Әнет шешеннің халық жадында сақталған өнегелі сөздері


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 12 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ

1 Әнет баба - Арғынның ел ағасы.

1. 1 Әнет Кішікұлының өмірі мен шығармашылығы

1. 2 Қазақ елінің болашағына зер сала, өркендету жолында тер төккен ірі тұлға.

1. 3 Қазақтың үш биі қадір тұтқан әрі би, әрі молда, әрі шешені.

1. 4 Әнет шешеннің халық жадында сақталған өнегелі сөздері .

1. 5 Шешен мұрасының қазіргі таңда зерттелуі

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

КІРІСПЕ

Жобаның өзектілігі . Өз алдына тәуелсіздікке қол жеткізіп, ұлт болып қалыптасып, өсіп-өркендеген елдердің қай-қайсысы болмасын, өздерінің ежелгі замандардан бергі тарихын айрықша қастерлеп, ондағы дара тұлғаларды, халық қамын жеген, еңбегімен бағаланған басшыларды, елім деп қол бастаған батырлары мен ел бірлігін марапаттаған шешен, билерін, ақын-жырауларды ерекше құрмет тұтатынын жақсы білеміз. Қазақ халқының тарихында да елім, жұртым деп еңіреп өткен ерлері мен дара тұлғалары аз болмаған. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың еліміздің өткендегі тарихи дәстүрі мен мәдени мұраларын әспеттеу арқылы келешек жас ұрпақтарды халқымыздың өткендегі тарихы мен мәдениетін біліп рухани жетілдіру, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатындағы бастамасы әлі де жалғасын тауып, көмескіленіп қалған тарихымыздың сыры мен шындығы енді ашылып, бұрын таптық идея тұрғысында немесе болмаған етіп көрсетуге тырысқан тарихи тұлғаларды енді танып, біліп жатырмыз. Дегенмен де, әлі де халқымыздың әділ бағасына ие болып, еліміздің тарихынан лайықты орнын ала алмай жүргендері де бар. Солардың бірі өз заманында атағы алты алашқа танылған «Билердің биі» атанып, топ бастаған көсемдігімен, ойшыл кемеңгерлігімен, мүлтіксіз әділдігімен көріне білген дана тұлға Әнет баба Кішікұлы.

Зерттеу нысаны. Зерттеудің нысаны ретінде шешеннің мұрасы жайлы жазылған естеліктер мен ел аузында қалған әңгімелер алынды.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты - шешеннің кейінгі ұрпаққа жетпей қалған бірнеше жыр-дастандарын, көлемді шығармаларын, жоғалып кеткен мұраларын қайта жаңғырту.

Зерттеудің ғылыми жаңашылдығы . Әнет баба Кішікұлы өз заманында «Билердің биі» атанған оқымысты ғұлама, мемлекет қайраткері, ірі тарихи тұлға, ұзақ жасап, тоқсан жеті жасында дүние салған адам. Бұл жәй негізсіз, күмән тудыратындай бір адамды әспеттеу немесе дәріптеп атағын шығару мағынасында айтыла салған қолпаш сөз емес. Шын мәніндегі Әнет бабамыз туралы тарихи деректемелер мен осы уақытқа дейін баспа беттерінде жарияланып келген әдебиетші-ғалымдар, шежірешілердің жазбаларына зер салып, оқып, ой елегінен өткізетін болсақ, дұрыстығына көз жеткізуге болады.

Зерттеудің дереккөздері. Ғылыми жобаға қатысты деректер

1. «Б. Адамбаев. Халықтық шешендік мектебі» «Қазақ әдебиеті», 1969ж

2. «Ақиқат бізден, төрелік сізден» журналы [мәтін] : Б 37-38;

3. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы, 8-том, 2006 ж

4. Шығыс Қазақстан облысы [мәтін] . Энциклопедия. -Алматы, «Қазақ энциклопедиясы». -2014. - Әнет Кішікұлы, Б 238;

5. Қ. С. Э 2 том, 42 бет

6. . -1985 №6 б. 6;

7. Төреқұлов Н., Қазбеков М. Қазақтың би-шешендері. 1, 2-кітап. - Алматы: Жалын, 1993. - 400 бет. Б 262

Зерттеудің әдістері. Зерттеу жұмысына мәліметтерді жинау, архив деректеріне үңілу, саралау, баяндау, салыстыру, әдеби хронологиялық әдістер қолданылды.

Жұмыстың құрылымы. Ғылыми жоба кіріспеден, бір тараудан және қорытынды бөлімнен тұрады. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі соңынан беріледі.

Әнет баба - Арғынның ел ағасы.

Әнет баба Кішікұлы өз заманында «Билердің биі» атанған оқымысты ғұлама, мемлекет қайраткері, ірі тарихи тұлға, ұзақ жасап, тоқсан жеті жасында дүние салған адам. Бұл жәй негізсіз, күмән тудыратындай бір адамды әспеттеу немесе дәріптеп атағын шығару мағынасында айтыла салған қолпаш сөз емес. Шын мәніндегі Әнет бабамыз туралы тарихи деректемелер мен осы уақытқа дейін баспа беттерінде жарияланып келген әдебиетші-ғалымдар, шежірешілердің жазбаларына зер салып, оқып, ой елегінен өткізетін болсақ, дұрыстығына көз жеткізуге болады.

Әнет баба Кішікұлы (1626-1723) Орта жүз биі. Арғын ішінде Тобықты руынан. Бұхар медресесінде оқып, ғұлама атанған. Түркістанда хандық құрған Әз Тәукенің кеңесші биі болған, әдет заңы - «Жеті жарғыны» жасасқан. Әнет баба қазақ хандығын нығайтуда, қалмақ-жоңғар шапқыншылықтарынан елін қорғауда ақылшы мәмлегерлігімен халық сеніміне ие болып, «Әнет баба» аталған», - деп жазылған көптеген деректерде.

Осы бір шағын деректің өзінен-ақ Әнет бабаның кім болғанын танып ұғуға болады. «Әнет баба жас кезінде Бүхар-Шарифте үйсін Сарышуаш жыраушымен бірге медресе бітірген. Ислам қағидаларына, шариғат ережелеріне жүйрік болған. Әділеттігімен, діндарлығымен аты шыққан». «Әнет бабаң исі қазақтың пір тұтқан үш Пайғамбары - Әлібекұлы Төле бидің (1663-1756), Келдібекұлы Қазыбек бидің (1665-1758), Байбекұлы Әйтеке бидің тілашар ұстазы. «Адалдыққа жақ бол, арамдыққа жат бол» деп ақ батасын берген жасы да, жолы да үлкен абыз атасы саналған» (Б. Адамбаев. Халықтық шешендік мектебі» «Қазақ әдебиеті», 1969ж) .

Діни сауатты, философиялық ой өресі қалыптасқан, әлем кеңістігінің өзгерісінен, саяси бағытынан хабардар оқымысты жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ елінің болашағына зер сала, өркендету жолында тер төгеді. Көп жылдар Жәңгір хан (1645-1680), Тәуке хан (1680-1718), Батыр хан, Болат хан ордаларында кеңесші болған. Тіпті, Әз Тәукенің тұсында бас уәзір болып мемлекеттік іске батыр, билермен қатар, қара халықты тартушы алғашқы қайраткер. Уәзірлік кезінде орда қызметкерлерінің, үш жүздің сұлтандары мен билерінің біліктілігін, саяси сауаттылығын, мәдениетін дамытуға баса назар аударды. Әсіресе, сол замандағы елдер арасындағы шапқыншылыққа орай ел дауы, жер дауы, ел ішінде күйіп тұрған барымта, жесір дауын шешуде әділдікті, шешендікті қажет ететін елшілер мен билерді хан маңына жинауға, дайындауға ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта Тәуке ханмен ақылдаса келе «Билер кеңесін» құрады: ата би, төбе би, төте би, бала би, жеке би, қатар би деген атаулар бабаның кезінде пайда болған шығар, сірә. Уәзір - ата би, Ұлы жүзден Төле - төбе би, Орта жүзден Қазыбек - төте би, Кіші жүзден Әйтеке - бала би (жасынан билікке араласқандықтан аталған болар), ал, қалған мүшелері қатар би, жеке би аталса керек. Ел билігіне араласып, жаһан жаңалығына көз салған қарымды қайраткер бұрынғы хандар мен билердің мемлекетті сақтауға, күшейтуге бағытталған «Қасым ханның қасқа жолы», одан соңғы «Есімханның ескі жолы» атты ғаділеттік жинақтардағы басқару жүйесінің заман талабына сай еместігін байқайды. Ғұлама елді билеудің жаңа бір жүйелі түрін: қағидалар мен ережелер, заңдар мен баптар топтамасын жазып, елдің ішкі-сыртқы қарым-қатынасын әділ жолмен жақсартуға ойысады. Әз-Тәуке, Әнет би, үш жүздің үш биі және Соқыр Абыз, Қожаберген жырау сынды 7 ғұламаның ізденіс-зерттеуі, сұрыптау-жазуымен аса құнды «Жеті жарғы» заңдар жинағы жарық көреді. Десек те, сол кездегі түрік тілді елдер мен араб елдерінің жарғыларын пайдалана жазылған, кей деректе «Әз-Тәукенің жеті жарғысы» аталатын бұл әйгілі ғаділет жинағының мазмұнын реттеп, тиянақтауға Құдайназыр, Болпыш, Жылкелді, Майлы, тағы басқа сауатты ұлыс басшылары мен қаламгерлер де қатысқан деген тарихи деректер бар. Кейінде бұл жарғы Әлихан Бөкейхан басқарған алғашқы Қазақ Автономиялы «Алашорда» үкіметінің жарғысын жазуға да негіз болған.

Әнет Кішікұлы Орта жүз, Арғынның Тобықты руынан. Жобамен Абай хакімнің 6-шы атасы. Туған жері Сарыарқа аймағы болғанмен, қазақтың ұланғайыр кең даласында даналығымен танылып, билік айтқан. Мемлекет ісіне араласып, қайраткер ретінде танылған орны - сол кездегі Қазақ елінің астанасы Түркістан. Қазақ халқының тұрмыс-жағдайын жақсарту, ұлтының ұлылығын таныту жолында, ел мен ел арасындағы мәмілегерлік шарттарын реттеуде тиімді де еселі еңбек еткен білікті би.

Осы арада бір көңіл аудара кетерлік мәселе, негізінде «Билердің биі» Бұхардағы ғылыми медреседе оқытылатын он екі пәннің бірі, «мұсылмандық әдет-ғұрып, заң праволары» курсын толық меңгеріп, тәмам еткен шын мағынасындағы ғұлама, оқымысты әрі бірнеше жас билерге ұстаз болып, батасын берген абыз ақсақалдарға, қара қылды қақ жарған ұлы биге, шешендерге берілетін баға болған. Олай болса, жоғарыда келтірілген деректемелердің негізіне сүйенсек, Әнет бабамыздың «Билердің биі» аталуы ешқандай күмән туғызбайды. Қара қылды қақ жара әділ билік айтып өткен ғұлама бабамыз туралы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасында:

Әнет баба - Арғынның ел ағасы,

Әрі би, әрі молла ғұламасы.

Үлгі айтқан Орта жүзге ғаділ екен

Сол кезде 95-ке келген жасы, - деп баға беруінің өзі өмір шындығынан алынған.

Әз Тәуке хандық құрған XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басы қазақ хандығының «Алтын ғасыры» саналады.

Тәуке хан дала ақсүйектерінің өкілі билердің көмегіне сүйене отырып, қазақ қоғамын бір орталыққа бағындырып, көрші елдермен қарым-қатынасын жолға қойып, сыртқы жауларынан қорғанысын күшейтіп, баршаға ортақ сол замандағы тұрмыс-тірлігіне, қоғамдық-әлеуметтік ахуалын ескере отырып, атақты «Жеті жарғы» заңын жасап, сол бойынша билік жүргізген. Түркістан қаласын қазақ хандығының астанасы еткен. «Жеті жарғы» - құқықтық нормалар жиынтығы. Оған билер сотының тәжірибесі (түйінді биліктер, шежірелер) би-батырлардың ынтымағын арттыруға және көрші елдермен дипломатиялық және сауда-саттық қатынасты нығайтуға бағытталған жазба құжаттар кіреді». Тәуке ханның заңындағы қылмыстық және неке нормаларын шариғат негізінде түзелді. Демек, сол кездегі жоғарғы ғылыми оқу орнын бітіріп, ислам қағидаларына, шариғат ережелеріне жүйрік, асқан ғұламалығымен танылып, «Билердің биі» атанған Әнет баба. Әз Тәуке заманының «Жеті жарғы» заңын жасаушылардың бірі емес, бірегейі болғандығы ешқандай дау туғызбайды. Онымен бірге Тәуке ханның ел басқару ісінде іргелі биі, сенімді кеңесшісі ретінде көреген, білімдар ақылшы мәмлегерлігімен ұлтымыздың іргелі ел болуына, ынтымақ-бірлігінің қалыптасуына ұйтқы болып, ел ішінің тыныштығын сақтауда шиеленіскен ірі дауларға келісімді баға, әділ билік айтып, халық сеніміне ие болған мемлекет қайраткері дәрежесіндегі тарихи тұлға болғандығын көрсетеді. Ордабек Қожаберген жыраудың (1663-1763) «Ақтабан шұбырындыға» ұшырған қазақ халқының қайғы-қасіретін жырлаған «Елім-ай» атты ұзақ тарихи дастанында:Толыбай сыншы кенже ұлы Ем Қожаберген, бата алған Әнет пенен Әз-Тәукеден күйзелген ел жағдайын көзбен көріп, өзегім өртенген соң айттым өлең, - деген. Осы бір келтірілген өлең шумағынан Әнет баба мен замандас жыраушының Әнет пенен Әз Тәукеден бата алдым деп қатар қойып ұлықтауының өзі көп нәрсені айқындап тұр. Әнет бабаның даналығы жөніндегі елді береке, ынтымақтыққа шақырып, адамдардың имандылыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке уағыздаған ел есінде сақталған ұлағатты сөздері, дүниетанымы жөніндегі философиялық негізіндегі ой-толғаулары, ақыл-кеңестері халқымыздың үш ұлы биі туралы жазбаларда сақталған. Жалпы, қазақта «Жеті жарғы» арқылы туындаған «Жеті қазына», «Жеті ата», «Жеті ғалам», «Жеті хақ» және тағы басқа эстетикалық ұғымдарды білдіретін тұжырымдамалары Әнет бабаның есімімен тығыз байланысты.

Дүниеде неше жетім бар? Деген сауалға бабаң:

Сөз жетім, ынтаменен тыңдалмаса,

Бөз жетім, келместен тозған болса,

Жер жетім, иесі жоқ қалған болса,

Ел жетім, жақсы басшы арман болса,

Көл жетім, қаз қонбаса, құстар ұшып,

Ер жетім, жеке қалса тізе құшып,

Болмаса замандасың, тойға барма,

Басыңа жалғыздықтың торы түсіп.

Қазақ "жеті жоқ" деп Әнет бабаның тұсынан мына нәрселерді айтады:

Аспанда тіреуіш жоқ,

Тасбақада тамақ жоқ.
Жерде сүйеуіш жоқ,

Аққуда сүт жоқ
Таста тамыр жоқ,

Жылқыда өт жоқ.

- «Жеті қазынаға нелер жатады?», деп сұрағанда:

«Әйел, Ер жігіт, Ілім - білім, Жүйрік ат, Қыран бүркіт, Берен мылтық, Алғыр ит», - десе, біреу тұрып:

- Баба, қазақта: «Бала белде, қатын жолда», - деуші еді ғой. Ер жігіт қатынды жаудан олжалап та алады, айттырса қалың малына қырық жетісін байлап, матап беріп, сатып та алады. Бұл - шығын. Қазақтың тағы бір мәтелі «Қойныңдағы қатыныңа сенбе, астындағы атыңа сенбе» дейді. Тағы да «Атың жаман болса, сатып құтыласың, қатының жаман болса, қайтіп құтыласың?» - деген де сөз бар. Соған қарағанда әйелді жеті қазынаның бірі деу дұрыс бола қояр ма екен? - дегенде, Әнет баба: -Әйел жеті қазынаның бірі емес, біріншісі. Дүниедегі бар тіршілік атаулының анасы - әйел. Адам бойындағы асыл қасиеттердің бәрі ананың ақ сүтінен дариды, әлдиімен ақ бесіктен басталады. Сондықтан, оған тіл тигізуге де, қол көтеруге де болмайды. Пайғамбарымыздың өзі әйел затын қатты құрмет тұтқан. Ал бірді-екілі ауылдың бейпілауыздары әйел туралы жаман сөз айтар болса, ондайларға тыйым болу керек. Ол халықтың, көптің пікірі емес, - депті. Әнет бабаңның осы сөзінен кейін әйелдің жеті қазынаның бірі екеніне күмән келтіру қазақ арасында мүлде тыйылыпты. Ал ел ішіндегі дүмше молдалардың шариғатты жамылып, тіршіліктегі адам бойындағы кейбір қажеттіліктерге орынсыз тыйым салғысы келгендерге:

- Қазақта «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды» деген мақал бар. «Ислам діні - парыз ғана емес, ілім. Ал ілімді адам өзі саралап, жүрегімен ұға біліп, дамытып, өрбітіп отыру керек. Өрбімеген, дамымаған ілім тұрып қалған су секілді адамды өзінен жиіркендіреді. Пайғамбарымыздың «бесіктен бейітке дейін оқы» деп айтқан сөзі бар. Құранда «Икра» деген сөз бар. Ол «оқы» деген сөз. Діннің жауы - надан, жаттағанынан ары бармайтын тас ми молдалар, - деп, «Мың бір хадисті» алып, ішінен қажет еткен пайғамбар айтқан деген рәуайатты тауып арапша оқып, оны түрікшеге тәржімалап беріп шала молдасымақтардың ауызын жауыпты. Осы бір діни-философиялық ойға негізделіп айтылған өсиет сөзі адамдардың дін туралы ұғымын кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастыруда көп дүниенің бетін ашып тұр.
Әнет бабаның билік басындағылардың әділ-шыншыл болуы, ел бірлігі жөніндегі өсиет-өнегелері халық жадында сақталып және үш ұлы бимен кездесіп, ақыл-кеңес құрғандағы әңгімелері шағын деректер баспа беттерінде көптеп жазылып жүр. Мәселен, ел аузында айтылып жүрген мынадай әңгіме бар. Төле би төбе би болып атағы шығып тұрғанда билердің біреуі;

- Уа, Төле би, біз адассақ, сізден ақыл сұраймыз. Сіз адассаңыз кімге жүгінесіз? - деген екен. Сонда Төле би: «Әнет бабаң бар емес пе», -депті.
Бұл арада біріншіден, Ұлы бидің, Әнет бабаның ғұламалығына бой ұсынып тұрғанын аңғартса, екіншіден, қарапайымдылық, кішіпейілділік, ізгілік сияқты ұлы қасиеттерінің иесі екенін және халықтың қамы үшін қызмет жасап жүрген адамдардың арасында күншілдік, бәсекелестік, бақталастық, көралмаушылық сияқты керітартпа әдеттердің орын алмағанының көрінісі. Кейін Қаз дауысты Қазыбек би Әнет бабадан сөз үйреніп, кеңес сұрап, ақыл алу үшін көшіп келіп катар қонып, екі-үш жыл іргелес жүріпті. Қазыбек биден: - Би, сен бұл дүниеде кімге қарыздарсың, - деп сұрапты Әнет баба бірде одан.

-Аллаға қарыздармын, - деп жауап беріпті Қазыбек би.

- Сосын кімге карыздарсың?

- Сосын анама. Ол мені жарық дүниеге әкелді.

- Сосын кімге карыздарсың?

- Атама. Ол мені тәрбиеледі, өсірді, оқытты.

- Тағы кімге карыздарсың?

- Халқыма. Ол мені қадырыма жетіп көтере білді.

- Тағы кімге қарыздарсың?

- Әнет баба, сізге қарсыздармын. Сіз менің көп нәрсеге көзімді аштыңыз, - деп жауап беріпті Қазыбек би.

Бірде ақыл кеңес алуға барған Төлеге садағының алтын оғын бармағымен біртіндеп сындырып, екі бүктеп, он екі шабақ етіп, ортасынан буып «енді мынаны сындырып көрші» депті. Әрине, бір буда шыбықты сындыру мүмкін болмайды. Әнет мынадай өсиет айтыпты:
- Төлежан, сен көптің айтқанын қыл. Көптің айтқанын қылсаң, көп те сенің айтқаныңды қылады. Ал көп болсаңдар, өзара ынтымақты болсаңдар, сендердің белдеріңді де ешкім сындыра алмайды. Қайтарында Төле биге: -Жортқанда жолың болсын! Қыдыр ата қолдасын! Алдыңнан дау қайтпасын! Дұшпанның қолы саған жетпесін! -деп, Әнет баба батасын беріпті. Әнет бабаның данагөйлігі туралы халық жадындағы сақталған Қазыбек бимен кездесуіндегі осы күнге дейін өміршеңдігін жоймаған көп әнгімелерінің бір-екеуін өрнектесек: Қазыбек би ел ағасы болып, билік құрып, атқа мінген шақта Әнет баба егде тартып қартайып қалса керек. Әнет бабаға бір келісінде: -«Сізге бір сұрағым бар еді?» - депті Қазыбек би. Ендеше, маған мынаны айтыңызшы: - Біріншіден, не бұзады?

- Екіншіден, не аздырады?

- Үшіншіден, күнә неден болады?

Содан Әнет бабаң ойланып отырып айтыпты: - Арабта «әкім» деген сөз үш әріптен құралған. Мұны екі қайталасаң, алты сөздің басы шығады. Ол - алтын, әйел, кек, кесір, мақтан, мансап. Дүниені бұзатын да, адамды аздыратын да, күнаһар ететіндер де осылар, - депті. Демек, Әнет бабадан қалған сөз: «Ер адам, ел билігіне араласқан азамат әйел құмар болмауы көрек. Нәпсіқұмарлық - лас іс, күнәға батырады, абырой - атағына нұқсан келтіреді, таңда, мақшар күнінде күнәсі кешірілмейтін ауыр іс». Алтынға келсек, ол - сұлу тас, бірақ, суық тас. Суық дейтініміз, адамды аздыратын неше рет қиянат істерге бастайтын - осы байлық, дәулет. Оны ақылмен, ынсап-қанағатпен ұстап-тұтқан жөн. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» - деп, қазақ бекер айтпаған. Кек туралы айтарым, қазақтың мақалы бар: «Кекшіл болма, көпшіл бол» - дейді. Шариғаттың айтуына қарағанда, үш күннен артық араздасып, кектесіп жүру - ислам дініне жат нәрсе. Кесірлік- қазаққа қай кезде де пайда бермеген қасиет. «Кесір адам - несібесінен айрылар, кең кісіге несібе өзі қайрылар» деген мақал осыдан қалған.
Мақтаншақтық - ер жігітке жарас­пас қылық. Мансапқорлық та адамды аздырып, күнәға батыратын ауыр дерт. Мансаптың жолына түскен адам ағайын-тумаға қайырсыз болады, халқының қамын ойлаудың орнына, өзі ұстап отырған тізгіннен айрылып қалмауды көбірек ойлайды. Ондай адамдардан үміт, қайыр күтуге болмайды. Адам мансап үшін еңбектенбеу керек, керісінше, мансап адам үшін еңбек ету керек. Данагөй бабаның осы өсиеті дәл бүгінгі ел билейтін әкімдер мен ел тізгінін ұстағандарға үлгі-өнеге болары сөзсіз. Байшөгелі жоқ «қасаң» дауға неге бұрынғылар бір түйін шешім айтпаған? - деп Қазыбек би Бабаңнан сұрағанда, Бабаң оған енді мынадай тоқтам айтылсын деген: Қазақ жолы - қанағат. О да жолдан адаспас. «Қасаң» дау емі шариғат. Бұған ешкім таласпас. Байшөгел-заттай айғақ, бұлтартпас белгі, тапжылтпас куә, дәйекті дәлел деген мағынаны білдіреді. Қасаң-шүбәлі деген мағынаны білдіреді. Шариғатта ұрлық сияқты ауыр жазалы іске екі таза куә керек. Әйтпесе, салауат болады. Осы бір моральдық-психологиялық тұрғыдағы адамдардың құқығын қорғау бағытында айтылған кесімді шешім әлі күнге дейін мәнін жоғалтпаса керек. Бірде ауыл сыртында жолығып қалған Қазыбек би:

- Әнет баба, не іздеп жүрсіз, кімді іздеп жүрсіз? - деп сұрапты.

- Өзімді іздеп жүрмін, шырағым, - деп жауап беріпті Әнет баба.

Жас Қазыбек ештеңені ұға алмай, аңтарылып тұрып қалыпты.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шешендік сөздер түрлері
Тарих қойнауынан сыр тартқан
Қазақ даласындағы шешендік өнер
Аңыз әңгімелерді оқыту әдістері
Аңыз-әңгімелердің танымдық және тәрбиелік мәні
Шешендік сөздердің жанрлық ерекшелігі. Шешендік сөздердің көркемдік сипаты
Қазіргі шешендік сөздер
Ауыз әдебиетіндегі шешендік өнердің қазақи үрдісін ғылыми тұрғыда қалыптастырып, шешендік сипатын, сөз саптау ерекшелігін, битанудағы ролін жалпы ауыз әдеби ерекшелігін ашып көрсету
Шешендік сөздердің маңызы
Битанудағы шешендік өнердің ролі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz