ШАҒЫН ПРОЗАДАҒЫ АУЫЛ ӨМІРІ ЖӘНЕ ОНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 62 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Бітіру жұмысының жалпы сипаттамасы. Ұлттық бірігейлікті сақтауда, рухани құндылықтарды дәріптеуде айырықша орын алатын Н, Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да айқындалған біраз мақсат бар. Бұл мақалада қазақтың болашағы айқындалған десек, артық айтқандық болмас. Осыған орай, әр шығармасында адам өмірінің тылсым құпияларын, адамгершіліктің асыл қасиеттерін, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, табиғат сырын, адам психологиясын, пенденің өмірдегі болмысын жан-жақты аша білген жазушылар прозасын осы дипломда қарауды ниет еттік.

Уақыт талабына орай тереңге тамыр жайып, жаңа сипат, қасиеттермен толыса түскен әдебиетіміздің көрікті бір бұтағы проза саласында да соны көркемдік формалар, өзгеше нақыштар, рухани ізденістер молынан кездеседі. Қазақ прозасындағы осындай ізденістердің жаңа кезеңі жетпісінші жылдарға да дөп келді. Қазақ прозасына әр алуан тақырыпты игеруге ден қойған қуатты жаңа толқындар қосылып, олар өмір шындығын табиғи сипатта жеткізіп, өмір мұратын, адам әлемін, еңбек тынысын қаз-қалпында көрсетіп, өмір шындықтарын көркемдік шешімге сай бейнелейді.

Сексенінші жылдардан бастап қазақ прозасы үшін жанрлық, стильдік, идеялық-көркемдік жағынан кемелденіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Қазіргі қазақ прозасының негізгі жүгін көтеріп жүрген, әдебиетіміздің аға буынына айналған талантты қаламгерлердің өзіндік шығармашылық қолтаңбаларын айқындайтын туындылары осы жылдары өмірге келіп, қазақ көркемсөзінің ортақ игілігіне айналды.

«Үлкен суреткер қашан да қоғамда болып жатқан өзгерістерді көре алмай тұра алмайды, ал көрген шындығын өз шығармасына негіз етпей отыра алмайды» [1 , 87 б. ] . деп ғалым С. Қирабаев айтқандай, бұл кезеңдегі қаламгерлер қазақ прозасының дамуына үлкен үлестер қосуымен қатар тақырыбын байытып, мазмұнын салмақтандыра түсті. Әр қаламгердің ізденіс көзқарастырынан, материал жинау мен дерек көздерін пайдалану тәжірибелерінен ұлт мұратын ұлықтауы, адам мен оның еңбегіне құрметі, өмір мен өнерге құштарлықтары терең танылады.

Адами қасиетке жат дүниеқоңыздық, мансапқорлық, атаққұмарлық сияқты тоғышарлық дерттер осы жылдардағы прозаның ортақ мәселесі болғаны аян. Адамгершілік тақырыбына да өз үлестерін қосқан жазушылар моральдық-этикалық мәселелерді қозғап, замандастардың рухани байлығы мен жан дүние сұлулығын, сондай-ақ оған қайшы сан алуан жағымсыз әрекеттер мен тоғышарлық мінез, пиғылдарды да сынға алып қалам тербеп отырды.

Осы кезеңдегі шығармалардан ұлт өмірін, оның тыныс-тірлігін, мінез-тәрбиесін, сезім-сенімін көреміз. Жазушылардың қолданған образды сөздің нақыш нақысынан қазақтың өз өрнегі, өмірі анық көрініп тұрады. Табиғат суретінде, адамның кескін кейпінде, ішкі мінез бен сезімнің сыртқа тепкен тұстарында қолданылған ұлттық бояу-реңктері талғампаз суреткерлерді ғана емес, табиғи талантты танытады. Адамның жан сарайындағы тебіреніс, толқу-толғаныс, содан туатын мінездегі бұлқыныс, характердегі қақтығыс жазушылар шығармаларының басты ерекшелігін айқын аңғартады.

Тәкен Әлімқұлов, Сафуан Шаймерденов, Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкеев, Дулат Исабеков, Ақселеу Сейдімбек, Ілия Жақанов, Сәуірбек Бақбергенов, Тынымбай Нұрмағамбетов, Мархабат Байғұт сынды жазушылар прозасының ішкі ырғағы мен үйлесімінің өзіндік бір сыры бар. Туындыларындағы кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін, мінезін даралап тұратын құдіретті сөз, шырайлы тіл бар. Ең бастысы авторлар адами құндылықтар, дарын, талант болмысы арқылы ашып, шеберлікпен суреттей алған. Академик З. Қабдолов «Жазушының шеберлігі қандай шексіз болса, шығарманың шынайы жетілуі де сондай шетсіз. Демек, сөз өнеріндегі әрекетте шек жоқ» [ 2, 79 б. ] деп тұжырымдағандай шеберлігі қысқа жанрдан бастап, повестер мен романға дейін шыңдай білген бұл жазушылар да бүгінгі тұрмыс пен өз заманының қайталанас, көркем бейнелерін сомдады.

Қазіргі қазақ прозасының негізгі жүгін көтеріп жүрген, әдебиетіміздің аға буынына айналған талантты тұлғалар қазақ прозасындағы руханият тақырыбын, өнерпаз тағдырын сол кезеңдегі тарихи, әлеуметтік-қоғамдық шындықпен сабақтастыра бейнелеу мақсатындағы белгілі көркем туындыларымен оқырман жүрегіне жол таба біледі. Өйткені “ұрпақтан ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы - өзі бастан кешкендерден түйген азды-көпті рухани тәжірибесі” [3, 369 б. ] . ХХ ғасырдың соңындағы халқымыздың рухани тәжірибелері нақ осы авторлар мен олардың өнер мен көркем әдебиеттің басқа жанрларындағы шығармаларында кең орын алды. Біздіңше, аталған қаламгерлер төл әдебиетіміздің әр алуан жанрларында ерен еңбек етті.

2000 жылға дейін қазақ прозасының көркемдік дәрежесінің құны өсіп, кәсіби шеберлік жағынан шыңдалып, әлем әдебиетіндегі өркениетті өрісті игергендігін бүгінде оқырман қауым да, ғылыми орта да мойындайтыны анық. Айталық, академик С. Қирабаев «Соңғы жылдардағы әдеби процестің бір ерекшелігі - талантты жастардың әдебиетке көптеп келуі. Он-он бес жылдардың айналасында әдебиетке келген топта біраз іріктеліп қалды. Олардың талантты өкілдері осы дәуір ішіндегі әдеби процеске белсене араласып, әдебиетіміздің жаңа ізденістерін, табыстарын байытуға үлестерін қосып жүр. Олар өз дәуірі шындығының жанды суреті ғана емес, замандастарының ішкі сезім күйлерін, оларды толғандырған ой-пікірлер байлығын ала келді» деп өзінің пікірін білдіреді.

Жазушылар шығармашылығы өзіндік дара қолтаңбасымен дараланып, бәрімізге етене таныс ауыл өмірі мен ондағы кең пейіл, қазақы мінез дарыған адамдардың тағдырын, күнделікті тұрмыс-тіршілігін бейнелеу арқылы ұлттық мінез бен ұлт тағдырын көркем сөзбен өрнектей отырып кестеледі. Қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар қаламгерлердің шеберлік қырларын ашуда прозаларындағы рухани құндылықтарды бүгінгі көзқараспен айқындау бүгінгі әдебиеттану ғылымы үшін қажет-ақ.

Бітіру жұмыстың зерттелу деңгейі мен өзектілігі. 1960-2000 жылдар аралығындағы қазақ прозасы туралы әр қырынан зерттеген ғалымдардың еңбектерінде біршама қарастырылған. Жазушылардың шығармашылығы мен жекелеген еңбектері жайында да әдебиет зерттеушілері мен ғалымдарымыздың пікірлері баршылық. Мәселен, А. Рамазанованың «Қазіргі қазақ повестеріндегі адам және табиғат қарым-қатынасы», Г. Ержанованың «Қазіргі қазақ повестеріндегі психологизм» сияқты кандидаттық диссертациялармен бірге, «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» (2001, 2003), С. Қирабаевтың «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті» (1998), З. Қабдоловтың «Сөз өнері» (1992), Ж. Дәдебаевтың «Жазушы еңбегі» (2001), Қ. Әбдезұлының «Жазушы және заман шындығы» (2003), «Т. Әлімқұлов шығармашылығы және 60-80 жылдардағы қазақ прозасы» (2001), «Әдебиет және өнер» (2002), «Тарихи тұлғалар және қазақ әдебиеті» (2004), т. б. ғылыми зерттеулерді айтуға болады.

Қаламгерлер прозасының көркемдік деңгейі, жазушылық шеберлігі, тіл айшықтығы, тақырыптық даралығы туралы баспасөз беттерінде Қ. Баяндин, М. Есламғалиұлы, Н. Қазыбек, Б. Сарбалаұлы, А. Сәдібекұлы, Қ. Тоқмырзин, тағы басқалардың бірқатар әдеби-сын мақалаларын да атап өтуге болады. Сондай-ақ жазушылардың өмір шындығын бейнелеудегі қаламгер машығы, шығармаларының ұлттық сипаты және қазақ әдебиетінің дамуындағы үлес-салмағы жайында С. Асылбеков, Г. Балтабаева, Ж. Жарылғапов сынды зерттеушілердің еңбектерінде де қарастырылып жүр.

Қаламгерлер мұрасын арнайы зерттеу объектісіне айналдырған ғалымдарымыздың ой пікірлері, жазушылардың кітаптарына жазылған ірілі-ұсақты әр түрлі көлемде жазылған мақала, рецензиялар олардың шығармашылығы жайлы ой қорытуға, шығармаларын идеалық көркемдік тұрғыдан талдауға мүмкіндік береді. Алайда, бұл еңбектерде көркем прозаның жалпылай даму тарихы мен түрлі көркемдік мәселелері, шеберлік деңгейі тұрғысынан сөз болып, сол ауқымда ғана зерттелді.

ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасыр басындағы әдебиеттің көркемдік, танымдық, сыншылдық деңгейінің өсуінде де жазушылар шығармашылығының орны бөлек. Қаламгерлер шығармаларының тақырыбы, стилі, образдар құрылымы, композициясы, көркемдік әлемі, даралық қасиеті туралы әр кезеңдерде зерттеу еңбектер мен мерзімді баспасөз беттерінде бағалы ой-пікірлер әдебиетші ғалымдар мен сыншылар тарапынан айтылып жатқанымен, жоғарыда аталған жазушылар прозаларындағы рухани құндылықтарды топтап алып, жүйелі түрде зерттеу мәселесі толықтай қамтылған жоқ. Қазіргі қазақ прозасындағы руханияттың мәнін, жаңашыл сипатын анықтауға ұмтылғанда адам тағдырын арқау еткен қаламгерлер шығармашылығындағы негізгі рухани құндылықтарды ашып көрсету бұл жұмыстың өзектілігін айқындай түседі.

Бітіру жұмыстың мақсаты. Қазіргі қазақ прозасындағы рухани құндылықтарды саралауда қаламгерлер шығармаларындағы адами құндылықтар, ауыл өмірі және ондағы ұлттық мінез мәселелерін жаңаша сипатта аша отырып, руханият, ұлттық дәстүрге байланысты көркем туындыдағы танымал тұлғаларды бүгінгі талаптар тұрғысынан зерделеу. Осы мақсатты айқындау үшін алдымызға мынандай міндеттер қойдық:

- Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі адами құндылықтарды зерделеуде жазушылар шығармаларындағы кейіпкерлердің шынайы характерлерін оқырман тұрғысынан жүйелі түрде талдап, ашып көрсету;

- Қадамгерлер прозасындағы ауыл өмірі және ондағы ұлттық мінез, кейіпкерлерінің қазақи болмысын суреттеудегі олардың өзіндік ерекшеліктері мен көркемдік ізденістерін айқындау;

- Қазіргі прозадағы руханият, ұлттық дәстүрді саралауда олардың жанрлық табиғатын, тақырыптық-идеялық мұраттарын жүйелі сөз ете отырып, туындыдағы ұлттық өнердің алыптарын бүгінгі күн тұрғысынан бағамдау;

Зерттеу жұмыстың теориялық және методологиялық негізіне М. Әуезов, С. Мұқанов, А. Жұбанов, Қ. Жұмалиев, Ғ. Мүсірепов, С. Қирабаев, З. Қабдолов, Т. Тоқбергенов, Б. Майтанов, Б. Сарбалаев, Қ. Әбдезұлы, Ж. Дәдебаев, Г. Пірәлиева, С. Асылбеков, Г. Балтабаева, Қ. Баяндин, т. б. қазақ ғалымдарының пайымдаулары мен пікірлері басшылыққа алынды.

Бітіру жұмысының зерттеу әдісі. Қазіргі қазақ прозасын жүйелі, кешенді, салыстыру, талдау, жинақтау түрінде зерттеу негізгі нысана етілді.

Бітіру жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Прозалық туындыларда жаңаша сипатқа иеленіп, өмір шындығын таныту үшін адами қасиеттерді басты нысанаға алып, қоғамдағы адамның рөлі мен оның жан-күйі, қоғамдағы байланысы, ұлттық құндылықтардың көмескіленуін тілге тиек ете отырып оның себептерін ашу мақсатында көптеген туындылар дүниеге келіп, әңгіме, повестер жазыла бастады. Әдебиетті жасаушылар рухани мешеулікке жол бермей, рухани құндылықтарға тәрбиелеуге тырысып жатыр. Адамдық болмысты таза, саф қалпында көрсеткісі келеді.

Әдебиеттегі жанрлардың ішінде әңгіме жанры эпостық қуаттылықпен, елдегі жаңалықтарды тереңінен бақылап, оларды көркемдік кестесіне түсіруі арқылы айырықша сипатқа ие болады. Алайда қаламгерге өмірдің кейбір тылсым сырларына, тағдырдың тайталастарына құрылған тізбектелген қайшылықтарға бойлау, олардың ерекшеліктерін шығармаларына арқау етіп, оқырманға жеткізуде бейнелеуі оңайға соқпайтыны анық. Себебі, көркем шығарма, оның ішінде әңгіме жанры өмір шындығын қалай болсын солай талғамсыз суреттемейді. Белгілі бір әлеуметтік шындыққа, қоғамдық ортаға байланыстырып, авторлық тұрғыдан тұжырымдап, шығармадағы сомдайтын рөліне қарай кейіпкерге тән мінез тұрғысынан баяндайды. Кейіпкердің шығармадағы характерлік болмысы болмаса шығармадан тарихи ортаның, әлеуметтік жағдайдың лебі еспей, өмірдің шындығы көрінбейді.

Адам мінезіне, болмысына, іс-әрекетіне, сайып келгенде, екі жақты көзқарас әсер етеді: ең алдымен - шығармадағы кейіпкер әлемінде, ой-сезім дүниесінде сол кейіпкердің өзі өмір сүріп отырған заманның әлеуметтік мәселелері, екіншісі - ар-инабаттылық, құлықтық мәселелері.

Т. Әлiмқұлов, С. Шаймерденов, С. Жүнiсов, Ә. Кекiлбаев, М. Мағауин, Ш. Мұртаза, О. Бөкей сынды жазушылардың әңгімелерін оқи отырып, көп нәрсені көкейге түйіп, дүниедегі кейбір ұнамсыз нәрселерден жиренетініміз анық. Жазушылар шағын шығармасы арқылы келелі ой қозғап, үлкен тәлім-тәрбиелік өнегені оқырманның ой еншісіне қарапайым тіл өрнектері арқылы бағдарлай береді. Әңгімелердегі адам тағдырларының тайталасы, әр кейіпкердің бойындағы мінезінің қақтығысы оқырманға ерекше күй сыйлап, кейбір сәттерде еріксіз есейтіп жібереді.

Қазақ қаламгерлерінің шығармашылығынан кең орын алған тақырып руханият әлемі еді. Байыппен барласақ, қазақ қаламгерлері, әсіресе Т. Әлімқұлов шығармашылығынан ұлт руханиятына қатысты алуан ізденіс пен көзқарасты, мысал-деректерді жиі ұшырастырамыз.

Т. Әлiмқұловтың “Қызыл қамшы” атты әңгiмесi - рухани құндылықтың қадiр-қасиетiн түсiндiруге ұмтылған шығармалар iшiндегi бiр алуаны. Әңгiменiң басты кейiпкерi Нәшу қарттың “Жетпiске келгенше менi аттан түсiрмей жүрген осы қамшы” деуi бекерден-бекер емес. Қарт тiршiлiгi қамшымен қабаттасып жатыр.

“Бас та жарылды, бұғана да шықты, бiрақ қамшыдан көңiл қалған жоқ” деген жолдар Нәшу қарияның өмiрiндегi қилы кезеңдерден сыр шертедi. Бiрақ жазушы қарттың қызыл қамшысы арқылы елдiң тағдырын да тұспалдап, шеберлiкпен бере бiлген. “Аяқты апыл-тапыл басқанда керегеде iлулi тұрған қамшыға жармасты. Одан кейiн шыбық атпен шапқылағанда бұтақты қамшы қылды… Одан бертiнде күшi тасығанда, бұзау тiс қамшымен сабаласты. Бiреудi мұрттай ұшырып, өзi мұрттай ұшты [4, 135 б. ] . Мiне, осы жолдар арқылы астарлы ойын жеткiзген жазушы өз оқырманын қамшы арқылы қазақтың қилы тарихы мен қиын тағдырына үңiлтедi.

Ұлттық менталитетті танытатын белгілер көптеп саналады. Қамшы - қазақы рухтың, құт - берекенiң символы. Сабаласқан Бұзау тiс қамшы - арысы қалмақпен, берiсi - орыспен тартыс. Бұл пiкiрiмiздi әңгiме кейiпкерi Жоламан мен Нәшу қарттың арасындағы тiлдесу де дәлелдей түседi: “Сыңайын таныған Жоламан зiлсiз құбылуды ойлап:

- Сiзден қолқалайтыным - қамшы! - дедi.

Нәшу шамалы ойланып:

- Осы заманның үрдiсi шығар. Мәскеуден келген орыстар да қамшы әкеткен-дi, - деп қобдишасын ашты. Басына жез орнатқан тобылғы сапты қамшыны Жоламанға ұстатты”.

Осы тiлдесудiң өзегiнде бiр ғана ой жатыр. Ол - рухани құндылықтарымызды қастерлеу. Алғашқы келтiрiлген мысалдар қазақ халқының Ресей бодандығына түскенге дейiнгi тағдыр - талайынан сыр шертсе, кейiнгi диалог халқымыздың рухани қазынасына кеңестiк жүйенiң қиналмай - ақ ауыз салғандығын ашық айтып отыр. Талай баға жетпес рухани байлық пен асыл қазынаның жазушы суреттегендей “мәскеуден келген орыстардың” қанжығасында кеткенi анық. Кеңестiк қоғамның тамырын тереңге жая бастаған жымысқы саясатын жазушы Нәшу қарттың жан күйзелiсi арқылы дөп көрсете бiлген.

Туынды табиғатында шынайы шындық бар. Уақыт таңбасы айқын. Оқиға өмiрден өрбiген. Кейiпкерлерi кесек.

Әңгiме соңында да қамшыны алған жазушының жан тебiренiсi оқырманды ойға салады. “Дүние бүкiл бүге шiгесiмен қамшыға ұқсап елестедi. Ол қамшыны қанжарша көлденеңдетiп: - Екеумiздiң бiрiмiзге серт! - деп күбiрледi”.

Рухани құндылықты көтеру - автор алдындағы айқын мақсат. Алайда, серт бергенiмен жазушы өз мақсатына толықтай жете алмады. Бұған кiнәлi, әрине, қаламгер емес, кедергiлерге толы кеңестiк жүйе едi. Бұл автордың әңгiменi аяқтауынан да айқын аңғарылады:

“Шофер да, поштабай да, шошына, таңырқай қарасып қалды. Тұмауратқан жазушының көзi жасаурап тұрды”. Мұндағы “көзi жасаурап тұрған” - салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын, рухани құндылықтарын бiртiндеп жоғалтуға мәжбүр болып отырған қазақ қоғамы едi. Дегенмен, автор пессимизмге берiлмейдi. Қаламгер концепциясы нақ: ол “Екеумiздiң бiрiмiзге серт!” деп берген уәде - асыл мұраты. Мұның өзi ғалым Р. Бердiбай атап көрсеткенiндей: “Халқының бай аңызын, жақсылық, сұлулық, адалдық, жарастық туралы ұғымын жасынан бойына сiңiрiп өскен Тәкен Әлiмқұлов өмiр құбылыстарын бағалағанда да сол ұғымға анық сенедi, адам мен табиғатқа да халықтың қалыпты дүниетаным тұрғысынан қарайды [5, 58 б. ] .

Т. Әлiмқұлов шығармашылығы мен 60-80 жылдардағы әдеби процесс арнасын халықтың дәстүрлi кәсiбi мен тұрмыс салтының суреттелу жүйесi аясында пайымдағанда көзге түсетiн тағы бiр маңызды жай бар. Ол - жақсылық пен жамандықтың, ескi мен жаңаның, бақи мен жалғанның, дәстүр мен жаңашылдықтың, прогресс пен регресстiң бiрде тартысқа, бiрде жалғастыққа ұласып жатқан диалектикалық тұтастығы.

Т. Әлiмқұловтың “Қош бол, Абсент” атты шығармасы да талғампаздықпен қатаң талапшылдықпен түйiп-түйiндеп берген ойдың жемiсi деп пайымдай аламыз. Әңгiме желiсi уақытында талайды тамсандырған, әлемнiң талай жерiнде жүлде алған Абсент атты асыл тұқымды жылқы тағдырына байланысты. Қартайған шағында елге жеткiзiлген Абсент бiр топ жылқы iшiнен астанадан келген ақындардың көзiне қораш көрiндi. Әсiресе, келген қонақтардың басшысы “Дүние жүзiндегi сұлу жылқы осындай бола ма екен?” - деп таңырқайды.

Оған қарсылық бiлдiрген бiр-ақ адам - әлi елге таныла қоймаған жас ақын. Басшыға басу айтқан сөзi де түйiндi, көңiлге қонады: “…жүйрiк ат асау болмайды. Ақылды адам секiлдi сабырлы келедi, ағасы!”.

Қаламгер Абсент арқылы басшы мен жас ақынның арасындағы сөз тайталасына маңыз бередi. Бұл тайталас - суреткер үшiн басшы мен қосшының қақтығысы емес, ол - ескi мен жаңаның, әдiлет пен әбiлеттiң, сұңғылалық пен айнымалылықтың қақтығысы. “Ендi бақса, адамның махаббаты айнымалы сияқты. Қазекең дәрiптеген адамдарды дәрiптейдi. Дәрiптеушiнi құлақ - кестi құлға балайды. Мүмкiн, бұл көңiлдiң iлтипатын, жүректiң сағынышын беделдi адамға арнамай осынау Абсентке, ол кезде дәуiрлеп тұрған сәйгүлiкке арнаса, лебiзi аяқасты болмас па едi, кiм бiлсiн?! [6, 185 б. ] деп толғанады автор ақын кейiпкермен бiрге.

Т. Әлiмқұлов өз шығармаларында, тұлпарлар тағдыры жайындағы туындыларында адамдардың тұрмыстық жекелеген ұсақ-түйек көрiнiстерi арнасындағы толқыныстары мен толғаныстарынан бастап өмiрлiк маңызы жоғары мақсаттар мен мұраттар жолындағы тебiрiнiстерiне дейiн суреттей отырып, қаћарманның сезiм күйiн, жан диалектикасының болар - болмастай нәзiк толқындарын сыртқы тiршiлiк шындықтарымен сәйкес, үндес ашуға ерекше ден қояды. Жазушының суреттеу шеберлiгi нақтылығымен, анық та айқын сипатымен ерекшеленедi.

Қаламгер жас ақынның жан толғанысын, қым-қиғаш қарбаластардың мән-мағынасын қарастырады, шындықты шешудiң кiлтiн iздейдi. Кiлт сыңғыры - рухани құндылықты қастерлеу. Бұл әңгiмеде де суреткер оқырманын ойлануға жетелейдi, шешiмдi тең талқыға салады.

Жақсы шығарма - жанға дауа, тағылымды тұстарымен мәнді болып табылады. “Құлқын” атты әңгiмесiнде Т. Әлiмқұлов өз оқырманын көрсеқызарлықтан өмiрдiң мәнiн тек ақшамен, дүниемен өлшеген Бақдәулет секiлдi байлардың жексұрын қасиеттерiнен жирендiредi. Әңгiме кейiпкерлерi Бiлiсбай - бiрбеткей, тiк мiнездi, жаны нәзiк, әсершiл музыкант, атағы ел - жұртқа кеңiнен танымал әншi, ал, Бақдәулет - шiрiген бай, болыс, Бiлiсбайдың жиен ағасы.

Дүниеқоңыз Бақдәулет өзiнен ақша сұрай келген Бiлiсбайды тойына ән айтқызып, пайдаланып, алдап-сулап шығарып салады. Ашуланған Бiлiсбай өзiнiң әсершiл музыкант емес жазушы, тым құрыса журналист болмағанына өкiнедi. Сөзбен шағып, шымшыпаларлық тiлiнiң қысқалығына налиды.

Шығармада көбiне суреттелетiні - байлық, барлық, мадақтау, жалған жомарттық, екiжүздiлiк. Осының бәрi Бақдәулеттiң бiр басына сиып кеткендей. Жазушы шынайы өмiрдегi бақ пен дәулеттiң құлына айналған Бақдәулеттердi сын нысанасына алады. Ол өзiн “жазушымын, данышпанмын” деп санайды. Қаламгер де “Шыншылдық бiр табылса музыкадан табылар едi. Жүректi жарып шығатын лебiзге тең дүниеде тiл жоқ. Дыбыстың сиқырына тұсау жоқ. Сөйте тұра композитордың да Бақдәулетi бар. Жасандылықты, тасыр-тұсырды малданушылар түймедейдi түйедей етiп көрсетуден тайынбайды. Көкейсiз көкiректiң текiрегiн тексерiп жатқан сыншы және жоқ. Сайып келгенде қай салада болса да Бақдәулеттердiң тасы өрге домалайды” - деп ой салады. Көзi ашық, көкiрегi ояу музыкант Бiлiсбай арқылы Бақдәулеттiң бейнесiн аша түседi. Т. Әлiмқұлов әңгiменiң негiзгi айтылар ойын осы музыкант жiгiт Бiлiсбай арқылы өрбiтiп, сол арқылы түйiндейдi.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Көркем шығармалардағы психологизм
Лирикалық проза
Ілияс Жансүгіров прозасындағы образдық бейнелердің көркемдігі
Б.Майлин әңгімелерінің негізгі тақырыптары мен өзекті идеялары
Қазақ прозасындағы фольклорлық сарындар
Мектеп үлкен мектеп
Психологиялық талдаудың көркемдік қызметі
Көркем прозадағы түс көру тәсілінің сипаттамасы
Ішкі монолог
Кеңес дәуірі әдебиетіндегі әңгіме жанры
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz