Жолбарыс аулау - қазақтың ата дәстүрі, машықты өнері



Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 83 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті
6М011700-Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы

Нүсіп Гүлжан

М.Мағауиннің прозасындағы түркілік таным және оны оқытуды интеграциялау

Ғылыми жетекшісі: _________________ Әбдіқалық К.С., профессор

Кафедра меңгерушісі: _______________Балтабаева Н.С., PhD доктор

Алматы, 2019
МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..3

I. М.МАҒАУИН ПРОЗАСЫНДАҒЫ ТҮРКІЛІК ТАНЫМ ... ... ... ... ... ... ... .. ... ... 6
1.1. Жазушы шығармаларындағы ұлттық құндылықтар ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..6
1.2. М.Мағауин туындыларындағы түркілік таным көріністері ... ... ... ... ... ... ... 23

II. М.МАҒАУИН ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫТУДЫ ИНТЕГРАЦИЯЛАУ ... ... ...44
2.1. Білім беру жүйесінде оқытуды интеграциялаудың маңызы ... ... ... ... ... ... ...44
2.2. Прозалық шығармаларды оқытуда қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағытындағы пәндермен интеграциялау ... ... ... ... 57

ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...78
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ..8 0

КІРІСПЕ

Зерттеудің сипаттамасы: Мұхтар Мұқанұлы Мағауин қазақ әдебиетінің төрінен ойып орын алатын жазушыларымыздың бірі. Ол - қазақ әдебиетін ғана емес, қазақ тарихын да түбімен қопарып, қайта жасауға кірісіп кеткен, тарихшы болмаса да қазақ тарихындағы олқылықтардың орнын өзінше толтыруды, қатесін түзетуді өзіне борыш санаған ұлт жазушысы. Оның әрбір шығармасы тікелей немесе астарлы түрде халықпен, оның тарихымен астасып жатыр. Өз шығармашылығынан бөлек тарихта өткен ақын, жыраулардың өлеңдерін жинап, қазақ әдебиетінің қорына өлшеусіз үлес қосты. Әлденеше ғасырлық тарихы бар көне қазақ әдебиетінің толыққанды шежіресін жасап шығу - болашақтың ісі [1,182] - дейді жазушы. Осыны басты нысанасы етіп алған жазушының мақсаты айқын көрінеді. Ұлттың қамын жеп, ұлттық рухты ең бірінші орынға қойып жүрген жазушының Аласапыраннан бастап соңғы шыққан деректі тарихи хикаясы Шыңғыс ханға дейін ұлт мүддесі үшін қызмет етіп келе жатқанын байқауға болады. Руханият мәселесі шығармаларында аз қарастырылмайды. Халықты кемелдендіру жолында жүрген жазушының руханиятты аттап кетпесі айтпаса да анық. Көзбен көрген оқиғаларын, үлкендерден естіген естеліктерін ескіртіп алмас үшін қағаз бетіне түсіріп, халықтың рухани әлеміне, ұлттың рухани байлығына айрықша үлес қосып жүр. Бар білгені мен көргенін мұра ретінде жазып қалдырсам деген мақсатын аңғару да қиын емес.
Жалпы қазақ халқы - өзінің түп тамыры ежелгі Түрік елі болғандығын мақтан тұтатын, олардың қасқырдан тарадық деген аңызына сенетін халық. Ұлы Көк Түрік мемлекеті, олардың арғы аталары сақ, ғұн мемлекеттері де өз дәуірінде өте күшті, жауынгер халық болғанын, олардың батысқа дейін жорық жасап жарты дүниені өзіне қаратқан ел болғанын білеміз. Осы түбі бір түріктердің салт-дәстүр, әдет-ғұрып, таным-түсінігі бүгінгі күнге жеткен халықтардың болмысынан анық байқалады. Мұхтар Мағауиннің туындыларында мұндай сәйкестіктер аз кездеспейді. Зерттеу барысында ұлттық рухты алғашқы орынға қоя отырып сан түрлі сюжеттер мен образдарды қалыптастырған жазушының Шақан-Шері, Тазының өлімі, Көкбалақ, Сары қазақ, Жаздыгүн шілде болғанда, Ұлт-аралық жанжал және Құмырсқа қырғын, Көк бөрі, Қыпшақ аруы, Жүсіптің қызы Светлана, Қара қыз, Қисық ағаш, Ер Тарғын ерлік жыры, Тазының өлімі, Өлі мен тірі, Салах-ад-Диннің үкімі атты шығармалары талданды. Тәуелсіздікке дейін де одан кейінгі алғашқы онжылдықта жазылған жазушының шығармаларында сол кездің ең басты мәселелері қамтылғаны сөз етіліп, еліміздің нық тұрып кетуіне тілекші болған қаламгердің басты идеясы жан-жақты талдауға алынады. М.Мағауиннің ұлт тағдырына қатысты мәселелерді шығармаларында бірде астарлап, бірде ашық түрде жеткізудегі шеберлігі де ашып көрсетіледі. Сондай-ақ, рухани құндылықтарды ұлттық таным тұрғысынан дәріптеудегі өзіндік қолтаңбасы бар жазушы екеніне айқын көз жеткізіледі. Әрбір шығармасы қазақ халқының тамыры тереңде жатқан дәстүрімен, наным-сенімімен, ежелгі түрік халқының рухани қазынасымен астасып, солардан нәр алған әдеби туындылар. Осы шығармалардың өн бойындағы түркілердің таным-түсінігі шығармаларында қалай көрініс бергені зерттеле отырып, шығарманың идеясы, автордың қандай мақсат тұтқаны талданған.
Ұлттық таным, түркілік таным туралы сөз қозғалған жерде ұлтшылдық, ұлтқа қызмет сияқты ұғымдардың қатар жүретіні анық. Мектептегі әдебиет пәнінің оқытылуының негізгі мақсататтарының бірі - ұлттық рухты қалыптастыру. Диссертациялық жұмыста осы ұстанымды негізге ала отырып, М.Мағауиннің шығармаларын интеграциялау жолымен мектепте оқыту жолдары қамтылған. Интеграция, яғни пәндерді кіріктіру арқылы әдебиетті басқа пәндермен байланыстыра отырып сабақ өткізудің тиімді жолдары зерттелді. Әдебиет гуманитарлық білім саласына жатқанымен оны кіріктіру тек осы саламен ғана емес, математика, жаратылыстаруға кіретін пәндермен де байланыс орнатуға болатынын дәлелденеді.
Осындай көптеген мәселелер диссертациялық жұмыс барысында талданып, жазушының түркілік таным аясында жазған шығармалары қамтылған. Зерттеу жұмысы барысында қазақ әдебиетіндегі ұлттық таным, түркілік таным туралы ғалымдардың пікірлеріне, берген анықтамаларына сүйене отырып М.Мағауиннің прозасындағы дүниетаным, нақтырақ айтқанда, түркілік таным мәселелері және оны мектеп бағдарламасы бойынша басқа пәндермен кіріктіріп оқыту туралы сөз қозғамақпын.
Зерттеудің өзектілігі: Диссертациялық жұмыста қазақ жазушысы Мұхтар Мағауиннің прозасындағы түркілік танымның көріністері талданып жазылған. Әңгімелерінде кездесетін көне түріктердің дүниетанымының бүгінгі қазақ танымымен ұқсастықтары, наным-сенімдерінің қазақ ұлтында сақталып қалған қалдықтары сөз етіледі. Қазіргі таңда жазушының шығармаларының көп бөлігі зерттелген. Алайда, Мұхтар Мағауиннің прозалық шығармаларындағы түркілік таным мәселесі бұған дейін қарастырылмаған. Әрі оның шығармаларын интеграциялау жолымен оқытуға байланысты көптеген пәндермен, оның ішінде жаратылыстану бағытындағы пәндермен байланыс жасалып, мектеп бағдарламасы бойынша сабақ жүргізуге болатын байланыстарға зерттеулер жасалған. Бітіру жұмысы тақырыбының өзектілігі де осында.
Зерттеу нысаны: М.Мағауиннің прозалық шығармаларын түркілік таным тұрғысынан зерттеу және оны мектепте кіріктіре оқытудың жолдарын қарастыру. Осыған байланысты жазушының 2002 жылы Қағанат баспасынан жарық көрген он үш томдық шығармалар жинағы және Атамұра баспасынан шыққан Қыпшақ аруы, Тазының өлімі, Шақан шері және Көкбалақ жинақтары, сонымен қатар, мектеп оқулықтары алынды.
Зерттеу мақсаты: Мұхтар Мағауиннің прозалық шығармалырындағы түркілік таным тақырыбын жан-жақты зерттеп, сол мәселенің көтерілу себептерін айқындау әрі оны мектепте оқытуды интеграциялаудың жолдарын анықтау.
Зерттеу пәні: Қазіргі қазақ әдебиеті, Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәндері бойынша зерттеулер жүргізілді.
Осы мақсатқа жету үшін зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылды:
Жазушының образ бен сюжет жасауда шынайы бейнелеуінің ерекшеліктерін айқындау;
ХХ ғасыр соңындағы проза жанрындағы заман шындығының көріністерін айқындау;
Жазушы әңгімелерінің тақырыптық ерекшелігін таныту;
Әңгімелерінің әлеуметтік құндылығын саралау;
Интеграциялық оқытудың тиімді жақтарын анықтау;
Жазушы шығармаларын оқытуды интеграциялаудың жолдарын анықтау.
Зерттеу әдістері: Мұхтар Мағауиннің прозалық шығармалары негізінен тарихи-салыстырмалы талдау, салыстыру, жүйелеу, тұжырым жасау, жинақтау түрінде зерттеу негізгі нысана етілді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Жазушының шығармалары бұрын-соңды түркілік таным тұрғысынан зерттеу көрмеген. Әрі оның шығармаларын мектепте оқытуды интеграциялау тақырыбында да зерттеу жұмыстары жоқ. Жұмыстың жаңалығы осыда.
Зерттеудің сарапталып сыннан өтуі: зерттеу жұмысының нәтижелері мен қорытындылары бойынша отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда 4 ғылыми еңбек жарияланды. Соның ішінде бір мақала Алаш мұрасы және Қазақстан қоғамындағы рухани жаңғыру: сабақтастық мәселелері атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақалаларының жинағына, Алматы, 13 желтоқсан, 2017 ж.; екіншісі: Innovation and global issues in social sciences platform конференциясының мақалалар жинағына, Анталия қаласы, Түркия. 26-19 сәуір, 2018 ж.; үшіншісі: V Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы материалдарының жинағына. Алматы қаласы, 11-13 қазан 2018 ж.; төртіншісі: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің хабаршысына жарияланды. Алматы қаласы, Қыздар университеті №4(76) 2018. ISSN 2306-5079.
Зерттеу нәтижесі:
Бітіру жұмысының теориялық және методологиялық негізіне Ғ.Мүсірепов, Т.Жұртбай, А.Ісмақова, М.Жолдасбеков, Қ.Жұмаділов, С.Әшімбаев, Қ.Сартқожаұлы, Ә.Қоңыратбаев, С.Қасқабасов, Н.Келімбектов, А.Қыраубаева, Балтабаева Г. және т.б. қазақ ғалымдарының пайымдаулары мен пікірлері басшылыққа алынды.
Диссертация құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тарау және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен екі кесте мен үш суреттен тұрады.

1. М.МАҒАУИН ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТҮРКІЛІК ТАНЫМ КӨРІНІСТЕРІ

М.Мағауин шығармаларындағы рухани құндылықтар
Ұлттың қамын жеп, ұлттық рухты ең бірінші орынға қойып жүрген бүгінгі жазушыларымыздың бірі - Мұхтар Мағауин. Жазушының Аласапыраннан бастап соңғы шыққан тарихи деректі хикаясы Шыңғыс ханға дейін ұлт мүддесі үшін қызмет етіп келе жатқанын байқауға болады. Оның шығармаларында руханият мәселесі аз қарастырылмайды. Халықты кемелдендіру жолында жүрген жазушының руханиятты аттап кетпесі айтпаса да анық. Көзбен көрген оқиғаларын, үлкендерден естіген естеліктерін ескіртіп алмас үшін қағаз бетіне түсіріп, халықтың рухани әлеміне, ұлттың рухани байлығына айрықша үлес қосып жүр. Бар білгені мен көргенін мұра ретінде жазып қалдырсам деген мақсатын аңғару да қиын емес. Бұл қаламгер туралы Ғ.Мүсіреповтің: Мұхтар Мағауин ана тіліміздің байлығын, оралымды, астарлы, әрі от-жалынды, әрі нәзік те биязы бояу-сырларын алғашқы адымдарынан бастап-ақ көрсетеді. Тіліміздің оралымдығын тереңдетуге қосқан үлесі де аз емес, - деген тұжырымды пікірі ұлт намысының айнасы деуге лайық М.Мағауинге берілген шынайы анықтама еді. Үлкен прозашы болуымен қатар М.Мағауин - әдебиет тарихын зерттеуші көрнекті ғалым да. 1960 жылдардың аяғына дейінгі кезеңде зерттеушілеріміз қазақ әдебиетінің тарихын XVIII ғасырда өмір сүрген Бұқар жырау Қалқаманұлынан бастап келсе, М.Мағауиннің 1969 жылы жарық көрген Қобыз сарыны атты зерттеу еңбегі бұл көзқарасты бұзып, оны үш ғасыр арыға жылжытты. Сөйтіп ол жан-жақты зерттеушілігі мен жанкешті еңбегінің арқасында әдебиет тарихына Қазтуған жырау, Асан қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Марқасқа сияқты жырауларды да дәлелді түрде әдебиет тарихына енгізуге белсене атсалысты. Мұнан кейін осы бағыттағы зерттеулерін тереңдете түсу нәтижесінде ол құрастырып, түсініктемелерін жазған Алдаспан, Бес ғасыр жырлайды, Поэты Казахстана сияқты кітаптары жарық көріп, халқымыздың рухани игілігіне айналды. Жазушының өз кезінде назар аударған шығармаларының бірі - екі кітаптан тұратын Мен деп аталатын өмірбаяндық шығармасы. Мұндағы жазушының шығармашылық жолындағы ізденістері, азаматтық есеюі, мақсат-мүдделері өршіл рухқа баулиды. М.Мағауин шығармашылығы жайлы шағын ойды қорыта келіп, жазушының қазіргі қазақ әдебиет тарихында белгілі бір орынға ие екендігі туралы тұжырымды пікір түюге болады.
Кез келген жазушы өзінің жазу стилімен, жанрымен, қозғайтын тақырыбымен, идеясымен өз оқырманын тауып жатады. Ал жазушы шынайы халық жағдайын ойлап жазса, онда оның оқырманы - сол тілде сөйлейтін және оқитын барлық адам. Мұндай жазушы халықтың жазушысына айналары сөзсіз. М.Мағауинді де халық жазушысы деп сенімді айта аламыз. Оның шығармаларындағы кейіпкерлерінің ойы, сөзі, іс-әрекеті қазақтың типтік бейнесін береді. Яғни әр кезеңдегі белгілі бір мәселелерге орай орын алған оқиға барысындағы қазақтың ішкі толғанысы, жан айқайы, сол ойының сыртқа берілуі, бәрі де қазақ қоғамының айнасы іспеттес. Сырттан бақылаушы ретінде өз ойымен оқырманға бағдар көрсетеді әрі адамдардың өзіне бағытталған іс-әрекетке қалай жауап қайтаратынын, халықтың санасы қандай деңгейде қабылдайтынын көрсете отырып әр кейіпкері арқылы сан түрлі образдарды жасаған. Бір қырынан алып қарағанда оның шығармалары психологиялық зерттеу жұмысы сияқтанады. Олай деуімнің себебі, әр шығармадан өмірде кездесетін типтік образдар бейнесін немесе басқа да адамдар кейпін дәл сол қалпында көреміз. Тарихи, замануи шығармалары оқушы адамды ойландырмай қоймайды. Жазушылардың түпкі мақсаты да осы. Қоғамға туындысы арқылы, соның ішіндегі сараланып шаққан сөздері арқылы жол көрсету, бағыт беру. Мағауиннің шығармашылығы туралы жазушы, профессор Т.Жұртбай мынадай ойын білдірген екен: Шығармашылығын - зерттеуге, талдауға, әртүрлі өлшемдер мен көзқарастардың екшеуіне салуға болар, бірақ, енді оны қазақ руханиятының кеңістігінен, көркем уақытынан, таным тарихатынан, қазақ қоғамының болмысынан ешқашан да алып тастай алмайсың. [2,185]
М.Мағауин - қазақ әдебиеті үшін ғана емес, жалпы түрік жұрты үшін еңбегін сіңіріп келе жатқан жазушыларымыздың бірі. Оның Аласарыпан тарихи роман-дилогиясы үшін 1984 жылы Қазақ КСР-нің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген. Қазақcтaнның Xалық жазушысы, Түркияның Халықаралық Түркі дүниесіне қызмет сыйлығының иегері. Мұхтар Мағауин - алғашқы шығармаларымен-ақ әдеби қауым мен оқырман жұртшылықтың назарын өзіне аудара білген қаламгер. Алғаш рет баспасөз бетінде 19 жасында көрініп, содан кейін-ақ оқырман назарына жиі ілініп жүрді. Жас жазушының Жаңылысу, Ақша қар, Көкмұнар сияқты көркем туындылары айналдырған үш-төрт жылдың ішінде-ақ жазылып, ізі суымастан жарық көріп үлгерген шығармалар. Әдебиет тарихы ғылымындағы тұңғыш еңбегі - Қобыз сарыны атты кітабы болатын. Сол кезден-ақ жазушы ұлтының тарихын қазбалап, қайта қалауға кірісіп кеткен. Ақша қар атты алғашқы әңгімелер жинағы да сөз қадірін түсіне білетін оқырман қауым үшін бағалы дүниелердің бірі болды. Шағын әңгімелері арқылы өзіндік көркемдік стилін, жазу машығын ашып көрсетті. Тіленші, Кешқұрым, Ватерлоо көпірі, Алтыбақаннан соң, Тарпаң, Қияндағы қыстау, Күтпеген кездесу, Тұлымханның баласы, Қияндағы қыстау, Алтын тіс, Шеше, Өткінші, Тәртіпті азамат, Коммунистік реализм және тағы да басқа әңгімелерінің көркемдік сапасын ерекше атауға болады.
Қаламгердің қалыптасқан, өзіне ғана тән жазу стилі, сол стилі арқылы жеткізетін түйінді ойы бар. Оның шығармаларында көрінетін идея қазақтың тарихы 550 жыл бұрын бастау алады деген пікірді толығымен теріске шығарады. Дербес, қазақ атымен аталатын әдебиеттің өмір сүруі - XV ғасырдың орта шенінен басталады [1, 16] дейді М.Мағауин Қазақ хандығының құрылуын алға тартып. Бірақ қазақтың әдебиетінің бастауын сонау Түркі қағанаты, одан бұрынғы сақ, ғұндармен байланыстырады. Əлі күнге, қазақ əдебиетінің тарихы қайдан басталады, көне дəуір əдебиетін зерттеу қажет пе, жоқ па деген ескі əңгімені көңірсіте бергенше, бізге де осындай едік, ерлік істерге кірісетін кез келген секілді. Жоғарыда аталған үш том, алты кітаптық Қазақ əдебиетінің тарихын да қайта жазатын уақыт жетті. [3, 14] деп жазады ғалымдар Көне түркі әдебиеті туралы зерттеулер жинағында. Бірақ қазіргі кезде Күлтегін заманын былай қойғанда, тіпті хандық дәуірдегі әдебиет толыққанды зерттеліп, реттеліп болған жоқ. Қобыз сарыны, Алдаспан секілді ақын-жыраулардың шығармаларын топтастырып, жинақ етіп шығаруының бір себебі - осы. Бұл - оның төл әдебиетімізге қосқан баға жетпес қазынасы.
...ескіден жеткен мұралардың көпшілігінің қазіргі түрік халықтарының қайсына тиесілі екенін дәп басып айта алмайды. Бұл мүмкін де емес. Сондықтан орта ғасырлардан қалған түрік ескерткіштері қазіргі қазақ, татар, анадоль-түрік, өзбек, қырғыз, ноғай, түркмен, т.б. туыстас халықтардың бәріне ортақ әдеби мұра, солардың бәрінің де әдебиетінің басы болып есептеледі. [4, 4-б.] Осындай көзқарасын негізге ала отырып жазушы өзі атаған халықтарды бір-бірімен туыс етіп көрсетеді. Халықтардың туыстығын дәлелдейтін негізгі құралдар - олардың тілі мен әдебиетінің ұқсастығы немесе бір болуы. Осылайша жазушы түркі тектес халықтарды біріктіруге өзіндік үлесін қосып жатыр.
Түркі елдерінің басқосуы болған жерде туыстығымызды атамай, тарихымызды еске алмай сөзін бастамайды: Мың жылдық ежелгі ескерткішімізде айтылғандай: Түріктің көктегі тәңірі, қасиетті жер-суы: Түрік халқы құрымасын депті, ел болсын! - депті. Ендігі міндет, сол елдің іргесін бекіту, қайта көтерілген халқымыздың бақытын баянды ету. [5, 223] Барлық сөзі мен іс-әрекеті ел үшін еңбек етіп жүрген азаматқа тән қасиетті көрсетеді. XX ғасырдың басында Алаш азаматтары қазақтың көзін ашып, санасын ояту жолында жұмыс жасаса, қазіргі кезде дәл осы іспен М.Мағауин айналысып жүр. Әрбір шығармасында түрік халықтарының дүниетанымы, көзқарасы байқалып тұрады. Ұлы түріктердің ұрпағы екенімізді айқайлап айтпаса да көңілге қонарлықтай етіп жеткізеді. Қазақтың тарихын қазақ өзі зерттемеген, сондықтан оны қайта жазып шығуды шарт санайды. Осы ойы арқылы ол жазулы тарихымыздағы олқылықтардың көп екенін байқатады. Қазақ жеріндегі халықтарды аяусыз қырып-жойды, қанға тоймай Еуропаға дейінгі жерді жаулады деп келген Шыңғыс хан туралы төрт томдық тарихи шығарма жазды. Әрі оның негізгі айтпағы: Шыңғыс хан - түрік тектес халықтың ұлы деген ой.
Қаламгер де уақыт перзенті, сол уақыттың елеулі де айтулы оқиғаларын шығармаларына арқау ету - оның қаламгерлік парызы саналады. [6, 299-б.] М.Мағауиннің шығармашылығы осы ұстанымға сай келеді. Ол өз заманының жыршысы, өткеннің жоқтаушысы. Тек жоқтап қана қоймай, олқылықтардың орнын толтырумен айналысуда. Өзі айтқандай, Тәңір оған талант беріп, ерекше тағдыр жазған. Ол осы өмірге белгілі бір миссиямен келген. Сол миссияны орындау - оның негізгі шаруасы. ...М.Мағауин бүгінгі қазақ прозасының жаңаша тынысын ашты деп мойындауымыз керек. Бұл жаңашылдық тек бір Мағауиннің, бүгінгі біздің заманадастарымыздың үні ғана емес, бұл Мағауин-әдебиеттанушы, Мағауин-тарихшы, Мағауин-өнертанушының үні, яғни, XXI ғасырдың Алаш атты елдің шынайы өкілі ретінде қазақтың намысын жоқтаған ердің үні[7, 116].
Кез келген шығарма көркемдік ерекшелігі арқылы өзіне тартатыны белгілі. Бірақ шығарманы толық түсініп, барынша сүйсініп оқуға бұл жеткіліксіз. Шығармада түйіп алар ой болмаса, оған кеткен уақыт зая кеткен болар еді. Жазушының ең басты назар аударар тұсы да осы. Ол шығармаларында ауыл, қала тұрмысын, түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің тағдырын психология-философиялық тереңдікпен бейнелейді. Аласапыран тарихи романында қазақ халқының көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасы тарихи-көркемдік тұрғыдан тұңғыш рет суреттелген. Романда қазақ ордасын Тәуекел хан басқарған тұстағы (XVI-XVII ғ.) қоғамдық-әлеуметтік жағдай көрініс тапқан. Хан мұрагері Ораз-Мұхаммед пен оқымысты Қыдырғали Жалайридың, Едіге би ұрпағы Петр Урусовтың көркем бейнелері сомдалған. Томан би, Манақ батыр, Ділшат, Ай-Шешек бегім секілді кейіпкерлерді суреттеу арқылы қаламгер Ораз-Мұхаммед тұлғасын даралай түседі. Романда көшпелі тұрмыс көріністері, аңшылық, саятшылық сынды ұлттық дәстүрлер көрініс тауып, Қазақ хандығының Ресей, Иран, Бұхара, Сібір хандықтарымен өзара қатынастары, ішкі-сыртқы саяси жағдайлары сипатталған.
Жаңашылдықтың жаңғырығы болған Елбасының бағдарламалық мақаласында ұлттық бірігейлікті сақтау, рухани құндылықтарды дәріптеу мәселесі айырықша орын алғанын білеміз. Елбасы Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодыңды сақтай білу деп ерекше екпін түсіріп айтқаны рас. Оның ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігі жастарды патриоттық сезімге тәрбиелейтіні сөзсіз. Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы... деген Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, ұлттың тарихын, болмысын, мінезін, құндылықтарын дәріптеуде әдебиеттің орны айрықша екені тағы белгілі. Адамгершілік, имандылық, қайырымдылық, ізгілік, төзімділік, қарапайымдылық, тағы басқа қасиеттер рухани азықты байытатын рухани құндылықтар десек, бүгінгі ғылым мен техниканың шарықтап тұрған шағында адамдардан осы рух қажеттілігі, рухани азық алыстап, мейірімнен алшақтап бара жатқан тәрізді. Дегенмен қазіргі рухани азық тапшы уақытта шығармаларына шынайы түрде рухани қажеттілікті байланыстырып отырған жазушыларымыздың көркем шығармалары көмекке қол созғандай. Қазақстанда егемендігімізді алғалы бері руханият мәселесіне қатысты бірқатар істер тындырылып келеді. Ана тілдің мемлекеттік мәртебе алуы, Абай мен Жамбылдың 150 жылдығы кең көлемде аталып өтілуі, 1997 жылдың Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, 1998 жылдың Халық бірлігі мен ұлтгық тарих жылы, 1999 жылдың Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы, 2000 жылдың Мәдениетті қолдау жылы, 2001 жылдың Қазақстан тәуелсіздігінің он жылдығы деп жариялануы және тағы сол сияқтылардың тарих пен бүгіннің сабақтастығын орнатуы нәтижесіндегі атқарылған қыруар жұмыстар елдің мәдени әрі рухани байлығын арттыруға үлкен әсерін тигізді. Тарихта өткен ірі тұлғаларымызды еске алып, олардың мақсат еткен тәуелсіздігін қолдан шығармай ұстасақ, бізге қалдырған аманатына берік болғанымыз. Ал мәдени мұрасының қадірін түсініп, қасиет тұтсақ өзіміздің руханиятымызға қиянат жасамаған болар едік.
Қазіргі кездегі үлкен мәселелердің бірі - үлкеннің алдында ізет тұту, әдеп сақтаудың маңызы жойылып барады. Ата мен бала, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас туралы мәселе қазақ өмірінде жалпы үлкен орын алды. Сол қарым-қатынастардың сипаты дағдылы әдет-ғұрыпты, салтты паш етумен қатар, адамдардың адамгершілік әлемін де танытады, нақты уақыттың, белгілі ортаның сырын да ұқтырды. Міне сондықтан да әдептен озбау керек. Осындай идеяға құрылған жазушының Сентябрьде деген әңгімесінде Айтбай дейтін қаряның жай-күйі шертіледі. Айтбайдың бүкіл өмірі ауылда өткен, сыртқа ұзап шықпаған қыр қазағы еді. Кемпірі қайтыс болады да, бір үйде жалғыз отыра алмай қаладағы баласы мен келіннің қолына барып тұрады. Олар қатты құрметтейді, сыйлайды, бірақ бұлардың үйдегі тәртібіне Айтбайдың көңілі көншімейді. Қарт осылайша қысылшаң күйге түседі. Автордың қаһарманның осы хал кезіндегі жан толғаныстары арқылы оның жүрегіндегі мол мейір мен зор әкелеік махаббатты әңгімелейді.
М.Мағауиннің шығармаларының көпшілігі өзінің қатысымен басталады. Өмірінде болған бір оқиғаны өрбіте отырып, соған қатысты тарихи бір хикаяны бастап кетеді. Осы сияқты Жаздыгүн шілде болғанда атты шығармасында кезінде өзінің атасы Абайдың аулына жер беріп, көшіріп әкелгенде болған оқиға жайын баяндайды. Жаздыгүн шілде болғанда, Көкорай шалғын, бәйшешек Ұзарып өсіп толғанда... деп келетін Абайдың өлең жолдарын еске алумен бастайды шығарманы. Ал осы өлеңді өзі көзімен көріп тұрған жерге тамсанып жазды дегенге адам сенбейді. Себебі, жер тозып, өлуге айналған. Оны былайша суреттейді: Өспеген, толмаған. Бәйшешек жоқ, шалғын көкорай емес. Сирек тоғайлы өзен иiнi мен түйетайлы қырат аралығындағы тай шаптырым кең түбек шөбi жұтаң, селдір шилеуіт, бозғыл қияқты саржағал ойпаңға айналыпты. Бірақ сол қоныс. (Мағауин М., 2004: 136). Жер тозады деп кім ойлаған. (Мағауин М., 2004: 139). Автордың түйіні адам ғана емес, жер де тозып, өледі екен-ау дегенге келеді. Ал адамға келер болсақ, адамның физикалық тұрғыда азуы елең ететін жағдай емес, рухани тұрғыда азуы - нағыз қайғы. Бір ғана адамның осылайша азуы біліне қоймас, тұтас халық азса - нағыз қасірет. 2000 жылы жазылған бұл қысқа ғана әңгімесінде автор қазақтың басынан кешкен бірталай ауыртпалығын айта өткен. Сонымен қатар, Абай заманындағы көш, ондағы орыс зиялы өкілінің Абаймен әңгімесі, сол дәуірдің салты, адамының ерекшелігіне дейін шебер сипаттайды. Сондай-ақ, Кенже ағасының баяндауымен 30-жылдардағы аштық оқиғасы да қамтылған. Бұл жерде автор біраз статистикаға көңіл бөлген. Аштықтың салдарынан болған қазақ санының азаюына сандар мен дәлелдер келтіре жазады. Ал аштықтың туу салдары табиғи құбылыс емес, адам қолынан болғандығы басты назарда болады. Сөз арасында бүгінгінің жайы да әңгіме болады. Осының бәрін жазушы шағын ғана әңгімеге асқан шеберлікпен сыйғыза білген.Түсінген адамға түйер ой да көп.
Жазушы Абай заманын суреттеуде ұсақ болса да көптеген детальдарға мән берген. Әрі екі жас ақынның сөз таластыра жарысуы, Абайдың әр нәрсені елеп отыруы ескеріле бермейтін дүниелерге назарыңды аудартады. Өзен бойында аң аулаған адамдардың, аң-құстардың бейнесі салынған тастар бар екенін, олар ерте замандағы адамдардан қалған мәдениеттің бір бөлшегі екенін біліп отырса да басқалардан сынай сұраған Абайдың сыншылдығын баса суреттеген жазушы. Байкөкше мен Көкбайға өлең жаздырып, оларды қатал сынға алып отырады. Сондағы олардың да ойында ертеңгі ұрпаққа бізден не қалар екен деген сауал тұрады. Бұл автордың өзін мазалаған сұрақ болатын. Жүз жыл бұрын жасыл желегі жайқалып жатқан табан астындағы жердің бүгінде адам танымастай өзгергені ата мирасына ие бола алмағандай қынжылтады. Ол Сеймейде жарылып жатқан жарылыстардың нәтижесі еді. Бабаларынан мұраға қалған жер бұлайша талқан болғанына жаны жабырқайды. Абайдың өлеңін бірнеше рет қайталап жүріп, тозған жерге қарап, қайта-қайта таңданады. Оның да бар мақсаты - халқына өлмес рухани мұра қалдыру екені әңгіме астарында жаңғырып жатыр.
Әңгімеде мынадай жолдар кездеседі: Мен сенің жазғандарыңды оқығанда қарадан-қарап қорқып отырам...
- Е, Кенже аға, бұл - бергі жағы ғана ғой, - дедім мен. - Ойдағыны жаза алмай өтiп барамыз...
- Жазбай-ақ қой, айналайын, - деді Кенже ағам. - Осы жазғаның да жетеді.. [8, 158]. Өткен ғасырдың ең үлкен қасіретінің бірі осы еді. Сөз еркіндігіне бой берген адам жазықсыз жалаға ұшырап кететін кез. Бұл - адамдарды көзі бола тұра соқыр, аузы бола тұра мылқау ететін жағдайға жеткізіп, халықты рухани азғындауға, өз тарихын қате үйреніп, шындыққа көз жұмуға мәжбүрлеген кезең болды. Шығарма 2000 жылы жарыққа шыққанымен, оқиға 1986 жылы болған [8, 146]. Саяси ахуал қаншалықты ретті дегенімен орыстың астарлы саясаты нені күттіріп тұрғанын ешкім болжай алмайды. Бір тараптан Семейдегі жарылыстар халықты қысымға салса, екінші тарапынан айтқысы келгенін айта алмайтын айтушыны сарсаңға түсіріп біткен. Осы жағдайлар қазақтың санасын оятып, рухани дамуының кешеуілдеуін айтарлықтай артта қалдырды.
Жазушының Ұлт-аралық жанжал әңгімесі - адамның азғындауы идеясына құрылған шығарма. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі шиеленіскен әлеуметтік оқиғалар яғни, ұлт-аралық жанжал әңгіменің негізгі ұйтқысына айналған. Басқа ұлыс өкілдерінен құралған жеті отбасы болмаса, қазақи деп атауға толық болатын ауылдағы тіл мәселесі алдыңғы орынға шығады. Оқиға желісі нақты қай ұлттан екені белгісіз Марат мырзаның өзін қазақтар басынып алды деп жоғарыға жазған хаттарынан басталады. Сол хаттардың желеуімен жоғарыдан келген төраға егемен елдің иесі ретінде қазақтар ұлт-аралық жанжал тудырмай, бейбітшілікті сақтап отыруы керектігін баса айтады. Соны желеу етіп Марат та құтыра түседі. Оның Сендер -- қазақтар адал совет адамдарын ұлтқа бөлдіңдер. Қысым жасадыңдар және жасап келесіңдер, әлі жасап отырсыңдар... Ұлтшылдық деген осы. Балық басынан шіриді. Ұлтшылдық осы ауылдан емес, Алматыдан, жоғарыдағы сен сиякты көсемдерден басталған! [8, 225] - деген үрей туғызатын сөздері жергілікті тұрғындарды жіпсіз байлайды. Ол кезде халықтың ұлтшыл деген сөзді түсінуі де басқаша екені байқалады. Кеңестік идеологияның құрсауынан әлі шығып болмаған халық ұлтшыл деген сөзді қылмыскердің, елге қарсы адамның сөзі іспетті көреді.
Шығармада еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі бірнеше жылдар көлемі сөз болады. Бұл уақыттардағы халықтың сана-сезімі жас баланың аяғынан енді тұрып, өмірді жаңа тани бастағанкезеңіне ұқсап кетеді. Әйтсе де Кеңестік тоталитарлық жүйенің ыдырауынанкейін елімізде егемендігін алған соңғы онжылдықтар ішіндегі жаңалықтар қоғамдық өмірдегі руханияттың кері кетуімен емес, алға жылжуымен сипатталады. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы тұсындағы қазақ халқының руханияты мен қоғамдық санасындағы түбегейлі өзгерістер тарихи тағдырдың тәлкегімен ұмыт болған ұлттық дәстүр мен мәдениетті қайта жаңғыртуымен тарихта қалды. Бірнеше ғасыр бойы отаршылдық пен тоталитаризмнің ықпалымен мәдени азғындауға ұшыраған ұлттық мәдениет қайта өркендеп келе жатты.
Осы шығармада айтылған қиындықтар және одан басқа қоғамдық өмірде болған мәселелердің орын алуы халықтың жаңа белестерге көтерілуіне әкелген баспалдақ тәрізді. Елді қиындықтардан шығарған - рухани дүниесін байыту жолында жұмыс істеген ақын-жазушылардың, ғалымдар мен ел қамын ойлаған қоғам қайраткерлерінің батыл қадамдары.Өркендетуге, дамытуға, сақтауға, байытуға міндеттіміз. Ал, қазақ... Тәуелсіздік алдың, енді атаңның басы керек пе? Ел иесі екеіңді қашан ұғасың?! [8, 245] деген жазушының халыққа жолдаған жан айқайы бүгінгі қазақты қалыптастыруға үлесін тигізді.
М.Мағауиннің Ұлт-аралық жанжал атты туындысының қаны қазақ, рухы қазақ сүйсініп оқитын шынайы әңгіме екендігі көркемдік қуатының кемелділігінен көрінеді. Шығарма тұтастай сатиралық фон, емеурін, тұспал, символ, күлкі қатар өріліп отырады [9, 29]. Расында, М.Мағауин әрбір оқиғаны болған жағдайына қарай, адамдардың аттарын белгілі бір қасиеттеріне қарай әжуалай суреттейді. Қандышеке Жалтырбас пен Кертпеш мұрын Қалыңшаштардың өздеріне ғана тиесілі мұндай есімдері автордың оларға берген жеке суреттеуі. Ауыл жұрты туралы айта келе соңғы жылдарда пайда болған мынадай әдеттерін елеусіз ғана атап өткенімен, сөз астарында құптамаушылық аңғарылады. Десе де, бұрын жаға жыртылмаған момын ауылдың қазіргі жауынгерлік рухы жоғары. Соңғы төрт жылда ғана ауыл балалары eкі кiciнi атып, үш кісіні жарып өлтірді. Үлкен жер, орта есеппен алғанда ештеңе емес[8, 215] Немесе қазақ тілінің өз жерінде үстемдік құра алмай келе жатқаны туралы былай дейді: Ауылдағы барлық әкiмшiлiк ic кағаздары ұлы орыс халқының құдіретті тілінде жүргізіледі. Ресми мәжіліс, жалпы жиналыс, мерекелік салтанат атаулы, айтпаса да түсінікті, тұтасымен орыс тілінде. Бұл заңды да - мұндай үлкенді-кішілі жиындарға тым құрса eкi-үш орыс және қазақша ұқпайтын тағы бipep кici қатысып қалуы мүмкін гой. Ал бip орысты емге таппайтын малшылар келсеше? Ол да орысша. Қыста құм сағалап, жазда тау жайлап кететін жабайы шабан ештеңе ұқпай-ақ қойсын, арнайы шақырған соң, әңгіме мал шаруашылығы турасында екенін білмейтін соншама мақұлық емес [8, 216]. Әр жерде осы сияқты сатираның салмақты ізі жатыр және өз қызметтерін орынды атқарып тұр.
Жазушы шығарманың негізгі кейіпкері Мараттың ұлты кім екенін білмей, оған Мирзоев, Мирзоян, Мирзозаде, Мирзопуло деп әр ұлтқа тән адамның тегіне жалғанатын жалғауларды жалғағанмен, кім дерін білмей дал болады. Оны тіпті, кейіпкерінің өзі де білмейді, білсе, әр жазған хатына әр түрлі емес бір ғана фамилия жазар еді. Осылай бола тұра республика деңгейінде қаралған дау шығарып, қисынсыз талаптарының бәрін орындатып отырды. Оның әрбір сөзі, іс-әрекеті оқырманның көңілінде жиіркеніш тудырып, адамды өзінен кері итереді. Бұл сұмырайдың кінәсін мойындатып, жазаға тартқызу соншалықты қиын іс емес, неге солай істемейді деген шыдамсыздық пайда болады. Бірақ олай ететін болса, шығарманың айтар ештеңесі қалмас еді. Марат сияқтылар қай қоғамда болса да кездесіп жатады. Сондай типті адам қазақтың кеңпейілдігіне тап келіп, өзінің шын жазасынан құтылып кеткені де шығарманың көркем бір түйіні. Қанша әурелеңге салса да маса шаққан құрлы көрмеген қарапайым қазақтың кеңшілігі оны өзіне жау емес, керісінше, жақтасы етіп шығарды. Дандайсып басына шықса да кешіріммен қараған қазаққа Марат өкінішін білдіреді: Мені қумаңыздар... Осы жер - де тудым, осы елде өстім. Қазақша өте жақсы білем. Орысша да білем, бipaқ мен орыстілді емес, қазақтілдімін. Meнi қазақ деп атасаңыздар да болады. Мен - байтақ Қазақстанның азаматы екенімді мақтан тұтам. Қазақ - кең халық. Жомарт, қонақжай халық. Кекшіл емес. Кешірімшіл. Бөтен ұлтты жатырқауды білмейді. Түгел жайсаң. Жаңадан тәуелсіздік алған басқа бip республикада мені тоздырып жіберер еді. Өздеріңмен тең тұтып, сыйлағандарыңа рақмет. Менің басқа барар жерім жоқ, рұқсат етсеңіздер осы ауылда тұра берейін [8, 243]. Бөтен елдің аузымен автор қазақты мақтап, абыройын үстем етіп қойған. Бірақ, мұны өтірік деп те ешкім қарсы шыға алмасы анық.
Әңгімнің соңында ғана пайда болса да негізгі орындардың бірін алатын тентек Текебай қазақтың намысын қорғап шығып, намысшыл жігітке тән мінезімен ерекшеленеді. Текебай түрмеден шығып келеді, бірақ оның ол жерде болуға титтей де кінәсі жоқ еді. Сол кездегі бассыздықтардың бірі деп те қарауға болады бұған. Сонымен, Текебай өз қатарластарының бәрінен озды: Мараттың сыбағасын берген болатын. Тентек деген сөз атына бекер жармасып жүрмеген болып шықты. Тентектігі бүтін бір ауылдың азаттықты сезінуіне жағдай жасады. Тілін, жерін, атасын,рухын қорлаған Маратты Текебайдың тентек мінезі басты. Өзгеге жем болып жүрген өз жұртымызды құрықтан босатып елді бір риза қылады. Шығарманың соңы осылайша, кектесумен емес, ұлт арасын бекітумен бітті. Оған үлкен үлесін қосқан ауыл әкімі мен оның жауапты орынбасары, ауыл тұрғыны Қанат пен Тентекбайлар болды. Қанша қоқан-лоққы көрсетсе де сабырлық танытып шыдап баққан ауыл тұрғындары, әсіресе, Қанат ел арасын ажыратып алудан сақтап қалды.
М.Мағауин шығармаларының барлығында дерлік астарлап немесе ашық түрде ұлт тағдырын, рухани құндылықтарын ұлттық таным тұрғысынан дәріптеп келеді. Қазақы менталитетімізге тән кейбір келеңсіздіктер, аяушылық, адамшылық сияқты сезімдердің аяққа тапталуы, мақсатсыз, мағынасыз саясатқа деген шарасыздық кейде ашық күйде берілсе, енді бірде астарлы образдар арқылы сөз болады [9, 43].
Сондай шығармаларының бірі - Құмырсқа-қырғын әңгімесі. М.Мағауиннің Құмырсқа-қырғын атты философиялық ойға құрылған әңгімесі табиғат құдіретіне бас июді ғана емес, өмір үшін күрес, қазіргінің жалғасы, болашақтың тұтқасы жас ұрпақ пен ертеңіміздің кепілі - жер-анамызды қастерлеу туралы сыр десе де болады. Сырт қарағанда өзімізге таныс, өмірде жиі кездесетін қарапайым ғана оқиға. Кейде аяғымыздың астында тапталып қалатын құмырсқалар өмірі авторкейіпкердің көзімен бағамдалып, баяндалады. [9, 44]
Автор жаңадан көшіп келген үйінің ауласындағы құмырсқалардың тіршілігін бақылай жүріп күтпеген нәрсеге кез болады автор. Қырық жылдан бері қонысын өзгертпеген құмырсқалар әуелден-ақ назарын өзіне аудартты. Мына бір илеу -- тұтас бip әулет. Немесе, мемлекет. Ерекше тіршілік жүйесі, бағзыдан бекіген, бұлжымас заң-жарғылары, басқару рәсімдері бар. Әрине, өзіндік үлгі, бөтен бip өлшемдегі қоғамдық құрылым [10, 235]. Осылайша кейіпкер әрі автор құмырсқалар хандығын тапты. Илеу -- құмырсқалар мелекетінің бас ордасы [10, 236] деуінен-ақ үлкен бір тақырыпты қозғағалы тұрғаны байқалады. Сол хандықтың ордасында болып көргендей илеудің бөлме-бөлмелерін, ондағы құмырсқалардың қызметтерін айта бастайды. Бірақ осынау бақытты құмырсқалар әулетінің шырқы да бұзылатын кезі болады екен. Үйінің бір бұрышынан пайда болған жаңа илеу жаңа бір құмырсқалар әулетінің өкілдері еді. Түр-тұрпаттары, қимылдары бұрынғыдан басқаша, ұсақ болғанымен ширақ қимылдайды. Үй иесі де зияны жоқ қой деген оймен айтарлықтай мән бере қоймайды. Бірақ бір ай өтпестен олардың саны көбею үстіне көбейе берді. Жай ғана көбейіп қойған жоқ, өз жеріне сыймай, ашкөз империялар сияқты айналасындағыны да жайпай бастады. Кенет көлеңкебеттегі топтан eкi ш ымал бөлініп шықты да, бейбіт шеруге тура бел ортадан тиді. Әй-шәй жоқ, келе сала беткері бір қоңыр құмырсқаға, бipi кеудеден, бipi бөкседенбас салған. Қоңыр жиырыла тыпырлады. Сол, жағаласа бүктелген беті үшеуі бірдей жерге құлап түскен [10, 240]. Құмырсқалар соғысы емес, тап бір адамдар соғысып жатқандай айқас басталып кеткен екен. Бірақ бұрынғы қоңыр құмырсқалар бейбіт болып шығады. Өзіне тимегенге тиіспейді, егер тиіссе ерлікпен қаза табады. Себебі, қара құмырсқалар оларға бірнешеулеп жабылады.
Қоңыр құмырсқалар шаруада ұйымшыл келгенімен, жаумен арпалыста берекесіздеу көрінеді. Азғантай уақыттың ішінде қара құмырсқалар баудың жарым бөлігін иеленіп үлгереді. Осы кезде үй иесі қоңыр құмырсқаларға көмекке келуді ойлайды. Әйткенмен, күте тұруға бел буады. Бәлкім ақылдары кіріп, бірігіп қара құмырсқаларды қуып шығар деп дәмеленген. Бірақ ол да бола қоймайды. Жеңіліп бара жатса қара құмырсқаларды өлтіретін дәрі сеуіп, жоқ ете салам деп риза болып отырған кейіпкерге мынадай ой келеді: Жеті қат көктің төріндегі Ақсақал жердегі мына бізге қарап, дәл осылай масаттанып отырған шығар. Kейбір кездерде ол Kici... Kici емес, Тәңipi тағалам да өзi араласып кететінтәрізді ғой [10, 242]. Бұлай деуіне бір нәрсенің себеп болатыны анық. Ал жалпы мұндай әңгіменің жазылуына тағы бір нәрсе себеп болатыны да белгілі. Тұспалдап сөйлеуінде, бір нәрсені екінші бір нәрсеге ұқсатуында, бәрінде бір мән жатыр. Қалай болғанда да автордың айтқысы келген мәселенің бір шеті шығып жатыр. Сонымен, қандай айла қолданам десе де бәрі өз қолында емесін түсінді үй иесі. Ақыры, жауыз қара құмырсқалар қоңыр құмырсқалардың туған үйін, жерін тартып алғаны мәлім болады. Өздеріне де обал жоқ... - Күші жетеді, саны көп. Тек береке-бірлік жоқ. Сондықтан осындай зобалаңға ұшырады!.. [10, 243]. Автордың балаларына, сонымен қоса оқырманына айтпағы осы еді. Бірлікті ту еткен халық қана басқаға төтеп бере алатынын, ауызбірлікті жоғалту жерді жоғалтуға әкелетінін насихаттайды. Қоңыр құмырсқалар жер ауып басқа жақтан қоныс тапты, бірақ, саны бұрынғыдай емес еді. Әлденеше есеге азайып қалған, илеуінің көлемі де кішкентай. Бар күш жігерінен айрылып, есін енді жиып келе жатқан ел сияқты.
Бұдан кейін де туыстас екі әулет құмырсқалар арасында бау ішіндегі айқастар қайта басталды. Қанды қырғынмен тең. Осының бәрін ой елегінен өткізе отырып, неге бұлай болады деген сауалға бас қатырады кейіпкер. Құдай өзі жаратқан тіршілік иелеріне жаны ашмайды ма деген де ой келеді. Соңында екі жақ та түгелімен қырылып бітіп, байтақ жер иесіз қалды. Жоғарыдан тамашалап тұрған адам үшін ұсақ құмырсқалар тым елеусіз болып көрінгенімен, олар да адамдар сияқты тіршілік иелері. Олардың да өмірі тамақ табумен, ұрпақ өрбітумен жалғасып келе жатқан үлкен бір отбасы немесе мемлекет тәрізді. Автор осы оқиғаны адамзат баласымен салыстыра қарап, ой түйерлік шағын бір әңгімемен ойын жеткізген.
Кеңес дәуірінде жеке адамның табиғатын ашу үшін өзі өскен ортасы мен жан-жануарлардың тіршілігін байланыстыру тәсіліне сүйеніп жазған шығармаларының бірі - Тазының өлімі. Бас кейіпкер Қазы - аңшылықты ғана емес, өзінің туған жерін, адам бойындағы игі қасиеттердің баршасын сүйетін қарапайым жан. Бұл шығармада күнәсіз хайуанат арқылы адам қауымының ортасындағы күрделі шындықты ашуға деген талпыныс бар. Осынау көркемдік әрекет жолындағы жазушының таңдап алған тәсілі де ұтымды. Бас кейіпкері тазы болғанымен, шығармадағы айтылатын негізгі мәселе - адам тағдыры, ұлттық құндылығымыз салт-дәстүрге деген кейінгі көзқарас. М.Мағауин жануарлар өмірін негіз ете отырып, Көк кептер әңгімесін, Жыланды жаз повесі мен Шақан-Шері романын да жазып шықты. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ әдебиеті және интермәтін түрлері
Қазақ прозасындағы фольклорлық сарындар
Әдебиет - ұлттың жаны
Жазушы шығармаларын оқытуды интеграциялаудың жолдарын анықтау
ХҮІІІ ғасырдағы Қазақстан мәдениеті
Аңшылық кәсібінің мәдениеттегі орны
САҚ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ПОЛИМОРФТЫҚ БЕЙНЕЛЕР
Қазақ хандығының саяси және қоғамдық құрылысы
Ілияс Жансүгіровтың поэмаларының көркемдік ерекшеліктері
Көшпеліліктің қалыптаса бастауы: Дәндібай-Бегазы мәдениеті
Пәндер