Қазақ тілінде фразеологизмдердің зерттелуі
Жұмыстың сипттамасы. Тіл - қоғамдық қарым-қатынастың ерекше сипатын білдіретін құнды құрал. Тіл - халықтың ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы үзіліссіз беріліп келе жатқан ұлттық мұрасы. Халық тілінің құнарлы да, сүбелі бейнесі сол халықтың көркем әдебиеті арқылы көрінеді. Көркем туынды - ұлт мәдениетінің негізгі көрсеткіші. Көркем сөз кестесімен өрілген әдеби шығармалардың бейнелілігі мен дәлдігін, ұлттық тілдің сұлу айшықтарын ашып көрсететін тілдік құралдардың бірі - фразеологизмдер. Фразеологизмдер - барлық тілдерге тән әмбебап құбылыс. Сондықтан да ол барлық тілдерде кеңінен зерттелуде. Түркі және басқа тілдердің фразеологиясы бойынша осы күнге дейін жүргізіліп келе жатқан жан-жақты зерттеулер фразеологизм құбылысының сан алуан тұлғалық және мағыналық түрлерін анықтады. Қазақ тіл білімінде тағам атауларына байланысты фразеологизмдерге арналған толық және нәтижелі зерттеулер жүргізілді.
Диплом жұмысының өзектілігі. Қазіргі таңда жалпы тағам атауларына қатысты фразеологизмдер жүйесінің тиісті дәрежеде зерттелгенімен, дене мүшелері атауларына қатысты тұрақты тіркестердің лингвистикалық табиғаты, контексте қолданылу ерекшеліктері семантикалық, өзгеріп-түрлену нормасы жағынан, контекст құрамындағы басқа тілдік бірліктермен байланысы тұрғысынан әлі де терең және арнайы зерттеуді қажет етеді. Сондықтан да диплом жұмысымызда сөз етіп отырған мәселенің сонылығы мен ғылыми-практикалық мәні, өзектілігі мен өзгешелігі, осы айтылғандармен байланысты. Қазақ тілі материалы негізінде соматикалық фразеологизмдерді концептуалдық тұрғыдан зерттеу тіл білімінде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ дене мүшелері атауларына байланысты фразеологизмдердің концептуалдық өрісін айқындап, лингвомәдени ерекшеліктерін саралау өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Диплом жұмысының зертету нысаны. Қазақ тіліндегі дене мүшелеріне қатысты фразеологизмдердің концептуалдық сипаты.
Диплом жұмысында қолданылған негізгі әдіс-тәсілдері. Жұмыста сипаттамалы, салыстырмалы тәсілдер, компоненттік талдау тәсілі, атаулық тіркестердің семантикалық типологиясы, сондай-ақ, статистикалық талдау әдісі қолданылады.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қазақ тілідегі дене мүшелері атауларына қатысты фразеологиялық тіркестердің концептуалдық ерекшеліктерін анықтау - зерттеудің негізгі мақсаты. Осы мақсатқа жету үшін мынадай нақты міндеттерді шешу көзделді:
- ұлттық ерекшелікті көрсететін лексиканың мағыналық құрылымын зерделеу;
- қазақ тіліндегі соматикалық фразеологизмдердің құрылымдық- семантикалық ерекшеліктерін анықтау;
- қазақ тіліндегі дене мүшелеріне қатысты тұрақты тіркестердің лексико-семантикалық сипатын ашу;
- дене мүшелеріне қатысты фразеологизмдердің концептуалдық және линвгомәдени ерекшеліктерін анықтау.
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері:
- дене мүшелеріне қатысты фразеологизмдердің этимологиясына талдау жасалды;
- соматизмдердің лексика-семантикалық құрылымы айқындалды;
- дене мүшелеріне қатысты фразеологизмдердің стильдік және лингвомәдени ерекшеліктері айқындалды;
- қазақ тіліндегі дене мүшелері атауларына байланысты фразеологизмдердің концептуалдық сипаты сараланды.
Жұмыстың теориялық және практикалық маңыздылығы. Жұмыста қарастырылған соматикалық атаулардың сипаты ашылып, дене мүшелері атаулары лексемалары жүйеленіп, соматикалық фразеологиялық тіркестердің құрамы белгіленді. Зерттеу барысында қол жеткен ғылыми нәтижелер мен тұжырымдар лексикография теориясы мен практикасы, тарихи лексикология, тарихи диалектология, этнолингвистика, лингво-елтаным, лингво -мәдениеттаным, т.б. ғылыми пәндердің нысанасындағы теориялық мәселелерді айқындауға, дамытуға жәрдемін тигізеді.
Диплом жұмысының теориялық-әдістанымдық негіздерін Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақов, В.В.Виноградов, О.Н.Трубачев, В.Г.Костомаров, Е.М.Верещагин, Л.А.Покровская, М.Ш.Сарыбаева, Х.А.Арғынбаев, Ц.Д.Номинханов, Н.П.Дыренкова, Л.Жолдасбекова сынды зерттеушілердің еңбектері құрады.
Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспе, негізгі екі тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ТІРКЕСТЕРДІҢ ТАБИҒАТЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ
0.1. Қазақ тілінде фразеологизмдердің зерттелуі
Қазақ тіл білімінде фразеологизмдерді арнайы теориялық тұрғыдан зерттеу ХХ ғасырдың ортасынан баталып, бүгінгі күнге дейін зерттеушілер назарына ілігіп, зерттеу обьектісіне айналып, әлі толастамай келеді. Осы уақыттағы зерттеулерді шартты түрде төрт кезеңге бөлуге болды:
ХХ ғасырдың ортасы мен 60 жылдар арасы - қазақ фразеологиясын теориялық жағынан зерттеудің алғашқы кезеңі.
60 - 70 жылдар - қазақ фразеологизмдерін классификациялау, жеке авторлар еңбектеріндегі фразеологизмдер жайы. ХХ ғасырдың соңғы он жылы - фразеологизмдерді, этнолингвистикалық, этномәдени тұрғыдан зерттеу және салыстырмалы фразеология.
Қазақ фразеологиясын тілдік тұрғыдан зеттеуге алғашқа кезеңде ұлттық тіл білімін қалыптастырудағы аса көрнекті тілші ғалымдар дені түгел назар аударды. Фразеологизмдердің теориялық - практикалық мәселелерін І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, Н. Сауранбаев, С. Аманжолов, К. Аханов, Р. Сәрсенбаев және кейінгі буын зерттеушілер А. Байтелиев, Қ. Қалыбаева, Н. Қашанова, С. Сәтенова т.б. фразеологизмдердің тақырыптық - мағыналық топтарын, синтаксистік қызметін арнайы зерттеп, тұжырымдар жасады.
Фразеологияны дербес пән ретінде қарастыру туралы ой тастап, түркі тілдес халықтар тіл білімінде осы мәселеге байланысты зерттеудің тууына игі әсер еткен, қазақ фразеологиясының мәселесімен шұғылданып, арнайы зерттеу жүргізген, сол жайында еңбек жазған І. Кеңесбаев болды. Академик Кеңесбаев фразеологизмдерді танып білуде мағына тұтастығы, тіркес тиянақтылығы, қолдану тиянақтылығы сияқты үш белгіге немесе үш критерийге сүйене, яғни табан трей отырып, бүкіл қазақ тілі құрамындағы құбылыстарды ең негізгі үлен арнаға бөлеміз. Оның біріншісі - фразеологиялық түйдектер, екіншісі - фразеологиялық тіркестер деп аталады. Фразеологиялық тіркестер өз ішінен екіге бөлінеді: а) түйін тіркес; ә) түйіс тіркес деп тұжырымдады [1, 102]
С. Аманжолов фразеологизмдерді зерттеуді қолға алу керектілігін атап өтті, бағыт - бағдарын көрсетеді және фразеологиялық тіркестердің сөйлем мүшесіне қатысы жайлы айтып өтеді.
Н. Сауранбаев фразеологияға не жатады дегенге көңіл аударады. Қазіргі қазақ тілі оқулығына фразеология бөлімін енгізген Ғ. Мұсабаев та фразеологиялық ерекшеліктерге көп көңіл бөлген. К. Аханов мәтелдер мен шектеулі тіркестерді фразеологиялық тіркестер құрамында қарастырып, өзінің Тіл біліміне кіріспе атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралының лексикология тарауында қазақ тілі фразеологиясына В. В. Виноградовтың классификациясы бойынша жіктеу берсе, Р. Сәрсенбаев Мақал - мәтелдер мен нақыл сөздердің фразеологияға қатысы, бұлардың тұрақтылығы мен эвфониялық құбылыста қолдану сипатына байланысты, осы сипаттар арқылы бұларды фразеологиялық единицалар тобына қосып қараймыз деп атап өтеді. Сонымен қатар тіркестердің бір түріне жататын мақал - мәтелдердің тілік ерекшеліктеріне тоқталады [2,89]
Қазақ фразеологизмдерін зерттеудің екінші кезеңінде 60 - жылдары ғалымдар фразеологизмдер мен тұрақты тіркестер бір ме, олраға не жатады дегенге көңіл бөлді. Р.Сәрсенбаевтың қазақ мақал - мәтелдерінің лексика - стелистикалық ерекшеліктері атты кандидаттық диссертциясында, С.Исаевтың қазақ тілінің тұрақты сөз тіркестерінің бір типі жөнінде мақаласында осы ерекшеліктерге назар аударған. Осы жылдарда жеке авторлар шығармаларындағы фразеологизмдердің қолдануына да көңіл аударып, сөз таптарын жүйеледі, сөйлемдегі беретін мағынасына қарай топтады. Ә. Болғанбаевтың қазақ тіліндегі алғыс және қарғыс мәнді тұрақты сөз тіркестері, М. Белбаеваның Сұлтанмахмұт шығармаларындағы фразалық тіркестер мақалалары мен осы жылдары қорғалған Х.Қожахметовтың Ғ.Мустафин шығармаларындағы фразеологиялық орамдар, Е.Бектұрғановтың М.Әуезовтың Абай жолы роман - эпопеясындағы тұрақты сөз тіркестері кандидаттық диссертациялары сол кезеңнің ізденіс нәтижелері еді.
Жетпісінші жылдарда фразеологизмдерді өзге құбылыстардан айыру жөнінде А.Байтелиев кандидаттық диссертация қорғап, Ә.Қайдаров пен Р.Жайсақова, А.Елешова қазақ фразеологизмдерін классификациялау мәселесіне көңіл аударды. Осы кезеңде қазақ фразеологизмдерінің өзге тілделде берілуі және өзге тілдердегі шығармаларды қазақ тіліне аударғандағы фразеологизмнің берілуі жайлі тілші ғалымдар назарын аударды. Ө.Айтбаев пен К.Дүйсетаеваның еңбектерін атауға болады.
Академик І.Кеңесбаевтың көп жылдық еңбегінің нәтижесі он мыңнан аса фрозаны қамтыған қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі шықты.
Үшінші кезең - қазақ фразеологиясын жан - жақты зерттеу кезеңі. 80 - жылдар алдыңғы кезеңдегі жұмыстардың заңды жалғасы болды. Қазақ фразеологизмдерін өзге тілдердегі тұрақты тіркестермен салыстыра зерттеу, аударма мәселесі жайында кандидаттық диссертациялар қорғалды.
Ж.Қонақбаева антоним фразеологизмдерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде салыстыра зерттесе, Д.Алтайбаева фразеологизмдердің аудармадағы біргу жолдарына (калькалау жолымен, дәл баламасының берілуіне) назар аударды.
Осы жылдарда қазақ фразеологиясын зерттеуде М.М.Копаленко мен З.Д.Попованың жаңа әдісін (семейный анализ) қолдану тәжрибелері жүзеге асты. Р.М.Таев пен Ф.Р.Ахметжанованың ғылыми еңбектерінде фразеологизмдердің семантикалық табиғатына талдау жасағанда сол әдіс - компоненттердің денотатив және конотатив мағынасын айқындау әдісі қолданылған.
Осы кезеңде қазақ және орыс фразеологизмдерін салыстыра зерттеу нәтижесінде Қазақша - Орысша фразеологиялық сөздік жасалды.
Бұл кезеңдегі тағы бір ерекшелік - тұрақты тіркестің тарихи қалпын зерттеуге көңіл бөлінді. Р.Сыздықованың Қадырғали Жалайридің Жами-ат-тауарих атты шығармасындағы тұрақты тіркестерді зерттеуі.
Қазақ фразеологиясын зерттеудің төртінші кезеңі 90 - жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл кезеңде тіл білімінің осы саласында жан - жақты әрі өте көп ізденістер болып жатыр. Фразеологизмдердің этимологиясына көңіл аударылып, олардың шығу төркініне талдау жасалды. Фразеологизмдердің этимологиясы мен жасалу көздерімен тығыз байланыста жатқан этнопсихологиялық және мәдени - танымдық аспектідегі кейінгі он жылдықта академик Ә.Қайдаров пен оның шәкірттерінің еңбектерінде көрініс табады.
С.Сәтенова қазақ тілінде мал шаруашылығана байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестердің табиғатын зерттесе, Ш.Сейітова өсімдікке байланысты тұрақты тіркестерге этнолингвистикалық сипаттама берді, ал Қ.Ғабитханұлы наным - сенімге байланысты тұрақты тіркестерге талдау жасайды. Б.Қызбаева соматикалық етістік фразеологизмдерді зерттейді.
Фразеологизмдердің тұлғалық сипаты мен мағыналық сырына үңіле - зерттеу - қазақ фразеологизмдеррін ұлттық тіл табиғатын ашуға қосылған үлкен үлес. Осындай еңбектердің қатарына С.Сәтенованың Қос тағанды фразеологизмдердің тілдік поэтикалық табиғаты, Г.Смағұлованың Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық - мәдени аспектілері докторлық диссертацияларын атауға болады.
Уақытында орыс ғалымдары А.А.Шахматов, Ф.Ф.Фортунатов, А.А.Потебня тұрақты сөз тіркестерін синтаксистік тұрғыдан зерттеп, фразеологияға үлкен үлес қосты. Академик Ф.Ф.Фортунатов және оның мектебі тұрақты тіркестерді, олардың сыңарларын сематикалық және грамматикалық белгілері жағынан зерттеу проблемаларын қойды. Академик А.А.Шахматов өзінің Синтакис русского языка атты еңбегінде тілде кездесетін құрамындағы сөздер бір - бірінен ажырамай тұтас күйінде қолданылатын тіркестердің зор маңызы тек лексикология үшін емес, грамматика үшін де аса маңызды деген пікір айтады [3, 136].
Қазіргі қазақ фразеологизмдерін зерттеу І.Кеңесбаев көрсеткен барлық бағытта жүріп жатыр. Олар мынандай бағыттар: фразеологизмдердің басқа құбылыстардан айырмашылығы, фразеологиялық мағынаның қалыптасуы, олардың ішкі құрлымы, фразеологизм және синонимия, фразеологизмнің стильдік ерекшеліктері, фразеологизмдерді жеке автродың қолдануы т.б. [1, 96].
Тіл-тілдің сөздік қорын, сөз байлығын зерттейтін саланың бірі-фразеология. Фразеология теориясы, тұрақты тіркестердің жүйелік мәнінің қалыптасу ерекшеліктерін, жалпы фразеологизмдер туралы ғылымның мәселелерін талдау сонау өткен ғасырдың алғашқы кезеңдерінен басталады. Фразеологияның лингвистикалық пән ретінде қалыптасуы француз текті швейцар ғалымы Шарль Баллидің атымен байланысты. Ол тіл білімі тарихында тілдегі тұрақты сөз тіркестерді арнайы және жүйелі түрде зерттеу қажеттігін алғаш негіздеп, еңбектерінде талдау жолдарын көрсетті.
Фразеология теориясы дамуының келесі кезеңі орыс ғалымы В.В.Виноградовтың есімімен байланысты. Фразеология мәселелерінің аумағы кеңейіп, лингвистикалық әдебиеттерде В.Л.Архангельскийдің, О.С.Ахманованың, А.М.Бабкиннің, В.П.Жуковтың, В.Н.Телияның, Н.М.Шанскийдің, Н.Н.Амосованың, А.В.Куниннің және т.б. ғалымдардың белгілі еңбектері фразеология теориясын дамыта түсті. Қазақ тіл білімінде фразеологияның жалпы және нақты мәселелері бойынша ғылыми еңбектер жазылды. Олардың қатарында фразеология мәселелеріне арналған І.Кеңесбаевтың, М.М.Копыленконың, Р.Сарсенбаевтың, К.Ахановтың, Ә.Қайдардың, Г.Смағұлованың, С.Сатенованың, Э.Самекбаеваның, Н.Уәлидің, Р. Авакованың және т.б. еңбектерін атап көрсетуге болады.
Тіл арқылы қатынас жасау процесінде сөздер, әдетте, жеке дара күйінде емес, бір - бірімен тіркесіп қолданылады. Сөздердің тілдің грамматикалық заңдарына орайласып, емін - еркін тіркесуінен синтаксистік единицалар - еркін (ерікті) сөз тіркесі мен сөйлемдер жасалады[3, 107]. Сөздердің жалпы тіркесі және синтаксистік (еркін) сөз тіркесі сөздердің бір - бірімен емін - еркін тіркеуінен жасалады. Бірақ сөздер бір - бірімен жапа тармағай тіркесе бермейді, мағыналарының үйлесімділігі болғанда ғана, тіркесіп жұмсалады. Мағыналық үйлесімділік сөздердің бір - бірімен семантикалық жақтан үйлесуге бейімділігі дегенді білдіреді. Еркін сөз тіркесінде оны құрастырушы сыңарлар (сөздер) мағыналық үйлесімділік шеңберінде басқа сыңарлармен (сөздермен) ауыса алады. Мысалы: оқушымен сөйлесу - мұғаліммен сөйлесу - қойшымен сөйлесу; оқушымен әңгімелесу - мұғаліммен әңгімелесу - қойшымен әңгімелесу;оқушымен кездесу - мұғаліммен кездесу және т.б. Осылар тәріздес еркін сөз тіркестерін және олардың түрлерін грамматиканың синтаксис саласы зерттейді.
Сөздердің еркін тіркесіне сырттай ұқсас, бірақ іштей, яғни тілдік табиғаты жағынан, оған қарама-қарсы қойылатын оймақ ауыз, жүрек жұтқан, жүрегі тас төбесіне шығу, ат-тонын ала қашу, ер қашты болу тәрізді тіркестер бар. Бұлар құрамы жағынан тұрақты болып келеді де, бүтіндей оралым бұрыннан тіркескен, дағдылы қалпын сақтайды, сыңарлары " ешкімнің еркіне көнбей", " өзінен-өзі тіркесіп қойған" тәрізді болып ұғынылады.
Мұндай тіркестер сөздердің еркін (ерікті) тіркесіне (свободное сочетание слов) немесе фразеологиялық оралым (фразеологический оборот) деп аталады. [2,36] Фразеологиялық оралымдарды фразеология зерттейді.
Кемінде екі сөздің тіркесуінен жасалған, мағынасы бір тұтас, құрамы мен құрылымы тұрақты, даяр қалпында қолданылатын тілдік единица, әдетте, фразеологиялық оралым деп аталады [2,38]. Олардың қатарына, мысалы, орыс тілінде глубокая осень, глубокая печаль, волчий аппетит, перемывать косточки, сдержать слово, медвежья услуга тәрізді тұрақты сөз тіркестері, қазақ тілінде қас қаққанша, көзді ашып жұмғанша, қас пен көздің арасында, ит арқасы қияңда, ит өлген жерде, тайға таңба басқандай, үріп ауызға салғандай, ат үсті қарау, мидай дала, ата мекен, ата жау, су ми, су жүрек тәрізді тұрақты сөз тіркестері енеді. Бұл фразеологиялық оралымдардың әрқайсысы сөздердің бір-бірімен тіркесе жұмсалуынан жасалғанмен, мағынасы жағынан бір тұтас, құрамы мен құрылымы жағынан тұрақты единица ретінде ұғынылады. Фразеологиялық оралым тілде басқа единицалармен, атап айтқанда, бір жағынан, сөзбен, екінші жағынан, еркін сөз тіркесінен де ажырату үшін, оған (фразеологиялық оралымға) тән басты белгілермен қасиеттерді айқындап алу қажет. Бұл арада фразеологиялық оралымға тән белгілерге қатысты алдын-ала ескертетін бір жай бар: фразеологиялық оралым өзінің табиғаты жағынан - екі жақты құбылыс. Фразеологиялық оралымның екі жақтылығы, жоғарыда аталып өткеніндей, бір жағынан, оның дара сөзге ұқсас, екінші жағынан, еркін сөз тіркесінен ұқсас болып келуінен көрінеді. Осыған орай, фразеологиялық оралымның белгілері де екі бағытта қызмет атқарады[3,69]. Анығырақ айтқанда, фразеологиялық оралымды сөзбен жақындастыратын белгі оны (фразеологиялық сөз тіркесін) еркін сөз тіркесінен ажырататын белгі ретінде, ал фразеологиялық оралымды сөзден ажырататын белгі оны еркін сөз тіркесімен жақындастыратын белгі ретінде қызмет ете ала ды. Енді, фразеологиялық оралымға тән белгілерге және ол белгілердің екі бағытта қызмет етуіне тоқталайық.
Фразеологиялық оралымға өте-мөте тән, басты белгі - оның даяр қалпында жұмсалу белгісі (признак воспроизводимости).
Фразеологиялық оралымдар қарым-қатынас процесінде сөйлеу кезінде жасалынбайды, даяр қалпында бір тұтас (бүтін) единица ретінде жұмсалады.
Фразеологиялық оралымның бұл қасиеті оны еркін сөз тіркесіне салыстырғанда, ашық-айқын көрінеді. Мысалы, суды қайнату, түймені қадау, қолды жуу, қысқа жіп, қойдың аузы және т.б, осылар тәріздес еркін сөз тіркестері қатынас жасау процесінде, сөйлесу кезінде жеке сөздердің бір-бірімен емін-еркін тіркесіп айтылуынан жасалса, қаны қайнау (ызалану), соры қайнау (сорлау), түймедейді түйедей ету (асыра айту, үлкейту), қол қусырып (бостан-бос, әрекетсіз), қысқа жібі күрмеуге келмеу (жетімсіздік, жоқшылық), қой аузынан шөп алмас (момын, жуас) т.б. осылар тәріздес фразеологиялық оралымдар тіркескен күйінде бүтін қалпында жадымызда сақталады да, сөйлеу кезінде олардың сыңарлары (сөздер) сөйлеушінің қалауы бойынша тіркеспейді, бүтіннің бөлшектері бұрыннан өзінше тіркесіп қойған қалпында бір тұтас даяр күйінде қолданылады. Сөйлеу кезінде фразеологиялық оралымды қолданушы адам оның құрамына енетін сөздерді өзінше (өз қалауынша) тіркестірмейді, тұтасқан күйін бұзбай, қаз-қалпында (даяр күйінде) қайталай қолданылады. Мұндай қасиет оралымға ғана емес, сомен бірге лексикалық единица-сөзге де тән. Мысалы, әдемі (сүйкімді), дәулетті, ұялмау (шіміркенбеу), лезде (жылдам), үндемеу (қысылу, сасқалақтау), ашулану ызалану, қыру жою, қараңғы деген сөздер де және бұларға белгілі дәрежеде синонимдес болып үріп ауызға салғандай, мұртын балта шаппайды, аузы мұрны қисаймастан, көзді ашып-жұмғанша, қас пен көздің арасында, қас қаққанша, аузына құм құйылу, жұмған аузын ашпау, жаны мұрнының ұшында, жанын қоярға жер таппау, ер тоқымын бауырына бауырына алу, тамырына балта шабу, көзге түртсе көргісіз тәрізді фразеологиялық. оралымдарды даяр қалпында жұмсалу қасиетімен сипатталады. Бұлар (сөзбен фразеологиялық оралым) өйлеу кезінде конструкцияланбайды, даяр тұрған құрылыс материалы сияқты қызмет етеді, тұтас қалпында не еркін сөз тіркесінің, не сөйлемнің құрамына енеді [4, 54]
Сонымен, фразеологиялық оралымның даяр қалпын сақтай отыра қолданылу белгісі оны сөзбен жақындастырады да, еркін сөз тіркестерінен ажыратады. Фразеологиялық оралымға тән белгілер бірден екі бағытта қызмет етеді деуіміз де осыдан. Фразеологиялық оралымға сөйлеу кезінде конструкцияланбайтын, өзінің даяр тұрған қалпын сақтай отыра жұмсалатын, бір тұтас бүтін единица фразеологиялық единица, ал еркін сөз тіркесі - сөйлеу кезінде белгілі-бір үлгі лер бойынша конструкцияланатын (құрастырылатын), осыған орай, сөйлеушінің тілді белгілі бір заңдарына сәйкестендіріп өзінше құрастыруына көнетін единица (синтаксистік единица) даяр қалпы қайталану белгісі сөзбен фразеологиялық оралымға бірдей қатысты барлық басқа белгілерді, атап айтқанда, фразеологиялық оралымның сондай ақ сөздің құрамы мен құрылымының тұрақтылық белгісімен мағыналық тұтастық белгісін ашып айқындайды [4,89].
Фразеологиялық оралым мағына тұтастығымен сипатталады. Оның өзіне ғана тән, меншікті мағынасы бар және ол мағына фразеологиялық оралымды құрастырушы сыңарлардың мағыналарына тәуелсіз, өздігінен өмір сүреді. Фразеологиялық оралымның мағыналық тұтастығы, оның семантикасы құрастырушы сыңарлардың мағыналарының жиынтығына сәйкес келмегенде де сақталынады. Басқаша айтқанда, мағыналық жақтан фразеологиялық оралым бір бүтін, бір тұтас единица ретінде көрінеді де, оның семантикасында құрастырушы сыңарлардың мағыналардың жиынтығына сәйкес келгенде де сақталынады. Мысалы, тайға таңба басқандай немесе соқырға таяқ ұстатқандай (ашық-айқын), қаны қайнау (ызалану, ашулану), көзді ашып жұмғанша немесе қас қаққанша лезде, өте жылдам, су жүрек, қорқақ, ер жүрек батыл, түймедейді түйедей ету, асыра үлкейту, тамырына балта шабу, құрту, жою, қуанышқа бөлену, қуану, шаттыққа бөлену, шаттану деген фразеологиялық оралымдар бүтіндей фразеологизмнің семантикасымен оны құрастырушы сыңарлардың ара қатысы жағынан әртүрлі әр типтес болғанымен, мысалға келтірілген фразеологиялық оралымдардың әрқайсысы да мағына тұтастығымен бүтінділігімен сипатталады.
Фразеологиялық оралым тұрақты қасиетімен сипатталады. Оның тұрақтылық қасиеті мынадан көрінеді: фразеологиялық оралым бүтіннің бөлшектері ретінде ұғынылатын өзара тығыз байланысты сыңарлардан құралады да, ол сыңарлар бірінен кейін бірі әбден қалыптасқан тәртіппен орналасады, басқа сөздермен ауыстырылмайды, қалыптасқан орын тәртібі өзгермейді, мысалы сақалын сипап қалу деген тұрақты тіркестің құрамындағы сөздердің орнын ауыстырып айтуға немесе оның ішіндегі бір сөздің орнына басқа бір сөзді қолданып, мысалы мұртын сипап қалу деп айтуға болмайды. Сондай ақ мұртын балта шаппайды деген тұрақты тіркестің құрамындағы мұрт деген сөздің орнына сақал немесе балта шаппайды деген тұрақты тіркестің құрамына орнына қолданылмайды. Егер былай етіп өзгертсек, олар тұрақты тіркес болудан қалады немесе тіптен мағынасыз түсініксіз болып шығады. Құрамы мен сыңарларының орын тәртібінің тұрақтылығы жағынан фразеологиялық оралымдар жеке сөздердің құрамындағы морфемалардың орын тәртібін еске түсіреді. Орыс тіліндегі фразеологизмдерді зерттеуші Н.М. Шанский сөздің морфемалық құрамының тұрақтылық сипаты да сондай болса фразеологизм құрамы сыңарларының (компоненттерінің) орын тәртібінің тұрақтылық сипаты да сондай деп есептейді [5,78].
Ал сөздердің еркін тіркесіне фразеологиялық оралымдардың құрамының тұрақтылық қасиеті тән емес. Фразеологиялық оралымның құрамының тұрақтылығы (постоянство состава) дегенде, әдетте оның құрамына үнемі белгілі бір сөздердің ғана енуі және олардың басқа сөздермен алмастырылмауы ескеріледі. Ал еркін сөз тіркесінің құрамында сондай тұрақтылық болмайды, оның құрамында үнемі тұрақтылығын белгілі бір сөздер емес, әртүрлі сөздер тіркесіп келе береді. Мысалы, дәмді ас деген еркін тіркестің құрамындағы соңғы сыңарды (ас) тамақ деген сөзбен ауыстырып дәмді тамақ деп өзгертуге немесе осы еркін тіркестің құрамындағы дәмді дегеннің орнына ыстық тамақ деп өзгертуге болады. Мұнан аталған еркін сөз тіркестерін атрибутивті сөз тіркестері ретіндегі грамматикалық табиғаты өзгермейді. Ал ас иесімен тәтті немесе ас-адамның арқауы тәрізді фразеологиялық оралымдардың құрамындағы ас деген сөздің орнына тамақ деген сөзді қолданып, мысалы, тамақ иесімен тәтті немесе тамақ-адамның арқауы деп өзгерту белгілі бір қалыптасқан норманы бұзғандық болар еді және бұлай етудің салдарынан аталған тіркестер фразеологиялық оралым болудан қалар еді.
Фразеологиялық оралымдардың басым көпшілігінің құрылымдық тұтастығының бекемдігі соншалық, оның ішіне (сыңарларының аралығына), әдетте, басқа бір сөз енбейді. Кейде бірді-екілі фразеологиялық оралымның сыңарларының аралығына басқа бір сөздің енуі мүмкін (мысалы: таяқ жеу-таяқты мықтап жеу, жаны ашу-жаны қатты ашу), бірақ мұның өзі фразеологиялық оралымдарға тән құбылыс емес.
Аталған қасиеттер белгілі дәрежеде сөзге де тән. Алайда, сөзбен фразеологиялық оралым бір-бірімен тепе-тең емес, бұлардың арасында түбірлі айырмашылықтар бар. Ол айырмашылықтар қайсылар?
Айырмашылық, ең алдымен, сөздің құрылымы мен фразеологиялық оралымның құрылымына қатысты. Құрылымы жағынан сөз бен
Фразеологиялық оралым - әр басқа құрылыстар (единицалар). Сөздер, әдетте, әртүрлі бөлшектерден құралады да, ол бөлшектер сөзден тыс, өздігінен қолданыла алмайды. Сөздер (түбір сөздерден басқалар) морфемаларға бөлшектенеді де, ол морфемалар сөз ішінде ғана өмір сүреді. Мысалы: жол-сыз, жол-ық-тыр-у, жол-ы (морфемалар және сөздің морфемалық құрамы жайында "Грамматика" тарауының 2-параграфын қараңыз). Ал фразеологиялық оралымдар морфемалардан емес, өзіне тән формалары бар сөздерден, олардың тіркесіне жасалады. Мысалы, сақалын сипап қалу, тонның ішкі бауындай, жер-жебіріне жету, көз шырымын алу, ай десе аузы, күн десе көзі, көз ұшында, көз көрген, көз таныс және тағы басқалар. Сөз бен фразеологиялық оралымның грамматикалық тұлғалану жағынан да бір-бірінен айырмашылығы бар. Морфемалық құралған сөздер тұтас тұлғаланған единица ретінде қызмет етсе, фразеологиялық оралымдар сөздердің тіркесе жұмсалуынан құралып, ажыратыла тұлғаланған единица ретінде қызмет етеді. Сонымен, жоғарыда аталған белгілердің бірі-фразеологиялық оралымды сөзден ажыратса, екіншілері оны сөздердің еркін тіркесінен ажыратады.
Тіл білімінде кемінде екі сөздің тіркесінен жасалған, мағынасы біртұтас, құрамы мен құрылымы тұрақты, даяр қалпында қолданылатын тілдік тұлғаны фразеологиялық оралым деп атайды [4, 165]. Бұл анықтамаға қосымша әркім әртүрлі анықтамалар тобын ұсынып жүр. Ондай анықтамалар, көбіне, фразеологизмдердің бір түріне немесе бірнеше құрам-құрылымдағы топтарына негізделіп жасалған. Біздіңше, тіліміздің фразеологиялық қорын жасайтын, фразеологияның шегі мен аумағына енетін бірліктердің барлығына қатысты, олардың басын қосатын ортақ белгінің анықтамасы тіл білімінде әлі жасалған жоқ. Шын мәнінде, фразеологизмдер, ең алдымен, өздерінің смантикасымен және тұрақты құрамда, дайын күйінде қолданылатын бірлік екендігімен ерекшеленеді. Құрамындағы сыңарлардың орны бекем, белгілі бір сөздермен тіркесіп, бір бүтін мағына беретін тіркестер мен сөйлемдердің әбден қалыптасқандығы сондай, олар дайын күйінде сол құрам, құрылыста, тұрақты мағынада қолданылады. Демек, дайын қолданылу фразеологизмнің белгілерінің бірі екендігіне күмән жоқ. Дайын күйінде қолданылу белгісі фразеологизмдердің: а) дайын құрылыс ретінде белгілік қасиеті; ә) осы құрылыстың өзіне тән лексикалық құрамының болуы; б) грамматикалық құрылымының, яғни сыңарларының орналасу тәртібінің, бір-бірімен қатынасының қалыпқа сай қолданылуы; в) сөз тіркесі және сөйлем тұлғасында дайын формада қалыптасқандығы; г) құрамындағы сыңарлардың толық мағыналы сөз болып келуі.
Дайын күйінде қолданылу белгісімен тығыз байланысты өлшем-кешенді түрде түсінілетін тұрақтылық белгісі. Тілде қалыптасқан норманы бұзып, фразеологизмнің құрамына сөз араластыру, сыңарлардың орнығу ретін ауыстыру барлық уақытта мүмкін бола бермейді. Егер фразеологизм құрамындағы өзгерістен бір бүтін мағына өзгеріп, басқа мағынаға ауысса, тұрақтылық бұзылады. Фразеологизмнің құрамында болатын өзгерістер тек тұтас оралым мағынасының өзгеруіне дейін ғана жасалады. Мағына тұрақтылығы да фразеологизмнің құрам-құрылысының тұрақтылығына тәуелді. Әрбір фразеологизм өз мағынасын сақтап қолданылады. Фразеологизмнің морфологиялық тұрақтылығы оны құраушы сыңарлардың морфологиялық тұрғыдан өзгеріске түсу қасиетімен және қайсыбір грамматикалық формаларға түрленуімен сипатталады. Фразеологизмдердің синтаксистік тұрақтылығы өздерін құраушы сыңарлардың нормативтік өзгеріске ғана икемділігімен байланысты болып, қалыптан тыс өзгеріс фразеологизмнің меншікті мағынасын бұзумен шектеледі.
Фразеологиялану деген ұғымды еркін тіркестің я сөйлемнің, немесе құрамындағы сыңарлардың семантикалық жақтан дамып, туынды, астарлы мағынаға ие болуы деп түсіну керек. Сыңарлардың өзара мағыналық тәуелділігі арқасында бүтін сөз тіркесі я сөйлем жаңа мағынаға, ауыс мағынаға ие болады. Сөз тіркесі немесе сөйлем астарлы мағынаға құрамындағы сыңарлардың семантикалық өзгерісінің ықпалынан өтеді де, келе-келе бүтін оралымның мағынасы орнығады. Фразеологизмдердің құрамындағы сөздер мағыналық та, грамматикалық та дербестігінен айырылады [6, 169] деген пікір осы құбылысқа тікелей байланысты туса керек, құрамындағы сыңарларсыз және олардың мағыналарынсыз тұтас астарлы мағына да, бүтін құрам да қалыптаспайды. Фразеологизмдердің құрамындағы фразеологиялық байлаулы мағыналы сөздерді семантикалық жақтан дамыған, туынды мағынаға ие болған сөздер деп те есептесе болады. Мысалы, кейбір сөздер өз мағынасын бірнеше сөзбен: тоң сөзі мойын жене мінез сөздерімен, ал суық сөзі жүз, хабар қол, тер сөздерімен тіркесіп дамытқан. Фразеологизмнің тууының себебі болып табылатын фразеологиялану құбылысы нәтижесінде олардың сыңарларында да, сөз тіркесі я сөйлемнің өзінде де семантикалық өзгеріс болады да, оралым келтірінді мағынаға өтеді, сол мағынаның негізінде олар жалпыға бірдей белгілі фразеологизмге айналады. Олар (номинативтік, сөз тіркесі құрылымды және коммуникативтік, сөйлем құрылымды фразеологизмдер) өз қызметтерімен қатар, эмоционалды-экспрессивтік қызмет те атқаратын тілдік бірліктер.
Фразеологизмдердің қалыптасуы мен дамуына этнолингвистикалық факторлар да әсер етеді. Тіл білімінің салалары ішінде тілдің ұлттық сипатын аша түсетін саласы - фразеология. Қазақ тілі фразеологизмдері қазақ халқының данышпандық шығармашылығы, ой өрісі мен рухани дарынының, танымының көп ғасырлар бойындағы жемісі болып табылады. Қазақ тілі фразеологиясының ұлттық сипатын, танымдық табиғатын фразеологизмдердің фонетикалық, грамматикалық, семантикалық ерекшеліктерінен де, стилистикалық қызметінен де көруге болады. Қазақ фразеологизмдерінің бойынан ұйқасқа құрылғандары көптен кездеседі. Мысалы: мал қолда, жан ұяда; өзің білме, білгеннің тілін алма; үлде мен бүлдеге оранып т.б. ұйқасқа құрыла отырып, стильдік те қызмет атқарады. Сол сияқты, ашуы жауған қардай, шөккен нардай; ақылы балқаш, ашуы дүлей; ит өлген жер, ит арқасы қиян, көз көрмес, құлақ естімес жер; аяқты аяғымен, шанақты шанағымен жалмады; түйені түгімен жұтты т.б. сияқты фразеологизмдердің әрқайсысының өз бояуы, өз сыры бар [7, 87]. Әсіресе фразеологизмдердің ұлттық сипаты олардың семантикалық ерекшеліктерінен анық көрінеді, өйткені фразеологиялық жүйенің материалдары қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен, рухымен, психологиясымен және менталитетімен тығыз байланысты.
Фразеологзмдер мен мақал-мәтелдердің табиғатын талдай отырып, олардың шығу негіздеріне байланысты үш түрлі пікір айтуға болады. Біріншіден, фразеологизмдердің тууының себебі болып табылатын фразеологиялану процесі. Бұл тәсіл ішкі лингвистикалық заңдылықтарға байланысты жүзеге асатын құбылыс. Фразеологиялану сатысынан өткен еркін сөз тіркестері мен сөйлемдердің құрамындағы сөздердің арасында ішкі фразеологиялық, яғни семантикалық байланыс қалыптасады да, ол байланыс тұтас мағынаның дамып, өзгеріске түсуіне әкеледі. Метафоралық, метонимиялық және басқа да ауыс мағынада қолдану тәсілдері негізінде тұтас мағына астарлы, туынды мағынаға ұласады. Екіншіден, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер - белгілі бір озық ойлы, сөзге шебер, дана халық өкілдерінің өмірден алған тәжірибесінің немесе нақты бір оқиға, іске қатысты айтылған ой-тұжырымдарының қорытындысы, халықтың мәдени-материалдық, әлеуметтік-шаруашылық өмірінің әртүрлі жақтарының, тарихы мен тұрмыс жағдайының, мәдениеті мен ойлау мәнерінің, рухы мен психологиясының синтезі. Олардан халқымыздың нақты өткенімен, танымымен, тұрмыс жағдайымен, әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен және ұлттық психологиясымен жете таныса аламыз. Ол бірліктер ғасырлар бойы халық жадында сақталып, жатталып, қолдануға даяр күйінде енетін тілдік құралға, шешендік сөз үлгілеріне, халықтық ортақ мұраға айналған. Олар халық жадында ұзақ уақыт, тіпті ғасырлар бойы сақталып, рухани қазынаға айналып, бүгінгі ұрпаққа жеткен тіл байлығының таусылмас қоры, сөз қолдану өнерінің негізі, мәйегі болып саналатын осы бейнелі фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер. Олардың халықтың есінде сақталуы, біріншіден, бейнелі астарға құрылып, ойды дәл және образды түрде жеткізуге құрылғандығынан, тұлғасы жағынан жеңіл, көлемі шағын болып келуіне байланысты, екіншіден, мазмұны терең, ықшамды оралымның көмегімен көлемді толық мағынаны өз дәрежесінде, көркем және бейнелі дәрежеде, көп сөзді аз сөзбен дәл жеткізуінде. Үшіншіден, кезінде еркін сөз тіркестері мен сөйлемдердің негізінде туған фразеологизмдер өздерінің тууына негіз болған синтаксистік тіркестер мен сөйлемдерден мүлдем алшақтап кетпейді, олардың арасындағы байланыс олардың фразеологиялық мәнге өтіп кеткен кезінде де байқалып тұрады. Мысалы: оң көзімен қарады; ілгері басқан аяғы кейін кетті; сүйек тістеген ит; от жағып, күл шығарды деген фразеологизмдердің бойынан төмендегі еркін сөз тіркестеріне қатысты байланыстарды байқауға болады: сол көзін жауып, оң көзімен қарады; ілгері басқан аяғы кейін кетіп, тайғанақтады; ерте тұрып от жағып, күл шығарды.
Қазақ тілі фразеологизмдері тілдік қызметі тұрғысынан номинативтік және коммуникативтік фразеологизмдерге топтастырылды. Олар құрылымы жағынан сөз тіркесі мен сөйлем құрылымдас болып келеді де, бірінші тобы кемінде екі және одан да көп болып келетін мағыналы сөздердің тіркесінен құралған предикативтік емес фразеологизмдерге, екінші тобы жай немесе күрделі сөйлем құрылымды предикаттық фразеологизмдерге жіктеледі. Коммуникативтік әркетке қатынастылығы, былайша айтқанда, тілдегі қызметі жағынан номинативтік және коммуникативтік фразеологизмдердің семантикалық құрылымының қалыптасу сипаты мен ерекшеліктері, олардың фразеологизмдерге айналуына әсер ететін тілдік шарттар, қазақ фразеологизмдерінің негізгі семантикалық белгісінің негізінде оралымдарды фразеологиялық түйдек және фразеологиялық тізбектерге топтастыру, олардың құрамы мен құрылымы, мағыналық жақтан дамып өзгеріске түсуі сияқты мәселелер кең түрде қарастырылды [8,38].
Номинативтік фразеологизмдердің семантикалық құрылымы мен типтері номинативтік фразеологизмдердің семантикалық құрылымы, олардың лексика-грамматикалық топтарға жіктелуі сипатталады. Жалпы номинативтік фразеологизмдер дербес мәнді сөз таптарының категориялдық мағынасымен арақатысты, соның негізінде олар: а) субстантив, ә) адъектив, б) вербал және в) адвербиал фразеологизмдер тобына жіктелді. Бұлар өздерінің лексика-грамматикалық мағыналарына байланысты сөйлемде басқа сөздермен байланысқа түседі және сөйлем мүшесінің қызметін атқарады. жеке-жеке сөз таптарына фразеологизмдерді телуде олардың тұтас семантикасы негізге алынды.
Қазақ тілі фразеологизмдері семантикасы жағынан субстантив, адъектив, вербал және адвербиал сөз таптарына ғана топталады, ал басқа сөз таптары семантикасына сәйкес келетін номинативтік фразеологизмдер жоқ [8,217]. Қазақ тілі номинативтік фразеологизмдері дара мағыналы сөз бен көмекші сөздің тіркесінен жасалынбайтындықтан, семантикалық жақтан тек аталған сөз таптарының категориялдық мағынасын береді де, қалған сөз таптарына жіктелмейді. Сол себепті бұл тараушада осы аталған сөз таптарына қатысты фразеологизмдердің семантикалық құрылымы талданып, төрт тармақшаға бөлінді.
Субстантив номинативтік фразеологизмдердің семантикалық құрылымы субстантив фразеологизмдердің семантикалық құрылымына талдау жасалды. Қазіргі қазақ тілінің субстантив фразеологизмдері түйдек те, тізбек те бола береді. Олардың көпшілігі негізінен екі компонентті болып келеді. Мысалы, фразеологиялық түйдектер: кәрі құлақ, көлденең жүрген көк атты, су жұқпас, шөп желке, тарысы піскеннің тауығы т.б.; фразеологиялық тізбектер: жан жолдас, мүшкіл хал, найзаға жау міндірген ер, он сегіз мың әлем, сақ құлақ, сасық қулық т.б. Фразеологизмдер туынды мағынаның дамуы нәтижесінде қалыптасқандықтан, астарлы мағына әртүрлі ауыспалы мағына жасау тәсілдері негізінде туған. Мысалы, метафоралық фразеологизмдер: қызыл өңеш-даукес; су жұқпас-барып тұрған ала аяқ қу; оймақ ауыз-сүйкімді; қас жүзі қара - бетпақ, ұрысқақ т.б. Бұл фразеологизмдерде сөз-сыңарлардың мағынасының өзгеруі немесе тұтас оралым мағынасының туынды мағынаға өтуі метафора тәсілі арқылы қалыптасқан. Метафоралық ауысу фразеологизмдердің ішкі мазмұнынан анық көрінеді, мысалы: "қан ішер" дегенде, метафоралық тәсілде ауыс мағына салыстыру негізінде орын алған. Метонимиялық фразеологизмдер: көген көз; ақ саусақ; ақ жаулық; ірі қара; жас иіс; тік бақай; жуан жұдырық т.б. Тік бақай фразеологизмнің құрамындағы бақай сөзі адам ұғымын алмастырып тұрған метонимия. Ақ жаулық фразеологизміндегі ақ деген бірінші сыңары әйелдердің ақ орамал тартатынын білдіретін мағына берсе, екінші сыңары жаулық орамал тартып жүру әйелге тән болғандықтан, әйел я жұбай деген мағынада қолданылады. Мұны астарсыз ауыс мағынаға өту деп есептеуге болады.
Тіл-тілде фразеологиялық оралымдар әртүрлі жолдармен жасалған. Олардың жасалуына алуан түрлі құбылыстар, ұғымдар, түсініктер негіз болған. [2, 7.].
1) Фразеологиялық оралымдарға әртүрлі құбылыстардың адам ойында қорытылған образды бейнесі негіз болуы мүмкін. Мысалы, ер қашты болу мағынасы әбден жалығу, мезі болу деген фразеологиялық оралымды негізінде көп мініс көрген арық аттың ер саларда одан қашып мезі болу, бойын аулақ салуының бейнесі жатыр, әдетте, ер қашты болу деген тұрақты сөз тіркесін қолданғанда жоғарыдағы құбылыстыңнегіз болғаны біздің ойымызға келмейді. Сондықтан да бұл тіркес адам ісіне байланысты қолданыла беріледі.
2) Кейбір тұрақты тіркестердің жасалуына түрлі аңыздар, әртүрлі ұғымдар мен түсініктер негіз болғандығы аңғарылады. Мысалы, халықтың түсінігінде негіз болғандығы аңғарылады.Осындай түсінік жақсы өлімтігін көрсетпейді деген мақалдың жасалуына негіз болған.
3) Фразеологиялық оралымдар тарихта болған кейбір жайлардың, дағдылардың негізінде пайда болуы мүмкін, мысалы, орыс тіліндегі во всю ивановскую (мағынасы өте қатты, бар даусымен) деген фразеологиялық оралымның шығу тегі.
4) Уақыт өлшемі -"сағат", "минут", "секунд" деген ұғымдар және олардың атаулары бірден пайда болмаған. Бұл ұғымдар мен олардың атаулары жоқ кезінде белгілі бір іс-әрекеттің белгілі мерзім ішінде өтуі немесе белгілі бір мезгілде басталуы уақыт өлшемі ретінде пайдаланылған. Мысалы, қазақ тілінде халықтың ертеректегі шаруашылығы - мал шаруашылығына қатысты ұғымдар мен атаулар кеңістік өлшемдеріне негіз етіп алынып, ат шаптырым жер, тай шаптырым жер, қозы көш жер, түйенің қолтығы терлемейтін жер, таяқ бойы қар жауса тәрізді тұрақты сөз тіркестері пайда болып, бұлар кеңістік өлшемдері ретінде танылған.
5) Фразеологиялық оралымдардың кейбіреулері профессионалды лексикадан ауысқан.Мысалы, орыс тіліндегі дело- табак (жағдайы өте жаман деген мағынада) деген фразеологизм бурлактардың тілінен алынған.
Фразеологизмдерден әрбір тілдің өзіндік ерекшелігі көбірек аңғарылады. Ондай фразеологиялық оралымдардың жасалуына әрбір тілде әр басқа белгілер, түрліше салыстырулар негіз болған. Мысалы, орысша из мухи делать слона деген фразеологиялық оралымның қазақша баламасы-түймедейді түйедей ету.
Белгілі бір тілдің фразеологиялық құрамы аударма арқылы жасалған фразеологиялық оралымдармен де толығып отырады. Мысалы, қазақ тіліндегі мына бір фразеологиялық оралымдар орыс тілінен аудару арқылы жасалған: Балықшы балықшыны алыстан көреді (Рыбак рыбака видет из далека); Қойға шапқан батырдың батыр көрсе, қой болар (Молодец против овец, а против молодца -сам овца) және т.б.
Сонымен, фразеологиялық оралымдар әртүрлі жолдармен жасалған, олардың жасалуына сан алуан құбылыстар негіз болған.Фразеологизмдердің жасалуы, пайда болуы жоғарыда аталған жолдармен, келтірілген деректермен ғана шектеліп қоймайды. Олардың шығу тегі этимологиялық зерттеулер арқылы айқындалады [9,97]
Фразеологизмдердің құрылымдық сипатын талдай отырып, нақтылы мысалдармен дәлелдеуге бағытталған.
Ғалам Б.Шалабай мәтінді стилистикалық талдау туралы: Тексті стилистикалық талдау - мазмұнының формалану сипатын ашу, яғни текстің құрылымын ашу деген сөз. Ондай стилистикалық талдаудың әдістемесі де соған сай болуға тиіс: талдау жекелеген тілдік тұлғаларды табу, анықтау тұрғысынан емес, ал олардың байланыстарын, қарым-қатынастарын ашу тұрғысынан жүргізіледі. Өйткені көркем текст - тілдің бейнелі көркем тұлғаларының жай қосындысы емес. Көркем тілдік тұлғалар өздігінен жеке тұрып мәнділікке ие болмайды, ал олардың ұйымдасу тәсілдері, бір-бірімен байланыс-қатынасы мәнді, - дейді [10, 7].
Фразеологизмдер сөздердің тіркесіп, мағыналық әрі құрылымдық жағынан тұрақтануы негізінде қалыптасады. Фразеологизмдердің мұндай қалыптасу үрдісі - фразеологизмдену деп аталады.
Фразеологизмдену - сөз тіркесінің немесе сөйлемнің теңеу, метафора, метонимия, гипербола, эвфемизм арқылы мағыналық ауысуы негізінде болатын құбылыс. Фразеологизмденуден өткен сөз тіркестері мен сөйлемдер және оның құрамындағы сөздер өздерінің бастапқы семантикалық қасиеттерінен айырылады да, десемантизация процесіне ұшырайды. Фразеологизмдену кезінде жеке компонеттер емес, сөз тіркесі мен сөйлемдер мағыналарын бүтіндей өзгертеді. Бұл дегеніміз фразеологиялық мағына ауыспалы синтездену арқылы да емес, жеке сөздердің ерекшеліктері арқылы да емес, семантикалық өзгеріске түсу арқылы жасалатынын көрсетеді. І.Кеңесбаев қазақ тілі фразеологизмдерінің компоненттерінің байланысу түрлері туралы айта келіп: Қазақ тіліндегі фразеологизмдер өзінің құрамы жағынан қаншалықты әр алуан болып келсе, компоненттерінің байланыс сипаты жағынан да соншалықты әр тарап болып келеді. Фразеологизмнің қандайы болсын, қазіргі күйінде грамматикалық жағынан да, лексикалық жағынан да бір тұтас қолданылады. Оларды синтаксистік, семантикалық ерекшеліктеріне, жеке сөз табы, сөздердің мағыналық жігі жағынан тек соларға ұқсас белгілер тұрғысынан ғана қарауға болады. Өйткені фразеологизмдер жеке тұрғанда сөйлем сипатында болып (сол себепті сөйлем мүшелері де болып) келеді, контекст аясында бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқарады [10, 617-б.], - дейді.
Сондай-ақ, ғалым қазақ тіліндегі параллельді фразеологизмдерге де, олардың жасалу, қалыптасу жолдарына да назар аудартады.
І.Кеңесбаевтың пайымдауынша, белгілі бір фразеологизмдерге тән көпмағыналылық екі түрлі жолмен жасалады. Оның бірі - жалғаса туатын мағына да, екіншісі - жарыса туатын мағына. Мысалы: Ақ иық оралымы: а) мұз балақ қыран мағынасын; а) асыл адам, ер жігіт мағынасын береді, екінші мағына бірінші мағынаға жалғаса туады. Айыл-тұрманын тартты: а) қамданды, жиналды; ә) ашу қысты, тас түйін болды - онымен жарыса туатын мағына. Сонымен бірге кейбір жағдайларда жалғаспалы мағына мен жарыспалы мағына белгілі бір сәттерде тоғысып, ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz