Жазғызбадың есті өлең
Ф.4-51
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Баишев университеті
А.Т.Турешова
М.Ақдаулетов поэзиясының танымдық табиғаты: лингвокогнитивтік аспект
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
5В011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы
Ақтөбе 2019
КІРІСПЕ
Қазақ әдебиеті тума талант иелеріне ешқашан кенде болған емес. Бұрын да болған, қазір де бар. Қазақ халқы ықылым заманнан бері ақындық қасиетке бай келіп, ақындарға кенде болмаған. Тіпті, сонау түркі дәуірінде тасқа таңбаланып, қалдырылған жазбалардың өзі поэзия үлгісінде жазылуы да көп нәрсені аңғартса керек. Ал, соның ішінде поэзияға ең көп үлес қосқан ақындар Батыс Қазақстан өңірінің асылдары. Батыс өңірінің поэзия майталмандарына Хамза Есенжанов, Қадір мырза Әлі, Ғұмар Қараш, Кердері Әбубәкір, Молдағалиев Жұбан, Ақұштап Бақтыгереева, т.б. сынды ақын-жазушылар жатады. Бұл ақындардың поэзиясы өзіндік стильдерімен, нақыштарымен ерекшеленеді. Шығармашылығы елден ерек, ақындық өмірі терең зерттелмеген, құпиясы ашылмаған ақынның бірі - Мейірхан Ақдаулетов. Біздің зерттеу жұмысымызға осы кісінің ақындық өмірі мен шығармашылығын негіз етіп алуымыздың бір себебі - ақынның ақындық болмысының толық ашылмауы.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ әдебиеті әлеміндегі майталман ақынның суреткерлік шеберлігін, тілін зерттеу түптеп келгенде сол ақынның өз дәуірінде дарабоздар қатарында болғанын мойындау. Қазақ халқы көне заманнан бері ақындық қасиетке кенде болмаған. Сонау түркі дәуірінде де тасқа таңбаланып жазылған ескерткіштерде поэзия үлгілері сақталған. Ал бііздің тоқталып отырған ақынымыз Мейірхан Ақдаулетов - өз заманының таптырмас поэзиялық суреткері. Оның ақындық болмысы мен мінезі елден ерек. Өлеңдері терең философиялық оймен, өткір тілімен, данышпандылығымен, өзіне тән лирика ұшқынымен, аудармашылығымен өзінің оқырмандарын тамсандырып, бас игізеді.
Алайда қазақ әдебиеті әлеміндегі көркем ой философиясын бағындырған тұлғалардың бірі Мейірхан Ақдаулетов өлеңдері тілі ауырлығымен, өзіндік ерекшелігімен көзге түссе де, кешенді жүйе ретінде тілтанымдық лингвистика аспектісінен зерттеуді қажет етеді. Өйткені мейірхантану алдындағы Мейірханның тереңіне жетпеу мәселесі оның күрделі болмысына сай туындады.
Ақынның шығармалары мүлде лингвистикалық зерттеу нысаны болған емес, осыдан барып М.Ақдаулетов мұрасын тілдік тұрғыдан зерттеудің қажеттілігі айқындалады.
Мейірхан Ақдаулетов өлеңдерінің идеялық мазмұны мен тақырыптық, жанрлық-бейнелік ерекшеліктеріне әдебиеттанушы ғалымдар арнайы зерттеу арнамағанымен, кезінде ол туралы Ертай Ашықбаевтың таным-таразысынан өткен пікірі бар. Ол пікірлері өзіндік өзектілігін жоймаса да, ешқандай ғылыми еңбектердің (монография) ұстанымы бола қойған жоқ. Сондықтан Мейірханның тереңіне жету біраз артта қалып келеді. Ақынның аудармаларына да қажетті зерттеулер жүргізіле қойған жоқ.
Осы олқылықты дұрыстап, ақын поэзиясының когнитивтік аспектісіне ғылыми пікір білдіру - қазақ руханияты мен мәдениетінің мүддесі деп білеміз. Жұмыс осы бағытта орындалып отырғандықтан, бұл жұмыс тақырыбының бүгінгі таңдағы өзектілігін көрсетеді.
Ендеше, қазіргі тілтанымдық лингвистика бағытына сәйкес ұлттық санасы жоғары, ұлттың рухани мұрасын меңгеріп, ұлттық әдебиетті жаңа сапаға көтеруге өзіндік үлес қосқан Мейірханның тілін ұлттық құндылық ретінде зерттеу - ұлттық болмыс пен халықтың дүниетанымын танытуға қатысты көкейтесті мәселе.
Зерттеудің мақсаты мен міндеті. Зерттеу жұмысының мақсаты - М.Ақдаулетов поэзиясының танымдық табиғатын, көркемсөз шебері екендігін, өлеңдеріндегі негізгі концептуалды тақырыптарды талдау негізінде дәйектеу. Осы мақсатты орындау барысында төмендегі міндеттерді шешу көзделді:
-- Когнитивті лингвистика бойынша М.Ақдаулетовтың тілі арқылы оның табиғатын, танымын, поэзияларындағы ғаламдық бейнені тануға мүмкіндік беретін теориялық және әдістемелік тұжырымдарды қарастыру;
-- Когнитивті лингвистиканың аспектісі бойынша ақынның шығармаларының ерекшілігін көрсету;
-- Ақынның жыр жинақтары арқылы поэзиясының тілдік ерекшеліктерін саралау;
-- Когнитивті лингвистика өлшемі бойынша ақынның поэзиясының құрылымын көрсету;
-- М.Ақдаулетовтың поэзия тілі арқылы ол өзі өмір сүретін қоғамның әлеуметтік жағдайын, оған деген ақынның когнициясын, көзқарасын ұсыну;
-- М.Ақдаулетов өлеңдерін астарлап сипаттайтын тілдік бірліктерді саралау.
-- ақын санасындағы таным негізін қалыптастырып, ақындық ұстанымын белгілеуге әсер еткен танымдық-тәрбиелік тегін танумен қоса, оның тілдік көріністерін дәйектеу;
-- ақын жұмбағын дәйектеп, өлеңдерінің жасырын (астар) мағынасын сипаттайтын, Мейірхан өлеңдеріндегі астарлаудың әдіс-тәсілдерін айғақтайтын тілдік бірліктерді көрсету;
-- ақынның поэзиясындағы негізгі Өмір концептісі туралы саралау;
Зерттеудің нысаны. Мейірхан Ақдаулетовтың поэзиясының танымдық табиғатын лингвокогнитивтік аспект тұрғысындағы сипаты. М.Ақдаулетовтың жинақтары, өлеңдері.
Зерттеудің дереккөздері ретінде Мейірхан Ақдаулетовтың әр жылдары жарық көрген жыр жинақтары: Молодые голоса(1980, қаз.тілінде), Жалғыз досым - жүрегім(1990ж., Жалын баспасы), Дәруішнама, Бейуақтағы мінәжат, Мейірхан Ақдаулетовтың жеке архивындағы ол кісі туралы жазылған пікірлер, сұхбаттар, ол кісінің аударма өлеңдері пайдаланылды.
Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Мейірхан поэзиясының танымдық табиғатын, ғалам туралы түсінігін тану үшін баяндау, сипаттау, сөзін-дүниетанымын тану мақсатымен көркем сөзді мағыналық өрісте талдауда салыстыру, контекстік талдау әдістері пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. М.Ақдаулетов поэзиясының тілін когнитивті лингвистика тұрғысында тұңғыш рет талданып, зерттелуі - ізденісіміздің ғылыми жаңалығы болып табылады. Зерттеудің осындай ғылыми жаңалығы төмендегідей нәтижелерге жетуге негіз болды:
oo М.Ақдаулетовтың шығармашылығы туралы пікірлерді зерделеу;
oo Ақынның тәржіме жасаған өлеңдерінің лингвокогнитивтік ерекшеліктерін ашу;
oo М.Ақдаулетовтың поэзиясында ең көп кездесетін Өмір сөзін концептісі ретінде талдау;
oo Ақынның поэзиясындағы ғаламның тілдік бейнесін зерттеу;
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Ақын М.Ақдаулетовтың өлеңдерін тілдік тұрғыдан зерттеу барысында алынған нәтижелер, ұсынылған тұжырымдар қазақ тіл біліміндегі тілдік тұлға, дүние бейнесі теориялары зерттелуін толықтыруға септігін тигізіп, прагмалингвистика, танымдық тіл білімі, мәтін лингвистикасы салаларының дамуына үлесін қосады.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Белгілі бір тілдік тұлға шығармашылығын талдауға арналған арнайы курстар мен семинарларда, практикалық дәрістерде (Көркем мәтінді лингвистикалық талдау, Когнитивтік лингвистика, Тіл мәдениеті, т.б.), Мейірхан туралы маңызды зерттеулер беруге болады.
1 М.АҚДАУЛЕТОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
1.1 М.Ақдаулетовтың шығармашылық өмірбаянының зерттелуі
Мейірхан Ақдаулетов 1951 жылы 10 тамызда Ырғыз ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Еңбек жолы шаруашылықты шопан, тракторшы болып бастаған .кейін Қарабұтақ аудандық комсомол комитетінде, Жаңа өмір газетінде қызмет істеді. Мейірханның өлеңдері 1971 жылдан республикалық басылымдарда жарық көріп, топтама жинақтарға енді. Ол Бастау (1980), Шырақ ғұмыр (1984), Жалғыз досым-жүрегім (1990), Дәруішнама (1996) жыр жинақтарының авторы. Сонымен қатар көптеген аударма жұмыстары бар. Мұрат Аджидің түркі тарихы туралы Қыпшақ даласының жусаны кітабын, Какаджан Ашировтың Қабыл - Адам ата перзенті пьесасын аударған. Ол түркі тілдес халықтардың халықаралық фестивалінің лауреаты [1, 225].
Мейірхан ақын мектепті жақсы бітірген. Алыс ауылда өскен. Ол он екі жасынан бастап қара жұмыс. Екінші класта оқып жүрген кезінде-ақ әдебиетке деген сүйіспеншілігі ояна бастаған, "Абай жолын" оқыған. Ақынның келе-келе орыс әдебиетіне деген құмарлығы оны батыс классикасына жетеледі[2].
Мейірхан алғашқы өлеңдерін аудандық газетте жүріп жаза бастаған. Оның өлеңдерін досы Жұмабек, кітапханашы қыздар оқып, алғашқы сын да берген. 1977 жылы облыстан Алматыдағы жас жазушылардық кеңесіне шақыру алады.
Мейірхан Ақдаулетовтың алғашқы жинағы Бастау 1980 жылы жарық көрді. Шырақ ғұмыр деп аталатын жинағы қайта құру кезінде шыққан. Ал 1979 жылдың сәуір айында Пионер журналының қызметкері болып тағайындалған [3, 234].
Ақын өзінің бір сұхбатында поэзиясы туралы сөз еткен еді. Ол: ... Мен соңғы жиырма жыл бойы етікші болдым, бірақ етікшілікті де өлеңдегідей -- өзімнің мүмкіндігіме қарай шынайы істедім, әртіс болған жоқпын. (Әртіс болсам да, гениальный болар едім! -- қалжың.) Тек қана өлең жетімсіреп қалды. Журналист -- бүгінгі күннің бейнеткері, ал ақын, жазушы мәңгілікке -- құрығанда, осыдан кемі бес ғасыр өткенге дейінгі өмірге -- қызмет етуі керек. Ақсатып алдым мен оны... О бастан көк етікті табылмаса, көн етіктіге бармаймын деп жүріп кемпір болатын, іштей ақсүйек қыздың қырсығына ұқсас кесірім бар кісі едім, беріде өлеңнен алшақтап кетіппін. Оның үстіне, қазір таяқ лақтырсаң, ақынға тиеді. Бәрі жақсы. Бәрі жорға. Өлеңнің әліпбиін жастар да керемет меңгеріп алды. Кейде ойлайтын болдым: бұрындары қазақтар тек өлеңмен ғана сөйлескен шығар... Қазір жас, жасамыс ақындардың барлығы тамаша. Тек бір қиыны -- бәрінің өлеңін (әсіресе, ақын қарындастарымның) араластырып жіберіп, бір үлкен том шығарсаң, бір адамның өлеңіндей болып тұрады... Бәрі емес, әрине. Бірақ, басым көпшілігінің. Сосын тебірентпейді, қай-қайдағыңды қозғамайды.
Өлең -- өз жаныңның күбірі. Оны адам, адал адам біреуді таң қылайын деп жазбайтын болар. Анна Ахматова айтқан: Менің жанымды талапайға салып, таратып әкелесіңдер ғой деп. Оқырмандарына. Әлгінде айттым: өлеңнен рекламный товар жасаудың қажеті жоқ. Өлең мықты ма -- әркім әкетсін. Жаттасын. Қажетіне жаратсын.
Жұрт алдына шығып өлең оқу да, біле білгенге... шешінумен бірдей, мына мүшемді көр деп. Пастернак айтады: Быть знаменитым некрасиво...[4]-деп өзінің поэзия туралы не ойлайтынын дөп басып айтқан болатын.
Мейірханның поэзиясының идеялық мазмұны мен тақырыптық, жанрлық ерекшеліктеріне әдебиеттанушы ғалымдар арнайы зерттеу арнамады. Дегенмен, ол кісі туралы кезінде Ертай Ашықбаев (Өлең мен өмір әдеби мақалалар жинағы), Амангелді Кеңшілікұлы (Ақын Мейірхан Ақдәулетұлының поэзиясы туралы сөз), Жүсіпбек Қорғасбек, Таласбек Әсемқұлов (Биік белес) сынды ақын-жазушылардың таным-таразысынан шыққан пікірлер бар.
Мейірхан ақынның сыры әлі күнге дейін ашылмауының бір себебі - осыған дейін ақынның поэзиясының тереңіне жетуге атүсті қараушылық, шығармашылығының біржақты бағалануы.
Ертай Ашықбаевтың Өлең мен өмір әдеби мақалалар жинағында Мейірханға арнап жазған мақаласы жарияланды. Онда ақынның Жалғыз досым - жүрегім деп аталатын кітабына үлкен пікір қалдырды. Бұл кітап - Мейірханның ғана жүрегі емес, әріден қайырсақ, талай қазақ баласының жүрегі еді. Бұл кітап - әлденелерге алданған, әркімдерден түңілген, әрнәрселерден бас тартқан талай-талай жүректердің драмалық сұлба-кескіні-деген тындырымды пікір қалдырды [4, 218].Сонымен қатар бір өлеңін мысалға келтіре отырып, Бұған дейін сызылған сезімдер мен ақ қанатты армандарға бөленіп келген өлеңдерге, одан асса, ол кезде де кем-кетігі жетерлік қоғамды әшкерелеуге тырысқан ашулы жырларға әбден үйренген қалың оқырман кенеттен әр пендеге біткен жалқы жүректің бұлардан да басқа алданыштары мен мұң-уайымдары бар екендігін, енді ақындар бұрынғыша тек өзгенің ғана әуенін әлдилей бермей, әркім ең әуелі өзінің жүрегінің қасіретін айтуы керектігін түсіне қойды. Мейірханды өзгеше шыңға шығарған ерекшелік, міне, осы. Сөйтіп, Мейірхан жер басып жүрген жұмыр басты пендеде анатомиялық жүрек қана емес, психологиялық жүрек те бар болатынын ұқтырды. Мейірхан поэзиясы дайын асқа тік қасық оқырманға арналмаған. Себебі, оның өлеңдерінің басындағы шәпкісі - күрделі ой, үстіне киген көйлегі - терең мазмұн, беліне таққан белбеуі - астарлы қисын, аяғындағы етігі - тұңғиық философия. Мұндай ала-құла киінген кісінің досы да, әрине, аз болатыны белгілі. Ақын жинағының Жалғыз досым - жүрегім аталуы да сондықтан болса керек [4, 219-220]. Ертай Ашықбаев Мейірхан туралы пікірінде ақынның ақындық қасиеттерін ерекше атап өтеді. Қазақ елінде Мейірхан ақынның басқа ақындардан ерек қасиеті бар екенін айтады. Ол ерек қасиеті - өзінің жүрегінің қасіретін жырлауы. Яғни, Мейірханға дейін халық ақсақ қоғамның кем-кетігін әшкерелеуге тырысқан ашулы жырларға әбден үйренген. Оқырманға ендігі қоғам туралы, өзгенің қасіреті туралы жырланған жырлар емес, өзінің жүрегіндегі мұң-қасіретін, толғанысын жырлайтын жыршы-ақын қажет болды. Мейірхан өзінің оқырмандарына осы жетпес қажеттілікті берді деуге де болады. Жалғыз досым - жүрегім жыр жинағы - тек Мейірхан ақынның жүрегі емес, барлық қоғамның, қазақтың жүрегі. Бұл жинақ - әркімнен алданып, түңілген жүректерге таптырмас ем еді.
Мейірханның екінші ерекшілігі - оның поэзиясы кез-келген оқырманға арналмаған, поэзияға атүсті қарайтын оқырмандар оның тереңіне жете алмайды. Өйткені, Мейірханның поэзиясы екінің біріне арналмаған. Е.Ашықбаев ақынды ала-құла киінген адаммен теңеген. Яғни, оның поэзиясы терең философиядан, астарлы ойдан, тұңғиық мазмұннан тұрады. Жалғыз досым - жүрегім жыр жинағы да осынысымен ерекшеленеді.
М.Ақдаулетов туралы Амангелді Кеңшілікұлы Жалғыз досым - жүрегім кітабына Ақын Мейірхан Ақдәулетұлының поэзиясы туралы сөз қалдырды. Әдебиетке келген ақындардың өмір жолы ұқсас болғанмен, танылу кезеңі әр түрлі келеді. Біреулері жұрттың назарын аудару үшін әдебиет ордасының босағасын аттамай жатып-ақ мен мойындаңдар деп жұлқынып өңешін жыртып айғай салады. Енді біреулері пысықтық жолды таңдап алып, бойындағы қабілетін даңқ, атақ, мансап жолында құрбандыққа шалады. Құлдық психологиядан арыла алмағандықтан күнкөрістің қамымен, басқа ұлттың өзі секілді пысықайларын жағалап, шашбауын көтеріп үлкен құрмет пен беделді иеленеді. Мыңдаған кездесулер мен жүздеген жүздесулер өткізеді. Пысықтық жолмен дүниедегі сыйлық атаулының бәрін алса да қомағайланып, араны ашыла береді, өзін ұлттан биік қойып, ұлтты тобыр деп түсінеді.
Ұлттан іргесін аулақ салу арқылы Құдайдан безген ол бейбақтар (Ф.Достоевский) ана тіліне менсінбеушілікпен қарап, ғасырлар бойы өз ұлтының санасын құлдық шынжырмен бұғаулап ұстаған басқа халықтың тіліне бүйрегі бұрып, кейіннен тіпті, азғындыққа салынып, төл тарихына топырақ шашып бүйректен сирақ шығарады. Абай атамыз айтпақшы олар ақылға сәуле қонбаған соң, хайуанша жүріп күнелтеді.
Міне осы екеуіне де ұқсамайтын - әдебиетте тағы бір ат төбеліндей ғана үшінші топ бар. Ұлттан - пайғамбар да әулие емес деген сыңайдағы темір қағиданы берік ұстаған осы топтың өмір жолы - азабы мен тақсіреті мол, қиын-қыстау белестерден тұрады. Өз ұлтының бағына орай жаратылған осы үркердей топ болмаса қазақ халқы баяғыда жойылып кетер ме еді.. Кім білсін? Ұлттың иманындай болып, рухы үшін күрескен олар кешегі қылышынан қан тамып тұрған кеңес дәуірі тұсында да замана дауылынан сескенбей мәдени мұрамызды түгендеп, жыраулар поэзиясын санатқа қосу үшін талай айқасқа түсті. Надандық пен жауыздыққа шыдамай желтоқсан оқиғасына қатысып, ауыр зобалаңды басынан өткерді. Арзан атақ пен жалған дақпырттың шаужайына жабыспай, бойындағы бар білімі мен талантын ұлттың намысын жыртуға жұмсады.
Қазақ топырағындағы - міне осындай болмысы ерекше жаратылған, санаулы таланттардың бірі - Мейірхан Ақдәулетұлы.
Сексенінші жылдары поэзия өлкесінің шымылдығын ашқан Мейірхан Ақдәулетұлының алғашқы өлеңдерінен-ақ - ешкімге ұқсамайтын болмысы, таза ақындық мінезі айдарланып тұрды. Өлеңдеріндегі ойының жинақылығы, өмірдің болмысын терең парықтай білетін танымдық шеберлігі арқылы -өзіндік қолтаңбасы мен жыр әлемі қалыптасқан ақын екендігін бірден аңғартты.
Дегенмен жоғары жақтың ауа-райын қырағы бақылап, сақалын саудалаған ақсақалдардың көңіліне қарап қана сөз сөйлеуге дағдыланған әдебиет сыншылары Мейірхан поэзиясы туралы жылы лебіз білдіріп, мардымды ештеңе айтқан жоқ. Әйтпесе сонау сексенінші жылдардың басында-ақ:
Ұялатын кісі көп,
Ісі өнеге көненің.
Мен көбіне өңімде
ұсақ тірлік көремін.
Күннен бетер бір бейбақ,
күндік азық құшақтап.
Безіп бара жатады.
Көйлегінің түсі аппақ.
Ортайта алмай қайғысын
ойдан өлген Абайдың
Әлі күнге кісімсіп
жүрген жұртқа қараймын.
Мейірхан мінезінің басты ерекшелігі - адам баласына жасалып жатқан қиянатқа төзе алмайтын адалдығында.
Біз көп жағдайда Адам-пенде болған соң бақытты өмір сүргіміз келгендіктен жер бетінде жасалып жатқан жаманшылық атаулыға көзжұмбайлықпен қараймыз. Әліптің артын бағамыз. Өтірік пе? Кейде, тіпті сөз қылмысының адам өлтіргеннен де ауыр күә (Г.Бенн) екенін ұмытып, жауыздық пен надандықтың насихатшысына айналып кеткенімізді сезбей қаламыз. Ал нағыз ақын қылдай қиянатқа да төзбей қарсы тұрады. Сондықтан да ол ешкімге түсініксіз дәруіштің күйін кешеді.
Дәруіш Ой!
... дәрмен жоқ-
құтылармын деген ем:
Өзімді алдай алмадым
өлді ішімде көп өлең!
Ажалдыға жан тәтті.
Сен ұсынған Кермектен.
Қорқыт-жаным қорынып,
Қорқа қашып мен кеткем.
Әр адамның өмірі-өзін-өзі іздеуден тұрады депті Герман Гессе. Өзін-өзі іздеу арқылы адам баласы ақиқатқа жеткісі келеді. Адамдардан алшақ тұрғанда ғана ақиқатқа жете аласың (Э.Канетти) Өзін-өзі іздеген жұмыр басты пенденің - мына опасыз дүниедегі жалғыздығын тереңірек сезінетіндігі де - сондықтан. Өзін іздеп ой азабын кешкен ұлы Абай Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым тап шыным деп күңіренді емес пе?.
Мейірхан поэзиясындағы жалғыздықтың кебін киген лирикалық кейіпкер бүкіл болмысыңызды жаулап алып, ой сезіміңе құрық салып, терең мұңның иіріміне батырып жібереді.
Ақынның қорғасындай ауыр ойлары жан-дүниеңді аза қылып, мазасыздықтың күйін кешкізеді. Міне, осы тұрғыдан келгенде Мейірханның лирикалық туындылары дүниетанымдық тереңдігі жағынан ұлы Лермонтовтың поэзиясымен сырлас, әрі рухтас.
М. Лермонтов
На жизнь надеяться стращась,
Живу, как камень меж камней,
Излить страдания скупясь;
Пускай сгниют в груди моей.
М. Ақдәулетұлы
Жүрек - жердің жүзі осы
шексіз күрес, шетсіз дау..
Жер болмысты жүректің
сыбағасы - тек сыздау.
Күн астында жүргенмен
күрсінуге көп себеп!
- Ашы Ой!
Неге қалмайсың
қыр соңымнан өкшелеп?!
Біз бұл жерде Лермонтовтың өлеңін мысалға қызыл сөзге қызыққандықтан ғана келтіріп отырған жоқпыз. Мейірханның лирикалық шығармасы да Лермонтовтың туындыларындай оқиғаға емес, ауыр ойға құрылған. Ақын өз өлеңдерінде Әділеттілік, Ақиқат, Ар, Жалғандық, Өмір, Өлім секілді философиялық ұғымдардың жауабын іздейді. Осы сауалдар ақынның жан-дүниесіне тыныштық бермей, қасірет шеккізеді. Мейірханның поэзиясын оқи отырып күнасы мен қасиеті аралас алаңғасар Сезімнің жетегінде кетіп бара жатқан қатал Әлемнің рухани дидарын көргендей күйге түсесіз.
Ақты жұлдыз тас төбемнен ағалап
Арашаға түспедім
Салдақы түн
сақ-сақ күлді табалап
бармағымды тістедім.
... Жаз өтті! - деп
жасыл бояу жылайды
мен қайтейін сарғаяр.
Қарғағансып қараңғыны - Құдайды
қалтыраған шам да - аяр.
Орыстың белгілі ақыны Андрей Вознесенский Адамның жетпіс проценті - судан, отыз проценті - өтіріктен, тек бір-ақ проценті - Микаланджелодан тұрады деген екен. Мейірханның лирикалық шығармаларында да осыған ұқсас ой тізбектері байқалғанымен, ол басқаша қырынан көрініс тапқан.
Қызық қудым
Қыз сүйдім.
Мол бояудан таптым ем
Адам өзін армансыз
алдайды екен тәттімен.
Немесе:
Келекеге айналып
кетсе сөзің келелі
Құмырсқа боп,
Құрт боп, құнжыңдағың келеді.
Сондай-ақ:
Адамдықтан дәмесі зор маймылдың,
Соны көріп құны-тиын қайғымның
Жалпы қарапайым оқырман қауым өлең оқу дегенді әлі де толық жете түсіне бермейтін секілді. Ең алдымен өлеңде ақынның тағдыры мен соған сәйкес өзіндік қолтаңбасы қалыптасуы шарт. Онсыз поэзияның түп-тамырының тереңдігіне көз жеткізем деп ойлау - қате ұғым. Ақынды өзі таңдаған заңдылығы арқылы бағалау қажет деген уәлі сөз ұлы Пушкиннің аузынан бекерден-бекер шықпаса керек.
Ақынның мінезін танытатын тұстары астарлы сырмен бой түзесе онда өлеңдегі басты мақсат орындалды деген сөз. Өйткені айтуға жеңіл сөздермен образ, характер жасау арқылы көп жағдайда өлең стихиясы белгілі бір мәреге жетіп жығылып, әрі қарай аяқ баспай қалуы ықтимал. Тапқырлықпен дүние құбылысын зерделеп жазған, бір қарағанда түсініксіз, бірақ сол беймәлім құпиялығымен өзіне иітіп әкететін мінезді өлеңдер ғана мәңгі өлместей мұраға айналады.
Шаттығым бар мың дастанға симайтын
Мың дастанға қимайтұғын мұңым бар.
Кез-келген адамның көңіліне ұялайтын ойды ақын қарапайым, әрі жылтырақ әсіребояусыз жеткізе білген.
Енді біз ақынның табиғи болмысын айқындайтын жыр жолдарына үңілу барысында Діттеген тақырыбы не? деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Жұмбағымыз қалмады-ау
екеуміздің шешпеген
Жалғыз досым - жүрегім
Жазғызбадың есті өлең
Ақтап та алмай күнадан
қараламай кейімей
Сен бұлқынсаң үн-түнсіз
құшақтайды мені үрей.
Мейірханның осы өлең жолдарында жалғыздығынан құтыла алмай, көне жолда өзімен-өзі күбірлесіп жүрген ақынның жан сыры жатыр.
Таза өнердің ойын-сауық емес (В.Соловьев) екенін білетін ақынның жаны арзан атаққа ғана қол жеткізетін есті өлең жазуға құштар емес. Мейірханның іздеп жүргені Мұқағали ақын айтатын Құмнан су іздеген шығармашылық. Сондықтан ол:
Өмір деген осы болса шыдармын
Өшпейтін де, өнбейтін..
Мен тәңірдің зо-ор қатесі шығармын
Өзі ғана жөндейтін
деп, дүние-жалғанға тәкаппарлана қарайды.
Бір Құдайдан басқаның бәрінің де уақытша алданыш екендігіне көзі жеткен ақын - жүрегінің түбіндегі жалғыздықтан ғана жұбаныш іздейді. Әсіресе осы құбылысты Мейірхан Ақдәулетұлының Қосүрейлер үйі атты поэмасынан анығырақ көруге болады.
Ақын жындыханада өтіп жатқан өмірді өз поэмасына арқау қылған. Бірақ шын мәнісінде -- әлемдегі бүкіл әділеттілік, ақыл-ой, ар мен ақиқат, ұлылық пен пәктіктің бәрі осы жындыханаға қамалып тұр. Ал арсыздық, жалғандық сияқты теріс құбылыстардың бәрі өмірде сайран салып жүр. Ақынның түсінігі бойынша, ойлы адам болып өмір сүретін адамның жаны да -- жындыханаға қамаулы.
Сондықтан да ол Қанша дертпен алысу керек бізге әлі... деп күңіреніп, ащы мұңға батады. Ақын өз поэмасында жындылардың емес, сау адамдардың ессіз тірлігінен сескенеді.
Мен де аяймын оларды
аяғанмен жоқ амал -
Көре-көре көңілім-
күн тоздырған орамал
Қорқынышты демесең
сықпыты мен сияғы
Жаны науқас бұл топтың
шыбынға жоқ зияны.
Поэмадағы психологиялық-идеялық арқау арқылы Мейірханның ғана табиғатына тән сезім тереңдігін аңғарасыз; композициялық сүрлеуінен бірде-бір артық жол таба алмайсыз.
Күдікшіл де көзге ілместей тым жүдеу
Күллі әлемді үнсіз кезіп жүр Біреу.
Поэмадағы осы сыңайлас жолдар Біреудің кім екендігінің байыбына көз жеткізуге оқырманды өз-өзінен жетелейді.
Біреудің күрделі образын зерделеген оқырман, ақынның сезім айдынындағы тереңдікке еріксіз үңіледі.
Жерді кезіп жүргені рас Біреудің
Ол - ұлы рух.
Күллі әлемге жаны ашып.
Жүрген мәңгі
Сөйлеп қайтсін данасып
Күллі әлем деп сыздағанмен жүрегі.
Мейірхан Ақдәулетұлы аз жазса да, саз жазып, өзіндік шығармашылық әлемін қалыптастырған ақын дегіміз келеді. Ол өзінің лирикалық шығармаларында жүрегінің түбіне терең бойлап, сондағы асыл дүниелердің ғана тозбайтын қазына екендігіне кәміл сенетін ақын [5].
Мейірханның үшінші ерекшілігі - арзан атақ пен жалған дақпырттың шаужайына жабыспай, бойындағы бар білімі мен талантын ұлттың намысын жыртуға жұмсағаны. Ақынның осы қасиеттері Мейірханды елден ерек, дара тұлға екенін тағы да дәлелдейді. Амангелді Кеңшілікұлы Жалғыз досым - жүрегім жыр жинағындағы өлеңдеріне шолу жасап, зерттеп-зерделеді. Мейірханның тереңіне жетуді көздеді.
М.Ақдаулетов: Адам туралы кесіп айту сияқты, өлең туралы сөйлеу де қиын. Әйтсе де, ешкімге естіртпей, өлеңді ішіңнен үшке бөлгің келеді де тұрады. Нашар өлең -- қолынан келмейтін іске ұмтылған сәбидің талпынысы ғана. Ол даттауға да мақтауғада жатпайды. Орташа деуге қимайтын ортан қолдай өлең -- сынның сыбағасы. Оның кемшілігін арқасынан қағып, жетістігін жер-көкке сыйғызбай мақтау дұрыс. Ол -- жарқылдаған жан отына, мөлдірлік пен сұлулыққа, сезімнің тұңғиық сырына, ағынан жарылған адалдыққы, айдай әлемге деген махаббатқа... -- ақындық пен азаматтыққа деген ақшанқан сағынышымыздан, өмір туралы жырға сусыны қанбайтын асқынған шөлімізден -- өмірге, өлеңге деген құштарлығымыздан туған ізгі ниет, игі тілек.
Өлеңнің тағы бір тобы бар. Оны өмірдің өзіндей деген дұрыс болар. Мұндай нағыз поэзияға прологтың да, эпилогтың да қажеті болмай қалады. Тіл өнерінің патшасы өзі туралы толық тек өзі ғана айтып береді. Біздің еншімізге тек таң қалу, оның сырына үңілу. өмір сырын ұғынуға үйрену ғана қалады. Нағыз поэзия да рухы биік, азаматтық келбеті келісті адамдар сияқты, өмірдің өзі сияқты қиялыңды өрге сүйреп, санаңды сан тұңғиық сырына үңілдіреді. Сезіндіреді, сүйсіндіреді - өзін, өзі арқылы өмірді түгел, алаламай сүюге үйретеді. Өмірге шақырады!
Поэзияның бір ған тұңғиық тақырыбы бар. Ол -- ақын көзімен қарап, көңілмен сезген, көкірегімен толғаған Ұлы Өмір ғана. Өлең өнер болардан бұрын ақынның өмірлік жолжазбасы, сапарнамасы болатыны содан болар. Поэзиядағы, жалпы өнердегі дарындылық пен ұлылық та, дарақылық пен ұсақтық та ақынның, өнер иесінің ұланғайыр өмірді көру, сезіну, түйсіну және түйіндеу коэффициентінің (шартты түрде) биіктігімен ғана өлшенеді. Осы бірліктің шынайы шеберлікпен қиылысқан жерінен ғана өмірдің өзіндей поэзия табылса керек.
Өмірден сәт сайын жаңалық ашу, оған таңдану, сезіну, кедергіге қарсылық көрсету, қуану және жек көру сияқты адам атаулыға ортақ қасиеттерді түгел алғанда ғана тіршілік иесінің өмірге деген өрт-құшақ махаббатын бейнелеуге болар, сірә. Адам сезімі деген ұғымда туған ошақтан Отанға, анадан адал жарға, баладан досқа дейінгі аралықты сүю, сана үшін жұмбақ сезімдер, тағдыр туралы, адам туралы, тылсым сырлар, көлеңкеге күрсіну мен сәулеге сүйсіну сынды шексіз әлем жатады.
1.1 М.Ақдаулетов аудармаларындағы поэзиялық ерекшілігі
Жалпы, аударма мәтіндердің сипаты бірдей емес. Сол себепті оларды аударылған мәтіннің стильдік, жанрлық ерекшеліктеріне қарай жеке-жеке қарастырған орынды. Мәселен, монографиялар, диссертациялар, энциклопедиялар тәрізді ғылыми-танымдық әдебиеттерді өз алдына, Конституция, Конституция заңдары, кодекстер мен заңдар, жарлықтар мен қаулылар, бұйрықтар сынды ресми-іскерлік стиль аясында қарастырылуға тиісті нормативтік-құқықтық құжаттарды жеке, ал көркем проза мен поэзияны қамтитын аударма әдебиеттерді көркем әдеби стиль аясында бөлек қарастыру арқылы түрлі сипатты мәтіндердің өзіндік ерекшеліктерінің сақталуын, функционалдық стильдер талаптарына сәйкестігін және тағы да басқа қырларын анықтауға көбірек мүмкіндік туындайды [6, 10].
Кез-келген көркем әдеби шығарманы белгілі мәдениеттің өкілі, сол мәдениет көрініс тапқан белгілі бір ұлт тілінде жазады. Сондықтан әдеби шығармада сол туынды жазылған тіл иесінің де, сол мәдениеттен сусындаған көркем мәтін түзуші ақын-жазушының да ұлттық-мәдени таным-түсінігі мәтін мазмұнынан жа, стилі мен сөз қолданысынан да менмұндалап тұрады. Сол мәдениетті бір елден екінші елге, бір тілден екінші тілге жеткізуші тәржімешілер түпнұсқаны да сақтауға, өзі аударып отырған тіл иесінің мәдениеті мен ұлттық танымын да ескеруге барын салады. Таразының екі басын тең ұстау - нағыз біліктілік пен кәсіби шеберлікті қажет ететін іс. Көркем аудармада мұндай шеберлік шыңына мықтының мықтысы ғана шыға алады. Бір ұлттың тұрмыс-тіршілігіне тән, мәдениетіне сіңісті нәрсенің бәрі өзге ұлтта да дәл сол қалпында қайталана бермейтіндіктен, олардың тілдерінде де елеулі өзгешеліктер, ұғымдық айырмашылықтар болады. Аударма кезінде осы өзгешеліктерді ескеру өте маңызды. Түпнұсқа шығарма жазылған тіл мен аударылып отырған тіл типологиялық тұрғыдан бір топқа жатпайтын жағдайда лингвомәдениеттанымдық бірліктерді аудару өзіндік қиындықтар туғызады. Мұны қазіргі аударматануда толық шешімін таппаған мәселенің бірі деуге болады [6, 172].
көптеген елдерде аударманы лингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан зерттеу жақсы қолға алынған. Бізге де мәселеге осы қырынан қарап, лингвистикалық және лингвомәдениеттанымдық аспектідегі зерттеулерге жол ашудың маңызды екенін ескерген абзал. Аударма қазақ әдеби тілінің лексикалық қорының, грамматикалық құрылымының, функционалдық жүйесінің дамып-қалыптасуына, байып-толығуына, өзгеруіне зор ықпал етті. Бұрын қазақ тіліне негізінен орыс тіліндегі түрлі әдебиеттер аударылатын болса, енді ағылшын және басқа да шет тілдерінен аударылатын мәтіндер көлемі бірте-бірте арта бермек. Сондықтан аударма жайын тілдік тұрғыдан зерттеудің маңызы, қажеттілігі бұрынғыдан да арта түспесе, кемімейді. Ұлттық әдебиетіміз бен тіліміздің көрнекті мамандары - қос академик Ғ. Мүсірепов пен І. Кеңесбаев бірлесіп жазған мақалаларында аударма жөнінде былай депті: Тіл мәдениетіні саласынан ең қиын да күрделі мәселеге нені жатқызуға болар еді? деп сұрақ қойса: Ол - аударма, одан қиын мәселе жоқ дер едік (Сөз бағамы - өрелі ойдың кепілі. Тіл мәдениеті және баспасөз. - Алматы, 1972. - 206 б.).
Қиын, күрделі нәрсенің шешімін табуы тиіс мәселелері де, ашылмаған қырлары да аз болмайтыны белгілі. Ендеше, соған сәйкес аударматанудың да алдында тұрған міндеттер, оның тілдік-әдеби тұрғыдан терең зерделеуді қажет ететін тұстары да жеткілікті екені күмән туғызбаса керек [6, 18].
Мейірхан Ақдаулетұлы адамзаттың ортақ қазынасына айналған Т.Буркхардтың Шығыс пен Батыстың киелі өнері, Э.Фроммның Психоанализ және дзен-буддизм, Ф.Шюонның Исламды ұғыну,Мұрат Аджидің түркі тарихы туралы Қыпшақ даласының жусаны кітабын, Какаджан Ашировтың Қабыл - Адам ата перзенті пьесасын аударған. Сонымен қатар, А.А.Ахматованың Кеш жинағын, Реквием поэмасын, Төрттағандар тізбегін, Андрей Вознесенскийдің көптеген өлеңдерін тәржімалаған. Ақын өзінің аудармаларына үлкен жауапкершілікпен қараған. Ол аударма ісін табыс көзі, ақша табам деп емес, халқына керекті білімді түсінікті етіп жеткізуді мақсат етті. Басқа аудармашылар секілді сөзді сөзге ғана аударып қоймады. Үлкен ізденіспен, әр сөздің терең мағына жете отырып еңбектенді. Себеі, ақынға ақша да атақ та керек емес еді. Бар болғаны өз ісіне деген сүйіспеншілік, адалдық пен шыншылдық. Осының арқасында оның поэзиясы да, өзі де көптеген оқырманның жүрегінен ойып алар орны бар.
Мейірхан жалпы аударма ісі жөнінде, өзінің аударған еңбектері жайлы сұхбатында: Ал аудармаға келсек, бұл дербес өнер ғой. Өкінішке орай, бізде орыс тілін сәл-пәл білетіндердің бәрі сол тілдегі әлем қазынасын еш қиналмастан аудара беретін болыпты. Рас, сәтті нәрселер баршылық, дегенмен... Біз аудармадан ақша жасап үйренген халықпыз ғой, соған сайып, былықтырып жатырмыз ба деп қорқамын. Кеңес тұсында аударманы ешкім оқымайтын -- қазақтар түпнұсқадан оқи беретін болғандықтан, аударманы орысша білетіннің бәрі аударып, нәпәқа тауып келді. Қазір аударманы дербес өнер, үлкен шығамашылық деп санап, сонымен кәсіби айналысатын адам жоқ сияқты. Әйтпесе, аударма өте қажет дүние ғой. Мен Т.Буркхардттың, Э. Фроммның, Д.Судзукидің, Ф.Шьюонның өте ауыр еңбектерін аудардым. Мұның бәрі философия мен мәдениеттану саласындағы айтулы дүниелер. Рас, қатты қиналдым. Орыс тілін бір орыстай жетік білетінім өз алдына, аталмыш пәндермен соңғы жиырма жыл бойы -- өзім үшін! айналыстым. Сенен өзге кім аударады? деген соң ғана амалсыз аударып едім. Жұрт жақсы бағалады. Қайдам... Бұл үлкен еңбек. Және едәуір жан азабы... (1) - деп өзінің ойымен бөліскен болатын. аударма ісін кәсіпке айналдырып алған ақын-сымақтарға деген көзқарасының қандай екенін де айта кетті. Мейірхан аударма ісімен ақша табу мақсатында емес, өзі үшін айналысты. Қанша қиындық туса да, Мейірхан мойымай, нағыз азаматтық, ақындық қасиетін көрсетті.
Әдеби тәржімеде, әсіресе поэзиялық тәржімеде ең негізгі шарты - лирикалық қаһарманға тән ой-сезімі, дүниетанымы өзгеріссіз, сол күйінде қалуы. Мейірханның Неге? өлеңі:
Неге екі ұлы ақын,
Құдіретті сөзбенен
махаббатты мәңгілік уағыздаған, қылған жыр,
Қос пистолет секілді бірін-бірі көздеген?..
Жырлары -- дос, өздері... ата жаудай құрдан құр...
Бұл жолдарда екі жақтың бір-біріне жау екендігін көрсете отырып, көкейіндегі неге олар жау, өлеңдері жолдас? деген сұраққа жауап іздейді. Сөздің құдіреттілігін махаббатты уағыздауы арқылы суреттеп тұр. Ал А.Вознесенскийдің Почему два великих поэта... нұсқасында:
Почему два великих поэта,
проповедники вечной любви,
не мигают, как два пистолета?
Рифмы дружат, а люди -- увы...
Вознесенскийдің стилі Мейірханның тәржімесінде сақталды десе де болады. Себебі, екеуі де басты субъект ретінде екі ұлы ақынды алып. Екеуі де бір проблеманы жырлайды, яғни, екі ұлттың жауласуы. Аудару дегеніміз бір тілдің кұралдарымен мұнан бұрын өзге тілдің құралдары арқылы бейнеленген нәрсені дәл де толық бейнелеу (А.В.Федоров). Мейірхан ақын осы мақсатқа толықтай жетті. Аудармада өзіңнің түсініп қана қоюың жеткіліксіз, өзгелердің де түсінуі шарт. Аударма екі бөлікке бөлінеді: мағынаны түйсіну және оны жеткізу. Мейірхан нұсқасында :
Неге екі халықтың
ұлылықты ұстанған,
Соғысуға шақ қалып, ызғар қарып арқасын,
Нәзік шатыр -- ауаның тұр астында дұшпандай?
Адамы -- дос, ал елдер... бітісе алмай тарқасып..,- деп жазылса, Вознесенский өзінің өлеңінде :
Почему два великих народа
холодеют на грани войны,
под непрочным шатром кислорода?
Люди дружат, а страны -- увы...
Екеуінің де жырланатын тақырыбы бір - ұлттар арасындағы араздық. Мейірханның ерекшілігі сол - халыққа барынша түсінікті, анық тәржімелеуі. Ал оның Вознесенскийден айырмашылығы ұйқас түрінде, буын санында. Мейірхан Неге? аударма өлеңіндегі алғашқы екі жол 7-8 буыннан тұрады, ал соңғы жағындағы өлең жолдары 14 буыннан тұрады. Әр өлеңі 5 шумақтан тұрады. Ал Андрей Вознесенскийдің өлеңі 4 шумақтан. Вознесенский жазған түпнұсқада соғысқа ерекше акцент қойып жырлаған. Себебі, ол өмір сүрген уақыт Екінші дүниежүзілік соғыспен пара-пар келеді. Екінші жағдаят, Вознесенский атағы шыға бастаған сәттерде Бродский деген ақын мысын басу мақсатта көптеген сын айтқан. Бұл жағдай Вознесенскийдің жүрегінде үлкен із қалдырған.
Почему два великих поэта,
проповедники вечной любви,
не мигают, как два пистолета?
Рифмы дружат, а люди -- увы...
Осы өлең жолдарынан байқауға болады. Мейірхан автор өлеңін аударғанда түпұсқада жеңілдікті жоғалтпады десе де болады. Керісінше, өлеңде кездесетін баяулылық оған тылсымдық, терең философиялық рух береді. Мейірхан пайдаланған рифмалар да ерекше : жыр-құр, сөзбенен-көздеген, арқасын-тарқасып, тозбасын-өз басын, жетуді-секілді. Өлең теңеу мен метафораларға бай десе де болады. Қос пистолет секілді, ата жаудай, ұлылықты ұстанған, жұмыр жер, нәзік шатыр, т.б. сөздердің арқасында өлең онан сайын көркемделіп, образдылығы арта түседі. Жалпы алғанда Неге атты өлең антитезаға құрастылған. Достық пен махаббат соғыс пен бейбітшілікке қатарласып келеді. Жырлары -- дос, өздері... ата жаудай құрдан құр..., Адамы -- дос, ал елдер... бітісе алмай тарқасып... соңғы өлең жолдарынан-ақ оқырман парадоксты байқайды. Лирикалық қаһарман адамдардың қарым-қатынасын аса бір ықыласпен жырласа да, сұм соғыс қатысты көзқарасын айқын көрсете білді. Әрі лирикалық қаһарман оқырманға бейбітшіліктің іргетасы махаббат пен достықтың арқасында берік болатынын айтты. Бейбітшілік пен жаугершілік заман арасындағы жұқа пердені бұзған жағдайда, адамзат өзін-өзі өлімге қиятынын да ескертеді.
Мейірхан өлең сөздерін аударғанда өз ойын автор ойымен астастыра отырып, өзінің лирикалық сезіміне ерік береді. Дегенмен, Мейірхан ақын түпнұсқадағы негізгі ойдан алшақтамай, өлеңнін мазмұны мен пішінін сақтайды. Ақдаулетовтың Махаббат атты өлеңі А.А.Ахматованың Любовь (то змейкой, свернувшись клубком) өлеңінің аудармасы:
Жиырыла қалған жыландай,
Жүректі арбап, мұздатып,
Кептер боп кейде, кіре алмай,
Терезеңе кеп тіл қатып,
Қыраудай кейде жылтылдап,
Шақырар жұмбақ сыртылмен,
Ақырын ғана сиқырмен,
Айырар түбі күлкіңнен.
Қобыздың тәтті зарымен,
Жылайды арбап біреуді,
Жымиыстардың бәрінен
Аңғару да оны үрейлі.
Өлеңнін негізгі тақырыбы - махаббат. Өлеңнің алғашқы жолдары келесі шумақтарына күн шуағындай басқа да сөздерді ассоциация ретінде таратады. Ақынның лирикалық қаһарманы махаббатқа сүйіспеншілікпен емес, керісінше жауы ретінде қарайды. Поэзия қаһарманы адамзатқа қуаныш пен қатар қасірет алып келетінін де біледі. Ақырын ғана келіп, лезде күлкісінен айырарлықтай бұл ғаламат сезімге қаһарман қорқа қарайды.
Бұл өлеңнен оқырман Мейірханның жүрегінің тереңдігін, тұңғиық нәзік сезімін жүрегімен сезеді. Екі ақынның махаббатты жиырылған жыланға, кептерге, жылтылдаған қырауға, тылсым бір күшке, сиқырға теңеуі Мейірхан мен Аннаның арасындағы бір үндестіктің дәлелі сияқты. Екі ақынның да жүрегі махаббат деп соғады.
Бұл ретте Анна Ахматованың Любовь (то змейкой, свернувшись клубком) өлеңі дәлел:
То змейкой, свернувшись клубком,
У самого сердца колдует,
То целые дни голубком
На белом окошке воркует,
То в инее ярком блеснет,
Почудится в дреме левкоя...
Но верно и тайно ведет
От радости и от покоя.
Умеет так сладко рыдать
В молитве тоскующей скрипки,
И страшно ее угадать
В еще незнакомой улыбке.
Анна Ахматова махаббат туралы нәзік сырлы сезіммен жырлаған лириктердің бірі. Ахматованың поэзиясы сөздің дәлдігімен және образдың тереңдігімен ерекшеленеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір сөзбен жырлау - Анна Ахматова басқа орыс ақындарынан ерек екендігін көрсетеді. Мейірхан мен Аннаның ұқсастығы да осында. Поэзиялары бір сарында, басқаларға ұқсамайды, ерекше назбен, сезіммен жырлануы тиіс өлеңдер. Ахматованың лирикалық қаһарманы махаббат үрейленетінін жасырмайды, одан не күтетінін де білмейді (И страшно ее угадать,
в еще незнакомой улыбке).
Мейірхан Ақдаулетов Махаббат өлеңінде негізгі эмоционалдық-экспрессивтік фон да, ой түйіні де сақталған. Түпнұсқа өлеңге арқау болған махаббат концептісі мейлінше жасырын. Махаббатты жиырылған жыланға, кептерге, жылтылдаған қырауға балауы метафоралық қолданыс сақталған. Түпнұсқадағы (То змейкой, свернувшись в клубком, у самого сердца колдует) өлең жолдары тәржімедегі (Жиырыла қалған жыландай, жүректі арбап, мұздатып) өлең жолдарымен мағыналары ұқсас болғанымен, Аннаның нұсқасында бұл өлең біраз пессимисттік түрде жырланған .ал Мейірханның өлеңінде махаббатты ұлы сезім ретінде, одан күш-қуат алатындай құдіретті сезім ретінде жырлаған. Осы белгілер екі ақынның ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айқындайды.
Ал енді Мейірханның Сага өлеңін талдайық:
Таң біліне оятып ап,
сенделіп
қоштасарсың, көрісе алмас жандай шын.
Енді ешқашан көре алмайсың сен мені,
Ешуақытта мені ұмыта алмайсың.
Қорғап тұрып сені ызғардан,
Жан қайғым
қинағанда: Құда-ай! -- дермін теңселіп,--
Мен ешқашан сені ұмыта алмаймын,
Енді ешқашан көре алмаймын мен сені!
Суын мына дір-дір еткен өзеннің,
Адмиралтейство, Биржаны да -- қандай мұң? --
Ешуақытта көре алмаймын мен енді,
Енді ешқашан ұмыта да ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz