Қазақ әдеби тілін зерттеудің теориялық негіздері



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 15 бет
Таңдаулыға:   
І ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ҒЫЛЫМИ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ ЖӘНЕ ХХ ҒАСЫРДЫҢ 10-30 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӘДЕБИ ТІЛДІҢ ДАМУЫ

0.1 Қазақ әдеби тілін зерттеудің теориялық негіздері

0.1.1 Әдеби тіл тарихына қатысты ұғымдар
Қазақ әдеби тілінің тарихы жеке пән ретінде ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында ғана қалыптаса бастады. Бұл кезеңдегі зерттеулер Кеңес кезеңінде жарық көргендіктен орыс тіл білімінің негізінде жазылды, ұлы тілдің ықпалынан шығып кете алмады. Тек әдеби тілдің тарихы ғана емес, жалпы қазақ тілі білімі және оның негізгі салалары орыс тіл білімінің ыңғайына қарай қарастырылды. Қазақ әдеби тіліне қатысты ұғымдарды саралағанда, ертеректе шыққан әдебиеттерді зерделегенде бұл мәселе назардан тыс қалмау керек деп ойлаймыз.
1968 жылы жарық көрген, университет пен педагогтық институттардың филология факультеттеріне арналған Қазақ әдеби тілі атты тұңғыш оқу құралында авторлардың Оқулықты жазуда оның құрылысы, тақырыптарды баяндау жүйесі, тіпті кейде көлемін жеке лекцияларға лайықтау жөніне орыс әдеби тілі тарихы туралы жазылған оқулықтарды басшылыққа алдық деуі осыған дәлел болса керек [Балақаев М.Б., Сыздықов Р.Ғ., Жанпейісов Е. Қазақ әдеби тіл тарихы. - Алматы, 1968. - 240 б.;3].
Әр елдің ұлт болып қалыптасуының басты шарты тарихы, ділі және тілі болса, соның ең басты тірегі - тіл деп білеміз. Кез келген дамыған халықтың жалпыға ортақ, сұрыпталған әдеби тілі болады. Қазақ әдеби тіл тарихы туралы айтылғанда да, ең бірінші әдеби тіл деген ұғымды дұрыс түсініп алу керек. Себебі қазақ тіліннің тарихы туралы жазылған еңбектерде берілген әдеби тіл туралы анықтамаларда бірізділік жоқ. Соның салдарынан қазақ әдеби тілінің қалыптасу мерзімін де түрлі көрсетеді.
Қазіргі таңдағы технологияның дамып, кез келген ақпараттардың қолжетімді болуы тілдің де зерттеу аясын кеңейтуге ықпал етуі керек деп ойлаймыз. Қазақ әдеби тілін зерттеген еңбектердің дені орыс тіліндегі материалдарды негізгі дерек көзі ретінде қолданады. Осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында әуелі әдеби тілдің шет елдік дереккөздеріндегі анықтамасын шолып өтуді жөн санадық.
Ұлыбританияның Encyclopedia Britannica энциклопедиясынан алынған мәліметтерге жүгінсек, әдеби тіл деген ұғым белгілі бір диалектінің өзінің тар аясынан шығып, кең ауқымда қолданылып, жазба тілде көрініс таба бастағанда пайда болатындығы туралы айтылады. Ол әкімшілік басқару, әдебиет, экономика және саясатта қолданылып, басқа вариациялардың дамып, қолданылуына тосқауыл бола алады. Әдеби тіл қоғамдағы ең беделді, элитарлық топтың қолдануының арқасында басқа топқа үлгілі тілге айналып, ауызекі сөйлеу тілінің бәсеңдеуіне жол ашады. Әдеби тілдің тұрақталуы тіл білімі саласындағы сөздік және емле ережелері арқылы, сонымен қатар ғылыми мекемелер мен мемлекеттік қызметкерлердің қолдауымен қамтамасыз етіледі. Әр елдің әдеби тілі негізгі орталық болып саналатын басты қалалардың және оның айналасындағылардың диалектілері болып саналады. Мысалы, Францияда Париж, Англияда Лондон, Ресейде Мәскеу қалалары орталық болып саналғандықтан сол жерлерде қолданылатын диалект тіл әдеби тілге айналады. Немесе әдеби деп танылатын нұсқаны экономикалық және мәдени тұрғыда дамып кеткен қалалардан алуы мүмкін. Атап айтар болсақ, Италияда Флоренция қаласы. Сонымен қатар, әдеби тіл бірнеше диалектілердің қосындысынан да туындауы мүмкін. Мысал ретінде неміс және поляк тілдерін атап өтсек болады.
Әдеби тіл өзінің түпнұсқалық қалыбын тек қана бір жердің диалектісінен алады немесе жылдар бойы басқа диалектілердің де сарқыншақтарын өз бойына енгізуі әбден мүмкін. Кез-келген лингвистикалық қарқынды даму тарихи оқиғалардың ықпалымен тығыз қатынаста болады. Кей жағдайдайларда бір елдің әдеби тілі белгілі бір диалектіге қатысы болмауы мүмкін. Мысалы, Голландиялық және фламандалық әдеби тіл солтүстік Германияның, сондай-ақ Нидерланд және Бельгияның бір бөлігін қамтитын неміс диалектикалық аймағының бөлігі болып табылады. Шоғырланған халықтың ұлтына байланысты территорияның жартысы неміс тілін әдеби тіл ретінде ұстанса, келесі бөлігі әдеби тіл ретінде голланд немесе фламанд тілін пайдалануда. АҚШ секілді орталықтанған саяси және мәдени (мысалы, Лондон және Париж) қалалары жоқ елдерде, сонымен қоса территориясының кеңдігі қосылар болса, әдеби тіл деп - орфоэпиясына, грамматикасына және сөздігіне қарай аймақтық тілдерді атап көрсетеді.
Барлық дамыған елдің өзіне тән белсенді (жазбаша, ауызша), тым болмағанда баршаға түсінікті ортақ әдеби тілі болатындығын айтады. Қалалық аймақтардың төменгі қатардағы тіл тұтынушылары мен ауылдық аймақтағы тұтынушылар қостілді болып келеді. Олар отбасында, жақындарының арасында, қоршаған ортада өз ана тілін қолданады да, ресми орындарда әдеби тілді пайдаланады. Мысалы, Еуропаны мекендеген халықтардың ішіндегі неміс, чех және славян тілдерін пайдаланатын орта аймақтық диалектіні мақтанышпен қолданады. Өз елінің ынтымақтастығы мен салт-дәстүрлерін сақтау мақсатымен өз тілдерінің ерекшеліктерін сақтап қалуды басты фактор етіп көрсетеді [www.britannica.com].
Туыстас түрік тілінде әдеби тілдің анықтамасы жайлы профессор Мехмет Өналдың Edebi dil ve üslüp деген мақаласында жақсы айтылған [Mehmet Önal. Edebi dil ve üslüp Türkiyat Araştırmaları Enstitüsü Dergisi, № 36, Erzurum 2008. S.23-47;28]. Мақалада автор әдеби тілді жазушы мен оқырманды бір-біріне тығыз байланыстыра алатын, шынайы қатынас орнататын құрал ретінде қарайды. Ол құралдың бөлшектері стиль, сөз қазынасы, сөздердің бір-бірімен байланысы, тақырыпты аша алуы, сөйлем мен бөлімдердің арақатынасы, сөз мәдениетінен тұратынын айтады. Түрік әдеби тілінің қалыптасуы мен өрбуін айтқанда, әдеби тілді жазба әдебиеттің басталуымен теңестіріп отырады. Жазба әдебиет пен ауыз әдебиетінің екі бөлек нәрсе екендігі анық болса да, әдеби тіл мен жазу тілінің арасындағы айырмашылықты да ажыратып алу керек екендігін баса көрсетеді. Әдебиет бастауы болып табылатын ауызша әдеби тілге тән шығармаларды ескере отырып, бір елдің әдеби тілі сол кезеңнің нәтижесінде туындайды да, жазба әдеби тілімен дами түсетінін ескертеді. Түрік әдеби тілінің даму жолын түсіну үшін түрік тілінің жазба әдебиетін басты назарға алу керек деп қорытындылайды.
Туыстас қырғыз елінің әдеби тіліне қатысты еңбектерде көптеген ғалымдар қырғыз әдеби тілі Қазан төңкерісінен кейін қалыптасты деп көрсетеді. Алайда қазіргі қырғыз әдеби тілі Қазан төңкерісіне дейін қалыптасқан. Оған дәлел қырғыздың Манас жыры мен мақал-мәтелдері, шешендік сөздерін көрсетуге болады. Қырғыз әдеби тілі терең және бай ұлттық-поэтикалық дәстүрге толы, оның тарихы жергілікті ежелгі түркі және көне қырғыз руникалық және күншығыс түркі жазбалармен тығыз байланысты. 840 жылы Ұйғыр қағанатын ойсырата жеңген Енисей қырғыздары әдеби тілдің даму шегін орасан зор көлемді Манас дастанымен байланыстырады [История национального литературного языка в тюркоязычных республиках, его нынешнее состояние и перспективы. Отчет ОНИР институт развития государственного языка: рук:исхан Б.Ж.;27]
Қырғыз ғалымдарының айтуынша, әдеби тіл - айтылуы мен жазылуы тұрақталып, жалпыға бірдей кодификацияланады, стильдік тұрғыдан нақтыланып, ауызекі және жазу түрінде қолданылады. Говор мен диалектілерден екшеленіп, әлеуметтік, тарихи-мәдени құбылысқа айналады деп бағалайды. Әдеби тілдің қайнар көзі, қалыптасуы сол елдің мәдениетіне тығыз байланысты екенін айта отырып, бірнеше диалектінің негізінде елдің ұлттық және мемлекеттік тілдің негізгі формасы ретінде қалыптасады деп атайды [Кыргызстан. Улуттук энциклопедия: 1-том. Башкы ред. Асанов Ү. А., Б.: Мамлекеттик тил жана энциклопедия борбору, 2006].
Қазақ тілінің басқа түркі тілдерінен ерекшелігі әдеби тіл белгілі тірек диалект негізінде емес, барша қазаққа ортақ жалпыхалықтық тілдің негізінде қалыптасты. Қазақ даласы территориялық жағынан аса көлемді болғанымен, халық көшпенділігінің арқасында бір-бірімен жиі аралас-құралас болды. Алыстағы ағайынмен арабайланысты жақсарту үшін қыз бала - өрісің деп қызды алысқа ұзатып отырған. Жаз жайлауда ел аралап, той-думанның ортасында жүретін ақын-жырау, сал-серілердің де жалпыға ортақ сөйлеу тілін қалыптастыруға ықпалы зор болды.
Ал жазба әдеби тіл ауызша әдеби тіл мен жалпыға ортақ халықтық тілдің негізінде қалыптасты. М.Әуезовтің: Абай өзінің барлық өзіндік көркем шығармаларын жазғанда, халықтың тілімен жазады. Бар қасиетті, қадірлі нәрді, ажар-кестені, толық сипатты өз халқының тілінен табады. Бұл Абайды өзгешелік, ірілік, классиктік сипаты еді деуі осыған дәлел болса керек [Әуезов М.О. Қазақ әдеби тілінің мәселелері. - Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің ғылыми еңбектері, 13-том. - Тіл және әдебиет сериясы. - Алматы, 1950.]. Демек, қазақтың жазба әдеби тілі ауызша әдеби тіл мен жалпыхалықтық тілдің негізінде қалыптасты.
Ғалым Р.Сыздық Абайдың жалпы қазақ даласына ортақ тілмен өз шығармаларын жазғанын нақты мысалдармен көрсете отырып, көбінесе өзі өмір кешкен өлкенің сөзін пайдаланғандығын айтады. Сонымен қоса, өзіне дейінгі және өзімен тұстас ақын-жыраулардың туындыларымен де жақсы таныс болғанын білдіреді. Р.Сыздық: Абай Қазақта Марабайдан артық ақынды мен білген емен - дегеніне қарағанда, ол Қазақстанның батыс өлкесінде танымал жырларды, Қыз Жібек жырын тыңдай отырып, Сыр мен Арал өлкесінің тіл байлығын; Бұхар, Шортанбай, Түбек ақындарының сөздерін; Оңтүстік, Жетісу өлкесінің тіл өнерімен де таныс болған - дей келе, осының бәрі Абайдың тек Қазақстанның шығыс өлкесінің тілінде ғана жазбағанын көрсететіндігін айтады [Сыздық Р. Ғылыми таным үзіктері: мақалалар жинағы. -Алматы: КИЕ лингвоелтану инновациялық орталығы, 2009. -472 б. ;23].
Диалектілік ерекшеліктер (негізінен грамматикалық) жекеленген сөздерді ғана қамтымай, бүкіл сол аймақтың халқы қолданып жүрген тілдік жүйеге тән болу керек сияқты. Бірақ ондай тілі ерекше аймақтың Қазақстан тұрмақ, тіпті одан тысқары Қытай, Моңғолия, Өзбек, Ресей елдерінде мекендеп, тіршілік етіп жатқан қазақ диаспораларында да жоқ екені көпшілік қауымға белгілі. Қазіргі қазақ тіліндегі лексикалық ерекшеліктердің бәрі бірдей тарихи тайпа тілінің қалдығы емес, қазақ ұлтының белгілі бір елдермен көршілес, іргелес отыруына және солармен тұрмыс-тіршілігі ортақ болған соң аралас-құралас болуына байланысты бір-біріне ауысқан зат атаулары мен ұғым атаулары екендігі анық.
Кезінде Қ.Жұбанов қазақ тілінің біркелкілігіне таңқалып: Қазақ тілінде ешбір диалект жоқ деуге болады. Осы күнi ғана болар, болмас жарқыншақты сезіп жүрмiз. Сонда да бұл сияқты тіл бірлігі маңайдағы тілдерің ешқайсында жоқ. 4-5 миллиондай көп халык, қазақ жеріндегі ұшсыз-киырсыз шалқыған кең даланы алып жатып тұрып, қалайша мұндай тіл тұтастығын жасай алды деген сұрау таңданбастай нәрсе емес. Мұнан 5-6 есе аз, жері мүмкін де 20 есе шағын елдердегі тілдердің айырмашылығы сонша күштi, қай бір тілде диалектілерді ол тілге қосудың өзі даулы болып калады -деген екен [Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2010. -608 б.;327]
Жалпы тіл білімінде әдеби тіл деген терминге байланысты анықтамалар әр жерде әртүрлі берілген. Мәселен, Қазақ Совет Энциклопедиясында: Қазақ әдеби тілі - халық тілінің стильдік тармақтары сараланған жоғарғы формасы делінген [Қазақ совет энциклопедиясы. Т.6: Көз-Қосұйтас: энциклопедия ред. М. Қ. Қаратаев. - Алматы: Қазақ Совет энцикл. бас ред., 1975. - 640 б.;233].
Лингвистикалық сөздікте: Әдеби тіл - орныққан, тұрақты нормалары бар, жалпыға бірдей түсінікті, ортақ, қоғамдық қызметі әр алуан, жалпыхалықтық тілдің екшеленген, сұрыпталған, сымбатталған жүйелі түрі. Әдеби тіл жалпыхалықтық тілдің бір түрі. Әдеби тілдің өзіне тән сипаттары бар: 1) орныққан, тұрақты нормалары болады; 2) халыққа ол нормалар ортақ, түсінікті; 3) халықтың, қоғамның әмірімен тығыз байланысты; 4) талай ғасырлық сөйлеу тәжірибесі арқылы сұрыпталған, көркем де сымбатты тіл. Қазақ әдеби тілінің жазба әдебиетіне байланысты қалыптасқан орфографиялық нормасы да, сөйлеу түріне байланысты орфоэпиялық нормасы да бар. Әдеби тілдің коммуникативті, экспрессивті-эстетикалық қызметтері болады деп анықтама берілген [Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік: - Алматы: Сөздік - Словарь, 1998. - 304 б;30].
Ал Әлеуметтік лингвистикалық сөздікте: Әдеби тіл ағылшынша Standard (literary) language - Қалыптанған тіл; Стандарт тіл ұғымымен бірдей; әлеуметтік салалардың басым көпшілігіндегі (Мәдениетте, ғылымда, дипломатиялық қарым-қатынаста, заң ісінде, іскери қарым-қатынаста, білім саласында, күнделікті тұрмыста және т.б.) коммуникация үшін жарамды тіл. Көркем әдебиет тілінен (бұнда қарапайым, диалект сөздер, жаргон сияқты тіл өмір cүру нысандарының нормаланбаған кез келген элементтері қолданыла алатындығы белгілі) айырмашылығы - әдеби тіл қатаң нормаланған, көпфункционалды, әлеуметтік тұрғыдан беделді. Мәдениеттің иегері, әрі аса маңызды бөлігі ретінде адамдар әдеби тілді меңгеруге ұмтылады [Әлеуметтік лингвистика терминдерінің сөздігі Э.Д. Сүлейменова және т.б.; жауапты ред. А.М. Алдашева = Словарь социолингвистических терминов. -Астана: Арман-ПВ, 2008.- 391 б.; 32].
Ғалым Б.Әбілқасымовтың айтуынша, орыс тіл білімінде әдеби тіл дегеніміз не? дегенге жауап беретіндей қалыптасқан анықтама бар. Ғалым лингвистикалық терминдер сөздігінің авторы, белгілі тіл маманы А.С.Ахманованың Әдеби тіл дегеніміз - белгілі бір қалыпқа түскен, диалектілер мен қарапайым сөйлеу тіліне қарағанда жалпыға бірдей міндетті және дұрыс деп қабылданған нормасы бар тіл деген анықтаманы дұрыс деп табады [Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары. - Алматы: Ғылым, 1981. -183 б.;157 ].
Б.Әбілқасымов әдеби тіл атаулыға тән ортақ белгілер ретінде мыналарды атап көрсетеді:
1) халықтың сөйлеу тіліне қарағанда оның өңделген, сөз шеберлерінің қолдануынан өткен түрі;
2) қоғам мүшелеріне ортақ әрі міндетті нормасы бар тіл;
3) сол халықтың ұзақ тарихи бойына сақтаған тұрақты, жүйелі дәстүрі бар тіл;
4) диалектілер мен әртүрлі жаргондық тілдерден жоғары тұрған тіл [13,45 б.].
Жоғарыда аталған сөздіктер мен энциклопедиядағы анықтамаларға сүйене отырып, жалпыхалықтық тіл жалпы ұғым екенін, ал әдеби тіл сол жалпыхалықтық тілдің жоғарғы формасы деп есептеуге болады.
Қазақ әдеби тілін зерттеген кейбір ғалымдар өзінің жазба әдебиетінің бастауын сонау V ғасырдан алатын тарихы терең тілді Абай, Ыбырайлардан басталады деп көрсетуге тырысты [Аманжолов С. Қазақтың әдеби тілі. - Алматы, 1949.;9-10], [Аманжолов С. Вопросы истории и диалектологии казахского языка. - Алматы, 1959.;186].
Тіпті сол кезеңдердегі саясатың салдарынан қазақ тілінің әдеби тілге айналуын Қазан төңкерісімен байланыстырған пікірлер де болды [Қордабаев Т. Әдеби тілімізді қай кезеңнен бастаймыз? -Қазақстан мұғалімі, 1978, 1 декабрь]. Бұл ғалымдар хатқа түскен дүниелерді ғана әдеби тіл деп танып, жазусыз әдеби тілдің болуы мүмкін емес деп санады. Оған негіз орыс ғалымдарының әдеби тілге берген анықтамалары болды. Р.Сыздықтың қазақ әдеби тіл тарихына арнап жазған оқулығында В.В.Виноградов, Р.А.Будагов, В.Л.Левин, А.И.Горшкова, Ф.П.Филин, А.С.Чикобава сынды орыс ғалымдарының әдеби тілге берілген анықтамасы көрсетілген [Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы (XV-XIX ғасырлар). - Алматы: Арыс, 2004. - 288б.;8]. Аталмыш ғалымдардың пікірі бір тілді әдеби тіл деп тану үшін жазудың болуы шарт деген танымның төңірегінде тоғысады. Орыс әдеби тілін негізге алып жасалған анықтаманың қазақ әдеби тіліне дәлме-дәл сәйкес келуі шарт емес. Ұлт болып ұйысқанға дейінгі әдеби тіл мен ұлттық дәуірдегі әдеби тілдің құрылымы мен қоғамдық қызметі арасындағы сапалық айырмашылық ескерілмей, ғалымдардың көп жағдайда қазіргі орыс әдеби тіліне лайықты жазылған анықтаманы қайталаумен шектеліп отырғанын байқаймыз.
Қазақ халқы - ежелден көшпенді халық. Күн көрісінің негізі төрт түліктің қамымен қыс қыстау, жаз жайлауға көшіп жүрген халықтың отаршылдыққа көндігуі қиын болды. Қала салынып, отырықшылдық толық қалыптаспағандықтан, баспахана ашып кітап бастыру мүмкін болмады. Сондықтан да жазба әдебиет қоғам дамуының басты факторы бола алмады. ХХ ғасырдың басына дейін қазақ кітаптары Қазан, Орынбор, Уфа, Ташкент сияқты қалаларда жарық көрді. Әрі сол кезде шыққан кітаптардың көпшілігі басқа түркі тілдеріне түсінікті болуы көзделіп, түркі әдеби тілінде жарық көрді де, ондағы жазба әдеби тілге тән кейбір бірліктерді тұтас халық қолдана қоймады. Қазақ арасында жазудың қызметін ұрпақтан-ұрпаққа жаттап алып жеткізу әдісі атқарып отырды. Соның нәтижесінде халқымызда ауыз әдебиеті жақсы дамыды. Халықтың ұлттық болмысын жетпіс жылға созылған отаршылдық саясатының салқынынан сақтап қалуға да себеп болған осы ауыз әдебиетіміздің халық аузындағы үлгілері еді. Шалкиіз, Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай, Шернияз, Махамбет сынды ақын-жыраулардың шығармалары баспа бетінде жарық көрмесе де, жазба әдебиетіне тән көркемдігімен әдебиет тарихынан өз орындарын алды.
Ғалым А.Ысқақов ... төл әдеби тілдің жазбаша нұсқаларынан ауызша нұсқаларының әрі ертерек шыққаны, әрі қалың бұқараға әлдеқайда кең жайылғандығы және ықпалы мен әсері де анағұрлым басым болғаны күмән келтірмеске тиіс дей келе төл әдеби тілді ауызша және жазбаша болған деп бөледі [Ысқақов А. Ы.Алтынсарин және қазақтың ұлттық әдеби тілі Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары. - Алматы: Ғылым, 1981. - 198 б.;33].
Б.Әбілқасымов та қазақ халқының ауызша әдеби тілінің бейнелігі мен көркемдігі жағынан дүниежүзінің ешбір жазба әдеби тілінен кем түспейтінін жазды [Әбілқасымов Б. Қазақтың жазба әдеби тілінің тарихына қатысты кейбір мәселелер жайында Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары. - Алматы: Ғылым,1981. -198 б.;124].
Қазақ әдеби тілінің ерекшеліктерін және оның нормаларын сипаттауға арнаған еңбегінде М.Балақаев А.Ысқақов пен Б.Әбілқасымовтың пікірін сынай отырып, ойын былай түйіндейді: ... әдеби тілдің даму тірегі - жазу. Жазу арқылы кестеленбеген тіл - әдеби тіл емес, жазусыз да әдеби тіл жасала береді деген сөз - тілдің әдеби, әдеби еместігінің айырма жігі болмайды деген сөз. Жазусыз әдеби тіл - шалажансар тіл [Балақаев М.Б. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. - Алматы:Ғылым, 1984. - 184 б.;44].
Ғ.Мұсабаев Становление и развитие казахского литературного языка и вопросы диалектологии атты еңбегінде әдеби тілді белгілі бір халықтың біртұтас ортақ тілінің ең жоғарғы формасы ретінде қарайды да, оған ұлттық тіл мен жазба тіл деген ұғымдарды қосады және бұл ұғымдардың тепе-тең болмайтынын да ескертеді. Белгілі бір халық ұлтқа айналғанда ғана әдеби тілі ұлттық сипат алады, бірақ оған дейін де әдеби тіл болуы мүмкін деп ескертеді. Әдеби тілдің дамуы жазудың тууымен тығыз байланысты болса да, жазба нұсқалардың бәрі де әдеби болмауы мүмкін, сондықтан әдеби тіл ұғымын жазба тілмен ғана байланыстыруға болмайды деп тұжырымдайды [Мусабаев Г. Становление и развитие казахского литературного языка и вопросы диалектологии. - Алма-Ата, 1952. - 63 стр.]
Бірақ автордың кейінірек жазған еңбектерінен пікір қайшылығын аңғаруға болады. І.Кеңесбаевпен жазған оқулығында: Әдеби тіл ең әуелі жазуға сүйенеді. Жазу стилінсіз әдеби тіл болмақ емес - деген ойды байқауға болады [Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. - Алматы, 1975. -302 б.;160].
Алайда ол кезеңдегі жазылған еңбектердің барлығы әдеби тілді тек жазумен байланыстырды дей алмаймыз. М.О.Әуезов: Қазақтың әдеби тілінің негізін салушы Абай, Ыбырай деуші жолдастардың тағы бір терістік жағын айта кету шарт - дей келе, - ...Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы ұзынды-қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы шебер көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Оларда, немесе ХVІІІ ғасырда көпке жайылған жырлар тудырған Бұқарда, ХІХ ғасыр басында асыл, әсем, бай тәсілмен халықтық асқақ жырлар тудырған Махамбетте қазақтың әдебиеттік тілінің үлгілері жоқ деуге бола ма? - деп, ескі әдеби мұралардың тілінің де әдеби тіл екендігін еске салады [Әуезов М.О. Қазақ әдеби тілінің мәселелері. - Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің ғылыми еңбектері, 13-том. Тіл және әдебиет сериясы. - Алматы, 1950.; 95].
Ғалым І.Кеңесбаев та М.Әуезовтің пікірін қуаттап: Абайға дейін де қазақ әдебиетінің ұрығы себілген болатын -деп жазды [Кенесбаев С. Абай - основоположни казахского литературного языка Советскиий Казахстан. -1955. -№9. -С.125].
Академик ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шет тілін оқытуда дағдысын қалыптастыру
Жоғары оқу орнында студенттер тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздері
Қазақ тілі сабақтарында бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту
Сөз мәдениетін жаңа технологияларды тоғыстыра оқыту жолдары
Әдеби мәтінді талдаудың бағыттары
ҚАЗАҚ ЛИНГВОЭКОЛОГИЯСЫНЫҢ ДАМУЫ
МОРФОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІН ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛІН ДАМЫТУ ӘДІСТЕРІ
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ПРИНЦИПТЕРІ
Жалпы білім беретін орта мектептерде қазақ тілінен сөз мәдениетін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері
Көркем шығарманы талдау мәселесінің зерттелуі
Пәндер