ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ МЕН ҚАЛЫҒҰЛ БАЙҰЛЫ ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ ЗАР ЗАМАННЫҢ СИПАТЫ


КІРІСПЕ
Бітіру жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазақ әдебиеті тарихында зар заман ағымының орны бөлек. Өйткені ХІХ ғасырдағы отарлау саясатының езгісінен жәбір көрген қазақ халқының шынайы тағдыры тек зар заман әдебиетінде ғана айқын көрініс тапқан Жыраулар поэзиясындағы болжам өлеңдерден бастау алатын зар заман жылдарының көп таралған кезі осы отаршылдық дәуірі еді. Қайғы мен шер, зарды қоса ақтаратын бұл заман, ғұлама ғалым М. Әуезов айтқандай, «Қазақтың көптен күткен сұмдығының бірі осы еді, осы да іске асуға айналды. Жерлері алынуымен қатар, әуелі қазақ даласын айнала сызып шеткі қалаларды салды. Артық жерге Ресейдің қара шекпен мұжықтарын әкеп қондырды. Бұрынғы хан, бұрынғы би, бұрынғы елдің қамын ойлайтын түзу адамның бәрі шетке қағылып қалып, қыбыр еткен іс болса, барлығы да орыс қуатымен, орыс қолымен істейтін. Бір законнан соң, екінші закон шығып, ел тіршілігінің шеңбері тарыла бастады . . . Сайлау, билік, жүріс-тұрыс, көші-қон түгелімен ел ықтиярында болды» [1, 44 б. ] . Бодандық бұғауына түскен ұлт пен ұлыстардың қайғы-шері мен зар-мұңы, азаттықты аңсаған ұлы арманы жыр болып ақтарылып, запыран болып төгіліп, халық жадынамасындағы рухани мұралармен бірге жасасып келеді.
Зар заман поэзиясы отаршылдықтың бұғауында болған халықтардың шерлі шежіресі еді. Сондықтан болар зар заман поэзиясының белгілері тек қазақ әдебиетінде ғана емес қырғыз әдебиетінде де біршама орын алып, бұл дәуірді қырғыз бауырларымыз да бастан кешірді. Қазақтың жерін талауға түсіріп, тыныш жатқан ауылдардың ойранын шығарған жасауылдар қырғыздың еліне де көз жұма қараған жоқ. Жерді алып қана қоймай, сананы да бағындыру саясатын ұстанғандар мынау қырғыз, анау қазақ елі деп бөле жармайтыны тағы белгілі. Қазақ пен қырғыз елдерінде отаршылдықтың сойылы ойнақ салды. Отарлаушылар ұлт болып ұйысқан қалың елді қоныстан айырып, еркіндігін тұсаулады. Бұл соққыны Алатауды ен жайлаған қырғыз-қазақ бірдей көрді.
Зар заман ақындары өмір сүрген кезеңге тарихшы көзімен қарасақ, «ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы - Қазақстан үшін тарихи кезең, яғни саяси, мемлекеттік еркіндіктен біржола айырылып, отарлық ахуалдық, саяси тәуелсіздіктің дәм-тұзын тату кезеңіне қадам басу уақыты» [2] .
Ресей империясының қоластына кіргеннен кейінгі жарты ғасырдан соң қазақ халқы патшалық отаршылдардың шын ниетін нақты сезіне бастады. Ресейге қарсы алғашқы бұлқыныс - Сырым Датұлының көтерілісінің басы еді. Ол кейіннен Жоламан мен Саржанның, Исатай мен Махамбеттің, Кенесарының көтерілістерінен жалғасын тапты. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Жанхожаның, Есеттің, Сейіл мен Беркіннің, Досан мен Исаның көтерілістері осылардың алысқа жеткен жаңғырығы болатын. Осынау көтерілістердің, әсіресе, Кенесары, Исатай, Жанқожа көтерілістерінің аяусыз жаншылып тасталуы, зар-заман ақындары шығармашылығына, өзгеше дем беріп, олардың зар мұңдары үмітсіздікті күшейте түсті. Мұны Халел Досмұхамедұлы «Болжалдық әдебиеттегі бұндай үмітсіз зарлы сарын әсіресе ХІХ ғасырдың екінші жартысында - саяси бостандықтан үміт кесілгенде (Исатайдың, Кенесарының т. б. көтерілістерінің жаншылуы), қазақ жерін отарлау күшейгенде . . . күшейте түсті» [3, 22 б. ] деп нақты көрсетеді.
Сонымен, заманның ащы зары мен шындығын жырлаған қазақ ақындары әдебиет тарихында М. Әуезовтің айтуымен «зар заман» ақындары болып аталып кеткен Дулат, Шортанбай, Мұрат сынды ақындар еді. М. Әуезов «Зар заман деген - ХІХ ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгері, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір араға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «Зар заман» ақындары деген ат қойдық» [1, 194 б. ] десе, бұл тарихи кезең туралы С. Мұханов та «Осындай қолдан күш, бастан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетін «зар заман» әдебиеті» [4, 121 б. ] деп жазған еді.
Отаршылдықтан қысымшылық көрген қалың жұртттың қайғысын ақтарған төлтума дүниелерді Мұхтар Әуезов «Бұл дәуірдің әдебиеті сол кездегі жұмбақ елдің алдында тұрған құздан, алдында тұрған қайғылы күнінен қорқып, қобалжып тұрып, ыңыранып, күрсінген күйін білдіреді. Не болса да артқа қайтар күн жоқ. Өлімге кетсе де алға кететін болған соң артқы бостандық, бірлік күніне қоштасқан мезгілі» [1, 143 б. ] деп сипаттайды. Ал Б. Омарұлы бұл ағымның өзіндік ерекшелігін былайша айқындайды: «Зар заман жырлары - отаршылдықтың талауына түскен ұлт тағдырының тұғырыққа тірелгендігінің белгісі» [5, 8 б. ] .
Қалай болғанда да, «көркем шығарма өзін туындатқан дәуірмен тығыз байланысты . . . сонысымен де оның көркемдік үлгілері тарихи тұрғыдан ерекшеленіп тұрады» [6, 18 б. ] деп Л. И. Тимофеев айтқандай, зар заман поэзиясындағы отаршылдық кезеңнің қасіреті, ұлттың арман-мұраты шынайы бейнеленеді. Дәуірдің бет-бейнесі, замана адамының мінез-құлқы жанды сурет, ойлы образдар арқылы көрініс тапты.
Зар заман өлеңдерінде азаттықты аңсаған ұлттың рухы сақталды. Бұл шығармалардың өзегінде ұлтты езгіден құтқару идеясының негізі қаланды. «Әдебиет - ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы» [7, 20 б. ] - деген ғалым З. Қабдоловтың тұжырымына сай зерделесек, зар заман - бұғауда бұлқынған ұлттардың шерлі шындығы.
Қазақ әдебиетіндегі зар заман әдебиеті туралы кеңестік кезеңде де аз сөз болған жоқ, бірақ ол ашық айтылмаған шындық жеріне жете ашылған жоқ. Мұның себебін Х. Сүйіншәлиев былай түсіндіреді: «Оларды түгел әдебиет тарихынан шығарып тастағысы келмеген аға буын әдебиетшілер әр саққа жүгіртіп, өз ойларынан «зар заман» әдебиеті дәуірін шығарып та жүрді. Ресми баспа орындары бұл атауы да қабылдамады. Себебі олардың ойынша, қазақ халқын Россия патшалығының отарлауы, жер, суын жаулап алып, қуғынға салуы прогресс, Россияның келешегі оны ақтады. Сондықтан отаршылдық дәуірі - «зар заман» - деп атау саяси қате түсінік-міс» [8, 4 б. ] .
Отызыншы-қырықыншы жылдардағы ғылыми зерттеудегі жаңа жыл ой-пікірлердің түбіне жеткен 1947 жылғы қаулы енені бәрімізге белгілі. Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің аталмыш жылдың 21 қаңтарында шыққан «Қазақ СССР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысы («Социалистік Қазақстан», 1947 ж. 1 ақпан) талай ғалымдардың аузын ашуға мүмкіндік бермеген еді. Онда: «Өткендегі әдебиет өкілдері жалпы халық қайраткерлері болды деп көрсетіледі, ал олардың творчествосы тап күресіне байланыстырылмай, онан тыс тексеріледі. Сөйтіп, олардың шығармашылығындағы феодалдық, реакциялық, буржуазиялық-ұлтшылдық сарындар қағажу, бүркеуде қалдырылады (Базар, Мұрат, Шортанбай, Жәнгерей, О. Қарашев, С. Торайғыров және басқа ақындар) » деп тайға таңба басқандай етіп жазылған болатын.
Бұл туралы ғалым Т. Кәкішев «1950 жылы оқуды бітіріп, «Мектеп» баспасының оқу құралдары редакциясының аға редакторы болдым. Міне осы С. Мұқанов, Қ. Бекхожин құрастырған хрестоматия, Е. Ысмаилов, Х. Жұмалиев, Ә. Марғұлан, т. б. авторлар жазған оқулықтар «астан-кестең» болды. Шортанбай, Мұрат, Дулат, Ғұмар, Шәңгерейлер тіл тартпай кеткендердің басы болды. Көкбай, Нұржан, Нарманбет сынды дарындар «сұраусыз кетті»» [9 , 95 б. ] ащы шындықты ашып айтады.
Сонымен, «Зар заман әдебиеті» тосыннан ойлап табылған атау емес. Бұл қазақ әдебиетінің ғана емес, ұлтымыздың ақыл-ойының көшбастаушылары болып есептелетін ғалымдар енгізген ұғым еді. Идеялық негіздері ұзақ уақыт бойы теріс бағаланса да, әдебиеттану ғылымының күн тәртібінен түспеген атаулы түсінік. Зар заман әдебиеті қазақтың арғы-бері тарихындағы жүз жылдық дәуірді қамтитыны мәлім. Зар заман жалпы дәуір сипаты, халық бастан кешкен кезеңнің бейнелі атауы, ал әдеби ағым ретінде ол қазақ әдебиетіндегі бір арнаны танытады. Қ. Мәдібай: «Зар заманды әдебиеттің тұтастай дәуірі деп емес . . . оны өткелей орыс отаршылдығы түрлі саяси актілерді іске асыруды мақсат етіп, ақыры тындырып болған дәуір - отаршылдық дәуір аясындағы әдеби ағым, өзіндік өзгешелік бөлекшілігі бар бағыт ретінде қарастыру, тіпті сол ХІХ ғасырдың өзіндегі, ХХ ғасыр басындағы өзгеше бағыт, сарындармен араластырмау қажет» [10, 16 б. ] деп санайды.
Қырғыз халқының зар заман поэзиясында да заманның азығы мен тозығы жайындағы толғамдар жетерлік. Айталық, Қалығұл Байұлы, Арыстанбек Бұйлашұлы, Молда Қылыш Шамырқанұлы, Алдаш Молда сынды қырғыз ақындарының мұраларынан зар заманның жайы шет қалмағаны белгілі. Осы дипломдық жұмыста қазақ ақындары мен қырғыз ақындары мұраларындағы өзара үндестікті зерделеп, яғни, Дулат Бабатайұлы мен Молла Қылыштың, Шортанбай Қанайұлы мен Қалығұл Байұлының, Мұрат Мөңкеұлы мен Арыстанбек Бұйлашұлы, Алдаш Молданың толғауларын салыстыра отырып талдау жасадық.
Бітіру жұмыстың зерттелу деңгейі мен өзектілігі. Зар заман әдебиеті ақындарының мұрасы кеңестік дәуірде де бағаланып, ғылымда қилы пікірлер кездесті. Саяси тұрғыдан бағалаумен бірге зар заман ақындар поэзиясының өзіндік айырмашылықтарына да назар аударылып отырды. Алдымен қазақтың зар заман поэзиясын зерттеген ғалымдарды ауызға алсақ, Дулат Бабатайұлының мұрасы жөнінде Қ. Жұмалиев, Х. Сүйіншәлиев, Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев, С. Негимов, Э. Пертаева, Қ. Раев, т. б. зерттеушілердің еңбектерінде кеңінен қарастырылса, ал Шортанбай Қанайұлы мен Мұрат Мөңкеұлы мұрасы туралы Х. Досмұхамедұлы, С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Х. Сүйіншәлиев, Т. Нұртазин, М. Мағауин, С. Қирабаев, Ы. Дүйсенбаев, Қ. Мәдібай, Б. Омаров, т. б. ғалымдардың еңбектерін айтуға болады. Қырғыздың зар заман поэзиясының өкілдеріне келсек, Қалығұл Байұлы, Арыстанбек Бұйлашұлы, Молда Қылыш Шамырқанұлы, Алдаш Молда мұралары жөнінде Д. Айтмамбетова, Б. Аманалиев, М. Богданова, Н. Бегалиева, Т. Саманчин, К. Асаналиев, т. б. қырғыз ғалымдарының зерттеулерін тілге тиек етеміз. Сонымен қатар өзге халықтар әдебиетіндегі зар заман поэзиясының белгілеріне ғалым Б. Омаров өз еңбектерінде арнайы тоқталады.
Десек те зар заман поэзиясының қыр-сыры қаншама зерттеліп жатса да осы кезеңнің ақындары тұлғасының биіктігі оның шығармаларын қазбалай зерделеу түсуге шақыратыны анық. Және де зар заман поэзиясында қазақ пен қырғыз ақындарының мұраларын жеке топтап алып, оларды арнайы саралауды қажет етеді. Бітіру жұмысының өзектілігі де осында.
Бітіру жұмыстың мақсаты. Қазақ және қырғыз әдебиетіндегі з ар заман тақырыбына қатысты бұрын-соңды зерттеген ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып Дулат Бабатайұлы мен Молла Қылыш, Шортанбай Қанайұлы мен Қалығұл Байұлы, Мұрат Мөңкеұлы мен Арыстанбек Бұйлашұлы, Алдаш Молда толғауларындағы заман сипатын өзара салыстыра талдау, тарихпен байланыстыра зерделеу. Осы мақсатты орындау барысында төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
- Дулат Бабатайұлы мен Молла Қылыштың заманның күйі мен ел
билеушілерді сынға алған толғауларының негізгі мұратымен қоса, өзара үндестігін ашып көрсету;
- Шортанбай Қанайұлы мен Қалығұл Байұлының «Зар заман»
мәселесіндегі толғауларын тарихи деректермен байланыстыра талдап, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелегін зерделеу;
- Мұрат Мөңкеұлы мен Арыстанбек Бұйлашұлы, Алдаш Молданың
отаршылдықтың әбден шегіне жеткен тұсын сипаттайтын толғауларындағы ел мен жер мәселесінің маңызына жете тоқталып, бірізділікпен саралау.
Зерттеу жұмыстың теориялық және методологиялық негізіне Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов, СМұқанов, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, Х. Сүйіншәлиев, Қ. Өмірәлиев, М. Мырзахметов, Қ. Сыдиықұлы, Қ. Мәдібай, Б. Омаров, т. б. қазақ ғалымдары мен Д. Айтмамбетова, Б. Аманалиев, М. Богданова, Н. Бегалиева, Т. Саманчин, т. б. қырғыз ғалымдарының пайымдаулары мен пікірлері басшылыққа алынды.
Бітіру жұмысының зерттеу әдісі. Қазақ және қырғыз әдебиетіндегі з ар заман тақырыбына қатысты шығармаларды жүйелі, кешенді, салыстыру, талдау, жинақтау түрінде зерттеу негізгі нысана етілді.
Бітіру жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ МЕН ҚАЛЫҒҰЛ БАЙҰЛЫ ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ ЗАР ЗАМАННЫҢ СИПАТЫ
Көршілес жатқан екі елге нәубет әкелген, халықты елден, жерден айырған, ұлттық болмыс-бітіміне залал келтірген отаршылдықтың үстемдік құрған кезеңінің атауын зар заман екені белгілі. ХІХ ғасырдағы орыс отаршылдығының түрлі ойранын өз көзімен көрген әрі сол уақыттың таңбасын еш бүкпесіз алғашқы боп жоқтағандар қазақ ақыны Дулат Бабатайұлы (1802-1874) мен қырғыз ақыны Қалығұл Байұлы (1785-1855) болатын. Олар өзіне дейінгі және өзі тұтас ақындардың ішінде отаршылдықты бірінші болып барлық болмыс сипатымен ашып көрсете алды. Сонымен бірге оған деген қарсылық үнді алғашқы болып айта алды. Олар елінің қамын түгел ойлай ой айтқан ақындар болды. Сондықтан болар шығармаларында өзара үндестік молынан ұшырасады.
Дулат Бабатайұлы мен Қалығұл Байұлының толғауларының басты сарыны өз заманының отаршылдық әрекеттерге рухани қарсылық көрсету болды. Осы кезеңнің өмір шындығы ақындар шығармаларына арқау боп өрілді. Алдымен, ақындар ел ішіне орыстың келуінен шошынды. Қонысты отарлаудан, діннің бұзылуынан қауіптенді. Екіншіден, ол келешекті көрегендікпен болжап, халыққа жайсыз тиер кеселдерді анық айтты. Үшіншіден, ол өзі қолайсыз көрген құбылыстарды ақырзаманға теңеді. Соның бәрін зарлана жырға қосты. Сөйтіп, олар қазақ пен қырғыз әдебиетінде «заман ағымы» деп аталған әдеби ағымның негізін салды. Одан соң осы ақындар ізімен жырлайын ақындардың үлкен мектебі қалыптасты. Бұл шығармалар ұлттың мүддесін алға қойып, елді отарлауға ашықтан-ашық қарсы болғандықтан жариялылықтың лебі ескен уақытқа дейін баспа бетін көрген жоқ.
Қазақ даласындағы дәстүрлі хандық басқару жүйесін жою саясатын орнықтырған Ресей империясының 1822-24 жылдары шығарған қазақ жерін басқару жөніндегі ережелеріне қарсылық Дулат толғауларының тақырыптық ерекшелігін айқындады. Дулаттың уытты, шыншыл сөздерінің кімдерге арналғанын оның «Халыққа емес сыйымды, Парақор баспақ биіңді, Ел бүлдіргіш бегіңді, Улы тілмен улаттым» деген өлең жолдары көрсетіп тұр. Туған халқының екі жақты езгіге түсіп, көз жасының көл боп ағуы, қайғысы мен мұңы ақынның жан сыры ретінде жыр болып төгілді.
Кеңестік идеологияның белең алып тұрған кезеңнің өзінде-ақ ақындардың жоқшысына айнала білген тілші-ғалым Қ. Өмірәлиев «Дулаттар - отаршылдық езгіге түскен халықтың ұлттық ар-ұжданы» [11, 26 б. ] деген болатын. Дулаттың әдеби мұрасын бағалауға ғылымда әр қилы пікірлер болды. Саяси тұрғыдан бағалаумен бірге Дулат поэзиясының мен мұндалап тұрған айырмашылықтарына да назар аударылып отырды. Саяси тұрғыда бағалау қалай болғанына қарамастан Қажым Жұмалиев Дулаттың әдебиет тарихындағы орнын, оның шығармаларының көркемдік ерекшеліктерін дөп басып айтады. Осы тұжырым-пікірлер Х. Сүйіншәлиев, Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев, С. Негимов, Э. Пертаева, Қ. Раев, т. б. зерттеулерінде де нақтылана түсті.
Әр елдің әдебиетінің көш басында тұратын, белгілі бір ағымның негізін қалаған, соңында жақсы дәстүр, жыршылық мектеп қалыптастырған тұлғалар болса, қырғыз әдебиетінде кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған, келешекті көрегендікпен болжаған ойшыл ақындардың бірі Қалығұл Байұлын айтуға болады. Осындай үлкен ақындық мектептің негізін салған Қалығұл Байұлының бізге жеткен өмірбаяндық мәліметтері айта қаларлықтай көп емес. Қырғыз ғалымы Тазабек Саманчин оның шамамен 1785-1855 жылдарда өмір сүргенін, Ыстықкөлдің оң жағасындағы Қарой деген жерде туып, жетпіске дейін жасап, сонда қайтыс болғанын жазады.
Қазақтың зар заман ақындары сияқты Қалығұл Байұлының шығармашылығы да бірқатар уақыт бойы зерттеушілер тарапынан теріс бағаланып келді. Заман ағымының өкілдерін өткен өмірді көксеген пессимист ақындар деп таныту үрдіске енді. Мәселен, қырғыз ғалым Д. Айтмамбетовтың пікіріне ден қойсақ, «олар орыстың демократиялық-революциялық идеяларының қырғыз мәдениетіне ықпал-әсер етуіне кедергі келтіруге тырысқан. Барлық тарихи құбылыстардың тек қолайсыз жақтарын ғана көрген. Феодалдық консерватизм, шығыстық мистикаға бой ұрып, адами қарым-қатынастардың, ізгілік қасиеттердің азғындауыан қарсы тұрған. Олар өздерінің шығармалары арқылы атадәстүр үстемдік құрған кезеңді, рулық патриархалдық құрылысты өнеге тұтқан [12, 91 б. ] .
Қалығұл мұрасы жөніндегі осындай дәстүрлі түсінік-танымға толы зерттеулердің өзінде оның шығармашылығының сипаты айқын көрсетілді. Өйткені саясатпен сабақтастырмай тұжырым жасау қиынға түсетін бұл тақырыптарды білімдар әдебиетші-ғалымдар зерттегенін айтуға тиіспіз. Бұған Б. Аманалиевтің Қалығұлды замана ағымының ірі өкілі ретінде қарастырып, оның өлеңдеріндегі негізгі қағидаларды эсхатологиялық пессимизммен байланыстыра отырып, құнды пікірлер білдіруі дәлел. Қырғыз ғаламының пікірінше, «Қалығұлдың ұғымындағы «ақырзаман» ата-бабаның қастерлі салт-дәстүрлерін бұзғандарды Алла тағаланың жазалауы» [13, 18 б. ] .
Қалығұл Байұлының шығармаларын біршама зерттеп, өзіндік ой-пікірлерін білдірген белгілі ғалым Медина Богданованың еңбегі айрықша. Ол 1947 жылы Москвада жарық көрген «Киргизская литература» деген кітабының «ХІХ ғасырдағы және ХХ ғасырдың басындағы қырғыз ақындары» атты тарауында Қалығұлдың әдебиеттегі орнына, шығармаларында көтерілген әлеуметтік мәселелерге, өлең өрнектеріне ерекше тоқталады: «В истории киргизской литературы поэтические произведения этого периода известны под общим названием «заманов». Таковы поэмы Калыгула - «Акыр заман» («Судный день»), Арыстанбека - «Тар заман» («Трудное время»), Клыча - «Зар заман» («Эпоха скорби») и др. Это были дидактические и социально-политические поэмы, построенные на народных санатах и насыятах» [14, 79 б. ] . Кезінде заман ақындарының шығармаларын зерттегені ұшін қудаланған М. Богданова Қалығұлдың ақырзаман туралы көзқарастары жөніндегі пікірлерін былайша түйіндейді: «По сохранившимся и приписываемым Калыгулу произведениям можно судить о том, что поэт предсказывал приближение грозных событии и видел в них предначертание рока. Надвигающиеся события он рассматривал как приближение «акыр замана» - конца мира - и связанных с ним возмездий за попрание священных обычаев предков» [14, 83 б. ] . Көріп отырғанымыздай, болып жатқан оқиғаларға қарсылық көрсету, сондай-ақ тіршіліктен түңілу, шарасыздық таныту Қалығұл поэзиясының басты өзегі саналады.
Қалығұл Байұлының атақты өлеңі «Ақырзаман» болатын. Ол өлеңінде өзін-өзі оқшаулап, басы аяғына түсіп, аяғы басына шыққан мәнсіз-мағынасыз тіршіліктегі үмітсіздікке налиды. Оның зар-мұңы айналасындағы құбылыстардан жеріп, жалғыздықтан торығудың қайғы-шері. Келер заманға күдікпен қарайтын Қалығұл өзі ғұмыр кешкен дәуірді де адами қасиеттердің аза бастаған кезеңі деп біледі. Сондықтан оның шығармаларында келмеске кеткен заманға қарсылы танытып баққан ақынның өз бейнесі айрықша дараланады.
Илгеркини карасаң
Жаманын жакшы тилдеген.
Жакшысы илим билбеген,
Айбандыгы ушундай
Арасында Калыгул,
Ыйлаган көздун жашындай [15, 8 б. ] .
Бұл сарын зар заман ақындарына тән. Айталық, өз дәуіріндегі адами қасиеттердің аза бастаған кезеңін суреттеген «Ақырзаман» өлеңіндегі Қалығұлдың айтпағын Дулат Бабатайұлы былай өрнектейді:
... жалғасыКешегі бір заманда,
Қасиетті еді хан-қараң.
Мынау азған заманда
Қарасы-антқор, ханы-арам . . .
Нары-жалқау, кер табан,
Құсы күйшішіл, ат-табан
Жырғалаң, жоқ, жобалаң.
Ебі кеткен ел болды,
Енді қайда мен барам? [16, 58 б. ] .
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz