Қазақ тілінің фонетикасын оқыту


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 27 бет
Таңдаулыға:   

АҚТӨБЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3-4

1. МЕКТЕПТЕ ФОНЕТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ . . . 5-9

1. 1 Фонетиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері . . . 5-6

1. 2 Орта мектептегі фонетика саласының мазмұны . . . 7-9

2 ОРТА МЕКТЕПТЕ ФОНЕТИКА САЛАСЫН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ . . . 10-22

2. 1 Дауысты, дауыссыз дыбыстарды оқыту әдістемесі . . . 10-17

2. 2 Буын, оның түрлерін және тасымалды оқыту әдістемесі . . . 18

2. 3 Үндестік заңы мен екпін түрлерін оқыту әдістемесі . . . 19

2. 4 Фонетикалық жаттығулардың өзіндік ерекшеліктері . . . 20-22

ПРАКТИКАЛЫҚ БӨЛІМ . . . 23-25

Қазақ тілі. 5-сынып . . . 23-25

ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІМ . . . 26

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 27

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Тіл - айтайын деген ойды жарыққа шығаратын бірден-бір таптырмас құрал. Адамзат баласы тілді өзін қоршаған ортадан, айналасындағы жандардан үйренеді. Тіл - адамзатпен бірге өмір сүріп келе жатқан қоғамдық құбылыс, қоғам өмір сүрген жерде тіл бар, қоғамнан тыс бөлек тіл болуы мүмкін емес жайт.

Адам өз ойын сөз арқылы білдіреді, ойлаған ой сөз арқылы басқа адамға жетеді. Адам баласының тілі - дыбыстық тіл. Тілдегі сөздердің мағынасын ажыратып, сөз етуде тіл дыбыстарының орны ерекше. Тіл дыбыстары жеке тұрғанда ешбір мағына білдірмей, мәні болмаса да, бір-бірімен белгілі бір жүйе арқылы дыбыстан сөз, сөзден сөз тіркесі, кейіннен сөйлемдер құралады. Бұдан сөздің қаңқасы да, тірегі де тіл дыбыстары екендігін аңғару біз үшін қиынға соқпайды.

Әр түрлі тілдердің дыбыстық жүйесі, дыбыстарының сипаты мен саны біркелкі емес, ол әр басқа. Түбі бір түркі тілдерін біріне-бірін жақындатып, бірінен-бірін алыстатып тұрған да, алдымен, осы дыбыстар, дыбыстар тіркесі. Әрбір тілдің дыбыстық жүйесінің өзіндік сипатын, түрлі заңдылықтарын білудің маңызы зор. Тіліміздегі дыбыстарды, олардың жасалуын, қолданылу ерекшелігін білмей, әдеби тілдегі сөздердің жазылу, айтылу заңдылығын игеру мүмкін емес. Тілдегі дыбыстардың санын, сапасын ажырату, дыбыстық заңдарды білу, сөзді буынға бөліп, дұрыс жазу және айту - тілді меңгерудегі ең негізгі шарттар.

Тіл дыбыстарының жүйесін, олардың жіктелуі мен заңдылықтарын тіл білімінің фонетика саласы зерттейді. Фонетиканың қарастыратын мәселелері: тіл дыбыстарының пайда болуы, олардың түрлері, іштей жіктелуі, сөз ішінде біріне-бірі ықпал етуі, үндестік заңы, олардың түрлері, буын, екпін, тасымал, сөйлеу мен жазудың арақатынасы, орфография, орфоэпия, т. б. Тіл білімінің саласы фонетика тіліміздегі көптеген сөздердің пайда болуын анықтауға, тілдердің арасындағы туыстық байланысты табуға, тілдің айту мен жазу нормаларын дұрыс игеруге мүмкіндік туғызады. Қазақ тілі фонетикасын зерттеушілердің қатарына Н. И. Ильминский, В. В. Радлов, А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанұлы, Х. Досмұхамедұлы, Ж. Аралбаев, Ә. Жүнісбек, С. Мырзабеков, т. б. жатқызамыз.

Мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күннен бастап жеке дыбыстарды айтып, олардың таңбалануын жазып үйренеді. Қазақтың 99%-ы тіл меңгеруді мектептен аяқтайтынын ескерсек, фонетикалық білім, біліктілік маңызын жете түсінуге тиіспіз. Оқушыларды жаңа заманға сай азамат етіп тәрбиелеу үшін мұғалімдер қауымы оқу-тәрбие жұмысына шығармашылықпен қарап, қазақ тілі сабағы барысында фонетиканы оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдануы қажет. Орта мектепте фонетика саласын оқытудың жолдарын анықтау курстық жұмысымыздың өзектілігі болып отыр.

Зерттеу мақсаттары:

- Орта мектепте фонетиканы оқытудың мақсаты мен міндеттерін анықтау;

- Фонетиканы оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін іріктеу;

- Фонетикалық талдау мен жаттығулар әдістемесінің маңызын ашу.

Зерттеу нысаны. Қазақ тілінің фонетикасын оқыту

Зерттеу пәні. Орта мектептегі қазақ тілі пәні

Зерттеу міндеттері:

- Фонетиканы оқыту әдістемесі туралы толық мағлұмат беру;

- Қазақ тілі фонетикасының негізі мен зерттелуін қарастыру;

- Мектепте фонетика саласын оқытудың негіздері мен әдіс-тәсілдерін іріктеу;

Курстық жұмыстың құрылымы. Курстық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, практикалық бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

  1. МЕКТЕПТЕ ФОНЕТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІФонетиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері

Бірнеше ұлттың басын біріктірген кең байтақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ұлттық тілі - қазақ тілі. Әрбір елді басқа елдерден ерекшелендіріп тұратын тіл білімі болады. Қазақ тіл білімі - қазақ тілінің жүйесі мен салаларын, олардың дамуын, өзара байланысын, заңдылықтары мен ерекшеліктерін зерттейтін ғылым саласы. Мектепте оқытылатын нысан - қазіргі қазақ әдеби тілі. Қазақ әдеби тілі - жалпыхалықтық тілдің нормаға түскен нұсқасы. Оның қалыптасқан орфографиясы, тұрақталған әдеби нормалары бар. Мектепте қазақ әдеби тілінің негізгі салалары өтіледі. Қазақ тілінің салаларына фонетика, лексикология, сөзжасам, морфология, синтаксисті жатқызамыз. Графика, орфография, орфоэпия, стилистика, лексикография, пунктуация салалары жеке бөлім болып емес, тілдің өзіне қатысы бар салаларының мазмұнына еніп, бірге өтіледі. Әр саланың өзіне тән ұғымдары, тілдік бірліктері, ерекшеліктері және басқа салалардан айырмашылығы болады. Осыған орай фонетикалық ұғымдар мен оның мазмұны фонетика саласында, грамматикалық ұғымдар мен оның мазмұны грамматика саласында айтылады. Тілдің әр саласын оқытудың өзіндік мақсаты, маңызы, ерекшелігі, әдіс, тәсілі, ұстанымы болғанымен, бәріне ортақ заңдылығы, мәселелері бар, соның негізінде қазақ тілін оқыту әдістемесі пәні жүйелі ғылым ретінде қалыптасады. Мектепте тілдің әр саласын оқытуға ерекше мән беріліп, оған арнайы сағат бөлінеді. Оқушылар тілдің бұл салаларымен танысу арқылы олардың тілдік бірліктерін, әрқайсысының негізгі ерекшеліктері мен қызметін, құрылымын түсінуі тиіс.

Осыған орай мынадай арнайы мақсат қойылады:

- тілдік бірліктердің негізгі ерекшеліктерін игеру;

- олардың қолданыста атқаратын қызметімен танысу;

- тілдік іскерлік пен дағды қалыптастыру.

Мақсатқа сай оқушылар:

- тілдік бірліктер, олардың мағынасы мен қызметін;

- қазақ тілінің салаларын;

- тілдік құбылыстың жіктелуін;

- лингвистикалық ұғымдардың анықтамасын;

- тілдік құбылыстың басты ерекшеліктерін;

- сөз тудыру, түрлендіру тәсілдерін;

- тілдік құбылыстың қолданыстағы ерекшеліктерін;

- тілдік құбылысқа талдау жасау жолдарын т. т. игеруі және білуі тиіс. [1. 86]

Тіл - адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау құралы. Қарым-қатынас дұрыс болуы үшін, тілдік таңбалар қабылдауға ыңғайлы белгілі бір материалдық формада берілуі міндетті. Тілдік таңбалардың материалдық жағына естілетін және айтылатын тіл дыбыстарын жатқыза аламыз. Сөздің өмір сүру формасы - дыбыс. Тілдің дамуы, оның ұрпақтан-ұрпаққа берілуі де тілдің дыбыстық жағымен тікелей байланысты. Тілдің дыбыстық жағы - тілдің өмір сүруінің амалы. Тілдегі санаулы ғана дыбыс сөздік құрамға енетін әлденеше мың сөздің құрамында белгілі бір тәртіппен орналасып, тіркесіп, қайталану арқылы дыбыс жүйесін құрап, тілімізді өзге тілдерден ерекшелендіреді. Дыбыстардың тіркесуі арқылы ойыңды сөз, сөйлем ретінде сыртқа шығарып, өзгелермен қарым-қатынас жасай аласың. Осыған орай дыбыстардың бір-бірімен үндесуі арқылы сөзің де үнді, әуезді, құлаққа жағымды түрде естіледі.

Оқушылардың тіл туралы ғылыми көзқарасын қалыптастыруда оның дыбыстық жағының заңдылығын түсіндіру, оның лексикалық, грамматикалық құбылыстармен байланысы бар екендігін көрсету - мектепте фонетиканы оқытудың аса маңызды теориялық міндеттері болып табылады. Осыған орай тіл білімінің салаларын оқыту ең алдымен тіл дыбыстарын зерттейтін тілдің фонетика саласынан басталуы табиғи заңдылық. Өйткені тілдің фонетикалық жүйесімен таныстырмайынша, оның (тілдің) басқа жақтарын теориялық немесе практикалық тұрғыда оқыту мүмкін емес. Дыбыстардың пайда болу, өзгеру құпияларын білмей жатып, лексикалық та, грамматикалық та құбылыстарға ғылыми түсінік беру, жазудың сырын түсіндіру қиынға түседі.

Фонетика - қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесі, олардың жіктелуін зерттейтін тіл білімінің саласы. Фонетиканың қарастыратын мәселелері: тіл дыбыстарының пайда болуы, олардың түрлері, іштей жіктелуі, сөз ішінде біріне-бірі ықпал етуі, үндестік заңы, олардың түрлері, буын, екпін, тасымал, сөйлеу мен жазудың арақатынасы, орфография, орфоэпия, т. б.

Қарым-қатынас құралы болып табылатын тіліміздің дыбыстық жүйесін, оның өзіндік сипаты мен заңдылықтарын білудің маңызы ерекше. Тіліміздегі дыбыстарды, олардың жасалуын, қолданылу ерекшелігін білмей жатып әдеби тіліміздегі сөздердің жазылу, айтылу заңдылығын игеріп, меңгеру мүмкін емес.

Фонетиканы оқытудың тиімді жолдарын қарастыратын ғылым - фонетиканы оқыту әдістемесі болып табылады. Фонетиканы оқыту әдістемесі - оқушыда фонетикалық білім, дағды, іскерлікті қалыптастыру үрдісін айқындайтын қазақ тілін оқыту әдістемесінің бір саласы. Оның ғылыми әдістемелік негізінің қалыптасуына А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, І. Кеңесаев, Ә. Жүнісбеков, С. Мырзабеков, К. Бейсенбаева, М. Дүйсенбаева сынды көрнекті ғалымдар үлкен үлес қосты.

Мектепте фонетиканы оқыту өз алдына басты және нақты мақсаттар қояды. Фонетиканы оқытудың басты мақсаты - оқушыларға тіл дыбыстары, олардың ойды білдірудегі маңызы, ерекшелігі, яғни оқушыларға тілдің дыбыстық жүйесі туралы мағлұмат беру. Атап айтқанда, дыбыстарды қызметі, жасалымы, айтылымы және естілімі тұрғысынан қарастыру. Осыдан нақты мақсат туындайды. Фонетиканы оқытудың нақты мақсаты - дыбыстардың дауысты және дауыссыз болып бөлінетіндігі, олардың әрқайсының іштей жіктелетіндігі, үндестік заңы, олардың табиғаты сөз болады. [1. 87] .

1. 2. Орта мектептегі фонетика саласының мазмұны

Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9 сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасында фонетика саласы қарастырылған. Фонетика тақырыптары «Қазақ тілі» пәнінің 5, 6, 7 сыныптарындағы базалық мазмұнында сөз етілген.

Оқу мақсаттары мұғалім мен білім алушыларға болашақ қадамдары жөнінде өзара ой бөлісуге, оларды жоспарлау мен бағалауға мүмкіндік беретін бірізділік пен сабақтастықты көрсететін 4 бөлімнен тұрады:

  1. Тыңдалым және айтылым;
  2. Оқылым;
  3. Жазылым;
  4. Әдеби тіл нормаларын сақтау [4. 1] .

Оның ішінде «Әдеби тіл нормаларын сақтау» бөлімінде фонетика саласының тақырыптары орфографиялық норма және орфоэпиялық норма бөлімшелерінде қамтылған.

1-кесте

Сыныбы
Әдеби тілдік нормалар
№: 1
Сыныбы: 5
Әдеби тілдік нормалар:

Орфографиялық норма: қазақ тілінің дыбыстар жүйесі, үндестік заңы, емле заңдылықтары.

Орфоэпиялық норма: ілгерінді, кейінді, тоғыспалы ықпал.

№: 2
Сыныбы: 6
Әдеби тілдік нормалар: Орфоэпиялық норма: сөз екпіні, тіркес екпіні, логикалық екпін.
№: 3
Сыныбы: 7
Әдеби тілдік нормалар:

Орфографиялық норма: жалғаулар мен шылаулардың ерекшелігін ескере отырып, үндестік заңына сәйкес орфографиялық нормаға сай жазу.

Орфоэпиялық норма: сөйлеу тіліндегі интонация, кідіріс, логикалық екпіннің мәнін түсініп қолдану.

№: 4
Сыныбы: 8
Әдеби тілдік нормалар: -
№: 5
Сыныбы: 9
Әдеби тілдік нормалар: -

Фонетика саласының мектеп оқулығында бөлінуі

Мектеп оқулығында негізінен дыбыстардың жасалым, естілім, қызметі тұтас бірлік ретінде қарастырылады. Мұғалім фонетикалық жаттығулар кезінде осы үш мәселені үнемі ескеріп отыруы тиіс. Мысалы, физиологиялық тұрғыда тіл дыбыстары - адамның сөйлеу мүшелері жұмысының жемісі, яғни дауыс шымылдығының қалпы, тілдің еріннің қалпы, жақтың ашылу қалпы, т. б. Оқушылар сөйлеу мүшелерінен мағлұмат алып, дауысты немесе дауыссыз дыбыстардың қалай жасалатындығын, олардың айырмашылығы мен ерекшеліктерін біледі. Бірақ дыбыстардың жасалуы жайында мектепте толық мағлұмат берілмейді, тек қана ана тілін практикалық меңгеруге қажеттілері үйретіледі. Акустикалық тұрғыда тіл дыбыстары естілетін фонетикалық құбылыс ретінде қаралады. Физикалық тұрғыда тіл дыбыстары бір-бірінен ажыратылатындай белгілермен анықталады. Фонетикада дауыссыз дыбыстардың үн мен салдырдың қатысына қарай (қатаң, ұяң, үнді болып) бөлінуі оқытылады. Мектепте дыбыстың мағына ажыратарлық қызметі арнаулы сөз етілмейді, бірақ жаттығулар арқылы мағлұмат беріледі.

Мектепте оқылатын фонетика пәнінің мазмұнын тіл дыбыстары, олардың ерекшеліктері туралы білім мен одан қалыптасатын дағды және іскерлік құрайды. Фонетика, оның мазмұнын құрайтын ұғымдары және оның іштей жіктелуі туралы білім мен іскерлік негізі бастауыш сыныпта қаланатыны белгілі. Осы тірек білімі және 5-сыныпта игерген білімдерінің негізінде оқушылардан мынадай нәтиже күтеіледі:

- сөз дыбыстардан құралатындығы,

- дыбыстар дауысты және дауыссыз болып жіктелетіндігі,

- дауысты дыбыстар тілдің қатысына қарай: жуан және жіңішке, жақтың қатысына қарай: ашық және қысаң, еріннің қатысына қарай: еріндік және езулік болып бөлінетіндігі,

- дауысты дыбыстардың буын құрай алатындығы,

- дауыссыз дыбыстардың қатаң, ұяң және үнді болып бөлінетіндігі және олай бөлінудің негіздері,

- жазуда дыбыстардың әріппен таңбаланатындығы,

- әріптердің жиынтығы алфавит деп аталатындығы,

- үндестік заңы, оның әдеби тілдің орфоэпиялық нормасына қатысы,

- қазақ тіліндегі буын, оның түрлері мен әрқайсының ерекшеліктері,

- сөйлеу тіліндегі интонация, кідірістің маңызы,

- екпін, оның орнын, екпін түспейтін құбылыстарды т. т. білу. [1. 89]

- тіл дыбыстарының тілдің негізгі құрылыс материалы екенін біледі.

- дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбыстардың негізгі белгілерін, құрамын игереді.

- кейбір сөздердің айтылудағы және жазудағы ұқсастықтарын ажыратып, тілдің орфографиялық, орфоэпиялық өзіндік ерекшеліктерін танып, өз ойын дәлелдеуге шама-шарқы жетеді.

- дыбыстардың акустикалық, артикуляциялық ерекшеліктерін түсіне біледі.

- қазақ тілінің байырғы сөздер мен термин сөздерін орфоэпиялық жақтаан дұрыс айтылуына ерекше назар аударып, оқушының дұрыс сөйлеу дағдысы қалыптасады. Сөз екпінін қоя біледі.

- сөздің графикалық таңбасы мен айтылудағы айырмашылығын, сондай-ақ әдеби тіліміздегі сөздердің кез келгеніне әрі дыбыстық, әрі әріптік талдау жасауға шамасы жетеді.

- сөздің айтылуындағы және жазылуындағы буындық ерекшелігін ажырата алады.

- буын мен тасымалдың арақатынасын жақсы ажыратумен қатар, өзінің сауатты жаза білуіне де ерекше назар аударады.

- алфавит тәртібін дұрыс меңгеру арқылы түрлі сөздіктер мен анықтағыштарды пайдалануға мүмкіндігі мол.

- өзінің ана тілінің дыбыстық жүйесін жақсы білу екінші бір тілді меңгеруге көп көмек етеді.

- дыбыс заңдылықтарын жақсы білген оқушы кез келген поэзиялық, прозалық шығармаларды дұрыс мәнерлеп оқи алады. [2. 89]

Аталған білім мен біліктілік өз деңгейінде қалыптасуы үшін фонетикалық ұғымдарды дұрыс және тиімді оқыту қажет. Фонетиканы жете меңгергенде ғана тіліміздің дыбыстық жүйесін, дыбыстардың сырын дұрыс түсініп, қателікке жол бермеуге болады.

2 ОРТА МЕКТЕПТЕ ФОНЕТИКА САЛАСЫН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

2. 1 Дауысты, дауыссыз дыбыстарды оқыту әдістемесі

Қазақ тілінде 37 дыбыс бар. Олар қазақ әліпбиінде белгілі бір жүйе болып қалыптасқан. Бұл дыбыстар іштей екі топқа (жүйеге) бөлінеді:

1) дауысты дыбыстар тобы немесе жүйесі - оның құрамында 12 дыбыс бар;

2) дауыссыз дыбыстар тобы немесе жүйесі - оның құрамында 25 дауыссыз дыбыс бар. Дауысты және дауыссыз дыбыстарды жүйе тұрғысынан қарағанда:

1) тіл дыбыстары қазақ тілінде айтылатын сөздердің бәрінде кездеседі, соларға жамылғы болып тұрады;

2) сөйлеу мүшелерінде әр дыбыстың жасалу орны, әрқайсының айтылу және құлаққа естілу әуені бар;

3) әрбір дыбыс белгілі бір сапалық ерекшелігімен екінші дыбыстан ажыратылып, оған қарама-қарсылықта айтылады, демек а дыбысын ә не ы дыбысынан ажырататынымыз сияқты, б дыбысын п, т, қ дыбыстарынан ажырата аламыз, жеке айтылса да, сөз ішінде келсе де, біздің құлағымыз, яғни есту қабілетіміз оларды бір-бірімен шатастырмайды;

4) сөз ішінде дыбыстардың бір-бірімен тіркесу заңдылығы қалыптасқан. Мысалы:

а) к, г дыбыстары байырғы сөздерде жуан дауысты дыбыстармен тіркесіп айтылмайтыны сияқты қ, ғ дыбыстары керісінше, жіңішке дауыстылармен тіркеспейді;

ә) байырғы сөздер екі дауыссыз тіркесінен басталмайды;

б) көп буынды сөздер не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке айтылады, бұларға жалғанған қосымшалар да не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке түрде қосылады: аласа - аласа-лау, кіші - кіші-леу, т. б.

в) дауыссыз с-ш-з-н-б-ң-ғ дыбыстары бір-бірімен тіркеспейді, бұлар түбір мен қосымша жөнінде не сөз аралығында түйісе қалса, олардың орнына басқа дыбыс айтылады: жұмыс+шы - жұмыш-шы, жаз+са - жас-са, көш+сін - көш-шін, көн+бе - көм-бе, Жан+қабыл - Жаң-ғабыл, Аман+келді - Аман-гелді;

г) бір сөзде екі дауысты дыбыс қатар келмейді, бұлар сөз аралығында түйісе қалса, біреуі (алдыңғысы) түсіріліп айтылады: қара ала ат-қар (а) ал (а) ат, келе алмады - кел (е) алмады. [1. 91]

Дыбыстар жүйесі туралы оқушыларға түсіндіру, оны саналы меңгерту, оқушы бойында іскерлік пен дағды қалыптастыру - мұғалімнің басты міндеті. Дыбыстар жүйесін оқытудың бала өмірінде алар орны ерекше. Оқушыларға сөз мағынасын ажыратып түсінуіне, орфоэпиялық нормаларды қатаң сақтай отырып, әдеби тілмен дұрыс сөйлеуіне, сөйлеген сөзінің құлаққа жағымды, әсерлі, әуезді, әуенді болуына, орфографиялық тұрғыда сауатты жазуына мүмкіндік береді. Сондықтан да мектепте фонетикадан, соның ішінде, алдымен, дыбыстар жүйесі тұрғысынан мәлімет беріледі. Оқу бағдарламасында фонетикадан берілетін білім көлеміне шектеу қойылған. Мектеп оқулығында оның нақты заңдылықтары, ереже, анықтама түрінде беріліп, түрлі жаттығулар арқылы оқушылардың білімін, іскерлігін, дағдысын орнықтыру, қалыптастыру көзделеді. Оқулық - оқушы үшін білім көзі. Бірақ білім алушы мұғалімнің жәрдемінсіз, оның сабақ кезінде алуан түрлі әдістемелік әдіс-тәсілдерді қолдануынсыз алға қойған мақсатына жете алмайды, белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алмайды. Оқушыларға дыбыс жүйесін, әр дыбыстың ерекшеліктерін меңгерту фонетикадан берілетін білімнің іргетасы болып есептеледі. Дыбыс жүйесін жете меңгермеген оқушы буын, үндестік заңы, екпін сияқты фонетикалық заңдылықтарды игере алмайды, жазуда қате жібереді, сөйлеуінде де ақаулықтар байқалады. Тіл дыбыстарын толық игергенде ғана дыбыстардың сырын түсініп, қателіктерге жол бермейміз. Дыбыстарды оқыту әдістемесінде, оқыту ұстанымдары мен оқыту әдістері әр тақырыптың ерекшелігіне сәйкес кеңінен қолданылады.

Дауысты дыбыстарды оқыту әдістемесі. Дауысты дыбыстар туралы білім бастауыш сыныптан қаланатыны белгілі. Сондықтан да білім беру бастауыш сыныпта алынған білім мен дағдыларға негізделеді. Ол үшін дауысты дыбыстарды жеке сөзден, сөйлем ішіндегі сөздерден тапқызып, алдымен дауысты дыбыстардың астын сыздырады да, кейіннен дауыстылар тақтаға бөлек топталып жазылады. Оқушыларға дауысты дыбыстар туралы түсінік беріледі де, ол мәліметтің дұрыстығына көз жеткізу үшін әр дауысты дыбысты оқушылар жеке де, хормен де айтатын болады. Бұл жолы оның ауыз қуысында кедергісіз еркін шығатындығы, сондықтан да ұзақ айтуға болатындығына тәжірибе жасалады. Кейіннен дауысты дыбыстардың іштей қанша түрге жіктелетіндігі сұралады. Оқушы сұраққа жауап береді. «Дауысты дыбыстар неге әр түрлі болып айтылады?», «Оның себебі неде?», «Дауысты дыбыстар неше түрге бөлінеді?». Бірінші сұраққа оқушылар жауап бере алмауы мүмкін. Бірақ бұл сұрақ оларды ойландырады, себебін білуге ұмтылады. Сол кезде ғана мұғалім оның әр түрлі болу себебін өзі түсіндіреді. Бұл үшін сөйлеу мүшелерін естеріне түсіріп, дауысты дыбыстардың әр түрлі айтылып, дыбысталуына тілдің, еріннің, жақтың қызметтері себеп болатындығын, сондықтан оларды үш топқа бөлетінін түсіндіріп, терминдерін естеріне түсіреді. [1. 92]

Жуан және жіңішке дауыстыларды оқыту. Бұл дауысты дыбыстарға түсінік бергенде, мұғалім жеке дыбыстардың өзін топтап кестеге түсіре салмауы керек. Алдымен тақтаға бірнеше сөз жазады немесе көрнекі құралға жазып әкеледі де, қайсысы жуан, қайсысы жіңішке айтылып тұрғанын ауызша айтқызады және себебі сұралады. Оқушы бұл сөздердің жуан, жіңішке айтылуы дауысты дыбысқа байланысты деп жауап беруі мүмкін. Егер ондай жауап болмаса, мұғалім өзі айтып, дауыстылардың астын сызғызады.

Тақтадағыны оқушылар дәптерлеріне мына түрде жазып алады:

Жуан сөздер: қар, құр, саз, сыз, тұр, тар, соз.

Жіңішке сөздер: көр, төр, сөз, сіз, түр, тер.

Бұдан соң дауыстылардың асты сызылып, тек дауыстылар жазылады:

Жуан дауыстылар: а, ұ, ы, о.

Жіңішке дауыстылар: ө, і, ү, е.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Білім беру үрдісінде субъектінің қатысымдық құзыреттілігін дамыту
Қазақ тілінің дыбыстар жүйесі және оны оқыту әдістемесі
Қазақ тіліндегі дыбыс үндестігін айтылым әрекеті арқылы меңгерту әдістемесі
Фонетиканы оқытудың әдіс - тәсілдері
Фонетиканы оқытудың жаңа тәсілдері
Қазақ тіліндегі фонетика саласы
Фонетиканы оқыту
Шет тілі фонетикасын оқыту
Қазақ тілі фонетикасы
Шетел тілі фонетикасының ерекшеліктері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz