Сөз және күрделі сөз тіркестері


І СӨЗ ТІРКЕСІ СИНТАКСИСІСІНІҢ МЕТАТІЛІ
- Сөз тіркесінің синтаксисі: қалыптасуы, белгілері
Сөз тіркесі қазақ тілі синтаксисінің жеке өзіндік парадигмасы ретінде бірден орныға қойған жоқ.
Сөз тіркесіне қатысты құбылыстар ХХ ғасырдың басында сөйлем аясында сөз етілген екен. А. Байтұрсынұлының «Тіл-құралында» сөздердің тізбегі сөйлем болып танылу үшін сөздердің «басын құрап, біріне-бірінің қырын келтіріп, қиындастыру» туралы ескертсе [1, 157], «Әдебиет танытқышында» сөз дұрыстығы шарттарының ішінде сөз тіркесінің заңдылықтарына келетін мынадай бір екі жайтты көрсетеді:
1. сөздердің тұлғасын, мағынасын өзгертетін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулық сияқты нәрселерді жақсы біліп, әрқайсысын өз орнына тұтыну;
2. сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру [1, 255] .
Қ. Жұбановтың «Қазақ тілі грамматикасындағы» сөйлемдегі «Сөз қиыны», сөйлемдегі «Сөздің тура күйі мен бұрма күйі», сөйлемдегі «Жетек сөз бен жетекші сөз» дейтін тармақтарда айтылатын заңдылықтар осы күні сөз тіркесі шегіндегі заңдылықтар ретінде қаралып жүр [2, 41-45] .
1955 жылы академик В. В. Виноградов КСРО Ғылым академиясының Тіл білімі институтының директоры ретінде тілді зерттеу бағдарламасын түзіп ұсынды, онда сөз тіркесі синтаксистің жекеше саласы ретінде қаралуы көрсетілген. Осыдан және ғалымның басқа еңбектерiнен бастап сөз тiркесi синтаксисi синтаксистiң негiзгi бiр жеке нысаны ретiнде қарала бастады да, сол кезден осы күнге дейiнгi постсоветтік кеңістікте синтаксистiң басты нысаны ретiнде сөз тiркесi және сөйлем негiзгi бағыт болып отыр [3] .
Қазақ тіл білімінде сөз тіркесін синтаксистің бір саласы ретінде орнықтырған М. Балақаевтың зерттеулері болды [4] . Қазақтың классик тілтанушысының бұл бағыттағы зерттеулері қазақ тіл білімі үшін ғана емес, сол кездегі түркі тілі грамматикасында сөз тіркесін алғаш рет арнайы түрде іргелі деңгейде қарастырған ізашар еңбек ретінде бағаланып, басқа түркі тілдерінің синтаксисінен сөз тіркесінің орын алуына қатты ықпал етті. М. Балақаев осы күні сөз тіркесі синтаксисінің нысаны ретінде қаралып жүрген ұғымдар мен санаттардың сипаттарын ашып берді.
Мұнан соң осы дәстүрмен сөз тіркесі туралы ілімді Р. Әміров, М. Серғалиев, Т. Сайрамбаев, Ә. Аблақов т. б. дамытты [5; 6; 7; 8] .
Синтаксистің зерттеу нысанын нақтылау жөнінде жалпы тіл білімінде әлі де бірізділік жоқ. Тілдің синтаксистік құрылысын зерттеушілер бұның (синтаксистің) нысаны ретінде үш тұрғыны алға тартады. Олардың бірі тек сөз тіркесін ғана зерттеуді бағдар етсе, екіншісі синтаксистің «алтын діңгегі» сөйлем ғана деп таниды, ал үшіншісі қарым-қатынастың құралы ретінде мәтінді (тексті) ғана көреді. Бұлардың алғашқы тобы сөйлем болу үшін оның компоненттері - сөздер бір-бірімен тіркесіп, байланысып тұру қажеттілігін арқа тұтады да, сөйлемнің қай түрі де болсын (жай, құрмалас) сөз тіркесінің бір түрі деп қарайды. Ал синтаксистің зерттеу нысаны сөйлем деп қана қарайтындар сөйлемді құрастырушы сыңарлар сөздер емес, олардың тіркесі емес, сөйлем мүшелері, сөз тіркесінің өзіне сөйлем арқылы ғана келуіміз керек, тіпті, сөздердің өзіне сөйлем арқылы ғана келуіміз керек, ал сөздердің тіркесуін қуалау морфологияның ісі деп есептейді [21-24] . Ал мәтінді қолдаушылар, біз сөйлегенде, қарым-қатынас жасағанда мәтінді ғана қолданамыз, сондықтан синтаксистің бірден-бір нысаны мәтін болуы керек деп санайды. Аталмыш үш құбылыстың да тілде бар екеніне дау жоқ, мәселе сындарлы пікірде. Сондықтан біз осы үш бағытты да жоққа шығармай, әрқайсысының синтаксистегі орнын тағайындап беруге тиіспіз. Бұл аталған үш деңгейде де өзіндік құрылым бар. Ал осы құрылымды жанды сипатқа келтіруде олардың әрқайсысының қызметі әр басқа.
«Синтаксистің зерттеу нысаны тек сөз тіркесі ғана болу керек» дейтін тұрғы өміршең емес екенін тіл ғылымының даму барысы дәлелдеді.
Сөз жоқ, адамзаттың ойлауы тарихи тұрғыдан қарапайымнан күрделіге қарай дамып отырған. Яғни ойлау ұғымынан басталып, сол ұғымдарды тіркестірумен жалғасады. Міне, сондықтан да сөз тіркесі - синтаксистік құрылыстың дамуы мен қалыптасуындағы бір кезең. Қазақ тілі синтаксисінің маманы Р. С. Әміров: «Синтаксис (тілдің синтаксистік құрылысы) - ойды білдірудің амалы, формасы. Бірақ сонымен бірге өзі де ойлау жұмысының, рухани ізденістің нәтижесі. Ол - әр халықтың ғасырлар бойғы үздіксіз ізденісі, жетілдіруге талпыну нәтижесінде қалыптасқан. Халықтардың тілдерін, ол тілдердің синтаксистік құрылысын салыстыру бұның құрылу қалыптасу процесінің күрделі, қиын жолдардан өткенін байқатады. Сондықтан да біз тілді, соның ішінде оның синтаксистік құрылысын халықтың, халқымыздың мәдениетінің, мәдени табысының бір саласы деп санаймыз» - дейді [5, 8-9] .
Сөз бен сөзді тіркестіру синтаксистік құрылыстың алғашқы ұясы екенін дау айтуға болмайды. Сөз тіркесі - синтаксистік құбылыстарды қозғаушы нүкте (Бұл жерде сөз формаларын шартты түрде морфология еншісіне беріп отырмыз. Алайда сөз формаларының қызметі синтаксистік екенін есте ұстауымыз керек) . Дей тұрғанмен сөз тіркесін синтаксистің бірден-бір нысанына жатқызып, сөйлемнің өзін предикативтік сөз тіркесі ғана деп есептейтіндер ойлаудың келесі баспалдағы - байымдауды дәйім ескере бермейтін сияқты. Өйткені олар үшін басты тірек - синтаксистік құрылым (структура) . Сондықтан да олар сөйлемді предикативтік сөз тіркесінен басқа ештеңе де емес деп түсінеді. Мәселен, түркі тіл білімінің білгірі А. П. Поцелуевский сөз тіркестерін детерминативті, салалас, сабақтас және сөйлем деп төрт түрге бөледі [9, 51] . Сондай-ақ келесі бір түркітанушы Е. И. Убрятова бұдан да тереңдейді. Ол сөз тіркесін «тұтас мәнді единица» (целостная смысловая единица) деп танып, сөз тіркестерін предикативті және предикативті емес деп бөледі де, жай сөйлем түгілі құрмалас сөйлемнің өзі де сөз тіркесі болатынын айтады [10, 82] .
В. А. Звегинцев сөз тіркесін сөздердің бірлесуі (соединение слов) ретінде түсіну тіпті дұрыс емес, сөз тіркесі сөздердің бірлесуі арқылы түзілгенде емес, сөйлемді мүшелеудің (членение, сегментирование) нәтижесі болғанда ғана сөз тіркесі бола алатынын айтады[11, 92] .
Сонымен, біздің пайымдауымызша, сөз тіркесі - синткасистің бастапқы негізгі, қозғаушы тетігі. Сөз тіркесін қазақ тіл білімінде, сондай-ақ жалпы тіл білімінде де, сөйлемнің шикізаты (материалы) ретінде түсіндіріп жүр. Дәлел үшін үлгі ретінде не бары екі-ақ дәйек келтірейік:
1. «Сөздер өзара тіркесу арқылы сөйлем құрамына енеді. Сондықтан сөз тіркестері - сөйлемнің шоғырланған материалдары» [12, 8] .
2. «Сөз тіркесінің де, сөйлемнің де лексикалық-грамматикалық элементі - сөз. Оның өзгеруі, басқа сөзбен байланысып жұмсалуы сөйлемде (контексте) ғана анықталады. Синтаксистік сөз тіркесі де сөйлем арқылы белгіленеді. Бұл, жеке сөздер мен тұрақты сөз тіркестері сияқты сөйлем құраудың материалы болады (Контекске сүйенсек, бұл жерде сөз тіркесінің контексі - сөйлем. -) » [13, 6] .
Біздің ұғуымызша, сөз тіркесі -шикізат қана, сөйлемнің материалы ғана емес, өзінің байланысу түрлері мен тәсілдері арқылы сөйлемнің ғана емес, орамды тілдің (связная речь) ой жалғастыру мақсатында дайындалған құрылымдық тетігі.
Қазақ тіл білімінде, сондай-ақ совет тіл білімінде де, сөз тіркесін дербес, тіпті, тиянақты единица ретінде қарайтын нышан бар. Айта кету керек, біздің түсінуімізше, сөз тіркесі қазақ тіл біліміне дербес, единица ретінде совет дәуірінде, азды-көпті субъективті себеппен, атап айтқанда, В. В. Виноградовтың беделімен кірді. Бұлай дейтініміз оған дейінгі логико-грамматикалық бағыт ұғым мен байымдау категориялары мен тіл категорияларының байланысын біліп еді. Дегенмен сөздердің тіркесуінің әбден заңды құбылыс екеніне күмән жоқ.
Біздің тұжырамдауымызша, сөз тіркесінде (тіпті, сөйлемде де) дербестік бола бермейді, дәлірек айтсақ жоқ. Өйткені сөз тіркесі өз бетімен коммуникацияға жанама, көмекшілік қызмет жасайды. Бұны тіл айғақтары айқын дәлелдеп отыр. Орыс тілі функционалдық синтаксисін зерттеуші Г. А. Золотова коммуникативтік единицаға қарай синтаксистік функциялардың үш типін ұсынады:
І. синтаксистік единицалар дербес қызмет етеді;
ІІ. синтаксистік единицалар коммуникативтік единицалардың конструкциялық бөлігі ретінде қызмет етеді;
ІІІ. синтаксистік единицалар конструкциялық бөліктің бағыныңқы сыңары ретінде қызмет етеді [14, 11] .
Байқап отырғанымыздай, осындағы екі функцияны сөз тіркестері атқара алады. Сөз тіркесі - орнықты емес, сөйлеу процесіндегі жылжымалы, керегі мен сәтіне қарай қолданылатын құбылыс. (Бұл жерде біз тіркесудің тәсілдері мен түрлерін еске алып отырамыз. Ал бұлар сөз тіркесінің негізі ғой) . Сондықтан «сөз тіркесі дегенде статикалық заттық ұғымды емес, динамикалық процесті еске алуымыз керек. Сөз тіркесінің коммуникативтік мәні осы тұста [26-27] .
Ал сөйлемді «предикативті сөз тіркесі» дегенде оны коммуникативті единица ретінде емес, тек құрылымдық қана единица деп түсінуіміз керек.
Сонымен, қазақ тілі синтаксисінде тіркескен сөздерді сөз тіркесі деп тану үшін бірнеше шарт-талап қойылатын болды. Соларға тоқталайық.
1. Сөз тіркесі деген ұғымға сөздердің тіркесі емес сөз пішіндерінің (формаларының) тіркесі деп қарау шарт . Өйткені, шын мәніне келгенде, күрделі сөздер де сөздердің тіркесінен тұрады, мысалы, оқып отыру деген тіркес - оқып деген негізгі сөз көсемше мен отыру деген көмекші сөздің тіркесі. Бұл тіркес сөздің аналитикалық пішіні ретінде сөз тіркесінің бір ғана сыңары бола алады. Сол сияқты қас пен көздің арасында жоқ болу деген тіркес 6 сөздің тіркесуінен тұрады, бірақ сөз тіркесі ретінде 2 ғана сыңардан, екі аналитикалық сөз пішінінен тұрады: 1 - қас пен көздің арасында (тұрақты тіркес, яғни күрделі сөз), 2 - жоқ болу (құранды күрделі етістік) . Сондықтан сөздердің тіркесуі деген түсінік пен сөз тіркесі деген санатты ажырату үшін сөз тіркесін сөз пішіндерінің тіркесі деп тану қажет.
2 . Сөз тіркесінің сыңарлары толық мағыналы болуы қажет, яғни әр сыңар бір сұраққа жауап беруі шарт . Мысалы, жоғарыдағы қас пен көздің арасында жоқ болу деген тіркестің екі сыңары «қалай?» «не істеу?» деген екі сұраққа жауап беріп тұр, сондай-ақ қызық кітап деген сөз тіркесінің екі сыңары да толық мағыналы болғандықтан «қандай?» және «не?» деген сұрақтарға жауап береді.
3. Синтаксистік бірлік сыңарларына синтаксистік-мағыналық қатынастың үш түрі тән: атрибутивтік, нысандық (объектілік) және предикативтік. Сөз тіркесінің сыңарлары бір-бірімен атрибутивтік және нысандық қатынаста, яғни, анықтауыштық, пысықтауыштық және толықтауыштық қатынаста тұрады . Ал предикативтік қатынас, яғни бастауыш-баяндауыштық қатынас, сөз тіркесін жасауға қатыспайды, ол - сөйлемге тән қатынас. Кейбір практикалық жаттығу тапсырмаларында кездесіп қалатын «Предикативтік сөз тіркесі» деген түсінік - қайшылықты түсінік [28] . Сөз тіркесінде предикативтік қатынас бар деп қарау - сөз тіркесін сөйлеммен теңестіріп, екеуін ажыратпай қарау деген сөз. Мысалы: 1. кең жайлау, 2. жоғары көтерілу, 3. үлкенді құрметтеу 4. қалаға бару деген сөз тіркестерінің 1-шісі атрибутивтік-анықтауыштық қатынасқа (анықтауыш заттың сипаты), 2-шісі атрибутивтік-пысықтауыштық қатынасқа (пысықтауыш қимылдың сипаты) құрылса, 3-шісін үйлестіріп тұрған - нысандық-толықтауыштық қатынас болса, 4-шісін үйлестіріп тұрған - нысандық-пысықтауыштық қатынас. Ал « Жайлау кең» . дейтін болсақ « кең » « жайлаудың » сипаты болғанмен, предикативтік қатынастағы сипаты болып шыға келеді, демек, бұл тіркес сөйлемге айналып шыға келеді.
4. Қазақ тілінде сөздердің байланысуының төрт тәсілі бар екені белгілі: орын тәртібі, қосымша (жалғау), көмекші сөз (шылау) және интонация. Сөз тіркесіндегі сөз формалары байланысудың орын тәртібі, жалғау, шылау тәсілдерімен байланысуы қажет . Мысалы, қызық ойын дегеннің сыңарлары ешқанадй қосымшасыз қатар тұрып байланысса, ауылдың баласы деген тіркесте байланыс орнатып тұрған - ілік септігі мен тәуелдік жалғауы, ал берген соң алдым деген күрделі тіркесте екі сөз пішінін жалғастырып тұрған - соң септеулігі. Ал интонация - сөйлемге тән құбылыс, яғни қарым-қатынас үстінде қолданылады, ал сөз тіркесі болса сөйлемнің тетігі ғана, қарым-қатынастық бірлік емес.
5. Қазақ тілінде сөздердің байланысуының бес формасы бар: қиысу, қабысу, меңгеру, жанасу, матасу. Сөз тіркесінің сыңарлары қабыса, меңгеріле, матаса ғана байланысады. Мысалы: еркін ел, қызығып оқу, жалт қарау сөз тіркестерінің сыңарлары жалғаулықсыз орын тәртібі бойынша қатар тұрып қабыса байланысып тұрса, ауылды көру, сиямен жазу, телефон арқылы сөйлесу деген сөз тіркестерінің сыңарлары атау мен іліктен басқа септік және септеулік шылау ықпалымен меңгеріле байланысып тұр, сондай-ақ дала көктемі, елдің сөзі, біздің ауыл деген сөз тіркестерінің сыңарлары ілік септігі мен тәуелдік жалғаудың көмегімен матаса байланысып тұр. Қиысу байланысына келсек, оның қазақ тілінде бастауыш пен баяндауыштың байланысы екендігі белгілі, ал бастауыш пен баяндауышы бар бірліктің сөйлем болып шығатыны тіпті анық [29] . Жанасудың сөз тіркесін жасай алмайтын себебі - ол сөйлем ішінде ғана көрінеді, ал сөз тіркесін межелегенде біз екі сыңарды ғана аламыз, сондықтан да болар сөз тіркестерін жіктегенде бұл байланыс есепке алынбайды. Демек, жанасу - дербес бірлік болып есептелетін сөз тіркесінің аясындағы емес, сөйлем ішіндегі байланыс.
6. Сөз тіркесін дербес бірлік қылуға ықпал ететін сипат - оның сыңарларының сипаты. Сөз тіркестерінің сыңарлары бірі екіншісіне бағына байланысып, екіншісі сол тіркеске ұйтқы, тірек болып тұруы қажет . Осыған орай, әдеттегі қалыпта (нормативте) сөз тіркесінің бірінші сыңары бағыныңқы болады да, екіншісі басыңқы болады. Сөз тіркестері басыңқы сыңарлардың қай сөз табынан болуымен байланысты үлкен екі топқа бөлінеді: есімді сөз тіркесі және етістікті сөз тіркесі. Бұлар өз ішінде байланысу формасына және бағыныңқы сыңардың сөз табы белгісіне қарай бірнеше топшаларға жітеледі.
Есімді сөз тіркесінің байланысу формасына қарай бөлінетін түрлері - қабыса байланысқан есімді сөз тіркестері, матаса байланысқан есімді сөз тіркестері, меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері. Қабыса байланысқан есімді сөз тіркестері сыңарларының сипатына қарай ішкі жіктерін үлгі-қалыптармен көрсетуге болады. Анықтауыштық қатынасқа құрылатын сөз тіркестері: зат есім+есім (ағаш есік) ; сын есім+есім (қызыл есік) ; сан есім+есім (екі есік) ; есімдік+есім (осы есік) ; есімше+есім (сынған есік) ; пысықтауыштық қатынасқа құрылатын үлгі - үстеу+есім (қазір бала, ертең азамат) . Матаса байланысқан есімді сөз тіркесінің үлгі қалыптары - көрінеу ілік септікті сөз+көрінеу тәуелдік жалғаулы сөз (ағамның ауылы) ; көмес ілік септікті сөз+көрінеу тәуелдік жалғаулы сөз (аға ауылы) ; көрінеу ілік септікті сөз+көмес тәуелді жалғаулы сөз (сіздің ауыл) . Ал меңгеру, негізінен, етістікке тән байланыс екені белгілі, сондықтан есім сөздердің мұндай байланысын үлгілеп, типтеу қиын, мысалы келтірумен шектелуге тура келеді: қазынаға бай, сөйлегенде ақылды, көршісімен дос, менде көп т. с. с.
Етістікті сөз тіркесінің байланысу формаларына қарай бөлінетін түрлері - қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестері, меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері. Қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестерінің үлгі қалыптары пысықтауыштық қатынасқа құрылады: үстеу+етістік (қасақана үндемеу), көсемше+етістік (дауыстап сөйлеу), еліктеу сөз+етістік (кілт бұрылу), сын есім+етістік (қатты сөйлеу) , сан есім+етістік (үш келу) . Қазақ тілі синтаксисіне арналған оқулықтарда қабыса байланысқан естістікті сөз тіркесінің 6-шы үлгісі ретінде зат есім+етістік қалыбы көрсетіледі, оған кітап оқу, киім тігу деген сияқты тіркестер мысалға тартылады. Бұл жерде зат есім табыс септтігін түсіріп тастаған соң амалсыз қатарласып тұр, оның үстіне арасындағы тура толықтауыштық қатынас мұндай тіркесті пысықтауыштық қатынасқа құрылатын қабысқан етістікті сөз тіркесінен оқшаулатады. Сондықтан, біздіңше, осы бес үлгі қисынға келеді [20] .
Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркесінің үлгілері атау мен іліктен басқа септіктерді тұғыр етеді, толықтауыштық және пысықтауыштық қатынастарға құрылады: барыс септіктегі сөз+етістік (кітапқа қарау), табыс септіктегі сөз+етістік (баланы жақсы көру), жатыс септіктегі сөз+етістік (далада тұру) , шығыс септіктегі сөз+етістік (қаладан көру) , көмектес септіктегі сөз+етістік (балтамен шабу, адаммен сөйлесу) және шылаулы сөз+етістік (үйге дейін бару) .
7. Сөз тіркесінің сыңарлары грамматикалық жағынан ғана емес, семантикалық жағынан да үйлесе байланысуы шарт, яғни сыңарлардың тіркесімділік қабілеті ескерілуі қажет (Мұны «валенттілік» деп те атап жүр) . Демек, тіркескен сөз пішіндерінің беретін ұғым-түсінігі ақиқат шындыққа сай келуі қажет. Мысалы, домалақ доп, лас қоқыс, ұшақпен ұшу деп тіркестіруіміз үйлесімді болады да, шаршы доп, таза қоқыс, шошқамен ұшу деген тіркестер үйлесімсіз, ойға сыймайтын, яғни, объективті модальдігі жоқ қисынсыз қатар болып шығады. Алайда бір ескертер жайт - тілде оксюморон, катахреза дейтін стильдік айшықтар бар, бұл мағынасы қарама-қайшы, тіпті кереғар сөздерді тіркестіру арқылы жасалатын айшық. Мұның нормаға үйлеспейтіндігінен болар, ондай айшықтардың бәрі фразеологиялануға бейім болып келеді. Мысалдар: тірі өлік, мақтамен бауыздау, нәзік жыртқыш, үнсіз әуен, тілсіз тіл т. с. с.
Міне, осы жеті шарт-талап сөз тіркесінің ұстыны болып есептеледі. Сөз тіркесін талдауда осы жеті көрсеткіш есепке алынуы қажет.
1. 2. Сөз тiркесiнiң өзiне ұқсас тұлғалардан ерекшелiгi
Сөз және күрделі сөз тіркестері . Соңғы кезде сөз тіркестеріне арналған еңбектерде оның нысаны туралы теориялық талас пікірлер көбеюде. Ондай пікірлердің біразы сөз тіркестерінің тілдің басқа санаттарынан, атап айтқанда, сөз, күрделі сөз, сөйлем және синтагмалардан айырмашылығы. Бұл мәселе түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тіл білімінде де соңғы кезде ғана сөз бола бастады, әрі ол жайындағы пікірлер де әр алуан. Сонымен бірге күрделі сөз тіркесінің әрбір сыңарының күрделі сөз, қос сөз, біріккен сөздерден т. б. айырмашылығы да айқындалады. Өйткені күрделі сөздерді біліп алмай, күрделі сөз тіркестерінің әрбір сыңарының жалаң немесе күрделі екендігін білу де қиын. Сондықтан күрделі сөз тіркестерінің жасалу ерекшелігін анықтау күрделі сөздердің жасалу жолдарын айқындауды қажет етеді. Оның үстіне сөз тіркестері синтаксистік қызметі жағынан да айқындалатыны белгілі. Жалпы күрделі сөз бар да сөйлем мүшесі бар. Екеуі де синтаксистің нысаны болғанымен, бірде сөз тіркесінің, енді бірде сөйлем мүшесінің ыңғайында қарастырылады. Сонда күрделі сөзді құрайтын элементтердің барлығы да бірдей бір-ақ күрделі сөйлем мүшесі бола ма, жоқ па деген мәселе келіп шығады [19] .
Өйткені синтаксистік қызмет жай және күрделі сөз тіркестерінің әрбір сыңарына тән. Сөйлем мүшелеріне талдауда жай сөз тіркестері онша қиындық тудырмайды. Ал күрделі сөз тіркестерінің күрделі сөйлем мүшелерімен синтаксистік қызметін айқындауда өзіндік қиыншылықтар байқалады. Сондықтан да олардың синтаксистік қызметін анықтау үшін алдымен күрделі сөз тіркестерінің өзіндік жігін, оны құрайтын элементтерді білу - басты шарт.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz