Журналистік зерттеудің теориялық негіздері


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 49 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Журналистік зерттеу қауіпті жанр болып саналады. Журналистердің көбісі оны қолға ала бермейді. Себебі, бір мақала біреуге кедергі келтірмей қоймайды. Яғни, журналистік зерттеу жанрына қадам басқаннан кейін амалсыз жау табылып, журналистің публикацияларына қарсылық туындайды. Сондықтан да тыныш ғұмырын тынымсыз ізденіс пен қатерлі өмір салтына өзгертетін журналистер кем де кем.

Еліміздегі журналистік зерттеу жанрын теориялық негізде зерттеген журналистер жоқтың қасы. Шетелге барып келген журналист Қуандық Шамахайұлының еңбектері болмаса, қазақ тілді оқулықтарда айғақтамалық жанр туралы ақпарат жоқ. Ұлы данышпан Абайдың «орыстан үйрен», «орыстың ғылым, өнері - дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» деген сөздері әлі де ғұмырын жоймаған сияқты. Жүз жылдан астам уақыт өтсе де, күніміз орыс ғалымдарының еңбектерін аударумен өтуде. Орыстың саясатын ұстанған олардың еңбектерін біз аударып, әлемді орыстар сияқты түсінеміз, орыстар сияқты қараймыз. Қынжылтатыны да осы . . .

Журналистік зерттеудің еліміздегі даму жолы шетелмен салыстырғанда дара деп айтуға болады. Егер Америкада тақтан президентті тайдырып, Италияда мафияның қылмыстарын тізіп жазып жүрсе, біздің журналистикада бұндай істерге баруға ұлттық менталитет жібермейді. Алайда жоғарыда атап өткендей елімізде өзіндік ерекшеліктері бар журналистік зерттеу көрініс табуда. Біздің журналистердің айғақтама жанрындағы еңбектерін былайша топтастыруға болады: тарихи, әлеуметтік, саяси-сыни, қылмыстық. Соңғы екеуі баспасөзде кенже қалып жатады немесе соңына дейін зерттелмей қалып отырады. Оның себебі, журналистік зерттеуді қолдайтын заң жоқтығы. Мәселен, «Vlast» интернет журналының атқарушы директоры Вячеслав Абрамов журналистің заң тарапынан қол байлануы туралы былай дейді: «Тілшілер құқықтық жағынан қорғалмаған. Заңдар журналисті қорғауға емес айыптауға құрылған. Құқықтан гөрі жауаптылыққа тарту жағы басым. Қазақстандағы әр түрлі заңдар арқылы журналистерге шектеу қойылған» [1] .

Қазақстан заңнамаларында БАҚ-қа қарсы талап арыз берудің нақты мерзімі жоқ. Демек, мақалаларында шенеунік туралы жағымсыз ақпарат жариялаған журналист атына 10 жылдан кейін де шағымдануға болады. Шенеуніктердің БАҚ туралы заңды өз ыңғайына бұрып істетуі журналистердің журналистік зерттеу түгілі, қарапайым сыни мақала жазуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне жеке бас ісіне қол сұқпау туралы заңы да тілшілердің тілін байландырып отыр.

Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Мисхадқызы Калеева журналист Сандуғаш Серікқалидің «Журналистика шахтерден кейінгі ең қатерлі мамандық дегенмен келісесіз бе?» деген сұрағына былай жауап беріпті: «Жоқ, мен бұған келіспеймін. Журналистиканы сыйлы ғып көрсету үшін мұны журналистердің өзі шығарып алған. Өзіңіз объективті түрде қараңызшы, сүңгуір қайықтағыларды, полиция қызметкерлерін, әсіресе, автобус, трамвай, троллейбус жүргізушілерінің өміріне қатер көбірек төнеді. Жүргізушілер жол апатынан қорғалмаған, олар өздері қақпаса да дөңгелектің астына біреу түсіп кетуі мүмкін, ішіп алған біреу машинасына ие бола алмай, соғылып қалуы ықтимал дегендей. Жарайды, бір сын мақаладан кейін журналисті қорқытар, қоқан-лоқы жасар, онда тұрған не бар? Меніңше, қоқанлоқыға ұшырамаған журналист - журналист емес» [2] . Ақиқаттың сойылын соғуы тиіс «Әділ сөз» бүйтіп сөйлегенде шындықты жазатын журналистер кімнен қолдау таппақ деген риторикалық сұрақ еріксіз ойға келеді.

Бұндай сөз бостандығы толығымен орнамаған заманда журналистік зерттеу жазу ерлікпен бірдей. Алайда бұндай қиыншылықтарға қарамастан, біздің кей журналистеріміз қазақ тілді журналистік зерттеуін жүргізіп келеді. Отандық журналистикада белең алған әлеуметтік журналистік зерттеу әсіресе жас тілшілердің еңбектерінде көрініс тапқан. Мысалы, «Жас қазақ» газетіндегі «Мазасыз мүйіс» айдарында жарияланатын әлеуметтік журналистік зерттеулер оқырманның көңілінен шыға білді. Бұл жанрда қалам тербеу үшін журналистке ең әуелі батылдық керек. Оған себеп, бір мәселенің түбін ақтарғанда журналистердің біреуге жақпай қалуы - қарапайым құбылыс. Қоқанлоқы көрген, қуғындауға ұшыраған тіпті өмірін құрбан еткен журналистер аз емес. Бұл жағдай журналистік зерттеумен айналысатын тілші жұмысының маңыздылығын көрсетеді.

Тақырыптың өзектілігі: Журналистің биік шыңы журналистік зерттеу жүргізе алуында. Ал, нағыз кәсіби журналист сауатты әрі мәдениетті болуы тиіс. Журналистік этиканың сақталуы маманның біліктілігін көрсетеді. Әсіресе қазіргі ақпараттық заманда журналистік зерттеу этикасының маңызы жоғары. Кез келген адам өз деңгейінде журналистік зерттеу жүргізе алуы мүмкін. Ал, оның бұл жұмыстан кейін журналист маман ретінде абыройы өсті ме? Журналист беделін, адамдық болмысын сақтап қала алды ма? Әлде, журналистік әдеп шегінен асып біреудің ар-ожданын аяқ асты етті ме? Міне, журналистің кәсібилігі мен шеберлігін анықтаған кезде осы сұрақтарға жауап берген маңызды. Журналистік зерттеу жанрының қазақ журналистикасында да дара жолмен дамыды. Оның бастауын XIX ғасырдағы Шоқан Уәлихановтың кейбір еңбектерінен көруге болады. Алайда бір ғасырдай уақыт бойы бұл жанр ұмытылып басқалардан қалыс қалған болатын. Сол мәселені нысана ретінде ала отырып, журналистік зерттеудің дамуын тежейтін тараптарды қарастыра келе, бұл жанрдың қазақ баспасөзіндегі көріністерін зерттеу жұмысы жанрдың даму заңдылықтарын түсінуге көмектеседі. Бүгінгі тәуелсіз басылымдарда журналистік зерттеу қайта жанданып, жанр ретінде дами бастады. Шет елде журналистік зерттеуді бөлек жанр ретінде қарастырады екен. Алайда еліміздің журналистикасында бұл жанр әлі де қалыптасу үстінде. Қазақ басылымдарының көбісі газетіне жаңаша леп беру үшін журналистік зерттеу жанрын жиі қолданады. Бұл өз кезегінде жанрдың дамуына үлес қосып отыр.

Тақырыптың зерттелу деңгейі: Журналистік зерттеу жанрының пайда болуы Америка елі болып саналатындықтан ол елде аталмыш жанр туралы әдебиет те көп. Ресейлік әріптестеріміз ағылшыннан орыс тіліне аударғаннан кейін біздің журналистер орыс тілінен қазақ тіліне аударып жатады. Міне, осындай кезеңдерден өткен ақпарат бізге жетіп, мазмұнын да, құрылымын да өзгеріп үлгереді. Алайда бұл басқа мәселе.

Отандық журналистикада бұл жанр туралы кітап аз болғандықтан, ресейлік әріптестеріміздің жазған, аударған әдебиетіне жүгінуге тура келді. Оның ішіндегі ең белдісі болып саналатын Ворошилов В. В. пен Константинов А. Д журналистік зерттеу туралы мардымды ақпарат береді. Ағылшын журналисі Дэвид Рэндалдың кітабы болса, жас жураналиске көмекші ретінде құрылған. Бұл әдебиеттің тереңдігі күмәнді, алайда кейбір жерлерінен үзінді алып отырдық.

Дипломдық жұмыстың мақсат міндеттері: дипломдық жұмыс «Қазақстан», «КТК» арналары, «Алаш айнасы», «Қостанай таңы» газеттері мен «Massaget. kz», «Zona. kz» сайттарын негізге ала отырып, отандық БАҚ-тағы журналистік зерттеудің ерекшеліктерін және бұл саладағы этиканының, қазақша айтқанда, журналистік зерттеу әдебінің сақталуын анықтауды мақсат етіп отыр. Осы мақсатта дипломдық жұмыс БАҚ тарихындағы журналистік зерттеудің пішіндерін талдап, айғақтама жанрын жіктеуді көздейді. Журналистік зерттеу жанрында жазылған мақалаларды, бейнематериалдарды талдап, оларға баға беру арқылы бүгінгі күні жанрдың журналистикада алып отырған орнын және оның моральдық-этикалық жағын анықтау керек.

Зерттеу әдістері: Ең әуелі сөздіктер мен энциклопедияларға жүгіну арқылы «журналистік зерттеу» сөз тіркесінің мағынасын ашуды жөн көрдік. Аталмыш жанр туралы жазған қазақ ғалымдары мен ресейлік әріптестеріміздің еңбектерін қарап шыққан болатынбыз. Жалпы дипломдық жұмыстың екінші бөлімі «Алаш айнасы», «Қостанай таңы» газеттерінің, «КТК», «Қазақстан» телеарналарының және «Massaget. kz», «Zona. kz» сайттарының әр жылдары жариялаған материалдарына негізделіп, оларды талдау, жүйелеу әдісіне құрылған.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі: Дипломдық жұмыс журналистік зерттеу жанры туралы жазған ресейлік ғалым-журналистердің еңбектеріне негізделіп жазылды. Ворошилов В. В., Константинов А. Д., Тертычный А. А сияқты ғалымдар мен журналистердің кітаптары көп мәлімет береді. Қазақ журналист мамандарының ішінен Шамахайұлы Қ. журналистік зерттеу жайлы бірқатар ақпарат берген. Сол журналист еңбегінің негізінде құрылған Индира Тұрсынбайдың электронды түрде жарияланған жұмысы да септігін тигізді. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылған Ли Энн Пек пен Гай С. Рилдің «Медиа этика. Жас мамандардың тәжірибесінен» атты кітабынан алынған журналистік зерттеу мысалдары дипломдық жұмысқа негіз болды.

Зерттеудің деректік негіздері: «Алаш айнасы», «Қостанай таңы» газеттерінің, «КТК», «Қазақстан» арналарының және «Massaget. kz», «Zona. kz» сайттарының шыға бастаған уақытынан бүгінгі күнге дейін жариялаған зерттеу жұмыстарынан алынды.

Зерттеудің құрылымы: Дипломдық жұмыс кіріспеден, 2 бөлімнен, 6 тараудан, қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

I бөлім. Журналистік зерттеудің теориялық негіздері

1. 1. Журналистік зерттеу жүргізудің әдіс-тәсілдері

Журналистік зерттеу туралы жазбас бұрын бұл сөз тіркесінің толық мағынасын ашу керек. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «зертте» сөзі «бір нәрсенің мән-жайын анықтау, іздену, байқау, бақылау, тексеруді» білдіреді деп жазылған. Бұдан кейін «зерттеме» деген сөз келтірілген. Оның мағынасы «белгілі бір тақырып бойынша ірі ғылыми жұмысты байыпты, баянды түрде зерттеу тәсілі»[3] . Яғни екінші анықтама ғылымға сәйкес келеді. Физика, химия, биология, география сияқты ғылымдарда қолданылатын сөз. Ғылым дегенде журналистика шет қалатыны әркімге ләзім, себебі бұл сала ресми түрде ғылым ретінде қабылданбаған. Демек, «журналистік зерттеу» «ғылыми зерттеуден» өзгеше. Журналистік зерттеудің басты мақсаты - өмірдегі жасырынып тұрған ақиқатты, тіпті ащы шындықты халыққа көрсету болса, «ғылыми зерттеудің» көксейтіні ешкімге мәлім емес дүниелерді ашу. Екеуі де халық игілігі үшін жұмыс жасайды.

Журналистік зерттеу жанрына берілген анықтамалардың ішінен ең үздігін бөліп жаруға болады. «Ньюс дэй» газетінің редактор-құрылтайшысының орынбасары Роберт Грин аты шулы «Уотергейт» оқиғасынан кейін жанрға мынадай түсіндірме берді: «Журналистік зерттеу - өзіндік бастамаға және жеке дара жұмысқа негізделген, белгілі бір жекелеген немесе құпия сақтағысы келген маңызды тақырыпқа арналған журналистік материал» [4, 246] . Осыдан журналистік зерттеудің құпия-сырымен тікелей байланысты екендігін көруге болады. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңында мемлекеттік құпияға мынадай анықтама берілген: «Таратылуын мемлекет жалпы қабылданған халықаралық құқық нормаларына қайшы келмейтін әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел-іздестірушілік және өзге де қызметті тиімді жүзеге асыру мақсатымен шектейтін, мемлекет қорғайтын мемлекеттік және қызметтік құпияларды құрайтын мәліметтер». Аталмыш заңның 11, 12, 13, 14-баптарында ашуға тыйым салынған ақпарат тізімі берілген. Демек, ақпарат жариялануға тыйым салынған және тыйым салынбаған болып бөлінеді. Журналистік зерттеуді заң бойынша жүргізу үшін журналист міндетті түрде құпияландыруға жатпайтын мәліметтерді білуі тиіс:

1) азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіретін төтенше жағдайлар мен апаттар және олардың зардаптары туралы, сондай-ақ табиғи зілзалалар, олардың ресми болжамдары мен зардаптары туралы;

2) экологияның, денсаулық сақтаудың, санитарияның, демографияның, білім берудің, мәдениеттің, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы, сондай-ақ қылмыстылықтың жай-күйі туралы;

3) мемлекет азаматтарға, лауазымды адамдарға және ұйымдарға беретін артықшылықтар, өтемақылар және жеңілдіктер туралы;

4) азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактілері туралы;

5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі алтын-валюта активтерінің және бағалы металдар мен асыл тастардың үкіметтік (бюджеттік) резервінің мөлшері туралы;

6) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының заңдарды бұзу фактілері туралы;

7) осы Заңның 14-бабында көзделген мәліметтерді қоспағанда, саяси, әлеуметтік және басқа себептер бойынша жаппай қуғын-сүргіндер туралы, соның ішінде мұрағаттарда жатқан мәліметтер құпияландырылмауға тиіс[5] .

Ақпарат жарияланымы заңға қайшы келмейтініне көз жеткізгеннен кейін журналистік зерттеуді батыл бастауға болады. С. К. Қазыбаевтың «Журналистика Казахстана» энциклопедиясында журналистік зерттеуге қысқаша анықтама берілген. Алайда бұл ақпараттың қайнар көзі - Дэвид Рэндалдың «Универсальный журналист» кітабы. Сондықтан біржолата ағылшын публицисінің кітабына жүгінгенді жөн көрдік.

Д. Рэндалдың пайымдауы бойынша журналистік зерттеу - басқа жанрлардан біртөбе биік және ұзақ уақытты қажет ететін шеберлік. Оның үш ерекшелігі болады:

1. Бастапқы зерттеу.

Бұнда журналист көбінесе шикі материалмен жұмыс істейді. Яғни, алғаш қарап шыққанда еш байланысы жоқ фактілердің басын қосып, арасындағы реттілікті немесе қатынасты байқап, өз қалауымен зерттеу жүргізеді.

2. Таңдалған тақырып күдікті істермен байланысты немесе біреудің немқұрайлығына назар аудартатын және еш дәлелі болмаған жағдайда.

Журналист дүдәмал істерді ішімен сезіп тұрса да, оны дәлелдеу үшін көп уақыт жұмсау керек, тіпті бір емес бірнеше репортердің қосылып зерттеу жүргізгенін қажет етеді.

3 . Біреу ақпараттың жариялануын қаламайды. Бұл жағдайда журналист өз дегенімен жүреді. Себебі, журналистің бүкіл қызметі құпия сақтағысы келген ақпаратты жариялаудан құралады [6, 34] .

Отандық журналистика шығармашылығының құрылымын қарастырғанда, бүкіл ақпаратты үш жанрға бөліп жарамыз: ақпараттық жанрлар (ақпарат, кеңейтілген ақпарат, сұхбат, есеп, репортаж, арнайы репортаж, баспасөз сауалнамасы және т. б. ), талдамалы жанрлар корреспонденция, комментарий, мақала, хат, түйіндеме, әңгіме-сұхбат, шолу, естеліктер және т. б. ), көркем-әдеби жанрлар (көркем-публицистикалық суреттемелер, эссе, очерк, фельетон, памфлет, жолсерік очерктері және т. б. ) . Ал егер де батыс баспасөзіне көз салсақ, мысалы АҚШ, олардың баспасөзінде журналистік зерттеу және перцизиондық (нақты) журналистика жанрларының бөлінуін байқауға болады. Демек, бұл - журналистік зерттеудің сол елде үлкен беделге ие болып, бөлек жанр ретінде қалыптасып үлгергені.

Негізінен жанрдың шығу тарихы Америкадан бастау алады. «Марк Твен» деген лақап атпен жарияланып жүрген Самуэл Клеменс пен Чарльз Уорнердің «Алтын жалатылған ғасыр» кітабы алғаш журналистік зерттеудің көрінісі ретінде тарихта қалған. Бұнда халықтың азғындап, пайдатапқыш, парақорлық сияқты дерттердің кең таралғандығы туралы айтылады. Одан кейін «жер қазбалаушылар» - макрейкерлер келді (1902-1913ж) . Макрейкерлердің, қазақшалап айтқанда «тырнақ астынан кір іздеушілердің », айтуы бойынша, кез келген адамның тырнағы астынан кір шығаруға болады. Мына күнәһар заманда аз ғана қазбалағанның өзінде періштеден де мін табуға болатынын жасырмай айтқан. Содан соң, 1972-1973 ж. Р. Вудворд пен К. Бернстайнды ұлттық қаһарман еткен аты шулы «Уотргейт оқиғасы». Бұндай батыл азаматтар тек АҚШ-та емес, сонымен қатар Швецияда да, Германияда да болған. Оған мысал, Улоф Пальменің күдікті өлімін зерттеген Ян Гийо, ақиқатты білу үшін өз бет-әлпетін, киім-киісін, тіпті мамандығын өзгерткен неміс журналисі Гюнтер Вальраф. Сонымен қатар көрші Ресейде журналистік зерттеудің жарқын үлгісін көрсеткен А. С. Пушкиннің «Пугачев көтерілісінің тарихы» атты еңбегі журналист үшін таптырмас құрал. Бұл оқиғаны анық-қанығымен жеткізу үшін ақын ереуіл болған жерлерді аралап, жергілікті халықпен сұхбаттасып, кейде ақпарат үшін ақша төлеген-ді. Пушкиннің Қазақстанның батысына келіп, Пугачевке қосылған кіші жүздің халқымен жүздескені де белгілі. Бұдан журналистік зерттеу бір күндік, тіпті бір жұмалық жұмыс емес екендігіне көз жеткізуге болады. Еңбектің жемісті болуы үшін кейде айлап, жылдап та материал жинау керек [7, 234] .

Зерттеу, ақпарат көздерін табу және реттеу, жасырын материалдың бетін ашу, болжам жасау, белгілі фактілер мен пікірлердің негізінде тексеру - бұның барлығы да журналисттік зерттеуге тиесілі. Бұнда зерттеу жүргізетін авторға қойылатын басты талап - заң бұзушылықтарды, тәртіп және өзін-өзі ұстау ережелерін бұзғандарды, кінәлі адамдарды және олардың қылмыстарын ашып көрсету.

Журналистік зерттеуді көбінесе құқық қорғау органдарының зерттеуіне ұқсатады. Шынымен де, екеуі де шындықты, яғни кінәлі тұлғаны табу және оның қылмысын нақты фактілермен дәлелдеуді қажет етеді. Журналист те тергеуші сияқты оқиғаның басы-қасында болған адамдармен сұхбаттасып, мүмкін болатын нұсқаларды дамытып, дәлелдерді жинайды. Алайда тергеушінің «дәлелденді» деген нұсқасы айыптау қортындысы ретінде саналады. Оның негізінде сот кінәлі деп таныған азаматтар түрмеге қамалады немесе айыппұл төлейді. Журналистің пәрменділігі бұл салада шектеулі. Біреуді түрмеге қамау құқығы жоқ, ол тек өзінің зерттеуі бойынша оқиғаның немесе қылмыстың болуы мүмкін нұсқаларын қарастырып, көпшіліктің назарын аудартады. Оның мақсаты тек қана кінәліні халыққа көрсету ғана емес, сонымен қатар әлеуметтің коғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру.

«Журналистердің белгілі бір оқиғаның болған алуан себеп-салдарын жиі жариялауы цензураның жойылуы, яғни баспасөз бостандығының орнығуы салдарынан және журналистің қажет ақпарат көздеріне жете алмауынан»- деп түсіндіреді В. В. Ворошилов. Тоталитаризмнің темір құрсауынан босаған баспасөз тапқан фактілер бойынша өмір құбылыстары немесе белгілі тұлғаның әрекеті туралы өз нұсқаларын ашық жариялай алады, бірақ көп нұсқаның болуы - журналистің нақты ақпаратқа қол жеткізе алмауының нәтижесі. Алуан нұсқалылық әсіресе сайлау кезінде тиімді. Оппоненттердің бір-бірінің қараңғы тұстарын ашып, соны тек бір нұсқалардың бірі ретінде жазу - кандидаттардың осал жақтарын көрсете отырып, заңдық тұрғыда ешбір жауапқа тартылмаудың ең тиімді жолы.

Жолындағы тосқауылдардың салдарынан журналист белгілі бір оқиға туралы өз пайымдауын жариялауы әбден мүмкін. Сол бөгеттердің салдарынан журналист болып жатқан жағдайда біліктілік пен кәсібилікті танытпауы ықтимал. Өз жеке басына байланысты туған дау кезінде жазушы эмоцияға беріліп, оқиғаны тек бір жақтан қарастырылған жағдайлар болды. Өз конфликтерін туындаған күрделі мәселеден биік қоятындар кездеседі баспасөзде. Журналистер бұндай қателіктерді жиі жасайды. Ең әуелі салқын қандылық керек. Сонда ғана публицист істің мән-жайын сауатты түрде аша алатын болады.

Журналист белгілі бір оқиға бойынша болжам жасағанда, оқырманның назарына түрлі жолдарды ұсынады. Ойлаудың тар шеңберінен шығу үшін публицист бар ынта-жігерін салып, бірнеше нұсқаны жетілдіреді. Құқық қорғау органдарының журналистік зерттеудің көмегімен қылмыскерді іздеу жолындағы дұрыс бағыт алуы журналистиканың пәрменділігін көрсетеді. Мысал ретінде Воршиловтың журналистік зерттеу туралы жазғанынан үзінді келтіруге болады: «2000ж. «Курск» сүңгуір атомдық қайығы апатқа ұшыраған кезде бүкіл экипаж (118адам) қайтыс болды. Сонда «Известия» газетінің 23 тамыз күні шыққан нөмірінде (құтқару жұмыстары аяқталғанына 2 күн болған кезде) өлімнің себептерін жариялады: «Курск» басқа шетел суасты қайығымен соқтығысты; қақтығыс нәтижесінде торпедалық құрылғылар аймағында тесік пайда болды, бұл аккумуляторлық шұңқырдың атылып, жарылғыш заттың лезде және тас талқан қопарылуына әкеп соқтырды; қайықты ірі тонналық кеме (траулер, танкер, мұзжарғыш кеме) қақтығып қиратты; торпедалық құрылғыдағы торпеданың өзі жарылды; қайық Екінші дүние жүзілік соғыстан қалған минаға кездесті; «Курск» бомба атқылау сынағының аймағына еніп, атқылау астында қалды (алайда әскери сынақ жұмыстары 1 күн бұрын аяқталған) ; ұзындығы 154 метр «Курск» бұрылыс жасаған кезде түбі жерге тиіп, қайық өз жұмысын тоқтатты; қайықтың ішінде ұлты шешен діні мұсылман камикадзе болды; Ресей үкіметінің Жерорта теңізі мен Парсы шығанағындағы әскери әрекеттерінің жаңартылуын тоқтату үшін жасалынған диверсия; қайық конструкторшысының қателігі салдарынан; қайықтың су астына кетуі біреудің қателігінен болды» [8, 238] .

Журналистік зерттеудің нәтижесі тек қана аты шулы даулар болуы шарт емес. Кішігірім топ арасындағы, тіпті бірнеше адамның қақтығысуынан пайда болған оқиғаның төңірегінде де зерттеу жүргізуге болады. Бір ғасырдан асатын журналистік зерттеу тарихына үңілсек, бұл жанрдың негізінде дау, яғни конфликт жататынына көз жеткізуге болады. Мысалы, газет парақорлық туралы жазса, бұл адам мен заңның арасындағы конфликт болып саналады. Сондықтан аталмыш жанрдың табиғатын тереңірек түсіну үшін конфликт пен оны талдау, саралауды білу қажет.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Баспасөз тарихын зерттеудiң ғылыми-методологиялық негiздерi
Ұлттық интернет журналистика және қазіргі журналистік зерттеулер
Қазіргі кезеңдегі халықаралық қатынастар жүйесіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі
Қазақ телевизиясындағы журналистік зерттеулер
Көбіне дата журналистер
Журналистиканың қоғамдағы орны
Мехмет Али Биранд шығармашылығы туралы
Тіл мәдениетінің сипаты
Журналистік зерттеудің қалыптасуы және дамуы
Жетім балалар құқығы және журналистика
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz