Отбасы баланы алғашқы әлеуметтендіру институты


ҚОСТАНАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫ
Каирова Б. К., Тойымбетова Д. С.
ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІР ПСИХОЛОГИЯСЫ
Қостанай 2016
УДК 159-922 (075. 8)
К 14
Авторлары:
Каирова Б. К, аға оқытушы;
Тойымбетова Д. С., аға оқытушы;
Пікір жазғандар:
Амирова Б. А. - психология ғылымдарының докторы, профессор, Е. А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік униветситеті.
Назмутдинов Р. А . - психология ғылымдарының кандидаты, доцент Қостанай мемплекеттік педагогикалық институты
Каирова Б. К.
К 14 Отбасылық өмір психологиясы: оқу құралы / Б. К. Каирова, Д. С. Тойымбетова. - Қостанай: ҚМПИ, 2016. - 144 б.
ISBN-978-601-7839-63-5
Отбасы жеке тұлғаның тағдырын анықтайтын, оның әлеуметтенуіне әсер ететін әлеуметтік-мәдени институт ретінде қызмет атқарады. Қазіргі жаһандану кезінде отбасы осы қызметті толық атқара алмай, маңызы төмендеп бара жатқан кезде педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің, болашақ ата-ана болатын жастардың отбасылық құндылықтарын, мәдениетін, жауапкершіліктерін, ата-ана алдындағы парызын түсіндіру мақсатында дайындалған теориялық-практикалық оқу құралы.
Ұсынылып отырған оқу құралын педагогикалық, психологиялық циклдегі пәндермен қатар, тәрбие жұмысында кеңінен пайдалануға болады. Оқу құралы оқырмандардың жалпы дүниетанымдық бағдарын, патриоттық сезімдерін нығайта отырып, бақытты қазақстандық отбасы болуға ықпал етеді деп үміттенеміз. Жалпы осы еңбек заманауи отбасы институтының даму үрдістеріне қызығушылық танытатындардың барлығына арналған.
УДК 159-922 (075. 8)
ISBN-978-601-7839-63-5
© Костанайский государственный
педагогический институт
© Каирова Б. К.,
Тойымбетова Д. С. 2016
МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 4
- Отбасы психологиясының әдіснамалық негізі . . . 6
- Тарихи аспектідегі отбасы (пайда болуы және даму тарихы) . . . 12
- Отбасының өмірлік кезеңдері (циклдері) . . . 24
- Отбасындағы сүйіспеншілік . . . 35
- Отбасы типологиясы . . . 42
- Тұлғаның отбасында әлеуметтенуі . . . 51
- Отбасы психотерапиясы және отбасына кеңес беру . . . 60
- Отбасыда татулық пен сыйластықты тәрбиелеуге арналған психологиялық-педагогикалық іс-шаралар . . . 76
- Студенттермен жүргізілетін практикалық сабақтар мен тәрбиелік жұмыстар . . . 91
- Отбасы мәселелерін анықтауға арналған психодиагностикалық
әдістемелер . . . 110
- Глассарий . . . 134
- Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 143
КІРІСПЕ
Жас ұрпақтың тәрбиелі, мәдениетті де білімді болуы, ең алдымен, ата-анадан, отбасы -ошақ қасынан басталмақ. Дана қазақтың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық сөзі тегін айтылмаса керек. Адамды адам ететін қоршаған орта және тәлім-тәрбие десек, соның ішінде отбасынан, ата-анадан алған үлгі-өнеге балалардың тұлғалық қасиеттері мен отбасы, отбасылық қатынастар, отбасылық сыйластық пен үйлесімділіктің қалыптасуына негіз болады.
Отбасы - қоғамның бастапқы ұясы болғандықтан, ол әлеуметтік дамуда маңызды рөл атқаратын құрылымдардың бірі. «Отан отбасынан басталады» деген даналықты айтқан халқымыз үшін отбасының қоғам өмірінде алар орны ерекше. Отбасы - тек бала-шаға дүниеге келіп, оларды тәрбиелейтін қоғамдық және рухани ошақ емес. Отбасында бала әлем жайлы алғашқы білімді алады, оның мінезі, жүріс-тұрысы, қажеттіліктері, қызығушылықтары, құндылықтары, адамгершілік идеалдары мен түсініктері, өзгелерге деген қарым-қатынасы қалыптасады.
Отбасы - бірліктің, берекенің, кіршіксіз тазалық пен адамгершілік қасиеттердің ордасы. Осындай береке мен бірлікке толы, құрметті де, сыйлы отбасының қалыптасуында жас ұрпақтың бойында қалыптасқан отбасы құндылығы жайлы түсініктердің маңыздылығы ерекше. Әрине, жастардың отбасы жайлы түсініктерінің қалыптасуы - олардың қажеттіліктері мен қызығушылықтарына, ой-түсініктері мен бағамдарына, өз отбасынан алған тәрбиесі мен дүниетанымына тікелей байланысты болып келеді.
Жастардыңотбасы туралы түсініктері және болашақ отбасы өміріне дайындығы қай кезде де болмасын өзінің өзектілігін жоймайтын мәселе. Қазіргі таңда жастар әлеуметтенудің бір қиын кезеңінде өмір сүріп жатыр. Кейбіреулерінің отбасы шырқы бұзылып, ата-анасы болашақ отбасылық өмірге лайықты тәжірибе беріп жатқан жоқ. Осының салдарынан елімізде отбасы және отбасылық қатынастар құндылығының беделі төмендеуде, дүниеге бала әкелу саны азайып, ата-ана қамқорлығынан айрылған балалар саны артуда, толық емес отбасылар, баласынан бас тартушы аналар көбеюде. Бала тәрбиесіне жеңіл қарайтын, мойнына өз баласын азамат етіп қалыптастыру жауапкершілігін алмаған ата-аналарды, отбасындағы дау-жанжал, ұрыс-керістерді көріп өскен балалар есейгенде отбасын құруға жасқанады. Отбасы қатынастары, отбасы үйлесімділігі сияқты құндылықтарды бала өз отбасынан меңгеріп, оны болашақта өз отбасына алып келетіндігі ғылыми дәлелденген.
бойынша қоғамда жастардың отбасы туралы түсініктеріне ықпал ететін факторларға мыналарды жатқызуға болады: отбасындағы рөлдерді бөлуге әсер етпей қоймайтын әйелдер эмансипациясы, еркін қатынастарға әлеуметтік төзімділік, азаматтық некеде тұруға тенденцияның артуы, «өмірге аз бала әкелуге» бағдарлану т. б. Бұл айтылғандардың барлығы қазіргі жастардыотбасылық өмірге даярлау, неке-отбасылық, бала-ата-аналық қатынастар мәселелерін қарастыратын отбасы психологиясын оқытудыңөзектілігін дәлелдейді.
Отбасы психологиясы - психологиялық білімнің қалыптасу үстіндегі жаңа саласы. Отбасы психологиясының ғылыми пән ретіндегі ерекшелігі - оның психологиялық тәжірибемен өзара байланыстылығы болып табылады. Отбасы тыныс-тіршілігін оңтайландыруға, ерлі-зайыптылық қатынастар мен бала-ата-аналық қатынастар үйлесімділігін арттыруға, отбасында бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді шешуге деген әлеуметтік сұраныс аталмыш пәннің қарқынды дамуына себепші болды.
Жаңа ғылыми пәннің - отбасы психологиясының қарқынды дамуының өзектілігі - қазақстандық отбасылардың жалпы психологиялық атмосферасының нашарлауымен, отбасылық қызметтердің бұзылуымен, отбасылықдау-жанжалдың артуымен байланысты. Отбасының мұндай жағымсыз беталысы әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен: әлеуметтік жүйелердің тұрақсыздығымен, материалдық жағдайдың төмендігімен, Қазақстанның көптеген аймақтарындағы кәсіби жұмыссыздық мәселелерімен, отбасының дәстүрлі қалыптасқан рөлдік құрылымының және ерлі-зайыптылар арасында рөлдік қызметтердің өзгеруімен түсіндіріледі.
Демографиялық жағдайдың өзгеруі - дүниеге бала әкелу санының азаюы - жалғыз бала тәрбиелейтін отбасылардың көбеюіне себепші болып отыр, мұндай отбасында жалғыз өскен баланың тұлғалық дамуында қиындықтар туындап, балада коммуникативті құзыреттілік жеткілікті дамымайды.
Ажырасу санының күннен күнге артуы - некеге тіркелген 1/3отбасылардың көңілі жараспай, ажырасып кетуі бүгінгі таңда аса күрделі әлеуметтік мәселелердің біріне айналды. Ажырасу - маңыздылығы жойылмайтын аса қиын мәселе. Ажырасу - стрессогенділігі жағынан өмірдегі қиын жағдайлардың ішінде басты орынды алады. Ажырасу және отбасының ыдырау нәтижесі -жалғыз басты аналардың көбеюі. Көп жағдайда толық емес отбасылардың ауыртпалығын ана көтереді, осының салдарынан тәрбие де нашарлайды. Ажырасудың және толық емес отбасыларда бала тәрбиелеудің психологиялық салдары - Мен-концепциясының бұзылуы, жыныстық-рөлдік иденттіліктің қалыптасуының бұзылуы, аффективті бұзылыстар, құрбы-құрдастармен және отбасымен қарым-қатынастың нашарлауы.
Келесі маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі - ресми емес (азаматтық) некелер санының артуы болып табылады. Азаматтық некені қалаудың басты себебі - ерлі-зайыптылардың отбасы, бала үшін жауапкершілік алуға дайын болмауы болып табылады. Осыған байланысты, азаматтық некеде тұратын отбасы көп жағдайда деструктивтілігімен, жанжалға бейімділігімен, қауіпсіздік деңгейінің төмендігімен ерекшеленеді.
Тағы бір күрделі әлеуметтік мәселе - ата-ана қамқорлығынан айрылған балалардың, соның ішінде әлеуметтік жетімдердің (ата-аналары болғанымен) көбеюімен байланысты. Қазіргі таңда мұндай балалар саны 500 мыңға жуық.
Отбасында қарым-қатынастың аз болуы, эмоциялық жылылықтың тапшылығы, ата-аналардың баласының қажеттіліктері, қызығушылықтары мен проблемалары жайлы хабардар болмауы, отбасында ынтымақтастық пен ымыраластықтың жетіспеушілігі баланың дамуында едәуір қиындықтар тудырады. Ата-аналық қызметтерді тәрбиелік мекемелерге, (балабақша, мектеп) сонымен қатар, арнайы шақырылған қызметшілерге (бала күтуші) артып қоюға, бала тәрбиелеу үрдісінен алыстауға беталыс артып келеді.
Отбасы психологиясының теориялық негізі әлеуметтік психология, тұлға психологиясы, даму психологиясы, педагогикалық психология, клиникалық психология саласында жүргізілген зерттеу нәтижелері болып табылады. түрлі салаларынан алынған ғылыми білімдер жүйесі, отбасына психологиялық көмек көрсету және отбасылық кеңес беру тәжірибесі қазіргі отбасылық психологияның теориялық негізін құрды . Отбасылық психологияның басты міндеті - отбасыныңжәне отбасымен жұмыстың практикалық тәжірибесі туралы білімдерді біртұтас психологиялық пәнге - отбасы психологиясына біріктіру болып табылады.
1ОТБАСЫ ПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗІ
Қазіргі отбасы және оның мәселелері психология, педагогика, әлеуметтану, демография, экономика сияқты бірқатар ғылымдардың зерттеу нысанына айналып келеді. Аталған ғылымдардың әрқайсысы отбасы қызметтерін және оның даму мәселелерін өз ерекшелігіне орай қарастырады. Экономика - бұл отбасының тұтынушы аспектілерін және оның өндірістегі материалды игіліктері мен қызметтерін қарастырады. Этнография - түрлі этникалық сипаттағы отбасылардың тыныс-тіршілігі ерекшеліктерін зерттейді. Демография - халықтың өсу үрдісіндегі отбасы рөлін қарастырады. Педагогика - отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін айқындайды.
Отбасын зерттеуде аталған бағыттардың бірігуі әлеуметтік құбылыс ретіндегі отбасы жайлы біртұтас түсінік алуға мүмкіндік береді.
Отбасы психологиясы - отбасындағы тұлғааралық қатынастар, тұлғаның дамуына ықпал ету тұрғысында отбасы ішіндегі қатынастар (олардың тұрақтылығы) заңдылықтарын зерттеуге баса назар аударады. Заңдылықтарды білу - отбасылармен практикалық жұмыс жасауға, диагностика жүргізуге және отбасылық өзара қатынастарды қайта құруға көмектеседі. Тұлғааралық қатынастардың негізгі параметрлері - статусты-рөлдік ерекшеліктер, психологиялық дистанция, қатынастар валенттілігі, динамикасы және тұрақтылығы.
Отбасы психологиясының пәні - отбасының қызметтік құрылымы, негізгі заңдылықтары және оның даму динамикасы; отбасында тұлғаның дамуы.
Отбасы психологиясының міндеттері:
- өмірдің әртүрлі кезеңдеріндегі отбасының қалыптасу заңдылықтарын және оның қызметтік-рөлдік құрылымының дамуын зерттеу;
- некеге дейінгі кезеңді, некелік серіктесті іздеу және таңдау ерекшеліктерін зерттеу;
- ерлі-зайыптылық қатынастардың психологиялық ерекшеліктерін зерттеу;
- бала-ата-аналық қатынастардың психологиялық ерекшеліктерін зерттеу;
- баланың әртүрлі жас кезеңдерінде дамуындағы отбасылық тәрбиенің рөлін анықтау;
- отбасының қалыпты емес дағдарыстарын зерттеу және оларды жеңу стратегияларын жасау.
Отбасы психологиясы саласында практикалық білімдерді қолдану - отбасы психологы мен отбасына кеңес беруші қызметінің келесі түрлерін талап етеді:
- неке, некелік серіктесті таңдау және некелесу мәселелері бойынша психологиялық кеңес беру;
- ерлі-зайыптылық қатынастар мәселелері (диагностика, түзету, алдын алу) бойынша кеңес беру;
- отбасына дағдарыстық жағдаяттарда және ажырасуда психологиялық көмек көрсету;
- бала-ата-аналық қатынастарға кеңес беру, диагностика жүргізу, алдын алу және түзету;
- балалар мен жеткіншектерді тәрбиелеу мәселелері (дамудағы бұзылыстар мен ауытқушылықтарға диагностика жүргізу, алдын алу және түзету) бойынша психологиялық кеңес беру;
- «тәуекелдік топ» балаларын және дарынды балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша психологиялық кеңес беру;
- бала асырау және асыранды балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша психологиялық көмек көрсету;
- «отбасынсыз» (жақындарымен қарым-қатынас депривациясы жағдайындағы) тәрбиеленіп жатқан балалар мен жеткіншектердің дамуындағы ауытқушылықтар мен бұзылыстардың алдын алу;
- нағылеттер жүктілігіне психологиялық кеңес беру және психологиялық қолдау;
- ата-аналардың қалыптасуына психологиялық қолдау көрсету.
Әлеуметтік институт ретіндегі отбасы қызметтерін анықтау көптеген өзгерістерге ұшырады. Қазіргі таңда отбасы - бұл шағын әлеуметтік топ, ерлі-зайыптылық одаққа және туыстық байланыстарға, яғни бірге тұрып, ортақ шаруашылықты жүргізіп жатқан ер мен әйелге, ата-ана мен балаларға негізделген жеке тұрмыс құрудың маңызды формасы.
Туыстық байланыстардың үш түрі бар: қандас туыстық (ағайындар, апалы-сіңлілер, аға-қарындастар), туылу (ата-ана - бала), некелік қатынастар (ер мен әйел, ерлі-зайыптылар) .
Психологиялық-педагогикалық тұрғыда отбасы - бұл ата-ана мен балалар арасындағы, ерлі-зайыптылардың және басқа да отбасы мүшелерінің қарым-қатынасының тарихи жүйесі болып табылады. Қазақ тілі түсіндірмелерінде «Отбасы - өзіне, неке мен қандас туысқа негізделген шағын топ», - деген анықтама берілген.
Отбасы, біріншіден, шағын әлеуметтік топ ретінде қарастырылады және оның қызметі тиімділігі топ ішіндегі коммуникация, яғни отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас, билік және көшбасшылық мәселелеріне, жанжалдарды шешуге, әлеуметтік орталармен топаралық өзара әрекеттесулерге байланысты.
Екіншіден, шағын әлеуметтік топ ретіндегі отбасының ерекше сипаты - жоғары аффективті қарқындылықпен және отбасы мүшелері арасындағы қатынастардың эмоциялық «қанықтылығымен», бір жағынан - махаббатпен, сүйіспеншілікпен, басқа жағынан алғанда - өшпенділікпен, жек көрушілікпен, шеттетілумен байланысты.
Отбасы ұғымымен неке ұғымы қатар жүреді. Неке - айрықша әлеуметтік институт, ер мен әйел арасындағы қатынастарды, олардың құқықтарын және бір-біріне және олардың балаларына қатысты міндеттерін әлеуметтік жағынан реттейтін, тарихи қалыптасқан қатынас түрі. Неке - отбасын құрудың негізі. Неке және отбасы -қандас байланыста тұратын адамдар арасындағы байланыстарды реттейтін қоғамдық қатынас түрі, алайда аталған ұғымдар бір-біріне жақын болғанымен, ұқсас ұғымдар болып саналмайды.
Отбасы қызметтері. Отбасының маңызды қызметі - адамның қалайтын бақытын қанағаттандыратын фелицитивті ( лат. сөзі felicio - бақыт) қызмет болып табылады.
Отбасы -тұлғаның эмоциялық саулығының маңызды факторы. Махаббат пен неке тұлғаның бақытты сезінуі мен өмірге қанағаттануын анықтайды.
Қазіргі отбасы психологиясы мен отбасылық психотерапияда отбасын талдауға қатысты екі теориялық ұстанымды бөлуге болады. Бірінші ұстаным бойынша отбасы - ортақ және әртүрлі қызығушылықтары бар индивидтер тобы, отбасылық контекст тұлғаны әлеуметтендіру және дамыту ортасы ретінде түсіндіріледі. Отбасын осылайша түсіндіру - отбасы психологиясының дербес сала ретінде қалыптасуының бастапқы кезеңіне тән және ол белгілі бір дәрежеде мінез-құлықтық тәсілдемеде және психоанализде көрініс табады. Екінші ұстаным бойынша отбасы біртұтас жүйе ретінде қарастырылады және талдау «бірлігі» отбасы болып табылады. Бұл ұстаным жүйелі отбасылық терапияға және отбасының аддитивті емес сипатына баса назар аударатын психологтарға тән.
Отбасына жоғарыда берілген анықтамада отбасы құрылымының екі жүйесі - ерлі-зайыптылық және бала-ата-аналық жүйесі нұсқалған. Екі ұрпақ қазіргі нуклеарлы отбасы құрамын анықтайды: «отбасы архитекторлары» ретіндегі ерлі-зайыптылар [Сатир, 1992] және олардың балалары, яғни ата-аналар сияқты отбасының тең құқылы мүшелері және отбасының «құрылысшылары».
Отбасы - кез келген жүйе тәрізді бірқатар қызмет атқарады, олар отбасы спецификасын, мәдени-тарихи дамуын, сонымен қатар отбасылық өмір циклдері кезеңдерін бейнелейді:
- Экономикалық (материалды-өндірістік), шаруашылық-тұрмыстық. Индустриалды қоғамға дейін отбасы барлық негізгі материалды қызметтерді қамтамасыз ететін алғашқы топ ретінде қарастырылды. Қазіргі кезеңде отбасының экономикалық қызметі оның мүшелерінің табыстарының бірігуімен және бұл табыстарды отбасының әрбір мүшесінің қажеттіліктеріне сай тұтынуға бөлуімен анықталады. Шаруашылық-тұрмыстық қызмет отбасы тұрмысын ұйымдастыру түрінде және отбасының әрбір мүшесінің жеке тұрмысында жүзеге асады. Үйде атқарылатын міндеттерді бөлу және олардың мазмұны тарихи кезеңдермен, өмір жағдайларымен, отбасы құрамымен және өмірлік цикл кезеңдерімен байланысты.
- Репродуктивті(бала туу және халықтың ұдайы өсіп-өнуі) . А. Г. Харчев бұл қызметті халықтың өсуін қамтамасыз ететін отбасының маңызды әлеуметтік қызметі ретінде санайды. Отбасының аталмыш репродуктивті қызметінің маңыздылығы Ежелгі Рим қоғамында Август императоры билік еткен кезде Рим азаматтарының дүниеге бала әкелуін арттыру заңы шыққанда мойындалды. Өмірге бала әкелуді жоспарлау және халықты өсіп-өндіру міндеттерін шешу кез келген елдің мемлекеттік саясатының маңызды қызметін құрайды. Бұл мәселе бала туу дағдарысымен және адам ресурстары «тапшылығымен» немесе керісінше дүниеге бала әкелу деңгейін шектеу қажеттілігімен ұштасып жатса да өзінің маңыздылығын жоймайтын мәселе болып табылады.
- Бала тәрбиелеу қызметі. Отбасы баланы алғашқы әлеуметтендіру институты. Ол қоғамның даму үздіксіздігін, адамзат ұрпағының жалғасын, заман байланысын қамтамасыз етеді. Отбасындағы тәрбиенің, баланың жақындарымен эмоционалды-жағымды толыққанды қарым-қатынасының, баланың ерте жаста үйлесімді дамуын анықтайтындығы белгілі. Бала қаншалықты бой жетсе де отбасының тәрбиелік қызметінің маңыздылығы жойылмайды, оның тек міндеттері, құралдары, желісі, ата-аналармен ынтымақтасу және келісім (кооперация) ғана өзгереді. Қазіргі уақытта бала тәрбиелеу отбасыныңмаңызды әлеуметтік қызметі ретінде қарастырылады.
- Сексуалды-эротикалық қызмет. Дара әрі қайталанбас тұлға ретіндегі тұрақты серіктеспен таңдамалы, тұрақты сексуалды қатынастар ғана серіктестердің толық сексуалды үйлесімінеқол жеткізуді қамтамасыз етеді.
- Рухани қарым-қатынас қызметі -отбасы мүшелерінің рухани дамуын көздейді; ақпаратпен алмасу; тұлға үшін аса маңызды әлеуметтік-саяси, кәсіби, қоғамдық өмір мәселелерін талқылау; әдеби және көркем шығармалар, музыка контексінде қарым-қатынас; отбасы мүшелерінің тұлғалық және интеллектуалды өсуіне жағдай жасау.
- Эмоциялық қолдау және қабылдау қызметі немесе психотерапиялық қызметқауіпсіздік сезімін, эмоциялық өзара түсіністікті және жанашырлықты қамтамасыз етеді. Қазіргі отбасында бұл қызметтің басқа аспектісі тұлға бойында өзін-өзі көрсету және өзін-өзі таныту қажеттіліктерін қалыптастыруды көздейді.
- Рекреативті (қалыпқа келтіруші) қызмет- отбасы мүшелерінің нервтік-психикалық денсаулығы мен психикалық тұрақтылығын қалыпқа келтіру жағдайларын қамтамасыз етеді.
- Әлеуметтік басқару, бақылау және қамқорлыққа алу(отбасының кәмелетке толмаған жәнеәрекет ете алмайтын мүшелеріне қатысты) [Зацепин, 1991; Эйдемиллер, Юстицкис, 1999] .
Соңғы онжылдықта адамның аффилиацияға және махаббатқа мұқтаждығын эмоциялық қолдау мен қабылдау қызметінің маңызы айтарлықтай артты. Қазіргі қоғамда махаббат отбасындағы қатынастардың маңызды сипаттамасы болып табылады, некеге түсу - ең алдымен ерлі-зайыптылар арасындағы махаббатпен анықталады. Дегенмен де ажырасусебептері көп жағдайда ерлі-зайыптылардың эмоциялық-тұлғалық қатынастарынан туындап жатады: ажырасу кезінде ерлі-зайыптылар көбіне махаббат сезімінің және эмоциялық жақындықтың жоғалуына, эмоциялық қолдау мен өзара түсіністіктің болмауына шағымданып жатады.
Отбасы қызметтері бірдей емес, олар иерархиялық құрылымды құрайды. Қызметтер иерархиясы әлеуметтік-мәдени институт ретіндегі отбасы тарихымен анықталады. Ол тарихи кезеңдерге, әлеуметтік-мәдени ортаға және отбасының өмірлік циклдері кезеңдеріне байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, ХІХ ғ. отбасы құрылымы мен тыныс-тіршілігі шаруашылық-тұрмыстық қызметтің үстемділігімен анықталды, репродуктивті және бала тәрбиелеу сияқты маңызды қызметтері жанама түрде атқарылды. Дүниеге бала әкелу отбасы шаруашылығында жұмыскерлер санын арттыру мақсатымен байланысты болды. Балалар жұмыс күшін арттыруға және ата-аналарды қартайған кезде бағып-қағуға кепілдік ретінде қажет болды. Отбасында ұл баланың өмірге келуі - басқа қонған бақ ретінде бағаланды, ұл балалар отбасының шаруашылық игілігін нығайтатын жігерлі жұмыскерлер болып саналды. Қыз баланың өмірге келуі, керісінше отбасының өркендеуін күйретуші қауіп ретінде қабылданды. Қыздар тұрмысқа шығып, отбасыншығынға салады, отбасындағы мүліктің бір бөлігін өз жасауы ретінде алып кетеді. Отбасының тағы бір қызметі - әлеуметтік мәртебені жеткізу қызметі қазіргі қоғамда өз мәнін жоғалтты. Мұрагерлік монархия, аристократиялық лауазымды мұрагерлікпен беру мәртебе мен биліктің сабақтастығын қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта мұндай қызмет тек кейбір бай, қуатты, жоғары қызметтегі отбасыларда жүзеге асырылады, әдетте ол мұрагерлік негізінде емес, элитарлы білім беру мен қарым-қатынастың тиісті ортасына енгізу есебінен жүзеге асырылады.
Сонымен, постиндустриалды қоғамдағы отбасының екі маңызды қызметті - экономикалық және әлеуметтік мәртебені жеткізу қызметтерін жоғалтты(Т. Парсонс) .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz