Тіл және ұлт - мәдениет құрамы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 5 бет
Таңдаулыға:   

К І Р І С П Е

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Тіліміздегі тұрақты тіркестердің мағыналық астарында халықтың ерте уақыттан бергі өмірінің бүкіл болмысы сақталып суреттеледі. Халықтың күнкөріс, тұрмыс-тіршілік негізінде жан-жақты өрбіген түсінік пайымдаулары, соған байланысты қалыптасқан салт-дәстүр, әдет -ғұрыптардың ерекшеліктері тілдік қолданыстағы тұрақты тіркестерден көрініс табады. Сондықтан тұрақты тіркестер - халқымыздың ұлттық ерекшелігін бойына сіңірген басты мәдени байлығымыздың бірі. Әр ұлттың тіліндегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы сол ұлт тіліне тән өзіндік бейнелі сөз орамдары арқылы оның бүкіл заттық, рухани мәдени өмірінен хабардар етеді. Ойымызды бейнелі, мәнерлі етіп, айқын жеткізуде өзінің бейнелілігімен, экспрессивті-эмоционалды бояуымен көзге түсетін фразеологизмдердің маңызы ерекше құнды. Ғасырлар бойы тек тұрақты тіркес түрлерінің бойында ғана сақталып қалған ерекше сөз айшықтарын мәдени дерек ретінде қарап, олардың жасалу жолдары мен мағыналық тамырына терең үңілудің, сол арқылы фразеологизмдердің қалыптасуына негіз болған о бастағы еркін тіркес түрле-ріндегі уәждерін ашудың фразеологиялық зерттеулер үшін маңызы зор. Әдетте фразеологиялық мағынаның пайда болуына дәстүрлі тіршілік пен мәдени өмірдің әсері мол. Образға негізделген көрініс тіл арқылы жарыққа шыққанда, ондағы ұлттық қабылдау, қазақи дүниетаным, ойлау ерекшеліктері бірден аңғарылады. Фразеологиялық мағынаға тірек, негіз болатын нәрсе-адамдардың күнкөріс тіршілігі, күнделікті өмірінде көріп жүрген дүниедегі заттар, айналасындағы құбылыстар, содан туындайтын жағдайлар және түрлі жағымды, жағымсыз әрекеттердің ықпалы.

1. 1 Ұлт пен мәдениет байланысы

Халық тілін зерттеп, сырын ашу - тіл иесінің қоғамдық-әлеуметтік өмірін, тіршілік көзін, рухани мәдениетін, ұлттық рәсімін танып білу; ұлттық психологияның, ұлттық дүниетанымның әр түрлі қырын, сыр-сипатын зерделеу; сол арқылы халыққа, ұлтқа жеткізу деген сөз. Зерттеушілер әр ұлттың өзіндік биік мұраты, әр тілдің өзіне тән қадір-қасиеті болатындығын айтады. «Тіл - кез келген халықтың тәжірибесі мен танымы және мәдениеті мен тарихымен ұштасып жатқан әсерлі де сезімтал халық құндылығы» [2, 7б. ] . О. С. Ахманова 1966 жылы «Словарь лингвистических терминов»атты еңбегінде: «Тіл - сонау көне дәуірді әрбір жаңа дәуірмен үзбей жалғастырып келе жатқан ең берік, өміршең қоғамның жанды құбылысы. Тіл тамырына зер салған сайын, оның сан-алуан қыры мен тылсым сырына бөленесің» [3, 529б. ], - деп жалғастырады. Демек тілдің тылсым сырларын ашатын болсақ, ғасырлар қойнауында жатқан көптеген ұмытылған құнды дүниелер табылары анық. Тіл және ұлт - мәдениет құрамы. Оған А. Ченкидің: «Тіл - қоғам мүшелерінің арасындағы коммуникация құралы ретінде мәдениеттің көптеген қырларын бейнелейді. Тіл құрылымы екі маңызды фактор арқылы туындайды. Оның бірі - ішкі, яғни әрбір жеке тіл иесінің ақыл-ойы, екіншісі - сыртқы, яғни басқа осы тілде сөйлейтін тіл иелерімен ортақ мәдениет» [4, 17б. ], - деген пікірі айқын дәлел. Тіл арқылы ғана біз ұлттың мәдениетін, дүниетанымын танимыз.

“Этнос” гректiң - еtпоs - тайпа, халық деген сөзiнен шыққан. Ғылымда “халық” терминiнiң орнына “этнос” терминi орынды қолданыла бастады. Бұл термин этностың негiзгi тарихи түрi - “тайпа”, “ұлыс”, “ұлт” ұғымын түгел қамтиды. Оның үстiне, “халық” сөзiнiң “бiр топ адам” деген мағынасы бар екенi белгiлi. Сондықтан “этнос” терминiн қолдану қолайлы. Адам ұжым болып тiршiлiк етедi. Оған әлеуметтiк бiрлестiк деп те, этностық бiрлестiк деп те қарауға болады. Шындығында, әрбiр адам, бiр жағынан, белгiлi бiр қоғамның мүшесi бола отырып, сонымен бiрге ұлттың (этностың) да мүшесi болып саналады.

Ал мәдениет - сан ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың рухани құндылығын қамтитын, ұлттық дүниетанымынан хабардар ететін сананың жиынтығы. Мәдениет дегеніміз - қоғамдағы жинақталған және жинақталатын материалдық және рухани құндылықтардың қоры. Ол үнемі тарихи даму үстінде болып, адамның жеке тұлға болып қалыптасуына белгілі ықпалын тигізеді.

Бұрынғы замандардан бері қалыптасқан өмір салты, материалдық және рухани мұралар жасау машығы - сол халықтың бастан өткерген ғұмыр жолының куәсі іспеттес. Яғни халықтың ғасырлар қойнауынан бастау алатын тек-тамыры, мәдени-рухани болмысы жалпы адамзаттық тарихтың, жалпы адамзаттық мәдениеттің құрамдас бөлігі болып табылады, сонымен бірге бүгінгі және болашақтағы сан тарау әлеуметтік, мәдени болмысының бой көтерер биік тұғыры да.

Қазіргі заманда мәдениетті ұлтпен байланыстыра қарастырған мәдениеттану ілімінің қоғамдағы орны мен рөлін хабардар ететін әдебиеттер жеткілікті. Ең алдымен «мәдениет» дегеніміз не? - деген сұраққа жауап беру үшін осы күрделі ұғымды білдіретін сөздің шығу тегін сөз етелік. «Мәдениет» сөзі араб тілінде «мудун» - «қала» мағынасын беретін болса, ал «медэни» сөзі «қала тұрғыны» деген мағынаны білдірген. Осыдан келіп «мәдениет» сөзі шыққан [5, 7б. ] . Ал латынша «culture» сөзі ежелгі заманда «жерді өңдеу» деген мағынаны берген. Цицеронның еңбектерінде бұл сөздің мағынасы тереңдеп, «жанды жетілдіру», уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде «білім беру», «даму», «құрметтеу» сияқты мағыналарға ие бола бастайды [6, 6б. ] .

Ю. М. Лотман мәдениетке: «мәдениет дегеніміз - адамдар арасындағы немесе сондай бір топ арасындағы қарым-қатынастың бір түрі. …Мәдениет, біріншіден, коммуникациялық екіншіден, символдық табиғатқа ие» [7, 56б. ], - деген пікірін білдірсе, белгілі ғалым Э. Бенвенист оның ойын сабақтастыра мәдениет туралы былай түйіндейді: «Өркениеттің даму деңгейі қандай болмасын мәдениет адамзат қоғамынан бөлінбейді. Әрбір тіл сияқты, әрбір мәдениет те арнайы символдар аппаратын қолданады және де осы арқылы сәйкес қоғам танылады. Тілдер түрлілігі, мәдениеттер түрлілігі, олардың өзгерістері символизмнің конвенционалдық сипатын көрсетеді. Символизм оларға түр береді. Негізінде осы символ адам, тіл және мәдениет арасындағы тікелей байланысты іске асырады» [8, 32б. ] .

Қазақ тіл білімінде Г. Н. Смағұлова 1998 жылы «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері» еңбегінде: «Мәдениет» сөзіне 200-ден астам ғылыми анықтама берілгенін атап өтеді [9, 78б. ] . Бұл орайда Н. Г. Смағұлованың «Әдетте материалдық және рухани деп екіге бөлінетін бұл ұғымның соңғы жылдары жан-жақты зерттеле бастауы - ұлттық өркениет заманында өз орнын анықтауға, өз орнын алуға ұмтылуымен сипатталады. Мәдениеттің рухани түрі ғасырлар бойы ұрпақтан- ұрпаққа беріледі. Бұл әдетте, дәстүр, дәстүр жалғастығы деп танылады. Соған орай, әр ұлттың өзіндік бітім-болмысын, қадір-қасиетін, басқалардан ұлт ретінде айырмашылықтарын, бүгінгі тілмен айтсақ, менталитетіне қарап ажыратады [9, 152-153б. ], - деген пікірі құптарлық. Кез-келген адам белгілі ұлт өкілін танытады. Ал әрбір ұлттың тарихы мен мәдениеті өзіндік қасиеттердің қайталанбас жиынтығы болып табылады. Ендеше бүгінгі заманда ұлт мәселесі төңірегіндегі әлеуметтік, саяси т. б. өмірлерінің негіздері, мәдениеті мен рухани жағдайлары хақындағы мәселелер көптеген мәдениет қайраткерлерінің, ғалымдардың пікір тоғыстыратын өрісіне айналуда.

Дәстүрлі мәдениет - ежелден пайда болып, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан, бірақ өзгерістерге ұшырағанымен, сол халықтың дүниетанымдық бастаулары мен басты құндылықтарының көзіне айналып, оның өмір сүруінің салттары мен бағыттарын, тәсілдері мен жолдарын реттеуші. Зерттеушілер қазіргі қазақтың ұлттық мәдениетінің ерекшелігі мен мәнін қазақтардың ғасырларға жалғасқан көшпенділік өмір салтынан іздеу қажеттігін айтады [10, 33. ] . Ал көшпенділік өмір салты туралы сөз қозғалғанда ежелден келе жатқан дәстүрлі мәдениетке сүйенеміз. Екеуі бір-бірінен ажырамас байланыстағы біртұтас үдеріс. Олай болатын болса, дәстүрлі мәдениет қазіргі өмір салтымызбен тығыз байланыстағы қазіргі мәдениеттің темірқазығы, негізгі көзі. Өйткені қазіргі әлемдік өркениеттің көкжиегінен бірде-бір халықты, қоғамды, мемлекетті мәдениеттен тыс көзге елестету қиын. Адамзат баласының мыңдаған жылдық рухани сабақтастығының және саналылығының ең басты көрсеткіші - оның мәдениеті. Мәдениет жоқ жерде мәдениетсіздік, көргенсіздік, қасиетсіздік белең алатыны белгілі. Себебі бұл жерде «мәдениет» ұғымының ауқымы өте кең, керек десеңіз, оған рухани түсініктер ғана емес, адамзат қолымен жаратқан заттай айғақтар да кіреді. Осыдан болар мәдениетті материалдық және рухани деп жіктеу орын алып келеді. Бұлай саралауда шарттылықтар болуы мүмкін. Бірақ қалай болған күнде де кез келген мәдени құбылыс рухани ұғым мен заттай айғақ бірлігінің көрінісі. Материалдық мәдениет белгілі бір идеяның жүзеге асуы, білімнің заттай белгіге айналуы болса, рухани мәдениет, көбінесе, символдар мен заттар арқылы көрініс табады. Түптеп келгенде, адамдардың шығармашылық қабілеті алдымен ой-қиялында туындап, артынан белгі мен заттай көріністерге ұласады. Сондықтан да мәдениет - толық және тұжырымды анықтама беруге көне бермейтін абстракциялық ұғым. Оның алуан түрлі анықтамаларға ие болуы да содан.

Мәдениет - адам баласының қоршаған ортасы. Ол үйде де, түзде де адамдардың іс-әрекетінің, жүріс-тұрыстарының, сөйлеген сөздері мен тындырған істерінің айнасы. Сондықтан да ұлттық мәдениеттің болмыс-бітімі ұлттық рухпен біте қайнасып, бірге қалыптасады. Рухы күшті ұлттың мәдениеті де өзгеше. Мәдениеттің өзегі, оның өзіндік даму дәрежесінің көрсеткіші болып табылатын дәстүр мен жаңашылдықтың сипаты, сырт әсерге берілгіштігі де мұндай рухы күшті ұлттардың мәдениеттерінде тіршілікке лайықты үйлесімін тапқан [10, 34. ] .

Демек этнос дегеніміз - халық. Тіл мен мәдениет осы халыққа қызмет етеді деген сөз. Тіл мен мәдениет арасын байланыстырып, кумулятивтік қызмет атқаратын тілдік бірліктер: фразеологизмдер, мақал-мәтелдер және ұлттық рәсімдерді бейнелейтін тілдік бірліктер болып табылады деп нақты айтуға болады. Себебі қазақ халқы дүниетанымға, көркем сөзге, мақал-мәтелдерге, шешендік нақыл сөздерге өте жетік және олардың дұрыс, терең мән беріліп айтылуына, олардың келер ұрпаққа сақталып жетуіне қатты ден қойып, оны ерекше бағалай білген. Адамзат өміріндегі тілдің мән-мағынасы мен қызметі, міндеті мен мүмкіншілігі бұлармен ғана шектелмейді. Тілсіз адамзат қоғамы, мәдениет бола алмағаны сияқты адамзат қоғамынсыз тілдің де болмайтыны рас. Өркениет, мәдениет, салт-дәстүр, менталитет дегендердің бәрі сайып келгенде, тіл философиясына барып тұрақтайды. Демек ұлт пен мәдениет - бір-бірінен ажырағысыз адамзат құндылықтары.

1. 3 Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің этномәдени сипаты

Қай халықтың мәдениеті болмасын ежелгі заманнан бері өмір сүріп, ұлыстар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды жалғасы және жаңа заманға сай дамып қалыптасқан түрі болды. Қазақ халқының қалыптасуына байланысты да, қазақ халқына тән материалдық және рухани мәдениеттің сипатты белгілері орнықты.

Бұл қалыптасқан мәдениет қазақ халқының өз ата-бабаларының мәдени қазыналарын қамтыған мәдениет болды. Қазақ халқының мифтік аңыздары, аспан әлемі жөніндегі түсініктері, байырғы қазақ күнтізбесі, бай әдеби мұралар, көркемөнердің сан алуан түрлері, шежірелік шығармалар, халық емшілігі және материалдық мәдениет мұралары т. б. ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне мәдениет куәліктері екені анық [10] . .

Академик Ә. Қайдар 1998 жылы «Қазақ тілінің өзекті мәселелері» атты еңбегінде : «Халықтың дүниетанымы мен болмысы оның тек тілінде сақталып, тіл арқылы көрініс тауып отырады. Әр түрлі заттың, құбылыстың аты-жөні, сыр-сипаты, қозғалыстық қатарлар, әдет-ғұрып, салт- сана мен дәстүрлер жайлы мағлұматтардың бәрі де кейінгі буындарға тек тіл фактілері арқылы ғана, яғни тілдегі сөздер мен сөз тіркестер, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, аңыз-ертегілер арқылы ғана келіп жетуі мүмкін екен» [18, 14б. ], - деген ой түйінін толығымен құптаймыз.

Фразеологиялық бірліктер (ФБ) ұзақ уақыт даму нәтижесінде, халық жадында сақтала отырып, мәдени стереотиптер, эталондар мен архетиптерді ұрпақтан-ұрпаққа беріп отырады. Фразеологизмдерді Ф. И. Буслаев 1954 жылы «Русские пословицы и поговорки, собранные и объясненные» еңбегінде өзіндік микроәлемге теңей отырып, «…они содержат в себе и нравственный закон, и здравый смысл, выраженные в кратком изречении, которые завещали предки в руководство потомкам» [28, с. 37], - дейді. Бұл әрбір тілдің өзіндік қайталанбас ерекшелігін көрсететін ұлттық рух.

Фразеологизмдер адамдардың, халықтың тарихи қалыптасу, даму кезеңдеріндегі күллі тіршілік-тынысын танытушы саналады. Зерттеушілер жалпы «фразеология» терминінің тіл білімінде екі түрлі мағынада қолданылатынын айтады. Бірінші мағынасы - «белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы», екіншісі - «тілдегі тұрақты тіркестерді зерттейтін тіл білімінің саласы» деген мағынада қолданылады. Олар басқа тілдік бірліктерден экспрессивті-бейнелілігімен қоса, мағына тұтастығы, тіркес тиянақтылығы, қолдану тиянақтылығымен басқа да тілдік бірліктерден ерекшеленеді. Және жоғарыдағы үш қасиетке ие бола отырып, бір-бірінен ажырамай іштей ұштасып жатады. Осыған орай фразеологизмдер тілдің басқа категорияларына қарағанда оқшауланып, өз заңдылықтарын берік ұстанады. Халықтың орасан зор рухани қазыналарының бірі - фразеологизмдер - тіл байлығы ғана емес, тарих шежіресі, ата-бабалар өмірінің көрінісі. Халық санасының, салт-дәстүрлерінің, әдет- ғұрыптарының бәрін бойында сақтаған дербес мағыналы лексикалық бірлік. Онда халықтың болмыс-тіршілігі, мәдениетінің тылсым сырлары толық, кеңінен көрініс табады. Сондықтан да фразеологизмдерді өткен тарихтың, салт-сананың, ұлттық болмыс бейнесінің, аңыздар мен ертегілердің және т. б. жиынтығы деп қарауға болады.

Фразеологиялық бірліктердің ұлттық-мәдени ерекшелігі әлеуметтік, табиғи, географиялық жағдайлармен анықталады. Ұлттық дүниетанымның сыры мен ерекшеліктері тек ұлт тілі арқылы жетіп танылса, адамдардың материалдық тұрмыс тіршілігі, қоршаған ортасы және рухани ой-өрісі бір-бірімен тығыз байланыста болғандықтан, бұл бірлік мәдени өмір сүру заңдылықтарына сай, сол ұлттың өз менталитетін айқындайды.

Ұлттың мәдени өмірінің көрінісі фразеологиялық қорда ерекше. Онда ұлт менталитеті көрінісі тұтастай қамтылады десек асыра айтпағанымыз болар. Әр ұлттың тілдік ерекшеліктерінде, ұлт мәдениетінде әрбір халықтың ұлттық сана -сезімінің, ойлау тәсілінің, мінез-құлқының нысаналары сақталады. Мысалы: Қара қылды қақ жарған тіркесі неліктен әділ, турашыл адамға қатысты айтылған десек, бұл тіркестің түп-төркіні бейнелеп айтудан, ұқсатудан шығады. Яғни ақ-қараны ажыратудың қиындығы көзге ілінер-ілінбес нәзік нәрсе - қылды ортасынан қақ жарумен бірдей. Тіркестің бұлай айтылуына ерте кездегі салт негіз болған. Ертеде шешімі қиын даумен би алдына жүгініске барған кісілер қылдан ескен жіп ала барған. Егер дауласқан екі жақ та би шешіміне тоқтаса, жіпті қақ ортасынан қидырады. Яғни бұл - билік айтқан адамның қара қылды қақ жарған әділдігіне риза болғандықтарының белгісі. Билікке байланысты айтылатын «айттым-бітті, кестім-үзілді» деген би сөздеріндегі «кестім-үзілді» деуі де осы жіпке (қылға) орай айтылған.

Шөп басын сындыру . Бұл әдетте жақсылық жағдайда, іске байланысты жасалатын ырым. Мысалы, сараңдар жомарттық жасаса, қорқақтар батылдық жасаса немесе жұрт өзінен күтпеген жерден біреулер жақсы істер жасаса, естіген адам «мынау бір шөп басын сындыратын іс екен» деп жерден шөп алып сындырады. Бұл көз, тіл тимесін деген ұғымнан шыққан. Бірақ бұл әдетті «шөп басын сындырмайды» деген фразеологиялық тіркеспен шатастыруға мүлде болмайды. Оның мағынасы «жұмыс істемейді, бос жүреді» дегенді білдіреді [31, б. 53] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ұлттық сананы қалыптастыру
Ұлттық мемлекет тарихының бастауы
Тіл - тіршіліктің бастауы
Ана тілі мәдени өрлеудің аса зор тегергіші
Қазақ фразеологиясының стильдік ерекшеліктері;.Қазақ фразеологизмдерінің қалыптасуындағы ұлттық мәдени маңызы бар түпдеректер;.Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы
Қазақ және түрік тілдеріндегі антропонимдердің ерекшеліктері
Ағылшын-қазақ тілдеріндегі фразеологизмдердің лингвомәдени аспектісі
Қайын жұрты
Қазақ фразеологизмдері мәдени деректерінің тағы бір үлкен саласы ұлттың адамзат тарихында жасаған интеллектуалдық рухани мұрасы
Этникалық психологияның ғылым ретіндегі пәні, әдістемесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz