Одағай - сөз табы



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 26 бет
Таңдаулыға:   
Жоспар

Кіріспе

Негізгі бөлім
І. Одағайдың ерекшеліктері, құрамы және түрлері
1.1.Одағайлардың қызметі
1.2. Одағайдың ерекшеліктері
1.3. Одағайлардың құрамы
1.4. Одағайлардың түрлері

ІІ. Одағай сөздерінің қазіргі кездегі қолдану аясы

Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер

Кіріспе

Курстық жұмыс мақсаты: одағайдың өзіне тән ерекшеліктерін, түрлерін, құрамын зерттеу. Одағай сөздердің қазіргі кездегі қолдану аясын қарастыру.
Курстық жұмыстың өзектілігі:
Одағай сөздердің мағыналық жағынан да, морфологиялық жағынан да, синтакситік қызметі жағынан да өздеріне тән ерекшеліктері көп. Одағай - сөз табы. Одағай сөздер көбінесе адам сезімінің алуан түрлі күйін білдіретін дыбыстар сияқты болып келеді. Бірақ олар жай ғана дыбыстар емес, жұртшылыққа әбден түсінікті болып, белгілі дағды бойынша сөз ретінде пайдаланатын дыбыстар. Олар жұртшылыққа әбден түсінікті болып қалыптасқандықтан, жай ғана дыбыстардың қатарынан шығып, белгілі сөзге айналған. Одағай сөздер таңырқау, қуану, шаттану, ұнату, ренжу, түңілу, өкіну, шошыну, жекіру, күрсіну сияқты көңіл күйлерін білдіреді немесе жан-жануарларды, малды шақыру, қуу үшін қолданылады. Бірақ одағайда, біріншіден, лексикалық (негізгі) мағына болмайды. Екіншіден, сөйлемде одағайлар басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспей, оқшау айтылады. Сондықтан да одағай сөйлем мүшесі бола алмайды.
Курстық жұмыстың құрлымы:
Курстық жұмыс кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.

Одағай - сөз таптары категориясының бірі. Одағай сөз табына жататын сөздер адамның әр түрлі көңіл-күйін білдіретін және де адамның көңіл-күйіне байланысты айтылатын ишараттар мен төрт түлік малға, үй хайуанаттарына арнайы шақыра айтылатын сөздер тобы. Қазақ тіліндегі одағай категориясы - басқа сөз таптарымен салыстырғанда, фонетикалық, грамматикалық және семантикалық жақтарымен ерекшеленіп көрінетін, сонымен бірге әуезділікке, арнайы ырғаққа, эмоциялы құбылысқа, интонацияға бай сөз табы. Одағай сөздердің көркем әдебиетте ойды әсерлі жеткізу жағынан мәні зор. Одағай сөздер тілге көркемдік сипат беретін, көркем шығармада көп қолданатын сөздер. Мысалы: - Ойбай-ау, онда саудагер сұмды біржола туралатып кетесің ғой!.. (Ғ.Мүс); -Япырай, қаншалық қайран қаларлық сергектік, сезгіштік бар Михайловта(М.Ә.). Ал, публицистика мен ғылыми зерттеулерде одағай сөздерді қолдану сирек кездеседі.
Одағай тобына жататын сөздердің мағына жағынан заттың өзі, сыны, саны, қимылы не қимылдың жай-күйі туралы ұғымдардың бірін де білдірмейтін, басқа ешбір сөз табына ұқсамайтын сөйлемде не тұрлаулы, не тұрлаусыз мүшенің қызметін атқармайтын, сөйлемдегі басқа мүшелермен синтаксистік қатынасқа тікелей түспейтін, не шылау сөздер сияқты сөйлемдегі басқа мағыналы сөздермен селбесіп, оларды өзара байланыстырып тұратын дәнекерлік қызметі жоқ, семантикалық, морфологиялық белгілері мен синтаксистік қызметі жағынан өзіне тән ерекшелігі мол сөз табы екендігі тіл білімінде толық дәлелденген.
I.Одағай - адамның сезімін, көңіл-күйін, бұйрығын, шақыру мәнін білдіретін сөз табы. Мысалы, Япырмау, неге соншажүдегенсің (С.М.). Әй, кім бар? Па, нағыз жігіт екен! (С.Ж.). түу, қандай ұятсыз адам (С.М.). Кәне, тұрыңдар кетейік (С.Е).Бұл мысалдардағы япырмау, түу одағайлары көңілкүй мәнін, кәне одағайы бұйыру, істі орындауға шықыру мәнін білдірген.
Одағай туралы мәліметтер төңкеріліске дейін шыққан еңбектерде кездеседі. Ондағы мәліметтер одағайды сөз табы деп тануда авторлар пікірі әр түрлі болғанын көрсетеді. Кей авторлар оны частицаға қосып, морфология қарамағында қарастырса, кейбірі синтаксис ішінде берген. Әрі одағай сөздің мағынасы толық классификацияға түспеген, авторлар негізінен одағайдың көңіл-күй түріне ғана тоқталған. Атап айтқанда, Н.И.Ильминскийдің Материалы к изучению киргизского наречия, А. Архангельскийдің Грамматика народно - татарского языка, П.М. Мелионарскийдің Краткая грамматика казахского языка атты грамматикаларында одағай сөздер бірінде жеке сөз табы ретінде аталса, бірінде басқа сөз таптарымен бірге аралас берілген.
Түрік тілдерінде одағайды жеке сөз табы ретінде беру және оның мағыналық топтарын көрсету А.Н Кононов пен Н.А.Басқаковтың грамматикаларынан бастау алған, дегенмен бұл авторлардың одағайды мағыналық топтарға бөлуінде шатастырушылық бары көрінеді. А.Н. Кононов одағайды еңбегінде жеке сөз табы деп дұрыс көрсеткенмен, оның мағыналық түрлерінің қатарына звукоподражательные слова түрін қосып атаған. Бұдан автордың өзбек тіліндегі одағай мен еліктеу сөздердің мағыналары арасындағы ара жікті ажырата алмағаны байқалады. Н.А.Басқаков та одағайларды еліктеу сөздерден бөлек қарамайды. Оны атауыш сөздердің қатарына қоса отырып, оның междоиметия, выражающиечувства, эмоции, настроения, ощущени и пр.; междометия, выражающие призывы; междометия, выражающие недовольство деген түрлері барын көрсетеді .
Одағай сөздің табиғаты туралы нақты ғылыми пікір айтқан қазақ тіл білімі әлеміндегі ерекше қабілеті бар феномен атанған адам - Құдайберген Жұбанов. Адамның сезімін білдіретін одағай сөзде заттың өзін, ісін, сынын айыра атайтын мән жоқ, ол тұтас күйде тұрып, кейде бір сөзді немесе бір сөйлемді білдіруі мүмкін, бір нәрсені жақсы істеген екенсің десек те, жаман істеген екенсің десек те бәрекелді деуге болады. Оның қай мағынада айтылғандығын сөйлемдегі тұрған орнына қарап және дауыс ырғағына қарап айырамыз. Өйткені одағай жіктелмеген сөз табы. Одағай сезім үшін айтылмайды, оны әлдекім қуанған боп айтып, ішінен жылап тұруы мүмкін. Одағай әрі зат атауына, әрі іс-қимыл атауына жақын сараланбаған сөз. Әй! Мә! одағайларының кімге айтылғандығы, кімді шақыратыны белгісіз. Мә саған дегенді одағай ретінде айтқанда мәссаған деп бір с ны бөліп екі буынға жіберу де осы созудың жолы екенін нақты мысалдар арқылы дәлелдейді. Ғалым одағайлардың хабарлаушы сөздер, кұрылысы жағынан жеке сөз, атқаратын қызметі жағынан сөйлем, не сөйлемдер жинағы, бұлар таптасқан сөзді (атауыш сөзді) сөйлемдерде одағайланып тұратынын айта келе, оларды мағынасына қарай шаруашылық одағайлары, қатынас одағайлары, көңіл одағайлары деп үш түрге бөліп, әр мағыналық түрдің қалыптасу тарихына, ерекшелігіне, жасалу жолына талдау жасайды .
1959 жылы жарық көрген орыс тілінің энциклопедиясында одағайға берілген түсінікте одағай ішкі сезімді, адамның экспрессивтік жан-күйін білдіргенмен, бірақ оны атамайтыны, баяндамайтыны, оның басқа сөз таптары сияқты түрлену қасиетінің жоқтығы, негізінен өзгеріске ұшырамайтын сөздердің класы (сөз табы) ретінде беріліп, ол мағыналы сөздерге де, көмекші сөздерге де жатқызылмаған .
Қазақ тіл білімінде тіліміздегі одағай сөздерді жан-жақгы зерттеген ғалым Ш.Сарыбаев.Ш.Сарыбаевтың орыс тілінде жазған кандидаттық диссертациясының бірінші тарауы одағайдың тіл білімінде жеке сөз табы ретінде танылуының тарихына арналған. Екінші тарауда одағайға жалпы сипаттама беріліп, үшінші тарауда оған классификация жасалған. Төртінші тарауда бір мағыналы одағайлар мен көп мағыналы одағайлар талданып, бесінші тарауда одағайлардың интонациясы мен дыбыстық қүрамы қарастырылып, соңғы алтыншы тарауда одағайдың грамматикалық ерекшелігі сөз етіледі. Кейіннен бұл зерттеу қазақ тілінде жеке монография болып шықгы. Бұрынғы оқулықтарда еліктеу сөзбен аралас беріліп ара жігі ашылмай жүрген одағай сөздер кейінгі шыққан мектеп оқулықтары мен ғылыми грамматикаларға енгізілгенде, оның анықгама - ережелері нақтыланып, мағыналары, түрлері, ерекшелікгері дұрыс көрсетіліп берілді .
Адамдар арасында сөйлеу құралы ретінде жұмсалатын тілге сөйлесу, түсінісу үшін керек атауыш сөздер сияқты, бір нәрсенің дәлдігін, өткірлігін, әсерін білдіруде өте-мөте қажет одағай сөздері де тілдің қалыптасу, даму жолдарынан өтіп, бүгінгі қолданылу дәрежесіне жеткен, тілдің өз материалынан жасалған сөздер. Одағайлар басқа сөз таптары сияқты әр түрлі жолмен қалыптасқан. Мәселен, әуел бастағы иә, пірім-ай, ау, пірім-ай, ой, пірім-ай деген бөлшекгерден көнілдің түрлі жайына, райына, күйінің әуеніне орай дыбыстарының түрленуінен, соңғы қосымшалар мен сөз басындағы қаратпалар түбірмен тұтасып кетуінен япырмай, апырмай, апырмой, ойпырмой секілді одағайлар жасалып, осы кірігу барысында әр одағайдың айтылу әуеніне қарай соңғы дауысты дыбыстары бірде а, бірде о болып түрленген. Тіліміздегі ойбай мен ойбой одағайларының қалыптасуы да солай. Көңіл-күй одағайларының бірқатары араб, парсы тілдерінен енген сөздер: Мысалы, ой-пір-ім-ай (ой, ай - қазақтың шақыру одағайы, пір -ұстаз, ім - парсы; м (ім: пір-ім) -тәуелдеу қосымшасы .
Одағай мағынасында жұмсалатын сөздер тұлға жағынан әр түрлі. Оның құрамындағы сөздер негізінен мына сияқты тұлғадағы сөздер болып келеді: Ойбай! Япырмай! әттең! тәйт! Тек! жә! сап-сап! Ырит соқ! шәуім-шәуім! шек-шек! шөре-шөре! құру-құру! Хош! Хайыр! Рахмет! Ассаламағалайкум! Алла! Дариға! Айналайын-ай! Опырым-ай! Шіркін-ай! Ойбай-ау! Бәрекелді-ай! Па деген! Я деген! Тәйірі деген! Жағың қарысқыр! Айналып кетейін! Садағаң кетейін! Топалаң келгірі т.б. Одағайға жататын сөздердің құрамында бір фонемадан тұратын сөз де болады. Одағай сөз ретінде қазақ тілінде а, ә, е, о, ы дауыстылары жиі қолданылады, әрі олар семантикасы жағынан мағынаға бай келеді.
Тілде тұтас ойға қатысты адамның әр түрлі сезімдерін білдіретін одағайлар құрылысы жағынан жеке сөз болғанымен, жалпы ойға қатысты мағына жағынан бір тұтас сөйлемге де ұқсайды. Мысалы, қап одағай сөзінің ойыну мағынасы - байқамай қалған екем!, ишша одағайының жиіркену, тітіркену мәні - ишша, күннің суығын ай! сөйлемінде айтылатын оймен тең. Алақай, бәрекелде сөздерінің мағынасы да хабарлау жағынан сөйлем сияқты.
Одағайлардың адамның көңіл-күйі, сезімімен байланысты эмоциональдық мағынада жұмсалатын заттық ұғымдар мен түсінікгердің аттары емес, адамның ішкі дүниесі арқылы берілетін ишараттарды білдіруі және өзі жарыса қатысқан сөздермен грамматикалық байланысқа түспеуі, белгілі бір сөйлем мүшесінің қызметін атқара алмауы, басқа атауыш сөздер сияқгы түрленетін грамматикалық формасының жоқтығы оны сөйлемде басқа сөздерден оқшауландырып ерекшелендіріп тұрады, сондықтан ол оқшау сөздерге жатады және басқа сөздерге қарағанда интонацияға бай келеді.
-----------------
Адамның көңіл-күйін, сезімін білдіру үшін, сондай-ақ амандасу, қоштасу, бұйыру, төрт түлікті шақыру, айдау жағдайларында қолданылатын сөздер одағайлар деп аталады. Одағай термині ең алғаш Г.Архангельскийдің грамматикасында қолданылған. Одағай сөздердің тілдік табиғаты, олардың жеке сөз табы ретінде қалыптасуы бірқатар шетелдік, кеңестік ғалымдармен түркітанушылардың, сонымен қатар қазақ ғалымдарының да еңбектерінде қарастырылады. Атап айтсақ, Л.Теньер, Ф.Бруно, В.Виноградов, О.Ахманова, В.Гак, К.Гаджиев, Р.Рустамов, С.Иманалиев, М.Балақаев, Ш.Сарыбаев, т.б.
Түркі тіл білімі тарихында одағай сөздер - ғылыми тұрғыдан аз зерттелген сөз таптарының бірі. Бұл бағыттағы зерттеулерде одағайлар лесика-семантикалық және грамматикалық қырынан ғана қарастырылады (М.Закиев, К.Гаджиев, Р.Рустамов, С.Иманалиев).
Қазақ тіл біліміндегі сөз таптарының қалыптасу тарихында одағайлар бірде шылау сөздердің ішінде (А.Байтұрсынов), бірде таптаспаған сөздер (Қ.Жұбанов) ретінде өз алдына жеке қарастырылып келді. Мәселен, А.Байтұрсынов сөздерді атауыш және шылау сөздер деп 2 топқа бөліп, одағай сөздерді екінші топта қарастырса, Қ.Жұбанов таптасқан сөздер заттың өзін, сипатын, айырып атау үшін қажет, таптаспаған сөздер заттың өзін, ісін, сипатын, түйдегін жазбай атау үшін қажет деп, одағай сөздерді таптаспаған сөздер ретінде көрсетеді. Мысалы: Сорап-сорап - су іш, дегендегі сорап-сорап таптаспаған, су іш таптасқан сөздер болып табылады.
Одағайларды жеке сөз табы ретінде алғаш ғалым Ш.Сарыбаев зерттеу нысаныфна алады. Ғалымның 1953 жылғы Қазақ тіліндегі одағайлар атты зерттеуінде одағайлардың фонетикалық, грамматикалық және лексика-семантикалық ерекшеліктері жан-жақты қарастырылып, қазақ тіліндегі одағайлардың зерттелу тарихы, емлесі, мағыналық сипаты, дауыс ырғағы сараланып, нақты тұжырымдар жасалады. Бұл зерттеудің тағы бір ерекшелігі, ғалым одағайларды субъектінің әсерін, көңіл-күйін, сезімін белгілейтін өзгермейтін сөздер ретінде танып, күнделікті сыпайылық формасы мен әдет-ғұрыпқа қатысты (рахмет, кеш жарық, т.б.) сөздерді ескере отырып, одағайдың анықтамасына сонымен қатар күнделікті қатынастың көпшілік мақұлдаған әдет-ғұрпын анықтайтын сөздер деп толықтыру енгізеді.
Қазақ тіліндегі одағайлар Ә.Нұрмаханованың Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы (1971), Қазіргі қазақ тілі (1982) еңбектерінде басқа сөз таптарымен бірге қарастырылса, одан бері З.Ибадилдина, З.Туребекова, Р.Хисамуддинова, З.Базарбаева, Г.Тяжиналардың еңбектерінде жалпы лингвистикалық сипаты тұрғысынан жан-жақты зерттелді.
Одағайлар - түрленбейтін сөздер тобы. Осы орайда ғалым С.Исаевтың одағай сөздердің сөз табы ретінде қаралуына олардың түрленуі мен синтаксистік қызметі, яғни грамматикалық сипаты емес, ерекше қолданыстық-семантикалық қасиеттері негіз болып табылады деген пікірін ұстана отырып, одағай сөздердің жеке сөз табы ретінде танылуын олардың жеке лексикалық мағынасы болмаса да, өзі қатысты сөйлемге қосымша грамматикалық мән үстеумен байланысты түсіндіруге болады.
Сөздерді сөз таптарына бөлуде олардың лексика-грамматикалық сипаты мен тұрақты белгілері негіз болады. Ал олдағайлардың сөз табы ретіндегі ерекшелігі, біріншіден, нақты ұғымдық мәнінің болмауы, сол себепті өз алдына жеке лексикалық мағынасы болмайды, екіншіден, сөйлемде басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспегенімен, жалпы ойға қатысты субъетінің түрлі көңіл-күй, сезімін білдіруімен ерекшеленеді. Бұл ерекшеліктер одағайлардың өзіне тән бірнеше белгілерімен анықталады. Ал ол белгілер ғалымдар тарапынан түрліше сипатталады. Мәселен, Ә.Төлеуов семантикалық ерекшелігі, морфологиялық белгісі, синтаксистік қызметі жағынан өздеріне тән мәні бар сөз таптарының бірі ретінде одағайлардың мынадай белгілерін атап көрсетеді:
1) Заттық ұғымдармен байланысты түсініктердің атын емес, адамның ішкі дүниесімен байланысты ишараттарды білдіреді;
2) Грамматикалық формаларының болмауы себебәнен сөйлем ішінде басқа сөздермен грамматикалық қарым-қатынасқа түспейді ;
3) Негізгі сөйлеммен қабаттаса қолданылатын жанама, жарыспа сөйлем бола алады, бірақ сөйлемде өз алдына жеке сөйлем мүшесі болмайды;
4) Субстантивтенген жағдайда түрлі қосымшалар қабылдап, сөйлемнің қалыпты мүшесі бола алады.
А.Ысқақов та одағайлардың мынадай бірнеше белгілерін атап көрсетеді:
1) Адамның әртүрлі сезімімен байланысты дыбыстық ишараттарды білдіреді;
2) Адамның көңіл-күйі құбылмалы болатындықтан, одағай сөздердің көпшілігінің мағыналары да құбылмалы, көп мағыналы болып келеді;
3) Өздері жарыса айтылатын сөйлемнен дауыс ырғағы арқылы оқшауланып, сөйлем мүшесі қызметін атқармайды.
Одағайлардың қазақ тіл біліміндегі дәстүрлі зерттеулерде қалыптасқан осындай белгілерін Е.Тяжина өз тарапынан мынадай белгілермен толықтырады:
1) Одағайлар - өзгермейтін сөздер тобы, олардың арнайы грамматикалық көрсеткіштері (грамматикалық категориялары) жоқ;
2) Одағай сөздер қатары интерьективация және кірме сөздер арқылы толығады (интерьективация - дыбыстар мен басқа сөз таптарынан ауысқансөздердің адамның түрлі сезімін, көңіл-күйін білдіру үшін қолданылу жолы);
3) Сөйлемде басқа сөздермен тікелей синтаксистік қатынасқа түспейді, бірақ жеке сөйлемнің баламасы ретінде жұмсалады;
4) Басқа сөз таптарыменсалыстырғанда, ойды көріктендіріп тұратын әуезділік пен дауыс ырғағына өте бай;
5) Белгілі бір сөйлеу жағдаятына байланысты дайындықсыз жүзеге асатын ауызекі сөйлеу тіліндегі тілдік бірліктер ретінде эмоция мен экспрессияға қанық;
6) Эмоционалды-экспрессивті қызметімен қатар модальды-бағалауыштық, фатикалық, волюнтативті, прагматикалық қызмет атқарады;
7) Одағайлардың көп мағыналылығын сөйлеу жағдаяты мен контекстен тыс айқындау мүмкін емес;
8) Одағайлардың тілдік статусы тікелей қатысым актісіне байланысты коммуникативтер ретінде сөз-сөйлесім деп анықталады;
9) Адамның көңіл-күйін білдіретін лепті, сраулы сөйлемдер түрінде қолданылып, жазба тілде белгілі тыныс белгілері арқылы ажыратылады;
10) Көбінесе мимика, жест сияқты паралингвистикалық құбылыстармен бірге беріледі.
Әр сөз табы морфологиялық жүйеде лексика-семантикалық сипатымен де ерешеленетінін ескерсек, бұл жүйеде одағайлар да мағыналық-морфемдік құрамына қарай түрліше сипатталады.
Одағайлардың мағыналық жағынан топтастырылуы жөніндегі ғылыми пікірлерге сүйенсек, онда, біріншіден - сан жағынан, екіншіден - аталуы, үшіншіден - ішкі сипаты жағынан өзіндік ерекшеліктер, алшақтықтар байқалады. Мәселен, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Ш.Сарыбаев, А.Ысқақов, Ә.Төлеуов, Н.Оралбай, т.б. ғалымдар одағайларды сан жағынан бірдей, яғни 3 топқа бөлсе, Н.Сауранбаев 4 түрін бөліп көрсетеді. Кей тұжырымдарда еліктеу сөздердің де (А.Байтұрсынов, Н.Сауранбаев) одағайлардың ішінде қарастырылғандығы белгілі. Бұл сөз таптарының қалыптасу тарихында еліктеу сөздердің бастапқы кезде одағайлардың ішінде қарастырылуымен байланысты.
Одағайлардың мағыналық жағынан түрліше топтастырылуы оның кейбір топтарының түрліше аталуымен немесе кейбір одағайлардың бірде бір топ ішінде, енді бірде өз алдына жекек топ ретінде қарастырылуымен де байланысты. мәселен, А.Байтұрсынов барлық одағайларды бір ғана топта қарастырса, Н.Сауранбаев императивтік (шақыру) одағайларды малға байланысты және жекіру, қарғыс одағайлары деп жеке бөліп қарастырады. Ал тұрмыс-салт одағайларын Қ.Жұбанов қатынас, А.Байтұрсынов шақырыс одағайларында қарастырса, А.Ысқақов пен Н.Сауранбаевта бұл топ көрсетілмейді.
Одағайлардың мағыналық топтарына қатысты пікірлердің ішінде ерекше назар аударатыны - Е.Тяжинаның топтастыруы. Алдыңғы пікірлерден ерекшелігі: мұнда одағайлар қатысымдық-прагматикалық сипаты тұрғысынан жіктеледі. Ғалымның пайымдауынша, эмоционалды-бағалауыштық одағайлар субъектінің сыртқы дүние құбылыстары мен адресатқа деген эмотвті-бағалауыштық қатынасын, волюнтативті одағайлар субъектінің адресатқа тікелей әсерін, сөйлесім мен хабарға субъективті-модальдік қатынасын, қатысымдық одағайлар субъектінің сөйлеу жағдаятына қатынасын білдіреді.
Сонымен, одағайларды топтастыруда олардың мағынасы мен функционалды белгілері негізге алынады. Мағыналық құрамына қарай көңіл-күй одағайлары, императивтік одағайлар және тұрмыс-салт одағайлар және қатысымдық одағайлар деп топтастырған жөн.
Одағайларды мағыналық және морфемдік құрамына қарай бөлуде олардың көпмағыналылығына да назар аударылады. Жалпы көпмағыналылық немесе полисемия құбылысы басқа да сөз таптарына тән. Бірақ одағайлардың көпмағыналылық сипаты сөйлеу жағдаяты және контексте анықталады. Одағайлардың көп мағыналылығын одан тыс анықтау мүмкін емес. Мәселен, пәлі одағайының кекету, мысқылдау, таңдану тәрізді мағыналық қырлары тек сөйлеуде не сөйлемде анықталады.
Одағайлар қатарында интерьективтенген одағайлар, яғни бастапқы мағынасынан толық не жартылай (бетім, дүние-ай, дариға-ай) алшақтауы нәтижесінде қалыптасқан сөздер де кездеседі. Интерьективтену үдерісінде ондай сөздер бастапқы заттық, қимылдық, сындық мағыналарынан қол үзіп, тікелей сөйлеу актісіне қатысты тілдік бірлік ретінде жұмсалады. Олар сыртқы тұлғасы жағынан өзгермейді. Мысалы, дүние, бетім, сөздері одағайлану үдерісінде түрленбейді.
Одағайлар іштей мүшеленбейтін, синтаксистік жағынан басқа грамматикалық категориялардан оқшау тұратын ерекшеліктеріне қарай адамның көңіл-күйін, түрлі сезімін білдіретін сұраулы, лепті сөйлемдер ретінде қолданылады. Осындай қызмет ерекшелігіне қарай одағайларды сөз-сөйлем түрінде қараушы пікірлер де кездеседі. Мысалы: Қане! (іске кірісейік, іске кірісіңдер деген мағынада). Бұл жағдайда одағайлардың интонациялық сипатының да маңызы ерекше.
Одағайлар заттанған және көмекші етістіктермен тіркескен жағдайда ғана сөйлем мүшесі қызметін атқарады. Мысалы: аһлеп, ұһлеп, ойбайым, аттандап, ойбай салды, аһ ұрды, ә дегенде, т.б.
Сондай-ақ одағайлар негізгі сөйлемдермен қабаттаса да қолданылып, сөйлемдегі ойдың мазмұнына қатысты түрлі эмоцияны айқындап тұрады.
Одағайлардың сөйлемнен тыс және сөйлеммен қабаттаса қолданылуы олардың бірнеше қызметін анықтауға мүмкіндік береді. Олар: эмоционалды-эеспрессивті, модальды-бағалауыштық, фатикалық, волюнтативті, прагматикалық қызметтер.
Сонымен, одағайлар жеке сөйлем мүшесі қызметін атқармаса да, дербес сөйлем түрінде немесе негізгі сөйлеммен жарыса қолдану нәтижесіндегі функционалды сипатына байланысты басқа сөз таптарынан ерекшеленеді.
1.1. Грамматикалық ерекшелігі жағынан одағай түрленбейтін сөз табы категориясына жататындықтан, жұрнақ-жалғауларды көп қабылдай бермейді. Олар сөйлем ішінде зат есімнің орнына жүріп, субстантивтенгенде ғана зат есімнің грамматикалық формалары мен түрлене алады. Мысалы: Сен осы ойбайыңды қойшы! Шөре-шөрелеріңді бәпептемей, тыныш отыр! Мұнда ойбайыңды (неңді?), шөре-шөрелеріңді (нелеріңді) сөздері субстантивтенгендіктен одағайлар, сондықтан оларға зат есімнің грамматикалық категорияларының көрсеткіштері - көптік, тәуелдік, септік жалғаулары жалғанған.
Одағайға жататын сөздер басқа сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалынбайды, сондықтан одағай тудыратын арнайы жұрнақтары жоқ. Кейбір одағайлардан басқа сөз таптарын тудыратын -ла, -ле -лап, -леп; -шыл, -шіл, -ақ жұрнақтары жалғану арқылы туынды түбір етістіктер мен есім сөздер жасалады. Мысалы: ойбай -ойбайла, әйт-айтақ, уһ-уһілеп, тәйірай -тәйірайшыл, айтақ-айтақшыл, бытпылдық-бытпылдықтап - деген мысалдарда ойбай, үһ, өйт, тәйірай, атақ, бытпылдық одағай сөздері басқа сөз таптарының сөздерін жасауға негіз сөз болған. Мысалы: Ойбайлап, аһлап-уһлеп мазаны алды. Бөдене бытпылдықтап ұшып отырады, түлкі көзін жұмып соңынан жортып отырады. Қасқырлы жердің елі айтақшыл. Бұл жерде жұрнақ арқылы жасалынған одағай сөздер - туынды етістіктер мен туынды сын есім.
Одағай грамматикалық формаларға түспейтіндіктен, сөйлем мүшелерінің бірде-бірінің қызметін атқара алмайды. Заттанғанда не басқа сөздердің тіркесінде келіп, күрделі мүшенің қызметін атқаратыны болмаса, жеке дара тұрғанда сөйлемнің баламасы ретінде жұмсалады. Мысалы: Жарайды, мен бытпылдық-бытпылдық деп ұшып отырам, сен көзіңді тас жұмып, менің соңымнан еріп отыр - деген сөйлемде күрделі мүшенің құрамында келіп тұр. Ал, Кеше біздің үйде отырған? Ә- ә-!? (Ғ.Сланов);
Ә-ә-ә! Енді түсіндім, есіме енді түсті деген сөйлемдердің екеуінде де Ә одағайы сөз-сөйлем ретінде қолданылған.
Одағайлардың өзара тіркесіп қолданылуында белгілі бір тәртіп бар, кез келгені бір- бірімен тіркесе бермейді. Көбіне өзара тіркесіп қолданылатындар ішкі мағына үйлесімі бар, мағына жағынан бір-біріне жақын жағымды не жағымсыз көңіл-күйді білдіретін, эмоцияға байланысты дара айтылатын, сөз-сөйлем орнына жүретін одағайлар. Мысалы: 0, тоба! -деді қайғыдан еңсесін көтере алмай отырған Қасқақ би. (Ғ.Е.); Ә, бәрекелді! Іштегіні айтқызбай білетін сабазың ғой; Апырмай, ә? Айдабол сынды адамның баласына тәуір ат таба алмағандай, болмаған атты қойғаны несі екен? деген сөйлемдердің әрқайсысында қатарынан қолданылған о, тоба, ә, бәрекелді, апырмай, ә одағайлар контексте тұтас ойды білдіріп тұрған жеке-жеке сөйлемдер.
Одағайларды құрамы жағынан екі топқа бөлуге болады: 1) негізгі түбірлі одағайлар; 2) күрделі түбірлі одағайлар.
Негізгі түбір одағай сөздерге бір фонемадан тұратын әрі қарай бөлшектеуге келмейтін түбір сөздер жатады. Олар көбіне екі, үш, төрт дыбыстардан тұрады. Мысалы: Жә, уа, әй, паһ, оһо, тек, кәне, тәйт т.б.
Күрделі түбір одағайлар негізгі түбір одағайлардың немесе екі сөздің бірігуінен не қосарлануынан жасалады. Мысалы: Мәссаған! Апырым-ай! Апла! Әттеген-ай!, Бәрекелді! Ләббай! Бай-бай! Ай-шай т.б. сөздер.
Одағайдың қосарланған түрі сөйлемде жиі қолданылады. Одағайларды бірінен соң бірі дүркін-дүркін қайталанып айту, сезімнің күштілігін, не ишараның, бұйрықтың қаттылығын, қатаңдығын білдіреді. Одағайлардың қосарлануында белгілі бір тәртіп бары байқалады. Мысалы, бір топ тәйірі, ту, бәсе сияқты т.б. одағайлар косарлап айтуға көнбейді. Ал, енді бір топ одағайлар-Алақай! Ойбай! Тек! Ойбай-ау!, Рит соқ! сияқтылар дара күйінде де, қосар күйінде де қолданыла береді. Одағайлардың ішінде көбіне тек қосар тұлғада жұмсалатындары да бар. Мысалы: Пай-пай, мына көмейі суырылған шешеннің ұрпағы-ай, сәлемінің өзін әндете салуын-ай! Әлди-әлди, бөпем-ай, ұйықтай қойшы, көкем-ай! Малға айтылатын одағайлар қосарлы түбір сөздер болады.
1.2. Одағайлардың басқа сөз татарынан өзіндік көп ерекшелігі бар:
1.Одағай сөздердің мағынасы шындық өмірдегі затты, құбылысты, қимыл-әрекетті білдіруге қатыстыемес. Осымен байланысты ол сөйлемдегі ойды білдіруге де қатыспайды.
2.Одағайлар сөйлем құрамына кірмейді, сөйлемнен оқшау тұрады. Мысалы: Тәйт, олай айтуға болмайды (М.Ә.).
3.Одағайлар сөйлем мүшесі қызметін атқармайды.
4.Одағай - түрленбейтін сөз табы, одағайдың грамматикалық категориясы жоқ.
5.Одағай сөйлем мүшелерімен байланысқа түспейді.
6.Одағай сөйлемнен тыс тұрып, тұтас сөйлемге реңк қосады. Мысалы: Бәрекелді, жеңісің құтты болсын (С.М). осы сөйлемдегі бәрекелді одағайының ризашылық, қуаныш мағынасы сөйлемге тұтас қатысты.
7.Одағайлар - сөйлемде ерекше интонациямен айтылатын сөздер. Алдымен, одағайлар сөйлемнен оқшауланып, өзінен кейін сәл үзіліспен айтылады. Мысалы, Алақай, папам келді! деген сөйлемді алсақ, алақай одағайы ерекше көтеріңкі дауыспен айтылады да, одан кейін сәл үзіліс жасалып, содан соң сөйлем айтылады. Бұл жағдай сөйлем мүшелеріне қатысты емес. Сонымен бірге, одағай сөздің дауысты дыбысын созып айту жиі кездесетін құбылыс. Мысалы, ай-й-хай, бәсе-е-е, бә-ә-ре-кел-ді-і, ә-әй, па-а-а т.б.
Сонымен, одағай деп адамның сезімі мен көңіл-күйін білдіру үшін, адамға, жан-жануарға бұйыру, шақыру, ренжу ишарасын сөйлемнен тыс тұрып білдіру мақсатында қолданылатын сөздер аталады.

Одағай сөздердің интонациялық ерекшеліктері
Одағай сөздер басқа сөз таптарымен салыстырғанда әуезділікке, ырғаққа, эмоционалдық құбылмалылыққа, интонацияға өте бай. Олар көркем шығарма тілінде (әсіресе диалогтарда) көп кездеседі. Ал публицистика, ғылыми стильде жазылған шығармаларда сирек қолданылады. Одағайлар кейде бір ғана дыбыстан да тұрады. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың бәрі бірдей одағай мағынасында жұмсала бермейді. Дауысты дыбыстардан тек а, ә, о дыбыстары ғана одағай мәнінде жұмсалады да, ұ, ү, у, ө, і дыбыстары одағай жасай алмайды. Ал ы дыбысы одағай қызметінде сирек кездеседі (ы-ы-ы, солай де!).
Тіліміздегі көп мәнді одағайлардың әрбіреуі жұмсалатын ыңғайына қарай әр түрлі интонациямен айтылады. Бірде созылыңқы, баяу, бірде жұлып алғандай тез, жылдам айтылады. Бірде одағайдың соңғы буыны жоғары интонациямен көтеріңкі айтылса, бірде басқы буыны ерекше екпінмен айылып, соңы баяу ырғақпен тынады. Ойбай! одағайы үрку, шошыну мағынасында жұмсалса, онда екпін бірінші буынға қойылады да, сөздің өзі жұлып алғандай, тез, жылдам айтылады. Егер, таңырқау, таңдану мәнінде жұмсайтын болсақ, онда екпінді керісінше,соңғы буынына ауыстырып, соңғы а дыбысын мейлінше созып айтамыз (ой-ба-а-ай).
Одағай құрамындағы кейбір дыбыстардың созылыңқы, ерекше интонациямен айтылуы - сол одағайларың мағынасын күшейту мақсатымен жұмсалады. Әттеген-е-е-е! Бәрекелде-е-е! Сөйтіп, кейбір көп мәнді одағайлардың семантикалық сипатының құбылуы олардың айтылу мелодикасына, интонациялық ырғаққа байланысты болады. Осындай ерекшелік одағайдың сөйлемдегі орын тәртібіне де (сөйлемнің басында ма, ортасында ма, соңында ма) байланысты.

Одағайлардың грамматикалық ерекшеліктері
Одағайлар - негізінде түрленбейтін сөздер тобы. Одағайлардың өзіне ғана тән жұрнақтар жоқ. Олар субстантивтенгенде ғана болмаса, жалғауды да көп қабылдамайтын сөздер. Кейбір одағайларға - ла (-ле); -шыл (-шіл) жұрнақтары жалғанады: ойбай-лау, айт-айттап, аһлап-үһлеп. Ой тәйір-айшыл кер кесек, қулық, сұмдық не өсек (Абай). Қасқырлы жердің елі айтақшыл (мақал). Одағайлар бірінен соң бірі дүркін-дүркін қайталанып, қосарланып айтылғанда, сол одағайлар арқылы білдірейін деп отырған сезімнің күштілігін не ишараның, бұйрықтың қаттылығын, қатаңдығын білдіреді. Тек-тек-тек!, Бай-бай-бай-бай!, Һай-һай-һай-һай! т.б. Одағайлардың қосарланып, қайталанып айтылуында белгілі бір заңдылық бар. Бір топ одағайлар қосарланып атуға көнбейді. (Тәйірі!, Қап!, Ту!, Бәсе!, Астапыралла! т.б.) Енді бір топ одағайлар дара күйінде де қолданыла береді. Ойбай!ойбай, ойбай! Тәк!тәк, тәк! Жә!жә, жә! Ырит соқ!Ырит соқ, ырит соқ! Әй!әй, әй! т.б.
Одағайлардың енді бір тобы тек қана қосар тұлғасында жұмсалады. (Сап-сап!, Бай-бай!, Әлди-әлди! т.б.). Малға айтылатын одағайлардың басым көпшілігі қосар күйінде айтылады. Моһ-моһ!, Кәуіс-кәуіс!, Шөре-шөре!, Көс-көс! т.б.

1.4.
Одағайлардың мағыналық құрамы
Одағайлардың мағыналық құрамы әр түрлі, кейбір одағайлар қолданыста әр түрлі реңкте қолданылса, кейбір одағайлар үнемі барлық қолданыста бір түрлі мағынадағана қолданылады. Осымен байланысты одағайлар көп мағыналы, бір мағыналы одағайлар болып бөлінеді.

Көп мағыналы одағайлар
Одағайлардың көпшілігі қолданыста құбылып, әртүрлі мәнде, реңкте қолданыла береді. мысалы, Бәрекелді, әтешім! дегенде бәрекелді одағайы кекету, мысқыл мәнін білдірген. - Бәрекелді, нағыз батыр екен! дегенде одағай риза болу, сүйсіну мәнін білдірген. Осылайша одағайдың әртүрлі мағынада қолданылуы жиі кездесетін құбылыс. Мысалы, -Әй, имансыздар! - деді ол қатты ашынған дауыспен,- ұят бар ма сендерде (С.М.). - Әй, қу бала! деп Жәкең бір жылжып қойды (С.М.). Әй, осы Сәбира-ай, - деді Зина қынжылып, - қашан көрсең де, біреуге кінә тағып жүргені (Ф.Д.). - Әй, қандай әдемі! (Ә.Ә.). Әй, білмеймін (М.И.). Әй, Олжабек, бері кел (С.М.). Осы мысалдарда бір ғана әй одағайы жағымсыз мағына, келеке, риза болмау, таңдану, күмәндану, жек көру, шақыру, зекіру сияқты әр түрлі мағынаны білдірген. Бұған қарап, одағай сөздерде көп мағыналық қасиет бар екені байқалады.
Алайда, бұл мағыналардың бәрі - көңіл-күйге жатады, көңіл-күй мәнінің түрлі реңктері. Олай болса, көп мағыналық жалпы мағынаның ішкі ерекшелігі ретінде кездеседі.

Бір мағыналы одағайлар
Одағайлардың біраз тобы барлық жағдайда, қандай контексте болмасын, үнемі бір түрлі мағынада ғана қолданылады. Олар: субханалла, алақай, қап, тәйт, жә, әлди-әлди, уф-ф, астапыралла, пішту, әуп, аллаһи, оллаһи-биллаһи, жәрәкімалла, әттең, әттеген-ай. Мысалы, -Жә, енді біз төсек жайлаймыз (М.Ә.). - Уф-ф, - деп күрсінді Кенжебек (С.М.). - Қап, мұыныңызды білгенде, қаймақ қайнатып жіберетін едім ғой (Ә.О.). Әттеген-ай, көре алмай қалдым-ау (С.М.). -Пішту, сол да сөз болып па? (С.М.). -Оллаһи, мен білмеймін! (Ә.Ә.). Субханалла, адам сияқты ат қойып па? (Ғ.Мұст.).
-------------
Одағайлардың морфемдік құрамына қарай екі топқа бөлінеді, олар: 1)негізгі одағайлар, 2)күрделі одағайлар.
Негізгі одағайлар бір ғана морфемадан тұрады, оларды әрі қарай бөлшектеуге келмейді: әй, па, түу, оһо, еһе, я, о, қап, пай, бәсе, кә, уһа, пәле, аһ, паһ, аһа, беу, е, уау, уһ, а. Мысалы, Ой, сен н,е деген тәртіпсізсің?! (С.М.). Қап, кетіп қалғаным-ай (С.Ж.). Паһ, жігіт деп осыны айт (Б.М.).
Күрделі одағайларға сөздердің бір-бірімен кірігуі, бірігуі арқылы одағай сөзге ауысқан сөздер жатады. Мәселен, ойпырмай, япырмай, апырай одағайлары ой пірім-ай, я пірім-ай, а пірім-ай деген сөздерден шыққан. Бәрекелді деген одағай - барақа Аллаһу (Алла саған бақыт берсін) деген сөз тіркесінен, жәрәкімалла - я рақым (бер) Алла дегеннен қалыптасқан. Мәссаған, масқарай одағайлары - мә саған, масқара-ай сөздеріне қалыптасқан. Ура! Бис! Стоп! Орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілден кірген.
Демек, күрделі одағайлар қазақ тілінің өз мөздерінен де жасалған. Орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілден кірген.
Одағайлар дара түрде де, күрделі түрде де қолданылады. Мысалы, Бәсе, дұрыс айтпапсың (М.Ә.). Айхай, білім ғажапсың-ау (А.Ш.). Паһ-паһ, күнше күркіредің (Ғ.Мұст.). Па шіркін-ай, қонып қалған екен (С.Ж.). Бұл мысалдарда бәсе, айхай - дара одағайлар, паһ-паһ, па шіркін-ай - күрделі одағайлар.
----------------------------------- --------

Одағайлардың тіркестік, я қатар келу қабілетінде де біраз ерекшеліктер бар. Одағайлардың қатар келіп, я тіркесіп қолданылуын екі топқа бөлуге болады.
1) Одағайлардың өзара тіркесе қатар қолданылуы. Одағайлар жапа-тармағай бір-бірімен тіркесе де, қатар келе де бермейді. Олардың өзара тіркесуінде, я қатар жұмсалуында семантикалық сәйкестік болады. Әдетте, жағымды эмоция, көңіл-күйді білдіретін одағайлар қатар тұрып қолданыла алады. Алақай!, Ура! Одағайлары бір-бірімен қатар тұрған күйінде айтылады да, Әттең! Қап! одағайларымен қатар қолданылмайды.
2) Одағайлардың етістікпен тіркесі. Одағайлар етістікпен тіркескенде олардың бір қатары одағайлы тіркес құрайды да, бір қатары тұрақты тіркес құрайды. Осыған орай бұл тіркестерді одағайлы тіркес деп атадық.

Одағайлы тұрақты тіркестер
Бұл топқа жататын тіркестердің ішінде одағайлар болғанмен, бұл тіркестерді түгелімен одағайға жатқызуға болмайды. Бұлар: Ай-шай деспей, әу десті, әу дейтін жер, ойбай салды, аһ ұрды, шу дегеннен, ай-шайға қарамай сияқты тұрақты, я түйдек тіркестері. Олар сөйлеу тілінде оқшауланбай қолданылады.

1.4.Одағай ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Одағай сөздердің этимологиялық негіздері
Сөз таптары жүйесіндегі одағай сөздер
Одағай сөздер жайлы
Оқшау сөздердің сөйлемдегі қызметі
Қазақ тіл біліміндегі одағай сөздер
Сөздерді сөз таптарына топтастыру принциптері
Одағай
Қазақ тілінде сөз таптастырудың негізгі принциптері туралы
Қазақ тіл біліміндегі сөздердi таптастыру теориясының пайда болуы, дамуы, қалыптасуы
Оқшау сөздердің морфологиялық құрылымы
Пәндер