ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ЖӘНЕ ЛИРИКАЛЫҚ МОНОЛОГ
Бегәлі Бұлғын
Фариза Оңғарсынова шығармашылығы
КІРІСПЕ
Бітіру жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазақ поэзиясы сан ғасырлар бойы әдебиеттің ауыр жүгін арқалап, ата-бабалар аманатын жеткізіп, эстетикалық тәрбиенің бар мұратын, міндетін мойнына көтерген еді. Поэзия қазақ халқы үшін сұлулықпен егіздес ұғым іспеттес. Ұлттық әдебиет осыншама уақыт шеңберін артқа тастай отыра, ұзақ өмір сүрген болса, сол төл әдебиеттің нағыз сөз маржандары ауызша айтып, ауызша тарап осы күнгі ұрпаққа дейін еш маңызын жоғалтпай жетіп отырған. Сонау ежелгі сақ, ғұн дәуірлерінен бастау алған Орхон ескерткіштері мен ауыз әдебиетіндегі сансыз жыр жауһарлары - қазіргі төл әдебиетіміздің төл бастаулары екендігі тағы мәлім. Одан бері орта ғасыр әдебиеті мен қазақ хандығы тұсындағы жыраулық поэзия, Абай әлемі бүгінгі әдебиеттің тамыры тереңде жатқандығының айқын көрінісі болатын.
Бұл үрдіс күннен күнге өрісін кеңейтіп, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында өзіндік дауысы бар жаңа толқынды да алып келді. Кезінде М.Әуезов бұл толқыннан Жыл келгендей жаңалық сезініп [1,67 б.], үміт күткені белгілі. Расында, өнер өлкесінде бір мезетте келген ақындар легі өзіндік өрнегімен, жыр әлеміндегі жаңа өрнегімен өздерін танытты. Алдыңғы көштің құнарлысын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа айтары да, өнегесі де мол екенін де көрсетті. Әдебиетіміздің кемелдену кезеңі ХХ ғасырдың 60-80 жылдары десек, поэзияның әсіресе, қазақ лирикасының өрісін кеңейтіп, өркен жаюына Ғ.Қайырбеков, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, т.б. ақындар айтарлықтай үлес қосқаны белгілі.
Ақын үлкен жүректің иесі екенін білеміз. Олар тау сияқты. Бірақ таудың бірі - дөңес, бірі - биік болатын сықылды ақындар да сан алуан. Ал сол ақындар қауымы өзара ұқсастығымен емес, қайта өзгешелігімен қызықты. Өзіндік ерекшелігімен танымал ақын Фариза Оңғарсынова да қайталанбас біртаума талант иесі болатын. Ә.Тәжібаевтың "Поэзиядағы үлкен күш монологтарда жатыр... Монологтық элементтер біздің көптеген ақындарымызда бар. Тіпті мен жиі айта беретін Қасым жырларындағы қуатты монологтар бізге күшті әсер етті дер едім. ...Сондықтан болу керек, мен өзімді Қасымға туыстай сезінемін. Маған іні боп жабысқан Тұманбай да осы жағынан жақын. Тіпті, әдебиетке кейін қосылған Фариза мен Мұқағалиларды көп айтатыным да сондықтан болу керек" [2, 39 б.] деген пікірі тегіннен тегін болмаса керек.
Қазақ лирикасының қатарға қосылып қана қоймай, қанат жайып, шырқау биікке шығуына үлкен үлес қосқан ақындардың бірі Фариза Оңғарсынова - көркемсөз майданында ақын мен жазушыға тән ерлік, батылдық, адалдық, ұлтжандылық, намысқойлық және адамгершілік секілді қасиеттердің биігінен көрінген тұлға. Ақынның өлеңдері кейінгі ұрпақты ерлікке, нәзік болуға, туған жер мен адамзатты сүюге апаратын жол іспетті.
Монолог адамның өмірмен, уақытпен және табиғатпен қатынасының, адамның қолы жеткен ойын білдірудің алғашқы түрі болып табылады. Ф.Оңғарсынованың лирикалық өлеңдері негізінен өмірге, уақытқа, адамға арналған монолог түрінде жазылған. Жұмыста монологтың әсерінен пайда болған көңіл-күйді, психологиялық күйзелісті білдіретін ақын шығармаларын негізгі өзек етіп ала отырып талдана беріледі. Қазақ әйелінің психологиясын әдебиет атты арғымақ өнерде, оның ішінде, поэзияда сан қырынан сапалы қасиетте жырлау көптеген ақын жазушылардың еншісіне бұйырса, соның көш басында Ф.Оңғарсынова тұрады. Қыз тағдыр бірді-екілі жанның өткінші өткелі емес, көптің тағдырына арналып жазылған ақынның мәртебесін өсірген жыр - жалауы, қаракөз қарындасқа арналып, өлеңмен өрілген ескерткіш - белгі. Ақын Оңғарсынованың мінезді жырларының ішінде жалпыға жаққан тақырып әуені-жастар жайы, яки махаббат тақырыбы. Қыздар романтикасы туралы: бойжеткеннің басындағы сүйіпеншілік сезім, сағына сарғаю, өткенге опыну, дала, жайлау қызықтары сияқты монологтарында әдемі көрініс тапкан. Сондықтан осы аталмыш мәселелер жұмыста барынша қарастырылады.
Бітіру жұмыстың зерттелу деңгейі мен өзектілігі. Қазақ поэзиясының кешегі, бүгінгі қастерлі қасиеттеріне зер салсақ, қазіргі қазақ лирикасының деңгей-дәрежесі де айқын. Ақын, ғалым Ә.Тәжібаев Өмір және поэзия деген кітабында қазақ лирикасының қомақты тарихын әңгімелеп, оның көк балауса боп көрінгенінен кемеліне келген, жемісі піскен миуалы дарақ болғанға дейінгі өсу, даму жолдарын байыпты сөз етті. Қазақ поэзиясының негізгі мәселелері төңірегінде ғалымдарымыз көп-көп пікірлер түйді. Лирика табиғаты туралы толғаныстары қызық. Қазақ лирикасының соңғы кездерге дейінгі жалпы жайы, даму жолдары жайында басқа да әдебиетшілеріміз бен ақындарымыздың өздері оқтын-оқтын сөз етіп келеді.
Ал Фариза Оңғарсынованың жалпы шығармашылығы жөнінде бүгінгі дейін бірқыдыру пікірлер айтылып, зерттеу мақалалар жазылған. Ф.Оңғарсынова поэзиясының табиғатын тану - алыптардан бастау алады. Көркем сөз зергерлері Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев өрбіткен баянды бағам-байлауды әдебиетші ғалымдарымыз М.Қаратаев, Ә.Шәріпов, С.Сейітов, З.Ахметов, Ә.Жәмішев, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев т.б. жалғастырды. Ақынның өз тұстастарынан және қаламдас іні-сіңлілерінен К.Ахметова, Н.Оразалин, Ә.Кекілбаев, С.Ерубаев, У.Қалижанов, Т.Шапай және басқалардың пікір-пайымдарының мәні зор болды. Өз кезінде осындай бағасын алған ақын Ф.Оңғарсынова лирикасы - қазақ әдебиеті майданындағы ұшан теңіз дүние. Ақынның сан-салалы лирикалық шығармаларында сыры ашылмаған қаншама дүние жатқаны баршаға аян. Ф.Оңғарсынованың әр тақырыптағы лирикалық шығармалары, ондағы кейіпкерлер әлемі, яғни лирикалық қаһарман мәселесі, ақындық шеберлік сырлары әр адамды қызықтырары айдан анық. Күллі шығармашылық-өнерпаздық қабілет-талантымен әдебиет зерттеушілерінің назарын аударып, ойлы да сыншы, талғампаз оқырмандарының көңілінен шыққан Фариза ақындығынның арнайы міндетті зерттеуге айналуы да заңдылық. Осындай ақынның жалпы шығармашылығына қатысты азды-көпті мақалалар болғанымен, оның монолог түрінде жазылған шығармалары арнайы қолға алынып, ғылыми зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Ф.Оңғарсынова туралы пікір-тұжырымдарды басшылыққа ала отырып, ұлттық сипаттағы туындыларын нақтылы дәйектермен талдау, монологтың әсерінен пайда болған көңіл-күйді, психологиялық күйзелісті білдіретін ақын шығармаларын салыстырыла зерттей келе, ақынның өзіндік орнын айқындау мәселесі оның мұраларын қазбалай зерделеу түсуге шақыратыны анық. Бітіру жұмысының өзектілігі де осында. Демек, Ф.Оңғарсынованың шығармаларын бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша бағамдау, әсіресе, монолог түрінде жазылған өмірге, уақытқа, адамға арналған туындыларына лайықты бағасын беру осы зерттеу жұмысымыздың өзектілігі болып табылыды.
Бітіру жұмыстың мақсаты. Ф.Оңғарсынова шығармашылығы туралы жарияланған еңбектерде айтылған пікірлерге сүйене отырып, ақынның соңғы жылдары жазылған шығармаларын жүйелі талдау, байыпты бағалау, сондай-ақ ұлттық көркемдік дамуға қосқан үлесін, лирикасының қазіргі қазақ поэзиясынан алатын орны мен мәнін, жаңашыл сипатын ашу зерттеу. Осы мақсатты айқындау үшін алдымызға мынандай міндеттер қойдық:
- Ф.Оңғарсынова лирикасының идеялық-мазмұны мен көркемдік ерекшелігін зерделеу;
- Ақын шығармаларындағы лирикалық монологтың эстетикалық сипатын талдау;
- Лирикалық монологтағы мінез жасаудың күрделілеу көркем түрін саралау;
- Ақынның адамгершілік, сезімге қатысты философиялық түйіндерінің мағынасын айқындау.
Зерттеу жұмыстың теориялық және методологиялық негізіне Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Ә.Шәріпов, З.Ахметов, Ә.Жәмішев, С.Қирабаев, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиев, Н.Оразалин, Ә.Кекілбаев, С.Ерубаев, У.Қалижанов, Т.Шапай т.б. әдебиетші ғалымдардың пайымдаулары мен пікірлері басшылыққа алынды.
Бітіру жұмысының зерттеу әдісі. Ф.Оңғарсынова шығармашылығын жүйелі, кешенді, салыстыру, талдау, жинақтау түрінде зерттеу негізгі нысана етілді.
Бітіру жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ЖӘНЕ ЛИРИКАЛЫҚ МОНОЛОГ
Лирикалық монолог және ақын мінезі, үні
Поэзия бейнелі, ең құнды асыл сөздер арқылы адамның ішкі жан дүниесін тәптіштеп толық жеткізуге ұмтылады. Ұлттық, жанрлық, стильдік, көркемдік ерекшеліктері жетілген әрі үздіксіз дамып отырған қазақ әдебиетінің үлкен бір саласы поэзия туралы академик Зәки Ахметов Поэзия сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Оның үстіне поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсете алатын зор мүмкіншілігі бар. Ол - айналамыздағы дүниені, өмірді танып-білудің күшті құралы, біздің қоғамдық ой-санамыздың, көркемдік эстетикалық сезіміміздің үлкен өнімді саласы [3,7 б.] деген пікір білдірген еді. Сол поэзияның жалындай лапылдап, шоқтай жайнап, жүректей тулап тұратын түрі лирика еді. Лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысады. Оған тартымды қуат-күш дарытатын терең оймен суарылған, нәрленген жалынды сезім. Әсерсіз, құрғақ қағида-тұжырымдар оқырманды тебірентпейді. Өмір, дүние, адам тағдыры туралы үлкен толғаныстан тумаған, жай сезімшілдік лириканы жандандыра алмайды. Лирикаға жан беретін сезімнің отты нәзіктігі, сыршылдығы. Лирикалық сыршылдық дегеніміз - ақын мен оқырман арасын жалғайтын асау әсердің шертілген мың қылы. Лириканың басқа жанрлардан, қоғамды тартыс-шиеленісті баяндайтын көлемді, оқиғалы шығармалардан айырмасы да, өзіндік ерекшелігі де - міне осы.
Лирикада адам сезімінің серпілісі, оның ой-арманы, мұңы мен сыры бірінші кезекте тұрады. Ал Ә.Тәжібаев лириканы былайша танып, Лирика - адам рухы, адам сымбаты. Демек, ол тұтас алғанда бір ұлттық рух, халықтық сипат. Біз лирикадан адам жанының тынымсыз қозғалысын, физикалық және психологиялық әрекетін көреміз... Адам бүкіл әлемдік құбылыстардың саналы көзі. Лирика - сол адамның сезіну, түйсіну, тану, талғау, таңырқау, тамашалау, сөйтіп барып шешім қабылдау өлшеуші... Қысқартып айтқанда, лирика - бүкіл әлемдік шындықтың объективтік сәулесі. Лирика мен лирикашыл ақындарды аса құрмет тұтатынымыз осыдан [2,37 б.] деген пікірін білдірген.
Лирика - әдебиеттің үш тегінің бірі және ежелгі жанр санатында бірегейі екендігі әлімсақтан белгілі. Лирика дегеніміз өлеңмен өрілген туынды - поэзияның туысы, яки басқаша айтқанда лирика - сөз өнерінің жалпақ жұртқа мәлім бір түрі. Ендеше, лириканың поэзиялық шығармалардың шырайы бола алуы анық. "Поэзия - өнердің асыл тегі" дейді Белинский. Ұлы сыншының лирикалық поэзияға берген сипаттамасында: "Лирикалық шығарма қас қаққанша ғайып болатын ақын рухы шабытының жемісі. Егер ақынның рухы жаңа шабытқа аумай тұрып қағазға түспесе, ол қайырылмастай жоғалып кетпек... Бірақ, лирикалық шығарманы оқып шығу үшін, бірнеше минуттан артық уақыт керек болмайтын болса, мұндай шығарма шабыттың жемісі, нағыз лирикалық шығарма болады және біздің бүкіл жан-дүниемізді тебірентіп, ұзақ уақыт әсер етеді" [4,73 б.] дейді. Осы пікір, осы ұсынысты әдебиеттанушы ғұлама А.Байтұрсынов та қолдайды. "Толғау (лирика) қысқа болуы тиіс. Көңіл-күйінің көбі-ақ бір қалыпта ұзақ тұрмайды. Көңіл күйінен шығатын толғау көңіл табиғатына қарай ұзақ болмасқа тиіс, ұзақ болмайды да. Нағыз толғаулардың көбі-ақ 4-5 ауыз өлеңнен аспайды" [5,286 б.]. Лирикаға берілген анықтама мұнымен бітпейді, пікірлер тоғысы сан тарау бола тұра, түйіні біреу. Лириканың қоғамдағы, яки өмірдегі болмыс-бітімі "жансызға жан бітіретін" құдіретімен күшті, ой мен сезімнің сөз өнеріндегі бірлігінде жарығын шашатын тәлімімен текті көрінбек. Қазақ лирикасының тарихын зерттеуші ғалым Ә.Тәжібаев "Өмір және поэзия" кітабында поэзияны сәбидің күнәсіз ажарына, көрікті қыз жүзінің ұялшақ, албырт қызғылтына, балаң жігіттің отты көзін, ер қуатына, қарт көзінің жұмсақ сәулесіне, тағы сол сияқты небір әдемі теңеу сөздерді тізе келе: "поэзия - әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні" [6,12 б.] деген Белинскийдің бағалы сөзінен ұзағырақ үзінді келтіреді. Аталған зерттеуде сондай-ақ орыс ойшылдарының бірі Добролюбовтың: "поэзияның шынайылық тұлғалары үш нәрсемен: парасатты ой (разум), жақсылық (добро), сұлулықпен (красота) айқындалады, осы үш бастауыш неғұрлым толық бірлессе, соғұрлым артық" деген пікірін одан әрі тарата, кеңіте түседі.
Лириканы тудырушы, яки оны жасаушы ақын міндеті туралы мәнді мәселені көтерген зерттеушілер сапында ғалым Ә.Тәжібаев пайымы осы ойшылдарының дәйекті пікірлерімен ұштасып отырады. Кемеңгер сыншы Н.Г.Чернышевскийдің: "Ақындар - жұртты өмірдегі қасиетті ұғымдар мен қасиетті сезімдерге бастаушы. Олардың шығармаларын оқып отырғанда, біз барлық сұмдық, сұмырайлықтан жиіркенеміз де, барлық қайырым, сұлулықтың ғайыптарына түсінеміз, жақсылықты сүйеміз" деген пікірі Ә.Тәжібаев еңбегінде көрсетілген. Лирика шығармада негізінен жеке адамның көңіл-күйі, сезімі суреттеледі. Ақын көбінесе өз жайын, өзінің айналадағы өмірге, әр түрлі құбылыс-жағдайларға көзқарасын сипаттайды. Бірақ ақын өз жайын, өз басының мұңын, өзінің арманын, қуаныш сезімін жыр етсе де, ол қалай да халықтың тағдырын, қайғы-мұңын, күйзелісін, қуаныш-шаттығын, тілек мақсаттарын көрсетеді" деп түсінік береді. Демек, сөз сырын тексеруші, зерттеуші ғалымдардың ақынға және лирикалық шығармаға берген тарихи анықтамалары аталған жанр төңірегінде ой қозғаудың, оны ұғындырудың алғашқы дәйектемесі есебінде айтыла бермек.
Лирикалық туындылардағы басты іс-әрекет жеке адам қаракетіне құрылатыны белгілі. Оны әдебиеттануда лирикалық кейіпкер дейміз. Лирикалық кейіпкерге байланысты пікір-пайымдар тасқыны бүгінгі зерттеу нөпірінде әр қилы талас-тартыстар тудыру процесін бастан өткізе келе, ғылымда жүйеге түскен, қалыпты дәстүрге ие тарихи тұжырымдар шарттылығын меңгерген әдеби процесс. Автор мен лирикалық кейіпкер арақатынысының ара жігін айыру мәселелерін қарастырғанда қателікке ұрынуға болмайды. Бұл туралы З.Ахметовтың: "Лириканы түсіну-пайымдауындағы үлкен және жиі кездесетін қателік - ақын өз атынан айтқанның бәрін тек өзі туралы, өз басы жайында айта отыр деп қарау, ол болғанды ғана емес, болатынды да, өзіне ғана емес, өзгеге де тән көңіл-күйін сезіне, айта алатынын ескермеушілік" [3,32 б.] деген пікірін еске аламыз.
Лирикалық кейіпкер ұғымы туралы кең түсінік, лирикалық кейіпкер характерінің табиғатын таныту мәсілілері және жанрлық ерекшеліктері туралы мәселелері және жанрлық ерекшеліктері туралы әдебиетші ғалымдар Б.Кәрібаева, Ә.Қоңыратбаев, Т.Шапаев, Қ.Мәшһүр-Жүсіпов, Б.Кәрібозұлы зерттеулерінде биік сапа тапқан. Лирикалық "персонаж" терминінің қазақ әдебиеттануында лирикалық поэзияға яки өлеңге қолданудың еш сөкеттігі жоғын дәлелді теориялық талдаулармен тұжырымдаған филология ғылымдарының докторы Б.Кәрібозұлы: "Реті келгенде айта кетуіміз керек, әдебиеттануды лирикалық кейіпкер ұғымын лирикалық образбен шатастыру жиі кездеседі. Біздіңше, лирикалық образ лирикалық кейіпкерден "персонождарға" да қатысы бар" дейді. Демек, "өлең өнері ілімінің жетістігін зерттеу үшін осындай жалпы қағидалардың пайдасы бар" екенін естен шығармаған да абзал.
"Лирикалық кейіпкер - ең алдымен көркем бейне. Шындықты көркемдік тұрғыда тану мен өрнектеу процесі, творчестволық субъектінің (яғни, ақынның) осы процестегі рухани қызметінің қажыр - қозғалысы лирикалық кейіпкер бейнесінен айқын көрінеді" [7,11 б.] дейді ғалым-сыншы Т.Шапай.
Зерттеушілер пікірінің түбегейлі табан тірер тұғыры мынаған саяды: лирика тегі, оның жанрлық және мазмұндық ерекшелігі, лирикалық кейіпкер мен авторлық "меннің" ара жігін айыру мәселелері, лирикалық тұлға проблемасы, лирикалық "персонаж" бейнесі әлі де зерттелу үстінде екендігін аңғартады. Дей тұрсақ та, қалыпқа түскен, жүйеленген ой-пікір мен дәлелді дәйектемелер тоғысы лириканың ғылымдағы зерттелу әдіс-тәсілінің қаншалықты жетіліп, дамығандығына да өркенді өлшем бола алса керек.
Лирикалық кейіпкер бітімінен қоғамдық өмірдің көрінісі, заман ағымы оның толғанысы арқылы көрінетіні белгілі. Өлеңдегі өміршең бейне ылғи алдыңғы саптан табылып, халық атынан сыр ағытып, ой тоғытса - онда туынды авторының да азаматтық өресі, кісілік келбеті жарқ етіп көрініп қалады. Лирикалық шығармадағы кейіпкерлер әлемінің әр қилы қимыл-әрекетінен "сезімнің отты нәзіктігі" (З.Ахметов) сезіліп тұруы керек. Жалқының образдық ролі бірте-бірте жекелеген туындыдан тарала, тұтаса келе жалпыға айналуы - лирикалық қаһарманды дүниеге алып келеді. Типтік бейне сипаты эпикалық шығармалардың өрісін еншілесе де, лирикада қас-қағымдық қуат-күшімен-ақ оқырманның көзайымына айналатын көркем образ бүгінгі поэзияда бар.
Қазақ поэзиясының жасампаз жылдары болып саналған жиырмасыншы ғасырдың 60-80 жылдары тек қазақ поэзиясының ғана емес, қазақ өнерінің де өрлеу кезеңі десе болғандай. Небір жыр жүйріктерінің үзеңгі қағыстырып, тізгін теңестіріп ұлы дүбірге қосылған келісті кезеңі еді. М.Әуезовтің өзі де жыл келгендей жаңалык сезінеміз деген тұсы да осы. М.Қаратаевша айтсақ, төртінші толқын өкілдері өздеріне-өздері кепілдік бола алатындай тегеурінді толқын болып шықты. Дәл осы кезең хақында С.Қирабаев кеңес өкіметі өмір сүрген 70 жылдан артық мерзім - біздің бастан кешкен тарихымыз. Онда қайшылықтар мен бірге пайдалы нәрселер де жасалды. Жасырмай айтсақ, біздің бүгінгі кәсіби әлемге танылған әдебиетіміз - сол жылдардың жемісі деген болатын. Иә, осы төртінші толқынның өкілі Фариза Оңғарсынова болатын.
Өз басымыз ұлы болмасақ та, ұлыларды ұғынуды дәреже санаймыз hәм өзімізді жақсы көргендіктен. Ақынды жабырқатқан жай тура біздің көңіл-күйіміз сияқты [8, 242 б.] деп Б.Майтанов айтқандай, Ф.Оңғарсынованың ұлыларды ұғынған кездері де дәл осы кезең болатын.
Ақындық меннің ауылынан жырақта жатқан типтік образ табиғаты негізінен лирикалық қаһарманға жақын тұлға болары анық. Ақын-лирик Фариза Оңғарсынова өлеңдеріндегі көпке таныс, ешкімге бас имейтін өзіндік дара мінезі бар, көбіне қатал характермен оқырман есінде қалған әйел кейіпкерді автордың ондаған, жиырмалаған туындыларынан жиі кездестіреміз. Арнайы аты аталып, түсі түстелмесе де ол бізге бір табан жақын, белгілі іс-әрекет (айтар ойы, пікірі, идеялық мұраты) дағдысымен оқырман миының бір қыртысында ұзақ сақталады да, кез-келген таныс әуенді өлең-жырда атой салып, қызу өмірге араласа кетеді. Сонда бұл не? Лирикалық қаһарман ба, не лирикалық тұлға ма, не лирикалық персонаж ... әлде басқа ма? Күрмеуі қиын күрделі сұрақтың толық жауабын ақын шығармаларының шырайына үңілу арқылы таба аламыз.
Фариза лирикасы өзіндік сыр-сипатқа ие, тұрақты оқырманы бар, өлең-жырдың жетік дәстүрін өн бойына жиған байсалды поэзия. Ақынның лирикалық кейіпкерлері жалпы қазаққа (оқырманға) жақсы таныс, күнделікті өмір тіршілігінің өтінде жүрген біздің замандастарымыз.
Лирикалық монолог адамның өмірмен, уақытпен және табиғатпен қатынасының, адамның қолы жеткен ойын білдірудің алғашқы түрі болып табылады. Ф.Оңғарсынованың [9] лирикалық өлеңдері негізінен өмірге, уақытқа, адамға арналған монолог түрінде жазылған. Кейде ақын монологты өзіне етене жақын бір адам үшін ғана жазатын секілді әсерде боласың. Алайды бұл монолог барлық адамдарға арналған сөз ретінде естіледі.
Лирикалық монолог ойлы лирикаға бағынады. Лирикалық монолог арқылы мінезді көрсету үшін, ойлы лирикаға тән фактор, ол ассоциация жолы, яғни адамның әлеуметтік-психологиялық маңызын көрсетудің қайталанбас ерекшелігі ретінде қолданылатын мінездің бір бөлігі. Сонымен лирикалық монолог ақынның өмірге қатысы тұрғысынан алғанда эстетикалық түр де, нақты адам сезімін ол ақын ба немесе таңдап алынған образ ба, әйтеуір біреу арқылы көрсетудегі тәсіл болып табылады. Мәселен, ақын шығармасынан:
Сатылмаған сән-салтанат,
Сәулетке.
Ол бәрібір баяндамас әулетке.
Шындық ізде,
Ізде және әділдік.
Көзің сатпай кәрі сайқал дәулетке.
Немесе:
...Уақыттың жас қыраны,
өлгендер тапсырады.
Саған өмір дауылын, шуақ таңын,
Бетіңді ашар тірліктің сынақтарын.
Қорғап сонда кеткеннің мұраттарын,
Алау туып Жеңістің құлатпағын!
Бұл өлең жолдары құрғақ ақыл айту формасында емес, сырласу үлгісіндегі монолог түрінде айтылған.
Поэзияда қақтығысты, қатпарлы диалогтан гөрі, қасында отырып біреу саған сыр айтқандай күй кештіретін монологты көбірек кәдеге жарату үрдісі бұрыннан-ақ бар-тын. Қазіргі ақындарымыздың да творчесвосындағы ерекшеліктердің бірі монолог деп батыл айтуға болады. Соған орай монлогтың өзі ақындардың даралығын (индивидуальность) ерекшеліктерін байқатады. Жанды, жансыз атаулының кез-келгеніне тіл бітіруге болатын қолайлылығын да бағалаймыз. Тек шынайылық пен шарттылық шекарасын ажырата алсақ болғаны. Әр монолог - айтар идеяны ақынның лирикалық қаһарманының атынан беруі автордың өз көзқарасын көрсетуінің ұтымды бір жолы.
Ал лирикалық монологтың қуаты - мұндағы бейнелеулердің цикл түрінде көрінуі. Осылай ауқымды типтендіруге сәйкес Ф.Оңғарсынованың лирикалары ерекше поэтикалық құбылыс ретінде ерекшелініп тұрады. Басқа да әдеби түрлер мен жанрлардағыдай лирикада да көркемдіктің негізгі критерийі типтік мінез болып табылады.
Мінез жасау процесіндегі негізгі мәселе ақынның көркем күйзелістің мазмұнын жасауда емес. Мінездің эстетикалық табиғаты мен поэтикалық үнін көптеген жағдайда осы күйзелістің пайда болуына ықпал еткен себеп - салдар анықтайды. Мұндай жағдайда ақынның өмірге қатынасының түрі (реалистік, романтикалық т.б.) шешуші роль актқарады. Бірақ зерттеуші мінездің эстетикалық позициясы барлық уақытта да лирикалық мен позициясын айта алмайды деген өзінің бұрынғы пікірінде қала береді. Нақты көркем материалға бақылау жасап көру лирикалық монологтың өз ойын білдірудің типтік түрі, лирикадағы мінезді органикалық түрде жүзеге асырудың поэтикалық әдісі екендігін көрсетеді.
Лирикалық монолог интеллектуалды поэзияға қарай барлығынан да көбірек ауытқығыш келеді. Лирикалық монологтың көмегімен мінезді көрсету үшін интеллектуалдық лирикаға мынадай нәрселер тән: ассоциация арқылы мінездің бір ерекшелігі бөлініп шығарылады және адамның әлеуметтік - психологиялық мәнін білдіруші бірден-бір ерекшелігі ретінде қорытындыланады. Сөйтіп, лирикалық монолог ақынның өмірге деген көзқарасының эстетикалық түрі, нақты адамның сезімі арқылы қол жеткізудің поэтикалық құралы болып табылады.
Лирикалық монолог - зор көркемдік мүмкіндігі бар мінез жасаудың қарапайым да анық әдісі. Лирикадағы мінезді жасаудың күрделілеу көркем түрі шиеленісті жағдайға байланысты.
Фариза Оңғарсынованың бұл шоғырлы (цикл) өлеңі қысқа қайырымды ұзақ жыр сықылды окылады. Ақын мен кейіпкердің өзара ішкі сыры, назы, бұл - өлеңнің сыртқы құрылымы. Ал тереңірек үңілсек бұнда кейіпкер біреу-ақ сияқты. Оқып көрелік:
Мұны ұққандар жазғырмас, демес "неге",
махаббат бар сенетін елеске де, бәрі де бар.
бірақ та бұл өмірде
ана сезімімен зор жоқ, ештеңе!
Жоқ, ештеңе! Адамдар, ол есте ме?
Кабырғам да қайыссын ұлы жүктен,
жалт етпенің бәрінен түңіліп те ем
(бәрі өткінші - ұғынғам үніліп мен,)
өтсем деймін өшпейтін сезімімімен -
дүниені жібітер жылылықпен,
жылылықпен мәнгілік мұзын еккен.
Ұзақтау өлеңді осылайша әр қырынан қарастырып талдай беруге болар еді, бірақ олайша жіктеу өлеңге көлеңке тусіру мүмкін. "Қыз-тағдыр" Фариза Оңғарсынованың лирикалық поэзиясындағы ақындық платформасын айқындайтын, өмір шындығын, қоғам тынысын танытатын шығармалардың бірі саналады. Жалпы, әйел характерін сомдауды Фариза Оңғарсынова қаламынан жүздеген өлеңдер, яғни лирикалық туындылар дүниеге келген екен.
Қазақ әйелінің психологиясын әдебиет атты арғымақ өнерде, оның ішінде поэзияда сан қырынан сапалы қасиетте жырлау көптеген ақын жазушылардың еншісіне бұйырса, соның көш басында Ф.Оңғарсынова тұрады. Қыз тағдыр бірді-екілі жанның өткінші өткелі емес, көптің тағдырына арналып жазылған ақынның мәртебесін өсірген жыр - жалауы, қаракөз қарындасқа арналып, өлеңмен өрілген ескерткіш - белгі.
"Лирика - барлык поэзияның қаны мен жаны; лирика - поэзияның поэзиясы" десе Белинский, ал З.Қабдолов "Лирикада мінез болады. Ол - ақынның мінезі. Өлеңім өзіме тарт дегендей, әр өлең тек иесіне ғана тартады" дейді. Ақын Ф.Оңғарсынованың мінезді жырларының ішінде жалпыға жаққан тақырып әуені-жастар жайы, яки махаббат тақырыбы. Қыздар романтикасы туралы: бойжеткеннің басындағы сүйіспеншілік сезім, сағына сарғаю, өткенге опыну, дала, жайлау қызықтары т.с.с. ақынның "Сағына түссін дедің бе?", "Ақ боз атты жолаушы", "Қыз қуу", "Соңғы махаббат" атты лирикалық жырларында әдемі көрініс тапкан. Бұл өлеңдерден ақындық "меннің" көркем бейнемен біте қайнасқан біртектілік, бірізділік бедерін аңғарамыз. Махаббат лирикасы дегенде автордың "Соңғы махаббат" аталған өлеңі тілге оралады:
Менің бар мұңдарымды, ешкімге де айтылмас сырларымды
сен ғана көңіліме сақта, жаным
Көкіректегі қасірет, қуанышымды,
Өкінішім мен үмітті, жұбанышымды
саған ғана үн қатпай ақтарамын.
Лирикалы кейіпкердің "Соңғы махаббатына" ақтарылған ішкі сезім сыры, назы, ақ адал жүрек, таза да періште жанның ыстық ыкыласы болып төгілген. "Түсіне тұрып (аяйсың, қимайсың мені), түсінбеген боп кетесің, қинайсың мені, ойлайсың, көңілі түңіліп қалса деп менен"-мұның бәрі шын сүйген сорлының жан азабы, жан айқайы сынды естіледі, періште пәктікпен жырланады. Ақынның махаббат жырлары шынайлығымен, сыршылдығымен қат-қабат мұңымен, терең ойымен қымбат. Адам өмірі қаншалықты жұмбақ болса, сондай шешуін таптырмас таңқаларлық дүние-махаббат. Бұл әлемдік ақындардың мәңгілік жыры [10,47 б.] дейді Ш.Сариев. Ақын жырлары жалған сезімнен алда. Гүлге тұнған шықтай таза, айдың сәулесіндей жұмсақ. Күннің шұғылысындай өткір адамға шаттыққа бергісіз қайғыға сыйлайды. Қайғыға бергісіз шаттық, қуаныш сыйлайды. Көркем шығарманың, соның ішінде поэзияның құдіретті күші айқын деталь мен образдылықта [11,222 б.] десек, ақын үшін де, лирикалық кейіпкер үшін де көбінесе шұғыл шешім қабылдау, батыл байлам жасау жарасып-ақ тұрады. Себебі ақынның қаруы - көркем шындық. Ал өнер - өмірдің көшірмесі емес [12,233 б.] екені белгілі.
"Онсыз да өмірден кеп қалған көңілімді менің тым болмаса сен ғана қалдырма, жаным..." Сыр ақтарыла, жыр оқыла келе оқырман ақынға айналады, ал ақын лирикалық кейіпкердің өзі емес пе екен? Міне, ақынның (кейіпкердің) жанды жүдетер жыр парағы сөйтіп, отты өлеңге, жыр маржаны жалынға, бірдің емес (мыңның махаббатының емі осы болса не істейсіз) көптің әлеуметтік үніне осылайша айналып отырады. Өлеңде жеңіл-желпі жылтырақ жалаң ой жоқ, жыр байсалды, сезімі жаралы жанның айтар соңғы жалынышы, өтініші, талап-тілегіндей талғаммен айтылады. (тыңдалады). Ой-қиялдың қазанында әбден пісіп қайнап шыққан өлеңді махаббат бекетіндегі лириканың озық үлгісіндей көрдік те, көз тастадық, сөз салдық. Осы өлеңнің заңды жалғасындай немесе прологындай оқылатын лирика-"Сағына түссін дедің бе?" делінеді. Мұнда да қыз сыры, сергелдеңге түскен, сарғая сағынған сәулетайдың жүрек тербер терең сезімі сүйіктісінш қимай қинала қоштасу ретінде көрінеді:
Кеттің ғой сонда көп күнге,
Қолымды неге қыспадың?
Тіледім самолеттің де,
Кешігіп барып ұшқанын.
Несіне тіктің көзіңді
Сүйілмей қалған ерінге
Сарғая күтіп өзіңді,
Сағына түссің дедің бе!
"Махаббат, қызык, мол жылдардан" (Абай) шертер мол жырлар Фариза Оңғарсыновада молшылық. Әйтсе дағы тақырып тірегі бола тұра, айтылғанды қайталау Фариза ақында жоқ. Жазылған жайға қайта оралу, оған басқа кырынан келу, ойлампаздыққа салынып, идея мақсатын екшеп айту - Ф.Оңғарсынова лирикасының басты бұлақ бастауы.
Қазақ поэзиясындағы махаббат жырларының басқаша айтқанда махаббат бағының ішінде Фаризаның да бір шоқ гүлі өсіп тұр деп айтсақ артық кетпес едік. Махаббат лирикасы қарапайымдылығымен, шынайлығымен көз тартады, адамгершілік арнасынан ауытқымайды. Себебі ұлы ақындардың бәрі де өніп-өсіп сүюге үйретеді [13,6 б.].
Ақын әйелдер жанының кұпиясын, арманын, махаббатын көп жазады. Ол сезім күйлерін шертуге, Әлия мен Мәншүктің тағдыры мен трагедиясына дастандар арнады. Ақын - өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер дәрі-дауасы - поэзия.
Көңілді, жайлы күнімді,
Азапты қайғы мұңымды
Өзімменен бөліскенің үшін,
Қатем мен жеңістерім үшін,
Менің мынау қиындау тағдырым болып
О, баста көріскенің үшін
Өлең, мен сені аялап өтем! -
деп толғайды. "Асау толқын" атты өлеңінде:
Тағдырыңды сенің тапсырдым сенімді ұрпаққа
Көз нұрың, болашағыңда - сол түбінде, елім
Келеді әйтеуір бір ұрпақ менің соңымнан - бар үміт сенде.
О, асау толқыным менің! -
деген жолдардан ақынның жастарға үлкен сеніммен, үмітпен қарайтыны анық байқалады. Ақын жырында әйелдер бейнесінің көңіл күйі дауылды сезім болып жырланады, тек жай жырлау емес, қазіргі замана талабының биік өрісіне лайықтап жырлау - Фариза туындыларының бір қыры.
Әйелдер жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол. Оны өзі де ашып айтады: "Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан-дүниесі өз алдына бір әлем. Менің өз жырларымды сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді. Менің бұл тақырыптағы лирикалық кейіпкерім - әйелдер. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерімнің арқауы", - дей келе:
Өз-өзіммен өртеніп барам жанып,
Жүректен жас ағады тарамданып.
Менде жоқ қой бұл күнде тым болмаса,
Ақтарылар алдыңда саған барып.
Жасқа ғана толады жанар налып,
Мен үшін тұр дүние қараң қалып, -
деп, әйелдің мұң-қайғысын сыр ғып шертеді. Енді бірде ақын:
Мезгіл бұршақ жаныңа салып таңба,
Қайратыңнан қайысып, налып қалма,
Сені іздейтін аға бар тарыққанда,
Інілер бар дем берер жабыққанға.
Бір ақиқат - бәрібір жоғалмайсың,
Жоғалмайтын жоқтаушы халық барда, -
дейді. Демек, азаматтық, қоғамдық, әлеуметтік көркем тұжырым жалаң публицистикалық шалқу дидактикалық толғаумен әсте терең ашылмақ емес, қайткен күнде де поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдіреті бірінші қатарда, дәлірек айтқанда, ақындық сезім, қаламгерлік идея өзара ажырамас диалектикалық тұтастықта көрінеді.
Мен даланың қызы едім,
Жазығында жатпайтын көз ілер қара.
Жазира менің жанымның өзі де дара.
Асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді
Өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана, -
деген шумақта қаламгердің шыққан, өскен ортасын дәл көрсететін поэтикалық деталь, әдемі образды сурет жатыр. Сондай-ақ , ақынның биік арманы анық көрінеді.
Мен даланың қызы едім деген Фариза ақын туралы қысқаша тоқтала өтсек, ол он баланың кенжесі болған. Алайда, бауырларының көбі ерте қайтыс болып кетеді. Әкесі Оңғарсын Иманғалиев оқыған, балық шарушылығын алғаш болып ұйымдастырған, жұртына қадірлі азамат болған. Ол Фаризаның кішкентай кезінде қайтыс болып кеткен. Ал анасы - Халима Иманғалиева арабша хат таныған кісі. Ол, халық ертегілерін, ескі қазақ әндерін жақсы көрді. Балаларын да оқу-білімге баулып, сауатты болуларына үлкен үлес қосқан да анасы. Балалар қыстың ұзақ кештерінде кітаптарды дауыстап оқып, поэтикалық шығармаларды жаттап үйренді. Фариза өз балаларын ескі дәстүрлі тыйымдарға байланып қалмайтындай, еркін болып өсулеріне барын салған анасына қарыздарҚазақтың ақын қызы кішкентай кезінен-ақ, анасының Пайғамбарымыз (с.ә.с) туралы әңгімесін естіп өседі. Ол қиындыққа кезіккен сайын анасын жылатпауға тырысып өсті. Мектеп жасында-ақ, Қобыланды батыр жырын жатқа оқыды. Алайда, сол заманда бүкіл елді қалжыратқан сұрапыл соғыс тұтастай ұрпақты ерте есейтті. Фариза Оңғарсынованың да балалық шағы сол сұрапыл жылдарға дөп келді. Әке қазасының артын ала мейірімді аға Бақтұғыл мен сүйкімді апайы Рәбила оралмас сапарға аттанды. Болашақ ақын бас-аяғы алты жылда жанына жақын үш бірдей адамынан айырылды. Неше түрлі жоқтауды есі кірмей жатып естіп өссе де, құйтақандай кезден-ақ қайсар мінезімен ерекшеленді. Ақынның өзі де бала Фариза жайлы "қыз болып ойнамадым қуыршақпен, ерке еді мінезім де қыңырсоқтау" деген өлең жолдарын шығарған болатын. Мектепке бармай жатып, қара таныған бала Фариза кішкентайынан қазақтың жыр дастандарын дауыстай оқып, кейін анасының көңілін аулағанын жазады. Шығармашылықпен айналысып қана қоймай, 1996-2004 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің бірінші және екінші шақырылымдарының депутаты болған.
Ақынның әдебиет деп аталатын азабы көп ауылға келуіне жаратылыстың әкенің қаны, ананың сүтімен берген қасиеті. Фариза Оңғарсынова қалың қазаққа алдымен, шыншыл журналист ретінде танылды.
Күрескер ақын Махамбет Өтемісұлы туралы Алмас қылыш, қазақтың әнші өнерлі қыздары Майра, Сара жайлы Тартады бозбаланы магнитім, Сайраған Жетісудың бұлбұлымын, Қарғыс, Қасірет пен ерлік жыры, сондай-ақ Дала тағдыры, Ақбөбек жырлары, Жантолының монологы, Мүшәйра, Мен өмірді сен деуші ем, Интервью, Қырдағы айқас т.б. поэмалары жарияланды. Үйім менің - Отаным, Революция және мен өлең топтамалары үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын алды (1984).
Өлеңнің қат-қабат астарында бұғып жатқан адам тағдырына үңіліп, оны зерделеп шығу міндетіміз. Менің қосымша өмірбаяндық деректерім - өлеңдерімде деп С.Есенин айтқандай нағыз көркем шығармалағы тұңғиық ойды, талайлы-талайсыз тағдырды ақынның былайғы көзден қорғаштап, орап, шымқап, шып-шырғасын шығармай, бөліп-жармай, сол бәз-баяғы бүтін қалпында мына жалған дүниеге жарқыратып алып шығу-жердің жеті қат астында жатқан асыл кенді қопарып қазып алудан да қиын шаруа сияқты. Демек, адам баласы жаратқан, қоршаған тылсым табиғаттан да күрделі.
Ақынның әрбір өлеңі өзінің тағдырымен тамырласып жатыр. Ілияс Омаров та Біздің өмірімізде де тартыс барына бүгін ешкім таласпайды. Бұл басы ашық жай [14,6 б.] деп ой түйеді. Ақын өмірі де талас-тартыстан тұратыны әмбеге аян.
Фаризаның беріліп, шабыттанып, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы - махаббат, сүйіспеншілік тақырыбынан басқа да саяси-әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларға ауысып суреттегенін көреміз.
Фариза ақын өлеңінде адамдардың қоғамдағы орны, борыш пен парыз, жақсылық пен жамандықтың күресі сияқты келемі мәселелерге өз көзқарасын білдіреді. Адамдарды өмір сыны жеңбесе, тіршіліктің екпініне ермесе деген жолдарында осындай келелі ой, қоғам алдындағы борышты сезунішілік жатыр. Сондықтан да адамдар, ақын түсінігінше Өзіңе берілген өлшеулі өмір ішінде бір-біріне жақсылық жасай білуі керек дейді.
Фариза Оңғарсынова - өмірге сергек қарайтын, жамандық атаулыны, оның ішінде адамдардың бойындағы салқындықтың, екіжүзділік, жігерсіздік сияқты болсандықты жан-жүрегімен жек көретін ақын. Оңғарсынованың өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерекшеленеді. Жүрек сенсің... деген өлеңіндегі төмендегі жолдарды оқыған кезде азаматтық сарын, ар-ождан тазалығына тәнті боласыз.
Бар сияқты менде де сана шыдам,
Жылағанды демеуге тағы асығам,
Жасайын-ақ десем де бір астамдық,
Қорқам ардың айбалта - жазасынан.
Немесе ақын арсыз жандардың жағымсыз жат қылықтарын ашына былайша жырлаған:
Не қасиет күтерсің бүгінгі елден,
Жасқаншақтап күйеудей ұрын келген.
Айтар сөзін көмейге көміп қойып,
Күн кешеді қорқумен, дірілдеумен.
Ақының творчествосына тән басты қасиет - шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады.
1979 жылы жарық көрген Сенің махаббатың жинағындағы Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы атты поэмасы ақын творчествосының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Жалпы, шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Ф.Оңғарсынованың поэзиясында нанымды, салмақты көрініс тапқан.
Белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, Фаризада өзінің талантына лайық тегеурінді мінез де болды. Расында да, ақынның мінезі тегеурінді еді. Талайды опындырған да, бірақ ақынды биік шыңға жетелеген де, дәл осы мінез болатын. Ертеректе, неміс баспасының аудармашысы Ильза Чертнер деген әйел Фариза Оңғарсынованың үйіне қонақта болған. Сонда қойдың үйітілген басына үрке қарап, сылқылдай күлген аудармашы мен оның серігінің әрекеті Фариза апаймызға жақпай, ақын оларды үйінен қуып шығады. Сол кезде ақын: "Дәстүрімді сыйламаған адам, өлеңдерімді аудармай-ақ қойсын" депті.
Фариза Оңғарсынова алғашқы өлеңдерінде Қазақстанның шөлді жерлерінің өзеруі, кең байтақ сусыз даланың ең шөлді бұрыштарына тіршіліктің келуі, ерлігі мен батылдығы кеңпейілділігінен кем түспейтін адамдар туралы жазды. Қазіргі заманғы қазақ әдебиетіне өктем түрде кірген ақынның өлеңдері, поэзиясының өмірбаяны осылай басталды. Оның алғашқы өлеңдер жинағы 1966 жылы Сандуғаш деген атпен жарық көрді. Содан бері Жазушы баспасында бірнеше өлеңдер топтамасы жарық көрді.
Алматыда Қазақстан пионері басылымының редакторы болып бекітілген журналист Оңғарсынованың отты жырлары лег-легімен жарыққа шыға бастады. Ақын қыздың бала кезден қаперіне қонып, қанына сіңіп алған адалдық, тазалық, ерекше талғамы мен талабы, осылай шыңдала берді.
Фариза ақынның өлеңдерінің құдіреті асау мінез, шалт қимыл мен ащы шындықты. Әр сөзі мірдің оғындай Фариза ақын халықтың мұң-мұқтажын көре жүрді, көп мінбеден көтере білді. Қазақстан мәжілісінің депутаты болған кезде Ана мен бала туралы заң жобасын әзірлеп, мәжіліс қарауына алғаш ұсынған да Фариза Оңғарсынова еді. Жетім көрсең жебей жүр деп, әлеуметтік мәселелерді төтесінен қойып, кесіп тұрып айтты, жазды. Бірақ, мемлекеттің қоржынында ақша аз деген себеппен ақын жазған заң мақұлдануға жіберілмей қалған болатын.
Қазақтың ақын қызы депутат бола жүріп, әйел азаматтарды басшылыққа тарту мәселесін көп көтерді. Бірнеше қазақ қыздарының саяси қызметтерге келуіне себепкер болды. Ақын жалпы әйелдердің билік басында жүргенін жақсы көрді. Фариза апайдың қазақтың қызы осындай болсашы деген ойынан шыққандардың бірі, күрделі министрлікті басқарған қазақ қыздарының бірі Зағипа Бәлиева болатын. Фариза апай қазақ жастарының, әсіресе, қазақ қыздарының шын жанашыры болды. Ол парламенттің депутаты ретінде қазақ тілінде екі заң жобасын жасады. Оның біреуі, жоғарыда атап өткеніміздей Ана мен баланы қорғау туралы заң деп аталса, екіншісі Баланың құқығы деп аталды.
Фариза ақын сүйіспеншілік пен махаббатты 28 жыл үздіксіз жырлаған ақын. Бірде оттай шарпитын, енді бірде алапат дауылдай теңселтетін махаббат сезімін басуға, жүрегін жандырмай, жан дүниесін таза ұстап қалуға кө мектескен қандай құдірет күш. Оған да жауапты ақын өлеңдері арқылы берді.
Бүгінде Фаризаны білмейтін оқырман кемде-кем. Ақынның жазған жырлары сандуғаш болып сайрады. "Маңғыстау монологтары" ақынның отыз жасындағы қолтаңбасы. Содан бері "Мазасыз шақ", "Мен сенің жүрегіңдемін", "Шілде", "Сенің махаббатың", "Дауа" сияқты кітаптары адам атты күрделі жаратылысты сан зерттейді. Олар не туралы? Махамбеттің мұңын сезгенде, қайратынан жыр жанығанда өршіл сарынға ерік береді. Міне, Фариза ақынның халқына ұсынған өр мінезді жырлары осы еңбектері арқылы белгілі болды.
Ақын үшін тақырып - әсер. Ол өлең жолына сол әсермен шығады. Ол өзіне күшті әсер еткен, қатты толқытқан жайдың қайсысы туралы болса да өлең жазбай тұра алмайды. Ал мұндай жайлар өмірімізде көп те, сан алуан да. Өлең кітаптарының әр бетін аударыстырған сайын сол әсер - тақырыптарға жолығамыз. Қай ақын қай тақырыпты иемденіп, қалай игеріп кететінін қызықтаймыз. Тақырыптың да өмірі, тағдыры бар. Соның өлеңде қалай көрінгенен білгіміз келеді. Оған әр ақынның әр қырынан, өз сезім-түйсігімен, өзінің ой-түйінімен келгенін көрсек, қуанып, разы болып қаламыз. Ақынның өзі айтқандай қазақ жырының төрт құбыласын түгендеп, төрт аяғынан тік тұруына үлес қосқандардың ішінде ақын жыр әлеміне жол тартпас бұрын да, халықтың арғы-бергі ауыз әдебиет үлгілерімен, поэзияның татымды, таңдаулы туындыларымен танысып, табысқаны байқалады.
Табиғат - ақынның алғашқы оқытушысы, рух берушісі, табиғатты сүйе білу - ақындық рух, ақындық шабыттың алғашқы адымы десек, көпшілік ақындар көзін табиғатты жырлаумен ашқан. Ол отты, қуатты сөздерімен өзінше бір өрнек, айшықтар туғызады. Өзін табиғаттың перзентімін деп сезінетін ақын үшін табиғатпен қарым-қатынасты үзу немесе табиғаттың жаттануы трагедия болып саналады. Ол табиғатпен біте қайнасып араласса, рухани толысып, ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz