Төребайұлы Қыздарбек


Төребайұлы Қыздарбек
Қыздарбек Төребайұлы белгілі күйші, Арқа төсінде қалыптасқан күйшілік мектептің дарынды өкілі. Әсіресе, Тоқырауын өзенінің бойындағы күйшілік өнердің өзіндік ерекшелікпен қалыптасуына айрықша ықпал еткен өнерпаз. Өзгеге күнін түсірмейтіндей дөңгелек шаруасы бар жанұяда 1850 жылы дүниеге келіп, 1922 жылы қайтыс болған. Шыққан тегі - Орта жүз Арғын ішіндегі Қаракесек руы. Қаракесек ішінде- Бошан-Таз-Карсон-Тайна аталарынан өрбиді.
Қыздарбек Арқаға аты мәлім Тәттімбет, Тоқа, Итаяқ сияқты дәулескер күйшілердің алдын көріп, олардың тегеурінді өнерінен тағлым алған. Әсіресе, Қыздарбектің шебер домбырашылығына қатты сүйсінетін Тоқа өзінің күйлерін оған ерінбей үйретіп, тартқызып отыруды ұнатады екен. Қыздарбек күйді жанымен беріліп, дүнйені ұмытқандай болып тартқанда мұрнынан су ағып кеткенін де байқамайтын болса керек. Сонда Тоқа жасынын үлкендігіне бағып, «Апыр-ай», Қыздарбек-ай, жорғалығында мін жоқ-ау, тек екі қолыңды кесіп, өзге жеріңді итке тастаса да болар еді»-деп әзілдейді екен. Қыздарбек Арқа күйлерін мейлінше көп білген. Ол білгенін Дайрабай, Әбди, Сембек, Ақмолда, Мақаш, Кәрібек, Аққыз, Бегімсал сияқты өкше басар өнерпаздарға үйретіп отырған. Өз кезегінде бұл күйшілерден Әбікен Хасенұлы, Мағауия Хамзин, Әпике Әбенова, Мұхаметжан Тілеуханов, Сыматай Үмбетбаев сияқты өнерпаздар тағлым алды. Сахара төсінде толассыз туындап жататын ұлы мұра ұрпақтан ұрпаққа осылай жұғысты болып отырды. Ең ғажабы, сахара тұрғындарының азат рухы дәстүрінде қапысыз талғам арқылы нағыз асыл туындылар ғана сұрыпталып, іріктеліп, ұрпаққа аманат етіліп отырған. Көшпелілердің төлтума өнерін адам сезімі мен қабілетінің шырқау биігіне көтерген тетіктің құдірет сыры да осында болатын. Қыздарбектің өзі де, өскен ортасы да осы дәстүрді кие тұта білген.
Қыздарбек Төребайұлының күйлері: «Жұбату», «Қосбасар», «Сылқым қыз», «Терісқақпай», «Толғау», «Уа, дүние» т. б.
Жалпы Тоқырауын бойының, оның ішінде Қыздарбек сияқты дәулескер күйшілердің мұрасына қатысты зерттеу жұмыстары да, насихатталуы да кемшін. Тоқырауын бойының күйшілік дәуірін қазақ халқының мәдени-рухани көш керуеніне ұялмай қосуға болмайды.
Рысбекұлы Әбди
Рысбекұлы Әбди (1868-1931) - Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Аюлы елді мекенде туып өскен дәулескер күйші домбырашы. Тоқырауын бойында қалыптасқан күйшілік мектептің көрнекті өкілі. Әйгілі Қыздарбек күйшінің шәкірті, тамаша күйші домбырашы Әбікен Хасеновтың ұстазы.
Әбди әрідегі Итаяқ, Тәттімбет, Тоқа күйлерін, өз замандастарынан Қыздарбек, Ақмолда, Сембек, Мақаш, Ахметжан, Кәрібек күйлерін нәшіне келтіріп тарататын шебер домбырашы болған.
Әбдидің шыққан тегі -Орта жүз Арғын ішіндегі Қаракесек руы, оның ішінде Кәрсөн атасынан өрбіген. Әбди өз жанынан көптеген сазды күйлер шығарған. Алайда, бүгінгі күнге оның «Қарғыс», «Зар қосбасар» атты екі ақ күй жеткен. Мұның себебі, Әбди Хасенұлы «ескілікті, социализмге жат өнерді насихаттағаны үшін» деген айыппен 1931 жылы атылады. Дәл осындай айыппен сол жылдары бірінен-бірі өткен әйгілі күйшілер Сембек пен Ахметжан да озбыр саясаттың құрбаны болған. Мұнан кейін іле-шала 1937-38 жылдардың репрессиялық сүргіні басталады. Осы елге жиен болып келетін Сәкен Сейфуллин атылды. Осындай аласапыраннан кейін, бір кезде күймен тербіліп ұйықтап, күймен серігіп оянатын ел-жұрт, енді домбыра мен қобыз көрсе үрейленетін халге жеткен. Мұндай ахуалдан кейін, бірер ұрпақ алмасқанда халықтың жады көмескі тартып шыға келді.
Әбди атылар алдында сауға сұрап, өзінің «Зар қосбасар» күйін өкше басар інісі Әбікен Хасеновке үйретіп кетуді өтінген. Өзек өртенгендей тың сарын күйге ынтық Әбікенге қатты әсер етіп, «Аққе-ай, енді бір тартыңызшы» деп, жалбарынып отырып, түрме ішінде екінші рет тартқызған. Бұл күйді Әбікен Хасенов 1957 жылы-өлерінен бір жыл бұрын ғана Қазақ радиосына жаздырды. Әбдидің әйгілі «Қосбасары» замана талқысынан өтіп, бүгінгі күнге осылай жетткен.
Әбди атылған соң оның артында қалған жанұясы мен етжақын туыстары да қуғын көрген. Әбдидің әйгілі Әлімжан деген баласы мен Күләш есімді келіні жан сауғалап, жер ауып, өмірлерін Бишкек қаласында өткізіп келеді. Бұлардан үш ұл, бір қыз бар.
Байсейітұлы Ыбырай
Ыбырай Байсейітұлы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Сарытау деген жерде 1889 жылы дүниеге келген күйші-домбырашы. Кезінде Тоқа, Дайрабай, Ықылас, Қыздарбек, Әбди сияқты дәулескер күйшілердің көзін көріп, олардың күйлерінің мол қорын жеткізуші. 1934 жылдан бастапҚарағанды облыстық радио комитетінде домбырашы-солист болып қызмет атқарып, күй өнерінің насихатталуына елеулі еңбек сіңірген. Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин сияқты күйші-домбырашылармен шығармашылық-достық қарым-қатынаста болған. Ыбырайдың тартқан күйлері Бегімсал Орынбекұлы, Мұхит Битенов сияқты өнерпаздар арқылы бүгінгі күнге жетті. Ыбырайдың баласы Мақсұт Байсейтов-белгілі ақын.
Ыбырайдың өзі шығарған «Нарқызыл» атты күйі белгілі.
Қарымсақұлы Әшімтай
Сарыарқадағы күйшілік мектептің орнығып, шыңдалуына ықпал еткен дәулескер күйшілердің бірі - Әшімтай Қорамсақұлы (1808-1903) . Әшімтай Қарағанды облысының Балқаш қаласына жақын маңдағы Ортадерсін ауылында 1808 жылы дүниеге келіп, осы ата қонысынан 1903 жылы топырақ бұйырған. Күйшінің шыққан тегі Орта жүз Арғын, оның ішінде Балқаш төңірегін, Тоқырауын бойын қоныс еткен Дада тобықтылар. Аға даласы деп аталатын Дада тобықтылардан алты ата Бораншы өрбіген. Олар Үмбетбай, Байбазар, Қонақбай, Абыз, Құдайберген, Бақал деп аталады. Осылардың ішіндегі Бақалынан Әшімтайдың аталары тарайды.
Әшімтайдың арғы атасы Бәйтелі деген кісі Орта жүзге даңқы жайылған бақсы болған. Қобызбен күй шалып, сәугейлік айтып, келер күндерді болжаған. Қобызын бәйгеге қосып, төңірегін тәнті өткен. Бәйтеліден туған Балақай, Күшік, Андас, Беден, Қарымсақ (Жаман) деген балалары да шетінен өнерпаз, әнші-күйші, ақын-жыршы болған. Осы қасиеттеріне қатысты ел ішінде күні бүгінге дейін айтылатын мынандай өлең жолдары бар:
«Балақай, Беден, Күшік, Андас, Жаман,
Қиыннан қиыстырып өлең табам» . . .
Осы әулеттің Қарымсағынан (Жаман) туған Әшімтай күйшілік өнердің өмірінің мағынасына балаған біртуар өнерпаз болған. «Ол күй тартқанда көктегі құс айналып, көгендегі қозы жусап желі басына жылқы үйездейді екен» дейді. Тоқырауын бойының көне көз қарттары. Мұнысы табиғатпен тілдес көшпелі елдің мұңын-сырын, сезім-әсерін күй тілімен Әшімтайдың дәл жеткізе алатын өнерпаздығын айтқан болу керек. Айтса айтқандай, Әшімтайдың бір ғана «Қоңыр қаз» күйі табиғат пен адамның, табиғат пен қоғамның тағдырлас болмысын жеріне жеткізе жырлаған, философиялық синтезге толы терең мағыналы күй. Күйдің әуен-ырғақтық бітімі, бір қарағанда, табиғатқа еліктеген натуралистік сипат танытқанымен, оның саз-сарынындағы терең толғаныс, құрылысындағы мінсіз тұтастық және тартылу тәсіліндегі даралық Әшімтайды қазақ күйшілерінің маңдай алды өкілдерінің бірі ретінде мойындауға мәжбүр етеді.
Бүгінгі күнге Әшімтайдың «Қоңыр қаз» күйін бел баласы Хамзе және осы өңірдің әйгілі күйшісі Аққыз Ахметқызы жеткізді. Хамзенің домбыраны кие тұтқаны сонша, 105 жыл ғұмыр кешіп, дүниеден озарында жанындағыларға ымдап, домбырасын төсіне қойдыртып, көз жұмып еді дейді. «Қоңыр қаз» күйін жеріне тигізіп, тартқан күйші - Әшімтайдың немересі, Қазақстанның халық артисі Мағауия Хамзин.
Хамзин Мағауия
Мағауия Хамзин қазақтың әйгілі күйші-домбырашысы, Арқаның күйшілік мектебінің көрнекті өкілі. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1966), Қазақстанның халық артисі (1973) , профессор. Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Қоңырат елді мекенінде 1927 жылы дүниеге келген. 2000 жылы Алматы қаласынан топырақ бұйырды.
Мағауия күйшілік-домбырашылық өнер өскен ортасынан дарыған. Ол әйгілі Тәттімбет, Тоқа, Ықылыс, Дайрабай, Итаяқ, Қыздарбек, Әбди сияқты дәулескер күйшілердің көзін көргендердің сөзін естіп, өнеріне құлақ құрышын қандырып өсті. Аққыз күйші оның саусағын саусағына шуда жіппен матастырып домбыра үйретті. Әбікен Хасенов, Манарбек Ержанов, Бегімсал Орынбеков, Ыбырай Байсейітұлы сияқты дәулескер күйші-домбырашылардың алдын көріп, олардың ғажайып өнерлерінен тағлым алды.
Ұшқан ұя, өскен шаңырақтың да әсер-ықпалы Мағауия үшін айрықша болған. Орта жүзге даңқы жайылған Байтелі бақсы Мағауияның арғы атасы болып келеді. Ал, әйгілі «Қоңыр қаз» күйінің авторы Әшімтай күйші Мағауияның үлкен әкесі. Өз әкесі Хамза да дәулескер домбырашы болған. Хамза жарық жалғанмен хош айтысар алдында ымдап домбырасын алдырып, төсіне қойып жатып көз жұмып еді дейді көзкөргендер. Мағауияның алғаш қолына домбыра ұстатып, күй тартуға баулыған адам әкесі Хамзаның өзі болған.
Мағауияның ең алғаш қолына домбыра ұстап, жұрт алдына шығуы 1937 жыл. Ол тұңғыш рет Балқаш мыс қорыту заводы мәдениет сарайында Тәттімбеттің «Қосбасарын» тартып, жұртшылықтың қошеметіне боленеді.
Отызыншы жылдардың саяси-әлеуметтік аласапыраны жас Мағауияны да тағдыр тәлкегіне түсірген. Ол 1937-41 жылдары Қарқаралыдағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Алайда, балалар үйінде де өзі ден қойған өнерден қол үзбейді. 1939 жылы Алматыда өткен балалардың республикалық олимпиадасында Тәттімбеттің «Саржайлау» күйін тартып көзге түседі, мақтау қағазын алады. Бұл жарыс Мағауияның өнерге деген ынтасын арттырып, осы жолды таңдауға біржола бел буады. Қарағанды облыстық филармониясы осы 1944 жылы домбырашылық қызметке шақырады.
Мағауия 1949 жылы П. Ц. Чайковский атындағы Алматы музыка училищесін бітіріп, одан кейін Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. 1950 жылы А. Жұбановтың ұсынысымен Мемлекеттік Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестріне шақырылады. 1960 жылдан 1975 жылға дейін. М. Хамзин Қазақтың Мемлекеттік «Қазақконцерт» гастрольдік-концерттік бірлестігінде жеке домбырашы болып қызмет жасады. Сонымен бірге Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясында күй өнері класынан сабақ берді. Өмірінің соңғы жылдарында ол Балқаш қаласында тұрып, жас өнерпаздарға күй үйретумен айналысты.
Мағауияның дәулескер домбырашылығын жеке бастың қабілет-қарымы деп қарау жеткіліксіз. Оның домбыра тартуындағы қайталанбас бекзаттық қазақтың домбырашылық өнерінің сапалық соны биігі болып табылады. Ол биік, шын мәнінде, Мағауия Хамзин ғана шыққан, ешқандай әсіре сөзсіз, Мағауия Хамзин ғана бағындырған биік болатын. Оның орындауындағы бір ғана Әшімтайдың «Қоңыр қаз» күйін қазақтың музыкалық мәдениетінің ғажайып қазынасы деп бағалауға болады. Ол тартқан күйлерінің кез келгені бұрын айтпағансырын айтып, бұрын шақпаған мұңын шағып қоя бермеді. Себебі, ол әрбір тартатын күйінің тілін түсініп, тағдырын таныған соң ғана домбыраға салған М. К. Огиньскийдің «Отанмен қоштасу» полонезі де, И. Брамстің «Венгер биі» де, П. И. Чайковскийдің «Аққу көгілдірінің биі» мен «Неополитан әні» де, В. А. Моцарттың «Рондосы» да, С. В. Рахманиновтың «Италиян полькасы» да айрықша сыршылдығымен баурайды.
Мағауия Арқаның күйшілік мектебінің өрісін ұзартатын, өресін біктететін тамаша күйлер шығарған дарынды композитор. Оның күйлері: «Жайлау», «Қосбасар», «Жарыс», «Космонавт», «Шопан күйі» т. б.
Тілеуханов Мұхаметжан
Мұхаметжан Тілеуханов белгілі күйші-домбырашы. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында 1946 жылы дүниеге келген. Алмаиы халық шаруашылығы институтын 1968 жылы бітіргеннен кейін, Жаңаарқа ауданында мамандығы бойынша қызмет атқарып келеді. Ел ішіндегі атадан балаға сабақтасқан домбырашылық дәстүрді жалғастырушы өнерпаз.
Ән-күй өнері Мұхаметжанға өскен шаңырағынан, өнген әулетінен, қалыптасқан ортасынан дарыған. Оның өз әкесі Кәйя Тілеуханов, аталас ағайыны Сарбас Бақмағанбетов, нағашысы Кәдіркей Садуақасов деген кісілер халық мұрасының қадірін білетін, өнер қонған, көкіректері даңғыл адамдар болған. Мұхаметжан ғана емес, оның өкшесін басқан інісі, қазақтың әйгілі әншісі Бекболат Тілеухановтың да рухани ұясы осы орта екенін айта кетуге болады.
Мұхаметжан домбырашы ретінде Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек сияқты дәулескер күйшілердің туындыларын ел ішінде үзілмей сабақтасқан өнерпаздардан үйреніп, сол ұлы дәстүрдің түпнұсқалық қалпын жалғастырумен дараланады. Бұл ретте, замананың талқысы мен тәлкегіне ұшыраған Тоқа Шоңманұлының күйлерін бүгінгі күнге жеткізген бірден-бір өнерпаз Мұхаметжан екенін бөле-жарып айтуға болады. Халық күйшілерінің мұрасы Мұхаметжанның тартуында өзіндік өрнегімен, тың сарынымен, тамаша үлгі-нұсқаларымен ден қойдырады. Мұхаметжанның тартуында отыздан астам күй 1970, 1974, 1976 жылдары күйтабақтарға жазылып жарық көрді. Ол туралы телефильм түсірілді.
Мұхаметжанның өз жанынан шығарған «Арман-ай», «Қосбасар», сияқты күйлері бар.
Тәттімбет Қазанғапұлы
Тәттімбет Қазанғапұлы (1815, қазіргі Қарағанды обл. Егіндібұлақ ауд. -1862 сонда) күйші композитор, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі. Домбырашылық өнер арғы ата-тегінен дарыған. Алғаш домбыра тартуды әкесі Қазанғаптың інісі әлиден үйреніп, анасы Ақбөпеден тәрбие алған. Тәттімбеттің әртүрлі тақырыпты қамтитын қырықтан астам күйлері бар. Оның «Қосбасар», (біріншеше түрі), «Сарыжайлау», «Сылқылдақ», «Былқылдақ», «Бестөре», «Азамат», «Алшағыр», «Көкей кесті», «Көш жанаған», «Балбырауын», «Сары қамыс», «Шәйір қалды» т. б. күйлері ел арасына кең тараған. Тәттімбеттің күйлері өмірді терең түсінген, ойшыл, қиялшыл жанның сыры мен сезімін аңғартады. Ол негізінен лирик композитор. Шығармалары филос. Түйіндерімен астасып жатады, ал музыка тілі көңілге қонымды. Т. күйлеріндегі лирик, сарындар, әуен толқындары қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын суреттейді. Композитор «Сары жайлау» күйін Майдасары жайлауына қоныстанған кезінде, күз мезгілінде шығарған. Мұнда табиғаттың әсем суреті, жаз - сайрандағы рахатты шақтар бейнеленеді. Күйдің ішкі философиясы табиғатты суреттеу арқылы жаз думанын бастан кешкен адам өмірінің қайта оралмас бұралаң жолдарын табиғат мезгілімен салыстыруды мегзейді. Күй табиғаты сыршыл, қиялшыл, мөлдір лиризмге толы. Нәзік нюанстар мен әсем ырғақты иірімдер тыңдаушысын бірде желпіндіріп, енді бірде тәтті мұң толқынымен тербетеді. Тәттімбет күйлерінде негізінен өмір тартысы, тағдыр тауқыметі, сұлулыққа құштарлық, алыс арман, сарғайған үміт, өкініш сарыны баяндалады. Ал «Былқылдақ» күйі жер атына байланысты (елінде Былқылдақ атты сазды жайлау болған) шыққан. Күйдегі романтика мың бұралған өзен ағысы, бұлақтың қоңыраулы сыңғыры, тоғайдағы құстың әсем үні сұлу табиғат тынысымен ұласып жатыр. Тәттімбет шығармаларының ең биік шыңы «Көкейкесті» күйі. Бұл күйді сазгер өмірінің соңғы жылдарында шығарған. Мұнда халық шежіресінің ұлылығымен ұлағатты ақыл ойдың парасаты толғанады. Сөйтіп, ол домбыра үніне «жан бітіреді», күйдің табиғатын, сырын ашады. Тәттімбет лирикасының тағы бір қырын ашатын «Сылқылдақ» күйі. Бұл күйді композитор өзімен күй сайысына түсіп, өнер көрсеткен домбырашы қызға арнап орындаған. Күй бойынан жастық жалын мен өмірге құштарлықтың лебі еседі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz