Жеткіншек жас кезеңіне қатысты қарым - қатынас тұрғылары



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 40 бет
Таңдаулыға:   
Орал гуманитарлық колледжі

КУРСТЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы:

Балалар үйінде тәрбиеленушілердің тұлғаралық қарым-қатынастарын
қалыптастыру

Орындаған: 4 курс студенті
Есимова Фарида

Тексерген: Ташенова Г.Т.

Орал 2015ж.

Мазмұны
КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 3

1 БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ТӘРБИЕЛЕНУШІ ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ
МӘСЕЛЕЛЕРІ
1. Жеткіншек жас кезеңіне қатысты қарым-қатынас тұрғылары
... ... ... ... ..5
1.2 Балалар үйі тәрбиеленушілерінің жеке тұлғалық
ерекшеліктері ... ... ... ...10
1.3 Балалар үйінде тәрбиеленуші жеткіншектердің қарым-қатынас
сипаттамасы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...13

2 БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ТӘРБИЕЛЕНУШІ ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНДАҒЫ
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН ЭКСПЕРИМЕНТТІК ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ
2.1 Балалар үйінде тәрбиеленуші жеткіншектердің қарым-қатынасын зерттеу
әдістері мен
шарттары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ...16
2.2 Балалар үйінде тәрбиеленуші жеткіншектердің қарым-қатынасындағы
ерекшеліктер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...24
2.2.1 Балалар үйі тәрбиеленушілерінің қарым-қатынас жасауы мен оның
эмоциялық мазмұны
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... .24
2.2.2 Балалар үйі тәрбиеленушілерінің әлеуметтік бейімделуіндегі
өзгешеліктер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 31

ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..36
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
ТIЗIМI ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... 38

КІРІСПЕ

Бүгінгі таңда Қазақстандағы және ТМД елдерінің құрамына енетін көптеген
республикалардағы аса көкейкесті мәселелердің бірі – балалардың әлеуметтік-
психологиялық жағдайы, денсаулығы, қоршаған ортаның өмiрiне белсенді
қатынасуы, өздеріне және әлеуметке оңды қатынасы және оларды құқықтық
жағынан қорғау. Бұл мәселелердің оңтайлы бір шешімі жетім балаларды
дамытуға, тәрбиелеуге, оқытуға қатысты теориялық және практикалық
педагогикалық, психологиялық негіздерді айқындаумен байланысты.
Балалар үйі жағдайы ерекше психологиялық, педагогикалық сипатқа ие. Бұл
отбасылық жағдаймен салыстыруға да, сәйкестендіруге де келмейтін
микроәлеуметтік орта. Балалар үйі белгілі топтың ұзақ мерзімді бірлескен
өмірімен, қарым-қатынасқа түсу аясының шектілігімен, ересектер және
қатарластарымен жақын-тұлғалық қатынас тапшылығымен, жекелену мүмкіндігінің
болмауымен, қарым-қатынастың көптеген түрлерінің асыра ресмилігімен,
педагог мамандардың тапшылығымен және ауыспалығымен, тәрбиешілердің арнайы
психолого-педагогикалық даярлықтарының төмендігімен, оқыту және тәрбиелеу
бағдарламаларын арнайы оңтайландыру қажеттігімен т.б. айрықшаланады.
Сонымен қатар балаларды оқыту және тәрбиелеудегі дараланбаған ұстаным, бала
санының тым көп болуына байланысты тәрбиеші жүктемесінің артуы, тұрмыс-
салттың қанағаттанарлықсыз болуы, жиһаздың, оқу құралдарының бала дамуының
талаптарына сәйкес келмеуі, бөлме температурасы, ылғалдығы,
жарықтандырылуы, тамақтандыру жағдайлары және балалар үйінің
қаржыландырылуының жеткіліксіздігінен туындайтын мәселелерді атауға болады.
Сондықтан ең үздік деп бағаланған балалар үйіндегі психологиялық ахуалды
жоғары деп бағалау асыра оптимистік пікір болар еді. Оған қоса, балалар үйі
тәрбиеленушілеріне госпитализм, қарым-қатынас тапшылығы, педагогикалық
бетімен кетушілік, эмоциялық-тұлғалық және мінез-құлқылық өзгерістері
сияқты күрделі ауытқулар да ғылымда белгілі.
Жетімдер үйіндегі балалардың өмір сүру жағдайы олардың өз отбасыларында
тәрбиеленетін қатарластарының жағдайынан елеулі айырмашылығына байланысты
1992 жылы балалардың хал-ахуалына жанашырлық танытқан С.А. Назарбаеваның
ұйымдастыруымен Бөбек қамқорлық қоры ашылды. Елімізде аталмыш қордың
жетекшілігімен отбасылық өмір жағдайына жақындастырылған Балалар ауылы
түріндегі жетімдер үйлері құрылды. Осы бастама жетім балалардың
психологиялық дамуын өз отбасында тәрбиеленетін қатарластарымен теңестіруге
ұмтылыспен ерекшеленеді. Соған байланысты тиянақты психологиялық-
педагогикалық зерттеулер де аса қажет.
Балалар үйінде тәрбиеленушілердің даму ерекшеліктерінің кейбір жақтарын
бірқатар шетелдік, кеңестік зерттеуші-психологтер қарастырған. Олар
интернат типті жағдайда тәрбиеленетін балалардың оңтайлы қарым-қатынас
жасауға әлеуеттерінің жеткіліксіздігін анықтаған. Ғалымдар зерттеулерінде
олардың қатынастары үстірт, неврозды және тиянақсыз сипатта болатыны,
мұндай балалардың көбінесе өзіне назар аударуын талап етуі агрессияға не
енжар жатсынуға алмасатыны келтірілген. Жетім балалар өздеріне мейірімді
қатынасты, ерекше көңіл бөлуді қалайды, бірақ осы қажеттіліктерін
қанағаттандыруға сәйкес өз қылықтарын дәлме-дәл реттей алмайды. Қарым-
қатынасқа түсу тәжірибесінің дұрыс қалыптаспауы баланың өзгелер алдында
негативті ұстанымының орнығуына әкеледі. Әсіресе, балалар үйі сияқты топтық
тәрбие жағдайларында қарым-қатынасқа қатарластардың әсері өте күшті болады.
Дегенмен, мұндай қарым-қатынасқа оңтайлы бағыт беруші, реттеуші, бастамашы
болу ересек – жетімдер үйіндегі педагогтердің, психологтердің міндеті
екендігі түсінікті. Сонда, нақтыласақ, жетім балалар өмірі, әлеуметтенуі
әлбетте екі жазықтықта өтеді: біріншіден, ересектер әлемі, екіншіден,
олардың қатарластары жеткіншектердің қарым-қатынас механизмдерінің ерекше
дамуын қамтамасыз етеді. Осы екі әлеуметтік ықпалдастық қана жетім
балалардың қарым-қатынас жасаудағы өзіндік амалдар мен жолдарды меңгеруіне
әсерін тигізеді, өзара әрекеті мен өзара қатынастың ерекше сипатын
анықтайды.
Алайда әрі жетім, әрі жеткіншек жас кезеңіндегі балалардың тұлғалық
даму, қарым-қатынас жасау жағдайлары бойынша республикадағы психологиялық,
педагогикалық зерттеулер тым жеткіліксіз. Бұл монография екі үлкен
психологиялық мәселеге қатысты маңызды болмақ. Сонда, біріншісі – жетім
балалардың қарым-қатынас ерекшелігін жеткіншектік кезеңдегі дағдарыс
аясында зерттеу сипаттау, екіншісі – ерекше психологиялық жағдаят ретіндегі
қарым-қатынас ықпалымен жетімдердің психологиялық, тұлғалық даму мәселесі.
Жеткіншектердің мінез-құлық, жүріс-тұрысындағы жағымсыз көріністер –
дөрекілік, агрессивтілік, көптеген әлеуметтік ережелер мен талаптарды
сақтамауы олардың еркіндік пен тәулсіздікке ұмтылысымен түсіндіріледі және
жеткіншек дамуындағы қалыпты жағдайлар болып есептеледі. Ал жетім
балалардың мұндай жағымсыз мінез бітістерін танытуы тұрақты сипатта қалу
қауіпі біздің жұмыстың өзектілігін айқын көрсетеді. Жеткіншектердің
әлеуметтік, психологиялық жағдайларындағы өзгерістер олардың тұлғалық
қалыптасуына елеулі ықпал ететінін тағы да ескеру керек.
Оған қоса, жеткіншектік кезең – ата-ана қамқорлығынан айрылған
балалардың арнайы мекемеде тәрбиеленуінің соңғы сәттері. Осыдан былай олар
өз бетінше өмір сүруге аяқ басады. Балалар үйі түлектері, көбінесе,
үйреншікті қамқорлық пен өмір сүру жағдайынан айрылуға даяр болмайды.
Сондықтан балалар үйі түлегінің қоғам және жеткіншектің өзі үшін тұлғалық
және әлеуметтік кемелденуі аса мәнді болып отыр.

1 БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ТӘРБИЕЛЕНУШІ ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ
МӘСЕЛЕЛЕРІ

2. Жеткіншек жас кезеңіне қатысты қарым-қатынас тұрғылары

Жеткіншектердің қарым-қатынас жасау ерекшеліктері психология саласында
толық айқындалмаған мәселелердің бірі. Осы орайда, педагогика, психология
ғылымдарымен жүргізіліп жатқан зерттеулер саны артқанымен, жеткіншектердің
тұлғалық даму көзі қарым-қатынас ретінде декларациялық пайымдау ғана орын
алып отыр. Сонымен қатар, жеткіншектің кезең дағдарысынан шығуда қарым-
қатынас тәсілдерін дамыту арқылы психологиялық қолдау жасау жолдарын
анықтау психология ғылымындағы шегіне жетіп зерттелмеген мәселелердің бірі.

Тіпті жеткіншек кезеңнің жас аралағы да бірмәнді анықталмаған.
В. Дальдың түсіндірме сөздігінде жеткіншек – 14-15 жас шамасындағы өсіп
келе жатқан бала деп түсіндіріледі. Ф.М. Достоевскийдің Жеткіншек атты
романындағы басты кейіпкері 20-ға толған еді. Д.В. Эльконин жеткіншек кезең
деп 10-12 жас, Ж. Пиаже 12-15 жас, ал Баралии 11-15 жас аралықтарын
көрсеткен [99].
Қазіргі психологияда, көбінесе жеткіншектік кезең – 11-12 жастан 14-15
жасқа дейінгі, балалық шақтан ересек өмірге өтпелі жас аралығы алынады. Бұл
жас аралығы психикалық әрекеттің басты сипаттарының сапалық өзгерістерімен,
жыныстық жетілуге байланысты функционалды қозғалыстармен, ер балалар мен
қыздардың дамуындағы мәнді айырмашылықтардың айқындалуымен, психикалық және
физикалық дамудағы акселерация-ретрадация құбылыстарының көріну
ықтималдылығымен сипатталады. Жеткіншектердің физикалық дамуы олардың мінез-
құлық, жүріс-тұрысы мен психологиялық ерекшеліктеріне ықпал етеді. Бұл жас
аралығы жаңа қажеттіліктер мен қызығушылықтардың қарқынды өзгеру кезеңі.
Осының барлығын ескере келе, зерттеушілер жеткіншектердің тұлғалық
дамуындағы өзгерістердің салдарынан олармен үздіксіз қарым-қатынаста
болатын жақын ересектердің басынан өткерер қиын-қыстау уақытын бірге
қарастырып, бұл шақты өтпелі, дағдарыс кезеңі деп балама атайды.
Сондықтан, жеткіншектік шақ психология саласында аса күрделі жас кезеңі
ретінде сипатталады. Бір қарағанда, жеткіншектердің әлеуметтік жағдайы
өзгеріссіз: жеткіншек өз отбасында өмір сүреді, үйреншікті мектебіне
барады, бұрыннан таныс қатарластары ортасында, яғни өмір сүру ортасында
осыған дейінгі жас аралығынан ешбір айырмашылығы жоқ. Алайда,
жеткіншектердің психикалық дамуы олардың ересектер өміріне аяқ басу
құлшынысына байланысты және өзіндік танымының, Мен-тұжырымының, өзіндік
әрекеттерін талдаудағы сыни көзқарастың артуындағы, әлеуметтік
бірдейлігінің қалыптасуындағы, құндылықтар жүйесін қайта бағалауындағы,
жаңа әлеуметтік ұстанымдарды игеруіндегі, жетекші қажеттіліктер
иерархиясындағы қозғалыстарының елеулі өзгерістерімен сипатталады. Ал
қолайсыз отбасылық жағдайларда қарсылық, қақтығыс көріністері, мінез
акцентуациялары, түрліше өзін кемсіте бағалауының дамуы мүмкін. Мінез-
құлық, жүріс-тұрысында әлеуметтік бейімделу тәсілдерінің толық жетілмеуіне,
өзінің тұлғалық орынын табуына оңтайлы жағдайлардың болмауына қарай
жеткіншектерде дивиантты мінез-құлық, жүріс-тұрыстың дамуы ықтималдылығы да
бар. Қатарластарымен қарым-қатынасы, топта жоғары статусты иеленуге деген
ұмтылысы жеткіншектердің жетекші іс-әрекетіне айналады.
Т.В. Драгунова [78], өз еңбектерінде жеткіншектердің психологиялық
портретін тізбектей сипаттайды: 1) жеткіншек үшін оның есейгендігін
қоршаған ортасының байқауы маңызды; 2) жеткіншек үшін мінез-құлық, жүріс-
тұрысында балалық қылықтының болмауы маңызды; 3) жеткіншектің
құндылықтары ересектер шаруасы тұрғысынан тағайындалады; 4) жеткіншектің
сүйікті кейіпкері – белсенді, мақсатына жетуге ұмтылған, тығырық
жағдайлардан жеңімпаз болып шығатын адам. Кез-келген бастамаларында ол
бақылаушы емес, іскер болғанды қалайды; 5) армандау мен қиялдауға
бейімділігі өзінің шынайы (не ойдан шығарылған) қасиеттері жайлы әңгімелеу
бейімділігімен қатар жүреді. Жеткіншектер шынайы жасағанынан артық
істегісі келеді; 6) түрліше ережелерді орнату (мысалы, достық ережесі
т.б.); 7) мінез-құлық, жүріс-тұрыс нормалары туралы пікірлерін ересектердің
әрекеттерін талдауда қолданады.
Жеткіншектер психологиясына қатысты батыс, еуропалық, қазақстандық
ғылыми-зерттеу басылымдарындағы мәліметтерді қарастыра келе, аталмыш
мәселеге қатысты ортақ пікірлерді кезіктірмедік.
Жеткіншектік кезеңді қарастырған зерттеушілердің қай-қайсының
еңбектерін алып қарасақ та, бұл шақ қоғамдық әрекет-қылықтардың өзгерісімен
ерекшеленеді. Ал қоғамдық әрекет қарым-қатынас негізінде түсіндіріледі.
Ендеше, А.А. Бодалевтің: Тұлға адамдармен қарым-қатынас барысында
қалыптасады. Өмірінің бастапқы кезеңінде адамның өзінің қоршағандарын
таңдау мүмкіндігі болмаса, кемелденген шақта ол өзінің айналасындағы,
қатынасатын адамдарының саны мен құрамын реттейді..., - деген пікірін
негізге аламыз [43].
Жеткіншектік кезең жас кезеңдері ішіндегі ең күрделісі. Сонымен қатар
жеткіншектік кезең баланың адамдарға, қоғамға, өзіне қатынасын
адамгершіліктің негізін қалыптастыратындықтан жауапкершілікті қажет ететін
шақ. Осы жаста мінездің, тұлғааралық мінез-құлықтың негізгі түрлері
тұрақталынады. Жеткіншектік кезеңнің басында балада ересектерге ұқсас
болуға құштарлығы көрініс береді. Осы кезде балалар өздерін ересек санап,
ересектерге еліктеп өздеріне ересек адамға сияқты қарауды талап етеді.
Бірақ олар ересектерге қойылатын талаптарды орындай алмайды.
Жеткіншектердің жылдам өсуіне өмір жағдайы да әсер етеді. Ересек сияқты
болу деген мақсатқа жетудің ең жеңіл әдісі бақылаудағы мінез-құлықтың
сыртқы түріне еліктеу болып табылады [96].
Жеткіншектер 12-13 жастан бастап (қыз балалар ұл балаларға қарағанда
ертерек ) өздерінің айналасындағы ересек адамдардың мінез-құлқын қайталауға
тырысады. Бұған киім киісі, шаш қойысы, сәндік бұйымдары, мінез-құлық
мәнері, құштарлығы т.б жатады. Ал ұл балаларға көбінесе еліктейтін адамдары
болып, өзін нағыз еркек сияқты ұстайтын, ерік-жігері күшті, төзімділігі
жоғары, батыл, көзге түскен адамдар болып табылады. Бұл кезеңде баланың
өзіндік санасы қалыптасып, даму үрдісі жалғасады. 7-8 сыныптарда
жеткіншектер жүйелі түрде өзіндік тәрбиемен айналыса бастайды. Бұл әсіресе
ұл балаларға тән. Жеткіншектер хикаяларды, романтикалық киноларды және
сәйкесінше, әдебиеттерді жақсы көреді. Өйткені осы әдебиеттерде олар
еліктейтін нағыз еркектерге тән қасиеттерді бойына жинаған батырлар
кездеседі. Осы кездегі жеткіншектердің тағы да бір даму түрі – спорт болып
табылады. Оған бар қызығушылығымен айналысып, қауіп-қатерге қарамай көп күш
жұмсайды [7].
Жан Жак Руссо алғашқылардың бірі болып жеткіншектердің әлеуметтік
құбылысына қызығушылық танытты. Жеткіншектік кезең өзіндік сана-сезімі
пайда болған екінші туу кезеңі деп есептеді. Ал Холл жеткіншектік кезеңді
бала психологиясының дамуының атасы деп айтады. Адам өзіндік сана
дағдарысын жеңсе, жеке адам болып қалыптасады деген қорытынды Холл
тұжырымдамаларының жетістігі болып саналады. Л.С. Выготский жеткіншектік
кезеңді дағдарыспен ғана түсіндіріп қоймай, негативті жағдайлармен
сипаттайды. Өтпелі кезең – дағдарыс кезеңі деген түсінік жеткіншек
жастағылардың психологиялық ерекшеліктерінің тұжырымдық негізі болып, осы
кезеңнің қиындықтарын анықтайды [90].
К. Левин жеткіншек кезеңдегі балаларды маргиналды жеке адам деп
сипаттаған. Олардың эмоционалдық, тұрақсыздық, сезімталдық, агрессивтілік,
ашушаңдылық, қоршаған ортамен қақтығыста болу қырларын атап көрсетті.
Мұндай мінез қырлары ұлдарда 14-16 жаста, қыздарда 11-13 жаста көрінеді
[97].
Бюллер 1967 жылы жеткіншектердің қарым-қатынасын зерттей бастаған, ал
Салинбех өз теориясында жеткіншектердің интеллектуалдылығын зерттеген.
Психологиялық қағидаларда жеткіншектік кезеңдегі балалардың өте терең де
маңызды өзгерістерге ұшырауы қарастырылады. Осы өзгерістер төңірегінде
жеткіншектердің әлеуметтік бейімделуі мен жас шекарасын құру талданады.
Жеткіншектердің психологиялық даму кезеңі баланың өзіне ғана емес,
олармен қарым-қатынасқа түсетін адамдарға да қиын кезең екендігі жоғарыда
аталған. Оның себебі:
1. жеткіншектердің психологиялық дамуында әлеуметтік факторлардың
жетекші рөлді иеленуі;
2. олардың психикалық өзгерістерінің ересектермен қарым-қатынасына, оқу
мотивацияларының бағытына, жыныстық жетілуіне байланысты сөйлеу
ерекшеліктерімен сипатталуы;
3. жеткіншектердің өзіндік сана-сезімі, өзін-өзі бағалауының артуы;
4. жеткіншек жастағы жаңа құрылымдардың пайда болуы: өзін-өзі
тәрбиелеуге ұмтылуы; адамгершілік қасиеттерді игеруге бейімделуі; сезім
және қызығушылығының өрістеуі; өзін-өзі бағалай білуі; ересектерге ұмтылуға
тырысуы.
Сонымен, жеткіншектік кезең дегеніміз балалық шақтан ересек кезеңге өту
кезеңі. Жеткіншектік кезеңді кейбір психологтер қиын жас деп сипаттайды.
Қиын деп аталуы, ересектер тарапынан қойылатын талаптардың орындалмауы
болып табылады.
Бұл кезеңде бала психикасында айтарлықтай өзгерістер жүреді.
Жеткіншектердің оқу үрдісіне деген қызығушылықтары әлсірейді. Жаңа
білімдерді, қоршаған әлем туралы жаңа пікірлерді меңгеру балада бұрын
қалыптасқан тұрмыстық ұғымдарды қайта қарастырады. Ал мектептегі оқу
теориялық ойлаудың дамуына ықпал етеді. Барлық танымдық сфераның, теориялық
ойлаудың дамуына байланысты қайта қарау – кіші мектеп жасында олардың ақыл-
ойының дамуының негізгі мазмұнын құрайды. Теориялық ойлаудың дамуы кіші
мектеп жасының аяғында рефлексияның дамуына әкеледі. Сонымен қатар, осы
кезеңнің аяғында оқушыларда ерік-жігері, өзін-өзі реттеу қабілеттерінің
дамуымен ерекшеленеді [20].
Л.С. Выготский жеткіншектік кезеңді жаңа құрылым ретінде сипаттап,
рефлексияның дамуын және оның негізінде өзімен санасуды талап етулерін,
өзін тұлға ретінде тану қабілетін көрсеткен. Сонымен қатар, жеткіншектер
айналасындағы адамдарды бағалауының өзгерісі сияқты, өзіндік бағасына да
бағдарлана бастайды. Өзіндік бағасының дамуы жеткіншектердің өзектенуі мен
өзін-өзі айқындауға ұмтылысын тудырады [89].
Л.И. Божович өтпелі кезеңнің басты жаңа құрылымы ретінде мотивациялық
саладағы өзгерістерін көрсетті. Оның пікірінше, жоғары сынып оқушыларының
өміріндегі аффективті ортасы – өз болашағын айқындау және өмірлік
бағдарлама құру болып табылады [7].
Кеңестік зерттеушілер де жеткіншектердің жетекші әрекетін сипаттауда
бір пікірге келмеген. Л.И. Божович жеткіншектердің жетекші іс-әрекетін оқу
десе, Д.Б. Эльконин интимді-тұлғалық қарым-қатынасты атаған [96],
Д.И. Фельдштейн – қоғамға пайдалы әрекетті көрсетеді, В.В. Давыдов—
қоғамдық-маңызды әрекетті тағайындаған. Ал А.Г. Асмолов жеткіншектердің
жетекші әрекеті белгіленбеген, ол дамудың нақтылы әлеуметтік жағдайымен
анықталатынын дәйектейді [170].
Сонымен, жеткіншектің бейнесі біраз айшықталды. Біздің келесі
мақсатымыз – жеткіншектердің жалпы психологиялық сипатынан қарым-
қатынасының ерекшеліктерін анықтау болып табылады.
ХХ ғасырдың ортасында дүниенiң әр түкпiрiнде қарым-қатынас мәселесiне
арналған зерттеулер шамамен бiр уақытта пайда болып, тарала бастады. Мұндай
зерттеулердiң iшiнде жеткіншектердің қарым-қатынас саласына қатысты
еңбектер ерекше орын алады. Ғылымда жеткіншек кезеңдегі психиканың
дамуындағы қарым-қатынас аса маңызды шарт ретiнде тағайындалған.
Қарым-қатынас – адамдардың өзара әрекеттестiк және өзара қатынас
жасауының ерекше формасы.
Қарым-қатынас компоненттерiнiң дамуы, өзгерiсi нәтижесiнде интегралды,
тұтас құрылым пайда болады. Ол коммуникациялық iс-әрекеттiң даму деңгейiн
анықтайды. А.В. Запорожец, М.И. Лисина [162] бұл ерекше құрылымдарды қарым-
қатынас онтогенезiнiң сатылары, қарым-қатынас формалары деп атаған.
Бiздiң зерттеу осы тұжырымдарға сүйенеді.
Б.Д. Ломов жеткіншектер қарым-қатынасының алты түрлерін көрсетеді:
1) Маска қатынасы – формальді қарым-қатынас, онда
әңгімелесушінің жеке даралық ерекшеліктері ескерілмейді,
яғни бастапқы маска қолданылады (кішіпейілділік,
салмақтылық, қатысушылық және тағы басқа). Әңгімелесушіге
деген шын қатынасын, әмоциясын көрсетпей, жесттер, мимика
қолданылады.
2) Жабайы қарым-қатынас – басқа адамды керекті және бөгет
жасайтын объект ретінде бағалау – егер әңгімелесуші адам
керек болса, қарым-қатынасқа белсенді түрде түседі, ал егер
бөгет жасаса, агрессивті, ұнамсыз қылықтармен жауап береді.
3) Формальді-рольдік қарым-қатынас. Қарым-қатынастың тәсілі мен
мазмұны алдын-ала белгіленіп қойған, және де әңгімелесуші
туралы пікір оның әлеуметтік орнына қарай анықталады.
4) Іскерлік қарым-қатынас – онда әңгімелесушінің мінезі, жеке
өзіне тән ерекшеліктері, жасы, оның көңіл күйі ескеріледі,
бірақ іс мәнді болып қала береді.
5) Рухани, жеке адам аралық достық қарым-қатынас – мұнда кез-
келген тақырыпта әңгімелесуге болады және тек сөзбен емес,
бір-бірін бет әлпеті, қозғалысы, интонациясы арқылы түсіне
алады. Мұндай қарым-қатынас қарым-қатынасқа түсушілердің бір-
бірінің көзқарасын, қызығушылығын жақсы білгенінде ғана
жүзеге асады.
6) Манипулятивті қарым-қатынас – әр түрлі әдіс-тәсілдер қолдану
арқылы әңгімелесушіден пайда табуға бағытталған қарым-
қатынас түрі [48].
Сонымен, жеткіншектік кезең – жыныстық жетілудің және психологиялық
есеюдің қиын-қыстау шағы. Өзіндік сана-сезім аясында елеулі өзгерістер
байқалады: өзін ересек сезінеді, ересектер қылықтарын жасайды; бұл
жеткіншектердің негізгі ерекшелігі. Ересекке айналмаса да, өзін ересек етіп
көрсету тілегі артады. өзінің жаңа құқықтарын қорғай келе, жеткіншектер
өмірінің көптеген аймақтарын қақтығыстарға түсе отырып, ата-ана бақылауынан
сақтайды. Жеткіншектерге қатарластарымен қарым-қатынасқа түсу
қажеттілігінің артуы тән. Бұл кезеңдегі жетекші әрекет – интимді-тұлғалық
қарым-қатынас болып табылады. Жеткіншектік достық және ресми емес топтарға
бірігу, бірін-бірі алмастырып отыратын, айшықталған қызығушылықтары
туындайды.

1.2 Балалар үйі тәрбиеленушілерінің жеке тұлғалық ерекшеліктері

Тұлғалық даму нәрестелік кезеңнен қартайған шаққа дейін созылады, яғни
өмір бойы тұлға даму барысында болады. Сондықтан, зерттеушілер адам
өмірінің дамуы мен жетілуін кезеңдерге бөліп қарастыруды ұсынады. Мәселен,
З. Фрейд [95] тұлғаның қалыптасуын адамның психосексуалды даму кезеңдерінің
ретімен түсіндіреді. Ал Э. Эриксон [80] тұжырымдамасында дамудың сегіз
деңгейі сипатталады. Аталған авторларға қарама-қайшы келе отырып, бірқатар
теоретик-ғалымдар даму мәселесін түсінудегі ата-ана мен бала қарым-
қатынасының мәнін ерекше атады. Олардың бірі – К. Роджерс, ол тұлғаның
қалыптасу кезеңіндегі ата-аналық ұстанымдар мен мінез-құлық жүріс-тұрыс
үлгісі негізінде, таным мен эмоциялық қатынастар аясында индивидиумның Мен-
тұжырымдамасының қалыптасуына ерекше мән берген.
Тұлға дамуы көптеген ішкі және сыртқы себептермен анықталады. Ішкі
себептерге әрбір отбасылық ортаға тән болатын индивидиумның белгілі
мәдениеті, әлеуметтік-экономикалық сатысы жатады. Екінші жағынан ішкі
себептер генетикалық, биологиялық және физиологиялық жайттармен
түсіндіріледі. Отбасылық орта да адам дамуында елеулі рөлге ие. Әсіресе,
ата-аналық мінез-құлық жүріс-тұрыс, мақсат пен бағдар түрлері баланың бүкіл
өміріне жалғасатын еліктеу моделі болып табылады.
Отбасында балалар табиғи түрде өмірге бейімделеді. Сондықтан баланың
болашағына ата-аналар жауапты. Алайда, барлық ата-аналар дерлік балаларына
қатысты нені қалай істеу қажеттігін анық біле бермейді. Біреулері баласының
психикалық ерекшелігін біліп, баланың күйзелістеріне түсінушілікпен қарап,
қылықтары мен әрекеттерін таныса, енді біреулері өзінің өмірлік мәселелерін
алдыңғы орынға қоя отырып, баласының ер жеткенін байқамай қалады, тағы бірі
қатаң ережелер мен отбасылық заңдылықтарды қадағалап, баласын
өзбеттілігінен айырады т.б.
Отбасында бала қалай өмір сүруге боларын, шын мәніндегі өмір ағымын,
адамдардың шынайы қатынастарын, оларды бағалауды, көз-қарасын білдіруді
үйренеді. Баланың тұлғалық қалыптасуында шешуші орын алатыны – осы шын
мәніндегі құбылыстар. Осыған сәйкес В.В. Давыдов тұлғаны зерттеуге арнаған
еңбегінде: ... қалыптасқан тұлғаның шешімін дамудың бастапқы
кезеңдерінен, яғни балалық шақтан іздеу керек,- деген [76].
Отбасылық тәрбиенің ерекшелігі ата-ана мен бала арасындағы ата-аналық
сезімнен бастау алатын эмоциялық толыққан қатыныста. Психологтер мен
педагогтердің пікірінше, махаббат, сенім, екіжақты қызығушылыққа
негізделген жақын ересек адамы мен бала арасындағы қарым-қатынас отбасылық
тәрбиені анықтайды.
А.С. Макаренко (1954), В.А. Сухомлинский (1973), А.А. Аркин (1957)
сынды әйгілі педагогтер тұлға қалыптасуының табиғи негізі ретінде отбасылық
тәрбиені қарастырған. Отбасылық тәрбие беру дәстүрі ғасырлар бойы жалғасып
келеді. Ол халықтың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін, отбасы ішіндегі
қатынастарды сипаттайды. Бала тәрбиелеу ережелері ұрпақтан-ұрпаққа уақыт
ағымына сәйкес жасампазданып, жалғасып отырған.
Қоғам өзгерісіне сәйкес жеке тұлғаны тәрбиелеу стильдерінің өзгеріп
отырғандығы белгілі. Белгілі ағылшын психологы Ллойд Де Моз, еуропалық
қоғам тарихының деректерін талдай келе, тұлғаны тәрбиелеу стильдерінің
өзгеру ретін көрсеткен [164]:
1. Бала өлтіру стилі (антикалық кезеңнен б.э.д. ІV ғ. дейін).
Бұл кезеңде баласын тәрбиелеу не асырау қиындығы туса, оны
өлімге тігу заңды құбылыстардың бірі болған. Л.Де Моз ата-
анасы балаларына емес, балалары ата-аналарына дастархан
басында күту, үй шаруасымен айналысу, бауыр-сіңілілерін бағу
сияқты қызмет көрсеткенін атап көрсетеді.
2. Тастанды стиль (б.э.д. ІV-ХІІ ғ.). Бала тәрбиесіндегі
эмоциялық салқындық, қатаң жаза, ұрып-соғу дұрыс есептеліп,
баласын асыраушыға, шіркеуге, басқа отбасына тәрбиеге беру
кеңінен етек алған кезең.
3. Қосарлас стиль (ХІV-ХVІІ ғ.). Л.Де Моз бұл кезеңнің
қатаңдықтан біраз арылуын өнердегі қамқоршы Мария қыз
бейнесінің пайда болуымен байланыстырады. Мұнда әлі де сәби
қарсылас ретінде бағаланып, оны қатыгездік арқылы тәрбиелеу
жалғасқан. Сол кездегі философтардың өзі баланы саз балшық,
пластилинмен салыстырып, баладан қоғамға қажетті бейне жасау
керектігін айтқан.
4. Байланыстырушы стиль (ХVІІІ ғ.). Бұл ата-аналарының
балаларына деген қатынасының күрт өзгерген кезеңі. Баласын өз
анасы бағады, жүйелі жазалау сөз арқылы әсер етуге алмасты,
қорқытулар азайды. Ата-аналар балаларымен жақындасу арқылы
ақыл-ойын, ішкі жай-күйін, қажеттіліктерін, ерік-күшін
басқаруға тырысты.
5. Әлеуметтендіруші стиль (ХІХ-ХХ ғ. ортасы). Бұл кезеңде ата-
аналар балаларын дұрыс жолды таңдауына жаттықтырды. Баланы
әлеуметтендірді, жағдайға қатысты бейімделе білуге үйретті.
Әлеуметтендіруші стиль фрейдтік импульстер канализациясынан
скинерлік бихевиоризмге дейін, кеңестік педагогика
(А.С.Макаренко т.б.) және көптеген осы күнгі психолого-
педагогикалық концепцияларға негіз болды. Қазіргі кезде бұл
стиль психологиялық тренингтерден орын алады.
6. Көмектесуші стиль (ХХ ғ. ортасынан басталады). Бұл стиль ата-
ана мен бала арасындағы тығыз эмоциялық байланысқа
негізделген. Л.Де Моз баланың жеке дара қажеттіліктерін
түсіну және қанағаттандыруында екі ата-анасының біркелкі
араласу қажеттілігін атап айтады. Мұнда табиғат баланы
дамушы, күнәсіз пенде деп бағалайды [Кули Ч.Х. Человеческая
природа и социальный порядок.- М., 2000.- с.14-90].
Бұл еуропалық қоғам сипаты болса, Орта Азияда бала тәрбиесі өзіндік
салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа сүйене ерекше даму жолын өткен. Оны халық ауыз
әдебиеті, көркем әдебиет туындыларынын, ата-аналарымыздың, ата-
әжелеріміздің басынан өткерген тәжірибесінен байқауға болады. Қазақ халқы
ұлын – ұрпақ жалғастырушы, атымды шығарушы деп, ал қызын – өрісім, әке
үйіндегі қыздың орны төрде деп ежелден алақанына салған. Бұдан ұлы балалық
шағынан өзін еркін сезініп, бағасын арттырған, қартайған ата-анасына
жауапкершілік танытқан, ал қыз инабатты, нәзік, ерке өскен. Кез-келген
адамның балалық шағы ересектер, өз қатарластары, кіші балалар арасында
өтеді. Баланың өмірлік белсенділігіне ересектердің сонау кезден сақталған
салт-дәстүрлік және қоғамдық тәрбие мақсатындағы тыйымдардың алатын орны
зор. Баланың өз сезімдері мен қалауларын еркі арқылы тежей алуы оның тұлға
ретінде қалыптасуының куәсі, тыйымдардың арқасында үлкенді құрметтеу,
кішіні сыйлау, еліне қамқоршы болу тәрізді қасиеттерді бойына сіңіре алуы
көзге көрінбейтін ішкі қасиеттеріне, өмірге талпынысына әсер етеді. Бүгінгі
таңда аса өзектенген тастандылар, жетімдер мәселесін сонау заман тарихынан
сирек кезіктіресің. Ол мәселелердің шешімін елі бір, руы бір адамдардың
бірін-бірі бауырым деп атап, арасы жеті ата араламай жақын туысы деп
білуінен, екі жастың ата-аналарының құдалығымыз мың жылдық деп серт
берісулерінен, жігіттің үш жұрты бар, өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты
сияқты нақыл сөздерінен көреміз.
Сонымен, тұлға дамуының басты жағдайы – баланың ата-анасымен, туған-
туыстарымен, қатарластарымен қарым-қатынасқа түсуінде. Сондықтан балалар
үйі тәрбиеленушілерінің жеке тұлғалық дамуы жайлы сөз қозғағанда балалардың
бұл мекемеге тап болу жағдайын, балалар үйіне келуіне дейінгі отбасында
өмір сүру тәжірибесін ескере отырып талдау қажет. Себебі, олардың
психикалық дамуы бір-біріне ұқсамайтынын, өзіндік ерекшеліктерге толы
боларын атап өткен жөн болар.
Жетім балалар – бұл - қаза болуы салдарынан ата-аналарынан айрылған
балалар. Мұндай балалардың психикалық дамуы, әлбетте, осы қатерлі жағдайға
баланың қандай жас кезеңінде ұшырағандығымен анықталады. Бала ата-ана
қамқорлығынан неғұрлым ерте айрылса, соғұрлым оның тұлғалық дамуында
жетімдік терең орын алады.
Балалар үйінде қызмет атқарушы және тәрбиеленушілердің психологиялық
дамуында жетекші орын алатын тұлғалар ретінде танылатын педагогтер түрліше
тәрбиелеу стильдерін ұстанады. Ал тәрбиешінің қарым-қатынас стилі үнемі
балалардың даралық ерекшеліктерімен сәйкестене бермейді. Кейбір тәрбиешілер
балалардың әрбір әрекетінен қатаң регламентті талап етеді, әрбір басқан
қадамдарын қадағалап отырады, балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің өмірін
тыйымдар мен ескертулер негізінде құрады, жеке-дара ерекшеліктерді ескере
отырып бастама тудырудың орнына кез-келген әрекеттегі жауапкершілікті өз
мойынына алады. Тәрбиеленуші үздіксіз басқа бір адам еркінің қысымын
сезінгендіктен (тіпті тамаққа қатысты да), индивидуалды қатынастан ұжымдық
қарым-қатынас түрінің басым болғандығынан, бала енжар және әрекетсіз
болады.
Осының барлығын ескере келе, балалар үйлерінде тәрбиеленуші
жеткіншектердің қарым-қатынасындағы ерекшеліктерді сипаттауды келесі
бөліміміздің міндеті ретінде тағайындадық.

1.3 Балалар үйінде тәрбиеленуші жеткіншектердің қарым-қатынас сипаттамасы

Біздің зерттеу жұмысымыз екі үлкен психологиялық мәселенің қарым-
қатынас өрісіне тигізер әсерін қарастыруымен өзекті. Оның біріншісі –
жеткіншектік кезең дағдарысы. Жеткіншектік кезең жас ерекшелік
психологиядағы ең күрделі шақ есебінде. Бұл кезең қоршаған адамдарымен
қарым-қатынасының ушығуымен, үстірт сезімдермен, ересектер нұсқаулары
негізінде өмір сүру машығымен, өзіндік таным аясының қайта құрылуымен, оқу
материалдарын қабылдаудағы қиындықтармен, тәртіп бұзушылық әрекеттермен
сипатталады. Жеткіншектердің әлеуметтік, психологиялық жағдайларындағы
өзгерістер олардың тұлғалық қалыптасуына елеулі ықпал етеді. Жеткіншектер
ересектермен қарым-қатынастан бас тартуы өз-өздерін қажетсіз сезінуге
әкеледі, нәтижесінде өз құны мен құндылықтарынан айырылады.
Екіншісі – жетімдік мәселесі. Жетімдік – бүгінгі күннің өзекті
мәселелерінің бірі. Бұл елімізде қамқорлық қажет ететін саны 48456 жететін
баланың болуымен байланысты, ол тұл жетімдер, ата-анасы құқығынан
айрылғандар, тастандылар (2009 жылғы деректер бойынша) [164]. Ата-ана
қамқорлығынан айрылған балалар мәселесінің күннен-күнге Қазақстан
Республикасында артып отырғанымен, бұл салада жүргізілген зерттеулер саны
кем де кем. Ата-ана қамқорлығынан тыс қалған бала дамуының әлеуметтік
жағдайының ерекшеліктерін түсіндіруде елеулі үлес қосқан кеңестік И.В.
Дубровина, В.С. Мухина, А.М. Прихожан, А.Г. Рузская, Н.Н. Толстых [12]
сынды ғалымдар олардың тұлғалық, мотивациялық, эмоциялық, танымдық
аясындағы өзгешеліктерді атап, оның себебін ересектермен қарым-қатынас
жасау тапшылығы деп тұжырымдаған.
Сонымен, балалар үйлерінде тәрбиеленуші жеткіншектердің психологиялық
ахуалынын олардың қарым-қатынасына қатысы жайлы біздің алғашқы болжамымыз
орынды сияқты. Ендеше, бұл бөлімде балалар үйінде тәрбиеленуші
жеткіншектердің қарым-қатынасының сипаттамасын айқындауымыз қажет.
В.С. Мухина [160] мектеп-интернаттарда тәрбиеленетін жеткіншектерде
отбасында тәрбиеленетін балаларда кездеспейтін бірқатар мәселелердің
болатынын айтады. Оның пікірінше, ол:
1) қатарластары тобына бейімделу қажеттігі, ал бұл балалардың
эмоционалды ширығуын, мазасыздығын, агрессиясын тудырады;
2) жеткіліксіз жағымды эмоция, махаббат, қалыпты адами қарым-
қатынастың деформацияланған компенсациясы;
3) өзіндік сананың қалыптасуы үшін аса қажет болатын жекелену
мүмкіндігінің болмауы;
4) үнемділік және жауапкершілік болмайтын асырандылық позициясының
қалыптасуы;
5) Біз сезімінің пайда болуы, адамдарды бөтендер және
өзіміздікі деп бөлуі топтық өзімшілдік тудырады, бұдан олар
бөтендерге алғашында селқостық, кейіннен агрессивтілік танытады,
өз мақсаттарына жету тәсілі ретінде пайдаланады.
В.С. Мухина, сонымен қатар, интернат типті жағдайда тәрбиеленетін
жеткіншектердің қарым-қатынас жасай алмайтындығын атайды. Олардың
қатынастары үстірт, неврозды және асығыс, бұл балалардың өзіне назар
аударылуын талап етуі агрессияға не енжар жатсынуға алмасатынын атайды.
Өзін жақсы көргенді, өзіне көңіл бөлінуді қалайтынын, бірақ осы
қажеттілігіне сәйкес өз қылықтарын реттей алмайтынын, қарым-қатынасқа түсу
тәжірибесінің дұрыс қалыптаспауы баланың өзгелер алдында негативті
позицияға ие болуына әкелетінін дәйектеген [32].
Жеткіншектер екі жазықтықта, яғни ересектермен және өз қатарластарымен
қарым-қатынас жазықтығында өмір сүреді. Өз қатарластарымен қарым-қатынас
әлемі бір ұрпақтан екіншісіне дәстүр болып жалғасатын, мінез-құлық, жүріс-
тұрыс нормалары, құндылықтарының жиынтығы, құрылымы. Жүргізілген
эксперименттер нәтижесіне сүйенсек, балалар мінез-құлық, жүріс-тұрыс, қарым-
қатынас түрлерін ересектерден емес, көбінесе өз қатарластарынан тез
үйренеді. Әсіресе, сыни жағдайларда қатарластарының әсері өте күшті болады.
Я.Л. Коломинский жетім балалардың өзіне серіктес таңдауына қатысты
былай деп жазады: көбінесе мектеп-интернатының оқушылары белгілі бір
сыныптасын таңдағысы келмеуінде оның ұқыпсыздығын, салақтығын, эстетикалық
емес машықтарының болуын негізге алады. Себебі, балалардың мектеп-интернаты
жағдайындағы бірлескен өмір әрекеттерінде аталған қасиеттер жағымсыз болып
есептеледі [166]. Алайда жеткіншектер ортасында сенімділік, бірлік,
шыншылдық жоғары бағаланып, сатқындық, сөзіне тұрмаушылық, эгоизм, сараңдық
қабылданбайтындығы В.С. Мухина, И.С. Кон, И.В. Дубровина т.б. еңбектерінде
сипатталған. Олай болса, балалар үйінде тәрбиеленуші жеткіншектердің
қатарластарымен қарым-қатынасы тұлғалық даму аясында әлеуметтік ережелерге
негізделеді.
ХХ ғасырдың басында Я. Корчак [165] балалар үйінде тәрбиеленушінің
оқшауланғысы келгенде, өзін ыңғайсыз сезінгенде, көңіл-күйі болмағанда
немесе жай ғана шудан жалыққанда оңашалана алатын, жалғыз қалу мүмкіндігі
болатын жағдай жасау қажеттілігі мәселесін көтерген. Дәл осы мәселені 80
жылдардың соңында балалар үйі мен мектеп-интернаттары туралы айта келе В.С.
Мухина да қозғайды [32]. Әйтсе де, жетім балалардың үздіксіз ұжымдық,
бірлескен өмір сүру әрекетінің күрделі нәтижеге әкелуі ықтималдылығы
бірқатар зерттеушілерді алаңдатқанымен, мемлекеттік мекемелер жағдайында
шешімін таппаған мәселелердің бірі.
Өзінің диссертациялық зерттеуінде Н.В. Репина [63] балалар үйінде
тәрбиеленуші кіші мектеп жасындағы балалардың қатарластарымен өзара қарым-
қатыныс жасау жүйесі отбасында тәрбиеленетін балаларға қарағанда сәтсіз
жағдайда екендігін көрсетеді.
Й. Кох отбасында тәрбиеленуші балалардың 90 пайызы қалыпты дамуға қол
жеткізсе, балалар үйінде тәрбиеленушілердің 12 пайызынан ғана қалыпты
дамуды байқауға болатындығын анықтаған. Олардың арасындағы айырмашылық
тілінің және әлеуметтік қатынастарының қалыптасуынан байқалады, себебі
үйдегі балалар сергек кезеңінің басым бөлігінде жақын адамдарымен
қатынасады, ойнайды, ал жетімдер үшін бұл қолжетерлік емес . Жеткіншектер
ересектердің талаптарына, ережелеріне қарсылық білдіріп, өзбеттілікке
ұмтылғанымен, ересектердің қолдауын қажетсінеді, жақын ересектерінің дос
ретінде қабылдануын қажетсінеді. Ал балалар үйі жағдайындағы жеткіншектер
үшін жақын ересектері тәрбиешілері, әдіскерлер, мекеме әкімшілігі,
мұғалімдер және осы аталған адамдарға олардың қарсылығы бағытталады. Алайда
олардың ауыспалылығы сенімді достық қатынастың орнығуына кедергі келтіреді,
сәйкесінше, балалар үйіндегі жеткіншектердің қалыпты психологиялық,
әлеуметтік дамуы бұрмаланады.
Отбасылық тәрбиеге қатысты өзінің диссертациялық зерттеу жұмысында В.В.
Трифанов баланың қоршаған әлеммен, адамдармен алғашқы танысуы, адамгершілік
қасиеттерінің қалыптасуы отбасы аясында өтетінін атайды және ... отбасында
тұлғаның жан-жақты әрі үйлесімді даму процессі жүреді деп жазады.
2 БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ТӘРБИЕЛЕНУШІ ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНДАҒЫ
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН ЭКСПЕРИМЕНТТІК ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ

2.1 Балалар үйінде тәрбиеленуші жеткіншектердің қарым-қатынасын зерттеу
әдістері мен шарттары

Бұл бөлімде балалар үйінде тәрбиеленуші жеткіншектердің қарым-қатынасын
эксперименттік зерттеу нәтижелері сипатталады. Зерттеу жұмысының нәтижелері
баланың психологиялық ахуалына қатысты тұлғалық даму динамикасын анықтаумен
қоса, әр түрлі әлеуметтік ортада өмір сүріп отырған жеткіншектердің
тұлғалық дамуындағы айырмашылықтарды көруге мүмкіндік береді.
2009 жылдың 1 қаңтарындағы ресми деректер бойынша республикадағы
мемлекеттік және отбасылық типтегі балалар үйі, мектеп-интернаттар, балалар
ауылы желісінің саны 159. Ал 2001 жылдан бері қамқорсыз балаларға арналған
үйлер саны 40-қа артқан. [167].
Зерттеу жұмысы айқындаушы және дамытушы эксперименттерден құрылды.
Айқындаушы эксперимент мына төмендегі міндеттерге қол жеткізуді көздеді:
– эксперименттік және бақылау топтарын айқындау;
– балар үйінде тәрбиеленуші жеткіншектердің қарым-қатынасын
психологиялық диагностау әдістемелерін тағайындау;
– түрліше құрылымдағы жетім балаларды тәрбиелеу мекемелеріндегі
жеткіншектердің қарым-қатынас ерекшеліктерін анықтау;
– балалар үйінде тәрбиеленуші жеткіншектер мен отбасында тәрбиеленуші
жеткіншектердің қарым-қатынасына салыстырмалы талдау жасау;
– эмпирикалық нәтижелер негізінде жетім жеткіншектердің қарым-қатынасын
дамыту мүмкіндіктерін қарастыру.
Елiмiзде қорғансыз қалған балаларды тәрбиелейтін мемлекеттiк мекемелер
балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше түрге бөлiнедi:
– бөбектер үйi – нәрестелік шақтан 3 жасқа дейінгі аралықтағы
балаларды тәрбиелеу мекемесі;
– мектепке дейiнгi балалар үйi – 3 жастан 8 жас аралығындағы
балаларға қамқорлық жасаушы мекеме;
– балалар үйі – қамқоршысыз қалған балаларды тәрбиелеуге арнаулы
мекеме;
– мектеп-интернаттары – ата-анасы немесе қамқоршысының
араласуынсыз балаларды оқыту және тәрбиелеу мекемесі;
– жеткіншектер үйінде – орта мектепті бітірген жетім балалар
баспанасы. Онда жетім балалар 18 жасына дейiн болып, арнаулы
мамандықтарды иелене алады;
– балалар ауылы – отбасылық өмір жағдайына жақындастырылған
қамқорсыз балаларды тәрбиелеу орыны.
Зерттеу жұмысы балалар үйінің жеткіншектік кезеңіндегі
тәрбиеленушілерінің қарым-қатынас ерекшеліктерін анықтау және дамыту
болғандықтан, аталған балаларды тәрбиелеу мекемелерінің ішінде балалар
үйі тәрбиеленушілері және алынған нәтижелердің сенімділігін артыру
мақсатында әлеуметтік жағдайлары отбасылық ортаға жақындастырыла
ұйымдастырылған балалар ауылындағы жеткіншектер зерттелінді.
Балалар ауылы – жаңа құрылымды балалар үйі. 1996 жылы 21 мамырда
Ресейдің Томилино поселкесінде SOS атаулы балалар ауылы түріндегі жетім
балаларға қамқорлық жасау мекемесі ашылды. Жетім балаларды және ата-
анасының қарауынсыз қалған балаларды тәрбиелеу австриялық педагог Герман
Гмайнердің теориялық және практикалық тәжірибиесіне негізделген. Бұл
тәжірибие бүгінгі күні әлемнің 124 еліне тарағандығын Е.С. Брускова (1993)
сипаттайды [59].
SOS Қазақстанда балалар ауылы атауын иеленді, ол оншақты коттедж-
үйден тұратын шағын ауыл. Олардың әрқайсысында бір отбасы өмір сүреді.
Отбасының мүшелері, ол: ана – тәрбиеші және әр жастағы 6-8 бала. Отбасына
топтастырылған балалар ата-анасының қамқорынсыз қалғандар және бұл
балалардан ата-аналары туралы мәліметтер жасырылмай, ашық айтылады. Балалар
аулында тәрбиеленушілер 16-17 жасқа дейін өмір сүреді. Балалар аулында жеке
үйде аналарының көмекшісі тұрады, балалар оны тәтеміз деп жақсы таниды.
Олар анасы демалған кезде, ауырып қалған жағдайларда аналардың орынын
алмастырады. Ауыл жұмысын директор басқарады. Директорлық міндетпен қатар,
ол бүкіл ауылдағы балалардың әкесі ретінде танылады. Ауылда басқа да ер
адамдар бар (бұл өте маңызды): педагог, шеберханашы, жүргізуші, күзет
қызметкерлері. Балалар аулындағы ең маңызды мамандардың бірі - психолог, ол
балалар, аналар үшін де басқа қызметкерлер үшін де аса қажет маман.
Балалар аулындағы ең басты да маңызды мәселе – ана таңдау, олардың
даярлығы болып табылады, бұл да мекеме директоры мен психологтің
құзырындағы шаруа [6]. SOS балалар аулы әлдеқашан ұйымдастырылып, қызмет
етіп келе жатқан елдерде (Австрия, Германия, Польша т.б.) ана болып
қызмет атқару үшін алдымен ана көмекшісі қызметінде даярлық қызмет
атқаруы тиіс. Мұнда болашақ ана балалармен жұмыс істеуге үйреніп ана
болуға өзін-өзі даярлайды, өз қабілетін байқап көреді, психологиялық
тексеруден өтеді, тәжірбие жинақтайды [59]. Балалар тәрбиешілерін жұмысқа
қабылдаудың бұл тәсілі сол елдерде жетім балалармен жұмыс жасау
тәжірибесінің ауқымын көрсетеді. Біздің елімізде де қазіргі күні, жетім
және ата-аналарының қарауынсыз қалған балалар тәрбиешілерінің кәсіби
даярлығы көкейкесті мәселелердің бірі болып отырғандығы анық жай.
Қазақстандағы аса ауқымды қайырымдылық шараларының жетекшісі – Сара
Алпысқызы Назарбаеваның демеушілігімен, басшылығымен қызмет ететін Бөбек
қоры жұмыс жасайтындығы белгілі. Бөбек қоры Қазақстанның тәуелсіздігімен
қатарласа құрылған, ендеше биыл – 19 жыл болғаны. Осы 19 жылдық
тәжірибесінде қайырымдылық қоры өте көптеген игі жұмыстар атқарып келе
жатыр. Бөбек қоры жұмысының басты бағыттарының бірі – қорғансыз қалған,
әсіресе, жетім балаларға қолдау көрсету, мүмкіндігінше өз отбасында
тәрбиеленетін қатарластарынан қалыс қалмайтындай, толыққанды психологиялық
дамуына жағдайдар тудыру. Елімізде ата-ана қамқорлығынан айрылған балаларды
тәрбиелеу мекемесі ретінде жұмысы реттелген, қалыптасқан, дәстүрлі
балалар үйлерімен қатар, жетімдердің өмір сүріп, даму жағдайын отбасында
өмір сүретін қатарластарына жақындастыру мақсатында SOS түріндегі балалар
ауылдарының ашылуы да аталған қайырымдылық қорының үлкен жетістіктерінің
бірі.
Эксперимент барысына сәйкес, зерттеуге қатысқан эксперименттік және
бақылау топтарының сипатына тоқталайық.
Зерттеуге 11 жастан 14-ке дейінгі 208 бала қатысты, олардың 87 ер бала
және 121 қыз балалар. Зерттелінушілер эксперименттік және бақылау топтарына
бөлінді. Эксперименттік топ ретінде 105 бала тағайындалды, олар: Шығыс
Қазақстан облысы, Өскемен қаласындағы Үміт балалар үйінен 80 бала және
Өскемен қаласындағы Ахмер балалар аулының 25 тәрбиеленушісі.
Өскемен қаласында орналасқан Үміт балалар үйі С.А. Назарбаеваның
бастамасымен 1996 жылы Үміт баланы дамыту үйі негізінде құрылған. Қазіргі
кезде балалар үйінде 270 тәрбиеленуші, олардың ішіндегі 10 бала мектепке
дейінгі жаста болса, қалғандары 1-11 сынып оқушылары. Балалар №42 қалалық
орта мектепте оқытылады.
ШҚО, Өскемен қаласындағы Ахмер балалар ауылы 2001 жылы құрылған,
бүгінгі күні онда 3-15 жас аралығындағы 75 бала тәрбиеленуде. Олар балалар
аулында орналасқан 11 коттежде тұрады, Меновное орта мектебінде оқытылады.

Төменде берілген 2.1 кестесінде эксперименттік топ мүшелерінің
балаларды тәрбиелеу мекемесінің құрылымына байланысты жіктелуі ұсынылған.

Кесте 2.1 - Эксперименттік топ мүшелерінің балаларды тәрбиелеу мекемесінің
құрылымына байланысты жіктелуі
Балалар саны
Топтар Барлығы Ер Қыз 11-12 13-14 жас
балалар балалар жас
Балалар үйі 80 33 47 28 52
тәрбиеленушілері (41%) (59%) (35%) (65%)
Балалар ауылы 25 10 15 12 13
тәрбиеленушілері (40%) (60%) (50%) (50%))

2.1 кестесінде берілген мәліметтерден эксперименттік топ мүшелерінің
балаларды тәрбиелеу мекемесінің түріне қатысты топтастырылғандығын көреміз.

Бақылау тобын өз отбасыларында тәрбие алатын, Өскемен қаласындағы № 20
қазақ орта мектебі және № 42 орта мектептерінің 11-14 жас аралығындағы 6-8
сынып оқушылары құрады, 103 бала зерттелінді. 2.2 кестесінде зерттеуге
қатысқан бақылау тобы сипатталған. Зерттеу барысында бұл екі мектеп
оқушылары бір топты құрып, толық отбасында тәрбиеленушілер деп аталады.
Бақылау тобына жеткіншектерді іріктеуде олардың өмірбаянына талдау
жасалды. Мұнда отбасының толық болуы, яғни туған әке-шешесінің ортасында
тәрбие алуы, дамуы; отбасының әлеуметтік деңгейі, мұнда жұмысшы және зиялы
отбасында тәрбиеленушілер таңдалды, алайда, эксперимент нәтижелерінің
сенімділігін сақтау мақсатында ата–аналарының бірі жоғары лауазымды,
жұмыссыз не ішімдікке салынған болса, жеткіншек бақылау тобының мүшесі
ретінде қарастырылмады.

Кесте 2.2 - Бақылау тобы зеттелінушілерінің білім алу ортасына қатысты
жіктелуі
Балалар саны
Топтар Барлығы Ер Қыз 11-12 13-14 жас
балалар балалар жас
№ 20 қазақ орта мектебі50 20 30 20 30
оқушылары (40%) (60%) (40%) (60%)
№ 42 мектебі ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тұлға әлеуметтенуі
Жеткіншектер қарым-қатынасы: балалар үйі жағдайында
Оқытушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынас
Мұғалім және оның педагогикалық процесті ұйымдастырудағы рөлі
Жасөспірімдерге өзін-өзі дамытып, бағалай білу қағидаларын меңгерту
Сабақ - оқыту мен тәрбиелеу үрдісінің негізгі формасы
Көркем еңбек сабағында жобалау әдісін қолдану
Жасөспірімдік кезең және одан өту жолдары
Жеткіншек психикасының дамуының өзіндік сипаты
Жеткіншек психикасының өзіндік дамуы
Пәндер