Қазақ тіліндегі дыбыс тіркестері


Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті
Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы
«Қорғауға жіберілді»
«» _ Кафедра меңгерушісі
ф. ғ. д., проф. Ермекова Т. Н
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы: Қазақ тіліндегі дыбыс тіркестерінің фонетикалық ерекшеліктері
5В011700-«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша
Орындаған Кәкімова А. С
Ғылыми жетекші
ф. ғ. к., проф. м. а Кайдарова Г. К
Алматы, 2019
РЕФЕРАТ
Жұмыстың көлемі-77 бет
Пайдаланылған әдебиеттер саны-62
Кестелер саны:30
Тірек сөздер: тіркес, дыбыс, дыбыс тіркесі, тілдік бірлік, орфографиялық тіркестер, орфоэпиялық тіркестер, жалаң тіркес, дауысты-дауыссыз тіркес, дауыссыз тіркес, дауысты тіркес, үш дыбысты тіркес, үнді тіркес, артикуляция, фонетика, тіркес құрамы, тоғысыңқы дауыссыз, жуысыңқы дауыссыз.
Мақсаты: қазақ тіліндегі дыбыс тіркестерінің фонетикалық жасалым (артикуляциялық), айтылым (акустикалық) табиғатын анықтап, тіркесімнің сандық-сапалық көрнекі сипаттамасын беру зерттелімнің мақсаты болып табылады.
Міндеті:
- қазақ тіліндегі дыбыс тіркестерінің зерттелу жайына шолу жасау;
- қазақ тіліндегі дыбыс тіркестерінің үлгісін жинақтап, құрамын анықтау;
- дыбыс тіркестерін орфографиялық және орфоэпиялық үлгілеріне қарай жіктеу;
- дыбыс тіркестерінің жасалым (артикуляциялық) сипаттамасын беру;
- дыбыс тіркестерінің айтылым (акустикалық) сипаттамасын беру, сандық-сапалық белгілерін көрнекі анықтау;
- дыбыс тіркестерін құрамындағы дыбыстардың өзара тіркесім тәсілдеріне қарай жіктеп шығып, әрбір жіктелім үлгісіне тән фонетикалық сипаттама беру;
- дыбыс тіркестерінің негізгі тіркесім үлгілеріне артикуляциялық сипаттама беру.
Қолданылатын әдістер: артикуляциялық (жасалым) және акустикалық(сандық-сапалық есеп) талдау, айырым белгілер суретін құрастыру, зерттеу нәтижелерін көрнекілеу.
Нәтиже:- қазақ тілінің дыбыс тіркестері алғаш рет мәтін құраушы (тілдік бірлік) ретінде қарастырылды;
- дыбыс тіркестері тіркес құрамындағы дыбыстардың өзара артикуляциялық байланысы мен құрамына қарай жаңаша жіктелді;
-дыбыс тіркестерінің жасалымы көрнекі үлгіге түсірілді;
-дыбыс тіркестерінің жіктелім топтарына қатысты артикуляциялық анықтама берілді;
МАЗМҰНЫПрактикалық қолданысы: Орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктер құрастыруға, дыбыс тіркестерінің артикуляция-акустикалық көрнекі үлгілерін дайындауға, оқу-әдістеме саласында болашақ тіл мамандарының фонетикалық біліктілігін арттыруға септігін тигізеді.
КІРІСПЕ . . . 5
1. ДЫБЫС ТІРКЕСІ -МӘТІННІҢ ЕҢ КІШІ БӨЛШЕГІ . . . 8
1. 2 Дыбыс тіркестерінің үлгілері . . . 9
1. 3 Қазақ тілі дыбыс тіркестерінің зерттелу жайы . . . 12
2. 2 Орфоэпиялық тіркестер . . . 35
2. 3 Дыбыс тіркестерінің құрамы . . . 41
2. 3. 1Жалаң (нөлдік) дыбысты тіркестер . . . 42
2. 3. 2Дауыссыз-дауысты тіркестер . . . 44
2. 3. 3Дауысты-дауыссыз тіркестер . . . 47
2. 3. 4Дауыссыз-дауыссыз тіркестер . . . 49
2. 3. 5 Үш дыбысты тіркестер . . . 52
2. 4 Дыбыс тіркестерінің артикуляциясы . . . 57
2. 4. 1 Тоғысыңқы дауыссыздар тіркесінің артикуляциясы . . . 57
2. 4. 2Жуысыңқы дауыссыздар тіркесінің артикуляциясы . . . 63
2. 4. 3Үнді (дауысты) тіркестердің артикуляциясы . . . 68
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 73
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 75
КІРІСПЕ
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуының арқасында оның қолданылу аясы күннен-күнге кеңейіп келеді. Бұрынғы көбіне көркем әдебиет саласындағы жазба тіл мен тұрмыстық деңгейдегі ауызша тіл деңгейінде қалып келген қазақ тілі бүгінде қоғами-саяси, тарихи-мәдени, әлеуметтік-ғылыми салада кеңінен қолданыла бастады. Ауызекі сөйлеу тілінің рөлі артып келеді, соның нәтижесінде ауызша сөйлеудің қажеттігі артып тұр. Көпшілік алдында «қағаз дағдысынан» арылып, еркін сөйлеу практикасы кең тарай бастады. Соның нәтижесінде «жазба тіл» мен «ауызша тілдің» арасындағы айтылым қайшылықтар көптеп көзге түсе бастады. Ұрпақ ауысқан сайын жазба тілдің айтылым нормалары әдеби үлгіге айналып барады. Әрине, жазба үлгілердің тіл дамуына тікелей ықпалы бар екені даусыз. Дегенмен кейбір қайшы емле-ережелердің салдарынан жазба тілдің ауызша тілге тигізіп жатқан жаңсақ әсеріне бейқам қарап отыруға болмайды. Өйткені бұл үрдіс жалғаса берсе, онда қазақ тілінің тарихи қалыптасқан іргелі заңдылықтары өзгереді. Сөздің, сөз бен сөздің, сөз топтарының арасындағы үндесім-үйлесім әуезділікке нұқсан келеді. Жеке дыбыс пен дыбыс тіркесі деңгейіндегі жаңсақ өзгерістер сөйлем құрамына енеді, одан барып бүкіл мәтін тұрқының қазақы айтылымы бұзылады. Ендеше қазақ сөзін, сөз тіркесін, сөйлем, кеңірек айтатын болсақ, мәтінді қазақы айту мәселесі сөйлеу мәдениетінің фонетикалық негіздеріне барып ұласады.
Мінбеден сөйлеп тұрған шешеннің, сахнадағы әртістің, теледидар-радиодан хабар жүргізушілердің, ауызша сұхбат берушілердің тілінен жаппай орын ала бастаған жазба тіл әсерін тіл мамандарының өздері мойындап отыр.
Диплом жұмысының өзектілігі . Тілдің ауызша сөйлеу үлгісі ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, яғни отбасында ата-ананың, бала-бақша, мектепте тәрбиеші-мұғалімнің, жоғары оқу орындарында әдіскер-пән оқытушыларының, ұжымда әріптестердің өзара сөз алмасуы арқылы тарайды. Олай болса, қазақы сөйлеу дағдысы ересектер мен мамандардан басталуы керек болады. Қазақы сөйлеу нормаларын қалыптастыру отбасы және мектеп тәрбиесінің бір бөлігі болу қажет. Ол үшін қазақ тілінің бүгінгі қалыптасқан даму деңгейіне лайық арнайы тәрбиелік және оқу-әдістемелік бағдарламалар мен іс-шаралар дайындау қолға алынғаны жөн. Қазақ тілінің емле-ережелерінің негізі болып отырған морфологиялық, фонетикалық, тарихи-дәстүрлі қағидалардың бәрі барып дыбыс тіркесі деңгейінде тілге оралады.
Сондықтан да жазба тілдің әсері алдымен дыбыс тіркесіне тиеді. Ендеше қазақ сөзінен бастап қазақ мәтініне дейінгі оң-теріс дыбыстық өзгерістердің оң-теріс емле шешімі дыбыс тіркестерінен басталады.
Қазақ тілінің дыбыс тіркестерінің зерттелім нәтижесі қазіргі қазақ тіл білімінің алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі ауызша әдеби сөйлеу үлгісін қалыптастыруға негіз болады. Зерттеу тақырыбының өзектілігі осы айтылған мәселелерден келіп туындайды.
Жұмыстың зерттеу нысаны - қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктеріндегі сөздердің құрамындағы дыбыс тіркестері.
Жұмыстың зерттеу әдістері - артикуляциялық (жасалым) және акустикалық(сандық-сапалық есеп) талдау, айырым белгілер суретін құрастыру, зерттеу нәтижелерін көрнекілеу.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері - қазақ тіліндегі дыбыс тіркестерінің фонетикалық жасалым (артикуляциялық), айтылым (акустикалық) табиғатын анықтап, тіркесімнің сандық-сапалық көрнекі сипаттамасын беру зерттелімнің мақсаты болып табылады. Ол үшін төмендегідей міндеттерді шешу алға қойылды:
- қазақ тіліндегі дыбыс тіркестерінің зерттелу жайына шолу жасау;
- қазақ тіліндегі дыбыс тіркестерінің үлгісін жинақтап, құрамын анықтау;
- дыбыс тіркестерін орфографиялық және орфоэпиялық үлгілеріне қарай жіктеу;
- дыбыс тіркестерінің жасалым (артикуляциялық) сипаттамасын беру;
- дыбыс тіркестерінің айтылым (акустикалық) сипаттамасын беру, сандық-сапалық белгілерін көрнекі анықтау;
- дыбыс тіркестерін құрамындағы дыбыстардың өзара тіркесім тәсілдеріне қарай жіктеп шығып, әрбір жіктелім үлгісіне тән фонетикалық сипаттама беру;
- дыбыс тіркестерінің негізгі тіркесім үлгілеріне артикуляциялық сипаттама беру.
Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеу нәтижелері қазақ тіл біліміндегі дыбыстардың тіркесім теориясы (құрамы мен жіктелімі), бейтараптану теориясы мен айырым белгілер теориясының дамуына қосылған елеулі үлес болады.
Жұмыстың практикалық маңызы . Орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктер құрастыруға, дыбыс тіркестерінің артикуляция-акустикалық көрнекі үлгілерін дайындауға, оқу-әдістеме саласында болашақ тіл мамандарының фонетикалық біліктілігін арттыруға, қазақ сөзінің үндесім-үйлесім үлгілерінің қазақы айтылымын қалыптастырып отыруға септігін тигізеді және қазақ грамматикаларының дыбыс тіркесіне арналған бөлімін толықтыруға тың және нақты фонетикалық материал болады; өзге тілдермен салыстырма-салғастырма зерттеулер үшін негіз болады.
Жұмыстың ғылыми жаңашылдығы .
- қазақ тілінің дыбыс тіркестері алғаш рет мәтін құраушы (тілдік бірлік) ретінде қарастырылды;
- дыбыс тіркестері тіркес құрамындағы дыбыстардың өзара артикуляциялық байланысы мен құрамына қарай жаңаша жіктелді;
- дыбыс тіркестері артикуляциялық және акустикалық тұрғыдан сипатталып шықты; жазба және ауызша тіркестердің айырым-ортақ белгілері анықталып, салыстырмалы нәтиже алынды;
-дыбыс тіркестерінің жасалымы көрнекі үлгіге түсірілді;
-дыбыс тіркестерінің жіктелім топтарына қатысты артикуляциялық анықтама берілді;
Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспе, 2 бөлім, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ДЫБЫС ТІРКЕСІ-МӘТІННІҢ ЕҢ КІШІ БӨЛШЕГІ1. 1 Дыбыс тіркесі - тілдік бірлік
Қазақ тілі дыбыстарының жеке тұрғандағы артикуляция-акустикалық анықтамасы оның ойтекті (абстрактылы) сипаттамасы болып табылады. Сондықтан да дыбыстың абстрактылы анықтамасы бойынша дыбысқа тән жалпы белгілер ғана қамтылады. Сөйтіп ол сөйлеу (мәтін) үстіндегі сол дыбыстың ешбір үлгісімен сай келмейді. Дыбыстың нағыз фонетикалық көрінісі сөйлеу үстінде байқалады. Ал сөйлеу дыбыс тіркесінен басталады. Дыбыс тіркесі буынға, буын сөзге, сөз сөз тіркесіне, сөз тіркесі сөйлемге, ең соңында сөйлем мәтінге ұласады. Ендеше дыбыс тіркесі мәтіннің құрамды бөлігі, оның ішінде ең кішкене бөлігі болып саналады. Олай болса, дыбыстың артикуляция-акустикалық ақиқат сипаты мәтін құрамында ғана анықталады.
Дыбыс тіркесі болу үшін тіркес құрамындағы дыбыстардың арасында тығыз артикуляциялық байланыс болу керек деп есептейміз. Әрбір артикуляциялық байланыстың өзіне тән акустикалық көрінісі мен перцепциялық нәтижесі болады. Қазақ сөйлермені осы белгілерді түйсіну нәтижесінде қазақ сөзін қазақы қабылдайтын болады. Егер осы белгілердің ішінде орфографияның немесе кірме әріп-дыбыстардың ықпалымен қандай да бір ағаттық кетсе, онда ол сөз қазақы естілмейтін болады. Қазақ тіліндегі төл дыбыстар тіркесін анықтайтын бірден-бір амал (критерий) осы болып табылады.
Қазақ тіл біліміндегі дыбыс тіркесіне арналған зерттеулер дыбыс тіркестерінің әріп тұлғасын тізіп, олардың санын санамалап шығумен шектеліп келді. Сонымен қатар қазақ тіліндегі төл дыбыстар тіркесін (дұрысы: дыбыстардың төл тіркесін) кірме дыбыстар тіркесімен (дұрысы: дыбыстардың кірме тіркесімен) араластырып, олардың өзара басын ажыратпай, ортақ жүйе ретінде қарастырды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің фонетикалық (айтылым) заңдылықтарына бағынбайтын дыбыс тіркестері, оның үстіне орфографиялық тұрғыдан жаңсақ дыбыс тіркестері пайда болып жатыр. Олар әлі күнге дейін қазақ тіліне тән фонетикалық құбылыстар (бірліктер) ретінде оқулықтар мен оқу-әдістеме құралдарына еніп келеді. Мұндай жағдайдың қазақ тілінің табиғи айтылым үлгісіне теріс ықпал ететіні сөзсіз және тыңдаушылар үшін де теріс мәлімет болып табылады.
Дыбыс тіркесі мәтіннің ең кішкене бөлігі болғандықтан, оны мәтіннің бастау көзі деп қарау керек. Мәтінге тән негізгі фонетикалық белгілердің бәрі дыбыс тіркесінің бойынан табылады, сондықтан да дыбыс тіркесінің фонетикалық табиғаты өте күрделі келеді. Дыбыс тіркесінің фонетикалық табиғатын анықтап, оның сипаттамасын берудің амал-әдісі де күрделі. Осыған орай қазақ тіліндегі дыбыстардың тіркес түрленімі деген ұғымды білдіретін атау ендіруге тура келеді. Әрине дыбыстардың дыбыс түрленімі қазақ тіліндегі белгілі фонетикалық заңдылықтардың шегінде болады. Алайда, сол белгілі фонетикалық заңдылықтарды дыбыс тіркесі деңгейінде интерпретация жасауға тура келеді.
Дәстүрлі қазақ фонетикасында дауыссыздар тіркесіне қатысты ілгерінді/кейінді ықпал деген ұғым пайдаланылады. Алайда оның анықтамасы тілдік фактыны дәйектеумен ғана аяқталады. Мысалы, «с дыбысы ш дыбысының ықпалымен ш дыбысымен алмасады: басшы-башшы » т. б. деген сықылды. Бірақ сол алмасудың күрделі тілдік құбылыс екеніне қарамай, фонетикалық себептері айтылмайды. Күрделі тілдік құбылыс деп отырған себебіміз ол жай алмасу емес, оның көптеген кешенді фонетикалық себептері мен заңдылықтары (сөздегі орны, буын құрамы, сөз тіркесі, тыныс немесе ритмикалық топтар, өзекті үндесім және іргелес үйлесім әуезі, жасалу орны, жасалу тәсілі, дауыс қатысы т. б. ) бар.
Дыбыс тіркесіне қатысты анықтамалар оқу-әдістемелік тұрғыдан немесе фонетикалық дәйек (факт) ретінде төте ұсыным болғанымен, теориялық фонетиканың талабына сай шешім емес, қарапайым ережелер балып қала береді. Теориялық фонетикаға (айырым белгілер теориясы, дыбыс түрленім теориясы, дыбыс алмасу теориясы, дыбыс (құрамы мен жүйесі) даму теориясы, модельдеу теориясы т. б. ) қосылатын үлес болу үшін кез-келген тілдік құбылыстың себебі (механизмі) мен салдары (нәтижесі) жан-жақты анықталып, ғылыми аппараты қалыптасу керек.
Дыбыс тіркесі жайлы еңбектерде оларды барлық уақытта әріп қрамына қарай топтастырады, ал шын мәнінде артикуляциялық түрленіміне қарай топтастыру керек болады. Өйткені әріп құрамына қарай топтастыру фонетикалық талданымға жатпайды. Артикуляциялық түрленіміне қарай топтастыру фонетикалық талданым болып табылады.
Тіркестердің артикуляциялық жіктелімі толығымен алғаш ұсынылып отыр. Тік (көлбеу) жақшаның ішіне мүкін болатын айтылым (орфоэпиялық) тіркестер енгізілді. Мысалы, қазақ тілінің айтылымында нб тіркесі кездеспейді, ендеше оның айтылым үлгісі [мб] болып жеке алынды. Егер нб[мб] болып қатар белгіленсе, онда оның жақша сыртындағы нб айтылымы қазақ тіліне тән емес деген сөз. Сөз ішіндегі тіркестерді жіктеп шығамыз.
1. 2 Дыбыс тіркестерінің үлгілері
Төл тіркестер
Жалаң (нөлдік) тіркестер: а, ә, ы, і, ұ, ү, қ, ө, е .
Дауысты/дауыссыз тіркестер: ба, бә, бы, бі т. б.
Дауыссыз/дауысты тіркестер: ат, ет, от, өт т. б.
Жасалу орнына қатысты тіркестер
Ерін/ерін тіркестер: пп, мм, ум, уп, уб
Ерін/тіл ұшы тіркестер: пт, мт, уд, ус, ур, уз, уш, пс
Ерін/тіл ортасы тіркестер: пк, мк, ук, уг, мг, уг
Ерін/тілшік тіркестер: пқ, мқ, уқ, уғ, мғ
Тіл ұшы/тіл ұшы тіркестер: тт, сс, нн, шш, рс, рт, лт, лм, ст, нд, нс, рз, нш,, рн, рл, рд, лд
Тіл ұшы/ерін тіркестер: тп, рм, лм, лп, рм, рп, сп, шп, нм
Тіл ұшы/тіл ортасы тіркестер: тк, ск, рк, рг, зг, шк, йг
Тіл ұшы/тілшік тіркестер: тқ, рқ, сқ, лқ, лғ, рғ, шқ
Тіл ортасы/тіл ортасы тіркестер: ңк, ңг, йк, йг
Тіл ортасы/ерін тіркестер: кп, йм, йб, ңб
Тіл ортасы/тіл ұшы тіркестер: кт, кс, кш, ңс, ңш
Тіл ортасы/тілшік тіркестер: жоқ.
Тілшік/тілшік тіркестер: ңқ, ңғ, йқ, йғ, ққ
Тілшік/ерін тіркестер: қп, йм
Тілшік/тіл ұшы тіркестер: қт, йт, йн, йс, йш, йз, йж, ңт, ңс, ғд
Тілшік/тіл ортасы тіркестер: жоқ.
Жасалу тәсіліне қатысты тіркестер
Тоғысыңқы/тоғысыңқы тіркестер: тт, мм, мт, пп, пт, нн, нд, нт, қт, мқ, ңқ, ңд, ңм
Тоғысыңқы/жуысыңқы тіркестер: қс, қш, тш, тс, нс, нш, мс, мш, мз
Жуысыңқы/жуысыңқы тіркестер: сс, шш, рс, рш, лс, лш, йш, йс, рз
Жуысыңқы/тоғысыңқы тіркестер: ст, шт, рт, лт, йт, йн, зб, жд, жб, зд, сп, шп, йд, йқ, йк, йп, йб, рқ, рн, сп, шп, йп, рп, лп, уд, ум, ун
Дауыс қатысына байланысты тіркестер
Қатаң/қатаң тіркестер: тт, тқ, ққ, сс, сқ, шш, пп, тп, сп, шп, кк, кс, пк, кп, кш, шк, ск, ст, шт
Қатаң/ұяң тіркестер: жоқ
Қатаң/үнді тіркестер: жоқ
Ұяң/ұяң тіркестер: бд, зб, жб, зд, жд, зғ, жг, зг
Ұяң/қатаң тіркестер: жоқ
Ұяң/үнді тіркестер: жоқ
Үнді/үнді тіркестер: мм, нн, рм, рн, йм, йн, ңм, ңн, ум, ун, лм, ул
Үнді/қатаң тіркестер: лқ, лт, рт, рқ, йт, йқ, йс, йш, лп, рп, йп, лк, лп, лт, ңқ, ңк
Үнді/ұяң тіркестер: лғ, лд, рд, рғ, йд, йб, йғ, йз, йж, нд, мд, уд, уғ, уг, лг, лғ, рг, рғ, мғ, ңғ, ңг
Қайшы тіркестер
Жалаң тіркестер: и, у, я, ю, щ.
Дауысты/дауыссыз тіркестер: ит
Дауыссыз/дауысты тіркестер: ти, қи, бу, су
Жасалу орнына қатысты тіркестер
Ерін/ерін тіркестер: жоқ
Ерін/тіл ұшы тіркестер: жоқ
Ерін/тіл ортасы тіркестер: жоқ
Ерін/тілшік тіркестер: жоқ
Тіл ұшы/тіл ұшы тіркестер: зс[сс], сш[шш], шс[шш], зш[шш]
Тіл ұшы/ерін тіркестер: нб[мб], нм[мм], нп[нп]
Тіл ұшы/тіл ортасы тіркестер: нг[ңг], нк[ңк]
Тіл ұшы/тілшік тіркестер: нқ[ңқ], нғ[ңғ]
Тіл ортасы/тіл ортасы тіркестер: жоқ
Тіл ортасы/ерін тіркестер: жоқ
Тіл ортасы/тіл ұшы тіркестер: жоқ
Тіл ортасы/тілшік тіркестер: жоқ
Тілшік/тілшік тіркестер: жоқ
Тілшік/ерін тіркестер: жоқ
Тілшік/тіл ұшы тіркестер: жоқ
Тілшік/тіл ортасы тіркестер: жоқ
Жасалу тәсіліне қатысты тіркестер
Тоғысыңқы/тоғысыңқы тіркестер: жоқ
Тоғысыңқы/жуысыңқы тіркестер: жоқ
Жуысыңқы/жуысыңқы тіркестер: зс[сс], сш[шш], шс[шш], зш[шш]
Жуысыңқы/тоғысыңқы тіркестер: жоқ
Дауыс қатысына байланысты тіркестер
Қатаң/қатаң тіркестер: сш[шш], шс[шш]
Қатаң/ұяң тіркестер: жоқ
Қатаң/үнді тіркестер: жоқ
Ұяң/ұяң тіркестер: жоқ
Ұяң/қатаң тіркестер: зс[сс], зш[шш]
Ұяң/үнді тіркестер: жоқ
Үнді/үнді тіркестер: жоқ
Үнді/қатаң тіркестер: жоқ
Үнді/ұяң тіркестер: жоқ
Жұмысымыздағы артикуляциялық талдауға негіз болған, қазіргі кезде қазақ және өзге түркі фонетистері басшылыққа ала бастаған, профессор Ә. Жүнісбек ұсынған қазақ тілінің артикуляциялық базасының моделі болып табылады [62, 783 б. ] . Зерттеу барысында өзімізге қажет дыбыс түрленімінің жасалым үлгісін осы модель ішінен тауып, түсіндірме сипаттамасын беріп отырамыз.
Соңғы академиялық грамматкадағы ғылыми аппаратты кеңінен пайдаландық, сондықтан дәстүрлі фонетикамыздағы ұғым/атаулармен кейде сай келе бермейтін тұстары бар.
1. 3 Қазақ тілі дыбыс тіркестерінің зерттелу жайы
Қазақ тіліндегі дыбыс тіркесі күрделі фонетикалық құбылыстардың бірі болып табылады: дыбыс тіркестерінің жазылым-айтылым құрамы мен түрлері; таңбалану реті (жазылымы) ; артикуляциялық сипаты; акустикалық көрінісі; естілім белгілері; айтылымы (орфоэпиясы), даму тарихы; өзге туыстас және туыстас емес тілдермен ортақтығы немесе айырмашылығы т. б. Дыбыс тіркестерінің күрделі зерттеу нысаны екенін аңғартады. Дыбыс тіркестеріне қатысты фонетикалық мәселелер бір зерттеудің ауқымына симайды. Сондықтан да күні бүгінге дейін дыбыс тіркестерінің әртүрлі қыры фонетист мамандардың назарынан тыс қалмай келеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz