Тілдік әдеби норма және поэтикалық тіл



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 69 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

Ақылбаева Динара Жүнісбекқызы

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

М. Мақатаев поэзиясының тілі

5В011700-Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша

Алматы 2019

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті
Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы

Қорғауға жіберілді
Хаттама № __ 2019 ж.
Кафедра меңгерушісі,
ф.ғ.д., проф. Ермекова Т.Н.

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

Тақырыбы: М. Мақатаев поэзиясының тілі

5В011700-Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша

Орындаған Ақылбаева Д.Ж.

Ғылыми жетекші:
ф.ғ.к., профессор м.а. Абдирасилова Г.Қ.

Алматы 2019

РЕФЕРАТ

Көлемі - 72 бет
Пайдаланылған әдебиеттер саны - 59
Тірек сөздер: Ақын, М. Мақатаев, тілдік әдеби норма, поэтикалық тіл, Мұқағали поэзиясы, сөз-бейнелер жасау, тілдік механизмдер, тілдік-көркемдік ерекшелігі, сөз қолданысы, эпитет, теңеу, метафора, метонимия, синекдоха.
Мақсаты: Мұқағали поэзиясының көркемдік, тілдік ерекшелігін мысалдар арқылы ғылыми саралау.
Міндеттері:
- Мұқағали шығармаларында мол көрініс табатын шеберлік тұғыры - тіл тазалығына, ой саралылығына, тебіреніс тереңдігіне көңіл бөліп, ұлттық тіл байлығын құбылтуы, қолданудағы көркемдік бейнелеу ерекшеліктеріне назар аудару;
- ақынның өлеңдеріндегі тіл байлығының жүйесін, тілдік бейнелі көркемдегіш құралдардың қолданылуын, тапқыр ойды өрнекті тілмен жеткізе білу шеберлігін анықтау;
- ақын поэзиясындағы тілді байытар тәсілдердің қолданылу жүйесін, тура және ауыспалы мағыналы сөздерді ақынның қалай қолданғандығын, ақынның поэзиясындағы айшықты сөздердің орынын, ақынның тіл шұрайын, сөздік қорын жете саралау.
Қолданылатын әдістер: Мұқағали поэзиясының көркемдік, тілдік ерекшеліктерге, тіл кестесінің зерлілігі мен өрнектілігіне кешенді тілдік, әдеби талдау әдіс-тәсілдері қолданылды.
Практикалық қолданысы: Зерттеудің нәтижелерін этнос тарихын, ұлттық дүниетанымды, ұлт мәдениетін тіл арқылы танытуға арналған дәрістерде, көркем мәтінді лингвистикалық талдауға қатысты арнайы курстарды жүргізуде, Әлеуметтік лингвистика, Лингвотану пәндерін оқытуда, этнопедагогикалық тәжірибеде қолдануға болады.
Нәтиже: -Мұқағали шығармашылығының сүйенген үш тағаны, байланған үш қазығы бар екендігі анықталды. Біріншісі - ақынның әрқашан да жанымен ақтарылып айтқан бүкпесіз де қарапайым сыршылдығы. Екіншісі - асқақтық яғни өмірді сындарлы санамен екшеп, елеп парасатты пайым жасап, күрделі қорытындылар шығаратын сыншылдық көркемдеу жүйесі. Үшіншісі азаматтығы - қоғамдық әлеуметтік мәселелерді, күллі тыныс - тіршілікті өлеңіне арқау еткен ақын кемелдігі дәлелденеді.
- Тақырып аясында көркемдік ой-санаға қозғау салып, ұлттық рухтың оянуы мен терең тамырлануына жетелеуде әдебиеттің орны Мұқағали поэзиясы мысалында ғылыми тұрғыдан тұжырымдалды.
- Поэзияның рухани азықтығына, адами қасиеттердің орнығуына, қоғам өмірін нұрландыруға септігін тигізіп, толыққанды азаматтардың қалыптасуына оңды әсер туғызатыны, негіз қалайтыны Мұқағали өлеңдері арқылы пайымдалды.
КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Шын дарын өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұяласа, ол мәңгі өмір сүреді. Халық сеніміне ие болу, оның қас-қабағын бағып, көңілі қалағанын жырға түсіру, сыр ғып шерту келешектің жарқын сәулесімен нұрландыра түсуі сирек кездесетін бақыт.
Оны Мұқағали ақынның поэзиясынан танып, көруге болады. Қазақ елінің тәуелсіздік алған кезеңінде Мұқағали Мақатаев мұрасына бұрынғыдан әлдеқайда басым жаңаша көзқарас қалыптасты, ақын мұраларын танудың жаңа бір кезеңі басталды. Ақын шығармаларына өзі дүниеден қайтқаннан кейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Мұқағали өлеңдері - ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай евроцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, оны түрлендіре байытты, сөйтіп қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Сонымен қатар, ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық үлгілерімен құнарландырды. Білікті, парасатты ақын ретінде өз заманының ірі мәселелеріне қалам толғаса да, соның өзінде қазақ өлеңі мен ана тілінің ғасырлар қойнауынан нәр жинаған аталы дәстүрін бұзбай жарасымды табиғи дамытты. Ол бірде қоғамның керенаулығын бетіне басқан қатал сыншы, енді бірде бала мінезді кіршіксіз таза, аңқылдаған аңғал жан. Сөйтіп жыр әлемінде өз ойын, өз шындығын, жүйелі көркем тілде ақындық биік тұрғыдан тұтас шеберлікпен жырлай білген. Мұқағали сыршыл ыстық лирикасымен өз оқушыларының жүрегіне жол тапты, оларды жақсы жырдың ләззатына қандырып, өзінің менімен адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың оқырманның жан жүрегін баурады. Осыған орай дипломдық жұмыста ақынның қазақ поэзиясындағы өзіндік ерекшелігі бар көркемдік, тілдік ерекшелігі тұрғысынан қарастырылады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Мұқағали поэзиясының көркемдік түрін құрайтын бөлшектерге, яғни композиция, сюжеттік құрылыс, жанрлық өзгешелік бен бейнелеу тәсілдері, тіл кестесі, өлең өрнегі, өлеңге тән ырғақ пен интонация жүйесі, шумақ, ұйқас түрлерін қарастыру, тілдік фразеологиялық оралымдардың қолданылуын, тура мағынсындағы сөздер мен ауыспалы мағынадағы сөздердің сап құрауы, бейнелі теңеулер мен эпитеттердің, метафора мен метонимияның, синекдоха мен аллегорияның орналасуын, олардың тұтастығын көркемдік, тілдік ерекшелік дәрежесінде қалыптасуын және сол шығарманың идеялық мазмұнымен ажырамас бірлестік табуын анықтау, ғылыми түрде дәлелдеу, ақындық құпияларына үңілу зерттеу жұмысының өзектілігін көрсетеді. Сондықтан ақын поэзиясын көркемдік, тілдік ерекшелік тұрғысынан зерттеуді мақсат еткен дипломдық жұмыс тақырыбының өзектілігі талас тудырмайды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі Поэзияның көркемдік, тілдік сипаты әрдайым зерттеу обьектісіне айналып, сыншылар мен ғалымдардың назарында болып келгені байқалады. Мәселен, орыс әдебиетінде В.В.Виноградовтың, Е.И.Клименконың, З.С.Паперныйдың, В.Е.Холшевниковтың, К.Чуковскийдің, С.Л.Сергеевтің, П.С.Шамсутдиновтың, Л.Н.Смайлованың, М.Г.Михайлованың, С.Н. Степиннің ғылыми зерттеу еңбектерінде осы мәнді мәселені көтерген. Төл әдебиетімізде де көркемдік, тілдік мәселесі әр қырынан қарастырылып келген.
Нақтырақ айтсақ, Қ.Жұмалиевтің, М.Қаратаевтың, Ә.Тәжібаевтың, З.Ахметовтың, Р.Сыздықованың М.Дүйсеновтың, Т.Әбдірахманованың, Т.Ақшолақовтың, Т.Әбдірахмановтың, М.Базарбаевтың, Б.Кәрібаеваның, А.Нағметовтың, С.Оразалиновтың еңбектерінде сөз болады.
Сондай-ақ, Қ.Жүсіптің Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік [1]монографиясында, Ж.Боранбаеваның М.Жұмабаев поэзиясының көркемдік жүйесі [2], Тұржан Оңайгүлдің Махамбет поэзиясының көркемдік ерекшелігі [3] атты диссертациясында көркемдік жүйе мәселесі мен әдеби көркемдеу тәсілдері жан-жақты сараланып, арнайы қарастырылады. Ал мерзімді басылымдардағы, ғылыми конференциялардағы көркемдік мәселесінің жеке ақын-жазушылар шығармашылығы бойынша талдануы жеткілікті дәрежеде.
Қ.Өмірәлиевтің Қазақ поэзиясының жанры және стилі, ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі атты еңбектерінде Абай, Махамбет, Бұқар, Дулат ақындардың поэзиясының тілі, айшықты өрнектері, стильдік-жанрлық сипаттары жеке-жеке зерттеліп, сараланған. Осы уақытқа дейін қазақ поэзиясында Абайдың поэзиясының тілі ғана жеріне жеткізіліп, толық зерттелгені белгілі.
Профессор Қ.Жұмалиевтің Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері және Абай поэзиясының тілі атты кітабында абай поэзиясына терең тоқталып, абай поэзиясының тілі Абайға дейінгі және Абайдан соңғы ақындар поэзиясына көрсеткіш - белгі екенін дәлелдеп береді.
Ал тікелей М. Мақатаевтың шығармашылығы жайында сөз болғанда Ә. Тәжібаевтің алғашқы сәт-сапар тілеген мақаласынан бастап Мұқағали шығармашылығы әдеби сын назарынан тыс қалған жоқ.
Қ.Алпысбаевтың Мұқағали өрнегі [4] зерттеуі, Естеліктері мен Мұқағалидастан [5] кітаптары шықты. Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын арнайы ғылыми тұрғыда зерттеу соңғы он-он бес жыл ауқымында ғана басталды. Тындырылған шаруалардың қатарына жылма-жылғы туған күндері қарсаңында жарияланып жатқан мақалаларды, әрі 50, 60, 70 жылдық мерейтой қарсаңындағы ақын-жазушылардың, ізденушілердің, ғалымдардың 500-ге тарта ғылыми-танымдық материалдарын жатқызуға болады.
Жеке ғылыми зерттеулер де бой көтере бастады.
- Қазанбаева Айнагүл Зікірқызының М.Мақатаев лирикасының лексика-грамматикалық ерекшеліктері [6];
- Бекеева Нұр-Айша Жүсіпқызының Қазақ поэзиясындағы қаһармандық рух пен трагедиялық ахуал [7];
- Хамидуллаев Күрленбайдың Мұқағали Мақатаевтың ақындық шеберлігі [8];
- Бегманова Бибіжан Сейітханқызының М.Мақатаев лирикасының ұлттық сипаты [9] кандидаттық диссертацияларын;
- Абишева Сауле Жүнісқызының Поэтическая система Мир природы структура и семантика [10] деген тақырыптағы докторлық диссертациясында да Мұқағали шығармашылығы бірсыпыра талданды.
2006 жылдың басынан Мұқағали журналы ай сайын шыға бастады. Міне бұлар ақынның бай мұрасын туған істеліп жатқан жұмыстар. Осылар арқылы Мұқағалитанудың ғалыми-танымдық бұлақ көзі ашылды, оның сала - сала боп, арналана түсері анық. Демек Мұқағали туындылары түгенделіп, байыпты зерттелген сайын ақын рухы бізге жақындап, бізді өзіне барған сайын баурап отыр. Алайда Мұқағали поэзиясы бірыңғай көркемдік, тілдік ерекшелік тұрғысынан арнайы жете қарастырылған жоқ.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері: Дипломдық жұмыстың басты мақсаты - көркем әдебиеттегі, өнердегі ілгері-кейінгі көркемдік, тілдік жүйенің сөз болу жайына барлау жүргізіп, терең негіздеріне үңілу. Қадым заманнан қазірге дейінгі ұлтық белгілеріміз бен сапаларымыздың жай - күйіне назар салып, нақты мысалдар арқылы Мұқағали поэзиясының көркемдік, тілдік ерекшелігін ғылыми саралау. Негізгі мақсатты орындау үшін дипломдық жұмыста мынандай басты міндеттерді шешу алға қойылды.
- Мақатаев поэзиясының рухани құндылыққа айналуының басты себептерінің бірі - көркемдік келісімде екендігін ғылыми тұрғыдан дәйектей отырып, көркем әдеби тіліміздің жетілуіне, бейнелік күшінің толыға түсуіне қаншалықты үлес қосқанын саралау;
- Зерттеуде Мұқағали шығармаларының тек поэзия құдірет - күшінің ауқымы мен аясына сыйып тұрған жұмбақтарына жетелеу;
- Мұқағали шығармаларында мол көрініс табатын шеберлік тұғыры - тіл тазалығына, ой саралылығына, тебіреніс тереңдігіне көңіл бөліп, ұлттық тіл байлығын құбылтуы, қолданудағы көркемдік бейнелеу ерекшеліктеріне назар аудару;
- Ақынның лирикалық туындыларындағы өмір шындығының көркем шындыққа ұласуы, адам бейнесін жасаудағы көркемдік жүйе шеберлігін сараптау;
- ақынның өлеңдеріндегі тіл байлығының жүйесін, тілдік бейнелі көркемдегіш құралдардың қолданылуын, тапқыр ойды өрнекті тілмен жеткізе білу шеберлігін анықтау;
- ақын поэзиясындағы тілді байытар тәсілдердің қолданылу жүйесін, тура және ауыспалы мағыналы сөздерді ақынның қалай қолданғандығын, ақынның поэзиясындағы айшықты сөздердің орынын, ақынның тіл шұрайын, сөздік қорын жете саралау.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.
Мұқағали шығармашылығындағы көркемдік, тілдік ерекшелік осыған дейін дербес зерттелмеген. Зерттелсе де белгілі ортақ тақырыптардың аясында, не әлденеше авторлардың айналасында қарастырылатын. Бұл жолғы зерттеу арнайы әрі нысанды мақсатта жүргізілді. Сондықтан дипломдық жұмыстың ғылыми жаңалығы көтерілген тақырыптың мәнділігімен, көкейкестілігімен айқындалады.
-Мұқағали шығармашылығының сүйенген үш тағаны, байланған үш қазығы бар.
Оның біріншісі - ақынның әрқашан да жанымен ақтарылып айтқан бүкпесіз де қарапайым сыршылдығы.
Екіншісі - асқақтық яғни өмірді сындарлы санамен екшеп, елеп парасатты пайым жасап, күрделі қорытындылар шығаратын сыншылдық көркемдеу жүйесі.
Үшіншісі азаматтығы - қоғамдық әлеуметтік мәселелерді, күллі тыныс - тіршілікті өлеңіне арқау еткен ақын кемелдігі дәлелденеді.
- Еңбекте Мұқағали шығармаларындағы ұлттық айшықтар кең ауқымда, алдыңғы толқындармен ұштастырыла, кейінгі буындармен сабақтастырыла, ұлттық идея мен идеология негізінде, өмірмен өзектестіріле қарастырылады.
- Тақырып аясында көркемдік ой-санаға қозғау салып, ұлттық рухтың оянуы мен терең тамырлануына жетелеуде әдебиеттің орны Мұқағали поэзиясы мысалында ғылыми тұрғыдан тұжырымдалады.
- Поэзияның рухани азықтығына, адами қасиеттердің орнығуына, қоғам өмірін нұрландыруға септігін тигізіп, толыққанды азаматтардың қалыптасуына оңды әсер туғызатыны, негіз қалайтыны Мұқағали өлеңдері арқылы пайымдалады.
- Поэзия үшін жырдың сұлулығы, әсем нақышты сүйкімділігі, адам болмысын билер әсерлілігі. Поэзияның адамды өзіне баурап тартар көркем образды тілі, оқырманның жүрегні жылы, тіліне жеңіл ұйқасы болуы шарт екендігін Мұқағали поэзиясы арқылы дәлелдеу.
Зерттеудің негізгі әдістері. Жұмыс барысында сипаттама жасау, жүйелеу, контекстуалдық талдау әдістері мен оларды түсіндіру, салыстыру тәсілдері қолданылды.
1. Зерттеудің дереккөздері. Диплом жұмысын жазу барысында Мұқағали шығармалары көп томдық толық жинағы (3-том, Алматы, Жалын баспасы 2013ж) алынды.
Зерттеу нысаны ретінде Мұқағали поэзиясының көркемдік, тілдік ерекшелігін мысалдар арқылы ғылыми саралау.
Ғылыми жұмыстың теориялық-методологиялық негізі ретінде А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Т.Әлімқұлов, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р. Бердібаев, С.Қирабаев, З.Ахметов, М.Қаратаев, Р.Нұрғали, С. Қасқабасов, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Қ.Мәшһүр-Жүсіп, С. Негимов, А. Егеубаев, А. Еспенбетов, З. Жұмағали, Ж. Дәдебаев, Т. Жұртбай, Б.Майтанов, Д.Ысқақұлы, Б.Әбдіғазиұлы, Д.Қамзабекұлы, Р.Тұрысбек, М.Хамзин, Т.Есембеков, Қ.Алпысбаев, т.б. зерттеуші ғалымдардың тікелей және жанама қатысы бар сындарлы зерттеулері жұмысқа теориялық және әдіснамалық негіз ретінде пайдаланылды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.
- Мұқағали поэзиясының көркемдеу жүйесі - ойлау деңгейінің биіктігімен, философиялық пайым жасау дәлдігімен, тереңдігімен дараланады. Өлеңдердегі сюжеттік желінің дамытылуы мен үндестігі ерекшелігімен, өлең мен сырласу шеберлігімен, муза құдіретін түйсіндіруімен оқшауланады.
- Мұқағали қазақ поэзиясында саяси-әлеуметтік, азаматтық, қоғамдық, табиғат, махаббат, тарихи-танымдық тақырыптағы лириканың дамуына мықтап үлес қосқан. Көркем ойлау жүйесінің соны соқпақтарын шолды, тың сонарларына алып шықты.
- Мұқағали поэзиясының ойлау, образдау, сюжеттік желі, өлең дестесіне түсіру көркемдігі үлгілі әрі айырықша мәнді дәрежеде. Оның өлеңдерін поэзия етіп тұрған ырғақ, ұйқас қана емес, сөздің ішкі құнары, терең мазмұндық қасиеті, асқақ пафостық үлгісі, образдар әлемінің табиғилығы мен үлттық мінез-құлқында.
- Ақын шығармаларындағы аталған келісті көркемдік жүйе, биік эстетикалық мұрат, терең философиялық тұжырымдар Мұқағали мақамы, Мұқағали стилі екенін бірден аңғартылды.
- Поэмалары мен классикалық үлгідегі өлеңдері арқылы қазақ жырының інжу-маржандарын молықтырды. Өлең өресінің биіктігін, жыр тынысының ұлғайғандығын айғақталды.
- Алуан тақырыпта жыр тудырған ақын ұлттық-ұлыстық мәселелерді тарихи таным тұрғысында толғай отырып, поэзиямызда бітім-болмысы бөлекше, жыр жауһарын туғызды.
- Поэма, дастандары да замана тынысын танытуымен қатар, көркем ізденістерімен дараланады. Өмір дастанда - басты рух лирикалық кейіпкер мен Дариға-жүрек ару болса, Аққулар ұйықтағанда аққу ана мен алжасқан ана, Ару - анада асыл Ана бейнесі, Райымбек, Райымбекте! Батыр баба бейнесі соғылған. Реквием. Жан азасында өлімге қарсылық көрсеткен, өмір үшін күрес үстіндегі ақын рухы көрініс береді. Әрі бұл образдар жүйесінің соны байлам, тың тұжырымдарына қанықтырады. Бұлар қоғамның, адамның, өмірдің өз дастаны, өз сыры.
- Мұқағали мұрасы ән-күймен егіз. Сымбат, сәулет, сурет өнерімен өзектес. Композиторлардың қанып ішер бұлағы, қисапсыз музыка қазынасы.
- Мұқағали өлеңдеріндегі ұлттық көзқарас тілімізді тірілтуге, дінімізді құрметтеуге, ділімізді сақтауға баулитын сипаты мол.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

1. ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ПОЭТИКАНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

1.1 Тілдік әдеби норма және поэтикалық тіл

Әдеби тілге беріліп жүрген анықтамалардың барлығында да оның негізгі бір белгісі - нормалылығы.
Норма - тілді қолданушылар талап-талғамының өскен, тілдік элементтерді саналы түрде екшеп, іріктеп алу қабілеттерінің жетілген заманында туатын саналы әрекеттің жемісі. Норма қалыптасу үшін, алдымен, тілдік бірліктің, не оның алдыңғы қатардағы тобының тілдегі нені қандай орында және қалай пайдаланса дұрыс болады деген талғамының жетілуі керек. Талғамсыз норма болмайды. Оның үстіне нормалық тілдік тұлғалардың барлық саласында да, тіл функциясының барлық көрінісінде де болуы шарт. Мұндай норманы қалыптастырып, бүкіл этникалық топ ішіне тарату және оны тұрақтандыру - жазба тілдің ғана қолынан келеді.
Норма категориясын екіге айырып анықтау керек болады: бірі - жалпы тілдік норма, екіншісі - көркем әдеби тіл нормасы. Тіл білімінде жалпы тілдік норманы анықтайтын мынадай белгілер көрсетіледі:
1) тілдің жүйесіне, яғни тілдің өз заңдылықтарына, оның ішінде грамматикалық заңдылықтарына сәйкес келуі;
2) дәстүрлік белгісі, яғни әдеби нормаға сәйкес келуі;
3) солай қолданылып кетуге, яғни тілдік узусқа қатыстылығы.
Бұл үш талапты қазақ тіліне қатыстырып, көпшілікке түсінікті етіп айтып берген еңбектер бар. Солардың ішінде, әсіресе Н.Уәлиевтің Сөз мәдениеті атты кітабын атауға болады [11;243].
Жалпы тілдік норма дегеніміз белгілі бір кезең ішінде көпшілік қабылдаған, тұрақталған қолданыстар, яғни сөздердің мағынасы, олардың фонетикалық-графикалық көрінісі (тұлғасы), сөз жасау және сөз өзгерту модельдері, синтаксистік амалдары. Әрине, норма, яғни дәл солай қолданыс (сол мағынада, сол тұлғада, солайша құбылтуда т.т.) бір уақытта пайда болып, ешбір өзгермей, қатып қалатын категория емес.Тіпті әрі-беріден соң сол қолданыс дәл сол кезеңде дұрыс деп көпшілік қабылдаған норма болғанмен, тіл тіршілігінде (тәжірибеде) өзгеріп, үлгілілік сипатынан айырылып отыруы мүмкін немесе норма осы деп көрсетілгеніне қарамастан, оған бағынбаған кейбір элементтер күнделікті қолданыста көпшілік тарапынан баспасөзде, радио мен теледидарда, ғылыми әдебиет пен шаршы топ алдындағы шешендік сөздерде қолдау тауып кеңінен жұмсала бастайды да, жаңаша нормаға айналады. Мысалы, қазіргі қазақ тілінің грамматикалық нормасы бойынша етістіктің барған жоқ па, келген жоқ па деп қолданылуға тиісті тұлғалары барды емес пе, келді емес пе болып жұмсалуы етек ала бастады. Немесе үстіміздегі ғасырдың 50-60 жылдарында қазақ көркем әдебиеті мен публицистикасы тілінде бірыңғай екі сын есімнің, я болмаса екі үстеудің арасына қайталанбайтын да шылауын қолдану активтенді: жұмсақ та жылы, қатал да үнсіз, батыр да батыл т.т. Ал бұрын да шылауының қайталамай қолданылуы негізінен етістік тұлғаларына тән (норма) болатын (келді де кетті, отыра қалды да ойланды деген сияқты), демек, бұрынғы норма сәл өзгерді де, сол бұрынғымен қоса жаңа қолданыс орын ала бастады [12; 284].
Жалпы әдеби тілдік норманың кейбір сәттерінің өзгеріп, жаңаларының әлеуметтік қолдау табуы, әсіресе сөз жасау саласында көзге түседі. Бұған норма ретіндегі кейбір жұрнақтардың пассивтенуі, оның есесіне бірқатар сараң қолданылатын жұрнақтардың активтенуі немесе екі тұлғаны біріктіріп бір сөз жасау сияқтылар мысал бола алады. Бұның баршасы тілдің жалпы құрылымдық (структуралық) нормаларына қатысты айтылғандар. Ал норма мәселесіне келгенде, жоғарыда айтылғандай, екіге бөліп сөз ету керек:
Бірі - жоғарыда көрсетілген жалпы әдеби тілдің құрылымдық нормалары; екіншісі - сол тілдің көркем әдебиетінің ұлттық нормалары [13;172].
Қай халықтың болмасын сөз өнері ұлттық көркем тіл нормасының ең басты көрсеткіші болып танылады, ал сөз өнері көркем әдебиетте, оның поэзия, проза, драматургия, көркем публицистика жанрларында көрінеді.
Көкем әдебиет тілінің негізі - жалпыхалықтық әдеби тіл. Бірақ бұл негізді сыртқы белгілерден іздемей, яғни пәлен проценті қазақ сөздері, морфологиялық түген тұлға-тәсілдері қыпшақ тобынікі деген сияқты санаққа жүгінбей, сол көркем әдебиет үлгілерінің (дәлірек айтсақ, олардың иелері - жазушылардың) ұлттық тіл элементтеріне қалай қарағанын, қалай пайдаланғанынан іздеу керек болады.
Мысалы, көркем әдебиет, әсіресе поэзия, бағалауыш эпитеттерді жаңадан ұсынуда бұрынғы жалпыхалықтық тілдегі модельдерді пайдаланады: мысалы, теңеулерді өмір шындығынан, нақты зат, құбылыстардан алады. Сөз-символдарды жасауда да қазақтың төл элементтері жатады.
Айталық, дала сөзі қазақ поэзиясында, тіпті прозасында да бұрын да, қазір де туған жердің, қасиетті отанының символы, ал қыран құс, тарлан, тарпаң сөздері еркіндіктің, боз інген - мейірімнің, жез киік - сұлулықты аңсаудың, арманның символдары [14;141].
Көркем әдебиет - ұлттық қазына, өйткені мұнда ұлттық тілдің сөз байлығы мейлінше мол жұмасалады (қамтылады); синонимдер қорына көркем әдебиет жиі жүгінеді; көркем шығармада бір ұғымды бірнеше қырынан білдіру әрекеті басым; әр алуан ой мен сезімді білдіретін тілдік мүмкіндіктері кеңінен пайдалану орын алуда. Осылардың баршасы дәстүрді қажет етеді, яғни әдеби тіл қазынасында мол әрі икемді фразеология қоры мен әр түрлі тіркес түрлері (комбинациялары), нақыл сөздер, мақал-мәтелдер жинақталады. Жазушы осы қазынаны пайдаланады, сол қазынаның үлгісінде жаңаларын жасайды, осы арқылы әдеби тілді толықтырады, оның сөз мәдениетін жетілдіре түседі. Ал бұл құбылыс жазушының тіл жасампаздығында дәстүрлі нормаға қайшы келмеуін, тілдің жалпы және стильдік заңдылықтарымен үйлесім тауып отыруын талап етеді [10;215].
Сөйтіп, қазақ тілінің ұлттық көркем стилінің белгілері, яғни ұлттық көркем нормалары қандай дегенді анықтасақ, мыналарды айту керек болады. Орыс тіл білімінде, жоғарыда айтылғандай, көркем тілдің ұлттық ерекше белгілері жалпы ұлттық (жалпыхалықтық) тілдің нормаларымен тығыз байланысты екендігі айтыла келіп, ол белгілер мыналар деп көрсетіледі: орыс тілінің ұлылығы, яғни бұл тілде үлкен әдебиет жасалғандығы, қуаттылығы, яғни адам ойын жеткізуге қажет мүмкіндіктерінің бай екендігі, шыншылдығы, яғни таптаурын үлгілерінің жоқтығы, еркіндігі, яғни синонимдерінің молдығы, семантикалық құрылымының сыйымдылығы, сөз жасау тәсілдерінің икемділігі, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібіндегі біршама еркінділік.
Міне, орыс тіліне тән ұлттық белгілер осылар деп атай келіп, бұларды ұлттық әдеби норманың да негіздері ретінде таниды.
Ұлттық көркем тіл стилі, оның нормалары жазушы мен оқырманның талғамынан туады. Көркем стильдік нормалардың қалыптасып, орнығуында жазушылардың рөлі зор екендігі белгілі. Шын мәнінде көркем әдебиет тілі жалпы әдеби тілмен тығыз байланысты бола отырып, онымен тарихи контексте дами келіп, сол тілдің шоғырланған көрінісін береді [4;105].
Қазақ көркем сөзінің ұлттық белгілерін анықтауда біз де осы танымды ұстанамыз, яғни көркем әдебиет стиілінің нормалары, бір жағынан, жалпы әдеби тіліміздің ұлттық ерекшеліктерімен ұштасып жатса, екінші жағынан, ол нормалар көркем әдебиет тілінің ұлттық белгілерін ұсынатын қуатты көз болып танылады.
Қазақ әдеби тілінің ұлттық белгілері, біздіңше, мыналар:
1) басын аса бай ауыз әдебиеті тілі мен ауызша туып, ауызша тараған поэзия мен прозалық үлгілер тілінен алған ұзақ дәстүрлі (тарихы үлкен) тіл екендігі;
2) аса бейнелі тіл екендігі, яғни бейнелі (образды) фразеологизмдердің молдығы, теңеулердің активтігі т.б.
3) лексикасы бай тіл екендігі, яғни синонимдердің көптігі, халықтық терминологияның, жарыспалы қатарлардың молдығы;
4) лексикалық, грамматикалық мүмкіндігі күшті тіл екендігі, яғни сөз жасау тәсілдерінің икемділігі, өзге тілдерден сөз қабылдау қабілетінің күштілігі, семантикалық құбылымға бейімділігі;
5) қазақ халқы мtкендеген барлық аймаққа ортақтық қасиетінің күштілігі, яғни диалектикалық ерекшеліктердің аз көрінуі [11;25].
Қазақ көркем сөзінің ұлттық сипаты негізінен осы көрсетілген белгілерден шығады, оның нормалары осындай ұлттық сипатына орайласа, үндесе қалыптасқан.
Көркем әдебиеттің тілдік нормалары, көркем шығарманың құрылымдық типіне қарай ажыратылады, яғни поэзия мен проза жанрларының немесе прозаның (сондай-ақ поэзиясының) өз ішінен бөлінетін роман, әңгіме, драма, көркем очерк т.б. сияқты түрлерінің өзіне тән тіл жұмсау ерекшеліктері болады. Оның үстіне көркем әдеби норманың, бір жағынан, дәстүрлі-кітаби (жазба) тілмен, екінші жағынан, ауызекі сөйлеу тілімен іліктестігін, солармен өзара күрделі қарым-қатынаста болып отыратындығын ескеру керек. Қазақтың көркем прозасының ұлттық нормаларын, олардың қалыптасу, орнығу жайттарын сөз етсек, мына мәселелерге көңіл аударуға болады [6;510].
Қазақтың жазба көркем прозасы әдебиет жанры үлгілері ретінде, яғни әңгіме, повесть, роман түрінде үстіміздегі ғасырдың алғашқы онжылдықтарынан бастап дүниеге келді. Қазақ топырағында бұл жанрдың бір-ерекшелігі - тілдік-көркемдік жағынан өзінің даму барысында ондаған, жүздеген жылдар салмай, бірден дерлік белгілі дәрежедегі жазба көркем прозаның сипатын ала бастағандығы. Мұның себебін, біздіңше, мынадай факторлардан іздеуге болатын тәрізді. Біріншіден, қазақтың көркем прозасы тілінің алдында сан ғасырлар бойы дамыған әдеби тілдің, яғни қазақ поэзиясы мен қысқа аңыз-әңгіме, шешендік сөздер, шежірелер тілінің қалыптасқан нормалары, тілдік көркемдік бай арсеналы тұрды.
ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бермен қарай қалыптасып, Ыбырай, Абай сияқты қалам иелерінің қызметімен дамыған, едәуір қалыпты сипат алған қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі тұрды. Бұл екі арнаның екеуінің де нормалары қазақ прозасының қалыптасуына тікелей қатысты [8;114].
Қазақтың дәстүрлі поэзиясы мен жазба әдеби тіліне тән екінші бір сипат - бейнелілік (образдылық) болса, жас қазақ прозасы әуелден-ақ сөз мағынасын ауыстырып қолдану - метафоралауды кең пайдаланған. Метафоралау - образ жасайтын құралдардың қайнар көзі. Метафора затты (құбылысты, іс-әрекетті) атамайды, сипаттайды. Метафоралаудың (метафоризация) негізінде салыстыру мен теңеулер жатады. Бұлардың алғашқы әңгіме, повестерде бірден орын алғаны көзге түседі [16;95].
Аллегория (астарлап атау), перифраза (затты, құбылысты, іс-әрекетті суреттеп атау) сияқты сөздің образды-сиапттама мүмкіншіліктерін, яғни сөздің ауыспалы-бейнелеуіш мағынасынкең және еркін пайдалану - қазақ көркем сөзінің ұлттық басты белгілерінің бірі. Бұл - ең алдымен, поэзия тіліне етене тәсіл.
Поэзия - образдардың көрінісі. Ал қазақ әдеби тілінің ұлттық белгілерінің қалыптасуында жалпы поэзияның, оның ішінде өте ертеден келе жатқан, ауызша тараған ақын-жырауларпоэзиясының, бай ауыз әдебиетінің орны ерекше. Образдылық - тек көркем әдебиет емес, қазақтың жалпы сөйлеу тіліне де тән белгі. Бұл табиғат құбылыстарын, әсіресе өзін қоршаған ортаны атауға, тіпті балаға ат қоюға келгенде жақсы көрінеді.
Мысалы, өсімдіктердің кәріқыз, шықетер, қазтабан, құтқонбас, қозықұлақ, итмұрын, құртқашаш деген атауларының негізінде ұқсату, салыстыру, бейнелеу, суреттеу тәсілдері жатқанын байқау қиын емес. Қазақ әсіресе балаға ат қоюға келгенде, аллегорияны (астарлап атауды) күні бүгінге дейін еркін әрі актив қолданып келе жатқаны мәлім. Демек, сөздің астарлы, суреттеме мағынасын қолдану - өзге тілдер сияқты, қазақ тіліне тән ұлттық белгісінің бірі. Сөзді астарлап, бейнелеп қолдануды қазақ әдеби тілінің ұлттық белгісінің бірі дегенде, әңгіме тек бұрыннан қолданылып келе жатқан дайын образдарды - дайын штамптарды, яғни кәнігі фразеологизмдерді, теңеулерді, эпитеттерді, перифраздарды орнымен жұмсай білу жайында ғана емес, солардың қалыбын (моделін) пайдалана білуде де болу керек [10;31].
Көркем текстегі метафоралар мен метонимиялар дегеніміз семантикалық неологизмдер немесе семантикалық инварианттардың дені болғандықтан, біздіңше, оларды жалпыхалықтық тілдің мүлкі деп атнудан гөрі, жеке жазушының мүлкі (қолтаңбасы) деп білу дәлірек. Мысалы, Абайдың өз ортасын соқтықпалы соқпақсыз жер деп перифраздап (метафоралап) атауы - барлық ситуацияда, яғни жалпыхалықтық қолданыста болатын образ емес, қалам иесінің өз меншігіне жататын семантикалық неологизм. Сірә, тілдік метафора (мысалы, бір нәрсенің бастауы, негізі мағынасындағы көз сөзі немесе сын мағынасындағы талқы сөздері сияқты) мен стильдік метафора (мысалы өмірдің өтуі дегенді Абайдың күнді айдау деп беруі тәрізді) деп бөлушілік дұрыс болар.
Қазақ көркем әдебиет стиілінің табысы да, кемістігі де метафоралауда, дәлірек айтсақ, сөздің тұспалды, суреттеме мағынасын қолдануда анығырақ байқалады. Табысы көркем тіл нормасына сай түсіп дағдыға айналып жатса, кемістіктері шеберлік жағынан нормадан ауытқушылыққа соқтырады [6;114].
Қазақ тілінің ұлттық көркем әдеби нормаларының келесі сипаты - лексикалық мүмкіндіктерінің молдығы. Ең алдымен, қазақ лексикасының тарихи бейтарап (нейтрал) қабатының өзі информацияның (ақпараттың) қай түрін беруде де мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде екенін көрсету керек.Бұл бейтарап қабат - көркем шығарма тілінің де негізі, өйткені көркем проза өмір айнасы болғандықтан, күнделікті өмірдің кәнігі, қалыптағы суреті де беріледі, ол үшін алдымен ешбір стильдік бояусыз бейтарап сөздер қолданылады. Сонымен қатар бейтарап емес, стильдік ассоциациямен келетін лексикалық топтардың: поэтизмдердің, қарапайым сөйлеу тілі элементтерінің, тосын сөздер мен көнерген сөздердің т.т. көркем тексте еркін қолданылуы қазақ прозасы тіліне тән болып келеді. Мысалы, М.Әуезов: Бұрын Ырғызбай ішін кернеп жүретін қаукөрік сөздер, ұр-көппе желіктер де саябыр деген сөйлемде жалған өсек деген бейтарап сөздің орнына ұр-көппе сөзін қолданғанда, олардың экспрессивтік бояуын пайдаланып, стильдік жүкпен жұмсап тұр. Мұндай мысалдарды қазақ прозасы тілінен, әсіресе ірі сөз шеберлерінің қолданысынан көптеп келтіруге болады. Көркемдеудің бұл тәсілі - қазақ көркем әдеби тілі нормасының бірі.
Лексикалық мүмкіндіктердің молдығын танытатын элементтердің бірі - поэтизмдер, яғни белгілі бір экспрессивтік-эмоциялық реңкі бар, кез келген ситуацияда қолданыла бермейтін, көбінесе бейтарап параллелі көрініп тұратын сөздер. Мысалы, биік, сияқты, тәрізді, заман, жамандау деген сөздер - бейтарап мағыналы элементтер, ал осылармен мағыналас асқаралы, заңғар, сынды, замана, ғайбаттау деген сөздер белгілі бір стильдік бояумен (мақсатпен) қолданылатын, олар жай хабарлау үшін емес, суреттеу үшін жұмсалатын элементтер.
Лексикалық байлықты пайдалануда көркем тіл нормасы тұрғысынан келгенде, оның қалың көпшілікке түсініктілігі, ортақтығы, жалпылығы сөз болуға тиіс. Көркем шығарма авторының негізгі мақсаты және айтпақ идеясын, баяндамақ оқиғасын көпке түсінікті және әсерлі түрде жеткізу екендігі аян. Ал түсініктілік (бұл жерде әңгіме жеке сөздердің мағыналарының түсініктілігі және ол сөздерді орынды қолданудан туған ойдың - сөйлемдердің, контекстің түсініктілігі жайында) сөздердің жалпыға ортақтығын, жалпы тілдік нормаға айналған, оның ішінде көркем әдеби тіл нормасы үдесінен шығатын сөздер болуын талап етеді.
Лексикалық түсініктілік дегеніміз - ортақтық пен дәстүрлікті талап етсе, ол белгілер әдеби нормаға саяды. Демек, көркем әдебиеттегі лексикалық норма қалың оқырман қауымға түсініксіз болатын сөздерді себепсіз (стильдік уәжсіз) қолданудан сақтандырады.
Түсініксіз болатын сөздер - белгілі бір аймақта ғана жұмсалатын жергілікті сөздер, олардың ішінде диалектизмдер мен жергілікті кәсіби сөздер, көне немесе сирек қолданылатын сөздер және жазушының өзі ұсынған жаңа қолданыстар. Демек, лексикалық норма проблемасының бір ұшы - көркем шығарма тілінде диалектизмдердің көрінісіне барып тіреледі.
Жазушы әдетте айтпақ ойын оқырманға әсерлі, дәл жеткізу үшін әр алуан стильдік құралдарды іздейді. Мұндайда эмоциялық әсері үлкен, экспрессиялық бояуы қалың сөздерді таңдайды. Халықтың сөйлеу тіліндегі кейбір сөздердің, оның ішінде диалектизмдердің осындай қасиеті күшті болады. Сондықтан автор кейіпкерлерінің тілінде де, өз тілінде де (баяндауында да) мұндай сөздерді әдейі қолданады. Бірақ осы қолданыста бір жөн (мотив) болу керек және стильдік жүк арқалаған бейтаныс сөздің өзін таныстырып жұмсау, яғни түсінікті болуын көздеу мақсаты қалып қалмауға тиіс.
Диалектизмдерді көбірек қолдану өзге жазушыларды да, әсіресе соңғы ширек ғасыр ішінде жарық көрген үлкенді-кішілі проза үлгілерінен орын алады .
Мұндайда екі нәрсені іздеуге тура келеді: бірі - қалың көпшілікке бейтаныс сөздерді шамадан тыс әрі түсіндірмей қолданып, көркем шығарманың басты шарты жалпыға ортақтықтан ауытқу, екіншісі - шығарма тілін диалектілендіру екендігі айтылады.
Көркем әдебиет тілінде диалектизмдердің, кәсіби сөздердің немесе басқа да тосын қолданыстардың орын алуын сөз еткенде, оларды әрдайым нормадан ауытқу, тіл мәдениетін бұзу деп тануға болмайды. Бүгінгі қазақ көркем сөзінің тіл мәдениетін сақтау дегенде, біздіңше, ең алдымен сөзді дәл қолданбау, яғни сөзді орнымен дұрыс жұмсай алмау, қажетсіз кірме сөздерді енгізу, әдеби норма сыртында тұрған элементтерді ешбір зәруліксіз текске енгізуді айту керек.

1.2 Ұлттық көркем сөз нормасы - қазақ лексикасының байлығы

Лексикалық норманы сөз етуде көркем текстегі көне сөздер мен сирек қолданылатын сөздердің көрінісі үлкен орын алады, өйткені бұлар да көпшілік оқырманға түсініктілігі жағынан күмән туғызатын элементтер. Бірақ олардың қайткенде де қолданылатын сәттері бар және басы артық, қажетсіз жерлері бар. Демек, әңгіме тағы да жазушы шеберлігі мен ұлттық көркем тіл нормасына бағыну (немесе одан ауытқу) жайында болмақ.
Көне сөздер, олардың көнерген (архаизм) деп түрлері де, тарихтық сөз (историзм) деп аталатын түрлері де бірнеше мақсат көздей жұмсалады. Көнерген сөздер бұл күнде қолданыстан қалып, мағыналары көмескі тартқандар, орнын өзге тұлғалар басқан сөздер, ал тарихтық сөздер бұл күнде қолданыстан шығып қалған заттардың, құбылыстардың, ұғым-түсініктердің атаулары, сондықтан бұлардың жұмсалуы тек қана зәруліктен тууы қажет. Ал зәрулікті туғызатын факторлардың бірі - өмір шындығын дәл суреттеу принципін ұстау.
Айталық, өткен дәуірлерде болған оқиғалар, іс-әрекеттер, адамдар жайында жазылған көркем шығармада сол дәуірге тән, бірақ көне заттардың, құбылыстардың, қарым-қатынастардың атауларын жұмсау - көркем әдебиеттің негізгі талабы, бұл талапты дұрыс орындау суреткердің мамандық (профессионалдық) парызы .
Ұлттық көркем сөз нормасының бір белгісі - қазақ лексикасының байлығын, яғни синонимдер мен әр алуан варианттарды орынды жұмсау. Синонимдер - образдар қатарын молайтуға қатысатын құралдардың бірі. Демек, синонимдердің көркем әдебиет тілінде молынан және дұрыс қолданылуы - норма талабы. Бұл талапты өтеу үлгісі қазақтың ауызша тараған байырғы әдеби тілінен басталады. Бұл тілді танытатын негізінен поэзия болғандықтан, синонимдердің поэтикалық қызметі тіпті айқын көрінеді және бұл сипат кейінгі проза тіліне әсерін тигізеді.
Көркем тексте синонимдер қатары дегенмен бірге қабаттасқан синоним дегендерді немесе синонимдік қабаттасуларды көрсетіп, олардың көркемдік-стильдік паспортын айқындау да - көркем сөз стилистикасының міндеті. Қазақ көркем прозасында (поэзиясында да) синонимдерді қабаттастыра (тіркестіре) қолдану - әсерлі әрі актив тәсілдердің бірі деуге болады [17;2].
Жазушы сөз таңдауда екі түрлі принцип ұстайды: бірі - жалпы тіл дұрыстығын, әсіресе жалпыға ортақ ұлттық әдеби тіл нормасын сақтау, екіншісі - көркем дүние қажеттілігін өтеу, яғни дәл осы жердегі (сол сөйлемдегі, сол микротекстегі) айтпақ (білдірмек) ойына сай келетін, бермек әсеріне дәл түсетін сөзді іздеу. Жазушы үшін ең қажеті де, қиыны да осы. Нормалылық та, одан ауытқушылық та осы жерде көзге түседі. Демек, сөз таңдаудың бір ұшы шеберлікке барып тіреледі [18;15].
Көркем шығармада сөз таңдаудың негізінде бірнеше фактор жатады. Солардың бірі - көркемдік-эстетикалық мүддеден шығу. Ал көркемдік-эстетикалық талап сөзді образ үшін жұмсауды қалайды, яғни сөз арқылы образ жасау дегенмен астарласады.
Сөз таңдайтын қойманың (арсеналдың) өзі де әр түрлі болады. Олар: синонимдер қатары, жарыспалы қатарлар (варианттар, дублеттер т.б.), қарама-қарсы келетін әр алуан оппозиттер, яғни бір-біріне қарама-қарсы келетіндер: әдеби тіл - сөйлеу тілі, әдеби сөз - диалектизм, төлтума сөз - кірме сөз, бейтарап мағыналы - экспрессивті сөз т.т.
Ауытқу - нормаға сай келмейтін қолданыстар. Сырт қарағанда нормадан тыс болып көрінгенмен, шындығында сол нормадан әдейі ауытқу, яғни әр алуан себеппен болатын ауытқулар орын алады. Сондықтан барлық ауытқулар, соның ішінде сөз қолданыстағылар уәжді (мотивті немесе жөнімен) және уәжсіз (мотивсіз немесе жөнсіз) ауытқулар деп қарастырылады. Ауытқуды жалпы әдеби тіл нормасынан және көркем сөз нормасынан ауытқу деп бөліп талдау керек [11;110].
Сөз қолданыстағы жалпы әдеби тіл нормасынан ауытқу біріншіден, әдеби тілден тыс тұрған элементтерді: диалектизмдерді, қарапайым жай немесе дөрекі сөздерді, жаргондарды т.б. автор сөзінде пайдалануға қатысты қарастырылады (олардың кейіпкерлер тілінде жұмсалуы - көркем әдебиет стилінің өз нормасы, өз заңдылығы, сондықтан ауытқу проблемасы негізінен авторлық баяндау тексі бойынша қойылады), бұл - стильдік таңбасы бар сөз дегенді зерттеуге апарады.
Екіншіден, сөздің әдеби тілде қалыптасқан жалпы лексикалық мағынасынан ауытқып қолдану. Бұл орайда жазушының тілге ұқыптылығы және жауапкершілігі әңгіме болады, яғни әдейі жөнімен ауытқу сөз болады.
Үшіншіден, сөздің өзге сөздермен тіркесу нормасын бұзу. Бұл да екі түрлі ситуацияда көрінеді: бірі - білместіктен, жауапсыздықтан болатын құбылыс, келесісі - тіркестер контаминациясы дегенді әдейі пайдалану.
Сөз қолданыста көркем тіл нормасынан ауытқу, біріншіден, жалпы жазушы мәнері дегенге қатысты болса, екіншіден, текст түзімі мүдделеріне байланысты құбылыс болып табылады [19;81].
Шығармаға тұтасынан белгілі бір сипат бере баяндауда әлеумет топтарының сөйлеу үлгілері кеңінен пайдаланылады. Мысалы, Тахауи Ахтановтың Шырағың сөнбесін атты романы ауылда өскен қазақ әйелінің атынан баяндалатындықтан және романның бүкіл оқиға желісі, кейіпкерлер бейнесі сол әйелдің көзқарасымен ұсынылатындықтан, ол романдағы лексикалық, фразеологиялық құрам да, синтаксистік құрылым да бір стильге бағындырылған. Сондықтан мұндағы баяндау тілінен де, кейіпкерлер тілінен де жиырма бестен асқан дырау жігіт, қой, құрысын, ұяттағы, Светасын тіпті сорақы қызғанады, басқа ешкім жоқ, кілең қатындар емес пе деген сияқты қарапайым сөздер мен ауызекі сөйлеу тілі элементтерін жиірек кездестіреміз. Тіл мәдениеті өресінен келгенде бұлар әдеби нормадан тыс тұрған сөздер болғанмен, бұл шығармада олардың қолданылуы өте орынды, яғни бұлар мотивті ауытқулар болып танылады [20;19].
Сипаттама қос сөздердің (сын есімдер мен үстеулердің) бірсыпырасы ауызекі сөйлеу тілінен алынады да, кейде әдеби нормадан тыс тұлғалар болып көрінеді. Мысалы Қ.Жұмаділов шығармаларындағы ойпыл-тойпыл (Ойпыл-тойпылы жоқ, айғай-сүргіні аз, сенімді ортада әлі де жүре тұрғысы келіп, астанада қалып қойды. - Атамекен), әкей-үкей (Әсіресе Алтай екеуінің әңгімесі жарасып, өзара әкей-үкей болып, осында келгелі іргелері бөлінбей қойған - сонда), бақарлы-шақарлы бір әулеттен қалған көз, ескінің жұрнағы - сонда сияқты тұлғалар нормативтік сөздіктерде тіркелмеген, демек, әдеби нормадан тыс тұрған элементтер. Бірақ осыған қарамастан, біздіңше, бұлардың көпшілігін уәжді ауытқулардың қатарына жатқызуға болады, өйткені, біріншіден, дәл сол контексте бұл қос сөздердің экспрессивтік бояуы қоюлау сезіледі, екіншіден, не сөз түбіріндегі семантикасына, не контекске қарай мағыналары көбінесе түсінікті болып тұрады. Мысалы, Мұнаралардың түндегі түрі арби-сарби деген сөйлемдегі соңғы қос сөздің мағынасын арбию етістігінен шығарып тануға болады, яғни арбиған-сарбиған мұнаралар деген ассоциация туады. Немесе уқан-суқан сөзінің әңкі-тәңкі сияқты жағымсыз мәнде жұмсалып тұрғанын контекске қарай айтуға болады: ...Председательмен карта ойнап, басын уқан-суқан қып жіберді. Әрине, мұндай сирек кездесетін тұлғаларды стильдік ассоциациямен (экспрессия үшін) қолданғанда, ең алдымен олардың түсінікті болуын көздеу керек, содан соң өзге варианттарынан дәл сол жерде ұтымдылығын салмақтау қажет. Ол екі шарт орындалмаған ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
XIX г. 60-70-жылдарына дейінгі қазақ әдеби тілі және оны танытатын үлгілер
Ш.Құдайбердиев лирикасы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшеліктерін, кейбір аффикстердің қызметін, бейнелегіш амал-тәсілдерін анықтау және талдау жасау
Қырымның қырық батыры жырының лексикалық сипаты
Сөйлеу мәдениеті - жеке адамның білімдік және тәрбиелік көрсеткіші
Қазақ әдеби тілі туралы
Абай тілінің зерттелуі
Тілдік норма және тіл мәдениеті
Қазақ тіл біліміндегі қазіргі когнитивті парадигмала
Әдеби тіл және жалпыхалықтық тіл жайлы
Абай поэзиясындағы араб тілінен енген сөздер
Пәндер