Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, тарих ғылымдарының докторы


Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 54 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 903:94(574) «652» Қолжазба құқығында

БАЙГУНАКОВ ДОСБОЛ СУЛЕЙМЕНОВИЧ

Ежелгі Қазақстан тарихының тарихнамасы

(палеолиттен ерте орта ғасырларға дейін)

07. 00. 09 - Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері

Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Шығыстық деректану, Шығыс халықтарының тарихы мен мәдениеті бөлімінде орындалды.

Ғылыми кеңесші:

Ресми оппоненттер:

Жетекші ұйым:

тарих ғылымдарының докторы,

профессор К. Л. Есмағамбетов

тарих ғылымдарының докторы,

профессор Т. Ә. Төлебаев

тарих ғылымдарының докторы,

профессор Р. Ж. Кадысова

тарих ғылымдарының докторы,

доцент Т. З. Қайыркен

Л. Н. Гумилев атындағы

Еуразиялық ұлттық университеті

Диссертация 2010 жылы 10 қыркүйекте сағат 14. 30-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жанындағы тарих ғылымының докторы дәрежесін беру жөніндегі Д 55. 40. 03 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29.

Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым Комитетінің Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми кітапханасында танысуға болады. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29.

Автореферат 2010 жылдың 30 шілдеде таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы Ә. Қ. Муминов

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс ежелгі Қазақстан тарихының тарихнамасына арналған. Археологиялық қазба материалдары мен жазба дереккөздері негізінде тас, палеометалл, ерте темір дәуірлеріндегі тарихи үрдістерді, оқиғалар мен құбылыстарды зерделеген еңбектерге тарихнамалық талдау жасалынған.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Кез келген өркениетті ел өз тарихының тамырын тереңнен іздестіреді. Тарихының бастауын ежелгі дәуірлерден тартқан мемлекет мызғымас саяси-идеологиялық сана қалыптастыра алатындықтан, онда ұлттық құндылықтар негізінде қоғамдық келісім және демократиялық өрлеу, нарық пен ғылым байланыстары дамиды. Сондықтан да ұлттың келешегі мен болашағы үшін өткенге бет бұру, одан сабақ алудың маңыздылығы ешқашан төмендеген емес.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қазақ халқының бұрын «ақтаңдақ» болып келген тарихы қайта жазылып, сан алуан мәселелер заман талабына сай өзінің ғылыми бағасын алуда. Әсіресе, Қазақстанның ортағасырлық, жаңа және қазіргі заман тарихында орын алған көптеген мәселелер қайтадан қарастырылып, жүздеген іргелі еңбектер жарияланды. Алайда жекелеген мәдени-тарихи кезеңдердің проблемасын көтерген археологиялық бағыттағы бірен-саран ізденістерді есептемегенде, әлі күнге дейін ежелгі Қазақстан тарихын арнайы толымды түрде қарастырған монографиялық зерттеулер тұрмақ, оқу құралдары, оқулықтар жоқтың қасы екендігі белгілі. Бұл өз кезегінде шетелдік тарихнамада, анықтамалық басылымдар мен көптомдық еңбектерде Қазақстанның көне дәуірі туралы тарих беттерінің толыққанды баяндалмай жатуына алып келуде. Мұндай олқылықтар орнын толықтыратын тарихнамалық бағыттағы ғылыми ізденістер екендігін ескерсек, онда осы зерттеу тақырыбының өзектілігі өздігінен-ақ байқалады.

Қазақстанның көне тарихынан орын алған сан қырлы да маңызды құбылыстар мен оқиғаларды, өзіндік өркениеттер мен мәдениеттер ара-қатынасын, олардың өзара байланысын білмеу республикамен іргелес жатқан көрші мемлекеттердің де (РФ, ҚХР, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, тіпті Моңғолия, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері) ілкі замандардағы тарихын танып-білудің мүмкіндігін шектейді. Себебі Еуразия төскейінде орналасқан Қазақстан аумағы арқылы ондаған ғасырлар бойы сауда жолдары жүрді, көптеген тайпалар мен халықтардың тарихи тағдыры тоғысты, республика аумағы әлденеше рет Ұлы қоныс аудару толқындарын бастан кешірді, миграциялық процестер мен әскери қақтығыстар алаңына айналды. Мұнымен қатар Қазақстан аумағынан ауа көшкен халықтардың біраз бөлігі көне дәуірлерде Еуразия саяси-экономикалық картасын өзгертіп те жібергендігі белгілі.

Соңғы жылдары Қазақстанның ежелгі тарихына кеңінен назар аударыла бастады. Жазба дереккөздері мен археологиялық материалдар негізінде көне қоғам өмірінде орын алған түрлі жайттарға, соның ішінде археологиялық мәдениеттердің қалыптасуы мен дамуына, шаруашылық қаракеттерге, діни көзқарастар жүйесіне, ежелгі өнер мен мәдениет жәдігерлеріне, антропологияға, қоғамдық құрылыс, мемлекеттілік пен билікке қатысты мол мағлұматтар жинақталды. Бұған «Мәдени мұра» атты Стратегиялық Ұлттық Жоба оң септігін тигізді. Бағдарлама аясында көне дәуірлердегі тарихи оқиғаларды баяндаған түрлі тілдердегі (қытай, парсы, грек, т. б. ) дереккөздері қайта басылып шықты, бірқатары қазақ тіліне аударылды, ғылыми айналымға жаңа деректемелер енгізілді. Әрбір мәдени-тарихи кезеңдердің негізгі археологиялық ескерткіштері жүйелі түрде зерттелінді. Атқарылған осындай игі шаралардың, соның негізінде жасалған ғылыми ізденістердің басым бөлігі жүйелі талдаудан өте қойған жоқ. Яғни ежелгі Қазақстан тарихының тарихнамасы толық қалыптасқанымен, бұл тақырып арнайы зерттеу нысанына айналған жоқ.

Жаңадан алынған материалдар мен олжалардың көптігіне қарамастан, көне дәуірлердегі түрлі тарихи кезеңдер мен құбылыстарды зерттеу әртүрлі деңгейде. Мұны деректемелік қордың әр алуандығымен де түсіндіруге болады. Осы кезеңдегі тарихи даму заңдылықтары археологиялық, палеоантропологиялық, этнологиялық, эпиграфикалық және жазбаша дереккөздері пайдаланғанымен, кейде барлығын бір ізге түсіріп, іргелі еңбек жазу жасала қоймаған. Сайып келгенде, Қазақстанның ежелгі тарихы бойынша дереккөздерінің басым бөлігін археологиялық мәліметтер құрайды. Кейінгі жылдары археологиялық далалық ізденістер барысында кең байтақ республика жерінен ілкі замандармен мерзімделінетін жүздеген тұрақтар, петроглифтер шоғыры, қоныстар, қорымдар, жекелеген обалар мен ғибадатхана орындары анықталған. Далалық қазба жұмыстарымен айналысқан археологиялық экспедициялардың негізгі нәтижелері мен қорытындыларын, деректанумен айналысқан ғалымдардың ой-пікірлерін ғылыми талдаудан өткізу, өзге мамандық иелері алған мағлұматтары саралаумен қатар, қазақтың көне тарихын көпе-көрнеу бұрмалаған еуроцентристік пиғылдағы зерттеушілердің еңбектері бар екендігін ұмытпаған жөн. Сол себепті ежелгі Қазақстан тарихына тарихнамалық талдау жасаудың қажеттілігі күн өткен сайын артып келеді.

Зерттеу тақырыбының өзектілігін бұрын осы тақырыпқа бірде-бір ғылыми ізденістің арналмағандығынан нақты көруге болады. Жекелеген ғалымдардың ізденістерінде белгілі бір өңірдегі немесе мәдени-тарихи кезеңдегі тарихи даму көтерілгенімен, мұндай зерттеу жұмыстарының барлығын тарихи тұтастықта біріктіріп, соны пайымдаулар мен тұжырымдамаларды саралау, алынған нәтижелер мен түйіні түйіткілді мәселелерді шешудің негізгі бағыттарын айқындау жүзеге аса қоймаған. Әлі күнге дейін ғылыми әдебиетте ежелгі Қазақстан тарихының мәселелеріне қалам тартқан отандық және шетелдік зерттеушілердің түрлі ұстанымдарын кешенді түрде қарастырған еңбектер жоқ.

Ежелгі Қазақстан тарихының тарихнамасы біртұтас қарастырылғанда барып ортағасырлық кезеңдегі тарихи заңдылықтар мен күрделі үрдістерді ашып көрсету аясы біршама жеңілдейді. Өйткені бұл уақытта орын алған саяси, әлеуметтік және экономикалық құбылыстар көп жағдайда алдыңғы дәуірмен жалғасып жатқандығы белгілі. Ал оларды дұрыс шешу үшін ежелгі замандардағы жайттарды қарастырған абзал.

Жалпы алғанда, ежелгі Қазақстан тарихының тарихнамасы ғылыми жағынан өте маңызды, бүгінгі күн талаптары жағынан өзекті тақырыптар қатарына жататындығы анық.

Ежелгі Қазақстан тарихының проблемаларын, олардың сипаты мен мазмұнын зерделеген ғалымдардың еңбектері зерттеу жұмысының нысаны болып саналады.

Зерттеу жұмысының пәніне патшалық Ресей тұсындағы, кеңестік дәуірдегі және тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан көне дәуірлері тарихындағы үрдістердің зерттелу деңгейін анықтауға, «ақтаңдақ» тұстарын айқындауға мүмкіндік беретін отандық және шетелдік әдебиетте айтылған ой-пікірлер, ғылыми ұстанымдар, пайымдаулар мен көзқарастар жатады.

Зерттеу жұмысының мақсаты - ежелгі Қазақстан тарихын зерделеген еңбектерге тарихнамалық талдау жүргізіп, алынған нәтижелері мен ғылыми жетістіктерін саралау болып табылады.

Осы мақсатқа жету үшін зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылды:

1) көне дәуірлерге қатысты теориялық, методологиялық мәселелерді қарастыру;

2) ежелгі Қазақстан тарихын зерттеуге өзіндік үлесін қосқан археологиялық экспедициялар тарихын бір ізге түсіру арқылы қорытындылары мен негізгі нәтижелерін айқындау;

3) жекелеген ғалымдардың белгілі бір мәселеге қатысты айтылған пайымдауларын, тұжырымдамаларын анықтау;

4) жазба дереккөздерінің шынайылық дәрежесін анықтай отырып қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты мәтіндер іздестіру;

5) «Мәдени мұра» Стратегиялық Ұлттық Жобасы бойынша зерттелініп жатқан археологиялық ескерткіштер мен жазба дереккөздеріне қатысты ізденістерді саралау;

6) көне дәуірлерге жататын археологиялық ескерткіштердің кезеңдестірілуіне, хронологиясына тарихнамалық талдау жүргізу;

7) әрбір мәдени-тарихи кезеңде тіршілік еткен халықтардың расалық типтерін анықтаған палеоантропологиялық ізденістердің негізгі тұжырымдарын бір ізге түсіру;

8) ілкі замандардағы діни сананы жүйелеп, наным-сенімдердің дамуына тарихнамалық шолу жасау;

9) ерте замандардағы қоғамдық құрылысқа, мемлекеттілік пен билікке қатысты айтылған ой-пікірлер аясын бағамдау арқылы осы мәселелердің отандық тарихнамада негізгі түйіні қандай дәрежеде екендігін көрсетіп беру;

10) ерте темір дәуіріндегі этнонимдерге тарихнамалық талдау жүргізу;

11) көне мемлекеттердің астаналарына және тайпалар мен халықтардың орналасқан аумағын қатысты айтылған көзқарастарды тарихнамалық тұрғыдан зерделеу.

Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негіздері. Диссертациялық жұмыстың теориялық негізіне зерттеу мақсаты мен міндеттерінен туындайтын, көтерілген мәселелерге оң бағдар беретін ғылыми бағыттағы көзқарастар алынды. Теорияда тарихты зерттеудің жалпы мәселелері шынайылық пен таным тарихы ретінде қарастырылатындығы, сондай-ақ тарихшының теориялық ұстанымы көп жағдайда оның таңдауына немесе дербес шығармашылық ізденісіне байланысты екендігі белгілі. Қазіргі таңда «методология» түсінігі тарихи танымның біртұтас теориялық негіздерін, оның теориялық сипаттағы проблематикасын да қамтитындығы айтыла бастады. Кезінде тарихи танымның дамуы оның методологиялық негіздерінің де дамуына жол ашқан еді. Бүгінгі күні белгілі болып отырған бір нәрсе - тарих ғылымында методологияның ешқандай да жалғыз нұсқасы жоқ, оның қалыпты жағдайының өзгеруіне байланысты, методологиялық ұстанымдары да өзгеріп отырады.

Диссертациялық жұмыста жан-жақтылық, нақтылық және объективтілік принциптері басшылыққа алынды. Алайда әрбір тарихи тақырыпқа қойылатын нақтылы талаптар бар екендігін ескерсек, онда зерттеу жұмысында көтерілген алуан түрлі тақырыптарға да белгілі бір ғылыми принциптер мен әдістердің таңдап алынуы заңды құбылыс ретінде қабылданды. Ең алдымен олардың арасынан тарихи таным құрылымында зор мәні бар тарихилық принципін атап кетуге болады. Ол тарихи танымның түпкілікті ерекшеліктерін айғақтайтын, қоғамдық ортада құбылыстың сипаты мен өзіндік өзгешелігі туралы түсініктерді түйіндейтіндіктен, диссертациялық ізденісте кеңінен қолданылды.

Жұмыста тарихи зерттеу әдістерінің молынан қолданылуын, тақырып күрделілігі мен оның хронологиясының ауқымдылығы айқындайды. Сипаттау әдісі негізінде азды-кемді археологиялық ескерткіштердің зерттелуі жеке авторлардың өмірбаяндық, дүниетанымдық материалдарымен ұштастырылып, бір жүйеге келтіру мақсатында ішінара қолданылып отырды. Ал, мүмкіндігі мен қолдану қажеттілігі таным нысанының сипатына тікелей қатысты болып келетін салыстырмалы-тарихи әдіс, танымдық шеңберінің ауқымдылығына байланысты, диссертациялық жұмысымызда кеңінен қолданылды. Оның аналогия жасау, зерттеу нысанының мәні мен мазмұнының сипатын анықтау, типология тәсілдері секілді сатылары да қамтылды. Жекелеген құбылыстар ғана емес, бүтін бір тарихи дәуірлерді зерттеуде ретроспективті әдістің маңызы зор болғандықтан бұл әдіс те назардан тыс қалған жоқ. Терминологиялық талдау әдісі темір дәуіріндегі этнонимдерге тарихнамалық талдау жүргізу барысында қолданылып отырды. Оның топонимикалық және антропонимикалық талдау секілді құрамдас бөліктері назарға алынды. Сондай-ақ тарихи құбылыстарға өлшем мен модельдеу әдісі де еске алынды.

Түйіндеп айтқанда, жұмыста тарихи зерттеудің кеңінен танылған ғылыми әдістері мен талдау тәсілдері, соның ішінде тарихилық, құрылымдық-функциялық талдау, салыстырмалы талдау, жүйелілік, т. б. басшылыққа алынды. Әсіресе, бұлардың арасынан жүйелілік зерттеудің методологиялық негізгі принциптерінің бірі ретінде қарастырылды, себебі бірнеше дәуірлерді қамтыған мәселелер (діни наным-сенім, антропология, қоғамдық құрылыс, т. б. ) көтерілген кезде осы принцип, сонымен қатар археологиялық ескерткіштердің зерттелуі мен жазба дереккөздерінің пайымдалуын сипаттауда, отандық ғылымның жетістіктері мен олқы тұстарын анықтауда тақырыптық-хронологиялық принциптер кеңінен қолданылды деуге болады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі мәдени-тарихи кезеңдердің зерттелуімен тікелей байланысты. Бастапқы кезде ежелгі Қазақстанның көне тарихы мен мәдениетін зерттеу патшалық Ресей тұсында басталды. Жекелеген ғалымдар мен орыс шенеуніктері, Орынбор мұрағаттық комиссиясы, Түркістан археология әуесқойлары үйірмесі, т. б. қоғамдық ғылыми-зерттеу бірлестіктерінің мүшелері ежелгі тарихқа азды-кемді ден қойды. Осы кездері жазба дереккөздері де қарастырылды. Одан кейін кеңестік дәуірде бұрынғы деректік қор одан сайын толыға түсті, іргелі археологиялық экспедициялар құрылды, антикалық дәуірдегі деректемелер жүйелі түрде қарастырыла бастады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін республика аумағында отандық зерттеушілермен бірге шетелдік әріптестер де ғылыми жұмыстармен айналыса бастады, халықаралық археологиялық экспедициялар жасақталып, сан алуан дереккөздері ғылыми айналымға енді. Нәтижесінде ежелгі Қазақстан тарихын тарихнамасын түзуге мол мүмкіндіктер ашылды.

Қазақстан тарихы палеолит дәуірінен басталады десек, онда мәселенің зерттелу тарихын да осы дәуір ғылыми мәселелерімен айналысқан мамандарға тиесілі іргелі еңбектерден бастаған дұрыс. Бұл жерде Х. А. Алпысбаев пен А. Г. Медоев сынды ғалымдарды ерекше атап кеткен жөн. Бұл ғалымдардың ізденістерінен қазақстандық палеолиттану негізі қаланған еді. Палеолит дәуіріндегі мәселелерді шешуге қомақты үлесін қосқан ғалымдардың бірі Ж. Қ. Таймағамбетов [1] болып табылады. Оның ізденістерінде палеолит дәуірінің зерттелуі, жекелеген ескерткіштердің материалдары, адамзат дамуының күрделі сауалдары қарастырылды. Сонымен қатар О. А. Артюхова еңбегінде мустье, Ж. Қ. Таймағамбетов пен Д. В. Ожерельев ғылыми ізденісінде кейінгі палеолит мәселелері арнайы көтерілді. Сондай-ақ М. Н. Клапчук, Б. Ж. Аубекеров, В. С. Волошин, М. Р. Касымов, Л. Б. Вишняцкий, т. б. мамандардың еңбектерінде республика аумағындағы палеолиттік ескерткіштердің бірқатар проблемалары қарастырылған болатын. Тас дәуіріндегі зерттеулерге тәуелсіздік жылдарында жаңа қарқын берген академик А. П. Деревянко бастаған ресейлік ғалымдардың (В. Т. Петрин, А. Н. Зенин, А. Г. Рыбалко, А. А. Цыбанков, т. б. ) еңбектері болып табылады. Қазба жұмыстарының барысында жүзден астам тас дәуірі ескерткіштері анықталған. Алынған материалдар нәтижесінде Қазақстанды адамзаттың қоныстануы, тас құралдар эволюциясы, палеоэкология, т. б. күрделі мәселелерді шешуде оң қадамдар жасалынды.

Мезолит пен неолит дәуірлері де ғалымдар тарапынан зерттелінді. Осы жерде С. С. Черников, Л. А. Чалая секілді одақтық экспедицияларды басқарып, республика шығыс және солтүстік өңірлерінде зерттеу жүргізген ғалымдардың еңбектері зор екендігін айта кеткен абзал. Алайда неолитке қарағанда мезолиттік ескерткіштерді зерттеу кемшін тартып жатыр. Мұны дәуірдің өзіндік ерекшеліктерімен түсіндіруге жөн. Осы мәдени-тарихи кезеңдердің көптеген нысандарына Қазақстандық ғалымдардан В. Ф. Зайберт, В. Н. Логвин, Ғ. Т. Бексеитов, Ғ. Т. Искаков, В. К. Мерц, т. б. зерттеу жүргізген. Бұл зерттеушілердің еңбектерінде белгілі бір аумақтардың тас дәуірі ескерткіштері қарастырылып, тарихи дамуы анықталды. Олардан басқа тас дәуірінің мәселелеріне бірқатар мамандар (А. Ю. Чиндин, А. Е. Астафьев, Е. В. Подзюбан, А. В. Логвин, т. б. ) жекелеген еңбектер арнаған. Басқа дәуірлерге қарағанда археологтар тарапынан тас дәуіріндегі ескерткіштердің зерттелу тарихы мен негізгі мәселелері толымды түрде зерделенген [2] .

Жоғарыда аталған мамандардың көпшілігі энеолит дәуірлерін де зерттеуге мол үлестерін қосқан, салихалы қорытындылар жасай білген. Мұны отандық археология тарихнамасында энеолит дәуірі тас дәуірі ескерткіштерімен бірге жиі қарастырылатындығымен де түсіндіруге болады. Энеолит те мезолит секілді археологиялық нысандары аз зерттелген дәуір болып табылады. Басқа өңірлерге қарағанда солтүстік аймақтардан энеолит ескерткіштері толымды түрде қарастырылып, бірқатар археологиялық мәдениеттері анықталған. Дәуір ескерткіштерінің өзіндік ерекшеліктерін В. Н. Логвин, С. С. Қалиева, сондай-ақ В. Ф. Зайберт [3] көрсетіп берген, мәдени дамуын айқындаған. Ал С. В. Захаров сынды зерттеуші энеолит дәуірі ескерткіштерінің зерттелу тарихын жүйелеп шыққан. Энеолит және одан басқа да тарихи дәуірлердің бірқатар мәселелері кейбір ғалымдардың (В. И. Заитов, В. К. Мосин, т. б. ) еңбектерінде де қарастырылған.

Қазақстанда кеңінен зерттелінген ірі мәдени-тарихи кезеңдердің бірі қола дәуірі болып табылады. Ұзақ жылдар бойы жүйелі зерттеулер нәтижесінде көптеген археологиялық мәдениеттер анықталып, ғылыми айналымға жүздеген қоныстар мен қорымдардың материалдары енген. Дәуірді зерттеу тарихын өткен ғасырдың алғашқы жартысында-ақ археологиялық экспедициялар жасақтап, ұзақ жылдар бойы жүйелі жұмыстар жүргізген С. С. Черников, А. Н. Бернштам секілді ғалымдардың еңбектерінен бастаса да болады. Осы уақыттарда зерттеу жұмыстарын жүргізген М. П. Грязнов, П. С. Рыков, М. Н. Комарова, К. В. Сальников, т. б. еңбектерінің ғылыми мәні зор екендігін атап кетуге болады. Аты аталған ғалымдардың ізденістері Қазақстан аумағы қола дәуірі мәдениеттері таралған ірі мәдени ошақ екендігі дәлелдеген еді.

Қола дәуірі ескерткіштерін зерттеумен екінші дүниежүзілік соғыстан соң отандық зерттеушілер де кеңінен айналыса бастады. Орталық Қазақстанда жүргізілген бірнеше жылдық археологиялық ізденістер кейіннен Ә. Х. Марғұлан, К. А. Ақышев, М. Қ. Қадырбаев, Ә. М. Оразбаев сынды ғалымдардың бірлескен іргелі жұмысында көрініс тапты [4] . Қола дәуірінің бірқатар проблемаларын Ә. Х. Марғұлан [5], К. А. Ақышев, Ә. М. Оразбаев, т. б. өз еңбектерінде қамтып өтіп, мәдени даму аясын белгілеп берді. Қазақстандық және одақтас республикалардың ғалымдары (С. П. Толстов, Е. И. Агеева, А. Г. Максимова, Ф. Х. Арсланова, Т. М. Потемкина, Г. Б. Зданович, С. Я. Зданович, Е. Е. Кузьмина, В. В. Евдокимов, А. С. Ермолаева, В. В. Варфоломеев, т. б. ) тарапынан далалық ізденістер барысында алынған дәуірдің бірқатар тұрақтарының материалдары жарияланды. М. Қ. Қадырбаев пен Ж. Қ. Құрманқұлов секілді ғалымдардың монографиясында Бетпақдала өңіріндегі қола дәуіріне жататын нысандардан алынған ақпараттық материалдар жайында әңгіме қозғалған еді [6] . Археологтар В. В. Варфоломеев, К. М. Қарабаспақова, Н. А. Ткачева, Э. Р. Усманова секілді зерттеушілер еңбектерінде белгілі бір мәдени-тарихи өңірлердің қола дәуірі ескерткіштері қарастырылды. Археологиялық материалдар бойынша қола дәуіріндегі діни наным-сенімдер И. А. Кукушкин, баспаналар мен үй құрылысының жай-күйі Ю. А. Лысенко, тау-кен ісі С. Жауымбаев ізденістеріне арқау болды. Басқа да зерттеушілер (С. А. Агапов, В. Г. Ломан, А. В. Рогожинский, А. А. Ткачев, А. Н. Марьяшев, Ю. А. Мотов, А. Горячев, т. б. ) еңбектерінде белгілі бір археологиялық кешендер жайында толымды ақпараттар беріліп отырды. Сондай-ақ В. В. Ткачев, В. В. Евдокимов, Е. Е. Кузьмина, М. А. Итина, Л. Т. Яблонский еңбектерінде, сонымен қатар А. З. Бейсенов пен В. В. Варфоломеев [7] монографияларында белгілі бір өңірлердегі қола дәуірі мәдениеттері жөніндегі пікірлер ғылыми талдаудан өткен. Есімдері аталған ғалымдардың зерттеулері қола дәуірінің тарихи дамуын әр қырынан көрсетіп берді, бірқатар мәдени-тарихи өңірлерде оның даму ерекшеліктері мен ортақ заңдылықтарын айқындады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Кеңес мүшелері
Қазіргі заманғы қазақ философиясы
Коммунистік Кеңестік Партиясы Орталық комитеті
Әлемді діни тұрғыда зерттеуге ғылымның әcepi
Ж.Қасымбаевтың өмір тарихы мен ғылыми - педагогикалық қызметі
Ресейде жарық көретін Наука Сибири мерзімді басылымының 1990 жылғы
Міржақып Дулатұлының әдеби публицистикалық мұрасы
М.Е. Массонның Орта Азия мен Қазақстан археологиясына қосқан үлесі
Қазақ жастары мерзімді баспасөзінің тарихы (ХХ ғасырдың басы – 1940 жж.)
Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz