Қазақ жазуының бастаулары


Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Тіл өзінің қатынас құралы ретіндегі қызметін ауызша да, жазбаша да атқарады. Дыбыстық тіл жазу арқылы белгіленеді. Кәкен Аханов өзінің «Тіл білімінің негіздері» еңбегінде «жазу дегеніміз - адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал» деп анықтама береді [1, 548] .
Ал Құралай Күдеринова «Қазақ жазуының тарихы мен теориясы» оқулығында «жазу - адамзаттың ұлы мәдени құндылықтарының қатарына жататын, өркениет дамуының құрамдас бөлігі. Адамзат мәдениетінің өркениетке аяқ басуы дыбыстық жазу типінің пайда болуынан басталса, өркениеттің әлемиетке ұласуы жазба коммуникацияның, жазба тілдің жоғары даму сатысына жеткенінен хабар береді» [2, 5] .
Жазудың қалыптасып, бүгінгі күнге жетуінің арасында қаншама ғасыр, қаншама кезең жатыр. Осы күйінде жазу қалыптаса қойған жоқ. Ең алғашқы жазу алғашында суреттер мен шартты белгілер арқылы таңбаланып отырған. Солайша адамдар арасында қатынасқұралы қызметін атқарған. Олар бір-біріне жол көрсету үшін арттарынан бұтақ тастап кету арқылы түсіндіріп көрсетеді. Сондай-ақ соғыс жариялайтын болса жауға айбалта жіберетін болған. Елші оны әкеліп жерге қояды, жау бет оны жерден көтерсе - соғысуды құптайтынын білдіретін. Мысалы, осы секілді өзге де таңбалар қолданылған. Осылайша жазудың алғашқы нұсқалары көріне бастаған. Одан кейінгі кезеңдерде де жазудың өзіне тән ерекшеліктері болған. Сонымен қатар қиыншылықтар да кездескен. Мысалы, сурет арқылы жазу дәуірінде барлығының сурет сала білуін талап еткен . Суретті олар көбінесе үңгірлерге, құмыраларға, жартастарға салған. Бір-біріне хабар беруде ойын сурет арқылы бейнелеп беретін болған.
Мұндай суретті хаттарды ғалымдар пиктография деп атайды. Уақыт өте келе, суреттер сөз мағынасын білдірген түрлі белгілермен ауысты. Бірте-бірте ойлаудың дамуы символдардың артына сөз жасыруға алып келді. Осылайша жазу пайда болды. Ежелгі Египетте пиктографиялық суреттер сына жазуымен ауыстырылды. Египеттіктер жазу үшін ұғым ғана емес, дыбысты да білдіретін белгілерді пайдаланғандардың алғашқысы болды. Египеттіктерден бөлек, белгі-иероглифтерді қытайлықтар, олардан кейін, жапондар мен корейлер пайдалана бастады. Бірте-бірте жылдам жазу үшін, иероглифтер жеңілдетіліп, дыбыстар мен буындарды білдіретін белгілерге айнала бастады. Мұндай жазуды ертеректе шумерлер мен өзге халықтар да пайдаланды. Финикиялықтар буындарды білдіретін белгілерден бас тартып, жазу кезінде тек әріптерді ғана пайдаланды. Финикиялық жазу еуропалық халықтардың барлығының арғы тегі болған грек алфавитінің бастамасы болды. [3, 60] .
Алғашқы жазу құралдарына тоқталар болсақ, бастапқы құрал - тас. Адамдар алғаш тасқа жазды. Бірақ тастағы жазу жақсы сақталғанымен, оған қашап жазу қиындау еді. Әрі алып жүру де ауырлық ететін. Кейбір саз балшықты аймақтарда балшыққа жазу да болды. Ол үшін балшықтан тақтайша жасап, таяқпен батыра отырып жазатын. Мысқа ойып та жазған. Кең таралған жазу материалы тері болды. Әсіресе, бұзаудың терісін өңдеп, үстіне қалам сияқты қысқа шыбықпен бояуды пайдалана отырып жазды. Кейінірек жазу үшін арнайы қара және көк түсті сия жасау пайда болды. Әр түрлі маталарға кестелеп жазу да болған. Қағазды алғаш ойлап тапқан қытайлықтар еді. Қағаз кейіннен кең таралған негізгі жазу материалына айналды. [4, 22] .
Осындай құнды мәліметтердің бізге жетуінің өзі жазу арқылы іске асқан. Жазу жөнінде зерттеумен түркологтар С. К. Малов, В. В. Радлов, А. Н. Самойлович, А. К. Боровков, А. М. Щербак т. б., қазақ түркологтары А. Байтұрсынұлы, Ә. Құрышжанұлы, Ғ. Айдаров, А. С. Аманжолов, Қ. Өмірәлиев, Қ. Жұбанов және өзге де көптеген ғалымдар айналысты.
Сонымен қатар қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі - қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі. Өткен жазудың жаңа бір басқышқа қадам басуы. Жаһандану заманында көштен қалмай - дамыған елдің қатарына қосылу мәселесі. Дипломдық жұмысымыздың өзекті мәселесі - қазіргі қазақ жазуының жағдайы. Жаңғыру барысындағы латын қарпіне көшу қарекеті. Қазіргі қазақ жазуын сақтап қалуда латын әліпбиіне көшудің артықшылықтарын баяндау. Жоғарыдағы айтылып кеткен жағдайлар диплом жұмысының өзектілігін айқындауға және оны «қазіргі қазақ жазуының қалыптасуы» деп таңдауымызға себеп болды.
Зерттеу мақсаты. Диплом жұмысының басты мақсаты - қазіргі қазақ жазуының жаңғыруы, кирилл алфавитіне дейінгі қазақ жазуының бастаулары және латын қарпіне көшу барысындағы өзгерістер мен пікірлерді салыстыру.
Зерттеу нысаны ретінде - өткен дәуір мен қазіргі уақыттағы әдебиет көздері алынды.
Зерттеу пәні. Қазіргі қазақ жазуының қалыптасуын зерттеу.
Алға қойылған мақсат мынадай нақты міндеттерді шешуге бағытталады:
- Жазу және жазба тілге шолу жасау;
- Жазудың шығуы және оның даму кезеңдерін қарастыру;
- Қазіргі қазақ жазуының қалыптасуын анықтау;
- Қазақ жазуының жаңғыруын айқындау;
Мәселенің зерттелу деңгейі. Егер латын әліпбиіне деген оң көзқарас қалыптасып, халық білуге ұмтылса, қолдау байқалса, халық арасында латын қарпінің жылдам жүзеге асуына әсер етеді.
Мәселенің деректік көзі. Зерттеу жұмысы нормативтік материалдар, зерттеу проблемасы бойынша шетел ғалымдарының жазу мәселесін зерттеу еңбектері, авторефераттар, ғылыми - көпшілік еңбектер, ғылыми журналдар, сөздіктер негізінде жасалды.
Ғылыми жаңашылдығы мен зерттеудің практикалық маңыздылығы:
-жазудың шығу тегіне библиографиялық шолу жасалды;
-өткен дәуірдегі латын жазуы мен қазіргі латын қарпін салыстыра қарастырылды;
-латын қарпін қабылдаудағы басты мақсат-міндеттер анықталды;
Диплом жұмысының құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен қолданылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
I Жазу және оның даму кезеңдері
1. 1 Жазу және жазба тіл
Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін ауызша түрде де, жазбаша түрде де атқара алады. Дыбыстық тіл жазу арқылы таңбаланады. Соның нәтижесінде оның қатынас құралы ретінде қолдану шеңбері кеңейеді. Жазу - адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал. Ауызекі тілмен сөйлесіп, қарым-қатынас жасаудың мүмкіндігі сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы кеңістікке байланысты болады да, оның шеңберінен шығып кете алмайды. Ауызша тіл күнделікті өмірде ауызба-ауыз сөйлесіп, қарым-қатынас жасауда, тікелей өз ара пікір алысуда айрықша қызмет атқарады [1, 548] .
Ауызша сөйлеудiң екi кемшiлiгi болды: таралу кеңiстiгiнің шектеулiлігі және уақыт жағынан шектеулiлігі.
Тiлдiң даму тарихы тұрғысынан келсек, тiл адам санасындағы ойды жарыққа шығарып, жазу ауызша айтылған ойды оптикалық құралдар арқылы визуалды дүниеге айналдырады. Сонда жазу тек қосалқы қызмет атқаратын құрал болып табылады. Алдымен аса маңызды қатынас құралы болған - тiл ауызша түрде өмiр сүрдi. Талай жүз жылдықтар бойы басқа қатынастың түрiн iздемедi. Сөйтiп, ойды жарыққа шығарудың және айнала-сына қатынас жасаудың жалғыз түрi ауызша сөйлеу ғана болды. Жазу ендi тiлдiң осы екi қызметiнiң көшiрме түрi ретiнде, қосалқы қызмет атқаруға келгендей. Оны сызба ретiнде былай нобайлауға болады:
Тiлдiк сана ⇒ тiл ⇒ ауызша сөйлеу⇒жазу [29, 10] .
Сондықтан да: «Письмо - это вспомогательное к звуковому языку средство, общения» [6, 9] . «Язык же написанный является до некоторой степени мертвым языком» [45, 15] . «Произносительно-слуховое может возникать и мыслиться совершенно резависимо от исанно-зрительного: писанно-зрительное же имеет смысл осмысливается только в связи с произносительно-слуховым» [46, 219] деген анықтамалар әсіресе жазу тарихына барған ірі ғалымдардың еңбектерінде көп кездеседі.
В. А. Истриннің бұл ортадан ілгерілеуі - ол егер тілді ойдың материалды бөлшегі, адамдар арасындағы қатынастың негізгі құралы десек, онда жазу тілдің көмекші құралы ғана болады, яғни графикалық таңбалар мен кескіндеулер арқылы тілдің қандай да бір элементтерін хабарлау болып шығады, ал егер тіл сол халықтың өңдеуден өткізген сөздік қоры, жүйесі және олардың тіркесу ережелері, грамматикалық құрылысы десек, онда сол халықтың тілін бейнелейтін графикалық таңбалардың тарихи жүйесі, тілмен белгілі дәрежеде тең келетін жүйе [6, 18] дегені болды.
Алдымен ауызекі сөйлеу тілі пайда болды, жазу тілі жазудың шығуымен байланысты кейін пайда болды [5, 5] . Жазба тілдің ауызекі тілден кейін пайда болғаны, оның (жазба тілдің) жазудың шығып жасалуымен байланысты екендігі белгілі. Жазусыз мәдениет атаулыны, цивилизация атаулыны көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Көрнекті жазушы Леонид Леонов жазудың маңызы туралы былай дейді: «Адамдардың тегін қорлық жағдайдан бөліп алып шыққан, өткен замандарда ашылған ұлы жаңалықтардың ішінде жазу өте-мөте үлкен роль атқарады. Алфавиттің туған күнін адамның өзін-өзі біліп ұғынуындағы дәуір деп есептеуге болады, осыдан кітап басу станогының пайда болуына тура жол ашылды. Адам өзінің қазіргі биігіне нақ кітап арқылы баспалдақпен көтерілгендей көтерілді» [1, 549] .
Ал, жазу - адамдардың қашықтықта тұрып, қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ету. Өйткенi жазу қоғамдық қажеттiлiктен туындады. Адамдар арасындағы күрделi қоғамдық қатынастың дамып жетiлуiн ауызша сөйлеу тiлi қанағаттандыра алмады. Сондықтан жазудың шығуы ең алдымен қарым-қатынастың маңызды бiр құралына деген қоғамдық мұқтаждыққа қарыздар.
Жазу - тілді жаңғыртудың, бекітудің құралы. Жүйесi мен құрылымы бар тілдік таңба жазуға түсiп, денотаттық тұрпатқа ие болғаннан кейiн мәңгiлiк құндылыққа айналды. Өйткенi жазу ауызша сөзді таңбалап қана қоймайды, адамның тiл туралы түсiнiгiн кеңейтеді, тереңдетедi. Тiлдiң инвариантты, абстракті, күрделi құрылымдық деңгейге жетуiне әсер етеді. Соған сәйкес тілдегі синтаксистiк құрылымдар, күрделi фразалық тұтастықтар жазудың негізінде пайда болады [29, 12] .
Жазудың екінші қызметі тiлдiң жүйелi құрылымға айналуына әсер етуi болып табылады. Тiлдiң барлық потенциалды мүмкiндiктерiн ашып, пайдалануға әсерiн тигiзедi. Сондықтан да бүгінде жазылған дүниені сол тілдің жүйесі мен құрылымы ретінде тануға, қабылдауға, тілдің “өзі” деп түсіндіруге, түсінуге күмән қалмаған.
Үшiншiден, жазу - адам ойының материалданып, жарыққа шығуының, дәлiрек айтқанда творчестволық әрекетiнiң құралы. “Көңiлдегi көрiктi ойдың сыртқа шыққанда өңi қашатын” болса, жазудың арқасында қағазға түскен шашыраңқы ойды жүйелеуге болады. Жазудағы стандарттық құрылымдар, сөйлем мүшелерiнiң нормативтi орын тәртiбi ақыр соңында сыртқа шыққан адам ойын өзгеше сипат алдырады. Оның үстiне жазылған мәтiндi қайталап оқып, толықтыруға, қысқартуға, нақтылауға, қайта құруға мүмкiндiк бар. Мәтінді араға уақыт салып қайта қарап, жетiлдiруге болады. Ой үстiне ой жалғауға болады. Сөйтiп, жазу түптiң түбiнде адамның өз сөзiнiң бөгделенуi болып шығады. Жазудың арқасында сөз екiншi өмiрге, дербес өмiрге ие болады. Демек, жазу қарым-қатынас құралы емес, тiлдiк жағдаят болмаса да адам өз ойын монологті түрде жарыққа шығаратын сананың материалдану құралы болады. Төртiншiден, жазу адам санасындағы ойдың жетілуіне, жасалуына, жүйеленуiне, реттелуiне, нақтылануына қызмет етедi [2, 12] .
Ал жазудың коммуникативтік негізгі қызметін бүгінгі таңда ауызша коммуникацияның техникалық құралдары (телефон түрлері, интернет жүйесі) екінші қатарға ығыстырып отыр. Интернет жүйесін де ауызша коммуникация түріне жатқызып отырғанымыз, мұнда жазу графикасы мен таңбалары пайдаланғанымен, жазба тіл жүйесі сақталмайды. Ақпарат ауызша тіл жүйесінде құрылып, тіпті өздік коммуникация (аудиалды-визуалды) жүйесін жасауға айналды. Сонда жазудың коммуникация қызметі бүгінде екі формада көрініп отыр: 1) хабарласудың ресми, іскерлік сипатында (ресми іс-қағаз) ; 2) интернет жүйесі арқылы хат жазысу аясында. Алтыншыдан, жазу - адам жадының бiр түрi. Біз есте сақтауға тиіс ақпаратты жазып жадылайтын болдық. Информация мазмұны мәтінге көз жүгiрткеннен кейiн еске түсiруге, “түртiлiп” алынған ойды ауызша таратып айтуға, керiсiнше ауызша айтылған ойды қысқартып, “түртiп” отыруға болады [29, 15] .
Адамзат санасы ұрпақтан-ұрпаққа жазу арқылы жетедi, жазу арқылы сол дәуірдің бейнесін көреміз. Жазуы бар тiлдердiң тiл тарихын айқындауға мүмкіндік бар. Жазба тілескерткiштерi бар тiлдiң мәртебесi жоғары саналады. Сонымен, бүгінгі күн тұрғысынан жазудың мынадай қызметтері бар деп білеміз:
1) аргументтік қызмет (әлеуметтік қызмет) ;
2) тілжүйелеушілік қызмет;
3) ойжасамдық қызмет;
4) ойды жарыққа шығару қызметі;
5) жады қызметі;
6) тілтанымдық қызмет;
7) тілді нормалаушылық қызмет;
8) кумулятивтік қызмет (мәдениетті сақтайтын, жеткізетін
қызмет) ;
9) коммуникативтік қызмет;
10) ақпараттық қызмет.
Сонымен, жазу уақыт пен кеңiстiк шектеулiгiне тәуелсiз, адамдар арасындағы қатынас құралы ретiнде пайда болды деп түсіндірілгенмен, негізінен оның маңызы мемлекеттік құрылыс пен сауданың, мемлекетаралық саясаттың дамуына тіреледі екен, сонымен бірге оның маңызы тiлдi жетiлдiретiн, жүйелейтін, нормалайтын, ойжасайтын, бекiтетiн, сақтайтын қызметтерiмен өлшенедi екен [2, 14] .
1. 2 Жазудың шығуы және оның даму кезеңдері
Әлбетте, жазу - алғашқы мәдени типтердің пайда болуына негіз болған бірден-бір фактор. Мысал келтірер болсақ, алғашқы мәдени типтердің пайда болуына негіз салған төрт фактор бар десек:
1) Ніл, Тигр, Евфрат, Хуанхэ және Инд аңғарларында ирригациялық жүйелер ұйымдастырылуы;
2) Жазудың ойланып табылуы, оның суреттік жазудан (пиктограмма), сыналық және иероглифтер арқылы әліпбилік (идеограммалық) жазуға ауысуы;
3) Ортақ мәдениет, тіл, мифтердің пайда болуы, олардың бірлігін пайымдайтын халықтардың пайда болуы;
4) Мемлекеттер мен қалалардың қалыптасуы; Соның ішінде жазу да бар [5, 5] .
Жазу Көне Шығыс мемлекеттері тұсында пайда болған. Ғалымдардың болжамы бойынша, жазу б. з. д. 3300 жыл бұрын, Шумер мемлекетінде пайда болған. Бұдан 300 жыл кейін Ежелгі Мысырда (Египетте) бейнелеу арқылы ақпарат беру жүйесі дүниеге келген. Ал б. з. д. 2000 жылы көне Қытайда жазу пайда болғаны белгілі.
Аталған мемлекеттерде әліпбидің жасалуының кезеңдері бар. Алғашында белгілі бір мағынаның графикалық кескінін білдіретін сурет пайда болған. Екінші сатыда - суреттің қарапайым түрі пиктограмма, үшінші сатыда мағынаны шартты белгісінің нышаны ретінде иероглиф, төртінші сатыда Көне Карфагенде б. з. д. 1000 жылда абстрактылы форма әліпби (алфавит) пайда болыпты [5, 6] .
Алғашында өнер мен жазу бір-бірінен ажырамай, синкретикалық қалыпта болды. Суретті-синкретиялық жазу шығу тегі жағынан ең алғашқы көне өнерге, сурет өнеріне барып тіреледі. Зерттеушілер суретті-синкретикалық (пиктографиялық) жазу ең алғаш рет неолит дәуірінде пайда болды деп есептейді [1, 551] .
Сурет өнерінен бөлініп шыққан жазу да қоғамдық ортақ келісімнен шыққан жасанды қарым-қатынас құралы болды. Адам өзінің көрген-білгенін, басынан кешкен оқиғаларын немесе сезіміне әсер еткен заттар мен құбылыстарды, сондай-ақ шаруашылық есеп, мал, адам санағын тау, тас, ағаш, еңбек, тұрмыс құралдарына қашап, кертіп салды (towrite - “жазу”, көнескандинавиялық rita - “керту”, “тырнау” деген мағынаны береді) .
Алғашында адам айналасындағыларды ескермей, тек өз басындағы ой, сезімді табиғат құралдарына белгілеп, сыртқа шығарып, қанағат тапты. Бара-бара оның “туындыларын” өзгелер де қарап, бірді-екілі оқиға, құбылыстарды түсінетін болды. Әрине, жазудың канондық сипаты сол дәуірлерде-ақ айқындалған болатын. Себебі қолынан сурет салу келетін қасиеті бар және өз ойын сыртқа көркемдеп жеткізе білетін адамдар бірді-екілі болды да, ол “жоғарыдан түскен”, “құдай жіберген” адамдай көрінді. Бұл жазу тарихын зерттеушілердің көбі жазу түріне жатқызбайтын суретжазу еді. Ғалымдар оныкөбіне өнер, магия тарихына апарады. Д. Дирингер полеолит дәуіріндегі суреттер біреуге бірдеме хабарлау мақсатынан тумаған сияқты, олар тек өз сезімдерін сыртқа шығару үшін ғана керек болды деген [2, 16] .
Уақыт өткен сайын жазу ұстанымдары өзгеріп отырады. Жазу жүйесі таңбалардың жиынтығынан тұрады. Ол таңбалар бүтін сөзді, не буынды, не дыбысты белгілейді. Жазу жүйесіндегі таңбалардың не бүтіндей хабарды, не жеке сөзді, не буынды, не дыбысты белгілеуіне қарай жазудың да түрлері келіп шығады. Олар: 1) пиктографиялық жазу;
2) идеографиялық жазу;
3) буын жазуы (слоговое письмо) ;
4) әріптік не дыбыстық жазу [5, 8] .
Сурет жазуының өзгерген, жетілген түрі - пиктограмма. Сурет жазуы «қол» деген мағынаны білдірсе, пиктограмма «алу», «беру», «істеу» деген мағынаны білдіре алады [5, 6] . Пиктографиялық жазудың ескерткіштері әртүрлі суреттердің жиынтығынан құралған. Әрбір сурет (пиктограмма) өздігінен бүтіндей хабарды білдіре алады. Ол хабар графикалық жағынан жеке сөздерге бөлшектенбейді. Осыған орай пиктограмма тілдік формаларды емес, оның мазмұнын бейнелейді. Осыла болғандықтан пиктограммалардың мағынасын әр түрлі тілдерде сөйлейтін адамдар түсіне алатын болған. Пиктографиялық жазу өте жабайы жазу болды, оның кең мазмұнды ойды түгелімен жазып жеткізуге мүмкіндігі болмады [1, 551] . Бірақ бұл пиктографиялық жазуды көбінесе аң аулайтын, балық аулайтын халықтар жиі қолданған. Сондықтан бұны полисинкретикалық тілдерде сөйлейтін халықтар - ақтектер, әсіресе америкалық индеецтер т. б. жиі қолданған [5, 8] .
Ақтектер арасында пиктограмма XIV ғасырда кең тараған. Шумердің пиктограмма жазуы иероглифтер мен клин жазуларының жасалуына негіз болған. Шамамен б. з. д. 3000 жылдарғы Мысыр сөз пиктограммасы бірнеше мағыналы болып келген [5, 6] .
Ғалымдар арасында жазу типтері мен түрлері туралы пікірлер әртүрлі: И. Е. Гельб, Л. В. Зиндер суретжазуды жазу емес деп нақтылайды да, семасиография, яғни ойжазуды жазудың алдындағы саты деп көрсетеді. Бұған тарихқа дейінгі Египет пен ертедегі Грецияда жазу мен сурет ұғымдарының бір болуы (грекше graphein “жазу-сурет салу” дегенді білдіреді), шумер логограммаларына қарағанда египет логограммаларында бейнелі-символикалық таңбалардың көп болуы, түрлі-түсті бояудың пайдаланылуы да себеп болды [2, 17] .
Пиктографиялық жазудың біртіндеп даму барысында идеографиялық жазу пайда болды. Идеографиялық жазудың таңбалары идеограммалар деп аталады. Пиктографиядан идеографияға көшу өте баяу болды және пиктограммалардан пайда болған идеограммалардың алғашында пәлендей айырмашылығы да болмады. Идеографиялық жазудың даму барысында идеограммалар пиктограммалардан біртіндеп алшақтап, ақырында олар (идеограммалар) белгіленетін заттың сыртқы формасына дәлме-дәл негізделуден қалып, шартты таңбалар ретінде қолданыла бастаған. Идеографияның пиктографиядан басты айырмашылығы - таңбалардың формасында емес, олардың мағынасында. Пиктографиялық жазуға қарағанда, идеографиялық жазудағы идеограммалар өзінің мағыналары арқылы тілді дәлірек бейнелейді. Идеографиялық жазу сөйлеудің мазмұнын білдірумен бірге, оның бөлшектері - сөздерді, сөздердің синтаксистік орын тәртібін, кейбір жағдайда сөйлеудің фонетикалық жағынан да ажыратып бере алады [1, 553] .
Идеограммалар кейде логограммалар немесе иероглиф, ұғымжазу деп те аталады. Идеограмма ойжазуға сәйкес [2, 17] . Идеография - грек тілінің idea - «идея», grapho - «жазамын» деген сөздерінен алынған. Логография - грек тілінің logos - «cөз» және grapho - «жазамын» деген сөздерінен алынған [1, 552] . Осыған орай, идеограмманы логограмма, идеографияны логографилық жазу деп атаудың қажеттілігі айтылып жүр [6, 31] .
Идеографиялық жазуды ең алғаш қолданған шумерлер (б. э. д. ІV-III мыңж. ) болды, кейін ежелгі египет, ежелгі үнді жазуларында дамыды [2, 17] .
Көптеген ғалымдардың (Ф. Гоммель, Х. Йенсен, Дж. Болли, И. Гельб) айтуынша, барлық басқа жазу түрлері шумер жазуынан бастау алды.
Логограммалардың пайда болуына:
а) сол елдердегі қаланың өркендеуі,
ә) мемлекетті жазу арқылы жүйелеу қажеттілігі;
б) жеке тілдердің сөз ағынына оңай бөлінуі,
в) грамматикалық жағынан тұрақтылық себеп болды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz