Қазақ баспасөзіндегі рухани құндылықтар мәселесі


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 77 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Академик Е. А. Бөкетов атындағы

Қарағанды мемлекеттік университеті

Секербаева Әсем Берікжанқызы

Қазақ баспасөзіндегі ұлттық салт-дәстүрдің насихатталуы (2014-2019 жж. )

Дипломдық жұмыс

5В050400 - «Журналистика» мамандығы

Қарағанды 2019

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Академик Е. А. Бөкетов атындағы

Қарағанды мемлекеттік университеті

«Қорғауға жіберілді»

кафедра меңгерушісі., ф. ғ. к., доцент

Рамазанова Ж. С

Дипломдық жұмыс

Тақырыбы: «Қазақ баспасөзіндегі ұлттық салт-дәстүрдің

насихатталуы (2014-2019 жж. ) »

5В050400 - «Журналистика» мамандығы

Орындады: Ә. Б. Секербаева

Ғылыми жетекшісі:

аға оқытушы Ж. Ж. Еркін

Қарағанды 2019

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 6-бет

I Қазақ баспасөзіндегі рухани құндылықтар мәселесі

  1. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың көрінісі . . . 10-бет
  2. Салт-дәстүрді насихаттаудың ұлттық және мемлекеттік маңызы . . . 25-бет

II Ұлттық салт-дәстүр және баспасөз

2. 1 «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің ұлттық салт-дәстүрді насихаттаудағы рөлі . . . 45-бет

2. 2 «Дәстүр» журналының салт-дәстүр тақырыбын көтерудегі ерекшелігі . . . 58-бет

Қорытынды . . . 75-бет

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 79-бет

Кіріспе

Дипломдық жұмыс тақырыбының маңыздылығы. Қазақ халқының ең басты қазынасы - ұлттық салт-дәстүрі. Біздің төл дәстүріміз мыңдаған жылдар шеңберіндегі көшпенділер ортасында, Еуразияның құрлығының орталығында дүниеге келді. Халықтың игі әдеттері дағдылана келе әдет-ғұрыпқа, әсерлі әдет-ғұрыптар салт-дәстүрлерге, халықтың өмірінде қалыптасқан салт-дәстүрлер салт-сана болып қалыптасады. Міне, біздің осы ұлттық қазыналарымыз ұзақ кезеңдерден өтіп, өз тілі мен салт-дәстүрін сақтап, қазақ халқының құндылықтары ретінде дамып келеді. Осылайша кешегіміз бүгінгі күнмен сабақтасып жатыр. Осы ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлері - бізге аманат етіп тапсырылған құнды мирас. Сондықтан да халық тағдырын баян ететін дәстүрімізді оқып-үйрену әр адамды отансүйгіштікке, өз елінің азаматы болуға баулиды. Мұны ұғыну арқылы адамзат рухани құндылықтардың қайнар көздеріне терең бойлайды. Әсіресе, дәстүріміздің терең қойнауын, түп тамырын танып, білу аса маңызды мәселе болып табылады. Осы жерде қазақ баспасөзінің атқаратын рөлі орасан зор.

Қаншама жылдар бойғы бодандық пен кеңестік саясат кезінде қол үзіп қалған есеміздің орнын толтырып, рухани мерейімізді асқақтатып, қазақы әде-ғұрып, салт-дәстүр, жөн-жоралғы, әдеп пен иман сияқты тектілік қасиеттерімізді жаңғырту - бүгінгі күннің басты талабы. Сондай-ақ, әлемдік ақпарат кеңістігінен өз орнымызды иеленіп, әлемге қазақ елін танытамыз десек, қоғамды рухани аздыратын, ұлттық болмысымызға дақ түсіретін дүниелерден аулақ болуымыз керек. Керісінше, қазақтығымызды дәріптейтін ұлттық туындыларды көптеп шығарып, жастардың санасына сіңіру басты міндет болып саналады. Бұқаралық ақпарат құралдары қашан да халық мүддесін ойлауы тиіс. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарында мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің, әдебиетіміз бен әдет-ғұрыптарымыздың тереңнен насихатталмауы - болашағымыз үшін қауіпті. Себебі, ұлттық құндылықтармен сусындап өспеген жас ұрпақ, еліміздің жанашыры, яғни патриоты бола алмайды. Бұл - қазақ ұлтын ойландырмай қоймайды. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарында оның ішінде қазақ бапасөзінде осы мәселеде үлкен жауапкершілік бар.

Қазақ баспасөзіндегі ұлттық салт-дәстүр және мәдениет мәселелерінің жазылуының өзіндік сипаты мен ерекшеліктері бар. Мұны біреулер біліп жатса, екіншілері білмей жатады. Әсіресе, соңғы кездері бұл тақырыпқа қалам тартып жүрген жазушы, журналист, өнер қайраткерлері мен тарихшыларға қойылатын талаптар артпаса, кеміген емес. Себебі, әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байлығын білу үшін көп ізденіп, көп еңбектену қажет. Көрген-білгеніңді, біреулерден естігеніңді қағаз бетіне түсіре салып, бұл менің халқымның мәдениеті мен салт-дәстүрі деп ұран салуға болмайды. Дәстүрдің өзі толық зерттеуді қажет етеді. Міне, осы тұрғыдан келгенде дипломдық жұмыстың маңыздылығы көрінеді.

Дипломдық жұмысының өзектілігі. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды. Тәуелсіздік жылдарында жаһандануға қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. Қазақстан - бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қойып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек», - деген болатын. Сондықтан егеменді ел болып, тіліміз бен дініміздің тізгіні өз қолымызға берілгендіктен, дәстүріміз бен мәдениетімізді жабайы көріністе жаңғыртуға тырысатындардың жолын бөгеп, оны ата-бабаның салт-дәстүрімен суарып жандандыра алсақ қана ұлттық тарихымыздың бейнесі сомдалмақшы. Осы уақытқа дейін қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениеті дүние жүзі халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрінен ілгері болып келді. Оның тұнып жатқан асыл маржандарын жинақтап қазіргі жастарға жеткізу - әр қазақтың парызы.

Ұлттық құндылықтарымызды, бірегейлікті сақтау арқылы қазақ халқы өзге өркениеттер тегеурініне төтеп береді және біртұтас ұлт ретінде сақталады. Ол үшін қазақ тіліне, ұлттық салт-дәстүріне, материалдық және рухани мұраларға дұрыс мән беріп, оларға құрметпен қарау қажет. Елдің болашағы жастар, оларға дұрыс ұлттық тәрбие беру керек. Жас ұрпақтың тарихи танымы күшті болса, ұлттық рухы да жоғары болады. Сонда ғана ұлттық «МЕН» деген ұғым толық қалыптасады.

Осы тұрғыда біздің қазақтың ағартушы-ғалымдарының, жазушылары мен ақындарының соның ішінде қазақ даласында алғаш мектеп ашқан Ы. Алтынсариннің, қазақтың ұлы ғалымы Ш. Уәлихановтың мақалалары, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім сынды ұлт зиялыларының қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне арнап жазған еңбектері күні бүгінге дейін мән-мазмұндарын жоймаған ғылыми зерттеулер болып табылады. Әрине, кеңес өкіметі тұсында да бұл тақырыпқа қалам тартқандар аз болмады. Бірақ, оған үнемі бөгет жасалып отырды. Біз бұл дипломдық жұмыстың тарауларында жалпы дәстүр тақырыбының жазылу сипаты мен бүгінгі баспасөз бетінде көрініс табуы туралы нақты деректерге сүйене отырып, салт-дәстүрімізді насихаттаудың мемлекеттік маңызын ашуға тырыстық. Мысалы, жас ұрпақтың өз рухани байлықтарына немқұрайлы қарауларының себебі неде? Қазіргі қалалық тұрғындардың салт-дәстүрден ажырап бара жатқандығына не себеп? Өз мәдениеті мен салт-дәстүрлерінен хабарсыз болу ұлтқа қаншалықты әсер етеді? Міне, осындай сан түрлі сауалдар кімдерді болсын, әрине, өз халқына, ұлтына жаны ашитын азаматтарды қашан да болсын толғандырады. Мәселен, жоғарыда атап өткен Шоқан, Ыбырай, Абай сынды сонау үш ұлы ағартушыларымыз қазағым, халқым, ұлтым деп бастаған істі ізбасарлары Әлихан, Ахмет, Міржақып жалғастырып, солардың атын тарихта қалдыру жолында өздерін құрбан етті. Осылайша олар тыным таппай еңбек етіп, туған халқының тарихы мен мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің, тілі мен дінінің өшпеу жолдарын қарастырған. Осыдан кейін бүгінгі ұрпақтың оларға деген құрметінің болмауы мүмкін емес. Солардан аманат болып қалған асыл мұраны иегруге ұмтылуы қажет. Ал осы ойларын жүзеге асыру үшін оларға мықты баспасөз органдары мен халық арасынан шыққан нағыз жанашырлар қажет.

Дипломдық жұмысының мақсаты. Қазақ баспасөзіндегі ұлттық салт-дәстүрдің насихатталуын, рухани құндылықтар мәселесі мен салт-дәстүрді насихаттаудың ұлттық және мемлекеттік маңызын ашу. Баспасөз бетіндегі салт-дәстүрден бөлек ырым мен тиымдарға тоқталу. Баспасөздегі рухани сабақтастық пен үндестікті пайымдау. Қазақ баспасөз беттеріндегі салт-дәстүр тақырыбының жазылу ерекшеліктерін және де сондағы ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізге тоқтала кету. Осы кезеңдегі қазақ баспасөзінің қызметін анықтау.

Дипломдық жұмысының міндеті. Баспасөздегі ұлттық құндылықтарды дәріптейтін туындылар - қазақ халқының мүддесін асқақтататын еңбектер. Сондағы қазақ баспасөзіндегі салт-дәстүріміздің насихатталу ерекшеліктерін саралап, салыстыру. Осы тақырыпты зерттей отырып, алдымызға төмендегідей міндеттер қойдық:

  • Ұлттық салт-дәстүр - қазақ халқының басты құндылықтарының бірі. Бүгінгі күнде де қазақтың өшпес мұраларын сақтау жас ұрпақтың ең басты, негізгі міндеті екендігіне назар аудару;
  • Баспасөздегі салт-дәстүрді насихаттаудағы ғалымдардың, зерттеушілердің еңбектеріне сүйене отырып, жан-жақты қарастыру;
  • «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінің ұлттық салт-дәстүрді насихаттаудағы атқарып жатқан қызметтеріне тоқталу;
  • «Дәстүр» журналының салт-дәстүр тақырыбын көтерудегі ерекшеліктерін айқындау;
  • Салт-дәстүр мәселесінің қазақ баспасөзінде қандай дәрежеде көрініс тауып жүргенін жан-жақты қарастырып, баса назар аудару;
  • Салт-дәстүр, рухани құндылықтар тақырыбын насихаттаудың мемлекеттік маңызын түсіндіру;
  • Зерттеу барысында салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғылар турасында ғалымдардың пікірлерін сондай-ақ баспасөзде жарық көрген мақалаларды мысалға келтіре отырып қарастыру.

Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы. Журналистика саласында салт-дәстүр мәселесіне қатысты Дәмегүл Баялиеваның «Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және тіл мен стиль мәселелері» атты еңбегі бар. Онда салт-дәстүр мәселесі тереңнен зерттеліп жазылған. Бірақ біздің қарастырып отырған тақырыбымыз зерттеліп отырған мәселенің бір бөлігі ғана. Сондықтан, біз қорғағалы отырған тақырып әлі толық зерттелмеген, тың дүние екені рас. Барынша жан-жақты қарастырып, зерттедік.

Диплом жұмысының тәжірибелік маңызы.

  • Диплом жұмысының негізгі тұжырымдарын және қорытындыларын жоғары оқу орындарында пайдалануға болады;
  • Аталған мәселеге қатысты зерттеулер бүгінгі күн тұрғысынан қайта қарастырылды;
  • Қазіргі қоғамдық маңызы бар мәселелерге мақалалардан мысалдар келтіріле отырып, оның шешу жолдары қарастырылды;
  • Қазақ баспасөзіндегі салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын мақалалардың маңыздылығы түсіндірілді;
  • «Дәстүр» журналының, сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» мен «Ана тілі» газеттеріндегі салт-дәстүр тақырыбындағы еңбектеріне шолу жасалды.

Диплом жұмысының әдістемелік және теориялық негіздері. Диплом жұмысын жазуда қазақ баспасөзі мен ондағы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың көрініс табуы, сонымен қоса олардың жазылу проблемалары жайында зерттеулер жүргізген бірқатар ғалымдардың тұжырымдары басшылыққа алынды. Әсіресе, тақырыпқа қатысты жүргізілген тәжірибелік жұмыстар құнды да дайын материал екенін айта кеткен жөн. Жұмыстың ғылыми тұрғыдан безендірілуіне әдебиеттер тізіміндегі авторлардың еңбектері барынша әсер етті.

Диплом жұмысының тәсілдері мен әдістері. Дипломдық жұмыс салыстырмалы типологиялық материалдарды талдау, фактілер мен деректерді жүйелеп тексеру әдісіне құралған. Сондай-ақ жұмыста тақырыпқа арналған зерттеулердегі ой-пікірлерді түсіндіру әдісі қолданылды. Жұмыстың жазылуы әдістемелік талғамды қажет етті. Ең алдымен, ғылыми әдебиеттер тізімін жинастыру қажет болды. Қажетті әдебиеттер сараланып, оларға талдау жүргізілді.

Диплом жұмысының нысаны. Қазақ баспасөзіндегі ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың көрініс табу сипатын қарастыру және ерекшеліктерін талдау. Оған арнайы жиналған материалдар негіз болды. Дипломдық жұмысты жазу барысында қазақ баспасөзін зерттеген және зерттеп жүрген ғалымдардың еңбектеріне сүйендік.

Диплом жұмысының дерек көзі. Зерттеу жұмысында алға қойған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін диплом жұмысының дерек көздері ретінде әдебиеттердегі қазақтың салт-дәстүрлері жайлы жазылған зерттеулер мен ой-пікірлер, кітаптар мен мерзімді баспасөз өнімдері, ғалымдардың зерттеу еңбектері мен түрлі сипаттағы мағлұматтары пайдаланылды. Сондай-ақ, баспасөзде жарияланған тілшілердің еңбектері жинақталды.

Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, «Қазақ баспасөзіндегі рухани құндылықтар мәселесі» және «Ұлттық салт-дәстүр және баспасөз» деген екі тарау мен тараушалардан, қорытындыдан сондай-ақ пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

I Қазақ баспасөзіндегі рухани құндылықтар мәселесі

  1. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ұлттық салт-дәстүр мен

әдет-ғұрыптың көрінісі

Бүгінгі таңда жер бетін мекендеген миллиардтаған халық діндері мен тілдеріне, наным-сенімдеріне қарай үш мыңнан астам ұлттар мен ұлыстарға ажыратылады екен. Сондықтан, қалай дегенде де, олардың әрқайсысының тек өздеріне ғана тән сонау ерте заманнан ата-бабаларынан мұра болып қалған әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, тілдері мен діндері, ұлттық мінездеріне сай сана-сенімдері, сондай-ақ ғасырлар қойнауынан сусындаған ауыз әдебиеттерімен қатар өзіндік тұрмыс-тіршілгі мен ұлттық қолөнері болады. Бұлар сонау тарихтан бері қарай жалғасатын, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде қалып отыратын Осының барлығы да әрбір халықтың өздерінің ата салттарына деген беріктігінен әрі оған деген адалдығынан болса керек. Мұның өзі әрбір халықтың өз ұлтының ежелден сақталып келе жатқан сарқылмас рухани байлығын, мөлдір, асыл мұраларын тұла бойларында қадір тұтып, көздерінің қарашығындай сақтап тұрғанда, ата-бабалардан қалған дәстүрді өздеріне мұрат тұтқанда оларға ешкімнің де, еш нәрсенің де бөгет бола алмайтындығын дәлелдейтіндей.

«Жібек шапан кигізіп, Ат жүйрігін мінгізіп, Жөнелтер ата салтымен» (Ш. Мұхамеджанов) . Әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар тұғырының негізі - салт ретінде қалыптасқан. Ол ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық, тәлім, өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжыпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Демек, салт-дәстүр қазақ үшін бұлжымас заңға айналған. Мысалы: той, наурыз көже, қыз ұзату, қонақасы, шашу, ерулік - ата салтымыз болып саналады. Оны қолдану мен дәріптеуді ғұрып дейміз. Қазақтың өмір салты, өнер салты, тарихы, мәдени мұра. Оның ел арасында тәлімдік, тәрбиелік, халықтық қызметі мен рөлі өте зор [1, 280] .

Ал, керісінше, осы жоғарыда аталған әрбір халықтың ұлттық асыл қасиеттерін, ата-бабаларынан ұрпақтан ұрпаққа аманат болып қалған асыл қасиеттерін, құндылықтарын күштеп жойып жіберсе немесе өз еркімен басқа дінге табынып, басқа мәдениетке бой ұрса, онда ол ұрпақтың тарих сахнасынан бірте-бірте құмға сіңген су сияқты алыстап кетуі де ғажап емес. Мәселен, осы тұрғыдан алғанда Азия мен Европаның ортасындағы шетсіз-шексіз, кең өлкені жайлаған қазақ халқы да діні, наным-сенімі және тілі мен салт-дәстүрі жағынан алғанда ежелгі ұлттардың қатарына жатады. Өйткені, шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап ата-бабаларымыз өз ұрпақтарының бойына өткен мен болашақтың арасын жалғайтын, келешектің нағыз арқауы болатын салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың небір сынақтан өткен асыл қасиеттерін дарытуға тырысқан.

Терең тарихтың сан ғасырлық жан шошытар шайқастары мен қанды қырғын арпалыстары, кең далаға топан судай құйылған шапқыншылықтары мен басқыншылықтары, аспандағы күн көзін тұтылдырған тойымсыз індеттері мен ажал сепкен нәубеттерінің біздің халықты құрдымға құлата алмағаны сондықтан да болар. Өйткені жері құнарлы, қазыналы да бай өлкеге қызыққан айналамыздағы ауыздары алты қарыс алпауыттар бұл далада рухы биік, өткір орақтай осып өтетін шешен тілді, кемеңгер ақыл-ойлы, сегіз қырлы, бір сырлы өнерімен жарасқан салт-дәстүрі, асып-төгілген мәдениеті бар ер мінезді қазақ халқы өмір сүретінін сезбей, оған ешкімнің тісі батпайтынын болжай да алмағаны сөзсіз.

Ұлттық салт-дәстүр деген қасиет әрбір адамның күнделікті бойы үйренген тұрмыс-тіршілігіне, жүріп-тұруына немесе сол халықтың өсіп-өркендеуіне мейлінше әсер ететін өзінше бір өлшенбес, құнды дүние. Оның бойындағы ең асылы ата-бабасынан алған тәлімі мен әке-шешесінің берген тәрбиесі болса керек. Бойына өз халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының кішкентай бір жұғынын ғана жұқтырып, оларды кеудесіне сыйғыза алмаған ұлт ешқашан да заман көшіне ілесіп, басқалардан озып кете алмайды деуге де болады. Ал мұның бәрін ұстағандардың, қадір-қасиетіне жеткендердің мәдениеті де өте биіктен көрінері даусыз. Сондықтан да ата-бабаларымыздың мұндай қасиеттерден жұрдай болғандарға арналған қазақтың «тәрбиесіз», «мәдениетсіз», «көргенсіз, » деген тиым сөздері тегін айтылмаса керек.

Осы сөздердің бала өміріне үлкен кесірін тигізетінін білген текті қазағымыз балаларын жастайынан салт-дәстүрмен сусындатып, тәрбиелеген. Баланы тым еркінсітпей, «ұят болады» деген бір ауыз сөзбен-ақ ерсі қылықтардан тыйып отырған. Мысалы, «Ана тілі» газетінің 2018 жылғы 15-ақпанда «Ар мен ұждан» атты тақырыпта жарық көрген мақалада осы тәрбие жайлы тұщымды ойлар айтылған. Онда: «Ұят - ең қадірлі қасиет. Адамзат бойында табиғи берілетін ұлы құндылық. Ұят - жасаған әрекетіңнің жөнсіздігін түсінушілік. Намысқа кір келтірушілік, моральдық рухтың асқақтығын қорлау - масқара болушылық. Қазақта «Өлімнен ұят күшті», «Ақылың болса арыңды сақа: ар-ұят керек әр уақытта», «Еңбек - өмірді ұзартады, ұят - бетті қызартады», «Бар барын жейді, ұясыз арын жейді» деген мақалдар жиі қолданылады. Бала тәрбиесінде де, отбасында да осындай тілдік құндылықтар арқылы ұлттық болмысымызды дұрыс сақтауға тырысып келеміз» [2], - деген көрегенді ой айтылған.

Қазақтың жарық дүние есігін ашқан әр перзентіне көрсетер тәрбиесі аттың жалы мен түйенің қомында-ақ басталған. Жаз жайлауға немесе қыс қыстауға ел көшкенде бала бөленген бесікті анасы ердің алдынғы жағына көлденең өңгеріп, сол қолымен бесік арқалығынан ат тізгінін қабаттай ұстап, оң қолымен жүк артқан түйенің бұйдасы мен қамшысының сабын қымқыра қысып көш жолына түскен. Ал егер бала емгісі келіп қыңқылдаған жағдайда, оны ат үстінде келе жатып емізу көшпелі тірлікке әбден көндіккен қазақ әйелдері үшін түкке де тұрмайтын. Осы сары ауыз күнінен бастап қазақ балалары аттың жалында, түйенің қомында жаттығып өседі де, есін біліп, етегін жапқаннан қазақ тәрбиесінің мөлдір бұлағына бас қойып, оның салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарынан аттамай, жүректеріне өшпестей етіп қатырып тастайды. Міне, осылай бұл өмірге алғаш келген сәттен бастап қазақ өмірінің ақ қаймағын көріп, шілдехана, сүндет тойы, қыз баланың құлағын тесу, тұсау кесу, атқа отырғызу сияқты бүкіл ғұмырын сабақтастырып жататын салт-дәстүрлер мен жөн-жоралғыларымен есейген ұрпаққа бабалар салтын құрметтетіп, елін сүйгізіп, жері үшін шыбын жандарын шүберекке түйдірген. Өйткені, мұның бәрі де қазақтың ұрпағының бойына сіңіре білген тәрбиесінің нәтижесі. Ол ең алдымен қарапайымдылығымен, даралығымен, кішіпейілдігімен, адамгершілікті бойына құя білуімен қасиетті. Тіпті бір ғана үйге кірген қонақтың қолына су құйып, кетерде кебісін алдына қойғанының өзі неге тұрады. Осының өзінде үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу сияқты тәрбиенің ең бірінші қажет ететін тәсілі жатыр ғой. Тіпті қате сөйлесе «тәйт» деген тыйымды есітіп, үлкендердің сөздерін тыңдап өскен ұрпақтың ешқашан да есерлікке бармайтынын біздің қазақ о бастан-ақ ұғынған [3, 30] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан мен Ұлыбритания бұқаралық ақпарат құралдарындағы ұлттық мүдде мәселелерінің берілу ерекшеліктері
ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ МӘСЕЛЕСІ
Дандай Ысқақұлының әдеби сын тарихы
Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы
Қазақ тілді басылымдардың пайда болуы
Қазақ жастары мерзімді баспасөзінің тарихы (ХХ ғасырдың басы – 1940 жж.)
Қазақ диаспорасы - Қазақстан Республикасынан шет аймақтарда тұратын қазақтар
Хабар жанрларының тақырыптық шеңбері
Электронды бақ және мәдени хабарлар
Сатира жанры
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz