Аударма теориясының негізгі ұғымдары


Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 88 бет
Таңдаулыға:   

Жұмыстың жалпы сипаттамасы . Аударманың адамзат мәдениеті тарихында көрінуі және де жалпы мәдениеттер арасындағы қарым-қатынасты өрбітуге тигізген ықпалы ерекше.

Аударма - құндылықты қайта таныту. Егер кез келген сөз туындысы шындықтың фрагментінің индивид санасы арқылы бейнеленуі болса, онда аударма бейненің бейнесі, көріністің көрінісі болып табылады. Аударма шындықтың тікелей тура өзінің емес, басқаның санасымен сарапталған көрінісі болады, өйткені біз фактінің бейнеленуін емес, факт туралы басқа біреудің ойын аударамыз.

Кино аудармасы арқылы аудармашы тұлғасын да жалпы түрде бейнелеу мүмкіндігін табамыз. Аудармашы - ең аз дегенде, екі мәдениетке бет бұрған, екі тілді, әлде одан да көп тілді тұлға болуы тиіс. Кино аудармасының басқа аударма түрлеріне қарағанда өзіндік ерекшеліктері басым.

Әрбір этнос өзін қоршаған ортадағы заттарды, нәрселерді, құбылыстарды, дүниені, ғаламды өзінің ментальдық таным-түсінігінше зерделейді, тілінде бекітеді. Осыған байланысты кино мәтіндерін аударғанда киноны түсірген халықтың ұлттық ерекшеліктері мен аударылып отырған тілді тұтынушы халықтың тілдік ерекшеліктері мен ұлттық болмысы ескерілуі тиіс.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғаламдағы бір-бірімен байланысып жатқан құбылыстарды тілдің сөздік қазынасы байлығы толық бейнелей алады. Осы орайда да ұлттық ұғымдарға қатысты лингво мәдени танымдық бірліктер ақиқат дүниенің тілдік және концептуалдық фрагменттері ретінде қарастырудың маңызы зор. Адам дүниетанымына қатысты тілдік және тілдік емес мәнділіктерді өзара сабақтастығы лингво-логика-философиялық талдаудың нысаны етудің адам табиғатын, қоғам-адам бірлігін зерттеудегі орны айрықша.

Қазіргі таңда, аударма ғылымының жан жақты дамып келе жатқаны баршамызға аян. Оған қоса, қазақ кинематографиясы әлем деңгейінде қарқынды дамып келеді. Кинофильмдердің көбі қазақ тілінде түсірілгендіктен әлемдік қауымдастық қазақ кинофильмдерімен таныс болу мақсатында оларды шет тілдеріне, соның ішінде ағылшын тіліне аударуды талап етеді. Осыған байланысты сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған зерттеу жұмысы өте өзекті. Себебі орыс тіл арқылы аудару нәтижесінде түпнұсқа тілдің ұлттық нақышы, ерекшелігі жоғалады. Кинодискурсты зерттеу және аударма ғылымының лингвомәденитанымдық аспектісін, оның басқа тілге аударылу ерекшеліктерін анықтау тіл білімі үшін де, аударма теориясы үшін де өте маңызды болып табылады. Алайда, қазіргі кезде қазақ кинодискурстарын аудару жолдары, аударма сәйкестілігіне жету және аудармашыға деген прагматикалық баламалылықтың ықпалы жөніндегі пікірлерде бірізділік жоқ. Жалпы, кинодискурс мәселесі аударма ғылымында толығымен зерттелмегендіктен қазақ кинофильмдерін аудару барысында туындайтын қиындықтар аударма үрдісінде зор орын алады.

Зерттеу нысаны. Кино аудармасының стильдік ерекшеліктерін айқындау. Кино дискурстың лексика-семантикалық және когнитивтік сипаттарын саралау.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері: Кино дискурсты аударудың стильдік ерекшеліктерін айқындау мақсатында жалпы аударма тарихына шолу жасай отырып, аудармаға қойылатын жалпыға ортақ талаптарды саралау. Тіл білімінде сирек зерттеліп жүрген кино саласының тілін зерттеу, оны аударудағы кездесетін стильлдік әдіс-тәсілдерді айқындау. Бір тілден екінші тілге кинофильмдерді аудару барысында кездесетін грамматикалық трансформация, синтаксистік немесе морфологиялық тәсілдерді анықтау. Қазіргі кезде қазақ кинодискурстарын аудару жолдары, аударма сәйкестілігіне жету және аудармашыға деген прагматикалық баламалылықтың ықпалы жөніндегі пікірлерді жүйелеу. Жалпы, кинодискурс мәселесі аударма ғылымында толығымен зерттелмегендіктен қазақ кинофильмдерін аудару барысында туындайтын қиындықтарды саралау.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Магистрлік жұмысымыздың дереккөзі ретінде қазақ тіліне ағылшын, түрік, кәріс тілдерінен аударылған кино мәтіндері, кинофильмдердің үзінділері пайдаланылды.

Зерттеудің әдіс - тәсілдері. Жұмыста сипаттамалы, салыстыру, компоненттік талдау әдістері қолданылды.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Кино - сан салалы, көп қырлы, және алуан жанрлы өнер. Киноның салалары мен жанрларының туу, қалыптасу, даму тарихы бар. Сондай-ақ оларды аудару мәселесінде де әрқайсысының өздеріне ғана тән көркемдік тәсілдері мен амалдары бар.

Біз жұмысымызда кинодискурсты аудардың стильдік ерекшеліктерін зерделедік. Атап айтар болсақ:

  • кино саласының даму тарихына шолу жасалды;
  • кино дискурстың зерттелуі мен кино мәтіндерінің өзіндік ерекшеліктері, стильдік сипаттары анықталды;
  • аударма тарихына шолу жасалып, аударма түрлері жіктелді;
  • кино аудармасына қойылатын лингвистикалық, психологиялық және жанрлық талаптар мен аударма ұстанымдары сараланды;
  • кино дискурсын аударудың стильдік және этнолингвистикалық ерекшеліктері айқындалды.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздеріне аударма мәселелерін қарастырған шетелдік, отандық және орыс ғалымдарының ғылыми еңбектері мен кинодискурсты зерттеген М. А. Самкова, А. Н. Зарецкая, С. С. Назмутдинова, К. Ю. Игнатов, М. М. Бахтин, Ш. Нурмышева сынды ғалымдардың еңбектері басшылыққа алынды.

Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Жұмыстың қорытындылары мен тұжырымдарын жоғары және орта арнаулы оқу орындарында аударма теориясы, этнолингвистика, социолингвистика мәтін лингвистикасы, психолингвистикасы курстарын оқытуда, практикалық қазақ тілі сабақтарда пайдалануға болады.

1. 1 Аударманың зерттелуі және қалыптасу кезеңдері

Тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі өзіндік бірегей орнының нығаюы мәдени-тілдік алыс-берісті арттыру ісіне, яғни аударма ісіне де тәуелді. Елдер мен халықтар арасындағы саяси-экономикалық, рухани, мәдени байланыстар ауқымының ұлғаюы аударма ісінің білікті мамандарын ғана даярлауды қажет етіп қоймай, сонымен қатар, тәржіма туралы теориялық зәру мәселелерді күн тәртібіне ұсынады.

Адамзат жазулы тарихта жүргеніне біраз уақыт болғандықтан көптеген рухани құндылықтар қағаз бетіне түсірілген мәтін ретінде тіршілік етіп жатқандығы кімге де болса мәлім. Сол мол қазынаны өзіміздің бай мәдени мұрамыздай көріп, одан шығармашылық шабыт алу үшін, алдымен, сол қазынаны түсінікті ететін амал-тәсіл керектігі даусыз. Ендеше, түрлі тілде сөйлейтін адамзаттың ортақ мұрасын өз мәдени мұрамыздың іргелі бөлігі деп қарауға мүмкіндік берер аударма мәселесі бүгінгі таңның өзекті тақырыбы.

Бұл зерттеуде аударма мәдениеттанымдық, этнолингвистикалық ғылымдар аясында қарастырылады. Ол үшін ізденісте аударманы қажет еткен тілдердің пайда болу, бөліну тарихынан бастап, адамзат мәдениетіндегі қарым-қатынас куәгері болған аударма ісінің өз тарихы, аудармаға қатысты теориялық ізденістер тарихы, аударманың лингвомәдениеттанулық контексті, аударманың мәдениеттер сұхбаттастығының жемісі - өркениеттілік өнімі екендігі, отандық мәдениеттегі аударма ісі, аудармашы тұлғасының көшпелі-маргиналды тезаурусы және т. б. қамтылды.

2003 жылы Қазақстан Республикасының 2004-2006 жылдарға арналған “Мәдени мұра” кешенді Мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Ол Қазақстан Республикасының “Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану туралы”, “Мәдениет туралы”, “Ұлттық мәдени қор мен мұрағаттар туралы” заңдарына сәйкес қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламада гуманитарлық білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын қалыптастыру міндеті қойылған. Бұл бағдарлама, біріншіден, әлемдік мәдениеттің озық классикалық шығармаларының (мейлі ғылыми, мейлі әдеби, мейлі философиялық болсын) толығымен қазақ тіліне аударылуын көздесе, екіншіден, қазақ халқының бай рухани мұрасын дүйім жұртқа кеңінен таныту әрі тарату үшін орыс және басқа да әлем тілдеріне аударуды да көздеп отыр. Қарап отырсақ, жалпы бағдарлама түгелдей дерлік аударма ісімен байланыстылығын танытады. Бұл да осы қарастырылып отырған тақырыптың теориялық зәрулігін білдірсе керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауындақойылған модернизация міндеттемелері әлеумет өмірінің сан саласын қамтығанмен, өзінің түпкілікті мағынасында қоғамды гуманизациялауға бағытталған. Онда да әлемдік адамзаттық құндылықтарды тарату мен тасымалдау жолы аударма ісіне барып тірелетіндігі белгілі.

Жер шарын мекендеген мыңдаған халықтардың түрлі тілде сөйлеу факті, сонымен қатар, күн өткен сайын өсіп келе жатқан мәдениетаралық коммуникация аударма ісін күнделікті қажеттілікке айналдырып отыр. Аударма әрі көне, әрі жаңа өнер. Аударманы өнер деп атаудың өзі де оның мәдени әлеуетінен хабардар еткендей. Ал сол аударма барысында орын алатын мәдениеттер сұхбаты өркениеттілік болмыс-бітімнің өзіндік ерекшелігін сомдайды. Ендеше, аударманы зерделеу - оны өз еншісіне айналдырған тілтанудың, әдебиеттанудың ғана жеке ісі емес, мәдениеттану сынды әмбебап әрі пәнаралық ғылымның да ортақ ісі болмақ.

Аударма ұғымы мен оның мәнін, әсіресе, мәдениеттанулық ғылым аясындағы мазмұнын ашып көрсету осы бөлімшенің алға қойып отырған міндеті. Соған қол жеткізу үшін аударма түсінігін талдаудан бастаған жөн. Айтылған сөзді ауызша қотару барысындағы тілмаштық болсын, хатқа түсірілген сөзді жазбаша тәржімалау болсын, жалпы, мән-мағынаны тасымалдау (хабарлау, баяндау, әңгімелеу) болсын - бәрі-бәріне қатысты, жалпылама алғанда, аударма деуге негіз бар. Макроконтексте аударма дегеніміз адами әлемнің заңды процесі әрі кез келген жанның табиғи қабілеті. Бір тілдің өз ішінде әлдебіреудің айтқанын, жазғанын одан басқа адам қабылдау, түсіну барысында өзінің “ішкі” тіліне аударады деуге болады. Өйткені әрбір адамның “өз тілі” бар, сондықтан басқа адамның айтқанын біз үнемі аударма заңдылығымен қабыл аламыз [1, 64]

Кезінде Р. Якобсон “Аударма туралы” деген эссесінде аударманың үш түрін көрсеткен екен:

1) бір тілдің өзінің ішіндегі тілішілік аударма, яғни бір тілдің лингвистикалық белгілерін сол тілдің басқа белгілерімен сипаттау - түсініктеме, талдау, мазмұндау, бір тілдің ескі нұсқасында жазылған шығарманы жаңаша сөйлету (мысалы, көне түркі тіліндегі жәдігерлерді бүгінгі қазақ тілінде түсінікті етіп жеткізу) және т. б. ;

2) сөздің төл мағынасындағы аударма, немесе, тіларалық аударма, яғни бір тілдің лингвистикалық белгілерін басқа тілде беру;

3) семиотикааралық аударма, немесе трансмутация, яғни тілдің лингвистикалық белгілерін бейлингвистикалық белгілер жүйесі арқылы қайталау. Мысалы: белгілі роман не повесть желісінде фильм түсіру немесе қойылымдар даярлау[2, 22 б]

Осыдан, былайша айтқанда, аударма болып есептелмейтін “аударманың” екі формасы бар екені көрініп тұр. Біріншісін Якобсон аудармадан басқа сөзбен жеткізеді: тілішілік аударма немесе басқа атау беру, “rewordіng”. Сондай-ақ, үшіншісі де аударма болып есептелмейтін семиотикааралық аударма немесе трансмутация. Бұл екі жағдайда да сөз “аударманың” аудармасы, интерпретациясы туралы болып тұр. Осыдан тура өз мағынасындағы аударма бар және жанама мағынадағы аударма бар деп айтуға болатын секілді.

Аударма ұғымының тар және кең мағынасы бар. Тар мағынасында аударма деп бір тілдің ауызекі немесе жазулы ақпаратын (мәтінін) екінші бір тілде түсінікті етіп жеткізуді айтады. Тар мағынасындағы аударма жалпы аударма ұғымының көпке үйреншікті, дағдылы түсінігін білдіреді. Расында да, аударма дегенде ана тілімізден басқа тілде жазылған көркем-әдеби шығарма мәтіні немесе басқа да керегі болып тұрған ақпарат, хабарлама және т. б. өзімізге түсінікті түрде өз тілімізде бізге жеткізуді көз алдымызға елестетеміз.

Кең мағынасында аударма деп қандай да болмасын мәдени ақпарат түрін, мәдени мәтінді өзінің үйреншікті арнасынан басқа түрге ауыстыру, оны сол мәтін жазылған, айтылған, жасалған “тілден” (бұл тұста тіл деген тар лингвистикалық мағынада қолданылып тұрған жоқ) басқа бір тілге мән-мағынасын бұзбай жеткізуді айтады. Мысалы, айтулы немесе жазулы тілге негізделмеген мәдени салалар: көркемсурет, музыка, би және т. с. с. өз алдында тілдік кейіпке келе алады. Өйткені біз көркемсурет идеясын, музыканың рухын, бидің қимыл-қозғалыстарының мәнін тілге сала аламыз, яғни тіл арқылы “сөйлете” аламыз. “Тілсіз тілдер” ұғымы осыдан барып шығады, “мәдениет - метатіл” деген түсінік туындайды [3, 142]

Бәріміздің білетініміздей, адамзаттың бір тілде ғана емес, бірнеше мыңдаған тілдерде сөйлейтіндігінен барып аударма қажеттілігі туындайды. Тілдердің көп түрлі болуына биологиялық тұрғыдан алғанда еш негіз жоқ. Өйткені барлық адамзат балалары биологиялық бір түр өкілдеріне жатады. Шындығында, адам тек нәсілдік белгілері бойынша: терілерінің түсіне, бас сүйектерінің көлемі мен формасына, қан құрамына және т. б. белгілері бойынша ғана бірнеше топқа бөлінеді. Осыны негізге алсақ, онда әлемде бес-алты тіл ғана болуы тиіс еді. Қазіргі заманда, әртүрлі есептеулер бойынша әлемде, бес мыңға жуық тілдер бар көрінеді. Жалпы бар тілдердің нақты санын беру өте қиын екендігін де айта кеткен жөн, өйткені көп жағдайда сөз қандай да бір дербес тіл туралы әлде сол тілдің диалекті туралы болып жатқандығын ажырату қиын. Сонымен, мұндағы мәселе биологиялық себептен мүлдем басқада жатыр деген сөз. Әрине, адамзат тек қана биологиялық-табиғи өмірлік бағдарлама шегінде қалып қоймай, өзінің жаратылыс табиғатынан тысқары жатқан, одан мүлдем бөлек заңдылықтарға, яғни шынайы адами-мәдени әлем заңдылықтарына да тәуелділік танытатыны бәрімізге аян.

Аударма дегеніміз не? Аударманың түп сырына, тереңіне үңілмес бұрын ұғымның өзін анықтап алу керек. “Аударма” деген сөз күнделікті тұрмыстық деңгейде жалпыға мәлім және де түсінікті болып көрінгенімен де, көптеген басқа сөздер сияқты, ол да бірмағыналы жайдақ сөз емес. Сондықтан оны пайдалану барысында үнемі нақтылап отыру да керек. Сөзді қолдану жағдайы мен контекст аударма терминінің қай мағынада алынғандығын нақтылап береді. Аударманың ғылыми анықтамасын біз сол аударманы арнайы зерттейтін тілтанулық ғылым саласы - аударматанудан көптеп кездестіреміз. Сол анықтамаларды келтіру ретіне сай өзіміздің зерттеу жұмысымызда көрініс тапқан аударма мәселелерін нақтылаймыз. Сонымен, қазіргі таңда аударманың алуан түрлі анықтамалары бар. Аударманың өзіндік теориясын беруге ұмтылған әрбір зерттеуші, әдетте, зерттеу объектісіне өзіндік анықтама береді.

Француз аудармашысы және аударма теоретигі Э. Кари аудармаға берілген анықтамалардағы алуан түрлілікті келесідей түсіндіреді: “Аударма ұғымы, шындап келгенде, өте күрделі ұғым. Бұл аударманың біздің заманымызда кездесетін түрлерінің көптігінен ғана туындап отырған жоқ. Ол аударманың ғасырлар бойы әрдайым өзгеріп отыруына да байланысты құбылыс. Мүмкін, нақ осы жағдай өзінікінен бұрын берілген анықтамалармен не келісіп, не оны жоққа шығарып отырған ғалымдардың өз ойларын тұжырымдауын қиындататын да болар” [4, 5 б. ] .

Ғылыми терминнің ұтымдылығы оның бірмағыналығы, бірізділігінде болса, онда, ең алдымен, аударма сөзінің ондай талапқа сай еместігін, яғни көпмағыналы екендігін айта кеткен жөн. Ол, ең аз дегенде, екі ұғымға қатысты: аударма - мәдени-интеллектуалды әрекет , яғни процес ретінде алынған аударма және аударма - сол әрекеттің, сол процестің нәтижесі, әрекет өнімі ретінде алынған аударма, басқаша айтқанда, аудармашы жасаған сөз туындысы ретінде алынған аударма. Аударма жасау нәтижесінде пайда болған жаңа туындыны ғалымдар өзара “транслат” деп те атайды.

Аударматану ғылымындағы беделді авторлардың анықтамаларын келтірейік. Т. А. Казакова: “Аудару дегеніміз бір тілдің көмегімен осыдан бұрын басқа тіл арқылы көрсетілген шығарманы анық және толық жеткізу” [5, 10 б. ] деп анықтаса, Я. И. Рецкер: “Аудармашының мақсаты - түпнұсқаның стилистикалық және экспрессивті ерекшеліктерін сақтай отырып, басқа тілдің көмегімен оның мазмұнын біртұтас және нақты жеткізу” [6, 7 б. ] деп біледі; ал А. Попович: “Аударма - тілдер байланысы, билингвизм құбылысы. Бұл - билингвтің кез келген нормадан ауытқуға, интерференцияға саналы түрде қарсы күресетін жағдайы” [7, 7 б. ] деп анықтайды. Басқаларды қоя тұрып, аударма теориясымен арнайы айналысып жүрген ғалым-зерттеушілердің анықтамаларын келтіргеннің өзінде сан саққа кеткен ойға куә болдық. Осынау келтірілген немесе одан да басқа көптеген аударма анықтамаларынан қорытындылай келе айтатынымыз: аударма - белгілі бір о бастағы мәтіннің (түпнұсқаның) барлығын басқа тілге түсінікті етіп жеткізу процесінің жүргізілуін алғышарт етіп қоятын әрекет түрі. Ендеше, аударма құбылысын қарастыру барысында түпнұсқа мен көшірме, бастапқы негіз бен кейінгі туынды арақатынасы, олардың эквиваленттілігі туралы мәселелер бой көтереді. Оларға арнайы тоқталатын тараушалардың болуына байланысты осы жазылғанмен шектелеміз.

Біздің зерттеп отырған мәдениеттанулық ғылым аясындағы аударма мәселесі туралы сөз болғанда, ең алдымен, аударманың - қоғамдық-мәдени құбылыс екендігін айта кету керек. Яғни аударма тек қана абстрактілі ойлау қабілеті бар, өзін қоршаған орта туралы көзқарастарын шартты белгілерге айналдыра алатын, сөйтіп, сол белгілердің мән-мағынасы туралы келісімге келе алатын жеке адамдар өмір сүретін қоғамда, сол қоғам туындататын мәдениетте орын алады.

Осы жоғарыда айтылған аударма түсінігінде “аудару дегеніміз түсіну” деген тезиске де өзіндік орын табылады. Сөз бұл жерде бөтен тілден өз тіліңе аударып түсінуде ғана емес, яғни “өзімдікі/өзгенікі” арақатынасында ғана емес, сөз бұл жерде “өзіңдікін өзіңнің түсінуіңде” де болуы мүмкін. Басқаша айтар болсақ, мәселе “ішкі аудармада” деген сөз. Өз тіліңде жазылған мәтінді түсіну процесінің өзі өзге тілден өз тіліңе аудару процесіне пара-пар күшті қажет ететін күрделі процесс. Немесе, бір тілдің өзінің ескі түрінен, не болмаса, диалектісінен сол тілдің қазіргі әдеби күйіне аудару мәселесі де жоғарыдағылар қатарына жатады.

Аудармаға коммуникациялық теория тұрғысынан берілген анықтама О. А. Теремковаға тиесілі: “Аударма туралы ғылымның нысанасы - екі тілді қолдану арқылы жүзеге асатын жай ғана коммуникация емес, түпнұсқаның аудармашы мен қабылдаушының өзара әрекеттесуін корреляциялайтын қызметтен құралатын коммуникация. Бұл коммуникацияның орталық буыны аудармашының қызметіне барып тіреледі, немесе сөздік әрекеттің ең күрделі түрлерінің бірі болып табылатын аударма осы сөздің толық мағынасындағы аударма болып есептеледі” [8, 25 б. ] .

Демек, аударма нәтижесінде екі сөз туындысы мен екі қабылдаушы қалыптасады. Аударма қандай да болсын коммуникация компоненттерін қосарландыра түседі. Аударма теориясын ұқсастық туралы , шынайы әлем заттарының ұқсастығы туралы, шынайы әлемнің адам санасында көрініс табуының ұқсастығы мен адамзат тілдерінің ерекше көркем мүмкіндіктерінің ұқсастығы туралы іргелі білім деуге болады

Біз тілдердің шындықты түрліше бөлшектеп, бірдей құбылыстар мен заттарды олардың алуан түрлі белгілеріне назар аудара отырып, түрліше түзіп, түрліше “дауыс беріп”, өмірді түрлі бояуларда көрсететіндігін білеміз. Алайда, түрлі мәдениет пен алуан түрлі тілдік сана иегерлері мұндай айырмашылықты түсіне білуге де қабілетті. Сондықтан, егер аударманы бір шындықты басқа тілдің көмегімен бейнелеудің құралы ретінде қарастырсақ, онда “аударылмайтын ұғымдар” мәселесі мүлдем туындамай, аударма проблемасы оңай шешілетін болады.

Аударма - құндылықты қайта таныту. Егер кез келген сөз туындысы шындықтың фрагментінің индивид санасы арқылы бейнеленуі болса, онда аударма бейненің бейнесі, көріністің көрінісі болып табылады. Аударма шындықтың тікелей тура өзінің емес, оның Басқаның санасымен сарапталған көрінісі болады, өйткені біз фактінің бейнеленуін емес, факт туралы басқа біреудің ойын аударамыз. Аударма Басқаның ойын қаншалықты анық жеткізе алады және ол қаншалықты қажет, аудармашылық “адалдықтың” шекарасы қайда? Осындай сұрақтар легі аудармамен айналысатын әрбір адам алдында толассыз туындап отырары сөзсіз.

Аударманың анықтамаларынан аудармашы тұлғасын да жалпы түрде бейнелеу мүмкіндігін табамыз. Аудармашы - ең аз дегенде, екі мәдениетке бет бұрған, екіжақты Янус секілді, екі (әлде одан да көп) тілді тұлға. Аудармашылық қызмет қоғамның бүкіл өмірімен байланысын танытып, аударманың өркениет дамуындағы рөлі мен орнын көруге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірбиені иемдену басқа тілдердегі әлемді басқаша тұжырымдау, көруден, басқаша дүниетаным тәжірбиесінен, әлемді басқаша тану жолдарынан көрініс береді.

Зерттеу жұмысында аударманы мәдениеттанулық мәселе етіп жаңа бір қырынан қарастыруды көздеп отырғанымыз белгілі. Бірақ сол ізденіс барысында аударманы арнайы зерттеу пәні қылатын аударматанудан біржола қара үзіп кетуге де болмайды, өйткені ол ғылым саласының аудармаға енді ғана пәнаралық аймақ ретінде “ауыз сала бастаған” мәдениеттанудан гөрі жинақтаған мағлұматтары да, әдіс-тәсілдемелері де жетерлік

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Аударма теориясы
Аударма теориясы қалыптасуы мен дамуы.
Аударма теориясындағы эквиваленттілік ұғымы
Көркем шығармаларды ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылу ерекшеліктері
Терминология және аударма мәселелері
АҒЫЛШЫН ТІЛІНЕН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРУДЫҢ ТӘСІЛДЕРІ
Аударма өнері және көркемдік түсініктері
Көркем əдебиет саласындағы аударма мəселесі
Зерттеу өзектілігі
Аударма теориясының негізгі ұғымы және оның басқа ғылыми салалармен байланысы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz