Қазақ даласындағы ислам әдебиеті



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 75 бет
Таңдаулыға:   
Орынбасарова Жібек

Тақырыбы: Ислам дәуірі әдебиетін орта мектепте оқыту амалдары

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Кешегі кеңес заманында ең аз зерттелген тақырыптың бірі - қазақ әдебиетінің ежелгі және орта ғасырлық кезеңі болатын. Осы дәуірлерде дүниеге келген шығармалар ұзақ уақыт бойына ғылыми айналымға түспестен, жабық тақырыпқа айналды. Оған себеп, тоталитарлық жүйеге негізделген кеңес үкіметінің саясаты дін атаулыға қатты өшігіп, халықтың рухани жәдігерлерінен саналатын осы тақырыптағы көне мұралардың қайта жарық көруіне қатаң тыйым салды. Нәтижесінде мыңдаған жылдық тарихы бар діни-тәлімдік, діни-дидактикалық шығармалар халық назарынан тыс қалып отырды.
Қоғамда дін хақында бір жақты ғана ой өрбіп, қазақ исламды зорлықпен, қылыштың ұшымен, білектің күшімен қабылдаған деген пікір қалыптасты. Бірақ, ғалым М.Әуезовтің: Қазақ арасына ісләм дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюуі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да ұқпаған; ықылас қоймайтын болған, - деп [1.49] жазғанындай, түркілердің арасына исламның тарауына ең басты себептердің бірі - бұл имани сенімнің әдебиетке, өлең-жырға жақын екендігі басты назарға алынбады. Содан ескі салтты үгіттеуші, сананы улайтын аңыз-әпсаналарды насихаттаушы деген сылтаумен "жылы жабылған" қазақ әдебиетінің алғашқы бастауларын тереңінен зерттемек түгілі, діни тақырыпта жазылған шығармалардың атын атаудың өзі қауіпті саналды. Арагідік жарыққа шыққанның өзінде де, бірнеше мәрте қайта өңделіп, Алла атына, пайғамбар затына, жалпы дінге қатысты негізгі мәселелер қысқартылды немесе мәтіннен бүтіндей алынып отырды. Осындай негізгі айтар ойынан айырылған ақын өлеңдері оқырман қауыммен қауышқанымен де, автордың жұмбақ болмысы өз шешімін таба қоймады. Мысалы, әдетте жеті буын, төрт тармақтан тұратын Ыбырай Алтынсариннің қазақ балаларына қарата айтылған:
Бір Құдайға сыйынып,
Кел, балалар оқылық.
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық [2.3] - деген өлеңіндегі алғашқы жол қалдырылып, тек кейінгі үш қатар ғана оқырман назарына ұсынылды. Ал, мұндай қысқартуға келмейтін, бір сөзін өзгертер болса, бар мағынасы жоғалатын, бүкілдей шығармашылығына діни астар берген Қожа Ахмет Яассауи, Сүлеймен Бақырғани, Бурхануддин Рабғұзи, Шәкәрім Құдайбердұлы сияқты ақындар өлеңдерінің жарыққа шығуына қатаң тыйым салынды. Әдеби жәдігерлер осылайша бір жақты ғана қарастырылды.
Қазақ әдебиетінің тарихында Шығыс шайырларынан шабыт, діни кітаптардан нәр алған, онда баяндалатын тәлім-тәрбиелік, ахлақи мәселелерді ана тілінде қайта жырлауға тырысқан ақындар аз болмаған. Қазақ хандығы тұсындағы жыраулар мен жыршылардың бәрі де алғашқы сөздерін Алланың атымен бастап, содан соң ғана негізгі тақырыпқа кіріскен. Қарахандықтар билігінен бері ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін өмір сүрген ақындардың жырлайтын басты тақырыптарының бірі - діни мазмұндағы шығармалар еді. Өткен ғасыр ақындары -- Шәді Жәңгірұлы, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Әбубәкір Кердері, Жүсіпбек Шайхисламұлы, Ораз молдалар діни медреселерде тәлім алған, көкірек көздерін қасиетті Құранмен суарған болатын. Олар хақ дінді өз шығармаларында жырлау арқылы бұл сенімнің қазақ халқының арасына тарауына айтарлықтай дәрежеде өз септігін тигізді. Алаш ардақтысы А.Байтұрсынұлының: Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған, - деп [3.316] жазғанында осыны меңзеген еді.
Осылайша, төл әдебиетімізде басым салмаққа ие діни шығармалардың арғы бастаулары бірнеше ғасырлар үлесінде жатыр десек, артық айтқандық емес. Құранның әдебиетке тигізген әсері, соның негізінде ислами әдебиеттің дүниеге келуі - бұл қалыпты жағдай. Сондықтан да, біз зерттеу тақырыбымызды ислам әдебиетінің орта мектепте оқыту мәселесіне арнадық. Тәуелсіздік алғаннан кейін мектеп бағдарламасына енген әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн шығармаларының оқытылу жолдары мен әдіс-тәсілдерін саралауды негізге алдық.
Әлемдік өркениетке қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық, мәдени дамуындағы жаңа бастамалар мен түбегейлі өзгерістер білім беру жүйесіне өз әскерін тигізіп, білім мазмұнын, оқыту әдістемесін жетілдіруде тың ізденістер жасауға мүмкіншілік туғызды.
Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында: Білім беру жүйесінің негізгі және бағдарлы мектеп дүниесін байыта отырып, эстетикалық, интеллектуалдық, көркемдік, адамгершілік, азаматтық тәрбие беру; оқырмандық талғамды қалыптастыру; әдеби мұраны және онда бейнеленген құбылысты эстетикалық тұрғыда қабылдауға қажетті білім мен білікпен қаруландыру; логикалық ойын, ауызша сөйлеу және жазба тіл мәдениетін қалыптастыру,-делінген.
Жалпы білім беретін орта мектептерде ислам дәуіріндегі әдеби шығармаларды оқытуда озық технология үлгілерін ұтымды қолдана отырып, білімді тиімді жолдармен меңгерту арқылы әдебиет сабағының құндылығын арттыру, жеке тұлғаның әдеби-интеллектуалдық қабілетін дамыту және көркемдік-эстетикалық, рухани жан-дүниесін байытуға игі ықпалын тигізу зерттеудің өзектілігін көрсетеді.
Мектепте оқытылатын әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн шығармаларын оқыту жолдарының тиімді әдіс-тәсілдері көрсетуді жұмыстың өзектілігі ретінде қарастырдық.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері.
әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн шығармаларының тақырыптық, мазмұндық, идеялық-көркемдік ерекшеліктерін жете түсініп, талдай білу;
теориялық білім дағдыларын дамыта отырып, оқушыларды поэзиялық шығармаларды талдай білуге үйрету;
жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінің орта және жоғарғы сыныптарында әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи шығармаларын оқытудың жолдарын қарастыру, сабақ үлгілерін көрсету;
Жүсіп Баласағұн шығармаларынның тәрбиелік маңызын айқындап, тәрбие сағаттарын, сыныптан тыс жұмыстар жүргізудің жобаларын ұсыну;
Диплом жұмысының құрылымы.
Кіріспеден, екі тарау, төрт тарауша, қорытынды және әдебиеттер тізімінен тұрады.

І тарау. Ислам әдебиетінің орта мектепте оқытылу жолдары

3.1. Қазақ даласындағы ислам әдебиеті

Әр ұлттың жазба мұралары мен әдебиет тарихы алыс ғасырлар қойнауына енген сайын, ол барынша құнды болып, барша адамзат баласының ортақ қазынасына айналатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда түркі халықтарының әдебиеті бірнеше ғасырлар үлесінде жатыр десек, артық айтқандық болмас. Бұл туралы қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші ғалым Н.Келімбетов Түркиялық Н.С.Бонралының Түрік әдебиетінің тарихы атты кітабынан: Түрік әдебиетінің жиырма жеті ғасырлық тарихы бар. Бұл әдебиет Кореядан Еуропаға дейін созылып жатқан Орта Азия, Қорасан, Иран, Үндістан, Әзербайжан, Анадолы, Мысыр, Сирия, Ирак т.б. көптеген жерлерде мемлекет құрған түріктер жасаған әдебиет, - деген [4.195] мәлімет келтіреді. Расында, түркілер өткен тарихта ірі оқиғалардың куәсі болып қана қоймастан, керек кезінде сондай ұлы өркениетті жасаушы да бола білді. Өзінің басынан өткенін кейінгі ұрпаққа аңыз-әпсана ретінде жеткізіп, одан бері де мәңгі өшпестей етіп тас-жартастарға ойып жазып отырды. Олар (түркілер) тарих сахнасына көтерілгелі бері, көрші жатқан Шығыстағы көне қытай, монғол мен Батыстағы бір кездері грек-рим мәдениетімен таласқан өркениеті бар парсы тілдес халықтармен қарым-қатынас орнатып, мәдени һәм әдеби байланыстар жасады. Сондай мәдени тоғысулардың арқасында түркі даласында өшпестей болып тарих, ұмытылмастай болып мәдениет пен әдебиет қалды. Өзімен бірге Шығысқа ұлы серпілісті алып келген ислам дініне дейін-ақ, түркілер өздерінің бай мәдениеті мен әдебиетін, жазуын қалыптастырып үлгерді. Орхон-Енесей, Талас бойынан табылған руна жазулы тас ескерткіштерінде Күлтегін, Тоныкөк сияқты қолбасшылардың тарихи тұлғасы мен әдеби бейнесі сомдалды. Сол кездегі түркілік өлең құрылыстары мен сөз саптауларын осы тарихи жәдігерлерден аңғаруға болады. Сонымен бірге, Алып Ер Тоңа, Еділ, Шу патшаларға қатысты құрылған аңыз-әпсаналар да, сол замандардағы тарихи өмірді суреттеуге арналды. Аталмыш тас ескерткіштерде түркі халықтарының көне тарихы мен әдебиетіне қатысты мол дүниелер жазылды. Ислам діні келісімен бұл бай мұралар Шығыстың асыл-жауһарларымен толысып, тағы бір саты жоғарыға көтерілді. Әдебиетке жаңа тақырып, сом образдар келді. Бұрынғы руна жазуын араб алфавиті ауыстырды. Ғылым мен білім жаңа сатыға көтерілді. Әдебиеттанушы ғалым С.Қирабаевтың: Қазіргі қазақ әдебиетінің ұзақ даму жолын шолып қарасақ, оның бай фольклорына қоса ерте ғасырдан бастап-ақ түркі тектес халықтармен ортақ әдебиет жасағанын көреміз. Көне түркі ескерткіштеріндегі жазулар (Орхон, Күлтегін, Білге-Қаған, Тоны-көк) мен Қорқыт ата кітабы, Оғызнаме дастанында кездесетін эпостық жыр үлгілері, аңыз әңгімелер, Жүсіп Баласағұнның Құтты білігі, Махмұт Қашқаридың Түркі тілдерінің сөздігі, Қожа Ахмет Яссауидің Даналық кітабы, Ахмет Иугнекидің Ақиқат сыйы, кейінірек туған Кодекс Куманикус, Махаббатнаме, Хиссасул Әнбия кітаптарында басылған халық өлеңдері мен дастандарының үлгілері, мақал-мәтелдер осыны айғақтайды, - деп [5.17] жазғанындай, қазақ әдебиетінің тарихы тереңдей түсті.
Түркі халықтары әдебиеті тарихында ислам дәуірі(Х-ХІІ ғасырлар) ерекше орын алды. Ислам дәуірі әдебиеті деген термин-ұғымды алғаш рет өз зерттеу еңбектерінде кеңінен қолданған ғалымдар Ф.Көпрүлузеде, Н.Банарлы және Г.Грюнебаум еді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы бүкіл түркі халықтарының Х-ХІІ ғасырлардағы тарихына қатысты болып келетін ислам дәуір әдебиетідеп аталатын аса кең мағынадағы ұғым түсінікті қазақ әдебиетін дәуірлерге бөлу үрдісінде зор білгірліктен нақтылай түскен сияқты. Ол қазақ әдебиеті тарихына талдау жасай келіп, оны төмендегідей дәуірлерге бөліп қарастырады: Бұрын қазақтарда жоқ сөздердің түрлері щыға бастайды. Бастапқы жазба әдебиеттің бас мақсаты - тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту болады. Сөйтіп жазба әдебиетттің өзі екі дәуірге бөлінеді; 1. Діндар дәуір, 2. Ділмар дәуір. Діндар - діншіл деген мағынада, ділмар - тілшең деген мағынадағы сөздер [6.262]
М.Әуезов те: Сол себепті өз бетімізбен долбар жасасақ, қазақ елінің ішкі өмірі екі үлкен дәуірге бөлінеді. Бұның біреуі - ісләм діні кірген соңғы мезгіл. Екіншісі, содан арғы ескі дәуір, - деп [7.19] екіге бөліп берген. Ғалымдар пікірлері әдебиеттің дәуірлеуін исламмен байланыстырып қарауында үлкен мән бар. Себебі, соңғы дінді қабылдау арқылы түркі халықтары бұрынғы сенімін ғана ауыстырып қойған жоқ, сонымен қатар, өздерінің болашақ мәдениеті мен әдебиетіне де жаңа өзгерістер алып келді. Ислам дінімен бірге түркілік әдебиетте жаңа бағыт, қуатты серпіліс пайда болғаны белгілі. Біз де осы ғалымдардың ой-тұжырымдарына негізденіп, орта ғасырда ислам өркениетінің аясында дүниеге келген әрі бар мазмұны діни астар алған шығармаларды ислами әдебиет деп қарастырамыз. Әрине, бұған дейінгі зерттеу еңбектерде бұл әдебиет жалпы атаумен діни аталып келіп еді. Біздің ойымызша дін деген терминнің мағынасы өте үлкен. Әрі бұл атау тек, исламға ғана берілмейді. Бұл - әлемде дәстүрлі және кейіннен пайда болған наным - сенімдердің бәріне қарата айтылатын атау.
Ислам дінінің аясында дүниеге келген шығармалар алдыңғы дәуірден тематикалық жағынан да, жанрлық тұрғыдан да өзгеше құрылысқа, басқа мәнге ие болды. Әдебиетте бұрынғыдай тек, тарихи оқиғалар ғана суреттелместен, бұдан былай көркем сөз адамзатты хақ жолға үгіттеуші, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратушы ретінде көрініс бере бастады. Әдебиет деген атаудың мағынасы кеңейе түсті. Құранда айтылатын діни сюжеттер мен кейбір негізгі аяттар мұсылман шайырларының шығармаларынан орын алды. М.Мағауиннің Классикалық Шығыс әдебиетінде әр бір сөз Алла атынан басталатын. Бүкіл әлемге аян атақты дастандардың барлығында ең алдымен Хақ тағалаға мадақ айтылады. Содан соң жүз ныспылы, бір кейіпті пайғамбарға сыйыну шарт, - деп [8. 284] жазғанындай, қолына қалам алған ақындар өлеңін Бісімилләсіз бастамайтын болды.
Түркі халықтарының ежелгі әдебиет нұсқаларынан саналатын Махмұд Қашқаридың Диуани лұғат ат-түрк, Жүсіп Баласағұнның Құтты білік, Ахмет Иасауидің Диуани хикмет, Сүлеймен Бақырғанидың Ақыр заман кітабы, Ахмет Йугнекидің Ақиқат сыйы, Бурхануддин Рабғұзидың Қиссасул әнбия (немесе, кейде Қиссасур Рабғұзи деп те аталады), Сейф Сараидың Гулистан бит-түрки, Құтыбтың Құсрау уа Шырын, Хусам Кәтибтың Жұмжұма сұлтан, Махмұд бин Ғалидың Нахжул фарадис сияқты Қарахандықтар билігі мен Алтын Орда тұсында дүниеге келген жәдігерлер соның жарқын дәлелі. Орта ғасырдан басталған осы үрдіс ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында дүниеге келген шығармалардың басым бөлігінде көрініс берді.
Ислам дәуірі әдебиеті кезеңінде түркі қауымын айдай әлемге танытқан Әбу Насыр әл-Фарабидің Әлеуметтік-этикалық трактаттары, Әбу Әли ибн Синаның Даныш-намесі, Әбу Райханәл-Бирунидің Хикметтері, Махмуд Қашқаридің Түркі тілдерінің жинағы, Жүсіп Хас Хажыб Баласағұнның мемлекетті басқару жайындағы атақты Құтадғу біліг дастаны, Ахмет Иүгінекидің Ақиқат сыйы , Қожа Ахмет Йассауидің Диуани хикметі, т.б тарих сахнасына шықты.
А.Қыраубаева өзінің Ежелгі әдебиет атты еңбегінде Ислам дәуіріндегі әдебиетті Сыр бойы әдебиеті және Қарахан әдебиеті деп екіге бөліп Сыр бойы әдебиетіне Әбу Насыр әл-Фараби мен Ахмет Иассауидің еңбектеріне, ал Қарахан әдебиетінен Жүсіп Баласағұн мен Махмуд Қашқариді әлемге танытқан шығармаларын жатқызады.
Әбу Насыр әл-Фараби.Бүкіл шығыс ғалымдары Аристотельден кейінгі екінші ұстазымыз деп таныған Әбунәсір әл-Фараби қазақ жерінде, Отырар қаласында дүниеге келген. Оқу-білім іздеумен сол кездегі Араб халифатындағы ірі білім орталығы болған Бағдатқа кетіп, Сирияда, Шам шаһарында қайтыс болған (Дамаск). Өз ана тілі - түркі тілінен басқа араб, парсы, көне грек тілдерін жетік біліп, түрлі ғылымдар бойынша 100-ден астам еңбек жазған. Философия, жаратылыстану, математика, музыка саласында әлем таныған құнды еңбектері бар. Поэзияның табиғатын талдайтын трактат жазып, өлең де шығарған. Әл-Фарабидің көне грек философтары мен математиктерінің еңбегіне зер салып, оларды араб оқушысына түсіндіруге тырысуы, грек ойшылдарының философиялық пікірлерін жаңаша дамытуы, энциклопедиялық білімін жан-жақты жұмсауы Әл-Фарабидің Қайта өрлеу (Ренессанс) дәуірінің ғылым саласындағы қайнар бастауында тұрған тұлға екенін көрсетеді. Қайырлы қала тұрғындарының көзқарасы, Дүниедегі қозғалыстардың тұрақтылығы, Музыканың үлкен кітабы, Өлең сөз және шешендік туралы, Өлең өнерінің қағидалары туралы трактаты, Логика т.б. еңбектері - ғылым тарихында өзіндік орны бар дүниелер.
Ахмет Йүгінеки (Ахмет Махмұдұлы Жүйнеки) XII ғасырдың орта кезінде өмір сүрген аса көрнекті ақын, есімі кезінде бүкіл ұлан-ғайыр Қарахан мемлекеті түркілеріне мәшһүр ғұлама-ақын болған. Ақынның туған жері Түркістан қаласының маңындағы Жүйнек (Югнак) деген елді мекен болса керек. Алайда Югнак деп аталатын қоныс басқа жерлерде де болуы мүмкін деген жорамалдар да бар. Ислам дәуірінің атақты ақыны Ахмет Йүгінекидің бізге жеткен жалғыз туындысы - Хибатул-хақайық (Ақиқат сыйы) деп аталады. Қоғамдық өмірдің түрлі салаларын қамтитын жоғарыда аталған шығармалар үкімет билігін жаңадан қолға алған, түркі тектес жергілікті халықтардан шыққан әкімдер үшін аса маңызды болып табылатын ең басты сауалдарға жауап берді.
Махмұд Қашғари - XI ғасырда Қашқарда туып, Шу, Талас өңіріндегі Баласағұн қаласында өмір сүрген ғалым. Түркі тілдерінің жинағы (Диуани лұғат ат-түрк) кітабын 1072-74 жылдары жазған. Түркі, араб грамматикасын жетік білген ғалым бүкіл түркі ру-тайпаларын аралап, олардың тіл ерекшеліктерін, сөздік қорын зерттеген, сөйтіп, түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасын жазған. Сонымен қатар кітапта түркі халықтарының рухани өмірі мен қоғамдық тіршілігін көрсететін әдеби мол мұралар бар. Одан астрономия, география, медицина, тарих, этнографияға қатысты мәліметтерді табуға болады. Ауызша әдебиет үлгілері; қаһармандық өлеңдер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, аңыз, ерлік, ғашықтық жырлар, сүйіспеншілік жайлы өлеңдер жинақталған. Қашғари сөздігі Еуропаға XX ғасырдың басында белгілі болған. 1915-1917 жылдары - Стамбулда, 1960-63 жылдары Ташкентте басылып шықты. Қазіргі қазақ тіліне әдеби жағы аударылған (М. Қашғари. Диуани лұғат ат-түрк Аударған X.Сүйіншәлиев. - А., 1968.). Қашқарда, Бағдатта білім алған. Византия, Түркия, Қытай және басқа елдерді аралаған. Түркі тілімен қатар, араб және парсы тілдерінде де еңбектер жазған. Диуани лұғат ат-түрік - Қ. ең ұлы шығармасы. Онда көшпелілердің ой әлеміне қатысты да тамаша мұра жинақталған. Бұл тамаша энциклопедиялық туынды 1072-1078 жылдары Бағдатта жазылған. Түпнұсқасы жоғалып кеткен. 1206 жылы М.А.Абулфатх жасаған жалғыз көшірмесі Стамбулда сақтаулы. Толық нұсқасын қазақ тіліне А. Егеубаев тәржімәлады.
Махмұдтың әкесі белгілі қолбасшы, Барсханның әмірі болған. Ол кейін Қарахан әулеті билеген мемлекеттің мәдени саяси орталықтарының бірі Қашқарға ауысқан. Махмұд осында дәріс алған, ұзақ жылдар тұрған. Оның аты жөніне қай жерден шыққанын көрсететін дәстүрмен Қашқариді тіркеуінің мәнісі де содан. Ғалымның туған, қайтқан жылы белгісіз. Ол жөнінде өзі де, басқа зерттеулер мен сол тұстағы жазбаларда да ештеме айтылмайды. Ол Қашқарда алған білімін одан әрі толықтыру мақсатымен, Бұқара, Нишапур, Бағдат қалаларында болады, түркі тілінің сыртында араб, парсы, тілдерін жетік меңгереді. Өз заманының аса білімдар филологы, тарихшысы, этнографы, географы ретінде танылады. Түркі ғалымы Махмұд Қашқари түркінің тұңғыш тіл маманы, түркі тілінің оқулығын жасаған, грамматикасын түзеп, жалпы түркі әлемінің тіл өнерінің өрісін кеңейтіп, өркенін өсірген ғұлама. Түркология тарихында ол тұңғыш тарихи салыстырмалы әдісті қолданып, түркі тілдері тарихи диалектологиясының негізін салды. Оның осы тілдерді салыстырмалы түрде зерттеу тәсілі бүкіл Шығыс тілшілеріне ортақ зерттеу тәсілі ретінде өзінше бір мектеп болып қалыптасты.Түркі жұртының бай тарихы, географиялық жағдайы, әдебиеті мен өнері, этнологияық ерекшеліктері Диуани лұғат ат түркте нақты тарихи деректілік сипатпен танылған. Ол көптеген ұлыстардың, тайпалардың тіл ерекшеліктерін саралап, түркі тілінің бітімін ежіктей түсіндіреді, тұрмыс салтын, әдет ғұрпын баяндайды, сол кездегі бір қатар қаламгерлердің, ғұламалардың, тарихи адамдардың аттары мен өмірбаяндық деректерін, түркі халықтарының байырғы жырларын, мақал мәтелдерін береді. Сонымен қатар ол көне дәуірдегі түркінің әлемдік қартасын жасап, онда Барсхан, Баласағұн, Тараз, Екіөгіз, Қашқардан бастап, түркі дүниесінің ежелгі шаһарларын, елді мекендерін түгел дерлік көрсетеді. Бұл ретте оны түркі жұртының тұңғыш энциклопедиялық анықтамалығы десе де болады.
Жүсіп Баласағұн 1015-16 жылдары Баласағұн қаласында туып, әйгілі Түрік қағанаты құлаған соң құрылған Қарахан империясының мәдени орталығының бірі болған Қашғарда тұрған. Құтты білік поэмасын, өзінің айтуы бойынша, он сегіз ай жазып, 54 жасында Қашғарда аяқтаған (1069-70). Ақынның туған жері - соңғы деректерде Қазақстанның Талас - Шу өңірі бойында. Жүсіп Баласағұни бұл кітабын Қашғар билеушісі Табғаш Қара Боғраханға сыйлыққа тартып, Хас Хаджип (сарай министрі) атағын алған. Поэма 85 тараудан тұрады. Ақыл-білімге, адамгершілікке үндейді, адам мүмкіндігінің шексіз екендігі, өзін қоршаған дүниені танып біле алатындығы, таным процесіндегі ғылымның орны туралы айтады. Грек ойшылдары сияқты, дүниенің негізі болған төрт нәрсе: жер, су, ауа, от дейтін төрт принципті Ж.Баласағұни да ұстаған. Оның кейіпкерлері де төртеу. Дастанның үш қолжазбасы сақталған. Қазіргі қазақ тіліне Ферғана, Мысыр қолжазбаларының басылымынан аударылып (Стамбул, 1943) беріліп отыр. Кутадгу Билиг. Осы дәуірдің поэтикалық шығармашылығының ең ірі туындысы - "Кутадгу билиг" поэмасы (Благодатное знание). Ол Баласағұннан шыққан Юсуф Хас-хаджибпен Қараханид мемлекетінің билеушілерінің бірі Сатук Боғра хан үшін жазылған. Қысқаша мазмұнына тоқтала кетсек, Юсуфтің әкесі атақты музыкант болды.Ол қобызға арналған "Дарди Хусани" шығармасын Баласағұн билеушісіне арнады. Юсуф 1015 жылы туылған. Ол сарайда тәрбиеленеді. Қараханидтер мемлекетінің барлық ірі ғылыми және әдеби орталықтарында болып, көптеген түркі тілдерін, сондай-ақ парсы, араб және қытай тілдерін үйренеді. Сонымен қатар, ол тарихты, астрономияны, геометрияны және басқа да ғылымдарды зерттеді. 1069 жылы Жүсіп өз атын мәңгілікке келтірген өлеңін жазды, автор 30 жылдан астам уақыт материал жинады, ал поэмасын жазып шығару жұмысы нақты бір жарым жылға созылды. Жұмыстың жалпы көлемі - 13 мың дана. Өлеңнің негізі Жетісу аудандары, Ыстықкөл көлі және Қашқария туралы эпизодтар мен аңыздарға негізделген, басты кейіпкерлер - тарихи тұлғалар еді. Поэмада Баласағұн, Тараз, Қашқар, Сырдария, Шығайлық, Қарлық, Оғыз қалаларын атайды. Поэма диалогтар, сөйлеу және түзетулер түрінде жазылған. Терең мазмұн және жарқын ақындық тіл өте танымал болды. Ол сауатты адамдарға арналған анықтама құралы болды. Өлеңнің негізгі идеологиялық мазмұны - білімді билеушілердің де, халықтың да игілігі үшін жалғыз көзі. Жүсіптің пайымдауынша, мемлекетте жақсы білімі бар ағартушы билеуші болуы керек.
Ахмет Яссауи - түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы аса көрнекті ақыны, есімі ислам әлеміне машһур болған ойшыл қайраткері. Ол мұсылман қауымының дәстүрлі қағидаларын жырлаған сопылық әдебиеттің түркі халықтары арасындағы мейлінше танымал, ірі өкілдерінің бірі болды. АхметЯссауи кезінде жахрия (экстаз) немесе Яссауия деп аталып кеткен сопылық-мистикалық ағымның негізін қалады.
Ахмет Яссауи Испиджаб (Сайрам) қаласында туылған. Ақынның туылған жылы белгісіз, ал 1166 жылы қайтыс болған. Ер жете келе Түркістан (ол кезінде Яссы деп аталған) қаласына келіп тұрады. Сол кезде атақты Арыстан Баб және Жүсүп Хамадани деген шайықтардан тәлім-тәрбие алған. Бұхарада оқыған. Сосын оқымысты адам, сопы ретінде Яссы қаласына қайтып келеді.
Диуани хикмат ( Даналық кітабы ) - түркі тілді халықтардың ХІІ ғасырдан сақталған әдеби ескерткіштерінің бірі саналады. Бұл өлеңдер жинағы қазақ әдебиетінің де орта ғасырлық нұсқасы болып табылады. Өйткені Яссауи хикматтарының тілін ұзақ жылдар бойы зерттеген көрнекті совет ғалымы А.Қ.Боровковтың пікірі бойынша Даналық кітабы оғыз-қыпшақ тілінде өмірге келген әдеби туынды. кезінде ол өлеңдер өте қарапайым, көпшілікке түсінікті тілмен жазылған. Ақын Орта Азиядан бастап, Еділ жағалауына дейінгі ұлан-ғайыр өлкеде көшіп-қонып жүрген түркі тайпаларының бәріне де түсінікті болатындай ауыз-екі сөйлеу тілінде жырлағаны дау тудырмайды. Бірақ бертін келе жинақты көшірушілер оған өз тарапынан көптеген араб-парсы сөздерін қосып жіберген сияқты. Бұл өлеңдер жинағының алғашқы түп нұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы XV -ғасырдың орта кезінде араб емлесімен көшірілген. Даналық кітабы Қазан (1887 және 1901 ж.), Стамбул ( 1901 ж.), Ташкент (1902 және 1911 ж.) баспаларынан бірнеше рет жеке-жеке кітап болып басылып шығады. Ахмет Яссауи өлеңдер жинағының ең толық нұсқасы Қазан басылымы болвп табылады. Мұнда 149 хикмат берілген. Соның 109 хикматы Яссауидің өзінікі екені даусыз. Қалғандары шәкірттері тарапынан жазылып, жинаққа еніп кеткен жыр жолдары болса керек.
Даналық кітабында негізінен төрт нәрсе мадақталады. Олар: шариғат- ислам заңдары мен әдет-ғұрыпының жинағы, тариқат- сопылықтың идеясы, мұрат-мақсаты, маьрифат- дін жолын танып, білу; хақиқат-құдай және оған жақындау. Ахмет Яссауидің ойынша, Шариғатсыз, тариқат, тариқатсыз, маьрифат, маьрифатсыз, хақиқат болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады.
Түркі халқы ислам діні мен мәдениетін қабыл еткен соң бұрынғы көк Тәңірісіне табынуға негізделген мәжусилік сенімінен, әдебиетінен, өнерінен, жалпы алғанда, алғашқы рухани мұрасынан айырыла бастаған еді. Сонымен бірге, араб-парсы тілдері мен исламның оқу-білімі бұқара халыққа көпке дейтін жат көрініп, түсініксіз болып келеді.
Міне, осындай бір тарихи бетбұрыс кезеңінде өлең құрылысы жағынан көне түркі поэзиясының табиғатына жақын етіп жазылған, әрі оғыз-қыпшақ тілінде өмірге келген Ахмет Яссауи жырлары жергілікті халықты рухани өмірінде зор роль атқарды. Ақынның Даналық кітабы атты жыр жинағы арқылы қарапайым халық ислам әлемімен, сол дәуір үшін ілгерішіл саналған сопылық ағымының философиялық ой-пікірлермен танысты.
Ахмет Яссауи жырлары тек қазақ елінде ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ мұра екені мәлім. Арада сан ғасырлар өтсе өзінің мән-мағынасын кемітпей, қайта уақыт озған сайын қадір-қасиеті арта түскен бұл ғажайып хиқмат-жырлар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, рухани мұра ретінде өмір сүре беретіні даусыз. Ахмет Яссауидің сопылық-мистикалық сарындағы ой-пікірлері оның шәкірттері жалғастырып, кезінде көптеген хиқат-жырлар жазғаны мәлім. Ғұлама ақынның ел ішінде ең танымал болған дарынды шәкірттерінің бірі Сүлеймен Бақырғани еді. Ақынның туғын жылы белгісіз, 1186 жылы қайтыс болған. Оны жұрт Хакім ата деп атаған.
Сүлеймен Бақырғани да өзінің гуманистік бағыттағы ой түйіндерін ислам діні қағидалары тұрғысынан түсіндіруге әркет жасайды. Ал, біз соңғы кезге дейін дін атаулыға сыңаржақ қарап, оның адамды ізгі қасиеттерге үндейтін ілгершіл ролін теріске шығарып келдік. Сол себепті Сүлеймен Бақырғани өлеңдері де күні бүгінге дейін зерттелмей, жарияланбай келеді. Бертін келе Бақырғани жыр-жинағы Бақырғани кітабы деп аталады. Бұл жинақтағы өлеңдер өзінің тақырыбы, мазмұны, құрылысы жағынан Ахмет Яссауидің Даналық кітабына ұқсас болып келеді.
Бақырғани өлеңдері кезінде ел арасында ауызша да мейлінше кең тараған. Әсіресе оны ел аралаған дәуіштер көп айтатын болған. Бертін келе Бақырғани жырлары ел аузынан жиналып, 1877 жылы Қазанда жеке кітап болып басылып шығады. Сүлеймен Бақырғанидің Ақыр заман кітабы және Бибі Мариям кітабы деп аталатын екі дастаны бар. Олар негізінен діни аңыз-әңгімелер сюжетіне құралған. Сопылық-мистикалық ой-пікірлерді уағыздайды. Сүлеймен Бақырғани (XII ғасыр) Бақырғани кітабы. Хакім ата (туған жылы белгісіз - 1186 жылы қайтыс болған) сопылық-дидактикалық сарындағы әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі, ислам дінінің жахрия (йассауишілік) деп аталатын ағымын қыпшақ даласына уағыздап, таратушы көрнекті діни қайраткер. Болашақ ақын қазіргі Қарақалпақстанға қарасты Қоңырат қаласына жақын жердегі көне қамал-қала Бақырғанда туған. Түркі әлемінің ғылым мен өнер ошақтары - Исфиджаб (Сайрам), Фараб (Отырар), Йассы (Түркістан) шаһарларында ұзақ жылдар оқып, ислам ілімінің аса көрнекті ғұламаларынан дәріс алған. Кезінде ұстаздардың ұстазы атанып, ұлы шайхы дәрежесіне жеткен ғұлама-ақын Ахмет Йассауидің ең қабілетті шәкірті, ізбасары болған. Ақын мұрасы тек ХІХ ғасырда ғана қайта жинақталып, Қазан, Ташкент және Стамбул баспаларынан Бақырғани кітабы деген атпен бірнеше рет (1846, 1877, 1882, 1898жж.) басылып шықты.
Бақырғани кітабы - түркі тілдес халықтардың XII ғасырдан сақталған сопылық-дидактикалық ағымдағы алғашқы әдеби жәдігерліктерінің бірі. Бұл жыр жинағы орта ғасырлық қазақ әдебиетінің де мұрасы болып табылады. Ақынның хикмет-жырлары кезінде қазақ ақын-жыраулары поэзиясында кеңінен тараған ақыл-өсиет айту сарынындағы жыр-толғау үлгісімен үндес болып келеді. Бақырғани кітабы негізінен бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімді шартты түрде көңіл күй жырлары деуге болар еді. Ал екіншісі - сопылық идеясын насихаттауға арналған дидактикалық-философиялық хикмет-өлеңдері, үшіншісі - Алланы мадақтауға арналған жырлар (Меърож-наме), төртіншісі - Ақыр заман көріністері дастаны, бесіншісі - Бибі Мариям толғауы. Бақырғани кітабының басты идеясы - оқырманын ізгілікке, имандылыққа, рухани тазалыққа үндеу. Ақынның айтуынша, әрбір адам рухани тұрғыдан кемелденген дәрежеге жетуі үшін Алланы (Хақты, абсолюттік рухты) толық танып-білуі тиіс. Ал бұл биік мақсатқа жетуі үшін адам алдымен Ахмет Йассауи айтқандай, төрт асудан сүрінбей өтуі керек. Олар: шариғат, тариқат, маърифат, хақиқат екенін жоғарыда айттық.
Ислам дәуірі әдебиетін зерттеушілердің қатарына Н.Келімбетов, Х.Сүйіншалиев, А.Қыраубаева, М.Жолдасбеков сынды ғалымадарды атап өтсек болады.
Байтақ еліміздің күллі жоғары оқу орындарындағы филология факультетінің студенттері бүгінгі күнге дейін прфессор Немат Келімбетовтің Ежелгі дәуір әдебиеті атты оқулығын қолынан тастаған емес. Ғалым-зерттеуші өз еңбегінде қазақ әдебиетінің үш мың жылдық тарихын тереңнен қопара зерттеп, әр дәуірдегі ұлы бабаларымыздың соңында қалған рухани жәдігерліктерін ерінбей-жалықпай іздеп тауып, бір жүйеге түсіріп, сол мұралардың ғылыми-танымдық негізін, көркемдік құндылығын құнарлы тілмен баяндап береді.
Ғұлама ғалым Немат Келімбетов сан ғасырларды көктей өтіп, бүгінгі күнге тарихи-көркемдік маңызын төмендетпей жеткен, уақыт сынынан өткен әдеби мұраларымызды терең, арна-арнамен қарастыра отырып, төмендегідей кезең-кезеңге бөліп зерттейді.
Еңбектің екінші тарауын Ислам дәуірі әдебиеті деп атап, келесі туындыларды енгізеді: Этикалық-дидактикалық поэзия, Әбу Насыр әл-Фараби, Орта ғасыр ғалымдарының әл-Фараби туралы ой-пікірлері, Махмұт Қашқари. Диуани лұғат ат-түрік, Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн. Құтадғу біліг, Ахмет Йүгінеки. Хибатул-хақайық, Қожа Ахмет Йассауи. Диуани хикмет, Мират-ул Қулуб, Сүлеймен Бақырғани. Бақырғани кітабы. Бұл тарауында да ғалым зерттеуші, шығыстанушы, түркітанушы ғалымдардың еңбектеріне арқа сүйейді. Солардың сирек қолжазбалары мен жарық көрген еңбектерін терең ақтарғандығы анық байқалады. Немат Келімбетов араб, парсы, көне шағатай, көне түркі тілдеріндегі жәдігерліктерді көп зерттеген. Солардың біразын сюжеттік мазмұнын сақтап, поэтикалық құрылымын әлсіретіп алмай, өзі де қазақ тіліне аударды. Ғылыми сипаттамаларын жазды. Әсіресе, орыс, түрік, өзбек, әзірбайжан, татар, башқұрт ғалымдарының монографиялық зерттеулерінің ең бір сүбелілерін ой елегінен өткізеді. Солардағы ғылыми тұжырымдар мен толғамдарды өз ой-пікірлеріне тұғыр етеді. Жаңсақ кеткен ой-пікірлерді жаңа деректер негізінде жаңаша толғайды. Осынау еңбектердегі Ислам құндылықтарына байланысты тың, жаңа ғылыми ой-тұжырымдарды өзі зерттеп отырған объектісіне байланысты сабақтастыра пікір өрбітеді. Осы орайда ғалымның төмендегідей тұжырым жасауы тарихи сабақтастықты дөп басып анықтайды. Басқаша айтсақ, Х-ХII ғасырлар түркі халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихында қайта өрлеу - ренессанс дәуірі болды. Сондай-ақ енді ғылым, мәдениет, әдебиет саласындағы шығармалар бұрынғыдай араб тілінде емес, жергілікті халықтардың өз тілінде, яғни түркі тілінде жазыла бастады. Араб тілі мемлекеттік тіл болудан қалды. Ел басқару ісін де түркі халықтарынан шыққан әкімдер қолға алды. Мұның өзі кездейсоқ құбылыс емес еді. Бұл өзгерістердің бірнеше ғасыр бойы дайындалып келе жатқан тарихи алғышарттары бар болатын. Ұлы Түрік қағанаты - өзінің ішкі қайшылықтары мен сыртқы қысымның салдарынан екіге бөлініп кеткені (Батыс және Шығыс түрік қағанаттары) тарихтан жақсы мәлім. Ұланғайыр өлкені иеленіп, әлемді аузына қаратып тұрған ұлы Түрік қағанатының өзінен кейінгі ұрпағына қал­дырған мұрасын тым аз деп те, қыруар көп деп те бағалауға болар еді. Тым аз дейтін себебіміз - Түрік қағанаты тұсында салынған ғажайып кент-қалалар, зәулім сарайлар, құнды дүние-жиһаздар жау қолынан қирап, көл-көсір қазына-байлығы қадым замандарда-ақ талан-таражға түсіп кетті. Ал қыруар көп дейтін себебіміз - данышпан бабаларымыздың ұшқыр ақыл-парасатынан туған ең асыл мұралар - көне түркі әріптері, яғни руналық жазбалар мен Күлтегін, Тоныкөк сияқты батырлық жырлары біздің заманымызға сол күйінде жетті [4.45] - деп Немат Келімбетов өзіндік тың байламын ұсынады.
Ислам дәуірі әдебиеті мен қазақ ақын-жыраулары поэзиясы арасындағы көркемдік дәстүр жалғастығын сөз еткенде, мықтап ескеретін бір жәйт бар. Кез келген халық әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы сол қоғамдағы тарихи жалғастықтың құрамдас бөлігі болып табылады. Ал тарихи жалғастық дегеніміздің өзі, ең алдымен ақыл-парасат жалғастығы екені белгілі. Мәселен, Әл-Фарабидің философиялық, әлеуметтік-этикалық ой-тұжырымдары өзінен кейінгі дәуірлердегі ойшыл қаламгерлердің шығармаларынан өзінің дәстүрлі жалғастығын тапты. Ол өзінің Интеллект (сөзінің) мағынасы жайында деп аталатын зерттеуінде адамның ақыл-парасат мүмкіндігіне жан-жақты талдау жасай келе, оны потенциалды интеллект, актуалды интеллект, жүре келе дарыған инттелект, әрекетшіл интеллект сияқты философиялық категорияларға бөліп-бөліп талдайды. Әл-Фараби жүре келе дарыған интеллект туралы айта келіп, адам туғаннан ақылды, білімді болып тумайтынын, интеллектің өзі жүре кел, естіп, көріп барып қана дамитынын ескертеді. Әл-Фарабидің интеллект жөніндегі осы философиялық ой-тұжырымын араға тоғыз ғасырдай уақыт салып, қазақ қауымының жаңа тарихи жағдайында Абай Құнанбайұлы зор білгірлікпен жалғастыра түскен сияқты. Абай өзінің Он тоғызыншы сөзінде: Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің сөзін естіп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады, [9.126] - деп жазады. Сондай-ақ, Әл-Фарабидің ғылым-білімді меңгерудегі интеллект рөлі жайындағы философиялық тұжырымын Абай өзінің Он тоғызыншы сөзінде мейлінше айқындай түскен. Абай өз ойын: ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады, - деп тұжырымдайды. Әл-Фараби өзінің жоғарыда аталған еңбегінде жан қуаты жөнінде қолданған ұғымдар мен термин сөздер сол қалпында Абай қара сөздерінде (7,17,27,38,43-сөздер) қайталануы кездейсоқ құбылыс емес, Әл-Фараби: Ақыл-парасат күші - адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш деп көрсетеді. Әл-Фараби өзінің Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары атты философиялық трактатында Қайрат, Ақыл және Жүрек сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: Жүрек - басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес, - дейді. Әл-Фарабидің Қайрат, Ақыл және Жүрек жөніндегі философиялық тұжырымы Абайдың Он жетінші сөзінде өзінің логикалық жалғасын тапқан сияқты. Абайдың осы сөзінде Қайрат, Ақыл және Жүрек үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры ғылымға келіп жүгінеді. Сонда ғылым бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің: Ей, Қайрат, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаталдығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман, - депті. Бұдан кейін ғылым өз шешімін Ақылға айтыпты: Жаратқан тәңіріні де сен танытасың. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да - бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның - екеуінің де сүйенгені, сенгені - сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман, [9.130] - депті. Бұдан кейін Абай осы үш категория жайында түйін жасап, Әл-Фарабидің жоғарыда айтылған пікірін өз оқырманының ұғымына лайықтап жеткізеді. Абай осы үшеуінің басында қос, бәрін де Жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. - Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен Жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы[9.130] - депті деген қорытындыға келеді.
Исламның дүниетанымдық, әсіресе, имандылық пен адамгершілік аясындағы сипаттары қазақ ойшылдарының философиялық ізденістерінен де көрініс тапты. Ислам философиясын кеңес дәуірінде молдалар медреселерде оқушыларды діни жағынан оқытқан, белгілі бір дәрежеге білімін жетілдірген. Жаңа дәстүр бойынша мектеп оқулықтарында да, жоғары оқу орындарында да оқушыларға ислам философиясын және имандылық пен адамгершілік туралы түсініктемелерді жаңа бағдарлама бойынша әлемге әйгілі ғалымдарымыздың жазған еңбектерін, хикметтерін таныстырып өте маңызды. Қазіргі таңда мектептерде жаңартылған бағдарлама бойынша осы ғұламалырымыздың еңбектерін философиялық тұрғыдан әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы түсіндіріп жастарды ілімге, білімге дәріптеу қолға алынып келеді. Сондықтан келесі тарауларда Әль-Фараби мен Ахмет Яссауидің еңбектерін, нақыл сөз, хикметтерін тереңнен таныстыру оқушыға,балаларға жаңа бағыт, жаңа әдіс-тәсіл арқылы түсіндірудің бірнеше жолын ұсынуға тырысамыз.

1.2. Әбу Насыр әл-Фараби және Қожа Ахмет Яссауи шығармаларыноқытудағы инновациялық технологиялар

Педагогика ғылымында жас зерттеушілердің араласуын күтіп жатқан, әлі анықталмай елеусіз болған құбылыстар байланысы мен тәуелділіктері ұланғайыр, тың халінде. Педагогиканың жемісті дами түсуінің басты шарты - ғалымдар мен педагог-практиктердің бірлікті іс-әрекеті [10. 37].
Әрбір ғылым өзінің дербес әдіснамасын, зерттеу әдістерін жасайды. Педагогиканың да өзіне тән ғылыми-зерттеу әдістері бар. Бұл әдістерді зерттеуші әрбір педагогикалық құбылыстың ерекшеліктеріне сәйкес қолданады.
Тәрбие мен оқытудың нәтижесі тек қана мұғалімнің тиімді әдістерді қолдана білуі мен педагогикалық шеберлігіне байланысты емес, ол оқушылардың қабілеттілігіне, жан-жақты дамуына және осы сияқты толып жатқан факторларға байланысты. Басқа дәл ғылымдарға (физика, математика, химия) қарағанда педагогикалық құбылыстарды зерттеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы: дәл ғылымдар бойынша экспериментті қайталап жүргізуге болады. Егер бұрынғы жағдай ескеріліп, сол кезеңдегі материалдар пайдаланылса, экспериментті қайталап жүргізу тиімді нәтиже бермейді. Себебі, педагогикалық зерттеудің объектісі - баланы тәрбиелеу. Сондықтан педагогикалық процесте және кейбір сыртқы факторлар (даму барысында оқушыларда пайда болатын өзгерістер, әлеуметтік және микроортада кездесетін түрлі жағдайлар және т.б.) әсер етеді. Әдіс (грек сөзі - шындыққа жетудің жолы) ретке келтірілген іс-әрекеттің белгілі бір тұрғыда мақсатқа жету жолын білдіреді.
Оқушылардың ұлттық тұлғадағы азамат болып қалыптасу сатылары тек Әбу Насыр әл-Фараби және Қожа Ахмет Яссауишығармаларының мазмұнын меңгертіп қана қоймай, шығармаларының мәнін қоршаған ортамен, өмірмен, түрлі жағдаяттармен салыстыра қарап, өзіндік сараптама жасай білулеріне жол ашуы тиіс.
Әбу Насыр әл-Фараби және Қожа Ахмет Яссауи шығармаларын әр қырынан зерттеп, инновациялық педагогикалық технологияларды меңгере отырып, сабақ берудің жаңа формаларын, көркем шығармаларды талдаудың тың әдіс-тәсілдерін үйрену, осы арқылы жастардың адами болмыстарының қалыптасуына жол ашу - бүгінгі заман талабы.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында Жоғары білімді дамытудың негізгі үрдісі мамандар даярлау сапасын арттыру, қарқынды ғылыми зерттеу қызметімен ықпалдастырылған, инновациялық дамыту жолдарын, білім беру және ақпараттық технологияларды жетілдіру болып табылады деп көрсетілген [11. 5].
Олай болса, оқытудағы инновациялық технологиялар ұғымының мәнін ашып алсақ. Инновация ұғымы педагогика ғылымымен жасасып келеді деуге болады. Олай дейтініміз, бұл ұғым ежелгі педагогикалық еңбектерде кездесіп отырады. Инновация ұғымы әр елде әртүрлі түсіндіріліп, ғалымдар әртүрлі анықтамалар берген. Осы ұғымды жан-жақты зерттеген ғалымдар - М.М.Поташкин, А.С.Доренсов, В.И.Днепрова, В.С.Лазерева, П.И.Третьякова, Н.Нұрахметов, Ш.Таубаева, Қ.Құдайбергенов, Н.Р.Юсуфбекова және т.б. инновация ұғымына жаңалық, жаңаны енгізу, өзгеріс, құрал, үрдіс, әдіс-тәсілдер деп түсіндіріп берген. Инновациялық үрдіс дегеніміз - білім беру жүйесін жаңартудың серпін беру, білім беруді неғұрлым тиімді ете түсінудің құралы және әдісі. Инновация білім деңгейінің көтерілуіне жағдай туғызады [12. 14].
Инновация теориясының алғашқы ұғымдарының негізін қалаушылар неміс ғалымдары В.Зомбарт, В.Метчерлих және австриялық экономист Й.Шумпетер болып ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ислам дінінің таралу ерекшеліктері
Алтын орданың рухани мәдениетінің тарихы
Қазақ халқының рухани мәдениеті пәнінен дәрістер кешені
Қазақ педагогика тарихында Ы.Алтынсарин еңбегінің маңызы
XVIII ғасырдың ортасынан –XIX ғасырдың ортасына дейінгі Қазақстандағы ресей империясының миссионерлік саясаты
Саяси білімнің дамуына үлес қосқан ғалымдар
Сыр бойындағы ақындық мектеп және ақындық орта дәстүрі
Алтын Орда мекендеген территориясы
Алтын Орда мемлекетінің ыдырау себебі
Алтын орда мемлекеті
Пәндер