Қазақстанда жүзеге асырылған ұлттық маңызды жобалар


Жоспар
- Кіріспе
- Қазақстанда жүзеге асырылған ұлттық маңызды жобалар
2-1. Қысқы Универсиада 2017
2-2. Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті
2-3. VII Қысқы Азиада Ойындары
2-4. Діндер Көшбасшыларының Съезі
2-5. Қазақстанда жүзеге асырылған және алдағы уақытта жүзеге асуы жоспарланған көлік-логистикалық жобалар
3. Қорытынды
4. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Жоба - жасалуға, қайта құрылуға, қалпына келтірілуге, салынуға тиісті кәсіпорындар мен ғимараттардың, қондырғылар мен жабдықтардың, аппараттардың, т. б. макеттері, есептеулері және принципті дәлелдері көрсетілген техникалық құжаттар жиынтығы.
Жобаны ғылыми тұрғыда дайындау үшін жобалық тапсырма беріледі де, сол бойынша есептеу жүргізіліп, Жоба қамтитын мәселелер тұтас шешім табады. Кәсіпорындарды жобалауға тапсырма берілгенде нарықтық экономика жағдайына сәйкес жаңа құрылыстың немесе қайта құрудың тиімділігі ескеріле отырып, техникалық-экономикалық дәлелдерге сүйенеді. Жобалық тапсырмада мынадай негізгі сипаттамалар: үкіметтің тиісті қаулысы, құрылыс салынатын аудан, шығарылатын өнім мен кәсіпорынның өндірістік қуаты, шикізатпен, отынмен, газбен, электр энергиясымен, сумен, т. б. қамтамасыз ететін көздер мен әдістер, өндірісті белгілі бір өнім түрлерін шығаруға ыңғайлау, құрылыстың аяқталу мезгілі және оның кейбір жеке бөліктерінің іске қосылуы, жұмсалатын қаражат мөлшері, өзіндік құн көрсеткіштері, болашақта ұлғайту мүмкіндіктері, т. б. мәліметтер түгел көрсетілуге тиіс.
Қазақстанда жүзеге асырылған ұлттық маңызды жобалар
Қазақстанда осы уақытқа дейін ел мәртебесін көтерген көптеген ұлттық жобалар жүзеге асырылған болатын. Олардың қатарында Алматыда 2017 жылы өткен Қысқы Универсиада ойындарын, Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті, VII Қысқы Азиада Ойындары, Діндер Көшбасшыларының Съезі, т. б.
Қысқы Универсиада 2017
Универсиаданы Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) өткен дауыс беру нәтижесінде қабылданды. Осылайша, Алматы бұрынғы кеңестік кеңістік елдерінің ішінде бірінші болып, 2017 жылы өтетін XXVIII қысқы Универсиаданың астанасына айналды. Бұған дейін 1973 жылы Мәскеу және 2013 жылы Қазан қаласы жастардың тек жазғы спорт ойындарын қабылдаған болатын. Универсиада туын Алматы қаласына беру салтанатты рәсімі 2015 жылғы 15 ақпанда Испанияның Гранада қаласында өтті. Алматыда өтетін 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданың тұмары ретінде сұңқар таңдалды. Тұмарды ұсынушылардың пікірінше, сұңқар жылдамдықты, жеңілдікті, күш-қуат пен жеңіске деген құлшынысты бейнелейді. Логотип айқын көрінетін динамикалық пішіні бар сұңқар қанаты түрінде жасалған. Осы символға орай, Алматыдағы Универсиаданың ұранына «Қанатыңды кең серпі!» тіркесі таңдалды.
XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиада 2017 жылы 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Алдын ала мәлімет бойынша, оған FISU альянсына кіретін 50 елден бес мыңнан астам студент қатысады. Шамамен үш мыңға жуық еріктілер қатарын жұмылдыру жоспарлануда.
Мегаполисті ірі спорттық шараға дайындаудағы инфрақұрылымдық база қызметін 2011 жылы өткен 7-қысқы Азия ойындарына арнап салынған нысандар атқарып отыр. Атап айтқанда, «Сұңқар» халықаралық шаңғыдан секіру кешені, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы және Алматы облысындағы Шаңғы-биатлон стадионы универсиада жарыстарын қабылдайды. Спорт жарыстары сондай-ақ «Медеу» мұз айдынында және «Шымбұлақ» тау-шаңғылы курортында өтеді. Универсиада үшін қосымша тағы Мұз сарайы, Мұз аренасы және Атлеттер қалашығы салынады.
Универсиада аясында Қазақстанда спорттың 13 түрінен (8 міндетті және 5 қосымша) жарыстар жоспарланған. Мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы спорты, сноубординг, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, керлинг міндетті спорт түрлеріне кіреді. Ал қабылдаушы тараптың ұсынысы бойынша енгізілетін қосымша спорт түрлеріне шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл, конькимен жүгіру спорты және бенди кіреді.
Қазақстанның студенттік құрамасының сегіз қысқы Универсиадаға қатысқан тәжірибесі бар. Осы уақыт аралығында Қазақстан құрамасы қоржынына 43 награда салды.
Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті
Қазіргі жаңа Қазақстан тарихындағы маңызды белестің бірі елдің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) - Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етуі болды.
Қазақстан - бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан бұл ұйымға ең алғаш төрағалық еткен мемлекет. Мүше мемлекеттердің тең құқықтылығы қағидатын және «Ванкуверден Владивостостокке дейінгі ортақ кеңістік» доктринасының пәрменділігін ЕҚЫҰ-ның сақтағанын көрсеткен бұл тарихи шешім республикамыздың халықаралық саясаттағы барған сайын артып келе жатқан рөлінің мойындалуының айғағына айналды. Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының ұраны латынның төрт «T» әрпі болды: сенім (trust), дәстүр (tradition), транспаренттілік (transparency) және төзімділік (tolerance) . Сенім - халықаралық қатынастардағы басты ресурс. Елдер арасындағы өзара сенімге құрылған қарым-қатынас пен ұдайы үнқатысып отыру ұжымдық қауіпсіздіктің заманауи жүйесінің негізін құрайды. Дәстүр Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның іргелі қағидаттары мен құндылықтарына адалдығын айшықтайды. Транспаренттілік мейлінше ашықтықты, «қосарланған стандарттың» және «жіктеу шектерінің» жоқтығын, сонымен қатар қауіпсіздік саласында басты назарды сындарлы ынтымақтастыққа бағыттауды аңдатады. Төзімділік - бұл мәдениеттер және өркениеттер арасындағы диалогтың барған сайын артып отырған маңызын түйсіну.
Төрағалықтың басты нәтижелі түйіні - ЕҚЫҰ-ның онжылдық үзілістен кейінгі 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда өткен Астана Саммиті. Оған дейінгі жоғары деңгейдегі басқосу 1999 жылы Ыстамбұлда өткен болатын.
Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мемлекет және үкімет басшысы, жоғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федеральдық Канцлері Ангела Меркель, Италия Премьер-министрі Cильвио Берлускони, т. б бар.
Астана Саммиті ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық саясатта алдын ала байқалған поляризация нышандарын еңсерудегі және Ұйымға қатысушы елдерінің өзара алыстау бағытына қатысты саяси жігерінің айқын көрінісі болды.
Еуро-атлантикалық және Еуразиялық кеңістіктердегі тұрақты қауіпсіздік мәселелері, Ауғаныстан түйткілі, «тоңы жібімей келе жатқан» қақтығыстарды шешу жайы Саммиттің негізгі тақырыптары ретінде талқыланды.
Форумға қатысушылар алдында сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа парадигмасына көшу, яғни ынтымақтастықтың төрт мұхит шекарасындағы - Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа және Солтүстік Мұзды мұхитынан Үнді мұхитына дейінгі біртұтас кеңістіктігін қалыптастыру қажеттігі жөнінде мәлімдеді.
Кездесу соңында аса жоғары деңгейде Астана декларациясы қабылданды. Онда Саммитке қатысушылар ЕҚЫҰ-ның Хельсинки актісінде және Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, Ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндеттемелерін, қағидаттары мен құндылықтарын қуаттады. Сонымен қатар, қатысушы елдер өкілдері ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша жұмысты жалғастыруға, ұйымның жауапкершілігі аймағында орын алып отырған қақтығыстарды реттеуде күш-жігерді артыруға, адам құқықтарын қорғауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, жаңа қатерлерге лайықты түрде қарсы тұру мүддесі жолында Ұйым жұмысын жаңаша жолға қоюға міндеттенді.
Астанадағы Саммит делегациялар басшылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Мәселен, Ұйымның Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Қазақстан елордасында қабылданған шешімдер ортақ қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың біртұтас стратегиясын жасауға ықпал ететінін атап өтті. БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығының мейлінше табысты болғанын атады. Ал АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта үлкен рөл атқаратынының дәлелі екенін атап айтты.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті «еуропалық ортақ үй» салуға қайтадан кірісуге нақты мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана рухы» айрықша белгісіне айналған екікүндік Саммитті «бүкіл ЕҚЫҰ қоғамдастығы үшін тарихи оқиға» ретінде сипаттап берді.
VII Қысқы Азиада Ойындары
2011 жылы қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалалары Азия құрлығы өміріндегі спорт саласының қайнаған орталығына айналды. Қазақстанда тұңғыш рет VII Қысқы Азиада ойындары болып өтті.
Азиада ойындарының өткізілуі ең алдымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында мүмкін болды. Әлемдік қаржы дағдарысының салдарларына қарамастан, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Азиада ойындары үшін арнайы республиканың негізгі екі қаласында бірегей спорт кешендері салынды. Бой көтерген ол имараттар бүгінде елдің спорт инфрақұрылымының маңызды элементтері бола отырып, азаматтарды саламатты өмір салтына кеңінен тарту ісіне қызмет етуде.
Сонымен, Астанада AD Sportwereld голландиялық басылымының нұсқасы бойынша ғаламшардағы коньки тебу стадиондары рейтингінде бірінші орынды иеленген «Алау» жаңа мұзайдын сарайы салынды. Көптеген халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша, шорт-трек және мәнерлеп сырғанаудан жарыстар өткізілген «Сарыарқа» республикалық велотрегі де - әлемдегі ең үздік велотректің бірі.
Азиаданың қарсаңында Алматыда К-125, К-95 халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешені салынды. Халықаралық шаңғы спорты қауымдастығы өткізетін жылдық сауалнаманың нәтижесі бойынша, Қазақстанның жаңа кешені 2010 жылдың ең үздік трамплині аталды. Сонымен қатар, Алматыдағы тау биігінде орналасқан «Медеу» спорттық кешені, «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасы және ойындардың жабылу рәсімі өткен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы қайта жасақталды. Шаңғы жарысын, шаңғыға лайықталған биатлонды өткізу үшін Алматы облысында Шаңғы-биатлон стадионы салынды.
Азиаданың ашылуы «Астана Арена» атты жаңа стадионда болып өтті. Салтанатты рәсімге елдің басшылығы, Халықаралық Олимпиадалық комитеттің және Азия Олимпиадалық кеңесінің президенттері, өзге де құрметті қонақтар қатысты.
VII Қысқы Азиада ойындарына әлемнің 27 елінен мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыстардың бағдарламасына 11 спорт түрі енгізілді: коньки тебу спорты, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, допты хоккей (бенди), шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан шаңғымен секіру, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек, шаңғыға лайықталған қысқы спорттық сайыс. Барлығы 69 медаль жиынтығы сарапқа салынып, бұл қысқы Азиада тарихындағы рекордтық көрсеткіш болды.
Қазақстан осы ойындарда қысқы Азиадада алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартып, 32 алтын медаль иеленді және жалпыкомандалық есепте айқын басымдылықпен бірінші орынды жеңіп алды. Біздің құрамамыздың қоржынында 70 награда болса, оның 21-і күміс және 17-сі қола медальдар.
Екінші орынды 13 алтын, 24 күміс және 17 қола медаль алып, Жапония иеленді. Үшінші орынға 13 алтын, 12 күміс және 13 қола медаль алған Оңтүстік Корея ие болды. Төртінші орынды 11 алтын, 10 күміс және 14 қола медальмен Қытай алды. Айтқандай, бұрынғы рекорд - 29 алтын медаль Жапония құрамасына тиесілі болған еді, оған 1986 жылы Саппородағы бірінші қысқы Азиада ойындарында қол жеткізілген.
Еліміздің көптеген атақты атлеттері қысқы Азиаданың жұлдыздарына айналды. Қазақстан спортшылары арасынан екі алтын, бір күміс медальды жеңіп алған биатлоншы Елена Хрусталеваны, фристайл бойынша екі алтынға қол жеткізген Юлия Галышеваны, ерлер арасында дара мәнерлеп сырғанаудан алтын алған Денис Тенді атап өтуге болады. Қазақстанның шайбалы хоккей бойынша ерлер және әйелдер командасы алтын медаль алып, өз жанкүйерлерін қуантты.
Ирби барысы Азиаданың символына айналды. VII Қысқы Азиада ойындарының ұраны: «Мақсаты бірдің - рухы бар!» - «Единство целей - единство духа!» - «Unity of purpose - unity of spirit!». Бұл ұран Азиаданың спорттық рухының ортақтығын, халықтар мен елдердің достығын және топтаса отырып жетістікке жетудегі бір мақсатты білдіреді.
Азиада ойындарының жабылу рәсімі Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Жарыстың барысын шетелдік 2 мыңнан астам журналист, ғаламшардың 500 миллионнан астам тұрғыны тамашалады.
Жалпы алғанда, VII Қысқы Азиада ойындары елде спорт іс-шараларының ұйымдастырылуының жоғары деңгейде өткенінің, Қазақстанның қонақжай ел, бейбітшілік пен келісім мекені және азиялық және әлемдік спортта жетекші орталықтардың бірі ретінде халықаралық аренадағы беделінің арта түскенінің тағы бір дәлелі болды.
Діндер Көшбасшыларының Съезі
Қазіргі уақытта Қазақстанда 140 этникалық және 40 конфессиялық топ өкілдері татулық пен түсіністікте өмір сүруде. Діннің қоғамдағы маңызы артқанын жіті сезіне отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика елордасы - Астана қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізу бастамасын көтерді.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады және заманымыздың күш көрсету, экстремизм, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарын еңсеруге ықпал ететін болады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтті. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.
Съездің қатысушылары құрамының көрнекілігі мен жоғары деңгейі конфессияаралық форум өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жүзеге асуының даусыз табысына айналды. Діндер диалогы І Съездің тұжырымдамалық идеясы және дау-дамайды шешу тәсілі ретінде дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор әдістеріне қарсы қойылды. Съезге қатысушылар арасында бүгінгі әлемдегі діннің рөлі және кез келген діннің негізгі моральдық құндылықтарының жалпыадамзаттық сипаты жөнінде ашық пікірлесу өтті.
Бірегей және есте қаларлық оқиғаға айналған форум бүкіл әлемдегі адамзат баласының бейбіт және лайықты өмірі үшін түрлі діндер өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірлігінің өзектілігін және аса қажеттігін көрсетіп берді. Съездің идеясын К. Аннан, Дж. Буш, М. Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н. Манделла, Ж. д'Эстен және әлемнің өзге де аса ықпалды саясаткерлері қолдады.
Форум қорытындысы бойынша рухани көшбасшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негіздері ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өрлеуді қамтамасыз ету және барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы мәлімдеген декларация қабылдады. Ауқымды шараның табысы І Съездің дінаралық форумды әр үш жылда бір реттен кем емес тұрақты негізде өткізіп тұру туралы шешімінде бекітілді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі 2006 жылы 12-13 қыркүйекте Астанада өткізілді. Съезд арнайы форум өткізу үшін салынған жаңа «Бейбітшілік және келісім сарайы» ғимаратында өтті.
Форум «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» атты жалпы тақырып аясында «Діни наным-сенім бостандығы және өзге дінді ұстанушыларды құрметтеу» және «Діни көшбасшылардың халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі» деген екі негізгі бағыт бойынша өткізілді. Екінші форум жұмысына 29 делегация қатысты.
Бірінші күні Съезд жұмысының барысында қатысушылар басшылыққа алған негізгі бөлігі көрініс тапқан «Дінаралық диалог қағидаттары» қабылданды. Екінші съезд қорытындысы бойынша қатысушылар барлық діндер мен этникалық топтар өкілдерін мәдени және діни ерекшеліктер негізіндегі дау-жанжалдарға жол бермеуге шақырған бірлескен декларация қабылдады. Бұл құжатта «қырғиқабақ идеологияны» «әлем мәдениетіне» ауыстырудың жаһандық қажеттілігі кең көрініс тапты.
Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Американың 35 елінен 77 делегация қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының III съезі 2009 жылы 1-2 шілдеде Астана қаласында өтті. Оның басты тақырыбына кез келген мәселенің оң шешілуіндегі рухани көшбасшылар рөлін олардың өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген толерантты әлемді қамтамасыз етуге қосқан үлесі аясында арттыру жайы арқау болды.
Сонымен қатар, Съездің өткізілуіндегі жаңалық бейбітшілікті қамтамасыз етумен, қазіргі әлемдегі келісім және үнқатысумен байланысты өткір мәселелерді талқылау жөніндегі секция отырыстарын ұйымдастыру болды. III Съезде секция отырыстары үшін мынадай тақырыптар таңдап алынды: 1) Моральдық және рухани құндылықтар; 2) Әділеттілік, бейбітшілік және қауіпсіздік; 3) Қоршаған орта және үйлесім; 4) Диалог және әріптестік; 5) Дағдарыстар кезеңінде аса қажет ынтымақтастық.
Үшінші форумның қорытындысы бойынша қатысушылар жұртшылықты шынайы дінаралық диалог орнату үшін діни көшбасшылар мен ұйымдардың күш-жігерін қолдауға және арттыруға, діндер мен өркениеттердің өзара түсіністік пен құрметті жақсартуға бағыталған үнқатысуын қолдауға ықпал етуге шақырған бірлескен декларация қабылдады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі 2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада өтті. IV Съездің басты тақырыбы «Бейбітшілік пен келісім адамзат таңдауы ретінде» деп аталды. Форумға әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты.
IV Съезд аясында Діни көшбасшылар кеңесінің бірінші отырысы болып өтті. Діни көшбасшылар кеңесінің мақсаты - жұмысы мәдениеттер диалогына және экономикалық өзара ықпалдастыққа бағытталған өзге де форумдар мен халықаралық ұйымдармен диалог және ынтымақтастықты қамтамасыз етудің басымдықтары мен тетіктерін айқындау болып табылады.
Форум төрт секция отырысы бойынша өтті: 1) «Орнықты дамуға қол жеткізудегі діни көшбасшылардың рөлі». 2) «Дін және мультикультурализм». 3) «Дін және әйелдер: рухани құндылықтар мен заманауи талаптар». 4) «Дін және жастар».
Съезд жұмысының қорытындысы бойынша Қатысушылардың үндеуі қабылданды. Бұл құжаттан биік рухани мән-мағынаға толы үн байқалып тұрды. Діни көшбасшылар бүкіл адамзатты ғаламшарымыздың болашағы үшін өзара ықпалдастыққа, келісім мен бейбітшілікке, әділеттілік пен жасампаздыққа ұмтылуға шақырды.
Өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде Съезд барлық діндердің міндеті қазіргі заманда көбінесе ортақ екенін айқын көрсетіп берді. Бұл - рухани бос қуысты және адамзаттың моральдық-адамгершілік құндылықтары дағдарысының қатерін еңсеру. Бұл - кез келген қоғамның еңбексүйгіштік, адалдық және әділеттілік құндылықтары іспеттес жасампаздық бастауларын нығайту қажеттілігі. Мұнымен қоса, діннің бітімгершілік күші кез келген қоғамдағы жанжал-қақтығыстардың, төзімсіздік пен радикализмнің алдын алуға мүмкіндік жасауда болып отыр.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпыұлттық консенсус пен қоғамның топтасуының үлгісін көрсетіп келеді. Біздің еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау саласында бай тәжірибеге ие және осы тараптағы кең ауқымды әрі тиімді ынтымақтастыққа қашанда әзір.
Әлемнің діни көшбасшыларын Астанаға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасы мәдениеттер мен өркениеттер диалогының жаһандық үдерісінің дамуында орасан маңызды орын алады.
Қазақстанда жүзеге асырылған және алдағы уақытта жүзеге асуы жоспарланған көлік-логистикалық жобалар
Өткен жылы Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінің LPI логистика тиімділігі индексінде 11 позицияға жақсарып, 77-орынға табан тіреген болатын. Ал 2020 жылға қарай рейтингтегі позицияны бұдан әрі жақсартып, 40-орын межесінен табылу көзделіп отыр. Әлбетте, бұған елімізде көлік-логистикасы инфрақұрылымын дамытуға салынып жатқан инвестициялар ықпал етіп отыр. Соңғы алты жыл ішінде бұл салаға 23 млрд АҚШ долларынан астам қаржы құйылған, алдағы 3-4 жылда тағы да 12 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция бөлу жоспарда бар екенін айтады «Қазақстан теміржолы» АҚ мамандары.
Сонымен көлік-логистика саласында қандай шаруа тындырылды? Қазақстан үшін оның маңызы мен пайдасы қандай? Бұл сұрақтарға жауап беру барысында біз еліміздің Еуразияның сауда айналымында ойып тұрып орын алуы үшін трансқұрлық дәлізін дамытудың айқын бағытын таңдап алғанын көреміз. Тәуелсіздік тұғыры орнаған ширек ғасырда біраз жұмыстың басы қайырылды. ТМД елдері арасында Қазақстан - 25 жыл ішінде 2500 шақырым жаңа теміржол желісін салған жалғыз мемлекет. Жаңа теміржол халықаралық көлік дәлізін Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік және Транскаспий бағдарында (ТРАСЕКА) оңтайландыруға зор мұрсат берді. Мәселен 2014 жылы салынған бір ғана Жезқазған - Бейнеу теміржол желісі Қытайдан Каспийге, әрмен қарай Түркияға, оңтүстік Еуропа мен Парсы шығанағы елдеріне бағытталған жүк пойыздарының жол үстіндегі қашықтығын 1000 шақырымға қысқартты.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz