Базар Жырау Оңдасұлының шығармашылығы


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 59 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Филология факультеті

Қазақ әдебиеті кафедрасы

Бакалаврлық (диплом) бітіру жұмысы

Тақырыбы: Базар Жырау Оңдасұлының шығармашылығы

Орындаған: 050117- Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітіруші

Сағындықова Н. 3 жылдық, 3 курс

Ғылыми жетекшісі: ф. ғ. к., доцент м. а. Бегманова Б.

Қорғауға жіберілді

Хаттама № «» 2011ж.

Кафедра меңгерушісі: ф. ғ. д., профессор м. а. Ержанова С.

АЛМАТЫ-2011

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

1. БАЗАР ОҢДАСҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨМІРІ ……… . . . 5

2. ТОЛҒАУЛАРЫ МЕН АЙТЫС, ҚАҒЫТУЛАРЫ . . . 17

3. БАЗАР ЖЫРАУ ДАСТАНДАРЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ, СЮЖЕТТІК

ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ . . . . . 37

4. ЖЫРАУЛЫҚ ДӘСТҮР ЖӘНЕ АҚЫНДЫҚ ӨРНЕК . . 50

ҚОРЫТЫНДЫ …. . . . 59

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . … . . . … 61

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы

ХІХ ғасырда халық шығармашылығы мен ауыз әдебиетіне асқақ рухты, тың эпикалық сарын әкелген жыраулық поэзияның белді өкілінің бірі - Базар жырау болды. Оның ойлы да орамды толғаулары мен тәрбиесі мол тартымды термелері, жақұттай жырлары мен қызықты хикаялары қазақ сахарасымен ғана шектелмей, көрші өзбек, қарақалпақ елдеріне кең тараған.

Әрине, “таланттың да тақыр жерде өспейтіні” белгілі. Базарға бірі ұстаз, бірі әріптес саналатын Шернияз, Өске, Орынбай, Әзілкеш, Бұдабайлар, шәкірттері: Қарасақал Ерімбет, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Мықан, Омар, Мәнсүр, Шегебай тәрізді тарлан ақындардың өз тұсының маңдайалды өнерпазы болғанына еш күмән жоқ. Алайда, осы аталған ақындар әр түрлі оқулық, басылым беттерінде тиісінше деңгейде сөз болғанымен олар туралы арнайы зерттеу еңбектер соңғы уақыттарда ғана жазыла бастады.

Қазақ әдебиеті тарихында “кітаби ақындар» деп аталып келген бір топ шайырлардың еңбегі де дұрыс бағаланбай, ұзақ уақыт бойына идеология, саясат, таптық, атейстік көзқарастардың кесірінен теріс түсіндіріліп келді. Мұндай асыра сілтеудің зиянды зардабын Базар жыраудың шығыс үлгісінде шығарған “Әмина қыз, “Айна-Тарақ”, “Жүсіп-Ахмет”секілді көркем хикая-дастандары да тартты. Ақынның бұл тақырыптағы туындылары ара-тұра аттары аталғаны болмаса, зерттеушілер назарынан мүлдем тыс қалды. Сондай-ақ, Базардың халықты азаттыққа шақыратын бірқатар толғаулары, әсіресе, Сыздық сұлтан Кенесарыұлы мен Елкей сұлтан Қасымұлына шығарған арнауларының тағдыры кейінгі кезге шейін белгісіз болып келген.

Тақырыптың зерттелу деңгейі . Базар жырау поэзиясына әр кезеңдерде белгілі ғалымдардың зерттеу еңбектері, жырау шығармашылығы жайлы тұжырымдамалар жарияланып отырды. Жыраулық поэзия жөнінде әр кезде зерттеулер жазған ғалымдар: Ә. Марғұланның, М. Базарбаевтың, Ә. Дербісәлиннің, З. Ахметовтің, М. Байділдаевтың, Қ. Сыдиықовтың, М. Жармұхамедовтің, Б. Абылқасымовтың, Т. Тебегеновтің, С. Негимовтің еңбектерінде Базар толғаулары ғылыми мақсаттарға сай талданып, тиісті бағасын алғанын атап айтқан жөн. Жоғарыда аталған ғалымдардың ізденіске толы еңбектерінде айтылған орайлы ойлар мен орнықты пікірлер Базар мұрасын зерттеушілерге тың жол ашты.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диплом жұмысының басты мақсаты ең алдымен Базар Оңдасұлының шығармашылық өмірбаяны мен жыраудың ақындық дәстүрмен байланысты тұстарын айқындау; ақын толғаулары мен жыраулық поэзия арасындағы ұқсастықтың басты себептері мен сипаттарын саралау; ақын шығармаларын көркемдік тұрғыдан саралай отырып, Базар Оңдасұлының талант деңгейін, қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын айқындау.

Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер жүктелді:

Ақынның хикая-дастандарында кездесетін шығыстық сюжеттердің тегін анықтау және жанрдың кәсібилік тұрғыдан игерілу деңгейін зерттеп, зерделеу;

Базар Оңдасұлының шығармашылық ортасына қатысты ақын-жыраулар поэзиясын ғылыми нысанаға ала отырып, өнер өкілдері арасындағы дәстүр жалғастығын дәлелдеу және осы бағыттағы жыраудың жаңа жетістіктеріне назар аудару.

Зерттеудің теориялық және методологиялық негізі.

Дипломдық жұмыстың теориялық және методологиялық негізі ретінде әдебиеттану ғылымының жетістіктері мен ғылыми ізденістері басшылыққа алынды. Атап айтқанда, қазақ әдебиетін, оның тарихы мен теориясын, сондай-ақ, ақын-жырау, сал-сері, ақын-шайырлар поэзиясын зерттеген еңбектер жұмысымыздың негізгі методологиялық әрі ғылыми бағдары болып табылады. М. Жұмабаев, Х. Досмұхамедов, М. Әуезов, С. Мұқанов, С. Сейфуллин, М. Ғабдуллин, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Ы. Дүйсенбаев, Ә. Қоңыратбаев, С. Қирабаев, З. Қабдолов, З. Ахметов, Р. Бердібай, М. Базарбаев, С. Қасқабасов, М. Жолдасбеков, Ә. Нарымбетов, Ж. Ысмағұлов, Ш. Елеукенов, Ш. Сәтбаева, О. Нұрмағамбетова, М. Жармұхамедұлы, Б. Әзібаева, А. Қыраубаева, Қ. Сыдиықов, Ж. Тілепов, С. Негимов, Б. Әбілқасымов, Қ. Өмірәлиев, А. Егеубаев т. б. ғалымдардың еңбектері, ғылыми зерттеулері қаперге алынып, қажетіне қарай қолданылып отырды.

Дипломдық жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспе, қорытынды және төрт тараудан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер берілді.

  1. Базар Оңдасұлының шығармашылық өмірі

Базар жырау 1840 жылы бұрынғы Сырдария облысы, Қазалы уезі, Көшербай болысының 6-ауылында Қуаңдарияның Шірік-Рабат деген жерінде (Қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданының маңайы) өмірге келген.

Сол замандарда өмір сүрген көптеген ақындар секілді Базардың да ата-тегі мен туған жылы жөнінде әрқилы пікір-болжамдар айтылып келді. Мәселен, ақын шығармашылығы туралы арнайы мақала жазған профессор Х. Сүйіншәлиев Базардың 1839 жылы дүниеге келгенін айтса, әдебиет зерттеушісі М. Байділдаев оның 1842 жылы туғанын, ал, ақынның тұңғыш жыр жинағын құрастырушы Ш. Алдашев болса, Базар Оңдасұлының “1841 жылы, күз айында дүниеге келгенін” [1, 6] жазады. Сондай-ақ, жыраудың әкесінің кім екендігі туралы түрлі жаңсақ пікірлер орын алғаны мәлім. Базар жөнінде алғаш рет мақала жазып, оны әдеби қауымға таныстырған. М. Жұмабаев, Х. Досмұхамедов, Ы. Дүйсенбаев сынды ғалымдар ақынның ата-тегінің “Кіші жүз, Шөмекей, Балқы руынан” екенін айтқанмен, әкесі жайында сөз қозғамаған. Ал, 1965 жылғы “Айтыс” жинағында берілген түсініктемеде Базардың әкесі - Өтеміс. Мұндағы мәлімет бойынша “Кіші жүздің Керейт руындағы Оңдас деген кедей кісі Базар жыраудың нағашысы екен. Туғаннан кейін жасқа толмай тұрғанда сол нағашысы Базарды сұрап алып, бала етіп бауырына басады” [2, 655] . Бұл деректі Х. Сүйіншәлиев те қайталайды. Тек, кейінгі жылдары жарық көрген поэзиялық жинақтар мен ақын шығармаларының жоғарыда аталған бірінші басылымында ғана Базардың әкесі - Оңдас, нағашысы - Өтеміс деп түзетілген [1. 7] . Яғни, соңғы мәліметке сүйенсек, Базар жыраудың ата тегі: Кіші жүздің Қаракесек - Әлім тайпасынан - Шөмекей. Одан - Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғыл. Бозғылдан - Қайқы. Бұдан - Қыдыр, Темір, Полат. Осы үшеуден тараған ұрпақтардың бәрі де шешесі Балқияның есімін иеленіп, Балқы атанып кеткен (Балқы Базар деу осыдан шыққан - С. Қ. ) . Үш ұлдың біреуі Полаттан -Жауғашты, одан - Отарбай, Отарбайдан - Байсейіт, Байсейіттен - Қарақұл, одан - Ермек, Ермектен - Оңдас, бұдан - Базар жырау тарайды.

Осы аталған материалдар жинағынан мынадай жолдарды оқимыз: “Базар жыраудың туылған жылы “Үш ғасыр жырлайдыда” 1842 жылы делінген. Базар өлер жылы: “Килігіп жас жетпіске толығып тұр, Өр көңілім жеңбес жауға жолығып тұр” деп өзі жетпістен асып, жетпіс бірге аяқ басқанда ауырғанын айтқан. Сонда, ол 1840 жылы туылған болады”. Сонымен бірге, ақынның жерлестері “оның әкесі Өтеміс емес, Оңдас екеніне ешкімнің таласы жоқ” деген қорытынды пікірлерін білдіріпті.

Расында, Базар жыраудың өлеңінде де: “Өз атым - Балқы Базар, әкем - Оңдас, // Бұл сөздің білмек болсаң шыққан жерін” деп нақты дерек айтқан. Әкесінен жастай жетім қалған Базар Қызылқұмды жайлаған нағашысы Өтемістің аулында Шөмекей, Есімтөбет руының байы Жабағының қойын бағады. Болашақ Сыр сүлейінің ақындық жолы да осы кезден басталады. Аңыз бойынша, бір күні Базар қойын Сыр бойындағы “Қылышбай” күзері деген суатқа иіріп, демалып отырса, өзеннен су алуға жеңгесін ерткен бойжеткен қыз келеді. Бозбала жігіт қыз бен келіншекке амандасып, әзіл айтса керек.

Сол арада қыз:

Бастаған жұғысың ба сөздің басын,

Бұл жерде саған мені кез қылғасын?

Айтыпты бұрынғылар деген қайда:

“Сұрама аттың - тісін, ердің - жасын”.

Одан да емін неге сұрамайсың,

Күте алмай бір басыңды таз қылғасын? -

деп жас жігіттің кедейшіліктен тапқан кемшілігін бетіне басады. Жауап таба алмаған Базар бұған қатты намыстанып, ызадан жылап жіберген екен. Тағы бір фольклоршының әңгімесінде Базар осы оқиғадан кейін күрт өзгеріп, қиялданып кетеді. Сөйтіп жүріп, бірде қойларын суатқа құлатып, өзі ұйықтап жатса, түсіне ақ сәлделі қария кіріпті. Қарт: - Балам, көген аласың ба, әлде өлең аласың ба? - дегенде, Базар: - Өлең аламын, ата, - депті. - Ендеше, аузыңды аш, балам, - депті қарт. Ашқан екен, аузына түкіріпті-міс. Содан жиіркеніп оянып кеткен бойдан айтқаны өлең болған. Мұндай ақын-жыраулар өмірбаянында жиі ұшырайтын “киелі құбылыс” жайында терең ой қозғаған ғалым Е. Ысмайыловтың жазуынша, олар ақын болар кезде түс көргіш болады, шошып оянып, мазасы кетеді, ол түсінде белгісіз ақсақалды қарияны көреді немесе ертеде өткен, есімін естіп білетін, яки, сол өзінің еліне мәлім атақты ақын келіп, аян беріп домбырасын ұсынады… Мәселен, бала кезінде Сүйінбай, түсінде келіп, “өлең аласың ба, көген аласың ба” деген адамға, “өлең алам” деп шошып оянып, түрегелсе, бастығырылып, тілі күрмеліп қалыпты, сонда құлағын бұрап, шыңғырып өлең айтыпты-мыс. Мұндай әңгімелер, әдетте, Абыл, Жамбыл, Құлмамбет, Шашубай, Қожабай сынды көптеген ақындарға қатысты түрліше құбылып айтыла береді. Тек, бір ерекшелігі ақындық “кие” халыққа даңқы кең тараған аса дарынды өнер иелерінде ғана болған. Ал, Базар жыраудың дәл осы қағидаға сай, сан қырлы талант иесі екендігі күмәнсіз.

Кейінірек, Базар бір тойда, баяғы өзін жерге қаратқан атақты Айпара ақынмен кездесіп, “ұпайын” қайтарады. Бұл − өткен ғасырларда қазақ жастарының арасында кең тараған қайымдасудың анайы түрі екені көрініп тұр. Қыз:

…Сұрасаң, менің атым - қыз Айпара,

Бойымда жазылмайтын болды жара.

Өзіме ол жараның зияны жоқ,

Таба алсаң, тамырымды ұстап қара.

Базар:

Білемін, сенің атың - қыз Айпара,

Бойыңда кішкентайдан болды жара.

Бұл күнде екі шеті іскен екен,

Абайсыз жарып алма, байқап қара…

Жігіт қолма-қол жауап қайтарып, жеңеді. Қыз да белгілі салдың біреуі екен. Іркілместен:

Аспанда бір жұлдыз бар айдай аққан,

Жемісін миуа ағаштың бұлбұл баққан.

Құдеке, құдашаны сөкпегейсің,

Тұяғын тұлпар аттың томар қаққан, -

деп, үстіндегі жібек шапанын Базардың иығына жауыпты. Осы қайымдасудың бір нұсқасында Базардың руы - Алаша, ал Айпараның елі - Байбақты еді делінеді.

Базардың жас, жігіт шағында айтқан өлең, айтыстары көбінесе әжуа, қағыту, қайым-бәдік түрінде келеді. Бір жиында Базар өзінен қонақ кәде сұраған Ырысты дейтін жеңгесіне былай деген екен:

Құлағың сал, Ырысты,

Қараша қаздай дыбысты.

Бір атым бар астымда,

Талмайтын бөкен жүрісті.

Сені көріп жануар,

Көтеріп басын жылысты…

…Сенен немді аяйын,

Сен де менен аяма,

Ағамнан қалған ырысты… [3. 67] .

Ақын-жыраулардың жастық өмірі серілікпен той-думанда өтетінін ескерсек, қыз бен жігіт арасында жиі кездесетін мұндай қайымдасулар ақындық талантты ұштауға, өлең шығарғыштық қабілетін көтеруге көп септігін тигізген. Осындай “бәдік” айтыстарды Сүйінбай, Жамбыл, Майлықожа, Үмбетәлі, Мәделі, Шернияз, Өске, Бұдабай, Ұлбике, Уәзипа, Меңеш, Ғайнижамал, Шәкей сал, Ырысты, Нұрила, Дәме, Шәріпжамал, тағы да басқа қазақтың белгілі ақындарының шығармашылық мұрасынан ұшырастыруға болады.

Қайым, қағысулардың анайы түрі тек қыз бен жігіт қана емес, бірыңғай еркектер арасында да жиі орын алған. Атақты Жамбыл ақын өзінің бір естелігінде Базар жыраумен айтысқанын былай деп әңгімелейді: “Түркістандағы бір тойда Майлықожа, Балқы Базарға кездесіп, думанда бірге болдық. Сол жолы Құлыншақтан “Шора батырды” тыңдап үйрендім. Ертеңіне Базармен айтысып қалдым. Айтыс аяғы бәдікке айналып бара жатыр еді, жұрт екеумізді қой-қойлап, аяғында әзер тоқтатты” [4. 260] .

Базар жыраудың Жамбылмен айтысқанын жыр алыбына әдеби хатшы болған Ә. Тәжібаевтың естеліктері де растайды. Жамбыл осы сапарда Майлықожадан “Шаһнаме, “Мың бір түн”, “Тотының тоқсан тарауы”, “Алпамыс” сияқты жыр-дастандарды үйренсе, Құлыншақтан “Шора батырды” тыңдап, жаттайды.

Қыр мен Сырды, өзбек пен қазақты көп шарлаған Базардан Жамбыл ақын да аз үйренбеген сияқты. Әдебиетші ғалым Н. Төреқұлов екі ақынның жүздесуінен мынадай ой сабақтапты: “Базардың “Өзімдей-ақ ұл туар”, “Тілек”, “Сөйле десең, сөйлейін”, “Әр нәрсенің парқы бар”, “Өлеңнің аққан көзі едім”, “Айдан ару нәрсе жоқ”, “Жиырма бес” тағы сондай жыр-толғауларын Жамбыл қасында бірге жүріп, талай тыңдаған. Осындай творчестволық байланыстың әсер ықпалы болу керек, Жамбылдың өлең, толғауларында Базар жыраудың әуен, сазы, сөз саптау мәнері айқын сезіледі. Тіптен кейбір шумақтары да бір-біріне ұқсап тұрады” [5, 51] . Зерттеуші Базардың “Айдан ару нәрсе жоқ” атты толғауымен Жамбылдың “Тоқсанға келген жасым бар” атты өлеңінің ұқсас шумақтарын мысалға келтіре отырып, әлгіндей пікір түйеді.

Базардың шыққан тегі - Шөмекей руының қыстауы Сырдың төменгі сағасы да, жайлауы - Ырғыз көлі мен Егізқара тауларының маңайы. Сондықтан жыраудың жастық өмірі Сыр бойы, Арқа өңіріндегі жиын-той, ас-бәйгелерді құр жібермей қызықпен өткен сияқты. Осындай думанды мәжілістердің бірінде өз өнерін көрсеткен Базардың басына бақ қонып, ел жақсыларынан бата алады, алқалы топқа түсіп, арқалы ақын атанады. Өмірінде өшпес із қалдырған сол оқиғаны ақын былайша еске алады:

Әуелі Базар атандым -

Он алты деген жасымда,

Байкөкшенің асында.

Содан бері келемін

Сыпайының қасында [6, 27] .

Базар жыраудың кейінгі шығармашылық өмірі де оның қазақтың батыс өңірінде ерекше дамыған жыраулық дәстүрден мол сусындағанын және Шернияз, Абыл тәрізді тарлан ақындардың жыр мектебінен өнеге алғанын айқын аңғартады.

Абыл Тілеуұлының өлеңдері мен қағыту, айтыс-әзілдерінде де Базар шығармаларымен ұқсас, ортақ құбылыстар жетерлік. Әсіресе, Абылдың “Балдай қызбен айтысы”, “Сушы қызбен сөз жарыстыруы”, “Орақ қызбен қағысуы” секілді туындылары Базардың боз бала күніндегі құдық басында тұрып Айпара қызбен айтысатын сәттерін еске түсіреді [7, 3] . Ал, осы өлкенің өрен жүйріктерінің бірі Қашаған ақынның өзі де Базар жыраумен үзеңгілес болып, талай тойларда қатар топқа түскен. Ақынның “Қоштасу сөзінде” мынадай жолдар бар:

Әбубәкір, Аралбай мен Майлықожа,

Оңдастың Базарбайы - бәрі дәмдес,

Жолдығыма таласпай құрмет тұтқан

Мен Қашаған, мінеки, бітті демім… [8, 140] .

“Таланттың тақырда өспейтіні” белгілі қағида. Базар жырау туып өскен Сыр топырағында да талай-талай топжарған, шешен, билер, той бастаған айтулы ақындар дүниеге келген. Әуезін әуеде ұшқан аққудың әуеніне қосқан небір жүйрік мәшһүр жыраулар да жетерлік болатын. Бұл өңірде ежелден қалыптасқан дәстүрлі жыр мектептері болғаны және белгілі. Өн бойына көне оғыз, қыпшақ әуен-саздарын сіңірген, бұлақ бастауларын Қорқыт ата сарындарынан алатын осынау өнер ошақтарының көш басында ХІХ ғасырдың 60-70-ші жылдарында аттары Алашқа мәлім - Мұсабай, Нысанбай жыраулар, Әзілкеш ақын мен Ешнияз сал сынды өрелі өнер өкілдері тұрғанын білеміз. Заманы бір болғанымен, жас жағынан Базардан едәуір үлкендігі бар осылардың қай-қайсысы да болашақ жыраудың қалыптасуына игі әсер еткеніне күмін жоқ.

Базар бата алған белгілі жүйріктің бірі - Әзілкеш Шымырұлы (1830-1895) . Алшын, Шөмекей тайпасының Сарыбай аталығынан өретін ақынның шын есімі Әзірбай болса да, бозбала күнінде жеңгелері оны серілігі мен сауыққойлығына орай Әзілкеш атандырып жібереді. Өзі әнші, домбырашы, әрі мықты айтыс ақыны ретінде жұртшылыққа кең танылған ол Арқа, Сыр, Бұқар-Нұрата өңірлерін көп аралап, шаршы топқа түскен, алқалы жиында жыр айтқан. Домбыраны шебер тартатын Әзілкеш ақын бір кездегі Сыр бойына ауып келген әйгілі күйші Құрманғазымен дос болған көрінеді. Базар жыраудың өзі де жастау күнінде Ешнияздан салдық пен серіліктің, билік пен шешендіктің қыр-сырына қанығады. Салға еліктеп, Базар шығарған әндердің саны біраз болса керек. Әйткенмен, бүгінге дейін жыраудың бірер әні ғана жеткен. Ертеректе газетте басылған мақалада Базардың “Күміс-ай, “Ақтолық-ай” атты әндері қарт жырау Жалғасбай Аралбайұлының орындауында жазылғаны туралы дерек бар. Бірақ сол мақаладан он жыл өткенде Алматыда жазылып, жеке күйтабақта басылған жыршы А. Алматовтың “Жыр керуені” атты термелер жинағында “Күміс-ай” әні Тұрым жыраудың атына телінген.

Базар жігіт шағында Арқаның орта жүздің бұлбұлы атанған небір жүйрік ақындарымен жүздесіп, солардан бата алған. Сырда туып, Қырда өскен Серәлі, Өске, Орынбай Бұдабайлар - Базар жырау айрықша бағалаған арқалы ақындардың сойынан. Жырау өз толғауында:

Мәжілісінде жақсының

Дәурен сүріп күн көрген.

Ерегіскен олармен

Ажалы жетпей күнде өлген.

Қарадос, Өске Бұдабай,

Серәлі, Садыр, Орынбай,

Ақ Кетенің ішінде

Шернияз, Шыман, Өтеген -

Солардан өткен сұм дүние [6, 77] -

деп оларды ерекше ілтипатпен еске алады.

Осындағы Серәлі Еруәліұлы (1835-1876) - белгілі ағартушы-демократ ақын, қазақтың қабырғалы қайраткерлерінің бірі, кезінде “Айқап” журналының тұңғыш редакторы болған алғашқы кәсіпқой журналшы Мұхамеджан Сералиннің әкесі. Деректер бойынша Серәлі ақынның әкесі Еруәлі Сыр бойында қыстап, Арқа жерінде жайлап жүрген көшпелі шаруа болған. Жасынан осылай жер көріп, ел танып өскен Серәлі талай жиын тойларда тарлан ақындардың тәлімін үйреніп, өзі де ысылып, сан саңлақпен сайысқа түскен. Ол өзі тұстас талай ірі ақындармен, Ошақты руынан шыққан Ұлбике, Сыр бойының сері ақыны Ешнияз салмен (1834-1902) айтысқан. Атақты Орынбай ақын Серәлімен айтысқанда оған:

Қожа біткен Сыр, Қуаңға барған болар,

Елді алдауға Құранын алған болар [6, 159], -

деп тиіседі. Бұл мәліметте аталған ақындардың Базар өмір кешкен Қуаңдария, Қызылқұм өлкесіне кең танымал екендіктерін аңғартады. Ал, Өске Торқаұлы (1788-1857) - Серәлімен туыс, яғни қостанайлық Қыпшақтардың Танабұға руынан шыққан белгілі жүйрік. Деректерге қарағанда ақын жастайынан жетімдік қамытын киіп, кедейшілік тауқыметін көп тартады. Өскенің “Наурызбай биге айтқаны”, келініне арнаған мысқыл өлеңдері Базардың “Асылқожаға”, “Текешікке” секілді қағытпаларын еріксіз еске түсіреді. Екі ақынның басындағы жарлылық, би-болыстарға қырғидай тиген өткір де ойлы өлеңдері мен құрбалас қыз-келіншектерге шығарған “тұзы ащы” қағыту-қайымдасулары қос талантты туыстыратын басты ерекшеліктерінің бірі.

Сырдың саңлақ ақыны саналатын қыпшақ Бұдабай Қабылұлы Базар жыраумен сыйластықта жүріп, оған ағалық батасын берген көрінеді. Базар сияқты Бұдабай да Өскенің өнерін ұлық тұтқан. Өзі жайындағы толғауында ақын ұстазын былайша сипаттайды:

Біз едік Бұдабайы Орта жүздің,

Қандырған сөзбен мейірін алқаңыңыздың.

…Үйреніп өнегесін үлгі еткенім

Өскесі еді Қарабалық қарт абыздың.

Қыпшағы Сыр бойының болсам-дағы

Өскемен туысы бір тайпамыздың [6, 115] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Базар жырау
Жыраулардың өлең құрылымы негізінен толғау
Базар Оңдасұлы
XIX ғасыр қазақ әдебиетіндегі жыраулық дәстүрдің көрінісі
Діннің мәдениет қалыптастырудағы орны
Жыраулар поэзиясы
Халел Досмұхамедұлының әдеби мұрасы
Бұқар жырау толғаулары
Мағжан Жұмабайұлы шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесі
ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ – ЖАЗБА ӘДЕБИЕТІН ЗЕРТТЕУШІ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz