Қазақстан территориясындағы кедендік істің қалыптасу және даму тарихы (1868- 1917 ж. ж. )


Қазақстан территориясындағы кедендік істің қалыптасу және даму тарихы (1868-1917 ж. ж. )
Мазмұны
- 1868-1890 жылдардағы Қазақстан территориясының Батыс Қытаймен шекарасындағы кедендік істің бастамасы
- Ресейдің кедендік саясатындағы тенденциялар, оның азиялық бағытының және аймақтық нұсқасының ерекшеліктері
- Сібір және Орынбор кедендік шептерінің таратылуы
- Ресейдің өлкедегі сауда мүдделері мен орыс-қытай келісімдерінде кедендік-тарифтік мәселелердің реттелуі
- Жергілікті әкімшіліктер тұсындағы кедендік қызмет (1876-1890жж. )
- 1890-1917 жылдардағы Қазақстан территориясының Батыс Қытаймен шекарасындағы кедендік жүйенің жеке сала ретінде қалыптасуы мен дамуы
- Семей кедендік аймағының құрылымдарын қаржылық және материалдық-техникалық жабдықтау мәселелері
- ХІХ ғасырдың аяғындағы Семей кедендік аймағының кадрлық мәселелері
- Семей кедендік аймағын қайта құру
- Қазақстан территориясындағы кедендік құрылымдардың қызметі (1890-1917жж. )
Анықтама
Бұл диссертацияда сәйкес анықтамалары бар терминдер қолданылды:
Кеден - тауарлар мен көлік құралдарын, заттар мен өзге де нәрселерді кеден шекарасынан алып өту тәртібін, кеден режимдерінің қолданылуын және кеден төлемдерінің алынуын қамтамасыз етуші, кеден бақылауы мен кеден ресімдеуін, т. б. жүргізуші мемлекеттік орган.
Кеден саясаты - кеден бақылауы құралдарының неғұрлым тиімді пайдалануын қамтамасыз ету және кеден шекарасы ішінде тауар айырбасын реттеу, ішкі нарықты қорғау және ұлттық экономиканы дамыту үшін мемлекет жүзеге асыратын шаралар кешені.
Кеден бажы - белгілі бір елдің кеден органдары өзінің кеден аумағына тауарлар әкелінгенде алатын және осындай әкелім мен әкетілімнің ажырағысыз шарты болып табылатын міндетті жарна.
Кеден тарифтері - белгілі бір елдің кеден шекарасынан өткізілетін тауарларға қолданылатын кеден баждары мөлшерлемелерінің жиынтығы.
Кедендік бақылау - елдің кеден ісі жөніндегі заңнамасының және халықаралық шарттардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кеден органдары қабылдайтын шаралар жиынтығы.
Кедендік протекционизм - баждарды жоғарылату немесе төмендету, қосымша импорт жәнее экспорт салықтары мен алымдары.
Контрабанда - кеден заңнамасын бұзып, тауарларды, валютаны және басқа құндылықтарды мемлекеттік шекарадан құпия алып өту, сондай-ақ, шекарадан заңсыз өткізілген тауардың өзі.
Протекционизм - мемлекеттің өз тауар өндірушілерін көтермелеуге, олардың мүдделерін кеден, валюта немесе несие саясатының көмегімен ішкі және сыртқы нарықтарда шетелдік бәсекеден қорғауға бағытталған экономикалық саясат.
Фискалдық саясат - үкіметтің шығындары мен кірістерін реттеу жөніндегі мемлекеттің қаржы шараларының жиынтығы, экономиканы реттеудің аса маңызды тұтқаларының бірі.
Фискалдық баждар - мемлекеттік бюджетке табыс алу мақсатымен белгіленетін кеден бажы, кеден салығының тарихи тұрғыда неғұрлым ертеректегі түрі.
Түсініктемелер мен қысқартулар:
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. «Мемлекеттер бір-бірінен жеке өз мақсаттарымен, құралдарымен және басшыларымен бөлініп тұрғанға дейін кедендерде қажеттілік болады», - деп жүзден астам жыл бұрын тамаша орыс ғалымы Д. И. Менделеев айтқан болатын. Осы тұжырым ХХІ ғасырдың басында да өзінің мағынасын жоғалтқан жоқ.
Кеңестік одақтың ыдырауынан кейін Қазақстанда тамыры тәуелсіздік, зайырлы, демократияшыл принциптерге негізделген мемлекет қалыптастыруға бағыт алынып, қоғамда нарықтық экономика жолына түсу, демократиялық институттарды құру үрдістері басталды. Тәуелсіздікке жету, саяси-экономикалық либерализация, елдің нарықтық даму жолына тұрақтауы мемлекеттің нарықтық экономика талаптарына сәйкес құрылымдарын дамыту қажеттілігін тудырды. Елімізде болып жатқан күрделі, ауқымды өзгерістер тұсында өзінің табиғи қызметі бойынша нарықтық қатынастардың жетелеуші институттарына негізделу қажет. Осындай мемлекет өміршеңдігі деңгейіндегі маңызға ие қазіргі құбылысқа - кедендік іс жатады. Егер де, қазақ даласының Ресей империясының қоластындағы кезеңде аталған сала белгілі бір дәрежеде дамыса, жетпіс жылдық кеңестік кезде орталықтанған, жоспарлы экономика жағдайында аталған сала құрылымдарының маңызы мен қызметі шектелді. Сондықтан, Қазақстан үшін толық таным болмаған даму жолының айнымас құрылымдарын, құбылыстарын түсініп, қолдана білу үшін оның тарихи тәжірибесін зерделеу қажет.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы саяси-қоғамдық өзгерістер кеңестік тарихи тұғырнама мен әдістемелік негіздеменің дағдарысын білдірді. Коммунисттік идеология мен тарихи тағлымды тек марксисттік-таптық көзқарас тұрғысынан зерделеу жаңа жағдайда дәрменсіздігін көрсетті. Тәуелсіздік кезеңінде тарих ғылымына қатысты саяси «цензура» жойылып, төл тарихымыздың жан-жақты тұстарына объективтілік тұрғысынан баға берілді. Осындай күрделі мәселелер қатарына Ресейдің қазақ даласын отарлау кезеңі да жатты. Алайда, патша үкіметінің өлкені отарлаудың саяси, әскери және қоныстандыру шараларын зерттеуге басым назар бөлінсе, оның экономикалық тұстары толыққанды зерттелген емес. Ал, аймақты экономикалық отарлау саясатының маңызды құралы - кедендік қызмет бойынша арнайы зерттеу жұмыстары жоқтың қасы, мәселе төңірегінде жанама зерттеулердің болуына қарамастан, мәселенің зерттелу деңгейі қанағатсыз жағдайда. Бүгінгі күні ғылыми айналымға қосылуға тиісті мұрағаттық және басқа да деректер Ресей империясының аймақтағы кедендік саясаты отарлау саясатының құрамдас бөлігі болып, оның жалпы отарлаушылық мүдделермен үндестігі, ортақтастығы, аймақтағы кедендік істің Ресей үшін өлкедегі экономикалық мүдделерінің қорғау құралына айналғаны туралы пайымдауға мүмкіндік береді. Қытаймен шекарадағы кедендік құрылымдар отарлау саясатының, ресейлік отарлармен шекаралас өлкелерге экономикалық экспансия саясатының құралы болғанын дәлелдейді. Сондықтан, өлкедегі Ресейдің отаршылдық экономикалық саясатының бейнесін толыққанды ашып-көрсету үшін отандық тарихтың өзекті мәселелер қатарына жататын өлкедегі кедендік іс тарихына ден қойып, арнайы зерттеуді талап етеді.
Өзінің Еуразиядағы географиялық орналасуына байланысты Қазақстан бүгінгі күні көршілес елдермен берік экономикалық байланыстарды орнатуға, өзінің сауда-транзиттік мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделі, осындай әріптестік бағыттарының бірі ретінде кедендік іс үлкен рөлге ие болады. Аталған үрдістің барлық мүшелерінің мүддесі үшін кедендік өзара әрекеттесудің тиімді үлгілерін жасау мақсатында кедендік құрылымдар тарихын зерттеу аса маңызды.
Кедендік саясат пен кедендік іс тарихы мәселелеріне назардың өсе түсуі - ақырғы онжылдықтың құбылысы. Бұл қызығушылық, бір жағынан, экономикалық либерализация кезеңіндегі маңызды мемлекеттік институт ретінде кедендік жүйе рөлінің күшейуімен, екінші жағынан, кедендік жүйенің өзінің тарихи тәжірибесін жандандыруға, сыртқы сауда монополиясы жағдайларындағы кедендік іс-әрекет саласының тарылуымен байланысты тарихи ақтаңдақтарды өткеруге объективті қажеттіліктерімен шартталған. Сонымен қатар, жаһандану жағдайларында кедендік өзара әрекет етудің ең тиімді тәсілдерін қалыптастыру қажеттілігімен байланысты кедендік істің тарихи тәжірибесін зерттеу ерекше мағынаға ие болды.
Ресей Батыс Қытаймен шекаралас Оңтүстік-Шығыс Қазақстан өлкесіне тек ХІХ ғасырдың ортасында әскери-саяси әрекеттерді жүзеге асыру барысында өз билігін орнатты. Кедендік саясат пен кедендік құрылымдар Ресей үшін аймақтағы маңызды ішкі және сыртқы саяси міндеттерді шешудің, аймақты шаруашылық игеруді жеделдетудің, оны ресейлік капитализм шеңберіне қосудың құралына айналды. Осы геосаяси жағдайы қиын аймақта көршілес Қытаймен қарым-қатынастың негізгі қағидалары қалыптасты. Бұл орайда, Ресей империясының Қытайдың Шыңжаң аймағында геосаяси мүдделерінің ерекше маңызын, оның ресейлік мануфактуралық тауарларды өткізудің нарығы ретінде қарастырған капиталисттік топтар үшін экономикалық маңызын атап өту керек.
Геосаяси фактор ресей кедендік саясатының Батыс Қытайға көзделген бағытына маңызды әсер етті. Кедендік бақылауды орнату, өз мүдделеріне сай кедендік баждардың мөлшерін және жеңілдіктер сипатын реттеу - сауда-экономикалық қатынастардың дүниежүзілік тарихының ажырамас бөлігі болып табылады. Қазақстан, Орта Азия және Батыс Қытай аймақтарын дүние жүзінің кедендік мәселелері геосаяси сипатқа ие болған аймағы ретінде бағалауға болады. Осының барлығы тарихи ретроспективадағы патша үкіметінің кедендік саясатының аймақтық мәселелерін, кедендік құрылымдар тарихын көтеруге, 1868-1917 жылдардағы хронологиялық шеңберде Ресейдің аймақтағы кедендік саясаты мен осы саясаттың құралы ретінде қалыптасқан кедендік қызметтің қалыптасу және даму тарихын қазіргі тарихи ғылымның өзекті мәселелері қатарына қоюға негіз болды.
Кедендік істі аймақтық аспектісінде зерттеу Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік мемлекет ретінде дамудың қазіргі стратегиясы тұрғысынан да өзекті болып келеді. Әсіресе, кедендік саясаттың жалпы қағидаларын қолданудың тарихи тәжірибесі Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындығымен байланысты ерекше назарға ие. Себебі бұл кедендік саясаттың протекционисттік мәнін сақтай отырып, оны либерализациялау мысалын, Ресейдің өлкедегі тәжірибесін көрсетеді.
Тақырыптың зерттелу деңгейi. Отандық және ресейлік тарихнамада Қазақстанның Шыңжаңмен шекарасындағы Ресей империясының кедендік құрылымдары мен кедендік саясатының мәселелеріне арналған ауқымды зерттеулер жоқтың қасы. Бірақ, мәселеге жанама байланысы бар мәселелер төңірегінде зерттеулер баршылық.
Оларды зерттеу ауқымы мен объектісіне қарай келесідей топтастыруға болады:
- Ресей империясының жалпы кедендік саясатының және кедендік саланың тарихына арналған теориялық-ізденушілік зерттеулер;
- Ресей-Қытай дипломатиялық қарым-қатынастар тарихына арналған еңбектер;
- Қазақстан, Орта Азия мен Шыңжаңдағы геосаяси жағдайға, саяси үрдістерге, Ресейдің отаршылдық әскери, саяси-экономикалық шараларына арналған зерттеулер;
- Ресей-Шыңжаң сауда қатынастары тарихына арналған зерттеулер;
Осындай саралау негізінде аймақтағы кедендік істі жан-жақты тұстарының зерттелу деңгейін айқындауға болады. Сонымен қатар, кедендік іс тарихнамасының ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХІ ғасырдың басын қамтуына байланысты оны оқшаулап, топтастыру жөн: бірінші кезең - ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы (революцияға дейінгі тарихнама), екінші кезең - ХХ ғасырдың 20-шы және 80-ші жылдарының аяғына дейінгі аралық (кеңестік тарихнама), үшінші кезең - 90-шы жылдардың басы мен бүгінгі күнге дейінгі зерттеу жұмыстарын (посткеңестік тарихнама) қамтиды. Осы үлгідегі жіктеу тарихнамадағы кедендік саясат пен кедендік іске деген әртүрлі көзқарасқа, қоғамдық-идеалогиялық ұстанымға, оны зерттеудегі әдістемелік-тұғырлық негіздемеге тікелей байланысты.
Революцияға дейінгі тарихнама. ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін Ресейде кедендік мәселелерге арналған зерттеулер болмаған еді. Мәселеге зерттеушілік ынта Ресейдегі түбегейлі экономикалық реформалар кезінде туындаған болатын. Осы кезеңдегі ресейлік өнеркәсіпті дамытудың қажеттілігі сыртқы сауда саясаты мен кедендік тарифтер мәселесін қайта қарастыруға итермеледі. Бұл ресейлік саяси билік өкілдерінің арасында протекционизм жақтастарының пайда болуымен шартталды. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында протекционизм мен фритредерлік саясат жақтастары арасындағы қарама-қайшылықтар өрши түсіп, екі ағым арасында жоғары саяси-биліктік орта мен қоғамдық санадағы үстемдік үшін күрес кезеңі басталады.
Еркін сауда ілімі Адам Смиттың экономикалық шығармаларынан туындаған еді [1] . Ол бойынша еркін сауда концепциясына протекционисттік көзқарастар қарсы қойылып, бәсекелестіктің берік салалардың дамуына дем беруіне және импортпен бәсекелесе алмайтын өндірістердің жойылуын жеделдетуіне байланысты еркін сауда «мықты экономикалар» үшін де, дамушы елдер үшін де тиімді деп саналды. Фритредерлер пікірінше, аталған үдерістердің барлығы жалпы тиімділікті жоғарылатып, керісінше, протекционизм дамуды тежеп, ұлттық экономикалардың тежелуіне әкеледі. Аталған ілім ХІХ ғасырдың ортасына қарай Батыс Еуропа мемлекеттері (Ұлыбритания, Франция, Германия) арасында кең тарап, қоғамдық санада үстемдік құрды.
Протекционизм ілімі ХІХ ғасырдың басындағы белгілі неміс ғалымы Фридрих Листтың еңбектерінен туындаған болатын [2] . Ф. Лист алғашқы болып басқа елдермен бәсекеге түспеуінше, шетелдік бәсекелестіктен «жас және нығаймаған өнеркәсіпті қорғайтын тәрбиелеуші протекционизм» жүйесі секілді саясатқа классикалық теориялық негіздеме берді. Дәл осы екі ағымның арасындағы тартыс мәселеге қызығушылықтың өсуіне дем болып, кедендік-сауда саясат мәселелеріне арналған зерттеулер туындады.
Ресейдегі жалпы кедендік мәселелерді зерттеудің алғашқы талпыныстары ХІХ ғасырдың орта шенінде басталады. Осы кезеңде Қазан университетінің профессоры, саяси ғылымдардың докторы Е. Осокинның, Д. Толстойдың, С. Никольскийдың еңбектері жарық көреді [3-5] . Бл еңбектер зерттеу деңгейі бойынша төмен, бағыттылығы бойынша Еуропалық Ресейдің аумағын және оның батыс елдерімен кедендік қарым-қатынасын қамтитын еңбектер болатын.
Ал, кедендік саясат мәселелерін зерттеуге ресейлік қоғамдастық тарапынан ғылыми қызығушылықтың алғашқы толқыны ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезеңіне жатады. ХІХ ғасырдың 60-70 жылдары басталған ресейлік өнеркәсіпті дамытудың жолдарының ізденісі кедендік мәселелерді ғылыми зерттелу қажеттілігін тудырды. ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында кедендік саясаттың жағдайына және тарихына байланысты көптеген ғылыми еңбектер жарық көрді. Олардың қатарына - И. М. Кулишер, зерттеуші-экономист М. Н. Соболев, К. Лодыженский, Н. Н. Шапошников, белгілі экономист Е. Ф. Брандт, П. Б. Струвеның еңбектері жатады [6-12] . Бұл жұмыстарда экономика мен сыртқы сауда мәселелерімен тығыз байланыста кедендік іс дамуының негізгі бағыттары қарастырылады, оның арнайы-саяси маңызы туралы айтылады. Бұл бір жағынан кедендік саясат тарихы бойынша зерттеулердің бағыттылығын, сыртқы сауданы тарифтік реттеудің теориясы мен тарихы мәселелеріне ерекше назарды белгіледі. Басылымдардың бірқатары кедендік саясаттың (меркантелизм, фритредеризм, протекционизм), негізгі «кедендік шараларды» жетілдіру үрдісі мен мазмұнына олардың әсері негізінде жатқан экономикалық концепцияларды сараптаумен байланысты болды. Ғалым-экономисттердің еңбектеріндегі ресейлік кедендік саясатты ретроспективті сараптамадан өткізу белгілі бір ғылыми мақсаттарды көздеді. Сыртқы академизмге қарамастан, олардың зерттеу жұмыстары үлкен пікір-таластық потенциалға ие болды, себебі, авторлардың көбі үстем теориялардың бір жағын - протекционизм немесе фритредерлік позицияны ұстанды. Тарихи материалға бетбұрыс кедендік саясат төңірегінде өздерінің теориялық көзқарастарына дәлел табу мақсатымен шартталды.
Осы кезеңде XVIII-XIX ғасырлар кезеңіндегі ресейлік кедендік саясат тарихы бойынша революцияға дейінгі тарихнамада жалғыз зерттеу жұмысы жарияланды. Оның авторы - экономист В. Витчевский Ұлы Петрден Екінші Николайға дейінгі Ресейдің сауда, өнеркәсіптік және кедендік саясатының дамуын қарастырды [13] . Зерттеу жұмысы автор заманындағы ресейлік және шетелдік әдебиетті жалпылау негізінде жазылған. Еңбекте салыстырмалы-тарихи сараптама әдістеме қолданылған, Ресейдің сауда, кедендік және өнеркәсіптік саясатының мазмұны басқа елдердің саясатымен салыстыру арқылы сараланады. В. Витчевский зерттеу жұмысы - кедендік саясаттың жеке аймақтардағы, соның ішінде Қытаймен шекаралас аймақтардағы оның көріністерін, ресей-қытай кедендік қарым-қатынас қағидаларын қарастырған алғашқы жұмыстардың бірі. Ресейдің кедендік саясатының «шығыстағы саясат» жүйесін қарастыра отырып, В. Витчевский оның аймақтық ерекшеліктеріне көңіл бөлген. Олардың бірі ретінде ол саяси приоритеттердің экономикалық приоритеттер үстінен үстемдігін айқындаған. Егер еуропалық мемлекеттерге қатысты Ресей ХІХ ғасырдың басында сауда саясатына «дипломатияның қолындағы саяси мақсаттарға жетудің қаруы» деп тануынан арылса, Шығыста кедендік саясат «таза саяси комбинациялар саласындағы қызметтік рөлін» атқара берді [13, 175б. ] . В. Витчевский монографиясы автордың Ресейдің сауда, кедендік, өнеркәсіптік және тарифтік саясатын шетел мемлекеттерінің саясатымен салыстыра отырып, биліктегі императорлармен, қызметтің аталған салаларына олардың көзқарастарымен тығыз байланыста қарастырылуымен қызығушылық тудырады.
Кедендік саясаттың «тәжірибелік жағы» - сыртқы сауданы кедендік-тарифтік реттеу теориялық ізденістердің жеке саласы болды. ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында Д. И. Менделеевтың «Толковый тариф или исследование о развитии промышленности России в связи с ее общим таможенным тарифом 1891г. » атты еңбегі жарық көрді [14] . Д. И. Менделеевтың «кедендік мәселелерге қатысты ғылыми мұрасы», кедендік саланың дамуына ғалымның қосқан үлесі көпке дейін оның химия саласындағы еңбектерінің, ғылыми ашуларының көлеңкесінде қалды. Д. И. Менделеев еңбегінің «Ресейдің кедендік тарифтері» атты екінші бөлімі орыс тарифінің тарихи ерекшеліктеріне арналған және тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде құрастырылған. Д. И. Менделеевтың тарихи еңбегі негізіне 1886 жылы жарияланған К. Н. Лодыженскийдың зерттеу жұмысы жатты. Д. И. Менделеев өз алдына орыс тарифтерінің тарихын сараптауды мақсат етіп қоймаған, тек құрастыруына өзі атсалысқан жаңа тарифтің мақсатқа сәйкестігі мен негізділігін талдау, түсіндіру үшін оның тарихына көңіл бөліп отырды. Ғалымның «Ресей үшін тиімді сабақ болған кедендік-тарифтік саясаттың қалыптасуы мен трансформациясының қарама-қайшы тәжірибесін негіздеуге және көрсетуге» мүмкіндігі болды [15, 1б. ] . Автор ресейлік кедендік саясатты сараптауға біржақты (фритредерлік немесе протекционисттік) әдіснаманы қолданудан арылып, «абсолютті ілім ретінде протекционизм абсолюттік фритредерлік секілді рационалдық сандырақ» екенін көрсетуге тырысты [14, 8б. ] .
Кедендік іс тарихнамасының бірінші кезеңі кедендік іс мамандарының кешенді, фундаменталды, экономикалық және тарихи еңбектерінде орын алған ірі теориялық потенциалының уақыттың шағын мерзімінде жинақталуымен сипатталады. Жоғары аталған еңбектердің қатарына И. Янжулдың, М. И. Казидың, Я. А. Новиковтың еңбектері де жатады [17-19] . Осы жұмыстардың құндылығы - кедендік саясаттың дүниежүзілік тәжірибесін зерттеу негізінде оның екі жолы (протекционизм мен фритредерлік) қарастырылуында болатын, осы жолдардың біріне Ресей де түсуі қажет еді. Аталған еңбектер негізінен Еуропадағы фритредерлік пен протекционизм тәжірибесін қамтып, оның теориялық және тәжірибелік негіздемесіне талдау жасайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz