Әбіш Кекілбаевтың тілдік тұлғасы


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 69 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

Бекдаулетова Зарина Базарғалиқызы

Әбіш Кекілбаевтың тілдік тұлғасы

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

5В012100 - «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша

Алматы 2019

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті

Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы

«Қорғауға жіберілді»

Хаттама № __ « » 2019 ж.

Кафедра меңгерушісі,

ф. ғ. д., проф. Ермекова Т. Н.

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

Тақырыбы : Әбіш Кекілбаевтың тілдік тұлғасы

5В012100 - «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті»мамандығы бойынша

Орындаған 4-курс студенті Бекдаулетова З. Б.

Ғылыми жетекші Қанабекова М. Қ.

Алматы 2019

РЕФЕРАТ

Көлемі - 66 бет.

Пайдаланылған әдебиеттер саны - 59.

Қосымша - 5

Тірек сөздер: тіл, тезаурус, тілдік тұлға, ғаламның тілдік бейнесі, стиль, концепт, лингвокогнитивтік деңгей, лингвомәдени деңгей, поэтикалық тәсіл, ұлттық құндылық, мәтін, окказионалдық бірлік, синтаксистік айшықтау, метафора, метонимия, теңеу, эпитет, стильдік талдау, когнитивтік талдау, интеллектуалдық өріс, мәтін авторы, тілді тұтынушы, адресант/адресат, сөздік портрет, ұлттық тұлға, элиталық тұлға.

Мақсаты: Ә. Кекілбаев шығармалары негізінде оның тілдік тұлғасын сипаттайтын деңгейлік құрылымдарды анықтау, вербалды-семантикалық деңгейдегі окказионалдық бірліктердің қызметін ашып көрсету, жазушы тілдік тұлғасын зерттеудің тіл біліміндегі жаңа бағыттармен сабақтастырыла отырып айқындау.

Міндеттері:

- қазіргі тілтаным ғылымындағы тілдік тұлға туралы ғылыми көзқарастарды сипаттау мен жүйелеу;

- жазушы тіліндегі авторлық сөз қолданыстарын вербалды-семантикалық тұрғыдан анықтау;

- жеке авторлық қолданыстардың лингвотанымдық сипатын айқындау;

- жеке авторлық қолданыстардың лингвомәдени ерекшеліктерін ашып көрсету.

Қолданылған әдістер: сипаттау, стилистикалық-семантикалық талдау, салыстыру, баяндау әдісі және когнитивтік талдау әдістері қолданылды.

Нәтиже:

- Ә. Кекілбаевтың тілдік тұлғасы жаңа бағыттағы зерттеулер үрдісінде зерделеніп, деңгейлік құрылымда талдауға түсті;

- жазушы тілдік тұлғасын сипаттайтын окказионалдық қолданыстар сараланып, вербалды-семантикалық деңгейде сипатталды;

- окказионалдық қолданыстардың тезаурусы талданып, авторлық ерекшеліктердің лингвотанымдық мәні ашып көрсетілді;

- окказионалдық қолданыстардың лингвомәдени ерекшеліктері айқындалды;

- индивидуалды дүние бейнесін айшықтайтын авторлық көріктеу құралдары мен афоризмдік сөз үлгілерінің қызметі ашып көрсетілді.

Практикалық қолданысы: қазақ тілі стилистикасы, сөз мәдениеті, когнитивтік лингвистика пәндері бойынша практикалық сабақтарда, көркем мәтінге лингвистикалық талдау жүргізуде тілдік материалдарды пайдалануға болады әрі сөздік жасау тәжірибесінде қолдануға мүмкіндік алады.

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 5

1 ТІЛДІК ТҰЛҒА ЖӘНЕ АВТОРЛЫҚ ҚОЛДАНЫСТАр . . . 7

1. 1 Қазіргі тілтанымдағы тілдік тұлға мәселесі . . . 7

1. 2 Ә. Кекілбаев тілдік тұлғасының вербалды-семантикалық деңгейі . . . 16

1. 2. 1 Авторлық метафоралардың қолданысы . . . 16

1. 2. 2 Авторлық метонимияның қолданысы . . . 22

1. 2. 3 Авторлық эпитеттердің қолданысы . . . 24

1. 2. 4 Фразеологизмдердің авторлық қолданысы . . . 27

2 ЖАЗУШЫ ТІЛДІК ТҰЛҒАСЫНДАҒЫ АВТОРЛЫҚ ҚОЛДАНЫСТАРДЫ ДЕҢГЕЙЛІК ҚҰРЫЛЫМДА СИПАТТАУ . . . 33

2. 1 Авторлық қолданыстардың лингвотанымдық деңгейі . . . 33

2. 2 Авторлық қолданыстардың лингвомәдени деңгейі . . . 46

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 61

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 64

ҚОСЫМША . . . 67

КІРІСПЕ

Диплом жұмысының сипаттамасы . Қазіргі таңда антропоөзектік (адамтанымдық) бағыттағы тілдік тұлға мәселесіне деген ерекше қызығушылық арта түсті. Осымен байланысты тілтанымдық зерттеулер нәтижесінде тілдік тұлға, концепт, ғаламның тілдік бейнесі және т. б. терминдер пайда болып, оларды түбегейлі, жан-жақты зерттеу қолға алына бастады. Тілдік тұлға мәселесі тіл білімінің бүгінгі талабының басты нысаны болып отыр. Бұл бағыттағы ізденістер мен зерттеулер қазақ тіл білімінде соңғы кезде қарқынды түрде қолға алына бастады.

Сөзді ойната білудің шеберлік үлгісін беру, белгілі бір ұлттың концептуалдық дүниетанымындағы когнитивтік кеңістікті тілдік астармен әдіптеу кез келген суреткердің пешенесіне жазылмаған қабілет болса керек. Бұл - тілдік тұлғаға ғана тән бірегейлік. Белгілі қаламгер, сыншы Құлбек Ергөбек кемеңгер жазушы Ә. Кекілбаевтың бірегей тұлғаға тән суреткерлік, ғалымдық қабілетін терең танудың зор міндет, рухани қажеттілік екенін атап өткен-ді: «қазаққа, қазаққа ғана емес адамзатқа мәңгілік құндылық қалдырып өткен Әбекеңді игеріп оқу, бойлап тану, ойлап бойға сіңіру - сол міндет ендігі жерде!»

Олай болса, ұлт жанының жанашыры, көсем сөздің білгірі, ойшыл ғұлама Әбіш Кекілбаев тұлғасы - қазақ руханиятында өзінің шығармашылық қолтаңбасы айрықша, рухани-мәдени өресі биік тау тұлға ретінде танылады.

Жұмыстың өзектілігі . Дипломдық жұмысымызда қайталанбас қасиетке ие қаламгер Әбіш Кекілбаев шығармашылығын тілдік тұлға теориясы негізінде талдаудың өзектілігін көрсетуді мақсат еттік. Ал кең тұрғыда мәтіндік талдау болашақтың ісі деп үміттенеміз. Қаламгер тұлғасын танудың елеулі қыры - автордың танымы мен прагматикалық уәж-мақсатынан туындаған, жазушы тілдік тұлғасын сипаттайтын авторлық (окказионалдық) сөз қолданыстары. Өйткені кез келген тілдік тұлға, ең алдымен, өз ана тілін түрлендіруші, байытушы және оны дамытушы. Ocы opaйдa Әбіш Кекілбаевтың тiлдiк тұлғacының тaнымдық-шығapмaшылық нәтижеci pетiндегi нaқты пpaгмaтикacы - тұлғалық болмысын танытатын окказионалдық сөз үлгілері. Өйткені ұлттық мәдени құндылық ретіндегі тілдік мұраны, ұлттық дүниетанымды терең меңгерген, «сөйлесе қызыл тілдің шешені» атанған Ә. Кекілбаевтың сөз өнеріндегі авторлық тілдік әлеуетін ашып көрсету - ұлттық болмыс пен халықтың дүниетанымын тануда маңызы ерекше деп ойлаймыз. Өйткені жазушы тілдік тұлғасын сипаттайтын авторлық сөз қолданыстары жазушының жеке танымына, субьективтік көзқарасына, әлемді бейнелеу ерекшелігіне негізделеді. Олай болса, тілді танымдық қырынан анықтайтын таным ұғымы мен окказионализмдік құбылысты байланыстыра зерттеп-зерделеу әбден қажет деп танимыз. Нақты айтқанда, тілдегі авторлық қолданыстарды зерттеу нысаны ретінде алып, қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарымен сабақтастыра отырып зерделеу көкейкесті мәселе ретінде танылады. Жазушының авторлық шығармашылығы - өзінің тілдік әлеуетін таныту мәнері, сөз өнеріндегі тілдік тұлғаға тән ерекше қыры, өзіндік ой-танымының, көркемдік әлемінің көрінісі болып табылады.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері.

Диплом жұмысының негізгі мақсаты ­- заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзжасам шығармашылығын «тілдік тұлға» теориясы аясында сипаттау. Қаламгер тілдік тұлғасының лингвокогнитивтік деңгейін, авторлық қолданыстардың лингвомәдени табиғатын анықтау болып табылады.

Зерттеу мақсатына мына міндеттерді шешу арқылы қол жеткізуге болады:

  • Ә. Кекілбаев тілдік тұлғасын зерттеудің тіл біліміндегі жаңа бағыттармен сабақтастығын ашып көрсету;
  • қазіргі лингвистика ғылымындағы тілдік тұлға мәселесін сипаттау;
  • авторлық қолданыстар - лингвотанымдық құбылыс екендігін дәйектеу;
  • авторлық көріктеу құралдарының түрлерін айқындау, олардың қолданыстық ерекшеліктерін анықтау;
  • авторлық қолданыстардың лингвотанымдық сипатын ашып көрсету;
  • окказионал бірліктердің лингвомәдени көрінісін айқындау.

Жұмыстың нысаны. Ә. Кекілбаев шығармаларының тілі.

Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері. Жұмыстың ғылыми негізі ретінде шетел ғалымдары В. Гумбольдт, Ю. Н. Караулов, еңбектерімен бірге, А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұмалиев, М. Балақаев, Е. Жанпейісов, Ш. Сарыбаев, Р. Сыздықова, Е. Жанпейісов, М. Серғалиев, Н. Уәли, Ж. Манкеева, А. Алдашева, Қ. Қадырқұлов, Х. М. Нұрмұқанов, Г. Ә. Мұратова, Б. Нұрдәулетова, Ш. Елемесова, Л. Ә. Еспекова, Ш. Ниятова, Ф. Қожахметова, Г. Имашева, Ж. Ермекова және т. б. зерттеушілердің еңбектері басшылыққа алынды.

Жұмыстың нәтижесі:

  • Ә. Кекілбаев тілдік тұлғасы алғаш рет зерттеу нысанына алынып, талдауға түсті;
  • жазушы тілдік тұлғасын анықтауда автор танымынан туындаған окказионалдық қолданыстарға лигвокогнитивтік, лингвомәдени, лингвостилистикалық сараптау жүргізілді;
  • көркем мәтінде пайда болған жеке авторлық қолданыстар жүйеленді;
  • авторлық қолданыстар тілдік нормаға қайшы келген бірліктер болғанымен, стилистикалық нормада өзіндік бояу тауып, жазушылық шеберлікпен ұтымды қолданылғандығы дәлелденіп пайымдалды;
  • авторлық ерекшеліктер лингвотанымдық деңгейде талданып берілді, сөз өнеріндегі қаламгердің жеке тұлғасын танытудағы басты құралдар екені анықталды;
  • авторлық қолданыстардың лингвомәдени табиғаты ашып көрсетілді;
  • тілдік тұлғаның поэтикалық ойлау жүйесінің ерекшелігі индивидуалды дүние бейнесін айшықтайтын авторлық көріктеу құралдары мен афоризмдік сөз үлгілерінің қызметі арқылы дәйектелді.

Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

1 ТІЛДІК ТҰЛҒА ЖӘНЕ АВТОРЛЫҚ ҚОЛДАНЫСТАР

  1. Қазіргі тілтанымдағы тілдік тұлға мәселесі

Қазіргі тіл біліміндегі зерттеулер өз нысанын «адаммен», жеке тұлғамен байланыстырып, қарқынды түрде жүргізілуде. Осы себептен тұлғаны оның тілінен тыс зерттеу мүмкін еместігі жөнінде орыс тіл білімінің көрнекті ғалымы Ю. Н. Караулов былай дейді: «Языковая личность - эта та сквозная идея, катороя пронизывает все аспекты языка и одновременно разрушает границы между дисциплинами, изучающими человека, поскольку нельзя изучать человека вне его языка» [1, 3 б. ] . Лингвистиканың негізгі бағыттары тілдің қолданыс аясында өрбіп келе жатқаны кездейсоқ мәселе емес. Адам болмысы тіл табиғатында анықталып, өз мүмкіндігін тіл арқылы көрсетеді. Яғни, мұнда адам тілдің қатысымдық, эстетикалық қызметі мен мағынасына жүгінеді.

Когнитивтік лингвистикада алғаш рет қарастырыла бастаған «Тілдік тұлға» мәселесі қазақ тіл білімінде де кеңінен зерттеліп, сөз бола бастады. «Тілдік тұлға» ақынның немесе жазушының өз образы (Қ. Жұмалиев) мәселесінде әдебиет тұрғысынан және тілдік тұрғыдан зерттеліп келеді. Мысалы: Р. Сыздық «Абай шығармаларының тілі», А, 1968; Е. Жанпейісов «М. Әуезовтың «Абай жолы эпопеясының тілі», А, 1976. Бұл іргелі зерттеулерде белгілі бір суреткер тілінің жалпы сипаты мен шығармашылық ерекшелігі сөз байлығы, көріктеу амал-тәсілдерін шебер қолданудың тілдік көріністері (метафора, теңеу, эпитет т. б. ), стильдік қолданыс ерекшеліктері шығарма тілінің құрылымдылық жүйесіне сүйеніп жасалған еді. Ал, осы дәстүрлі лингвистика негізінде одан әрі даму үстіндегі қазіргі тіл білімінің антропоцентристік бағыты негізгі назарды сол шығарманы жазушының тұлғасына, танымдық (шығармашылық) болмысына аударады да, тілді соның нәтижесі, көрінісі деп түсіндіреді. Осымен байланысты қазақ тіл білімінде тілдік тұлға мәселесін зерттеген Ф. Терекованың «Языковая личность К. К. Жубанова», Ф. Қожахметованың «Тұрмағанбет Ізтілеуов тілдік тұлғасының дискурстық сипаты», И. Айбаршаның «Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті», Ш. Елемесованың «Көркем мәтіндегі ұлттық мәдениеттің тілдік релеванттары (Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы бойынша) », Ш. Ниятованың «Махамбеттің тілдік тұлғасы», Г. Мұратованың «Абайдың тілдік тұлғасы: дискурстық талдау мен концептуалды жүйесі», А. Әмірбекованың «Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М. Мақатаев поэзиясы бойынша) », Г. Имашеваның «Міржақып Дулатұлы шығармаларындағы «Ғаламның тілдік бейнесі», Ж. Ермекованың «Мағжан Жұмабаевтың тілдік тұлғасы» атты еңбектерін атап өтуге болады.

Аталған мәселеге қатысты зерттеулердегі ғылыми көзқарастарды қысқаша сипаттайтын болсақ, ең алдымен, тілдік тұлғаға тән қасиеттерді оның ұлттық болмысына сай етіп қарастырған еңбектер екендігі анық байқалды. Мұндай бағыттағы зерттеулер ғалым Ю. Н. Караулов еңбектерінен бастау алатыны даусыз. Бұл тұрғыда әсіресе, орыс тіл білімінде біршама зерттелген бұл мәселеге қазақ тіл білімінде қазіргі таңда шындап ден қойылып, назарға алынып өзіндік сала ретінде дамып келеді. Зерттеу еңбегінде ұлттық тұлға терминін қолданған ғалым И. Айбарша [2] ұлттық мәдениеттің тілде орныққан тілдік бейнелеріне талдау жасайды. Көркем мәтіндегі ұлттық мәдениеттің тілдік релеванттарын зерттеген Ш. Елемесова [3] дара тіл өзгешелігін лингвостилистикалық және психолингвистикалық сабақтастықта талдайды. Т. Ізтілеуовтың тілдік тұлғасының дискурстық сипатын зерттеген Ф. Қожахметова «тілдік тұлға» дегеніміз ұлт тілі мен ұлт мәдениетінің ақпаратын сатылы деңгейде толық меңгерген тілдік-мәдени құзірет иесі» [4, 20 б. ] ретінде анықтауға болатындығын айтады. Г. Имашева М. Дулатұлы тіліндегі қазақ ұлтының рухани дүниетанымы оның тіліндегі «ғаламның бейнесі» ретінде байқалатындығын айта келіп, сонымен бірге тілдік тұлға туралы «тілдік тұлға» есімі, оның айтқан сөздері, шығарған өлең-жырлары, жазған мақалалары ел есінде мәңгі қалуы тиіс» [5, 7 б. ], - деген пікір айтады. Абайдың тілдік тұлғасын зерттеген ғалым Г. Мұратова қазақ тіл біліміндегі тілдік тұлғаның классикалық үлгісін ұлы Абайдың қазақ әдеби тіліндегі орнын саралау арқылы айқын көруге болатындығын айта келіп, тілдік тұлға мәселесін анықтауда «өзі меңгерген ұлт тілі мен мәдениетін өзгеге таныта отырып, тілді тұтынушы ретінде әрі тілді жасаушы ретінде, тұтастай алғанда тіл тарихына (синхронды, диахронды күйіне), тілдің дамуына қандай үлес қосқанын айқындау мәселесі - Тілдік тұлға мәртебесін одан әрі бекіте түсетін немесе оның тағы бір қырын, яғни толыққанды Тілдік тұлға болмысын ашатын басты ұстаным болуға тиіс» [6, 11б. ], - деп біледі. Ал М. Жұмабаевтың тілдік тұлғасын зерттеу нысаны етіп алған ғалым Ж. Ермекова тілдік тұлғаны түсіндіруде тілдік тұлға болып табылатын жеке адам қалыптасуының негізгі жүйелерін анықтау қажет дей келіп, М. Жұмабаевтың тілдік тұлғасының қалыптасуына негіз болған лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлар, ол өмір сүрген кездегі қоғамдық-әлеуметтік ахуал саралана келіп, тілдік тұлға жөніндегі өз ойын былайша түйіндейді: «тілдік тұлға - мәдениетті, тілді, құндылықтарды, білімді және дәстүрді тұтынушының жинақталған бейнесі» [7, 132 б. ] .

Лингвистика іліміндегі антропоөзектік бағыттың өркендеуіне байланысты, тіл білімі адамның сөйлеу әрекетін жан-жақты қарастыруда. Ол өз кезегінде адамның шығармашылық қабілетін анықтауға да мүмкіндік береді. Осыған сәйкес көркем шығарманы тудырушы тілдік тұлғаның көркемдік, тілдік құралдарды қолдану ерекшелігі ғылыми-теориялық тұрғыдан қарастырылады. Демек, автор біздің күнделікті түсінігіміздегі бетпе-бет сөйлеуші субъекті ретінде емес, көркем мәтін иегері, сөз шебері деңгейінде қарастырылады. Демек, тілші ғалымдар нақты поэтикалық тұрғыдан келу арқылы біртіндеп автордың шығармашылық бейнесін айқындауға ұмтылады.

Тілдік тұлға бүгінде тіл білімінде әртүрлі терминдермен айтылып жүр. Дәлірек айтсақ, субьект (әлемді танушы және әлемді өз сөзінде бейнелеуші), индивид , мәтін авторы , тілді ұстанушы информант , активті, пассивті информант, айтушы/тыңдаушы, сөздік портрет, идиолект, автор бейнесі, интеллектуал, автор образы, ақынның өз образы т. т. Бұл атаулар әртүрлі ғылымдардың адамның саналы деңгейін зерттеуден туған деп ойлаймыз. Сондай-ақ әртүрлі ғылым салаларының тоғысып, даму үстінде болғандықтан әр зерттеуші тілдік тұлғаны өзіндік тұрғыдан анықтауға тырысады.

Тілдік тұлға мәселесіне арналған ғылыми әдебиеттерде «тілдік тұлға» ұғымынан басқа «ұлттық тілдік тұлға», «көркем тілдік тұлға», «күшті тілдік тұлға», «бірегей тілдік тұлға», «қазақи тілдік тұлға» т. б. терминдері де қолданыста кездеседі. Бұл терминдердің «қарапайым», «дағдылы» тілдік тұлғалар мен өзіндік қолтаңбасы бар жоғарыдағы атаулармен аталған тілдік тұлғаларды ажыратып көрсету үшін қатар қолданылғандығын байқаймыз. Осындай тілдік тұлғаның бірі Ә. Кекілбаевтың тілдік тұлғасын тануға арналған дипломдық жұмысымызда тілдік тұлғаға тән қасиеттерді оның ұлттық болмысын танытатын авторға тән тілдік қолданыстарды анықтау тұрғысынан зерделеуге ұмтыламыз. Өйткені жазушы шығармалары ұлттық дәуір келбетін, тарихи ұлы тұлғалар болмысын терең де шебер бейнеленуімен, даралық стилімен, ұлттық рухымен ерекшеленеді.

Академик В. В. Виноградов тілдік тұлғаны екіге бөліп зерттеген: автор тұлғасы және кейіпкер тұлғасы. Ал «Тілдік тұлға» ұғымына айтарлықтай толық әрі жүйелі түсініктеме берген Ю. Н. Караулов көркем мәтінді тірек ретінде алып, тілдік тұлғаның үш деңгейлік үлгісін көрсетеді: вербалды-семантикалық, лингвокогнитивтік, прагматикалық (мотивациялық) [1, 118 б. ] . Бұл үш деңгей мынадай негізде жасалған: тілдік бірліктер - сөздер, жалпылама ұғымдар - концептілер және қолданыс қажеттіліктері. Бұл үш деңгейлік үлгі: вербалды-семантикалық (немесе өзіндік тілдік) ; когнитивтік (немесе танымдық) ; прагматикалық - тілдік тұлғаны кеңірек сипаттауға, жан-жақты тануға мүмкіндік береді. Вербалды-семантикалық сипаттама жеке адамның сөздік қорынан құралады. Яғни, табиғи вербалды қарым-қатынаста қолданатын барлық сөз қоры мен сөз тіркестері қолданыс жүйесіне түседі. Сонымен қатар лексикалық бірліктер саны ғана емес, әрі оларды функционалды стилистикалық қызметіне сәйкес дұрыс, әсерлі қолдана білу қабілеті арқылы көрінеді. Бұл сипаттаманың ерекшелігі тек осы қабілетті меңгеру деңгейімен ғана емес, сондай-ақ сөзжасам, грамматика және айтылу нормаларын бұзбаумен де анықталады. Вербалды-семантикалық деңгей әрбір тілдік тұлғаның жекелік көрсеткіші ретінде қабылдана отырып, оның өзіндік дүниетанымдық деңгейінің алғы шарттарын да көрсетеді. Бұл келесі танымдық деңгейде көрініс табады. Демек, тілдік тұлғаның интеллектуалдық (зиялылық, парасаттылық және рухани) өрісі, ойлау жүйесін айғақтайтын адамның танымдық әрекеті болып табылады. Әрбір жеке адам бойында өзінің даму барысында болмысын, «ғалам бейнесін» білдіретін ерекше идеялар туындайды.

Тілдік тұлға , ең алдымен, өз ана тілін дамытушы адам ретінде танылады, сондықтан оның тілінің мазмұны, сол тілдегі тыныс-тіршіліктен хабар береді. Бұл тұрғыдан да Ю. Н. Карауловтың пікіріне жүгінсек: «Біріншіден, тілдік тұлға әлеуметтік заңның қорытындысы әрі түйіні болады; екіншіден, тілдік тұлға этностың тарихи өсуінің жемісі, үшіншіден, тілдік тұлға меншіктілікке, оның биологиялық, әлеуметтік, физикалық заңдарына байланысты болады; төртіншіден, тілдік тұлға өзінің қолданыс аясында жүйелі құрамды белгілерді жасаушы, пайдаланушы болып табылады да, нәтижесінде «стиль - адам» деген қорытынды жасауға болады [1, 22 б. ] .

«Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті» атты еңбегінде ғалым Ислам Айбарша тілдік тұлға құрылымын сатылы жүйе бойынша былай көрсетеді: «Тілдік тұлға құрылымын сатылы: философиялық, яғни тіл, интеллект және қоршаған орта, психологиялық, семантикалық, танымдық және прагматикалық деңгейлерден тұратын құрылымдық жүйе ретінде сипаттауға болады. Осылардың ішінде танымдық деңгейде белгілі бір этномәдени ұжымның, яғни ұлттың дүниетанымдық білімі мен ұғымы көрініс құрайды» [2, 11 б. ] . Бұл жерде ғалымның пікірлерінен Ю. Н. Карауловтың тілдік тұлғаның деңгейлік үлгісі жөнінде айтқан тұжырымдарын негізге алғандығы аңғарылады. Тілдік тұлға табиғаты - кешенді зерттеуді қажет ететін күрделі құбылыс. Сол себепті зерттеуші Ф. Б. Қожахметова «Т. Ізтілеуовтың тілдік тұлғасының дискурстық сипаты» зерттеуінде былай дейді: «Тұлға - тарих, әлеуметтану, әдебиеттану ғылымдарымен қатар әлеуметтік-лингвистикалық және психолингвистикалық категория. Әлеуметтік қажеттілік мұраты - жетілу. Бұл мақсатқа жету үшін зерттеу нысанамызға алып отырған Тұрмағамбет Ізтілеуовтың тілдік тұлғасын әлеуметтану, психология мен тіл білімі ғылымдарының қиылысқан жерінен іздемек керек» [4, 20 б] .

Осымен байланысты ғалым Ф. Б. Қожахметова « тілдік тұлға » мәселесіне келудің үш жолын атап көрсетеді:

1. Психолингвистикалық. Тілді зерттеудің психолингвистикалық аспектісіне алғаш назар аударғандардың бірі И. А. Бодуэн де Куртенэ. Оның пікірінше, тілдік тұлға ұжымның әлеуметтік-тілдік формасы мен нормасын, әлеуметтік топтың тілдік дүниетанымын бейнелеп көрсетеді.

2. Лингводидактикалық. Қазіргі лингводидактика тілдік тұлғаны тілдік қабілеттерді қосып алушы көпкомпоненті күрделі жүйе ретінде көрсетеді.

3. Философиялық. Бұл жол кең ұғымда академик В. Виноградовтың еңбектерінде көркем әдебиет тілін зерттеуден тұрады [4, 17 б. ] .

Бұл келтірілген деректерден тілдік тұлғаны анықтау жолдарының ішінде тілдегі тілдік тұлға көрінісіне байланысты Ю. И. Карауловтың бағыты нанымды, дәйекті болып табылады. Дәстүрлі тілдік мәселесі қашанда алдыңғы орыннан көрінеді, өйткені әр ұлттық мәдениеттің өкілі дәстүрлі тіл таным өзегінен көрінеді. Сондықтан адамның жалпы интеллектуалдық деңгейі тілдік тұлғаның қалыптасу баспалдақтарының іргетасы болады. Әсіресе, тілдік тұлғаның парасаты, өзіндік білім көкжиегін анықтауда когнитивтік сипат жетекшілік қызметке ие болады. Тілдік тұлғаның таным көкжиегі, әлемдік көзқарасы дәстүрлі тілдік талдауларда анық байқала бермейді. Тілдік тұлғаның саяси, қоғамдық, психологиялық және т. б. ерекшеліктері оның тұлғалық мінезінің құрылымын түзеді.

Шығарма авторын тілдік тұлға ретінде тану үшін, біздің пайымдауымызда, оған қойылатын бірнеше критерийлері болуы тиіс.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ - МӘДЕНИ СТЕРЕОТИП
Қоғам және мемлекет қайраткері, қаламгер, драматург, философ, сыншы Әбіш Кекілбайұлының өмірі және қызметімен танысу
Әбіш Кекілбаевтың Елең – алаң романындағы монолог пен көркем диалогтың қызметі
Кекілбаев, Әбіш
Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы
Тіл - көркем әдебиеттің негізгі құралы. Әбіш Кекілбаев шығармашылығы
Көркем шығармадағы ішкі монологтың зерттеу нысандары
Жазушы шығармаларындағы ұлттық мінез бен қазақы болмыс
Әбіш Кекілбаев прозасы
ІШКІ МОНОЛОГТЫҢ АВТОР БАЯНДАУЫНДАҒЫ ОРНЫ МЕН КӨРКЕМДІГІ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz