Банк секторының қаржылық


ӘОЖ 336. 717. 061. 1/. 2:336. 713 Қолжазба құқығында
МАҚЫШ СЕРІК БИХАНҰЛЫ
Коммерциялық банктің активі мен пассивін басқару теориясы,
әдістемесі және тәжірибесі
08. 00. 10 - Қаржы, ақша айналысы және несие
Экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу
үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008
Жұмыс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орындалды
ҚР ҰҒА-ның академигі, экономика ғылымдарының докторы
Сейітқасымов Ғ. С.
экономика ғылымдарының докторы
Кучукова Н. К.
экономика ғылымдарының докторы
Искакова З. Д.
экономика ғылымдарының докторы
Тұрғұлова А. Қ.
Халықаралық бизнес университеті
Қорғау 2009 жылдың 23 қаңтарында сағат 14-де Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық унверситетінің жанындағы экономика ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін құрылған Д 14. 02. 01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде өтеді, мекен-жайы: 050035, Алматы қаласы, Жандосов көшесі, 55, 144 бөлме.
Диссертациямен Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық унверситетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат «» желтоқсанда 2008 жылы таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғылыми хатшысы, э. ғ. д. Темірбекова А. Б.
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі және мәселенің зерттелу дәрежесі. 2007 жылғы 27 ақпандағы ҚР Президентінің халыққа жолдауының алтыншы бағытында еліміздің Қаржы жүйесінің ырықтандыру жағдайындағы тұрлаулылығы мен бәсекеге қабілеттілігінің жаңа деңгейі туралы бірқатар міндеттер белгіледі. Ондай міндеттердің қайсысы болмасын зерттелгелі отырған тақырыптың өзектілігіне негіз болатыны сөзсіз, соның ішінде тақырыпқа тікелей қатысты міндеттер ретінде, біздің ойымызша отандық банктердің бәсекелестігін арттыру мақсатында банктерге өз қызметінде жаңа технологияларды игеру, сондай-ақ банктердің капиталын ұлттық ауқымдағы «ұшқыр» жобаларды қаржыландыруға жұмылдыру міндеттері кезек күттірмейтін мәселеге айналуда.
2006 жылы 15 қарашада өткен Қаржыгерлердің VI Конгрессінде 2003-2006 жылдардағы қаржы секторының даму тұжырымдамасының іске асырылу нәтижелері талқыланып, ҚР-ның қаржы секторының дамуының 2007-2009 жж арналған тұжырымдамасы жасалған болатын. Тұжырымдамада ең бастысы банктік сектордың бәсекелестік қабілеттігін арттыру, соның ішінде банктік қызметтер нарығындағы бәсекелестікті күшейту мақсатында қаржы секторын ырықтандыру, банктік мекемелердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, олардың капиталдану деңгейін көтеру және тәуекелдерді басқару жүйесін дамыту міндеті белгіленді.
ҚР Президентінің 2008 жылғы 7 ақпандағы халыққа жолдауында банк секторының бәсекелестік қабілеттігі мен тұрақтылығын арттыру міндетін белгілей отырып, банктерге мемлекеттік қолдаудың біржақты бола алмайтындығын, яғни тәуекелдердің өздеріне тиесілі бөлігін алуға тиістігін, сондай-ақ банктердің акционерлері өздерін дамытуы үшін қосымша ресурстар тартқысы келмесе немесе оған қабілетсіз болса, ондай кезде мемлекет қажетті шаралар қолдануға дайын болу керектігі айтылды.
2007 жылы отандық банктеріміз бен компаниялардың сыртқы қарыздары ЖІӨ-ге қатысты 95 пайызды құрады немесе 91 млрд. АҚШ долларына дейін өсті, соның ішінде 45, 4 млрд. АҚШ долларына жуық қарыз бұл барлық екінші деңгейдегі банктердің сыртқы қарыздарын құрады.
Сыртқы қарыздардың есебінен отандық банктеріміздің несиелік қоржындарындағы құрылысқа берілген несиелерінің үлесі 16 пайызды немесе 10 млрд. АҚШ долларын, ал ипоткалық несиелеу көлемі 5 млрд. АҚШ долларын құраған.
2007 жылдың басында АҚШ-та басталған ипотекалық дағдарыс біздің экономикамызға кері ықпал етпей қоймады. Дағдарысқа байланысты қазақстандық ірі банктеріміздің сырттан қарыз алудағы мүмкіндіктері шектелді, сөйтіп дәл осы уақыттары қайтару мерзімі жеткен сыртқы қарыздарды қайтаруда олардың өтімділігіне қатысты мәселелер орын алды.
Нәтижесінде кейбір халықаралық рейтингтік агенттіктер тарапынан еліміздің ірі компанияларымен қоса ірі банктерінің рейтингтерінің төмендеуі, олардың әлемдік нарықтардағы акцияларының құндарының төмендеуіне жол берді.
Осындай себептерге байланысты Дүниежүзілік банк Ресей мен Қазақстанды ипотекалық несиелеу бойынша тәуекел аумағына жатқызды.
Қазақстанның банктерінің сырттан тартқан қарыздардың көптігі байланысты Халықаралық валюталық қор (ХВҚ) тарапынан ескерту жасалған болатын. Отандық банктеріміздің өтімділік дағдарысына қарсы шаралары ретінде Қаржылық қадағалау агенттігі (ҚҚА) пруденциалдық нормативтерге бірқатар өзгерістер енгізді, соның нәтижесінде, ҚҚА-нің Басқармасының 2007 жылы 23 ақпандағы №47 қаулысына сәйкес пруденциалдық нормативтер қатарына 6-1 бөлім «ҚР бейрезиденттердің алдындағы міндеттемелерге қатысты банктердің капиталдануы» деген атпен, яғни сыртқы қарыздарды банктердің капиталдануына қатысты реттейтін қосымша нормативі енгізілді.
Отандық банктердің сырттан тартқан қарыздарына қарсы тұратын, яғни қорғаныс қызметін атқаруға тиісті банктердің капиталы десек, оның көлемі 2007 жылдың 1 желтоқсан айына 1 760, 3 млрд. теңгені немесе 14, 6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл дегеніміз банктеріміздің капиталының жоғарыда берілген сыртқы қарыздарының көлемінен 3 есе кем екендігін көрсетеді. Ендеше сыртқы қарыздардың банктің капиталынан бірнеше есе артық болуы, өз кезегінде банктердің өтімділігіне кері ықпал етіп, өз кезегінде отандық банктердің өтімділік дағдарысы мәселесін басынан кешуіне жол берді.
Жалпы қазіргі кезеңдегі қазақстандық банктік тәжірибеде орын алған өтімділік дағдарысы, өз кезегінде банктердің активі мен пассивін басқарудың тиімсіздігін, соның ішінде өтімділікті қамтамасыз ететін активтер мен пассивтерді басқаруға қатысты теория мен тәжірибедегі әлсіз тұстарынының болуын нақты дәлелдейді.
Көптеген банк қызметкерлері банктің активі мен пассивін кешенді басқару пайданы арттырып, тәуекелді азайтады деп пікір айтады. Біздің ойымызша, бұл жерде күтілетін табыстар мен өтімділікті дұрыс бағалау қауіпі бар. Бұл жерде банк активі мен пассивін басқару тәуекел мен табыстардың ара қатынасын дұрыс түсіне білу қажет, себебі, банк тәуекелін бір бағытта қысқарту, банк қызметінің басқа бағыттары бойынша оның артуына жол береді. Банк қызметінде тәуекелдің жоғары деңгейде болуы, өз кезегінде тек қана табыссыздыққа ғана емес өтімсіздікке ұшырауға себеп болары сөзсіз. Ендеше, банктік сектордағы орын алған өтімділік дағдарысынан шығуға тиісті қолданылатын шаралардың кешігуі, ертеңгі банктік дағдарысқа жол беруі әбден мүмкін. Демек, міне осы сияқты оң шешімін таппаған мәселелердің банктік тәжірибеде болуы зерттеу жұмысы тақырыбының аса өзектілігін одан әрі нақтылай түседі.
Коммерциялық банктердің активі мен пассивін басқару теориясы және тәжірибесіне қатысты мәселелер осы күнге дейін шетелдік ғалымдардың еңбектерінде басты орын алуда, атап айтсақ, Г. Марковиц, Дж. Тобин, У. Шарп, Ф. Модильян, М. Миллер, М. Дженсен, У. Меклинг, А. Смит, Дж. М. Кейнс, П. Роуз, Э. Рид, Р. Коттер, Э. Гилл, Р. Смит, Т. Кох, Б. Улиямс, Дж. Неман, О. Моргенштейн, А. Чендлер, И. Ансофф, К. Эндрюс, Г. Клейнер, А. Мовсесян, И. Хоминич, П. Диетерин, А. Фурнье, С. Липп, Дж. Мак Колл, А. Куракие, Р. Сомерс және өзгелер.
Коммерциялық банктің активі мен пассивін басқаруды қаржы менеджментінің құрамдас бөлігі ретінде ресейлік ғалымдардың: И. В. Ларионова, О. И. Лаврушин, В. М. Усоскин, К. Р. Тагирбеков, Г. Г. Коробова, М. А. Поморина, Ю. С. Масленченков, Н. Е. Егорова, И. Т. Балабанов, И. А. Бланк, Е. С. Стоянова, В. В. Ковалев, В. И. Колесников, О. М. Марков, Е. Ф. Жуков, Э. А. Уткин, Е. Б. Ширинская, О. В. Ефимова, В. В. Ковалев және т. б. еңбектерінде көрініс тапқан.
Қазақстанның қазіргі экономикалық даму жағдайында банктердің активтері мен пассивтерін басқарудың теориялық және тәжірибелік аспектілері отандық экономист-ғалымдардың: Ғ. С. Сейітқасымов, О. Б. Баймұратов, Н. К. Кучукова, Ш. Р. Әбділманова, К. Ш. Дүйсенбаев, А. Б. Зейнелғабдин, Ұ. М. Искаков, Р. Е. Елемесов, С. Ж. Интыкбаева, С. С. Арыстанбаева, Н. Н. Хамитов, З. Д. Искакова, Ә. Д. Шелекбай, Г. Т. Абдрахманова, А. А. Мусина және т. б. еңбектерінде кездеседі.
Коммерциялық банктің активі мен пассивін басқаруға бағытталған ғылыми жұмыстарға жасалған талдаудан, банктің өтімділігі мен табыстарын қамтамасыз етуде ең бастысы банк балансының құрылымын үйлесімді немесе теңгерімді басқаруға қатысты орын алған мәселелердің болуы зерттеу тақырыбының өзектілігін сипаттайды. Өкінішке орай, коммерциялық банктің активі мен пассивін басқаруды теориялық және тәжірибелік тұрғыдан зерттеулер белгілі ғалым-экономистердің еңбектерінде әр жақты көрініс тапқан. Сондықтан да, банктің активі және пассивін басқарудың теориялық және тұрғыдан жеткіліксіз мазмұны мен оның аз зерттелген әдістемелері, сондай-ақ оларды тиімді басқару тәжірибесіндегі орын алатын өзекті мәселелер бұл диссертациялық жұмыстың тақырыбын таңдауға себеп болды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты ҚР-ның екінші деңгейдегі банктерінің өтімділігі мен табыстылығын қамтамасыз ететін қазіргі заманға сай банк активтері мен пассивтерін теңгерімді басқаруға байланысты теориялық-әдістемелік және ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан негізделген ұсыныстар жасау.
Қойылған мақсатқа жету мынадай міндеттерді шешуді көздейді:
- банк ісіндегі қаржылық менеджмент ғылымына қатысты теориялардың дамуын зерделей отырып, қазіргі заманға сай банктің активі мен пассивін кешенді басқарудың мазмұнын анықтау және жасау;
- банктің активі мен пассивін кешенді басқару тетігінің және жүйесінің ұйымдастырушылық- ақпараттық негізін айқындау;
- банк құнын арттырудағы және банк тұрақтылығын қамтамасыз етудегі банкті басқару стратегияларының орны мен рөлін анықтау;
- банк активі және пассивін кешенді басқарудың банк бәсекелестігін арттыруға тигізетін ықпалын зерттеу;
- банк капиталына қойылатын нормативтік талаптардың банктердің активтері мен пассивтерін басқаруға тигізер ықпалын қарастыру;
- депозиттік қоржынды басқарудың банктің тұрақты пассивін қалыптастырудағы маңызын көрсету;
- депозиттік емес ресурстарын қалыптасу көздерін талдау мен бағалаудың, банктің өтімділігі мен тұрақтылығына тигізер әсерін айқындау;
- екінші деңгейдегі банктердің активтерінің құрылымы мен сапасын бағалай отырып, олардың қоржынындағы стандартты және жіктелетін активтердің шекті қатынасын айқындау;
- банктердің несиелік саясатының шегінде жасалған көрсеткіштер көмегімен отандық коммерциялық банктердің несиелік қоржындарының сапасын бағалау әдістемесін жасау;
- банктің оңтайлы инвестициялық қоржынын қалыптастырудың өтімділікті және табыстылықты қолдаудың қосымша резерві ретіндегі маңызын талдау және бағалау;
- банк активін басқарудағы несиелік тәуекелді басқару және бағалау әдістерін жүйелік тұрғыдан зерттеу;
- екінші деңгейдегі банктердің өтімділік тәуекелін бағалау негізінде өтімділікті басқарудың үлгісін жасау;
- отандық банктер қызметіндегі операциондық тәуекелдердің пайда болу көздері мен салдарын айқындай отырып, оны бағалау әдістерін жасау;
- нарықтық тәуекелдердің басқарудың активтер мен пассивтердің басқарудағы рөлі мен маңызын қарастыру;
- банк өтімділігін тиімді басқаруда қор қаражаттарын теңгерімді басқару әдісінің тиімділігін анықтау;
- проблемалық активтерді басқарудың банктің табыстылығын арттыруға ықпалын көрсету;
- банктердің активтері мен пассивтерін кешенді басқару стратегияларының экономикалық-математикалық үлгілерін жасау.
Зерттеу пәніне ҚР екінші деңгейдегі банктердің активі мен пассивін басқару үдерісі жатады.
Зерттеу объектісіне ҚР-ғы екінші деңгейдегі банктердің активті және пассивті операцияларын басқару қызметтері жатады.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі. Зерттеудің әдістемелік және теориялық негізіне қазіргі кездегі отандық және шетелдік ғалым-экономистердің коммерциялық банктердің активі және пассивін басқарудағы орын алатын мәселелері туралы және өтімділікті басқарудың банктің тұрақты дамуындағы рөлін сипаттайтын зерттеулері пайдаланылды.
Зерттеудің ақпараттық базасы. Зерттеудің ақпараттар базасы ретінде банк қызметіне реттеуге арналған ҚР-ның заңдары мен нормативтік актілері, ҚҰБ-нің Басқармасының қаулысымен бекітілген ережелері, нұсқаулықтар және өзге нормативтік құжаттары, ақпараттық бөлімшелерінің статистикалық және есептік деректері, ҚР ҚҚА-нің нормативтік құжаттары мен есептік деректері, ҚР-ғы ЕДБ-дің есептік материалдары, ҚР статистикалық агенттіктің сандық мәліметтері, түрлі деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары, сондай-ақ банктің активі мен пассивін басқару жайлы сұрақтарды қамтитын жергілікті және шетелдік басылымдардағы мақалалар және т. с. с. пайдаланылды.
Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы коммерциялық банктің өтімділігі мен табыстылығын қамтамасыз ететін активтер мен пассивтерді кешенді басқарудың ғылыми тұрғыдан негізделген қаржы менеджментінің жаңа тұжырымдамасы негізінде ҚР ЕДБ-дің активтері мен пассивтерін басқару тетіктерін жетілдіруге байланысты Қазақстанда алғашқылардың бірі ретінде ғылыми-тәжірибелік ұсыныстардың жасалуымен сипатталады.
Диссертациялық зерттеу барысында мынадай ғылыми нәтижелер алынды:
1 банктің активі және пассивін кешенді басқарудың теориялық-әдістемелік тәсілдері негізделді:
- басқару теориясы тұрғысынан коммерциялық банктің өтімділігі мен табыстылығын қамтамасыз ететін, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беретін және қаржылық тәуекелдерді төмендетуге ықпал ететін қазіргі нарықтық заманға сай банктің активі мен пассивін кешенді басқарудың авторлық тұжырымдамасы жасалды;
- әдістемелік тұрғыдан банктің активі мен пассивін кешенді басқару жүйесінің құрылымдық элементтері нақтыланып, сондай-ақ оның ішкі жүйелері анықталды;
- банктің активі мен пассивін кешенді басқарудың стратегиялары анықталып, оларды жасауда есепке алуға тиісті ішкі және сыртқы қауіп-қатерлер және ұзақ мерзім ішінде банктің құнының өсуіне кедергі жасайтын факторлар айқындалды;
2 Коммерциялық банктің капиталының құрылымын кешенді басқару тәсілі әдістемелік тұрғыдан негізделді және жасалды:
- банктердің капиталдарының өсуін шектейтін, қазіргі кезде қолданылатын нормативтік талаптардың кемістігі айқындалып, капиталдың мөлшерін арттыруға байланысты әдістемелік негізделген ұсыныстардың банк капиталын басқару тиімділігін арттыруға тигізер ықпалы қарастырылды;
- екінші деңгейдегі банктердің депозиттік ресурстарының қалыптасуы мен орналасуы жағдайына кешенді талдау жүргізу нәтижесінде, банктердің оңтайлы депозиттік саясаттың іске асырылу қағидаттары мен депозиттік қоржынды басқару тиімділігін бағалау әдістері жасалды;
- екінші деңгейдегі банктердің тартқан депозиттік емес ресурстардың олардың өтімділігі мен табыстылығына тигізетін кері әсері анықталып, оларды азайту жолдары ұсынылды;
3 Коммерциялық банк активтерін қоржындық басқару тәсілі әдістемелік тұрғыдан негізделді:
- екінші деңгейдегі банктердің активтерінің құрамы мен сапасына талдау жасау барысында проблемалық активтер айқындалып, олардың банк өтімділігі мен табыстылығына тигізер ықпалы анықталды;
- екінші деңгейдегі банктердің несиелік қызметіне баға беріліп, несиелік қоржынды басқару әдістерін жетілдірудің жолдары қарастырылды;
4 Қаржылық тәуекелдер қоржынын кешенді басқару тәсілінің әдістемесі жасалды және негізделді:
- банктердің қоржындық несиелік тәуекелдерін бағалау әдістемесін жетілдіруге арналған нормативтік көрсеткіштер жүйесі жасалды;
- екінші деңгейдегі банктердің өтімділік тәуекелін бағалау негізінде өтімділікті жоспарлау әдістемесі мен стресс-тестілеу үлгісі әзірленді;
- отандық банктер қызметіндегі операциондық тәуекелдердің пайда болуын анықтайтын ақпарат көздері жүйеленіп, Базель-2 келісіміне сәйкес тәуекелдерге қатысты резервтік капитал құру әдістемелері ұсынылды;
5 Банк активтері мен пассивтерін теңгерімді басқаруды жетілдіруге байланысты ұсыныстар:
- банк балансын басқару арқылы өтімділікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін өтімділікті басқарудың үлгілері ұсынылды;
- қазақстандық екінші деңгейдегі банктердің қызметінде «Проблемалық активтерді басқару бөлімшесі» мен «Проблемалық активтер комитетін» құру қажеттігі негізделіп, олардың өзге бөлімшелермен өзара байланысының сызбасы жасалды;
- коммерциялық банктердің өтімділігі мен табыстылығын болжауға мүмкіндік беретін банктердің активтері мен пассивтерін басқару стратегияларының жеке және толық экономикалық-математикалық үлгілері ұсынылды.
Қорғауға шығарылатын негізгі тұжырымдар
- банктердің өтімділігі мен табыстылығын қамтамасыз ететін банктің активі және пассивін кешенді басқарудың авторлық көзқарасы;
- автордың ұсынатын банктің активі мен пассивін басқару қазіргі жүйесінің құрылымдық элементтері, сондай-ақ оның ішкі жүйелері;
- банк өтімділігін қолдауға қажетті отандық банктердің капиталдарының төменгі мөлшерін көтеруге байланысты жасалған ғылыми-тәжірибелік ұсыныстар;
- екінші деңгейдегі банктердің депозиттік қоржынын басқару жүйесін жетілдіруге қатысты әдістемелік ұсыныстар;
- екінші деңгейдегі банктердің тартылған қаражаттарының құрылымындағы сыртқы қарыздардың көлемін шектеуге байланысты ұсыныстар;
- банктердің несиелік қоржынының сапасын бағалауға арналған нормативтік көрсеткіштер мен олардың тиімділіктері;
- екінші деңгейдегі банктердің өтімділіктерін жоспарлау әдістемесі мен стресс-тестілеу үлгісі;
- отандық банктер қызметіндегі операциондық тәуекелдерін басқаруда Базель-2 келісіміне сәйкес тәуекелдерге қарсы резерв құру және оларды баллдық жүйемен бағалау әдістемелері;
- банк балансын теңгерімді басқару арқылы өтімділікті басқарудың қарапайым үлгісі;
- «Проблемалық активтерді басқару бөлімшесі» мен Проблемалық активтер комитетін» құру сызбасы және олардың қызметі мен міндеттері туралы ұсыныстар.
Зерттеу нәтижелерінің тәжірибелік маңызы. Диссертациялық жұмыста жасалған ғылыми нәтижелер Қазақстанның банктік секторындағы активтер мен пассивтерді басқару жағдайы мен дамуын объективі түрде бағалауға мүмкіндік жасайды. Ғылыми жаңалыққа жататын автордың жасаған ғылыми идеялары, теориялық тұжырымдамалары мен түйіндерін кейбір отандық банктердің активтері мен пассивтерін басқаруға байланысты нақты ұсыныстарын қызметтерінде пайдалануда.
Зерттеу нәтижелерінің мақұлдануы және енгізілуі. Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда және жобаларда, соның ішінде Алматы қ. (2003-2008жж), Одесса (2007ж), Бишкек қ. (2007ж), Тбилиси қ. (2008ж), Минск қ. (2008ж) баяндалып, сондай-ақ ғылыми мақалалар түрінде «Қаржы-қаражат», «Банки Казахстана», «Аль-Пари», «ҚазҰУ хабаршысы», «ҚазЭУ хабаршысы», «Вестник Университета Туран», «Аграрлық нарық проблемалары», «Қазақстан жоғары мектебі», «Ізденіс», «Ізденістер, нәтижелер», «Вестник Университета международного бизнеса», «Наука и новая технология» (Бишкек қ. ), Известия ВУЗ-ов (Бишкек қ. ) және «Вестник Ассоциации Беларусских банков» (Минск қ. ) журналдарында жарияланды.
Ғылыми-зерттеу нәтижелері «Банк ісі» оқулығында (2007ж), «Банковское дело» оқулығында (өзге авторлармен бірге) (2007ж), «Банк ісі» оқу құралында (өзге автормен бірге) (2004ж), және «Коммерциялық банктер операциялары» (2004ж), оқу құралында енгізіліп оқу үдерісінде пайдаланылуда. Тәжірибелік ұсыныстар «Центркредитбанкі» АҚ, «АТФ банк»АҚ және «ҚазИнКомБанк» АҚ-ның жұмыстарында мақұлданып енгізілді.
Зерттеу нәтижелерінің жариялануы . Диссертацияның тақырыбы бойынша жалпы көлемі 101, 54 б. т. 40 ғылыми жұмыс жарияланды.
Диссертацияның құрылымы. Диссертацияның құрылымы кіріспеден, 5 тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан және 56 кесте, 35 суреттен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертацияның бірінші топтағы мәселесі бұл қаржылық менеджмент ғылымының дамуымен, оның банк қызметіндегі рөлі мен орынын және Қазақстанның банктік тәжірибесіндегі бүгінгі жағдайын бағалаумен, коммерциялық банктің активі мен пассивін басқару үдерісін ұйымдастыруға тигізетін ықпалын анықтаумен байланысты.
Қаржылық менеджменттің ғылымының негізгі өзегіне «Қоржын теориясы» мен «Капитал құрылымы теориясын» жатқызады. Осы екі теорияның да кез келген кәсіпорынның қаржысын басқаруға, соның ішінде коммерциялық банктің активі мен пассивін басқаруға тікелей қатысы бар. «Қоржын теориясының» негізін қалаушы Г. Марковиц активтердің жиынтық тәуекелін тәуекелді активтерді бір қоржынға біріктіру арқылы төмендетуге болатындығы айтылады. Іс-жүзінде аталған теория тәуекелді активтердің ықшамды қоржынын қалыптастыру тәсілдерін анықтап бере алды.
«Капитал құрылымы» теориясы банктің капиталының ықшамды құрылымын бағалауға мүмкіндік береді. Мұндағы банктің капиталы деп оның меншікті және тартылған қаражаттары түсіндіріледі.
Келесі теориялық тұжырымдамаға «Агенттік қатынастар» теориясын зерттеушілер Майкл Дженсен мен Ульям Меклинг өз еңбектерінде акционерлер мен менеджерлердің, сондай-ақ акционерлер мен кредиторлардың арасындағы өзара қарым-қатынас заңдылықтарын ашады. Өзге агенттік теке-тірес бұл акционерлер мен кредиторлар арасында болуы мүмкін. Ол егер акционерлер менеджер арқылы фирманың немесе банктің құнының өсуін талап етсе, онда мұндай жағдайда кредиторлардың мүддесі аяққа тапталады.
Банктегі менеджментінің теорияларының біріне өтімділікті басқару теориясы жатады. Өтімділікті басқару теориясы іс-жүзінде коммерциялық банктердің пайда болуымен және дамуымен бірге пайда болған.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz