АРАЛ - КАСПИЙ САРМАТТАРЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТІ



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 17 бет
Таңдаулыға:   
2. АРАЛ-КАСПИЙ САРМАТТАРЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТІ

2.3 Тас мүсіндер

Арал-Каспий теңіздері аралығындағы үлкен кеңістікке археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында тарих куәгері болған бірнеше ескерткіштер ашылды. Көне жәдігерлердің алғышқы орнында ғибадатханалардың жанында тұрғызылған, олардың ажырамас бір бөлігі саналатын тас мүсіндер тұрды.
Ғылыми еңбектерде көрсетілгендей, Бәйте сынды ғибадатханаларда 2-45 тас мүсін орнатылған. Нақтығырақ айтатын болсақ, Бәйте І - 30 тас мүсін, Бәйте ІІІ - 30 тас мүсін, 7 бекет (Сай-Өтес ауылынан шығысқа қарай 19,5 шақырым) - 3-4 тас мүсін сынықтары, Ақ-үйік - 10 шақты тас мүсін сынықтары, Терең - 8-9 тас мүсін, Қосуақ - тас мүсін сынықтары (саны жазылмаған), Қара оба - 1-2 тас мүсін сынықтары, Үйік (Сарықұм ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 55 шақырым) - 3-4 тас мүсін сынықтары, Қарамөңке - 18 тас мүсін, 4-бекет - 1 тас мүсін, Айық - 1 тас мүсін, Мөңке үйік - 1-2 тас мүсін, Бесөгіз - 1-2 тас мүсін, Жыңғылды - 2-3 тас мүсін сынықтары, Қос үйік - 1 тас мүсін, Қонай - 1 тас мүсін, 309-шақырым - 1-2 тас мүсін сынықтары табылған [1, 149 б.].
Бірақ тас мүсіндердің саны осы көрсетілгеннен әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені ҚР ҒА АИ мұрағатында сақталған ғылыми есепте Қарамөңке ғибадатханасынан 1992-93 жылғы қазба барысында 80-ге жуық ірі және орташа тас мүсіндер сынықтары табылғанын жазса [2], 1994 жылғы қазба барысында Терең ғибадатханасынан 39 тас мүсін табылған деп көрсетілген [3]. Олардың ішінде сызбалары сызылып, нақты ғылыми айналымға енген Қарамөңкеде 11, Тереңде 3 тас мүсіндері ғана [4, 286-279 б.].
Олардың биіктіктері 1,2-3,8 метр және Бәйте тектес ғибадатханаларда әйел мүсіндері мүлде кездеспейді деген тұжырымдар да болған [4, 142 б.].
Бәйте тас мүсіндері. Бәйте сияқты ескерткіштердің ашылуы Еуразия даласында тың жаңалықтар алып келді. Ғибадатханалардың мерзімін анықтауда негізгі рөл атқарған тас мүсіндердегі түбі айқыш тәрізді, семсерлер мен қанжарлардың б.з.д. IV-II ғасырларда Орал маңы, Дон мен Еділ бойында пайда болуы сармат дәуірінің прохоров мәдениетімен мерзімдеуге мүмкіндік береді [5, 14 б.]. Бұл мерзімдеудің қаншалықты дәл екенін анықтау әлі де зерттеуді қажет ететінін бірқатар зерттеушілер жазып кеткен [4, 149 б.].
Бәйте тас мүсіндері морфологиялық тұрғыдан Кавказ және Қара теңіз жағалаулауындағы скифтік тас мүсіндерге өте ұқсас болғанымен, иконографиялық жағынан ерекшеліктері көп [6, 186 б.]. Тас мүсіндерде негізінен алқа, қылыш, қорамсақ т.б. өте анық бейнеленіп, б.з.д. V-II ғасырлармен, яғни ерте сарматтық кезеңмен мерзімделеді. Бұл ескерткіштер тайпалық одақтың белгілі бір тайпаларына тән. Алайда, этномәдени сипаттама бере алмағандықтан массагеттік тайпалық бірлестікке жатқызу заңдылығы қабылданған.
Дөңгелек пішінді, қалың қабырғалы, күрделі архитектуралық ескерткіштерді қазақ даласындағы Бәбіш мола, кейінгі ғасырлардағы Домбауыл, Қозы Көрпеш сияқты дің ескерткіштерінің бастапқы нұсқалары болуы мүмкін деген қорытында жасауға болады [7, 55 б.]. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, көне түріктердің тас мүсіндері морфологиялық тұрғыдан Маңғыстау мен Үстірт даласының ерте темір дәуіріндегі тас мүсіндерімен өте ұқсас және осы пікірді қолдайтын ғалымдар да жетерлік [4, 136 б.].
Қонай тас мүсіндері. Аталмыш мүсіндерде ер қаруы бес қаруы сай жауынгер бедерленген. Қару жарақтарынан қапсырмалы - ілмекті белдік, қынабының ұшы айшықтанып келген семсер, жебелері түгел қорамсаққа салынған, көп қатпарлы алқа, иірілген білезік, тұла бойына шақталған сауыт пен дулыға, сол қолын шынтағынан бүгіп, ал оң қолын төмен түсіріп тұрған тұрысы мүлтіксіз сомдалған. Үстірттегі Қонай ғибадатханасынан табылған осы мүсінде киім киісі де, қару асынуы да жоғары талғамды, кең иықты, жауырынды жауынгер-сарбаз болғанын дәлелдейді.
Қонай оба мен Қарамөңкедегі №2 және Бәйтедегі №6,7 тас мүсіндердің белдіктерінің ромб тәрізді бедерлері б.з.б. V ғасырдың ортасымен мерзімделген Пазырықтың №2 қорғанынан табылған белдікпен сай келеді [8. 123-124 б.]. Мұндай белдіктер Пазырық мәдениетінде алғаш кездеседі [9, 22 б.].
Бәйте тектес тас мүсіндердегі кейбір ерекшеліктері қатарына тас мүсіннің қолы мен денесінің арасын ашып бейнелеуді жатқызуға болады. Өңірде б.з.б. VI ғасырда бұл тас мүсіндердің пайда болуымен прохоров мәдениеті пайда болды деген тұжырым бар [10, 234 б.]. Бірақ нақтылауды қажет етеді. Керісінше ерте сарматтық прохоров мәдениетінде ұштығы айшық тәрізді, балдағы тік семсерлер мен қанжарлардың пайда болуының алғашқы нұсқаларын Каспийдің шығыс жанындағы дах-массагеттерден қарастыру керек.
Дікілтаc Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында Дікілтас жерлеу кешенінен 40-1100 м оңтүстік және солтүстік-шығыста орналасқан (сур.).
№1 стела (сур.) негізгі жерлеу кешенінен 40 м оңтүстік-оңтүстік-батыста орналасқан. Бастапқы қалпында сақталған - тігінен тұрғызылған; батысқа қарай бағытталған. Аса терең емес бірақ та өте жақсы байқалатын диаметрі шамамен 10 м болатын шеңбер шұңқырда тұрғызылған. Стеланың төменгі бөлігі қазіргі жер қабатынан 0,4 м тереңдікте орналақсан. Жалпақ түпті ыдыс бейнеленген [11, 219 б.].
Стеланың биіктігі 240 см, ені 65 (жоғарғы бөлігі) - 55 (төменгі жағы) см, қалыңдығы 20-27 см. Жоғарғы бөлігі асимметриялы, сыртқы бейнесі жануардың тұмсығына ұқсайды. Стеланың беті желден мүжілген. Жоғарғы жағының сол жақ шетінде тікбұрышты пішін жонылған. Оған жартылай шеңберлі екі бейне салынған; қатты соққан желдің әсерінен қашалған бейненің бастапқы түрін қалпына келтіру мүмкін емес, бірақ та екі шеңбердің бейнеленгенге ешқандай күмән жоқ.
№4 стела (сур.) негізгі кешеннен 225 м оңтүстік-шығыста орналасқан. Жалпақ және тігінен тұрғызылған күйде сипатталады. Төменгі жіңішке бөлігі дөңестелген, асимметриялы, ал қарама-қарсы тұрған екінші бөлігі тік орналасқан. Стеланың беті табиғат факторының әсерінен мүжілген. Стеланың өлшемі 1,72х0,36 - 0,3х0,2 м. Жоғарғы бөлігінен топырақтың іздері байқалады. Осыған байланысты белгілі бір уақыт аралығында 0,35 м тереңдікте топыраққа жоғарғы шетімен көмілген болуы керек. Алайда, стеланың осы қалпы бастапқы түрі немесе кейінгі уақыттарда қайта қолданудың нәтижесі екені нақты айқын емес [11, 220 б.].
№5 стела (сур.) Дікілтас жерлеу кешенінен 70 м оңтүстік-шығыста орналасқан. Трапеция пішінді ұзына бойы орналасқан тас бағанды ұсынады; төменгі бөлігі сынған, жоғарғы шеті желден мүжілген. Сақталған бөлігінің өлшемі 1,1х0,37х0,23 м. Стеланың жоғарғы бөлігі тарыла, асимметриялы дөңестелген [11, 221 б.].
№7 стела (сур.) негізгі жерлеу кешеннен 300 м оңтүстік-оңтүстік-шығыста бастапқы орнына жақын жерде орналасқан. Бағананың беті мүжілген, кетіктер басқан. Жіңішке және үлкен, өңделмеген, қалыңдығы әркелкі әктас тақтатасынан жасалған. Оның биіктігі 2,03 м, ені 0,4-0,55 м, қалыңдығы 0,07-0,19 м. Жоғарғы жағы жалпақ, төменгі бөлігі тарыла түскен. Сыртқы көрінісі аздап балық пішінге ұсқайды [11, 221 б.].
№10 стела (сур.) Дікілтас жерлеу кешенінен 1050 м солтүстік-солтүстік-шығыста орналасқан. Жоспарында тікбұрышты, жоғарғы және төменгі жақтары аздап қашалған тас бағандардан құралған. Бастапқы кездегі биіктігі зерттеу барысында есепке алынған биіктіктен - 1,85 м аздап жоғары болған, бағананың ені 0,47 м, қалыңдығы 0,22 (төменгі) - 0,27 (жоғарғы) м. Ескерткіштің беті табиғат факторларының нәтижесінде мүжілген, аздап кетіктер байқалады. Бағананың беткі жағы - жалпақ, ені 2-3 см, тереңдігі 1-2 см, бағананың оң жақ шетінен 5-6 см тігінен орналасқан жырақтар таңбаланған. Жырақтың ұзындығы 1,5 м. Дәл сол беткі жағынан тек сол жақ шетінен 7-12 см қашықтықта ойықтар - ұзындығы 1,1 м жырақтар салынған. Үшінші жағының алдыңғы бетінде жартылай шеңберлі, Г-пішінді таңба қашалған. Белгінің жалпы ұзындығы 0,2 м, ені 0,11 м. Бағананың оң жағында өлшемі 9х6 м-ге дейін болатын үш сопақша ойықтар салынған. Алайда олардың табиғи не қолдан жасалғаны белгісіз. Бағананың сол жағында бір-бірінен 0,25-0,3 м қашықтықта, үш кесік ұзына бойы анықталған. Кесіктердің ені 0,05-0,06 м, тереңдігі 0,12 м-ге дейін, ұзындығы 0,2-0,36-0,29 м [11, 222 б.].
Бағаналардың барлығы көріп тұрғаныңыздай антропоморфты тас мүсіндер қатарына жатпайды. Сипатталған бағаналардың жалпы иконографиялық сұлбасы - тікбұрышты немесе жоғары жағы сындырылған, аздап майысқан - бұғы тастар мен киммерийлік бағаналардың қарапайым түрімен толығымен сәйкес келеді. Соңғысы көптеген халықтарда ежелден кеңінен таралған және қазіргі этнографиясы саналатын құнарлылық культтік белгісімен және фаллостың пайда болуымен тығыз байланысты екені дәлел. Фаллостардың тас мүсіндері табыну нысаны ретінде қызмет атқарған, соның ішінде ежелгі Үндістанда, Жапонияда, Солтүстік Кавказда және т.б. жерлерде кеңінен таралған. Моңғол бұғы тастарының фаллос культімен байланысты екеніне жанама ғана емес, тікелей де дәлелдер бар. Бұл образ тек құнарлылық идеясының материалдық таралуы емес, Ғаламның құрылымдық белгісі - әлемдік ось, ағаш, тау және т.б.[12, 59 б.; 13, 199 б.].
Қарастырып отырған Дікілтас кешенінің тас бағандары ежелгі ескерткіштердің үлкен шеңберіне кіреді. Құрылымдық Ғаламның жалпы адамдық идеясын қалыптастырған және әлемдік бағаналармен, ағаштармен, осьтермен, фассолдармен, танымал ата-бабалар пішіндерімен теңестірілген оның орталығы киелі саналатын. Берілген ось - тік, әлемнің үш бөлігі реттелген аймақ (өлілер әлемі - төменгі, тірілер әлемі - ортаңғы, құдайлар әлемі - жоғарғы), белгілі бір діни ғұрыпты жасаған жағдайда ғана белгіленген аймаққа саяхат жасауға рұқсат етілетін байланыстырушы - медиатор (аспандағы саты) негізіндегі мифологиялық тұжырымдармен сәйкес келеді. Осындай түсінік Еуразия материгінде энеолит дәуірінде қалыптасқан, кейінгі мыңжылдықтар бойы ағаш немесе тас бағаналарда саты, фаллос, адамның немесе құдайдың (менгирлер, бағаналар, антропоморфтар және т.б.) бейнелері тарала бастады [11, 224 б.]. Осындай ескерткіштердің жанында ғұрыптық әрекеттер жасау ең алдымен өлілер мен табиғаттың, уақыт кезеңдерінің (жылдық маусым), ру басшысы - демиург, морфологиялық және шынайы ата-бабалардың культімен тікелей байланыс болды. Тас бағандардың полисемантикалығы көрсетілген барлық ұсыныстардың нормаларына сәйкес келеді; осындай белгілердің ежелгі некропольдердің міндетті белгілеріне айналуы кездейсоқтық емес. Осындай ескерткіштердің керемет үлгілері Кавказ пен Орта Азияның заманауи бейіттерінде ұсынылған; тікбұрыш пішіндегі өсімдік және геометриялық өрнектермен безендірілген тас бағаналар адам мен табиғаттың пайда болуының әмбебап идеясы негізіндегі мұсылмандыққа дейінгі кезеңге тән екені анық [11, 225 б.].
Дікілтас бағаналарының сипаты мен белгілері төменгі кезеңін б.з.д. V ғасыр деп белгілеуге мүмкіндік береді, ал олардың жоғарғы кезеңін анықтау өте қиын, б.з.д. ІІІ-ІІ ғғ. немесе одан да жоғары уақытқа жатуы мүмкін [11, 227 б.].
Еліміз егемендігін алғаннан кейін құрылған Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты қазақ жерінің түрлі тарапына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Зерттеу жұмыстарының алғашқы қорытындылары ғылыми айналымға еніп, өзінің оңтайлы нәтижесін бере бастады деп айтуға болады. Соның бірі - Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының Ақтөбе аймағынан зерттеген Қызылүйік тас мүсіндері. Қызылүйік тас мүсіндері орталық ғимараттан шығысқа немесе оңтүстік-шығысқа қарай тізбектеле орналасқан. Олардың әр жерден шашыранды түрде табылуы бастапқы орнын анықтауда қиындықтар туғызды. Мүсіндердің көпшілігі жер үстінен табылған. Жерге дейін көмулі тұрған түрлері де кездеседі. Ғибадатхана жанына салынған қоршауларға құрылыс материалы ретінде пайдаланылған тас мүсіннің сынықтары да табылған. Бүгінгі күнге дейін табылған тас мүсін сынықтарының саны - 23 дана. Батырлардың бес қаруын асынып тұрған бейнелері материалдың жұмсақтығына және басқа да жағдайларға байланысты бөлшектеніп кеткен, әрі бейнелері нашар сақталған. Сондықтан да тас мүсіндердің толықтай сипаттамасын жасау мүмкіндігі жектеулі. Алайда, Қызылүйік тас мүсіндерінің сынықтары арқылы толымды ақпарат алуға болады.
Қызылүйік тас мүсіндері морфологиялық жағынан жалпақ тас мүсіндер болып саналады. Кеуде тұсынан бастап салынған бұл тас мүсіндер Бәйте, Қонай мүсіндерімен аяқ жақтары салынбауы және жасалу технологиясы жағынан ұқсас. Ер және әйел бейнелерінің бәрінде дерлік бастары дөңгелек пішінде салынған. Бірақ та, әйел тас мүсіндеріндегі бейнелер нашар сақталған [14, 93 б.].
Антропоморфты тас мүсіндер арасында ер адамның бейнелері өте жақсы деңгейде сақталған. Негізінен белдікке көлденең екі жақтан ілінген қанжар, алып күштің иесі екенін көрсеткендей оң қолының саусақтар арасы алшақ, артында жебенің орны тесіктер арқылы салынған қорамсап бейнеленген. Беліндегі белдігі анық салынған. Ал қару ілінген белдік одан жіңішкерірек және сәл төмен қашалған. Адам денесінің әрбір бөлігін нақты сомдауға тырысқан, арқа тұсынан бастап омырқаның ойығы терең, көрнекі етіліп ойылып жасалған. Морфологиялық тұрғыдан осындай тас мүсіндерге ұқсас бірақ басы жоқ, беліне дейінгі бөлігі сақталған мүсін де табылған. Мүсіннің артқы жағында қос жауырыны сызыла көрсетіліп, сол жағында имек басты садақты тартатын жібін ішке қаратып ойып салынған. Анықтап қарайтын болсақ, екі қолының, білектері мен денесінің бұлшық еттері байқалады.
Осы уақытқа дейін есепке алынған тас мүсіндер антропоморфты сипатқа ие және көбіне жауынгер, батыр, кейде ақсақалдар, абыздар мен әйелдер қашалып салынған бейнелері бар тас мүсіндер кездеседі. Арал-Каспий өңірінен табылған тас мүсіндерде ыдыс немесе құсты қолдарына ұстаған, тұрмыстық заттарын бейнелей мүлдем кездеспейді.
Қызылүйік ғибадатханасының бір ерекшелігі - әйел тас мүсіндерінің болуы. Көшпелі тайпалардың күнделікті тұрмыс-салтта батырлық, батылдық, жауынгерлік қасиеттерге ие ержүрек әйелдер туралы жазылған көне деректерді дәлел ретінде қарастыруға болады.
Қызылүйік ғибадатханасы жанынан төрт әйел бейнесі салынған тас мүсіндер табылған. Әйел мүсіндері табылуы жаңалық емес. Себебі антикалық деректерде әйелдердің ержүрек, батыр, жауынгерлік қасиеттері туралы көп кездеседі. Әрі ерте көшпелілер қоғамында әйелдің әлеуметтік орны ерекше бағаланған. Отбасы тыныштығын сақтаушы, ұрпақ әкелуші және бала тәрбиесіне жауапты болған әйелдер тұлғасы қоғамдық құрылымның патриархалдығына қарамастан рухани мәселерде басымдық танытады. Табиғат рухтарымен тілдесуде, рәсімдерді атқару мен құрбандық шалуда сонымен қатар, ру мен тайпа ішіндегі, қоршаған ортадағы, әлемдегі тәртіпті реттейтін әйел болды.
Тас мүсіндерде әйел затының бейнеленуі қоғамдағы әйелдер рөлінің жоғары болғандығын көрсетеді. Әскери істерді өздері шешіп отырған. Ал әйелдердің еркектермен қатар соғысқа қатысып, билікке белсене араласқан кезеңін б.з.б. V ғ. төртінші ширегіндегі шығыстан басталған толқынмен байланыстары болуы да мүмкін [15, 53 б.].
Қызылүйіктегі тас мүсіндердің тек кеудесінен бастап кіндік тұсына дейінгі аралық қашалған сынықтары сақталған. Морфологиялық жағынан қарастыратын болсақ, аталмыш аймақтағы тас мүсіндердің көшпілігі жалпақ болып келеді. Қызылүйік жасалу технологиясы жағынан Бәйте, Қонай сынды тас мүсіндерімен бірдей, яғни белден төмен, аяқ тұстары қашалмаған. Ер мен әйел адамның бастары дөңгелек пішінде берілген, бас киімдері көрсетілмеген. Қызылүйіктегі әйел тас мүсіндерінің бейнелері сақталмағанымен, негізінен Бәйте тектес тас мүсіндегі бейнеленген бет пішіндер қазақ еліндегі көне түріктердің тас мүсіндеріне өте ұқсас болып келеді [2, 93 с Чариков А. А. Изобразительные особенности ка- менных изваяний Казахстана СА.-М., 1986.-С 93.].
І тас мүсін. Мойны мен иығын бейнелеу арқылы басы денесінен бөлек көрсетілген. Жасаған материалының жұмсақ және табиғи факторлардың әсер етуіне байланысты бет бейнесі анық байқалмайды. Екі қолы шынтақ тұсында бүгілген. Оң қолының ашық алақанымен кіндік тұсын ұстап тұр. Сол қолы бүгілген жерінен сынып қалған. Кеудесіндегі екі омырауы анық бедерленген. Мүсіннің белі жіңішке белдікпен буылған. Осы белдікке екі ілгекпен түзу балдақты, сабының түбі айшық тəрізді қанжар көлденеңінен ілінген. Мүсін- нің арқы жағынан екі жауырыны нақты бедерленген [16, 91 б.].
ІІ тас мүсін. Жорғарғы жағы кеуде тұсынан сынған. Тек сəл бүгіліп белдігін ұстап тұрған оң қолы көрінеді. Сол қолының шынтақтан бүгілген тұсының белгілері мүсіннің қырынан қарағанда көмескі білінеді. Бұл мүсіннің де омыраулары анық бедерленген. Тас мүсіннің белі жіңішке белдікпен буылып, оған екі ілгекпен түзу балдақты, сабының түбі айшық тəрізді қанжар көлденеңінен ілінген. Мүсіннің екі қапталында тағы екі қанжар ілінген. Қанжарлар белдікке бүр баумен тағылып, ұзынынан салбырап тұр жəне сол жақтағы оң жақтағы қанжарға қарағанда сəл қысқа. Үш қанжардың да саптарының түптері айшық тəрізді, балдақтары көлденең [16, 93 б.].
ІІІ тас мүсін. Мүсіннің басы мен кіндігінен төменгі жақтары сынып, кеуде тұсы ғана сақталған. Қолдары анық бедерленген. Сол қолы шынтағынан бүгіліп сол омырауының астыңғы тұсын ұстап тұр. Бұл мүсіннің де омыраулары бедерленген. Оң жақ омырауы нақты, ал сол жағы өте қысқа берілген [16, 93 б.].
IV тас мүсін. Мүсіннің де бас мен кіндігінен төменгі жақтары сынып, кеуде тұсы ғана сақталған. Қолдары анық бедерленген. Оң қолы шынтағынан сəл бүгіліп кеудесінің төменгі тұсын ұстап тұр. Бұл мүсіннің де кеуде тұсы бедерленген. Бұл мүсінде керісінше сол жақ төсі нақты, ал оң жағы өте қысқа берілген. Саусақтарының аралары ашылып бейнеленген [16, 93 б.].
Жоғарыдағы тас мүсіндер ішінде №2 мүсіндегі қарулардың берілуі өте қызық. Бұл жерде жалғыз қанжар болса, ол өзін қорғау мақсатында пайдаланған болуы да мүмкін. Ал бір мүсінде үш қанжардың болуы нағыз жауынгер екенінен хабар беріп тұр. Ерте темір дəуіріндегі мүсіндердегі əйелдер туралы, ат құлағында ойнап, соғыс жағдайында ер адамдармен бірдей ұрыс қимылдарына араласып, жасындай жарқылаған көшпелілердің əйелдері, амазонкалар жайлы аңыз əңгімелер де өте көп. Көне грек мифтері бойынша Гомердің Иллиадасында соғыс құдайы Арес пен мəңгілік жас, сұлулық пен махаббат құдайы Афродитадан тараған скиф елінде өмір сүретін қыздар амазонкалар жайлы деректердің мол екені барлығымызға белгілі.
Жаңа заманның басында өмір сүрген Страбонның жазбасында: Амазонкалар патшайымы Фалестрия Гирканияда Ескендір Зұлқарнаймен кездесіп одан ұрпақ алып қалмақ болғандығы айтылады да, оған өзі шүбə келтіреді. Ол дерек сол уақыттағы Ескендір Зұлқарнайын ерлігін дəріптеушілердің асыра айқандығы деп түсіндіреді. Бұл пікірден амазонкалар патшайымының ондай іске баруы мүмкін еместігін, яғни сол заманда амазонкалар ешкімге бағынбайтын, асау деген түсінік болғанын көруге болады. Ал осы жердегі Гиркан теңізінің Каспий екендігі əртүрлі деректерде айтылады [17, 122 б.].
Иорданның Геттердің шығу тегі мен іс- қимылдары деген еңбегінде: Амазонкалар гот əйелдері [15, 300 б.] жəне гот əйелі Марпезия əйелдерден топ құрып, əскердің осындай жаңа түрін Азияға бастап кетті [18, 301 б.]. Бұл дерек өте қызық жəне жорық жасау əрекетінің батыстан шығысқа қарай болғандығын меңзеп тұр. Сонымен қатар геттер мен готтар бір халық жəне геттер патшайымы Томира- деген мəліметтер бар [18, 304 б.].
Одан басқа да кейінгі зерттеулерде Каспий мен Арал теңіздері аралықтарын мекендеген екі халық массагеттер мен дахтар туралы да айтылады. Гетияны біздің ата-бабамыз Дакия деп атаса, біз енді Гепидия деп жүрміз- деген жолдар кездеседі [18, 305 б.]. Бұл деректер біз тарих сахнасына бірінен кейін бірі келген екі халық атап жүрген массагеттер мен дах-дайлардың қатар өмір сүріп, билік басына кезектесіп шығып отыруына байланысты осылай аталулары мүмкін екендігін де жоққа шығармайды.
Бұл жердің сол кезеңдегі тұрғындары массагеттердің тайпалық одағының аты аңызға айналған Тұмар ханымның есімімен тығыз байланысты болуы да мүмкін. Үстірт даласы сарматтардың мəдени, рухани орталықтарының бірі болғандығын көреміз жəне мүсіндерде бейнеленген қару-жарақ түрлеріне қарай отырып, бұл ескерткіштерді б.з.д. ІV-ІII ғасырлармен мерзімдейміз. Сондықтан, жазба деректерде кездесетін массагеттік тайпалық одаққа тəн деген болжам айтамыз. Осы кезеңнен кейін, бұл өңірде де шығыстан жылжыған қоныс аударушылардың алғашқы легімен мəдениеттердің ықпалдасуында да үлкен өзгерістер болғанға ұқсайды. Бұл кезеңде əрине, əйелдер мен еркектер арасындағы билікке талас дəуірінің болғандығын көреміз.
Елек өзені бойындағы б.з.б. VI -- III қорымдарға зерттеулерін жүргізген археолог К. Ф. Смирновтың монографиясында Елек бойындағы қабірлерден беделді, жауынгер жəне савроматтардағыдай қоғамда орны ерекше көсем əйелдердің жерленімдері байқалғаннан кейін Елек бойындағы сарматтарда əйелдер билігі болған дегенге қарсы шығу бекершілік жəне ол (олардың Оралмаңылық туысқандарында), бұдан бұрында нақты көрінген [19, 154 б.]. Елек бойындағы əйелдер билігі б.з.б. IV -- III ғғ. сақталады [19, 173 б.].
Бүгінге дейін кездескен мүсіндер ішінде əйелдер мүсіндері тек жауынгерлікті ғана суреттеген. Тұмар ханымға теңейтіндей патшайым бейнесіндегі мүсіндер болса да сақталмаған. Бірақ осы Үстірт қыратынан он тоғызыншы ғасырда Ресейге əкетілген тас мүсіннің жасалу техникасына қарап олардың мүсін жасау өнерінің шыңына жеткендігін көруге болады.
Еуразия даласындағы көшпелілерге қатысты жазба деректерді сараптаған кейбір ғалымдар тарихи сахнаға б.з.б. VII ғасырдың соңынан бастап массагеттер мен савроматтар шықты деп тұжырымдайды [20, 187 б.]. Массагеттердік одақтың пайда болуын б.з.б. VII ғасырдағы далалық халықтардың жылжуымен жəне археологиялық тұрғыдан Түгіскен мазарларымен, сондай-ақ қарасұқ (беғазы-дəндібай) ескерткіштерімен байланыстарғаны өте дұрыс деп есептейміз [21, 68 б.]. Беғазы-Дəндібай мəдениетінің кейінгі жұрнақтарының Каспий маңында кездесетінін ғұлама ғалым Ə.Х. Марғұланда көрсеткен [22, 315 б.].
Бұл кезеңдердегі, яғни б.з.б. VI-V ғасырлардағы Каспий мен Арал теңіздері аралықтарындағы ескерткіштер осы Бəйте тектес ескерткіштердің алғашқы нұсқалары Дікілтас қорымдары екені рас. Дікілтас қорымдары барлық болмыстарымен ерте темір дəуірінің алғашқы кезеңдеріндегі қорған- ғибадатханалар қатарына жатқанымен ол ескерткіштер кейінгі кезеңдермен мерзімделіп жүр [23, 227 б.]. Біздің ойымызша керісінше Беғазы-Дəндібай мəдениетінің заңды жалғасы ретіндегі ерте көшпелілердің барлық таралу аймақтарындағы іспетті осы өңірде де жерлеу жəне ғибадатханалық қызметтерді қатар атқарған ескерткіштер бой көтерді.
Ал ерте темір дəуірінің шырқау шегіне жеткен кездерінде Каспий мен Арал теңіздері аралықтарында осы құрылыстардың дамыған түрлері Бəйте іспетті бірегей ескерткіштер дүниеге келген. Бастауын Беғазы-Дəндібай мəдениетінен алатын Каспий мен Арал теңіздері аралықтарындағы осындай архитектуралық тұрғыдан бірегей ескерткіштерін жазба деректердегі сақ-массагеттік бірлестікке жақындатуға негіз бар.
Көне түріктерде ғибадатхана маңына тас мүсін орнату дəстүрі өз бастауын Бəйте тектес ескерткіштерден алуы мүмкін. Ерте темір дəуірінде осы өңірдегі ескерткіштерде батырлық рухынан бастау алған əйелдер бейнесі көне түріктерде Ұмай ана бейнесіне дейін көтерілуі ғажап емес. Жазба деректерде ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Батыс Қазақтан сарматтарының дүниетанымы
Батыс Қазақстан сарматтарының зерттелу тарихы
Обалардың үйіндісінің астына жылқыны жерлеу рәсімі - скиф мәдениетінің рулық белгісі
Сарматтардың мәдениетінің зерттелуі
Савромат-сармат тайпаларының археологиялық ескерткіштерінің зерттелу тарихы
Сармат қоғамындағы әйелдердің орны мен дүниетанымы
Батыс Қазақстан жеріндегі ескерткіштер
Батыс Қазақстандағы сақ тайпаларының ескерткіштері
Жануарлар дүниесін қорғау және қалпына келтіру жолдары
Қазақ жері туралы ерте географиялық мәліметтер
Пәндер