ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ (ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ЭТИКА-ЭСТЕТИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ)


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 211 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ

ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Жаңартпа технологиялар және

Білім беру мазмұнын ҒЗИ

Ұлттық тәрбие

(Ұлттық тәрбиенің этика-эстетикалық негіздері)

Оқу құралы

Алматы, 2011

УДК 394/395+18

ББК 63. 3 (5Қаз) +87. 817

Ұ 43

Ғылыми кеңесші:

Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, академик С. Ж. Пралиев

Пікір жазғандар:

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Төлеубекова Р. К.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Керимов Л. К.

Баспаға Абай атындағы ҚазҰПУ-де мемлекеттік грант бойынша жүргізілген ғылыми жобаның нәтижесі бойынша ұсынылған

(№15, 01. 04. 2010 ж. )

Ұ 43

Ұлттық тәрбие (ұлттық тәрбиенің этика-эстетикалық негіздері) : оқу құралы. Құрастырушылар: п. ғ. д., профессор, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі Пралиев С. Ж., т. ғ. к., профессор Нуриев М. А., Якупова А. Н., ф. ғ. к. Сейсенбаева Ж. А., п. ғ. д., доцент Аганина Қ. Ж. - Алматы, 2011. - 241 б.

ISBN 978-601-232-442-6

Бұл оқу құралында қазақ халқының ұлттық тәрбие берудегі ұлттық діл мен ұлттық нақышқа негізделген төл мәдениеті мен озық өркениеті, этика-эстетикалық тәрбиесі теориясы мен практикасы жан-жақты ашылып қарастырылған. Ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбие негізі сарапталып, олардың әдеп пен әдемілік тұрғыда тәрбиелік қырлары көрсетілген. Ұлттық тәрбиелік білім негізін әдеп пен әдемілік тұрғыдан жастарға бағыт-бағдар беру қыры жан-жақты сараланған.

Оқу құралы студент жастарға, оқушыларға, білім беру саласындағы қызметкерлер мен жалпы оқырман қауымға арналған.

УДК 394/395+18

ББК 63. 3 (5Қаз) +87. 817

©Абай атындағы ҚазҰПУ, 2011 ж.

Алғы сөз

Қазақстан Республикасының

Егемендігінің 20 жылдық

мерейтойына арнаймыз!

Қолдарыңызға ұсынылып отырған «Ұлттық тәрбие» (Ұлттық тәрбиенің этика-эстетикалық негіздері) атты оқу құралының қазіргі таңда тәрбие мәселесінде алар орны ерекше. Оқулықтан оқырман ұлттық діл мен ұлттық нақышқа негізделген этика-эстетикалық тәрбие көздерін, төл мәдениетіміз бен озық өркениет үлгілерін және де халық даналығынан мысалдар кездестіреді. Сол сияқты, жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңірудің тиімді жолдары ұсынылады. Өз халқының мәдениетін, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті азамат қалыптасады дейтін болсақ, қазіргі кезде өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде қойылған мақсаттардың бірі қоғамға пайдалы, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру. Осы мақсатты жүзеге асыруда бұл оқулықтың тиер пайдасы мен ролі өте жоғары.

Халқымыздың әлеуметтік өмірінде үлкенді сыйлау ұлттық дәстүрге айналған. Отбасында, балабақшада, қоғамдық орындарда үлкенді сыйлау дәстүрін бұзбау және оны қастерлеу әрбір адамнан талап етіледі. Тәлім-тәрбиелік мұрамызға үңіліп қарайтын болсақ, ол әр кезде де адамгершілікті, қайрымдылықты, мейірбандықты дәріптеп отырған. Сондай-ақ, ата-бабаларымыз баланы бесігінен жақсы әдеттерге баулыған. Адамгершілікті, ар-ұяты бар адамның бет-бейнесі иманжүзді, жарқын, биязы, өзі көргенді де, парасатты болып келеді. Ондай адам халық арасында «Иман жүзді кісі» деп құрметпен қаралып, сыйға ие бола алған. Демек, балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді қашан да бойына сіңіріп отыру қажет. Жастарды үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, адамгершілікке баулып отыру қажет. Ал, адамгершілікке баулу - адамгершілік тәрбиесінің жемісі. Жас ұрпақты адамгершіліке тәрбиелеуде қашанда халық тәрбиесін үлгі ұстаған жөн. Ал, адамгершілікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы осы іске көзін жеткізу, сенімін арттыру. Осы қасиеттерді балаға жасынан бойына сіңіре білсек, адамгершілік қасиеттердің берік ірге тасын қалағанымыз. Өйткені, адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Адам баласының мінез құлқына тәрбие мен тәлім арқылы тек білім мен ақылды ұштастыра білгенде ғана сіңетін, құдіретті, қасиеті мол адамшылық атаулының көрінісі болып табылады.

Ұрпақ тәрбиесі - келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу - біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Осыған байланысты, бұл оқу құралының көтерер жүгі мен атқарар міндеті аса ауқымды.

Негізгі мақсаты ұлттық ділді, ұлттық рухты, этика мен эстетикалық тәрбиенің ұлттық иірімдерін дәріптеп, жастарға заманауи тұрғыда тәлім-тәрбие беруде ықпалы зор. Ұлттық ділі мен ата-дәстүр мәдениетінен, әдет-ғұрпынан алшақтап бара жатқан жастарды өз халқының асыл мұрасына назарын аудартып, халқымыздың өзіне тән ұлттық құндылықтарын мақтан тұтуға; қазақ халқының бай мәдениеті мен озық өркениеті үлгілерін танытып, таныстырып отыру осы кітаптың асыл мұраттары болмақ.

Қорытындылай келе, осы оқу құралы өз оқырман жүрегінің төрінен орын алып, ұлттық тәлім-тәрбие берудегі қайталанбас өзіндік өрнегі бар үлесін қосарына сенімдіміз.

Бұл оқу құралы Абай атындағы ҚазҰПУ-де мемлекеттік грант бойынша жүргізілген ғылыми жобаның нәтижесінде дайындалған.

Этикалық әдеп дәстүрлерінің ғылыми негіздері мен мән-маңызы

  1. Этика терминінің пайда болуы;
  2. Ұлттық этиканың қалыптасуы, дамуы;
  3. Этика мен моральдың ара қатынасы. Олардыңкатегориялары мен атқаратын негізгі функциялары
  1. Өткенсіз бүгін жоқ. Жүріп өткен жолыңды, тарихыңды ұмыту - болашағыңа балта шабу. Демек, әр халықтың әрі қарай өмір сүруі мен келешегінің гүлденіп, дамуы, әрине өткенінен, тарихынан нәр алуы арқылы жүзеге асады. Соған байланысты, не нәрсенің бәрі қай кезде де өткендегімен тығыз байланысты болып отырады да, жаңа дүниелер тек өткен ғасырлардағы мұралардың белгілі бір саласын меңгеру негізінде ғана жасалынады. Кез келген адамның қайсыбірі болмасын өзінің қызметін, іс-әрекетін белгілі бір қоғамдық жағдайларда, алғышарттарда (ол мейлі рухани, не материалдық болсын) бастайды. Ал сол қоғамда жүріп жатқан адамдардың іс-әрекетін бақылауға алып, реттеп отыратын этика, әдеп дәстүрлері болып табылады.

Ол туралы айтпас бұрын, ең бірінші «этика» терминінің шығу тарихына тоқталатын болсақ, бұл термин философиялық деректемелер бойынша өз бастауын Аристотель еңбектерінен алған болатын. Аристотель өз зерттеулерінде адам проблемаларына ерекше көңіл бөліп, оларға тиісті талдау жасайды. Аристотельдің айтуынша, мемлекет басындағы заң шығарушының міндеті - азаматтарды жақсы қылықтарға, ізгі ниеттілікке үйретіп, оларды тек игілік істерден ғана ләззат алатындай дәрежеге жеткізу. Сондай-ақ, ол өз еңбектерінде мораль проблемасына да тоқталған. Оның айтуынша, жоғарғы мінез-құлық қасиеттерінің әрқайсысы - біріне-бірі қарсы екі түрлі ұшқары қылықтың аралығы. Бұлардың екеуін де теріс қылықтарға жатқызған. Атап айтар болсақ, батылдық - қорқақтық пен басбұзарлықтың аралығы, сыпайылық - ұялшақтық пен ұятсыздықтың, мырзалық - сараңдық пен дүние шашушылықтың аралығы, т. с. с. тізіп алып кете берген. Ал, ең жақсы адам - ұлылық дәрежесіне жеткен кең пейілді, қайырымды адам, ол өзін мақтағанды, басқа біреуді жамандағанды сүймейді, өзінің күштілігін әлсіздердің арасында көрсетпеуге тырысады. Жауға ашық жау, досқа ашық дос болғысы келеді. Оның көңілі пайдалыға емес, тамашаға, сұлулыққа ғана ауады. Қайырымды, ақ пейілді кісінің жүрісі жайлы, даусы төмен, сөзі мазмұнды болуға тиіс деп ой түйген.

Ал, қазақ этикасы туралы басылымдарда «әдеп», «мораль», «адамгершілік» сияқты ұғымдар жиі қолданылады және оларға әртүрлі анықтамалар беріледі. Олардың бірінде бұл терминдерді өмір сүру барысында қалыптасқан мінез-құлық, іс-әрекет ұқсастықтарын білдіретін әдет-ғұрып деп түсіндірілсе, екіншісі - мінез-құлықтың жоғары көрсеткіші деген пікірді ұстанады. Жалпы, сайып келгенде қазақ дүниетанымындағы «әдеп», «мораль», «адамгершілік» сияқты ұғымдар өз бастауын сонау түркі халықтарынан алады. Оған балама ретінде римдік әйгілі шешен Цицерон (б. з. д 106-43) жасаған моральдық деген латынша сөз негізінде б. з. IV ғасырда мораль сөзі қалыптасады. Сөйтіп, «этика» мен «мораль» бір ұғымның атауын білдіретін бір ғана термин болды. Бертінде басқа тілдерде де оларға балама сөздер шықты. Қазіргі қазақ терминологиясында «мораль» сөзі - «мораль», «этика» сөзі «әдеп» болып алынған. «Мораль» сөзінің орнына «адамгершілік құлық» сөзі қолданыла береді. Алайда «әдеп» сөзі көбінесе орыстың вежливость, такт, тактичность сөздерінің баламасы ретінде жұмсалатындықтан, ол бірқыдыру жағдайда «мораль», «этика» терминдерінің толық мағынасын бере алмайды.

Демек қорытындыласақ, қазіргі күнде көптеген мамандар этиканы әдептану деп те аударып жүр. Егер, біз этиканы рационалды моральмен байланыстырсақ, онда ол әдептің реттеушілік табиғатын түсіндіреді. «Этика мәдениет жүйесіне оның рационалдық-логикалық бастамасы ретінде адам өміріндегі әдептілік-адамгершілік көріністерін рационалды ойлау тіліне аударуы арқылы енеді. Этиканы - философиялық тұрғыда, адамның күнделікті өмірде қолданатын принциптерін қадағалайтын практикалық ғылым десек те болады». Сонымен, «Этика» - ғылым саласы болса, «әдеп» - оның зерттеу нысаны, қоғамдық сана-сезім формасы болып табылады екен.

  1. Әр елдің орналасу аймағы мен тіршілік салты, сол сияқты, өмір сүру дағдыларына байланысты сол елдің ортақ мінез-құлық ережелері, жүріс-тұрысы мен тыныс-тіршілігі қалыптасады. Сондай ұлттық сипатты белгілейтін ұғымдар тізбегі өте көп десек, солар этикада жинақталып, көрініс табады. Ұлттық этика өзінің тарихи айқындылығымен де, адамгершілік қуат-тегеурінімен де, көл-көсір молдығымен де халықтың рухани өмірінде ерекше орын алады. Ұлттық этика, қазақ этикасының қайнар көздері: скиф-сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мен түрік бірлестіктері мәдениетінен нәр алған. Сонау Күлтегін ескерткіштерінен бастау алатын түркі жұртына түгел ортақ өнегелік жазба жәдігерліктер өз алдына бір төбе рухани төл мұрамыз болып табылады. Оларға «екінші ұстаз» аталған Әбу Нәсір әл-Фараби (870-950ж. ж. ), «әулие шайық» атанған Қожа Ахмет Йассауи (1103(03) -1167), Қорқыт (ҮІІІ ғ. ), Махмұт Қашқари (ХІ ғ. ), Жүсіп Баласағұн (ХІ ғ. ), Ахмет Йегүнеки (ХІІІ ғ. ) және т. б. ойлары жатады.

Енді, солардың біразына тоқталып өтейік. Әл-Фараби этикасының ең жоғары категориясы - бақыт, өйткені, басқа бірдеңе үшін емес, тек өзі үшін қажет болатын игілік және ең жоғары игілік осы бақыттың бойына шоғырланған. Жеке бастың тұрғысынан қарағанда, бақыт дегеніміз, ұлы ғұламаның пікірінше, адамның адамгершілігіне негізделеді екен. Ақыл-ой, адамгершілік этикалық адамгершіліктен айырғысыз нәрсе: ақылды - демек, ол, адамгершілігі мол, қайырымды адам. Жетілу үшін өзіңе-өзің барынша адал болуың қажет, мұның, әсіресе, өз бойыңда бар абзал қасиетті тани білуге, соларға ие болуға және соны дамытуға қатысы бар. Әл-Фараби: «Қайырымды адам өзінің өлімін зорлап жеделдетуге тиіс емес, өйткені, өмірге деген сүйіспеншіліктің өзі игіліктің сарқылмас көзі болып табылады», - дейді. Ол дүниедегі ізгілікті барынша жоғары бағалай отырып, «Мәселенің мәні» деген трактатында туатынның және өлетіннің бәрі мәңгі өлмейтін нәрсе емес деген байламға келеді. Сондай-ақ, ол адам өмірінде кездесетін жағдайларды екі бөліп қарастырады: а) артынан мадақтауға және жазғыруға болмайтын жағдайлар; ә) мадақтауға немесе жазғыруға болатын жағдайлар. Екінші жағдайда адам бақытқа жете алмайды. Нәтижесінде әрі мадақтауға, әрі жазғыруға болатын жағдайлардың жиынтығы қосыла келгенде ол адам бақытқа жете алады. Мұндай жағдайларды үшке бөліп, топтастырады, олар: 1. Адам өзінің дене мүшелерін пайдалану үшін керекті әрекеттер, мысалы: орнынан тұру, отыру, көлікке мініп жүру, көру, есту үшін керекті әрекеттер; 2. Жан аффектілері. Мысалы: құштарлық, рахат, қуаныш, ашу, қорқыныш, жабырқау, күйіну, қызғаныш, және т. с. с. ; 3. Ақыл-парасат. Бұл үшіншісі адамның бүкіл өмірі бойында болады немесе кейде болып, кейде болмайды. Бұлардың әрқайсысы адамда не мақталады, не жазғырылады. Егер, ол оңбайтын іс істесе, онда ол жазғырылуға, ал егер ісі тамаша болса, онда мадақталуға лайық. Ал, егер де, оның жан аффектісі ойлаған жерден шықпаса, онда ол жазғырылуға лайық, егер күткендей болып шықса, онда мақталуға лайық дейді.

Қорқыт ата өзінің өсиет сөздерінде: «Өтірік сөз өрге баспайды, Өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман. Сөзіне берік, шыншыл адамға бұл дүниеде отыз жылды үшке көбейтіп, өмір сүрген де аз. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді. Қара есектің басына жүген таққанмен тұлпар болмас . . . », - десе, ал, ақиқатты адамның қайырымдылық мұратынан іздеп өткен Жүсіп Баласағұн еңбектерінен адамгершілік ұстанымдары: парасат, ар-ождан, әділет пен бақыт жайлы сұрақтарға түбірлі жауап ала аласыз. Ұлы ойшыл әйел бейнесіне аса мән береді: «Әйел затын сыйлау қажет, егер, оның мінезі керемет жақсы болса жүзің жарқын болады. Ұзақ тату-тәтті жұбайлық өмірдің тұрақтылығы мен кепілі - осы. Бар асылдың ішінде махаббат ерекше қасиеттісі. Ол жан дүниенің қайталанбас ерекше күші, рухани жетілген жандардың бірін-бірі өзіне балайтындай сыйластығы», - дейді. Ал, Қожа Ахмет Йассауи болса оқып, білім алу, иманды, ізгі қасиетті болу, жақсы мен жаманды айыра білу деген сияқты моральдық-этикалық қатынас құндылықтарын уағыздайды. Ахмет Йегүнеки өзінің дидактикалық дастанында моральдық-этикалық ілімдердің педагогикалық мүмкіндіктеріне аса мән береді, ізгі істерді, адамгершілікті, имандылықты алдыңғы орынға қояды. Махмұт Қашқари тіл мәселесіне аса мән берген. Тіл - тәрбиеліктің көрсеткіші және ақпарат алмасудың маңызды құралы деп түсіндіреді.

Бұдан кейін ұлттық әдеп ілімі Асан қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақын және т. б. шығармаларында да, кейінірек Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, т. б. дүниетанымында да заман талабына қарай биік белестен көрінеді. Соның ішінде жыраулар поэзиясында этика-эстетикалық көзқарастар біртұтасып келген. Мысалы, Бұқар жыраудың этикалық ойларының негізгі өзегі - үйлесімге ұмтылу, жақсылық пен жамандықтың арақатынасы, тұрмыс эстетикасы болып табылса, ал, Тәтіқара ақынның шығармаларында патриоттық-отансүйгіштік, адамгершілік тәрбиеге қатысты ойлар бір-бірімен астасып, тұтас тәлім-тәрбиелік идеялар жүйесіне айналған. Ақтамберді жырау шығармаларын эстетикалық ойлардың қайнар көзі деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, оның поэзиясы әсемдікті, әдемілікті, трагедиялық жағдайларды суреттеуге арналған. Өз шығармалары арқылы өзі өмір сүріп отырған заманының эстетикалық идеалын көрсетуі және оған ұмтылуы Ақтамберді поэзиясының эстетикалық құндылығын толықтырады. Үмбетейдің жыр-толғауларында этика-эстетикалық ойлар өзі өмір сүріп отырған заманның тұрмыстық келбетінен туындап, сол кездің құндылықтарын сипаттау арқылы көрінеді. Мәселен, тұрмыс-тіршілігі көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болған қазақ қоғамында төрт түліктің орны ерекше болғандығы мәлім. Соған байланысты жыраудың толғауларында төрт түлікке, олардың сынына байланысты жолдар көптеп кездеседі. Бұл бағыттардың ұрпақ үшін, оның эстетикалық тәрбиесі үшін маңызы өлшеусіз. Сол сияқты, ұрпақтың эстетикалық тәрбиесі үшін маңызы зор өлеңдер Шал ақында көптеп кездеседі. «Дос болма майда тілді күлгенменен, сырты ғана жылтырап жүргенменен» деп өсиет айтқан Шал ақын сыртқы сұлулық пен ішкі сұлулықтың арақатынасын ашып берді. Өлеңдерінде Шал ақынның ішкі дүниесі, оның эстетикалық қабылдау жүйесі анық көрініс береді. Ақынның түсінігінде өмірдегі үйлесім - артына ұрпақ қалдыру болып табылады. Шал ақынның шығармашылығын талдау барысында ондағы эстетикалық ойлардың қарым-қатынас, мінез-құлық, жақсылық пен жамандық, әсемдік пен ұсқынсыздық, асқақтық пен төмендік эстетикасына қатысты құрылғанын көреміз. Бұл ақынның алдындағылардан ерекшелігі - ол тек сипаттап қана қоймай, сонымен бірге, үлгі алуға, жаманнан жиренуге, жақсыдан үйренуге шақырады, яғни тікелей эстетикалық тәрбие беруге бағытталған.

Абай қазақ этикасының түбегейлі ұстанымы - «Адам болу» талап-мұраттарын жоғары деңгейге қояды. Орыс білімі мен ислам дінінің құндылықтарын тоғыстырып, қазақ адамын заман талаптарына сай қалыптастыруға ұмтылады. Еуропалық білім жүйесінің озық жақтарын қазақ қоғамына сәйкестендіруге тырысады және «Адам болуды» негізгі бағдар ретінде қабылдайды. Этика тақырыбын қозғағанда иман мәселесіне көп көңіл аударады. «Ұят кімде болса иман сонда» деген мақалды Абай өзінің отыз алтыншы сөзіне негіз етіп, ұят түсінігін екі түрге бөліп қарастырады: надандықтан туындайтын ұят; иманға қатысты шын ұят. Олардың айырмашылығын ұяттың пайда болуы себептерінен іздестіреді. Біріншісі - не шариғатқа, не ақылға теріс, жазығы жоқ болса да өзінен-өзі қысылатын жалқаулық, жалтақтық, қорқақтық, жігерсіздік, жауапсыздықтан туындайды; екіншісі - не шариғатқа, не ақылға, не адамгершілікке кесел тигізетін, не нәпсінің жолында абыройға нұқсан келтіруден басталатын, өзіне ішкі жаза тарттыратын жоғары сезім. «Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты», - деп анықтайды Абай. Бастапқы мағынасы тұрғысынан болсын, санаға ену жолынан болсын иман ұғымында діни мазмұн басым екендігіне қарамастан, гуманист Абай иманды адамшылық өлшемі ретінде қабылдайды.

Шәкәрім болса өзінің «Үш анық» атты еңбегінде әдептанудың көптеген сұрақтарын теориялық тұрғыда ашып көрсетеді, моральды «Ар ілімі» деп қарастырады. Ар-ожданның мазмұнын нысап, әділет, мейірім құрайды деп дәлелдеп, оларды адамшылық ұғымымен байланыстырады.

Сонымен, қорытындылай келе, көп көңілін аулай білу, кішілік таныту, ибалылық көрсету - әрі тәрбиеліліктің, әрі мәдениеттіліктің нышаны, яғни, үлкен өнер, өнеге. Демек, әдептанудың негізгі мақсаты адамға жамандықтың зияндылығын түсіндіріп, одан бойын аулақ салуға үйретіп, тура жолды - әдептілік, адамгершілік жолын сілтеуі. Жақсы адам болу үшін - әдептілік-инабаттылық үрдістерін бойына дарытып, үйренуі керек. Өйткені, әдептілік нәсіл қуатын нәрсе емес. Бұған ата-бабамыздың «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Бір атадан ала да туады, құла да туады», «Қас батырдан қорқақ, қас шеберден шорқақ, қас жорғадан жортақ тууы мүмкін» деген сияқты т. б. мақалдары дәлел бола алады. Данышпанымыз Абай да: «Қолымда билік күші болса, адам мінезін жөндеуге болмайды» деген кісінің тілін кесер едім», - деген сөзінің мәні де соған дәлел емес пе?

Әдептілік - адамгершіліктің басты белгісі, оның бірінші шарты. Ол имандылыққа, ар-ұятқа байланысты. Қазақта “жақсы адам”, “жаман адам” деген ұғым бар. Жақсы адам - мәдениетті, кішіпейіл, сыпайы, ал жаман адам - арсыз, дөрекі, менменшіл деген мағынаны білдіреді. “Әдептің не екенін, әдепсіз адамды көргенде білерсің”, - дейді дана халық.

Әдеп сақтау, ол қоғам мүшелерін ата-бабадан қалған, бұрыннан қалыптасқан әдептілік ережелерін бұзбауға міндеттейді. Әдепті бұзған адамға қауым мүшелері кінә тағып, оған моральдық талап қоюға құқылы, себебі әдепті сақтау - әлеуметтік дәстүріміздің негізі, халқымыздың ғасырлар бойы тәжірибе арқылы жиған қадір-қасиетінің өлшемі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бастауыш сынып оқушыларына эстетикалық тәрбие берудің педагогикалық мәселелері
Тұлғаны қалыптастыруда дене тәрбиесінің маңызы
Қазақ мектептерінде халық педагогикасы дәстүрлерін пайдалануды ұйымдастыру шарттары
Бастауыш сынып оқушыларын адамгершілік- эстетикалық тәрбиесін қалыптастырудың педагогикалық негізі
Сынып оқушыларына эстетикалық тәрбие берудің міндеті маңызы
Адамгершілік
Бастауыш мектептің оқыту процесінде оқушыларға адамгершілік тәрбиесін беру
Адамгершілік сананы қалыптастыру әдістері
Адамгершілік – рухани тәрбиенің маңыздылығы туралы ақпарат
Ұлттық тәлім-тәрбие
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz