Қазақ әдебиетіндегі мемуарлық шығармалардың басым бөлігі - романдар


Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 84 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе 4

I бөлім . Мемуарлық шығармалар - адамгершілік қарым-қатынастардың деректілік негізі 6

1. 1. Ғұмырбаяндық туындылардағы тұрмыстық қарым-қатынастар қайшылықтарының бейнеленуі 6

1. 2. Мемуарлық шығармалардағы халық тарихы деректерінің мәні26

II бөлім . Мемуарлық шығармалар - халық тұрмысы шындығы көркем бейнеленуінің тарихи-танымдық қазынасы 30

2. 1. Халық ортасындағы ұлттық, ата-бабалық ұстаным өкілдері тұлғаларының бейнеленуі 30

2. 2. Деректілік пен көркем шындық тұтастығындағы

бейнелілік өрнектері -59

Қорытынды 81

Пайдаланылған әдебиетте р тізімі 84

Кіріспе

Жұмыстың жалпы сипаттамасы: Қазақ әдебиеті тарихындағы мемуарлық шығармалар - ұлттық тарихтың көркем шежіресі. Деректердің нақтылы сипатына негізделген мемуарлық шығармалардың тарихи поэтикалық болмысы арқылы адамзат ұрпақтарының қарым-қатынастарындағы адамгершілік-имандылық ұлағаты танылады. Авторлардың ғұмырнамалық-өмірбаяндық деректері бойынша жазылған мемуарлық шығармалар арқылы ұлт тарихындағы тұлғалар тағылымы, қоғамдық-әлеуметтік оқиғалардың мәні, маңызы айқындалады.

Жанрлық формалардың қазақ прозасында дамуы, өзгеруі, жаңаруы туралы мәселе күн тәртібінен түсіп көрген емес. Кеңес өкіметі тұсында қазіргі орныққан ғұмырбаяндық әдебиет мемуарлық немесе өмірбаяндық жанр түрінде ғана қарастырылды. Негізінде үшеуінің мағынасы бір, синоним сөздер болғанмен, әрқайсының өзіне тән ерекшеліктері бар.

Қазақ әдебиетінің Энциклопедиялық анықтамалығында: «Өмірбаяндық жанр - жазушы өз түсындағы қоғам жайын өз көрген-білгенімен ұштастыра, тарихи тұрғыдан баяндайтын, деректі көркем шығарма. Сондықтан, мұндай шығарма жазатын автордың өмірлік тәжірибесі сөз етуге тұрарлық, басқаға да үлгі- өнеге боларлық дәрежеге сай келуі керек. Көптеген ақын-жазушылар кезінде бұл жанрға қалам тартқан. Онда автордың тек өмірбаяны ғана қамтылып қоймай, ішкі жан дүниесі, ой-сезімі, арман-мүддесі, айнала ортадағы адамдармен қарым-қатынасы, тіпті, өз басы нені идеал тұтқаны арқау болады. Сондай-ақ, жеке тұрмыстық жайлар ғана емес, автордың өзі өмір сүрген қоғамға қатынасы туралы айтылып, түрлі әлеуметтік жайлар мен оған деген көзқарас білініп отырады. Жазушының басынан өткен елеулі деген оқиғалар қамтылады. Өзі көріп-білген, көңілге түйген жайлар, саясат және қоғамдық күрес ахуалы тілге тиек етіледі. Автор өзін үнемі жақсы жағынан көрсетумен шектеліп қоймай, кейде жаза басқан, қателескен, қиындыққа тап келген сәттерін де бейнелеуі орынды. Бір сөзбен айтқанда, автордың өз түлғасы келелі оқиғалармен ұштасып, тар көлемде қалмауының мәні зор. Сондықтан кез келген автор Өмірбаяндық жанрда шығарма жазуға ұмтыла бермейді . . . Өмірбаяндық жанрдағы шығармалар көбіне қара сөз түрінде (повесть, роман) жазылады. Бұл жанрдың үлгілері естелік (мемуар) түріндегі шығармаларға жақын келеді. Бірақ оқиғаға ойдан шығарылған жағдайлар кейіпкерлерде еркін араластырылып, көркемдік қиялға көбірек орын беріледі» [1, 240-б. ] .

Бұған мысал ретінде келтірілген С. Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешу», М. Горькийдің «Менің университеттерім», С. Мұқановтің «Өмір мектебі», Ғ. Мұстафиннің «Өмір белестері», «Көз көрген», Б. Момышұлының «Ұщқан ұя», М. Ғабдуллиннің «Менің майдандас достарым» т. б. сияқты көрнекті туындылар қазақ әдебиетіндегі мемуарлық роман жазу дәстүрін қалыптастырды. Бұлардың барлығы кең көлемдегі ғұмырбаяндық роман жанрының алғашқы негізі болып, кейінгі кезде дүниеге келген ғұмырнамалық шығармалар үшін дәстүрлі үйрену мектебі болды.

Зерттеудің өзектілігі: Қазақ әдебиетіндегі мемуарлық шығармалардың басым бөлігі - романдар. Романның эпикалық көлеміне орай қаламгерлер өздерінің анасы өсірген отбасын, ауыл-аймақты, ұлғая келе бүкіл байтақ Отанды қамтыған эпикалық баяндаумен шығарманың адамдар тағдырын жан-жақты танытатын жанрлық болмысымен ерекшеленеді. Бұл - ғұмырлық романдарды зерттеудің, зерделеудің өзектілігін танытатын басты ерекшелік. Белгілі ғалым Шерияздан Елеукенов «Тарихи романның жаңа өрісі» деген мақаласында: «Еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрес тақырыбы енді қазіргі тарихи романның жаңа беттерінің сүбелі бөлігін құрап отыр. Тәуелсіздік жазушылар санасына күрт өзгеріс енгізді. Қазіргі тарихи романның өткенге сұрау салуы бұрынғыдан батылырақ, ауқымдырақ. Бұлжымас принципі - шындық. Әр дәуірдің күнгейі мен теріскейін қаз қалпында көрсете білу. Сөйтіп ата-бабаларымыздың ұлағатты сөзін қару ету» [2, 469-б. ] .

Бұл қатарда Хасен Әдібаевтың «Өмірдария», Әзілхан Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым», Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние», Хасанның «Елім-айлап өткен өмір», Мұхтар Мағауиннің «Мен», Әлжаппар Әбішевтің «Айтпай кетті демесін арттағылар», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Ғаббас Қабышұлының «Көңіл көгінде» атты ғұмырбаяндық романдары көркемдік және танымдық тұрғысынан қоғамдағы талап-тілектер үдесінен шыға алған туындыларға жатады.

Жеке адамдары, олардың отбасын, әулетін, тұтас кезеңді қамтыған тарихнамалық-деркнамалық болмысымен барлық кезеңде де өзекті тақырып болып күн тәртібінен түспейтін мемуарлық эпикалық шығармаларды арнайы тақырып нысанына алудың өзектілігі - уақытымыздың аса маңызды мәселесі. Бұл орайда, балалық шақтары мен есейіп, ер жетіп, еңбек еткен жолдарын баяндап жазған Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романы [3], мен Әлжаппар Әбішевтің «Айтпай кетті демесін арттағылар» [4] атты тарихнамалық-дерекнамалық кітаптары да осы тектес туындылар жазудың өзектілігін дәлелдейді.

Халық жазушысы Қ. Жұмаділов: «Ғұмырнамалық романды шындықты айтудан қорықпайтындар ғана жаза алады. Өзінің өмірі таза емес адамдар ғұмырнамалық шығарма жазудан қорқады. Оған дәті жетпейді де. Менің өмірім екіге бөлініп қалған соң, осындай шығарма жазбасыма болмады. Кейін мені кім зерттейді дегенге жауап іздедім. 60 жылдық мерейтойым Мақаншы жақта тойланды. Қасымда Рымғали Нұрғали бастаған көптеген ақын-жазушылар мен әдебиетшілер болды. Оларды шекараның бойына апарып: «Анау менің қыстауым, анау менің жайлауым еді» деп Ақшоқының баурайынан көрсетіп тұрдым. Сол сәтте маған «мемуар жазуым керек екен. Қашанғы елге кіндік қаным тамған жерді саусағыммен нұсқап көрсете бермекпін» деген ой келді. Сол жылы күзден бастап жазуға отырдым» - дейді [5] . Осылайша 4 жасынан 60 жасқа дейінгі ғқмырын қамтитын «Таңғажайып дүние» атты романы дүниеге келеді.

Демек, мемуарлық шығармалар арқылы адамдардың өмір өткелдеріндегі жан ділі әлемімен танысамыз.

Магистрлік жұмыстың мақсаты - дерекнамалық-тарихнамалық және психологиялық-философиялық мәселелер тоғысқан мемуарлық романдардың тақырыптық-идеялық, жанрлық ерекшеліктерін қарастыруымен айқындалады. Осы күрделі мақсатты орындауда мынадай міндеттерді жүзеге асыру көзделді:

  1. Қазақ әдебиеті тарихындағы ғұмырбаяндық туындылардағы тұрмыстық қарым-қатынастар қайшылықтарының бейнелену ерекшеліктерін анықтау.
  2. Шығармалардағы халық тарихы деректерінің кейіпкерлер тағдырындағы мәнін айқындау.
  3. Халық тұрмысындағы ұлттық, ата-бабалық ұстанымды, тәлім-тәрбие негіздерін сақтаушы тұлғалардың шығармаларда бейнелену тағылымына баға беру.
  4. Уақыт пен кеңістіктегі деректілік пен көркем шындық тұтастығындағы бейнелілік өрнектерінің эстетикалық маңызын бағалау.
  5. Қазіргі әдеби үдерістегі мемуарлық шығармалар жазу үрдісінің тағылымын байыптау.

Магистр жұмысының ғылыми жаңашылдығы қазақ әдебиетінің тарихындағы мемуарлық романдар жүйесін әдеби үдеріс аясында жүйелеп қарастыруымен айқындалады. Сондай-ақ бұрын еш жерде сөз болмаған Әлжаппар Әбішевтің «Айтпай кетті демесін арттағылар», Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» шығармаларын талдау арқылы жұмыстың ғылыми жаңалығы айқындала түседі.

Магистр жұмысының ғылыми-теориялық, методологиялық негізін іргелі зерттеулер, тарихи-танымдық еңбектер құрайды. Көрнекті қаламгерлердің зерттеу нысанына алынған туындыларға қатысты теориялық қисындар мен автордың өзіндік тұжырымдары арқылы ізденістің кешенді болмысы танылады. Ғұмырбаяндық романдардың жанрлық сипатын танытуға арналған бұл жұмыста А. Байтұрсынұлы, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, З. Ахметов, З. Қабдолов, Ш. Елеукенов, С. Қирабаев, З. Қабдолов, З. Ахметов, Т. Кәкішев, Р. Бердібаев, М. Мырзахметов, Т. Нұртазин, А. Марғұлан, А. Нұрқатов, Р. Нұрғали, Д. Ысқақ, С. Қасқабасов, С. Негимов, А. Еспенбетов, Б. Әбдіғазиұлы, Қ, Ергөбек, М. Мағауин, С. Қасқабасов т. б әдебиеттанушы ғалымдардың зерттеулері, пікір тұжырымдары дәйек көзі ретінде алынды.

Зерттеу нысаны . Магистрлік жұмыстың нысанына алынған Халық жазушылары Ә. Әбішев пен Қ. Жұмаділовтің романдары С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Ғ. Мұстафин, Ш. Мұртаза, М. Мағауин т. б. шығармаларымен салыстырыла талданды.

З ерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Магистр жұмысының ғылыми нәтижелерін қорытындылары мен тұжырымдарын орта, арнаулы орта оқу орындарының оқушылары, студенттері өз ізденістеріне бағдар ете алады. Ғылыми еңбекте бұрын арнайы зерттеу нысанына алынбаған ғұмырбаяндық романдар жан-жақты тереңдей зерделенеді. Бұл зерттеу ұлттық әдебиеттанудағы ғұмырбаяндық романдарды ғылыми негіздейтін еңбектер қатарында маңызды. Диссертация материалдарын жоғарғы оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттеріне қосымша оқу құралы ретінде «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ әдебиетінің поэтикасы», «Қазақ әдебиетінің даму үрдісі» арнаулы курстарын оқытуда пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының жарияланымы мен мақұлдануы. Ғылыми зерттеу жұмысының негізгі мазмұны ғылыми басылымдарда, атап айтқанда «Ғұмырбаяндық романдардың кейбір ерекшеліктері» //Академик С. М. Исаевқа арналған конференция материалдары. 2018 ж., мамыр; «Қажым жұмалиев және қазіргі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. //Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, 2018 ж., 22 қараша; «Күнделік - ғұмырбаяндық шығармалардың бастау көзі» //Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті, «Хабаршы» ғылыми журналы, 2019; «Ғұмырбаяндық шығармалардың қайнар бұлағы» // Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті. «Хабаршы» ғылыми журналы, 2019.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Магистрлік жұмыстың құрылымы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Қорыта айтқанда, Тәуелсіз Қазақ Елі әдебиетіндегі дерекнамалық-тарихнамалық шығармалар жазу үрдісі жаңа буын ұрпақтарды қалыптастыру, тәрбиелеу мұратына қызмет етері ақиқат.

I БӨЛІМ . МЕМУАРЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР - АДАМГЕРШІЛІК ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДЕРЕКТІЛІК НЕГІЗІ

  1. Ғұмырбаяндық туындылардағы тұрмыстық қарым-қатынастар қайшылықтарының бейнеленуі

Нысанаға алынған авторлар туралы айтпас бұрын мемуарға тән сипаттарға тоқтала кетейік. Мемуарлық шығармаларда бас кейіпкер өмір сүрген жылдардағы замана сипаты, қоғам өмірі, уақыт тынысы, замандастар келбеті, өзгерістер лебін әкелетін тарихи сәттер бейнелеуі тиіс. Аталған жанрдағы туындылардың бір үлкен құндылығы да осында. Бірақ сонымен бірге онда ең алдымен бас кейіпкердің, яғни, мемуар авторының өзіндік адами бейнесі, моральдық келбеті, рухани әлемі, азаматтық поэзиясы мен мінез-құлығы көрініс тауып жатады. Мәселе - осынау адами сипаттардың жанр туындыларында қалай және қаншалықты деңгейде бейнелегендігіне, оқырманға тағылым боларлық моральдық түйінінде. Тіпті автордың бұл мәселеге жете көңіл бөле қоймағанымен, оқиға қисыны, тартыстар жүйесі арқылы оның моральдық бейнесі бәрібір сезіліп қалады.

«Тарихи тақырыптағы шығарма әр уақытта жазушының өз ой-сезімі мен қиял фантазиясын, белгілі бір авторлық позициясын қажет ететіні ақиқат. Бірақ тарихи шындықтан ауытқымау, тарихи шындықты бұрмаламау да суреткердің көркем шығармадағы ең басты принциптерінің бірі болса керек» [6, 344-б. ] дейді филология ғылымдарының докторы М. Оразбек. Осынау қисынды пікірден мемуарлық романдарда тарихи шындық мейілінше дәл болуы тиіс деген пікірдің де бой көрсететіні анық. Бұл жағынан келгенде, талданып отырған еңбектердің көркемдік-идеялық тұжырымдары бірдей деңгейде деп бағалау қиын. Бас кейіпкердің жеке бейнесін айқындауға қызмет ететін адамгершілік факторлары түрлі сипатта көрініс тауып жатады. Автордың адам ретіндегі жетістік-кемшіліктері ұқсас болып жатса, онда белгілі бір дәрежеде схематизм нышандары орын алған деп пайымдауға болар еді. Бірақ өмірбаяндық атребуттарды көлденең тарту еріксіз ұқсас канондардың да ұсынылуына алып келмекші. Бұның өзі белгілі бір дәрежеде аталған романдардың әрқайсысының өзгеше екендігін, тіпті кейбір сәттерде әрқайсысының өзіне тән жекелеген артықшылығы да болғандығын байқатады. Қалай болған күнде де әр шығарма авторының адамгершілік бейнесіне байланысты тиісті ой-тұжырымдар жасалып, тағылым болар штрихтар екшеліп алынуы тиіс. Өмірбаяндық туынды автордың моральдық бет-пішінін, адами болмыс- бітімін де белгілі бір дәрежеде аңғартып кететіні сөзсіз. Әркімнің өскен ортасы, тәлім алған адамдары әрқилы. Бастан кешкен алуан түрлі оқиғалары да біркелкі емес. Біреудің көргені мол, оқығаны кемдеу соғып жатуы ықтимал. Енді бір қаламгердің түйіп-түйсінгені басымырақ көрінеді де, іргелі, тиянақты (фундаменталды) білім алуға мүмкіндігі бола бермейді. Адам ретінде қалыптасуға ықпал жасаған ересек жандар мен білімпаз ғұламалардың деңгейлері, моральдық қалыптары да әралуан. Қысқасы, бір жазушының моральдық-әлеуметтік тұрғыдан екінші бір әріптесін толықтай қайталап жатуы мүмкін емес нәрсе. Әр адамды жеке индивид деп санасақ, рухани әлемдері мейлінше кең дамыған қаламгер қауымының бір-бірінен соншама алшақ жатуы, әрқайсысының өзі бір-бір планета сынды бөлек көрінуі - психологиялық-шығармашылық заңдылық. Оны жасап, айқындауға қызмет ететін көркемдік компоненттерінің де біркелкі еместігі назар аударуға тұрарлық. Осы жағынан келгенде, қазақ жазушыларының да рухани өмірдің әр алуан көкжиегінен бой көрсетіп, өзара жеке дара ұқсамай қалыптасуын жалпы шығармашылық әлемнің тұтас бір кеңістігін құрастыратын әр алуандылық деп есептеген абзал. Авторлық позицияға және суреткерлік қарқынға байланысты аталған туындылардағы авторлық бейненің сомдалуының әрқилы болып келетіндігі осы айтылған жағдайларға байланысты. Егер С. Көбеев, С. Мұқанов, Б. Соқпақбаев, Ш. Мұртаза сынды қаламгерлердің балалық, жастық кезеңдері ауыр қиыншылықпен, кедейшілік жағдайда әрі қым-қиғаш тартыстар үстінде өтсе, олардан кейінгі буынның өкілдері Ә. Әбішевтің, Қ. Ысқақтың, М. Мағауиннің балалық кезеңдері әлдеқайда жеңіл, бақытты сәттері молырақ болуымен ерекшеленеді. Өмірлік алғышарт жазушының өзінің адамгершілік-моральдық табиғатының қалыптасуына да айтулы ықпал жасай алатыны осы қаламгерлердің өмірбаяндық дүниелерін салыстырып байқау нәтижесінде анық көрінетіні сөзсіз.

Ғұмырбаяндық көркем туындыларға тән ортақ ерекшеліктердің бірі - айналадағы адамдардың бас кейіпкерге, яғни, шығарма авторына деген көзқарасы, адамгершілік қарым-қатынасы. Қазақ халқының адамдар арасындағы қарым-қатынасқа мән бере қарайтын халық екендігі қазақ жазушыларының мемуарлық туындыларында, әсіресе, анығырақ, айқынырақ көрініс тауып отырады. Сол қарым-қатынастың барысына орай тиісті адам жайлы оқырманда белгілі бір пікір қалыптасады. Демек, бұл арадағы әңгіме - тілге тиек етіп отырған кейіпкер туралы автордың көзқарасы деген мәселені де ескеру керек деген сөз. Аты аталып отырған кісімен автор жақсы қарым-қатынаста болса немесе ол адам өз басына тиісінше жақсылықтар жасаса, автор ол кісінің кейбір кемшіліктеріне көңіл бөлмей немесе кешіріммен қарап, ұнасымды сипатта суреттеп кетуі де әбден ықтимал. Мұндай субъективті көзқарас, керісінше, өмірге күнгейі басым болып өткен жандардың өз көңіліне жақпайтын бірер қылықтарын көріп қалса, жазушының оны жамандап жазуға себеп болатынын да ескеру керек. Кез келген көркем шығармалардағыдай мемуарлық романдардың персонаждары өзге кейіпкермен өзара ықпалдастықта суреттеледі, бұндай қарым-қатынас олардың мінез-құлқына оң әсер етеді. Мемуар қаһарманы мен оның замандастары, мемуар қаһарманы мен автор - бұлар өмірдің өзі негіздеген тұрақты сюжеттік байланыс болып табылады. Осының негізінде образдар жүйесі қалыптасады, осы образдар көмегімен шығарманың жалпы концепциясы айқындалады, тарихи дәуірдің мазмұны мен сипаты туралы түсінік қалыптасады.

Қазақ мемуаристикасының қарлығашы ретінде саналуға лайықты М. Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты мемуарлық шығармасы алғашқы болса да көлемді де сом дүние. Кәнігі шебер қаламгердің туындысы деп санауға лайық. Көлемді туындыға арқау болған өмірлік материалдарды екі топқа бөліп, жүйелеп алуының өзі-ақ - автордың алған тақырыбына үлкен шығармашылық тәсілмен келуінің белгісі. Оның біріншісі - бірыңғай жұрт аузынан естіген әңгімелері болса, екіншісі - тұтасымен өзі көзімен көрген оқиғалары. Профессор Ж. Дәдебаев осы екеуінің үстіне үшінші бір топтағы материалдардың барын айтады: «…автордың өз көзімен көрген оқиғалар мен ел аузынан естіген, бірақ ақылға сыймайтын, жазуға қол бармайтын оқиғалар тобы» [7, 35-б] дейді ол. Бір қарағанда, ғалымның осылайша топтап көрсетуі жүйелі сияқты көрінгенімен, оның себебін дәлелдеуге асықпайды. Оқырман қабылдауында бұл тұжырымнан екіұдай дүдәмал пікірдің қалатыны да сондықтан. Өзі көрмегенімен, жақсы білетін, яғни, естіген, оқыған, көңіліне түйген оқиғалар мен құбылыстарды да, өзі куә болған жайларды да М. Х. Дулатидың барынша әділ, барынша шынайы жазуға тырысатыны байқалады. Яғни, бұдан шығаратын қорытынды - автор өзі баяндауды мойнына алған мәселелер хақында мүмкіндігінше адал да әділ. Мысалы, өз көзімен қандас туыс кісілер жайында айтқан кезде де тура жолдан ауытқымай, ол адамдардың жақсы жақтарымен бірге кемшіліктерін де ортаға салып, талдау жасайды. Кейде тіпті, бет-жүзіне қарамай, аяусыздықпен шенеп кететін тұстары да бар. Нақ осындай туыстарға бұра тартпау принципі С. Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ. Мұстафиннің «Көз көрген» романдарынан да аңғарылады. Бұндай үрдістің автордың өзінің жеке тұлғасының моральдық қырынан қоса хабар беретіні сөзсіз. Сөйтіп мемуардың мазмұнында өзінен- өзі авторлық позиция алдыңғы қатарға атойлап шығады да, авторлық «меннің» кесек тұлғасы еріксіз таңбаланып қалады. Ғұмырбаяндық шығармаларда оқиғаларды баяндаушылардың барлығы кесек образ дәрежесіне көтеріле бермейді. Мемуарлық романның бас кейіпкері, сөз жоқ, негізінен автордың өзі. Осы реңде жазылған қай шығарманы алсаңыз да, әңгімені бірінші осы жақтан айтып отырған автор - кейіпкер түрлі оқиғалардың, тартыстар мен шиеленістердің арасында жүреді де, соларға қатысты жайларда өзінің жеке көзқарасымен бірге ішкі болмыс-бітімі де еріксіз ашылып отырады. Талданып отырған туындылардың барлығында да жалпы мемуарлық романдарда автор өзі - алдыңғы қатарда жүретін бас кейіпкер. Кейіпкерге қатысты мұндай сипат қазақтың басқа да мемуарлық романдарына тән. Бұл арада тек Ғ. Мұстафин қаламынан туған «Көз көргеннің» ғана жөні бөлек. Үшінші жақтан жазылғандықтан, оның бас кейіпкері шығарма авторы емес - Сарыбала. Басынан кешкен оқиғаларды жазушы өз атынан емес, үшінші жақтан неге баяндаған деген сұраққа берілетін жауап шығармашылық тұрғыдан болғаны жөн. Біздің пайымдауымызша, бұл арада нақты фактілер мен деректерді тізбелеп жазудың орнына автор ой еркіндігіне кезек беріп, туындының көркемдік болмыс-бітімін күшейте түскісі келген. Оқиғаға өзі қатыспаған тұстарда айтар ойын жазушылықпен ұштап, жетілдіре түсуді қалап отырады. Оның үстіне автор өзін үшінші жаққа айналдырып алу арқылы мемуарлық шығарманың оқырмандар тарапынан таза көркем дүниедей қабылдануын қалаған деуге болады. Айналып келгенде, бұның өзі - формалық ізденістің бір түрі. Автордың өзінің мейлінше көп көрінуі, қаһарман ретінде алдыңғы қатарға шығуы ең айқын байқалатын шығарма ол - С. Мұқановтың «Өмір мектебі» мемуарлық романы. Онда автордың басымырақ баяндайтын әңгімелері, негізінен, өз басынан өткен жайлар. Оқиғалар арасында қыстырылып кететін көлденең сюжеттер мен шегіністердің ішінде де автор бейнесі әр тұстан қылаң беріп отырады. Өз басына тікелей қатысы жоқ жағдаяттарға да ішінара ойын сыналай айтып, өз көзқарасын білдіруден тартына коймайтыны бар. Ондайда тікелей оқырманмен сөйлесіп кетеді. Бұл көркемдік тәсіл С. Мұқановта көбінесе мынадай сипатта:

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ МЕМУАРЛЫҚ РОМАН ЖАНРЫ
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ҒҰМЫРНАМА ЖАНРЫ ТУРАЛЫ
Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романының жанрлық сипаты
Лирикалық проза жайлы ақпарат
Қазіргі қазақ поэмаларының көркемдік философиялық мәні. Мемуарлық шығармалар. Лирикалық проза
Мемуарлық шығарма (конспект)
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы
Сәбит пен Сәкен шығармашылық байланыстылығы
Ғұмырнамалық романдардың жанрлық ерекшелігі
Кеңестік дәуірде социалистік реализм әдісі талаптарына сәйкес жазылған қазақ романдарын оқытуда алда тұрған міндеттерді айқындау, шешім іздестіру
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz