ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ



Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 129 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті

Қорғауға жіберілді
Тарих факультетінің деканы
________ Б.Ш. Тұрғанбаева
___ ______________ 20__жыл

Магистрлік диссертация

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТІ:
ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ - ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫ
Мамандығы: 6М011400- Тарих
(ғылыми-педагогикалық бағыт)


Магистрант ________ Б.Қ. Жұмағазинов

Ғылыми жетекші,
т.ғ.к., профессор ________ А.И. Исин

Кафедра меңгерушісі
т.ғ.к., доцент ________ М.С. Ибраемова

Семей, 2019 ж.\

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысы ХІХ ғ.соңы мен ХХ ғ.басындағы Шығыс Қазақстан қазақтарының материалдық мәдениетін зерттеуге арналады.
Тақырыптың өзектілігі. Әлемді мекендеген алуан-түрлі халықтардың табиғи әрі мәдени ерекшеліктерін айқындайтын этнография ғылымының негізгі бағыттарының арасында материалдық мәдениетті зерттеу маңызды орын алады. Баспана, киім, ыдыс-аяқтардың этникалық ерекшеліктерін зерделеу жан-жақты талдауды талап етеді. Дегенмен, өзінің белгілі бір тұрақтылығына қарамастан, уақыт өткен сайын кез келген халықтың материалдық мәдениеті өзгерістерге ұшырайды.
Мәдени және қоғамдық өзгерістердің маңызды аспектісі қоғамға өзге мәдениеттің ықпал етуі болып табылады. Мәдениаралық байланыстар ежелден мәдени өзгеріс пен дамудың қозғаушы күші болды. Сыртқы әсерлерден ада қалған қауым адамзат тарихында өте сирек кездеседі. Өзгерістерге негіз болған ХІХ ғасырдағы қазақ даласындағы оқиғалар еді. Патшалық отарлау саясаты қазақ даласындағы шаруашылық өмірдің өзгеруіне әкеп соқты. ХІХ ғасырдың ортасында басталған өзгерістердің нәтижесінде ХХ ғасырдың басында қазақтардың азғантай бөлігі ғана таза көшпелі өмірін сақтап қалды [1, 183 б.]
Қазақ халқы өзінің даму тарихында көптеген тарихи оқиғаларды, қиындықтарды басынан өткерді. Яғни, осы кезеңде шаруашылықтағы, қоғамдық өмірдегі өзгерістер пайда бола бастады. Бұл оқиғаның басында 1822 жылы 22 маусымда патша Сібір губернияларына арналған мекемелер, Бұратаналарды басқару туралы жарғы, Қырғыз-қайсақтарды басқару туралы жарғы, Жер міндеткерлігі туралы ережелер, Астық қорлары, шаруалар мен бұратаналар арасындағы борышкерлік міндеттемелер туралы ережелер тұрды. Сонымен қатар 1867-1868 жылдардағы реформа да өз әсерін тигізбей қоймады. Реформаның жалпы алғанда отаршылдық сипаты басым болды. Ол реформалар Қазақстанды Ресейге қосып алу үрдісінің толық аяқталғанын көрсетті. Қазақстанның кең-байтақ жері Ресейдің мемлекеттік меншігіне өтті. Патша үкіметі бұдан былай қазақтардың жерін кез келген сылтаумен оп-оңай тартып ала беретін болды. Мұның ақыры дала тұрғындарының ежелгі атамекен жерлерінен айырылып қалуына, сөйтіп қайдағы бір құнарсыз және тұзы бетіне шығып жатқан сортаң жерлерге ығыстырылуына жеткізді. Құнарлы жерлер ішкі Ресейден қоныс аударып келген орыс шаруалары мен казактарға, шенеуніктерге берілді. Патша үкіметінің Қазақстанның табиғи бай ресурстарын оңды-солды емін-еркін пайдалануы бұл өлкені Ресей экономикасының қосалқы арзан шикізат көзіне айналдырды.
Патша үкіметінің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанда жүзеге асырған әкімшілік реформалары қазақ елінің саяси тәуелсіздігін біржола жойғанымен, бұл реформалар көп ұзамай-ақ патшалық әкімшіліктің қазақ қоғамының ішкі өміріне тереңдеп еніп, оны игеріп алып кетуге әлі де болса әлсіз екендігін көрсетіп берді. Мұны жақсы түсінген патшалық әкімшілік ХІХ ғасырдың 60-жылдарының орта тұсынан бастап Қазақстанды отарлаудың "ең сенімді" жолына түсті. Ол Орталық Ресейден орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аударту еді. Патшалық Ресейдің қоныс аудару саясаты бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылды. [2;188 б.]
Осынау факторлардың әсері, әрине, материалдық мәдениеттің де өзгеруіне әкеп соқты. Қоныс аударушылардың және халықтың отырықшылануының, сонымен қатар ХІХ ғ. соңынан сауда қатынастарының дамуынан болған жәрмеңкелердің әсерінен материалдық мәдениет өзгерістерге ұшырап, ғасырлар бойы қалыптасқан жүйелер басқа арнаға түсті.
Қазақ халқының баспанасының даму тарихын, киім-кешегін, тағамын, тұрмыстық бұйымдарын этнографиялық тұрғыдап зерттеудің ғылым үшін де, күнделікті өмір мүддесі үшін де зор маңызы бар. Демек, қазақ халқы үшін оңай тимеген осынау кезеңді бөліп алып қарастыру, жаңадан толық талдау жасау қажет. Сондықтан да тақырыптың өзектілігі деп осыны айтуға болады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. ХІХ ғ. соңындағы дәл осы Шығыс өңірдің материалдық мәдениетін бір жерге топтастырылып жазылған арнайы еңбек жоқтың қасы. Сол себепті әр кезеңде зерттеушілердің жазып кеткен еңбектерінен тек Шығыс өңірге қатысты жазған мәліметтерін топтастырып жинауға тура келді. Солардың ішінде, XIX ғғ. Ресейден Қазақстанға жіберілген бірқатар ғылыми экспедициялардың жүргізілуі нәтижесінде жүзеге асқан мәліметтерден сол кезеңдегі қазақтардың жалпы тұрмыс тіршілігін, күнделікті өмір сүру дағдыларын, материалдық мәдениетін сипаттайды.
Қазақ халқы жайлы ХІХ ғасырда жазылған В.В. Радловтың керемет еңбегі Тюркские степные кочевники. Бұл еңбекте қазақ халқының физикалық ерекшеліктері, қысқы және жазғы тұрақтары, мал шаруашылығы, соның ішінде қой, ірі қара мал шаруашылығы және одан алатын өнімдер, жылқы, қазақ жылқысының сипаттамалары, қымыз сусыны, түйе шаруашылығы, киіз үй әбзелдері, ер және әйел адамдар киімі, егін, аң шаруашылығы, қолөнер, дін, салт-дәстүрлер т.б.тамаша этнографиялық мәліметтер жазылған. Сонымен қатар, Семен Броневскийдің О казахах Средней орды еңбегі. Бұл жазбада қазақ халқының көркем қолөнері, егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, кәсіпшілігі, өмір сүру салты т.б. жайлы жазылған. М.И. Красовский Образ жизни казахов степных округов аталатын жазбасы тамаша материалдарды жинақтаумен қоса қазақ халқының ХІХ ғасырдың ортасындағы рухани және материалдық мәдениетіне сипаттама берді.
Шығыс өңірге байланысты жазылған тамаша еңбектердің бірі Иван Григорьевич Андреевтің Описание Средней орды киргиз-кайсаков. Оның этнографиялық материалдары қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-дәстүрлері бойынша маңызды және қызықты этнографиялық және тарихи мәліметтер берілген.
ХІХ ғ. саяси өзгерістердің материалдық мәдениетке тигізген әсері жайлы жазылған Халел Арғынбаевтің Историко-культурные связи русского и казахского народа атты тамаша еңбегі. Бұл жерде қазақ тұрмысындағы қоныс аударушылардың әсерінен болған өзгерістер өте жоғары деңгейде баяндалған.
Қазақ баспаналары жайлы ХІХ ғ. өңірде болған В. Шнэ осы өңірдің баспаналарын егжей-тегжейлі сипаттайды. Сонымен қатар осы өңірде болған Словцовтың да жазбаларынан көре аламыз. Осындай еңбектердің қатарына В.В. Востров пен И.В. Захарованың Казахское народное жилище атты еңбегін атап өтеміз. Өзбекәлі Жәнібековтің Жолайрықта деп аталатын кітабында қазақ баспаналарынының типологиясы көрсетілген. Кейінгі уақыттағы зерттеулерден біз И.В. Ерофееваның Историко-культурный атлас казахского народа жинағын да тілге тиек етеміз. Себебі бұл жерде сол кезеңдегі әр өңірдегі қазақ қыстаулары жоғары дәрежеде жіктеп көрсетілген.
ХІХ ғ. ІІ жартысындағы қазақ халқының баспанасының, киім-кешегінің, ас-ауқатының жай-күйін сипаттаған жақсы еңбектер қатарына М.К. Қозыбаев, Х.А. Арғынбаев, М.С. Мұқановтың Казахи атты еңбегін жатқызамыз. И.В. Захарованың, Р.В. Ходжаеваның Казахская национальная одежда ХІХ-начало ХХ в. еңбегін айтпай өтуге болмас. Бұл жерде әр өңірдің, соның ішінде Шығыс өңірдің киім үлгілерінің ерекшеліктері, ХІХ ғ. жәрмеңкелерде алынған маталармен киім пішімінің өзгерулеріне кеңінен тоқталған. Осы заманғы зерттеулерден ұлттық киімге арналған еңбектерден М.Ш. Алинов, Г.С. Алинов, Л.Т. Габдырованың История казахского костюма кітабын жатқызуға болады.
С. Жолдасбаевтың XV-XVIII ғғ. қазақтардың материалдық мәдениеті (археологиялық деректер негізінде) атты диссертациялық еңбегі материалдық мәдениет жайлы жазылған құнды еңбектердің санатынан қарауымызға болады. Ол жерде XV-XVIII ғғ. қазақ халқының материалдық мәдениетін зерттеудегі деректер, сол кезеңдегі қазақ хандығының саяси-экономикалық жағдайы, қазақтардың тұрақты баспаналарының типтері, XV-XVIII ғғ. қазақтардың материалдық мәдениетінің археолого-этнографиялық сипаттамасы ерекше көрсетілген. Сол себепті бұл еңбекті қазақ халқының материалдық мәдениеті жайлы сөз қозғағанда атап өтпей кеткен жөн болмас.
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап, қазақ этнографиясына қатысты мәліметтерді жинақтау, зерттеу жұмысына өз ұлтымыздың да азаматтары белсене қатыса бастады. Олардың ішінен біз Шоқанды, Салық Бабажановты, Шормановты, Алтынсаринді ерекше атауымыз керек. Қазақтың өз ішінен шыққан ғалымдар шет елдіктер мен ресейліктер біле бермейтін көшпелілер мәдениетінің ең қызықты нышандары туралы тамаша мәлімет береді. Жылдан жылға көбейе түскен ұлт зиялыларынан тамаша этнографтар Әлкей Марғұлан, Халел Арғынбаев, Едіге Масанов, Марат Мұқанов, Әлихан Бөкейханов, Өзбекәлі Жәнібеков, Халел Арғынбаев, Ыбырай Алтынсарин, С. Жолдасбаевтың т.б. еңбектерін атап өтуге болады.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері ХІХ ғ.соңы мен ХХ ғ. басы аралығын қамтиды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты ғасырлар бойына Еуразия аумағын мекен еткен көшпелілердің қара шаңырағына ие болған қазақ халқының материалдық мәдениеті мен оның ХІХ ғасырдағы саяси-әлеуметтік оқиғалар ықпалы нәтижесіндегі өзгерістерін зерделеу. Осы мақсатқа жету үшін мынандай міндеттер қойылды:
Дәстүрлі қазақтың тұрақты баспаналарының, киім-кешегінің, тамақтану жүйесінің, тұрмыстық бұйымдарының қалыптасу ерекшеліктерін көрсету;
Материалдық мәдениетке қатысты тарихи деректерге шолу жасау;
ХІХ ғасырдың ортасында басталған өзгерістердің қазақ халқының материалдық мәдениетіне тигізген ықпалын саралау;
Зерттеу жұмысының негізгі нысаны. Аталмыш кезеңдегі Орталық Қазақстан қазақтарының материалдық мәдениетінің ерекшеліктерін зерделеу зерттеу жұмысымыздың маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Осы орайда жоғарыда аталып өткен мәдениет объектілері, олардың типологиясы жұмыстың негізгі нысаны болып табылады.
Зерттеу тақырыбының методологиясы мен әдістері. Диссертациялық жұмыстың методологиялық негізін қоғамдық ғылымдар аясында ұстанатын тарихилік принципі құрайды. Бұдан басқа да белгілі бір этноәлеуметтік, этномәдени ортаның ішкі, сыртқы әсерін анықтауға бағытталған жүйелілік қағидасы, тарихи-салыстырмалы талдау принципі басшылыққа алынды. Диссертация жұмысының әдіснамалық негізіне гуманитарлық ғылымдар жүйесіне негіз болған құрылымдық және жүйелілік зерттеу әдістері негізге алынды. Сонымен қатар индуктивтік және дедуктивтік тәсілдер жан-жақты пайдаланылды. Тарих, этнография, мәдениеттану ғылымдарының жетістіктеріне сүйену әдістері мен принциптері де басшылыққа алынды. Зерттеу барысында этникалық жүйелердің байланысын анықтауға бағытталған тиімді әдістер де пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысы дәстүрлі этнологиялық зерттеу әдісі мен тақырыпты әр қырынан қарастырылған арнаулы еңбектерге сүйене отырып жазылды. Диссертация жұмысы қазақ даласының Орталық өңірін мекен еткен қазақ халқының материалдық мәдениетінің ерекшеліктерін саралап оның ХІХ ғасырдағы саяси-әлеуметтік оқиғалар ықпалы нәтижесіндегі өзгерістері жан-жақты зерделенді. Диссертациялық жұмысымыздың мынандай жаңа жақтары бар деп есептейміз:
Біріншіден, дәл осы кезеңдердегі тек Орталық өңірдің материалдық мәдениеті тарихи-этнографиялық жағынан алғаш рет арнайы қарастырылды. Олай деуге себеп, осы уақытқа дейін Орталық Қазақстанның ХІХ ғ. ІІ жартысы мен ХХ ғ. басындағы барлық материалдық мәдениеті белгілі бір тақырыпта арнайы зерттелген емес. Сол себепті бүгінгі күнге шейін жазылған еңбектерден Шығыс өңірге ғана қатысты мәліметтер жеке топтастырылды.
Екіншіден, ХІХ ғасырдың ортасында басталған өзгерістердің қазақ халқының материалдық велгілі бір жаңалықтары бар мәселелер.
Үшіншіден, ХІХ ғасырдағы ғылыми экспедициялардың жүргізілуі нәтижесінде жүзеге асқан этнографиялық мәліметтердің ішінен сол кезеңдегі қазақтардың жалпы тұрмыс тіршілігін, өмірін сипаттайтын құнды этнографиялық деректер бір жерге топтастырылып, салыстырмалы талдау жасалынды.
Жұмыстың сыннан өтуі. Магистрлік диссертация жұмысы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Археология және этнология кафедрасында орындалды және осы кафедрада талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылды. Диссертациялық жұмыстағы негізгі тоқталуға тиіс болған мәселелер төңірегінде жазылған 6 мақала жарық көрді. 1) Cтуденттер мен жас ғалымдардың Ғылым және білім - 2013 атты VIІІ Халықаралық ғылыми конференциясының баяндамалар жинағы. II том. Астана, 2013. 518-522 б. Тақырыбы: XIX ғасырдың ортасындағы қазақтардың дәстүрлі тіршілік қамындағы өзгерістер және оның материалдық мәдениетке тигізген ықпалы. 2) Полевые исследования в Прииртышье, Верхнем Приобье и на Алтае (археология, этнография, устная история). 2014 год. Материалы Девятой международной научно-практической конференции, г. Павлодар. 140-146 б. Тақырыбы: ХІХ ғасырдың ортасы-ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының тамақтану жүйесіндегі өзгерістер. 3) IV археологиялық және этнографиялық Праздник в архаическом рит уале и этнографичечкой современности көктемгі мектеп оқулары. Астана, 2014. 183-186 б. Тақырыбы: ХІХ ғасырдың ортасындағы қазақ халқының тұрақты баспаналарындағы өзгерістер. 4) Археология және этнологиядағы мәдениеттер сабақтастығы мәселелері атты тақырыппен өткен дәстүрлі VI Оразбаев оқулары республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы. Алматы, 2014. 417-419 б. Тақырыбы: ХІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысындағы қазақ халқының этнографиялық зерттеулерінің дамуы. 5) Х Международная научно-практическая интернет-конференция Проблемы и перспективы развития науки в начале третьего тысячилетия в странах еворпы и Азии. Переяслав-Хмельницкий - 2015, Украина 121-123 б. Тақырыбы: ХІХ ғ. қазақ жеріндегі егін шаруашылығының дамуы. 6) VII Оразбаев оқулары республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы. Алматы, 2015. 402-407 б. Тақырыбы: Батыс және Ресей зерттеушілерінің жазбаларындағы қазақтың материалдық мәдениеті.
Диссертация жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, өзара жіктелген тармақтары бар үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен және пайдаланған әдебиеттерден алынған суреттер мен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан түсірілген және Торғай өңіріндегі тұрғындардың тұрмыстық бұйымдарының авторлық фотосуреттерінен тұрады.
1 МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ОБЪЕКТІСІ РЕТІНДЕ

2.1 Этникалық мәдениет ұғымының этнология ғылымындағы орны мен рөлі

Мәдениет адамзат өмірінің мәңгі және қажетті шарттарының бірі. Адамзаттың дамуымен мәдениет өркениетке қарағанда мән мағынасы ерекше. Мәдениет жан жақты, күрделі және дамушы құбылыс. Ол жанды феномен, өмірге келеді, дамиды және өзгереді, айналадағы экономикалық, саяси, әлеуметтік, экологиялық және өзге де шарттарға бейімделеді[3, 232 б.].
Адамзат пен әр адамның өміріне қажет деп жасалған жәдігерлер, халықтардың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері, дағды-үрдісі, ғылым, білім салалары, әдебі, өмірі, санасы, мінез-құлқы - осының бәрі жалпылай алғанда мәдениетке жатады. Әлбетте, мәдениет дегеніміздің өзі күнделікті сан қырлы, сан сипатты қарапайым да күрделі еңбек пен ғылымның жетістіктері мен ғалымның келешекке жетелер не бір қиялдарының туындыларынан құралады.
Егер адам мәдениетті өзі жасайды десек, осы ойдың екінші жағын айтпай болмайды, яғни адамды мәдениет өзгертеді, сұранымдары мен сезімдерін ұштай түседі, жаңалықтарды, өмірді, яки мәдениетті қабылдау мәдениетін, шынайы рухани қазынаны жалғаннан, сырты жылтыр, іші бұлдырдан сақтауды үйретеді.
Мәдениет деген не? Енді осы сауалға жауап беріп көрелік.
Адамның (қоғамның) заттық және рухани қазына жасау жолында айналаға бағытталған белсенді еңбегінің жемісінен туындайтын, сақталатын, алыс-берісетін, айырбасталатын және әртүрлі сұранымға тұтылатын қоғамдық зор мәні бар рухани және заттық қазыналарды, сондай-ақ шығармашылық еңбекпен солардың жиынтығын белгілі бір заттық дүниеге айналдыру тәсілін де мәдениет дейміз [4, 3 б.] .
Адамзат өзгерген сайын оның мәдениеті де өзгереді, ал бұлар қоғамды, оның ішкі әлеуметтік құрылымын өзгертеді. Адамзаттың бұдан миллиондаған жылдар бұрынғы кейпінен бүгінгі деңгейіне дейінгі қалыптасуында да мәдениеттің орны ерен. Бұл жерде мәдениет саты көпір іспеттес қызмет атқарып келеді. Мәдениет өзінің дамуын еш уақытта тоқтатпайды және адамды да дамыта түседі. Адамзат мәдениетті өз ойымен, қолымен жасап келсе, мәдениет те адамды, адамзатты өзгертуін еш тоқтатқан емес. Бұл дегеніміз, осы бір құбылыстың екі қыры немесе адамның өзін-өзі мәдениеттендіруі, бұл екі жақты маңызды іс еш тоқтамайды [4, 4 б.]. Әртүрлі мәдениеттер арасындағы өзара байланыс ерте кезден қалыптасқан. Кез келген халықтың мәдениеті басқа халықтардың мәдениетімен араласпайынша, әсіресе, тарих жинақтаған жақсы атаулының бәрін игеріп, жан-жақты қайта ойластырмайынша, тар ортада жемісті дами алмайды. Алайда, мәдениеттердің өзара қалай байланысатындығы, бұл ықпалдың сипаты мен мәнінің қандайлығы қоғамдық құрылысқа байланысты.
Мәдениет өзінің бойына біздің халықтарымыздың әрқайсының мәдениеті мен тұрмысының ең жалпы ерекшеліктері мен дәстүрлерін жинақтайды. Ұлттық мәдениеттің қай қайсы болмасын, өзінің қайнарларынан ғана сусындап қоймайды, сондай ақ басқа туысқан халықтардың рухани және материалдық байлығынан да нәр алады және ықпал етеді, толықтырып отырады [4, 25 б.].
Мәдениет те адамзат танымындағы гравитация, материя, эволюция, қоғам, тұлға тәрізді маңызды түсініктердің бірі. Ғылымда мәдениетке деген кең көлмеді және демократиялық көзқарас бекіп, ол жүздеген элементтерді, формаларды, әр алуан қасиеттерді қамтитын күрделі құбылыс ретінде түсініле бастады. Бүгінде мәдениетті ондаған ғылымдар зерттейді, олардың әрқайсысы бір аспектті, көзқараста болады.
Адамзат мәдениеті сан қырлы. Ол әр түрлі элементтерден тұрады, олардың әрқайсысын тіпті арнайы пәндер де түбіне жете алмайды. Онда мәдениет жайлы жалпы не айтуға болады? Оның сол компоненттерін тереңірек зерттеуді талап етеді. Әр елдер мен халықтар мәдениетінің салыстырмалы анализ мәселелерін этнология және мәдени антропология ғана шеше алады.
Жақын уақытқа дейін мәдениетпен барлық гуманитарлық облыстағы ғылымдар, философия, лингвистика, антропология, мәдениеттану т.б. айналысып келді. Әр ғылым өз алдына мәдениеттің аспектілерін бөліп көрсетіп, сараптауға тырысты. Бір ғалымдар мәдениетте ең бастысы тіл десе, екіншілері адамның дүниетанымы мен рухани өмірін алға тартты, үшіншілері мәдени ескерткіштер мен рухани шығармаларды санаса, төртіншілері түп-тамыры адамзаттың ерте тарихына кететін халықтың дәстүрі мен салтын бөліп көрсетті. Әр ғылым өздерінше дұрыс айтты [5, 4 б.] .
Этнографтар, филологтар, әлеуметтанушылар айналысып жүрген мәдениеттің ғылыми зерттелуі мәдениеттің күрделі құбылыс екенін көруге мүмкіндік береді. Мәдениет жайлы толық білім антропологиялық, гуманитарлық және социологиялық ғылымдардың қиылысында пайда болады [6, 38 б.].
Қазіргі заманда мәдениет термині өте жиі қолданылады, кең және тар мағынасында. Кең мағынасында мәдениетке жалпы көпшілік қабылдаған, мақұлдаған қоғам формалары - дәстүрлер, нормалар, институттар, мемлекет пен экономиканы жатқызады. Ал тар мағынасында мәдениет шекаралары рухани шығармашылық сфераларының шекарасымен сәйкес келеді, яғни бұл жерде өнер, адамгершілік, парасатты қызмет ұғымдары[7, 22 б.]. Өркениетті әртүрлі мәдениеттер құрайды, ал адамзат халықтардан тұрады. Мәдениет тасымалдаушалыры этностар болып табылады. Сол себепті бір халық-бір мәдениет деген ұғым бар. Халық-этникалық қайымның басты формасы. Оның ішінде өзара этникалық топтар бөлінеді, олар тіліне, киіміне, баспана түрлеріне т.б. байланысты бөлінеді [5, 41 б.] .
Егер біз мәдениетті күрделі жүйе ретінде қарастыратын болсақ, адамзаттың мыңдаған ұрпақтарымен жасалған мәдениеттерінің негізінде материалды және материалды емес деп екіге бөлеміз. Мәдениеттің материалды ескерткіштерінің ғұмыры ұзақ. Археологтар мыңдаған, миллиондаған жылдар бұрын өмір сүрген адамдардың тұрақтарын қаза отырып, сүйек қалдықтарын, примитивті еңбек құралдарына (чопперлер) қарай отырып, біздің ата-бабаларымыздың өмір сүру образын, наным - сенімдерін, дәстүрлерін т.б. қалпына келтіріп, түсіндіруге тырысады. Қазіргі заманғы мәдениет жайлы материалдық және материалдық емес мәдениет элементтеріне қарап, баға беруге болады. Дегенмен, ежелгілері жайлы тек материалдыққа қарап білеміз. Осылайша, материалдық ескерткіштер материалдық емеске қарағанда ақпараттың мол көлемін сақтайды. Артефактілердің бір ерекшелігі оның адам қолымен жасалғандығында, олардың нақты символикалық мағынасы бар, белгілі бір функцияларды орындап, қоғам үшін баға жетпес мұра болып саналады[5, 16 б.]. Мәдени ерекшелік биологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыруда ғана көрінбейді. Еңбек пен шаруашылық биологиядан тыс, ол мәдениеттің бір бөлігі. Дегенмен, адамдар қалай жұмыс жасайды, қандай құралдарды қолданып, қандай баспаналарды тұрғызады, барлығы дәстүр мен мәдени ерекшелікке әкеп соғады. Ертеде ирландтық және француз ұсталары қарапайым балтаға әртүрлі формалар берген. Тіпті, әртүрлі халықтардағы күректің формасы да әр түрлі. Оларда әр халықтың этникалық сипаттамасы бар. Орыс крестьяндары орманды жерлері аз аудандарға қоныс аударғанда, мысалы Өзбекстан және Қазақстанға, ағаштан қима үйлер тұрғызған. Украинаның оңтүстігінде, орыс қоныс аударушылары украиндықтардың әсерімен жаңа құрылыс материалы сазға бірден көшкен жоқ.
Этнографтар қызық фактілерді бұрыннан аңғарды: бірдей талап пен жағдайларда өмір сүретін көршілес халықтар үйлерді әртүрлі қылып салады. Балқарлықтар, осетиндер, қарашайлықтар Кавказда тығыз қарым-қатынаста өмір сүреді. Дегенмен, олардың біреуі тастан бір қабатты үй соқса, екіншілері екі қабатты, ал үшіншілері ағаш үйлер салады. Бұрындары өзбектердің тақиясына карап ақ олардың қай аймақтан екенін айна қатесіз анықтауға болатын. ХІХ ғасырдағы орыс крестьянының киіміне қарап, қай жерде туғанын білуге болатын. Мәдени және ұлттық ерекшеліктер тағамды әзірлеу және қолдану әдістерінде де көрінеді. Молдавияда нанды жүгеріден пісіреді, орыстардың студеньі арнайы салқындатылған тағам, Кавказда ыстық тағам ботқаға айналады. Францияда шәйді аз ішеді, ағылшындықтар сүтпен қосып ішкенді ұнатады. Еуропада Ресейге қарғанда кофені көп қолданады [5, 20 б.].
Этникалық мәдениет дегеніміз күнделікті тіршілікке, тұрмыс мәдениетіне қаысты мәдениет келбетінің жиынтығы. Оның ядросы және перифериясы болады. Этникалық мәдениетке еңбек құралдары, дәстүрлер, құқық нормалары, құндылықтар, киім, тағам, қозғалыс құралдары, баспана, наным-сенім, халықтық өнер түрлері жатады [8, 349 б.].
Мамандар этникалық мәдениетте екі қабатты бөліп көрсетеді: ерте тарихи, яғни өткен мәдениет элементтерінен құрылған және тарихи кейінгі, қазіргі заманғы мәдени құбылыстар.
Этникалық мәдениеттің негізгі қалыптасу белгісі адамдардың ортақ қызығушылықтарына байланысты болады, яғни ол себептер адамдарды ұжымдасып әрекет етуге әкеледі. Этнологиялық, тарихи, әлеуметтік, мәдениеттану зерттеулерінде мұндай қажеттіліктер қауымды сақтап қалуда қызмет атқарады. Этниалық мәдениет этнос өмірінің барлық жақтарынан көрінеді: тілде, балалар тәрбиесінде, киімде, баспана үлгісінде, жұмыс орнында, үй шаруашылығында және әрине фольклорда. Этникалық мәдениеттің құрылуына табиғи құбылыстар, тіл, дін және этностың психикалық құрылымы әсер етеді. Этникалық мәдениеттің маңызды элементі халықтың өзін өзі атауы болып табылады(этноним). Табиғи құбылыстардың әсер етуін этникалық мәдениеттің әр саласында байқауға болады, қарапайым еңбек құралдарынан бастап, этнонимге шейін.
Климат көп жағдайда киім мен баспананың ерекшеліктерін анықтайды. Жергілікті жердің өсімдік құрамы баспананың материалы мен оның түрін анықтайды, ал фауна ерекшеліктері күнделікті өмір спецификасы мен мәдени шаруашылық дамуға әсер етеді. Мысалы, Мезоамериканың үнді өркениеті еуропалыққа қарағанда аз динамикада дамыды. Оның бірден бір себебі қолға үйренгеннен кейінгі жұмыс күшіне айналатын жануарлардың болмауы.
Географиялық ортаның ерекшеліктері (климат, топырақ, рельеф, флора, фауна т.б.) этностың рухани мәдениеті мен оның психикалық көзқарасына әсер етеді, ол дәстүрлерде, наным-сенімдерде көрінеді. Этникалық өзін өзі атауда да географиялық ортаның әсері мол. Этникалық территорияның ландшафттары адам дүниетанымында туған жер ұғымымен тығыз байланысты. Мысалы, орыс халқында қайың, жапондықтарда сакура этникалық қажеттіліктің символына айналып кетеді.
Табиғат құбылыстарына байланысты халықтардың шаруашықы дәстүрі өте тұрақты. Мысалы, Калифорнияға қоныс аударған армяндар ол жерде де бау-бақша өнімдерімен, жүзім шаруашылығымен айналысады [9, 183 б.].
Адамзат, мәдениет және қоғам өзара ажырамас байланыста. Адам да, қоғам да мәдениеттен тыс өмір сүре алмайды. Мәдениет адамзатпен пайда болды және бірге дамыды. Ол адамды өзге тіршілік иелерінен ерекшелендіріп тұрады. Ең ауқымды мағынасында мәдениет дегеніміз барлық тарихта адамзат жасаған материалдық және рухани құндылықтардың жалпы жиынтығы. Мәдениет адам өмірі мен қоғамындағы маңызды функциялардың қызметін атқарады. Біріншіден, ол адамды әлеуметтендіру мен тәрбиелеу жүзеге асыратын орта болып табылады. Тек мәдениеттің арқасында адам әлеуметтік тәжірибе жинап, қауымның мүшесі бола алады. Екіншіден, мәдениеттің нормативтік функциясы маңызды. Ол адамдар арасындағы қарым-қатынасты тұрақтандырады. Осымен мәдениеттің үшінші, құндылық функциясы байланысты. Мәдениетті меңгере отырып адам жақсылық пен жамандықты, әділеттілік пен әділетсіздікті және т.б. хабардар болады.
Қазіргі таңда басқа халықтардың мәдениеті тарапынан ықпал жасалмаған бір де бір этникалық қауымды табу мүмкін емес. Мәдени жаһанданудың дәл осы тенденциясы мәдени ерекшелікке деген қызығушылықты тудырады. Қазіргі заманғы халықтардың мәдени әр алуандығы ұлғая бастаған кезде олардың әр қайсысы өздерінің біртұтастығы мен мәдени келбетін сақтап, дамытуға тырысады [9, 175 б.].
Қазіргі замандағы этникалық мәдениеттерді зерттеу жағдайы этнографиялық және тарихи зерттеулердің әдістеріне негізделеді. Осы тұрғыдан мәдениет тәпсірлеу мен түсіндіруді қажет ететін жүйе ретінде қарастырылады. Көптеген гуманитарлық ғылымдарда мәдениеттің функционалдық белгілері мәселесінде қазіргі заманғы мәдениет мынадай функцияларды орындайды деген көзқарас қалыптасқан:
инструменталды - қоршаған ортаны қалыптастыру;
инкультурация - адамның өзінің қалыптасуы;
нормативті - ұжымдық өмір ұйымының жүйесі;
сигнификативті - адамның эмоционалды және ақыл-ой әрекеттері жүзеге асады. Бұл есімдер мен атаулардың қалыптасуы. Егер қандай да бір құбылыс атауы болмаса, адам үшін белгіленбесе, онда ол адам үшін мардымсыз болып табылады;
танымдық - адамға әлемнің бейнесін құруға мүмкіндік береді, сондықтан сигнификативтімен тығыз байланысты;
коммуникативті - этномәдени ақпараттарды диахронды және синхронды жеткізуді қамтамасыз етеді [9, 177 б.];
Мәдениеттің тәпсірленуі мен оның функциялары олардың этникалық компоненттерін бөліп көрсетеді. Осылайша, этнодифференциялық және этноинтеграциялық міндеттерді орындайтын мәдениеттің этникалық функцияларына ерекше көңіл бөлінеді. Мәдениеттің этникалық компоненттері тұрақтылық және орнықтылығымен ерекшеленеді, сол себепті ол этностың генетикалық ядросын құрайды.
Мәдениеттің этникалық функцияларының маңызды мақсаты индивидтің психологиялық қорғанысы болып табылады. Ол тұлғаға өмірдегі өз орнын анықтауға және өзін қауіпсіз сезінетіндей әлем образын алуына мүмкіндік береді. Яғни этникалық мәдениетте этностың қорғаныс механизмдері бар, олардың арасында спецификалық және спецификалық еместігін бөліп көрсетуге болады.
Этникалық мәдениеттің қорғаныс механизмі қалай әрекет етеді, қоршаған ортаға этностың бейімделу кезеңдері қандай? Бұл жайлы өз концепциясында С. Лурье атап көрсетеді.
Біріншіден, қорғаныс механизмі ретінде этникалық мәдениеттің өзі пайдаланылады, ол іс-әрекет жасауға принципиалды мүмкіндік береді. Ол мәдениеттің орталық зонасының қалыптасуымен байланысты, оның мазмұны этникалық константтар болып табылады [9, 179 б.].
Жалпы мәдениетке деген этнология ғылымының көзқарасы ертеректе, ХVIII ғасырда Дж.Вико, И.Г. Гердер, Ш. Монтескье сынды авторлардың жұмыстарының арқасында қалыптаса бастады. Осы географиялық экспансия толқыны кезеңінде болған оқиғалар адамдардың өздерінің мәдени құндылықтарына деген қызығушылығын оятты. Зор көлемде аса ықыласпен көптеген халықтардың мәдениеттерінің сипаттамасы басылып шығып, қызығушылықпен оқыла бастады. Ғылыми әдебиет жанры ретінде салыстырмалы зерттеулер пайда бола бастады [10, 13 б.].
Бұл өз кезегінде антрополог Л. Уайттың мәдениетті зерттеудегі көзқарасының қалыптасуына серпін әкелді. Онда мәдениет компонеттер суммасы ретінде көрсетіліп, олардың әрқайсысы басқалардан тыс зерттелуі керек делінеді. Бұл көзқарасқа деген алғашқы қалыптасқан ойлар ХІХ ғасырдағы еуропалық емес қоғамдарды жазған тарихшылардың еңбектерінде кездеседі. Олардың ішінде ең мәнді де мағыналысы неміс тарихшысы Г. Клеммнің он томдық Адамзаттың жалпы мәдени тарихы атты зерттеуі болды, ол 1843-1852 жж.аралығында жарияланған болатын. өзінің осынау жұмысында Г. Клемм өнердің, дәстүрдің, еңбек құралдарының, наным мен сенімдердің дамуын көрсеткен. Бұл зерттеулер этнолог-эволюционистерге, соның ішінде Оксворд университетінің антропология профессоры Э. Тайлорға әсер етті. Ол сол заманғы этнологтардың ішінде мәдениет мәселелеріне қызығушылығы оянып, өзінің еңбектерінде сол мәселелерге басты назар аударған. Э. Тай6лордың 1871 жылы екі томмен шыққан Алғашқы қауым мәдениеті кітабындағы зерттеу әдістері Г. Клеммнің зерттеулеріне ұқсас болды. Ағылшын тілінде жазылған Э. Тайлордың жұмысында (неміс тілінен айырмашылығы сол, ешқашан мәдениет және өркениет ұғымы ешқашан бір біріне қарсы қойылмаған еді) мәдениет және өркениет ұғымдары арасында ешқандай да айырмашылық білінбеді. өзінің еңбегінде Э. Тайлор мәдениет ұғымына мынадай анықтама береді: Мәдениет және өркениетті кең этнографиялық мағынада қарастырғанда таным, сенім, өнер, құқық, дәстүр және өзге де қоғамға тән қатынастардың біртұтас күрделі ұғымы деді.
Э. Тайлордың анықтамасы мәдениеттің дескриптипті концепциясының элементтерін қамтиды. Осы анықтамаға сәйкес мәдениет сенімдерден, заң дәстүрлерінен, өнерді танудан тұратын ғылыми сараптама көмегімен зерттелетін құбылыс ретінде қарастыруға болады. Оның ойынша мәдениетті зерттеудің негізгі міндеті сол мәселелерді жүйелеп, классификациясын жасау болып табылады. Э.Тайлордың мәдениетті зерттеудегі көзқарасы белгілі бір методологиядан тұрады. Ол жүйеленген және қатаң түрде ғылыми әдістермен зерттелуі керек. Егер бұдан ертеректегі философиялық концепциялардағы мәдениет бірінші кезекте адамға тән болып, философия және өзге де спекулятивті ғылымдардың және мәдениеттің сферасына қатысты болса, Э. Тайлор мен сол уақыттағы өзге де антропологтардың еңбектерінде мәдениет негізі ғылыми пәндердің бірі болып саналды. Мәдениетті зерттеу өзге де мәдениеттердің ұқсас элементтерімен салыстырылады: наным, сенім, дәстүрлер, идеялар мен құндылықтар, материалдық мәдениет объектілерінің элементтері, еңбек құралдары және т.б. бұл ғылыми парадигманың аясында мәдениет құбылыстары өсімдік немесе жануарлар түріне ұқсас. Бір немесе бірнеше халықтардың өмірін құрайтын құбылыстар тізбегін Э. Тайлор мәдениет деп атады.
Мәдениет концепциясына деген осынау көзқарастар ХІХ ғасырдағы этнологтардың үстемді идеясы болды, олардың басым бөлігі эволюционистер болатын. Э. Тайлордың ойынша, мәдениет теориясының классификациясы мен элементтерінің салыстырылуы жабайылықтан өркениетті қауымға алып келген мәдени даму сатысының қалыптасуына ұмтылуы керек.
Сонымен, эволюционистер мәдениет сөзін белгілі бір қоғамға немесе халыққа тән қатынастар мен объектілер жүйесі ретінде алғаш рет пацдалана бастады. Мәдениет ұғымы осылайша этнология ғылымында бекиді. Мәдениетке деген осындай көзқарас тарихи этнологияға да тән. Осындай тайлорлық көзқарастар эволюциялық концепциядан көптеген этнологтардың шеттеуімен өзінің өзектілігін жоғалтып алды. Дегенмен, мәдениетті зерттеудегі басқа ғылымдарда Тайлордың көзқарасы әлі күнге дейін айтылады [11, 139-141 бб.].
Спецификалық этникалық мәдениеттің жалпы мәдениеттен айырмашылығы этникалық мәдениет тек этносқа қатысты қабылданады. Негізінен этникалық мәдениет адамның күнделікті өміріндегі тұрмыстарына қатысты нәрселерді қамтиды. Дәстүрлер, салттар, ұрпақтан ұрпаққа берілер тұрмыс тіршіліктері этникалық мәдениеттің негізін құрайды [12, 55 б.].
Этникалық дәстүрдің негізгі мақсаты этностың негізгі ұжымдық ескерткіштерін сақтау, жаңғыртып отыру және ұрпақтарға беру болып табылады. дегенмен, этникалық дәстүр уақыт өте келе этникалық символикаға айналуы мүмкін. Жалпы, этникалық символика дегенде материалдық және рухани мәдениет құбылыстары мен элементтерін түсіну деп білеміз. Класстарға бөлінген қоғамда этникалық символика ұғымы кең көлемде қолданса (оған материалдық мәдениеттің көптеген элементтері қосылды, соның ішінде киім мен баспана), жаңа және қазіргі заманда материалдық және рухани мәдениеттің индустриализациялық және урбанистикалық формалардың кең таралуымен этникалық символика сферасы тарыла бастайды [12, 131 б.].
Этникалық мәдениет құбылысы бір ғана этноспен шектеліп қалмауы тиіс. Материалдық мәдениет объектілеріне келесі мысалдарды келтіруімізге болады. Мысалы, грузиндерде дарбази атымен танымал баспана түрі армяндарда глхатун, әзірба йжан халқында гарадам деген атпен танымал. Олардың формалары бір біріне өте ұқсас болғанмен, әр этнос оны өздерінің этникалық спецификалық мәдениетінің бір бөлігі ретінде көреді. Сол сияқты Орта және Орталық Азияның көшпелі халықтарында кең таралған дәстүрлі баспана түрі киіз үйді айтуымызға болады. Моңғолдар оны гэр деп атаса, қазақ халқы киіз, ал қырғыздар алтыя деп атайды. Осыған қарамастан әр халық осы баспананы дәл өздерінің ойлап тапқанына сенімді.
Өзге мәдениеттен кіріккен құбылыстар этникалық мәдениетке бірігіп кетуі мүмкін. Жапонияның оңтүстік бөлігіндегі мерекелік тағамдардың кейбір түрлері касутэра бисквиті, тэмпура және т.б. XVI-XVII ғғ. португалдықтардан кірікенімен, жергілікті этникалық мәдениетке кіреді және локальды ұлттық символ болып саналады.
Сол сияқты италиялық спагеттиді алатын болсақ, оның дайындалу рецепті ХІІІ ғасырдың соңында Қытайдан Марко Поло бастаған италиялық монахтармен алынып шыққан. Тұшпара да сол сияқты қытайлықтарға көршілес халықтардан, соның ішінде орыс халқынан да кірккен тағам түрі болып саналады. Қазіргі таңдағы сібірлік тұшпаралар орыс асханасының символдарының бірі болып саналады. Кезінде Оңтүстік Америкадан Ресейге Петр І алып келген картоп орыстардың тағам рационына сіңіп кетті. Қазіргі таңда орыс асханасын картопсыз елестету мүмкін емес [13, 32 б.]. Осылайша, этникалық мәдениет қазіргі кезде әрқашан біртұтас жүйе ретінде қолданыла бермейді. Дегенмен, этникалық сана-сезім, дәстүрлер мен салттар сияқты элементтері кез келген этноәлеуметтік ағзаны біртұтас етіп қарастыруға мүмкіндік береді.
Енді мәдениетті функционалдық жағынан қарастырсақ. Мәдениеттің күрделілігі мен жан-жақтылығы, оның функцияларының көп екендігін көрсетеді, яғни мәдениет полифункционалды. Қазіргі таңда ғылымда мәдениеттің қандай функцияларын басыт деп санау керек, қандай принцип негізінде оның иерархиясын қалыптастыру керегі жайлы бір жақты көзқарас жоқ. Басқаша айтқанда, олар функционалды түрде қарастырылады, сонымен қатар жүйе мен құрылым ретінде де [14, 71 б.].
А.Я. Флиер мәдениеттің функционалдық блог ұғымын дамытып, оның иерархиялық құрылымын толықтырады. Осы жөнінде ол былай деп жазады: Мәдениеттің барлық функциялары әлеуметтік, яғни адамзат өмірінің ұжымдық көрінісін қамтамасыз етеді және де оның қоршаған әлеуметтік ортамен байланысындағы белсенділікті көрсетеді. Мәдениеттің бұл функциясының маңызы зор [15, 492 б.].
Мәдениет функциясының шолу көзқарасына байланысты осы тақырыпқа байланысты мәселелерді айқындап алу қажет. Біріншіден, әлеуметтік ойлар әлеуметтік шынайылықты таза бөліп көрсеткен жоқ. Әлеуметтік, философиялық тұрғысынан бұл парадигмалар қоғамдық қатынастардың материалдануына( тарихи материализм) не болмаса, идеялануына (тарихи иделизм негізінде) алып келеді [16, 116 б.].
Осылайша, мәдениеттің әлеуметтік функциясы маңыздылығы жағынан материалдық мәдениетке келіп тұйықталады да, рухани мәдениет кейінгі орынға шегеріледі. Екіншіден, мәдениеттің әлеуметтік функциясы фундаменталдымен салыстырғанда ақпараттың бұрмалануына әкеп соғады [17, 61 б.].
Мәдениет функциясының жан жақтылығы төрт негізі бағытқа әкеліп тіреледі: әлеуметтік, коммуникативтік, фундаменталды, басқару функциялары, ол өз ішінде екі топқа бөлінеді: адамдардың күнделікті өндірістік, танымдық әрекеттерін көрсетуші және барлық тірі жүйелердің үрдістерін басқаруды қамтамасыз ететін фундаменталды басқару. Жер шарында ең ұзақ болып табылатын этногенез циклы, ал әлеуметтік-саяси, экономикалық, техникалық және басқа да циклдар олардың ұзақтығынан төрт есе аз, этногенез циклына бағынышты және олармен қатынасқа түседі, этногенездің сыртқы әсерлерге деген тұрақтылығын көтереді. Сондықтан, мәдениеттің фундаменталды басқару функциясы этникалық үрдістер арқылы көрініп, солармен анықталады. Осылайша, этностар кезеңдерде өзінің стереотипін өзгертіп отырады. Өзгерген таптаурындар арасында этностар арасындағы қатынасты мәдени дәстүр байланыстырады. Мәдени дәстүр мәдениет архетиптері негізінде дамыған. Осыдан келіп, мәңгілік, алғашқы дүниеге келу, мәдениет жемістілігі ұғымдары туады [18, 336 б.].
Осылайша, этнос кең тұрғыдан қарағанда, мәдениеттің объективті тасымалдаушысы болып табылады.
Жалпы мәдениетті зерттеуші мәдениеттану ғылым ретінде этнология аясында пайда болды. Әрине, мәдениеттану термині бұған дейін де қолданылды, бірақ ол Лесли Уайттың мәдениетті ғылым ретінде құрылуы жайлы мақалаларынан кейін ғана ғылыми айналымға шынайы түрде енгізіле бастады. Ол қырықыншы жылдардың екінші жартысында болды.
Егер біз америка этнология дамуына шолу жасасақ, неге мәдениет жайлы ғылымның этнологиялық дәстүр бөлігі ретінде дамығанын түсіне аламыз. Мәдениет және тұлға мектебі мәдениет мәселелерін зерттеуге аса көңіл бөлді, мәдени феномендерді зерттеудің ерекше сферасы ретінде көрмесе де, оларды психологиялық мәселелермен тығыз байланыстырды. Сондықтан, Франс Боастың шәкірттері антропологтар үшін мәдениет этнология ғылымының орталық мәселелерінің бірі болды деп сеніммен айта аламыз, ал мәдениет моделі немесе мәдениет этосы түсінігі этнологиядағы негізгі ұғымдардың біріне айналды. Американдық антропологияға тән мәдениет мәселелерінің осы көзқарасы мәдениетті бөлек спецификалық феномен ретінде зерттеу керектігін алға тартты [19, 16-17 бб.].
Әрине, британдық және басқа да антропология ғылымында өзіндік мәдениет концепциялары болмады деп қорытынды жасауға болмайды. Мәдениет концепциясы антропология ғылымымен тығыз байланыста, антропологияның бір тармағы мәдениетті салыстырмалы зерттеу болып табылады.
Өзінің алғашқы мағынасында латын сөзінен шыққан cultura сөзі ауылшаруашылық өсімдіктерін култиваторлау немесе үй құстары мен жануарларын қоректендіру мағынасында болса, XVI ғасырдың басында бұл алғашқы мағынасы кеңейтіліп, аулышаруашылық ұғымынан адамзаттың даму ұғымына, ақыл культивациясына ауыса бастады. Дегенмен, мәдениет сөзінің осынау мағынасын XVIІІ-ХІХ ғасырдың басына дейін жалпы қауым қабылдай қоймады [20, 127 б.].
Енді этнология мектептері мен оның ғалымдарының мәдениетке деген көзқарастарын жеке бөліп көрсетсек.
Бронислав Малиновский мәдениет теориясының ғылыми екенін атап көрсетті, бірақ мәдениетті сараптау тәсілі эволюционистерге қарағанда өзгеше болды. Малиновскийдің айтауы бойынша, мәдениет элементтері адамзаттың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру тұрғысында болуы қажет. Ол адамзат қоғамының бір бірінен екі қатынастарда айырмашылығы бар деді. Біріншіден, өзінің физикалық жағынан, бұл физикалық антропологияны құрайды, екіншіден, өзінің әлеуметтік мұрасына немесе мәдениетіне, бұл мәдени антропологияның пәні ретінде. Мәдениетті зерттеуші осы компоненттерді байланыстырып, адамзат қажеттіліктері мен қоршаған ортаны бірге қарастыруы қажет. Осылайша, оның мәдениет концепциясы дескриптивті деп қарастырылады. Оның ойынша, мәдени феномендер функциясын зерттеу адамзат қажеттіліктерін қалай қанағаттандыратыны мәдениет дамуы мен эволюциясының дамуымен салыстырғанда бірінші орында болуы қажет. Мәдениеттің функционалдығы дегеніміз, қай жағынан алсақ та адамзат қажеттіліктерін қанағаттандыру. Малиновский мәдениетте ешқандай артық нәрсе, кездейсоқ нәрсе болмайды деген [21, 103-104 бб.].
Функционализм теориясына балама нұсқа, Радклифф Браунның теориясын мәдени феномендер интерпретациясы тұрғысынан қарап көрейік. Оның әлеуметтік құрылым жайлы ілімін мәдениеттің өзіндік теориясы деп қарастыруымызға болады. Оның айтуынша, мәдениетті зерттеу автономды болмауы мүмкін,сондықтан мәдениет жайлы емес, әлеуметтік жүйелер жайлы айту қажет [19, 16 б.].
Ол былай деп жазды: Мәдениет жайлы ғылымның болуы мүмкін бе? Боас олай болуы мүмкін емес деді. Мен де онымен келісемін. Біз мәдениетті аса бір ғылым ретінде қарастырмай, оны тек әлеуметтік жүйе ретінде ғана қарастыруымыз керек [22, 106 б.].
Осылайша, Радклифф Браун әлеуметтік және органикалық өмірдің арасындағы баламаны қолданады. Әлеуметтік қатынастарды байланыстыратын жүйелер органикалық құрылым тәрізді. Әрбір құрылымдық әлеуметтік жүйе гомеостатикалық, гармониялық бірлік. Мәдениеттің әрбір фрагменті жалпы тұтастық функциясы ретінде зерттеледі. Өзара қарым-қатынастар мен функционалды өзара тәуелділік құрылымдық функционализм аясындағы мәдениет түсінігі болып табылады [23, 40 б.]. Мәдениеттің функционалистік тұрғыдан түсіндірілуі Талкотт Парсонстың жұмыстарында өзінің жалғасын тапты. Ол мәдениет келесідей негізгі функцияларды атқарады деп жазды: біріншіден, тәжірибе беру функциясы, ол қоғамдық дәстүрлердің үзілмеуін қамтамасыз етеді, екіншіден, үйрету функциясы, үшіншіден, әлеуметтік ұжым мүшелерін біріктіру қызметін атқарады. Парсонс бойынша мәдени элемент дегеніміз дәстүрлі мәдениеттің символдық элементі: идея немесе сенім, символ немесе құндылық моделі. Ол мәдениет сферасының өзіндік логикасы бар деп ерекше атап көрсетті [24, 15 б.].
Мәдениет моделінің теориясы Франц Боас шәкірттерімен зерттелді (әсіресе, Сацпер, Бенедикт, Вайт, Бетенсон т.б.). Ал негізгі мәдениет ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Түркілер дәуіріндегі түрлі мәдени байланыстар тарихы зерттеулерде
КСРО дәуіріндегі түріктану ғылыми саласы
Қытай жазба деректерінде
Түркілер дәуіріндегі түрлі мәдени байланыстар
ҚАЗАҚ - МОҢҒОЛ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ СӘНДІК- ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕР ТУЫНДЫЛАРЫҢДАҒЫ САБАҚТАСТЫҚ АРҚЫЛЫ СТУДЕНТТЕРДІ ДАЯРЛАУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕПЗДЕРІ
Алтай-Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштері (кезеңделуі, мерзімделуі және мәдени атрибуциясы)
Ш.Уалихановтың қазақ тарихындағы орны
Қазақстан жеріндегі тұрғын үйлер мен баспаналардың даму тарихы
Педагогика – ғылым. Абайдың педагогикалық көзқарастары
Шоқан Уалихановтың қазақ тарихындағы орны
Пәндер