Интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмірдің өзара ықпалдастығын зерделеу



Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 53 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 94 (574): 332.2.021 Қолжазба
құқығында

Сарсенов Алдар Сарсенович

Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен
этномәдени дамуының тарихи тәжірибесі ( 1946-1991жж.)

07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасы тарихы)

тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған
диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы
Орал, 2008
Жұмыс Ақтөбе мемелекеттік педагогикалық институтының Қазақстан
Республикасы тарихы кафедрасында орындалды

Ғылыми кеңесшісі: тарих ғылымдарының докторы, профессор
Қ.С. Қаражан

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы, профессор
Қ.Ә. Ахметов

тарих ғылымдарының
докторы, профессор
М.Н.Сдыков

тарих ғылымдарының
докторы
С.З. Баймағамбетов

Жетекші ұйым: С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік

университетінің Отан
тарихы кафедрасы

Диссертация 2008 жылы 25 маусым күні сағ. 14.00-де М.Өтемісов
атындағы Батыс Қазақстан мемлекетттік университеті жанындағы ( 090000, Орал
қаласы, Достық даңғылы, 162) БД 14.61.26 Біріккен диссертациялық кеңестің
мәжілісінде қорғалады

Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік
университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2008 жылы 21 сәуірде таратылды

Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының докторы Б.Ғ.
Шинтимирова

Жұмыстың жалпы сипаттамасы
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. 1991 жылғы 16 желтоқсанда
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаумен келген шығармашылық
азаттық ғылыми ізденістерге жаңа өріс ашып, қоғамдық-гуманитарлық саладағы
ғалымдардың мүлде жаңа методологиялық ұстанымдарға көшуіне, тақырып аясын
кеңейтуіне негіз қалады. Дегенмен кеңестік Қазақстан тарихының жаңаша
зерделенбеген, түпкілікті бағасын алмаған беттері әзірге баршылық. Тарихшы
ғалымдар негізінен ХХ ғасырдағы 20-30-шы жылдардың ақтаңдақтарымен
шұғылдануда.
Тоталитарлық жүйе салтанат құрып тұрған шақта отандық тарихнамада,
бұқаралық ақпарат құралдарында кеңестік Қазақстанның қарыштап
өркендегені, капиталистік формацияны оп-оңай аттай салғаны, дамып
кеткендермен теңескені оңды-солды дәріптеліп, оның қайнар көзі ретінде
социализмнің артықшылықтары, КОКП-нің данышпан басшылығы үздіксіз санаға
сіңірілді. Әрине, табыс жоқ емес еді. Соғыстан кейінгі ұрпақ, - деген
болатын Елбасы Н. Назарбаев, - өнеркәсіпті көтеріп, тың игеріп қана қойған
жоқ, сонымен бірге дамудың білім мен ғылым жүйесі түріндегі берік іргетасын
қалады. Қазақстандықтар инженерлер мен ғалымдардың, құрылысшылар мен
геологтардың, металлургтар мен дәрігерлердің ұлтына айналды [1].
Белгілі табыстармен жарыса дағдарыс та қоғамды жайлап кетті.
Дегенмен халықтың интеллектуалдық әлеуеті өскені күмәнсіз ақиқат.
Интеллектуалдық әлеует деп қоғамдағы сұраныс үдесінен шығуға даяр
әлеуметтік субъектінің уақыт пен орта алға тартқан міндеттерден,
қиыншылықтардан, ұсыныс пен қажеттіліктен, бұрын беймәлім талаптан тұтастай
болмаса да негізінен биік тұрып, ілгерілеу динамикасы мен заңдылығына
кіріге, бейімделе алу, соны ел мүддесіне, өз мүддесіне жегу арқылы
бойындағы қабілеті мен мүмкіндігін ашу өресін айтамыз. Ендеше
интеллектуалдық әлеуеттің өміршеңдігі, жасампаз күші бар салада -
экономикада, білімде, мәдениетте, ұлтаралық қатынаста, саясатта, т.б. –
сыналады, шыңдалады. Мәселе мынада, - деп көрсетеді Н. Назарбаев, - ұлттар
тауарлармен және қызметтермен ғана бәсекелеспейді – олар қоғамдық
құндылықтар жүйесі мен білім беру жүйелерімен де бәсекелеседі... Осы
заманғы экономикада салмақ материалдық тауарлар мен қызметтерге қарағанда,
интеллектуалдық әлеуетке көбірек түсіріледі. Ұлттың осы заманғы және тиімді
білім беру жүйесін ұстануға, жұмысшы күшінің оқыту жолымен интеллектуалдық
қорын арттыруға қабілеттілігі бәсекеге қабілеттілігі үшін ерен маңызды
болуда [1].
Зерттеу тақырыбының өзектілігі қоғам өмірінде ауыл-селоның алатын
орнымен тығыз байланысты. Миллиондаған адамдардың тағдыры осында өтіп
жатыр. Халықты азық-түлікпен, индустрияны шикізатпен аграрлық сала
қамтамасыз етеді. Ал бұл саланың ырғақты жұмыс істеуі көбінесе
интеллектуалдық әлеует деңгейімен анықталмақ. Машина, трактор, комбайн,
техникалық жабдық – бәрі еңбектің өнімділігін көтеру, өзіндік құнын түсіру
үшін бірінші қажеттілік саналғанмен, олардың оңтайлы тұтынылуы үшін
интеллектуалдық әлеуеті кемел адам факторы қалыптасуы керек. Бұл жерде
әңгіме техниканың тізгінін ұстаған механизаторға немесе бір отар қойды
жайып жүрген қойшыға ғана қатысты емес. Шаруашылықты ұйымдастыратын басшыға
да, өндірістік үдерістің басы-қасындағы маманға да, осыларды оқытқан
ұстазға да, денсаулығын қадағалайтын дәрігерге де тікелей байланысы бар.
Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық тарихын ақиқат биігінен зерделеу
өткеннің сабағын, тағылымын игере отырып, бүгінгі міндетті кешенді анықтау
үшін, ертеңге нық қадам жасау үшін қажет.
Интеллектуалдық әлеуеттің тасушысы (носитель) – адам. Ал еңбегінің
мазмұны мен нәтижесіне қарай, замана міндетін шешуге қосатын үлесіне қарай
адамдардың жіктелетіні және рас. Ендеше интеллектуалдық әлеуетті зерттеу
адамтануға, әлеуметтік қауымдастық болмысын ұғынуға апаратын даңғыл жол.
Бұлардың өсу, өну, өркендеу заңдылықтарын, кезеңдерін, әрқайсының өзіндік
ерекшеліктерін ғылыми зерделеумен дәйектегенде ауыл-селодағы, бүкіл
қоғамдағы үйлесім жараса түспесе, мысқалдай залал шекпейді.
Қазақстан көпұлтты, сонысымен көпдінді мемлекет. Ұлттардың бір
бірінен ерекшелігі қайда жұмыс істейтінінде, әлеуметтік қауымдастықтың қай
тобына жататындығында емес, тілінде, ұстанатын мәдени-рухани
құндылықтарында жатыр. КСРО-ның тағдырын ұстап, болмыс-бітімін анықтаған
коммунистік басшылық теориялық, бағдарламалық қағидаттарында ұлт мәселесіне
айтарлықтай мән бергенмен іс жүзінде орыс халқының мүддесіне басымдық
беріп, одақтас республикалардың, яғни Қазақстанның да этномәдени табиғатына
қиянат жасаудан тартынбады. Ресми Мәскеу жүргізген ұлт саясатындағы
әділетсіздік пен зорлық қазақтардың этникалық сәйкестігін бұзып, байырғы
халықтың жартысына жуығы ана тілінде сөйлей алмайтын күйге түскенін
ендігі ешкім жоққа шығара алмайды.
Демек, тоталитарлық дәуірдің тарихы мен тағдырын зерделеу арқылы
көпдінді, көпұлтты бүгінгі Қазақстанда келісім мен үйлесімді сақтау
тетіктерін жетілдіре түсуге мүмкіндік молаяды. Шынайы демократия бар жерде
ғана тілі, түрі, нәсілі бөлек этностардың тілегі бір арнаға тоғысып,
әркімнің және баршаның интеллектуалдық әлеуеті ортақ мақсатқа қызмет
ететінін тарих әлденеше дәлелдеді, оның алғашқы сабақтарын біздің ел
бастан кешуде.
ХХ ғасыр – ғылыми-техникалық революция ғасыры. Жердің тартылыс заңын
жеңген адам ғарышқа ұшты, айда табан ізін қалдырды, атом қуатының көзін
ашып, оны материалдық игілік өндіруге пайдалануда. Адам – ғылым – техника
байланысы ауыл-селоның да өміріне молынан еніп, интеллектуалдық әлеуетті
арттыруға пәрменді әсер еткені айдан анық. Алдағы уақыттарда ғылым мен
техниканың ауыл-село тұрғындары тағдырында алар орны ұлғая беретіні сөзсіз.
Ендеше оның әлеуметтік-экономикалық, мәдени, тағы басқа нәтижелерін дұрыс
болжау үшін артта қалған дәуірін толымды зерттеу қажет. Мұнсыз бәсекеге
қабілетті 50 ел қатарына қосылмақ түгілі жұмыссыздық, кедейшілік,
әлеуметтік наразылық тәрізді келеңсіз құбылыстарға тап болуымыз мүмкін.
Социалистік құрылыс тұсында көп айтылғанмен шешуін таппаған мәселенің
бірі қала мен деревня арасындағы айырмашылықты жою еді. Түптеп келгенде,
бұның жүзеге асуы мүмкін де емес екен. Өйткені аграрлық экономиканың
негізгі саласы жер кәсібі мен мал шаруашылығы ауыл-селоны қаладан өзгеше
күйде сақтағаны сақтаған. Бидай себу, бау-бақша баптау, қой бағу үлкен
кеңістікті, шашыраңқы қоныстануды талап етеді, бұларға қажетті техника мен
жабдықтар да завод-фабрикалардағыдан мүлде басқаша. Сондықтан да кеңестік
тарихнаманың партиялық-идеологиялық өктемдікпен орнықтырған жаңсақ тұжырымы
– қала мен деревня арасындағы айырмашылықты жою міндетін бұдан былайда
деревняның қаладан артта қалуын жоюмен алмастыратын уақыт келді. Әрі-
беріден кейін, ауыл-селоны қалаға айналдырып жібергеннен қоғам ұтылмаса,
ұтпайды.
Қай ұлттың болмасын шығу тегі, бастау бұлағы, дәстүрлі мәдениетінің
қалыптасқан кеңістігі - ауыл-село. Кеңестік жылдардағы қазақ ауылында
дүниеге келген, орта білім алып, қалаларда оқуын жалғастырған сан мың
қыз-жігіттер мемлекет пен қоғам қайраткері, ғылым мен өнер жұлдызы,
өндіріс озаты болғаны ақиқат. Демек, қала мен деревня арасындағы
айырмашылық ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті мен болашағын жоққа
шығармайды екен. Кеше де, бүгін де осылай болған, ертең де осылай болып
қала беру керек. Ұлттың болмыс-бітімінің ошағын ойрандап, барша халықтарды
қалалық өмір салтына көшірген мемлекет этномәдени байлығының тамырын
суалтатыны сөзсіз. Қазақстан қоғамын осындай жаңсақ басудан сақтандыруда
ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени тарихын зерттеудің
маңызы мейлінше зор.
Ғылым уақыт пен кеңістік алға тартқан міндеттердің, сұрақтардың
жауабын іздеумен ілгерілейді. Оның жаратылыстану, техника, математика,
физика тәрізді салалары еңбек өнімділігін арттырумен ұлттың байлығын
еселесе, қоғамдық-гуманитарлық салалары материалдық өндіріске жанама түрде
оңтайлы ықпал етіп, түпкі мақсаты – ұлт ғұмырын ұзартуға қызмет етеді. Бұл
орайда тарих ғылымының арқалаған жүгі мейлінше жауапты. Артта қалған
жылдарда ұлттың тапқаны мен жоғалтқанын, бары мен жоғын, тағылымы мен
тәжірибесін таразылаумен тарих ғылымы ұлттың санасын ашады, мінезін
түзейді, отансүйгіштік қасиетін қалыптастырады. Тоталитарлық тәртіп
үстемдік құрған кезеңде Қазақстан тарихы ғылымы бұл міндеттердің бірде
біреуін толық атқара алмады. Мүмкіндік енді ғана туып отыр. Ауыл-селоның
интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени дамуының тарихын зерттеумен тәуелсіз
қазақ халқының, Қазақстандағы барша ұлттардың қарым-қабілетін ашуға серпін
беретін тетіктер мен алғышарттарды жазбай тануға, оларды іске қосуға,
нығайтуға қол жетеді. Қысқасы, жас мемлекетіміздің болашағы ғылымға тіреліп
тұр, ғылымның болашағы мемлекеттік саясатқа берік байланды. Осынау өзара
тәуелділіктің жігі қатаймаса, таяу арада ажырамайтынын жақсы түсінген
Қазақстан басшылығы білім мен ғылымды сапалы жаңа биікке көтеруге қайрат
қылуда. Қазақстанның әлемдегі барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру
стратегиясында ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін академиялық
орталықтар мен оқу орындарын құру, осы заманғы білім беруді дамыту,
кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыру және
Қазақстан халқы мәдениетін одан әрі өркендету міндетінің күн тәртібіне
қойылуы осыдан.

Мәселенің зерттелу деңгейі. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жарты ғасырға
жуық уақыт ішіндегі Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық әлеуеті мен
этномәдени өмірін зерделеген ғылыми еңбектерді бірнеше бағытқа жүйелеуге
болады.
Бірінші бағытқа философиялық зерттеулерді жатқызамыз. Ауыл-селоның
әлеуметтік құрылымы, ондағы жұмысшы табының, колхозшы шаруаның,
интеллигенцияның саны мен құрамы, өсу жолдары философ ғалымдар М.
Аженовтың, Б. Амантаевтың, А. Ишмұхамедовтың, В.И. Зориннің, Ц.Р.
Розенбергтің монографияларында теориялық-методологиялық тұрғыдан
қарастырылды. Жаңа адамды қалыптастырудағы, оқуды өнімді еңбекпен, ғылыми-
техникалық прогреспен ұштастырудағы білімнің орны мен маңызын философия
ғылымы ұстанымынан зерттегендердің маңдай алдысы Ж. Әбділдин, Р.А. Клещева,
С.Н. Соскин, А. Тұрғұмбаев сынды ғалымдар. Ұлттардың рухани өмірін
зерделеуге философтар А. Айталы, Р. Әбсаттаров, Ә. Нысанбаев, Н. Жанділдин,
Ж. Молдабеков сүбелі үлес қосты.
Әрине, маркстік-лениндік философия үстемдік құрып тұрған жылдарда
жазылған зерттеулер мен тәуелсіздік тұсында жарық көрген зерттеулер
арасындағы айырмашылық жер мен көктей екені түсінікті жайт. Мәселен,
көрнекті философ Б.Амантаевтың 1969 жылы жарық көрген Социализм и коренное
преобразование социальной природы казахского крестьянства атты
монографиясы мәселенің тарихи-социологиялық қырын зерделеуге арналған
еді. Мұнда қазақ шаруаларының санасын және моральдық-тұрмыстық
қатынастарды өзгертудің материалдық негізі ретінде ұжымшар дәріптелгені
өз алдына, ұжымшарлық демократияны теңдік пен бірліктің басты шарты
ретінде дәйектеуге айрықша көңіл бөлінген. Социалистік жарыс
колхозшылардың еңбек және саяси белсенділігін арттырған факторлар
қатарына қойылады. Мұндай бұра тартулары үшін авторды айыптауға негіз
жоқ. Коммунистік басшылық пен идеология басқаша жазуға мұрсат
бермегенін енді түсінудеміз. Әйтпесе Б.Амантаевтай ғалым ұжымшарлардағы
ахуалды, ондағы демократияның сиқын білмеді емес, білді.
Ал бүгінгі философиялық ғылыми пайым өресі мен батылдығы мүлде
бөлек. Бұған профессор А.Айталы мырзаның зерттеуінен үзінді келтірсек әбден
көз жеткізуге болады. Социализм, - дейді А.Айталы, - қазақ ұлтының
болмысына, дәлірек айтсақ, ұлтсыздануына үлкен әсер жасады. Қазақстандағы
индустрияландыру, 1932-1933 жылдардағы аштық, 1937-1938 жылдардағы
репрессия, жер аударылған халықтарды (кәрістер, немістер, поляктар,
шешендер, ингуштер, т.б.) қоныстандыру, тың және тыңайған жерлерді игеру –
қазақ халқының сан жағынан республикадағы алатын орнын төмендетті.
Ұлттардың араласуы, ұлттық ортаның тарылуы орыстануға әкелді. Дінге тиым
салу, ұлттық мектептердің азаюы, қазақ тілінің аясының тарылуы қазақ
халқын төлтума қасиеттерінен айыра бастады; рухани азғындыққа итермеледі.
Ұлттық деп атайтын интеллигенцияның көпшілігі ұлттық мәдениеттің, тілдің
жақтаушысы бола алмады. Дәстүрлік мәдениет, тұрмыс-салт мал шаруашылығымен
айналысатын қазақтардың арасында молырақ сақталған ... Сонымен, қазақ
халқының бір бөлігі – ұлттық және тілдік ерекшелігінен айрылғандар. Олардың
ұлттық танымы тар, рухы төмен, ұлттық психологиясы тегін танитын сана-
сезімнен аспайды. Оларды қазақ мәдениетінің мұрагерлері деп айту қиын
[2].
Қысқасы, ауыл-селоның тарихы мен тағдырын философия ғылымы
тұрғысынан әділ таразылау үдерісі енді басталды.
Екінші бағытты ауыл шаруашылығы өндірісінің материалдық - техникалық
базасын, кадрлық әлеуетін, басқару жүйесін, ғылыммен байланысын қарастырған
экономикалық зерттеулер құрайды. Олардың іргелілері Т.Әшімбаевтың,
С.Бәйішевтің, А.Қошановтың, Ғ.Нұрышевтің, О.Сәбденовтың, Р.Алшановтың
қаламынан туды. Мұнда да философиялық зерттеулердегі тарихи тәжірибе
қайталанады. Бір ғана мысал келтірейік. 1979 жылы академик С.Бәйішевтің
Социально-экономическое развитие Советского Казахстана атты жинақтама
монографиясы жарияланды. Бұл – кемелденген социализмді мақтауға сөз
таппай, мақтаудан ауыз босамай тұрған кез. Монография мазмұны уақыт
талабына толық жауап береді. Қазақстандық 1 млрд пұт астық пен қой басын 50
млн-ға жеткізу төңірегіндегі идеологияланған ой-түйіндер ғылыми
толғаныстан емес, партиялық шешімдерден туындап жатқанын бірден байқауға
болады. Среднегодовое производство зерна, - депті С.Бәйішев, - основного
вида сельскохозяйственной продукции – ныне составляет 25 млн. т. Это
дает возможность сдавать в закрома государства до 1 млрд. пудов хлеба
ежегодно, что является величайшим завоеванием, возможным только в условиях
развитого социализма. Дальнейшее развитие получило овцеводство. В ближайшем
будущем его поголовье будет доведено до 50 млн. Достижение этого
рубежа, безусловно, поднимает на новую ступень сельское хозяйство и
станет очередным качественным сдвигом в экономике республики [3, С.
267].
Өкінішке орай, аграрлық экономикадағы жағдай сол жылдардың өзінде
бөрікті аспанға атқандай емес еді. Кейінде ахуал тіпті асқынып кетті.
Мәселен, белгілі ғалым О. Сәбденов тәуелсіздіктің қарсаңы мен алғашқы
жылдарындағы ауыл шаруашылығы ғылымының өзекті мәселелерін көтергенде ең
өткір тұрғаны ғалымдардың әлеуметтік жағдайы екенін алға тартты. Еңбекақы
деңгейінің төмендеуі мен әлеуметтік қорғаудың әлжуаздығы, деді ол, осы
саладағы ғалымдардың 1992 жылы ғана 30 %-ын басқа салаға кетуге мәжбүр
етті. Ауыл-селодағы ғылыми мекемелерде мұндай жағдай бұрын-соңды болып
көрген емес [4, С. 7 ].
Тақырыпты зерттеген үшінші бағытты қозғағанда педагогика ғылымының
нәтижелерін айтқан жөн. Ауыл-село тұрғындарының өмірін түбегейлі қайта
құруда білім мен тәрбиенің айрықша мәні бар екенін кезінде А.Байтұрсынов,
С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, О.Жандосов, Т.Жүргенов сынды біртуар
қайраткерлер кешенді дәйектеген еді. Соғыстан кейінгі жылдарда осының
ғылыми негіздемесін тұлғалы зерттеушілер Ә.Сембаев, Г.А.Уманов,
К.Құнантаева, Т.Тұрлығұлов, М.Сарыбеков, Г.Нұрғалиева түзді. Айталық,
Ә.Сембаевтың Қазақ совет мектебінің тарихы монографиясында жалпыға бірдей
міндетті оқу, бастауыш білім, орталау және орта мектеп, тәрбие жұмысы мен
жұртшылық, мұғалімдердің білімін жетілдіру тәрізді міндеттердің ауыл-
селодағы жүзеге асуы сарапталған. Оқушылардан құралған ауыл шаруашылығы
өндірістік бригадалары тәжірибесіне үлкен назар аударылған. Бұл
бригадалар, - дейді ғалым, - оқуды еңбекпен ұштастырудың аса тиімді түрі
болуымен қатар тәрбие берудің де қуатты құралы болып отыр. Оқушылар ғылым
негіздерінен алған білімдеріне сүйеніп, ауыл шаруашылық ғылымының
жетістіктерімен және өндіріс озаттарының тәжірибелерімен таныса отырып,
еңбекке тәрбиеленеді, өздерінің еңбегінің пайдалы екендігіне көздері
жетеді [5, 362 б.]. Өкініштісі - озық ойлы педагог ғалымдардың тұжырымдары
мен ұсыныстары кеңес қоғамы басшылығының қолдауына ие бола бермеді.
Мектептерде еңбекке тәрбиелеу үрдісі жүрдім - бардым ұйымдастырылғандықтан
ауыл-селоның балалары аграрлық экономикадан хабарсыздығына қоса дәстүрлі
өнерден – кесте тоқу, шөп шабу, мал сауу, зергерлік – мақұрым қалды.
Тақырыптың зерттелу деңгейін анықтаған төртінші топқа мемлекеттік-
құқықтық еңбектер енеді. Соғыстан кейінгі жылдарда қоғамды мемлекеттік
басқару, оның мәдени даму мен ұлтаралық қатынастарды реттеудегі қызметін
заңгерлер С.Зиманов, Ғ.Сапарғалиев, И.К.Рейтор, М.Баймаханов, С.Сартаев,
М.А.Биндер дәйектеді. Кеңестердің мал шаруашылығын көтерудегі, тың және
тыңайған жерлерді игерудегі рөлін де заңгерлер назардан тыс қалдырмады.
Мемлекеттік-құқықтық ғылымның Қазақстандағы эволюциясын жүйелеген ғалым
Ш.Тлепинаның пайымдауынша, ауыл-селолық кеңестердің қызметін зерттеуге ауыл
шаруашылығының маңыздылығы және оның өнімділігін көтеру қажеттілігі түрткі
болды. Экстенсивное сельское хозяйство нуждалось в несколько обновленном
идеологическом стержне, - дейді Ш.Тлепина. Реализация генеральной линии
партии в отношении всего сельского хозяйства (тотальное обобществление
сельского хозяйства, преобразование колхозов в совхозы, индустриализация
сельского хозяйства, слияние города и деревни) и сельских тружеников
проводилась советскими органами. Следовательно, их изучение с целью
совершенствования и укрепления было важно для политического режима [7].
Мәселе тарихнамасының ерекше тобын тарихи зерттеулер құрайды.
Зерттеудің хронологиялық шеңбері. 1946-1991 жылдар Кеңестер елінде,
оның құрамдас бөлігі Қазақстанда қалыптасқан саяси-идеологиялық, мәдени-
экономикалық және демографиялық ахуалдың ерекшелігін ескерумен анықталды.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан КСРО тарқағанға дейінгі аралықты сталиндік
және постсталиндік дәуір деп қарастырсақ, осынау мерзім аясында КОКП
басқарған әміршіл-әкімшіл жүйе ауыл-село тұрғындарына материалдық-
техникалық, қаржылық, біліми-мәдени қолдау көрсетуді маңызды міндет санады.
Күштеп кәмпескелеуден, ұжымдастырудан, алапат аштықтан, соғыс жылдарындағы
қиыншылықтардан есеңгіреген, паупер мен люмпенге айнала жаздаған ұжымшар
мен кеңшар еңбеккерлері өзіне өзі келіп, айналасына қарайтын дәрежеге
жетті, құқықтық, дәрігерлік, әлеуметтік қамтамасыз етілуі жетілді.
Әйткенмен сапалы өмірлік көрсеткіштері бойынша қаладан кейін қалуы сақтала
берді. Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен
этномәдени өмірдің бұрынғыдан әлдеқайда әрленгені зерттеліп отырған
жылдарға дөп келеді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері 1946-1991 жылдарғы Қазақстан ауыл-
селосындағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмірдің мәнін, олардың
болмыс-бітімі мен табиғатына тән кеңістіктік және уақыттық ерекшеліктерді
тарихи динамикада ашу болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыру міндеттері
мыналар:
- Интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмір мәселесінің қазақстандық
тарихнамасын жүйелілік және обьективтілік ұстанымдар биігінен талдау;
- Интеллектуалдық әлеует ұғым-түсінігін тарихи-методологиялық
проблема ретінде дәйектеу;
- Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық әлеуетіне 1946-1991
жылдары бастау болған қайнар бұлақтарды анықтау;
- Ауыл-селодағы этномәдени үдерістердің саяси-идеологиялық және
демографиялық астарын ашу;
- Интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмірдің өзара ықпалдастығын
зерделеу;
- Интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасу жолдары мен кезеңдерін, олардың
ауыл-селодағы ерекшеліктерін даралау;
- Агроэкономикалық кеңістіктегі интеллектуалдық қарымның орны мен
маңызын, әкелген нәтижелерін бағамдау;
- Интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмірді жасақтаушы
субьектілердің әлеуметтік келбетін сипаттау;
- Партиялық және идеологиялық өктемдіктің ауыл-селодағы
интеллектуалдық және рухани құндылықтарға, ұлтаралық үйлесімге тигізген
зардаптарын зерделеу;
- Агроэкономикалық және этномәдени аумақтағы кеңестік тәжірибе мен
тағылымға қатысты қоғамдық-гуманитарлық, бірінші кезекте ғылыми-тарихи ой-
санада орын алып отырған дискуссияға араласып, авторлық позицияны дәйектеу.
Диссертацияның теориялық және әдіснамалық негізін тарихилық пен
ғылыми объективтіліктің базалық ұстанымдары, шығармашылық талқылаудың,
өзекті ғылыми және қолданбалы әлеуметтік-саяси мақсаттардың шешімін негізі
ретінде плюрализмді тану мен жүйелілік құрайды. Диссертант әдіснамалық
тұрғыда әлеуметтік шындықты зерттеуде жүйелілікке сүйенуші әлеуметтік
диалектиканы алады. Диссертанттың әдіснамалық пен әдістемелік түрлерін
таңдап алуы тақырыптың зерттелу мақсатының және оның кезеңдерінің
ерекшеліктеріне де байланысты. Зерттеудің жалпы ғылымилық әдіснамасы
тарихилықты, логикалық пен жүйелілікті біріктіреді. Сол сияқты тарихи-
диалектикалық, мәселелік-хронологиялық, салыстырмалық, статистикалық
талдаулар қолданылған.
Диссертацияның ғылыми жаңалығы Отандық тарих ғылымында 1946-1991
жылдардағы Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық әлеуетіне алғаш рет
агроэкономикалық, әлеуметтік-демографиялық, этномәдени сипаттама беруді
жаңа теориялық-методологиялық ұстаныммен жүзеге асырғанында. Мәселені
осылайша зерделеудің арқасында төмендегідей жаңалықтарға қол жетті.
- Ауыл шаруашылығы өндірісінің материалдық-техникалық базасындағы
ілгерілеу мен іркілістің индустрия саласынан ерекшелігі, интеллектуалдық
қауымға тікелей және жанама әсері баяндалды;
- Интеллектуалдық әлеуеттің қозғаушы және жасақтаушы күші адам
факторы, оның ішінде ең мәндісі мамандар мен оқығандар екені дәйектелді;
- Ауыл-селоның оқу-ағарту және біліми келбетін жетілдірудегі қаланың
орны мен үлесі пайымдалды;
- Тың және тыңайған жерлерді игеру қазақстандық қажеттіліктен емес,
Бүкілодақтық экономикалық мүддеден туындағаны, ұлыдержавалық астамшылықпен
жүзеге асырылған оның саяси-идеологиялық және демографиялық нәтижелері ұлт
республикасын ХХ ғасыр отарына айналдырғаны тиянақталды;
- Ауыл-селодағы интеллектуалдық қарымның нығаюы этномәдени әлемді
сапалы жаңа биікке көтермей, Орталықтың жергілікті ерекшелікті белден
басқан озбырлығы шектен шыққан соң байырғы және аз халықтарды тілдік,
рухани қыспақта қалдырғаны, қайшылықтарға ұрындырғаны ой елегінен
өткізілді;
- Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық әлеуетін жасақтауға бүкіл
кеңестер елі ат салысқанмен басты үлесті републикамыздың өзі қосқаны, оның
адами-әлеуметтік субьектілік өлшемдері ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдар
межесінде қалыптасып біткені дәлелденді;
- 1946-1991 жылдарғы агроэкономикалық ілгерілеудің негізінде
социалистік меншік түрлерінен, қаптаған реформалардан гөрі жұмысшылардың,
колхозшылардың, интеллигенцияның әлеуметтік-кәсіби және мәдени-техникалық
оралымдығы жатқаны бекемделді;
- Ауыл-селоның әлеуметтік құрылымы кеңестік социология ұлықтаған 2+1
формуласына (екі тап, бір топ) сыймайтыны, үздіксіз өзгерісте болғаны,
ерекшеліктері дәйектелді;
- Социалистік құрылыс тұсында этатистік мемлекет қоғам мүшелеріне,
жеке адамға бас еркіндігін бермегені, меншіктен, биліктен шеттеткені,
нәтижесінде интеллектуалдық қарым мен этномәдени орта мүмкіндіктері
жартыкеш ашылғаны, тіл, ұлттық мектеп салаларында кері кеткені анықталды;
- Практиктер, автоклубтар, мәдени-спорттық кешен, ұлттық
интеллигенцияның қалыптасу кезеңдері тәрізді мәселелер төңірегіндегі ғылыми
пікірталасқа авторлық тұжырымдама ұсынылды.
Жұмыстың деректік базасын құжаттар мен материалдардың бірнеше топтары
құрайды. Зерттеліп отырған тақырып бойынша ең бай дереккөз ретінде архив
қорларын мойындаған жөн. Бұлардың ішінде Қазақстан Республикасы
Президентінің архиві мен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік
архивінің алар орны ерекше.
Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде 70 жыл бойы кеңес
қоғамының басшы және жетекші күші рөлін атқарған Коммунистік партия
ұйымдары мен мекемелерінің құжаттары сақтаулы. Осы архивтің 708-ші қорында
интеллектуалдық әлеуетін, этномәдени өмірін қалыптастырушы алғышарттар мен
факторларды – аграрлық экономиканы, ұжымшар-кеңшар өндірісінің материалдық-
техникалық базасын, халықтың біліми және мәдени дамуын, демографиялық
ахуалды, т.б.с.с. саяси-идеологиялық ұстанымдармен тығыз байланыста әрі
динамикада ұғынуға мұрындық болатын қаулы-қарарлар, директивалық
тапсырмалар, шешімдер мен есептер молынан жинақталған.
Архив қорындағы партиялық құжаттар ауыл-селоның интеллектуалдық
әлеуетіне шешуші серпін берген мамандар мен оқығандардың іріктелуін,
қызметтік өсуін немесе марапатталуын, әлеуметтік-кәсіби шыңдалуын ой
елегінен өткізуге септігін тигізгені күмәнсіз.
Дереккөздің келесі бір арнасы – мерзімді баспасөз. Газеттер мен
журналдарды кеңестік дәуірдің жылнамасы десек артықтық етпейді. Қай
қоғамда болмасын баспасөздің басты міндеті оқырмандардың қоғамдық пікірін
оң қалыптастыру екенін дәйектеп жатудың қажеті шамалы. Зерттеліп отырған
жылдары ауыл-село мәселесі баспасөз бетінен түскен емес. Бір ғана
Социалистік Қазақстан (қазір Егемен Қазақстан) газеті 1982-1985
жылдарда Озат тәжірибе, Бригадалық мердігерлік әдіс, Қызылтулы ұжым,
Бесжылдық мақтанышы айдарларымен 200-ге жуық мақала жариялап, ауыл-село
өмірін тілге тиек етіпті [8]. Ал Қазақстан ауыл шаруашылығы, Сельское
хозяйство Казахстана журналдары ұжымшар мен кеңшарлардағы өндірістік
және әлеуметтік жауапкершілігі зор ізденістер мен іркілістерді жұртшылық
назарына ұсынумен болды. Олардың басы-қасында жүрген мамандар мен
қарапайым еңбек адамдарының тағдыры интеллектуалдық әлеует те, этномәдени
үрдіс те әлеуметтік субъектілер әрекетімен, саяси-идеологиялық ұстаныммен
түзілетініне ой-тамызық берді. Ауыл-село басшылары мен мамандары баспасөз
бетіне көбінесе озат тәжірибені насихаттау үшін шығатын. Уақыт өте келе
олардың біразы озат шаруашылықтар жайлы жазғандарын кеңейтіп, кітапқа
айналдырды. Осы орайда Н.Н.Головацкийдің, Я.Герингтің, Р.Мырзашевтің,
Д.Бурбахтың кітаптарындағы деректер зерттеуге арқау болғанын айту
парызымыз [9].
Ауыл-село тағдырындағы интеллектуалдық әлеует пен мәдени өмірдің
орнын ұғынуға естеліктер көп пайдасын тигізді. Мемуарлық әдебиет
тақырыптың эмоциялық-танымдық қырларын айқындай түседі.
Естеліктер басқа дереккөздердің бірде біреуінде кездеспейтін ұсақ-
түйекке толы. Ал сол ұсақ-түйектің тарихи таным үшін шешуші маңызы
болатынын интеллектуалдық әлеует пен этномәдени даму тәжірибесі сан рет
дәлелдеді.
Зерттеу дереккөздері мен дерегіне жоғары талап қою ауыл-селодағы
интеллектуалдық әлеует және этномәдени үрдіс арасындағы байланыстарды,
объективті қажеттілік пен сұранысты, олардың жүзеге асу үдерісін
кешенді қарастыруға жағдай туғызды.
Зерттеу жұмысының ғылыми және практикалық маңызы Қазақстан
Республикасының алдында тұрған асқаралы міндеттермен айқындалып отыр.
Әлемдік жаһандану, елімізде орныққан нарықтық қатынастар, демократиялық
ұстанымдар, ұлтаралық, конфессиялық үйлесім – бәрі қоғамдық санадан
коммунистік атавизмдерді біржолата ығыстыруды талап етеді. Бұл үшін ұлт
тарихындағы ақтаңдақтарды жоюдың маңызы зор. Тоталитаризмның зорлығы мен
әділетсіздігін әшкерелеу, Орталық жүргізген саясаттың мақсаты отарлаумен
астасып жатқанын кәсіби біліктілікпен қалың бұқараға жеткізу кешегі әсіре
қызыл интернационализмнің орнына қазақстандық патриотизмді әкеледі деп
есептейміз.
Отандық тарих ғылымы өткенге материалистік тұрғыдан, яғни қоғамдық
меншік, жұмысшы табының жетекші рөлі, партиялық басшылық, адамды адамның
қанауы жойылғаны, ұлттардың гүлденуі мен жақындасуы, әрбір мәдениеттегі
екі қатпар тәрізді байламдардан қараудан арылғанмен, ұлттық реңкі қанық
жаңа методологиялық, теориялық тұғырнамаға толық көшіп болған жоқ. Ал бұл
тұғырнаманың өзегін, тарихтың өзегін құрайтын факторларға адам мен оның
әрекеті, табиғи-географиялық орта, ұлттың мінезі, менталитеті, құқықтық
мемлекеттік билік пен билеуші тәрізді құндылықтар жатқызылуы керек. Ауыл-
селоның интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени тағылымы тап осы
құндылықтардың қисындылығын тиянақтауға шылбыр ұстатады. Тарихты жасаушы
күш – адам, адамдардың нысаналы – мақсатты әрекеті. Ал адамдардың
әрекеті нәтижелі әрі уақыт үдесінен шығып жатуы үшін көп алғышарттар
керек. Солардың маңдайалдысы саналы іс-әрекет екені күмәнсіз. Бүгінде
адамдардың әлеуметтенуіне (социализация) ықпал ететін тетіктердің
қатарында тарихи сана тұрғаны әбден дәлелденген ақиқат. Ақиқат биігінен,
үлкен жауапкершілікпен әрі бай деректік негізде жазылған тарихи зерттеу
ғана адамдардың санасын түлетіп, өткеннен тағылым алуға, жақсы менен
жаманды ажыратуға, ағымдағы және болашақтағы межелерді тануға жетелейді.
Мұнсыз ондаған жылдар бойы қоғамдық санаға батпандап кірген социалистік
идеядан арыла алмаймыз.
Ауыл-селоның тарихы – қазақ ұлтының тарихы. Кеңес Одағы ыдырағанға
дейін қазақтардың басым бөлігі ауыл-селоларда тұрып, аграрлық салада
еңбек етті. Қазір де баршылық. Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2003-2005 жылдарды
ауыл мұқтажын шешуге арнауы тіпті кездейсоқтық емес. Ендеше, ауыл-
селодағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени даму тәжірибесін тану -
қазақтануға жасалған талпыныс болса керек. Ғасырларға созылған отарлау мен
тоталитарлық қыспақтан қазақтанудың мешел қалғанын жоққа шығара алмаймыз.
Осы міндетті атқаруға мемлекеттік тәуелсіздік кең мүмкіндік туғызғанда
Отандық тарих ғылымы өз үлесін қосқаны абзал.
Диссертациядағы деректер, ойтүйіндер мен тұжырымдар Қазақстан
тарихынан жинақтама еңбек жазғанда, жоғары оқу орындарында арнайы курстар
оқығанда кәдеге жарайтыны сөзсіз.
Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылған тұжырымдар:
- Қазақстанның аграрлық тарихы әр қырынан зерттелгенмен
интеллектуалдық әлеует пен этномәдени даму тарихнамасында ғылыми-теориялық
оң шешімін тапқан мәселелерден гөрі партиялық, идеологиялық өктемдікпен
шатастырылған немесе мүлде қарастырылмаған мәселелер көп. Айталық, соғыстан
кейінгі жылдардағы ауыл-селоның әлеуметтік инфрақұрылымындағы
кереғарлықтар, жұмысшы мен колхозшыға еңбекақы төлеудегі теңсіздіктер,
бұлардың интеллектуалдық қарымға зияны кешенді зерделенген емес.
- Интеллектуалдық әлеует ұғым-түсінігі ғылыми-техникалық және
технологиялық ілгерілеу заманында бәсекеге қабілетті Қазақстанды
қалыптастыру үшін қажет басты тетікті меңзейді. Өйткені оның мәнін адам,
адамның жасампаз қабілетін ашу міндеті құрап отыр. Кешегі Кеңестік
социалистік құрылыс тұсында бәрі адам үшін, бәрі адам игілігі үшін деген
коммунистік ұран үздіксіз айтылғанмен экономикалық, саяси-идеологиялық
детерминизм басымдыққа ие болғанын мойындауымыз керек.
- Кеңестік дәуірде Қазақстан ауыл-селосы тұрғындарының ұлттық құрамы
мен рухани өмір салтында орныққан азды-көпті жағымды өзгерістер
әралуандыққа жол тартпай, түптеп келгенде бірізділікке (унификация),
қасаңдылыққа (стандартизация), этникалық тегінен ажырауға (деэтнизация)
өктемдікпен икемделді. Оның түпкі нәтижесі орыстандыруға саятынын жасырудың
реті жоқ.
- Соғыстан кейінгі ауыл-селоның құрылымы (экономикалық, әлеуметтік,
мәдени, ұлттық, демографиялық, т.б. с.с.) мейлінше күрделі болғанмен олар
бір-бірімен ажырағысыз байланыста еді. Мемлекеттік билік басындағы
коммунистер осыларды үйлестіре дамытуға уәде бергенмен сөзінде тұра алмады.
Жобадан тыс жоспарлау мен орталықтандыру үстемдік құрған елде, адамдардың
шығармашылық, еңбек, кәсіби құлшынысы тежелген ортада басқаша болуы мүмкін
де емес. Айналып келгенде, бірлік пен қарама қайшылық заңы бұзылғандықтан
ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті де, этномәдени дамуы да өз
мүмкіндігінен көп төмен қалды.
- Тарихты жасаушы халық екені күмәнсіз. Әйткенмен халықтың бойындағы
жасампаздықты дұрыс арнаға түсірмесе, дер кезінде қолдау көрсетпесе,
сезімталдықпен, сергектікпен, іскерлікпен үстемелеп отырмаса, ол да тоқырау
тартады екен. Демек, зертеліп отырған кезеңдегі ауыл-селоның
интеллектуалдық қарымын, рухани байлығын арттыруға дем беруші адам факторы
болса, ең белсендісі мамандар мен оқығандар екенін жоққа шығара алмаймыз.
- 1946-1991 жылдар арасында Қазақстанның аграрлық экономикасы
біршама ілгеріледі, материалдық-техникалық мүмкіншілігі артты. Дегенмен
ұжымшарлар мен кеңшарлар өзінің түпкі мақсаты – халықты сапалы да мол
азық-түлікпен қамтамасыз етуді жүзеге асыра алмады. Өйткені өндірісті
ұйымдастыру мен басқару адамдардың мүдделілігіне сәйкес келмеген еді.
- Тарих өткенді білу үшін ғана жазылмайды. Ол бүгінгі ахуалды дұрыс
түсінуге негіз қалайды, ертеңге болжам құруға қызмет етеді. 1946-1991
жылдарғы Қазақстан ауыл-селосының тағдыры мен тәжірибесі тәуелсіз еліміздің
интеллектуалдық әлеуеті мен көпұлтты мәдениетіндегі іске қосылмай жатқан
ресурстарды дөп басып тануға мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі Зерттеу жұмысының негізгі мәселелері
диссертанттың жарияланған ғылыми мақалаларында, Қазақстан тарихының өзекті
мәселелеріне арналған Халықаралық, республикалық, облыстық және жоғарғы оқу
орындары арасында өткен ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық
конференцияларда көпшілік назарына ұсынылды. Диссертация бойынша 30-дан
астам еңбек республикалық басылымдарда жарияланды. Зерттеу материалдары
Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәні бойынша оқылатын лекцияларға,
арнаулы курстар мен семинарларға пайдаланылады. Зерттеу жұмысы М.Өтемісов
атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасы
тарихы кафедрасының мәжілісінде талқыланды.
Диссертация құрылымы зерттеудің мақсаты мен міндетінен туындайды.
Зерттеу жұмысы кіріспеден, 5 бөлімнен, қорытынды және пайдаланған
әдебиеттер тізімінен тұрады.

Жұмыстың негізгі мазмұны

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, қазақстандық тарих ғылымында
зерттелу деңгейі, зерттеудің басты мақсаттары мен міндеттері және ғылыми
жаңалығы баяндалады. Хронологиялық шеңбері айқындалып, жұмыстың деректік
базасы мен ізденушінің ұстанған әдіснамалық ұстанымдары сипатталады. Сондай-
ақ зерттеу барысында қол жеткен нәтижелердің теориялық, ғылыми– практикалық
маңызы ашылып, олардың сыннан өтуі көрсетіледі.
Бірінші тарау – Зерттеу жұмысының теориялық–методологиялық негізі,
тарихнамасы және дереккөзі деп аталады.
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялауы арқасында ұлттық
тарих ғылымы методологиялық ұстанымдарды түбегейлі жаңартуға мүмкіндік
алды. Пікір алуандығы орныққан қазіргі таңда әр ғалым өз ұстанымын алға
тартатыны сөзсіз.
Тарихи зерттеу методологиясы дегеніміз ақиқатқа қол жеткізу үшін
қолданылатын ғылыми әдіс-тәсілдердің жиынтығы әрі кәсіптік, әмбебап
ұстанымдарды басшылыққа алумен білік және деректі қисынды ұштастыру
негізінде өткеннің болмысын, өрбу заңдылығын, тағылымын шынайы да кешенді
тану.
Зерттеу жұмысында бірнеше методологиялық ұстаным басшылыққа алынды.
Олардың маңдайалдысы – уақыт пен кеңістік аясындағы тарихи үрдіс.
Тарих ғылымы үшін уақыттың атқарар міндеті оқиғаның, құбылыстың қайсы
ерте, қайсы кеш болғанын көрсететінінде. Оқиғаның, құбылыстың уақытынан
бұрын немесе кеш өтуі қоғамдық қажеттіліктің қаншалықты пісіп –
жетілгенін ұғынуға септігін тигізеді, ол мыңдаған, тіпті миллиондаған
адамдардың тағдырын шешіп кетуі мүмкін, уақыттың тарихи таным мен
практикадағы методологиялық әлеуетін ескермеу зерттеушіні ақиқаттан
алыстатады.
Кеңістік философиялық категория саналғанмен тарихи танымның
методологиясы қатарына кіруге лайықты ұстаным. Ол оқиғаның, құбылыстың
қандай елді мекенде, мемлекетте, қай ұзындық пен ендікте орын алғанын
анықтайды. Кеңістіктегі нақтылық арқылы тарихи үрдіске алғышарттарды, себеп
пен салдарды ұғынуға жол ашылады. Алып жатқан ауданы үлкен немесе
кішілігіне қарамастан кеңістіктің кез келгенінде тарихи мәні зор өзгерістер
дүниеге келе береді.
Уақыт пен кеңістікті категория, ұстаным дәрежесінен биіктетіп,
зерттеу методологиясы ретінде алға тартқанда бұл екеуінің ауыл–селодағы
интеллектуалдық әлеуетті, этномәдени өзгерістерді оң тануға тікелей қатысы
бар екені қаперге алынған. Біріншіден, ауыл–селодағы өмір көп жағдайда
еңбек үдерісінің маусымдық сипатына бағынышты. Екіншіден, ауыл–селодағы
уақыт пен кеңістік қаладағыдай сығымдалмаған, сонысымен адамдарды бір–
бірінен алшақтатпайды. Шашыраңқы қоныстану, шағын топтармен еңбек ету,
мәдени–рухани сұраныстан ұсыныстың кемшін түсіп жатуы ауыл–село
тұрғындарының аралас–құраласқа қажеттілігін арттырады, салт–дәстүрді
ұзағырақ сақтауға негіз қалайды. Диссертант ауыл–селолардағы ұлтаралық
қатынастардың қанша әділетсіздікке тап болса да теке–тіреске, жанжалға
ұласа бермегенін, Қазақстанға депортацияланған жүздеген мың басқа ұлт
өкілдерінің өзінің екінші Отанын тапқанын осы негіздерге байланысты деген
қорытынды жасайды.
Зерттеу методологиясының келесі бір парасын – саяси-идеологиялық
центризм деген ұғым-түсінікпен үкілеуді жөн көрдік. Коммунистер билеген
кеңестік жылдарда елдің бар тыныс-тіршілігі идеологияға, нақтырақ келсек
маркстік-лениндік ілім қағидатына бағынып, содан туындады. Идеология тіпті
экономиканың алдында жүрді. Мемлекеттік меншік монополиясы, ауыл
шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, нарықтық қатынастарды бекерлеу – КОКП
иделогиясының жүзеге асқан нәтижесі. Өйткені К.Маркстан тартып қоғамдық
меншік қана адамды адамның қанауына жол бермейді, ұлт тендігін орнатады,
әлеуметтік үйлесім әкеледі деп есептеледі. Ал КСРО-да қоғамның бағыт беруші
және ұйымдастырушы күші КОКП екені конституциялық баппен бекемделді.
Зерттеу методологиясының танымдық қарымын арттыруға ғылыми ізденістің
объективтілік, тарихилық, жүйелілік, детерминизм, даму, салыстырмалық
тәрізді әмбебап ұстанымдар тобы жегілген. Зерттеу нәтижелерінің
обьективтілігіне ауыл-селодағы интелектуалдық әлеуетке, этномәдени үдеріске
тән болмыс-бітімді, байланыс пен арақатынасты бейнелейтін деректерді,
құжаттарды, статистикалық мәліметтерді барынша кең кәдеге жаратумен қол
жеткізді. Уақыт пен кеңістіктегі болмыс-бітім, байланыс пен арақатынас
үздіксіз өзгерісте болатынын ескерумен жинақталған ақпаратқа сыни тұрғыдан
қарау бір сәтке үзілген жоқ. Мұның сыртында кешегі кеңестік тоталитаризм
тұсында өтірікті шындай қылып жазу үйреншікті жәйт еді. Өтіріктің үлкені 20
жыл ішінде коммунистік қоғам орнатуға уәде берген КОКП бағдарламасы десек
асыра айткандык емес.
Ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуетін, мәдени болмысын жүйелілік
принципі тұрғысынан зерттеу таным объектісін материалдық-заттай және
әлеуметтік субъект жиынтығы ретінде ой елегінен өткізумен жүзеге асырылды.
Интеллектуалдық әлеует, мәдениет қанша күрделі болғанмен оның басты факторы
адам, бірінші кезекте ауыл-село мамандары мен оқығандары екенін дәйектеу
жүйелілік принципінің карымын ашты.
Тарихилық принципі ауыл-селодағы этномәдени ахуал мен интеллектуалдық
әлеуеттің калыптасу жолдарын, кезеңдерін, соңғы екеуінің арасындағы
тұтастык пен байланыс табиғатын анықтағанда, сандық өзгерістердің сапалық
өзгеріске ұласуын зерделегенде көмекке келді. Ол интеллектуалдық әлеует,
мәдениет өсіп-өнген тарихи ортаны, аграрлық экономикамен, рухани өмірмен,
этномәдени үдерістермен ықпалдастықты объективті зерттеуге жетеледі.
Тарихилық принципі даму принципімен ажырағысыз байланыста. Даму
дегеніміз кешегі тұтас құбылыстың ішкі-сыртқы себептер әсерімен жіктеліп,
жаңа мән-мағынаға, жаңа кұрылымға ие, бұрынғымен азды-көпті байланысы бар
жаңа кұбылыстың немесе құбылыстардың дүниеге келуі. Даму принципін осы
тұрғыдан колдану интеллектуалдық әлеуеттің табиғаты мен бастау көздерін
ауыл-село өмірінің әлеуметтік дамуымен, адамдардың әрекетімен байланыстыра
қарастыруға шылбыр ұстатып, сүбелі нәтижелер әкелді. Ол интеллектуалдық
әлеует аграрлық экономикаға, әлеуметтік-мәдени кеңістікке ғана қатысты
емес, диалектикалық сипаттағы кұбылыс екеніне көз жеткізді, интеллектуалдык
әлеуетке баяу өсу де, секірмелілік те, икемділік пен қасаңдық да жат емес
деген ой түйінге негіз калады. Осынау принцип зерттеу объектісінің қарама-
кайшылығы мол орта мен уақытта қалыптасқанына дәйек берді.
Детерминизм принципі интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасу
заңдылықтарын, оның материалдық-заттай және әлеуметтік келбетіндегі
өзгерістер объективті түрде туындағанын, саяси-идеологиялық фактор ықпалы
басым жатқанын ұғынуға шылбыр ұстатты. Ауыл-село мамандары мен
оқығандарының, механизаторлары мен малшыларының интеллектуалдық, этномәдени
тұрғыдан өсуі коғам сұранысына әркашан сәйкес келе бермегені, әсіресе
этномәдени қажеттіліктің өтелуіндегі бұрмалаулар саяси-идеологиялық
центризм өктемдігімен орын алғаны детерминизм принципінің қолданылуымен
бекемделді.
Салыстыра зерттеу методологиялық принципі ауыл-селоның
интеллектуалдық әлеуетін, этномәдениетін әр қырынан қарастыруға мүмкіндік
берді. Бұл жерде номотетикалық бағыт мәселені бай деректік ақпараттарға
сүйенумен сипаттап қана қоймай, жалпылама баяндауға жеткізгенін ерекше
айтуымыз керек. Номотетика зерттеу объектісін тұтас көруге, оған дарыған
жалпы болмыс-бітімді анықтауға, басқаша айтсак, ауыл-селодағы
интеллектуалдық әлеуетті, рухани өмірді макротарих дәрежесінде ұғындыруға
әкелді.
Салыстыра зерттеудің бір қанаты номотетика болса, екінші қанаты
-идиография. Ол интеллектуалдық әлеуеттің жекелеп алған бір ғана учаскесін
немесе бөлшегін (мәселен, этномәдени үрдісті немесе кәсіби білімі бар
адамдар қауымдастығын) егжей-теғжейлі зерделеумен жүзеге асады. Сондықтан
да оны кейде микротарих деп айдарлау кездеседі. Әрине, микротарих
нәтижелері ауқымды, жинактама ой-түйіндер, философиялық-теориялық
тұжырымдар жасауға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, номотетика мен
идиографияны ұштастыру ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени
даму тәжірибесін, сабақтарын және қорытындыларын Кеңестер Одағындағы ұлт
республикаларымен салыстыруға, ұқсастығы мен ерекшеліктерін ажыратуға қол
жеткізді.
Зерттеу тарихнамасының маңызды бағыты тарихшы ғалымдардың
еңбектерімен сипатталады. Бұлардың ішінде 1946-1991 жылдар арасындағы
кеңшарлар мен ұжымшарлар тарихын, ауыл-село интеллигенциясын, КОКП-нің
мәдени және ұлттық саясатын, тың игеру тағылымын, тарихи демография
мәселелерін байыппен қарастырған монографиялар бар.
Тоталитарлық тәртіп тұсында басымдыққа ие топты, әрине, тарихи-
партиялық зерттеулер құрады. Қазақстанда тарихи-партиялық зерттеулер
орталығы ретінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне қараған партия
тарихы институты танылды. 80-ші жылдар басына дейін, яғни жарты ғасырдан
астам уақыт бойы осынау институт партия тарихын ұлықтаған 200-ден астам
монография, жинақ, кітап шығарған екен [10, С.53.]. Соғыстан кейінгі
кезеңде бұлардың іргелілері С.Бейсембаевтың, Г.Я.Козловтың, М.Қозыбаевтың,
Ә.Ахметовтың, П.М.Пахмурныйдың қаламынан туғандар еді. Бүгін қоғамдық
санада партия тарихын ғайбаттаған, қандай ғана болмасын оң нәтижелерін
бекерлеген пікір үстемдік құрып отыр. Әрине, тарих сахнасынан тайған КОКП-
нің артынан топырақ шашу оңайдың оңайы. Дегенмен әркім өз заманының
перзенті екенін естен шығармаған жөн. Партия тарихын зерттеді деп Қазақстан
ғылымында лайықты орны бар азаматтарды күстаналаудың зияннан басқа пайдасы
бола қоймас. Олардың еңбектерінде кеңестік-коммунистік дәуірдің болмыс-
бітімін, ішінара ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени үрдіс
табиғатын ұғына түсінуге мүмкіндік беретін фактілер, оқиғалар, мысалдар
молынан табылатыны сөзсіз. Айталық, 1972 жылы Алматыдағы партия тарихы
институты Дружбой великой сильны ұжымдық зерттеуді жариялады. Мұнда
Қазақстанның одақтас ұлт республикаларымен, социалистік елдермен байланысын
ұйымдастырудағы КОКП-нің, Қазақстан компартиясының басшылық қызметі
ұлықталғанмен тарихи тәжірибені ашатын құжаттар, деректер мейлінше мол.
Еңбектің тұтас бір тарауы соғыстан кейінгі Қазақстанның экономикалық,
мәдени, саяси салалар бойынша одақтас республикалармен, социалистік
елдермен байланысын ашуға арналған. Тоқыраудың алғашқы жылдары жазылған
зерттеуде әлі де мән-мағынасын жоймаған тұжырымдар баршылық. Мәселен,
ұлттардың мәдени ықпалдастығы жайлы айтылған мына тұжырым қашанда әділ
екені сөзсіз. Любая попытка обособления той или иной национальной
культуры, - делінген бұл кітапта, - искусственное ограничение научных и
других форм духовного общения и контактов грозит прежде всего тому народу,
той культуре, которая допускает такое обособление и ограничение.
Следовательно, казахская социалистическая нация, ее культура, достигшая
высокого уровня, будучи равной среди равных, может нормально развиваться и
расти лишь при условии постоянного и все расширяющегося обмена и
взаимодействия с культурами других социалистических наций, усваивая все
лучшее из современной цивилизации и мировой культуры [11, С.291.]. Демек,
еңбектің саясаттанған, әсіре идеологияланған ой-тұжырымдарын есепке
алмасақ, ғылыми танымға берері аз емес.
Немесе 1981 жылы Москвада жарияланған КПСС и культурное
преобразование села кітабын алайық. Мұнда Қазақстан ауыл-селосының
экономикалық, мәдени, саяси тарихынан бұрын беймәлім болып келген деректер
бар. Түрген қой кеңшары фермасындағы қызыл отаудың (1949 жыл) фотосуреті
берілген. Ұлт мамандарының құрамындағы сандық, сапалық ілгерілеулер тілге
тиек етіледі. 1954 жылдың басында, дейді зерттеушілер, Қазақстан
ұжымшарларында, МТС-тары мен кеңшарларында жоғары және арнайы орта білімді
9 мыңдай маман жұмыс істесе, 1960 жылы олардың саны 20 мыңнан асып түсті.
Резко увеличилось число специалистов из местного населения. В ходе
освоения целины количество зоотехников – казахов возросло более чем в 15
раз, а ветеринарных врачей – почти в 8 раз [12, С.156.]. Осындай
еңбектерді КОКП тарихынан жазылған деп ысыра берсек, ұлт тарихымызды
кезінде бүкіл одаққа танытқан шығармаларды объективті бағалай алмағанымыз
болып табылады.
Партия тарихын зерттеген ғалымдар ішінде де ақиқатты айтқаны үшін
қудаланғандар болғанын қаперден шығармаған жөн. 1973 жылы М. Қозыбаев пен
З.А. Голикованың Золотой фонд партии атты еңбегі жарық көргені белгілі.
Кітапта КОКП-нің Қазақстандағы кадрлық саясаты қарастырылған. Авторлар
партиялық өктемдікті ашық сынаған еді. Кадрлардың жоғарыдан төменге
келетіні сөз болып, ал төменнен жоғары жаққа өсуі айтылмайтынын айыптады.
Басшылардың жиі ауысатыны оларға шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік
бермейді делінді. Іле-шала кітап сынға ұшырап, авторлардың бірі М. Қозыбаев
партия тарихы институтындағы жұмысынан қуылды [13, 240 б.].
Зерттеу тақырыбымыздың тарихнамасындағы іргелі топты аграрлық саясат
пен теорияны, тарих пен практиканы қарастырған еңбектер құрайды. Бұларда
ауыл-селодағы өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуы, ұжымшар-
кеңшар өндірісінің динамикасы мен тағдыры, оның мамандармен,
механизаторлармен қамтамасыз етілуі, мәдени өмірі мен инфрақұрылымы
зерделенген. Ең сүбелілері - Г.Ф.Дахшлейгердің, Х.Мадановтың,
Қ.Қаражановтың, К.Нұрпейісовтың, Б.Төлепбаевтың, Ә.Тұрсынбаевтың,
Б.Бірімжаровтың, И.Шамшатовтың, т.б. ізденісімен жазылғандары [14]. Осы
орайда Қазақстанның аграрлық тарихын қалыптастыруға Одақтық, ең алдымен
Москва, Ленинград, Новосибирск ғалымдарының зерттеулері айтарлықтай әсер
еткенін мойындауымыз керек. Орталықта жарияланған іргелі зерттеулердің
теориялық-методологиялық тұжырымдары, құрылымы қазақстандық ғалымдардың
еңбектерінде жергілікті ерекшеліктерді ескерумен қайталанып жататын. Ал
Москва, Ленинград, Новосибирск ғалымдары да қазақстандық тарихи тәжірибені
ыждаһаттылықпен зерделеуді назардан тыс қалдырмады. Мәселен, москвалық
тарихшы В.И. Куликовтың Исторический опыт освоения целинных земель атты
монографиясы негізінен дерлік Қазақстан мысалында жазылып шыққан. Тың игеру
республика ауыл-селосының материалдық базасын, механизаторлармен,
мамандармен қамтамасыз етуде ілгерілеуге әкелгенін мол құжат негізінде
дәйектейді. Астық өндіруді күрт ұлғайту мал шаруашылығына кері әсер
етпегені алға тартылады [15]. Мұнда Қазақстан ғалымдары мен қайраткерлері
З.Голикованың, А.Кәкімжановтың, М.Исиналиевтің, М.Г.Моториконың,
С.Л.Ковальскийдің шығармаларына сілтемелер молынан берілген.
Соғыстан кейінгі КСРО-ның аграрлық тарихы тереңінен жүйеленген келесі
бір зерттеу История крестьянства СССР [16]. Ұжымдық авторлар қаламынан
1988 жылы туған бұл еңбекте 1945-1959 жылдардағы Қазақстанның ұжымшарлары
өмірінен 71 рет, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстары ұжымшарлары
тарихынан 5 рет дерек, мысал, айғақ келтірілген [16, С.395.]. Редколлегия
құрамына қазақстандық қос ғалымның – Г.Ф.Дахшлейгер мен Б.Төлепбаевтың
енгізілгені республикамыздағы аграрлық тарихты зерттеу табыстарын
мойындағандық еді. Өкініштісі кітапта Ресейдегі тәжірибе мен үрдіске
басымдық беріліп, ұлт республикаларының аграрлық тарихы үстірт сипатталады.
Мәселен, 1945-1950 жылдарғы Украинаның, Белоруссияның, Молдавия мен Балтық
бойы республикаларының ауыл шаруашылығы, ұжымдастырылуы арнайы тарауда
қарастырылса, Қазақстан туралы мұны айта алмаймыз.
Тұтастай алғанда, соғыстан кейінгі Кеңестік Қазақстанның аграрлық
тарихы фактологиялық тұрғыдан тәп-тәуір ашылды. Ендігі міндет анықталған
деректерді жаңаларымен толықтыра отырып, саясаттан, идеологиядан ада
зерттеу жұмыстарын жалғастыру.
Қоғамның таптық жіктелуі мен тап күресін тарихтың локомотиві ретінде
ұлықтаған коммунистік билік тұсында қоғамдық-гуманитарлық ғылым ауыл-
селоның әлеуметтік құрылымын зерттеуге айрықша ден ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Көпэтносты Қазақстан жағдайындағы полимәдени тәрбие
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы
Саяси процестер жүйесіндегі ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін зерттеу
Мәдени модернизацияны арнайы зерделеудің басты тақырыбы мәдени модернизация
Қобыланды батыр жырындағы этнографизмдердің құндылығы
Дене мәдениеті және спорт факультеті
Мемлекеттің инновациялық саясаты
Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербальдану ерекшеліг
Оқушыларға адамгершілік-патриотта тәрбие берудегі көпұлтты мектептің қызметін талдау
Жаһандану процесі және оның Қазақстанға ықпалы
Пәндер