Шығармашылық ойлауды дамытудың әдіс - тәсілдері


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Алпысбай Мөлдір Алтайқызы
Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыру әдіс-тәсілдері
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ«5В011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша
Алматы, 2019
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті
Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы
«Қорғауға жіберілді»
Хаттама № «» 2019 ж.
Кафедра меңгерушісі, ф. ғ. д., проф.
Ермекова Т. Н.
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫТақырыбы: Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыру әдіс-тәсілдері
«5В011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша
Орындаған: Алпысбай М. А.
Ғылыми жетекші, п. ғ. м., аға оқытушы: Сатбекова А. А.
Алматы, 2019
Реферет
Жұмыстың көлемі : 75 бет
Пайдаланған әдебиеттер саны : 41
Тірек сөздер : ойлау, логикалық ойлау, анализ, синтез, классификациялау, индукция, дедукция, белсенді әдіс, дәстүрлі әдіс, талдау, тәжірибе, жаңа технология, мазмұндық, амалдық (операциялық), мотивациялық, дүниетанымдық, шығармашылық, құзырлылық, қабілет, проблемалық ситуация.
Зерттеудің мақсаты: Қазақ тілі сабақтары барысында оқушының таным процесін, атап айтқанда, шығармашылық ойын дамытудың жүйесін белгілеу, тіл дамыту мен ой дамытудың диалектикалық байланысын, ойлау тәсілдерін, ойлау формаларын қалыптастырудың тиімді әдістерін ұсыну.
Зерттеу жұмысының міндеті:
Осы мақсатқа жетуде төмендегідей нақты міндеттер жүзеге асырылады:
- қазақ тілі сабақтарында оқушының шығармашылық ойлау қабілетін дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін анықтау;
- қазақ тілі сабақтарында баланың шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастырудың ұтымды жолдарын айқындау;
- сабақ барысында ойлау процесін дамытатын әдіс-тәсілдерді белгілеу және олардың қазақ тілін оқытудағы ұтымдылығын көрсету;
- қазақ тілі сабақ барысында оқушының шығармашылық ойлау қабілетін дамытатын әдіс-тәсілдердің тиімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдеу.
Әдіс-тәсілдері: Аталған зерттеу жұмысын жазу барысында салыстырмалы талдау, жүйелеу, жинақтау, топшылау әдістері пайдаланылды.
Диплом жұмысының жаңалығы:
- қазақ тілі сабақтарында оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытудың ғылыми-әдістемелік негізі айқындалды;
- қазақ тілі сабақтарында оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытатын әдістемесі ұсынылды.
Нәтижесі:
- тіл дамыту мен ой дамытудың диалектикалық байланысын білсе;
- шығармашылық ойлаудың табиғатын, оның мазмұны мен көлемі жөнінде нақтылы мағлұматтар алса;
- қазақ тілі сабақтарында логикалық білімдерді қолдану аясын үйренсе, онда оқушыларда ғылыми-әдістемелік жүйе қалыптасады.
Практикалық қолданысы: Зерттеу жұмысында ұсынылып отырған әдістеме оқушылардың қазақ тілі сабақтарында ойлау процесін дамытуына игі ықпал етеді. Зерттеу жұмысы мектеп мұғалімдеріне және қазақ тілін оқыту әдістемесін зерттеушілерге көмекші құрал бола алады.
Мазмұны
Реферат . . . 4
Кіріспе . . . 5-7
І тарау. Шығармашылық ойлау - сыртқы дүниені бейнелеудің ең жоғары формасы
- Ойлау - адам таным процестерінің ішіндегі ең күрделі де маңызды үдерістің бірі . . . ……… . . . ……. . 8-13
- Шығармашылық - жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі . . . ………. . 14-21
- Тіл дамыту мен ой дамытудың диалектикалық байланысы . . . 22-26
- Ақыл-ой әрекетін басқару . . . 27-34
ІІ тарау. Шығармашылық ойлауды дамытудың әдіс-тәсілдері
2. 1. Ойлау формалары . . . 35-45
2. 3. Ойлау және оқыту үрдісінде оның дамытудың жолдары . . . 46-53
2. 4. Ұғыммен жұмыс . . . 53-61
2. 4. Жаттығулар - шығармашылық ойлауды дамытудың негізі . . . 61-72
Қорытынды. 73-74
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 75-76
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі:
Оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде оқушының жан-жақты дамуының қажеттілігі қоғам талабынан туындайды. Кез-келген қоғам қашан да дарынды, қабілетті, шығармашыл адамдарға мұқтаж болып келген. Бүгінгі қоғам барған сайын күрделене түсуде. Сол қоғамға сай өзгеше қабілет-қасиетке ие жаңа ақыл иесі қандай болмақ? Қазіргі кездегі мамандық атаулының барлығы білімділікті, ептілікті, ерекше ой қызметін, мол шығармашылық мүмкіндікті, өзін қоршаған түрлі жағдайларға тез бейімделіп қана қоймай, оларды керекті бағытына шығармашылықпен бұра білу қабілеттілігін қажет етеді, міне, сондықтан халыққа білім беру саласындағы басты мақсат: ақыл-ойы жетілген, жасампаздықпен еңбек етуге қабілетті, өз тағдырын өзі шеше алатын, өз бетінше білімін толықтырып, өздігінен кәсіби шеберлігін арттыру мүмкіндігі бар жеке тұлға тәрбиелеу.
Мектепте балаға білім беру мәселесі теориялық ғалымдар жетістігіне сүйенгенде ғана нәтиже болмақ. Сондықтан дамыта оқыту әдістеме негіздері: лингвистика, педагогика, логика және психология болып табылады. Өкінішке орай мектептер білім беру жүйесі күні бүгінге дейін теориялық білімдердің соңғы нәтижелері негіздей жүргізу өз деңгейінде емес. Әсіресе, қазақ тілін оқыту әдістемесі психология мен логикадан оқшау қалды десек қателеспейміз. Олай дейтініміз, тіл материалдарын меңгертуде психологиялық тұрғыдан зерттеу жоқтың қасы. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған ғалым А. Байтұрсыновтың: «Психология әдістеме ғылымынсыз-ақ өмір сүріп, дами береді, ал әдістеме ғылымы психологиясыз күнелте алмайды және дами да алмайды. Толыққанды ғылыми пән болу үшін әдістеме ғылымы психологиялық негізде құрылуы тиіс», - деген тұжырымын ескере бермейміз [1, 55] .
Ана тілін оқыту әдістемесі тіл білімі мен психологияның теориялық қағидаларының соңғы жетістіктеріне табиғи байланысы негізінде, атап айтқанда, оқушыларды не үшін оқытамыз, нені оқытамыз, қалай оқытамыз, ненің көмегімен оқытамыз деген мәселелері зерттейді.
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында белгіленген орта білім берудің негізгі міндеттерінің бірі: « . . . білім алушылардың еңбек рыногындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету» үшін тілдік фактілерді жалаң емес, қатысымдық тұрғыдан меңгерту қажет. Бұл оқушылардың ана тілінде жатық, таза сөйлеуіне, өз ойын жүйелі, анық жеткізуге әсер етеді.
Жалпы білім беретін орта мектептерде қазақ тілін таным процестерін дамыту арқылы оқытып, оқушылардың шығармашылық ойларын қалыптастыру - бүгінгі өмір талабына сай азамат тәрбиелеудің негізгі жолдарының бірі. Себебі, оқыту процесінде ойлау процесін дамыту жолдары оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырады, ақыл есінің дамуына жағдай жасайды. Сондықтан қазақ тілі сабақтарында оқушының таным процестерін дамыту мемлекет тарапынан білім беру мекемелеріне қосылған талаптардың іске асуына игі әсерін тигізеді. Сондықтан қазақ тілі сабақтарында оқушының шығармашылық ойлау әрекетін дамытудың тиімді тұстарын айқындап, ұтымды әдіс-тәсілдерді іріктеудің маңызы зор. Мұның барлығы тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Диплом жұмысының мақсаты:
Қазақ тілі сабақтары барысында оқушының таным процесін, атап айтқанда, шығармашылық ойын дамытудың жүйесін белгілеу, тіл дамыту мен ой дамытудың диалектикалық байланысын, ойлау тәсілдерін, ойлау формаларын қалыптастырудың тиімді әдістерін ұсыну.
Зерттеу жұмысының міндеттері:
- қазақ тілі сабақтарында оқушының ойлау үдерісін дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін анықтау;
- қазақ тілі сабақтарында баланың логикалық ойлауын қалыптастырудың ұтымды жолдарын айқындау;
- сабақ барысында ойлау процесін дамытатын әдіс-тәсілдерді белгілеу және олардың қазақ тілін оқытудағы ұтымдылығын көрсету;
- қазақ тілі сабақ барысында оқушының логикалық ойлауын дамытатын әдіс-тәсілдердің тиімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдеу.
Зерттеу жұмысының мақсаты: оқушылардың ақыл-ой қызметін дамытатын ғылыми-әдістемелік жүйе жасау.
Диплом жұмысының болжамы:
Егер оқушылар:
- тіл дамыту мен ой дамытудың диалектикалық байланысын білсе;
- логикалық ойлаудың табиғатын, оның мазмұны мен көлемі жөнінде нақтылы мағлұматтар алса;
- қазақ тілі сабақтарында логикалық білімдерді қолдану аясын үйренсе, онда оқушыларда ғылыми-әдістемелік жүйе қалыптасады.
Зерттеу жұмысының әдістемелік негізі. Диплом жазуда орта мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі, оқыту процесінде логикалық ойларын дамыту жайлы, ғылыми-әдістемелік, философиялық, логикалық, педагогикалық және психологиялық әдебиеттер; оқулықтар және оқу құралдары, дамыта оқыту технологиялары жайында еңбектер негізге алынды.
Зерттеу әдістері. Диплом жазуда баяндау, талдау, салыстыру, сараптау, жинақтау, жүйелеу және қорыту әдістері қолданылады. Оқу үрдісінде ана тілі
сабақтарында оқушының шығармашылық ойлауын дамыту мәселесіне арналған еңбектер салыстырылып, талдау әдісі арқылы зерделеніп, бір жүйеге түсірілді.
Диплом жұмысының жаңалығы:
- қазақ тілі сабақтарында оқушылардың логикалық ойын дамытудың ғылыми-әдістемелік негізі айқындалды;
- қазақ тілі сабақтарында оқушылардың логикалық ойлауды дамытатын әдістемесі ұсынылды.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы.
Зерттеу жұмысында ұсынылып отырған әдістеме оқушылардың қазақ тілі сабақтарында ойлау процесін дамытуына игі ықпал етеді. Зерттеу жұмысы мектеп мұғалімдеріне және қазақ тілін оқыту әдістемесін зерттеушілерге көмекші құрал бола алады.
Диплом жұмысының құрылымы: Дипломдық іздену жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І тарау - «Шығармашылық ойлау - сыртқы дүниені бейнелеудің ең жоғары формасы»,
ІІ тарау - Шығармашылық ойлауды дамытудың әдіс-тәсілдері - деп аталады.
- Шығармашылық ойлау - сыртқы дүниені бейнелеудің ең жоғары формасыОйлау - адам таным процестерінің ішіндегі ең күрделі де маңызды үдерістің бірі
Бүгінгі білім беру жүйесі оқыту үдерісінің екі аспектісін қарастырады. Оқытудың мазмұнды аспектісі - оқушыларға салалы да терең білім беруді мақсат етеді. Оқытудың формальды аспектісі - оқушылардың ұсынылып отырған тіл материалдарын игеру дағдыларын орнықтыру, соның негізінде өз бетінше жаңа білімдерді меңгеру мен оқу мазмұнын түсіну әдіс-тәсілдерін жаңаша құру мәселелеріне назар аударады. Мұғалімдер қауымы шәкірттеріне жан-жақты сапалы білім беруге талаптанады. Алайда, «көп білген кемеңгер емес, білімін жарата білген кемеңгер» демекші, өмірде пайдаға аспаған білімнің құны көк тиын екені белгілі. Сонымен бірге мектепте оқылатын пәндердің мазмұны мен көлемі де заман талабына сай дамып күрделену үстінде. Оқушы қысқа мерзімде көптеген білім көлемін жүйелі түрде меңгеруі тиіс. Сондықтан оқушылардың таным процестерінің, оның ішінде ақыл-ойын дамыту, олардың логикалық ойлау әдіс-тәсілдерін қалыптастыру және тиімді амал-әрекеттерін қарастыру мәселесі - күні бүгінде мектеп ұстаздарының алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі.
Оқушылардың логикалық ойлау әрекетін дамыту мәселесі - аса күрделі жұмыстардың бірі. Олай дейтініміз, оқушылардың дұрыс ойлауын қалыптастыру, олардың ақыл-ой қызметтеріндегі қателікті байқап, жіберілген сол ағаттықтың неліктен болғандығын түсіндіріп, ойлау жүйесіндегі тізбектілікті, ойлау операцияларын дұрыс қалыптастыру үшін ұстазға логика мен психология ғылымдарынан қажетті теориялық біліммен қарулану қажет. Бұл бүгінгі заман талабы. Сол себепті оқыту іс-тәжірибесінде бұл бір бөлек дидактикалық мәселені құрайды. Әлемдік педагогикалық практикада бұл мәселені шешудің кейбір тенденциялары пайда болды. Солардың бірі - оқыту процесінде формальды аспектіге назар аудару.
Барлық таным процестерінің ішінде ой ең күрделі де негізгі процесс болып есептеледі. Біз тікелей біле алмайтын дүниедегі заттар мен құбылыстарды тек ойлау нәтижесінде ғана танып білеміз. Адамның ой әрекеті, әсіресе абстрактілі ұғымдар жиынтығы болып табылатын тіл заңдылықтарды бір-бірімен байланыстыра отырып түсінуде жақсы көрінеді. Сонда ойлау, логикалық ойлау дегеніміз не?
А. А. Степановтың пікірінше: «Ойлау - адам соның арқасында заттар мен шындық құбылыстарын, олардың елеулі белгілері бойынша бейнелендіретін және олардың ішінде, сондай-ақ арасында болатын әр түрлі байланыстарды ашатын психикалық процесс», - десе, Қ. Б. Жарықбаев: «Ойлау дегеніміз - сыртқы дүние мен құбылыстарының байланыс қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі», - дейді [2, 23] . Ал Т. Тәжібаев: «Ойлау деп ақиқат дүниені өзара
барлық байланыс, қатынастармен сәулелендіретін психикалық процесті айтамыз» - десе, А. А. Леонтьев логикалық ойлау ұғымына былайша анықтама береді: «Логикалық ойлау дегеніміз логика заңдылықтарын пайдалана отырып ұғымдарды, ой - пікірлерді, тұжырымдарды қолдануға негізделген ойлаудың бір түрі» - дейді.
Міне, осылайша, ойлау мен логикалық ойлау сияқты ұғымдарға берілген анықтамалармен таныстық. Ендігі мақсат оқушылардың логикалық ойлауын дамыту жолдарын айқындау.
Бұл мәселе бойынша көптеген ғалым әдіскерлердің (В. Н. Решетников, Н. Н. Поспелов, В. Ф. Паламорчук, А. Ф. Обухова, И. А. Гибш, А. В. Ершов, А. З. Редько, В. Н. Руденко, Л. Н. Венгер, Н. Айғабылов, Ж. Сейтахметова т. б. ) пікірлеріне сүйене отырып оқушының логикалық ойлауды дамыту жүйесі белгіленді. Олар:
- Ойлау формаларын қалыптастыру
- ұғым;
- пікір;
- ой қорытындылары.
- Логикалық ойлау операцияларын қалыптастыру:
- талдау;
- жинақтау;
- салыстыру;
- классификациялау;
- жалпылау;
- нақтылау, т. б.
- Ойлау белсенділігі мен өзбеттілігін дамыту:
- әр түрлі болжам, пікір айта білу;
- мәселені шешудің тәсілдерін ұсыну.
М. Жұмабаевтың пікірінше: «Адам ойлау арқасында ғана заңдардың көріністердің аралығындағы байламды белгілеп, оларды бар қылған себептері табады. Келешекте оларға не болатынын ойлап шығарады. Келешекті болжай алады. Қысқасы, ойлай білетін адам - мағынасымен адам» [3, 36] - дейді. Яғни, адам ойлау нәтижесінде сезім мүшелері арқылы алынған мағлұматтарды өңдеп, қоршаған ортадағы өзіне таныс емес, заттар мен құбылыстарды, олардың арасындағы орын алып отырған байланыстарды, заңдылықтарды танып біледі. Шындыққа көзін жеткізеді. Белгісіз болып келген нәрсені таниды. Адамзаттың күні бүгін қол жеткізген табыстарының бәрі ойлау процесінің нәтижесінде болып табылады. Әлеуметтік және ғылыми техникалық прогресті дамытудағы басты мәселелердің қоғам мүшелерінің инициативалылығы, ізденімпаздығы мен өз беттілігі, кез келген ситуацияда жол таба білуі, жасампаздығы мен идеялық сенімділігі, сонымен бірге кәсіптік шеберлікке лайықтылығы. Бүгінгі мектептің алдына қойған ең басты талаптар жас жеткіншекті құштарлығын, шығармашылығын дамытуда бағыт-бағдар беретін әдіс-тәсілдер табу болып табылады. Оқушылардың сапалы да саналы біліммен қаруландырып, машығы мен дағдыларын (интеллектуалдық) қалыптастыруды жолға қоя отырып оларды сапалы пайымдауға, тұжырымдауға үйрету, түрлі білім көздерінен өз бетінше білімін жетілдірудің айла-амалдарымен қаруландыру, игерген теориялық білімдерін практикада шебер пайдалана алу сияқты сапалы ойлау іс-әрекетін дамытуды жолға қойылуы тиіс.
Бүгінгі өскелең талаптарға сай мектептің алдына қойылып отырған міндеттің бірі оқушыларға тек біліммен қаруландырып қоймай, сонымен бірге олардың ақыл-ой белсенділігін өрістету болып отыр. Оқушылардың ақыл-ой белсенділігін дамыту мектепте жүргізілетін пәндік білімдерді, әсіресе, тілдік материалдардың теориялық мазмұнын игеру барсында жүзеге асады. Алайда қазақ тілі сабақтарының барысында пайдаланылатын логика- психология тәсілдер, танымдық ойлау операциялары мен әдіс-тәсілдері әдістемелік ғылымда, әсіресе қазақ тілін оқыту әдістемесінде жеткілікті дәрежеде зерттелмей отыр. Басты назар қазақ тілі пәнінің ғылыми-теориялық деңгейін көтеруді мақсат етеді де, ал ғылыми таным логикасы мен әдістері назардан тыс қалып қойған деуге болады.
Бүгінгі ғылым тұрғысынан алып қарағанда әртүрлі ақыл-ой қасиеттері балада өздігінен дамымайтыны белгілі, ол әрекеттенудің жемісі. Ал әрекет дегеннің өзі тек дененің қозғалысы ғана емес, бұған ойша талаптанып, ойлау тәсілдерін жасау да жататынын зерттеуші - ғалымдар (П. Я. Галперин, Д. В. Вилькеев, И. Я. Лернер, А. В. Усов т. б. ) ерекше атап өткен.
Оқушының сабақ барысында ақыл-ой қызметін қалай дамытуға болады? Деген сұраққа В. А. Крутецкий олардың (оқушылардың) ойлау қабілетін дамыту екі категорияға тәуелді екенін атап көрсетеді: жинақталған білімдер қоры, сонымен бірге білім алуға қажетті ойлау әдіс-тәсілдерін меңгеру. Оған жататындар: анализ, синтез, классификациялау, индукция, дедукция т. б. Мұнан шығатын қорытынды, оқушы ойлай алу үшін оның санасында белгілі бір білім қоры болуға тиіс, олай болмаған жағдайда ол ойлау процесін жүзеге асыра да алмайды.
Мәселен, «себеп бағыныңқылы сабақтас сөйлемді» терең де жан - жақты игеру үшін оқушылар бұрын меңгерген материалдардан мына төмендегі мағлұматтар болуы тиіс. Атап айтқанда: 1. Себеп бағыныңқылы сабақтастың өзіне тән негізгі белгілеріне байланысты сөйлемнің себеп пысықтауыш мүшесі. 2. Себеп бағыныңқылы сабақтастың жасалу жолына байланысты көсемшенің -п, -ып, -іп және -гі жұрнақты түрлері, өткен шақтың есімше, септеулік шылауы. 3. Себеп бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы компонентінің қызметіне сәйкес келетін, яғни себеп мәнді компоненті бұрын айтылатын себеп-салдар салалас сөйлем және оның интонациясы мен тыныс белгісі осы көрсетілген материалдар жайында оқушыларға білім қоры болмаса, ойлау үрдісі іс жүзіне аспайды. Мәселен, 1. Болат қуанғаннан айқайлап жіберді. 2. Сәрсен қатты жүгіргендіктен ентігіп қалды. 3. Сәуле асыққан соң таңертеңгі асын да іше алмады. Оқушылар ұсынылған сөйлемдерді морфологиялық құрамына қарай талдау нәтижесінде тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелеріне ажыратады. Негізгі талдау (ойлау үрдісі) объектісі себеп пысықтауыш болғандықтан оларды құрамына қарай ажыратады. Қуанғаннан: қуанған: жүгірген - өткен шақтың есімше -дік - жұрнақ, - тен - шығыс септік жалғау , асыққан соң: асыққан өткен шақтың есімше, соң - септеулік шылау.
Міне осылайша талдау арқылы себеп пысықтауыштың анықтамасы, сұрақтары, мағынасы мен жасалу жолдары өткен шақтың есімшеге шығыс септік, -дықтан қосымшасы жалғану арқылы, соң шылауының тіркесу нәтижесінде жасалатыны пысықталып тұжырым жасалады.
Екінші кезеңде тақтаға (интерактивті тақтаға) Әйгерім отқа жақындап отырғандықтан, өңі балғындай қызара түсті. Бұтақтағы қызыл алмаға қолы жетпеген соң, Нұрбол саты қоюға мәжбүр болды. Шебер қимылдағаны үшін, Бибігүлді би үйірмесіне қабылдады.
Оқушыларға алдыңғы себеп пысықтауышқа келтірілген сөйлемдер мен бұл сөйлемдерді салыстыра отырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ажырату тапсырылады. Салыстыру нәтижесін тұжырымдай отырып мынандай ой қорытындысын жасайды. Жай сөйлемдегі себеп пысықтауыш сөйлемдегі іс-әрекеттің себебін білдіретін болса, сабақтас құрмалас сөйлемдегі себеп бағыныңқылы сабақтас сөйлемнің бағыныңқы сыңарына қойылатын сұрақтардың себеп пысықтауыштарға қойылатын сұрауларға сәйкес келіп, басыңқы сыңарындағы істің себебін білдіріп тұрғанын анықтайды. Яғни себеп пысықтауыштар жай сөйлемнің бір мүшесі бола тұрып, сол жай сөйлемдегі істің, оқиғаның себебін білдіретінін, ал себеп бағыныңқылы сабақтас түгел сөйлем күйінде басыңқы сөйлемдегі істің, оқиғаның болу-болмау себебін көрсететінін қорытындылады.
Сонымен бірге оқушыны өз бетінше ойлауға үйрету мәселесі, егер баланың өзінің білім алуға ықыласы, қызығушылығы, білімдерді меңгеру әдістерін білуге құлқы болмаған жағдайда талап деңгейінде шешу мүмкін емес. Осыған байланысты В. Ф. Паламарчук оқушылардың ақыл-ой қабілетін дамыту процесінде оқытудың мынандай үш құрамды бөліктерін ескеру қажет деп есептейді: мазмұндық, амалдық (операциялық), мотивациялық [4, 87] .
Мұндағы оқытудың мазмұндық құрамдас бөліктеріне оқушылардың білуіне тиісті ұғымдар жүйесі, ережелер, заңдылықтар т. б. жатады. Бұл мәліметтер оқытудың мазмұндық бөлігі - оқу бағдарламалары мен оқулықтарда сөз етіледі. Оқытудың амалдық құрамдас бөліктеріне ақыл-ой қызметінің тәсілдерін меңгеру жатқызылады. В. Д. Паламарчук оларға оқу материалдарының ең негізгі белгілерді ажырата алуды, деректерді, құбылыстарды салыстыру, сәйкестендіру мен жалпылауды өз ойын дәлелдей алуды және ойлаудың амал-тәсілдері мен әрекетін құрамды бөліктерін жатқызады да, оқушылар не мақсатпен, не үшін оқиды, білім мен дағдылар не үшін қажет деген мәселелерді түсіндіру оқытудың мотивациялық аспектін құрайды деп түсіндіреді.
Ғалым ұсынып отырған ақыл-ой процесінің үш құрамдас бөлігі бір - бірімен тығыз байланысты. Олар білім мен біліктіліктің іргетасын қалайды. Ұсынылып отырған материалдарды игерудің амал-айлаларын қаншалықты тиянақты түрде жүзеге асырылса, білім негіздерді игеру жолдарының қажеттілігін саналы түсінетін болса, ақыл-ой соншалықты шапшаң дамиды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz