ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҚҰРАНДЫ ЕТІСТІКТЕР


Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 63 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Жагыпарова Жанар Саликызы

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҚҰРАНДЫ ЕТІСТІКТЕР: ҚҰРЫЛЫМЫ, СЕМАНТИКАСЫ

6M020500 - «Филология: қазақ филологиясы» мамандығы бойынша

магистр дәрежесін алу үшін жазылған

магистрлік диссертация

(ғылыми-педагогикалық бағыт)

Нұр-Сұлтан, 2019 ж.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

«Қорғауға жіберілді»

Филология факультетінің деканы,

ф. ғ. д., профессор

Ш. Қ. Жарқынбекова

«» 2019 ж.

Магистрлік диссертация

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҚҰРАНДЫ ЕТІСТІКТЕР: ҚҰРЫЛЫМЫ, СЕМАНТИКАСЫ

мамандығы: 6M020500 «Филология: қазақ филологиясы»

(ғылыми-педагогикалық бағыт)

Магистрант Ж. С. Жагыпарова

Ғылыми жетекші,

ф. ғ. к., доцент С. С. Шоқабаева

Кафедра меңгерушісі А. Б. Бейсенбай

Нұр-Сұлтан, 2019 ж.

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 4

  1. ҚҰРАНДЫ ЕТІСТІКТЕРДІҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ . . . 6
  1. Құранды етістіктердің зерттелу тарихы . . . 6
  2. Құранды етістік пен күрделі етістіктің жіктелімі . . . 13
  1. ҚҰРАНДЫ ЕТІСТІКТЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ-СЕМАНТИКАЛЫҚ СИПАТЫ . . . 25
  1. Құранды етістіктер құрамындағы көмекші етістіктердің сипаты . . . 25
  2. Есім сөздер мен көмекші етістіктердің тіркесі . . . 32
  1. Модаль сөздер, еліктеуіш сөздер мен көмекші етістіктердің тіркесі . . . 40
  2. ҚҰРАНДЫ ЕТІСТІКТЕР - КҮРДЕЛІ АТАЛЫМ НЕГІЗІ . . . 49
  1. Идиомаланған құранды етістіктердің семантикалық ерекшелігі . . . 49
  2. Құранды етістіктердің термин жасаудағы қызметі . . . 54

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 59

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ . . . 61

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі . Қазақ тіл білімінің дербес саласына жататын сөзжасамның өзекті мәселелері тіл білімінің көрнекті ғалымдарының еңбектерінде зерттеу нысанына айналып, қарқынды дамыды. Сөзжасам саласының өзекті мәселелері ғылыми-теориялық және нақты тәжірибелік тұрғыда бірқатар зерттеу еңбектерінде көрініс тапты. Қазақ тіліндегі жекелеген сөз таптарының сөзжасамы мәселелері қарастырылды, етістіктің сөзжасамы бойынша тілдік мәселелер зерттелді. Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі етістіктердің, оның ішінде құранды етістіктердің сипаты қарастырылды. Құранды етістіктердің жасалу жолдарын, олардың құрылымдық-семантикалық ерекшеліктерін зерттеу - қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі. Қазіргі қазақ тіліндегі құранды етістіктердің ғылыми негізін жасау, қатарын анықтау, құрылымдық және семантикалық табиғатын, қазақ тіліндегі басқа да күрделі аталымдардан ерекшелендіретін өзіндік белгілерін айқындау диссертациялық жұмыстың өзектілігі болып табылады.

Зерттеудің нысаны : Қазіргі қазақ тіліндегі құранды етістіктер, олардың құрылымдық-семантикалық сипаты.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері : Қазіргі қазақ тіліндегі құранды етістіктердің табиғаты мен құрылымын ерекше тілдік құбылыс ретінде зерттеу және оларды ерекше тілдік бірліктер қатарына жатқызудың ғылыми-теориялық негізін айқындау. Осы мақсатқа жету үшін келесі міндеттерді орындау керек:

  • құранды етістіктердің ғылыми-теориялық сипаты негізінде қазақ тіліндегі құранды етістіктердің табиғатын ашу;
  • құранды етістіктердің сөзжасам саласына қатысын айқындау;
  • құранды етістіктердің құрылымдық-семантикалық түрлерін анықтау;
  • құранды етістік компоненттерінің (есім сөздер, көмекші етістіктер) белгілерін айқындау;
  • қазіргі уақытта қолданыстағы терминдер жасауда құранды етістіктердің қызметін талдау.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері : Зерттеу барысында сипаттау, жинақтау, жүйелеу, салыстыру әдістері, салғастыру, талдау әдіс-тәсілдері қолданылды.

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні : Зерттеу нәтижелері мен пайымдаулар қазақ тілінің сөзжасамы бойынша зерттеулердің ғылыми-теориялық негізін нақтылай түсуге, құранды етістіктердің құрылымын және семантикалық ерекшеліктерін айқындауға белгілі бір дәрежеде үлес қосады. Зерттеу нәтижелері жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қазіргі қазақ тілі сөзжасамы» курсында дәрістерге, семинарларға қосымша материал ретінде қолдануға болады.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы :

  • қазақ тіл білімінің зерттеу материалдары негізінде қазіргі қазақ тіліндегі құранды етістіктердің ғылыми-теориялық негізін қалыптастыру;
  • құранды етістіктердің құрамындағы есім сөздердің қолданылу ерекшеліктерін сипаттау;
  • құранды етістік жасауға қатысатын көмекші етістіктердің құрылымдық және семантикалық ерекшеліктерін айқындау;
  • қазақ тіліндегі идиомаланған құранды етістіктердің семантикалық табиғатын ашу;
  • құранды етістіктердің термин жасаудағы қызметін айқындау.

Жұмыстың мақұлдануы мен жариялануы : Зерттеудің негізгі мазмұны мен нәтижелері төмендегі ғылыми-теориялық және ғылыми тәжірибелік конференцияларда баяндалды: «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары - 2017». Алаш автономиясының 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (14 желтоқсан, 2017 жыл), «Рухани жаңғыру және тіл білімі мәселелері» атты ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор М. С. Серғалиевтің 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (16 наурыз, 2018 жыл) .

Зерттеу жұмысының құрылымы : Диссертациялық жұмыс кіріспе, үш тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиет тізімінен тұрады.

  1. ҚҰРАНДЫ ЕТІСТІКТЕРДІҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ
  1. ҚҰРАНДЫ ЕТІСТІКТЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ

Қазіргі қазақ тілі сөзжасамы саласында қарастырылатын мәселелер жан-жақты зерттеліп, ғалымдардың құнды еңбектерімен толығуда. Қазақ тіліндегі құранды етістіктер жайлы зерттеулер қазақ тіл білімінің Қ. Жұбанов, А. Ысқақов, Ы. Маманов, Н. Оралбай сияқты көрнекті ғалымдарының еңбектерінде қамтылған. Күрделі етістік түрлерінің бірі болып табылатын құранды етістіктер құрылымы жағынан ерекшеленеді. Қазақ тілін зерттеу еңбектерінде құранды етістіктердің тіркесті түбір етістіктер деп аталуы да кездеседі. Алайда құрылымы мен мағынасы жағынан құранды болып табылатын осы күрделі етістік түрін құранды деп атау әлдеқайда орынды. Құранды етістіктерді күрделі етістіктің басқа түрлерінен ерекшелендіретін негізгі белгілерін айқындау үшін осы құранды етістіктерді зерттеу нысаны ретінде алған ғалымдар зерттеулеріне шолу жасаған жөн.

Қазақ тілі морфологиясының зерттеу нысаны болып табылатын сөз таптарының ішінде етістік - семантикалық, құрылымдық табиғаты жағынан ерекшеленетін сөз табы. Етістіктің дара және күрделі түрі өзіндік сипатқа ие. Зерттеп отырған құранды етістіктердің құрылымдық сипаты мен семантикалық ерекшелігі түркі тілдерін зерттеуші ғалымдардың назарынан тыс қалмады. Себебі қазақ тілі - түркі тілдерінің бір тармағы. Сондықтан қазақ тіліндегі күрделі етістіктердің, оның ішінде құранды етістіктердің өзіндік ерекшеліктері басқа түркі тілдерінде кездесуі заңдылық.

Құрылымдық грамматиканың негізгі қағидалары бойынша зерттеліп келген етістіктің тіл білімінің көрнекті зерттеуші ғалымдарының еңбектеріне негіз болғаны белгілі. Олардың зерттеу бағыттары етістіктің құрамы (дара, күрделі), етістіктің категориялары (жақ, шақ), етістіктің ерекше тұлғалары (формалары) болып саналатын есімше, көсемше сияқты негізгі тілдік бірліктер болды, сондай-ақ қазіргі қазақ тілінде белең алған функционалдық грамматика негізінде бірқатар зерттеулер жүргізілді. Осы тұста етістіктің аналитикалық форманттарының қимылдың өту сипатын айқындаудағы негізгі ерекшеліктері сөз болды. Демек, етістіктің үдерістің сипатын білдіруге қатысады. Етістіктің өзінің күрделі семантикалық құрылымымен, қимылдың өтуін, нәтиже дәрежесі, қимыл бағыты, басталуы, ұзақтығы сияқты сипатын айқындауда жұмсалады. Сондықтан етістіктің басқа сөз таптары ішінде күрделісі екені айқын.

Қазақ тіліндегі құранды етістіктерге қатысты зерттеу еңбектері түркі тілдерін зерттеуші көрнекті ғалымдар А. Н. Кононов, Н. А. Баскаков, И. А. Батманов, Н. К. Дмитриев, Ф. Г. Исхаков, С. Е. Малов т. б. тиесілі. Аталған ғалымдар түркі тілдерінің морфологиясын зерттеп қана қоймай, сөз таптарының құрылымдық-семантикалық ерекшеліктерін жан-жақты зерттеген. Етістіктің күрделі түрі (құранды етістік) зерттеу нысаны ретінде қарастырылған.

Қандай сөз табының лексика-грамматикалық сипатын қарастырсақ та, лексикалық мағынасының жалпылануымен жалпы грамматикалық мағынасын, сол грамматикалық мағынаны беруге қатысатын түрлі грамматикалық категориялар жиынтығын, сондай-ақ сөйлемдегі қызметі негізге алынады. Тіліміздегі сөз таптарын топтастырудың негізгі үш принципі де қатысады. Осы тұста етістіктің құрылымы мен семантикасы жағынан күрделі сөз табы ретінде танылып, оның дара не күрделі түрінің басты семантикалық ерекшелігі - қимылды, іс-әрекетті білдіру.

Күрделі етістіктер сөзжасам саласында қарастырылатын мәселелер қатарында орын алады. Түркітанушы ғалымдар арасында да осы пікірді негізге алғандар бар. Ғалымдар зерттеулерінде түркі тіліндегі көптеген етістіктер есім және етістіктердің тіркесуі арқылы жасалады деген пікір бар. Қазіргі қазақ тіліндегі құранды етістіктердің табиғатын айқындау үшін ғалымдардың зерттеулерін саралаған жөн.

Академик А. Н. Кононов күрделі етістіктерді сөзжасамға жатқызып, олардың есім сөздер мен етістіктер тіркесі деп қарастырды. Демек, күрделі етістіктердің екі түрін көрсетеді: есім - көмекші етістіктерден жасалатын; толық етістіктер - көмекші етістік құрылымындағы етістіктер [1, 72-б. ] .

Н. А. Баскаковтың күрделі етістік жөніндегі зерттеулерінде есім сөздер мен етістіктерден құралған етістіктерді күрделі етістік деген терминмен емес, құранды етістік деген терминмен атайды [2, 63-б. ] .

Түркі тілдерін зерттеуші ғалымдардың зерттеу жұмысында башқұрт тіліндегі есім сөздердің, оның ішінде зат есім, сын есім, сан есім, үстеу, еліктеуіш сөздер және т. б. көмекші етістіктердің тіркесуі арқылы жасалатын құранды етістіктер жөнінде толық мәлімет берілген. Қазақ тіліндегі құранды етістіктердің жасалу үлгілерінің сабақтастығы, ұқсастығы орын алады. Айта кететін бір жайт, башқұрт және қазақ тіліндегі етістіктерді салыстыру барысында ету көмекші етістігінің өнімді екендігі айқындалды. Осыдан ету көмекші етістігінің жалпы түркі тілдеріндегі құранды етістіктердің жасалуына негіз болатыны сөзсіз. Сонымен қатар есім сөздер мен етістіктердің тіркесуі арқылы тұрақты (идиомалық) сипатқа ие болған күрделі (құранды) етістіктердің қатары аз емес.

Түркі тілдерінің сөзжасам саласына қатысты зерттеу еңбектерінде, оның ішінде морфология құрамында қарастырылған сөзжасамдық тәсілдерге талдау жасаған Н. А. Баскаков, И. А. Батманов, А. К. Боровков, Н. К. Дмитриев, Ф. Г. Исхаков, А. Н. Кононов, С. Е. Малов, К. М. Мусаев, А. М. Щербак т. б. ғалымдар түркі тілдерінің тіл деңгейлері бойынша жан-жақты зерттеу жүргізіп, бірқатар зерттеу еңбектерін жазды. Түркітану өз алдына дербес сала ретінде танылып, Н. А. Баскаковтың «Каракалпакский язык», «Историко-типологическая морфология тюркских языков» т. б. еңбектерінде сөз таптарының сөзжасамдық (оның ішінде аналитикалық) тәсілдері қарастырылды. Ғалым еңбектерінде морфологиялық тәсілмен жасалатын туынды сөздердің тұлғалық сипаты кеңінен қарастырылғанмен, күрделі етістіктердің тіркесу арқылы жасалған түрлері де зерттеу нысанынан тыс қалған емес.

Түркі тілдерін зерттеуші ғалымдар еңбектеріне сүйенсек, қазіргі қазақ тіліндегі құранды етістіктердің басқа түркі тілдеріне ортақ жасалу жолдары бар екені айқындалады. Бұл ретте Б. Серебрянников, Н. Гаджиева сияқты зерттеуші ғалымдардың «Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков» атты еңбегінде түркі тілдеріндегі сөзжасамдық тұлғалардың даму, қалыптасу тарихын зерттелген» [3, 185-б. ] .

1988 жылы жарық көрген «Стравнительно-историческая грамматика тюркских языков» атты еңбекте етістіктің сөзжасамына қатысты бірқатар тұжырымдар беріліп, күрделі етістіктің ерекшелігі мен оның жасалу жолдары айтылды. Аталған еңбекте күрделі етістікті жасаудың екі жолы көрсетілген. «В словообразовании глагола от других частей речи значительную роль играет детерминативное словосложение, которое осуществляется чаще всего по структурной схеме глагольных словосочетаний, отчасти же по модели двусоставного глагольного предложения. Осуществляется оно двояко: а) по стереотипным образцам, моделям в серийном порядке, б) на базе уникальной лексической сочетаемости спрягаемого глагола с зависимым от него именем в индивидуальном порядке, нередко в виде фразеологической единицы с образным лексическим значением» [4, 435-б. ] .

Осы бағытта жүргізілген ғылыми зерттеу нәтижелері З. Г. Шарафетдинованың еңбегінде де орын алады. Татар тіліндегі құранды етістіктерді жасалу үлгісі - еліктеуіш сөздер мен көмекші етістіктердің тіркесуі. Осы үлгіде жасалған құранды етістіктер қазақ әдеби тілінде саны жағынан артық. Ғалымның зерттеу еңбегінде татар тіліндегі еліктеуіш сөздердің килу және иту көмекші етістіктерінің тіркесуі арқылы жасалатыны жан-жақты дәйектеліп, тілдік бірліктермен өз дәлелін тапқан. Мәселен, иту көмекші етістігімен тіркесу арқылы жасалған құранды етістіктер қатарына пылт иту, елт-елт иту, тек-тек иту, шарт иту және т. б. жатқызса, килу көмекші етістігінің тіркесуімен жасалған құранды етістіктерге шалт-шолт килу, кыт-кыт килу, мэш килу, щелт-щелт килу т. б. жатқызады.

Қазақ тілі ғылымының негізін салған ғалымдар А. Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбановтан бастап, тіл білімімен айналысқан ғалымдардың барлығы дерлік әртүрлі дәрежеде сөзжасамның теориялық және практикалық мәселелері жөнінде зерттеу жүргізді. Оның себебі бар, ол - сөзжасамның тек морфологияның нысаны ғана емес, лексикалық бірлік жасауға, синтаксистік бірлік жасауға да қатысуы.

1989 жылы дербес сала болып қалыптасқан сөзжасамның негізгі мәселелері - туынды сөз. Туынды сөз туралы түсінік, оның жасалу жолдары мен тәсілдері, қос сөз, біріккен сөз жайлы алғашқы пікірлер А. Байтұрсынұлының 1914 жылы жарық көрген «Тіл - құрал» атты еңбегінде баяндалды. Демек, сөзжасамның алғашқы терминдері А. Байтұрсынұлының еңбегінде қалыптасты. Ғалым сөз тұлғасына қарай түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы сөз, қосымшалар деп 5 топқа бөле отырып, туынды сөзге мынадай анықтама береді: «Туынды сөз дегеніміз - бастапқы тұлғасы, мағынасы да өзгерген сөз» [6, 40-б. ] .

Қазақ тілі морфологиясына қатысты өзекті мәселелерді зерттеу нысаны еткен ғалымдар қатарына Қ. Жұбанов жатады. Профессор Қ. Жұбановтың зерттеу еңбектерінде де қазақ тіліндегі күрделі сөз, күрделі етістік жайлы айтылды. Ғалымның 1936 жылы жарыққа шыққан «Қазақ тілінің грамматикасы» атты зерттеу еңбегінің бірінші бөлімі морфология саласына арналған. Сонымен қатар ғалымның «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах» атты мақаласы да қазақ тіл білімінде құнды еңбектердің бірі. Бұл мақалада көмекші етістіктердің күрделі етістік жасаудағы қызметі туралы мынадай сипаттама беріледі: «Часто бывает трудно установить имеем ли дело с наращениями одного глагола или же с целым сочетанием слов синтаксического порядка. В последнем же случае нелегко узнать, где кончется один глагол и начинается другой. Значительная часть основных глаголов употребляется и в качестве вспомогательных, что делает порою трудным различить, употреблен ли тот или иной глагол в вспомогательном значении или основном» [7, 214-б. ] .

Профессор Қ. Жұбановтың «Образование сложных слов в казахском языке» атты зерттеу мақаласында сөзжасамның синтетикалық тәсілінен басқа, анатиликалық тәсілінің болуы туралы пікірін білдіреді. Күрделі сөздердің теориялық негізі жасалып, аналитикалық тәсіл арқылы жасалуына толық сипаттама берілді. Ғалым Қ. Жұбановтың тұжырымы бойынша, күрделі сөздердің тіркесу түрлері әртүрлі: қазақ тілі агглютинативті, яғни жалғамалы тілдер қатарына жатады. Сөздердің жасалуы мен сөздердің түрленуі қосымшалардың жалғануы арқылы жасалды, дегенмен «күрделі сөздердің аналитикалық (тіркесу) жолымен де жасалуы кездеседі» деген тұжырым жасайды [8, 236-б. ] . Тіл білімінің теориялық мәселелері қамтылған алғашқы ғылыми еңбек - Қ. Жұбановтың зерттеу еңбегі.

Қ. Жұбанов етістіктерді құрамына қарай дара және қосынды деп екі топқа бөлді. «Көмекші етістігі бар етістік қосынды етістік деп аталады» деген тұжырым жасады [7, 40-б. ] . Сонымен қатар профессор Қ. Жұбанов қосынды етістіктердің жасалу жолдарын да қарастырды. Қосынды етістіктегі негізгі мағынаны беретін етістік көсемше немесе есімше тұлғалы етістіктен жасалып, жіктеледі, түрленеді. Ал көмекші етістіктерді төтенше (отыр, жатыр, тұр, жүр), кеміс (е, де, бол, шығар), толық (ал, сал, қал, жібер, бер, қой, таста т. б. ) деп үш топқа бөлді. Толық көмекші етістіктердің әрі негізгі, әрі көмекші етістік ретінде қолданыла алатынын көрсетті. Қ. Жұбанов кеміс деп атаған көмекші етістіктің түрі құранды етістік жасауға негіз болады. Сонымен қатар толық көмекші етістіктер құранды етістіктің құрамында кездеседі, алайда идиомаланған құранды етістік түрін жасайды.

Құранды етістіктердің құрылымы мен семантикасы жайлы тұжырымдар тіл білімінің көрнекті зерттеушілерінің жекелеген еңбектерінде айтылды, сондай-ақ қазақ тілінің алғашқы ұжымдық еңбектерде орын алды. Осы тұста қазақ тілінің алғашқы грамматикасын айта кеткен жөн.

1954 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» атты алғашқы грамматикада сөз таптарына арналған бөлімдерді М. Балақаев (сын есім, шылау сөздер, көмекші есімдер), А. Ысқақов (морфологияның жалпы бөлімі, зат есім, сын есім, есімдік, үстеу, одағай, еліктеуіш сөздер, көмекші есімдер), Н. Сауранбаев (етістіктер) сынды ғалымдар жазған. Аталған грамматикада фонетика, лексика, синтаксис салаларына қатысты зерттеулер де қамтылған. Морфология саласының теориялық негізі аталған ғалымдардың зерттеулерімен қалыптасты. Қазақ тіліндегі сөз таптарының лексикалық, грамматикалық ерекшеліктері толығымен сипатталған бұл еңбекте етістіктің қазақ тілінің күрделі сөз табына жататыны айқындалып, құрамы жағынан күрделі етістік түріне қатысты ғылыми тұжырымдар берілді. Айта кететін бір жайт, аталған еңбекте «құранды етістік» терминінің «құрама етістік» деген терминмен қолдануылуын аңғарамыз. Демек, «құранды етістік» термині қазақ тіл білімінде бірден қалыптаспады. Көптеген зерттеу еңбектерінде етістіктердің құрылымдық ерекшелігін айқындайтын әрт. рлі термин қолданылды. 1954 жылғы грамматикада күрделі етістіктердің не етістіктерден, не есім сөз бен көмекші етістіктердің тіркесуі арқылы жасалатыны айтылған. Есім сөздер мен көмекші етістіктен жасалған құранды етістіктердің құрамындағы көмекші етістіктердің іс-қимылды білдіруге негіз болатыны сипатталған. Көмекші етістіктердің мағынасына талдау жасалды. «Есім сөздер мен етістіктен жасалған құрама етістіктерде іс-қимыл туралы ұғым ондағы есім сөзде болмайды, соңғы көмекші етістікте болады: сурет салды, ұйқы қанды, ер жетті, ат қойды дегенде, істі, қимылды, әрекетті олардың соңғы етістік сыңарлары білдірген» [9, 287-б. ] .

1967 жылы жарық көрген грамматиканың «Морфология» атты бірінші кітабында да құранды етістіктер туралы ғалымдардың ғылыми тұжырымдары берілді. Аталған грамматикада күрделі етістіктердің құрамына және грамматикалық мағынасына қарай үш топқа бөлінетіні айтылған. Олар:

  • есім және еліктеуіш сөздердің көмекші етістіктермен тіркесуі арқылы жасалған тіркесті түбір етістіктер,
  • едікөмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалған күрделі формалар,
  • көсемшелерге көмекші етістіктердің тіркесуі арқылы жасалған формалар.

Осында тіркесті түбір етістіктер деп отырған күрделі етістіктердің қатары қазіргі қазақ тілінде «құранды етістік» деген терминмен қалыптасқан етістіктер болып табылатынын аңғарамыз. Грамматикада тіркесті түбір етістіктерге жек көру, таң қалу, ер жету, құр қалу тарс ету, гүрс ету т. б . мысалдар келтіріліп, мынадай сипаттама беріледі: «Күрделі етістіктің бұл түрі ешқандай грамматикалық үстем мағына білдірмейді де, лексикалық единица есепті қолданылады. Сондықтан бұл да форма сөз тудыру категориясына жатады» [10, 155-б. ] . Бұл тұжырымды негізге ала отырып, құранды етістіктер етістік сөзжасамында қарастырылатын мәселелердің бірі болып табылады деп айта аламыз.

Қазақ тіл білімінде профессор Н. Сауранбаев еңбектерінің құндылығы - тілді семантикалық тұрғыдан зерттеуі. Сөз таптарының ішінде етістікті зерттеу барысында ғалым оның мағыналық дамуына, субстантивтену үлгілерін сипаттауға ерекше мән береді. Етістік тудырушы жұрнақтардың мағынасын нәтижелік, объектілік т. б. деп жіктейді. Етістік тұлғалары мен түбірлерінің семантикалық дамуын зерттеген ғалым Н. Сауранбаев «Қазақ тілі білімінің проблемалары» атты зерттеу еңбегінде етістік мағынасының ішкі семантикалық дамуын формалық дамуына байланысты жиынтықта қалыптастырады [11, 168-б. ] . Құранды етістік жайлы ғылыми көзқарас қазақ тіл білімінің синтаксис саласына қатысты құнды еңбектер жазған профессор М. Балақаевқа тиесілі. Ғалым қазақ тілінің синтаксистік және стилистикалық жүйесінің негізін салды. М. Балақаевтың «Сөз тіркесі туралы кейбір ойлар» атты мақаласында сөз тіркесінің номинативтілігі мен номинативті еместігі сараланып, номинативті сөз тіркесі ретінде фразалық тіркестер қатарына жатқызылды. Ал кез келген номинативті мағына беретін сөз тіркесі лексикологияның, номинативті емес сөз тіркесі синтакистің зерттеу нысаны болса, номинативті сөз тіркесінің жасалу, қалыптасу жолдарын анықтау - сөзжасам мәселесі болып саналады [12, 132-б. ] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Құранды етістік. Күрделі етістіктің құрылымы: сыңарлары, мағынасы
Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған етістіктер
Екі етістіктен біріккен күрделі етістіктер
ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІ Ы.МАМАНОВТЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МҰРАСЫ
Етістік категориялары
Құранды етістіктердің ерекшеліктері
Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі
Етістіктің қазақ тілінде зерттелуі
Көмекші етістіктердің қызметі
Септік категориясының мағыналары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz