Қазақ поэзиясындағы батыр ақын бейнесі


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 60 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

КІРІСПЕ . . . 3

1. Махамбет жырларындағы ақындық «мен» . . . 6

2. Қазақ поэзиясындағы батыр ақын бейнесі . . . 31

Қорытынды . . . 53

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 58-60

Кіріспе

Тақырып өзектілігі. Әр халықтың да уақыт, заман ағымындағы тарихи көшінде жылдар жылжып, ғасырлар ауысса да, уақыт сынына бой алдырмайтын, топ бастайтын, мәңгілік рухани құндылықтары болады. Мұндай құндылықтар, әрине, бірінші кезекте ұлттың өнеріне қатысты. Өнер, оның ішінде сөз өнері - мәңгілік құндылық. Ұлы далада күрескер ғұмыр кешіп, қуанышын да қайғы-мұңын да алдымен өлеңмен өрнектеген, яғни басындағы бар қасіретін де, кейінгі біздер бас иетін нар қасиетін де поэзия тілімен жеткізіп келген қазақ халқы үшін сөз өнері ең басты құндылық болып саналуы әбден заңдылық. Бес қаруын асынған, «Жылан» Жәңгірге ашынған, қабағы қатулы, «ереулі атқа ер салған, еңку-еңку жер шалған» батыр әрі арқалы ақын Махамбет Өтемісұлының алмас қылыштай өткір, тотияиындай уытты, кекті жырлары әрқашан да халқымыз үшін міне осындай баға жетпес құндылық саналады. Себебі, Махамбет өлеңдерінде халқының өзіндік болмысы, қайсарлылығы, бодандыққа бас имес еркіншіл өр рухы атойлап, «мен мұндалап» тұрады. Өйткені, ол туындылар мына өткінші болмыс-жалғанның жайларына деген әлдебір бейтарап, марғау, мамыражай, көңіл-күйдің, санасы қарнының аштығы немесе тоқтығымен өлшенетін тоғышарлық танымның көрінісі емес, ту ұстап, қол бастаған, халқына «қатарымызға қосыл, бостандық үшін алыс!» деп ұран тастаған Батырдың, осы мақсатын тыңдаған жұрттың жүрегін жандыра, намысын қоздыра айтқан Ақынның жан сыры, осы мұратқа ғұмырын арнаған Азаматтың өмірінің ұлы мақсаты, тәуелсіздік ұраны. «Ерлік іс ерлік сөзді қажет етеді». Бұл екі қасиет те [ерлік іс, ерлік сөз] Махамбетке тән. Махамбет ерлік ісіне сай ерлік сөзін, өрлік сөзін айта білген арқалы ақын. Оның поэзия сы ерлік істің поэзиясы. Сондықтан да Махамбет жырлары біз үшін айрықша қастерлі. Махамбет жырларын аса байыппен оқу керек, бұл туындыларды кім-кім де азаматтыққа, күрескерлікке сынақ тапсыру үшін оқу керек. Неге десеңіз, батыр баба жырлары - азаматтық поэзияның биік үлгісі.

Біздің табиғатымызда қалыптасқан бір болымсыз әдет- қоғам тарихындағы немесе өнердегі көрнекті тұлғаларымызды олардың мерей тойы, әйтпесе қоғамдық бір үлкен оқиға, салтанаттар қарсаңында ғана еске аламыз. Бұнымыз, әрине, пендешілік, ұлыларды ұғу [ұғыну] үшін, олармен рухани үндестік табу үшін үнемі қайталап оқу, зерттеп-зерделеу ауадай қажет. Біз әл-әзір науқаншылықтан арыла қойған жоқпыз.

Зерттеу нысаны. Шынында да, біз кейінгі ұрпақ, Махамбетті қоғам қайреткері, ойшыл, күрескер ретінде танып бағалай алдық па? Сауал көп те, жауап аз. ЮНЕСКО-ның аталған қаулысынан соң көп ұзамай жарық көрген академик З. Қабдоловтың «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Ерлік пен елдіктің өшпес рухы» атты мақаласы [1, 16] біздің Махамбетті еске алуымыздың ғана емес, оған қайта оралып, жаңаша тануымызға негіз болғандай парасатты пайымдауларға толы өрелі дүние екені даусыз. Шынында да, енді кеңестік танымнан арылып, тәуелсіздік рухында Махамбет тағылымын жаңаша қарастырып-пайымдайтын уақыт туып отыр. Әрине, Махамбет туындыларының жариялануы, халыққа таралуында кеңестік кезінде кедергі болған жоқ. Батыр ақынның туындыларында, өмірі мен шығармашылығы жайлы азын-шағын зерттеу еңбектер де дүркін-дүркін жарық көрді. ХХ-ғасырдың 20 жылдарынан өлеңдері мерзімді баспасөзде жариялана бастады. 30-40, 60-90 жылдар аралығында Махамбеттің өлеңдері әлденеше рет жеке кітап боп басылды, сондай-ақ «Бес ғасыр жырлайды» (1984) «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақын-жазушыларының шығармалары» (1962) «ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1985), т. б. жинақтарда жарық көрді.

Ақынның 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Махамбет жыр-жебе стихострелы» [Дайк - пресс. 2002] деген атпен оның жырлары мен олардың орыс тіліндегі жаңа аудармаларын топтастырған жинақ жарық көрсе, оның алдында [2001 жылы] «Арыс» баспасы «Қазына» атты Атырау ақын-жазушылары кітапханасы» ариясымен шығарып жатқан көп томдықтың екінші томын Махамбетке арнаған болатын. Батыр ақын шығармаларының жиналу, жариялану, зерттелу тарихында Х. Досмұхаммедұлының орны ерекше. Исатай бастаған көтеріліс, Махамбет жырлары хақындағы алғашқы сөз Халелдікі. Бұған «Исатай-Махамбет» [1925 Ташкент] жинағы, «Қазақ батырлары: Исатай, Махамбет» (1924) мақаласы дәлел.

Махамбеттің өмірі мен дауылды дәуірі, ақындығының ерекшелігі жөнінде 30-жылдардың басында М. Әуезов көптеген құнды ойлар айтқан [2] .

Әрине, Махамбет шығармашылығын жан-жақты зерттеу мен оны қалың оқырманға талдап-танытуда, насихаттауда көрнекті әдебиетші ғалым, академик Қажым Жұмалиевтің «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» 1 том (1958) «ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1967) «егеулі найза» (1979) еңбегі елеулі екенін парыз! Сондай-ақ профессорлар Х. Сүйіншәлиев [3], Ж. Тілепов [4], жазушылар Б. Аманшин [5], Б. Қорқытов [6] т. б. еңбектері елеулі. Мұның сыртында тарихи ХІХ - ғасырдан бастау алатын И. Тайманов көтерілісі жайлы орыс, қазақ тарихшыларының оннан астам еңбектері тұр.

И. Тайманов бастаған ішкі Бөкей ордасындағы шаруалар көтерілісі көшбасшыларының бірі, айтулы батыр әрі адуынды ақын ретінде Махамбет көзі тірісінде-ақ аты аңызға, өмірі өнегеге айналған жан. Қайсарлық пен ерлік, алдаспандай қиып түсер өткірлік оның адамдық өз тұлға болмысына да, өлеңдеріне де тән қасиеті. Өрліктің, батырлықтың ел үшін туған ердің символына айналған Махамбет ел, халық жүрегінен мәңгілікке орын тапты. «Ақын еңбегінің жалғыз өлшемі оның адам жүрегіне қанша жақындай алғаны» деген Ә. Кекілбаев тұжырымы бейне Махамбетке арналғандай. Оның жырлары елдің рухын көтеретін, елдікке, ерлікке бастайтын ұран іспетті. Сондықтан да болар халқымыз Махамбеттің есімін де, отты жырларын да қатты қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа рухани қазына ретінде аманаттап жеткізіп отырды. Махамбет бейнесі ел есінде ғана емес, талай ақынның жырларының өзегі болып отыр. Біз бұл еңбегімізде батыр ақын тұлғасының қазақ поэзиясында бейнелену ерекшелігіне тоқталмақпыз.

Дипломдық жұмыстың мақсаты. Бұл дипломдық жұмыстың мақсаты Махамбет шығармашылығындағы өз «менін» толық зерттеп, ақын туралы жазылған қазақ поэзиясындағы Махамбет бейнесін кеңінен ашу.

Дипломдық жұмыстың міндеті.

- Махамбеттің шығармаларындағы өз «меніне» кеңінен тоқталу;

- Ер Махамбеттің өлеңдеріндегі өз бейнесін айқындап, өз бейнесін суреттеудегі ерекшеліктерін сөз ету;

- Қазақ поэзиясындағы ақындар өлеңдеріндегі Махамбет бейнесіне тоқталу;

- Қазақ поэмаларындағы Махамбет бейнесіне шолу жасау.

Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негізі. Орыс және қазақ зертеушілерінің лирика, өлең табиғаты жөніндегі монографиялары мен зерттеулерін дипломдық жұмысқа негіз етілді.

Негізінен төл әдебиетімізде Махамбет тақырыбына арналған алғашқы өлең жолдарын Шернияз Жарылғасұлының, Сегіз сері Шақшақұлының шығармаларынан кездестіреміз. Ал ХХ ғасырдың басында халық ақыны Ығылман Шөреков бүгінгі поэзиямызда арқалы ақындар Жұбан Молдағалиев, Қ. Бекқожин, О. Сүлейменов, Қ. Мырзалиев, Ә. Кекілбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Ф. Оңғарсынова, М. Шаханов, Ж. Натуллин, Құдаш Мұқашев, К. Ахметова, Ж. Бөдешов, Т. Медетбеков сондай-ақ Атыраулық ақын С. Бердімуратов, Жезқазғандық ақын Ғ. Ештанаев т. б. қалам тартты. Тіпті әйгілі орыс ақыны Андрей Вознесенскийдің де бұл тақырыпқа арнап «Зачитываясь Махамбетом» деген өлең жазғаны әдеби жұртшылыққа белгілі. Қазақ ақындарының қаламынан өлеңдермен қатар әлденеше поэмалар да туды. Бұл тақрыпқа әлі де талай жырлар жазылатынына күмәніміз жоқ. Өйткені, Махамбет - сөз өнері үшін мәңгілік тақырып. Сөз ретінде айта кетуіміз керек, ақын, батыр өміріне арналған төл әдебиетімізде романдар да, повестер де, әңгімелер де, драмалық туындылар да баршылық.

Дипломдық жұмыстың теориялық маңызы . Практика жүзінде орта мектептердегі қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында, ЖОО-ның филология факультеттерінде арнайы курс енгізуге және курстық, дипломдық жұмыстарды жазуда басшылыққа алуға болады.

Дипломдық жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында жұмысты жазу барысында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

1. Махамбет жырларындағы ақындық «мен»

Бірінші тарауда кесекті ер Махамбеттің өлеңдеріндегі өз бейнесі айқындалған және ақынның өз бейнесін суреттеу себебі ерекшеліктеріне тоқталып, батыр бейнесінің тарихи тұлғаны шынайы танытудағы маңызы өз алдына, ендігі жерде өзгелер үшін дәстүрлік мәнге ие болғандығымен түйінделген. Барлық ғұмырын азаттыққа, «қара қазан, сары бала қамына» арналған Махамбетті «ел қамқоры», «батыр», «дауылпаз ақын» деп арнайы тұлғалап жатсақ, осы тұлғалық алдымен ақынның өз өлеңдерінен айқын танылатыны айрықша сөз етілді. Мәселе алдымен, ақынның өз бейнесін тұлғалауында, «мендік» тұлғаның бейнеленуі қоғамдық қажеттіліктен туатындығында. «Күлтегін» жырындағы: Шексіз қайғырдым, Қатты қайғырдым деп, «Мен» болып көптің ой-тілегімен, көптің тағдырымен ұштастыра сөйлегенінен зор қоғамдық мән-мақсат аңғарылатындай, біздің төл поэзиямыздағы жыраулардың көбі әрі ақын, әрі батыр, қолбасшы болған және жаугершілік заман шындығына сәйкес олар өз бейнесін де суреттеп отырған. Айталық, өткенін қимай, бүгініне риза болмай, болашағына секеммен қарап өткен Сүйінішұлы Қазтуған өзінің «Мадақ жырында»: «Бұдырайған екі шекелі Мұздай үлкен көбелі . . . Буыршынның бұта шайнар азуы, Бидайықтың көл жайқаған жалғызы, Бұлт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәуірдің Арасын бұзып өтіп дінді ашқан Сүйінішұлы Қазтуған!!!» - дегеніндей [7, 102], Махамбет те «Еңселігім екі елі» деп басталатын жырында өзінің батырлық портретін жасап, ерен тұлғасын ерекше көркем бейнелеп береді. Бір қарағанда, Қазтуған өзін тым көтере мақтап, дәріптеп отырған секілді көрінуі мүмкін. Бірақ байқап қарасақ, батыр жыраудың өмір сүрген кезеңін, оның өмір бойы қолына найза ұстап, бес қаруын асынып, ел қорғап, жорық кешкенін еске алсақ, ақынның жоғарыдағы өзін-өзі көтермелеген сөздерінің мән-мазмұнын, мақсатын түсінеміз. Бұл бейбіт мамыржай шақта бойын әлдебір мақтаншақтық билеген, кісілік сезім кернеген пенденің көкірек керуі емес. Қазтуғанның «Мадақ жырында» өзінің бар шынайы болмысы бейнеленуі жаугершілік заман кезінде аса қажеттілік болса, Қазтуған секілді Махамбеттің де өз бейнесін тұлғалауы, батырлық бейнесін сомдауы тарихи қажеттіліктен туындады. Біріншіден, Махамбет дәуірі бейбіт заман емес. Аласапыран, көтеріліс, күрес, жорық жылдары. Екіншіден, заманның азапты сапарының алдыңғы шеңберінде Исатаймен бірге жүрді. Жыр жасыны болған Махамбет өзінің бүкіл өмірін өлеңмен өріп, жырға қосты. Жоғарыда сөз еткеніміздей, ілгері дәуірлердегі ерлік азаматтық жырлар негізімен, жыраулар поэзиясының «мендік» дәстүріндегі рух жалғастығымен Махамбет те: «Менің атым Махамбет!», «Мен Өтемістің баласы Махамбет атты батырмын», «Мен, мен едім, мен едім», «Мен құстан туған құмаймын», «Мен кескекті ердің сойымын», «Боз ағаштан биік мен едім», «Мен тауда ойнаған қарт марал», «Мен ақсұңқар құстың сойы едім», «Мен келелі қара бұлтпын» -деді. Академик С. Қасқабасов: « . . . алда арманы көп, албырт шағында адам өзін барынша артық бағалап, . . . асып туған батыр сезінген, сондай болуды көздеген. Ойын ашық айтып, өзінің образын сомдаған. Ол өзінің бет әлпетін, дене құрылысын суреттеумен қатар, өзін жұртқа таныстырады. Сөйтіп өзінің кім екенін, нені көксейтінін хабарлап, тіпті өзінің мінезін бірге көшіріп отырған», - дейді [8, 95] . Ал әдебиетші ғалым Ж. Тілепов Махамбет поэзиясындағы авторлық автопортреттің бейнеленуін: «біріншісі - ақынның өзіндік тұлғасын ашық түрде лирикалық «Мен» түрінде анықтап жырлауы; екіншісі - өзі жүріп өткен өмір кезеңдері арқылы өзіне мінездеме бере жырлайтыны», - деп саралайды [9, 98] . Лирикалық «меннің» Махамбет поэзиясына тән екенін, оны ақынның осы аталған тақырыптағы жырларынан іздеуіміз менің зерттеу жұмысымадағы, батыр ақын образын толық тануымызға өзек болып отыр.

Профессор Қ. Жұмалиевтың: «Махамбет екі образ жасады, бірі - Исатай образы, екіншісі - Махамбеттің өз образы» деген [10, 103] . Қ. Жұмалиевтің бұл пікірі батыр ақынның бейнесін өлеңдерінен тануымызға бағыт-бағдар сілтеп, лирикалық кейіпкерден ақын тұлғасын бүкіл қыр-сырымен тануға болатындығына толық аңғарым береді. Поэзия тарихында қайталанбас асқақ күрескердің өз бейнесін өрлікпен жасауы жалпы әдебиетімізде еңбекші бұқара өкілінің тұңғыш рет бар тұлғасымен көрінуі деумізге болады. Олай болса, лирикалық өлеңде ақынның сезімі мен түсінігі ғана емес, танымы да бой көрсететінін біле отырып, ақынның дарын қуатын да, ой-өріс, жан дүниесін де, мақсат-мүддесін де шығармасы арқылы танимыз, бағалаймыз.

Ұлы сыншы В. Г. Белинскийдің: «Ұлы ақын өзі туралы, өзінің жеке «мені» туралы айтса, жалпы адам туралы айтқаны. Өйткені оның тұлғасында жалпы адам баласына тән күллі қасиеттің бәрі бар. Сондықтан оның қам-қасіретінен әркім өз қайғысын сезеді, оның жанынан әркім өзінің жүрек соғысын таниды»-, деген пікірді Махамбет поэзиясына қатысты да айтуға болады [11. 45] . Себебі, Махамбеттің өзі немесе лирикалық «мені» арқылы танылатын қайғысы мен қуанышында, күйініші мен өкінішінде көтеріліс кезеңіндегі күллі халықтың қайғы-мұңы, арманы мен өкініші сезіледі. Халықты бостандыққа үндеу, олардың рухын көтеру, қандай қиындық болса да төзе білуі үшін үлгі ретінде ең алдымен өзінің тұлғасын берді және бұл жайдан-жай емес, ақынның өз тұлғасын суреттеуінің тарихи қажеттілігі зор болады. Көтеріліске бастан-аяқ қатысып, оның ыстық-суығын бәрінен көбірек өткерген, ғұмырын осы ұлы арман жолына алғаусыз арнаған «сол тілек жолында сөзі мен ісі қылдай алшақ кетіп көрмеген «акцентті» елті тұлға» - Махамбет тұлғасы. Махамбет өз бейнесін терең оралымды образды сөздермен, символдармен, көркем теңеулермен бейнелеп жырға қосқан.

Көтеріліс тарихында Махамбеттің батырлық ролі басым ба, әлде наркескен ақындық салмағы басым ба? - деген сауалды алға тартып көрсек, тарихта да, Махамбет поэзиясында да таразының бұл екі басы тең секілді көрінеді. Сондықтан да батыр Махамбет пен ақын Махамбетті бөле-жара қарай алмаймыз. Махамбет өлеңдеріндегі ақын бейнесі мен оның батыр, ел қамқоры ретіндегі қалыптасу эволюциясын төмендегіше сатылады:

  1. Албырт, қызба Махамбет.
  2. Қиналған, қуғындағы Махамбет.
  3. Үміті азайған, алайда үзілмеген Махамбет.
  4. Ел қамқоры, арманына берілген, халқына сенген Махамбет.

Алдымен, Махамбеттің көтеріліс басында өте албырттық танытып, ақынның өр тұлғасында намыс отының кернеу тапқаны М. Әуезовтің: «Сөз сөйлесе жалпы қазақтың қанын қыздырып, желіктіріп, осы жолға ертпекші болады. Өлеңіне қарасақ, өздері істеген істің алғашқы кезіндегі Махамбет, осы пішінімен айқын көрінеді. Қозғалыс бастығы болған батырдың бұндай ақын болуы оның бағасын арттырады», - дегенін аңғарылғандай, көтерілістің басындағы ақын көңіл-күй екпінінде асқан қызулық, өлең-жыр тасқынында да ерекше шабыт бар [12, 205] . Махамбеттің ілкідегі «Ереулі атқа ер салмай», «Беркініп садақ асынбай», «Азамат ердің баласы», «Толарсақтан саз кешіп», «Орай да борай қар жауса» атты жырларында философиялық ой түйіп, өз ісіне, батырлық жігеріне деген ерекше сенімділік басым. Осы орайда, Махамбет поэзиясында тереңірек үңілер болсақ, «Заманым менің тар болды, Тура билік биде жоқ», - деп өзі жыр еткендей [13, 215], ел еркіндігі үшін күрескен, «халқым» деп тебіренген жанның өрекпіп соққан жүрегінің ыстық лебі сезіледі. Оның ақындық көзқарасында халықтың бас бостандығы, адам құқы идеясы ең басты қасиетті деп саналады. Ол өз заманында қазақтың аяқ-қолын тұсап, аяғын аштырмауға айналған. Отаршылдық озбырлықтың зардабын елден ерек сезе білген. Иә, оның шын сақтыққа орыстандыруға қарсы тұруға шақырған көрегендік ойлары ерекше қайран қалдырады. Тілінен, дінінен айыратын, халықтың санасын тұмшалайтын барша руханиятын мүшкілдендіретін жағдаяттарды күні бұрын көре білген данышпандығына, ойшылдығына бас иеміз.

«Махамбеттің өз шығармаларындағы өз бейнесі - қазақ әдебиеті тарихындағы халықтың аяулы ардагер перзенттеріне асыл азаматтарына, қаһарман көсемдеріне мәңгіліккке орнатылған әдеби ескерткіштердің аса көрнетілерінің бірі де бірегейі! Ғасырлар белдеулерінде ұрпақтарының рухын қайрап, көтермелеп отыратын ұрпақтан-ұрпаққа аманатталатын, ел жадында мәңгі сақталатын рухани алтын қазынасы!», - профессор Ә. Нарымбетов айтқандай, Махамбеттің «Тілек», «Қақулап шақырмай, шандамсам шалқамнан түсер асаумын», «Махамбеттің Жәңгірге айтқаны», «Махамбеттің Баймағанбет сұлтанға айтқан сөзі», «Қуатымның барында», «Қылыштай қиғыр алмас ем», «Қарағай шаптым шаңдоздап», «Сөйлесем даусым аңқыған» т. б. өлеңдерінде ақынның мінез-құлқы, айбынды да батырлық келбеті өзінің «қорытылған қорғасындай» тұшымды жырларымен ашыла түсетіндігіне тұжырым жасады [14, 165] . Өзіндік өмір баяны, өзіндік күрес жолы көрсетілетін «Мен едім», «Белгілі туған ер едім», «Менің атым - Махамбет», «Мен құстан туған құмаймын», «Еңселігім екі елі» т. б. өлеңдері Махамбеттің ақындық ой ағынында халық атынан қаһармандық айбат, сес көрсету сарындары өктемірек екенін дәлелдейді. Махамбет жырларының құдіреттілігі - аңсау - арманының кесектігінде.

Махамбет жырларында әуелі өзі аса қадірлеген, аға санаған Исатай бейнесін сомдаған. «Ақкіреуке жағам бар, Исатай дейтін ағам бар» деп, Исатайдай батыр көзі тірісінде жалғыз болмағанын кейінгі ұрпақ білсін деген ұғыммен мадақ өлеңнің сарынымен оның ерлік қасиетін танытуды ұрпақтар алдында парызы санады. «Әй, Махамбет жолдасым», «Жабығу» деп аталатын Исатай атынан монолог етіп шығарған өлеңдерінде ақын өз бастарынан өткерген, орны толмас қателікті айтса да басшы батырдың беделі мен атақ-абыройына нұқсан келтірмеуді көздеп, Исатайдың алдында көзбе-көз айтпаған, өз атымен баяндамаған. Исатайдан кеткен кемшілікті монолог түріне өзіне мойындата отырып, «Өз дегенім болмаса, Өзгенің тілін алмаған, Кісі ақылы қонбаған, Қанша айтсаң да болмадым. Сөзіңе құлақ салмадым . . . » [15, 204] сияқты өлең жолдарынан өз аузынан сөз салып береді.

Махамбет бойындағы ақберен батырлық, оның өрлік бедерлігі мен ерлік қасиеттері «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» атты ұзақ өлеңінде анық көрінеді. Сондай-ақ, « . . . Мақтанады несіне ер?! Тастан қатты тағдырдың Исатаймен шешілер» - деген «Махамбеттің хан Жәңгірге айтқанына» ұласты. Дауылпаз ақын «іш кірнесін армансыз ақтарады. Өлең түгелдей серттесе сөйлесуден тұрады». Махамбеттің ауыр күндерде шығарған өлеңдері өмірден түңілушілікті бейнелемейді, керсінше өршілдігін, өміршең ақынның ойын танытады. Айталық, «Қылыштай қиғыр алмас ем, Шарға шауып мұқалдым . . . Алайда бір шендессем, Ауыр жүкке кездессем, Қара нардай-ақ Саздауға қарсы жұлқармын» - деуінде айтарлықтай қайсарлық бар [16, 206] . Табиғатындағы ақындық асқақ рух айбынды мінезімен астасып, батырлығы ақындығымен тоқайласып, Махамбеттің тереңнен толғаушы ақын, асыл бітімді ер екенін мойындатады. Халық алдында болып жатқан қайғылы жағдайлар мен хан тарапынан қара халыққа жасалған қысымшылықтарды көре отырып, ұлт азаттық көтерлісін ұйымдастырушылардың бірі болуына оның халық мұңын түсінген азаматтық намысы мен өзіндік ар-ожданы итермеледі. Ар мен намыс - егіз ұғым. «Арым жоғалғаннан, жиған барымның жоғалғаны артық»-деп, күнделікті тұрмыс тірлік харекеттен ар-намысты биік қойған дала перзенттерінің бірі асыл Махамбетке керегі ұлт абройы, ұлт намысы. Ол - хан-сұлтанға мадақ айтып, табақтас болуды, күні үшін көлгерсу дегенді білмеген жаратылысы бөлек жан. Махамбеттің өзге ақындардан ерекшелігі - мінезді жыраулығында, туралығында, болмыс-бітімінің оқшаулығында. Ақын өр тұлғалықпен қайыспастан сұлтанға айбат танытады, кек көрсетеді. Сосында:

Дулығалы бас кескен,

Ту түбінен ту алған,

Мен - Өтемістің баласы,

Махамбет атты батырмын! -

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ХVІІІ ҒАСЫРДАҒЫ АҚЫН – ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ АБЫЛАЙ ХАН БЕЙНЕСІ
Жыраулар поэзиясындағы Абылай хан бейнесінің көрінісі
ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК СИПАТЫ
Қазақ эпосы мен жыраулар поэзиясындағы жылқы образы
Дүниенің поэтикалық бейнесі лингвоконцептуалдық талдау (ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы ақын-жыраулар поэтикасы бойынша)
Қазақ әдебиетінде Абылай хан тұлғасының жасалу ерекшеліктері
Абай мұрасындағы әйел бейнесі
Балалар поэзиясының әдеби-көркемдік және тағылымдық-тәрбиелік мақсаттарды ұштастырушы сипаттарын теориялық негіздеу
М. Жұмабаев
Поэзия шеңберінің тәңір табынарлықтай құдіреті өлеңді
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz