Батыс Қазақстанның ортағасырлық қалалары



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 66 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрілігі

Академик Е.А. Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті

Раимбекова А.К.

Батыс Қазақстанның ортағасырлық қалалары

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

5В011400 - Тарих мамандығы

Қарағанды 2019
Қазақстан республикасы Білім және ғылым министрлігі

Академик Е.А. Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті

Қорғауға жіберілді
Археология, этнология және
Отан тарихы кафедрасының
меңгерушісі т.ғ.к., доцент
________Ускембаев Қ.С.

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Батыс Қазақстанның ортағасырлық қалалары

5В011400 - Тарих мамандығы

Орындаған: Раимбекова А.К.

Ғылыми жетекші:
аға оқытушы Тулегенова А. Ж.

Қарағанды 2019

МАЗМҰНЫ

Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..6

1 Батыс Қазақстанда ортағасырлық қалалардың қалыптасуы ... ... ... ... ... ... 1 3

1.1 Қалалардың қалыптасуының алғышарттары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..13

1.2 Қалалардың өсіп-өркендеуінің негізгі себептері ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... .25

1.3 Қалалар қолөнер мен сауда орталықтары ретінде ... ... ... ... ... ... ... ... ... .32

2 Қазақ хандығы тұсындағы қалалардың дамуы ... ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ...40

2.1 Қазақ хандығы тұсындағы Сарайшық қаласының даму тарихы ... ... ... ..40

2.2 Сарайшық - Қазақ хандығының астанасы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...47

Қорытынды ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..65

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..67

Кіріспе

Диплом жұмысының өзектілігі: Қазақстан тарихы - бұл негізгі халқы көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан елдің тарихы. Бірақ, бұдан Қазақстан аумағында қалалар және қала тәріздес елді мекендер болған жоқ және көшпелі халықтар тарихында қалалардың ешқандай рөлі жоқ деген қорытынды шығару, шын мәнісінде ұлттық тарихымызға зор қиянат болар еді. Керісінше, Қазақстан аумағында ежелгі және орта ғасыр дәуірлерінде көптеген қалалар пайда болып, өз даңқтарын шартарапқа жайған. Бұл қалалардың аттары тек тарихшы кәсіпқой мамандарға ғана емес, миллиондаған оқырман жұртшылыққа бұрыннан да таныс. Қазақ елінің территориясында орта ғасырлық қалалардың жиі пайда болып, өмір сүрген аймағы-Сырдария өзенінің орта ағысының тұсы. Мысалы, бұл аймақтағы қалалардың ең белгілері: Сығанақ, Сауран, Созақ, Йасы (Түркістан), Отырар, Сайрам, Үзгенд және басқалар. Бұл қалалардың кейбіреулері орта ғасырдың өзінде өмір сүруін тоқтатты да, ал кейбіреулері осы күнге дейін елге игілікті қызмет атқаруда.
Сырдарияның төменгі ағысында да орта ғасырда бірнеше қалалар өмір сүрген. Мысалы, Дженд, Баршын, Баршынкент (Баршынлығкент) және басқалар. Бұл қалалар біздің дәуірлерімізге дейін сақталмаған.
Н.Ә. Назарбаевтың Астана қаласының қоныс тойында сөйлеген сөзіндегі Біздің далалық мемлекетіміздің бірнеше мыңжылдықтарды қамтитын тарихы бар. Оның әр қилы кезеңінде, әр қилы өлкемізге орда қонып, ту тігілген. Біреулердің саяси дәурендеуі әлденеше ғасырға созылса, біреулернікі бірнеше айлармен шектелген. Соған қарамастан, оның қай-қайсысы да біздің ұлттық тағдырымыздың ең талма кезеңдерін иеленді. Сондықтан да батыс бетіміздегі Сарайшық, Астана, Байтақ, күнгейіміздегі Суяб, Баласағұн, Тараз, Сайрам, Созақ, Түркістан, Сығанақ, Сауран, Жаңакент, Қозыбасы, Ақмешіт, Сарыарқадағы Ұлытау мен Ордатау, Көкшетау мен Алаштың аттары аталғанда ет жүрегіміз елжіреп қоя береді деген жолдары белгілі [1].
Орта ғасырда Қазақстан аумағында пайда болған мемлекеттердің құрамына Еділ өзені бойындағы Сарай-Бату, Сарай-Берке, Хаджтархан (Астрахань), тағы басқа қалалар да енген. Бұл қалалардың еуразия далаларына тигізген ықпалдары өте зор. Маңызды қалалардың бірі - Сарайшық.
Сонымен, Шығыс Дешті-Қыпшақ даласында пайда болған орта ғасырлық мемлекеттердің кұрамына енген қалалардың тарихына зерделей қараған зерттеушіге барлығына ортақ бір белгісі байқалады. Ол-қалалардың барлығы да отырықшы жер шаруашылығымен шұғылданған аймақтарға және сауда жолдарының бойына орналасып, тұрақты егін, бау-бақша шаруашылығымен айналысатын аймақтармен үздіксіз, жүйелі байланыс жасай алатындай, географиялық жағынан өте қолайлы аудандарда пайда болуы.
Ортағасырлық қалалар тұрғысынан аз зерттелген аймақтардың бірі - Батыс Қазақстан өңірі. Қазақстан Республикасының ірі аймақтарының бірі болғанына қарамастан, қалалардың зерттелуі кенжелеу дамыды. Қалалардың өркендеуі
елдің әлеуетін көрсетеді. Бұл басқа көлемі жағынан кішірек елді мекендерді зерттемеу керек деген сөз емес. Сонымен қатар Батыс Қазақстандық қалаларды Қазақстанның оңтүстік ортағасырлық қалаларынан тыс қарастыра алмайсың. Оның себептері ортақ аумақ, қалалардың дамуындағы ортақ факторлар т.б. Сол себепті Батыс Қазақстандық ортағасырлық қалалардың дамуы Қазақстанның барлық аумақтарындағы қалалардың даму үдерісі негізінде қарастырылады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Біздің сөз еткелі отырған Шығыс Дешті-Қыпшақтың көрнекті қалалары тарихы туралы - Кеңес дәуіріне дейін дәл мағынасында жүйелі ғылыми еңбек болмады. Тек қана, қысқа мәлімдемелер түрінде төмендегі авторлардың мақалалары ғана баспа беттерінен жарық көрді. Мысалы: П.И. Рычковтың, П.И. Небольсиннің, Н. Лоскутовтың және А.Н. Самойловичтің [2].
П.И. Небольсиннің "Очерки торговли России со Средней Азией"- деген еңбегінде автор ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Ресей мен Орта Азия арасын жалғастырушы сауда жолының Батыс Қазақстан қалаларының үстінен өтетіндігін нақтылай жазуы маңызды.
Н. Лоскутовтың "Сообщение о находках в Сарайчике" және А.Н. Самойловичтің "Среднеазиатско-турецкие надписи на глинянном кувшине из Сарайчика" - деген мәлімдемелері бізге Сарайшық каласының өз дәуірлерінде әсем де, бай шаһар болғандығын дәлелдей түсуімен бағалы.
П.И. Рычковтың "Топография Оренбургской губернии" деген еңбегінде біз үшін құндылығы Батыс Қазақстан қалаларының орнының XVIII ғасырдағы жағдайын толық көрсетуі.
Сарайшық қаласы орнына тікелей қазба жұмыстарын жүргізіп, нақты зерттеген археологтар: Н. Арзютов, А.Х. Марғұлан, Г.И. Пацевичтер мен Е.И. Агеевалар және тәуелсіздік дәуірінде бет бұра бастаған ұлттық тарихымыз бен оны абаттандыра түсер, атадан балаға жалғасып келе жатқан өлмес мұраларға ден қоюдың көрінісі. З.С. Самашев [3] бастаған Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының түбегейлі зерттей бастауының маңызы айырықша. Өйткені, Қазақстан тарихында Сарайшық қаласының алатын орны ерекше. Себебі, ХIII-ХІV ғасырларда Қазақстан аумағында әмір сүрген бірден-бір даңқты мемлекет Алтын Орда болса, Сарайшық шаһары Алтын Орданың көз тартқан көркем де, бай және өте маңызды экономикалық, мәдени-идеологиялық орталықтарының бірі болатын.
Батыс Қазақстан қалалаларының бұл тарихи рөлі Қазақ хандығы тұсында да жалғасып, тіпті алғашқы Астаналық мәртебелі дәрежесін иеленген қалалардың болуы да өзі талай ұлттық кұндылықтарымыздың бірегейі екендігіне айғақ болмай ма?
Сарайшық қаласының тарихы - орта ғасырлық Қазақстан тарихының күні бүгінге дейін арнайы тұрде зерттелмеген қомақты бөлігі болғандықтан да дипломдық зерттеу жұмысымызды жазу барысында орта ғасырлық Қазақстан тарихын зерттеген және тақырыбымызға тікелей, жанама қатысы бар көптеген белгілі тарихшылардың еңбектерін пайдаландық. Мысалы А.И. Левшиннің "Описание киргиз-казачьих орд и степей" [4] деген еңбегінің біз үшін маңыздылығы - Батыс Қазақстан арқылы өтетін керуен жолдарын күні бүгінгі қолданыста бар жер атауларына сүйене отыра шынайы түрде суреттеуімен, дәл сол кезеңдердегі әлеуметтік-экономикалық жайлардан хабар беруі болып табылады.
В.В. Вельяминов-Зерновтың "Исследование о Касымовских царях и царевичах" [5] -деген еңбегі де өте құнды. Әсіресе, Сарайшық қаласына алғаш иеленіп, осында жерленген алғашқы Қазақ хандары туралы нанымды да, маңызды мәліметтер береді.
В.В. Бартольдтың "К вопросу о погребальных обрядах турков и монголов", "Сведения об Аральском море и низовьях Аму-Дарьи с древнейших времен до XVII века", "Место прикаспийских областей в истории мусульманского мира", "Культура мусульманства", "Двенаддать лекций по истории турецких народов Средней Азии", "История культурной жизни Туркестана", "История турецко-моногольских народов" [6] - деген еңбектерін пайдаландық. Бұл еңбектерде Батыс Қазақстандық қалалар туралы тікелей көптеген құнды ойлар, тұжырым-пікірлер бар.
Б.А. Греков пен А.Ю. Якубовскийдің "Золотая Орда и ее падение" [7] - деген еңбегі Алтын Орда тарихынан өте құнды. Әсіресе, Алтын Орданың әлсіреу, тоқырау және ыдырау себебін жан-жақты саралаулары маңызды. Алайда, авторлардың Орда қалалары жөніндегі түйіндерін барлық Батыс Қазақстандық қалалар тарихына да телуге болмайды. Себебі, қалалардың тарихында Орда қаларынан өзгеше ерекшеліктері мол.
Г.А. Федоров-Давыдовтың "Кочевники Восточной Европы", "Общественный строй Золотой Орды" [8] - атты еңбектерінде - сол дәуірдің экономикалық, мәдени-тұрмыстық болмысынан қызықты мәліметтер кездеседі.
Сонымен қатар, А.П. Чулошниковтың "Очерки по истории казах-киргизского народа в связи с общими историческими судьбами других народов" [9] және М.Вяткиннің "Очерки по истории Казахской ССР" [10] - деген еңбектерін атауға тұрарлық. Бұл зерттеулер Қазақстан аумағындағы орта ғасырлық тарихи ірілі-ұсақты оқиғалар туралы нақты мәліметтер беруімен бірге, ортағасырлық қалалардың халықаралық саудадағы менін айшықтай тұсуге бағыт сілтейді.
Орта ғасырлық қалалар жөнінде өте маңызды мәліметтерді М.С. Мершиевтің "Поселение ХІІІ-ХV вв. в Западном Казахстане" [11] - атты зерттеуінен, А. Ереновтың "Очерки истории феодальных и земельных отношении у казахов" [12] - деген еңбектерінен табамыз. Әсіресе, М.С. Мершиевтің еңбегінде Сарайшық арқылы өткен Ұлы Жібек жолының бойындағы елді мекендердің нақты орындары көрсетілуімен қатар, ол елді мекендердің Сарайшық пен тығыз байланыста болғандығын дәйектей түсуі біз үшін маңызды.
Орта ғасырлық қалалар тарихын зерттеуде белгілі қазақ археологтары Ақишев К.А., Байпаков К.М., Л.Б. Ерзаковичтердің "Новое в средневековой археологии Южного Казахстана", "Древний Отрар", "Отрар в средние века" [13] - атты зерттеулері мен К.М. Байпаковтың "Проблемы археологических исследований позднесредневековых городов Казахстана" [14] - деген орта ғасырдағы қала мәдениеттерін заттың жәдігерлермен нақты дәлелді сипаттауларымен қатар, отырықшы жер шаруашылығы мен көшпелілердің жан-жақты байланыстарын көзімізге айқын елестетуімен бағалы. Өйткені, орта ғасырдағы Дешті Қыпшақ тайпалары мен қазақ халықтарының қоғамдық болмыстарының біркелкілігі дәлелденген мәселе. Демек, жоғарыдағы археологтар еңбектері батысқазақстандық қалалар жөнінде де белгілі бір пайымдар жасауымызға мүмкіндік береді.
К. Байпаков, А. Нұржановтың "Ұлы Жібек жолы және орта ғасырлық Қазақстан" [15] - атты зерттеуі өте маңызды. Өйткені, авторлар орта ғасыр дәуіріндегі Дешті Қыпшақ тұрғындары үшін Ұлы Жібек жолының өмірлік мәнін жан-жақты дәлелдеумен қатар, ол жол бойындағы ірі сауда орталықтары - қалалар туралы да біз үшін құнды мәліметтер береді.
Зерттеу жұмысымызға М.Ж. Абдировтың "История казачества Казахстана" [16], С.М. Ахинжановтың "Кипчаки в истории средневекового Казахстана" [17] деген еңбектерінің елеулі пайдасы болды. Өйткені, М.Ж. Абдировтың зерттеуіндегі қалалардың күйреуі жөніндегі тұжырымдары өте тиімді, әсіресе, автордың казак-орыс туралы көлемді зерттеуі XVI ғасырдағы орыс патшалығының Шығысқа отаршылдық ұмтылысы мен тағылық тонауларын нақты деректермен дәлелдеуі аса маңызды. Ал, С.М. Ахинжановтың орта ғасырлық қыпшақтардың тұрмысы мен жалпы Дешті-Қыпшақ аймағы туралы аса мәнді мәліметтермен ерекшеленді.
Б.Б. Ермұқановтың Қазақстан: тарихи-публицистикалық көзқарас", "Из истории казахов: Аз-Жанибек, Казахское ханство и жузы" [18] - деген көлемді зерттеулері орта ғасыр тарихынан өте қызықты ойлармен ерекшеленеді.
Сондай-ақ, белгілі шығыстанушы В.П. Юдиннің "Центральная Азия в XIV-XVIII веках глазами востоковеда" [19] - атты еңбегінің біз үшін орны ерекше, өйткені, автор орта ғасыр дәуіріндегі парсы, түрік авторларының қазақ халқының тарихына тікелей қатыстыларын ғылыми дәлелдермен тәржімәләп береді.
С.Г. Кляшторный, Т.И. Султановтың "Казахстан летопись трех тысячелетий" [20] деген еңбегінің маңызы ерекше. Авторлар ұлттық тарихымыздың көмескілене бастаған орта ғасырлық тарихы тұстарынан сындарлы мәліметтер береді.
Бүгінгі Қазақстанның Батыс өңірінің соңғы орта ғасыр дәуіріндегі қоғамдық дамуы жөнінде М.Н. Сдыков, Т.З. Рысбеков және Б.Қ. Бірімжанов [21] т.б. тарихшы-ғалымдардың түрлі зерттеулері тарихи танымның жаңаша саралауымен қызықты.
А. Исиннің "Материалы посольского приказа Русского государства о Казахском ханстве ХVІ начале XVII вв." [22] деген еңбегінде сол дәуірдегі қазақ хандығының ішкі-сыртқы жағдайы жөнінде нақты мәліметтерімен маңызды.
Диплом жұмысының деректік негізі. Диплом жұмысымызды жазуға орта ғасырлық авторлардың еңбектері, естелік күнделіктері, кеңес дәуірінен бұрынғы кезіндегі және одан кейінгі археологтардың және көптеген белгілі тарихшылардың зерттеу еңбектері пайдаланылды.
Батыс Еуропаның елші-саяхатшыларының естелік-күнделіктері мен араб, парсы, түрік және қазақ тарихшыларының еңбектері жалпы қазақ тарихының, соның ішінде қалалардың дербес өзіндік өмірі мен еуразиялық рөлі туралы баға жетпес қызықты көптеген мәліметтер береді. Мысалы, Шығыс Дешті-Қыпшақ көшпелілерінің шаруашылығы, саудасы, қол өнері және салт-дәстүрлері мен діни сенімдері жөнінде.
Сонымен қатар, дерек көздері ретінде "Материалы по истории Казахских ханств ХУ-ХУІІ веков" [23], "Прошлое Казахстана в источниках и материалах" [24] және "Новые материалы по древней и средневековой истории Казахстана" деген жинақтармен Б.Б. Ирмухановтың "Прошлое Казахстана в письменных источниках" [25] деген еңбегі пайдаланылды. Өйткені, бұл еңбектер орта ғасырлық Қазақстан тарихын зерттеушілерге нақты дерек ретінде зор ғылыми көмектер жасаумен қатар, сындарлы бағыттар сілтейді.
Диплом жұмысының мақсаты: ғылыми айналымға түскен жазбаша деректерге, тарихи және археологиялық зерттеулерге сүйене отырып, Батыс Қазақстанның қалаларының тарихына қатысты материалдарды жинақтап, зерттеп, жүйелей отырып, ұлттық тарихымыздың күні бүгінге дейін ескерусіз қалып келген қомақты түйіні және ұлттық болмысымыздың орта ғасырлық аса маңызды көріністерінің бірі аталмыш қалалардың тарихи рөлін бүгінгі дәуір мүддесіне орай пайымдай келе, нақты ғылыми тұрғыда қалалар тарихын жазу.
Диплом жұмысының міндеттері:
Біріншіден, жоғарыдағы зерттеу еңбектерді және жазбаша, заттық жәдігерлерді пайдалана отыра, ұлттық тарихымыздың арқауы тарқатылмаған асыл түйіндерінің бірі туралы белгі-бір тұжырымдар мен тиянақты пікірлерге келу және жүйелі тарихын жазу;
Екіншіден, қала тарихының соңғы кезеңіндегі, яғни алғашқы Қазақ хандығы тұсывдағы маңызын ашу;
Үшіншіден, жалпы толыққанды Батыс Қазақстанның қалаларының тарихы арқылы Шығыс Дешті Қыпшақ тарихын толықтыра түсуге ұмтылу;
Төртіншіден, қалалардың тарихи орнының танымдық, ғибраттық мәнін айқындау.
Диплом жұмысының методологиялық негізі. Диплом жұмысының теориялық негізі тарих ғылымының бүгінгі даму барысында қоғамымыздың жарқын болашағы үшін мақсатты мүдделеріне сәйкес, халқымыздың ғасырларға созылып келе жатқан бай тарихының іргелі мәселелерін зерттеудің ірі орталықтарының ауқымды қызметтері нәтижесінде еліміздің белгілі тарихшыларының ғьшыми еңбектерінде қалыптаса бастағаи пайымдаулар жиынтығы болып табылады.
Қазақстан тарихында орта ғасырлық дәуір қым-қуыт тарихи оқиғаларға толы, сондықтан да бұл дәуір тарихынан ғылыми зерттеу жүргізу-қызықты да, күрделі іс. Демек, диплом жұмысының методологиялық негізіне - обьективтілік, тарихилық және жүйелілік сияқты идеологиядан тыс, ғылыми таным принциптерін басшылыққа алынды. Олай болса, Батыс Қазақстандағы орта ғасырдағы қалалар тарихы Қазақстан тарихының жанды бір буыны ретінде бағалап, ол туралы жазылған және сақталған деректер мен зерттеулерді сұрыптап, Шығыс Дешті-Қыпшақ сахарасындағы қалалардың тарихи мәнін пайымдау және ұлттық тарихымыздағы ғылыми маңыздылығын ұғынып, зерделеу-бүгінгі таңдағы өскелең мәдениетіміздің алға қойып отырған өміршең талабы.
Диплом жұмысының құрылымы: диплом жұмысы кіріспеден, екі тарау, төрт бөлім, қорытынды мен қолданылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Батыс Қазақстанда ортағасырлық қалалардың қалыптасуы

1.1 Қалалардың қалыптасуының алғышарттары

Батыс Қазақстанның Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе қалалары бүгінде облыс орталықтарына айналған іргелі қалалар. Ортағасырларды Оғыз мемлекеті, Қыпшақ хандығы, кейін монғол шапқыншылығы негізінде құрылған Алтын Орда мемлекетінің аумағында қалалар қалыптасып дамыды. Ірі қалалардың бірі Сарайшық қаласы. Сарай Бату, Сарай Берке сынды қалалар да қазіргі Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының аумағындағы қалалар еді.
Атырау қаласынан 47 шақырым солтүстікке қарай Жайық өзенінің оң жағалауында кәзіргі кезде Сарайшық деген кент бар. Бұл кенттің Сарайшық деп аталуы тегіннен-тегін емес, сол кенттің жанында бұдан мың жылдай бұрын іргесі көтерілген Сарайшық атты Алтын Орданың (орыс деректері бойынша), немесе Ақ Орданың (шығыс елдерінің деректері бойынша) кезінде ірі қалаларының бірі болған.
Бұл қала неліктен "Сарайшық" аталды? Бұл туралы мәселе қозғасақ, сол дәуірдің дерек көздеріне жүгінуге тиіспіз. Мысалы, XIV ғасырдың алғашқы жартысында, Қыпшақ даласы арқылы Хорезмге сапар шеккен араб саяхатшысы Ибн-Баттута былай дейді: "Сарайдан шыққан соң он күннен кейін Сарайжук қаласына келдік, ол-Ұлы-су жағасына орналасқан. "Жук",- деген сөз бұл жерде "кіші" - деген мағанада, сонымен бұл қала - Кіші Сарай" [26, 192].
Демек, қаланың Сарайшық аталуы - Кіші Сарай атынан туындаған - деп, жорамал жасауымызға болады, өйткені, шаһардың бұлайша аталуы қаланың өмір сүрген кезеңдеріне тұтастай жалғасты және орта ғасырдан біздің дәуірімізге жеткен деректерде де өзгеріссіз сақталды.
Сарай - деп, негізінен ханның ордасы аталған. Олай болса, Сарайшық - бұл ханның екінші ордасы, яғни, жазғы мекені болуы да мүмкін. Немесе, басқа себептерден Алтын Орданың астанасы дәрежесіне жақындаған қала. Бұл пікірімізді нақтылай түсу үшін тағы да Ибн-Баттутаның Сарайшық қаласындағы Алтын Орда ханы Өзбектің (1312-1342 жж.) алтын шатыры туралы жазбаларына сүйенеміз: "Шатыр - алтын жапырақшалармен керілген уықтардан тұрғызылған. Шатырдың ортасында алтын жалатылған тақ, тақтың аяқтары таза күмістен құйылып, үсті асыл тастармен әшекейленген" - дейді [27, 283]. Сонымен қатар, белгілі археолог Г.И. Пацевич Сарайшық қаласыңца 1373-1374 жылдары Алтын Орда тағының мұрагерлері Ильбан хан мен Ала Ходжалардың қоныстанғанын растайды [28, 73]. Бұл дәлелдерден Сарайшық қаласының Жошы ұлысының бір ауданының орталығы болуы мүмкін деген қорытынды жасауымызға әбден болады.
Сарайшық қаласының өмір сүрген дәуірін "Археологическая карта Казахстана" деген жинақта былай деп үшке бөледі: "Бірінші дәуір - ХІ-ХІІ ғасырлар, яғни монғол үстемдігіне дейінгі мезгіл, екінші дәуір - ХІІІ-ХІҮ ғасырлар яғни, Алтын Орданың немесе Ақ Орданың кезі, ал үшінші дәуір - ХҰ-ХУІ ғасырлар, бұл дәуірді ноғайлық дәуір", - деп атаған [28, 313].
Алайда, бұл пайымдауларды бүгінгі таңда еш өзгеріссіз мойындап, қабылдау ұлттық тарихымызға жасалған қиянат болар еді. Өйткені, халқымыз: "Елу жылда ел-жаңа, қырық жылда - қазан" деп, елдің қоғамдық дамуының қарқынды қадамын меңзеген сияқты. Бұл халық даналылығын тәуелсіздік алғаннан кейінгі серпінді дамуымыз бен ғасырлар тоғысында, яғни, үшінші мың жылдыкқа адамзат қауымдастығының қатарында Қазақ халқының да нық сеніммен енуіне жігерлендірумен қатар, ұлттық тарихымызды жаңа жағдайларға орай терең саралауды міндеттейді. Өйткені, "өткенге көзі жеткеннің - келешекке де көзі жетеді", - дейді халық.
"Текті ұрпақ тегін іздейді" дегендей, халқымыз өткен тарихына аңсары ауып, тарихи деректерге кұлаш ұра кұмартып, жоғын жоқтайтын ұлттық қажеттілікті туындатқынына қазақтың ғұлама тарихшысы Ермұқан Бекмаханов "Тарих рецептімен жасалмайды. Оқиғаларды бағалағанда біз нақты тарихи жағдайларға, қолдағы бар деректерге сүйенуіміз керек. Не нәрсенің де мәнін түсінуге бастайтын кілт - сол" - деп, халқымыздың санасын алаңдатып отырған окңғаларға дұрыс көзқарасты қалыптастырумызға бағыттаған.
Сондықтан тарихшылардың ұлттық тарихымыздың көмескі беттері мен ақтандақтарын толықтыру бағытындағы еңбектерінің маңызы ерекше. Әсіресе, Қазақ мемлекеттігінің негізі қалану мерзімін анықтауда тарихшы-ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер орын алған, Мысалы, В.В.Вильяминов-Зернов, А.П.Чулошников, Т.И. Сұлтанов, К.А. Пищулина, С.К. Ибрагимов, А.А. Семенов тағы басқалар [20, 233-234].
Біздің мақсатымыз бұл авторлардың пайымдау-пікірлерін саралай отыра, қазақ тарихының бастау алар арналарының бірі - Сарайшық өңірінің және шаһардың алғашқы қазақ хандығы аумағында болғандығын ақихаттайтын сол дәуірдің белгілі тарихшысы Мұхамет Хайдар Дулатидың: "Бұрындық хан Сарайшықта орналасты"-деген тарихи мәлімдемесін келтіру арқылы дәлелдеу [29, 324]. Өйткені, алғашқы Қазақ хандығын кұруға және біршама күшейіп, нығаюына әкесі - Керей ханмен бірге бар кұш-қайратын, қажыр-жігерін арнаған қайраткердің елдің батыс қиырындағы қалаға орнығуы жайдан-жай емес екендігі түсінікті, Басты себеп, Сарайшық шаһарының саяси-стратегиялық, әлеумегтік-экономикалық және мәдени-идеологиялық рөліне байланысты деп ұғынуға негіз болады.
Демек, "Археологическая карта Казахстана"-деген жинақтағы Батыс Қазақстан қалаларының өмір сүрген дәуірін сипаттайтын "үшінші-кезеңіне толықтырулар енгізуге, сөйтіп, ноғайлық және Қазақ хандығының- дәуірі", - деп атауға толық негіз бар. Өйткені, халқымызда: "Ноғай - қазақ түбіміз бір, Алтай-Ертіс, Жайықты қылған дүбір" делінуі тегін емес. Сондықтан да болар, Қазақтың арқалы да, азулы Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз және Сыпыра жырауларының "Ноғайлы елі" атынан сөйлеулерінде үлкен мән болса керек. Сонымен қатар, бұрын "Ноғайлының туындылары",-деп есептелінген "Ертөстік", "Алпамыс", " Қобыланды", " Қамбар батыр", " Ер Тарғын" және "Орақ - Мамай" тағы басқа жырлар Қазақ әдебиетінің төл туындылары екендігі бүгінде көпшілікке аян [29, 67].
Белгілі тарихшы Б.Б. Ермуханов "ноғайлы" атауының пайда болуын былайшы пайымдайды: "Шынтуайтқа келгенде "ноғайлы", "өзбек" - қыпшақ сахарасында моңғол шапқыншылығынан кейін қалыптасқан біртұтас этникалық қауым. Моңғолдар қыпшақ арасына мидай сіңіп, қан араласып, өз тілдерінен айырылып, түркіленіп, қыпшақтарға да өз әсерін тигізіп, әсіресе идеология (чингисизм), мемлекеттік құрылыс жағынан жаңа ұлыстың (этностың) пайда болуына үлкен себепші болды. Міне, сондықтан да көптеген түркі халықтарының құрамында бұрынғы моңғол тайпалары: Маңғыт, қият, үйсін, дулат, барлас, қоңырат және т.б. кездеседі. Екінші жағынан қарасақ, моңғолдардың саяси үстемдігі кезінде көптеген түркі тайпаларының есімдері жойылып, моңғол атаулары ғана қалған, немесе түркі тайпалары моңғолша аталып кеткен. Осы жаңа этникалық қауымды шығыс деректерінде "өзбек" десе, түркі халықтарының аңыз-жырларында "ноғайлы" - деп атаған. Сөйтіп, өзбек, ноғайлы Дешті-Қыпшақ даласындағы көшпенді тайпалардың ортақ, жиынтық атына айналған" [30, 129].
Демек, бүдан шығатын қорытынды "ноғайлы" алғашқы кезенде қазақ халқының Шығыс Дешті-Қыпшақтағы жалпы аты деп ұғынуымызға негіз болады. Немесе, ноғайлық дәуірді XIV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырдың бірінші жартысына жатқызып [18; 104], төртінші кезең - "XV ғасырдың екінші жартысымен XVI ғасырды Қазақ хандығының дәуірі", - деп айдарласа, халқымыздың дербестікке ұмтылған қайсар, жаужүрек қаһармандығы мен бекзат болмысын тарихи бағалауымыз болмақ.
Олай болса, орта ғасырлық қалалардың өмір сүрген дәуірін жоғарыда айтылған жинақтағыдай "үш кезеңге" емес "төрт кезеңге" бөліп, қарастыруымыз қажет.
Себебі, 2003 жылы жүргізілген Марғұлан атындағы Тарих және Этнология институтының археолог-ғалымы Зейнолла Самашев бастаған Батыс Қазақстан экспедициясы көне қала Сарайшық орнының ең төменгі мәдени қабатына қазба жұмыстарын жүргізу барысында қаланың оғыздар дәуірінде, яғни VIII ғасырда өмір сүргендігін анықтады [31].
Оғыз тайпалары жөнінде тарихшы және саясаттанушы ғалымдар Қ.Аманжолов пен Қ. Рахметов былай деп жазды: "Оғыздар Каспий-Арал өңірінде VII ғасырда пайда болды. Шамамен, VIII ғасырдың шеніңде оғыздар Жетісудан Қаратау бөктері мен Сырдарияның төменгі алқаптарына қарай жылжи бастаған. Ал, ІХ-Х ғасырларда Оңтүстік және Батыс Қазақстан аумағында оғыз этносы бірте-бірте қалыптасты. Оғыздардың этникалық құрамында Сырдария алқабы мен Арал-Каспий далаларын мекендеген ежелгі түркі тайпалары болды.
Оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Еділдің төменгі ағысына дейінгі байтақ өлкені мекендеді. Олар Ырғыз, Жайық, Ембі, Ойыл өзендерінің алқабында, Сырдария мен Қаратаудың бөктерінде көшіп-қонып жүрді. Негізінен Арал теңізінің маңында, Каспийдің Солтүстігі мен Сырдарияның төменгі ағысын жайлады. Алайда, X ғасырдың ортасынан бастап, оғыздар мемлекетінің дағдарысқа ғшырап, құлдырауға түсуі нәтижесінде оларды XI ғасырдың ортасында қыпшақтар талқандады" [32, 167-169].
Осылайша, осы кезеңнен бастап, еуразияның сары даласы мен оның даңқын жарты әлемге жайған Ұлы Жібек жолы бойында қыпшақ тайпаларының дәурені басталды. Бұл туралы да жоғарыдағы авторлар: "XI ғасырдың бас кезінде Қыпшақ ақсүйектерінің Шығыс Дешті Қыпшақ тайпаларының қоныстану аймағын ұлғайту үшін жүргізген соғыстары мен қақтығыстары, сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін істеген әрекеттері Қыпшақ мемлекетінің құрылуына себепкер болды.
XI ғасырдың екінші жартысында қыпшақ хандарының саяси бірлігі нығайды. Хандар негізінен бөрілі тайпасынан шықты. Ханның негізгі мекен-жайы Орда деп аталып, онда басқару аппараты болды. Ол аппарат хан мүлкі мен оның армиясын басқарды.
Әскери әкімшілік екіге бөлінді: біріншісі - оң қанат, ол - Жайық өзенінің бойывдағы Сарайшық қаласының орнында болды. Екіншісі - сол қанат. Оның ордасы Сығанақ қаласына орналасты" - дейді [32, 162-163].
Демек, Батыс Қазақстанда ортағасырлық қалалардың қатпарлы тарихы - оғыздар мен қыпшақтар тайпалары тұсында басталып, халқымыз бен еліміздің орта ғасырлық тарихында өшпестей із қалдырғанына еріксіз иландырады.
Осылайша, халқымыздың кәрі тарихының шежірелі куәларының бірі - орта ғасырлық Сарайшық шаһарының тарихы сонау VIII ғасырдан бері бір мың үш жүз жылдан астам уақытқа созылған даңқ пен дақпыртқа толы ғұмыры төрт кезеңнен тұратындығын мойындауға негіз болды.
Батыс Қазақстандық қалалар тарихын құрайтын кезеңдерді төртке бөлуіміздің себебі, әр кезеңнің өзіне ғана тән табиғи-тарихи айырмашылықтары мен қала болмысының сипатты ерекшеліктеріне тікелей байланысты. Мысалы, шаһар өмірінің бірінші кезеңі - әлемдік мәдениеттер даңғылына айналған, әлденеше мың жылдық салиқалы тарихы бар аса маңызды, яғни Шығыс пен Батысты жалғастыратын Ұлы Жібек жолының дәл межесінде ірге көтеріп, дәнекерлік абыройының шар тарапқа асқақтауынан деп түсінуге меңзейді. Өйткені, шаһардың сырға толы тарихына сындарлы ой көзін жіберсек, Сарайшықтың моңғолдар жаулауына дейінгі өмірінің негізгі мәні - Ұлы Жібек жолының бойындағы аса қажеттіліктен табиғи түрде туындаған бекеттік дәуірі болып табылады. Бұл кезенде қала қанатын кеңге сермеген шаһар дәрежесіне жетпегенмен, Шығыс Дешпі-Қыпшақтағы жергілікті тұрғындар мен сан алуан жүргіншілер үшін маңызы айрықша болғандығы күмәнсіз.
Батыс Қазақстанда қалалардың сын-сипатының көркейіп, шаһарға айналуы - оның екінші кезеңін құрайтын Алтын Орда дәуіріне сәйкес келеді. Шаһардың мән-маңызының артуына шешуші ықпал еткен сол дәуірдегі тарихи құбылыс - Алтын Орданың Моңғол империясынан біржолата саяси-экономикалық дербестігін алуы болды.
Бұл дербестік Алтын Орда ұйтқы болған Шығыс Дешті-Қыпшақтың Жалқы қаласы - Сарайшықтың еуразия кеңестігіндегі қолайлы жағрафиялық орны - шаһардың көркейіп, қанатын кеңге сермеп, даңқының атуына пәрменді әсер етүмен қатар, саяси-стратегиялық маңызының орнығуына себеп болды. Ал, бұл жағдай Алтын Орда хандарына Сарайшықты мойындатып, қала мәртебелілігінің даралана түсуіне қызмет етті.
Осы жағдайлар шаһар тарихының үшінші кезеңінде, яғни ноғайлық дәуірде Сарайшыққа маңғыт тайпаларының ұмтылуына да негіз болды.
Ал, қала тарихының төртінші кезеңінде ортағасырлық қалалардың ірілерінің бірі Сарайшық қаласы Қазақ хандығының алғашқы Астана дәрежесінде пайдаланып, бағалауы да шаһардың жоғарыда сараланған мән-маңызына байланысты деп пайымдау орынды.
Өйткені, қазақ хандығының алғаш ресми мемлекет ретінде қалыптасу кезеңіне айырықша еңбек сіңірген тарихи тұлға - Керей ханның ұлы Бұрындық ханның Сарайшықты мемлекеттің негізгі тірек-тұғыры ретінде пайдалануы саяси-стратегиялық және экономикалық жағынан көреген қайраткерлік еді. Себебі, Сарайшық өңірі - XV ғасырдың екінші жартысында Алтын Орда біржолата ыдырағаннан бермен қарай қуатты саяси біртұтастықты көксеген Шығыс Дешті-Қыпшақ тайпаларының жайлы қоныс, ата мекені болатын. Екіншіден, қазақ хандығы үшін стратегиялық-әскери жағынан өте тиімді, яғни, мыңдаған алаш тайпалары тек-тамыры бір қазақ хандығының құрылуына барынша мүдделігімен қатар, әскери жағынан қолайлы еді, өйткені, жоғарыдағы стратегиялық мүддеге қарсы тұрар не кедергі келтірер аймақта ешқандай күштер қалыптаспағанды. Үшіншіден, Сарайшықтың Ұлы Жібек жолының маңызды түйіні болуы - оның экономикалық тиімділігін де мойындататын.
Саяси ойшыл Ф.Энгельстің тұжырымдары бойынша, "қала өмірі алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы мен өркениеттің және таптық қоғам мен мемлекеттің шығу қарсаңында пайда болды. Қала бұдан кейінгі дамуды орта ғасырда, яғни, феодализм дәуірін де алды,, - дейді [33, 160-161]. Бұл тұжырымдау қазақстандық қалалардың тарихи дамуына да сәйкес. Өйткені, шаһардың өмір сүрген мезгілі орта ғасырдың қойнауында, яғни феодализмнің пайда болып, өркендеу кезеңдеріне тұстас келеді. Қазақстан аумағында қалалардың пайда болуы туралы Ә.Х. Марғұлан былай дейді: "Феодализмнің туып, көркею заманында және осыған байланысты халықаралық сауда мен айырбастың жандануына сәйкес, сауда жолдарының бойынан елді мекендер пайда болып отырған. Бұлар тіпті географиялық қолайлы орналасу жағдайларына байланысты экономикалық жағынан іріленіп, көрікті қалаларға да айналып, тарихи дамуымызда елеулі, айтарлықтай із қалдырған" [34, 85].
Осылайша, екі ойшыл, ғұлама ғалымдардың орта ғасыр елді мекендері мен қалаларының қалыптасуы жөніндегі салиқалы ойлары бірін-бірі толықтыра келе, Сарайшық қаласының тарихын таразылауымызға күмәнсіз - темір қазықтай.
Сарайшық қаласы орналасуының географиялық қолайлылығы сонда - ол Еуропа мен Азия құрылықтарын батыстан-шығысқа немесе керісінше байланыстырушы ең тура және ең қысқа сауда жолының үстінде жатуы. Бұл туралы, Ә.Х.Марғұлан 1951 жылы Бүкілодақтың археологтардың кеңесінде жасаған баяндамасында былай деген: "Сарайшық қаласы - XIII ғасырдың екінші жартысынан бастап, XV ғасырдың басына дейін Алтын Орданың ең басты қалаларының бірі болды және Шығыс Еуропамен Орта Азияны, Қытайды өзара байланыстырған керуен жолының өте маңызды түйініне айналды" [34, 15].
Сарайшықтың батыс пен шығысты байланыстырушы аса маңызды мәнін саяхатшылар: Плано Карпини, Вильгельм Рубрук, Ибн Батутта, Джованни Мариньоло, Бальдуччи Пеголотти, Юль және Дженкинсон жан-жақты, бірін-бірі толықтыра сипаттаса, дуалы ауыз тарихшылар: АЛевшин, В.В.Вельяминов-Зернов, П.Небольсин, В.В.Бартольд, БА.Греков, А.Ю.Якубовский, А.Чулошников және М.Вяткин тағы басқалар Ұлы Жібек жолының Алтын Орда дәуіріндегі қалалардың Батыс Қазақстан арқылы өтуінің экономикалық, саяси-стратегиялық мәндерін толық ашқан, яғни, XIII ғасырдың бірінші жартысында-ақ Ұлы Жібек жолының жаңа бір тармағы Каспий теңізінің терістігі арқылы жүргізіліп, халықаралық байланыстың ең ірі, ең тиімді күралына айналуына Алтын Орда хандары Батудан бастап көрегенділікпен зор көңіл бөлген. XIII ғасырдың екінші жартысы мен XIV ғасырда Алтын Орда дербес қуатты мемлекетке айналып, оның халықаралық беделі өсіп, нығайып шет елдер мен қарым-қатынасы күшейді. Мысалы, Алтын Орданың Қытаймен, Индиямен, Мысырмен, Кіші Азиямен және Батыс Еуропамен сауда-саттық байланыстары өркендеді. Көшпелі тайпалардан шыққан хандар мен ханзадалар және тайпалардың басқа да белгілі көсемдері мен шонжарлары қысқы тұрақты мекендері ретінде сарайларда тұратын болды. Олар қалаларды қиратушылар емес, қайта қалаларды көркейтуші, қорғаушы және қала мәдениеті мен сәулетінің қамқорларына айнала бастады [35, 205]. Бұдан сөз етіп отырған дәуірде - бүкіл көшпелі тайпалар тегіс отырықшылыққа айнала бастады деген жаңсақ пікір туғызудан аулақпыз.
Алайда, орта ғасырдағы ірі қалалардың қоғамдық өмірдегі рөлдерінің өсе түскендігін сол дәуірдегі тарихшылар да сүйсіне жазады. Мысалы, Ибн-Арабшах Сарай қаласын суреттей келе,- "өте қысқа мезгілде Алтын Орда хандарының арқасында гүлденіп, даңқты ғалымдардың, шешендердің, шеберлердің қаласына айналды. Бұндай атақты адамдардың бір жерге жиналуы Мысырда да болған жоқ"- дейді.
Сарай Берке қаласының өз дәуірінде еуразиядағы құлашын кеңге жайған алыпта, әсем шаһар болғандығын, онда 75 мындай тұрғын қоныстанғандығын орыс тарихшысы В.Л. Егоров мәлімдейді [36, 29].
Жалпы, Алтын Орда қалаларының пайда болып, өсіп-өнуі тарихи-табиғи жолмен жүргендігі белгілі. Бұл жөнінде В.Л. Егоров "Алтын Орда мемлекетінде 110-нан астам қалалардың болғанын және көшпелілер құрған мемлекеттерде қалалардың мұншама өсіп, көбеюіне көшпелілердің орасан зор мемлекет құруына сәйкес, ол мемлекеттердің кұрамына отырықшы аймақтардың көптеп енуі, мемлекеттің қоғамдық қатынасының саяси-экономикалық құрылымына пәрменді әсерінен орын алған өзгерістерге тікелей байланысты"- деп түйіндейді [36, 33].
Қоғамдық дамудағы жаңа бағыт моңғолдардың Шыңғыс хан бастаған ақсүйектерінің отырықшылыққа қарсылығына және бағындырылған аймақтардың қалаларын жаппай қирату әрекеттеріне қарамастан бірте-бірте кұш ала берді. Ал Шыңғыс хан өлгеннен кейін қоғамдық қатынастардағы қалалардың рөлі нығая түсті. Өйткені, Шыңғыс хан мұрагерлері: "Сіз әлемді ат үстінде иеленгеніңізбен, оны ат үстінде басқаруға болмайды" - деген қағидаға сүйенді. Осылайша, бұл қағида моңғол империясында (Алтын Орда) қалалардың көптеп өсуіне жол ашумен қатар, моңғолдар бағындырған орасан зор аймақтарды саяси билеуге, қоғамдық қатынастарды тиімді реттеуге әкімшілік-ұйымдастыру құрылымдарының аса қажеттілігін өмірге әкелді.
Сөйтіп, көшпелілер қоғамында тұрақты әкімшілік басқару жүйелерімен орталықтар қалыптасып, салықтар мен силықтар жинау, сан алуан елшілерді қабылдау және аттандыру, дипломатиялық байланыстармен айналысатын мемлекеттік аппараттар пайда болды. Мұндай орталықтар әдетте хан ордасының қысқы мекенінде, яғни мал-жанға бірдей жайлы сулы-нулы жерлерде ірге орнықтырды.
Бір орталыққа шоғырланған ақсүйектер мен бай мемлекеттік шенеуніктер пайдакүнем саудагерлерді де қызықтыра өзіне тартып, мұндай орталықтарда тұрақты жәрмеңке-базарлардың қалыптасуы мен қалалар халқының өсуіне жағдай жасады. Қалаларда қоғамдық мүддеге жеке сарайлар мен тұрғын үйлердің көптеп салынуы ерікті, еріксіз құрылысшылар мен қолөнер шеберлерінің де жинақталуына себеп болды. Ақырында Алтын Орда қалаларының өсіп, көркейе түсуіне - ислам дінін мемлекеттік - деп жариялауда айрықша ықпал еткені даусыз. Өйткені, діни насихат орындары әсем мешіттер мен медреселер жиі салынып қалаларға көрік беріп тұрды.
Сонымен, моңғол қалаларының пайда болуына мемлекеттің құрылуы мен оның ішкі-сыртқы саяси, экономикалық құрылымы тікелей әсер етіп, соның нәтижесінде қала өмірі билеушілер мүддесімен тығыз байланысқан және қала жеке билік саясатының негізгі жүзеге асырушысы мен ол биліктің сенімді тірегіне де айналған.
Алтын Орда қалаларының тарихы негізінен екі ірі топқа, яғни: біріншіден, моңғолдарға дейінгі; екіншіден, моңголдар тұсында салынған болып бөлінеді. Батудан бастап Жәнібек ханға дейінгі аралықта бірнеше кезеңдерге жіктеледі. Бұл тұжырым ХІІІ-ХІУ ғасырларда Дешті-Қыпшаққа сапар шеккен Плано Карпини, Вильгельм Рубрук және Ибн Баттута естеліктеріндегі қалалар туралы жазбаларындағы айқын байқалатын айырмашылықтарға байланысты шығады. Өйткені, 1246-1247 жылдары Алтын орданың батысынан бастап шығысына дейін жол азабын тартқан Плано Карпини ешбір қалалардың, тіпті ірі елді мекеннің жоқтығын жазса, одан небәрі алты-жеті жыл кейін сапар шеккен Вильгельм Рубрук елді мекендер мен Сарай Бату қаласының тез өсіп келе жатқандығын сүйсіне жазады. Алтын Орда қалаларының бұдан кейінгі дамуы Берке хан тұсында өріс алды, яғни Сарай берке немесе Сарай Әл-Жәдид (Жаңа Сарай). Қалалардың шын мәнісінде көркейіп, сәнді де салтанатты шаһарларға айналуы Өзбек және Жәнібек (Әз-Жәнібек) хандардың тұсында жүзеге асырылды.
Әрине, қалалардың ірге орнықтырып, кең қанат жаюына жергілікті Дешті-Қыпшақ көшпелілерінің де тұрмыстық, мәдени-рухани және идеологиялық мүдделіліктерінің игі ықпал етуі сөзсіз және қалалар орналасуының географиялық жағдайларының да әсері зор болатын.
Демек, қалалардың біріншіден, әсем шаһарға айналып, көркеюіне батыс пен шығысты байланыстырушылық рөлі, екіншіден, Алтын орда хандарының жүргізген экономикалық және саяси-стратегиялық бағыттары; үшіншіден, қалаалрдың географиялық қолайлы орналасуы да ықпал еткен деп түсінуіміз қажет. Бұл жөнінде Ибн-Баттута былай дейді: Біз-Ұлы су жағасындағы Сарайжук қаласына келдік. Бұл қалада Ұлысуға Бағдаттағыдай жүзбелі көпір салынған. Қалада өте ұзақ ғұмыр кешкен Ата (түрікше) бар екен, ол бізді қонақтап, батасын берді".
Ибн-Баттута құрметпен еске алған қалалардың бірі Сарайшықтағы "ата" туралы белгілі тарихшы Б. Б. Ермуханов қызықты жаңа дерек келтірумен қатар, оның есімі - Сейіт - баба екендігін, ортағасырлық ғұлама-Ұлықбектің тарихи шығармасына сүйене отырып, сеніммен тұжырымдайды [18, 71].
Ал, Сейіт-баба Өзбек хан тұсында ислам дінінің бүкіл Дешті-Қыпшаққа кең насихатталып, таралуына сол арқылы Алтын Орданың қоғамдық өмірінде зор беделге ие болып, исламның бірден-бір ресми мемлекеттік дінге айналуына өлшеусіз еңбек сіңірген қасиетті дін уағыздаушысы болғанға ұқсайды. Өйткені, дәл осы кезеңнен бастап, Алтын Орданың ірі қалаларында діни орындар: мешіт, медреселер көптеп салынып қалалардың архитектуралық келбеттерінің ерекше көріктенгеніне археологиялық деректер куә. Мысалы, Сарайшықтың қазірге дейін қазылып зерттелген аумағының өзінде ғана 5 (бес) мешіттің болғаны белгілі болып отыр.
Дешті-Қыпшақ аймағының мұсылман дініне енуі жөнінде тарихшы Зікірия Жандарбек былай дейді: "Өзбек ханды ислам дініне мойын ұсындырған Яссауийа тарихатының шайхтары - Садр Ата, Сайид Ата, Бадр Ата, Ұзын Хасан Ата. Бұл төрт шайх қожа Ахмед Яссауидың шәкірті Сүлеймен Бақырғанидан білім алған, халық арасында кең тараған аңызда сиыр малының пірі атанған Зеңгі Атаның шәкірттері еді" [37, 147].
Мұндағы Сайид Ата орта ғасырлық Шығыс Дешті-Қыпшақтың ортағасырлық қалаларына байланысты деректердегі Сейіт бабаның өмір сүрген уақыты мен Өзбек ханды ислам дініне мойын ұсындыруы бір тарихи кезеңде, яғни Өзбек хан билігі тұсына сәйкес келеді.
Өтеміс қажының "Шыңғыснама" атты еңбегінде осы төрт шайхтардың Өзбек ханды қалай ислам дініне мойынұсындырғаны баяндалады. Өзбек ханның исламды қабылдау себебі былайша дәлелденеді. Төрт Әулиеге Алладан Өзбек Ханға барып, оны исламға кіргізіңдер деген әмір келеді. Олар Өзбек Хан ордасының сыртына келіп намаз окуға тоқтайды. Осы кезде Өзбек Хан ордасында уәзірлерімен, діни басқа адал қызметкерлерімен дастарханда отырған болатын. Дастархандағы бал құйылған ыдыстар сиқыр күшімен ыдысқа өзі құйылып, керекті кісінің алдына өзі баратын. Бұл күні ол жағдай орындалмайды. Өзбек хан қасындағы дін иелерінен мұның себебін сұрайды. Олар "Орда маңына, ислам дінінің шайхтары келген болуы мүмкін" - дегенді айтады. Өзбек Хан оларды алып келуге бұйырады. Жасауыл түсі бөлек төрт кісіні алып келеді. Сендер не істеп жүрсіңдер? - деген Өзбек Хаи сұрағына, - Біз Алланың әмірі бойынша, сізді исламға кіргізуге келдік, - дейді олар. Сонда Өзбек Хан: Мен кімнің діні тура болса, соны қолдаймын - деп, екі тандыр қазуды бұйырды. Шарт бойынша әр тандырға әр дін өкілін бір кісіні отырғызып, үстіне он арбадан сексеуіл салып өртеу керек болады. Аман, күймей шыққанының діні - тура діне деп қабылданып, сол дінге Өзбек Хан бас иетін болып келіседі. Мұсылмандардан Баба Тұқаас-Садр Ата шығып, үстіне сауыт киеді, денесінің түктері сауып сыртына шығып тұрады. Тандырды өртеткенде Өзбек Ханның бұрынғы дін басы бірден өртеніп кетеді де, Баба Тұқлас "Ертерек аштыңдар ғой, әлі зікір салып болған ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сыр бойының орта ғасырлық қалалары
Оңтүстік Қазақстандағы ортағасырлық қалалар
Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолының тарихы
Орта Азиямен ОңтүстікҚазақстан ортағасырлық қалаларының тарихнамасы
Ортағасырлардағы қалалардың дамуы: сәулет өнері және материалдық мәдениет
Орта ғасырдағы қала мен дала
Сырдария өзенінің орта ағысындағы қалалар мен елдімекендерде бұрын және соңғы жылдарда жүргізілген зерттеулер кезінде алынған деректер
Ұлы Жібек Жолы бойындағы ортағасырлық қалалар
Шу өңіріндегі ортағасырлық қалалар
Ортағасырлар дәуірі кезеңіндегі Арыс өзені бойындағы қалалық мәдениеттердің дамуы мен генезисі
Пәндер