Мемлекет қызметінің маңызды бағыты - адамдардың қоғамдық өмірін басқару


МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 3
1 МЕМЛЕКЕТТІҢ МӘНІ МЕН НЫСАНДАРЫ ЖӘНЕ ОНЫ БАСҚАРУ ҚАЖЕТТІЛІГІ . . . 4
1. 1 үсінігі және негізгі белгілері . . . 4
1. 2 Мемлекеттің мәні мен негізгі сипаттамалары . . . 7
1. 3 Мемлекет функциялары жөніндегі ұғым және
олардың жіктелуі . . . 8
1. 4. Мемлекеттік басқару нысандары . . . 14
2 МЕМЛЕКЕТТІ БАСҚАРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМДІЛІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ . . . 20
2. 1 Мемлекеттік басқарудың әлеуметтік-экономикалық
тиімділігі: түсінігі мен бағалау әдістері . . . 20
2. 2 Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруда
есепке алынатын факторлар . . . 25
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 30
ПАЙДАЛАНҒАН ҚАЙНАР КӨЗДЕР . . . 33
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілі: Мемлекеттің негізгі мақсаты-қоғам үшін, қоғамдағы адамдардың топтары үшін, қоғамның дамып өркендеуі үшін әр түрлі бағытта қызмет атқаруы тиіс. Қоғам өте күрделі құбылыс. Қоғамның негізгі тірегі-өндіріс. Өндірісті ұыймдастырып, дамыту үшін мемлекетке, адамның бірлестіктеріде, жекеленген адамдар да қажетті іс-әрекет жасап отырды. Бұл салада мемлекет функцияларының қызметі әр түрлі. Мемлекет өз иелігіне қарайтын барлық функцияларды(әлеуметтік, экологиялық, экономикалық) тікелей басқарып, олардың жұмысын реттеп отырады. Мемлекет және құқық теориясы ғылымында мемлекет функциясы мәселесі ерекше орын алады. Функция(латын. gunctio-орындау дегенді білдіреді) -заң ғылымында мемлекет пен құқық алдында тұрған мүддемақсаттарды, міндеттерді орындау қызметінің негізгі бағыттарын және әдістәсілдерін анықтап, оларды іске асыруға біріктіреді Мемлекет функциясы мемлекет алғаш пайда болған кезден бастап, бірқатар қызметтерді, сауда мен қаржы айналымын, қоғамдық тәртіпті сақтау мен кейбір көптеген басқа да қызметтерді атқарып келеді.
Мемлекет - белгілі бір аумаққа иелік етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы. Егемендікке, заңдастырылған зорлықты пайдалануға монополияға ие және қоғамды басқаруды арнайы механизмдер арқылы жүзеге асыратын қоғамдағы саяси билікті ұйымдастырудың еркеше түрі, саяси жүйенің орталық институты.
Өзінің ғасырлар бойғы қоғамдық дамуы үрдісінде адамзат бірнеше тарихи-әлеуметтік кезеңдерді бастан кешірді. Экономика мен қоғам дамуының ең басты алғышарты - өндіріс екенін ескерсек, онда оның да өркендеу дәуірін шартты түрде үш кезеңге бөлуге болар еді. Олардың біріншісінде адамзат өндірісті (әсіресе өнеркәсіпті) шикізатпен қамтамасыз етуді ойластырумен болды. Басқаша айтқанда, материалдық фактор өндіріс өркендеуінің шешуші факторларының алдыңғы қатарында болды. Бұл кезең ондаған ғасырларды қамтитын тарихи мезгілге созылды.
Қоғамның өндіргіш күштерінің толассыз дамуы келе-келе адамдардың өндірістік қарым-қатынастарының өзгеруіне әкелгендіктен сол өндірісті материалдық жағынан қамтамасыз етуден гөрі еңбекті дұрыс та тиімді ұйымдастыру факторы шешуші рөл атқара бастады. Сөйтіп - ондаған жылдарды қамтитын кезең басталып, ол өндіріс дамуында жұмыс күшін пайдаланудың тиімділігі деңгейімен сипатталды. Бұл фактор күні бүгін де өз маңызын жойған жоқ.
1 МЕМЛЕКЕТТІҢ МӘНІ МЕН НЫСАНДАРЫ ЖӘНЕ ОНЫ БАСҚАРУ ҚАЖЕТТІЛІГІ
1. 1 Мемлекет түсінігі және негізгі белгілері
Мемлекет түсінігін анықтау барысында біркелкі қоғамдық құбылыстарды әр адамның әрқилы қабылдау мүмкіндігін білдіретін субъективті сипатын ғана емес, сонымен қатар олардың объективті жағдайларын да ескерген жөн. Бұл жерде сөз, ең алдымен, құбылыс ретіндегі мемлекеттің күрделілігі мен көпқырлылығы және соған сәйкес оның түсінігін анықтау варианттарының көптігі туралы болып отыр. Осыған байланысты белгілі австриялық заңгер
Г. Кельзен: «мемлекет түсінігін анықтаудағы қиыншылықтар аталмыш терминмен көптеген әр түрлі нысандар мен құбылыстар белгіленетіндіктен одан сайын күрделене түседі» деп атап өтеді.
Жалпы алғанда мемлекет түсінігінің өзі кең және тар мағынада қолданылады. Кең мағынада мемлекет деп қоғамның өзін немесе оның қандай да бір ерекше нысанын айтады. Ал тар мағынасында мемлекетке басқару органдары немесе субъектілері, ұлттар, белгілі бір елдің халқы тұрып жатқан аумақ жатқызылады.
Қазіргі заманғы мемлекеттануда мемлекет түсінігі жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі көзқарастар қалыптасып, олар оны бірнеше мағынада, атап айтқанда, заңдық, әлеуметтік, нормативтік және органикалық мағынада қарастырады. Заңдық көзқарас тұрғысынан мемлекет заңды тұлға, «құқықтық феномен», ерекше корпорация ретінде қарастырылып, басқа корпорациялардан тек ұлт немесе ел масштабында белгіленген құқықтық тәртіппен ерекшеленеді. Осыған сәйкес мемлекет мәселелері белгілі жағдайда ұлттық құқықтық тәртіп мәселелері ретінде қарастырылып, адамдардың дұрыс іс-әрекетін және тәртібін бейнелейтін құқықтық тәртіп ретінде анықталады.
Мемлекет пен құқық арасындағы қатынастар жеке адам мен құқық арақатынасы сияқты бірге қарастырылуы тиіс деп ұйғарылады. Бұл Кельзеннің ойы бойынша мемлекет құқықты шығаруы мен бекітуіне қарамастан, жеке тұлға ретінде өзінің тәртібі мен іс-әрекетінде құқықпен байланысты болу қажет екендігін білдіреді.
Әлеуметтік аспектіде мемлекет өзінің құқықтық тәртібі мен құқықтық өміріне тәуелсіз болатын небір «әлеуметтік жалпыға бірдейлілік», әлеуметтік қоғам болып саналады және оған (оның пайда болуы және қызмет ету кезінен бастап) түрлі органдар бойынша билікті бөлу сипаты тән. Автордың көзқарасы бойынша «барлық іс-әрекетті Үкімет бір өзі жасайтын және билікті де өз қолында шоғырландыратын бір де бір мемлекет жоқ». Қоғамда әр кезде бірнеше әкімшілдік құрылымдар болған және бар. Олардың қызметінің нәтижесінде қоғамдағы қатынастардың басым бөлігі туындап, басқару мен бағындыру актілерінің көбі пайда болды. Ал олардың жиынтығы «әлеуметтік мемлекет» деген ұғымды білдірді.
Сонымен қатар мемлекет түсінігі тірі «табиғи организм» ретінде анықталады. Осы бағытқа сәйкес ол «әлеуметтік биологияның нысаны» ретінде қарастырылады. Мемлекеттің түсінігіне деген мұндай көзқарасты австриялық заңгер Г. Кельзенге дейін көптеген басқа авторлар, атап айтқанда, мемлекеттің органикалық теориясын жақтаушылар қолдады. ХІХ-ХХ ғасырларда өз дамуының жоғары шегіне жеткен бұл теория барлық әлеуметтік өмірді биологиялық заңдылықтармен түсіндіруге тырысты. Олар қоғамды толығымен организмге теңестіріп, ал мемлекетті тіршілік етіп жүрген және болашақта дүниеге келетін азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын «жалғыз институт» деп санады.
Нормативтік мағынада мемлекет түсінігі Г. Кельзен және оның нормативист-жақтаушыларының анықтауы бойынша «нормалар жүйесін», «нормативтік тәртіпті», «мемлекет-билік» немесе «саяси ұйымдастырылған қоғамды» білдіреді. «Мемлекетке саяси сипат тән. Оның саяси ұйым болып табылатыны, алдымен күшті қолдану ретін белгілейтіндігінде, өйткені ол күшті қолдануда монополист болып табылады» - дейді автор.
Сонымен, бір жағынан, мемлекеттің құбылыс пен түсінік ретіндегі күрделілігі мен көпқырлылығы, екінші жағынан әртүрлі авторлардың оны қабылдау субъективизмі оны түсіну мен түсіндіру варианттарының көп болуына объективті жағдай туғызады. Осыдан қоғам дамуының әр түрлі кезеңдерінде мемлекеттің көптеген анықтамалары мен түсініктерінің пайда болуы және олардың көптеп қолданылуы түсінікті. Бұл туралы Л. Гумплович:
«Қанша мемлекет танушылар мен философтар бар болса, сонша мемлекеттің анықтамасы болды»- деп жазады. Сол себепті мемлекетке тарихи дамуының әр кезеңінде ғалымдардың берген анықтамаларының бір текті болмағаны айқын. Мысалы ұлы ойшыл Аристотельдің пікірінше «мемлекет дегеніміз ешкімге тәуелді емес азаматтардың қарым-қатынасының жоғары нысаны».
Қайта өрлеу дәуірінің аса көрнекті ойшылы Никколо Макиавелли ( 1469-1527) мемлекетті «қажетті мемлекеттік мүдделерді жүзеге асыру арқылы ортақ игілікке қол жеткізу» деп түсіндіреді.
XVI ғасырдағы ірі француз ойшылы Жан Боден мемлекетті «қайырымдылық пен әділеттіліктің мәңгі бастамаларын басшылыққа алатын жоғары билік және отбасын құқықтық қорғау» деп қарастырады. Бұл бастамалар мемлекеттік құрылымның мақсатын құрап, ортақ игіліктер әкелуі қажет деген. Осы дәуірдегі белгілі ағылшын философы Томас Гоббс -бейбітшілік пен табиғи құқықтарды жүзеге асыратын кепілгер ретінде мемлекеттің шексіз билігін жақтаушылардың бірі. Ол мемлекетті «тұтас тұлға, тәуелсіз жоғары билеуші, оның қалауы халықтың қалауы болады, сондықтан ол барлық адамдардың әрқайсысының күші мен мүмкіндігін ортақ бейбітшілік пен қорғаныс үшін қолдана алады» деп санайды.
Либерализмнің саяси - идеялық доктринасын құрушы, ағылшын философ - материалисі Джон Локк (1632-1704ж. ж. ) «мемлекет басым күштің, яғни мемлекет құрамына кіретін көптеген азаматтардың ортақ еркі» дейді. Ол мемлекетті өздері бекіткен жалпы заңдардың негізінде біріккен адамдардың жиынтығы ретінде қарастырған.
Неміс әдебиетінде мемлекет «белгілі бір аумақта және жоғары биліктің қол астында біріккен халықтың ұйымы» ретінде көрсетілсе (Р. Моль), ал өзге әдебиеттерде «құқықтық жағдайды жан-жақты қолдану үшін құрылған жоғары биліктің қол астындағы белгілі бір аумақтағы еркін адамдардың одағы» ретінде қарастырылады (Н. Аретин) . Үшінші жағдайда мемлекет «белгілі құқықтық тәртіпті қорғау үшін табиғи түрде пайда болған билік жүргізуші ұйым, - деп айтылған (Л. Гумплович)
Сонымен мемлекет, әсіресе 1917 жылғы төңкерістен кейінгі кезеңде, Ресейде «қандай да бір тапты басу үшін арналған күш көрсету ұйымы» ретінде түсіндірілді. Академиялық басылымдарда және оқу әдебиеттерінде ол көбінесе қатаң таптық мағынада «өз диктатаурасын жүзеге асыратын экономикалық үстем таптың, билік аппаратының саяси ұйымы немесе негізгі өндіріс құралдарының меншік иелерінің ортақ мүдделерін қамтамасыз ететін және қорғайтын, тарихи түрде келетін, қоғамнан бөлініп шығып, оның экономикалық құрылымынан туындайтын саяси биліктің таптық ұйымы» ретінде сипатталады.
Сонғы екі онжылдықта, 1985 жылғы қайта құру кезеңінен бастап алдымен ресми жалпыодақтық, ал кейін қазақстандық саясат пен идеологияда жалпыадами құндылықтарға мән беріліп, мемлекет пен құқық анықтамаларындағы таптық үндестік біртіндеп жалпы әлеуметтік үндестікпен ығыстырыла бастады. Мемлекет қайтадан ұйым немесе барлығы үшін арналған институт ретінде қарастырылды. Осы орайда оған «өзінің билігін елдің бүкіл аумағына және халқына тарататын және осыған сәйкес арнайы басқару аппараты бар, барлығына міндетті бұйрықтарды шағаратын қоғамның біріңғай саяси ұйымы» деген анықтама берілді.
Мемлекет түсінігін таза таптық тұрғыдан да, жалпы адами тұрғыдан да анықтау біржақты көзқарасты білдіреді. Нақты өмірде таза таптық та, таза жалпыадами да мемлекеттік институттар жоқ, демек, соған сәйкес мемлекет түсінігінің анықтамасы да жоқ. Осыдан мемлекет түсінігін анықтау барысында оның тек таптық элементтерін және соған сәйкес белгілерін ғана емес, сондай-ақ таптан тыс, «жалпы адами» белгілері мен сипаттамаларын да ескерген жөн.
Қорыта айтқанда, мемлекет дегеніміз кез келген қоғамның табиғатынан туындайтын таптық тар ауқымдағы міндеттерді ғана емес, сонымен қатар ортақ істерді атқару үшін қажетті саяси билік ұйымы. Бұл анықтама жоғарыда аталған анықтамаларға қарағанда мемлекет түсінігін ғана емес, сонымен бірге билік басындағы таптардың немесе топтардың мүдделерін қамтамасыз ететін институт ретіндегі мемлекеттің әлеуметтік тағайындалуын нақтырақ айқындайды. 1
1. 2. Мемлекеттің мәні мен негізгі сипаттамалары
Мемлекеттің мәні, адамдар өміріндегі оның орны мен рөлі жөнінде өткен ғасырда либералдар мен этатистер арасында туындаған пікірталас жалғасын табуда. Мемлекетті бұрынғыдай күштеу машинасы, қысым көрсету құралы ретінде біржақты түсіндіру әлі де болса сақталуда. Қазіргі кезде мемлекет көбінесе қолында билігі бар саяси күштердің немесе тұлғалардың меншігі ретінде қарастырылады. Кейбір мемлекеттанушы ғалымдар мемлекетті әрбір адамға қайырым жасауға міндетті, жалпыға бірдей игілікті қамтамасыз ететін құрылым ретінде сипаттайды.
Мемлекет көптеген ғылыми пәндермен: мемлекет және құқық теориясымен, әкімшілік құқық, саясаттану, әлеуметтік басқару ғылымымен зерделенетін көпқырлы құбылыс. Әрбір ғылым мемлекеттік басқару органдарының қызметінің белгілі бір аспектісін, олардың құрылымын, мазмұнын, бағытталуын зерттейді.
Мемлекет қызметінің маңызды бағыты - адамдардың қоғамдық өмірін басқару. Ал адамдардың қоғамдық өмірі мемлекеттік басқару теориясының объектісі мен зерттеу заты болып табылады. Сондықтан да мемлекетті әрбір адам қоғам нысаны ретінде қарастырады. Ол адамдардың қоғамдық қатынастар жүйесімен байланысты, олардың сана-сезіміне, тәртібіне және қызметіне қатысады, белгілі бір аумақта өмірді, оның ішінде экономикалық өмірді ұйымдастыруға әсер етеді. Мемлекет мемлекеттік шекарамен белгіленген аумақта өмір сүретін адамдарды біріктіреді және олардың өзара іс-әрекетін қамтамасыз етеді. Мемлекет, қысқаша айтқанда, адамдардың аумақтық ұйымдастырылуының белгілі бір тәртіптік жүйесі. Осыған сәйкес, біріншіден, ру-тайпалық қарым-қатынастар қоғамдық қатынастармен ауыстырылады. Екіншіден, әр түрлі адамдардың ұлттық, діни және әлеуметтік белгілеріне қатысты бейтарап құрылым қалыптасады. Тарихи түрде мемлекет адамдардың жаңа қауымдастығын құрады.
Мемлекет өзінің аумағында тұратын адамдарды, оның ішінде азаматтығы жоқ тұлғаларды, сонымен қатар басқа мемлекеттің азаматтарын біріктіретіндіктен, ол барлық адамдар қауымдастығының қажеттіліктерін, мүдделері мен мақсаттарын объективті түрде білдіреді. Дамудың әр кезеңінде бір жағынан адамның құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету, оның шығармашылық қызметіне еркіндік беріп, белсенділігін арттыратын, екінші жағынан - қоғамға белгілі бір ұйымдасқан бастау енгізіп, жеке адамдардың қызметін тәртіпке келтіретін мәселелердің шешілу жолын табу мемлекеттің міндеті болып табылады. Әдетте, мемлекет ешнәрсе өндірмейтіндіктен өздігімен мәселелерді шеше алмайды деп есептелсе де, ол барлық қоғамның, материалдық, әлеуметтік, рухани игіліктерді өндіру және тұтынумен айналысатын адамдардың проблемаларының шешілуіне ұйымдастырушылық және құқықтық негіз қалап, қамтамасыз етеді.
Мемлекет үшін, ең алдымен, өз халқының ұлттық мүддесін білу, оның әлемдік қауымдастық халықтарының мүдделерімен қаншалықты өзара байланысты екенін және оларға қаншалықты тәуелді екенін анықтау, осы мүдделерді жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасау өте маңызды болып саналады. Сондықтан мемлекеттік ұстанымдарға міндетті сипат беретін нормалардың тек оның құрылымдары мен механизмдері арқылы ғана қалыптасып, бекітілетіндігін атап көрсету ләзім. Мемлекет өзінің органдары арқылы заңдар мен басқа да нормативтік актілер қабылдап, олардың жүзеге асуын әкімшілік және заңнамалық әдістер арқылы қамтамасыз етеді. Бұл орайда мемлекет заңды монополияға ие және оны орындату барысында, керек болса, мәжбүрлеу тәсілін де қолданатынын баса айту керек.
Мемлекеттің мәні, сонымен қатар, өз мақсаттары мен қызметтерін жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін өзінің аппаратын - ортақ қажеттіліктерді, мүдделерді, мақсаттарды айқындаумен және қоғамның мемлекеттік-құқықтық нормаларын әзірлеумен кәсіби айналысатын адамдар тобын белгілі бір жағдайда ұйымдастырып, оларды қолдайтындығында. Бұл аппараттың күрделі құрылымы мен жан-жақты бағытталған қызметі болуға тиісті. Оның бір бөлігі заң шығару қызметімен, заңдардың орындалуымен және сот ісін жүргізумен айналысса, екінші бөлігі мемлекеттің ішкі және халықаралық деңгейдегі тұрақтылығын, оның әлемдік қауымдастықпен өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етеді. Аппараттың жағдайы, оның қоғаммен байланысы немесе одан алшақтауы, оның көлемі және иерархиялық құрылымы, қызметкерлерінің сапасы және көптеген басқа да параметрлері мемлекет, қоғам және мемлекеттік басқару үшін өте маңызды.
Ғылыми әдебиеттерде кездесетін мемлекеттің көптеген анықтамаларының ішінде келесі екеуіне тоқтап өтуге болады. Біріншісі, мемлекетті ең кең мағынада: адамдар қауымдастығы ұйымының жоғарғы нысаны ретінде, ортақ жоғары билікке бағынатын адамдардың саяси одағы ретінде, біріңғай ерікті білдіру, жалпы мүдделерді қамтамасыз ету, сондай-ақ адамның құқығы мен бостандығын қорғау негізгі мақсаты болып табылатын ұйым нысаны ретінде сипаттайды. Екінші түсінікке сәйкес, мемлекет адамдардың іс-әрекеті мен тәртібін реттейтін саяси және құқықтық байланыстар мен қатынастардың жүйесі. Басқаша айтқанда, ол саяси-құқықтық институт, саяси билік ұйымын құратын әлеуметтік институттардың жүйесі. Мемлекетті институционалдық тұрғыдан қарастыратын бағыт оны қоғамдағы адамдардың тәртібін анықтайтын нормалар жүйесімен байланыстырады. Осыған орай испан саясаттанушысы Л. Санистебан былай деп жазады: шындығына келгенде мемлекет «небәрі нақты уақыт шеңберінде орын алатын әлеуметтік тәртіпті заңдық тұрғыдан реттеудің бір түрі».
Кезкелгентарихи тұрпаттағы мемлекетті ғылыми тұрғыдан танып-білу биліктің ерекше ұйымы ретіндегі мемлекеттің ғана емес, жалпы қоғамның да негізгі сапалық сипаттамалары мен бағыт-бағдарын білдіретін оның функцияларын қарастыруды көздейді. 2
1. 3 Мемлекет функциялары жөніндегі ұғым және олардың жіктелуі
Мемлекеттің функциялары - бұл мемлекеттің жалпы адами мәні мен әлеуметтік тағайындалуы көрініс табатын және нақтыланатын оның ішкі және сыртқы қызметінің негізгі бағыттары. Бұл анықтамада мемлекет функциясының маңызды белгілері көрсетілген:
1. мемлекеттің функциялары оның жалпы адами мәнін тікелей ашып көрсетеді және нақтылайды; олардың мазмұны қоғам мүшелерінің ұлттық, жеке бастық және топтық мүдделерін ескереді.
2. мемлекеттің функцияларында оның қоғам өмірінің әртүрлі саласында атқаратын рөлі айқындалып, ел ішінде және халықаралық аренада атқаратын жан-жақты практикалық қызметі көрініс табады;
3. мемлекеттің функциялары оның тарихи міндеттері мен мақсаттарына байланысты пайда болады және дамиды; мемлекет өзінің әлеуметтік міндетін өз қызметінің тұрақты қалыптасқан бағытын құрайтын тиісті функцияларды іске асыру арқылы атқарады;
4. әртүрлі тарихи тұрпаттағы мемлекеттердің функцияларында оларға тән даму ерекшеліктері мен заңдылықтары, қоғам өміріндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани өзгерістердің деңгейі нақты көрініс табады.
Мемлекеттің әр түрлі көптеген функцияларды орындауына қарай оларды ғылыми тұрғыдан жіктеу қажеттілігі туындайды. Функциялар бір бірінен келесідей жалпы белгілері бойынша ажыратылады: біріншіден, мемлекеттік әсер ету объектісінің ерекшеліктері, өзінің қызмет ету процесінде мемлекет ықпал ететін қоғамдық қатынастардың ерекшеліктері бойынша; екіншіден, әрбір функция мазмұнының, яғни мемлекет қызметінің біртекті, бір-біріне ұқсас түрлерінің өзіндік ерекшеліктері бойынша.
Мемлекет функцияларын қоғамдық өмірдің салаларына байланысты, атқаратын міндеттеріне қарай ішкі және сыртқы деп топтастыруға болады. Мысалы, экологияны қорғау, экономиканы, мәдениетті, ғылым мен білім беруді дамыту - бұл оның ішкі функцияларын құрайды. Елдің қорғанысы, бейбітшілікті қамтамасыз ету мен әлемдік тәртіпті қолдау және тағы басқалар мемлекеттің сыртқы функцияларына жатады.
Мемлекеттің ішкі және сыртқы функцияларының арасында негізгі және қосымша функцияларын да атап өткен жөн. Негізгі функциялар - бұл белгілі бір тарихи кезеңде түбірлі стратегиялық міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыру жөніндегі мемлекет қызметінің жалпы маңызды бағыттары. Оларға бірқатар сипаттар тән: біріншіден, оларда мемлекеттің жалпы адами мәні, оның әлеуметтік бағыты айқын көрініс тапқан. Мәселен, бір жағынан байланыс құралдарын ретке келтіру, жол құрылысы мен жөндеуді қамтамасыз ету, көлік жұмыстары, өсімдіктерді аурулардан қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияларға қатысу, эпидемияға қарсы күрес сияқты қызметтерін, екінші жағынан, мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік қызметін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, меншіктің барлық нысандарын қорғау, елдің қорғанысын жүзеге асыру іспетті қызметінің бағыттарын салыстыру жеткілікті.
Екіншіден, арнайы органдар арқылы (мысалы, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, жоғары білім беру, дипломатия, сыртқы сауда және т. б) іске асырылатын мемлекеттің көптеген функцияларына қарағанда негізгі функциялар әр түрлі жағдайда мемлекеттік аппараттың көптеген буындары арқылы орындалса да жалпы мемлекеттік қызметке жатады.
Үшіншіден, өзінің мазмұны мен құрылымы жағынан негізгі функция кешенді, жинақы сипатта болады, сондықтан жүйелі талдауды қажет етеді. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы қызметінің шешуші, негізгі бағыттарының біріне күш-жігерді шоғырландырады. Әлеуметтік өмірдің нақты саласындағы өзара ұқсас ауқымды қоғамдық қатынастар оның негізгі объектісі болып табылады. Осыған байланысты мемлекеттің негізгі функциялары қоғамдық қатынастарға мемлекеттік ықпал етудің басты бағыттары бойынша көптеген қосымша функцияларға топтастырылады. Бұл функциялар негізгі функциялардың құрылымдық бөліктері бола тұра, қоғамдық өмірдің нақты саласында мемлекеттің міндеттерін орындау жөніндегі қызмет бағытын білдіреді.
«Қосымша» деген термин көптеген сан түрлі функциялардың ішінен көлемі ауқымды, мазмұны бойынша жалпы мемлекеттің негізгі функцияларын анықтау үшін шартты түрде қолданылады. Негізгі функция әр қилы функциялардың жиынтығын емес, ішкі бірлігі бар, мақсатты бағытталған мемлекет қызметінің көптеген бағыттарының жүйесін білдіреді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz