Оқыту әдістерін жіктеу проблемалары



Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 81 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ЕГЕМБАЙ ЖАҢЫЛ НҰРЛАНҚЫЗЫ
МАГИСТРЛІК ДИССЕРТАЦИЯ ЖҰМЫСЫ

СТУДЕНТТЕРДІҢ ОҚУ-ТАНЫМДЫҚ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУДА ОҚЫТУДЫҢ ФОРМАЛАРЫН ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ

6М012100-Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті

Алматы 2019

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Қорғауға жіберілді
Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі
кафедрасының меңгерушісі
ф.ғ.д. Т.Н. Ермекова______________
хаттама № ___ ________2019 ж.

МАГИСТРЛІК ДИССЕРТАЦИЯ ЖҰМЫСЫ

Тақырыбы: Студенттердің оқу-танымдық қызметін ұйымдастыруда оқытудың формаларын қолданудың тиімді жолдары

6М012100-Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті

Орындаған: Егембай Ж.
Ғылыми жетекші: Атабаева М.

Алматы 2019

Реферат
Жұмыстың көлемі - 80 б. Пайдаланылған әдебиеттер саны - 41.
Тірек сөздер: интерактив, интербелсенді әдістер, құзыреттілік, инструменттік құралдар, коммуникация, инновациялық әдістер.
Мақсаты: Қазақ тілін оқытуда студенттердің оқу-танымдық қызметін ұйымдастыру әдістерін анықтап, оның студенттердің коммуникативтік, оқу-танымдық құзыреттілігін, ізденушілік қабілетін арттыруға қосатын үлесін салмақтау.
Міндеттері:
- қазақ тілі пәнін оқытуда студенттердің оқу-танымдық қызметін ұйымдастыратын оқытудың формаларын жүйелеу; - қазақ тілін оқытуда сабақ үдерісіне қойылатын талаптарды айқындау; - қазақ тілін оқытудағы оқу-танымдық әдістерді жүйелеу, әдістемесін жасау.
Қолданылатын әдістер: сипаттау, салыстыру, жүйелеу, жинақтау, саралау және анализ, синтез, индукция, дедукция, жаттығу әдістері қолданылды. Практикалық қолданысы: қазақ тілін оқытуда оқу-танымдық қызметті ұйымдастырудың басты формасы - сабақтың әдістерін қолдануды меңгерді. Нәтиже:
- қазақ тілі пәнін оқытуда студенттердің лқу-танымдық қызметін ұйымдастыратын оқытудың формаларын жүйеленді; - қазақ тілін оқытуда сабақ үдерісіне қойылатын талаптарды айқындалды; - қазақ тілін оқытудағы оқу-танымдық әдістерді жүйелеу, әдістемесі ұсынылды.




МАЗМҰНЫ
I Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 5-6

II Негізгі бөлім

I ОҚЫТУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ МАҢЫЗЫ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 7
1.1 Оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы - сабақ ... ... ... ... ... 7-25
1.2 Студенттерге арналған оқыту әдістерін жіктеу проблемалары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 25-33
1.3 Сабақ үдерісіне қойылатын талаптар ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...33- 40
II ОҚУ-ТАНЫМДЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҮЙЕСІ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .. 41
2.1 Оқытудың әдістері, тәсілдері және құралдары ... ... ... ... ... ... .. 41-50
2.2 Оқу-танымдық қызмет және оны ұйымдастыру тәсілдері ... ... 50-58
2.3 Оқыту әдістерін таңдау және оны тиімді қолдану
жолдары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..58-75

III Қорытынды ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 76-78

Пайдаланылған әдебиеттер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... . 79-80

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі:. Еліміздегі өзінің қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-білім парадигмасы жүйесін әлемдік өркениет үлгісінде дамытуда. Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне қосылуы халықаралық талаптарға сай орта мектептерде білім алудың құрылымына өзгерістер, жаңалықтар енгізуге қажеттілікті туғызды. Қазіргі кезеңде республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл педагогика теориясы мен оқу - тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр: білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарастар, жаңаша қарым-қатынас пайда болды.
Жаңа талпыныс, жаңа ашылған жолдардың бірі - білім берудің жаңа жүйесінің жасалуы. Білім беру саласының барлық жағынан жаңаша көзқарас, жаңаша ойлау қалыптасуда. Әлемдік мол тәжірибелердің жинақталған озық үлгілерін саралай келе, елімізде терең ойлы, жан-жақты дамыған, өзіндік пікірі қалыптасқан, ой қорытуға икемді, қоғам өміріне белсене араласа алатын жеке тұлға тәрбиелеу міндеті қойылды. Жаңа қалыптасып, күннен күнге өркендеп келе жатқан Отанымыз үшін мұндай тұлғалардың орны ерекше болмақ. Сондықтан жеке тұлға тәрбиелеу міндеті білім ордаларынан басталмақ. Ұрпақты бастан тәлімді етіп тәрбиелеудің маңыздылығы осы орайда айрықша рөл атқарады. Тәрбие мен білімнің тұтастығы білім ошақтарындағы ұстаздардың біліктілігімен ұштасады. Білім беру саласында оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Озық тәжірибелермен қаруланған ұстаздардың шәкірт болашағы үшін үлесі басым болуы көзделеді. Қазақ тілі сабақтарын жүргізу барысында жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарды сақтап, халықтық салт-дәстүрлермен жете танысып, санасында жаңғыртуы берілер жаттығулар мен тапсырмалардың мазмұны мен мақсатына және тиімді қолданған әдіс-тәсілдеріне тікелей байланысты болады. Отансүйгіштік, адамгершілік сияқты құнды қасиеттерді бойға сіңіру, оны өзі өмір сүріп отырған ортада игілікті жұмсау секілді табиғи болмыстың жаратылуында да жас ұрпақтың білім ордасы мен отбасы тікелей қызмет атқарады.
Дана халқымыздың: Тәрбие талбесіктен басталады деген ұшқыр да ойлы сөзі - сонау ата-бабаларымыздың даналық көпірі арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өмір тәжірибесі. Сәби кезден ана сүтімен даритын ана тілі мен текті ата тәрбиесінің ұштасуы ұрпақтың саналы өсуінде маңызды рөл атқарады. Осы орайда қазақ тілі сабағында білімалушылардың оқу-танымдық қызметтерін белсенді ұйымдастыруда сабақтың алатын маңыздылығы жоғары болмақ. Жаңашыл әдістерді қолдану және студенттердің түрлі құзіреттілігін қалыптастырудың маңыздылығы оның жан-жақты дамыған жеке тұлғаның тәрбиеленуіне және болашақ еліміздің қажетін толықтырар азаматтың қалыптасуына ықпал ететіні. Сондықтан тақырыбымыздың өзектілігіне еш күмән келтірілмейді.
Зерттеу нысаны:Студенттердің оқу-танымдық қызметін ұйымдастыруда оқытудың формаларын қолданудың тиімді жолдары
Зерттеудің мақсаты: Қазақ тілі пәнін оқытуда ұйымдастырылатын оқытудың формаларын және оның әдістерінанықтап, оқу-танымдық қызметтің ұйымдастырылуын нақтылау, оның жас ұрпақ тәрбиесіне қосатын үлесін салмақтау.
Зерттеу жұмысының міндеттері: Аталған мақсатқа және ғылыми болжамдарға сәйкес зерттеудің міндеттері айқындалды. - қазақ тілі пәнін оқытуда студенттердің лқу-танымдық қызметін ұйымдастыратын оқытудың формаларын жүйелеу; - қазақ тілін оқытуда сабақ үдерісіне қойылатын талаптарды айқындау; - қазақ тілін оқытудағы оқу-танымдық әдістерді жүйелеу, әдістемесін жасау.
Зерттеу әдістері. Салыстыру, топтау, жүйелеу, талдау, сипаттау, бақылау, қорыту, жинақтау, саралау және анализ, синтез, индукция, дедукция, жаттығу әдістер қолданылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: - қазақ тілі пәнін оқытуда студенттердің лқу-танымдық қызметін ұйымдастыратын оқытудың формаларын жүйеленді; - қазақ тілін оқытуда сабақ үдерісіне қойылатын талаптарды айқындалды; - қазақ тілін оқытудағы оқу-танымдық әдістерді жүйелеу, әдістемесі ұсынылды.
Диплом жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.


I ОҚЫТУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ МАҢЫЗЫ

0.1 ОҚЫТУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ФОРМАСЫ - САБАҚ

Мектептердің даму тарихында оқытуды ұйымдастырудың әр түрлі формалары пайдаланылып келеді.. Оқыту формаларының бірте-бірте өзгеруі мұғалім мен оқушылардың іс-әрекетінің, өнеркәсіптің, ауылшаруашылығының және үдемелі ғылыми-техниканың өзгеруіне байланысты болады.
Ертеде Грецияда оқытудың жеке формасы пайдаланылды. Бұл келесі ғасырға дейін - дворяндар үйелмендерінде сақталды.Ерте замандағы Вавилонияда, Египетте, Қытайда, Үндістанда оқытудың жеке-топтық формалары шығып дамыды.Орта ғасырда сабақ бір топ оқушылармен өткізілді. Мектептерде сабақтардың тұрақты кестесі, оқытудың дәл мерзімі болмады, оқушылар мектепке жылдың қай мезгілінде болса да қабылданды.
Білім беру мазмұнын меңгеру бағытындағы оқушылардың іс-әрекеті әр түрлі оқыту нысандарын қолдану арқылы ұйымдастырылады. Бұл оқыту нысандары оқыту мақсаттары мен міндеттеріне, оқушылар санына, оқу жұмысы орны мен жасалу уақытына, оқулықтар және оқу құралдарымен қамтамасыз етілуіне байланысты анықталады. И.М. Чередов дидактикадағы оқыту нысандарын - мазмұн, әдістер, тәсілдер, құралдар, оқушылардың іс-әрекеті түрлері сипатымен байланысты оқыту үдерісінің ерекше құрылымы деп анықтаған[1.54]. Ал оқулықтарда оқытуды ұйымдастыру нысаны - белгілі бір ретпен және белгілі бір режімде жүзеге асырылатын мұғалімдер мен оқушылардың үйлесімді іс-әрекетінің сыртқы байқалуы деп сипатталады. Оқытуды ұйымдастыру нысандары әр түрлі критерийлер бойынша жіктеледі. Оқушылардың саны бойынша: жаппай, ұжымдық, топтық, шағын топтық және жекелеген оқыту нысандары болып бөлінеді. Оқу орны бойынша: мектептік сабақ, шеберханадағы және тәжірибе алаңындағы жұмыс т.с.с. мектептен тыс, үйдегі өз бетінше жұмыс, экскурсия, мекемелердегі сабақтар болып бөлінсе, оқу уақыты ұзақтығы бойынша сабақ - 40 минут, жұпталған сабақ -- 90 минут, жұпталып, қысқартылған сабақ -- 70 минут, оқу уақыты толық анықталмаған сабақ болып бөлінуі мүмкін.
Қандай да бір оқыту нысандарына басымырақ мән берілуіне байланысты оқытудың түрлі жүйелері айқындалады.Ал жоғары оқу орындарының сабақ жүйесі әбден реттелген түрде. Сабақтың ұзақтығы қазіргі кезеңде 50 минутты құрайды. Қос лекция сабағы, дара семинарлық сабақтар болып бөлінеді.
Оқыту жүйелерінің мектепте болсын, жоғары оқу орнында болсын жүйеленуі сынып-сабақтық жүйе негізінде қалыптасты.Адамзат қоғамы қалыптасуының алғашқы кезеңінде жекелеген оқыту жүйесі қолданылды. Орта ғасырларда оқушылардың саны артуына байланысты топқа жастары біркелкі оқушыларды жинауға мүмкіндік туды. Бұл кезеңде Я.А. Коменскийдің Ұлы дидактика еңбегінде тұжырымдалған сынып-сабақтық жүйе қолданылды. Сынып-сабақтық жүйені әрі қарай К.Д.Ушинский, А. Дистервег жетілдірді.
XIX ғасыр соңында бір мезгілде 600-ден астам оқушыларды қамти отырып, ересектеулерін өзі оқытып, олар кішілеулерін оқытатын, көмекшілер дайындау арқылы жүретін оқыту жүйесі пайда болды. Бұл оқыту жүйесін ендірушілер дін қызметкері А.Белл мен мұғалім Д.Ланкастер болды, сондықтан Белль-Ланкастер жүйесі деп аталды. Бұл жүйенің пайда болуы бір мезгілде көбірек жұмысшылар арасында білім таратып, оқытуды ұйымдастыру мен мұғалімді дайындауға жұмсалатын шығынды азайту мақсат болды.Сонымен қатар бұл елде оқушылардың қабілеттіліктеріне қарай бөліп оқыту қарастырылатын, сынып-сабақтық жүйеге ұқсас Мангейм жүйесі де қатар жүрді. Сабақтың кемшіліктерін азайту мақсатында басқа да оқыту жүйелері пайда бола бастады. Америкада Е.Паркхерст жүзеге асырған Дальтонжоспар жүйесі дүниеге келді. Бұл жүйеде сабақтар жүргізілмей, оқушылар жекелеген жоспар бойынша жазбаша тапсырмалар алып, оқытушыдан кеңес алғаннан соң өз бетінше жұмыс жасау жүзеге асырылды. Дальтон-жоспар негізінде оқытуды бригада-лабораториялық оқыту жүйесі, яғни ұжымдық жұмысты бригадалық және жекелеген жұмыстармен байланыстыра жүргізу қарастырылды. Мұғалімнің рөлінің төмендеуі, барлық оқушылардың бірдей жұмыс істемеуі бұл оқыту жүйелерінің де жойылуына алып келді. Жоғары оқу орындарында дәрістік-семинарлық оқыту жүйесі жүзеге асырылды. 60-жылдарда Америка профессоры тұжырымдаған Трамп жоспары кеңінен қолданылды.
Бұл жүйеде үлкен оқу аудиторияларында 10-15 адамнан тұратын топтармен және жекелеген жұмыстармен ұштастыра жүргізу идеясы жүзеге асты. Үлкен топтармен жұмыс істеуге уақыттың 40%-ы, кіші топтарға -- 20%, қалған уақыттың 40%-ы өз бетінше жұмыстарға берілді.Дегенмен сынып-сабақтық оқыту жүйесінің басқа формаларға қарағанда бірқатар артықшылықтары бар: қатаң ұйымдастыру құрылымы бар, бір мезгілде мұғалім үлкен оқушылар тобымен жұмыс жасау мүмкіндігіне байланысты үнемді, өзара оқыту, ұжымдық іс-әрекет жасау оқушыларды тәрбиелеу және оқыту үшін жақсы жағдайлар жасауға болады. Сонымен бірге сынып-сабақтық жүйенің кемшіліктері де байқалады, мысалы оқушылармен жекелеген оқу-тәрбие жұмысын жүргізу мүмкін емес, ол орташа оқушыға бағдарлана жүргізіледі [2.27].
Оқытудың негізгі нысаны ретіндегі сабақ. Оқытуды ұйымдастырудың сынып-сабақтық жүйесінің маңызды компоненті - сабақ. Сабақ - нақты анықталған уақыт ішінде оқушылардың әрқайсысының ерекшеліктерін ескере отырып, тікелей оқу пәні негіздерін меңгеру жағдайын жасау, танымдық қабілеттіліктері мен рухани дамуын камтамасыз ету үшін жұмыс құралдары мен әдістерін қолдана отырып, білімгерлердің топтық танымдық және басқа да іс-әрекеттеріне мұғалімнің жетекшілік етуі жүретін, оқытуды ұйымдастыру нысаны. Анықтамада көрсетіліп тұрған сабақтың негізгі белгілері: оқушылардың тұрақты тобы, оқушылардың әрқайсысының ерекшеліктерін ескере отырып, іс-әрекетіне жетекшілік ету, оқытылатын пән негіздерін тікелей сабақта меңгеру.
Әрбір сабақ білім, білік, дағдыларды меңгеру құрылымына сәйкес мұғалім мен оқушылардың түрлі іс-әрекеттерімен сипатталатын элементтерден құрылады. Сабақ құрылымы күрделі не қарапайым болуы мүмкін. Бұл оқу материалы мазмұнына, сабақтың дидактикалық мақсаттарына, оқушылардың жас ерекшеліктері мен ұжым ретіндегі сынып ерекшеліктерімен анықталуы мүмкін. Құрылымына қатысты әр түрлі сабақ типтері анықталады. Сабақ типтері:
- аралас сабақ;
- жаңа білім беру сабағы;
- білімді бекіту және қайталау сабағы;
- жалпылау және жүйелеу сабағы;
- біліктер мен дағдыларды қалыптастыру және бекіту сабагы;
- білімді тексеру сабағы.
Сабақтан басқа да оқытуды ұйымдастырудың қосымша нысандары бар. Олар: экскурсия, үй жұмысы, оқу конференциясы, қосымша сабақтар, семинар, лекция, практикум, сынақ, емтихан. Бұлардан басқа оқытудың көмекші нысандары бар. Олар: факультатив, үйірмелер, клубтар, олимпиада, конкурс және т.б. Сабақтың тиімділігі мұғалімнің мұқият дайындығы және өткізу шеберлігі сияқты екі құрамды бөлікке байланысты болады.
Мұғалімнің сабаққа дайындалуы үш кезеңнен тұрады: диагностикалау, болжамдау (прогноздау), жобалау (жоспарлау). Сабаққа дайындық алгоритмі диагностикалаудан басталады. Диагностика сабақ өткізуге қатысты оқушылардың мүмкіндіктерін, іс-әрекет пен мінез-құлық мотивтерін, сұраныстары мен бейімділіктерін, қызығушылықтары мен қабілеттіліктерін, қажетті оқытуға даярлығы деңгейін, оқу материалының сипатын, ерекшеліктері мен практикалық маңыздылығын, сабақ құрылымын анықтау болып табылады. Сонымен бірге тіректік білімді бекітуге, жаңа білім алу, бекіту мен жүйелеу, бақылау мен білім, біліктерді түзетуге кететін уақытты да талдау жүреді. Болжамдау өткізілетін сабақтың түрлі тиімді нұсқаларын бағалауға арналады. Барлық оң және теріс әсер ету факторлары мен критерийлерді қанағаттандыру негізінде келесі кезең - жоспарлауға өтеді. Жобалау (жоспарлау) - сабаққа дайындықтың соңғы кезеңі және ол оқушылардың танымдык іс-әрекетін басқару бағдарламасын жасаумен анықталады.Мұнан былай қоғамның дамуы білім беру ісіне көтеріңкі талап қойды. Сондықтан оқыту жұмысын ұйымдастырудың тиімді формасы туралы сұрақтар туды. Оқытудың мұндай формасы ХVI ғасырда Ресейдің оңтүстік батысындағы мектептердің (Львов, Луцкая және басқа облыстар) тәжірибесінде пайда болды. Мектептерде құрамы берік, белгілі жастағы оқушыларға сынып ұйымдастырылды, оқу сабақ кестесі бойынша өткізілді, әрбір оқу сабақ деп аталды.
Оқытуды ұйымдастырудың бірнеше формалары бар: оқу саяхаты, лекция, семинар сабақтары, практикумдар, факультативтер, консультациялар, үй оқу жұмысы т.б.
Лекцияның негізгі дидактикалық максаты - студенттердің оқу материалын меңгеруіне қажетті бағыттаушы негізді қалыптастыру.
Жақсы, дидактикалық мақсаттарға сай ұйымдастырған лекция лектордың аудиториямен шығармашылықтық тұрғыдан жасайтын қарым-қатынасы, оның танымдық эмоционалдық тұрғыдан тиімділігі жоғары болады. Егер студенттің ойлау қабілеті белсенді болса, онда жаңа материал оңай, әрі тез оқытады, соңдықтан, лекцияда тыңдаушылардың белсенділігі мен ойлау қабілетін тудыру қажет.
Лекцияға қойылатын талаптар:
* Лекция мен лекция окудың адамгершіліктік, ізгіліктілік (гуманистік) жағы;
* Ғылымилығы мен ақпараттылығы; (қазіргі кездегі ғылыми деңгейі)
* Дәлдігі мен дәлелділігі;
* Түсіндірудің эмоционалдық жағы;
* Тыңдаушылардың ойлау қабілетін белсендіру;
* Қойылған сұрақтарға жауап берудегі құрылымы мен қисығының нақты болуы;
* Басты ой-пікір мен ережелерді бөліп алу;
* Тірек ұтымдарды бөліп алу, түсіндіру;
* Қорытындылау;
* Тілінің түсінікті және анық болуы;
* Басты, жаңа ұғымдар мен терминдерді түсіндіре білу;
* Мүмкіндігінше дидактикалық материалдар мен көрнекіліктерді (аудио, видео, интерактивті мультимедиалық кұралдар т.с.с. ) пайдалану;
Аталған талаптар лекцияның сапасын бағалау критерийлерінің негізі болып табылады.Лекцияның құрылымы және оның сапалылығын жоспарлау маңызды.
Өзінің құрылымы жағынан лекциялар әртүрлі болып келеді. Оның құрылымы оқытылатын материалдардың мазмұны мен сипатына байланысты, кез-келген лекцияға қолданылатын жалпы құрылымдық форма болады. Ең алдымен лекцияның жоспарын хабарлап, яғни жоспармен таныстырып, сол жоспар бойынша жүйелі түрде сұрактардың мазмұнын ашуды қатаң түрде сактау қажет. Емтихан сұрақтарына кіретін негізгі, маңызды мәселелерге ерекше назар аударып, соларды жоспарға міндетті түрде енгізілуі шарт.
Алдыңғы өтілген лекцияның мазмұнын еске түсіріп, оның жаңа материалмен байланысын, пәндегі және басқа ғылымдар жүйесіндегі орны мен қажеттілігін айтып өту керек. Тақырыпты ашу барысында индуктивті әдісті қолдануға болады: ғылыми қорытындыларға әкелетін мысалдар, фактілер; сол сияқты нақты мысалдар арқылы жалпы ережелерді түсіндіруде дедукция әдісін де қолдануға болады.
Лекцияның соңында айтылған мәселелер бойынша қорытынды жасау лекцияның құңдылығын арттырады.
Жоғары мектептегі дәстүрлі лекциялар ақпараттық болып табылады.
Лекциялар мазмұны, кұрылымы, сипатына қарай әртүрлі болып келеді. Бірақ, жалпы басшылыққа алатын әдістемелік ереже, қағидалар ортақ болады.
Лекцияның үш түрі болады:
І.Кіріспе.
2. Ағымдағы лекция.
3. Қорытынды, немесе шолу лекциясы.
1. Кіріспе лекция - мұнда пәннің мақсаты, ғылымдар жүйесінде алатын орны, сол мамандыққа қажеттілігі, яғни рөлі, мамандыққа қажет оқылатын басқа да пәндермен байланысы, сол пән ғылымының зерттеу пәні, әдіснамалық негізі, әдістер, мәселелер мен гипотезалар, даму перспективасы, іс-тәжірибесі, яғни практикамен байланысы, теориялық материалдар, даму тарихы, студенттердің болашақ мамандығына байланысы, пәнге байланысты оқулық, оқу-әдістемелік құрал, ғылыми әдебиеттермен таныстыру сияқты мәселелер сөз болады. Бұдан басқа пәнді оқып, меңгерудің, жүйелі түрде әдебиет пен конспектілермен жұмыс жасаудың әдістерімен таныстырған жө
2. Ағымдағы лекция - оқу жоспары негізінде жасалған типтік бағдарламаға сәйкес жұмыс бағдарламасы бойынша жүргізіледі.
3. Қорытынды немесе шолу лекция - бұл қысқаша конспект түрінде берілмейтін, білімнің жоғары деңгейде жүйеленіп берілуі. Сонымен бірге ең қиын, күрделі емтихан сұрақтарының жауаптары қарастырылады.
Жалпы лекцияны оқи отыра, лектор студенттердің қандай мәселелерді жазып алып жатқандығын байқап, соған бағдарланып отыруы керек.
Конспект мұқият тыңдау, жазба жұмыстары кезінде жаксы есте сақтау, семинар, емтихандарға дайындалуда тірек материалдары ретінде көмек береді.
Лектордың міндеті - студенттерге конспект жазу барысында ойлап, саналы түрде ұғыну, зерделеуді, тыңдай отырып, қысқаша жазып алулары үшін жағдай тудыруы керек. Ол үшін лектор студенттерге көмектесуі, яғни барлығына түсінікті ме, жоқ па, үлгеріп жатыр ма, міне, осындай мәселелерге назар аударуы қажет. Бұны ол аудиторияның реакциясынан байқай алады. Ол үшін лектор өзінің дауыс ырғағына, материалды қалай жеткізіп жатқандығына, тақтадағы жазбаларына, көрнекілікті қолдануына, дауыс темпіне, лекцияның регламентінің қалай сақталып жатқаңдығына үнемі бақылау жасап отыруы қажет.
Студенттерді қысқаша лекция жазуға уйрету, жазбаларды рәсімдеу, қысқартылған сөздер, әртүрлі белгілерді дұрыс қоя білу, жазба жұмысы барысында әртүрлі қаламдарды қолдану сияқты іс-әрекетгерге дағдыландыру пайдалы.
Лекция мазмұнының құрылымының нақтылылығы, студенттердің ынта - ықыласын өзіне аудара білуі студенттердің белсеңділігін, жұмысқа деген қабілеттілігін, педагогикалық қарым-қатынас орнатуға, еңбекке деген құлшынысты, пәнге деген қызығушлықты тудырады.
Өзара сабаққа қатысу барысында қызметтестер оқытушының лекцияны оқу сапасын бағалайды.
Лекцияны бағалау критерилерінің негізгі түйіндері: оның мазмұны, әдісі, студенттер жұмысына жетекшілік, лекторлық дарын, лекцияның нәтижелілігі.
1. Лекцияның мазмұны:
* ғылымилығы - қазіргі кездегі ғылымның дамуына, жетістігіне сәйкестілігі;
* саяси бағытгылығы - дүниетанымдық идеяларды бөліп алу, жекелеу, әдіснамалық сұрактарды ажырата біліп, оларды түсіндіру;
* ойлаудың белсенділігі - мәселелік сұрақтар қою және пәнаралық байланыстарды анықтау;
Лекция мен оқулық арасындағы байланыс, яғни оқулықта жоқ материалдар беріле ме, әлде оқулық бойынша айтылып жатыр ма? Қиын сұрақгарды талдау, ерекше тоқталу, жекеленген метериалдың бөлімдері бойынша студенттерге өз бетінше тапсырма беру.
Лекцияда пәнішілік және пәнаралық байланыстардың сақталуы өте маңызды.
Оқытудың әдісі - лекцияның құрылымы, қисыны (логикасы), жоспары, әдебиеттер мен қосымша әдебиеттерді беру, жаңа терминдер, дәлелділігі мен дәйектілігі, негізгі ойлар мен қорытыңдылар, оларды ажырата білу, көрнекілік құралдар, жекеленген жазбалар, тірек конспектілерді қолдану.
Қорытындылауда сұрақтарды қайталау, бақылау, тексеру сұрақтары, лекцияның соңында бүкіл лекция материалы бойынша қорытыңды, тұжырым жасау.
Студенттер жұмысына басшылық - лекция, конспектілерді жазуды талап ету, сұрақ-сауал, дискуссия ұйымдастыру. Конспектілерді семинар сабағында, лекцияньщ соңында тексеріп отыру. Шешендік әдістер, риторикалық сұрақтар беру, әзіл-қалжыңды орында қолдану сияқты студенттердің ықыласын аудару, көңіл-күйлерінің көтеріңкі болуына кейбір әдістерді қолдану.
Лекторға қойылатын талаптар:
* пәнді жетік білуі,
* идеялық сенімділік,
* көңіл-күй,
* дауысырғағы,
* сөз құрамының дұрыстылығы мен нақтылығы,
* демалысы,
* сырт көрінісі,
* өзін-өзі аудиторияда ұстай білуі,
* аудиторияны "көре" және "сезе'? білуі,
* аудиториямен байланыста болуы.
* шешендік шеберлігі.
Аталған талаптар сақталған жағдайда жоғары оқу орнының кәсіби маманы, яғни оқытушысы болашақ мамандарды даярлаудға өзіндік үлесін толыққанды қоса алады.Болашаққа мамандарды даярлау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан әр ұстаздың педагогтік тұлғасының көрінісі мен оның ішкі мазмұны үйлесімін тауып, сапалы білім жүйесі сақталғанда мамандар сапалы даярланатыны сөзсіз.
Лекцияның нәтижесі:
oo ақпараттық құндылығы,
oo тәрбиелік әсері,
- дидактикалық мақсатқа жетуі.
Лекция оқу барысындағы лектордың міндеті:
- студенттердің танымдық жұмыстарын тиімді ұйымдастыру, яғни лекцияны тыңдау, қабылдауы, түсінуі сияқты танымдық процестердің белсеңді жүруін байқау, қадағалау;
- материалды өңдеу;
- тұжырымдап, қорытынды жасау.
Дұрыс әрі тиімді ұйымдастырган лекцияның тәрбиелік маңызы арта түседі, яғни, ойлау, еңбек әрекеті, пәнге деген ынта, ықылас және қызығушылық дамып, оқу-танымдық белсенділік қалыптасады.
Саяхат пәндер бойынша жоспарланып, оқыту мекемесінің жалпы іс жоспарларына кіреді. Саяхатты ұйымдастыру үшін түрлі объектілер пайдаланылады. Оларға музей, көрме, табиғат, өндіріс жатады.
Семинар сабағы - бұл жоғары оқу орындарындағы ең маңызды формалардың бірі. Белгілі курстың теориясымен қатар жүргізіліп отыратынүдеріс. Семинарға бөлінген сағаттарды іскерлік дағды қалыптастыруда тиімді пайдалану қарастырылады. Білімгерлер сабаққа дайындалу үшін әрбір мәселе бойынша материал жинайды, бақылау жасайды, кітапханаға, музейге, көрмеге, архивке барады, құжаттармен танысады, қосымша әдебиеттерді зерттейді.Ізденімдік тапсырмалар орындайды, оның түсініктілігі мен жеткізілу формаларын өздері таңдау құқында орындайды.Семинар сабақтары белгілі бір жеке ғалымның басшылығымен студенттердің теориялық курс тек ғылыми зерттеу жұмыстарының әдістерін меңгеруін сипаттайды. Семинар сабақтары жоғары мектеп алдыңдағы міндеттердің өзгеріп отыруына орай үнемі жетілдіріліп отырды.
Қазіргі кездері семинар сабақтары, негізінен, жоғары мектепте гуманитарлық және техникалық пәндерді оқытуды ұйымдастырудың формасы болып табылады. Ол студенттерде ойлай білу мәдениетін дамытудың құралы болып саналады.Семинар сабактары пәнді терең, жетік меңгеру мен ғылыми танымның әдіснамасын меңгеруге бағытталады.
Студент семинар сабағына дайындалу барысыңда өз бетінше шығармашылыкпен жұмыс істеп, дайындалады (талдау жасау, рефераттар жазу, баяндамаларға дайындалу, т.с.с.) Семинар сабақтары - студенттердің шыгармашылық іс-әрекетін дамытудың бірден-бір жолы.
Семинар сабақтарында мынандай мәселелерді шешу көзделеді
( А.М.Матюшкиннің пікірі бойынша):
1. Кәсіби шығармашылық тұрғыдан ойлауды дамыту;
2. Танымдық мотивтер;
Оқу жағдайларында кәсіби біліктілікпен білімді қолдану. Семинар сабақтарында оқытушы білімді тиянақтау, бекіту, бақылау жасау, педагогикалық қарым-қатынас сияқты жекелеген мәселелерді шешеді.
Қазіргі заманауи ЖОО-да семинар сабақтарының кең тараған 3 типін ажыратуға болады:
1. Ағымдағы семинар
2. Жекеленген семинар
3. Арнайы семинар
Ағымдағы семинар - бірінші курста жүргізіледі. Мақсаты -студенттерді өз бетінше жұмыстың ерекшелігімен, таныстыру, әдебиеттер мен қайнар көздерімен таныстыра отырып, олармен жұмыс жасаудың әдістерін үйрету. Себебі, тәжірибеден белгілі болғандай, бірінші курс студенттері бірден бірнеше әдебиеттің негізгі көздерімен жұмыс жасай алмайды, қажетті материалды іріктеу, оған талдау жасау, тақырыпқа сәйкес материалдарды табу сияқты жұмыстар қиындық туғызады. Сондықтан әдебиет көздерімен жұмыс жасауды үйретуге, ғылыми мәселелерді шешуге шығармашылықпен қарау, семинар сабағына дұрыс дайындалу дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлу керек.
Семинар сабағына дайындалудың келесі кезеңі - реферат дайындау, тақырыпты анықтау, оқи білу, талдау, талқыға салу.Күрделі оқу, тәрбие міндеттері 2-4 курстарда жүретін саминар сабақтарыңда, әсіресе, 3-4 курстардағы арнайы семинар сабақтарында студенттерде меңгеретін материалға деген зерттеушілік көзқарас қалыптасады.
ЖОО-да көбінесе семинардың 3 типі жүргізіледі:
1. Белгілі бір курсты терең меңгеру мақсатын көздейтін.
2. Әдіснамалық жағынан маңызды белгілі бір тақырыптың немесе курстың жекеленген тақырыптарын меңгеру.
3. Ғылымның жекелеген бөлімдерін терең зерттеу мақсатындағы.
Семинар сабақтары әңгіме, баяндама, пікірталас түрлерінде өтіледі.
Арнайы семинар белгілі бір ғылым саласы бойынша жоғары курстарда өтіледі. Егер жүргізуші оқытушы тәжірибелі болса, онда ол студенттерді ұжымдық формада ойлай білуі мен шығармашылықпен жұмыс жасауды, ситуацияларды құрастыру, оларды шеше білу, моделдеу, бағалау, өзара сын секілді іс-әрекеттерді қалыптастырады.
Семинар сабактарының маман даярлауда маңызы зор, себебі әртүрлі, күрделі міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызады, студенттердің шығармашылықпен жұмыс істеу қабілетін дамытады. Семинар сабағында студенттер ғылыми ақпаратты меңгереді, ғылыми жұмыстарды жазу, өңдеу дағдысы мен іскерлігін дамытады, материалды ауызша немесе жазбаша түрде айтып, жазу мүмкіндіктерін игереді.
Семинар сабағының бірден-бір мақсаты: - лекцияда алған білімді терең ұғыну, мәселелерді шешу, проблемалық ситуациялар мен күрделі мәселелерді шешуді ойластыру, құрастыру, талдау, өз позицияларын айқыңдап, анықтау.
Семинар сабағына дайындықтың бастауы - әдебиетпен жұмыс істеу, талқыланатын мәселелер мен сұрақтарға дайындалу. Семинар сабағы өзінің әдістемесімен, яғни әдістемесінің әр түрлі, көпқырлығымен ерекшеленеді.
Семинардың жоспары, қарастырылатын сұрақтар алдын-ала белгілі болады, онымен студенттер алдына-ала танысады. Сол бойынша барлығы дайындалады. Келесі бір әдісі - белгілі бір тақырыптарға, белгілі бір студенттер арнайы дайындалады. Бұл жағдайда оқытушы студент баяндамасының өз бетінше шығармашылықпен, жауапкершілікпен жұмыс істеу деңгейін бағалайды. Қалған студенттер тек тыңдаушының ғана рөлін орындамау үшін, топтың белсеңділігін (сабақ үстіңдегі) арттыру үшін, оқытушы тақырыпқа байланысты, мүмкіндігінше, көптеген қосымша сұрақтар дайындауы керек.Семинарға дайындалу үшін оқытушы негізгі және қосымша әдебиеттердің тізімін береді.Семинар сабағын өткізгенде оқытудың дидактикалық қағидалары орындалуы тиіс. Атап айтқанда:
* Оқытудың тәрбиелігі, яғни болашақ мамандыққа деген қызығушылығын дамыту, арттыру өзін-өзі тәрбиелеу, кәсіби тұрғыдан тәрбиелеу;
* Оқытудың ғылымилығы - ғылымның соңғы жаңалықтары, жаңашыл мұғалімдер тәжірибесі оқытудың жаңа технологиялары, педагогикалық инноватикалар, педагогикалық терминдер, студенттердің ғылыми көзқарасы мен педагогикалық тұрғыдан ойлай білу қабілеттерін қалыптастыру;
* Оқытудағы саналылық - қағидалар мен зандылықтарды саналы түрде ұғыну, оларды іс-жүзінде пайдалана білу;
* Теорияның практикамен байланысы - теориялық материалдарды бекіту, байқаумен байланысы, т.б. қорытындылап, тұжырымдауды, нақты іскерліктерді қалыптастыру, т.б.
Семинар сабақтарының сапалылығын анықтайтын критерийлер:
* Мақсатқа бағыттылығы - теориялық материалды болашақ кәсіби іс-әрекетте, материалды нақты іс жүзінде қолданумен байланыстыру;
* Жоспарлау - басты мәселелерді бөліп алу;
* Ұйымдастыру - пікірталас, пікіралысуды қолдау, студенттердің жауаптарына талдау жасау;
* Семинарды жүргізу стилі - белсенді;
* Оқытушының студенттермен қарым-қатынасы, талап қоя отырып, құрметтей білу немесе бейтараптық;
* Студенттердің оқытушыға қарым-қатынасы - сыйластық, өзара сын;
* Топты басқару - оқытушының топта өзін-өзі еркін ұстауы, сенімділік, әділдік немесе керісінше көп ескертулер жасауы, дауысын көтеру топта бірнеше студентпен жұмыс істеуі, т.б.
* Оқытушының қорытындысы - кәсіби шеберлікпен, сенімділікпен немесе керісінше;
* Студенттердің жазба жұмыстарын үнемі, жүйелі түрде жүргізу немесе керісінше.
Кептеген жағдайларда семинар сабактарында іскерлік ойыңдар, тренингтер ұйымдастырылады (мамандыққа байланысты). Семинар сабақтары студенттердіөз бетімен жұмыс істеуге үйретеді: зерттелген материалдың мәніне жете түсінеді, өз ойын мазмұнды дәлелдейді. Демек, семинар сабақтары білімалушыларды зерттеу жұмысының кейбір нысандарымен, ғалымдар еңбектерімен, ғылыми элементтерімен таныстырады.
Лабораториялық жұмыстар - оқу-зерттеу іс-әрекеттері барысында студенттерге теориялық әдіснамалық білім мен оны нақты іс жүзінде қолдануға қажетті іскерлік, дағдылар жүйесінің интеграциясын сипаттайды.
Лаборатория латынның - "Labor" еңбек, жұмыс, қиындық деген мағынаны білдіретін сөзінен шыққан.
Лабораториялық жұмыстар оқу жұмысының ерекшелігіне байланысты, сондықган әрбір нақты жағдайда жекеленген әдістемелік нұсқаулар қажет.
Топтың біріккен іс-әрекеті - ең тиімді формалардың бірі. Оның нәтижелілігі оқытушының ұйымдастырушылық шеберлігіне байланысты, яғни студенттерді өз бетінше жұмыс жасауға, мәселені зерттеуші ретіңде шешуде оларды ойластыру, ойлай білу іс-әрекеттерін белсендіру мақсатында бағыттаумен анықталады. Кез-келген практикалық жұмыстың маңызды жағы жаттығу болып табылады, яғни негізінен түрлі тапсырмаларды шешу, орындау жұмыстары, ғылымның негізгі ұғымдарын нактылау болып табылады.
Практикумдар - курс тарауы аяқталғаннан кейін студенттердің өз бетіменорындайтын лабораториялық жұмысының кешені. Мұғалім оқу бағдарламасының материалдарын және курстың нақтылы жағдайын есепке алып, практикумдар тақырыбын анықтайды. Оқу жоспарындағы сағаттардың есебінен практикумдарды өткізуге сабақтар бөлінеді. Практикумдар жоғары оқу орны студенттерінің педагогикалық практикаларымен ұштастырылады.
Факультативтік сабақтар - көбіне мектептерде өткізіледі. Бұл оқудың формасы оқушылардың қалауы бойынша жүргізіледі. Негізгі мақсат: оқушылардың ғылыми-теориялық білімін, танымдық ынтасын, шығармашылық қабілетін дамыту. Факультатив оқушыларға кәсіби бағдар беру ісінің тиімді формаларының бірі. Факультатив сабақтары жалпы орта білім беретін мектептің өтпелі базистік оқу жоспарының жылжымалы бөлімінде 5-ші сыныптан бастап өткізіледі. Ал, тереңдете арналған типтік оқу жоспары бойынша 8-ші сыныптан басталады.
Үй оқу жұмысы - бұл жұмыста оқушылардың дербес қасиеті және қабілеті байқалады. Үй тапсырмасы олардың жауапкершілік сезімін тәрбиелейді, қиыншылықтармен күресуге үйретеді. Үй тапсырмасы сабақ кезеңдерінің бірі, білімді іскерлікті және дағдыны бекіту үшін пайдаланылады.
Бұл айтылғандар көптеген әдіскер ғалымдардың жүргізген зерттеулері, тәжірибеде жинақталған теориялық және практикалық білімнің нәтижесі болып саналады.
Жұмысымызда қарастырылып отырған жоғары оқу орны білімалушыларын оқыту және оны ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Белгілі курсты меңгеру тұсында студенттердің өзін-өзі басқару жағы басымдылыққа ие болады. Дәрісті, семинар сабақтарын ұйымдастыруда тұлғаны оқу еңбегіне үйрететін үдерістер мол қамтылады. Олар тыңдауға, ұжымдық іс-әрекетте берілген сұрақты талқылауға, өзінің жұмысын ұйымдастыруға, өзінің пікірін айтуға, басқаны тыңдауға, олардың жасаған ой тұжырымы мен дәлелдемелерімен келісетінін немесе оған өздерінің дәйектемелерін дәлелдеп қарсы тұжырым құруға, басқаның ой түйінін толықтыруға арналған іс-әрекет икемділіктерін меңгереді. Шығармашылық тұрғысынан шыңдалып, аргументтелген эсселер жазуға, баяндама мәтіндерін жинақтауға, библиография құрастыруға, білім көздерімен жұмыс істеуге, өзінің оқу іс-әрекетін ұйымдастыруға, ізденімдік тапсырмалар орындауға, жобалар жасауға бағытталған дағдыларды қалыптастырып, істі орындай алу құзыреттілігін алады. Сондай-ақ қарым-қатынас тәжірибесін қалыптастырады, іскерлікке, өндірістік және әлеуметтік қарым-қатынасқа, өмірге бейімделеді.
Студенттермен ұйымдастырылған сабақ түрлерінде оқу-тәрбие үрдісінің барлық компоненттері қамтылады. Сабақтың мақсаты, мазмұны, құралдары, әдістері, ұйымдастыру мен басқару қызметі, оның дидактикалық элементтері ескеріліп, үдерістің жоспарлы түрде іске асырылуы көзделеді. Сабақтың маңызы мен берілу мәні үрдісте біртұтастық динамикалық жүйеге саяды, студенттің білімді меңгеруі оның икемі мен қабілетіне сәйкестеніп, өзіндік іс-әрекетінде тәжірибеде сұрыпталып, бір жағынан қарым-қатынас мәдениеті дамиды. Екінші жағынан, олардың қабілеттілігі шыңдалады. Нәтижесінде, сабақ түрлері сапасында оқыту үрдісін алға жылжытады, ал екінші жағынан оқытуды ұйымдастыру түрі ретінде рөл атқарады, оқытушының сабақты ұйымдастыруының негізгі талаптарын айқындайды, мұның негізінде оқытудың заңдары мен прицинциптері туындайды. Сабақ үдерісі - әр оқытушының педагогтік шығармашылығына құрылады. Сондықтан да ол біртұтастық жүйемен және өзіндік ерекшелігімен оқшаулануға тиіс. Оқыту үдерісінің кіші бөліктерінің өзара іштей байланысы бірігіп, студенттер мен оқытушының іс-әрекеті дамуының біртектес логикаға бейімделуіне бағыт жасайды.
Сабақтың талабын орындау мен оны түсінуге байланысты, мұның өзі әлеуметтік сұранымға қатысты анықталып, білімгерлердің жеке басының қажетсінуіне орай құрылады, оқыту мақсаты, міндеттері, заңдары мен принциптері басшылыққа алынып, жоғарыдағы іс-әрекеттің мазмұнын айқындайды. И.П.Подласый жіктемесі бойынша:
- сабақтың ғылым жетістіктерінің жаңа түрі, озық іс тәжірибе, оқу-тәрбие үрдісінің негізгі заңдарына құрылуы;
- сабақты өту үрдісінде, барлық дидактикалық принциптер мен ережелердің сақталуы;
- оқушылардың санасын қалыптастыруға әсер етерлік, пәнаралық байланыстың орнығуы;
- бұрынғы білімнің байланысы, оны меңгеруде икем-қабілетін және оқушылардың білім сапасын арттыру барысындағы тіректік ұғымдарға сілтеме жасау;
- тұлғаны жан-жақты дамытудың белсенді және түрінің қажеттілігі;
- педагог оқу-құралдарын ұтымды қолдануы;
- алған білімнің, өндірістік қызметпен, оқушының жеке іс-тәжірибесімен байланысты жүзеге асыруы;
- білімнің, икемнің, қабілетін тәжірибеде қалыптастыру, оны ойлау - амалы мен іс-әрекетке тиімді қолдануы;
- сабақты диагностикалау, жоспарлау, жобалау, болжай алуы және кері байланыс жасауы өте маңызды саналады.
Важную роль на основном этапе педагогического процесса играют обратные связи, служащие основой для принятия оперативных управленческих решений. Обратная связь - основа качественного управления процессом, ее развитию и укреплению каждый педагог придает приоритетное значение [3.54]. Ғалым сабақ үдерісіндегі кері байланыс мәселесіне баса назар аударып, оның мәні мен мазмұнына арнайы тоқталады. Кері байланыс оқытудағы маңызды үдеріс және білімалушылардың мазмұндық білім көздерін игерудегі жиынтық қорының деңгейін анықтау арқылы олардың қабылдауы мен зейінін шоғырландыру және ой генерациясы іс-әрекетіне икемделеді. Бұл үдеріс оқыту заңдылықтарын жүзеге асырады, жаңа сабақты меңгерту логикасын ішкі психологиялық құбылыс ретінде, оқушының өзіндік ойлау іс-әрекетінің заңын, жеке таным қабілеті сапасында алып, мұғалім қызметінің түрін және білімгерді педагогтік үрдістің субъектісі ретінде алады. Сабақ элементтерінің маңызды бөлігі ретінде ойбөліс кезеңдерінде, қорытындылау барысында жүзеге асады. Білімалушылардың жаңа ұғымдық түсініктері жинақталып, пысықталып, ойын қорытуға алып келетінін ғалым басты үдеріс негізінде көрсетеді. Педагогикалық жүйеде бұл оқыту кезеңдерінің негізгісі, қалыс қалдыруға болмайтын, сабақтың дидактикалық құрылымының компоненті сапасында келеді. Міне, осы компоненттер сабаққа қажетті шарттар мен бағдарламалық материалдарды меңгеруге жеткілікті біліктілік пен икем, қабілеттерді және білімгерлердің ойлау әрекетінің белсенділігін өздігінен қалыптастыру, оларды өмірге бейімделуге және интеллектуалдық қабілетін дамытуға бағыттайтын қадам.
Студенттің оқу қызметін ұйымдастыру оқытушының сырттай үйлесімді қызметі, оның өзі белгілі бір пән тәртіп талабынан құрылады. Жоғары оқу орнында ғылыми білім, іскерлік, дағдыларды меңгеруі, шығармашылық қабілеттерін дамыту, дүниетанымын, адамгершілік, эстетикалық, көзқарастары мен сенімдерін қалыптастыру үшін мұғалімнің белсенді оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыруы және ынталандыру іс-әрекеті болашақ мамандарды мамандыққа даярлау негізінде, арнайы пәндерді оқыту барысында жүргізіледі. Үдеріс кезіндегі іс-әрекетке басшылық ету, жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау мен басқару оқытушыдан талап етіледі. Сол себепті сабақтың тиімділігін арттыру үшін жұмыс түрлерін пайдалану керек. Студенттің жеке жұмысы өздік жұмыс атауымен белгілі.Жеке жұмысты ұйымдастыруда әр студенттің өзіндік іс-әрекеті ескеріліп, оған арнаулы әзірліктер жасалып, оқу мүмкіндіктері алдын ала есепке алынады: ғылыми еңбектермен, ақпараттармен, анықтамалармен, сөздіктермен, т.б. танысып, жұмыс міндетін шешу негізіне тезистер әзірлеу, аргументтелген эссе жазу, кластер құру, библиографиялық сөздіктер даярлау, жоба жасау, хронологиялық таблица даярлау, т.б. арқылы іс-әрекетке кіреді.
Мектепте ұйымдастырылатын іс-шаралар әр оқушының дүниетанымын қалыптастыру, өмір жайындағы түсінігін кеңейтуді көздеп, жеке басына тән қасиеті мен қабілетін ескере отырып жүргізілуі керек [4.9]. Ғалымдардың осы пікірі мектеп оқушысының қабілетіне қарай жұмыстардың ауқымы мен жеңіл, күрделілігін ескеруді ұсынады. Ал жоғары мектептің талаптары бірыңғай болып келеді. Студенттердің оқу талаптары мен шарттары арнайы қарастырылған, мамандыққа бағытталған үдерістер.
Іс-әрекетті белсенді ету үшін жұмыстардың формасы түрлендірілуі қажет.Жеке жұмысты ұйымдастыру барысында студенттің барлық потенциалы айқындалады. Арнаулы тапсырма түрін орындауда өзінің танымдық оқу іс-әрекетін мөлшерлейді, атап айтсақ, әр студент өзінің оқу қызметінің режиміне орай жұмыс қарқынын белгілейді. Жеке жұмысты семинарлық сабақтардың барлық кезеңдерінде жүргізу тиімді және оны бекітіп отыру көзделеді, мұның өзі студенттің бұрын меңгерген білімдерін, қабілетін, дағдысын жетілдіріп отыруына ықпалы зор, сол секілді бақылау үшін зерттеу әдісін меңгеруге жол ашады. Ал уақыт мөлшерлеп берілетін ізденімдік тапсырмалар немесе шағын жобаларды орындауда білімгерлер өзіндік іс-әрекетін тәрбиелейді. Оларды жинақылыққа, ұшқырлыққа, өзінің мақсатын айқындауға, бағытын таба білуге, жауапкершілікке, өзіндік тұжырым шығаруға, шешім қабылдауға, ең басты ізденімдік-зерттеушілікке бағыттайды. Сонымен қатар, сабақта студенттердің бір-бірімен қарым-қатынасын реттейтін, ақпараттар алмасуға мүмкіндік беретін, бірін-бірі оқытуға алып келетін іс-әрекеттер жүзеге асырылатын жұмыс түрі - топтық жұмыс түрі. Топтық жұмысты барлық кезеңде де ұйымдастыруға болады. Барлық студенттің іс-әрекетінің бірлікте болуын басқару, яғни барлық білімгерлер топ құруы арқылы ұқсас тапсырманы орындайды, жұмыс бәріне ортақ, барлық студент бірге талқылайды, нәтижені салыстырады, жинақтайды. Мұндай оқытуды ұйымдастыру проблемалық, ақпараттық және түсіндірмелі иллюстративті мазмұнда және репродуктивті және шығармашылық тапсырмалармен келуі мүмкін. Бұл тәсіл студенттер мен ұстаз арасындағы сенімді нығайтып, ұжымдық сезімді тәрбиелейді, пікірлерді талқылауы ширайды, басқаның ойын, өзінің ой-түйіндерімен салыстырады, қателерін табуға жаттығады. Мұғалімге қойылатын басты талап білімалушылар ішінен ең тиімді ой-тұжырымды дәл таба білуі, оны алдын ала болжауы, оқу жағдаяттарын туғызуы, сабақтың міндеттеріне жауап іздеуі, барлық студенттің жауабын ықыласпен тыңдауы, оны мәдени тұрғыда қолдауы, мұнымен бірге қажетті сәттерде түзетулер енгізуі, әр студенттің мүмкіндігіне жол ашу. Білімгерлердің топтық жұмыстағы нәтижелері де әртүрлі болып келеді. Көбінесе иллюстративті формада, тірек-сызбалармен, суреттермен түсіндіруге тырысады.Мұнда шығармашылық негізге құрылған тапсырма бірнеше шағын тапсырмаларға бөлінгендіктен жұмыстың бұл түрі барлық білімалушыларды белсенділікпен іс-әрекетте болуына жағдай туғызады. Көшбасшылар анықталады. Осының арқасында оқытушы жауаптардың мықты тұстары мен әлсіз тұстарын белгілейді де, әлсіз деп табылған тұстар қосымша сұрақтар арқылы толықтырылады. Мұндағы бағыт студенттердің ақпаратты жинақтауы, ой бөлісуі мен оны синтездеуі, тұжырымдарды жүйелеуі мен оны жеткізуі, жалпы білімді жан-жақты игеру іс-әрекетін құрайды. Топтық жұмыс ғылыми тақырыптардағы практикалық жұмыстарды, сондай-ақ тілдік пәндерді меңгеруде, ауыз екі сөйлеуде тілді дамыту бағытында, проблемалық жағдаяттарды шешуде, оқу және практикалық кейстерді шешуде, т.б. сабақтарда өткізген өте тиімді. Жоғары оқу орны білімгерлері болғандықтан, болашақ маманның көзқарасымен педагогикалық талаптар арқылы үйрету, жаттығу, тапсырма, тәрбиелеушілік ситуацияларды туғызу және қоғамдық пікірлерді сараптауларшылық іс-әрекеттер үдерісін нақтылайды.
Педагогикалық талап әдісі әртүрлі іс-әрекеттердің бір түріне тежеу, ал енді бір түрін күшейту мақсатымен студенттердің санасына педагогикалық ықпал жасау екендігі тәрбие әдісінің теориясында айқындалған. Мұнда нақтылы педагогикалық жағдайға байланысты талаптың түрі, мазмұны іріктеледі, білімгердің қатынасы педагогикалық талаптың нәтижелі болуына ықпал жасайды. Тұтас педагогикалық процесс білімалушыға педагогикалық талап қою мен дұрыс іс істеуге мәжбүр етуді сабақтастырып отыру заңдылығын жүзеге асыруды көздейді.
Тапсырма беру әдісі студенттің ішкі мүмкіндігін, күшін, бағытын жан-жақты терең зерттеп, қоғамдық белсенділігін басқару, жалпы адамзаттық, адамгершілік қасиетінің дамуына және оның дұрыс іс-қимылы мен мінез-құлық дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Педагогикалық жағдаят әдісінің өзіндік мәні бар. Кез келген педагогикалық жағдаят ең алдымен шығармашылық әрекет болып есептеледі. Себебі ол көптеген педагогикалық сұрақтарды, шешімдерді таңдап алуды қажет етеді.
Жоғары мектеп оқытушысының студентке қоятын талабы ең алдымен ұжымның талабы екендігін түсіндіру керек. Ал ұжымның талабы жалпы қоғамдық пікірдің көрінісі болып табылады. Сондықтан ұжым жағдайында іс-әрекетті ұйымдастыру және мінез-құлықты қалыптастыруда қоғамдық пікірді туғызу негізгі әдістің бірі болып табылады. Жұмыстың бұл түрінде ұжымдық талқылау қолданыла отырып, өзара кеңес беріп, өлшемдік параметрлері күрделеніп, өздік жұмыс тиімділігі жағынан бұрынғыға қарағанда жақсара түседі[5].
Әрбір қарастырылған оқыту қызметін ұйымдастыру түрлері студенттердің курсты немесе белгілі пәнді меңгеру барысындағы өзіне ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Оқыту әдістері туралы ұғым, топтастыру
Дамуында ауытқуы бар балалардың түрлері
ӘДЕБИЕТТІ ОҚЫТУДЫҢ АУЫЗЕКІ ӘДІСТЕРІ
Шағын жинақты мектептердің жай-күйі мен негізгі проблемалары
Тәрбиені ұйымдастыру формалары және оларды жіктеу
Биологияны оқыту әдісі
Арнайы педагогиканың ғылыми негіздері
Тілдік қатынас негіздері пәнінің мақсаты, міндеті зерттеу нысаны
Орта мектепте алгебралык тендеулер мен тенсіздіктер такырыптарын окыту әдістемесі
«Педагогикалық процесс мұғалім қызметінің объектісі ретінде» пәнінен лекция тезистері
Пәндер