Ахмет Байтұрсынұлы қазақ зиялыларының үркердей жарқыраған жарқын шоғырының келбетті өкілдерінің бірі


Үлкен ағартушы, ірі ғалым-лингвист, қоғам қайраткері. Сарытүбек деген жерде, қазіргі Торғай облысы, Жанкелдин ауданында 1873 жылы 25 қаңтарда туған. Тоғыз жасынан бастап ауыл мектебінде, кейіннен Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне оқиды. Одан соң Орынбордағы мұғалімдер мектебіне түсіп, оны 1895 жылы бітіреді. 1895-1909 жылы Ақтөбе, Қостанай және Қарқаралы уездеріндегі мектептерде, орыс-қазақ училищесінде мұғалім болып қызмет атқарады.
Патша өкіметінің отаршылық саясатына қарсы күресті тым ерте бастаған Ахмет Байтұрсынұлы осы үшін 1909 жылы Семей түрмесіне қамалады. Кейін қазақ жерінен тысқары жерлерге жер аударуға үкім шығарылым, ұзақ жылдар бойы «саяси сенімсіз» адам ретінде патшалық күзет қызметінің бақылауында болды.
1913 жылдан бастап «Қазақ» атты апталық газет ұйымдастырып, 1917жылдың қыркүйегіне дейін оның редакторы болады. Ол қазақ мемлекетін қалпына келтіру үшін күрескен «Алаш» партиясы көсемдерінің бірі ретінде де белгілі. Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін А. Байтұрсынұлы біраз уақыт алашордашылар қатарында қалды, ал 1919 жылы бірқатар ғалым-зиялыларымен бірге Кеңес өкіметі жағына өтуге мәжбүр болды. Осы жылдың маусым айында Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық комитетінің (ВРК) мүшесі болып сайланады. 1922-1925ж. Халық ағарту комиссариатына қарасты ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы болды, Халық ағарту комиссары болып сайланды, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып жұмыс істеді, одан соң Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің газеті «Ақ жолда» еңбек етті. 1925-1929ж. Қазақ халық ағарту институтында дәріс оқыды, сабақ берді.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиеті мен сөз өнерінің дамуына айрықша еңбек сіңірді. 1909 және 1911 жылдары оның көпке белгілі «Қырық мысал»және «Маса» жинақтары жарияланды. Ахаң халықтық көркем сөз өнерінің қорын жинаушы, зерттеп, бастырушы ретінде де көптеген құнды жұмыстар істеді. Ол 1923 жылы жарияланған «Ер Сайын» эпостық жырының кіріспе мақаласын және түсіндірмесін жазды, сондай-ақ «Жоқтау» деп аталатын жинақ(1926), «Әдебиет танытқыш» деп аталатын оқу құралын шығарды. Соңғы еңбек-әдебиеттің тарихы мен теориясы туралы қазақ тіліндегі тұңғыш көлемді де толымды еңбек.
Ахаң қазақ балаларын ана тілінде оқыту ісіне арнап тұңғыш оқулықтар жазды. Олардың арасында: «Оқу құралы»(1912), «Тіл құралы» (1914), «Әліпби»(1914), «Жаңа әліппе» (1926-1928) және «Баяншы» (1926) деп аталатын әдістемелік оқу құралдары балаларды оқыту ісі барысында маңызды рөл атқарды. Бүкіл бір халықтың ұлттық тілін түрлеп, әдебиетін жасап, ғылымын жетілдіріп, қоғамдық санасын қалыптастырып, ойын оятқан Ахаң секілді алып тұлғалар сирек.
ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақ зиялыларын жаппай қуғындаудың басталғаны мәлім. Сталиндік жазалау машинасының қармағына іліккендердің бірі де А. Байтұрсынұлы болды. 1938 ол әуелі тұтқындалып, кейіннен атылды.
1988 жылы ақталды.
Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының үркердей жарқыраған жарқын шоғырының келбетті өкілдерінің бірі. Оның өмірі өз халқына деген, ел-жұртының мәдениеті мен әдет-ғұрпына деген айнымас махаббаттың айқын үлгісі.
Бастауыш мектеп
Қазақ бастауыш мектебі қандай боларға керек? Бұл туралы ашылып пікір айтылған жоқ. Петербургта болатын мұсылман кеңесінде мектеп мәселелері қаралмақшы, оған қазақтан баратын адамдар қазаққа қандай мектеп керек екендігін біліп барарға тиіс. Сондықтан «Қазақ» өз пікірін айтып, жұрт құлағына салмақшы.
Осы кезде қазақ балалары оқуды екі түрлі бастап жүр. Біреулері оқуды ауылдағы мектептен бастайды, екіншіліері ел ішіндегі орыс школасынан бастайды. Солай болған соң, қазақтың қазіргі бастауыш мектептері осылар дейміз. Қазақ бастауыш мектебі қандай болу керек деген мәселені шешерден бұрын, осы күнгі тұтынып отырған бастауыш мектептердің жарамды, жарамсыздығын тексеріп, сонан соң керек мектебіне түрлі болу жайын сөйлеу тиіс.
Әуелі, ауыл мектебінен басталық. Осы күнгі ауыл мектептерін мектеп деп айтарлық емес. Оқуға керек құрал жоқ, оқыта білетін мұғалімдер аз. Сонда да қазақша хат білушілердің проценті мұжықтардан жоғары. Осы күнгі тек хат жаза білетін қазақтардан бастап, газета, журнал, кітап шығарып жатқандарымыздың бәрі де сондай мектептен оқып, хат танып, жазу үйреніп шыққандар. Мұнан көрінеді:осы күнгі мектептер осыншама жайсыз, күйсіз қалыбында халық арасына оқу, жазуды мұжықтар арасынан гөрі көбірек жайып жатқаны, бұл мектептің халыққа жақындығы, балалар білімді ана тілімен үйренгендігі.
Алайық енді орыс школаларын. Қазақ арасындағы орыс школалары ауылнай, волосной екі класты школалар. Бұлардан бітіргендер ілгері оқымаса, онда жоқ болып, шала оқумен қалады. Елде бір-екі жыл тұрса, оқығанның көбінен айырылып, оқымағандармен бірдей болып, оқыған еңбек бос кеткен есебінде қалады. Бұл күнде екі класты школа бітіргендерден ауылнай учитель, писарь болып жүргендері бар екені рас, бірақ бастауыш мектепте үйренетін білім жұрттың бәріне тегіс керек білім ғой. Адамға тіл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білімдер де сондай керек. Осы заманда хат білмеген адамның күйі тіл я құлағы, я қолы жоқ адамның күйімен бірдей; мұнан бұлай хат білудің керектігі онан да аспақшы. Бастауыш мектептен оқығандар писарь, учитель, фельдшер, адвокат, содия, инженер, агроном болар демей, ең әуелі, қазақша толық хат білетін дәрежеде болуын көздеу керек. Екінші, бастауыш мектептен үйренген білім әрі оқимын дегендерге негіз боларлық жағын көздеу керек. Егерде бастауыш мектептен оқып шыққандар ілгері оқымай, үйінде қалса, ұлт әдебиеті мен матбуғатының мүлкін пайдаланарлық даражалы біліммен қалсын. Әрі оқимын деген халде, мұсылманша оқыса, бастауыш мектеп оқуы артқы оқудың негізі болуға жарасын; орысша оқыса, орысша үйренудің қиындығын жеңілтерлік демеу һәм негіз болуға жарасын.
Жоғарыда айтылған қазақ ішіндегі осы күнгі екі түрлі бастауыш мектептің екеуі де көңілдегі мектептердің түрінен табылмайтын мектептер. Бірінде оқуға керек құрал жоқ, тәртіп жоқ, мөлшер жоқ, жоспар жоқ. Халық оқуды керек қылғандықтан жаманда болса «жоғынан бары артық» дегенмен істеліп отырған іс. Екіншісінде, яғни орысша школаларда тәртіп те бар, құралдар да сай, мөлшер, жоспар бәрі де бар. Бірақ, сонысына қарай пайдасы аз. Олардың пайдасын кемітіп отырған бір-ақ нәрсе:қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отырған. Сол школалар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді, қазақ тұтынып отырған араб әрпін тамтатып, орыс әрпін алдырамыз дейді. Сол үшін әуелі, балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілімен оқыса да орыс әрпімен оқысын дейді. Соның үшін біреулері ана тілінде оқыған аты болу үшін қазақ тілінде орыс әрпі басылған кітаптардан бастап оқытып, әрірек барған соң кілең орысшаға түспек керек дейді. Бұлар еппен қайырмалаушылардың жолы. Біреулері еп-септі қойып, бірден орысша оқыту керек дейді.
Өткен жыл 14-нші июньде патша жарлығы бойыцнша шыққан правилада Россиядағы бөтен текті жұрттардың мектебінде бастапқы екі жыл ана тілінде оқылсын деген. Ол правилаға Оқу министрі қол қойған. Оның бер жағында Қазан округінде бір инспектор попечительге жазған: учительдер чуваш балаларын әліппесімен оқытпай, бірден орыс әліппесімен оқытқанды оңай көреді деп. Оны попечитель министрге жеткізген. Министр енді жазып отыр:чуваш мектебінде орыс әліппесінен бастап оқытқанды бек ұнаттым, бек келісті іс екен деп. Сүйтіп, чуваш балаларын чуваш тілімен һәм чуваш әліппесімен оқытпай, бірден орыс тілімен, орыс әліппесімен оқытуға министр батасын беріп отыр. Бастапқы екі жылда ана тілімен оқытуға тиіс деген правилаға қол қоюшы да министр, онан кейін ана тілімен оқытпай, бірден орыс тілімен оқытуды ұнатушы да министр. Бұл екі қағаздың қайсысы іске асып, қолдануда болмақшы?Қайсысы хүкіметке жағымды болса, сонысы іске аспақшы. Хүкіметке жағымдысы қол астындағы жұрттың жазу-сызуы, тілі, діні бір болу. Россия қол астында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, хүкіметке онан артық ұнамды іс болмас. Сондықтан 14-нші июньде министр қол қойған правиланы 16-ншы ноябрьде министрдің жазған қағазы жеңбекші. Ондай правилалар іске аспай қалу үшін, бір миссионер инспектор жазса болғаны:өз әліппесімен, ана тілімен оқытып отырсақ, қай уақытта жазу-сызу, тілі жоғалады?Тегі, бөтен жұрттар тілінен, жазу-сызуларынан айырылып, орыспен бірдей болып сіңісу үшін, бірден орыс тілімен оқыту керек деп. Бастапқы кезде ана тілімен оқыту тиіс деген сөз 1906-ншы жылғы 31-нші март правиласында да бар еді. Осы күнге шейін ауылнай, волосной, екі класты бастауыш мектептерде қазақ әліппесімен қазақша басталып оқылғаны еш жерде естілмейді. Себебі не?Правила бойынша қазақ тілі мен қазақ әрпінен бастап оқыт деп отырған балалардың ата-анасы жоқ. Халықтың өз тілімен, өз әрпімен оқығанын әкімдер жақтырмайтын болған соң, учительдер өз беттерінен ана тілімен, ұлт әрпінен бастап оқытамыз дей қоймайды. Сөйтіп, правила қағаз жүзінде бар болса, іс жүзінде жоқ. Бұл айтылғанның бәрі де хүкімет өз пайдасын көздегендіктен істеліп тұрған істер. Бастауыш мектептер жалғыз хүкімет пайдасы үшін болмай, халық пайдасы үшін де боларға керек. Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір суық қолдан тыныш боларға керек. Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілік. Қазақты діннен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс. Араб әрпі ислам дінімен бірге келіп қазаққа орнаған. Дінмен байласқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды. Қазақта газета, журнал, кітаптар жоқ кезінде жоғалған тіл, газета, журналы шығып, кітаптары басылып, жылдан-жылға ілгері басып келе жатқанда қазақ тілі жоғалмас.
Олай болса, мектеп арқылы қазақтың дінін, тілін, жазуын жоғалтып, орысшаға аударамын деген пікірден хүкімет безіп, тиісті бастауыш мектеп екі жаққа да зиянсыз, пайдалы болуын көздеу керек. Солай ойлағанда көңілге ұнамды мектептің түрі біздің ойымызша мынау:бастауыш мектептер оқуы қазақ үшін жылдық боларға тиіс. Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек. Соңғы екі жылда кілең орысша оқу керек. Мұжық жөнімен қала болған қазақтар бар, қазақ ретімен қала болатын қазақтар да болар. Қыстаулары жиын қазақтар да бар, қыстаулары сирек қазақтар да бар. Солардың бәріне бастауыш мектеп қолайлы болуға тиіс. Сондықтан, әуелі қазақ бастауыш мектебі екіге бөлінерге:келіп оқитын, жатын оқитын мектептер. Келіп оқитын мектептер қала болған, яғни қыстауы жиын жерлерде болу, жатып оқитын мектептер әлі сирек отырған жерлерде болу керек.
Екінші, қыр мектебі һәм қала мектебі болып бөлінерге. Қыр мектебі-ауыл мектебі, волос мектебі болып, о да екіге бөлінерге, ауыл мектебінде кілең қазақ тілінен оқылатын үш жыл оқу оқыларға, қалған кілең орысша оқылатын екі жыл волос мектебінде оқыларға тиіс. Волос мектебіне ауыл мектебінде бітіргендер алынарға тиіс. Қала мектебі қаланың үлкендігіне қарай үш жылдық, бес жылдық оқулы боларға тиіс. Жатып оқитын ауыл мектебі мен волос мектептеріне келіп оқи алмайтын балаларды ғана жатып оқитын есепке алуға тиіс. Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер:оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрафия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайы. Бастауыш мектептің кілең орысша оқитын екі жылында үйретілетін білім гимназиясының, яки реальный мектептердің төменгі кластарына кірерлік болу тиіс. Бастауыш мектептер осындай болса, бұлар әрі мұсылманша я орысша оқыту үшін қазақ балаларының бастауыш мектепте үйренген білімі негіз болуға жарайды.
Мектеп керектері
Өткен нөмірде қазаққа қандай бастауыш мектептер керегін жазып едік, енді ол мектептерге не керек, сол жайынан жазбақшымыз.
Қазақ балаларын ана тілінде төте жолмен, қолайлы құралдармен оқыту жайын жақсы білетін мұғалімдер үш жыл оқықанда бірталай білім үйретуге болады. Ана тілінде жазылған кітаптар, газеталар, журналдар о ғайри ана тіліндегі жазу-сызу бастауыш мектептен шыққандардың мүлкінде болады, яғни солардың бәрінен де пайдалануға қолынан келетін болады. Біздің қазіргі ел ішіндегі мектептерімізде жоғарғы айтылған шарттардың біреуі-ақ бар, ол бар дегеніміз-ана тілімен оқыту. Басқа шарттары орнына келмеген соң, үйренерлік білімнің көбін білмей, балалар азын ғана біліп шығады. Бізде қазірінде төте оқу жолымен оқыта білетін педагогика, методикадан хабардар мұғалімдеріміз жоқ қасында. Бастауыш мектепке керек құралдарымыз сайлы емес. Кесіп пішкен программа жоқ. Сондықтан қазаққа қандай мектеп керектігін сөйлегенде, ол мектепке не керек екендігін де айту тиіс.
Мектептің жаны-мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі-білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керек құралдар қолайлы һәм сайлы болуы. Құралсыз іс істелмейді һәм құрал қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы. Істің толық жақсы болуына, құралдар сайлы һәм жақсы болуы шарт. Үшінші, мектепке керегі-белгілеген программа. Әр іс көңілдегідей болып шығу үшін оның үлгісі я мерзімді өлшеуі боларға керек. Үлгісіз я мерзімді өлшеусіз істелген іс олпы-солпы, я артық, я кем шықпақшы. Керексіз нәрселерді үйретіп, балалардың өмірін босқа өткізбес үшін, үйретерге тиісті білімді кем үйретпес үшін, балалардың күші жетпейтін өте алысқа сүйреп кетпес үшін, бастауыш мектепке үйрететін нәрселердің кесімі-пішімі болуға тиіс. Сол пішім программа деп аталады.
Өткен нөмірде біз айтып өттік, қазақ үшін ашылған орыс школаларының мұғалімдері, оқу құралдары сайлы деп. Біздің ана тілімізде оқылатын мектептеріміздің құралдары, мұғалімі сондай сайлы болуға тиіс. Сонда мектеп программасын үлгеріп, орнына келтіре алады. Мектепке керек нәрсенің бірі сайлы болмаса да мектеп ақсайды, программа бойынша үстіне артқан жүкті дұрыс алып жүріп, мерзімді жеріне мезгілінде жеткізе алмайды. Сондықтан мектеп керек болса, мектепке керек нәрселері де сайлы болуы керек.
Мұғалім сайлы болу үшін, мұғалімге керек білімді үйрететін орыннан оқып шығарға тиіс. Ондай орын қазақ түгіл, қазақтан бұрынырақ қимылдап жатқан ноғай бауырларымызда да жоқ. Қазақтардың өздері дариммұғаллимин (педучилище-Ред. ) ашып, мұғалімдерін сонан оқытып шығаратын заман алыс жатыр. Қолдан келмейтіндерін қоя тұрып, қолдан келерлігін дұрыстау тиіс. Орыс мұғалімдік школаларынан шығып, учитель болып жүрген қазақ жастары бар, мұсылман медреселерінен оқып, мұғалім болып жүрген қазақ жастары бар, мұсылман медреселерерінен оқып, мұғалім болып жүрген қазақ жастары бар. Осылардың екеуі де толық мұғалімдікке жарайды, егерде бұлардың біреулері мұсылманша хат білу жағынан, екіншілері педагогика, методика жағынан кем соқпаса.
Осы күнгі орысша оқығандардың көбі мұсылманша хат білмейді, мұсылманша оқығандардың көбі педагогика, методикадан хабардар емес. Қазақтан тәуірірек школа һәм медресе бітіргендер аз. Ол аздың үстіне орысша оқып, мұсылманша да білетіндері аз. Мұсылманша оқып, педагогика білетіндері аз. Жұртқа тәртіпті мектеп керек. Мектепке сайлы мұғалімдер керек. Мектептерге мұғалім боларлығымыз жоғарыда айтылған екі түрлі жастарымыз. Олардың сайлы мұғалім болуына жетіспей тұрған жерін бітегене жетістіру ғана қажет. Орысша оқығандардың мұсылманша хат білуіне бір-екі-ақ ай үйрену қажет, мұсылманша оқығандар педагогиканы дұрыстап үйренбегенменен де методиканы біліп, жаңа усулдармен танысуына оған да бір-екі ай үйрену керек. Бұл бір-екі ай үйрену қайсысына да болса, қолдан келмейтін іс емес.
Мұғалімнен соңғы сайлы болуға тиісті нәрсе оқу құралдары. Оқуға керек қалам, қағаз, қара сия, сауыт, отыруға керек нәрселер-пұлға табылатын заттар. Қазірінде пұлға табылмайтын:қазақ мектебінде қазақ тілінде оқытуға керек кітаптар. Өткен нөмірде қазақ бастауыш мектебінде үйретілетін білімдер мынау дедік:оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа-кәсіп, жағрафия, жаратылыс жайы. Осыларды үйретуге керек кітаптар қазақ тілінде жоқ. Міне, қазір іздесек ақшаға табылмайтын құралдар осы. Осыларды дүнияға шығару керек. Біз бұларды уақыт жетуінше қолға алып істеп жатырмыз. Бірақ, бір жағынан, басқа жұмыспен байланулы болғандықтан, тез үлгеріп бола алмай жатыр. Шыға бастағандарына өкпесі бар кейбіреулер сын таққан болып жатыр. Сынағанда біреулері тіпті қолына алып қарамай, екіншілері қараса да танымай сынап жатқан көрінеді. Әркім сынау керек өзінің жақсы білетін нәрсесін. Білмейтін нәрсені сынаймын деп, құр өзінің білмегендігін көрсетеді. Біреудің бір нәрсенің білетін, білмейтіндігі істегенде ісінен көрінеді. «Айқап» журналында «Оқу құралы» есімді қазақ әліппесіне сын тағып отырғандар жаңа усулдарды білмейтін адамдар. Ол әліппе жазылған жаңа усулдардың ең жақсысы-усул сотие жолымен. Оқу кітаптары жазылады оқыта білетін, усулдармен таныс мұғалімдер үшін. Машина һәм басқа құралдар жасалады сол машина құралдардың тетігін біліп пайдаланатын адамдар үшін. Жұмсауын білмей кінә қою көзілдірікке кінә қойған маймыл сияқты болады я аузы қисық бола тұрып айнаға өкпелеген сияқты болады. Біз оқу құралдарының подретін алып істеп жатқанымыз жоқ. Біздікі жаман болса, жақсысын шығарыңдар. жақсы шықса, жаман қалатын.
Бұл оқыту жайының таласы ақыретте не болады деп таласу емес, қазақ жерді олай я бұлай алса, түбінде пәлен болады деп таласу емес. Олар алдағы нәрселер. Оқыту жайын кім жақсы, кім жаман білетіндігін көзге көрсетуге болатын нәрсе-педагогика, методикаларды кәміл білетін адамдардың алдында әліппе шығарушы һәм сын тағушы, екі жағы сынға түссін, тұтынған усулы бойынша балаларға сабақ беріп көрсін. Таласпайтын орында талассын, ауыз ауыртпай соны істеу керек. Әйтпесе, біліп сын таққанымды, білмей сын таққанымды жұрт қайдан білсін деп міндеу-жұрттың бәрі жақсы мен жаманды айырмайтын ақымақ деп ойлаған болады ғой. Бұ жағын «Айқап» ойлап я ойламай орын беретініне түсініп жете алмаймыз.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz