Талаптан Ахметжан шығармаларының астарындағы ұлттық құндылықтарды анықтап, саралау



Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 91 бет
Таңдаулыға:   
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
I. Талаптан Ахметжан шығармаларындағы ұлттық танымның маңызы мен рөлі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
1.1. Суреткер тұлғасы және шығармашылық еңбек ... ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ...
1.2. Автор шығармаларындағы ұлттық менталитет ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... .
II. Талаптан Ахметжан прозасындағы ұлттық құндылықтардың көрінісі ... ... ... ...
2.1. Ұлттық характер жасауда кейіпкер сөзінің қызметі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
2.2. Мәтін астарындағы ұлттық құндылықтар жүйесі ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... .
ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ..

КІРІСПЕ
Диссертациялық жұмыстың жалпы сипаттамасы. Көркем прозада әдеби характер мен көркем жағдайдың арасындағы ерекше тығыз байланыстар маңызды мәселелер қатарына жататыны сөзсіз. Соның ішінде прозадағы ұлттық таным мен ұлттық характерді білдіретін тұстарын ашып көрсету диссертациялық еңбекте қарастырылған. Сонымен қатар, ұлттық характер мен жағдайдың арасындағы байланыстың негізінде әдеби кезеңді, шығармашылық тұлғаны, ұлттық танымның көріністерін және де көркем туындыны толығырақ танып - білудің алғышарттары мен мүмкіндіктері жетерлік. Халықтың ынтымағы, бірлігі жарасып, туыстықтың шынайы үлгісін көрсете білсе, өзінде барын өзгеге таныта және бағалата білген жағдайда ғана тарихтан өшпесі, мықтап орнын сайлап алары анық. Осыларды біріктіретін қуатты күшке, яғни менталитетке тәуелді. Сол ұлттық танымымыздың қаймағын жас ұрпақтың бойына ғасырлар сынынан өткен бай салт - сана, әдет - ғұрпымыз, ән - күйімізді дәріптеген ауыз әдебиетіміз бен жазба әдебиетіміз екені баршамызға аян. Ұлттың батыр, өнерлі, қайсар, өнегелі болып өсуіне, шешен, алғыр көсем болып қалыптасуына және жамандықты сынап, жақсылықты дәріптеген, көркем әдебиеттің дамуына өз үлесін қосқан талапты да, талантты жазушы Талаптан Ахметжанның туындыларынан кездестірсек болады. Ұлттық таным туралы қарастырғанда дін, діл, тіл, салт - дәстүр мен әдет - ғұрып, әлеуметтік, психологиялық, философиялық дүние талдамына да тоқталып өттік. Қаламы қуаты, ойы ұшқыр, ұлтжанды жазушының қаламы ұлттық танымның озық үлгілерін кейіпкер характері арқылы қалай насихаттайтынын көрнекті жазушымыз Талаптан Ахметжанның туындыларының негізінде зерттеп, талдап беруді диссертациялық жұмысымыздың нысаны еттік.
Тақырыптың өзектілігі. Талаптан Ахметжанның шығармашылық өмірі, оның ішінде прозасы қазақтың ұлттық сөз өнерін, ұлттық құндылықтарын, ұлттық танымын көрсете білген шығармалары басты назарға алынады. Сонымен қатар, қаламгердің шығармалары көркемдік тілдік ерекшелігі және әдеби образ негізінде зерттелгенімен, алайда суреткердің тұлғалық бейнесі мен шығармалары ұлттық таным негізінде арнайы зерттеу қажет ететіні белгілі.
Еліміз тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқан кезеңнен бастап өнер мен ғылымдағы ұлттық таным, қазақ халқының мәдени мұрасын түгендеу қарқынды қолға алына бастағаны сөзсіз. Сондықтан, қаламгердің туындылары ұлттық танымның көркем шығармадағы көрінісін тану үшін алынып отыр.
Сонау Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Мәшһүр Жүсіп, Ш.Құдайбергенов бабаларымыздан бастап қарастырыла бастаған ұлттық таным, ұлттық мәдениет, әдет - ғұрып, салт - дәстүрлеріміз еді. Тәуелсіз ел болғаннан кейін, ұлттық таным идеялары тіптен жоғары деңгейде жариялана бастады. Халқымызға ұлттық сананы өзінің әсерлі, көркем шығармаларымен ерекшелене білген дара жазушы - Талаптан Ахметжан еді. Жазушы қаламынан Нобель сыйлығы, Сұлу мен суретші, Сынық қанат көбелек, Тозақ оты ,Ақиқат жолы, Қылбұрау, Айсәуле атты повестер, Мұң, О дүниенің қонағы, Қала мен қария, Айқасқа, Тұма, Күнәһар, Шәрбат, Қара күз, Махаббат әуендері сынды әңгіме мен пьесалар туды. Жоғарыда аталған шығармаларда ұлттық құндылықтар, отанға деген сүйіспеншілік, тәуелсіздік жылдарына дейінгі және кейінгі қазақ жастарының патриоттық сезімдерінің қалыптасуындағы көріністері зерттеудің өзектілігін көрсетеді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Ұлттық танымды әрбір халықтың болмысының барлық саласымен тамырлас, астас жатқан қасиетті ұғым ретінде қарағанымыз жөн. Тәуелсіздігіміздің екінші он жылдығында ұлттық идеология мен ұлттық таным мәселесі мемлекеттік дәрежеде көтеріліп, сол уақыттан бері көптеген пікірталастың тақырыбына айналып келеді. Сонымен қатар, ұлттық таным жайлы көптеген ақын - жазушылар тілге тиек еткен. Сол жазушылардың бірі қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған - Талаптан Ахметжан. Жазушының еңбектеріндегі ұлттық танымды қарастыру, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды, ұлттық характерді айқындау, зерттеу басты мақсатқа алынып отыр. Осы орайда атап өтер мәселе Талаптан Ахметжанның екі томдық шығармалар жинағындағы туындыларындағы ұлттық таным мен ұлттық характер мәселесі шығармашық даму үстінде зерттеледі. Қаламгер ұлттық таным және ұлттық характер мәселесін көркем шығармада қалай көрсете білді деген мәселелерді қарастыру негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Ең алдымен суреткер тұлғасы мен шығармашылық еңбектерін зерттеу; Қаламгер шығармаларының жазылу тарихын зерттеу; Жазушының шығармаларынан ұлттық танымның ашылу ерекшелігіне зер салу; ұлттық характер жасаудағы кейіпкер сөзінің қызметін автор қалай көрсете білген деген мәселелер зерттеудің негізігі мақсаты болады.
Осы мақсаттарға байланысты шешімін табар мынадай міндеттер қойылып отыр:
1. Жалпы, әдебиеттану саласында қазақ прозасына, оның ішінде ұлттық таным, ұлттық характер және ұлттық менталитет ұғымына қатысты барлық ғылыми - зерттеу еңбектері мен диссертациялық жұмыстардың,
2. ойлау жүйесін - ұлт, халық, қазақтың ұлттық мінезі деген сияқты ірі категориялармен астастыра қарау;
3. Қаламгердің повесть, әңгімелеріндегі халықтың қанына сіңген салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық мінез-құлық, ұлттық кәсіптің өзіндік қиыншылығы мен қызықтарын шығармадағы кейіпкерлер арқылы көрсетуін, яғни ұлттық характер жасаудағы шеберлік қырларын зерделеу;
4. Талаптан Ахметжан шығармаларының астарындағы ұлттық құндылықтарды анықтап, саралау;
5. Жазушы туындыларынан ұлттық таным, дәстүр мен әдет-ғұрып, ұлттық характер көріністерін байыптауда оның көркемдік негізін (генезисін) тауып, қолдануларына баса мән беру;
Диссертациялық жұмыстың зерттеу нысаны. Талаптан Ахметжанның Нобель сыйлығы, Сұлу мен суретші, Сынық қанат көбелек, Тозақ оты, Ақиқат жолы, Қылбұрау, Айсәуле атты повестер, Мұң, О дүниенің қонағы, Қала мен қария, Айқасқа, Тұма, Күнәһар, Шәрбат, Қара күз, Махаббат әуендері атты әңгімелері алынды.
Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы.
Талаптан Ахметжан шығармаларындағы ұлттық таным мәселесі алғаш рет ғылыми зерттеу нысаны болып отыр. Бұған дейін Т.Ахметжан шығармаларының әр қырына қатысты зерттеу жұмыстары бар. Қаламгер шығармаларындағы ұлттық танымға, ұлттық құндылықтар мен ұлттық характерге талдау жасау арқылы жазушының шығармашылық ізденістері зерттеледі.
Соңғы жылдары қазақ проза жанрында ұлттық менталитет, ұлттық характер ұлттық сананы ояту, ұлттық мүдде, ұлттық мақтаныш тұрғысында қарастырылып зерттеледі. Сонымен қатар, диссертациялық жұмыста ұлттық характердің прозадағы бейнеленуі мен кейіпкерлердің диалогы негізіндегі ұлттық характерді айқындалады. Т.Ахметжанның ұлттық танымды, ұлттық характер мен ұлттық құндылықтарды сомдаудағы шеберлігі зерделенеді.
Әр қазақтың ана әлдиімен, әке айбарымен өскен ұлттың өкілі екендігіне мақтану керектігін жеткізе білді. Тұрмыстық трагедияларды жаза отырып, қаламгер кейіпкердің сол қиындықтарды жеңуін ұлттың жан сырынан, ділінен ізденгендігі байқалады. Қазақтың өмір сүру философиясы арқылы ұлттық менталитеті мен ұлттық характер сипаты сараланады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Талаптан Ахметжан шығармашылығы қазақ әдебиеттану ғылымында арнайы зерттеудің нысанына айналып, толықтай жан-жақты зерттеген ғылыми жұмыстар өте аз. Қаламгер шығармаларына қатысты зерттеу жұмыстарды көбіне баспасөз беттерінде, ғылыми басылымдарда, халықаралық конферения басылымдарына жарияланған мақалалардан көре аламыз. Зерттеушілердің көбісі ғылыми еңбектері мен диссертациялық жұмыстарында жазушылардың туындыларына ішінара тоқталған немесе толықтай диссертациялық жұмыс жазылғанмен де басқаша қырынан талданған. Талаптан Ахметжан шығармаларындағы ерекшеліктерге тоқталып, пікір қалдырған, ғылыми талдаулар жасаған Қ.Т.Жанұзақова, Г.Балтабаева, Ш.Елеукенов, Г.Орда, Қ.Раев, Ж.Мазибаева, А.Әбдібаева сынды т.б. зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңыздылығы. Диссертациялық жұмыстың нәтижелерін Қазақ әдебиеті тарихы, Қазіргі қазақ әдебиеті, Қазіргі әдеби процесс сынды курстарды оқыту барысында дереккөз ретінде қолдануға болады.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу жұмысын жазу барысында тарихи - салыстырмалы, проблемалық талдау әдістері пайдаланылды. Зерттеу жұмысының барысында теориялық ғылыми сипаттау, сараптау, топтастыру, ой қорыту және де талдау, жинақтау әдістері қолданады.
Зерттеу жұмысының жарияланымы. Диссертациялық жұмыс барысында төмендегі тақырыптар бойынша мақалалар жарияладық.
1. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойына арналған Алаш зиялыларының ғылыми-әдістемелік мұралары: дәстүр мен жаңашылдық атты халықаралық ғылыми - практикалық конференциясында Талаптан Ахметжан шығармаларының көргемдігі атты мақала.
2. Қазақстанның ғылымы мен өмірі халықаралық ғылыми-көпшілік журналының №3(58) 2018 санында Талаптан Ахметжан шығармаларындағы заман шындығы атты мақала.
3. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің хабаршысы журналына Талаптан Ахметжан шығармаларындағы діни, мифологиялық көріністер атты мақала.
4. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің хабаршысына Талаптан Ахметжанның "тозақ оты" повесіндегі әдеби образдар жүйесі атты мақала жарияланды.

І. Талаптан Ахметжан шығармаларындағы ұлттық танымның маңызы мен рөлі
1.1. Суреткер тұлғасы және шығармашылық еңбек
Жазушы дегеніміз ең алдымен елдік мұраттың, тарихтың жыршысы. Себебі, ол ұлттың тарихына үңіліп, дамуын қарастырып, саясатын саралап отырады. Қазақ сияқты тағдырлы ұлттың басынан өткен әрбір қиыншылықтарды саралап жазу әрбір жазушының үлкен бір парызы десек болады. Сондай жазушылардың бірі ол - Талаптан Ахметжан болатын. Қаламгердің туындыларын зерттеместен бұрын, өмірбаяны мен шығармаларының жазылу тарихына басты назар аударуымыз абзалырақ болары сөзсіз. Талаптан Ахметжан жайлы нақты және тың деректерді жинау үшін, біз қаламгердің жарынан, балаларынан, ұстаздары мен қатарластарынан сұхбат алуды жөн санадық.
Жазушы Талаптан Ахметжан 1961 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы Теректібұлақ ауылында дүниеге келген. Қаламгердің балалық шағы Қызылшоқының бауырында, Күршім өзенінің бойында бергі жағында Қаратал ауылы мен арғы жағында Ахметжан түбегінің (Талаптанның атасының атына қойылған) бойында өтті. Әкесі Зайнолда ауылда әр түрлі жұмыстар да істеді. Ескіше оқыған, сауатты, өмірден тоқығаны мол адам еді. Аңыз-ертегілерді көп білетін. Іш тартқан адамымен әр түрлі тақырыптарда ұзақ сырласқанды ұнатушы еді. Абайдың өлеңдерін жиі қайталап оқитын. Құранды түгел оқып шыққан-ды. Намазға жығылмаса да мұсылмандық қағидалармен жүріп өткен кісі.
Шешесі Биғани үй шаруасымен айналысатын адам еді. Мінезі биязы, қолы ашық, жұртқа жағымды еді. Ауылдың үлкен- кішісі осы мінезіне қарай құрмет тұтатын.
Талаптан - үйдегі төрт қыздан кейінгі сүт кенже, жалғыз ұл. Бала күнінде еркін өсті. Ешкім бетінен қаққан жоқ. Мектепте жақсы оқыды. Сегізінші сыныпты кілең үздік деген бағаға аяқтады.
Талаптан Ахметжан жайлы мектептегі ұстазы Ақаева Уаш апайымыз қаламгер өмірін былайша баяндап берді: Мен Талаптанның 5 сыныпта оқып жүрген кезінде қазақ тілі мен әдебиет пәніне деген ерекше ықыласы мен бейімділігін аңғардым. Талаптанның әдебиетке деген бейімділігіне әсер еткен өзінің жанұясы болатын. Әкесі Зайнолданы "шежіре" деп айтсақ артық болмас. Себебі, ол кісі өте ұлағатты, ауылдағы ақсақалдардың ішінде өмірдің о жақ, бұл жағын дұрыс бақылайтын, дүниетанымы кең, әдеби шығармалар, аңыз-әңгімелер мен батырлар жырын жақсы білетін-ді. Шешесі ұзын бойлы, кербез, мінезі биязы, түр-тұлғасынан қазақ әйеліне тән барлық қасиеттерді байқауыңа болатын, әдемі әйел болған-ды. Талаптанның бойындағы ерекше қасиетті ең алғаш байқағаным, ол қазақ тілі сабағында еркін тақырыпта шығарма жазу кезінде болатын. Мысалға, Менің мектебім, Менің қорқынышты күндерім, Қуанышты сәттер оның ең алғаш жазған әңгімесі десек болады. Әңгімесін оқи отырып, Талаптанның бойындағы таланттына, ой өрісінің кеңдігіне таң қалатынбыз. Әлі күнге дейін менің есімнен кетпейтіні, ол Талаптанның Менің қорқынышты күндерім деген тақырыптағы шығармасы болатын. Ол әңгімесінің қысқа желісі былай еді "Әкеміз екеуміз шөп шабуға барғанбыз. Қол орақпен шөпті шауып, тиістісін арбамызға тиеп алып, әкеміз екеуміз келе жаттық. Әкем аттың басын ауылға қарай тартып, ат айдап барады. Ал, мен болсам екі қолымды желкеме қойып, арбада шалқамнан түсіп жатқанмын. Сол мезетте кенеттен бір құлағыма әлде бір дыбыс естілді, сол жағыма қарай бұрылып қалсам, бір жыланның басы қылтиып шығып тұр екен. Сол жағдайды есіме алсам, әлі күнге дейін жүрегіме қорқыныш ұялатады". Мінекей, бейімділік деген осындай қысқа шығармаларды жазудан-ақ басталғанын түсінсек болады. Талаптан кішкене күнінен өте әлсіз болатын, тез сырқаттанып қалатын еді. Күршімнің аудандық ауруханасында жатқан кезде, анасына арналған Анашым атты қысқа әңгімесін жазып, маған көрсеткен еді. Онда анасына деген балалық махаббаты, анасына деген сағынышы және де бала көңілі, яғни анасын уайымдап, алаңдайтыны жайлы сөз еткен. Ол шығармасы өте бір тамаша шығармалар еді. Кез келген бала қолына қалам алып, жүрегі мен ойындағысын ақ параққа түсіре бермейді. Оған да ыстық қайрат пен ақыл-парасат керек. Талаптан мектеп табалдырығында жүргенде өте белсенді, қоғамдық жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын, қолына домбырасын алып мектепте болатын әр түрлі іс-шараларға қатысатын еді. Ол мектепті тәмәмдап, Өскемен құрылыс-жол институтына түссе де, қолынан қаламын тастаған емес. Студент кезінде де облыстық газет-журналдарға әр түрлі тақырыптардағы әңгімелері басылып шықты. Талаптанның шығармаларындағы оқиғалардың бәрі өмірде болған, әкесі Зайнолдадан естіген әңгімелер желісі бойынша жазылған. Тіпті, кейіпкерлерінің көбісінің аты өзгермей сол қалпы қалған-ды. Талаптанның бойынан еліне, ұлтына деген және жалпы адамзатқа деген ыстық ықыласты байқауымызға болады.
Ал, Талаптанның таланты мен мінезі жайлы құрдастары былай дейді: Талаптан мектепте оқып жүрген кезде өзінің байсалдылығымен, ұқыптылығымен көзге түсетін. Ол кішкентай күнінен әр кез бір тұңғиық ойда жүретін еді. Барлық пәндерді жақсы оқитын, алайда қазақ тілі мен әдебиет сабағын сүйіп оқитын. Қазақ тілі сабағынан шығарма жазған кезде, әрдайым Талаптанның шығармалары ұстаздарымыздың назарында болатын. Өйткені Талаптанның шығармалары жүйелі, көркем сөз, баламалар, тіпті теңеу сөздерге дейін қолданып жазатын. Сонымен қатар, Талаптан табиғатты тамашалағанды, жыл мезгілі ауысқан кездегі ерекше құбылыстарды тамашалағанды жақсы көретін еді. Талаптан жарық жұлдыздай жарық ете түсті, дегенменде артынан көптеген мұра қалдырды десек болады. Келешек ұрпаққа үлгі болатындай азаматтардың бірі еді.
Ал.жазушының жары - Риза Әділбекқызы қаламгердің шығармашылығы мен араласқан ортасы жайында Әр адамның бойында басқа жандардан ерекше етіп тұратын бір қасиет бар болады. Міне, сондай ерекше қасиеттерінің бірі - Талаптанның адамгершілігі еді. Ол ешқашан адамның бойынан кемшілік іздемейтін еді. Адамның бойындағы қай қылығын да әрдайым жақсыға жорып отыратын еді. Кейбір жандар қызметі өзгерсе де, өзгереді ғой. Ал, Талаптан ағаңда ондай мінез болмады. Әйтпесе, Тәкең көптеген жоғарғы лауазымдарда қызмет атқарды. Мысалға, министрлікте қзмет етті, газеттің бас редакторы болды. Бірақ ешқашан адамгершілігін жоғалтып, көкіректенбеген еді.
Талаптанның әңгімелері, өлеңдері және мақалалары аудандық, облыстық газеттерде басылып тұратын. Алайда, ол Құрылыс институтінің түлегі болса да, бар назары әдебиетте еді. Оқуын тәмәмдағаннан кейін, жолдамамен үш жылға Ақтөбеге жұмысқа кететін болды. Бірақ та біз ол кезде отбасылы болғандықтан, жағдайына қарап, Өскеменде қалуына рұқсат берді. Ағаң Өскеменнің Цемент зауытында бас маман болып жұмыс істеді. Әркез шығармалары газет бетінен жарық көріп тұратындықтан, талантын байқаған соң, Талаптанға Алматыға Жігер фестиваліне шақырту келді. Кейін ол Алматыдан ерекше көңілмен оралды. Себебі, Жігер фестивалінің лауреаты атаныпты. Тәкеңді Қалихан аға, Әкім аға және Оралхан аға сынды әдебиеттің майталмандары жылы қарсы алып, ақ баталарын беріп шығарып салыпты. Соған мерейі өсіп, қуаныштан бал-бұл жайнап келген екен. Оралхан Бөкей өз кітабына Айналайын, Талаптан, қабырғаң қара жерге тигенше талаптан деп қолтаңба жазып беріпті.
Біз Алматыға көшіп келуге себеп болған Дидар аға болатын, ал Қалихан аға, Оралған ағалар қамқорлық жасап, Тәкеңе жөн жоба көрсетіп, ағалық ақылдарын айтып жүрді. Әкім Тарази аға Талаптанның ұстазы болды. Туған інісіндей бауырына тартты. Сол жылдары газет басылымдарына Таразиді таң қалдырған Талаптан атты мақала да жазды. Тәкең мен Әкім ағаның кейбір бінездері қатты ұқсайтын-ды. Ал қатарластарынан, Қали Сәрсенбай, Роза Мұқанова, Асқар Алтай, Нұрғали Ораз, Бауыржан Омаров, Әнуарбек Әуелбек сынды ақын-жазушылармен жақын болды.
Тұма деген атпен 1993 жылдары Талаптанның алғашқы кітабы жарық көрді. Ағаң, ерекше толқыды. Одан кейін бірнеше кітаптары да жарық көрді. Кейін Әкім ағамен бірлесіп жазған кітап диалогтары да баспаға шықты.
Талаптанның қолжазбаларының барлығы да жарық көрген сияқты. Дидахмет аға Талаптанның күнделіктерін, бірқатар қол жазбаларын алдыртқан. Кітап шығару ойда бар еді. Сол кітапты шығарамыз деп жүргенде Дидахмет ағаның өзі де бақилық болды. Тәкеңнің Тұмар деген спектаклі жарық көрмеді. Дәулетбек Байтұрсынұлы Тәкең жайлы естеліктерді кітап етіп жинақтап шығарайын деп еді. Материалдар аздау болып, ол кітапта баспа бетін көрмеді. Тәкең Қазақ әдебиеті, Әдебиет айдыны, Парасат секілді газет-журналдарда қызмет етті.
1977 жылы көктемде шешесі аяқ астынан сырқаттанып, елу жасында дүниеден қайтты. Баланың оқуы төмендеп кетпесін деп және денсаулығына байланысты қаланың үлкен дәрігерлеріне көрінсін деген ниетпен әкесі сол жылы Талаптанды Өскемендегі апайы Жаңылдың қолына жіберді. Орта мектепті Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернаттан жақсы тәмамдап шығады. Мектепті бітірген жылы, яғни 1979 жылы Өскемен құрылыс-жол институтына оқуға түседі. 1985 жылы Өскемен құрылыс-жол институтын тәмамдаған. 1987 жылдан бері баспасөз саласында 1987-1990 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облыстық телерадио комитетінде редактор, 1990-1993 жылдар аралығында республикалық Қазақ әдебиеті газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. 1993 жылдан күні кешеге дейін ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі Ұлттық агенттігінде бас маман болып жұмыс істеді.
Талаптан Ахметжан 1988 жылы өткен Қазақстан шығармашылық жастарының Республикалық Жігер фестивалінің лауреаты. 1994 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Оралхан Бөкей атындағы сыйлығының лауреаты атанды. 1995 жылы Жалын баспасынан жарық көрген Тұма атты тұңғыш жинағы үшін 1996 жылы Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атанды, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының (О дүниенің қонағы атты кітабы үшін, 2002 жылы), Халықаралық Валентин Пикуль атындағы сыйлықтың ( шығармашылықтағы жетістіктері мен халықаралық әдеби байланысқа сіңірген еңбегі үшін, 2008) лауреаты.
Бұл жинақтың Тұма деп аталуы Тұма Талаптанның ата-бабасының ата қоныс жері.
2002 жылы О дүниенің қонағы атты кітабы үшін халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты атанды. Бүгінгі жастар өмірінен жазылған Екі жүрек атты екі актілі трагедиясы Ғ. Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрында қойылды. Талаптан публицистика жанрына да қалам тартып жүреді.
Қазақ қара сөзінің кең айдынына келген - Талаптан Таразиды таң қалдырған Талаптан - бүгінде сөз таныр жұртқа әйгілі жазушы. Талаптан ағаның қылқаламынан жүректі шымырлатар талай туындылар туындаған. Талаптан шығармаларының ерекшелігі - кейіпкерлері өмірде бар: жерлестері, достары, туыстары, өзі араласатын адамдары.
Қаламгердің Тұма атты әңгімесіндегі кейіпкер Нұртас образы, болмысы мен өмірі Талаптанның өзінің өмірімен тұспа тұс келгендей. Қиялшыл, қызба жастың бойында әсемдікке деген құштарлық тым ерте оянған еді, келе-келе белгісіз бір тойымсыз сезім мұны әдебиет әлеміне қарай дедектете сүйрей жөнелген. Балалық әуестікпен оқушы кезінде бірдемелерді шимайлап жүруші еді, институттың бірінші курсында оқып жүргенде әңгімесі облыстық газетке басылып шықты ғой... Бәрінен де Алматыда өткен жас ақын-жазушылардың семинар-кеңесіне жібергендерін айтсаңызшы. Әлі есінен кетпейді; жер-жерден келген өзі сияқты жастармен кездесіп, аға жазушылардың ақыл-кеңесін тыңдады... Көпшілікке танымал өзі сүйіп оқитын жазушы ағасының кітабын қолына алып, бірінші бетіндегі қара сиямен арбақтата жазылған жазуларға тағы да тебірене көз жүгіртті, "Қабырғаң қара жерге тигенше талаптан", -деп жазыпты... [1.100].
Нұртас сол күндерді сағына есіне алады. Қазір көңілі бастығып, қолына қалам да алмайтын болып кетті. "Күні-түні тыным таппай жанталасқаннан не пайда, ішінле іліп алар дәні болмаған соң", -деп налыды. О баста әдебиетті сүйе тұра инженерлікті қалап алғандығы түпкі ойы әдебиетті кітаптан емес, өмірден іздеу еді; толыса келе қос жолды тоғыстырып жібермек болған; енді "байтал түгіл бас қайғының" кері келіп, жаңбыр болмай бүрісіп жүрген түрі мынау [1.100]. Талаптан Ахметжанның өмірін зерттеп, зерделей келе және Тұма әңгімесіндегі Нұртастың өмірі мен образын оқып, сараптай келе автор мен шығармадағы кейіпкер өмірінің ұқсастығын аңғардық. Сонымен қатар, бұл шығармада автор өзінің өміріне сүйене отырып жазылғанын байқадық.
Тұма - Талаптан Ахметжанның туған жер тарихына арнаған шығармасы. Өмірде болған 1929-1931 жылдар арасында өткен жаңа өмір орнату кезеңіндегі тартысты оқиғалары суреттеледі. Айқасқа есімді тамаша ат иесі Сқақ образы өмірде болған. Зейнел, кейін ауруға ұшыраған бүркіт ұясынан балапан алуға барған кемтар бала Талаптанның немере ағасы Долдаш, Теректібұлақ ауылында ұзақ жылдар тұрып қайтыс болған. Кейіпкерлер ішінде жынды Сқақпен көп қарсы адам өз әкесі Зайнолда кейін Қытайға өтіп, 60-жылдары елге оралған. Оқиға негізінен осы кісінің әңгімелері арқылы өрбиді.
Кітаптың бірінші мұқабасындағы сурет - өз әкесі Зейнолданың портреті.Екінші сурет Ахметжанның жиеншары - Бибол - осы заман азаматы бейнесі ретінде берілген. Кітап мұқабасындағы суреттерді зерттегенімізде Талаптаннан осы мәліметтерді алдық.
Оқиға туған жерге деген сүйіспеншіліктен туған. Тұма - Талаптан ағаның ата - бабасының мекені, кітап, сондықтан Тұма деп аталған.
Талаптанның екінші айтқаны кейбір кейіпкерлер аты аздап өзгергенімен жер аттары өзгермей берілген. Дөңгелек қара, жыланды, шағи, жіңішке, бүркіт жартас, қызыл тас.
Шығармадағы негізгі өзек тар заманда шындық таба алмаған ескіше, білім алған Ахметжан бай балаларының тәлкегіне түскен тағдыры, - дейді Талаптан.
Жазушы Талаптан ағаның көзі тірісінде қарындасы Жұлдыз Төлеуханова кездесіп, біраз сауалдар қойған еді.
-Сіздің шығармаларыңыздың көркемдік ерекшеліктері қандай?
-Әр адам-өзінше бір әлем. Адамның ішкі жан дүниесін тереңдеп зерттеген сайын оның сан сырлы қатпарлары ашыла түспек. Әр жазушы өмір шындығын өзінше көреді. Өзінше түйсінеді. Өмір шындығын өзінше көркемдік шындыққа айналдырады. Дүние ойдан құралады. Ой шексіздікке жетелейді... Шексіздік пен мәңгіліктің Иесі-Жаратушы... Қалам ұстап,адамның жан дүниесін зерттеймін деген қаламгердің қай-қайсысы да Жаратушының құдіретін, даралығын, шеберлігін сезінер еді. Өйткені дүние шексіз шеберлікпен, махаббатпен жаратылған. Дүние, бүкіл ғалам бір ғана тәртіпке -Жаратушының заңдылығына бағынады. Мұны зерделі, көкірек көзі ояу адам тіршілік атаулының өсіп-өнуіне, гүлденуіне, пәнимен қош айтысуына қарап-ақ пайымдар еді... Тіршілік үшін күрес дегеніміз - Жаратушының заңына бағынушылық... Мен өз шығармаларымда адамның ішкі жан дүниесіне тереңдеп бойлауды мұрат тұттым. Кейіпкерлерімнің психологиялық хал-күйін жан-жақты ашсам деген ой мені көбірек толғандырады. Сондықтан да кейіпкерімді әр түрлі жағдайларда, әсіресе өмірдің сын сағаттарында өзін қалай ұстайтынын суреттеу арқылы, сол кездегі жан толқынысын, мінез-құлқындағы өзгерістерді бере білу арқылы шынайы келбетін ашуға тырысамын. Адамның жан дүниесі жайшылықта терең ашылмайды. Оның бар болмысы қайшылықта ашылады. Іштей тайталас, буырқаныс, күйзеліс, ашыну, елегізу, өз-өзіне қарсы шығу, бірде келісіп, бірде келіспеу, адасу, күмәндану, қалыптасқан түсініктерін бұзу, ағысқа қарсы жүзу, сағыну, елжіреу, өртене сүю сияқты жан тебіренісі үстінде кейіпкердің мінез-құлқы, характері жақсы ашылады. Меніңше бізге жақсы, жаман деп бөлінбейтін, жақсысы да, жаманы да ішінде жасырын жатқан адамның жұмбақ жан әлемін тереңнен ашқан қызықты болар. Бүгінгі оқырман да осыны талап етер деген ойдамын.
- Сіздің шығармаларыңыз неге мұңды? Көбіне шығармаларыңыздың соңы трагедиялық жағдайлармен аяқталуы неліктен?
- Ұлы Абай
Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен деген екен, ал орыстың ұлы ақыны Сергей Есенин: Шаттық үйір әңгүдікке,
Нәзік жанға мұң үйір деген екен. Жалпы ой адамды оңашалыққа жетелейді. Оңашалық ойдың көрігін қыздыруға септігін тигізеді.
Менің анам ерте дүние салды. Мен сегізінші сынып оқып жүрген кезде күтпеген жерден... Осы оқиға менің жаныма ерте жара салды... Өмірдің өткіншілігін,жалғандығын сол кезде түсінгендей болдым. Жанымды мазасыз ойлар мүжіді. Неге? деген ащы сұрақ көлденеңдеп алдымда тұрып алды. Мен жан суатын қаламнан тапқандай болдым. Көкірегіме кептелген өксікті,өкінішті,нала-мұңды ақ қағазға ақтарсам жеңілдейтінімді білдім. Шығармашылық жұмысым осындай күйзеліс пен тылсымның жұмбағын білсем деген беймазалық сәттерден бастау алды деп ойлаймын. Әңгімелерімнің көбі мұңдылау келетіні содан. Бірақ қай шығармамда болсын адам жанының шуақты жақтарын, нұрлы беткейін, адамгершілік, ар-ұят мәселесін алғашқы планға шығаруға тырыстым. Абай айтады: Намаз-иманның күзетшісі деп, яғни,жүректегі иманды бұздырмау үшін намаз соған күзетші болады екен. Ал адам бойында иманы болмаса, онда намаз нені күзетеді? Кәміл адам дегеніміз кім десек,иманы бойында бар адамды айтады екенбіз. Ендеше адамгершілікті имани гүл деп танып, сол гүлдің көркейе беруіне қолдан келгенше қызмет еткенге не жетсін?! Менің ойымша әр оқырман шығармадан эстетикалық ләззат алуы керек. Ойына ой қосуы немесе сезіміне от, жанына қуат алуы тиіс. Көркем шығарма адамның жан әлемін байыта түсетіндей сұлу да сыршыл болғаны жөн.
Шығармаңызда туған жер, өскен орта, жақын-жұрағаттарыңыз орын ала ма?
Туған жер, өскен ортаның жазушының шығармашылығына қосар үлесі өте мол. Мен Алтайда туғанымды өзімнің бақытым деп есептеймін. Мен үшін дүниеде Күршімнен сұлу, Күршімнен тұнық, Күршімнен ағынды өзен жоқ секілді. Күршімнің түні қандай! Сыңсыған орманы жан тартқан адамымен сырласады... Әр тасында сыр жатыр, тарих жатыр қатталып... Сондықтан біз өле-өлгенше туған жерді жырлап өтеміз. Әр шығармада Күршімнің аты аталмауы мүмкін, бірақ Күршімнің түнгі аспанының жұлдыздары жымыңдап, гүлдерінің иісі аңқып тұрады... Менің шығармаларымда жерлестерімнің сөз саптасы, шешендігі, тапқырлығы, адалдығы, мәрттігі көрініс тауып отырады. Соны өзгелер тани білсе маған бақыт...
Өзіңіз жайлы сыр ақтара кетсеңіз?
Өзім жайлы... Жерлестеріме өзім жайлы айтуым ерсі емес пе?
Талаптан Ахметжан-қазақ әдебиетіне өз қолтаңбасы, өзіндік ерекшелігімен, бүкіл өнер сүйер қауымды,жазушы,ақынжанды жандарды елең еткізер өзіне тән жазу тәсілімен төгілген шұрайлы тіл байлығымен,өткеннен мол хабардар білімділігімен таныла білді. Заман талабы қойып отырған қазіргі қазақ прозасын жоғарғы деңгейге көтеріп, білімге сусындаған қаламгер әріптестеріне өзін осылайша таныта білді.
Еліміз үшін жасаған еңбегі зая кеткен жоқ. Мемлекеттік биік мәртебелі қызметтер атқарды. Көсілтіп жазар қаламгер,төгілтер жыр шебері,абзал азамат,мейірімді отбасы,қарапайым әке,адал жар,туыс,жерлестеріне өмірімен үлгі болар қайталанбас ғажайып бір ерекше жан еді. Талаптанның өмірі кемеліне келген сәтінде үзілгенімен, мол әдеби мұрасы халқына әлі толық жеткен жоқ,заман ағымы әлі талай тіршілік талабымен Талаптан көтерген мәселелер толғауын шешуде. Ол жазған үзік сыр,ұсыныс,пікірлер,құлашын сермеп көсілтіп төккен жыр жолдары-әлі халқына үлгі өнеге,баға жетпес қазына болары анық.
Қаламгердің кейінгі жинағының жұлын тұтқасын ұстап тұрған тін - жазушы мұңы. Ол мұң - жазушының жан дүниесімен астасып жатқан жұмбақ мінез. Сұлу мен Суретші, Айсәуле хикаяттарының басты кейіпкерлері өмір атты қаталда нұрлы тіршіліктің қырық қатпарына байлайды. Олар өткел түспес, асу бермес тағдырдың сан қилы тар соқпақтарынан өтеді. Пендеге тән тірліктің тұрлаусыздығына налып, барға қанағат етеді, тәудеге келеді.
Сұлу мен Суретші хикаятында ғұмыр бойы бір сұлуға ессіз ғашық болған. Суретші туралы айтылады. Сол суретшінің теңгесіз туындысы әлде бір алаяқтың тақымында кетеді. Сол алаяқ суретшінің қолынан шыққан туындысы мен атағын шығарады. Мұны суретші тек қартайған шағында түсінеді. Суретші тағдырдың салғаны деп мойын ұсынады. Суретшінің бір жайытқа ғана балтыры сыздап, бауыры езіледі. Ол баяғы сулудың ішінде бауыр еті - қызы кетіпті. Сол қызы еңбегін пайдаланған алаяқтың көңіл көтерер ермегі екен. Бір емес, екі өлген суретші дүниені түс деп қабылдап, бұл дүниеден құсалықпен көз жұмады. Бір өкініштісі қыз суретшінің әкесі екенін әлгі алаяққа тұрмысқа шығып, суреттерді реттестіріп жүргенде ғана біледі.
Жалған дүниенің қадірін шығармашылық ләззатымен, махаббаттың мұңды күйімен өлшеген мұндай пенделер бүгінде бар. Олар үшін өз өмірі, тірлігі қымбат емес, өзге жұрт әпенді санайтын шығармашылығы қымбат. Сол үшін олар қоғамнан адами дүниеден биік. Ал өз шығармашылығы алдында аласа, тіпті құл деуге болады. Бұны екінің бірі де түсіне бермейді. Сонысымен де нағыз шығармашылық тұлғаның сыры тереңде, жаны жұмбақ кеңістікте жай табатыны ...
Талаптан әр шығармасында махаббат мәселесіне соғып отырады. Жинақтарындағы шығармалар өзегін махаббат мұңы құраған. Жазушының нәзік сезімін қозғап, саналы ойын сарқуға себепкер болғанда махаббат - шығармашылық махаббаты. Махаббат атты киелі сезімді әңгімелерінде аз тақырып ретінде көтерген қаламгер кейіпкерлердің жан толқынысына айрықша көңіл бөледі.
Шәрбат деген әңгімесі 9 - сынып бітіргенде сақыманға, яғни, қойшыларға қой төлдетуге барған боз баланың бой жеткен қызға деген мөлдір сезіміне арналған. Өзінен бірер жас үлкен қызбен бір үйде жалғыз қалған боз баланың былыққан сезімі шебер суреттелген. Бала күнінен Шәрбатқа ғашық боз бала жансырын айтар түні терезе әйнегін сайтан көбелектей қағып, әлде кім қара сұлба болып қыз қойнына кіреді. Жас бозбаланың тұнығын шайқап, кие тұтқан балалық сезімін аяқасты етіп, мұның көзінше Шәрбаттың шырпысын сындырады. Осыған тілсіз куә боз бала далаға атып шығады. Түн жамылып келген Қарасұлбаның мініп келген айғырына сүйкеніп тұрған биесінің қылығына заболған боз бала әкеңнің аузын ... сайқал деп бұрылып, қамшымен бір - ақ тартып шаба жөнеледі.
Талаптан стиліне тән байсалды баяндау, кейіпкердің ішкі жан тебіренісін ашудан қолданатын сырлы саз, сезімді баурар сұлу сурет бізді, яғни оқырманды, үнемі уысында ұстайды. Ойды дөп басатын теңеулерде шебер қолданылған. Мысалы: теңіздің суы жылы, демі салқын, жалбыршақ қарындай шалбар - шалбар әжім т.б.
Талаптан - сонымен қатар драма саласына да тоқталған жазушы. Оның екі жүрек деген екі актілі драмасы Ғ. Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында қойылған. Сыртқы композициялық құрылысына қарай екі жүрек, алтын балық ертегісіне ұқсас. Ауға түскен алтын балықтан сіңірі шыққан кедей шал бір емес үш тілек айтатын еді ғой. Жадау тірліктен шаршаған шал жарлылықтың қамытын бір - ақ күнде сыпырып, байып, ақыр соңында қайтадан баяғы таз қалпына түсетін. Екі жүрек пьесасы - осы ертегіге ұқсас, бірақ қазіргі кездің ертегісі басқаша өрбіген. Бұнда адам затты еліктіретін, ешқашан елусіз жерде қалмайтын махаббат, тірі пенденің ешқайсысы бас тарта алмайтын байлық, оның азабы мен бейнеті суреттеледі. Бұл пьесадағы адамдар қарапайым осы өмірде бар адамдар. Тақырыбы да қарапайым. Биік жартастың басында қол ұстасып бір - біріне қарап тұрған қыз бен жігіт, көптің бірі болғылары келмей әр дайым биіктен көрінуді арман қылады. Армандары өте үлкен. Әсіресе жігіт (Төлеш) бай болсам ... Депутат болсам ... Премьер - министр болсам ... Сендей қызды үлде мен бүлдеге орсам ... деп армандайды. Айнур көкесінен рұқсат сұрайды. Басында үйі, қалтасында ақшасы жоқ, қалай күн көрмексіндер? деп ескертеді. Бірақ рұқсат береді. Пәк, таза жүрегінен басқа түгі жоқ Төлештің етегінен ұстаған қыз кедейлікке, тағдырдың бұралаңына ертеңінде - ақ кезігеді. Келін болып түскен кезде шашатын шашуы бір уыс кәмпитте табылмайды. Ертеңінде екі жас базарға келеді. Базардың қожайындары сұлуыңды сат деп қорлағаны жігіттік намысына шоқ салады. Өзіміз күнде көріп, куәсі болып жүрген бүгінгі өмір. Екі жүрек - базарда, бизнесте жүрген жастардың бүгінгі типті трагедиясы. Қу тіршілік жігітті өмірден түңілдіріп жібереді. Ал Айнұр ақылды, әйелге тән шыдамдылық, қажыр-қайрат бар. Оны мына сөзінен байқауға болады. Төлеш, болды енді! Ел аман болсын! Алла қолдайды! Мен қатты ашулансам, әжем марқұм ылғи жерге жатқызып: Жер, мен ауыртпалықты көтере алмадым, сен көтер! деп жеті рет айтқызып, шөпке аунататын. Сонда ашуым басылып тарқап кететін. Аллам-ай! Құдіреті күшті аллам-ай! Мейірімі шексіз аллам-ай! Өзіңе ғана жалбарынамын, өзіңнен ғана шапағат күтемін, Жердің қасиетін сақтай гөр! Осы бір дұға пьесаның алтын діңгегі сияқты.
Айнұр Түктіқол көкесінен кірпігін қақпай байлық сұрайды. Ол бір ғана шартпен тілегін орындайды, бұдан былай Айнұр күйеуінің жүрек лүпілін ести алмайды. Төлеш байлықтың арқасында өзгерген. Достарының барлығы ақшаға сатылып кетеді. Ақыр аяғында ағасы мен жеңгесі де теріс айналады. Жанында жарықты айналған көбелектей Айнұр қалады. Ол ақ сезімімен, кіршіксіз махаббатпен жеңіп шығады. Өтеуіне мынау жарық дүниені қиып, қос жанарын береді. Ақырында Төлештің теріс дұғасын қайтарған сиқыршы бейнесінде көрініп, басына бақ емес, сор болып келген байлықтан ажыратып, екеуін баяғы өміріне қайта әкеледі. Бірақ екеуі бақытты. Айнұр енді ана, Төлеш әке болмақ. Айнұр енді кең дүниені көзіне сыйғыза алмаса да, жүрегіне сыйғызады. Өйткені екеуінің де жаны тыныш.
Көркем шығарма - жазушының өмір мен болмысты зертеуі, сол зерттеу барысындағы туындаған ой - сезімдерінің жиынтығынан құралған. Талаптан Ахметжанның адамгершілік жайлы, бүкіл адамзатқа ортақ көкейтесті мәселелерді арқау ете отыра, өмірдің сан қырлы соқпақтарынан сүрінбей өтуге, Алла алдында, ар алдында таза болуды оқырмандар жүрегіне жеткізе білген. Сондай шығармалар негізінде ислам дініне сәйкес амалдар орындауды, адалдықтың туын биік ұстағанын аңғартатын образдарды тудырды.
Жазушы жеке ұлт тағдырына қатысты мәселелерді ғана қозғаумен шектелмей,бүкіл жаһандық проблемаларыды да сөз етеді. Бұл жөнінде зерттеуші Қ.Жанұзақова былай дейді: Жазушы бүгінгі сауда заңына бағынған қоғамның рухани,адамгершілік көкейкестігі мәселелерін жалпы адамзаттық деңгейге көтереді.Автордың айтатын ойының ауқымы глобальды,жаһандағы проблемалақ мәселелерді қаузайды [2, 359б].
Талаптан Ахметжан өзі өмір сүрген дәуір талап еткен бірқатар маңызды мәселелерге өзінше жауап беруге әрекет жасаған. Автор өзінің дидактикалық сарында жазылған шығармасында мороль, этика, әдептілік, тәлім-тәрбие туралы өсиет-ғибрат сөздер айтады. Қоғамдағы адамдардың өзара қарым-қатынас, сөйлесуі, сыйласуы, әсіресе тіл әдептілігі егжей-тегжейлі сөз болады. Жазушы жалқаулықты, әдепсіздікті, дөрекілікті, жылпостықты т.б жаман мінез құлықтарды өлтіре сынайды.
Қаламгер шығармаларында дүниені түйсіну, түсіну арқылы адамның өзіне өзінің, сыртқы дүниеге қарым - қатынасы кездеседі, адам баласының дүниеге көзқарасын аңғартады. Мәселен, шығармаларының басым бөлігі дүниені діни тұрғысынан қарастырады. Адам баласының жаратылуы, өмірдің алдамшы, жалған екенін аңғартатын образдардың жасалуы, сонымен қатар о дүниенің бар екенін адам баласының есіне салуы. Сондай сюжеттер негізінде шығармалардан діни және мифологиялық құбылыстарды кездестіруімізге болады.
Мифологиялық түсініктердің басым бөлігі аңыз - әңгімелер болып келеді. Мифология табиғаттың тылсым күштерінің, құбылыстарының салдарынан және балаға зар болып жүрген ата - ананың Алладан тілеп алған балаларының ерекше бір қасиетті бойына сіңіріп, тылсым құбылыспен туылған баланың адам сенгісіз іс - әрекеттерді жасауының нәтижесінде туған аңыз - әңгімелер. Талаптан Ахметжан шығармаларынан да мифологиялық көріністерді байқауымызға болады. Мысалға алғанда, шығармаларындағы кейіпкерлерінің бақсылық жайында сөз қозғауы, құмалақ ашу, аластау, ұшықтау сынды сюжеттердің болуы, сонымен қатар кейіпкерлердің түсіне ата - бабалары немесе ақ сақалды, ақ киімді бейтаныс жандардың түсіне еніп аян беруі сынды оқиғалардың баяндалуы.
Бұрынғы заманда ата - бабаларымыз жерге табынуының себебі, Жер - ана адамды өз құрсағына анасындай қабылдайды, сол құрсақтан адам болашақта өмірге қайта келеді деп ойлаған. Соның негізінде адамзат баласын Алла топырақтан жаратты және кейін мәңгілік өмірге барарда да сол топыраққа көміліп, жер қойнауына тапсырылады деген түсініктен пайда болған. Ал, сол топырақ жердің құрамдас бөлігі екені айдан анық. Сол себепті, ата - бабаларымыз Жер ана деп, жерге табынуы, жерді қасиетті санауы сондықтан. Сонымен қатар, табиғат құбылыстарының ішінде, жер сілкінісі, қозғалуы, таулы жерде тұратын адамзаттың жаңа наным - сенімдер пайда болуына әсер етті.
Қаламгер туындыларынан ар - ұят, адамгершілік деген сөздерді жиі кездестіреміз. Бұл сөздердің астары тек адамның бойындағы жақсы қасиеттер ретінде қарастылып қоймаған. Алла алдындағы және халық алдында деген мағынада қарастырылғанын байқаймыз. Олай дейтініміз, біріншіден имандылықтың басты принциптерінің бірі - ар - ұят, адалдық. Ал, екіншіден Талаптан Ахметжан шығармаларының басым бөлігі тарихи оқиғалар, қоғамдағы болып жатқан әр түрлі келеңсіз жағдайларды көрсету негізінде болғандықтан, билік пен халықтың, я болмаса саудагерлер мен қарапайым халықтың арасындағы адалдық пен адамгершіліктің болмауының салдарынан кеңінен айтылған.
Шығармаларының ең негізгі көтерген мәселесі - адамгершілік. Ұрпаққа берер тағлымның негізі - адамгершілікте. Адамшылық - адамға ғана тән қасиет. Шығарманың бүкіл болмысынан Адам атты кесек тұлғаның іші - сырты бірдей сомдалып, тұлғаланып шығады. Сол жарқын да биік парасатты Адам бейнесі оқырман жүрегін жарқын сезім нұрына бөлеп, жігерлендіріп, әлдебір мұраттармен қайраттандыра түседі. Oл тұлға ақыл мен сабыр иесі, адалдылық пен адамдықтың жиынтық өресі. Әке-шешеден тәрбие көрген әдепті жандар қашанда нәпсісін тия білетін, жомарт, бауырмал, сабырлы, инабтты болып келеді.
Адам характеріне сайып келгенде, екі жақты процесс ықпал етеді: біріншісі - кейіпкер әлемінде, ой - сезім дүниесінде сол кейіпкер өмір сүріп отырған заманның әлеуметтік проблемалары, екіншісі - ар - инабаттылық, мінез-құлықтың проблемалары. Тұлғаның рухани адамгершілік әлемі, оның әлеуметтік жағдайы, философиялық ойлардың болуы Т.Ахметжан әңгімелерінің тақырыптық идеялық ерекшеліктерін құрайды.
Жазушы Талаптан Ахметжан әңгімелері жайында Ұ.Ибрагимова былай дейді: Жалпы Талаптан Ахметжан әңгімелерінің басты тақырыбы - адамгершілік мәселесі болып келеді. Ар - ұятты басты ұстаным тұтқан кейіпкерлер көзімен танылатын өмір ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жазушының шығармаларынан ұлттық танымның ашылу ерекшелігіне зер салу
Талаптан Ахметжан шығармаларындағы ұлттық танымның маңызы мен рөлі
Талаптан Ахметжан прозасындағы ұлттық құндылықтардың көрінісі
Қазіргі қазақ повесть - әңгімелеріндегі лиризм
Магиялық реализм
Лирикалық проза
Мемуарлық шығарма (конспект)
Жүсіпбек Аймауытовтың көсемсөз мұрасы
Оралхан Бөкей шығармаларындағы түс көру құбылысы
Лирикалық проза. Қазіргі қазақ поэмаларының көркемдік философиялық мәні. Мемуарлық шығармалар
Пәндер