Потании, А. Алекторов, С. Рыбаков. А. Затаевич, т. б. музыка зерттеушілерінің пікірлері осындай. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді . . . », «Қазақтар арасында ақындық шығармашылық аса дамыған, ақын деген сахараға сыймайды . . . » (1, 78) - деп Г. Потаниннің тебіренгені бәрімізге мәлім. Шоқан Уәлиханов та өз халқы бойындағы өнерпаздық қасиеттерді аңғарған (2) . Ол қазақтың дауыс ырғағы таза, күшті, есту қабілеттері жоғары деп танылған. Басқа туыстас түркі елдерінен қазақтын ән мен музыкаға бейімділігі басымырақ екенін айтын, халық өз бойындағы осы бір күштің дару жолын өздерінше аңыз ететіндерін ескерткен-ді.
Г. Потанин қазақ өнерпаздары басындағы синкретизмдік сипаттарды дәл таныған. «Қазақтардың поэзиясы мен музыкасы тығыз байланысты, олар өлең шығарушы, бір жағынан, қомпозитор, шығармасына әуенді де, ырғақты да өзі береді» (1, 81), - деген.
Жалпы курстық жұмыс тақырыбы - «Біржан салдың шығармашылығы» деп аталады. Мақсат - қазақ еліне танымал Біржан сал өміріне шолу жасай отырып, шығармашылығына талдау жасау. Шығармашылығын зерттеуге байланысты мынадай міндеттерді атқармақпыз:
- Біржанның өмірі мен шығармашылығының зерттелу жайына шолу;
- Біржан салдың лирикалық өлеңдеріне талдау;
- Біржан сал өлеңдеріндегі сыншылдық сарын мәселесіне талдау;
- Біржан сал - айтыс өнерінің майталманы ретінде шығармашылығына зерттеу жұмыстары;
- Ақын өлеңдерінің тіл кестесі жайында;
Міне, осы жоғарыда аталған мәселелерді талдау барысында алға қойған мақсатымызға жетеміз демекпін. Жұмыс кіріспе, екі тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен құралған.
Демек, осынау тарихи шындықтардың айқын көрінісін біз қазақ жұртына әйгілі Біржан салдың өнер жолынан толық куә боламыз.
І Т А Р А У
БІРЖАН ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
1. 1 Біржанның өмірі мен шығармашылығының зерттелу жайы
Біржанның бізге дейінгі өмірбаянында, онын туған өлген жылдары туралы екі-үш түрлі дерек ұсынылып келеді. Біржанның басына қойылған ескерткіште оны 1835-1897 жылы жасаған деп көрсеткен. Ал өзі Теміртас деген баласымен бақұлдасқан (қоштасқан) сөзінде 65 жасқа келгенін айтқан: «Жасына алпыс бестің келгенімде, құдайым берді науқас ғаріп басқа», -депті. “Осы сияқты қолда бар деректерді зерттеу үстінде, біз Біржан 1831-32 жылдары туын, 1897 жылы қайтыс болды деген пікірлерді қостаймыз. Ол Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, Степняк қаласының тұрған жерінде, ата-мекені - Қожағұл бұлағында туыпты. Біржанның өз әкесі Тұрлыбай - момын, шаруа, болған” (3, 698) . Ал, атасы - Қожағұл дәулетті адам. Біржанды жас шағынан бауырына басып, өз тәрбиесіне алған, оның маңдайынан қақпай, масайрата еркін өсірген, жасынан ауыл молдасына беріп оқытып, өзі жиған өмір тәжірибесін үйреткен осы беделді шешен-би - Қожағұл болса керек. Ол Тұрлыбайдың үш ұлының (Ержан, Нұржан. Біржан) ішінен болашағын жас шағында-ақ танытқан Біржанды таңдай, өз тәрбиесіне алады. Тұрлыбай өзіне қараған екі ұлын өзі қалаған бағыты бойынша - шаруаға баулып, мал жиып, дәулеттілер тобына қосқан. Кенже ұлын да сол жолға салу әрекетін жасап баққан. Бірақ, беделді атасына арқа сүйеген ол Тұрлыбайға да, екі атасының айтқандарына да мойын бұрмайды. Өзгеше өмір сүруді көздеп, өнер қуып, басқаша талаптанады. Біржанның жас шағындағы өзгешеліктерін Ахмет Жұбанов былай деп сипматтайды. «Біржан жасынан өзгеше мінезді, әуесқой, әңгімеқұмар, сезімтал болатын . . . ауылға келген әнші, жыршы, күйші болса, соны жағалайды. Тіпті көрші ауылда бүгін ән салады екен . . . десе, оған да кетіп қалады» (4, 99) . Біржанның өзгеше өмір кешуіне, өнерпаз болып танылуына оның өскен ортасы, туған жер табиғатының да әсері болған. Табиғат сұлулығы - жетесінде әдемілікке әуестік сезімі күшті, алғыр жас талапқа ерекше әсер етерлік бірден-бір жан жадыратар жағдай.
Бұл ретте Қожағұл мекені болған жер-су әдемілігін профессор Е. Ысмайылов шебер бейнелеген еді. Ол өзінің «Біржан салдың ақындығы» енбегінде:
«Бір жағы - айдын шалқар көл, сыңсыған қалың орман, екінші жағы - сылдырап аққан ерке бұлақ, үшінші жағы - кең жазық, малдың өрісі, төртінші жағы - Көкшенің биік те кербез шың-шоқыларымен жалғасып жататын қырқа, адыр, төбелер - барлығы да адам қолдан жасағандай әсем бір поэзиялық дүниедей сұлу жер . . . », - деп жазғанды (5, 56) .
Біржан жасаған XIX ғасырдың 2-жартысындағы қоғамдық-әлеуметтік жағдайға келсек, бұл кезде қазақ қоғамында біраз өзгерістер, жаңа бетбұрыстар бой көрсетіп, ол бұрынғы бірбет патриархалдық құрылысқа ықпал етіп жатқан-ды. Қазақстан түгел және біржола Ресей қарамағында әмір кешіп, соның шет аймағы, бұратаналарының қатарында болды. Ішкі Ресейде жүргізіліп жатқан осы тұстағы кейбір өзгерістер, реформалар жаңа қоғамның тез қанат жаюына мүмкіндік жасады.
Ресей буржуазиясының жас, жігерлі, іскер тобы әлі игерілмей жатқан жаңа аймақты тез меңгеріп, одан пайда табуға шұғыл кірісті. Құнарлы, қара топырақты, сулы-нулы жерлерін игеру үшін жерсіз шаруаларды қоныстандыру, орныққан помещиктеріне көмек көрсетіп, қамқорлыққа алу - патша үкіметі жүргізген жаңа өлкені меңгеру саясатының бір жағы. Жергілікті үкімет билігін нығайтып, оны өзіне сөзсіз бағындырып, қызмет еткізу үшін өзіне берілген ұлт қадрларын даярлау, оны керек жерлерге орналастыру екінші мақсат. Осы бағытта бұрыннан істеліп келе жатқан жұмыстар енді жаңа қарқынға ие болды. Ақша, сауда қапитализмінің өрістеуі үшін керекті жағдай да, кейбір өндіріс орындарына жасалатын жабдықтар да өкімет саясатының қолдауын табады. Жаңа базар орындары, айырбас, жәрмеңке, өсіп-өнім шаралары саудагерлер қалтасын нығыздап, сауда, ақша қапиталын өркендетеді. Айтылмыш жаңа қоғамның бойындағы екі түрлі қасиетті сол заман қайраткерлерінің алдыңғы тобы түсініп, ел-жұрттың көзін ашуға күш жұмсады. Бұрынғы ашықтан-ашық қанау, тонау жолдары енді біраз өзгеріп, алаяқ пайдакүнемдердің күндері туып, баюдың жаңа түрлері өркендеуге бет алғанын аңғартады. Заманын таныған көзі ашық ақындардың бірі ретінде Біржан да кезіндегі осы өзгерісті жырлады. Ол өзінің «Күлен-Маймаққа» деген арнауында күні кеше ел кезіп, қала қаңғырып жүрген арсыздың бірі Күлен-Маймақтың алып сатарлық, ала аяқтық жолмен тез байып алғанын бірден байқаған еді:
Сен өзің туғаныңнан маймақ едің,
Есіл бойын Көкшолақпен жайлап едің.,
Қаңғырып Қызылжардың көшесінде,
Қылжаңдап арақ ішкен парнақ едің.
- Атандың дәулет бітіп Күлен-Маймақ,
Жігіт болар, мінекей, осыылай-ақ.
Жігітке бақыт бітсе гүлденеді,
Кешегі қылығыңа тартпа бірақ (5, 74) .
Осы бір жаңа дәуірдің дүниеге әкелген жас тобының қатарында Біржан Қожағұлұлы да қоғам қайшылықтары тұсындағы кереғар топтар тауқыметін тартып өсті. Кезіндегі қаталдықтар мен заңсыздықтардан, құқықсыздардан асыл азаматтың адал жаны түршіксе де шошынбады. Асауға құрық салғандай ақырта әнге басты . . .
Ілия Жақанов өзінің «Аспандағы аққуға ән қосқан» (6) деген очеркінде Шоқан Уәлиханов пен оның досы орыс ақыны Сергей Федорович Дуровтардың Біржанмен қатар өмір кешіп, пікірлес болғандарын атап көрсеткен. Оның ескертпелеріне сүйенсек, Біржанның қалыптасуына аталмыш қайраткерлер елеулі әсер еткен, болашағына жол сілтеп, бұқарашыл, адамгершіл ақылдар берген. Өнердің әлеуметтік мәнін танытқан. Аталмыш адамдардың кездесулері әсерлі болуы ғажап емес. Қожағұл аулымен Шыңғыстың араласып тұрғаны шындық. Тәттімбет пен Біржан аға сұлтан ордасында үнемі болып, сонда жиі өтіп жататын думан-сауықтарға көрік беріп, бірі күй тартып, екіншісі ән салып, зиялылар назарына ілінген болса керек.
Біржан - өзі жасаған заманның перзенті, өзі өмір сүрген дәуірдің өнерпазы, ақыны, әншісі, қомпозиторы. Өнер адамының өрге жүзуі өз бойындағы шығармашылық күшке, өзі өскен ұлттық ортаға, өнер-білім дәмін сепкен жанға рухани азық беріп, ән-қиялын дамытқан туысқан халықтардың озық адамдарының ізгі ықпалдарына тығыз байланысты. Асылы, қазақ топырағындағы озық бұқарашыл идеялардың қарыштай дамуының ең күшті себебі өркениет елдер мәдени жетістіктерінің арқасы, XIX ғасырдың екінші жартысында жасаған революцияшыл-демоқраттар идеясына сүйенген орыстың бай классиқалық әдебиеті, өнері. Шоқан, Ыбырай, Абайларды туғызған әдеби орта қандай десек, Біржан, Ақан т. б. өнерпаздардың жетістіктері де, сол қауымға ұштасады. Ұлы Абай қазақ поэзиясында жаңалық жаршысы болып, оның реалистік бетін ашса, музыка өнерінің қазақ топырағындағы жаңа бағытын Біржан мен Ақан бастап береді. Бұлардың өнерімізді дамытудағы әсерлері, олардың өскен орталары, алған өнегелері, шығармашылықтарының қайнар көзі - бәрі сабақтас. Біржан да өз бетімен ізденіп, өнеріне жаңа ырғақ, әуен тауып, оны халқының керегіне жұмсай білді. Көршілес елдер, халықтар өмірімен танысты. Қызылжар, Көкшетау, Семей, Омбы, Орынбор сияқты қалаларда болды. Көп нәрсені көріп білді, құлағына жаңа үн ырғақтары сіңді . . . Елі-жұртынан бөлініп, қалың қара шаруа тобынан оқаштанған уақыты болған емес. Өзінің дер шағындағы талант табыстарын түгел дерлік жас ұрпаққа арнап, солардың жүректерін тебірентер тамаша туындылар жасады. Жоғары адамгершілік идеяларға толы өміршең поэзия, асқақ та әсем ән әуендерін қалдырды. Жастық шақтың кеудені керген армандарына, басына түскен мұңын, адамның жан сұлулығын, мөлдір махаббат сезімдерін жылуы мол жалынды жырмен толғап, әсем әуенмен аспандата әндетті. Көптеген сазды, сәнді лирикалар қалдырды.
Біржан поэзиясының асыл арнасы қазақ халқының бай ауыз әдебиетінде, музыкалық фольклоры қазынасында жатыр. Жасынан ел аралап ділмар шешендермен кездесіп, сөз сымбаттарын үйреніп, шешендік дәстүрлерін игереді. Төкпе ақындар өнеріне де жетік болып, талай айтыстарға қатысады. Олардың табан асты өлең шығару әдістерін, сергек қабілеттерін меңгереді. Әсіресе, Шөже мен Орынбай сияқты төселген төкпе аға ақындармен дидарласулары әсерсіз болмаса керек. Біржан шығармашылығының дұрыс бағыт ұстауына оның ұлы Абаймен кездесуін зерттеушілер жоғары бағалайды. Бұл ретте, біз Ахмет Жұбановтың пікірін құптаймыз. Ол былай деп жазған болатын:
“Біржанның шығармашылық өмірінде үлкен бір оқиға оның Абай аулына баруы. Баста өзінің әдеттегі ән саяхаты есебінде барғанымен, поэзия алыбы Абайдың әсері Біржанға күшті болады. Өлең шығарудағы жаналығы сияқты ән шығармашылығында да бұрынғы ата-баба салып кеткен қара жолмен ғана жүре бермей, тыңнан із салған данышпан, ән еркесі Біржанның үлкен талант екенін танып, оған тиісті баға береді. Әншінің халық шығармашылығын бабына келтіріп орындауымен қатар, өзінің шығарған әндерінің терең мазмұнына таң қалады. Оған дейінгі болмаған ән үрдісінің бар екенін, дарынды орындаушының өзі сезбейтін нақыштар енгізуін, ел аралау арқылы көптеген ән дәстүрлерінен сусындағанын қызықтайды. Біржан айлап жатып, өнердін шын бағалаушысы Абайдың өзінің және оның айналасындағы талантты поэзия мен әнді қуған жастарының сынын есітеді. Әсіресе, Абай Біржанның басына біткен қомпозиторлық, ақындық, асқан орындаушылықтың басқа қонған бақыт екенін айтады. Осы бақытты өнімді пайдалану үшін үлкен еңбек керек екенін түсіндіреді. Абайдың аулында болу, олен мен әннің салтанатының қайнаған базарын аралау Біржан үшін үлкен табыс болды. Әрбір күшті дарынға тән нәрсе - іздену, үйрену, жетілу, сыннан сүрінбей өту болса керек. Біржан бұл сапарын ізсіз қалдырмайды. «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген Абайдың өлеңіне ән шығарады” (4, 39) .
А. Жұбанов өзінің зерттеулерінде Біржанның әншілік, қомпозиторлық өнерінің қалыптасу жайларынан бастап, оның бұл саладағы әрбір шығармасының мән-мағынасын ашып, көркемдік, идеялық талдаулар жасайды. Біржан әндері халық шығармашылығына негізделген туындылар дей тұра, оның қосқан жаңалықтарын, өзі бастаған тың өнер жолдарын анықтайды. Әрбір арнау өлеңдеріне шығарған әндерінің тарихы, әлеуметтік сыры, шеберліктері, үнділік өзгешеліктері көрсетіледі.
Біздіңше, Біржанның «Тентек», «Жаймашуақ», «Айтбай», «Ләйлім шырақ», «Бурылтай», т. б. әндерінің шығу жағдайларын зерттеуші автордың өмірімен ұштастыра жеткізе түсіндірген. Оларға тән дыбыстылық, әуен ырғақтары талданып, ән бойындағы дыбыс қуаты жастық жалынға сәйкес келетіні көрсетілген.
1. 2 Біржан салдың лирикалық өлеңдері
Біржанның музыка саласындағы туындыларымен бірге ақындық шеберлігі өлең, толғау, айтыс ретінде жеткен жырлары, жалынды лирикалары арқылы да ерекше байқалады.
Біржан ең алдымен - ақын, лирик. Бірақ оның сөз кестесіне толы төгілген лирикаларын жаныңды жадырататын жайдары асқақ үнді әндерінен бөліп қарау мүмкін емес. Біржан өлеңді көбіне ән үшін, әнді өлең үшін шығарған. Сондықтан олар - өзара біте қайнап, бірігіп кеткен туындылар. Олардың жігін ашамын, егізді жұбынан айырамын деп әлектену - бос әурешілік. Айталық ақынның ілгерідегі туындысы саналатын «Біржан сал» шығармасын алсақ, осы өлеңде өз бойындағы асқақ, талантпен таныстырудан өзге ұғым жоқ сияқты. Ал сол жолдарды әніне салып құйқылжыта орындасыншы! Одан алар әсерді айтып та, жазып та жеткізу қиын болар еді. Басқа ғашықтық лирикаларындағы нәзік сезім дүниелерін ол асқан ақындық шабытпен жүрек тебіренте жырлап береді. Жастар жүрегінің қылын шертіп, іштегі жасырын сырларын ақтара ашады. Махаббат күйігіне душар болғандар мінезі, олардың эмоциялық сезім серпіндері қоғамдық-әлеуметтік шындықтарға байланыстырылып, биік идеялық сатыға көтеріледі . . . Осылайша, ақын лирикалары ақиқат өмірден туып, әлеуметтік қорытынды жасайды. Адамгершіл ақылдар ұсынады. Қазақ жастарының өмірге көзқарасын дамытқандай ой тастап, кейбір мағынасыз өмір кешетіндерге наразылық білдіреді. Жас шақтың қоғамға, елге пайдалы істерге, өнімді еңбекке, өнер-білім ізденгіш талапкерлікке толы болуды қалайды. Болашақ үміт артар келешек ұрпақтын шұғылданар берекелі істерін нұсқап, жатпай-тұрмай, қарекет қылуға ел кезіп жер танып, мүмкін болса сайран салып, дүниенің төрт бұрышын түгел шарлап білуге шақырады. Мысалы, «Сырғақты» - деген өлеңінде ақын ең алдымен өмірдің мағынасын түсіне білуді керек қылады:
Бозбала, саған айтар өсиетім,
Жақын жүр әлпештеген ардақтыға.
Жанып тұрған жас өмір - ал қызыл гүл,
Сипаттауға қызығып жетпейді тіл,
Жауқазын желбіреген жастық шақта
Өмірдің мағынасына түсіне біл.
Бұл жолдардағы «жақын жүр әлпештеген ардақтыға» - дегенді біреудің масайратып өсірген ерке-шолжаңын меңзеп отыр деп теріс түсінбеу керек. Жақсы тәлім алып өскен, ел ардақтыларын айтып отыр. Өмір мағынасын бозбала шақтан-ақ түсініп, адамгершіл мақсаттар үшін талап қылуға дағдыланса екен деген ізгі міндеттер жүктейді. Енді бір өлеңінде ол алға қойған ізгі мақсатты орындау жолында қандай қиындық кезіксе де тәуекелге бел байлап, табандылық көрсетуді міндеттейді. Басқа халықтар өмір тіршілігін, әлем сырын тануда, тыныш жатпай тырбанып талпынуда, жан аярлыққа, еріншектікке жол бермей, талмай ізденіп, тынымсыз еңбектеніп, дүниетанымын кеңейте түсуде деп, «Жастарға» арнауында бұл пікірлері жүйелі баяндалады:
Дүниеде үйде жатып босқа өлгенше,
Жан-тәнің бірдей жанып күйген артық.
Ер жігіт дүниені кезген артық,
Дүниенің не бар-жоғын сезген артық,
Түскендей аспан жерге іс болғанда,
Бел байлап, тәуекел деп, төзген артық.
Осылайша, қарекет қылып кешкен нәтижелі жастар өмірін ардақтайды. «Ер жігіт сынамай ма бақталайын», - деп өмір қайшылықтарын бастан кешіп, тәжірибе жинақтап, бағын қиындық таразысына тартып, қажырлы күреспен сыннан өтуді ұсынады. Асылы, Біржан өзінің еңбек, талап, өнер-білім тур-лы нақылдарын тек жас қауымға ғана емес, соларға қоса, түгел ел-жұртына өсиет еткен: «Айтайын деген өлеңді осынау топқа . . . » деуіне қарағанда шығармаларының нысанасы - айқын, кез келген керенау топ емес, ақылды ұғынар сергек қауым. «Ақылдыға кейбір надан бағынбаған» - деп, жөн-жосыққа көнбейтін, оң мен солын білмейтін, өз бетімен кеткен тоғышарлар тобын адал адамдар қауымынан бөліп тастайды. Ақылға, білімге билік беріп, әділет жолын, береке-бірлік, қарекет тірлік жолын меңзеп, жоғары адамгершіл пікірлерін жырлайды. «Жақсы мен жаман» арасын ажыратар қасиеттерді термелейді:
Біреудің аспанда жүр дәрежесі,
Біреудің көкте қолы, жерде басы.
Жақсының жаманменен айырмасы -
Ойласаң жер мен көктің екі арасы.
Жігітке ақыл пана, уайым қорған,
Сабыр сақтар жігітті қазған ордан
Көрмегенді көрдім деп айтқан адам -
Білсеңіз, ол бір жаман хайуаннан (7, 365) .
Осындай ақылды, өнерлі, білімді, талапты, жақсы жастар тобының болашағына сенеді. Олардың қызығы мен қуанышы мол, еркін де ересен, молшылық тұрмыста өмір сүрулерін армандайды. Жастықшақтың жігер-күшіне, жарқын болашағына сенеді. «Аққудай аспандағы жүз құбылтып, Сал Біржан ән салуға мүдірмейді . . . », - деп сұлулықты, ғашықтықты, адалдықты, өнер құдіретін жырлаудан бір танбайды. Жасы ұлғайып, ойын-сауықтан шеттелген кезінде де оның көңілі еш қартайған емес. Талай тамаша «Қаламқастарды» жырға қосады. Бұл ақынның өмірге құштарлығының да бір көрінісі. «Айтбай», «Қаламқас», «Алтын балдақ», «Ақсеркеш», «Керкекіл», «Бірлән», «Ғашығым», «Ғашық жар», «Мақпал», «Айжан қызға», «Орынтай», «Қалқама», «Ақжорғажан», т. б. арнау өлеңдері ақынның бойындағы өмірі өшпес жастық жалынының жарқын бейнелері, достық пен махаббат сезімдерінің айнадай анық көріністері. Жоғарыда аталған Біржан шығармалары - ғашықтар сырын тереңнен толғайтын үлкен ақындық тебіреністің туындылары. Аттары аталған немесе аталмаған талай сұлулар көз алдында тізбектеліп, бірінен-бірі асып түскендей әдемі суреттерді елестетеді.
Қиын екен жалғанда суйген ғашық,
Сөйлеспесе екеуі мауқын басып.
Жапырақ жарған ағаштай, жан сәулешім,
Топ ішініде тұрса екен шоқтығы асып, -
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz